2)ПРОБЛЕМАЛЫҚ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ Проблемалық оқыту - мәні проблемалық ситуация туғызу мен оқушылардың оқу проблемасын дербес шешулері бойынша іс-әрекеттерін басқару болып табылатын оқыту түрі. Проблема деп шешілуі оқушылардан білім алу үшін белгілі әрекеттерді талап егетін есептердің, тапсырмаларын, теориялық немесе тәжірибелік мәселелердің әртүрлілігін түсінуге болады.
Проблемалық оқытудың ерекшелігі - мұнда мұғалім білімді дайын түрде баяндап бермейді, оқушылардың алдына проблемалық міндет қояды. Шешімді және шешу құралдарын оқушы өзі іздестіруі тиіс.
Проблемалық оқыту бірнеше сатыдан тұрады: проблемалық жағдайды аңғару, жағдайды талдау негізінде проблеманы тұжырымдау, болжаулар ұсынуды, оларды алмастыру және тексеруді қамтып проблеманы шешу, шешімді тексеру. Бұл процесс ойлау актісінің үш фазасымен ұқсастық бойынша өрістейді (С.Л. Рубинштейн бойынша), ол проблемалық жағдайда пайда болып, проблеманы аңғаруды, оны шешуді және соңғы ой тұжырымын қамтиды.
Проблемалық оқыту оқушылар үшін қиыншылық деңгейі бойынша әртүрлі болуы мүмкін, ол оның проблеманы шешу үшін қандай және қанша іс-әрекеттер жүзеге асырылатынына байланысты. В.А. Крутецкий оқушы мен мұғалімнің іс-әрекеттерін бөлу негізінде дәстүрлі оқытумен салыстыра отырып, оқытудың проблемалығы деңгейінің сызбасын ұсынды. Проблемалап оқыту әдісін жүргізу дидактиканың заңдылықтарына байланысты мынадай кезеңдерге бөлінеді:
1.Проблемалық ахуалдар туғызу жолын алдын ала дайындау.
2.Проблемалық сұрақтарды грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс құру.
3.Проблемалық мәселелерді шешу амалдарын күні бұрын дәл белгілеу.
4.Проблемалық сұрақтардың теориялық анықтамасын заңды түрде дәлелдеу.
Дәстүрлі оқыту әдісі бойынша мұғалім сабақ тақырыбын хабарлайды, мазмұнын түсіндіреді, есептер шығартады, талдау жүргізеді, қорытынды жасайды. Ал, оқушылар мұғалімнің әңгімесін тыңдайды, тапсырмаларды орындайды, керекті әдеьиеттермен танысады. Мұнда игеруге тиісті оқу мазмұны күні бұрын дайындалған күнінде оқушылардың қабылдауын талап етеді. Мұндай оқыту жүйесі репродуктивтік немесе дайын білім беру әдісі деп аталады.
Проблемалап оқыту әдісінің екі түрлі айырмашылығы бар. Біріншісі, оқыту мақсатына байланысты, мұнда оқу материалының мазмұны зерттеледі, ол белгілі бір дәрежеде қорытылады. Нәтижесі практикада сыналып, оқу программаларына, оқулықтарға және қосымша оқу құралдарына жазылады. Екіншісі, педагогикалық процесті ұйымдастыру принципі тұрғысынан қарастырылады. Бұл кезде әдебиеттерде дайындалып көрсетілген білім мазмұнының көшірмесін қайталап өз қалпында түсіну талап етілмейді.
Проблемалық оқытудың күшті жақтары:
• Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырады;
• Оқу еңбегіне қызығушылығын арттырады;
• Оларды өздігінен саналы жұмыс істеуге үйретеді;
• Берік білімге, оқытудың жоғары нәтижесіне жеткізеді.
Проблемалық оқытудың кемшіліктері:
• Оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқаруға әлсіз ықпал ету;
• Мақсатқа жету үшін көп уақыт жұмсау.