Илеудің екі ванналы әдістің мәні жарғақты алты валентті хром тұздарының судағы ерітіндісімен өңдеу, содан кейін илегіш қасиетке ие үш валентті хромның негізгі тұздарын пайдаланып жарғақ қалыңдығы бойынша қалпына келтіруге негізделген.
Бұрынғы кездері илеудің екі ванналы әдісі бір ванналы әдіске қарағанда кеңінен қолданылған, алайда ол күрделі болғандықтан қазіргі уақытта шектеулі түрде қолданылады, негізінен шевро (ешкі терісінің былғарысы) өңдеуде қолданылады.
Екі ванналы илеуді жүргізу келесідей өткізіледі. Алдымен пикелденген жарғақ хромпик ерітіндісімен барабанда өңделеді (бірінші ванна). Хром қышқылы әбден сіңген жарғақ алынады. Оны барабаннан түсіреді де аз уақыт жатқызғаннан кейін қайтадан барабанға тиейді және гипосульфит Na2S2O3 ·5H2O және күкірт қышқылы Н2SO4 ерітіндісімен өңдейді (екінші ванна). екінші ваннада алты валентті хром тікелей былғары талшығында үш валентті хромға айналады. Гипосульфиттің ыдырауының нәтижесінде жарғақ талшығында коллоидті күйде күкірт бөлінеді және дайын былғарыға толықтық, нәзіктік және созылмалылық береді. Былғары талшығында тұнып қалған негізгі хром тұздары екінші ваннада пикелдеу үрдісінде қышқылдарды мөлшерлеу кезінде анықталады.
Екі ванналы илеу техникасы. Қазіргі кезде қолданылатын ешкі терісі былғарысын (шевро) екі ванналы әдіспен илеу сипаттамасы төменде келтірілген.
Пикелдеу. Жуылған жарғақты барабанға салады және айналу барысында оған жарғақ салмағына 0,4 % тұз қышқылы (30 % -қ ерітінді), 8 % ас тұзы және 40 % су құяды. Барабан 15 минут айналғаннан кейін жарты ось арқылы жарғақ салмағына 0,5 % күкірт қышқылы және 18÷20°С температурадағы 80 % су құяды. Осыдан кейін барабан 45 минут айналып тұрады.
Илеу - бірінші ванна. Барабанды тоқтатпай, айналып тұрғанда 30 минут сайын екі рет екі ерітінді қоспасын (бірінші ерітінді - 20 % суда 2 % хромпик, екінші ерітінді - 20 % суда 3,2 % алюминий ашудасы) құяды. Судың температурасы 25°С. Барабанды 2,5÷3 сағат айналдырады. Осындай өңдеуден кейін жарғақ қою қызғылт сары түске боялуы керек.
Илеу - екінші ванна. Барабан айналып тұрғанда жарты ось арқылы 40 % суда (температурасы 18÷20°С )ерітілген 10 % гипосульфит қосамыз да барабанды 1 сағаттай айналдырады. Содан кейін барабанға 20 мин аралықта 3 қайтара 2 % күкірт қышқылы ерітіндісін қосамыз және барабанды тағы 3 сағат айналдырады, бірінші салынған үлестен бастап санайды.
Жалпы илеу ұзақтығы - 7÷8 сағат.
3. Хромдап илеу үрдісіне кейбір факторлардың әсер етуі
Хромдап илеу үрдісіне әсер ететін факторлар:
1. Хромдық тұздар концентрациясының әсер етуі;
2. Негіздік дәрежесінің әсері;
3. Бейтарап тұздардың әсері.
Хромдық тұздар концентрациясының әсер етуі. Илеу шырынында хромдық тұздардың концентрациясын азайтқанда (хромдық шырын қосу арқылы) илеудің қарқындылығы төмендейді.
Хром шырынын сумен араластырғанда негізгі хром тұздары гидролизденеді (ыдырайды) де бос күкірт қышқылы бөлініп шығады, соның әсерінен хром тұздарының негіздік дәрежесі жоғарылайды және шырынның илегіш тұтқырлық қасиеті көбейеді. Хром тұздарының негіздік дәрежесінің жоғарылуы талдау арқылы көрінбейді, себебі ол жалпы қышқылдылықты көрсетеді.
Негіздік дәрежесінің әсері. Негізді жоғарылату хром тұздарының жарғаққа енуін баяулатады, сондықтан да олар баяу боялады. Бір мезгілде жарғаққа сіңірілген хром мөлшері көбейеді, олар коллаген талшықтарымен жақсы байланысады, ол былғарының ыстық судың әсеріне тұрақтылығын жоғарылатады. Алайда негіздігі жоғары хром шырынымен жарғақты илеу былғарының бетінде жиналатын хромның көп мөлшерінің әсерінен быллғары беті тартылып, қатты иленіп былғары тесіктері бітеліп қатайып қалу қаупін тудырады (беріктігін төмендетеді), сонымен қатар былғарының жеке бөліктерінде бояуды қиындататын "сода дақтары" пайда болады.
Негізді төмендеткенде, хром тұздары жарғаққа тез енгенімен, боялуын тездеткенімен, коллагенмен хромның аз мөлшері ғана байланысады. Сондықтан хромдық илеуді бірінші кезеңде төмен негізгі шырында жүргізеді, яғни мұнда жарғақ тез боялады, ал содан кейін негізділігі жоғары шырында толық иленген хром былғарысын алу үшін жүргізеді.
Бейтарап тұздардың әсері.Бейтарап тұздар, мысалы, ас содасы, жарғақтың қышқылды ісініп кетпеуі үшін қосылады. Хром шырынында ас тұзының болуы жарғақтың қышқылды жұтуын аздап жоғарылатады және хромды сіңіруін керісінше аздап төмендетеді. Беті нәзік жұмсақ иілгіш ашық түсті былғары алынады.
Хромдық илеу былғарыны бейтараптаумен аяқталады. бұл операцияны хромдық илеуден бөліп қарастыруға болмайды, яғни бірге жүргізу қажет деп есептеу керек, себебі оның мақсаты - былғарыдан бейтарап тұздар мен бос артық қышқылдарды жою болып табылады. Олардың былғарыда болуы былғарыны өңдеудің келесі операцияларын жүргізуге кедергі жасайды (бояу, майлау, әрлеу). Бейтараптау және одан кейін жуу, сүргілеу операциялары орындалады.
13 дәріс. Өсімдіктермен илеу. Аралас илеу. Маймен илеу.
Жарғақты өсімдікті илегіш заттардың судағы ерітіндісімен өңдеу операциясы өсімдіктермен илеу деп аталады.
Өсімдік илегіш заттар өсімдіктердің әртүрлі бөліктерінен – қабық, тамыр, жапырақ, ұрық, ағашынан алынады, таннидтер деп аталады. Илегіш заттары – таннидтері бар өсімдіктің бөліктері өсімдік илегіш материалдар немесе илегіштер деп аталады. Өсімдік илегіш материалдардан алынатын қою сулы сығынды илегіш экстракт деп аталады.
Өсімдік илегіш материалдардың құрамы. Илеу әрқашан илегіш заттардың-таннидтердің судағы ерітіндісінде жүргізіледі, сондықтан таннидтер суда еруі керек. Өсімдік илегіш материалдарды сумен өңдеу кезінде олардан таннидтер (Т) шығарылады (экстрактіленеді).
Өсімдік илегіш материалдардан таннидтермен бірге басқа да суда ерігіш заттар бөлінеді, алайда олар илеуге қабілетсіз (яғни жарғақты балғарыға айналдыра алмайды), таннид еместер деп аталады. Таннид еместер қант, ақуыз, минералды тұздар және басқа да заттардан тұрады. Құрамында қант болғандықтан илегіш материалдан алынған шырынның ашыту қабілеті болады.
Таннид еместерге сонымен бірге бояғыш заттар – ерімейтін немесе ауыр еритін флобафендер жатады. Флобафендер илеудің нәтижесінде былғары ие болатын түске үлкен әсер етеді.
Жоғарыда көрсетілген илегіш материалдардың құрамдық бөлшектерінен басқа құрамында су болады. Илегіш материалдардың қалыпты ылғалдылығы шамамен 11-18 %. Есептеуде 13 % ылғалдылық қалыпты деп есептеледі.
Сонымен, өсімдік илегіш материалдардың құрамдық бөлшектері: таннидтер (Т), таннид еместер (ТЕ), суда ерімейтін заттар және су. Осы көрсетілген заттардың мөлшері құрғақ илегіш материалдардың құрамында әртүрлі болады.
Таннидтер. Таннидтердің үлкен тобына әртүрлі өсімдіктер құрамына енетін және барлығына ортақ қасиет, оның ішінде негізгісі мал терісін илеу қасиеті , оны былғарыға айналдыру қасиеті бар илегіш заттар кіреді. Таннидтер уылдыратын дәмге ие, суда, метил және этил спирттерінде, глицеринде, сірке-этилді эфирде ериді. Петролейнді эфирде, бензинде, күкіртті эфирде, күкіртті көміртегіде, бензолда және хлороформда ерімейді.
Таннидтердің судағы ерітіндісі желатиннің немесе желімнің судағы ерітіндісімен, кальций, мырыш, қалайы, магний тұздарымен тұнба түзеді. Темір тұздарымен таннид көк-қара немесе жасыл-қара бояу (немесе тұнба) береді. Кейбір тұздарды (электролиттерді) судағы ерітіндіге қосқан кезде, таннид бөлінеді, ол өзінің қасиетін жоғалтпайды. Таннидтер - көптеген себептердің әсерінен бұзылатын тұрақсыз заттар. Мысалы, таннидтер судағы ерітіндіде жоғары температураның әсерінен және қышқылдар әсерінен (ерімейтін тұнба түзе отырып) бұзылады. Сонымен қатар олар ерекше фермент - танназу бөлінетін көгерудің (зең) әсерінен бұзылады.
Қышқыл қосқанда таннид ерітіндісінің түсі ашық бола бастайды, сілті қосқанда қоюланады.
Қыздырған кезде таннидтер балқымайды, көмірленеді. Ауа қатысынсыз 180÷200°С дейін қыздырғанда таннидтер пирогаллол немесе пирокатехин түзе отырып ыдырайды.
Таннидтерді осы белгілері арқылы айырады: пирогаллол құрамды, пирокатехин құрамды, аралас. Таннидтердің осындай топтарған бөлінуі тәжірибе жүзінде кең қолданылады.
Қарапайым талдау таннидтердің көмірсутек, сутек және оттектен тұратынын көрсетеді. Химиялық қатынаста таннидтер конденсацияланған көп атомды фенолдар, негізінен пирогаллол, пирокатехин, резорцин және басқалар, олар өзара әртүрлі байланысады. Таннидтер әлсіз қышқылдар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |