3.Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғауға ұсыну тәртібі Дипломдық жұмыс міндетті түрде плагиат бағдарламасынан тексеруден өтуі керек. Дипломдық жұмыс плагиат тексеруінен өтпеген жағдайда, білім алушы дипломдық жұмысты қорғауға жіберілмейді. Дипломдық жұмыс (жоба) кафедраға алдын ала қорғау рәсімінен өту үшін ұсынылады. Дипломдық жұмысты (жобаны) алдын ала қорғау рәсімі студенттердің қатысуымен және міндетті түрде ғылыми жетекшінің қатысуымен және қажет болған жағдайда ғылыми кеңесшілердің қатысуымен кафедраның ашық отырысында өткізіледі. Алдын ала қорғау кафедра отырысының хаттамасымен рәсімделеді. Алдын ала қорғаудан сәтті өткен және белгіленген талаптарға сәйкес рәсімделген дипломдық жұмысқа (жобаға) студент, ғылыми кеңесшілер қол қояды және ғылыми жетекшіге ұсынылады. Ғылыми жетекші дипломдық жұмысқа (жобаға) жазбаша пікір жазады.
Диплом жұмысын (жобасын) мақұлдаған жағдайда жетекші оған қол қояды және қорғауға жіберу туралы өзінің жазбаша пікірімен бірге кафедра меңгерушісіне ұсынады. Дипломдық жұмысты (жобаны) мақұлдамаған жағдайда ғылыми жетекші оған қол қоймайды, бірақ жазбаша пікір жазады, онда дипломдық жұмысты (жобаны) қорғауға жібермеу туралы өз шешімін негіздейді. Осы материалдар негізінде кафедра меңгерушісі дипломдық жұмыс (жоба) бойынша түпкілікті шешім қабылдайды және оның титулдық парағына тиісті жазба жасайды. Егер кафедра меңгерушісі студентті дипломдық жұмысты (жобаны) қорғауға жіберу мүмкін емес деп санаса, бұл мәселе кафедра отырысында осы студенттің және оның ғылыми жетекшісінің міндетті қатысуымен қаралады. Кафедра отырысының хаттамасы университет ректорына бекітуге ұсынылады. Бітіртуші кафедра қорғауға ұсынған дипломдық жұмысты (жобаны) институт директоры пікір берушіге жібереді.
Рецензенттер тізімі өндіріс және ғылыми ұйымдар мамандарының ішінен бітіртуші кафедра меңгерушісінің ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен бекітіледі. Рецензенттер ретінде басқа жоғары оқу орындарының профессорлары, доценттері және оқытушылары да тартылуы мүмкін. Рецензенттердің қорғалатын дипломдық жұмыстың (жобаның) бейініне сәйкес келетін базалық жоғары білімі, ғылыми (академиялық) дәрежесі немесе ғылыми атағы болуы тиіс.
Рецензент дипломдық жұмысқа (жобаға) жазбаша рецензия береді, онда зерттелетін тақырыптың өзектілігі, жаңалығы мен практикалық маңыздылығы, зерттеу тақырыбының маманның дайындық бейініне, берілетін академиялық дәрежесі мен біліктілігіне сәйкестігі, жүргізілген зерттеудің дербестігі, тұжырымдар мен ұсынымдардың болуы, мәселенің шешілу дәрежесі мен зерттеудің аяқталуы көрсетілуі тиіс.
Рецензияда баллдық-рейтингтік әріптік жүйе бойынша бағасы және тиісті дәрежені беру және (немесе) біліктілікті беру мүмкіндігі көрсетілген дәлелді қорытынды беріледі. Ғылыми жетекшінің қорғауға жіберген, бірақ рецензент «F-қанағаттанарлықсыз» деген бағаға бағалаған дипломдық жұмыс (жоба) жалпы шарттармен қорғалады. Институт директоры бітіртуші кафедра меңгерушісінің және дипломдық жұмысты қорғайтын студентті қорғаудан бір күн бұрын рецензиямен таныстырады және дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау үшін аттестаттау комиссиясына пікірмен және рецензиямен жібереді. Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау студенттің қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жүргізіледі. Студент кафедраның ұсынысы бойынша диплом жұмысының (жобасының) қысқаша мазмұнын шетел тілдерінің бірінде ұсына алады, ол қорғауда жарияланып, осы тілдегі сұрақтармен сүйемелденуі мүмкін. Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау заманауи техникалық құралдар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жетістіктер негізінде, мультимедиялық презентациялар түрінде электрондық ресурстарды пайдалану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.