Атом электр станциялары (АЭС) Атом электр станцияларында (АЭС) кейбір ауыр элементтердің ядросын нейтрондық, сəуле түсіру арқылы жарып, ыдыратқанда туатын энергияны немесе термоядролық реакциялар энергиясын пайдаланады. Қазіргі АЭС-терде табиғи энергия көзі ретінде уран – 235-ті жəне элементтердің ядроларының бөліну кезіндегі энергиясы пайдаланылады.
Бұл энергия бастапқыда ядро бөлінгенде олардың сынықтарының кинетикалық энергиясы түрінде туады. Содан кейін кинетикалық энергияның басым көпшілігі жылуға айналады да, қалғаны жан-жаққа шашыраған электромагниттік жəне корпускалалық сəулелермен бірге жоғалады. Жылу энергиясы реактордың жылу алмастырғыш жүйелерінде алынып, жылу электр станцияларындағыдай механикалық энергияға жəне одан əрі электр энергиясына айналдырылады.
Осыған сəйкес атом электр станцияларын жылу электр станцияларының бір түрі деп те қарауға болады. Бұл аталған электр станцияларындағы (ЖЭС,АЭС) бу-қазан агрегаты, бу немесе газ турбинасы жəне электр генераторлары сияқты негізгі элементтері бірдей. Əрине, АЭС-тердегі ядролық отындардың жылу бөлгіштік қабілеті кəдімгі органикалық отындардан бірнеше есе артық. Реакторда бөлінетін жылу турбинаға бір контурлы, екі контурлы немесе үш контурлы сұлбамен берілуі мүмкін. ТМД-да қазірдің өзінде өте қуатты АЭС-ы жұмыс істейді. Мысалы: Запорож АЭС-ының қуаты – 4000 МВт, Курск АЭС-ының қуаты – 4000 МВт, Ленинград АЭС-ы – 4000 МВт, Балаков АЭС-ы – 3000 МВт, Калинин АЭС-ы – 2000 МВт. т.б.
Қазақстанда Ақтау қаласында едəуір қуаты бар АЭС тұрғызылған, ол электр энергиясын берумен қоса Каспий теңізінің ащы суын ішімдік суға айналдыруға арналған. Ол АЭС 2003 жылдан істемейді. 1986-1988 жылдары КСРО-дағы атом электр станцияларының қуаты 7,3 млн. кВт-қа өсті, ал электр энергиясын өндіру 1985 жылмен салыстырғанда шамамен 1,3 есе артты (АЭС-ның барлығында өндірілген электр энергиясы 215 млрд. кВт-сағат). Дегенмен, Чернобыль АЭС-да (1986 ж.) болған апат, барлық атом электр станцияларының дамуына жалпы көзқарасты өзгертті. Сол себептен бүкіл дүниежүзінде АЭС-ның дамуы туралы мəселелер орасан зор ұқыптылықпен қаралуда.