Дақылдардан жасалатын тағамдар Талқан – қуырылған бидайдан, арпадан жүгеріден ұнтақтап дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған. Бірі – қол диірменге тарту, екіншісі – келіге түю. Екі тәсілмен дайындағанда талқанның майдаланбай қалып қоятын түйіршіктері болады, оны «талқанның сағы» дейді. Талқанның сағын бөліп алу үшін жайпақ табаққа салып екшейді. Сонда сағы талқанның бетіне бөлініп шығады да, ұнтағы астында қалады. Бетіндегі сақты алып тастай отырып, талқанның ұнтағын бөліп алады. Талқан аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Оны майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды. Оны жентке қосады. Талқаннан әзірленетін тамақты «сарталқан» немесе «майталқан» деп атайды. Сарталқан дайындағанда талқанды қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырады. Талқанды құмшекер салып дастарқанға құрғақ күінде қоюға да болады. Оны кебегі көп тазартылмаған бидай ұнынан ( 2 не 3 сорт ұннан) әзірлеуге де болады. Ол үшін аздап май жағылған қазанға шақтап ұн салып ақырындап қуырыды. Қуырылып қызыл-күрең тартқан ыстық талқанға сары май және құмшекер қосады, сонда ол өте дәмді болады. Оны балалар да сүйсініп жейді. Талқаннан майға, кілегейге, сүтке араластырып жеуге болады. 1 кг талқанға - 200 г құм шекер, 200 г май қажет.
Бидай көже – бидайды шаң-тозаңнан тазартып, аздап су сеуіп, келіге салады да, түктеп кебегінен ажыратады. Кебегін желпіп кептіру үшін түктелген бидайды 10-15 минут кептіріп, астауға салып желпіп кебегінен тазартады. Содан кейін бидайды сулап, келіге салып түйеді. Осылай жаншылған бидайды суға немесе сүтке қосып жайлап қайнатады. Біраз қайнаған соң қазанның қақпағын жауып, 30-40 минут бұқтырып қояды. Содан кейін көженің піскен-піспегенін, тұзын татып қарап, тағы бір рет қайнатады. Піскен кожеге қатық-айран, сүт қосып ішуге болады. Ашытқан көжеге: 300 г жаншылған бидай, 1л су, 1 шай қасық тұз, 1 л айран, қатық керек. Тары көже – ақталған тарыны суға қайнатып дайындайды. Суығаннан кейін үстіне сүзбе, қатық, сүт құяды. 1 л су, 150 к тары, 100 г қатық, 1 шай қасық тұз. Жент (қоспа) – аса кәделі дастарқан дәмі. Ол қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын өте дәмді тағам. Жент былғау шеберлікті талап етеді. Ақталған тарыны келіге түйіп (диірменге немесе аз—аздап кофе тартқышқа салып) ұнтақтайды. Оған құмшекер, ұнтақталған ірімшік салып араластырады. Содан соң қазанға жылқының майын құйып ысытып, жаңағы араластырған тары мен ірімшікті салып, оттың болмашы табында араластырады. Жент майды бойына сіңірген соң ыдысқа салынып, салқын жерге қойылады. Әдетте жент ешкінің немесе қойдың қарнына салып сақталады. Ол ауа өткізбейді де, жент өзінің иісін, дәмін жоймай, ерімей жақсы сақталады. Жылқы майы болмағанда сары майға былғаса да болады (тоң майға араластыруға болмайды, ол қатып қалады да, жеуге жайсыз болады). Жент көбінесе соғым сойған кезде әзірленеді. 5 стақан тары жармасы, 4 стақан кепкен ірімшік, 2 стақан құмшекер, 2 стақан май керек. Майға илеп пісіріп кептірген бауырсақтың ұнтақталғанын, не бидай талқанын және аздап мейіз қосуға болады.