Дәріс № 10. Тақырып: «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бастауыш білім берудің тұлғаға бағдарлап оқыту технологиялары Қарастырылатын мәселелер: 1. Оқыту технологиялары туралы түсінік
2. Жаңа ақпараттық технологиялар
3.Тұлғаға бағдарлап оқыту технологиялары және оларды бастауыш білім беруде қолдану жолдары
Дәрістің қысқаша мазмұны: Оқытуды технологияландыру туралы ойды осыдан 400 жыл бұрын Я.Каменский айтқан болатын (А.Кузбецкий).
«Оқыту технологиясы» (ОТ) терминін алғаш рет АҚШ-та қолдана бастады. Польшаның белгілі дидактары У.Куписевич пен Ф.Янушкевич оқыту технологиясы жалпы дидактиканың бір бөлігі ретінде оқытудың ең оңтайлы жолын анықтайтынын терең түсіну қажеттігін қолдады.
Оқыту технологиясы дидактиканың жетістіктерін педагогикалық практикаға кеңінен енгізіп, таратады.
Оқу үдерісінің негізгі элементтері:
а) оқытудың мақсаты, жоспары және бағдарламасы;
ә) оқытудың мазмұны, әдістері мен тәсілдері;
б) оқыту формалары мен құралдары;
в) оқушылардың оқу және зерделеу қызметі;
г) оқытушының педагогикалық және ғылыми қызметі.
Оқу үдерісінің осы басты бөліктері өзара тығыз байланыста болады.
Я.Каменскийдің модулі «Мақсат – құрал-оны қолдану ережелері – нәтиже» – бұл білім саласында кез келген технологияның ядросы болып табылады. Бірақ ол дәстүрлі сыныптық сабақтық жүйеде толық шешілмеген. Өйткені оқытудың көптеген жаңа әдістері және Я.Каменскийдің модулі екі бөлек дүние.
В.Т.Лихачев педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта бала мен мұғалімнің үнемі түрленіп отыратын өзара қарым-қатынасының өзегі, мазмұнды ұйымдастырушы құрылым дейді [6].
Ғылым жетістіктеріне негізделген технологиялар ғасырында білім беруді технологияландыруға көшудің қажеттілігімен келіспеу мүмкін емес, себебі әр баланың жеке тұлғалық тұрғысынан дамуы, білім беруді дифференциациялау және барлық білім беру жүйесін ізгілендіру мен демократияландыру сол арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан қазіргі заманғы педагогика ғылымындағы педагогикалық процесті технологияландыру білім беруші мен білім алушының жеке тұлғасын өздігінен дамыту және өзін- өзі жүзеге асыру мақсатын оқыту мен тәрбиелеудің субъектілік негізіне ауыстыратын тәсілді іздестірумен байланысты. Осыған орай мектептің ғана емес, қоғамның алдында да күрделі әлеуметтік- экономикалық жағдайда өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың қандай жаңа үлгілері бар, оларды салыстырып, дұрыс жол табуға үйрену мәселелері маңызды болып тұр. Бұл сұрақтарға шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер, әдіскерлер, психолгтар мен педагогтардың көпжылдық педагогикалық ізденістерінің нәтижесі ретінде туындаған педагогикалық технологиялыр жауап беруге талпынады. Педагогикалық технологиялар бір орталық төңірегінде айналады. Бұл орталық- бала, олар тұтас шығармашыл тұлғаны дамытуға, сонымен қатар ізгілік рухын ұғынған және оған құрмет сезімімен қарым-қатынас жасауға бағытталған.
Қазіргі уақытта көптеген зерттеушілер жаңа педагогикалық технологияларға терең қызығушылықпен қарап, білім берудегі технологиялық тәсілді дәстүрліден анағұрлым тиімдірек деп есептейді. Осыған байланысты «білім беру технологиясы», «педагогикалық технология» ғылыми айналымға еніп келе жатқан, салыстырмалы түрде жаңа ұғымдар болғандықтан, оған әр түрлі анықтамалар берілген. Бұл ұғымға Б.Т.Лихачев, В.П.Беспалько, С.Сполдинг, В.В.Сериков, В.М.Монахов, М.В.Кларин, И.Я.Лернер, П.И.Пидкасистый, В.В.Гузеев, Н.Д.Хмель, Г.Т.Хайруллин және басқа зерттеуші ғалымдар түсініктеме берген.
Бүгінгі таңда педагогикалық технология арқылы оқытудың жекелеген аспектілері саралап оқыту технологиясында, ынтымақтастық педагогикасы технологиясында, білім беруді ізгілендіру, ұжымдық оқыту, дамыта оқыту, модульмен оқыту, деңгейлеп оқыту технологияларына байланысты жан-жақты зерттелуде.
Білім берудің жаңа технологиялары қатарында мыналарды атап айтуға болады: дамыта оқыту технологиясы, модульдік оқыту технологиясы, деңгейлік оқыту технологиясы, оқытуды ізгілендіру технологиясы, жеке тұлғаға бағдарланған технология, жаңа ақпараттық технология, ШҚО технологиясы, т.б.
Оқытуды ізгілендіру технологиясы шәкірттердің рухани дамуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуын жүзеге асыруға бағытталады. Педагогикалық қарым-қатынасты ізгілендіру және демократияландыру негізіндегі педагогикалық технологияға ынтымақтастық педагогикасы, ізгілікті-тұлғалы оқыту технологиясы, адамгершілікті қалыптастыруға негізделген әдебиетті оқыту жүйесі (Е.Н.Ильин) жатады. Ізгілендірудің негізгі аспектісі – педагогикалық қолдау үрдісі. «Педагогикалық қолдау» ұғымының семантикалық және педагогикалық мағынасы – адамның дербес дамуына, дербестігіне көмектесу. Білім беру ісін басқару демократияланбаса оны ізгілендіру үрдісі толық шешілді деуге болмайды. Адам мүддесін қорғау, ол үшін жағымсыз, қолайсыз жағдайлардың пайда болу себептерін алдын ала байқау, бодырмау шараларын іске асыру ізгілендіру мақсаттарын орындауға, жүзеге асыруға жағдай туғызады. Сондықтан да білім беру ісін басқаруды ізгілендіру – маңызды істің бірі.
Жеке тұлғаға бағдарланған технологияда оқу-тәрбие үдерісінде балалардың жеке ерекшеліктерін ескеру, әр оқушының оқу тапсырмаларын орындауына қолайлы жағдай жасау көзделеді.