Дәріс № 8. «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бастауыш білім берудің қазіргі бағыттары Қарастырылатын мәселелер: 1. «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бастауыш білім берудің қазіргі бағыттары жайында түсінік
2. Бастауыш білім берудегі интеграция
3. Бастауыш білім берудегі метапәндік бағыт
4. Бастауыш білім беруде рухани және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру
Көпшілік жағдайда білім мазмұнын жетілдіре түсудің ұтымды жолы немесе негізгі ғылыми идеясы «интеграция» проблемасын шешумен ұштастырылады. Демек педагогикалық, методикалық және т.б. тұрғыда «интеграция» сөзі әр алуан тіркесте бірде термин ретінде ғана қолданса, басқа жағдайда ұғым деңгейіне дейін көтеріледі. Олай болса бұл сөздің мән-мағынасын аша түсіп, осы педагогикалық категория ретінде анықтау қажет болады. Осы мәселеге қатысты әдебиеттерге жасалған шолудың нәтижесі түрліше мақсатта және мағынада «интеграция», «интеграциялау», «интеграцияланған», «интегриалды», «интегралдау», «интегративті» сөздерінің жиі қолданылатынын көрсетеді. Шынында, ғылым мен практиканың түрлі-түрлі салаларында бұл терминнің кең көлемде қолданылуы заңды құбылыс.Ал оның педагогикалық мағынада жиірек қолданыла бастауы тек қана біздің елде емес, сонымен бірге дүние жүзі елдерінде халыққа білім беру мәселесінің беталысы мен даму бағытынан туындап отыр деуге толық негіз бар. өйткені «интеграция» проблемасына деген көзқарас күннен-күнге үдей түсуде.
Дегенмен осы термин анықтайтын ұғымның әр алуан мағына білдіретінін, сондай-ақ сәйкес ұғымның мән-мағынасын түсіндіріп беруде бірізділіктің болмай отырғандығын да ескермей болмайды. Оның әр түрлі өзіндік себептері бар.
Бірқатар ғалымдар ондай басты себептердің бірі ретінде терминді «қолданушының» оның лингвистикалық сипаттамаларын ғана басшылыққа алатынын айтады. Сонда онымен байланысатын ассоциациялармен ұштастырылмайды. Ал оларды бір-бірімен үйлестіру үшін терминнің тура лексикалық мәнінен гөрі оның категориялық мағынасына баса сүйену жөн. Мәселен, әлеуметтік ғылымдар сөздігінде (Краткий словарь по социологии. –М; Политиздат, 1988) «интеграция» терминін анықтау үшін біріктіру, құрастыру, реттеу, осы процестердің нәтижесі және белгілі бір жолмен жөнге келтіру сияқты бес ұғымды қамтитын екі категориялық қатар беріледі.Бұл жерде сөзді термин ретінде анықтауда белгілі бір тілдің сөз байлығы мен қорына арқа сүйеу басымырақ және ол тіл білімінің заңдылықтары негізінде жүзеге асырылғандығын аңғаруға болады. Алайда егер терминнің мағыналық жағына назар аударылмаса, онда термин жасалды деуге болмайды.
«Интеграция» идеялары айқын түрде болмаса да, 30 жылдардағы комплекстік деп аталған бағдарламаларда өте қарапайым деңгейде қолданылғаны байқалады. Олай дейтін себебіміз: табиғаттану, әлеуметтік және экономикалық мәселелермен байланысты оқу материалдары комплексті бағдарламаларда біріктіріле қарастырылған болатын. Алайда әр түрлі ғылымның салаларынан алынған білімнің мазмұнын анықтайтын мағлұматтарды біріктіретін ортақ негіздің болмауы материалдың үстірт шоғырландырылуына әкеліп, ең соңында жақсы нәтижеге жеткізе қоймайды.
50 – 70 жылдары пәнаралық байланыс проблемасы еселенген қарқынмен зерттелді. Бұл саладағы қомақты нәтижелер ленинградтық педагог-ғалымдардың үлесіне тиеді. Шынында да, олар бір ғана пәннің өзін мектептің түрліше сатыларында оқыту, сондай-ақ мектептің әр түрлі буындары оқушыларын оқыту және оларға тәлім-тәрбие мәселелерінде сабақтастықты жүзеге асырудың жолдарын жан-жақты қарастырумен ғана шектеліп қойған жоқ.Әрі зерттеудің барысында оқу-тәрбие процесінде аса күрделі мәселе – пәнаралық байланыс екендігі анықталды. Сондай-ақ бұл проблема оқу танымдық іс-әрекеттің және оқыту процесін ұйымдастыру мен құрудың дидактикалық принциптерінің бірінің деңгейіне дейін көтеріледі. Дегенмен осы бағыттағы және тағы басқа ғылыми зерттеулерде «интеграция» педагогикалық болмыстың өзіндік категориясы ретінде қарастырылмай, көпшілік жағдайларда пәнішілік және пәнаралық байланыстардың мейілінше толысқан қалпы түрінде түсіндіріледі. Демек 70 – 80 жылдарға дейін ғылыми термин деңгейінде «интеграция» сөзі өте сирек қолданылғаны байқалады.
«Ғылыми білім негіздерінің интеграциясы мен дифференциясының бірлігі – оқытудағы әр алуан пәнаралық байланыстардың көзі», – дейді В.Н.Максимова. Осындай көзқарастағы педагог ғалымдардың (Б.Г.Ананьев, И.Д.Зверов, Н.А.Лешкарева т.б.) зерттеу жұмыстарының нәтижелері педагогикалық тәжірибеге кеңінен енгізілді. Соның салдарынан пәнді оқытумен байланысты бағдарламалардың бәрінде дерлік пәнаралық байланыстарға қатысты бөлім міндеттілік деңгейге жетіп отыр. Әрине, мұның пайдасы мен зиянын ажырата білген жөн. Өйткені «пәнаралық байланыс» және «интеграция» ұғымдары жайында белгілі бір болжам және ол категориялардың маңызына берілген бағалар, бастапқыда бір-бірінен өзгеше болғанымен кейініректе бірте-бірте теңестірілуге бет алып бара жатқан сыңайы байқалады. Оған қоса мұғалімдердің және методикалық жұмыспен айналысатын адамдардың белсенділігінің арқасында «интеграцияланған» сабақтардың жиілене түсуі әр түрлі «интеграцияланған» курстардың жасалуына ден қою және т.с.с. іс-әрекеттер «интеграция» терминінің қарапайым түрде «біріктіру» деп ұғынылуынан туындап отыр. Яғни «интеграцияны» бұрыннан белгілі «пәнаралық байланыс» ұғымына келтіруге талпыну орын алуда. Бұл екеуін бір нәрсе деуге болмайды.
Д.Локк: «бір пән басқа пәннің элементері және фактыларымен толығу керек, ал жалпы білім қолданбалы біліммен бірігу керек»,– десе, И.Г.Песталоцци дамыта оқыту идеясын насихаттап, пәндер байланысының көп түрлілігін ашады. Ол мынадай талап тұрғысынан келеді: «Приведи в своем сознании все по существу взаимосвязанные между собой предметы в ту именно связь, в которой они действительно находится в природе».
«Интеграция» ұғымына берілген педагогикалық түсініктемелер:
интеграция, латынның integration –қалпына келтіру, қайта құру, толысу, толықтырылу сөзіне шыққан және білімнің бірнеше салаға тарамдалуымен, яғни білімнің дифференциалдануымен қатарлас жүретін білімінің өзара жақындасуымен байланысын білдіретін процесс ретінде түсіндіріледі. («Советский энциклопедический словарь»- М., 1984);
интеграциялау – бөліктерді бүтін шығатындай етіп біріктіру, яғни бөліктерді біртұтас болатындай етіп біріктіру (С.И.Ожегов Словарь русскоггязыка –М., 1984);
қандай да бір бөліктердің, элементтердің бүтінге біріктірілуі және бірдей типті қоғамдық құрысытағы екі немесе одан да көп мемлекеттерлдіңғ ұлттық шаруашылықтарының өзара бейімделу және біріктірілу процесі (Словарь иностранных слов. –М., 1986) [3].