Модуль 3. ОТБАСЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ- ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Тақырып: Отбасы тәрбиесінің психологиялық-педагогикалық негіздері
Сағат саны:2
Жоспар:
1.Қазіргі отбасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері және олардың отбасындағы моральді-психологиялық аһуалына әсері
2.Отбасы мүшелерінің арасындағы мәдени интеллектуалдық қатынастар
3.Отбасындағы адамгершілік бағытындағы қатынастар
Дәріс тезисі*
Жанұяның бос уақыттағы бірлескен іс-әрекетінің оқушы үшін маңызы өте зор. Жанұя мүшелерінің өзара әрекеттестігі ретінде, олардың түсіністіктері, сезім әсерлері негізіндегі бір біріне ықпал етуін атаймыз. Қарым-қатынас кезінде іс-әрекетпен, тәжірибемен, сезім әсерлері қатар жүреді. Ата-ана мен баланың ара қатынасы жанұя өмірінің айқын көрінісі, оның микроклиматын қалыптастырып, жанұяның дамуына мүмкіндік береді. Педагогикалық мәдениеті төмен жанұяларда бос уақыттың педагогикалық мәні болмайды, ол тек көңіл көтеру мақсатында ғана пайдаланылады. Педагогикалық процестің қызметіндегі іс-әрекеттің маңыздылығын, оның жеке тұлғаның өмірлік болашағын анықтаудағы мақсаттылық сипатын көрсете отырып, оның нәтижелілігі оқушының белсенділік дәрежесін көтереді.
Ата-ана арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы, балалардың арасындағы өзара қатынас педагогикалық процестің тәрбиелік механизмдері болып табылады. Олар жеке тұлғалық мән беріп, көзқарастардың дамуына, балалардың мінез-құлқына, олардың адамдарға деген қатынасына әсер етеді. Жанұядағы өзара қатынас сипаты әдет-ғұрыптармен, ата-ананың өзінің бұрынғы жанұясынан алған тәрбие-нұсқауларымен, темперамент ерекшеліктерімен, ерлі-зайыптылардың эмоционалдық деңгейімен, олардың адамгершілік және педагогикалық мәдениетімен анықталады. Осының бәрі ата-ананың балаға деген қатынасына орын алады.
. Қазіргі уақытта мектеп пен жанұя ынтымақтастық әрекетінің келесі бағыттары айқындалған: ата-аналармен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыс; ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын дамыту; ата-аналармен баланың оқу үлгерімі мен тәрбиесін жақсарту үшін жүйелі жеке дара жұмыстарын жүргізу.
Ата-аналармен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыс ата-аналар комитеті (жалпы мектептік, сыныптық), ата-аналар жиналысы және конференциялары сияқты формалар арқылы жүзеге асады. Ата-аналар комитеті – ең белсенді, ықыласты деген ата-аналардан тұратын қоғамдық орган, ол жалпы мектептік (жалпы мектептік ата-аналар комитеті) немесе сыныптық жиналыстарда (сыныптық ата-аналар комитеті) сайланады. Ол 5-6 адамнан (өзара негізгі міндеттерді бөліп алатын председательден және 4-5 мүшесінен) тұрады. Керек болған жағдайда ата-аналар комитетінің жанында кеңестер, комиссияның ынталы топтары құрылуы мүмкін.
Дұрыс және тұрақты қызмет ететін ата-аналар комитеті – сынып жетекшісінің оң қолы. Сыныптың барлық күнделікті жұмысы (ұйымдастырушылық, орындаушылық, бастамалық, тәрбиелік, бақылаушылық, үтіттеушілік) сынып жетекшісінің шебер әрі бағыттаушылық ықпалымен ата-аналар комитетінің көмегімен жүзеге асырылады. Ата-аналар комитетінің мүшелері сынып жетекшісіне мектеп пен оқушылардың жанұялары арасындағы байланысты орнатуға, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын (мерекелерді, кештерді, саяхаттарды, театрға саяхатты, т.б.) өткізуге көмектеседі. Олар педагогикалық жағынан кемшілігі бар балалардың ата-аналарымен арнайы жұмыс жүргізе алады.
Ата-аналар комитеті жұмысының жемісті болу шарттары -оның мүшелерінің ата-аналар ұжымының алдында есеп беруі, оның іс-әрекетіне дем беру (алғыстар, грамоталар, жұмыс тәжірибесін талдап қорыту және арнайы бюллетендер шығару арқылы), сынып жетекшісімен үздіксіз ынтымақтастық әрекет.
Мектептің жанұялармен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыстар жүйесінде мектеп кеңестерінің қызмет-әрекеті ерекше орын алады, олардың қызметтері сан түрлі болып келеді. Олар ата-аналардың мектеппен байланысын нығайтуға, олардың педагогикалық сауаттылығын ұйымдастыруға ықпал етіп, кейбір жанұяларға тәрбиеден көмек көрсетеді (көп балалы отбасыларға, жағдайы нашар жанұяларға).
Кей мектептерде құрамына жергілікті әкімшілік өкілдері, кәсіпорын, фирма, мәдени-ағартушылық ұйымдар, мәдени ұлттық орталықтар басшылары кіретін қамқорлық кеңестері қызмет етеді. Қамқорлық кеңестер мектепке жөндеу және жабдықтау жұмыстарында, компьютерлеуде, тілек-қалаулары бойынша клубтарды ұйымдастыруға, кәсіби бағыттарында, еңбекке орналасуда, мектеп бітірушілердің одан әрі білімін жалғастыруда демеушілік көмек көрсетеді.
Бекіту сұрақтары:
Жанұя мүшелерінің өзара әрекеттестігіне нелер жатады?
Ата-ана мен баланың ара-қатынасының ерекшелігі неде?
Жанұядағы педагогикалық процестің тәрбиелік механизмдерін атаңыз.
Жанұядағы өзара қатынас сипаты қааалай анықталады?
Мектеп пен жанұя ынтымақтастық әрекетінің бағыттары қандай?
Ата-аналармен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыс қалай жүргізіледі?
Мектеп кеңестерінің қызмет-әрекеті қандай?
Әдебиет: (силлабус соңындағы әдебиеттер)
Достарыңызбен бөлісу: |