Білім беруде тиімді тәсілдерді



Дата21.04.2017
өлшемі158,31 Kb.
#14229
Білім беруде тиімді тәсілдерді қолдану жолдары

Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол  созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай  Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», -деп Абай атамыз айтқандай,  озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім  күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.

Міне, біз бүгін танысып отырған «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады.

Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту-бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе»,жаңаша оқыту-«дамытуды өзімен бірге ала жүреді» —  деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай,  мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.«Сабақ – оқытушының  педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды.

Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы.Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты.

Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйретудің тәсілі мынау болып табылады:

1. Қызығушылығын ояту-жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.

Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер  арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.

Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер  арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян- қолтық қарым -қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге сыни тұрғыдан ойлауымыз керек. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі,  пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда  оқушылардың бір- бірімен ақылдасуы, оны  топтан біреуінің шығып  айтуы, ал  болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.

2. Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша  жұмыс жасайды,тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.3.  Ой толғаныс – сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды.         Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой – пікірін ашық, еркін айту, бір-бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ-білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады.Бұл модулдің тағы бір ерекшелігі оқушыларды топтап оқытуы болып тұр. Топтап оқытудың пайдасы туралы Ибн  Сина Әбу Әли Хусейін Ибн Абдолла (Авиценна 980-1037) былай деген болатын:«Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы —  балалар оқу тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».

Балаларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар.

1.  Оқушылар оқу және тәрбие үрдісінде ғылымға сусап тұрады.Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді.2. Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту журеді.

3. Ұжымдық оқытудың келесі қоғамдық пайдасы оқушылар өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарысады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір айтысады.Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.

Модульдің тағы бір сатысы «Талантты және дарынды балаларды оқыту».

Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім  шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.-Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.

— Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.

— Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру

Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту  үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек. Ал мен бұл балалармен жеке жұмыс  жоспары бойынша жұмыс істеген жөн деп таптым. Алға ұмтылған баланы артқа тартпай сабақ үстінде басқа тапсырмалар беріп бала білімін шыңдаған дұрыс. Қосымша ақпаратты жинауды осындай дарынды оқушыларға берсе, олардың да, өзгенің де жиғаны көп болмақ.

«Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді»-деп неміс педагогі А.Дистерверг айтып өткендей бүгінгі таң мұғалімдері жақсы мұғалім атану үшін түрлі әдістерді пайдалану арқылы бала білімін ұштауда. Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.



«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Ақпараттық технологиялардың білім берудегі пайдасы мыналар болып табылады.

— алыстағы ақпарат көздерін пайдалану,

— түрлі жүйелерге ену арқылы өз бетімен іздену,

— сұраныс бойынша ақпарат алу,

— интернет тарапында берілген тапсырмалар мен жаттығуларды орындау,

— ақпаратты кез-келген арақашықтықта тез арада жеткізу,

— өзі оқып отырған тілде электронды пошта арқылы хат алмасу,

— ақпараттың қажетті түпнұсқасына қосылу.

Интернет арқылы ғаламдық желінің ақпараттық ресурстарын қолдана отырып, оларды оқу үрдісіне енгізіп, сәйкес дидактикалық түсініктемелер беру арқылы дидактикалық мәселелердің келесі жолдарын тиімді шешуге болады.

— күрделілік дәрежесі жағынан түрлі материалдарды оқу дағдылары мен біліктерін қалыптастыру,

— интернеттен алынған материалды талдау негізінде ауызша сөз іскерліктерін жетілдіру,

— жазбаша серіктеріне хат жазу, жауап жазу, баяндама, реферат т.б. жазба жұмыстарын дайындау арқылы жазбаша тіл білігін арттыру,

— өзі оқып отырған тіл елінің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономикалық даму ерекшеліктерін қамтитын танымдық білімдерін кеңейту.

Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады.

Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір  сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.

Білім берудің мазмұнына енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы да ғылым негіздері бойынша білімді меңгертумен қатар оқытуды дараландыруға жағдай жасау арқылы оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен қызығуларына сай білім беруге бағытталып отыр. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек.Сол кезде сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.

Сонымен сөзімді қорытар  болсам сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:

1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.

2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.

3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.

4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.

5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.

Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу —  оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі.

Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім.

Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!








№19 орта мектебі

Баяндама тақырыбы:



« Білім беруде тиімді тәсілдерді

қолдану жолдары »


Н.Ж. Сейпилова

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі(ІІІ деңгей)

2015-2016 оқу жылы



Қазақ тілі сабағында қолданылатын әдіс-тәсілдер
Қазіргі кезде тілді оқытудың мыңдаған әдістері мен тәсілдері кездеседі.

Негізінен тілді үйретудің негізгі мақсаты-оқушылардың сөздік қорын байыту және сол сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру. Оқушылар сөзді неғұрлым көп білсе, соғұрлым жұмыстың басқа салалары да жедел жүреді. Демек, сөздік қорын көбейту, ауызша айтылған әңгімені түсіну (сөйлеген сөзді, өз ойын айта білу).

Бүгінгі таңда кез келген тақырып өтпес бұрын, мұғалімнің сыныптағы жұмысының негізгі түрі- ауызша сөйлеу болады. Бүкіл сабақ айналадағы нәрселерді көрсету арқылы сұрақ-жауап түрінде өтеді, бұған қоса суреттер, ойыншықтар, модельдер, сызба-кестелер көрсетіп, түрлі ойындар өткізіп, экскурсия (серуен жасап), сондағы көргендері бойынша әңгіме жүргізеді.Сөздік минимумда көрсетілген сөздер оқушыларға таныс тақырыптар бойынша өтеді. Ауызша сабақтарда жеке сөздерді сөйлемнен даралап, жеке өтуге болмайды. Ең көңіл бөлетін жайт: сөйлемдегі үйретілетін сөздерді балалардың дұрыс айтуына дағдыландыру. Бұл үшін сабақ қызғылықты, көрнекілігі мол, оқушыларды белсенді қатыстыра өтілуі тиіс.Сұрақ-жауап ауызша сөйлесудің тиімді әдісі болғанымен, жалаң сұрақ –жауап түрінде бүкіл сабақ бойында балаларды зеріктіруге болмайды, ол үшін әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады: затты мұғалім, содан соң оқушы көрсетіп, атын атау немесе суретін көрсету, сұрақ-жауап әдісі, қоршаған орта жайлы әңгіме, т.б. ауызша сөйлеудің екі жағы бар, өз ойын айту, өзгелерді түсіну.өз ойын айтудың екі жолы бар: монолог және диалог түрінде. Бала мектепке дейін тілді диалог түрінде үйренеді, ал монологтық сөзді мектепте. Алғашқы кезде диалогтық сөзді, содан соң монологқа көшу керек. Оқушының тіл дамыту үшін жүргізілетін әңгімелердің тақырыбын іріктеп алған жөн, балалардың қызығатын ойыны арқылы өткізетін әңгімелер болғаны дұрыс. Қазақ тілі сабағы сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгіме, түсінгенін айту, аударма түрінде өткізіледі. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, ақпараттық-коммуникациялық технология қолданылады.Төменгі сыныпта қазақ тілі пән ретінде ауызекі сабақтардан басталып, сауат ашумен жалғасады. Ауызекі сабақтарда жеке сөздердің дыбысталуымен таныстырылып, сол сөздерді дұрыс айтуға жаттықтырып, меңгерілгенін сөздік қор негізінде бірте-бірте оқу мен жазуға үйретіледі.

Оқушылар ауызекі сабақтарда сөз құрамындағы дыбыстармен, әсіресе, қазақ тіліне тән дыбыстармен естілу бойынша танысса, енді әр дыбысты таңбасы арқылы айыра білуге, дұрыс айтуға, сауатты жазуға дағдыланады. Осы дағды сабақтың алғашқы кезеңінен бірте-бірте кеңейтіліп, оқушылар біртіндеп, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді оқуға жаттығады. Мектепте балалар сабақ үстінде бір-бірімен сөйлеспейді. Балалар сөйлескен жағдайда, ол тәртіпті бүзған болып есептеледі, мұғалімнен ескерту алады. Ойын жағдайын балалар сабақ барысында бір-бірімен ақпарлармен алмасатындай, ақылдасатындай, бір-біріне дәлелдей алатындай, бір-бірін бағалайтындай етіп, ұйымдастыру керек. Ойыңдар қолданылған сабақтарда оқушылар белсенділік көрсетеді. Бұлай болу барлық ойынға тән нәрсе, оның топтық түрде өтуіне байланысты. Топтық түрде сабақтағы білім алу, традициялык білім беру «мұғалім — оқушы» өрнегін күрделендіреді. Яғни, өрнек былай күрделенеді: «мұғалім — топ — оқушы», бұдан келесі өрнек туындайды: «оқушы — оқушы». «Оқушы — оқушы» жүйесінде «топ-оқушы», «оқушы — топ» өрнектері өздігінен туындап жатады және оқушылар білмейтіндерін көрсетуге тырыспайды. Балалар бір-бірінің ойларымен пікірлерімен алмасады, дәлелдейді, қателеседі, өз ойларын ортаға салады, негіздейді, тексереді, қателерін түзейді т. с. с. Ойын барысындағы пікірлер алмасу нәтижесінде, оқу материалдарын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда, барлық балалар алға жылжиды, білімдері терең балалардың тежелмеуін, білімі төмен балалардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді.Қазақ тілі сабақтарында ойынды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесетіндей, бір-бірімен бірігетіндей жағдай жасау керек. Сонда сабақ тек білім беру қызметін ғана емес, тәрбиелеу қызметін де атқарады. Мұңдай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімінің болуы, менмендік және жалқаулықтан безу қасиеттері қалыптасады.Атақты француз ғалымы Луй де Брайль былай дейді: «ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі. Екі жағдайда да (ойын мен ғылыми жұмыс) ең бастысы койылған мақсаттың болуы, сонан соң қиындықтың болуы, оны жеңу, жаңалықты ашу қуаныш. Міне, сондықтан да, бар адамдарды, жасына карамастан, ойын өзіне тартып тұрады.»

Мұғалімнің ең басты мақсаты — сабақ мақсаты мен қолданылатын ойынның мақсатын ескере отырып, сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарда, оны орынды қолдана білу. Оқушылар мен мұғалімнің ойынға ынтасы болған жағдайда ғана, ойын жүруі мүмкін. Ешқандай ойынды формалды ойнауға болмайды. Әрбір дидактикалық ойынға, бір жағынан дидактикалық  жаттығуларды орындау тән, мысалы: затқа немесе құбылысқа жалпы сипат беру, олардың ерекшеліктерін табу сияқты жүмыстар, оқушыларды үқсастықты, айырмашылықты т.с.с. қүбылыстарды табуға, байқауға баулиды. Бұл мағынадағы ойындардың үйрету қасиеті бар. Ендігі бір жағынан, дидактикалық ойындарға тән нәрсе ойнау. Оқушының назары біріншіден соған ауады, ал ойын барысында ойынның білім беру мақсатының калай орындалатындығы байқалмай қалады. Сондықтан, сабақтарда өтілетін ойындар оқушыларға жәй сабақ ретінде емес, жәй алданыш ретінде де емес, қызықты жұмыс ретінде беріледі. Ойынды жүргізу үшін сынып командаларға бөлінеді. Команда қүрамын қалаулары бойынша жасауға болар еді, дегенмен топ құрамы аралас және топтардың күштері тең болуы керек.

Ойынды жүргізудегі мүғалімнің маңызды орынын атап өтейін. Педагогикалық бірлестік жүзеге асқан жағдайда жақсы нәтижеге жетуге болады. Ойынның идеясын, көбіне, мұғалім ойлап табады. Оқушылардың ойынды ойлап-құрауы өте пайдалы, өйткені қандайда да бір тақырыпқа ойын ойлап табу үшін, сол тақырыпты оқушы терең білуі керек. Сондықтан практикалык әдіске ойнау элементтері бойынша тіл үйрену кіреді.

Дидактикалық ойындар оқушылардың білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс құрастыруға , қажетті сөздерді дұрыс тауып қоюға, кішігірім әңгіме айтуға жаттығады. Балалар ойынның тәртібін білмейтін балаға үйретеді, түсіндіреді. Сонымен қатар бұрынғы ойнаған ойындарын естеріне түсіреді. Белгілі суретшілердің туындыларын, балаларға арналған суретті кітапшалар, мерекелерге дайындық, түрлі ойын – сауықтар өткізу де балалардың тілін дамытуға септігін тигізеді. Балалармен түрлі әдеби – музыкалық ойындар өткізу – олардың әдеби тілде сөйлеу машығын қалыптастыру үшін қажет. Оқушылар қазақша сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді оқығанда сөйлеу екпінін дикциясы , яғни сөзге, буынға, екпінді дұрыс түсіруге үйренеді. Рөлге бөліп ойнайтын ойын баланың ойын өз бетінше тұжырымдап айтуына көмектеседі. Мұғалім, әсіресе осы жұмысты орындаған оқушының еңбегін бағалау тиіс. Сонымен, ойын арқылы келесі маңызды міндеттер:  баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуі, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар мен әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеттерін меңгеруі; баланың шынайы адамгершілік коммуникацияға енуіне мүмкіндік беретін коммуникативті іс-әрекеттердің көрініс табуы жүзеге асырылады. Мұғалім ойын технологияларын пайдалана отырып, баланың әр қырынан көрінуіне (интеллектуалдылық, шығармашылық, эмоционалдылық, коммуникативтік) және оның мінез-құлқында, қарым-қатынасында, оқуында пайда болатын әртүрлі қиындықтарды жеңуге жағдай жасайды.Қазақ тілі  сабағында ойын элементтерін кіріктіре отырып, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру- мұғалімнің міндеті.Тіл дамыту жұмысында мақал-мәтелдер және сөз тіркестерін пайдаланып сөйлем құратудың да пайдасы зор. Мұғалім бұл жұмыс түрі арқылы оқушының ойын көрікті айта білуге, мақал-мәтелдердің тіліміздегі көркемдік ерекшелігін, оның тәрбиелік мәнін ұғуға деген дағдыны қалыптастырады.

Оқушы мақал-мәтелдерді кірістіріп сөйлем құрау арқылы олардың идеялық-көркемдік ерекшелігін танып біледі. Сондықтан оқушы мақал-мәтелді қолданып сөйлем құрау арқылы еңбекке, білім алуға, өнерге, жақсы әдеттерге үйір болуға, жаман мінездерден безуге, ұқыптылыққа байланысты нақыл сөздерді үйренуге жақын болады.

Жазбаша тілді үйретуде жаттығулардың атқаратын қызметі зор. Жаттығулар ғылымда екіге бөлінеді: тілдік және сөйлеу. Тілдік жаттығулардың міндеті – грамматиканы меңгерту. Бұл жаттығулардың оқушыларға берері тілдік тұлғаларды қолдандырып, оны сөйлеген кезде қолдана білуге үйрету. Сөйлеу жаттығулары тілдік материалды айтылған ойға байланысты дұрыс қолдана білу. Яғни, бұл – сұраққа дұрыс жауап бере білу, сұрақ қоя білу, сөйлемдерді дұрыс құру, аудару, шығарма жұмыстарын жаза білу, ситуацияға байланысты әңгіме құра білу. Сөйлеу жаттығуларын орындауда оқушылар қазақша сөйлеуге жаттығады. Сөйлеудің жеке адамға немесе көп адамға қатысты түрін, яғни ауызша, жазбаша сөйлеуді оқушы сөйлеу жаттығулары арқылы меңгереді. Сөйлеу мен сөйлесудің түрлерін меңгерген оқушы ғана өз ойын толық жеткізе алады, өйткені оған үйренген сөздік қоры негіз болады. Сондай-ақ оқыған кітабын мазмұндай алу, сөйлегенде мақал-мәтелдерді дұрыс қолдана білу, тақпақ, өлең айту да оқушының тілін әбден жетілдіреді, дамытады. Осы жұмыстарды оқушы жиі қолданып отырса, тілі жаттығады, ол өз ойын еркін жеткізе алуға именбейтін болады.

Тақпақ, өлең айтудың тіл дамыту кезіндегі өзіндік ерешеліктері бар. Өйткені, өлең, тақпақ айтқан кезде оқушы өлеңнін әр сөзін, мағынасын түсіне білуі керек, өйтпеген жағдайда ол өлеңді дұрыс айта алмайды, ойын жеткізе алмайды. Аталған жұмыс түрлері оқушыны қазақша сөйлеуге жаттықтырады, тілін дамытады.Қазақ тілі сабағында оқытудың жаңа технологиялары, интерактивті әдістер жиі қолданылады. Басқа ұлт өкілдерін  оқытуда даралай және деңгейлеп оқыту әдістерін қолдану керек. Инновациялық әдіс тәсілдерді ретімен ендіру арқылы  оқытушы оқушының қызығуын, белсенділігін арттыру арқылы сабақтың сапасы көтеріледі. Қоғамдағы өзгерістер білім беру жүйесіне де ықпал етіп отыр. Оқушыға білімді жан-жақты беріп, дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп отыруға қажет етеді. Қазақ тілін меңгеру қиын жұмыс болғанымен, өзінше қызғылықты, өйткені оқушыларға қойылатын талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы да терең білім беріп, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жақсы жетілдіреді. Оқушының ойлау қабілетін, тілін дамытуға игі ықпал ететін, жаңаша оқытудың бір түрі сабақта деңгейлік тапсырмаларды қолдану. Тапсырмалар үш деңгейде ұсынылады. ІІІ деңгейді орындаған оқушы «үш» алатынын, ІІ деңгей – «төрт», I деңгей – «бес» алатынын біледі. Әр деңгей тапсырмасы сатылы түрде ауырлай беруі керек. Әдістеме-оқушы мен мұғалімнің арасындағы іскерлік орны.



Оқушының білімі шығармашылық деңгейге көтерілу үшін, мұғалім білім беріп, өз идеясымен шеберлігін жеткізсе, сонда оқушы тақырыпты дұрыс меңгереді.

19 орта мектебі

Баяндама тақырыбы:

« Қазақ тілі сабағында қолданылатын

әдіс-тәсілдер»

Г.Т.Арыстанова

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


2015-2016 оқу жылы
Каталог: uploads -> doc -> 1257
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
1257 -> Сабақ тақырыбы: Өсімдіктер систематикасы туралы түсінік. Өсімдіктер дүниесі. Оның дүние тармақтарына бөлінуі: Дүние тармағы, Бөлімдер, Класстар, Тұқымдастар, Туыстар, Түрлер. Түр өсімдіктер систематикасының негізгі бірлігі
1257 -> Сабақтың тақырыбы: Бәйтерек


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет