3. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
49. Магистранттың оқу жүктемесінің көлемі оның оқу жылы ішінде әр пән немесе оқу жұмысының түрі бойынша игеретін кредит санымен өлшенеді.
50. ПОҚ оқу жүктемесін жоспарлау кредитпен немесе аудиториялық оқу сабақтарын кесте бойынша немесе оқу жұмысының басқа түрлері үшін жеке бекітілген график бойынша оқытушының магистранттармен байланыс жұмысының уақытын білдіретін академиялық сағаттармен жүзеге асырылады.
Студиялық және зертханалық сабақтардан өзге аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең. Студиялық сабақтар үшін бір академиялық сағат 75 минутқа және зертханалық сабақтар үшін 100 минутқа тең.
Магистрант практикасының барлық түрлерінің, ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысының және қорытынды аттестаттаудың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең.
51. Оқу жұмысының көлемін жоспарлау кезінде бір кредит:
1) семестр түріндегі академиялық кезең бойындағы магистранттың аудиториялық жұмысының;
2) кәсіби практика кезеңіндегі магистранттың оқытушымен жұмысының;
3) ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы кезеңіндегі магистранттың оқытушымен жұмысының;
4) магистранттың магистрлік диссертацияны жазу және қорғау бойынша жұмысының;
5) магистранттың кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру кезіндегі жұмысының 15 академиялық сағатына тең екенін ескеру қажет.
52. Магистранттардың оқу жүктемесі академиялық сағаттардың ұзақтығымен және оқу жұмыстарының түрлері үшін академиялық сағатпен ілесе жүретін оқу сағаттарының көлемдерімен (50 минуттық байланыс сағаттары) анықталады.
53. Аудиториялық жұмыстың бір сағаты 50, 75 немесе 100 минутқа тең болуы мүмкін. Магистранттардың аудиториялық жұмысының академиялық сағаттары тиісті МӨЖ сағаттарымен толығады, осылайша бір кредитке магистранттың семестр түріндегі академиялық кезеңінің бір аптасындағы жиынтық оқу жүктемесі 3 сағатқа тең болады.
54. Практиканың әр академиялық сағаты магистранттың қосымша жұмысының тиісті оқу сағаттарымен (50 минуттан) толықтырылады: педагогикалық практика үшін - 1 сағат, өндірістік практика үшін - 4 сағат және зерттеу практикасы үшін - 7 сағат.
55. Магистранттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысының, магистранттың магистрлік диссертацияны орындауын қоса алғанда, әрбір академиялық сағаты 7 сағаттық МӨЖ-бен толықтырылады.
56. Магистрантты қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты магистрлік диссертацияны жазу және қорғау немесе кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша магистранттың оқытушымен байланыс жұмысының бір сағаты (50 минут) болып табылады. Магистрантты қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты 6 сағаттық МӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
57. Кредиттік оқыту технологиясында магистранттардың өздігінен орындайтын жұмысының көлемі артады, ол екі түрге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін магистранттың өзіндік жұмысы (ОМӨЖ) және магистранттың өзі орындайтын жұмысы (МӨЖ).
58. Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін магистранттың өзіндік жұмысы жеке график бойынша оқытушымен байланыста орындалатын магистранттың аудиториядан тыс жұмыс түрі болып табылады және жалпы оқу кестесіне енбейді. ОМӨЖ барысында оқу бағдарламасындағы анағұрлым қиын сұрақтар, үй тапсырмалары, курстық жобалар (жұмыстар) бойынша консультациялар өткізіледі, МӨЖ тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізіледі.
59. ОМӨЖ бен МӨЖ-дің өзіндік жұмыстың жалпы көлеміндегі арақатынасын жоғары оқу орны өзі анықтайды.
60. Дәріс пен практикалық (семинар) сабақтар кезіндегі магистранттың оқытушымен жұмысының байланыс сағаттары жиынтығында әр байланыс сағаты 2 сағат МӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
61. Студиялық және зертханалық сабақтар, магистранттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмыстары, қорытынды аттестаттау сияқты оқу жұмысының түрлері үшін МОӨЖ сағаттарын жоспарлау қажеттілігін және оның көлемін жоғары оқу орны өзі белгілейді (мысалы, магистрлік диссертацияны орындау барысын бақылау үшін).
62. Оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңінен, практикалардан, демалыстардан, магистранттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысынан және соңғы курста қорытынды аттестаттаудан тұрады.
63. Академиялық кезең ұзақтығы 15 апта болатын семестрден тұрады.
64. Әр академиялық кезеңнен кейінгі аралық аттестаттаудың ұзақтығы кемінде 2 аптаны құрайды.
65. Аралық аттестаттау кезеңінде барлық оқытылған пәндер бойынша қорытынды бақылау жүргізіледі және ағымдағы үлгерім бағаларын (ағымдағы және межелік бақылаулар бойынша бағалардың арифметикалық ортасы) ескере отырып, пәндердің қорытынды бағалары шығарылады.
Пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерім бағасының үлесі 60 %-дан, ал қорытынды бақылау бағасының үлесі 30 %-дан кем болмауы тиіс.
66. Оқу жылы ішіндегі демалыс ұзақтығы соңғы курсты қоспағанда, курстарда 7 аптадан кем болмауы тиіс.
67. Магистранттардың кәсіби практикасы бекітілген академиялық күнтізбе мен магистранттың жеке жұмыс жоспарына сәйкес осы стандартпен және мамандық бойынша ҮОЖ-бен белгіленген көлемде жүргізіледі.
68. Практикалардың ұзақтығы магистранттың практика кезіндегі 30 сағатқа тең апта бойғы (5 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат) нормативті жұмыс уақытын есепке ала отырып, аптамен анықталады. Апта санын шығару үшін практиканың кредитпен есептелген көлемін тиісті практика түрінің байланыс сағатымен есептелген еңбек сыйымдылығына көбейту керек және оны магистранттың апта бойғы жұмысының ұзақтығына, яғни 30 сағатқа бөлу керек.
Практиканың 1 кредитінің еңбек сыйымдылығы педагогикалық практика үшін 30 сағатты (50 минуттан), өндірістік практика үшін 75 сағатты (50 минуттан), зерттеу практикасы үшін 120 сағатты (50 минуттан) құрайды. 1 кредитке сәйкес келетін практиканың ұзақтығы аптамен есептегенде педагогикалық практика үшін 1 аптаны, өндірістік практика үшін 2,5 аптаны, зерттеу практикасы үшін 4 аптаны құрайды.
69. Магистранттарды қорытынды аттестаттау және МҒЗЖ, МЭЗЖ аптамен жоспарлау 54 сағатқа тең магистранттардың апта бойғы жұмысының нормативті уақытына (6 күндік жұмыс аптасы кезінде МӨЖ-ді қоса есептегенде күніне 9 сағат) сүйене отырып анықталады.
МҒЗЖ, МЭЗЖ бір кредитіне магистрант жұмысының 120 (15х8) сағаты, яғни 2,2 апта сәйкес келеді.
Қорытынды аттестаттаудың бір кредитіне 105 (15х7) сағат, яғни 2 апта сәйкес келеді. Оның ішінде 15 байланыс сағаты магистранттың оқытушымен жұмысына, 90 сағаты МӨЖ-ге бөлінеді.
Кешенді емтиханға дайындалуға және тапсыруға 1 кредит, яғни 2 апта бөлінеді.
Магистрлік диссертацияны ресімдеуге және қорғауға 3 кредит, яғни тиісінше 6 апта беріледі. Магистрлік диссертацияны орындау процесінің өзі алдын ала магистранттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы барысында жүргізіледі.
70. Магистранттардың қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оқу жоспарларындағы академиялық айырмашылықты немесе академиялық қарызды жою үшін, игерген кредиттері өз ЖОО-да міндетті түрде қайта есепке алынатын жағдайда басқа ЖОО-да оқу пәндерін оқып-үйрену үшін, үлгерімнің орташа балын (GPA) көтеру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестр (бітіруші курстан өзге курстарда) енгізілуі мүмкін.
71. Магистрлер даярлау бойынша білім беру процесінің аяқталуының негізгі өлшемі:
1) ғылыми және педагогикалық дайындық бойынша - 59-дан кем емес кредитті, оның ішінде теориялық оқытудың 42-ден кем емес кредитін, практиканың 6-дан кем емес кредитін, ғылыми-зерттеу жұмысының 7-ден кем емес кредитін игеруі;
2) бейіндік дайындық бойынша - кемінде 28 кредитті (оқу мерзімі - 1 жыл) және кемінде 48 кредитті (оқу мерзімі - 1,5 жыл), оның ішінде теориялық оқытудың тиісінше кемінде 18 және 36 кредитін, практиканың тиісінше кемінде 2 және 4 кредитін, эксперименталды-зерттеу жұмысының тиісінше кемінде 4 және 4 кредитін игеруі болып табылады.
Магистратураның білім беру бағдарламасын мерзімінен бұрын меңгеріп, оған қойылатын талаптарды орындаған жағдайда магистрантқа оқу мерзіміне қарамастан «магистр» академиялық дәрежесі беріледі.
72. Бейіндік магистратураны бітірген магистрант педагогикалық бейіндегі пәндер циклін меңгеріп, педагогикалық практикадан өткен жағдайда ғана ғылыми және педагогикалық қызмет атқара алады. Осы пәндер циклі және педагогикалық практика қосымша академиялық кезең ішінде меңгеріледі, оны аяқтаған соң негізгі дипломға белгіленген үлгідегі тиісті куәлік қоса беріледі.
73. Магистратураның білім беру бағдарламасы теориялық оқудың толық курсын меңгерген, бірақ ғылыми-зерттеу компонентін орындамаған магистрантқа келесі оқу жылында ақылы негізде ғылыми-зерттеу компонентінің кредиттерін қайта игеруге және диссертацияны қорғауға мүмкіндік беріледі.
74. Магистратураның білім беру бағдарламасы теориялық оқытуының толық курсын меңгерген, бірақ белгіленген мерзімде магистрлік диссертациясын қорғамаған магистрантқа магистратурада оқу мерзімі ақылы негізде ұзартылады.
75. Жоғары оқу орны магистратураның оқу процесін алынған лицензияға сәйкес ұйымдастырады және білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтауы тиіс.
76. ЖОО білім беру қызметін тиісті материалдық-техникалық базамен, білікті профессорлар-оқытушылар құрамымен, кітапхана қорымен, Интернет және басқа да ақпараттық қорлармен, қаладан тыс жерлерден келген магистранттарды жатақханамен және басқа да қолдау қызметімен қамтамасыз етеді.
77. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
Магистратураның білім беру бағдарламасын іске асыратын жоғары оқу орнында қолданыстағы санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келетін және оқу жоспарында көзделген теориялық және практикалық дайындықтың барлық түрлерін жүргізуді, сондай-ақ магистранттың ғылыми-зерттеу және эксперименталды-зерттеу жұмыстарының нәтижелі орындалуын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базасы (аудиториялық қор, компьютерлік сыныптар, зертханалар, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, қор материалдары) болуы тиіс.
78. Оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
1) Оқу процесін оқу-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету магистранттардың магистратураның білім беру бағдарламасын сапалы меңгеруіне кепілдік беруі тиіс.
2) Білім беру бағдарламасын іске асыру халықаралық ақпараттық желілерге, электронды деректер қорларына, кітапхана қорларына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерге еркін қол жеткізу мүмкіндігімен қамтамасыз етілуі тиіс.
3) Кітапхана қоры мен электронды және магнитті тасымалдаушылардағы оқу әдебиеттерімен қамтамасыздандыру білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
79. Практикаларды ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
Ғылыми және педагогикалық магистратурадағы білім беру бағдарламасына практиканың екі түрі кіреді:
1) білім беру ұйымдарында өткізілетін педагогикалық практика;
2) диссертацияны орындау орны бойынша өткізілетін зерттеу практикасы.
Педагогикалық практика оқытудың практикалық дағдылары мен әдістемесін қалыптастыру мақсатында өткізіледі.
Педагогикалық практика теориялық оқыту кезеңінде оқу процесінен қол үзбей өткізіледі. Осы ретте магистранттар бакалавриатта сабақ жүргізуге тартылуы мүмкін.
Магистранттың зерттеу практикасы отандық және шетелдік ғылымның жаңа теориялық, әдіснамалық және технологиялық жетістіктерімен, ғылыми зерттеудің, эксперименталды деректерді өңдеу мен интерпретациялаудың қазіргі әдістерімен таныстыру мақсатында жүргізіледі.
Бейіндік магистратураның білім беру бағдарламасы өндірістік практиканы қамтуы тиіс.
Магистранттың өндірістік практикасы оқу процесінде алған теориялық білімін бекіту, оқып жатқан мамандығы бойынша кәсіптік қызмет дағдыларын, құзыреттері мен тәжірибесін жинақтау, сондай-ақ озық тәжірибені игеру мақсатында өткізіледі.
Зерттеу/өндірістік практиканың мазмұны диссертациялық зерттеу тақырыбымен анықталады.
80. Магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Ғылыми және педагогикалық магистратурадағы ғылыми-зерттеу жұмысы:
1) магистрлік диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблемасына сәйкес келуі;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы және практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылым мен практиканың қазіргі теориялық, әдістемелік, технологиялық жетістіктеріне сүйенуі;
4) ғылыми зерттеудің қазіргі әдістерін қолдану арқылы орындалуы;
5) негізгі қорғалатын ережелер бойынша ғылыми-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы;
6) тиісті білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге негізделуі тиіс.
81. Магистранттың эксперименталдық-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар.
Бейіндік магистратурадағы эксперименталдық-зерттеу жұмысы:
1) магистрлік диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблемасына сәйкес келуі;
2) ғылым мен техниканың, өндірістің қазіргі жетістіктеріне негізделуі және нақты практикалық ұсынымдарды, басқарушылық міндеттердің өзіндік шешімдерін қамтуы;
3) алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды қолдана отырып орындалуы;
4) негізгі қорғалатын ережелер бойынша эксперименталды-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
82. Ғылыми-зерттеу немесе эксперименталды-зерттеу жұмыстарының нәтижесі өтілуіне қарай әрбір академиялық кезеңнің соңында магистранттың есебі түрінде ресімделеді.
МҒЗЖ (МЭЗЖ) шеңберінде магистранттың жеке жұмыс жоспарында міндетті түрде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуі қарастырылады.
83. Магистранттың ғылыми-зерттеу немесе эксперименталды-зерттеу жұмысының ең соңғы қорытындысы магистрлік диссертация болып табылады.
84. Магистрлік диссертацияның негізгі нәтижелері ең кемі бір жарияланымда және/немесе ғылыми-практикалық конференцияға қатысуында көрінуі тиіс.
85. Магистрлік диссертацияның мазмұны мен ресімделуіне, оның дайындалуы мен қорғалуына қойылатын талаптарды жоғары оқу орны өзі анықтайды.
86. Магистрлік диссертация міндетті түрде плагиатқа тексерілуден өтуі тиіс, мұндай тексерісті жүргізу қағидалары мен тәртібін жоғары оқу орнының өзі анықтайды.
87. ЖОО-ның кадрлық құрамына қойылатын талаптар лицензиялау кезінде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарымен айқындалған.
ЖОО оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының талаптарын ұстанған жағдайда оқу сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің әдіс-тәсілдері мен нысандарын, оқытудың әдістерін еркін таңдауға құқылы.
88. Магистратураға оқуға қабылданғаннан кейінгі екі айдың ішінде магистрлік диссертацияға жетекшілік жасау үшін ғылыми жетекші тағайындалады.
Ғылыми жетекші және магистранттың зерттеу тақырыбы ғылыми кеңес шешімінің негізінде ЖОО ректорының бұйрығымен бекітіледі.
Магистранттың ғылыми жетекшісінің ғылыми дәрежесінің болуы және ғылымның осы саласында (магистранттың оқу мамандығы бойынша) ғылыми зерттеулермен белсенді түрде шұғылдануы тиіс. Қажет болған жағдайда ұқсас ғылым саласы бойынша ғылыми консультанттар тағайындалады.
89. ЖОО магистранттың зерттеу нәтижелерін жариялауға көмек көрсетеді.
4. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
90. Оқытудың нәтижелері Дублин дескрипторларының 2-деңгейі (магистратура) негізінде анықталады және құзыреттілік арқылы көрінеді. Оқыту нәтижелері бағдарламаның барлық деңгейінде де, модульдің, жеке пәннің деңгейінде де сипатталады.
Екінші деңгейдегі дескрипторлар:
1) жоғары білім деңгейінде меңгерген, ғылыми зерттеулер контексінде идеяларды қолдану немесе өзіндік дамыту үшін негіз немесе мүмкіндік болып табылатын, дамытылып отыратын білімі мен түсінігін көрсете білу;
2) зерттеп отырған саламен байланысты контекстер мен одан да кеңірек (немесе пәнаралық) салаларда жаңа немесе белгісіз жағдайлардағы проблемаларды шешуде білімін, түсінігін және қабілетін қолдана алу;
3) білімді интеграциялау, қиындықтарды жеңе білу және толық емес немесе шектеулі ақпарат негізінде тұжырымдамалар жасау, осы тұжырымдамалар мен білімін этикалық және әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып қолдана білу;
4) өз қорытындыларын және білімін, олардың негіздемесін мамандарға және маман еместерге айқын және ашық хабарлау;
5) білім алуды өздігінен жалғастыру қабілеттерінің болуын көздейді.
91. Бейіндік магистратураны бітірушілердің негізгі құзыреттіліктеріне қойылатын талаптар:
1) мынадай:
ғылыми танымның дамуындағы қазіргі үрдістер туралы;
жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының әдіснамалық және философиялық өзекті проблемалары туралы;
жаһандану процестерінің қарама-қайшылықтары мен әлеуметтік-экономикалық салдары туралы;
әлемдік бизнес серіктестіктің экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени және технологиялық ортасының қазіргі жай-күйі туралы;
кәсіпорынды стратегиялық басқаруды ұйымдастыру, инновациялық менеджмент, көшбасшылық теориялары туралы;
кәсіпорынның жұмыс істеуінің негізгі қаржылық-шаруашылық проблемалары туралы түсінігі болуы тиіс;
2) мыналарды:
ғылыми танымның әдіснамасын;
экономика құрылымын өзгертетін негізгі қозғаушы күштерді;
инвестициялық ынтымақтастықтың ерекшеліктері мен ережелерін;
ғылыми зерттеулер мен практикалық қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кемінде бір шет тілін кәсіптік деңгейде білуі қажет;
3) мыналарды:
кәсіптік қызметте танымның ғылыми әдістерін қолдана білуі;
процестер мен құбылыстарды зерттеудің қолданыстағы тұжырымдамаларын, теориясы мен әдістерін сын-көзбен талдай білуі;
әртүрлі пәндер бойынша меңгерген білімді интеграциялауы, оларды жаңа белгісіз жағдайларда аналитикалық және басқарушылық мәселелерді шешуде қолдана білуі;
кәсіпорынның шаруашылық жұмысына микроэкономикалық талдау жүргізе алуы және оның нәтижелерін кәсіпорынды басқаруда қолдана білуі;
маркетинг пен менеджментті ұйымдастырудың жаңа әдістерін практикада қолдана алуы;
кәсіпорынның (фирманың) шаруашылық жұмысын ұйымдастыру мен басқарудағы қиын және қалыптан тыс жағдайларда шешім қабылдай білуі;
экономикалық қатынастарды реттеудегі Қазақстан Республикасының заңнамалық нормаларын практикада қолдана білуі;
жаңа проблемалар мен жағдайларды шешуде креативті ойлауы және шығармашылықпен қарауы;
ақпараттық-аналитикалық және ақпараттық-библиографиялық жұмысты қазіргі ақпараттық технологияларды қолданып жүргізуі;
диссертация, мақала, есеп, аналитикалық жазбалар және т.б. түрінде эксперименталды-зерттеу және аналитикалық жұмыс нәтижелерін жалпылай білуі тиіс;
4) мынадай:
қалыпты ғылыми және кәсіптік міндеттерді шешу;
ұйымдар мен кәсіпорындардың экономикалық қызметін ұйымдастыруда және басқаруда ғылыми талдау және практикалық мәселелерді шешу;
менеджмент және маркетинг саласында проблемаларды зерттеу және алынған нәтижелерді кәсіпорынды басқару әдістерін жетілдіру үшін қолдану;
кәсіптік қарым-қатынас және мәдениетаралық байланыс;
шешендік өнер, өз ойын ауызша және жазбаша түрде дұрыс және логикалық ресімдеу;
күнделікті кәсіптік қызметте және докторантурада білімін жалғастыру үшін қажет білімін кеңейту және тереңдету;
кәсіптік қызмет саласында ақпараттық және компьютерлік технологияларды пайдалану дағдысының болуы тиіс;
5) мынадай:
мамандық бойынша зерттеу әдіснамасы саласында;
қазіргі әлемдік экономика проблемалары және әлемдік шаруашылық процестердегі ұлттық экономикалардың қатысуы саласында;
кәсіпорын қызметін ұйымдастыру мен басқаруда;
әртүрлі ұйымдармен, оның ішінде мемлекеттік қызмет органдарымен өндірістік байланыстарды жүзеге асыруда;
білімнің үнемі жаңаруын қамтамасыз ету, кәсіптік дағдыны және біліктілікті тереңдету тәсілдерінде құзыретті болуы қажет.
92. Ғылыми және педагогикалық магистратура бітірушілерінің негізгі құзыреттіліктеріне қойылатын талаптар:
1) мынадай:
қоғамдық өмірдегі ғылым және білімнің рөлі туралы;
ғылыми танымның дамуындағы қазіргі үрдістер туралы;
жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының әдіснамалық және философиялық өзекті проблемалары туралы;
жоғары мектеп оқытушысының кәсіби құзыреттілігі туралы;
жаһандану процестерінің қарама-қайшылықтары мен әлеуметтік-экономикалық салдары туралы түсінігі болуы керек;
2) мыналарды:
ғылыми танымның әдіснамасын;
ғылыми қызметті ұйымдастырудың қағидаттары мен құрылымын;
оқыту процесінде студенттердің танымдық қызметінің психологиясын;
білім берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың психологиялық әдістері мен құралдарын білуі тиіс;
3) мыналарды:
алған білімін ғылыми зерттеулер контекстінде идеяларды қолдану немесе өзіндік дамыту үшін қолдана білуі;
процестер мен құбылыстарды зерттеудің қолданыстағы тұжырымдамаларын, теориясы мен әдістерін сын-көзбен талдай алуы;
әртүрлі пәндер аясында алған білімін жаңа таныс емес жағдайларда зерттеу мәселелерін шешуде интеграциялауы;
білімді интеграциялау жолымен, толық емес немесе шектеулі ақпараттар негізінде тұжырымдама жасап, шешім қабылдай алуы;
жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясынан алған білімін өз педагогикалық қызметінде қолдана білуі;
оқытудың интерактивті әдістерін қолдана білуі;
ақпараттық-аналитикалық және ақпараттық-библиографиялық жұмысты қазіргі ақпараттық технологияларды қолданып жүргізуі;
жаңа проблемалар мен жағдайларды шешуде креативті ойлауы және шығармашылықпен қарауы;
ғылыми зерттеулер жүргізуге және ЖОО-да арнайы пәндер бойынша сабақ жүргізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндей кәсіптік деңгейде шет тілін еркін меңгеруі;
диссертация, ғылыми мақала, есеп, аналитикалық жазбалар және т.б. түрінде ғылыми-зерттеу және аналитикалық жұмыс нәтижелерін жалпылай білуі тиіс;
4) мынадай:
ғылыми-зерттеу әрекеттері, қалыпты ғылыми мәселерді шешу;
кредиттік оқыту технологиясы бойынша білім беру және педагогикалық қызметті жүзеге асыру;
кәсіптік пәндерді оқыту әдістемесі;
білім беру процесінде қазіргі ақпараттық технологияларды қолдану;
кәсіптік қарым-қатынас және мәдениетаралық байланыс;
шешендік өнер, өз ойын ауызша және жазбаша түрде дұрыс және логикалық тұрғыдан ресімдеу;
күнделікті кәсіптік қызметте және докторантурада білімін жалғастыру үшін білімін кеңейту және тереңдету дағдысының болуы қажет;
5) мына:
ғылыми зерттеулердің әдіснамасы саласында;
жоғары оқу орындарындағы ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет саласында;
қазіргі білім беру технологияларына қатысты мәселелерде;
кәсітік салада ғылыми жобалар мен зерттеулерді орындауда;
білімді үнемі жаңартуды, кәсіптік дағды мен білікті кеңейтуді қамтамасыз ету әдістерінде құзыретті болуы тиіс.
93. Магистратураның әр мамандығы бойынша арнайы құзыреттер жұмыс берушілер талаптары мен қоғамның әлеуметтік сұраныстарын ескере отырып анықталады.
94. Міндетті минимум мен жоғары оқу орны ұсынатын оқу жүктемесінің көлемі аясында алынған білім деңгейі әртүрлі бақылау түрлері арқылы қамтамасыз етіледі.
95. Магистранттардың оқу жетістіктерін бақылау және олардың оқу пәндері немесе модульдер бойынша білімін бағалауды оқу процесінің межелік кезеңдерінде (әр академиялық кезең мен оқу жылы аяқталған кезде) Офис регистратор (бөлім, сектор) жүргізеді және бақылау мен бағалау білім берудің қорытынды нәтижесіне бағдарлануы тиіс.
96. Білім алушылардың оқу жетістіктерінің тарихын Офис регистратор есепке алып отырады және магистранттардың белгіленген нысандағы транскрипінде көрінеді.
Транскрипт магистрантқа білім алудың кез келген кезеңінде оның жазбаша өтініші негізінде беріледі.
97. Магистранттардың білімін, іскерлігін, дағдысын және құзыреттерін бақылау оларды қорытынды аттестаттау кезінде жүргізіледі.
98. Магистранттарды қорытынды аттестаттау академиялық күнтізбеде және мамандықтардың оқу жоспарында қарастырылған мерзімде кешенді емтихан тапсыру және магистрлік диссертацияны қорғау нысанында өткізіледі.
99. Кешенді емтихан диссертация қорғауға дейін 1 ай қалғаннан кешіктірмей өткізіледі. Мамандық бойынша кешенді емтиханға магистратураның білім беру бағдарламасындағы бейіндеуші пәндер циклдерінің пәндері кіреді.
100. Магистрлік диссертацияны қорғау рәсімін Жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесіне сәйкес ЖОО-ның өзі анықтайды.
101. Магистратураның оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған тұлғаларға «магистр» академиялық дәрежесі және қосымшасы (транскрипт) бар мемлекеттік үлгідегі диплом тапсырылады.
Жоғары оқу орны бітірушіге дипломға жалпыеуропалық қосымша (Diploma Supplement) бере алады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің
мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына 1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |