Білім мен тәрбиенің алғАШҚы баспалдағЫ – бастауыш мектеп ақынова л. А., Елмуратова а. С



Дата01.04.2017
өлшемі92,15 Kb.
#13306
ӘОЖ 377:001.7
БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ – БАСТАУЫШ МЕКТЕП
АҚЫНОВА Л.А., ЕЛМУРАТОВА А.С.
Мақалада қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес екені, сонымен қатар жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектесетіні туралы айтылған.

Кілт сөздер: бастауыш сынып мұғалімі, кәсіби құзіреттілік, жаңашыл сабақ, озық технологиялар, мұғалімнің іскерлігі.
Халқымыз әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. Бұл туралы ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деген болатын. Ал чехтің педагогы Я.А.Коменский: «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол – барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» деп, ұстаздар қауымын жоғары бағалаған.

Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш сынып мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, керісінше, бастауыш мектеп оқушыларының танымдық іс- әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі және білімнің нәтиже ретіндегі сипатына терең мән бере білуі, нәтижеге бағдарланған білім сапасын арттыруда жаңаша жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет

Бастауыш саты білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алумен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Өйткені, баланың жеке қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылуы даосы кезеңде іске асады. Бастауыш мектептің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады.

Бастауыш сынып мұғалімдері алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үдерісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, оқушылардың жалпы дамуын қамтамасыз етуі керек. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады. Кіші мектеп оқушылары үшін мұғалім – олар еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Оқушылар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін оның тәрбиесін жүзеге асыратын мұғалімге, педагогқа қойылатын талаптар кәсіби құзіреттілік шарттарына сай болуы керек. Бастауыш сынып мұғалімі сыныпта жүргізілетін пәндерде балаларға берілетін барлық білімді жетік білуі, материалды түсінікті жеткізуі, оқушылардың білімін дұрыс бағалай білуі, олардың бойында тәжірибелік білімдерді қалыптастыруы тиіс. Өзінің іс-әрекетін сыни тұрғыдан бағалап, кәсіби құзіреттілікті жетілдіру, оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнықтыра білу, ата-аналармен тіл табыса алу, сөйлеу мәдениетін жаттықтыру сияқты қасиеттер мұғалімнің жұмысын жеңілдететіні даусыз. Өз білімін жетілдіре отырып, оқушыларды арнайы ұғымдар мен терминдерді пайдаланып сөйлеуге үйрету, оқушыларды ғылымға жақындатады әрі олардың алған білімдері негізді болады. Кіші мектеп оқушыларының оқуға деген қызығушылықтарын ояту, оларды өздігінен білімдерін жетілдіруге дағдыландыру, сабақты жүргізуде қазіргі іс-тәжірибе мен өткеннің озық тәжірибелерін шебер пайдалана білу оқытушының құзыреттілігін танытады. Мұғалімнің құзыреттілігі оның сабақты нәтижелі жүргізуіне де тікелей байланысты. Оқыту үдерісінде тәрбие жұмысын тиімді жүргізе білу, оқушыда жоғары адамгершілікті, отаншылдық сезімін, еңбексүйгіштік, дербестікті қалыптастыру білігі педагогтық шеберліктің бір элементін құрайды. Осылайша, педагог қазіргі қоғам талаптарын ескеріп, өзінің алдына педагогикалық міндеттерді қоя және шеше білетін, оқыту мен тәрбиенің озық технологияларын меңгерген, білім беру үдерісін басқара алатын, тәжірибеде педагогикалық ситуацияларды оқушы тұлғасының дамуына бағыштап жобалай және жүзеге асыра алатын бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға болуы қажет [1].

Білім–теңіз, оның тереңіне сипатын жетік білетін, сырын меңгерген, құпиясын ашатындар ғана бойлай алмақ. Ондай адамдарды дайындайтын – мұғалім. Ал мұғалім білімді оқушы санасына сабақ арқылы жеткізеді. Ол мұғалімнің бір-біріне ұқсамайтын жан-жақты өткізген сабақтары болатыны даусыз. Яғни, мектепте оқытуды ұйымдастыратын бірден-бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нәтижелі болуына ықпал ететін нұсқа – сол сабақты өткізудің әртүрлі әдіс-тәсілдері, яғни жаңашыл сабақ. Көбінесе, үйреншікті әдіс-тәсілдер баланы қызықтырмайды. Сондықтан, қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп қою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру – бүгінгі қажеттілік. Мектептің негізгі құндылығы оқушы десек, оған жеке тұлға ретінде қарауымыз шарт.

Көптеген мұғалімдер көбіне оқушылардың жалған ынтасымен ғана шектеледі, К.С.Станиславский «ынта – объектіге көзін тігу ғана емес» деп атап көрсетті. Оқушылар тек мұғалімге жай қарап және тыңдап қана қоймауы керек, оқылатын материалға қатысты белсенді болуы керек, сабақта тиімді танымдық қызметке септігін тигізетіндей жұмыс жағдайы үстемдік құруы тиіс.

Жаңа педагогикалық технология элементтерін жиі пайдалану, әр сабақта оның мүмкіндіктерін түрлендіріп отыру – педогогтар қауымының басты міндеті.

Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдіс-тәсілдерді мұғалім ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады. Тиімді, пайдалыларын жетілдіре түседі. Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский «Сабақ жасөспірімдердің интеллектуалды өміріне құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болуы шарт. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасөспірімдер үшін рухани өмірдің тілеген ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына айналады» деп айтқан. Өйткені, жай ғана сабақ құнарсыз тағам секілді адам бойына жұқпайды. Қызықты сабақтар мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, әдістемелік ізденісі, қолданған әдіс-тәсілдері арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алады [2].

Қазіргі педагогикалық білім беру мәселесі болашақ маманның ғылыми терең дайындығы болуын керек етеді. Оның ішкі жан дүниесі еркіндікке негізделген, қоғамдағы бар әлеуметтік тәжірибелерді педагогикалық тұрғыдан түсінетін, дәстүрлі әдістерді жаңалықтармен үйлестіре алуға білімі жеткілікті болуы керек. Жаңаша жетілдірілген білім, білім беру мазмұны мен сапасында ерекше орын алатындықтан, бұл үдерістің барлығы дерлік оқу пәндері арқылы жүзеге асады. Оқу пәндері оқыту үдерісімен сабақтастықта болады.

Бастауыш сынып сабақтарында білім беру сапасын, мазмұнын оқушылардың меңгеруінің мотивациялық компоненті оқу пәндеріндегі ұғымдар дәстүрлі және инновацияға бағдарланған салыстырулар, сабақты түрлендіру, жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы артады. Оқушылардың білім беру мазмұнын меңгерудегі білім беру мазмұны мен оқыту үдерісінің үйлесімділік шарттары, оқу-танымдық әрекеттердің маңызы және ерекшелігімен танысу барысында дамиды [3].

Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білім, білік, дағдыларын емес, оның тұлға ретінде дамуын қоюда. Бүгінгі таңда ұстаздардан талап етіліп отырған үрдіс – жаңа оқыту технологиялар негізінде іс-әрекет атқару.

Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл – қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Сондықтан, әрбір әдіс-тәсілдің ұстаздар үшін маңызы зор. Себебі, оқу тәрбие үдерісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуда мектеп басшысы, ұжымдағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі арқылы қол жеткіземіз.

Мектеп – еліміздің халыққа білім беру жүйесінің күрделі тармағы. Сондықтан, мектебіміздің мақсаты – жеке тұлғаны жан-жақты дамытудың алғы шарты ретінде білім сапасын арттыру арқылы тұлғаны дамыту, қалыптастыру. Осы тұрғыда жаңа білім беру жүйесінде бастауыш сынып мұғалімнің біліміне қойылатын талаптар:

- бастауыш сыныптағы пәндерді мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білу;

- кіші мектеп оқушысы дарындылығының моделін білу;

- қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын білу;

- оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісінде үлгерімге ғана көңіл бөлмей оның басқа да көрсеткіштерімен байланысына да көңіл бөлу;

- дарынды оқушылардың ерекшелігін ескере отырып, оларға шығармашылықпен жұмыс жасайтын тапсырмалар дайындай білуі.

Мұғалімнің іскерлігіне қойлатын талаптар:

- оқушыны анықтау әдістерімен жұмыс жасай алуы;

- оқушыларды (жекелей және топпен) оқытуға арналған бағдарлама құрастырып, сонымен тұрақты жұмыс істей білуі;

- оқушыны дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы;

- оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай білуі;

- оқушының ғылыми –ізденіс жұмыстарымен айналысуына жетекшілік етуі;

- оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасауы [4].

Сондай-ақ оқушылармен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби «бейнесі» мынадай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми-зертеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық. Жаңаша білім беруде оқушымен жұмыс мұғалімнің өзіне, қызметіне және кәсіби біліктілігіне жаңа, жоғары талаптар қояды. Тіпті оның кәсіби жетілуіне өзгеше емтихан болып табылады.

Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: «…Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады». Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.

Сонымен, жаңаша білім беру жүйесінде бастауышта оқытудың сапасын арттырып, оқушыны ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:

1. Сабақты түрлендіріп өткізу;

2. Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;

3. Сабақта оқушылардың өздері жасаған суреттер мен сызбаларды пайдалану;

4. Техникалық құралдарды тиімді қолдану;

5. Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету;

6. Оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету [5].

Қорыта айтқанда, бастауыш сынып мұғалімі – қиындығы мен қызығы тең түсетін мамандық. Бұл жұмыста әрбір шәкірттің жүрегіне жол тауып, оларды жеке тұлға ретінде толық зерттегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе аласың. Мектеп есігін алғаш ашқан бүлдіршіндерді мектеп өміріне, ережесіне үйретіп, оқудың болашақ өмірде өте қажет екенін психологиялық тұрғыдан дайындаудың өзі мұғалімнің үлкен шеберлігін қажет етеді. Халқымызда «Жас кезінде білім берсең қалайда,өсе келе қолы жетер талайға» деген даналық сөз бар. Бала болашағы – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас бір ұлттың бүгінін ертеңімен жалғайтын алтын көпір, асыл мұраты. Сондықтан, ұстаз алдындағы әр шәкірт ата-ананың ғана емес, туған елінің ертеңгі арқасүйер азаматы, төл ұлтының туын көтерер перзенті. 


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Бұзаубақова К.Ж. Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру. – Алматы, 2002. – 37 б.

2.Кобдикова Ж.У. Оқытудың жаңа технологиясы. – Алматы: Бастауыш мектеп. – №3. – 2000. – 25 б.

3. Мейірманқұлова Т. Білім берудегі инновациялық технологиялар. – Алматы, 2012. – 78 б.

4. Тұрғынбаева Б.А.Ұстаздық шығармашылық. – Алматы, 2007. – 42 б.

5. Ақынова Л.А. Жаңа технология– заман талабы // Биология және салауаттылық негізі. – № 1. – 2015. – 3 б.


АКЫНОВА Л.А., ЕЛМУРАТОВА А.С. НАЧАЛЬНАЯ ШКОЛА – ПЕРВИЧНАЯ СТУПЕНЬ ОБРАЗОВАНИЯ И ВОСПИТАНИЯ

В статье рассказывается о том, что если в современной образовательной системе не владеть ведущими технологиями, то невозможно стать образованным, компетентным специалистом. Владея новыми технологиями, учитель сам себя развивает, эффективно организует учебно-воспитательный процесс

Ключевые слова:учитель начальных классов, компетентный специалист, новизна урока, ведущие технологии, работоспособность учителя.

AKYNOVA L.A., ELMURATOVA A.S. ELEMENTARY SCHOOL – PRIMARY STEP OF EDUCATION AND EDUCATION


In article it is told that if in modern educational system not to own the leading technologies, it is impossible to become the educated, competent expert. Owning new technologies, the teacher develops himself, will effectively organize teaching and educational process

Keywords: elementary school teacher, competent expert, novelty of a lesson, leading technologies, efficiency of the teacher.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет