Күнделікті бақылау оқыту процесінде күнделікті қолданылады және сабақ барысында оқушылардың оқу-танымдық әрекетіне басшылық жасайды. Ол ішкі және сыртқы байланысты жан-жақты жүзеге асырауға мүмкіндік туғызады, соның негізінде оқушылардың келесі оқу әрекетіне ықпал етеді. Күнделікті бақылау мұғалімнің жалпы немесе жекелеген оқушылар жұмысына жүйелі түрде бақылау жасау көмегімен жүргізіледі. Бақылаудың бұл түрі оқушылардың сынып немесе үй тапсырмаларын өз бетінше орындауға деген ниеттері мен берілген тапсырманы орындауға деген олардың қызығушылығы және жауапкершілдік сезімін ынталандыруда үлкен манызға ие болады.
Тақырыптық бақылау - оқу бағдарламаларындағы белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы және әрбір кезеңдері негізінде оқушылардың білімді, іскерлікті, дағдыны игеруі тексеріледі. Сонымен бірге, мұғалім жаңа тақырыптың кейбір басты мәселелерін өткен сабақтардағы оқу материалдарымен толықтырады, кейбір ұғымдарды, анықтамаларды, ғылыми ережелерді оқушы-лардың есіне салады.
Қорытынды бақылау - барлық пәндер бойынша жыл аяғында өткізіледі. Бақылау процесінде тақырыптық және тарау бойынша бақылау нәтижелері есепке алынады. Оқушылардың жыл бойында алған теориялық және тәжірибелік білімдері анықталады. Сондықтан қорытынды бақылаудың негізі емтихан және оқушылардың жылдық үлгерім бағалары болады. Емтихан мен жылдық үлгерім бағаларынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды бағалар шығарылады. Бақылау әдістері арқылы оқушылар жұмысының тиімділігі мен мазмұны туралы кері байланыс қамтамасыз етіледі. Бақылау әдістеріне ауызша, жазбаша және графикалық бақылау әдістері жатады. Бұл әдістерге қарағанда бағдарламалап бақылау әдістерінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар машинасыз және машиналы бағдарламалап бақылау әдістеріне бөлінеді.
Машинасыз бағдарламалап бақылау әдістері бойынша перфокарталар және бақылау карталарын қолданып, оқушылардың теориялық және практикалық білімдерін анықтайды. Мұғалім оқыту және білім беру мазмұны бөлімі бойынша 20-25 сұрақтар дайындап, әрбір сұраққа 4 вариантты жауаптың мазмұнын жазады. Олардың ішінен бір сұраққа ғана дұрыс жауап беріледі.
Қалған сұрақтар варианттары: дәл емес, толық емес немесе басқа тектес ұғымдарға сәйкес келеді'' (1, 269 бет).
Бақылаудың тағы бір бөлігі, кейбір жағдайда, тапсырмалар түрі деп ұғынылады (жазбаша бақылау жұмысы, тесталық жұмыс, зертханалық-тәжірибелік жұмыс, зачет, шығарма, диктант т.б.) немесе оқушылар әрекетінің түрі болып (баяндама, хабарлама, оқушы әңгімесі, мұғалім сұрағына жауап беру т.б.).
Білімді бақылау және бағалау ғылыми дәлелденген, тәжірибеде қолданылған принциптер негізінде жүргізіледі: әділдік, жан-жақтылық, жүйелік, жеке-даралық, диф-ференциалдық және тәрбиелік.
Әділдік, шындық (білім сапасының нақтылығы, баға өлшемі мен ережесі нормасына қатысты) - бұл субъек-тивтік факторларды болдырмауды көздейді.
Жүйелік, бірізділік - әрбір сабақ, тақырып бойынша оқушылар оқу әрекетінің басқа буындарымен байланыстыра қаралып, оқыту процесінің барлық кезең-дерінде бақылау жүргізуді көздейді: түйінді сұрақтар бойынша оқыту нәтижесін қорытындылау, тақырыптық бақылау, сабақтар бойынша балл қою т.с.с.)
Жеке-дара қатынас - әрбір оқушының ерекшелігін бағалау (оның қабілеті, бейімділігі, денсаулығы, оқу әрекеті т.б.) қарастырады.
Жан-жақтылықта - бақылау оқу бағдарламасының барлық бөлігін қамтиды, оқушылардың теориялық білімдерін, интеллектуалдық және практикалық білік пен дағдысын бақылауды қамтамасыз етеді.
Диффериенциалдық қатынас - әрбір пәннің ерекше-лігін, жекелеген бөлімдерін, сонымен бірге оқушылардың жеке-дара қасиетін ескеріп, соған сәйкес бақылаудың әртүрлі әдістері мен мұғалімнің педагогикалық әдеп сақтауын талап етеді.
Жоғарыда айтылған талаптарды орындау, ең алдымен бақылаудың сенімділігін және оқыту процесінде өздерінің алдында тұрған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді, бақылауда әр түрлі қателіктер мен сәтсіздіктердің болмауына кепілдік жасайды.
Оқушылардың білім, білік және дағдыларын бақылау, бағалау педагогика ғылымы мен практикасында белгілі бір әдістерді қолдану негізінде жүзеге асады. Олар мыналар:
ауызша баяндау (әңгіме, жеке-дара, топтық, фронтальдық сұрақ).
жазбаша бақылау (диктант, шығарма, таблица, схема, суреттер құрастыру).
практикалық бақылау (лабораториялық жұмыстарын, еңбек операцияларын орындау, тәжірибе жүргізу).
машиналы бағдарламалап бақылау (перфокарталар, бақылау карталарын, дұрыс жауаптарды, диафильмдерді қолдану).
өзін-өзі бақылау, бағалау (қателерді болдырмау, оларды түзеу, оқудағы өз жетістіктерін бағалау, соған сәйкес балл қою).
Оқыту процесінде бақылаудың фронтальдық, топтық және дербес формалары қалыптасқан. Оның тиімділігі - мұғалімнің оларды дұрыс ұйымдастыруына байланысты.
Фронтальдық (жаппай) бақылау жағдайында барлық оқушыларға сұрақтар немесе мазмұны бірдей тапсырмалар беріледі. Оларды орындау барысында оқушылар арасында ынтымақтастық, жолдастық сезім пайда болады, бір-біріне сұрақтар қойып, жауаптарын толықтырады, орындалған жұмыстарды өзара тексеріп, іске асырады. Демек, бірігу іс-әрекетінде әлеуметтік құнды мотивтер қалыптасады.
Топтық бақылауда белгілі оқушылар тобы сабақ барысында мұғалімнен тапсырмалар алып орындайды. Кейде, кейбір оқушылар түрлі себептерге байланысты (сабақ жіберу, нашар үлгеру, ауыру т.б.), қосымша көмекті қажет етулері мүмкін. Сондықтан, олардың жұмысын ерекше еске алған жөн.
Бақылаудың дербес формасы әрбір оқушының білімін, іскерлігін және дағдысын терең, жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді. Дербес бақылау бағдарламалап және дифференциялы оқыту барысында жақсы нәтиже береді. Дербес бақылауда оқушылар жауабының логикалық бірізділігі, олар өз пікірлерін қалай байымдайды, қалай дәлелдейді, міне, осы мәселелерге аса көңіл аудару керек.
Оқыту процесінде оқушылардың өзін-өзі бақылауы өте қажет. өзін-өзі бақылау, олардың оқу бағдарламасы материалы мен игерген іскерлігі және дағдысының беріктігі жайлы ақпарат алуын қамтамасыз етеді. өзін-өзі тексеру арқылы оқушылардың алған біліміне сенімі артады, орындаған жаттығу, есеп шығару және тәжірибе жұмыстарының нәтижесін бағалайды.
Баға білімді есепке алу ғана емес, ол тәрбиелік құрал. Сондықтан, оқушы білімін
бағалауда немқұрай-лылыққа салынуға болмайды.
Баға ''балл'' есебінде көрсетіледі. Келесі кезекте баға және оның өлшемі қандай, соған тоқталамыз. Қазіргі кезде білім беру саласының барлық құрылымында оқу-таным әрекетінің сапасын анықтайтын дәстүрлі ''5'' балдық жүйелер қолданылады.
''5'' бағасы - оқу материалын толық, дәл логикалық, бірізділікпен айтылған жауапқа қойылады;
''4'' бағасы - оқу материалын толық біледі, бірақ болар-болмас кемшілігі бар жауапқа қойылады;
''3'' бағасы - жауабы негізінен дұрыс, бірақ толық емес, білімінде кейбір проблемалар еске алынбаған жауапқа қойылады; ''2'' бағасы - оқушы жауабында қателер, білімінде елеулі кемшіліктер бар жауапқа қойылады;
''1'' бағасы - тексерілген оқу материалы бойынша білімі жоқ, толып жатқан өрескел қателер үшін қойылады.
Зачет (сынақ) - қорытынды бақылаудың айрықша түрі, ол белгілі бір тарау немесе тақырып бойынша атқарылған оқу жұмыстарының бүкіл өн бойында мұғалім қолданған тексерудің барлық түрлерін ескере отыра қойылады. Ол (1959 жылдан енгізілген) оқу бағдарламасы-ның негізгі бөлімдері және тақырыптардағы білім, білік, дағдыларды жүйеге келтіру, тереңдету міндеттерін шешеді.
Емтихан - оқушылардың білімін қорытынды тексеру-дің және бағалаудың арнаулы формасы. Ол (1944 жылдан енгізілген) оқушылардың білімін жинақтауға және бір жүйеге келтіруге, оларды оқу жылы бойынша оқуға ынталандырады, оқу жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі.
Емтихан мен жылдық үлгерім бағаларынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды бағалар шығарылады.
БІЛІМДІ БАҒАЛАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Резюме және ұсыныстар:
Бұл мақалада білім беруде жалпы кездесетін қиындықтарды шешуде
қолданылатын әдіс – тәсілдер туралы, білім сапасын көтеру мәселелері
туралы айтылған.
Әртүрлі тексеру жүргізуде, оқу үрдісінің белсенділігін, білім деңгейін
және студенттің өз бетінше жұмыс істеуін анықтау – негізгі мақсат болуы қажет.
Соңғы жылдардағы қоғамдық және әлеуметтік өмірдегі болып жатқан
елеулі өзгерістер жоғары оқу орындарының алдына көптеген жаңа
міндеттер қойып отыр. Әсіресе, білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету жасалынып жатқан талпыныстар, түрліше кәсіптік бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орнының пайда болуы, болашақ мамандар даярлау ісіне жаңаша талаптар қоюда.
Қазақстан қоғамының жоғары оқу орындарын бітірушілердің даярлық
деңгейіне талап ретінде жаңа әлеуметтік тапсырыс беруі, білім
бағдарламаларына өзгерістер енгізу, осы заманғы оқыту технологиясын қолдану, студенттердің білім сапасын арттыру, оларды жаңа болмысқа тең келетін кәсіби дағдыларды меңгеруі қажеттігін туғызады. Сондықтан білім сапасы, білім үрдістерінің нәтижелілігі қол жеткен, сонымен қатар жоспарланатын және күтілетін білім деңгейін объективті өлшем бірліктері негізінде білім беру қызметінің нақты және күтілетін нәтижелерін салыстырудың жаңа механизмін жасауды талап етеді.
Қазіргі кезде қалыптасқан қоғамдық практиканы қайта бағалау, жалпы
білім беру жүйесіне, мамандарға қойылатын талаптарды өзгертуде, қазіргі мамандар алған білімдерін жан – жақты саралап қана қоймай, сонымен бірге шығармашылық қызметке де, кеңінен ойлауға да қабілетті болуы тиіс. Сондықтан, жоғары мектептегі оқу үрдісі жастардың шығармашылық потенциалын дамытуына жол ашуы қажет.
Ал жас ұрпаққа беретін білім мазмұнын жаңарту, оны заман талабына
сай игеру, оларды отансүйгіштікке, ақыл – ойын жан – жақты дамытуғатәрбиелеп, әрі елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың белсенді жалғастырушысы ретінде қалыптастыруда оқытушылар мен әдіскер – ғалымдардың ролі зор.
Заман талабына сай қызмет істеу үшін оқытушы алдымен өзінің
теориялық және әдістемелік білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденуі, өз мамандығы бойынша іс – тәжірибелерін жетілдіру және қызмет саласындағы жаңалықтар мен озық тәжірибелерді үнемі пайдалануы тиіс. Сонымен қатар өз тарапына айтылған сын – кемшіліктерді мойындап, дер кезінде түзетулер енгізіп, жаңалықтың жаршысы бола білген жөн. Сондықтан әрбір оқытушы нені оқыту, не үшін оқыту, қалай оқыту қажеттігіне көз жіберіп, өздерінің жұмыс бағдарламасы мен практикалық қолданысының сапасына баса назар аударуы қажет. Дәрістерді, практикалық семинар сабақтарды ескі жүйе бойынша емес, түрлі белсенді ойындар, прогресивтік әдістер арқылы өткізіп, студенттердің ойын ширату, теорияны құрғақ баяндай бермей, практикамен байланыстыра отырып, бірлесе түсіну жолдарын қарастырған жөн. Ал студент ақпаратты, іс – әрекет тәсілдері мен өлшемдерін қамтитын қоғамдық және жеке адам игерген ұжымдық тәжірибенің фрагменті жөнінде, оқытушының беретін біліммен шектеліп қана қоймай, оны әрі қарай өз бетінше белсенді, нысаналы танымдық іс – әрекеттің арқасында игеруі тиіс. Оны жүзеге асыру, жоғары оқу орындарында студенттердің танымдық белсенділігі мен ізденімпаздығын ынталандыруға септігін тигізетін оқу үрдісін ұйымдастырудың тәсілдерін, әдістері мен нысандарын іздестіруге өзекті сипат береді. Ал жоғары оқу орындарда студенттердің алған білімін тексеру мен бағалау жұмыстары, олардың оқуға қабілеттілігін, білімді қаншалықты дәрежеде игергендігін, өз мамандығына деген жауапкершілігін сапа жағынан анықтап қана қоймай, оларды шығармашылдық ізденіске кеңінен ойлауға қабілетті, саналы азамат болуға тәрбиелейді.
Білімді бағалай отырып, оқытушы студенттердің сол білімді игеру
мүмкіндігін зерттейді, кемшіліктерін анықтап, оларды түзету жолдарын қарастырады, жетістіктерін одан әрі дамыту, жетілдіру жолдарын іздестіреді. Білім деңгейін бағалаудың формальдығы, нақты білімінің шын мәнінде бағаланбай қалуы, асыра бағалаушылыққа жол берілуі кейбір өз істеріне жауапсыздықпен қарайтын оқытушылардың көзбояушылыққа жол беруі, студенттердің білім сапасына ғана емес, адамгершілік қасиеттеріне, келешекте қоғамға пайдалы қызмет етулеріне кері әсерін тигізеді. Білімді тексерудің өзі – кең ауқымды ұғым. Оған білім тексеру жүйесі, тексеру жолы, әдіс – тәсілдері, талап – қағидалары, ұйымдастыру жолы т.б. жатады. Сонымен қатар білімді тексерудің ең басты құрамдас бөліктері: білімді тексеруге қойылатын талаптар, білімді тексеру мақсаттары, міндеттері, білім тексеру сапасы, тексеру құралы т.б.
Бүгінгі таңда оқу – ағарту саласының қалыптасуы мен даму
кезеңдерінде, оқыту тәсілдері мен бағалау жолдарына көптеген әдіскер – ғалымдар педагогика – психологиялық зерттеулер жүргізіп, әртүрлітәжірибелердің сынақ нәтижелеріне сүйеніп, ой тұжырымдамалар келтірді.
Кеңес дәуіріндегі дидакт ғалымдар Ю.К. Бабанский, П.Я. Гальперин,
Н.Г. Дайри, М.А. Данилов, В.П. Есипов, А.Н. Леонтьев, Н.А. Менчинская, Е.И. Перовский, С.П. Рубинштейн, М.Н. Скаткин, Н.Ф. Талызина және басқалар тексеру – оқу үрдісіне әсер ететін басшы құрал және оның білімді меңгеру барысын қамтамасыз етуге әсері зор деп атап көрсетті. Тексеру барысының сипаттамасы, ұйымдастырылуы мен жүргізу жолдарын Г.И. Афонина, А.И. Гончарова, В.Л. Крутецкий, Г.П. Кукла және басқалардың ғылыми еңбектерінде қарастырылса, тексерудің әртүрлі әдіс – тәсілдеріне М.М. Балашов, К.П. Внукова, Я.В. Джамус, Г.В. Ельниковалар және тағы басқалар өз жұмыстарында зерттеулер жасаса, Ю.К. Бабанский, Г.И. Битурина, И.И. Кумбабы, В.П. Беспалько, И.П. Краснянская, И.А. Рапопорт, В.Л. Рысс секілді ғалымдар білімді тексерудің әртүрлі әдістемелік аспектілерін оқу процесінің басты компоненті, құрылымы ретінде қарастырған.
Қазіргі кезде оқытудың нәтижелерін тексеру үшін әрбір студентке
жекелеген тапсырмалар беру арқылы тексеру мен бағалаудың барынша
тиімді екенін көптеген әдіскер – ғалымдар өз еңбектерінде дәлелдеп отыр. Олар А.Е. Әбілқасымова, А.К. Көбесов, Д.Р. Рахымбек, Ә.С. Кенеш, Н.К. Ахметов, Б.Б. Баймұқанов, Т.К. Оспанов, Ю.К. Бабанский, И.К. Бекбоев, В.А. Гусев, В.П. Добрица, Е. Медеуов, Ю.М. Колягин, В.И. Крупич, А.В. Метельский, С.Е. Шәкілікова, И.М. Чередов, Н.М. Шахмаев, Ә.К. Қағазбаева, Қ.А. Өтеева және т.б. Бұл ғалымдар еңбектерінде білімді тексеру мен бағалаудың нақты тәсілдерін қарастырып қана қоймай, студенттердің педагогикалық ой – өрісін кеңейту, оқу қызметін ұйымдастыру түрлері мен әдістерінің жалпы қағидаларын айқындап көрсетті. Оқытудың нәтижелерін, алған білім сапасын анықтау, тексеру мен бағалау тәсілдеріне бүгінгі таңда да толықтырулар енгізіліп, зерттеулер жүргізілуде. Олардың маңыздылығы мен мәнділігін анықтауға қажетті нақты тұжырымдамалар келтіріліп, әдістемелік құралдар қоры жинақталуда.
Сонымен бүгінгі таңда оқу – ағарту саласында қоғамдағы қиындықтар
мен қаржы тапшылығына қарамастан, білім беру көп нұсқалы, деңгейі
әртүрлі жүйелердің жиынтығы ретінде қалыптасуда. Шын мәнісінде білім жүйесі бір-бірімен тығыз, жан-жақты байланыстағы үш саланың – білім, білім беру, білімді тексерудің біртұтас
бірлігі іспетті.
ҚОЛДАЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕР ТІЗІМІ:
1. Аванесов В.С. Формы тестовых заданий. Учебное пособие. –М., 1991. – 52с.
2. Талызина Н.Ф. Контроль и его функции в учебном процессе.//
Советская педагогика.-М., 1989. -№3. –С.11-18.
3. Шәкілікова С., Қағазбаева А. Стандарттың орындалуы – мамандар
дайындаудың сапасына қойылатын басты талап.// Қазақстан жоғары
мектебі. -№1 1999. С.172-175
Достарыңызбен бөлісу: |