Калла. (Zantedescia)Ароит тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік. Отаны – Африка. Қысқарған сабақты, тамыры пиязшықты. Жапырағы стрелка тәрізді. Наурыз – сәуір айларында гүлдейді. Калла жазда тыныштық кезеңінде суғаруды сиретеді. Қыста салқын бөлмеде +8 -10 С ұстайды. Қаңтар, ақпан айларында тышыштық кезеңі аяқталады, бұл кезде өсімдікті құнарлы жерге отырғызу қажет.
Драцена ( Dracaena deremensis),агавалар тұқымдасына жатады.
Драценаның сыртқы көрінісі кардилина өсімдігіне ұқсайды. Мұның да жасыл түсті немесе басқаша боялған жапырақтары таспа тәрізді болып келеді. Шағын гүлдері шашаққа ұқсайды.
Драценалар жарық мол түсетін орында жақсы өседі. Бұларды қалемшелерінен, тұқымынан көбейтеді. Вегетативтік жолмен көбейткен кезде сабақтың жоғарғы жағынан діңін жартысына дейін кертеді. Кертілген аралық жанаспау үшін ол жерге шырпы қояды. Бұл жерден тамыр өсіп шығуы үшін ылғалды мүкпен орап, байлайды. Егер бұл аралыққа ішінде қоректік заты бар жарылған құмыраны орналастырса ол бәрінен де қолайлы болады. Кертілген жерден көп ұзамай, тамыр өсіп шығады. Тамыр пайда болғаннан кейін өсімдіктің бұл бөлігін кесіп алып, құмыраға отырғызады. Сабақтың қалған бөлігін 6-8см бөліп алып, топыраққа қисайта отырғызады да, тамырландырып өсіреді.
Плющ ( Hedera helix Z.), аралие тұқымдасына жатады.
Қоңыржай, көлеңкелі жерде жақсы өсетін өсімдік. Жеткілікті суарса және су бүркіп тұрса, сабағында тамыр пайда болады.
Плющтің жапырағы бес салалы, түсі көк жасыл, жүйкелері ақ, сабағы өрмелеп шырмалып өседі. Жабайы түрде Жерорта теңізінің маңайында және Америкада тастардың арасында өседі. Қырым және Кавказда далада өсе береді. ұзын сабақтары тасты шырмап жатады. Алыстан құлпырып көрінеді.
Үйдегі өсімдік ұзарып өсу үшін астынан тіреу қояды. Жыл сайын көктемде көшіріп қайтадан отырғызады. Ол үшін 1 үлесі жапырақ топырақ, 1 үлесі шірінді топырақ, 1 үлесі құм қоспасы пайдаланылады. Жазда жиі суарып, жиі-жиі су бүркіп тұру керек. Қыста оның тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Жұмсақ шүберекпен жиі сүртіп тұрады. Ол үшін үйдің температурасы тым жоғары болмауы керек. Үй тым жылы болса оны өсімдік биті басып кетеді.
Қалемшеден өсірілген өсімдік бір жылдың ішінде 1,5м жетеді. Құмға отырғызылған қалемшенің беті әйнекпен жаппай-ақ жиі суарып отырса жақсы көгеріп өсе береді.
Традесканция ( Tradescantia Z.),каммелилер тұқымдасына жатады.
Традесканцияның 30-ға жуық түрі бар. Бұлардың кейбіреулері Оңтүстік Қазақстан жерінде жақсы өсіп гүлдейді. Традесканция түрлерінің барлығы да шөптесін өсімдіктер. Олар салқын үйде (5º), жылы үйде де (20-22º), жарық және көлеңкеде де өсе береді. тіпті оларды суда өсіруге де болады.
Традесканция түрлері қалемшелеу және бөлу жолымен жақсы көбейеді. Көбейту үшін ұзындығы 5-7см сабақтарды дайындалған құнарлы топыраққа отырғызу қажет. Сонда 7-8 күннің ішінде тамырланады. Тұқымы арқылы көбейтуге де болады, бірақ бұл әдіс селекция жұмыстары үшін қолданылады. Традесканция түрлерін жылдың кез-келген мерзімінде көбейтуге болады. Алматы жағдайында традесканция жаз айларында жақсы жетіледі, мамыр-тамыз айларында гүлдейді. Бұл уақытта өсімдікке күн сайын су құйып тұру қажет.
Каланхое ( Kalanchoe daigremontiana ),жасақ тұқымдасына жатады.
Шыққан жері Мадагаскар аралдары мен Оңтүстік Африка. Оның оранжерея мен бөлмеде өсірілетін 5- ке жуық түрі бар. Көбейтілуге арналған биофиллиумның жапырағы кеуекті, етті келеді және оның жапырағының шеттерінде кішкене қосылған бұтақшалары болады. Кейіннен бұл бұтақшалар үйкеліп жетіледі де, топыраққа түсіп қайтадан жаңа өркен береді. ол вегетативті жолмен де жапырақ және сабақ қалемшелерімен де, тұқыммен де көбейеді.
Бриофиллиум жарық сүйгіш өсімдік. Сондықтан оны күн сәулесі мол түсетін жерде ұстау қажет. Олар құнарлы топырақтарда өседі, салқындау бөлмеде (10-12º жылыда) қыстап шығады. Оның бірнеше түрлі кактусжәне басқа да сол сияқты суккуленттік өсімдіктермен бірге әсемдік үшін пайдаланылады. Осымен бірге мұны тұрғын және қызмет орындағы бөлмелерде сәндік өсімдік ретінде өсіреді. Диагремонтианум бриофиллиум халық арасында емдік дәрі-дәрмек ретінде қолданылады, оның жапырақтарынан гастрит, уықты жара және басқа да ауруларды емдеу үшін қоспа дәрі даярланады. Бөлме жағдайында өсіргенде бриофиллиум күй таңдамайды. Оны барлық жерде өсіруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |