Крахмалмен целлюлозаның айырмашылығы Полисахаридтерге крахмал мен целлюлоза жатады.Бұл полисахаридтердің бір-бірінен айырмашылығы: а) крахмал молекуласы α-глюкоза, ал целлюлоза молекуласы β-глюкоза қалдығынан тұрады;
ә) құрамындағы буындар саны да (n) әр түрлі, крахмалда бірнеше мыңнан, целлюлозада бірнеше миллионға дейін жетеді;
б) крахмал молекуласы құрылымы — түзу сызықты және тармақты, ал целлюлоза молекуласы — тек түзу сызықты.
Сондықтан олардың қасиеттері өзгеше. Крахмалдың қоректік зат ретінде алатын орны ерекше. Крахмалды адам мен барлық жануарлар азық ретінде қабылдап, қорыта алады, ал целлюлозаны тек күйіс қайыратын малдар, ұлулар және микроазғалар ғана қорытады. Фотосинтез процесі нәтижесінде жұтылған күн энергиясы көмірсуларда қор болып жинақталады. Тыныс алғанда жұтылған оттекпен тотығып, көмірсулар жинақталған энергияны ағзаға береді. Табиғатта кең таралуына байланысты көмірсулар маңызды өнеркәсіптік шикізат болып табылады. Көмірсулардан этил спиртін, қопарылғыш заттар, дәрі-дәрмектер, қағаз, жасанды талшықтар өндіреді
Пектин заттары Пектин заттары-деп молекуласы галактоурон қышқылының полимерінен тұратын полисахаридті айтады. Онда полигалактоурон қышқылдары бір-бірімен 1-4 гликозидтік байланыста болады.
Табиғи пектин заттарында полигалактоурон қышқылдарымен бірге галактандар, арабандар ілесіп жүреді. Пектин заттарының негізін құрайтын пект қышқылы, оның карбоксил тобы метил спиртімен эфирленіп пектин береді, ал кейбір молекуласы металдармен алмасып пектинаттар береді.
Пектин заттары өсімдіктің жасуша қабықтарында және жасуша аралық ортақ пластинкасында жиналады. Көп мөлшерде пектин піскен жемістердің,көкөністердің шырынында жиналады. Пектин заттары тамақ өнеркәсібінде кондитер бұйымдарын дайындағанда кең қолданылады (пастилла, мармелад, шоколад конфеттері т.б.)