Бір сен деп Таңменен тұрдым «Бір сен»-деп



Дата27.12.2016
өлшемі0,58 Mb.
Бір сен деп...

Таңменен тұрдым «Бір сен»-деп,

Бақыттың тауып базарын.

Көңілсіз сәтте күй сөнбек,

Еріксіз тартты ажарың...
Өмірді сүрдім «Бір сен»-деп,

Арнадым жырын сырын да.

Жаурадым кейде бүрсеңдеп,

Уайымның қатар мұңында...


Қуандым тағы «Бір сен»-деп,

Аялап сақтап арыңды.

Жанымда сенсің күлсем тек,

Сыйладың бақыттарыңды...


Табиғатқа келем «Бір сен»-деп,

Жауыны жуып жанымды.

Сенсіз тек қиын білсең тек,

Күрсінген күрес шағымды...


Жырымды жаздым «Бір сен»-деп,

Сағынып тұрам арайым!

Жарқырап аман жүрсең тек,

Бақытқа соны балайын!!!



13.12.2013жыл.

Гүлсезім

Бақытты шақтарым да,

Уайымсыз бақтарым да,

Жалынды оттарым да

Өзіңмен байланысқан...
Жайраңдар жастығым да,

Ойрандар мастығым да,

Өзіме қастығым да,

Өзіңмен байланысқан...


Өмірмен күресім де,

Алған сәл үлесім де,

Бір сұлу жүр есімде,

Өзіңмен байланысқан...


Сағынтып сағындырған,

Аңсатып ағын құрған,+

Сезімге бағындырған,

Өзің едің...


Өмірге құлшындырып,

Тартатын тылсым қылық,

Елітер гүл – шындық, ұқ!

Сезім едің...



18.12.2013жыл.

Осы бір мөлдір кезім бе?
Осы бір мөлдір кезім бе?

Ұрынар сиқыр сезімге,

Уақытты тоқтата алмайсың,

Тағдырдың тулап тезінде...


Осы бір сәтім бақ па еді?

Керемет көркем шақта еді.

Сағынып алыстағыны,

Жақынға уақыт жетпеді...


Көңілге қарап күй кештік,

Заманға қарай ілестік.

Бармадым қиянаттарға,

Көріп тұр Алла және есітіп.


Өмірдің аңсап пәк шағын,

Адамдық ардан аспадым.

Өмірге тоя алмадым,

Жалған да мынау қас қағым.


«Арманға алыс жетем»- деп,

«Аңсаумен неге өтем?»- деп,

Намыс пен арын аялап,

Парызын адам өтемек...



19.12.2013жыл.
Тастанды бала...

Шақалақ жатыр аязды суық боранда,

Бейкүнә сәби жұпыны мата орамда.

Қалайша қиып, далаға тастап кетті екен?

Анасы сонша қатыкез, тексіз, арам ба?
Шырылдар сәби шыдамай аштық суыққа,

Ашыла қойса тас темір есік жуықта.

Қоғам мен пенде жасаған қателіктерін,

Жасымен жатыр жуып та...


Жылауда сәби, кімдерден кінә табамыз?

Өрши де түсті-ау, жазылар қашан жарамыз?

Санамыз қайда, ар менен иман ұят қайда?

Адамзат қайда барамыз?


Ұрпақтан безу қоғамға қайғы қасірет!

Бабадан қалған ар, ождан, намыс, өсиет!

Жетімді елер, жесірді жебер ел едік,

Өнеге болар өсиет...

Жылаумен шаршап, сәбидің үні басылды,

Өмірге келмей суықтан мүлдем шошынды.

Тағдыры тәлкек, ертеңгі күні не болар?

Беймәлім есік ашылды...


Алладан билік, құлшылық жасар пенде - құл!

Заңдылық бәрі,үндескен әлем үнде кіл!

Бір күні бала тастаған көкек анаға,

Қамқор болмасына кім кепіл?!



20.12.2013жыл.

Шабыт сыр...

Сырым бар ешкімге де ашылмайтын

Жүрекпен кеудемдегі бірге соғар.

Өзіммен өлең болып басылмайтын,

Шабыт боп аққу қанат бірге қағар...
Ол сырым жақындатты табиғатқа,

Жан дүнием мөлдірлікті қалады да.

Дегендей: «Өзгені емес мені ұнат та,

Гүлін ек сезімдердің дарағына!»


Сезімді жырлау үшін жаралдым ба?

Сұлулық неге сонша тәнті етті?

Айыпты болғандаймын ар алдында,

Өмірде қаншама мың ғашық өтті...


Қар түсті әппақ бейне сезімдей боп,

Нұрландырып қуантты жан жүректі.

Сұлу әлем көрінді өзіңдей боп,

Шабыт сыр қар ұшқыннан сан дір етті...


Мүсінің елестеді, ой тереңде,

Табиғат жасағандай сені қашап.

Алаңсыз жүрсің бе екен ақ әлемде,

Аяулым аққаланы өзің жасап?!...



21.12.2013жыл.

Демде ғой бәрі...

Демде ғой бәрі шарықтау менен құлау да,

Сүйкімсіз болу, жүрекпен қатты ұнау да.

Әр істің түбі сабырға жанды келтірер,

Қарқылдап күлсең дайын жүр тағы жылауға...
Бәрі де демде, мәңгілік өмір тұрмайды,

Ауысар бәрі, байлық пен бақ та зырлайды.

Алысың арбар, жақының сыншы жалғанда,

Адамды намыс шыңдайды...


Мықтының бағын алыптар ғана ашады,

Бүгінгі күннің айтылар жыры, осы әні.

Басыңда бағың, астыңда тағың, бәрі дос,

Аяғың тайса бірі де қалмас, қашады...


Әділдік әркез адал достардың қалауы,

Жалтақтар жалған қимастықтардың алауы.

Адамгершілікпен адамның аты еленер,

Желбірер армен жалауы...


Бәрі де демде, не жетер сыйлас көңілге?

Тағдыры қилы адамға сірә жеңіл ме?

Жақсылық жасап үлгеріп қалуымыз керек,

Бір ғана келер өмірде...



23.12.2013жыл.
Мені сағынғаның шығар...
Ойланып от боласың да,

Өзгеше көз қарасың да,

Мені ылғи еске аласың да,

Мұңайып егіле бердің...


Аңсарың ауытқытып естен,

Сыр бүгіп сиқырлы кештен,

Сол уақыт шыға ма естен?

Келеді көргім...


Алаңдап жүресіңдағы,

Құлақты түресіңдағы,

Мені ойлап күлесіңдағы,

Мың елес тұрар...

Бағыңа бара алмай жүрсің,

Ләззатын сезінер тылсым,

Аңсауға ұласты бұл шын,

Сағынғаның шығар...


Атырған таңдарды көзбен,

Кайда сол даланы кезген?

Жеткізе алмайтын сөзбен,

Сезімім едің...

Ұрлатқан ұйқыны түндер,

Бағында балқыған күндер,

Ұсынған аңқыған гүлдер,

Өзіңді іздедім...


Қарайлап алаңдадың да,

Барғың кеп дала бағына,

Жүрсің ғой сен де сағына,

Аяулы кешті...

Қаншама жылдар да өтті,

Сарғайып сағыныш жетті,

Аңсауым бағына кетті,

Гүл сезім өсті...



24.12.2013жыл.

«Ең үздік кітапханашы» сайысына

Армысыз қауым, көпшілік!

Өнерді сүйдік ес біліп.

Жүйрік боп шықтық жарысқа,

Сайыс дүбірі естіліп.
Біліммен биік мектебі,

Кітапханамен көктеді.

Өтіпті күз, қыс,көктемі,

Бақытқа мұнда жеткені.


Жаңалықпен жүрер қызыға,

Ибалы болып сызыла.

Қол соғып тұрып қарсы алсақ

Гүлжан Байсерікқызына!


Ұлылардың ізі еді!

Байсеріктің қызы еді!

Жиырма жылдық еңбекпен,

Имандылыққа түзеді...


Біліммен әркез биік –ті,

Жақсылық жанға жиыпты.

Қауымға әркез үлгі боп,

Руханилыққа ұйытты...


Өнермен өрге жүзеді!

Өнерлі елдің қызы еді!

Көрегендігін көрсетіп,

Тектілігін тізеді!


Кітапхана қордың арнасы!

Мәдениеттіліктің ордасы!

Жаны сұлу жандарды,

Ардақтап елім қолдашы!



24.12.2013жыл.
Тартылыс өмір...

Сені қорғап, сақтай алар ма екенмін?

Қарашығым аяулысың мен барда.

Арасында жүр ме екенсің бөтенннің,

Жанашырым мені ойладың таңдарда....
Уайымдадың, жүрегіңді сезінем,

Қайың бағым шақырады алыстан.

Қар боп кейде шуағыңнан езілем,

Аңсап жеткен ғарыштан...


Әттең өмір қарбалас қой күйбеңі,

Жақын жанның жанында көп болмаймыз.

Арман болып қала берер үйдегі,

Қорған болар еңбекпенен самғаймыз...


Жақсы көрер жандарға да жете алмай,

Сезімді ішкі айта алмадық ашылып.

Жылы сөзге ақ тілекпен қайтармай,

Асығамыз жақсылықты жасырып...


Аяулы жан өмір сенімен өзгеше!

Бақыттымын, алда келем сенімде!

Сезін сен де ғажайыпты ендеше,

Жүрегімнің сақтала бер төрінде!!!



25.12.2013жыл.

Қазақ қызы...

Қазақ қызы біліміңмен, биік тұрсың иманмен,

Ғасырлардың сыйысың сен, жанын баба қиғанмен!

Ардақтысың, аяулысың, арың әппақ сақталған,

Жүрегіңмен нәзіксің сен, жасын жанар тыйғанмен...
Жаның қалап әділдікті, қорғап мәңгі отбасын,

Бауырларға қорған болдың жаның сая тапқасын.

Ата ананың абыройын асқар тауға шығардың,

Аллам алда сақтасын!


Қазақ қызы сабырлысың, сенен мәңгі болашақ!

Қазақ қызын ардақтайық мәңгілікті қаласақ!

Адам ата Хауа анадан әлем болып тарасақ,

Сұлулықтың орны төрде, қорған болып, жарасақ.


Байыптысың сабырменен әрбір іске үн қосқан,

Намысыңмен алда жүрсің қиындыққа сынбастан.

Өзін мүлдем ойламайтын перзентіне қорған боп,

Отбасының ұйытқысы, құрметті ана- шын дастан!


Қазақ қызы - имандылық, ар мен ұяттың бұлағы!

Мейірім мен жылы жүрек, шынайылық шырағы!

Қарындасым, қарлығашым ағаңда мол сағыныш,

Сені көрсем сағым болған анам есте тұрады...



27.12.2013жыл.
Ата тілек-бата тілек!

Қадамың құт боп басталсын!

Білімді болсаң асқарсың!

Бақытың болсын баянды!

Адамгершілікпен дастансың!
Еліңнің ойла ертеңін,

Жақсылықта жайна көркемім!

Халыққа қамқор, қорған бол!

Тұлғасы болғын өлкенің!!!



30.01.2014жыл.

Бауырлық-ай...

Сұлтан аға ойға шомды...

Өмірінің қызық кезін қалдырып,

Еңбек еткен күндері тұр жаңғырып.

Қимастықпен еске алды өткенді

Бауыр үшін күйіп тоңды,

Солар үшін үйден безіп қаңғырып,

Әрбірінің қызықтарын ән қылып,

Көркейткен-ді күн көңілін көктемгі...
Ата анасы ерте кетіп,

Бауырларға қорған болып қалған-ды,

Тек соларға арнаған-ды арманды.

Жарты нанын бөліп беріп, жей алмай

Өзідағы ерте ер жетіп,

Еңбектеніп қара күшті салған-ды

Алда болған, ел аймағы таңқалды,

Денсаулығын көрмеген-ді емдетіп...


Қызметке тұрдыдағы

Інілерін тартты барлық биікке,

Оқытты да, қызмет берді үйіп те

Інілерін жеке-жеке үй етті.

Солар үшін құлшынбағы,

Уақыт ұқсар киікке,

Елі ардақтар сүйіп те,

Қайран жүрек сыр берді де , дір етті...


Ұзақ жатты ес түсінен айырылып,

Емханада есін жиған кенеттен,

Ауру келген тым қиналған себептен,

Күрес болып өтіпті ғой өмірі...

Құрмет еткен елі келген қайырылып,

Құрақ ұшып, халқы тағы ер еткен,

Асқақ басын қиын сәтте төр еткен

Қайран өмір қатар қиын жеңілі...


Осы сәтте сынамаққа ой келген,

Бауырлардан сымтетікпен сұраған

«Бауыр керек, басқа жерім дін аман

Бауыр берсең аман қалар түрім бар»

Кенже інісі үндемеген, сенделген,

Ортаншысы «Сары ауру»- деп жылаған,

Сұлтан аға жауаптарға құлаған.

Жырақ кетіп өзі өсірген құлындар...


Ертесіне кенже інісі келінмен,

Сүмірейіп үйіне кеп бас ұрған,

Келіні екен жаралған пәк асылдан.

«Аға менің бауырымды алыңыз.

Ініңіздің мінін ылғи жасырғам

Бауырда ғой өмірдегі асыл мән!

Аман есен қорған болып қалыңыз!»
Келінінің риза болып сөзіне,

Сынағанын айтып салған ашынып,

Өлсемдағы кетер едім жасырып.

Қайтер екен деген едім қызықтап

Қайран өмір жас келеді көзіне,

Кім бауырын жамандайды ашылып?,

Тырнақ еттен ажырамас басылып.

Ағайын ғой қызық бақ!!!


Бауырлыққа жетпес бәрі,

Амандығы қанатың ғой қайырылмас!

Адалдығы бақыт бағың айырылмас!

Күшіңді де танытады бірлігі!

Бауырымен жігіт нары!

Ынтымағы мейірімімен айнымас!

Бауырлықтың ұлылығын мәнін аш!

Текті ұлдың содан болар ірілігі!!!



03.01.2014жыл.
Астана әсері...

Астанананың нұр шуағы,

Күн шырағы себелеп.

Аязы кеп шымшылады,

Тұнжырар таң не себеп?
Биіктерге самғадым да,

Жалғадым да арманды.

Үмітімді қамдадым да,

Білімге өмір арналды...


Қарап тұрып таңқаласың,

Жанталасын өмірдің.

Елің үшін арналасың,

Келмейді еш жеңілгің...


Өмір –күрес, алға ұмтылған,

Тарқатылған тағдырмен.

Құрметтелсе жеке тұлғаң,

Арқасы ел - ән жырмен.


Астана-гүл- алып қала!

Халық дана үн қосқан!

Болашаққа жарық бола,

Жазылады мың дастан!!!



05.01.2014жыл.

Қазақ қызы

Құлпырасың гүл көктемгі, табиғатың тартады,

Тұнжырасың сыр өткел-ді, еске салар өткенді.

Жаның бөлек, ақ жауынын күтіп күн-түн жүргендей

Күліп жүрші, өмір ғой бұл, кімдер келіп, кетпеді...
Қазақ қызы тағдырымен күресуші нар тұлға!

Саған тілек, саған үміт жақын жандар артуда.

Өмір өзі басталады жылауымен күреспен,

Алда ақ жол, сірә болмас шегінуге, қайтуға...


Дидарыңа ұқсатамын табиғаттың тартуын,

Сұлулықты сақтау бөлек, сүйкімділік шарты мың!

Тектілігің телміртеді, келбетіңмен келісті,

Қылығыңмен қымбаттысың, қыз-қасиет-жалпы ұғым!


Елік мүсін еліткендей, еріткендей қарасы,

Жазылғандай ер жігіттің жүректегі жарасы.

Барлық уайым кетер ме еді, мұңның жібі сөгіліп,

Күн шыққандай күлімсірей тағы да бір қарашы...


Сұлулықтың сиқыры мол, кереметтің киесі,

Сезім болып өрілесің тартылыс боп жүйесі!

Табиғаттай тартымдысың таңғажайып таңдағы,

Қазақ қызы сен аман бол сүйкімділік иесі!!!



06.02.2014жыл.

Жігіт сыры

Сұлулықтан бас айналып,

Тұрып қалғам тамсанып.

Ұмытылған қайғы анық.

Тұрғандай ең қарсы алып...

Тілім тағы күрмелді де,

Еске түспей ешбір сөз.

Көңіл басқа түрге енді де,

Ұмытылмады сол бір кез.
Содан кейін басылмадым,

Жасырмадым шаттықты.

Сыр боп әсем жасыл бағым,

«Сен»-деп жүрек аптықты.


Уақыт өтті аңсауменен,

Шаршауменен күн өтті.

Үміт болды жансам деген,

Бірге қосып тілекті...


Ешкімге де айта алмадым,

Қайта алмадым жолымнан.

Желсіз күнде шайқалғаным,

Бара алмадым соңыңнан...


Уақыт өтті сағынышпен,

Бағынышпен тағдырға.

Жүректегі жарылыспен,

Сақталарсың ән жырда...


Уайымыңның ұмыт бәрін.

Күнім болып күлгейсің...

Сені ұнатқан жігіт барын,

Жүрегіңмен білгейсің...


07.02.2014жыл.

Жігіт сұлтаны

Ассалаумағалайкүм ардақты елім!

Құрмет тұтам өнерін алтын кенін.

Байқауға бағым шауып келіп тұрмын,

Болып тұр айым туып жолым менің.
Асылханның ұлымын Жұмабекпін,

Өрінде өсіп өндім сыр әдептің.

Өнердің неше түрін көрсетемін,

Мұқағали жырымен бөлемекпін!


Тұлпар мініп, ойнадым құлағында,

Кітаптан танып өмір сынағын да.

Жігіттің сұлтаны боп сыналмақпын,

Айналып бүгінгі сәт жыр ағынға!

Үризат апай сыныпты басқарады,

Жүзі жылы, мейірімді қас қабағы.

Білімім өнеріммен сыналады,

Болашақ өнерліден басталады!


Елбасы айтып өткен арнауында,

Мақсат, мүдде, болашақ жолдауында!

Мәңгілік елге біздер айналамыз,

Бірлік пен ынтымақты қолдауыңда!



09.02.2014жыл.
Сұлу әлем

Әппақ қармен нұрланды да шұғылаң,

Түгел боп тұр көңілдегі құбылам.

Содан бері тым ерекше күйге еніп,

Шабытымды мен өзіңнен ұғынам.
Сезім өрбіп қарлы аяз боранда,

Кейде ысып, кейде суып тоңам да.

Өз-өзіммен күресумен өтермін,

Сағынышым құтқармайды және алда...


Табиғаттың көркін көріп жаныңнан,

Мен алыста тек өзіңді сағынғам.

Шырша тектес жас боп тұрсың көңілімде,

Қар көтеріп тағдырына бағынған...


Тау көңілім бе қамалдарды бұзатын?

Уақыт шебер, ішті жейді ыза тым.

Күндер бізді әкеліпті күйбіңге,

Жылдар түзді әжімдерін сызатын.


Тау көңілім ыстық бейне күнге асық

Жырым болды сырласатын мұңдасып.

Ешкім мені түсінбейді-ау әлемде,

Болмаған соң өмірінде шын ғашық...



10.02.2014жыл.

Қандай ғажап!
Берекесі кіріп үйдің жайнаса,

Немерелер жан-жағыңда ойнаса.

Қандай ғажап денің сау боп өмірде,

Әрбір күнің еңбекпенен қайнаса.


Шаттық сыйлар абыройың асқақтап,

Алға ұмтыл көрме сірә жасқақтап.

Қандай ғажап құрметтелсең, еленсең,

Берекеңе ырыс келіп, қоспақ бақ.


Бәрі дағы еңбегіңнің жемісі,

Елді сыйлау, емірену - ер ісі!

Қандай ғажап іздеп келсе туысқан,

Сыйлылығың қонағыңның келісі.


Дос көңілі- аспанменен теңескен,

Ұтылған ел өмірбақи егестен.

Қандай ғажап досыңменен сырласып,

Бірге өту қиын қызық белестен!


Қандай ғажап «сіз біз» деген сыйластық,

Бүгін аңыз кешегі өткен күй жастық.

Ғажап екен өмір деген бұл әлем,

Сезім болып өрілетін қимастық...



11.02.2014жыл.
Сұлу табиғат...

Табиғаттан сені көріп танығам,

Сұлуғың ес тандырар бойды алып.

Сол бағымда уайымымнан арылам,

Жыр боп саған өрілемін толғанып.
Жүрегімнің жапырағы сен бе едің?

Бұтағың боп демейінші мен сені.

Сол шырша ма мәртебесі еңсенің?,

Сезім болып кеудемде тұр бөлшегі...


Дидарыңнан шуақ алып аттанғам,

Елесіңнен еміреніп езіліп.

Мен алыста «Сен барсың»-деп шаттанғам,

Сағынышың сезіліп...


Сен айтпадың, ішкі сырды жасырып,

Табиғаттай тылсым күйге ендің де.

Өмір атты жолда келем асығып,

Қуаныш пен жақсылыққа сендім де!


Көл іспетті көздеріңе күй тұнды,

Шырша болып жас боп қалдың елесте.

Менің жаным сұлулыққа ұмтылды,

Сені сыйлап қуантатын белесте!!!



12.02.2014жыл.

Көркем күй...

Сұлулығыңды суреттей алсам,

Елітер мүсін еліксің.

Жырымнан жарық жылына қалсаң,

Уайымыңды бір сәт кемітсін.
Келбетің керім келісті көктем,

Еміне ендім ес жимай.

Басыла алмай бағыма кеткем,

Елесіңді іздеп, еш қимай...


Сағынып сені, сарғайып келем,

Уақыт та мені зырлатты.

Алыстыққа да үйреніп денем,

Аңсаумен келем қыр бақты...


Үндестік алып, үйлесім табар,

Табиғатыңа тартылам.

Жүрегім тағы дүрсілдеп соғар,

Сезімнің тылсым шартынан.


Табиғат менің жанымды ұғар,

Ешкімге тимес зияным.

Еленбес бұл да еркелік шығар,

Аман бол сырда ұяңым...



13.02.2014жыл.

Тылсым күй
Мен өзіме есеп бердім ес біліп,

Кемшілігім кінә артты кешкілік.

Барлық жанды тек өзімдей көріппін,

Тылсым үннен ес жинадым есітіліп...

Сұлулыққа тым беріліп кеткем бе?

Сағынышпен қарайладым өткенге.

Қысым менің қарауытып тұрғанда,

Ынтызар боп қол бұлғадым көктемге.


Қалай ғана көңілімді жығармын,

Ұлылықтан заңдылықты ұғармын.

Қанша жаннан жараландым жаншылып,

Сонша жанды өкпелеткен шығармын...


Қарапайым болсам сірә несі мін?

Қызбалықта болып жатты шешімім.

Ешкімге де қиянатым жоқ еді,

Кінәм болса берсін елім кешірім...


Әсемдікке ынтызармын бақтағы,

Бал күндерім ыстық бала шақтағы.

Жақын жандар жылытты да жанымды,

Досты ойламай сірә таңым атпады...


Дос көңілі - аялайтын заңғар күн!

Аман болса бірге биік самғармын.

Жүректегі жанмен қызық гүл өмір

Тілектеспен бақытымды аңғардым!



14.02.2014жыл.
Гүл сезім

Жаным жүдеу жабырқады шынында,

Қатар келді қуанышым мұңым да!

Бірақ саған өкпе сірә арта алман,

Сақтала бер ару ұлы ұғымда!
Табиғатпен үндеседі сый көшкін,

Сағынышым бірге самғар тіркес тым.

Жырым болды сырласым мен мұңдасым,

Енді мендей тартпасыншы күйді ешкім.


Ешкімге де кінәні мол артпадым,

Өмір –күрес, дамылдамас шартта ағын.

Ешнәрсеге дамылдамас жүрегім,

Осы жерде сағынышпен тоқтағын...


Жыр нөсері, жанда жауын қаптады,

Үміт екен үзілмеген бақтағы...

Сен мәңгілік тап-таза боп қала бер,

Қиялымда сәби бала шақтағы...


Жапырағы дірілдеді жүректің,

Қар боп еріп, жыр тізілді - сыр екпін,

Жанарыңнан үзілгенде сол тамшы,

Сені ойлап, кірпігіңде дір еттім...



17.02.2014жыл.


Қазақ қызы...
Шуағыңмен төгілесің, сәуле шашып көркіңмен,

Өмір болып берілесің ар намыс боп сертіңмен.

Ерлік болып өрілесің Тұмар болып тағылып,

Ару болып ажарыңмен айырасың еркімнен...


Қазақ қызы тектілікпен, өртті үмітпен өрілдің,

Қасиеті халқымыздың, тірегісің сенімнің.

Сұлулыққа құштар болсақ, ұқсар болсақ ғажапқа,

Негізі сен, теңізі сен - кереметтің, керімнің!


Өмірлерді жалғастырдың, күш бітіріп арды ұлға,

Күліп қана келесің сен қарсы жүзіп тағдырға.

Біліміңмен биіксің сен, иығыңда нар жүгі,

Нәзік қалып, әлем танып, айналғансың ән жырға!


Жұмсақ мінез, елік көрік, жан дүниеңді ашқандай,

Жымиясың ерлік істе, жауқазын боп жасқанбай.

Отбасының ұйытқысы,берекесі, ырысы,

Шаңырақта шаттық бар ма, тек өзіңнен басталмай?!


Табиғаттай көріктісің, елік мүсін заңғар да,

Болашақтың бал бақытын өзге сірә қамдар ма?

Қазақ қызы қымбатсың сен, мәңгілікке жалғанған,

Елім аман, жұртым тыныш, өсіп, өнер сен барда!!!



18.02.2014жыл.
Жастығым-ау...
Жастығым-ау, табиғатқа табынтқан,

Үндестігі үйлесетін сәнімен.

Сезіміне күйіп жана бағынтқан.

Бәрідағы жарасатын мәнімен.


Жастық шағым сүйрелеген өрге шың,

Сұлулықпен жарасатын бәрі де.

Қуанасың достарыңды көргесін,

Сол бір шағың көңіліңнің төрі де.


Жастығым-ау мөлдіреген күйде анық,

Пәк күйінде сақталды да жүректе.

Сол бір сұлу кеткендей ме сыйға алып?

Жүрек бүгін дір етпе...


Саябақта жайлы жанға шынында,

Көңіліме көрік берген көркем мың.

Қуанатын шаттығымның шыңында,

Сезім толып, өлең болып, өртендім.


Сол бағымда қалып қойды балалық,

Табиғатым айналды да тылсымға,

Гүл сезімім өз-өзіңді дара қып,

Жапырақта жасырынып тұрсың ба?



19.02.2014жыл.

Сұлулық-ай!
Бір тылсым күш елітіп, ерік күшіммен,

Сұлулықтың сиқырымен баурап тым.

Таңғажайып ғаламаттың ісімен,

Бірде ысытып, енді бірде жаураттың...


Балқып денем, шалқып өлең, ес танып,

От жанарың шарпығанда өртеніп.

Содан бері бір дүрбелең басталып,

Түсіне алмас елес қалған еркелік...


Шошынғандай, тосылғандай түрге еніп,

Сұлу мүсін көзді арбап, тәнті еткен.

Табиғаттай сен келесің түрленіп,

Сағынышын, гүл сезімін мәңгі еткен...


Арбалғандай, сиқырланған жанға ұқсап,

Сұлу бейнең еш есімнен кетпеді.

Табиғатым жая берер жар құшақ,

Тағы келді арманымның көктемі...


Саябақта таптым жанның үндесін,

Аққуымен сырластым да көлдегі.

Ең аяулы сезім алды жүлдесін,

Сұлулықпен сыр болған жан келмеді...



21.02.2014жыл.
Көктем келді...
Көктем келді, шаттығын сыйлай ұнап,

Жылылықтан кеудемнен күй төгілді.

Түрленеді жүректе сезім құрақ,

Сенің бейнең бақтағы гүл секілді...


Баққа қарай тартылдым алаңдап мың,

Қиялыммен «Қыз бейнең жүр ме екен?»- деп.

Бәйшешегін алғашқы саған тақтым,

Жылылығың жүректе тұр мекендеп...

Сенің нұрың секілді сәуле тіпті,

Жырға ғашық жанымды жібітті де.

Жанардағы сағыныш тамшы - шықты,

Айналдырған сенімге үмітті де...


Сұлулығың айналған баққа мына,

Еріксізден ес кетіп аялдадым.

Өтіп кеткен елестің шақтарына,

Еске түсіп күн түні тоя алмадым...


Тырналары қиқулап аспандағы,

Сезімімен кеп жетті сәлеміңмен.

Сағыныштың осы екен басталмағы,

Кездесіп қалатындай келемін мен...



28.03.2014жыл.
Біз тіріміз...
Біз тіріміз, олар өткен өмірден,

Бәрі уақытша, кезек келер ауысып.

Қайран ғұмыр бәрі өлшеніп берілген,

Бәрі астасқан қауышып...


Өтсе адам тәуба етер көп пенде,

Өзіне-өзі есеп бере қалғандай.

Қайран жалған арманына жеткен бе?

Жырақ қалар жалғанбай...


Не тындырдық, қайда ауып барамыз?

Жан жүректі жаралайды міскін мұң.

Алға асыққан артқа бір сәт қараңыз,

Не тілейді ішкі үнің...


Есеп бергін, ренжіттің кімдерді?

Кімге тағы қайғы салдың қаралап?

Күлкісіз күн, ұйқысыз мың түндерді,

Кімге арнадың құрмет тұтып, бағалап...

Алға асықтық, «Адамдық ат» қашауға,

Құлмыз тағы Алла алдында қол бала.

Тек үлгерсек жақсылықтар жасауға,

Өткендерден айырмамыз сол ғана...



31.03.2014жыл.
Көңілімді көктем етіп...

Көңілімді көктем етіп...

Өктем етіп шаттықпен.

Бақытымды дөңгелетіп,

Құрмет тұта пәктікпен.

Сен мен үшін жаралғансың,

Нәр алғансың бағымнан.

Гүлкөктемім оралғансың,

Аңсай жүріп сағынған.
Жетелеген мені арман,

Бейне орман алысқа.

Саған сезім бүршік жарған,

Сені ойлаған ғарышта.

Бақыт мені алдамады,

Талғамады тағдырды.

Тек өзіңмен жалғанады,

Пәк сезімім сан қырлы.


Бағымдайсың бас айналған,

Шырша тектес сезімсің.

Өмір жырым жас арналған,

Жүрек қалай көз ілсін...

Бағамдайтын ар, ғажап ат,

Алаңдайтын кезім мың.

Бақытты екен бар адамзат,

Сақтай алса сезімін...



01.04.2014жыл

Жігіт сыры...

Сені ұнаттым, артық көріп басқадан,

Бір қызығы сөз айтуға жасқанам.

Сен дегенде дүрсілдейді жүрегім,

Басқа жанға сезім сырын ашпаған...
Сені ұнаттым, бәйшешектей көктемгі,

Қуанышым жаңғыртқандай бөктерді.

Қыр жақтағы қиылады қызғалтақ,

Сағынышың тырналармен жетті енді...


Сені ұнаттым, кеудемдегі күй тербеп,

Кештеу өнген бәлкім осы гүл өрнек.

Назың қалды, сазың жанды жанымда,

Лаулаған от жырым болып сыр бермек...


Сені ұнаттым, айдың жарық сәулесі,

Гүлім болып, күнім болып сөнбеші.

Жабырқаған, жараланған жанымды,

Күлкіңменен, үніңменен емдеші...


Сені ұнаттым, аққудайсың сымбаттым,

Сәбидейсің, періште боп үн қаттың.

Тек өзіңмен мағыналы мына әлем!

Тек өзіңмен гүл-өмірім қымбат тым...!



05.04.2014жыл.
Ғажайып өмір...
Таңменен тұрып шаттандым,

Көктемнің лебі сезілген.

Өткен күндерді ақтардым,

Келетін шуақ өзіңнен...


Далаға қарап көз тоймай,

Тауларға қарап тамсандым.

Мүсін боп тұр-ау қашалмай,

Табиғатқа қарап жасардым.

Сағыныш болып қырдағы,

Гүлдер де тұр-ау үлбіреп.

Селт етіп тағы сырдағы,

Дүрсілдеп кетті бұл жүрек...


Ару боп келген ажары,

Наурызым болып ынтымақ.

Өмірдің осы ғажабы,

Ұрпақпен келер үн құрап...


Тағы да келді көктем де,

Балқытып жанды сәулесі.

Тағы да жастық жеткен бе?

Сезімім мәңгі сөнбеші...



15.04.2014жыл.
Тума талант, дара дарын

Болар бала талпынар,

Бесіктен-ақ парқы бар.

Іс қимылмен көрсетер,

Үміт соған артылар...

Туылар ерек ес біліп,

Тегінен тылсым есітіліп.

«Алтын жерде жатпайды»

Баяғы сөз ескілік...
Таланты дара көзге ұрар,

Дарынды елі сөз қылар.

Өнерге болар бейімді,

Шабыты дүлей қоздырар...


Талантқа керек жағдай да,

Бұл бағы бітсе маңдайға.

Демеуші қамқор болмаса,

Дарындар қалар шалғайда...


Қамқорлық керек гүлге де,

Жетуі үшін жүлдеге.

Бұлақты көрсең көзін аш,

Таса етпе көзден іргеде...


Ұстаздан тану талантты,

Мектепке оны оралтты,

Алладан үкім Сіздерге,

Мұғалім етіп жаралтты!!!


Әр жанға қамқор болсын деп,

Әлемге күйіп тоңсын деп.

Ақ пейіл елім талантқа,

Дарынға тағы толсын көп!!! Бертай Токеев



16.04.2014жыл.

Жүректің сезім желкені...

Сағынып кетем демде шын,

Аңсаудың оты жеңгесін.

Алаңдай таңды атырып,

Жаутаңдай күнді батырып,

Талпындым шыны өрге шың...


Табиғат мені тартады,

Бағымда екен хан тағы.

Жүргенде бірге жұптасып,

Күлімдей күліп, нық басып.

Ертегі бүгін ол тағы...
Көлімде жүзген аққумен,

Бақытты едім бақ нумен.

Еркелей естен тандық та,

Жастықпен жалын жандық та,

Ғанибет еді-ау шат күнмен...
Бағыммен басым айналып,

Сұлулық жанда жайланып.

Керемет еді нұр көктем,

Жаныма жылы жыр төккен,

Қалғанбыз бауда байланып...
Ерекше еткен ну бағым,

Ғажап қой иісі шыршаның.

Жаңбыр да төккен себелеп,

Алғандай сыйды егелеп,

Екен-ау сол бір гүл шағым...
Сұлулық естен тандырған,

Әдемі бойды жандырған.

Еміне кіріп ес жимай,

Кеудеде шаттық нұр сыйлай,

Жауқазын едік сән құрған...
Орманым аңыз ертегі

Жүректің сезім желкені

Өртенген кезім бақтағы,

Әлдебір тылсым жақтағы,

Көңілдің көсем көркемі...

17.04.2014жыл.


Көңіл - көктем...
Күн көңілім көктем болып шуақты,

Ақ жүрегім сені ерекше ұнатты,

Сағынышпен ұсталатын бар әлем,

Басылмайтын аңсауына шыдатты....


Табиғаттай тартымдысың талпындым,

Сол бағыма жете алмай алқындым.

Үкілі үміт мені алға бастады,

Сенімміммен келмес тағы сарқылғым.


Табиғаттай тал бесікте тербелдім,

Тыныштықта келер бәлкім емделгім.

Еліктейсің елітетін елжіреп,

Көлге келсем аққу болып өң бердің...


Талдың дағы жапырағы жүрек пе?

Шырша тектес сол баяғы тілекте.

Сол баяғы біздер өткен жол жатыр,

Еске түссе жүрек тағы дір етпе...


Көктем келіп көкке бәрі боялды,

Алаңдауым сен екені аян-ды.

Жасарғандай бар тіршілік әлемде,

Сағыныш пен сезім қайта оянды...



18.04.2014жыл.
Мені іздегін...
Мені іздегін, көргің келсе таңменен,

Бұлбұлдан ұқ қосылатын әнменен.

Бағыма кел мөлдіреген тап-таза,

Керемет боп үндесетін көлменен...


Мені іздегін, ең ғажайып бақтардан,

Табиғатпен үндеседі тәтті арман.

Жырларымнан ұғынарсың жанымды,

Сырларымнан сол сұлулық ақтарған...


Мені іздегін, сол баяғы кездерден,

Көңіл –көктем, сырт келбетім өзгерген.

Жырларымнан жылынар деп ойлаймын,

Жаны жүдеп жабырқаса кез келген....


Мені іздегін, сүйсең мендей өмірді,

Табиғатты жаным қалап телмірді.

Болмағандай ешкімге де зияным,

Құрақ ұшып алыс жақын тең жүрді...


Мені іздегін, көңілімде күй тербет,

Жүрегімді жандырасың сый келбет!

Сұлулықтан сая іздесең баққа бар,

Табиғатта тазарасың жанды емдеп...


Тырна келді, көктен көрдік тізбегін,

Мені іздегін, үмітіңді үзбегін.

Саябақта жанға жайлы ғаламнан,

Елесіңді іздедім....


Сені іздедім, бақтан сені таппадым,

Үміт-серік, сенім-берік, бақтамын...

Гүл-өмірім өріліпті жырменен,

Сен аман бол әппағым...



22.04.2014жыл.
Абырой берші Жаратқан!
Абырой берші Жаратқан!

Тазалық берші Тәңірім!

Шығарма адам санаттан,

Кіршіксіз болшы көңілім...


Шайтанннан аулақ еткейсің,

Иманның нұрын нәсіп ет!

Періште пейіл сепкейсің,

Болдырма қайғы қасірет...


Жалынам Аллам жар болшы!

Тіршілік әлем сыйынған!

Пендеге иман , ар толшы,

Құлшылық ету бұйырған...


Сахаба тұрса сап құрып,

Пайғамбар тұрар жоғары.

Әулиеде болмас жат қылық,

Патша да пенде небәрі...


Тек сенен әмір, барлық іс!

Сәбише сенгем жүрекпен!

Жаныммен саған бұрылыс,

Әлемдік ұлы құрметпен!!!



23.04.2014жыл.

Сағым уақыт...

Жаныңмен ынтықтырып,

Көңіліңмен шындық құрып,

Гүл сезім тұншықтырып,

Сағыныштан.

Алқынып ажарыңнан,

Пейіліңнен тазарылғам,

Қасиет ғажабыңнан,

Алып ұшқам...
Таң болып өрілгенсің,

Жыр болып терілгенсің.

Еңбекке берілгенсің,

Көктем болып....

Қуаныш өзің болдың,

Ұмытылмас кезім болдың,

Куәсі ұзақ жолдың,

Сезім толық...


Арманмен асыққанмын,

Көңілді тасытқанмын.

Бақтағы ғашықтар мың,

Шын бақытты...

Өткенге қарайладым,

Жанымның арай бағын,

Аңсадым, бәрі сағым,

Сол уақытты...



11.06.2014жыл.
Елік мүсін...

Сені көріп, елік мүсін, келбетті,

Жалын жырым жүрегімді селдетті.

Саябағым еске түсіп, ес жимай,

Ай дидарың айдын көлде тербетті...
Сен қарадың, күліп тағы назданып,

Тұла бойым тебіренген жазда анық.

Көктем күнім қайта оралғандай ма?

Жүрек бағы қозғалып...

Жапырақта жасырынған қыз бағы,

Тағдырына таңылғандай тұз – дәмі.

Сымбатыңмен тылсым күйге көшірдің,

Қайың болып алаңдадым құздағы...


Күресумен күліп, жеңіп, талпынып,

Жанарыңда арман, бақыт, жарқыл ұқ!

Аналардан таралады жақсылық,

Қыздан ғана өріледі бал қылық...


Сымбатыңа қайталанбас қарайлап,

Жылдар жылжып сағынтады бал аймақ...

Табиғатым сені аңсап тұрады,

Сырласатын арай бақ...



17.06.2014жыл.

Көрінбей кеттің...

Көрінбей кеттің, алаңдап сені іздегем,

Құпиясын сыртқа шығара бермес қыз деген.

Жаныңа сыршыл табиғатың болып тартылғам,

Бақ еді сұлу бізбенен...
Бара алмай жүрміз, ақ қайың өскен баққа да,

Еріп те кетті-ау, жаураумен соққан ақ қала.

Арпалыс өмір, ертеңге үміт етеміз,

Арманмен жүріп, алаңдап өткен шаққа да...


Жүйіткіген уақыт, бейнебір темір тұлпардай,

Әрбір күн күрес, ертеңгі тарих шырқардай.

Мөлдірлік тұнған жаныңа жақын келемін,

Аққуды ілер сұңқардай...


Сағындым сені, саябақ болып талдырған,

Бойымды ерітіп, сұлулығымен сән құрған.

Тап-таза болып, таң болып атып келесің,

Жас етіп жүрек жандырған...

Бақтағы бейне қызғалдақ болып елесің,

Әлемнің мынау сұлулық жаулар өресін.

Өңімде менің өріліп өмір өрнекпен,

Түсімде мені жырыңа бөлеп келесің...



18.06.2014жыл.

Табиғат гүлі

Сұлулық-ай, жанды ерітіп, күй бөлеп,

Әдемілік ынтықтырар тылсым-ды.

Ажарыңнан аңғарамын сый дерек,

Жүрек неге құлшынды?
Табиғаттан тазалықтан нәр алып,

Ең бір жылы әлемімнен келдің бе?

Сүйкімді боп тылсым күйден жаралып,

Жыр жаныма ендің бе?


Табиғаттың тұнығында тербелдім,

Сол әлемде қалып қойғым келді де.

Үндес болып, тілекші боп сен келдің,

Енді өмірім мәнді де...


Гүл өмірге шындығында ғашықпын,

Табиғаттың тазалығын пір тұттым.

Қайда жүрсем бал бағыма асықтым,

Ғұмырыммен ынтықпын...


Кәусар бұлақ сыңғырымен күлгенің,

Әрбір сәті сағынышпен қыспақ күн...

Мәңгі жас боп сымбатыңда гүлдегін,

Мен өзіңді табиғатқа ұқсаттым...



19.06.2014жыл.
Әйел әлемі...

Әйел –тағдыр, әйел-сезім, әйел-мұң,

Наз үмітпен бүкіл әлем ояндың!

Сұлулық та басталады анадан,

Тіршілігім жақсылыққа боялдың...

Сабырлылық, салмақтылық баянды,

Өмір сүру анамыздан аяулы.

Сезімімен әлдиленген дүние,

Сыңарымен ер де қанат жая алды.
Әйел сыры, ашылмаған құлыпта,

Сол үшін де ынтығамыз тұныққа.

Сұлулыққа сүйсінеміз сыр беріп,

Дәурен мәңгі тұрып па?


Әйел жанын ұға алмай да өтеміз,

Сұлу жанын жылы сөзбен өртеңіз.

Әйел жаны-жарық, демеу тілейді,

Сол сәулемен жалғанады көркем із...


Сағыныштан, бағыныштан жаралып,

Жарылыстан жалын құшқан нәр алып.

Әйелдерден тіршіліктің бастауы,

Әйелдермен сезім келер таралып...



20.06.2014жыл.

Сағын мені...

Сағын мені, жүрегіңмен ынтығып,

Көңіліңмен көріктене күй тұнып,

Сағына бер самал болып жетермін,

Сезімміммен дауыл болып жұлқынып...
Сағын мені, түн тылсымға сыр шертіп,

Түнгі сәуле ынтықтырар үнге елітіп.

Түсіңдегі тамсандырған мен болам,

Аңсау құрған күйге ертіп.


Сағын мені, баққа қарай ұмтылып,

Уақыт - қайшы, өмір – парақ қырқылып...

Келбетіңді көрсеткенде көл беті,

Ақ қайың боп тербеледі мың қылық...

Сағын мені, мөлдіреген күйіңмен,

Жас кезіңнің келбетіне сүйінгем,

Жапырақтай дірілдеген жаның да,

Сұлулыққа сүйсінумен иілген...


Сағын мені, осы бір сәт ағында,

Сезімменен серпілетін сағымда.

Қайран көңіл саябаққа тартасың,

Қайран жүрек сабыр сақта дамылда...



23.06.2014жыл.

Табиғат тарту
Табиғаттан мөлдірліктің күйін ұқ,

Таза ауасы еріткенде жаныңды.

Сұлулық - ай тәтті сәтте қиылып,

Күйге ендірер жағымды...


Сол бір сәтті қайталанбас қимадым,

Жауыны да жылы тиіп жаныма.

Мәңгіліктің сыйын бәлкім сыйладың,

Ынтызар боп тартылатын бағыма...


Көз жұмылып, естен танып бау бақтан,

Сол бір сәтім ең бақытты кезім бе?

Мың қуаныш қаумалады жан жақтан,

Сананы алып беріліппін сезімге...


Сүйкімдісің, жанарың от, өрт пе еді?

Қадалғанда жанға енген сыр қуат.

Содан бері жазылмайтын дерттегі,

Сұлулыққа берілгенмін шын құлап...


Қаншама жыл өтіп кетті, бірақ та,

Табиғатың тартады да тұрады.

Сырларыммен сөнбес сезім сынақта,

Мәңгі өлмейтін жырларымды құрады...



24.06.2014жыл.
Сұлулық-ай...
Сұлулық-ай жырлап өтем мәңгілік,

Анамыздан басталыпты таң күліп.

Әкемізден өрілгенде ар намыс,

Өмір атты жанды үміт...


Сұлулықпен жаралғандай гүл - өмір,

Сенімі –қыз, үлбіреген, тілегі-ұл!

Жақсылыққа арналатын ғұмырың,

Бір-ақ келер, бұл мүмкіндік, біле біл!


Сұлулықпен адамдығың өрілер,

Қасиетпен азаматтық көрінер.

Жақсылығың мың болғанмен түбінде,

Қисық басқан қателігің терілер...


Сұлулықпен адам жаны көркейер,

Әдемі боп күн де көкте еңкейер.

Табиғаттың келбетіне қызығып,

Сезімімен қыз бен жігіт өртенер...


Әдемілік-әулиелік-тас қамал!

Сұлу сезім қарияда, жаста бар.

Әдемілік әлдендірер әлемді,

Барлық әлем сұлулықтан басталар...



25.06.2014жыл.

Көңіл шіркін...
Көңіл шіркін көктем болып,

Күн шуағын тілеген.

Өмір әттең өктем болып,

Сағынышың үдеген...


Жапырақтай жаның жайнар,

Жақын жаннан жылылық.

Бүгін елес өткен айлар,

Ертең арман құнығып...


Күтіп жүрміз бір жылы сөз,

Елеңдейміз жан-жаққа.

Адал достың тұнығын сез,

Осы өмірде ардақта...


Әттең бәрі өткінші, тез,

Қимастық қой бәрі де...

Қайталанбас осы бір кез,

Сыйластық қой мәні де...


Күндер өтті, айлар алыс,

Жылдар өтті жылыстап.

Көңіл шіркін желмен жарыс,

Осы кезің ырыс-бақ!



26.06.2014жыл.
Заңдылық бәрі...
Заңдылық бәрі, ол заңнан пенде аспаған,

Құл болу хаққа, айтылар арнау бастағы ән.

Балшықтан болдық, адамдық толық өтелсе,

Топырақ болып, сол жерді қайта жастанам...


Дәнекер болдық Алланың ғана атынан,

Періштелік пен пенделік бұйрық қақынан.

Сынақ қой жалған, жаныңның жасар жарқылын,

Көрсетер өмір сахнаң...


Рухха көшсек, арылып барлық сезімнен,

Өзгеше өрнек өрілер өріс өзіңнен.

Байлық та, бақ та, қырқысқан тақ та онда жоқ,

Бір жанды ойлап безінген...


Айналып әлем, өзгеріп көлем, мағына,

Құтқара алмас ешкім де онда тағы да.

Бәрі де бөтен, иманмен ғана күн кешкен,

Мәңгілік рухты шағы да...


Уақыт пен сана, бәрі де дара өзгерген,

Иманды рухты жетеді жерге кез келген.

Арпалыс әлем Алланың ғана арқасы...

Басқасы қиял сөздерден....
Заңдылық бәрі, ол заңнан пенде аспаған,

Құл болу хаққа, айтылар арнау бастағы ән.

Балшықтан болдық, адамдық толық өтелсе,

Топырақ болып, сол жерді қайта жастанам...


27.06.2014жыл.

Қандай жақсы...
Қандай жақсы көңіл шіркін жарасса,

Жүрек ынтық сыйласуға таласса.

Түсінісу адамзатқа мәңгі сый,

Өмірдегі арман іске бәрі асса...


Сағынған жан жаныңнан кеп табылса,

Абыройда тілек саған ағылса,

Ардақталсаң үлкен менен кішіге,

Адал достан шамшырағың жағылса.


Бауырлықтан тапсаң жанға саяны,

Ата-анаңнаң бақытың да аялы.

Еңбектенсең ер боп елге танылып,

Жақсы болсаң бәрі құшақ жаяды...


Қандай жақсы перзенттермен гүлдесең,

Ақылды ұлмен уайымдауды білмесең.

Бір Аллаға шүкіршілік еткейсің,

Отбасыңмен Меккедесің күнде сен!


Қандай жақсы имандылық нарың да,

Бақыт кілті құрметтейтін жарыңда.

Тазалықтан басталады байлығың,

Ғажап ұққан саналылық арың да!



13.08.2014жыл.
Сағынып кеттім ғой сені...
Сағынып кеттім ғой сені...

Бағымдай бағаладым да.

Өзіңсің сұлулық кені,

Айдын көл жағалауында.


Сарғайған сағыныш бақтан,

Дірілдер жапырақтан да.

Іздегем сол ырыс жақтан,

Ұйқысыз кей ақ таңда.


Елітіп еркелік елесің,

Тартылам сұлулық баққа да.

Мың бұрғам арманның кемесін.

Еріпті-ау біз соққан ақ қала...


Жастықтың жайқалған шағында,

Уайым да жоқ еді бүгінгі.

Бақыттың балауса бағында,

Іздедім ерекше гүлімді...


Дірілдеп, дүрсілдер жүрегім,

Сол бақтың жанынан өткенде.

Мәңгілік жыр болған тілегім,

Оралтты оралмас көктемге...


18.08.2014жыл.

Қуаныш екен...
Қуаныш екен, өзіңмен бірге,

Ғажайып екен сырласқан.

Сыйластық айна - айнымас жүлде,

Өмірде келер сынбастан...


Көңілге қарап, түсірмей кірбің,

Биікке қойдым арыңды.

Бақытты болып, көгімде жүргін,

Көбейтіп қуаныштарымды.


Бәрі де керек денсаулық барда,

Мәнді де көркем сыйластық!

Мойымай тағы қиындықтарға,

Алыстамашы гүл жастық...


Қуантып жүрші жанымда болып,

Жүрекке ерек күй қосып.

Өзіңмен әр сәт көңілім толық,

Алдымнан мені жүр тосып.


Бақыттың балғын, балауса шағын,

Сезінгем Сұлу өзіңмен...

Жырымның лағыл моншағын тағын,

Мәңгілік өшпес сезіммен...



18.08.2014жыл.
Өзгеріс керек...

Өзгеріс керек, жақсылықтарға бұратын,

Жаңару үшін гүл-көктем керек көңілге.

Адамдық бейнең имандылығымен тұратын,

Саналар биік өмірде...
Өзгеріс керек, күйбіңмен өткен тіршілік,

Өзіңе ғана қуаныш сыйлар өзіңсің.

Бақыттың өзі жалындар жанда бүр шығып,

Өмірге құштар сезінсін...


Өзгеріс керек, жаңалыққа ғана бастайтын,

Жаныңа жақын жандармен өмір қызықты.

Өмірдің сыры адамгершілігінен аспайтын,

Көрінер сахна үзік-ті...


Өзгеріс керек, ынтыққан құштар сезімде,

Тазалығымен баянды бәрі тұрақты.

Денің сау болса байлықтың бәрі өзіңде,

Қуана біліп, күлімдей қарсы ал сынақты...

Өзгеріс керек, қуана біліп құлшынғын,

Қуанта білгін ортаңды бақыт санап та,

Көңілі күндей адамдық атты бұл шыңның,

Сыйласып үлгер ұқсаймыз қимас қонаққа...



19.08.2014жыл.
Көрінбей кеттің...

Көрінбей жүрсің сағыныш күйді маздатып,

Алаңдай бердім өтсе де тіпті аз уақыт.

Көңілде кірбің, жабырқау жаным елеңдеп,

Жастығым қайда саз бақыт?
Көрінбей қалдың, бақтағы бейнең жасырын,

Өткіздім күйді жоғалтып ғажап ғасырын.

Айдыннан ауып аққуым қайда ұшты екен,

Ақкөңіл, алтын, асылым?...


Көрінбей кеттің, көңілдің көркін ұрлап мың,

Ашылмай тіпті ішімде тұнған сырда ақтым.

Сұлулығыңмен санамды баурап алдың да,

Саябақ болдың сымбаттым...


Көрінбей тұрсың көркемнің тылсым күйімен,

Алыста тұрып арбалып тағы сүйінем.

Аңшыдай болып арпалыс күйге түстім мен,

Қол бармас асыл киік ең...


Көрінбеу бәлкім сағыныш күйін шертеді,

Сағынбағандықтан сезімнің ғұмыры келте еді...

Балауса кездің бағында балдай көркемі,

Жүректе тұрар ертегі...



21.08.2014жыл.
Сезімге толған бар әлем.

Сезімге толған бар әлем...

Құпиясы толы құлыпта.

Қуанышқа сені бөлеген,

Ерекше жан бар, ұмытпа...
Жақсы көрумен тіршілік,

Ғашықтығымен ынтығып.

Махаббат мәңгі бүр шығып,

Жылылық табар ұмтылып...


Сырымен қымбат күндер де,

Жырымен қалар парақта.

Күн сүйер әсем гүлдерде,

Өседі дара дарақта...


Көңілдің күйін тербетіп,

Жүректе қалар асыл жан.

Ғашықтық кейде шерлі етіп,

Бар мұңын іште жасырған...


Сезіммен келер жаңалық,

Үндесер әлем жарықта...

Сезумен тағы жаңарып,

Сабырмен оны анықта...



25.08.2014жыл.
Сен мені қуант...

Сен мені қуант, қуаныш жанның тұрағы,

Өзіңмен ғана жағылар сезім шырағы.

Жалтаңдап саған, көңілім көктем сезініп,

Көргім кеп сені тұрады...
Сен мені қуант, қуанған жанда үндестік,

Жылы сөзге елітіп, елеңдей тағы күн кештік.

«Өзім» - деп саған өзгеше өрнек өремін,

Кешіре білгін, байқалмай кетсе білместік...


Құбылған өмір, құлшынған құмбыл дүние,

Көңіл бір шіркін асығар ынтық күйіне.

Бақытты ұғын қуанту ғана арқылы,

Қымбат қой ғұмыр сыйласуымен иіле...


Жүректе ерек, орны да бөлек жан қымбат,

Сұлуға ғана жарасар ақыл, сыр сымбат.

Жабықса жаным, қамымды ойлар өзіңсің,

Көтерер еңсе, жүректі емдер бір тіл қат...


Қуантып жүргін, маңымнан менің көрініп,

Өзгеше болып, сүйкімділігіңмен өріліп...

Өзіңмен ғана шабытым менің шарықтап,

Жалғаса берер серілік...


Сен мені қуант, қуаныш - жанның тұрағы,

Өзіңмен ғана жағылар сезім шырағы.

Жалтаңдап саған, көңілім көктем сезініп,

Көргім кеп сені тұрады...


26.08.2014жыл.
Қарашығым-ау...

Қарашығым-ау...

Сақташы өзіңді тек,

Не болды жаның жүдеп?

Қарбалас мына өмір...

Сағыныш бойда үдеп...


Жан асылым-ау...

Қуантсаң құлпырамын да

Жақсы іске жұлқынамын да,

Өзіңе ерекше көңілім,

Таза арыңда...
Табиғатым-ау...

Бақтағы гүліме ұқсар,

Баянды бақытты нұсқар,

Өмірде сезім жеңетін,

Тылсым бір күш бар...

05.09.2014жыл.
Саған қарап...
Саған қарап, сезіп жарық сәулені,

Дидарыңнан бір жылылық сезіліп.

Мың қуаныш сезіледі мендегі,

Жанарыңа кезігіп...


Қуандым да мына әлемде барыңа,

Жұбандым да амандықты тілеп мың.

Бара алмадық жүрек қалау бағына,

Жанды тағы жүдеттім...


Күлімдегін көңілімде көктемдей,

Сүрінбегін сағынышқа жүдеткен.

Ыстық сәлем мені келіп өпкендей,

Бақыт еді бұл неткен?!


Шуағыңа шомылдым да күлгенде,

Бұлағына тербеткенде күй кәусар.

Бір ғажайып сезім тербер бір менде,

Тылсым келді сыр аңсар...


Бақтың көркін көріп сенің кейпіңнен,

Жақтым алау өшпейтұғын мәңгілік.

Сезім мені айырғанда еркімнен,

Елес болдың жаңғырып...



08.09.2014жыл.
Сені көріп...

Сені көріп дүрсілдеді жүрегім,

Жастық шағым қайта оралған сияқты.

Көктем көңіл, өзге түсте реңім,

Бақыт бар ма тұрақты?
Ай сәулесі көкірекке енгендей,

Тұрып қалдым сән салтанат шағында.

Сәби болып ертегіге сенгендей,

Естен танғам сұлулықтың бағында...


Күй тербеткен сол қарасың көктемгі,

Шын емдеткем сағынышты жанымды.

Менің жырым өрілетін өрттен-ді,

Сездірген-ді ыстық қайсар қанымды...

Содан бері жапырақтай сарғайғам,

Күз келгенін сезінгендей кеудем де.

Сенен хабар үзілерін шалғайдан,

Қайран жүрек сенбеуде...


Жылдар өтті, сағынышым молайды,

Сезімімен жүрек басты дүрсілге.

Жырларыма иек арттым қолайлы,

Сен де мені күтуменен жүрсің бе?



29.09.2014жыл.

Сағыныш тілек

Бүгінгі керемет күн шуақ дарып,

Жіберді көңілімнен күй ақтарып.

Таң келген жан дүниеме керемет бір,

Қуантқан сенің күлкің сияқтанып....
Естілген бұлбұл үні гүл бақтағы,

Сен бе?-деп ынтық жүрек сұрақтағы.

Шыңдағы шынар еткем шырай берген,

Жырымды арнап өтем құрап тағы...


Сұлусың, саябаққа теңеп сені,

Гүлсезім баурап алған мүлде мені.

Әлемді мың айналып келер болсам,

Өзің боп күтер мені жүлде кені...


Бұлақтай сыңғыр қаққан сылаң қағып,

Жүрсің бе сағыныштан маржан тағып?

Өтермін ағысымен бұл өмірдің,

Үмітін сағынышын бірге жағып...


Кім білген қанша өмір сүрерімді?

Жырыммен саған мәңгі гүл егілді.

Мәңгілік сезіміммен мен қаламын,

Қабыл ал сағынышым тілегімді...



30.09.2014жыл

Сертификат алғанда...
Аңсауменен жеткен білім биігі,

Шаршауменен өткен суық күндер-ай...

Оңайлықпен келмес жеңіс тұнығы,

Уайымды өткен ұйқысыз мың түндер-ай...


Құтты болсын тренерлер жеңісің!

Ынтымақпен артсын ішкі келісім!

Еңбек етсек ұрпақ үшін, ел үшін,

Бірге көрсек сертификат жемісін,

Өрлеуменен өркендемек өрісім!!!

02.10.2014жыл.

Сағыныш екен...

Сағыныш екен өткенің, қызық уақытың,

Мөлдірер бақтың тәтті ғой әрбір шағы тым.

Сағынған жанды аңсаумен ғана өтесің,

Құрметпен өткен күндерің бәлкім бақытың...
Сағына берем, жанымды аңсау күй өртеп,

Кешегі жастық шағыммен тербер мың ертек.

Бармаған жерлер, баспаған таулар қалмаған,

Еркелеу өскен жиналған едік мың тентек...


Аяулы шақтың сағыныш екен елесі,

Ғажайып жаққа тартатын жастық кемесі.

Жанымды тербер сағыныш баққа шақырсам,

Келе алмаймын-ау демеші...


Сағына бердім, көркімді ұрлап жылдарым,

Уақыт қой өлшем, табиғат - ұстаз, шын дарын.

Сұлулық сүйер, тазаға ынтық көңілім,

Өмірге қанбас құмарым...


Сағыныш бәрі, жалғыз-ақ өмір сүреміз,

Адамда аңсау, қалмайды жанда сыр егіз.

Сыйласу ғана қалады жалған өмірде,

Жанымыз жылап күлеміз...



10.10.2014жыл.

Самғады жаным...

Самғады жаным, аумадым қыран құстан бір,

Көңілімде көктем, уаймдата берер мыстан жүр.

Ғашық боп саған ай - өмір мәңгі өтермін,

Не болғанын да біле алмай өтер құшқан гүл...
Жұмбағы көп қой, сырымен тұрар даланың,

Ескісі аңсау, сағынышы толы жаңаның.

Көңілім алаң, толмайтын сірә сияқты,

Ортада көппен дарамын...


Сыйласқан жанмен, жадырап жаным, от қалап,

Көңілде көркем ең ыстық сәтің сақталад.

Құпия болып қала береді дүние,

Бар сырды іште сақтай алатын тек ақ парақ...


Сағынғам бақты, сары ала толы жапырақ,

Аңсаумен тағы шақырар мені атырап.

Көрікті көлге, далаға қарап тоймағам,

Табиғатыма жақын-ақ...


Өмірге тоймай, ғашық боп бәлкім өтермін,

Жақсылық жасау игілік іспен өтелдім.

Қия алмай өтер аңсауы көп қой әлемнің,

Сағынышы мол мекеннің...



17.10.2014жыл.
Ғашықпын өмір...

Ғашықпын өмір, сүргім де келді ынтығып,

Сезіммен бірге ерекше жанда күй тұнып,

Арманым менің шығарды көркем биікке,

Мақсатым мені тынышталдырмады бұлқынып...
Сұлулық сүйер ерекше жаратылысым,

Көп жандар бәлкім түсінбес сірә мұны тым.

Өмірім менің айналып кеткен күреске,

Сезіммен күн –түн ашылар жырым, тынысым...

Табиғатқа іңкәр көңілімнің тұнық сәулесі,

Ғанибет ғалам жанымды менің емдеші.

Өмірде өрнек жырыммен жазып қалдырсам,

Ашылмас сырлы көмбесі...


Көлменен бірге мөлдірлік тұнып кеудемде,

Табиғатыммен серттестім тағы өлмеуге,

Жауқазын жырым сұлулық құшар мәңгілік,

Оны да болар «Сен» деуге...


Тартылдым таза қуаныш сыйлар баққа да,

Қарайлай бердім аңсаумен өткен шаққа да.

Жылылық сыйлар, жүректі қинар жалынмен,

Сезіммен өткен бақ қала...


Өмірім күрес, өзендей бейне ағын ұқ,

Жете алмай тіпті уақытқа жүрміз бағынып.

Мөлдіреп тұрған әлемге қарап сезіндім,

Өзіңді кеттім сағынып...



20.10.2014жыл.

Жан жаңбыры...

Жаңбыры құйды жанымның,

Мөлтілдеп тұр ғой көз тамшы,

Қуанышы нұрлы бағымның,

Куәсі өзің ұқсаңшы...
Нәзіктік тұнған сол баққа,

Тартылып жаным тұрады,

Көңілім менің сол жақта,

Өрілген шаттық құрағы...


Тербеліп тұрған гүлден де,

Көргендей болам өзіңді,

Сағыныш аңсау жүр менде,

Өзіңді күтіп сезілді...

Сұлулық баурар жанымды,

Өзіңмен қызық сол бақ та,

Қыздырар менің қанымды,

Кеткім бір келер сол жаққа...


Бақытты балғын кезімнің,

Өзіңмен ғана елесі,

Сезінген сиқыр сезімнің,

Сен жаққа жүзер кемесі...



21.10.2014жыл.
Кеудеңді көтер...

Кеудеңді көтер, қинады-ау сені дүрбелең,

Өзіңді сезіп мазасыз қиын күйге енем.

Түсіне алмасқа түсіндіре тағы алмайсың,

Бола алмадым-ау бірге мен.
Адамның көп қой биігі, терең, саязы,

Тағдыры шуақ, кейде бір қатар аязы.

Сырыңды іште жасырасың да жабығып,

Өзіңе-өзің таразы...


Жаралап жанды, қайтесің ғұмыр қысқартып,

Мәнді де сәнді өмір сүр жеке тыс қалқып.

Өзіне өзі көр қазғандардан аулақ жүр,

Жыланды жайлаудан еркін түз артық...


Әттең-ай әттең, өмірдің адам қонағы,

Адамдық ар мен иманмен тұрар талабы.

Пенделіктен сірә құтыла алар ма екенбіз?

Жақсылық жанның дарағы...


Биік боп жүргін, сиықсыз ойға таланбай,

Күреспен ішкі өтеді адам алаңдай.

Сырымды менің ешкім де таза ұға алмас,

Жауқазын жанмен жаралмай...



22.10.2014жыл.

Әлемді қорғар сұлулық!

Қылығың тәтті, қараңғы түнді күн етті,

Тұнығын көздің сезінген жүрек дір етті.

Табиғатымда танылған таңғы тылсым күй,

Кеудемдеме шаттық гүл екті...
Дидарың әппақ, көңілің көркем көктем бе?

Сөзің де нақты, айтылар сырлы серттен бе?

Қарасың мені жандырып жанды өртеген,

Жарасын салған дерттен бе?


Өн бойың сұлу, табиғатыңа қызыққам,

Сезімге еріп, сиқырлы сәтте бұзып қан.

Қарасыңменен қалпыма менің келтіріп,

Аса алмағам адамдық атты сызықтан...


Сүйкімділігіңмен жүректі, жанды баурап тым,

Көңілімді көктем күз бенен қысқа аунаттың.

Айналып кеткем сағыныш пенен аңсауға,

Жазғы шілдеде жаураттың...


Жауқазын болып жанымнан жырақ кетпеші,

«Жақсы көру де жағымды, жылы дерт» деші.

Сұлулық қана құтқара алады ғаламды,

Әдемілікпен жазылар әлем өкпесі...

Сағынышымен жазылар әлем өкпесі...
23.10.2014жыл.

Қар сезім...

Қар жауды мөлдір сезім кетті баурап,

Жүректі дүрсілдетті ерекше бір.

Ойлағам қалмаса деп сені жаурап.

Көңіліме көрік сыйлар ерекше гүл...
Қар ұшқын түстідағы бетке қонып,

Еріді бір сезімге орантты да.

Сұлулықты сезінтті маған толық,

Бойдағы бар уайымды жоғалтты да...


Сенімен аққаланы жасағым кеп,

Қарменен атысуды армандадым.

Мұздан да мүсініңді қашағым кеп,

Бұл қалай қырау қыста қарманғаным?!


Көңілім көктем болып өзгермеді,

Өмірім өртпен толық күреспенен.

Бүгінгі қуанышпен кез келгені,

Сағынышта аңсаумен тірескен ем...


Саябақ сағынтты да қолды бұлғап,

Ай өмір қайда асығып бұлғаңдайсың?

Сағыныш сарғайтты да мені жылдап,

Жастығым қолды бұлғап тұрғандайсың...



25.11.2014жыл.
Сағынған жан...

Сағынған жанды ойламау сірә мүмкін бе?

Онымен сәйкес уайымың, шаттық күлкің де.

Жаныңа шуақ, деніңе қуат асыл дос,

Жылы сөз жетпес бұл күнде...
Сағынған жанды көргің кеп тағы көре алмай,

Жылылық толы әлемге тағы ене алмай.

Өтесің өмір өрнекпен артқа қайырылмай,

Өзіңе баға бере алмай...


Сағынған жанмен көңілің бүтін әлемде,

Хабарын біліп жадырат жанды және емде.

Сағынышпенен ұсталып тұрған бар әлем,

Аңсауы жыр мен өлеңде...


Сағынышымен сынақтай сыршыл дүние,

Тілекші жанға тілеулес болдық сүйіне.

Сыйластығымен құлпырып тұрған тіршілік,

Жарасымды қандай иіле...


Сағыныш тұрар үміттен, сезім, сенуден

Өмірің мәнді адамдық атты өрумен.

Бақытты жансың сағынар сені жандар бар,

Сағыныш тұрар ерекше жақсы көруден...



26.11.2014жыл.

Ақ тілек...

Қандай жақсы ортамызда сіз барсыз,

Бізге тағы сеніміңіз артылған!

Тілектерді жүректен деп ұғарсыз,

Қой жылында ардақтысыз алтыннан...
Жаңа Жылда Сізде болып бар бақыт,

Ашылсыншы жолыңыз бен бағыңыз!

Ал біз Сізге шын демеуміз әр уақыт,

Жаңа Жылдың жақсы үмітін жағыңыз!!!


Сізді ойладық Жаңа Жылдың кешінде.

Тылсым сәтте сезінгенбіз жылылық.

Шуақты күн өмір бақи есімде,

Қарапайым болады екен ұлылық...


Жүректегі сөзді айту мүмкін бе?

Тілектегі жете ала ма сағыныш?

Ерекше бір сезілетін бұл түнде,

Сізге арналар ақ тілекпен жарылыс!


Бақытыңыз баянды боп, күлімдеп,

Аяулы боп, мәнді өмір сүріңіз!

Бар әлемнің ең әдемі гүлі деп,

Жыр арнаймын, біліңіз...



28.11.2014жыл.
Каталог: jobalar -> orleu -> bertai
bertai -> Бақытты бал дәурен Шымкент-2013жыл
bertai -> Көше бойлап келе жатқан аруға, Байқалғаны нанның жерде жатқаны
bertai -> Фарабиге арнау. (Әні бар) 1 Оңтүстіктің арайланған ақ таңы, Бұлбұл үні естіледі бақтағы
bertai -> Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы
bertai -> Төкеев Бертай Есмаханұлы ГҮл сезім шымкент 2009 Гүл сезім
orleu -> Оқушылардың метатанымын қалыптастыру аясында жүргізілетін жұмыстар Исмайлова Уркия Курбантаевна
jobalar -> Білім көздері: Тіл дамыту Тақырыбы:«Ойыншықтар әлемі» Мақсаты
orleu -> Дінтану негіздері курсын оқытуда діндер мазмұнындағы сан ғасырлық рухани құндылықтарды меңгерту «Инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі»


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу