Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет1/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
БІРІНШІ БӨЛІМ

КІТАБИ АҚЫНДАР

(ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде)

(монография)



Алғысөз
XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басындағы әдебиет ерекше тоқталуды, аса ұқыпты зерттеуді қажет ететін, әр қилы көзқарасты, сан алуан бағыттарды топтастырған, көп қырлы әдебиет екені мәлім. Қазақ қоғамы бұл тұста ауыр отарлық езгіні, сонымен сабақтас әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешті. Отарлық езгі діни рухани езгімен жалғасты. Бұл жағдай ұлттың алдыңғы қатарлы өкілдерінің, оқыған азаматтарының әр түрлі көзқараста өciп жетілуіне әсер eттi. Қоғамдық ахуалды бағалаудағы түрлі көзқарастың әсерінен, қалыптасқан түрліше дүниетаным ықпалынан қаламгерлік құрамы, қолданған әдеби тәсіліне, ұстанған бағыт - бағдарына қарай әдебиеттегі сан салалы ағымдар келіп шықты. Қазан төңкерісіне дейін қаншама кітаптар шығарған қаламгерлердің туындылары қазіргі таңда қайта басылым көру үстінде. Еліміз егемендік алып, ұлтымыздың кешегі қалыбы мен бүгінгі жайын жете тануға толық мүмкіндік туған тұста бұл дәуірдегі ipiлi-уақты ақын, жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс бағалануы тиіс. Бұл қазақ ұлтының ұлттық идеясымен сабақтасты мәселе. Ұлттық идея мәселесі туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қоғамда: «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы» десе, «Нұрлы Жол» - болашаққа бастар жол» атты 2015 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз, «Түркі жұртының мұраты – Мәңгі ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпы ұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» деп қадап айтты («Егемен Қазақстан» газеті. №238, 4 желтоқсан, 2014). Елбасының бұл айтқан ұлттық идея ұстанымы қазақ әдебиетінің көне тарихын зерттеуге және бүгінімен сабақтастықта қарауға тікелей қатысты. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет ететін әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар шығармашылығы. Кітаби ақындар - отарлық езгі себебінен туындаған жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп, халықтың рухани байлығына шабуыл жасалып жатқан тұста орысшылдыққа түрікшілдікті, шоқындыруға ислам дінін қарсы қару етіп күреске шыққан ақындар. Бұл ақындарды өздері өмip сүрген кезеңінен бөліп қарауға болмайды. Олар - өз дәуірінде қоғам кажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ұлты үшін ағартушылық қызмет еткен ақындар. Ол ақындар дінді, білімді насихаттады, көпшілігі қазақ ішінде бала оқытқан молда ақындар болды. Олар білім алуды, адалдықты, адал еңбекпен мал табуды, рухани тазалықты насихаттады. Рухани тазалықтың құралы – діни исламдық мәдениет деп білді. Кеңес үкіметі ақын-жазушылардың шығармашылығын өздерінің билігін насихаттайтын саяси құралға айналдыуды көздеді және соған қол жеткізді. Осы тұрғыда мұсылманша оқып қалыптасқан діни ақын-жазушылар жаппай қудалауға ұшырады. Діни-әдеби мұрасы айналымнан алынды. Еліміз егемендік алған бүгінгі таңда кітаби ақындар шығармашылығы жариялану, зерттеу-зерделену үдерісінде.

Қисса қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ерекше өркендеді. Оның бастауы ортағасырлық түріктік сопылық пен Алтын Орда дәуірінде ерекше өркендеген қиссалық әдебиетте жатыр. Онда түрки ислам дүниесінің мол мұралары қамтылып, заман адамдарының зердесінде қазақ мәдениетінің мыңдаған жылдық рухани тарихы бейнеленді.

Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен енгізілген «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша осы салада көп жұмыс атқарылды: «Бабалар сөзі» жүзтомдығы, көне рухани мұралар жиынтығы «Әдеби жәдігерлер» атауымен жиырма том болып басылып шықты. Оның үстіне, қазір әр облыс өз жерінің өткені мен бүгінін түгендеп, рухани, әдеби туындыларын жаппай жарыққа шығару үстінде. Бұл өткен кеңес дәуірімен салыстырғанда, осы тақырыпта атқарылған жұмыстардың жемісі әрі үлкен нәтижесі деп айтуға болады. Еліміз егемендік алғалы қазақ әдебиетінің тарихы және оны дәуірлеу мәселесінің қайта қаралып жатқан тұстары аз емес. Қазақ сөз өнері тарихына қатысты айтылмай жүрген жайлар айтылды. Кемшін тұстары толықтырылды. Әдебиетіміздің кеңестік саясат салқынымен санаттан шығарылған өкілдері және олардың шығармалары әдеби айналымға түсті. Мысалы, алаш қайраткерлерінің шығармалары қайта қаралып, түгелденіп, жеке шығармалар жинағы болып, томдықтарға топтастырылып, жүйеленіп қайта басылып жатқаны қаншама. Әйтсе де, осы мәселелерде әлі жете айтылмай, қажетті деңгейде қаралып, зерттеліп, зерделене қоймаған жайлар да аз емес. Әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында шығармашылықпен айналысып, жемісті еңбек еткен, қазақ әдебиетіне тақырыптық, жанрлық, көркемдік тұрғыда мол табыс әкелген ақындар – кітаби ақындар мұрасы қайта қарауды, терең таныммен талдауды керек етіп отырғаны анық. Бұл бүгінгі уақыттың қазақ әдебиетінің тарихына қатысты бір талабы болса керек. Сол себепті де осы ұсынылып отырған монографиялық еңбекте ежелден келе жатқан қадым жазулы күллі түрік жұртына ортақ әдебиет дәстүрін жалғаған кітаби ақындар шығармашылық ерекшеліктері, теориялық мәселелері қарастырылады. Кітаби ақындар шығармашылығынан ежелгі ортақ әдеби дәстүрді жалғау, қазақ топырағында өркендету, кейінгі ұрпақ керегіне жарату; орыс отарлығына, патша үкіметіне сүйенген миссионерлердің қазақ халқын жаппай шоқындыру саясатына қарсы күресу, қазақ халқының дінін, тілін, ділін қорғау; қазақ мәдениетін мұсылмандық шығыс өркениетімен байланыста, сабақтастықта тану, дамыту, өркендету, қазақ фольклоры материалдарын хатқа түсіру, қазақ тарихи әңгімелері мен ертегілері желілерін арқау етіп, кітаби нәзиралық дәстүрде қазақы қиссалар жарату секілді жайттар анық аңғарылады.

Кітаби ақындар ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің дамуына өздерінің қаламгерлік қарымымен діни-ағартушылық бағытта жұмыс жасап, ұлттық мүдде тұрғысынан алаш қозғалысына да өз үлестерін қосты деуге болады.

ХІХ-ХХ ғғ басындағы қазақ әдебиетінің дамуы мен

кітаби ақындықтың өркендеуі

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті алдыңғы кезең әдебиетімен салыстырғанда көп өскен, көркейген әдебиет болды. Жаңа өркениетті дамуға бет бұрған кезең әдебиетінде бір жағынан бұрынғы дәстүрлі жыраулық поэзия өзінің шын мәніндегі өмірлік, қоғамдық мәнін, саяси қызметін толық сақтай алмаса да, қалыпты дамуын, шығармашылық дәстүрін одан ары жалғады. Екінші жағынан, қазақ өмірін жырлауда жаңа бағыт ұстанған ақындық поэзия дамыды. Сол секілді қазақ елінің орыс патшалығына бодан болуы, сол елмен түрлі қарым-қатынасқа түсуіне байланысты орыс әдебиетінің де ықпал-әсері аңғарыла бастады. Қазақ әдебиеті өкілдері қатары шығармашылығын орыс әдебиетімен тығыз сабақтастықта өрбіткен қаламгерлермен толықты. Олардың алдыңғы легі ұлы ағартушы ойшылдар Шоқан, Ыбырай, Абай болды. Олардың шығармашылықтары арқылы кезең әдебиеті поэзиялық, прозалық, публицистикалық үлгідегі жаңа жанрлық, түрлік үлгі туды. Жаңа жанрлық үлгідегі шығармалармен әдебиет толысты. Бұл ұлы қаламгерлер шоғырын берген орыстың әдебиеті мен өнерінің алтын ғасыры аталған ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің шынайы ықпалы еді. Демек, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті іштей түлеу, даму арқылы және өзге елдер әдебиеттерімен байланысқа түсуі арқылы осы кезеңде дамудың жаңа сатысына көтерілді, өсті, өркен жайды. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана тән жағдай емес, әлем халықтары өркениеті мен өнерінің туу, қалыптасу, даму жолына тән, бір-бірімен сабақтастықта, үлгі үйреністе дамып отыратын әлемдік өркениеттік құбылыс. Сондықтан да С.Сейфуллин ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайлы «Қазақтың көркем әдебиеті туралы» атты мақаласында: «қазақ тұрмысының ...өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де ...ұлттық рухымен өсе бастады. Үлгісі енді мүлде ноғай мен орыс әдебиеті болды. ...Қазіргі қазақ әдебиетінің үлгісі - орыстікі», - деген болатын (1, 49-б).

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің өзіндік, кезеңдік ерекшелігі мол. әдебиеттегі өзіндік ерекшелік, әлбетте, кезең әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, көркемдік мәселелері тұрғысында өсуі болмақ. Мысалы, зар заман сарынының діни ағартушылыққа ұласуы, айтыс жанрының ауызша дәстүрінің жазбаша үлгімен аралас келе бастауы ақындық поэзияның сазгерлікпен, орындаушылықпен ұштасып (бүгінгі бар сипатты) жатуы, түрлі жаңа жанрлардың енуі. Кезең әдебиетіндегі ерекше көрінген жайдың бірі – қисса-дастан жанрының дамуы еді. Бұл жанрдың қазақ әдебиетінде көрініс беруі ежелгі дәуірлерге жол тартып жатуы даусыз. Десек те, оның мол көрініс берген кезеңі – ХІХ ғасыр. Яғни, шығармашылығы діни-ағартушылық, сопылық іліммен, ой-идеямен өрілген, «Құран» сюжеттерін, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама», «Кәлилә мен Димнә» ертегілерін өзек етіп нәзиралық туындылар жаратқан кітаби ақындар шоғыры осы кезеңде – ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық етті. Олардың шығармашылығында дәл осы кезде ерекше дамуына мына секілді себептер болды:

Кітаби ақындар шығармашылығы – ежелгі дәуір әдебиетінің, орта ғасырлық сопылық әдебиеттің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қайта өркендеуінің көрінісі. Қазақ әдебиетінің тарихындағы ежелгі дәуірлерден келе жатқан жазба әдебиеттің дәстүрлі жалғасы. Көне жазба әдебиет дәстүрінің қайта тууына осы кезеңде қазақ даласында мектеп, медреселердің көбеюі, мұсылманшылық оқу, ғылым-білімнің күшеюі көп себеп болды.

Осы кезеңде орыс отарлығының күшеюіне байланысты бүгінгі ғылымда діни-ағартушылық аталып жүрген сапада дін, діл, тіл сақтау жолында шығармашылығы діни қайраткерлікке ұласқан қаламгерлер шығармашылығы дәрежесінде көрініс берді.

Орыс отарлығының күшеюі негізінде қазақ еліне, әдебиетіне еніп жатқан орыс әдебиетінің ықпалына қарсы күрескен, шығармашылық еткен қаламгерлер шоғыры. Олар алдымен орыс отарлығы ықпал-әсерімен, соңынан большевиктік орыс саясаты ықпалымен әдебиет майданынан шегінуге мәжбүр болған әдеби дәстүр қаламгерлері еді. Олар әрі қазақтың ежелгі жазба әдеби дәстүрін ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өркен жайып жатқан жаңа жазба әдебиетімен ұштастырып, сол жаңа жазба әдебиетінің қалыптасуына мол үлес қосқан, ұстанған өзіндік саяси бағыт-бағдары бар әдеби құбылыс болды. ХХ ғасырдағы кеңестік әдебиет үстемдігіне дейін жаңа жазба әдебиеттің дамуына мол үлес қосқан кітаби ақындар саясаттан толық жеңіліс тапса да, олардың шығармашылық сілемі ауылдық жанрда сақталып келген (шамамен 1970 жылға дейін). Ежелгі жазба әдебиет дәстүрі кітаби ақындар шығармашылығы қисса-дастан жанры арқылы кеңестік дәуірде де өмір сүрді.

Ғалымдар Қасқабасов С., Әзібаева Б. «Қазақ дастандары» атты мақаласында: «Қазақ даласында дастан ерте кезден-ақ, сонау Дешті Қыпшақ заманында, парсы әдебиеті мен фольклорының үлгілерімен бірге келген деп саналады. Парсы дастаны көп жағдайда тек қана қара сөз немесе тек өлең түрінде баяндалған. Ал, қазақ дастаны, негізінен, жыр үлгісінде, ішінара қара сөз араласқан түрде, міндетті түрде әндете, домбыраның сүйемелдеуімен орындалған. Рас, ХІХ ғасырдың соңында жарық көрген дастандарды ел арасындағы сауатты адамдар домбырасыз, әуенмен оқитын болған. Бұл машық ХХ жүзжылдықтың екінші жартысына дейін жалғасты» (2,11),- дейді. Сол секілді қазақ қисса-дастандарының табиғатының көнелігі жөнінде ғалым Б.Әзібаеваның мына пікірін ұсына кетуге болады: «...дастандардың пайда болуына қазақ даласында шығыс әдебиетінен ауысқан көптеген сюжеттер мен мотивтердің кең таралуы және олардың «нәзиралық» дәстүрде жырлануы үлкен әсер етті.

Дастан – синкретті жанр, оған жалпы түркілік сөз өнерінің, қазақтың эпикалық дәстүрінің, жеке ақындар шығармашылығының және шығыс әдебиетінің ықпалы мол болды» (2,12). Ғалымның әсіресе «жалпы түркілік сөз өнерінің ...ықпалы» деуі қазақ қисса-дастандар табиғатының ежелгі жазба әдеби дәстүрмен байланыстылығын, дәстүр сабақтастығын көрсетсе керек. Демек, қазақ әдебиеті тарихында кітаби ақындар шығармашылығы деген мәселе тек ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында кездейсоқ дүниеге келген жәйт емес, керісінше, қазақ әдебиетінің ежелгі дәстүрлерін сақтап, оның үлгілерін жаңа дәуірге сай жалғастырған, сол жолда мол әдеби шығармашылық жемісін берген, қазақ әдебиетін жаңа жанр, жаңа туындылармен байытқан әдеби дәстүр, әдеби құбылыс деп бағалауға тиіспіз.

Кітаби ақындар шығармашылығын арналы әдеби құбылыс ретінде қабылдай алмауымызға, ең алдымен, кеңестік кезең саясаты себеп болды. Бұл кезең таптық, пролетарлық саясиланған, түптеп келгенде, нәсілшілдікпен орыс әдебиетінің бағытын қазақ әдебиетіне енгізді. Әдебиет сол саяси жамылғымен, саяси сүрлеумен жүрді. Арада ұрпақ ауысты. Көне жәдігердің көбі кейінгі ұрпаққа тосын мүлікке айналды. Сондықтан да бүгін өткеніне қайта оралып, жүріп өткен жолды қорытындылап жаңа қоғам құрып отырған қазіргі ұрпақ артына елеулі мұра қалдырған кітаби ақындар мұрасын әлі де болса тап басып танып, жете зерттеп, зерделей алмай отыр. Ежелгі жазба әдебиет пен шығыс әдебиеті, ұлттық фольклор дәстүрлерін сабақтастыра отырып шығармашылық еткен кітаби ақындар мұрасы ежелгі жазба әдебиет дәстүрлерін жаңғырта отырып жасалған жаңа жазба әдебиет ретінде емес, негізінен шығыс фольклоры мен әдебиет үлгілерін нәзиралықпен жырлаған тек фольклорлық мирас ретінде қарастырылып келеді.



Қазақ кітаби ақындары әдеби мұрасының ежелгі дәуірлердің жалпы түркілік, шағатайлық әдеби нұсқалармен байланысты дамуын, ежелгі әдеби үлгілердің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қайта түлеуін (жырлануын) А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» айтылған жазба әдебиеттің тууы туралы ойларымен сабақтастықта қарастыруға болады: «Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған» (3, 261-б). Пікірде нақты аталған кезеңдегі жазба әдебиеттің даму діни шығармалардың қазақ даласында кең тараған уақтысына байланысты ойлар бар деп қорытуға болады. Ал, жазба әдебиеттің, мәдениеттің сілемі қазақ даласында әр кез болғаны анық. Оған «Қадырғали Жалайридің «Жамиғат тауариғы» мен Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы» секілді еңбектердің және М.Әуезовтің «Әдебиет тарихындағы» ХІХ ғасыр ақындарының көпшілігінің жазба дағдыны ұстанғаны жөніндегі айтылған ойлары дәлел болса керек. С.Сейфуллин де: «Қазаққа хат үйреткен - Мұхаммет діншілері, шеттен келген мұсылман саудагерлер, ноғай молдалар, өзбек ишандар. Сондықтан қазақтың көркем жазба әдебиеті туғанда, сол үйретушілеріне таратушы молдалардан, ишандардан тараған «Сопы алдияр», Сыпатын ғажизин», «Хикмет» тәрізді өлең-жыр кітаптар барлық қазақ ауылдарында әптиектен соң оқылатын «үлгі», «ғибрат» кітаптары болды» (1, 48-б) деп қазақ даласына тараған әрі діни, әрі ортағасырлық, шағатайлық әдебиет үлгілерінің жаңа жазба әдебиеттің тууына ықпал еткен мұра ретінде атап айтады. Сонымен бірге, бұл пікірден қазақ даласында сопылық әдебиеттің дамуын да аңғаруға болатын секілді.

А.Байтұрсынов пен С.Сейфуллин әдебиет туралы еңбектерінен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ даласында зор идеологиялық тартыстың орын алғанын түптеп келгенде, сан ғасырлық тарихы бар мұсылмандық мәдениеттің ығысып, отаршыл орыс мәдениетінің үстем болуы жөніндегі ойлары да қазақ мәдениеті, жазба әдебиетінің даму тарихы мәселесінде көп жайды аңғартады. Яғни, қазақ әдебиеті өзінің даму табиғатын ұлттық және мұсылмандық өсу, көркеюі дәрежесінде емес, сырттан зорлықпен енгізілген ықпал-әсер негізінде жалғағаны анық аңғарылады. С.Сейфуллин «Қазақ көркем әдебиеті туралы» деген мақаласында «... қазақ орысқа бағынған соң-ақ өзбек, ноғаймен қатар, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінен де үлгі-нұсқа ала бастаған, бірте-бірте орыс мәдениеті қазақ халқына жайылған сайын орыс әдебиетіне үлгі алу күшейген. Келе-келе орыс үкіметі қазақтың тұрмыс билігін алып, орыс мәдениеті үстемдігін зорайтып, өзбек, ноғай молдаларын тықсырып, қазақ арасынан тайдыра бастаған»,- дейді (1, 49-б). Ақынның өзбек, ноғай деп отырғаны - қазақ даласындағы діни оқу жүйесі мен әдебиеттің ежелгі, дәстүрлі мұсылмандық даму жолы. Ал, қазақтың кітаби ақындары мұсылман діни оқу орындарында оқып, діни әдебиетті, дәстүрлі түрки жазба әдебиетті, шығыс фольклоры мен әдебиеті сюжеттерін нәзиралық дәстүрде жырлаған молда ақындар еді. Қазақ жазба әдебиетінің даму тарихындағы осы саяси ықпал-әсер жөнінде А.Байтұрсынов: «Қазақ діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ балалары ноғайша оқымай, орысша оқырлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұртарының әдебиеттерімен танысады», - дейді. Сонымен бірге, қазақ жазба әдебиетін шығармашылық табиғаты, бағыт-бағдары тұрғысында: «...Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1. Діндар дәуір, 2. Ділмар дәуір»,- деп жүйелейді (3, 262-б). Демек, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиетінің мұсылмандық үлгісі ортағасырлық, алтынордалық, яғни, шағатайлық әдебиеттің жалғасы, ал, европалық нұсқамен өсе бастаған кейінгі үлгі – С.Сейфуллинше айтқанда, «орыстікі». Қазіргі қазақ әдебиеті осы кейінгі үлгінің көркейіп өскен, дамыған көрінісі! Рас, қайраткер ғалым А.Байтұрсынов қазақ әдебиеті тарихындағы кітаби ақындарды және олардың шығармашылығын: «Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған. Тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына тілді бұзған, аздырған» деп қатты сынаған. Өйткені ғалымның сол кезеңдегі жаңа ұлттық әдебиет және оның дәуірге сай таза өсуін көксегендігі аңғарылады. Себебі ғалымның ұлттық мәдениет, тіл, әдебиет, оқу, білім, ғылым саласында жаңашыл, ұлтшыл қаламгер болғаны анық. Ол қазақтың жаңа «әліпбиін» жасаған, жаңа оқу жүйесін енгізген жадидшіл еді. Ғалым: «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен, үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен, ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру ісімен айналыса бастады. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты» (4,10-11), - деп қазақтың таза ұлттық жазба әдеби тілін орнықтыру жолында аянбай тер төккенін сөз етеді.

Әйтсе де, түрік халықтарына ортақ талай ғасырлар бойы мәдени, әдеби өркениеттік тұрғыда қызмет етіп келген «түрки» тілмен жазу-сызудың да орны ерекше еді. Түркі тектес халықтар ортақ қадым-түрки жазу тілінде бола беруге, сонымен қапталдас ұлттық жазуды да біртіндеп тұтына беруге әбден болар еді. Қазіргі араб халықтары секілді. Бірақ бәріне уақыт, тарих төреші. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында түрік тайпалары мәдени, өркениттік тұрғыдан қатты жіктеліске түсті. Бұл үдерісті жек көрмеген патшалық Ресейдің «жадидизмді» қолдағаны аңғарылады: «Бұл тартыс (жадид және қадым тартысы – авт.) ақыр аяғы жаңа әдісті жақтаушылардың пайдасына шешіле бастады. Оқу-тоқуға арналған кітап көбіне солардың қолынан өтті. Олар көркем әдебиет шығармаларының да басылуына да баскөздік жасап, ескі әдіске жабысушыларды сынап, мінеді» (5, 129), - дейді ғалымдар Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Бірақ А.Байтұрсынов пікірінде кітаби ақындардың шығармашылығы және олар қолданған әдеби тіл жөнінде мына секілді жолдар бар: «Қазақтың тұтынған тілімен жазбай шығарушылар: «кітаби тіл», «әдеби тіл» деп ноғай тілімен, яки сарт тілімен жазған. Қазақтың тілінде басылған бұрынғы шығармаларды алып қарасақ, қазақ тілі болмай, қазақ пен ноғай тілінің араласқан қойыртпағы болып шығады. Ол қойыртпақ тіл қожалар, молдалар шығарған сөздерде ғана емес, қазақ молдаларының шығарған сөздерінде де бар. Бұл кемшілік егер де баспа кітаптар жүзінде ғана болса, бастырған ноғайлар бұзды дер едік. Олай емес, жазу солай екендігін қазақ молдаларының өз қолымен жазған жазулары көрсетеді» (3, 262). Мәселе түркі халықтарына ортақ әдеби тіл: «түрки» және сол тілде, дәстүрде шығармашылық еткен кітаби ақындар жөнінде болып отыр. Дәстүрді сақтап жалғастырушы, жаңа ғасырға ұластырушылар да солар болды. «1917 жылға дейін қазақ тілінде, қазақ-татар, қазақ-орыс тілдерінде 900 аталымнан астам әр түрлі баспа өнімдері басылды. Барлық басылымдардың жалпы тиражы 5 миллион данаға дейін жеткен. Сол кездің өлшемінде бұл әжептеуір цифр» делінген ХХ ғасыр басындағы кітаптың басылуы мен таралуы жөнінде «Қазақ кітабының тарихы» кітабында (5, 175-176). Оның үстіне, мұсылмандық шығыс әлемінен де мол діни кітаптар мен әдеби шығармалар да жеткізіліп тұрғаны аян. Бұл патшалық Ресейдің мұсылман кітаптарын таратуды барынша тежеп отырған жағдайда болып жатқан жайт еді. А.В.Васильев былай деген екен: «Далаға сапар шеге жүріп, кітабы жоқ киіз үйді сирек кездестіресің. Кітапқа деген сұраныстың күштілігін бір қазақ тіліндегі кітаптың әлденеше мың данамен он шақты рет басылғанынан көресің» (5, 177). Қазақ даласына тарап жатқан осы кітаптың үлкен бір бөлігі кітаби ақындардың еншісінде болғаны анық.



Кітаби ақындар жырлаған басты жанр – қисса болды. Бүгінгі күнге дейін фольклортану, әдебиеттану ғылымдарында, негізінен, бұл жанр «қисса-дастан», «дастан» деген атаулармен беріліп келді. Соңғы кезде «дастан» атауы көбірек қолданылып жүр. Кейінгі зерттеулерде кітаби ақындар мұрасы және қисса жанры фольклорға жатқызылып біржақты қарастырылып келеді. Мысалы, ғалым Б.Әзібаева «...дастандық эпос – халықтың көркемдік ой дүниесінің бір көрінісі, сонымен қатар, қазақ фольклорындағы эпикалық дәстүрдің келесі сатысы, фольклор мен жазба әдебиеттің аралық кезеңін танытатын жанрлық түр» жанр ақындық поэзия мен ұлттық фольклорда пайда болған дей тұра, таза фольклорлық жанр ретінде қарастырады (2,12). Себебі қазақ дастаны фольклорға немесе кітаби шығармаға негізделсе де, ауызша туған, ауызша орындалған, соның нәтижесінде ұлттық фольклорымыздың көптеген ықпал-әсерін, элементтері мен түр-сипатын бойына сіңірген. Сөйтіп, ол қазақ фольклорының дәстүріне сәйкес ғұмыр кешкен деп қорытады. Кезінде А.Байтұрсынов жоғарыда айтқанымыздай, жазу әдебиет ретінде қарастырған және жанрлық тұрғыда қисса, қикаят (мысал), насихат (үгіт), мінажат, даттау, айтыс, толғау, терме деп бөлген. Ғалым дастан сөзін тіпті қолданбаған. Оның себебі дастан сөзін кітаби ақындардың өзі де аз қолданғаны аңғарылады. Олар тек парсы әлеміне тән туындыларға ғана «Шаһнама» тарауларын жырлағанда ғана дастан атауын беріп отырған. Тағы бір себеп – кітаби ақындар көбінесе араб әлемі туындыларын жырлағаны, соған орай қисса сөзін көбірек қолданғаны аңғарылады. А.Байтұрсынов «қисса - өлеңмен жазылған, көбіне діндар әңгімелер» деп, оны екіге бөледі. «Діндар дәуірдің өнеге үшін шығарған әңгімелері қикаят деп аталған» деп береді (3, 264-265). Ал, жазушы С.Мұқанов «Халық мұрасы» атты еңбегінде қисса жанрына арнайы тоқталады. «Көркем әдебиеттің эпикалық түріне қосылатын бұл жанр қазақ тіліне негізінде араб, иран, шағатай тілдерінен келді. Бұл жанрды да эпикалық деп атайтын себебіміз, мұның оқиғасына да көп адам қатынасып, олардың қылық-мінездері драмалық түрде шиеленісіп барып айқындалады. Сөйтіп, бұл да белгілі бір дәуірдің шындығынан көрініс берерлік қызмет атқарады» (6, 139). Автор еңбекте қисса жанры туындыларының «ауыз және жазба әдебиетінде бірталай екендігін, «қазақ ақындары мұндай тақырыптағы шығармаларды құмарта аударғанын және өздерінше жаңғыртып жырлап отырғанын» сөз етеді. «Қиссашылардың кейбірі аз, кейбірі көп етіп мұра қалдырған. Бірен-саран қисса шығарып одан әрі жазбағандары да бар», деп қисса жанрының жазба әдебиет жанры екенін аңғартып өткен. Сонымен бірге, автор қазақ қиссаларын шығу тегі, түп-төркініне қарай өзінше жүйелейді: «Әдебиеттік сапасы жағынан алғанда, бұл қиссалар әр қилы, мысалға, Жүсіпбек қиссалары төрт жүйеге бөлінеді. Олар: «Қасым Жомарт» сияқты араб аңызынан алынған қиссалар, иран аңызынан алынған «Қаһарман-Қатыран», Орта Азия аңызынан алынған «Мұңлық-Зарлық» және «Қыз Жібек» немесе «Біржан мен Сара айтысы» сияқты қазақ жерінде болған оқиғалардан алынған қиссалар» деп береді (6, 142).

Пікірде кітаби ақындар жырлаған қиссалардың шығу тегі туралы нақты шындық көрініс берген. Басты мәселелер қазақ әдебиетінің араб, иран, өзіміздің түркілік шағатай әдеби мұраларымен байланыста даму мәселесі. Ғалым Б.Кенжебаев «...шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен түрік тілі, түркі ру-тайпаларының кітаби тілі еді»,- дейді (7, 16).



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет