«Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым міне [37, 17].
Сол секілді әр екінші жол не төртінші жол үнемі қайталанып отырады.
Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Барша әулие жиылып келіп ырзық берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне [37, 25].
Немесе:
«Құлһу Аллаһу Субхан Аллаһу» құлшылық қылдым,
Бір және Барым, дидарыңды көрермін бе?!
Бастан-аяқ қасіретіңде күйіп-жандым,
Бір және Барым, дидарыңды көрермін бе?! [37, 31].
Бұл хикмет жолын мысал етіп отырған себебіміз: олар Хақ Тағалаға арналған және әдемі әуез, әуенмен, ырғақты жүйемен орындалып отырғаны аңғарылады. Сол секілді Құл қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінің тұтастай жолдары Мұхаммет пайғамбарға, Төрт шариярды жырлауға арналған. Олардың дін мұсылман жолындағы қайраткерлік істері, әсіресе, Мұхамет пайғамбар көп жырланған. Ақын хикметтерінде Аллаға ғашықтықты, оның дидарын бір көруге күйіп-жанып құштар болуды жырласа, Пайғамбарды ерекше ілтипат, құрметпен, сүйіспеншілікпен жырлайды және пайғамбар тақырыбына үнемі қайта соғып отырады. Ол өлең жолдарын алқалық зікірге лайықтап, ырғақпен беріп отырады:
Есіме түсіп жанымдай сүйген Мұхаммет,
Сенің жолыңа пида болам, Мұхаммет...
......
Айналайын нұр жүзіңнен, ей, Алла,
Бір тамшыдан дариядай тасыт мені, Мұхаммет.
.....
Әуел бастан бір тамшы шараб маған нәсіп болған,
Ұдайы сіздің даналығыңызды мадақтайын, Мұхаммет [37, 53-54].
Ақын пайғамбар тақырыбына үнемі айналып соғып отырады дедік. Төрт шариярды жырлар алдында да Мұхамметті, оның өмір жолын, жетімдерге ерекше мейірлі, шапағатты болғанын жырлайды.
Қожа Ахмет Ясауи Мұхаммет пайғамбардың төрт шариярын Әбубәкір Сыдық, Омар, Оспанды, Әзірет Әліні арнайы, жеке-жеке жырлайды. Әсіресе, Әбубәкір Сыдықтың Мұхаммет пайғамбарға ерте серік болғанын, көп сүйеніш болғанын, кейін пайғамбарға қызын қосып қайын ата болғанын, ең бастысы адал дос болып өткенін жырлайды. Төрт шариярдың алғашқысы Әбубәкір Сыдықтың пайғамбарға әрі айнымас дос, әрі өрісте қолдаушы болғанын:
Көрген замат иланған Әбубәкір Сыдық дүр
Ұстын болып тірелген Әбубәкір Сыдық дүр.
Мұңдасқанда жылаған, құлдыққа бел байлаған,
Іші-бауыры езілген Әбубәкір Сыдық дүр
Бір шетінен қайтпаған, сырын жатқа шашпаған...
Айтқан сөзіне жеткен, нәпсі-қызықтан кеткен,
Хақ Расулмен бір кеткен Әбубәкір Сыдық дүр., –
деп жырлайды [37, 95-96].
Екіншісі жар болған, әділетті Ғұмар дүр,
Мұсылмандыққа жар болған, әділетті Ғұмар дүр, –
деп төрт шариярдың екіншісі Омар халифтің өте әділетті басшы болғанын, мұсылман дінінің нығаюына, шариғат жолының жүйеленіп таралуына сіңірген еңбегін жырлайды. Сол секілді халиф Оспан, Әзірет Әлі де осылай еліне, дінге еткен қызметіне қарай мадақтала жырланады.
Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» бұл жәйт:
Алла атымен айттым сөздің әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім! [38, 50], –
деп Аллаһ Тағаланы мадақтаудан басталып, Алланың ұлылығы, кереметі ұзақ жырланады. Әйтсе де, соңында:
Cаған лайық өзім мақтау таппадым,
Cөзді кестім. Өзіңді-өзің мақтағын! –
деп аяқтайды. Себебі, Жүсіп Баласағұн қанша шебер ақын болсам да Аллаһ Тағала ұлылығын толық жырлауға, мадақтауға менің де өзгенің де шамасы жете бермес дегендік болса керек. Сонан соң барып:
Әләйхис-сәләм, құдіретті пайғамбар! –
деп бастап:
Рахымды ием, пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болды ол халықтың
Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!
Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,
Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің! –
деп жырлайды. Пайғамбарға арналған мадақ жырдан соң өз ретімен, жолымен төрт сахабаның қасиеттері айтылады.
Бұл мұсылман әлемі ақын-жазушыларына әдеби дәстүр, салт болып енген құбылыс. Осы дәстүр ХІХ-ХХ ғасыр кітаби ақындарында да дәл осы дәрежеде, осындай үлгіде жырланып отырған. Әсіресе, діни шығармаларда осы дәстүр нақты сақталып, алдымен, Алла Тағала, сонан соң Мұхаммет Пайғамбар, онан кейін төрт шадияр ретімен жырланады. Бұған мысал ретінде Жүсіпбек қожаның «Қисса-и Хәзрәти Йусуф алейһи-с-сәләм илән Зулейханың мәселесі» атты туындыдағы алғысөз ретінде жырлаған жолдарын айтуға әбден болады.
Бисмилләһи-р-рахманир-рахим!
Башлаймән бисмилләһи диб тәңрим атын,
Йахшилар ғайб йтме йазған хатим.
Худаймән һәм Пайғамбардан сөз башласам
Қалай тирис булады насихатим [39, 3], –
деп бастаған Жүсіпбек қожа бұл жолдардан соң Жүсіп Пайғамбарды таныстыра жырлайды. Мұхаммет Пайғамбар да сол нәсілден деп Мұхамметті онан соң оның төрт серігін жырлап кетеді.
Мұхаммед Расулу Аллаһи Худай дусты,
Артуқ-дүр бу аламнан оның нәсілі...
Башчиси Абу Бәкир чаһар йарының
Хурмәтин тутқан ғарде Пайғамбарның
Сыддиқым диб ат қуйған хақ Пайғамбар
Чиншилдығы житәлмас барчеләрниң
Йар булған унан сұңи Адил Умар
Расулның шариатын қилған хабар..., –
деп Пайғамбарды, оның төрт серігін жырлаған діни ақын келесі сәтте Пайғамбар ұрпақтарының тарихын баяндап кетеді.
Илләһи узиң башла туғри йолға
Қаламны бисмилләһи диб алдым қулға
Улән қилыб аударған бу китабны
Йусуф бикні йа Аллаһ узиң уңла!
Сғундум мәдәт, тиләб йа, Зул-Жәләл
Тауфиқ бириб Һудайәт йулиңға сал
Узи надан ақылсыз Йусуф бикни
Жәми Пайғамбарлар қулинан ал
Мән қулиңғе рахмәт қил Қадир Мәули
Саламат қил хатардан диним саули
Йаранлар қулақ салиб тыңлаб тұрғил
Хәзрәти Йусуфдән қалған қаули, –
деп Алла Тағаладан медет тілеп барып негізгі тақырыпқа, «Жүсіп-Зылиха» қиссасының оқиғасын жырлауға көшеді. Бұл жүйе – желілі, дәстүрлі жүйе! ХХ ғасыр басында шығармашылық етіп, қисса жазып отырған діни, кітаби ақын орта ғасырдағы сол дәстүрді, әдеби үрдісті сақтап, дайын, жүйелі үлгімен жүріп отыр. Демек, ХХ ғасыр басындағы кітаби ақын бүгінгі тарихшы, тілші, әдебиетші қауым шағатайша, түрки деп атап жүрген ақындар дәстүрін сақтап отырғаны аңғарылады. Біз көп жағдайда кітаптардың тілін татар баспагерлері бұзып отырған деген ой айтамыз. Мәселе баспагерлерде емес, кітаби тілде жазып отырған ақындарда! Ескі, кітаби тілде ұзақ жылдар қалыптасып, ғасырлар бойы түркі әлеміне, жұртына қызмет етіп келген ұлы мәдениеттің үлгісінде жұмыс жасап отырған шайырлар Жүсіпбек қожа, Шәді төре, М.Тыныштықұлының білім алған мектебінде, рухани бастауларында. Шығармашылық дәстүрі мен әдеби стилінде және кітаби тілінде. Бұл ойымызға себеп, Қазанда басылған Жүсіпбек қожа, Маңғыстау кітаптары мен Тәшкенде басылған Шәді төре кітаптарындағы, сөз қолданыстарындағы ұқсастық, бірізділік. Бұған тағы бір дәлел Ахмет Байтұрсыновтың жоғарыда келтірілген ауыл молдаларының өзі сол кітаби тілде жазатындығын айтып өтуі. Демек, түрік халықтары ауызекі тілде әрқайсысы өз диалектісінде сөйлесе де, бір жазу тілін – «түрки», «шағатай» аталып жүрген кітаби тілді бұзбай бұлжытпай ұстанды. Яғни, ХХ ғасыр басында Ресей қол астындағы түрік жұрты мұсылманша жазу-сызудың екі үлгісін ұстанды: қадым және жәдид. Оның үстіне орыс кирилі үлгісін қосыңыз. Бұл тартыста, түрік жұртының мәдени тұрғыдан бір-бірінен алшақтау процесін жеделдету үшін отарлаушы Ресей жәдидті қолдады. Түптің түбінде ескі жазу да, жаңа жазу да, оқу да жойылып, орыс үлгісі тұтастай енгізілді.
Бұл айтылған жайлар қазақ әдебиеті тарихындағы кітаби ақын-шайыр шығармашылығының тарихи түбі, тамыры терең екенін аңдатады. Және дәстүрлі даму жолымен өскен, дамыған әдеби дәстүр, әдеби құбылыс екенін көрсетеді.
Ортағасырлардағы Құл Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінекидің әдеби стилі мен көркемдік дәстүрі кітаби ақын-шайырлар Жүсіпбек қожа, Шәді төре, Маңғыстау Тыныштықұлы әдеби тілі, жазу стилінің өлең жолдарына тән ортақ стильдік ерекшеліктер, сөз қолданыстар дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын аңғартады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті дамуындағы ерекше көрінген жайдың бірі – ежелгі дәстүрлі жазба әдебиеттің қайта өркендеп, Ясауи сопылық ілімі мен сол ілімді негіздеген оның хикметтері сопылық ілім тұрғысынан да, поэзиялық дәстүр тұрғысынан да кітаби ақындар шығармашылығында қисса-дастандар арқылы көрінуі еді.
«Түркі сопылық поэзиясының тұңғыш толымды үлгісі «Диуани хикметті» дүниеге келтірген Қожа Ахмет Ясауи – дарынды ақын ғана емес, қоғамды рухани жұтаңдықтан құтқару жолын іздеген өз дәуірінің кемел ойлы, биік мүдделі перзенті. Саналы өмірін сопылық ілімнің қыр-сырын меңгеру жолындағы ізденістерге бағыттаған Ясауи ақын өз кезегінде араб-парсы сопылық поэзиясының үздік тәжірибесін қоса меңгеріп, шығармашылығында өңдеп пайдаланған. Поэтикалық біліктілігі ақынның түркілік поэзияға ғазал, мінәжат, мадх, қытға секілді бірқатар шығыс поэзиясына тән жанрларды енгізіп, түркі әдебиетінде бұрыннан бар жанрлық түрлермен синтездеп, күрделі де көп функциялы хикмет жанрын қалыптастыруына септігін тигізді. «Диуани хикмет» арқылы іргесі қаланған аталмыш жанр кейінірек түркі халықтары әдебиетінде бірқатар жаңа жанрлардың дербес түр ретінде бөлініп шығуына негіз болды. Ясауи поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінен автордың өзі сусындап өскен байырғы түркі әдебиетінің дәстүрлерін жалғап, дамытып, жаңа сатыға көтергені айқын аңғарылады. Бір шығармашылық аясында көрініс тапқан қос үдерістің – дәстүршілдік пен жаңашылдықтың өзара тоғысуы жанр мәселесінде ғана емес, Ясауи негіздеген Орта Азиядағы ақындық мектептің қалыптасуы мен дамуы барысында да шешуші роль атқарды» (40), - деп ясауитанушы ғалым А.Әбдірәсілқызы бағалағандай, Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы, сопылық ілімі дербес мектеп болып қалыптасып, ғасырларға жалғасты. ХІІ ғасырлардан бастап Алтын Орда, қазақ хандығы дәуірлері әдебиетінде, жыраулар поэзиясында өзінің дәстүрлік өрнегі жалғасын тапты. Сондай-ақ, бүгінгі әдебиеттану ғылымында «отарлық дәуір» аталатын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зар заман сарынында ерекше көрінді. Әсіресе, Ясауи сопылық ілімі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қатты өркендеген кітаби ақындар шығармашылығында діни қисса-дастандар сипатында көрініс берді.
ХІ-ХІІ ғасырларда жасаған атақты түркі сопысы, кемеңгер ойшыл, дарынды ақын Ахмет Ясауи Исфиджаб (Сайрам) қаласында дүниеге келген. Ахмет Ясауидің қай жылы дүниеге келгендігі жайында ғалымдар арасында көптеген пікірлер бар. Мәселен, К.Эраслан оны 1083 жылы туылды десе (41), М.Жармұхамедов 1103 жылы туылды дейді (42), А.Ахметбек 1093-94 жылы туылды десе (43), С.Дәуітұлы 1040 жылы туылды дейді (44).
Исфиджаб - Тарым өзеніне қарасты, Шахир өзеніне құятын маңдағы Жібек жолының бойында орналасқан кішкене қалашық. Осы бiр қала 840 жылы Нұх бин Әсәд басшылығымен Самани әскері жаулап алғандығы және халқы көп ұзамай, ислам дінін қабылдағандығы тарихи жазбаларда кездеседi. Кейін бұл қала қарахандықтардың қол астына өткен, Иыған Тегін Сүлеймен Бұғра хан Талас немесе осы Исфиджабта туылған. Аталмыш қала қарахандықтардан кейiн Хорезмшах құрамына, одан кейін Шыңғысханның иелігіне өтті.
әл-Мақсиди өз заманындағы Исфиджаб (Сайрам) қаласы туралы былай деп кеңінен мәлімет береді: “Исфиджаб үлкен сауда орталығы, ол әсіресе киім саудасымен танымал. Бұл қалада төрт есікті мешіт орналасқан және мешіттің әр есігінің алдында қонақжай шатырлар бар…
Исфиджаб қаласы өзінің жеміс ағаштарымен атақты, мұнда жеміс ағаштарының түрлі-түрлісі өсіріледі. Ал халқы көп ұлттан құралған. Исфиджаб халқының жүректері (көңілдері) қатты, мәзһабтарына (дiндерiне) берік, оларда жамандық, жақсылық бірдей кездесіп отырады”.
Ахметтiң әкесi - Ибраһим Исфиджабтың ең атақты шейхтарының бірі болған. Шейх Ибраһим орынбасарларының бірі - Мұса Шейхтың қызы Айша Хатунға (Қарашаш ана) үйленген, одан Гауһар Шахназ деген бір қызы және Ахмет деген бір ұлы туылған (Насабнамада келтірілгендей Ибраһимнің Ахметтен басқа Исмаил ата деген тағы бір ұлы болған екен.)
Ахмет Ясауидің ата тегі туралы ғалымдар арасында түрлі көзқарастар болғанымен, Алматы кітапханасында табылған “Насабнама” бойынша Ахмет Ясауидің ата тегі оның 15-інші атасы - Хазіреті Алиге барып тіреледі, яғни Ахмет Ясауидің тегі хазіреті Алидің әйелі ардақты Пайғамбардың қызы Фатимадан емес, хазіреті Алидің кейінгі әйелі Ханифадан туған Мұхаммед Ханифадан тарайды. Ахмет Ясауидің үлкен ғұлама болуына әкесі Ибраһимнің еңбегі зор дей аламыз. Тарихи мәлiметтерге қарағанда, Ахмет анасынан жастай айрылған, әкесі Шейх Ибраһим де Ахмет жеті жаста болғанда қайтыс болған. Ахметтің одан кейінгі өмірі әпкесі Гауһар Шахназдың қамқорлығында қалды (45).
Ахмет жастайынан зерек, ислам ілімдіріне ерекше ықыласты болып өскен. Ол кішкентай кезінде бізге беймәлім бір себеппен әпкесі екеуі Ясы қаласына көшіп келген. Осыған байланысты өз атына қосымша “ясылық” деген мағанадағы “Ясауи” деген атауға ие болған. Түрік аңызы бойынша Оғыз ханның астанасы болған Ясы қаласы батыс пен шығысты байланыстыратын Жібек жолының бойындағы сауда орталығы болған (бұл қаланың ескі аты - Шауғар). Кейін бұл қаланың орталығы Ясыға ауысқан, осы бiр кезеңнен бастап қаланың аты Шауғар емес, “Ясы” деп атала бастаған. Қожа Ахметтiң заманында бұл қаланың аты Ясы деп аталса керек. Ахмет Ясауи Ясыға көшіп келгенде, бұл қалада сопылық жол кең жайылған болатын. Оған аңыз бойынша, Құмшық ата деген сопы мен қазіргі кездегі оның теккесі (дергаһ) дәлел бола алады. Сонымен қатар бұл қалада Арыстан баб есімді мәшһүр шейх құрған сопылық жол да бар болатын. Жас Ахмет Ясы қаласында осы Арыстанбабқа қол беріп, оның заһири (сыртқы), батыни (ішкі) ілімдерін үйренеді. Мұны халық арасындағы аңыздар да қуаттайды және Диуани Хикметте:
Жеті жаста Арыстанбабқа қылдым сәлем,
Хақ Мұстафа аманатын қылғын әнам.
Арыстан баб қайтыс болғаннан кейiн Қожа Ахмет сол заманның ғылым, бiлiм ордасы болған Бұхараға сапар шеккен. Аталмыш қалада ясылық шәкiрт атақты шейх – Қожа Жүсiп Хамаданиге қол бередi (дәрiс алады). Ахмет Ясауидің үлкен ұстазы Жүсіп Хамадани (толық аты: Әбу Яқуб ибн Әййуб ибн Юсуф ибн әл-Хаман ибн Уахра Хамадани әл-Бүзенжири) Хамадан ауданындағы Бүзенжир қалашығында 1049-1050 жылы дүниеге келген. Өскеннен кейін ол Бағдат қаласына барып, Шейх Әбу Исқақ Ширазимен кездеседі де, одан шариғат (фықһ) ілімдерін үйренеді. Сосын Бағдат, Исфахан, Самарқанд қалаларындағы ұлы мұхаддистерден (хадисші) хадис ілімін үйренеді. Одан кейін Жүсіп Хамадани сопыларға тән өмірді қалап, әйгілі Шейх Әбу Али Фармедиге қол беріп, одан сопылық ілімді үйренеді де өмірінің қалған бөлігін көңілін тәрбиелеумен өткізеді (42).
Жүсіп Хамадани жүннен және үнемі жамалған киім киіп, дүние істеріне аса мән бермей, патшалардың, үлкен кісілердің үйлеріне бармайды екен. Жүсіп қолында не бар болса мұқтаждарға таратып беріп, ешкімнен ештеңе алмайды. Ол 75 жыл бойдақ жүріп соңында үйленген. Сондай-ақ хамадандық Жүсіп ислам бойынша 700 шығарманы жатқа білген, 213 шейхпен кеңес құрып, 8000 бұтқа табынушыны ислам дінін қабылдауына себепкер болған адам. Ол христиандар мен отқа табынушылардың үйлеріне барып, исламның ұлылығын түсіндіретін болған. Меккеге 37 мәрте қажылыққа барған. Жүсіп Хамаданидің өмір сүріп тұрған кезінде Селжұқ империясының сұлтаны Сұлтан Санжар Жүсіп Хамаданиді қатты құрметтеген. Тіпті Хамаданидің теккесі қаражаты үшін, 50000 динар жіберген екен дейді. Қазір Жүсіп Хамадани мен Сұлтан Санжардың қабірі Мерв қаласында.
Жүсіп Хамаданидің қартайған шағында оның өзге 3 шәкіртімен бірге Қожа Ахмет халифалық дәрежеге жоғарылаған. Жүсіп Хамадани қайтыс болғаннан соң, Ахмет оның алғашқы екі халифасы - Қожа Абдуллаһ Берки мен Қожа Хасан Андакидан кейін біраз уақыт Бұхарадағы Хамадани теккесін басқарады. Бірақ біз оның қанша уақыт Хамадани теккесін басқарғанын білмесек те, ясылық ғұлама барлық шәкірттерін 4-ші халифа - Қожа Абдухалық Гыждуаниге тапсырып, өзі Ясыға оралғанын бiлемiз (46, 28).
Ислам дәруіштері тәрiздi Хорасан, Сирия, Ирак өлкелерiн аралап, Ахмет кезбелiк өмiр кешкенiн Диуани Хикметтегi мына өлең жолдарынан бiлемiз:
Дариға, не істемекпін ғаріптікке
Шын сорлы кезбе болып шықты міне.
Хорасан, Шам, Ираққа барып, тіпті,
Қанғудың көп қадырын ұқты міне
Қайтеміз Құдай салса, буған белмен
Қынғаннан-Жүсіпті ол қуған-ды елден.
Мүбәрәк Түркістаным - туған жерге,
Тасқа ұрып бауырымды келді міне.
Түркi халықтарының ортақ пiрi ясылық Ахмет кiндiк қаны тамған берекелi мекенiне бiлiм сыпырасын (софра) жайған. Оның берекелi софрасында көптеген шәкiрттер ақиқат шуағымен азықтанған, түркi жұртының көңiлдерiне Аллаһ нұрымен иман ұрығын еккен. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда ұлы бабамыз 99 000 мүриді жетілдірген, оның 12000-ы шейхының жанында дәріс алады екен. Әзіреті Сұлтанның рухани софрасында (дастархан) ақиқат нұрымен сусындаған мүридтері ұстазының нұсқауымен түркі әлемінің түкпір-түкпіріне жөнелтілгені халық арасындағы аңыздарда кереметтей етіп баяндалады (47, 29).
Ахмет Ясауи - ардақты пайғамбарымыздың сүннетін қатты ұстанған адам. Сондықтан пайғамбар жас - 63 жастан кейін, теккесінің жанынан жер астына өзіне орын қаздырып, өмірінің қалған бөлігін сонда өткізген.
Таң сәріде дүйсенбі күн жерге кірдім,
Мұстафаға қайғы тұтып кірдім міне
Алпыс үште сүннет деді естіп білдім
Мұстафаға аза тұтып кірдім міне.
Кемеңгер түркі сопысы өз қол еңбегімен, ағаштан қасық, ыдыс-аяқ жонып күнелткен адам, осы кәсібін қылуетте де жалғастырған, Аллаһқа құлшылық жасаумен, ораза тұтумен, зікір айтумен, «Диуани Хикмет» жазумен айналысқан және сонда дүниеден озған. (Ахмет Ясауидің неше жыл өмір сүріп, қайтыс болғаны туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Мәселен, М.Ф.Көпрүлү оны 120 жыл өмір сүріп, 1166-67 жылы қайтыс болған десе, М.Жармұхамедов оны 125 жыл жасап, 1228 жылы қайтыс болған дейді, ал К.Эраслан 83 жыл жасаған десе, Х.Сүйіншәлиев 73 жыл жасаған дейді. Ал Хисамиддин Сығнақи оны 130 жыл өмір сүрген дейді.)
Халық арасындағы аңыздарға қарағанда, Қожа Ахметтiң мәйітін жуған және жаназасын шығарған атақты “Қарапура ата” көрінеді. Кемеңгер бабамыздың мүрдесi осы бiр берекелi қонысқа жерленуiне орай Ясы қаласының одан сайын гүлденуіне жол ашылды, қарт Түркістан түркі дүниесінің астанасы, қасиетті қалаға айналды. Тiптi, Ахмет Ясауидің “Пір Түркістан”, “Әзіреті Түркістан” (түркі елінің пірі, шейхы) деп аталуына байланысты оның мүрдесi жатқан қала “Түркістан” деген атауға ие болды.
Кезіп бір, кентіне кеп тұрақтады,
Мазар болып, Түркістанда қалдым міне.
Ясауи шығармасының «Диуани хикмет» аталуына байланысты Көпрүлү Х ғасырдағы діни-сопылық шығармаларды “хикмет” деп атағанын айтады. Ал бүгінгі «хикметтер» Ахмет Ясауидің өлеңдері қамтылған жинақтың атауы. Осы есім Ахмет Ясауидің шығармасына ХҮІ ғасырдан бастап Ясауи жолын қуушылары тарапынан қойыла бастаған деген пікір айтқан ғалымдар да бар. Өйткені олар сол заманда өмір сүрген Фазлуллаһ бин Рузбиханның Ясауи кесенесінде оқылатын хикметтердің басында «Диуани Хикмет» деген сөзді кездестірмегенін дәлел ретінде келтіреді.
Әйтсе де Ясауи жолындағылар осы шығарманы Құран Кәрімдегі Нахл сүресінің 125 аятындағы Аллаһ Тағаланың: “Адамдарды Раббыңның жолына хикмет (даналық) және көркем үгіт арқылы шақыр”, - деген бұйрығы бойынша, халыққа ислам дінін даналықпен (хикмет) шақыру мақсатында Ясауидің әйгілі шығармасын «Диуани Хикмет» деп атаған. Өйткені оның өлеңдерінің әрбір сөзі шеберлікпен жазылған даналық (хикмет) болып табылады.
«Диуани Хикмет» шығармасы - түркі тілінде исламға дейінгі түркі жырауларының сөз саптау, өлең пішімдерін қолдана отырып діни-сопылық оймен жазылған алғашқы шығарма, яғни ислам-түркі әдебиетінің “Құтты біліктен” кейінгі ең ескі шығарма үлгісі.
Ислам дінінің негіздерін, шариғат үкімдері мен Әһли сүннет (сүнни) сенімін ислам дінін қабылдай бастаған түркілерге үйрету, сопылықтың мәнісін, тариқаттың әдебі мен негіздерін мүридтеріне түсіндіру Ахмет Ясауи хикметінің басты мақсаты болып табылады.
Ф.Көпрүлүнің айтқаны сияқты хикметтердің мазмұнын діни-сопылық элементтер, ал пішімін ұлттық элементтер құрайды. Бұл шығармада ислам дiнi, түркі сопылығы мен Ясауи тариқатының негіздері, сенімдер мен нанымдар, ахлақ т.б. тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар аталмыш шығармада мінәжәт, мадақ өлеңдер, Аллаға деген ғашықтық, Аллаһтың бірлігі, оның шексіз қалауы мен құдіреті, Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға деген сүйіспеншілік, Хазіреті Пайғамбардың сүннеті, нәпсі тәрбиелеу, зүһд (дүние рахатынан аулақ жүру) пен тақуа (Алладан қорқу), құлшылық, ислам ахлағы, ислам аңыздары, ахирет өмірі, қиямет жағдайы, жәннәт-жәһәннәмды (жұмақ-тозақ) суреттеу, алдамшы өмірден шағымдану, дәруіштердің артықшылықтары, жалған сопылар, мұсылман сопыларының қиссалары, зікір мен қылует сияқты Ясауи тариқатының әдептері мен негіздеріне байланысты тақырыптар қамтылған.
«Диуани хикметте» Мұхаммед, Зәкәрия, Исмаил, Мұса, Әйюб, Жүсіп сияқты пайғамбарлар, Әбу Бәкір, Омар, Осман және Али сияқты сахабалар, Махмұд, Зүннун Мысри, Шибли, Әдхам, Баязит, Мансұр сияқты атақты сопылар, Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Злиха сияқты ғашықтар баяндалады.
Ахмет Ясауи «Мирату-л-Құлуб» еңбегінде де жалпы сопылық ілімнің өзегін құрайтын «көңілдің көзін ашу», «рухани жетілу» басты мәселе ретінде қаралады. Ондағы мол ұшырасатын сопылық дүниетанымдық категориялар Ясауидің ой-пікірін тұжырымдаудың кілті ретінде қызмет еткен. Еңбекте сопылық әдебиетте жиі кездесетін «Нұр-ы Мұхаммедия», «үммү-л-әруах» категориялары, сондай-ақ адам рухының жоғарғы сапалық тазалық категориясы – «қалб-ы сәлим», дәрежелік өту сатылары – «дариялар» мәні таратыла айқындалған. Көңілдің (рухтың) тазалыққа, кемелдікке жетудегі ең негізгі шарттары мен қағидалары әдістемелік теориялық деңгейде түсіндірілген.
Ясауи сопылық ілімін төмендегіше таратып айтуға болады.
Аллаға ғашық болу. Ясауидiң сопылық дүниетанымында Аллаға бағынуға, оны тануға көп мән берiлген. Себебi, Алланы тану – көңiл көзiн ашудың негiзгi кiлтi. Сондықтан сопылық жолдың кезек күттiрмейтiн басты өзегi – Алланы тану (мағрифату-л-лаһ). Сопылық дүниетаным бойынша әлем мен әлемдегі барлық жаратылыстарды Алла ғашықтығының әсері ретінде қарау және сүю негiзгi мәселе ретiнде қарастырылады. Құран Кәрімде: “Шын сенгендерге жер жүзінде көптеген ишараттар (белгілер) бар. Тағы да өз болмыстарыңда белгілер бар. Еш көрмейсіңдер ме?” - деп, адамның болмысы, дене құрылысы Құдайдың бар екендігін, осы тәріздес жаратылыстар әлем иесінің кемшіліксіз көрінісі екендігін дәлелдейді.
Құдайдың құдіреті мен шеберлігі кездеспейтін ешбір дене, мақұлық жоқ. Сондықтан жаратылған барлық болмыс құдайдың жаратқан өрнегі, Алланың ауызбен айтып жеткізуі мүмкін емес шеберлігінің белгiсi болып табылады. Құран осы ақиқатты былай деп түсіндіреді: “Қайда қарасаң Аллаһтың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда” (Бақара-115).
Ахмет Ясауи - осы ақиқатты түсінген ұлы ойшыл. Оның пікірі бойынша әлем мен әлемдегі бүткiл жаратылыстар ұлы Жаратушының құдіреті шексiз екендiгiн көрсетедi. Ұлы бабамыздың көзқарасы бойынша дүниедегі барлық жаратылыстар Алланың ұлы, кеңпейіл, мейірімді де рақымды екенiн дәлелдейдi. Жаратылысқа өмір берген де, бейне берген де тек ол ғана. Ол - шексіздік (мұтлақ) қайнары.
Белгілі ғой сенің барлық істерде,
Сен кемелсің, сен мейірлі, О, Ғафур.
Кемелсің ғайыптан пайда болған,
Сен кемелсің, сен мейірлі, О, Ғафур.
Тағы:
Ғайыптан ол жоқтан бар жаратты,
Он сегіз мың ғалам түгел қайран болар.
«Қалу бала» деген құлдарға үлес таратты,
Бейғам құлдың діндері ойран болар.
Хақ Тағала иман сыйлап берді бізге,
Ол Мұстафа Хақ елшісі деді бізге.
Мадақ айтсаң қуат берер дініңізге,
Өйтпесе қылғандарың жалған болар.
Міне, осылай әлемнің жаратылысына ой жүгірте отырып, Алланы танығаннан кейін, оған ғашық болуға жол ашылады.
Мұсылмандық сопылық дүниетанымы бойынша жаратылыстың жаралуына “ғашықтық” себеп болған. Осы тақырып бойынша ардақты Пайғамбардың бір құдси хадисінде ұлы Жаратушымыз былай дейді: “Мен құпия бір қазына едім, білінуді қаладым (ұнаттым), мені білсін деп әлемді жараттым”.
Достарыңызбен бөлісу: |