Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет7/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23

Жоғарыдағы құдси хадисте баяндалып отырған ғашықтық (ұнату, қалау) Құдайдан бастау алған және бүкіл әлемнің жаралуына себеп болған. Хақтан (құдай) бастау алған ғашықтық пен сүйіспеншілікті ұғынған кемеңгер бабамыз әлемнің иесіне осы жолмен қайта қауышуды таңдаған.

Сонымен қатар мына әлем және ондағы бүткіл жаратылыстар мен мақұлықтар өте әсем шеберлікпен жаратылған, әрі бүткіл жаратылыстар мен мақұлықтардың және адамдардың өздеріне тән әсемдігі, сұлулығы бар. Демек, сұлудан сұлу жаратылатыны сияқты және мұсылманның атақты ойшылы Мұхиддин әл-Араби: «Біз Аллаһты сүйеміз, өйткені ол сұлу»- демекші, өте көркем, асқан сұлу мына әлемді, ондағы жаратылыстар мен мақұлықтарды жаратқан Алла сұлу, көркем. Сондықтан ғашық болуға, әрі құл болып табынуға лайық тек - Алла.

Аллаға ғашық болу – нәпсілік қалауларды тәрбиелейдi және көңiл кiрлерiнен арылтады, адамның көңiлiне жақсылық, сұлулық, нәзіктік ұрығын себедi, жүрек көзiн ашады және көңiл сарайын кеңейтедi. Махаббат адамның менмендігін, ішіндегі қатыгездігін, кек пен жек көрудің тiптi қалдықтарына дейiн күлiн көкке ұшырып, нәзіктікке, сүйіспеншілікке, рақымдылыққа, әділдікке бастайды.

Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын,

Алла аты көңіл кілтін ашар, достар.

“Астағфиралла», «истиғфарды» тынбай айтқын,

Шайтан малғұн тәннен шығып қашар достар.

Шайтан малғұн сізге дұшпан, әзір болғын,

Кеште Алла, күндіз Алла айтып өлгін.

Тар лахатқа кірер кезде нұрға толғын,

Періштелер Алла нұрын шашар, достар.

Алла нұры қабір ішін жарық қылғай,

Періштелер өңірінен сәуле құйғай.

Мұсылмандар оны көріп қайран қалғай,

Бұл ғаламның жарығынан безер, достар.

Ұлы ойшыл бабамыздың көзқарасы бойынша Аллаға деген ғашықтығы мен сүйіспеншілігін жүректеріне, көңілдеріне және ақылдарына тоқымаған адамдар - құрғақ сенім мен құлшылықта жасағанмен рухани жетіле алмаған адамдар. Тіпті аталмыш адамдардың имандары да жоқ деп түсіндіреді.

Абид болма, заһид болма ғашық болғыл,

Ғашықсыздың жаны да жоқ әрі иманы.

Түркі ойшылы өзінің Аллаға деген ғашықтығын былай суреттеген:

Ғашық қылды шейда мені, жүмле әлем білді мені,

Қайғым сенсің түні-күні, маған сен-ақ керек сен.

Сөйлесем мен тілімдесің, көздесем мен көзімдесің,

Көңілімде һәм жанымдасың, маған сен-ақ керек сен.

Ғалымдарға кітап керек, сопыларға мешіт керек,

Мәжнүндерге Ләйлә керек, маған сен-ақ керек сен.

Надандарға дүние керек, ақылдыға ұқба керек,

Уағызшыға мінбе керек, маған сен-ақ керек сен.

Қожа Ахмет-дүр менің атым, түні-күні жанар отым,

Екі жиһанда үмітім, маған сен-ақ керек сен.


Тағы да ғашықтық жайлы:

Ғашық жолында пана болар құдай бар,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Қолым жайып, дұға қылам, уа, Жаббар,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Ғашық болсаң күйдіреді жан мен тәнді,

Ғашық болсаң ойран қылар дүние, малды.

Ғашық болмай танып болмас, Алла, сені,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Ғашық жыры сыймас достың көкірегіне,

Барлық ғашық жыйылып барғай хұзырына.

Жеті тозақ мұрсат бермес қас қағымда,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Шын ғашығың көрмес маған риза болай,

Өліп- өшіп Зәкәриядай зікірші болай.

Әййюбтай келген бәлеге сабыр болай,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Ғашық дертін көтердім, дәрменім жоқ,

Ғашық жолында жан бергеннің арманы жоқ.

Осы жолда жан бермеске амалым жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Қайдан табам, ғашық еттің амалым жоқ,

Алланы мақтап күні-түні қоярым жоқ.

Дидарыңнан өзге жерге барарым жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Ғашық базары ұлы базар, сауда харам,

Ғашық жанға сенен өзгені ойлау харам.

Ғашық жолына берілгенге дүние харам,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Ғашықтықты дауға салып жүре алмадым,


Нәпсіден безіп әміріңді қыла алмадым.

Надан болдым, Хақ бұйрығын қыла алмадым,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.

Құл Қожа Ахмет ғашықтан өткен бәле болмас,

Боянғанмен ғашық дертіне дауа болмас.

Көз жасыңнан өзге ешкім куә болмас,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер. (27-х.)


Ахмет Ясауидің көзқарасы бойынша Алла адамның көңілінде, жанында орын тепкен. Адамның көңілін Алла үйі Қағбаға теңеген Қажы Бекташ Уәли де Қожа Ахметтің осы пікірін қуаттайды. Қажы Бекташ Уәли “Алла үйі Қағбаға аяғымен қажылыққа барған адамға Құран жолдас, ал адамның көңіліне тәңір жолдас” дей отырып, Құранның: “Біз оған (адамға) күре тамырынан да жақынбыз (Қаф-16), - деген аятын назарымызға ұсынады және аталған түркi дәруiшiнiң жоғарыда баяндалған ойы Қожа Ахметтiң мына бiр өлең жолдарымен сабақтасып жатыр:
Алла, Алла жаным Алла, ділім Алла,

Сенен өзге қорғаушым жоқ Олла, Билла.

Жылап келдім дергаһыңа байлығым Алла,

Достар қожам мені пендем дегей ме екен.

Ықылас. Құран Кәрімде баяндалған: “мен жындар мен адамдарды тек маған құлшылық қылсын деп жараттым” аятына сәйкес, Алла Тағала адам баласын өзіне құлшылық жасау үшін жаратқан. Сондықтан біздің бұл дүниеге келуіміздің себебі – Алла Тағаланың барлығын, бірлігін мойындай отырып, оған құлшылық жасау, оған құл болуға өзімiздi ұсыну.
Түнде жатпай, күндізі ораза болғыл,

Шын үмметің сарғайып сабан болар.

Сүннеттерін бекем тұтып, үммет болғыл,

Күндіз-түні мадақ айтып үлпәт болғыл.

Нәпсіні тыйып мехнат шексең, рахат білгіл,

Бұл ғашықтың екі көзі төрт болар (65-х).

Кез келген құдай үшiн жасалынатын iзгi ниеттегi амалдар ниетке немесе көңілге байланысты, яғни ықыласпен орындалатын амал жемісті болмақ. Ықылас - “шын пейілмен”, “шын жүрекпен” зейiн қою, ниет ету немесе бір нәрсені жүзеге асыру деген сөз. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Сен Аллаға құлдық және ықыласпен бағын” (Зүмер-39) – деп, барлық құлшылық пен амалдарды тек Алла ризашылығы үшін, яғни ықылас арқылы жасауды ұсынған. Ал оның қарама-қайшысы “біреу мені көрсін, мақтасын” деген оймен мақтаныш, мансап үшін орындалатын ғибадат “рия” болып табылады. Белгiлi бiр дүниелiк пайдаға, немесе мақтанышқа бола орындалатын амалдың ешқандай сауабы жоқ, керісінше – орны толмас күнә, қылмыс, тiптi “шіркке” жатқыза аламыз. Осы тақырып бойынша ардақты Пайғамбардың хадисiнде былай делiнген: “Көрсету үшін ораза тұтқан, намаз оқыған, иман еткен адам – Аллаһқа серік қосқан адам”.
Ықылас керек, ей ізденушім, ғашық болсаң,

Жаннан кешіп, бейнет тартып, садық болсаң,

Онан кейін Хақ алдында лайық болсаң,

Лайық болмай, дидарын көрсе болмас. (81-х.)

Қырық екімде шәкірт болып, жолға кірдім,

Ықылас қылып, жалғыз Хаққа көңіл бөлдім.

Ал риякерлерді сынай былай дейді:
Ораза ұстап, халыққа рия қылғандарды,

Намаз оқып, өтірік тәспі алғандарды,

Пірмін деп, алдап мақсат құрғандарды,

Өлерінде иманынан айырдым.


Адам сүйiспеншiлiгi. Адам жер бетіндегі кемелденіп жаратылған жаратылыс. Барлық нәрсе адам үшін, адам игілігіне пайдалану үшін жаратылған және адам жер бетіндегі Алланың халифасы (орынбасары) екендігі жайлы Құран аяттарында орын алған. Сондықтан адамдарды адам үшін сүю дініміздің негіздерінде жатыр. «Бір-біріңді сүймейінше - дейдi, Мұхаммед пайғамбар, - нағыз мұсылман бола алмайсыңдар».

Құран Кәрiмде “Аллаһтан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға жетімдерге, міскіндерге, қамқорлық жасаңдар” (Бақара-177), деген Аллатың бұйрығына сай, мұсылмандық мораль қағидаларындағы әке-шешемен, балалармен, көршілермен, туған-туыстармен жақсы қарым-қатынас жасау, үлкендерді құрметтеп, кішілерді сыйлау, әлсіздер мен мұқтаждарға көмектесу, жетімдерге пана болу сияқты негіздер адам сүйіспеншілігіне жатады. Ардақты Пайғамбардың: «адамдардың ең қайырлысы, адамдарға пайдасы тигендер» немесе «қайрымды болғандарға Алла да қайрымдылық жасайды» - деген сөздерiне қарай отырып, мұсылмандықтағы адам сүйіспеншілігінiң орны ерекше екендiгiн аңғару қиын емес.

Иманды адам дүниеге қатыгездікпен емес, сүйіспеншілікпен және мейрімділікпен қарайды. Имандылық жол - бауырмалдық, өзара түсіністік, бір-бірінің көңілін сұрау мен бір-біріне көмектесу жолы, осы жолмен Хаққты іздеуге шыққан адам құдайды табары анық. Осы мәселе бойынша ардақты Мұхаммед пайғамбардың бiр құдси хадисiнде былай делiнген: «О дүниеге барғанда Алла тағала айтады екен: Ей адам баласы! мен ауырып жаттым, сен келіп көңілімді сұрамадың деп, Адам таң қалып: Уай раббым хақ, сен бүткіл әлемнің иесісің, мен сені қалай көремін дейді емес пе ?! Сонда Алла тағала : түгенше ауырып жатқанда сен оған бармадың, барғанда ғой соның алдынан мені көрер едің. Ей, адам баласы! Өзің ауқаттандың, бірақ мені шақырмадың. Адам тағы да дал болып: Уай раббым, сен бүткіл әлемнің падишасысың, мен сорлы сені тамаққа қалай шақырамын? – дейді. Сонда Алла Тағала айтады екен: Түгенше деген пендем бір нәрсеге қатты мұқтаж боп, алдыңа барғанда сен оның меселін қайтардың. Егер келген шаруасын бітіргеніңде мені тапқан болар едің – деп. Міне бұл – мұсылмандық жол. Демек пенденің адамдарға қарасу, оларға көмектесу арқылы Алланы табары хақ. 1 хикмет

«Біссімілә» деп баян еттім хикмет айтып,

Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.

Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,

Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым міне.

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,

Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.

Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,

Діні қатты халайықтан қаштым міне.

Қайда жүрсең көңілі жұмсақ, сыпайы болғыл,

Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғыл.

Менменсіген халайықтан қаштым міне.

Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,

Сол кеште Миғраж шығып, дидар көрді.

Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр халін білді,

Ғаріптердің жайын ұғып келдім міне.

Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,

Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.

Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,

Қанағат етіп, сауық шарабын іштім міне.

Мәдинеге расул барып, болды ғаріп,

Ғаріптікте азап тартып, сүйді жанып.

Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып ауыр жолды бастым міне.

Ақылға ерсең ғаріптерді мейріммен сүй,

Мұстафадай елді кезіп, жетімді жый,

Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,

Бойым тыйып дариядай тастым міне.
Ақылды болсаң, жарандарға қызмет қыл,

Дінге шақырғандарға ізет қыл,

Дұрыс жолға салғандарға қызмет қыл,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Құлды көрсем, қызмет қылып құлы болсам,

Топырақ сипат жол үстінде жолы болсам,

Ғашықтардың күйіп сөнген күлі болсам,

Серік болып жер астына түстім міне.


Өмір сүр – Мұстафа айтты бауырласып,

Үмметтер бірге тұрыңдар қауымдасып,

Жақсылар ертең ұшпақ тауын асып,

Жамандар сазайын бір тартар достар.

Дiни төзiмдiлiк. Жер бетiндегi адамзат баласы бірдей етіп жаратылған кемел жаратылыс екендiгi жоғарыда баяндалған, бiрақ құдiреттi құдай адамзатқа сенiм еркiндiгiн берген. Сондықтан қазіргі жер бетіндегі адамдар әртүрлі нәрселерге сенеді, олардың бірі - мұсылман, бірі - христиан, бірі - буддист, тiптi бiрi құдайға сенбейдi. Ал біздің міндетіміз - адамдардың ар-намысына, азаматтық хұқығына қол сұқпау, оларды дініне қарай бөлмеу, алаламау және кемсітпеу, керісінше адам баласы кемелденiп жаратылған жаратылыс болғаны үшін сыйлауға, құрметтеуге мiндеттiмiз. Ал ол кәпір ме, мүшірік пе, мұсылман ба, сол құл мен Алла арасындағы өзара мәселесі. Міне бұл «дiни төзiмдiлiкке» жатады. Құран Кәрімде: «дінде зорлық жоқ» - дегенi сияқты әрбiр сенiм иесiне ақыл-кеңес берумен шектелу мiндеттелген.

Ахмет Ясауи де исламдағы дiни төзiмдiлiктi жақсы ұққан сопы. Оның пікірі бойынша шынайы мұсылман адам, бүкіл адам баласының кез келген қырынан ең кемелi болуы тиiс. Оның көзқарасы бойынша кәміл мұсылман адам ұлы Аллаһтың барлығына, бірлігіне иман етіп қана қоймай, барлық адамды бақытты қылатын турашыл, кемел, үлгі болатындай толық адам болуы керек. Дiни төзiмдiлiк әдiстi ұтымды қолданған кемеңгер бабамыз қандай нәсілде, қандай дінде, қандай ұлтта болса да барлығына Жаратушының пендесi ретінде қараған, тiптi дiни төзiмдiлiктi Мұхаммед пайғамбардың сүннетi деп бiлген.

Сүннет екен кәпір де болса берме зарар,

Көңілі қатты тіл азардан құдай безер.

Алла атынан ондай құлға тозақ даяр,

Бұл сөзді даналардан естіп айттым міне.

Ер мен әйел теңдiгi. Алла алдында ер мен әйел тең хұқылы, екеуіне де ақыл, көңіл, жүрек беріп, бірдей дәрежеде жаратқан. Бірақ, ислам діні әйелдің өз жаратылысына, нәзіктігіне, ердің өз жаратылысына, оның табиғатындағы қуаттылығы мен төзiмдiлiгiне байланысты өздеріне лайықты біршама міндеттерді белгілеген.

Әйел дегеніміз - ана, адамның алғашқы ұстазы, әрі Алладан кейінгі ең жақын қамқоршысы. Сонымен бірге «жәннәт аналардың табанының астында» - деген Пайғамбардың хадисіне орай ислам діні әйел затына қаншалықты құрмет көрсетінін байқау қиын емес. Ардақты Пайғамбар: «әрбір ер мен әйел мұсылманға ғылым іздеу парыз» - деп, екеуінің хұқығы исламда тең екендігін көрсеткен.

Исламға дейінгі түркі халықтарында да әйел қоғамда маңызды рөлдерді тең ойнаған. Тіпті, әйелдер қоғамдағы саяси мәселелерге араласып, елін қорғау үшін қолына найза алып, ерлермен бірге соғыстарға да қатысқан. Оның үстіне көшпелілер арасында әйел мен ерді бөлек ұстау мүмкін емес. Ахмет Ясауи түркілердің осы әдетін жалғастыра отырып, өзінің зікірлері мен сұхбаттарына әйел мен ерді бірге қатыстырған. Әрі бұл әдіс сопылық жол бойынша таптырмайтын нәпсі тәрбиелеу әдiсi болып табылады.

Ахмет Ясауидің бұл әрекетіне заманындағы ғалымдар қарсы шыққан екен. Диуани Хикметте сол ғалымдардың бірі Баба Машын жайлы былай делiнген:

Есітті Баба Машын сол заманда,

Ахмет атты бір шейх шыққан екен Түркістанда.

Сұхбат құран қыз-келіншекпен онда,

Тыйым салғалы Түркістанға келді достар.

Халық арасындағы аңыздарға қарағанда Ахмет Ясауидің софрасында ерлермен қатар әйел де бірге отырып сұхбаттасады деген қауесетті естіген Хорасан мен Мәуреннәһрдің ғалымдары Ясауидің бұл қылығын дұрыс деп таппай, Ясы қаласына сапарға шыққан екен. Қожа Ахмет те өзінің жоғарғы рухани қабiлетiмен олардың келе жатқанын сезіп, бір мүридіне аузы жабылған бір сиясауытты беріп ғұламалардың алдынан шығарады. Ахмет Ясауиді сынамаққа келе жатқан ғалымдар алдынан шыққан адамнан сиясауытты алып, аузын ашып қараса, сиясауыттың ішінде шоқ және шоқтың үстінде бір мақта тұр екен. Бірақ не шоқ сөнбеген, не мақта жанбаған екен. Ғұламалар Қожа Ахметтің «егер әйел мен ер Хақ жолында бір жерге топтасса, Алла олардың көңілдеріндегі жаман сезімдерді жояды» – деген ғибратын түсініп, Ахмет Ясауиден кешірім сұраған екен, тiптi көпшiлiгi оған шәкірт болыпты.

Адал еңбек ету. Әрбір мұсылман ешкімге жүк болмай, Құран Кәрімдегі «дүниедегі несібеңді де ұмытпа» (Қассас-77) - аятына сай табан ақы маңдай терiмен еңбек етуге мiндеттi. Әрине, мұсылмандық жол бойынша Аллаты, ахирет күнiн ойлау маңызды орында, дегенмен, бұл дүниелiк тiршiлiгiн де ұмытпаған жөн. «Сендердің қайырлыларың, - дейдi, Хазiретi Мұхаммед (ғ.с), - тіршілігі үшін ахиретін тастамаған, әрі ахиреті үшін тіршілін де ұмытпаған, екеуіне қатар құлшынған және басқаларға ауырпалық салмағандарың».

Ал көңiл жолы арқылы Хаққа сапар шеккен құдайдың пенделерiн «екі қолы істе, көңілі мен жүрегі Аллаһта болған адамдар», - деген сөз орынды айтылған. Тiптi түркi сопылығының iргесiн қалаған ясылық Ахметтiң қылуеттiк өмiрiнде ағаштан жонып қасық, ыдыс-аяқ жасағанын халық арасындағы аңыздардан бiлемiз.

Ахмет Ясауи Аллаға тек ғашық болу арқылы қауышуға болатынын түсіндірсе, мұның жанында “ғаріптік” арқылы жетуге болатынын да айтады немесе Аллаға ғашық болған пенде ғаріптікті сезіну керек. «Дүниеде ғаріп не жолаушы бол» - деген ардақты Пайғамбардың сөзiне орай Ахмет Ясауи ғаріптікті сүннет деп білген.


Мәдинаге Расул барып, болды ғаріп,

Ғаріптіктен азап тартты күйіп жанып,

Жапа тартып, Жаратқанға болды жақын,

Ғаріп болып, ауыр жолдан астым міне.


Сондықтан Диуани Хикметте орын алған “ғарiптiк”, “топырақ болу” - Аллаһқа жақындаудың тура жолы және бұл – көңiл тәрбиелеудiң бiр жолы болса керек, тiптi өзін де ғаріп, топырақ ретінде көреді.
Ғаріппін ешкімім жоқ, бишарамын һәм пақыр,

Сенен өзге кімім бар, рақым ет сен (Аллаһ) таң сәріде.

- деп өзінің бейшаралығын сезініп, рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғаріп қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш – Алла ғашықтығы, махаббаты.

Міне, Ясылық ұлы бабамыз Аллаға ғашық болу, өз нәпсісін тәрбиелеп, өзін ғаріп, топырақ санау және пақыр, жетімдерді қолдау арқылы, инсан камиль (кемелденген адам) болу жолын көрсеткен.

Сопылық философия бойынша кемел адамдар (инсан камиль) болмағанда әлем жаратылмас еді. Әлемнің тіршілігі мен жауапкершілігі осы кемел адамдарға байланысты. Кемел адамдар қоғам руханиятының кепілі. Ал осы сопылық кемелдікке жеткендерге «өлместен бұрын өлгендер» дейді.

Сопылық дүниетанымда өлімнің өзіндік ерекше орны бар. Ясауи түсінігінде өлім ешқандай жоқ болу, жоғалу сияқты қорқынышты нәрсе емес. Оған Ғаззалидің: «өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей отырып, өмірді тани алмайсың» - деген атақты сөзін келтіруге болады.

Ясауи ілімінде нәпсі жамандықтың, ал рух болса жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандықтың бірге болуы мүмкін еместігі сияқты, нәпсі мен рухтың қатар өмір сүруі де мүмкін емес. Екеуінің бірі ғана өмір сүруі керек. Ал рухтың өмір сүруі үшін, нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының ашылуында жатыр. Рух тазалығынан мақсат, ғашық мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады

Белгілі кезеңдегі халықтар арасындағы байланыстың әдебиетке игі әсері мол. Қай кезең әдебиеті болмасын өзіне дейінгі әдебиетпен және әлемдік мәдениетпен байланыста өркендейді, томаға-тұйықтық пен провинциализм кемел келешекті өнерге жараспайды деген арнада ой өрбіткен әдебиеттанушы Ш. Сәтбаева көркемдік дамудың, әдеби процестің маңызды бір заңдылығы - әдеби байланыстар - әдебиет әлеміндегі тоғысулар, қарым-қатынастар, рухани байлықтар алмасулары қоғамның прогресс жолымен дамуы қажеттілігінен туған мәдени, әдеби байланыстардың өзіндік мол тарихы, бай мазмұны бар деп ой қорытады (48, 3).

XIII-XIV ғасырдағы түркі әдебиеті - оған дейінгі әл-Фараби, Сағди, Фирдоуси, Низами, Юсуп Хас Хаджип, Ахмет Ясауи тәрізді ғұламалардың шығармашылығымен ұштастықта, солармен жалғастықта, дүниежүзі мәдениетінің табыстарымен үндесе туған әдебиет.

Алтын Орда әдебиетін зерттеуші ғалым А. Қыраубаева кезең әдебиетін екі бағытта қарастырады. Бірінші бағытқа аударма - нәзиралық шығармаларды, атап айтқанда: Құтбтың «Хұсрау уа Шырынын», Сайф Сараидың «Гүлстанын», Әлидің «Қисса Жүсібін», Рабғузидің «Қисас-и Рабғузиін», Махмуд бин Әлидің «Наһж ул Фарадисін» («Жұмаққа апарар жол»), Хусам Катибтың «Жұм-жұмасын», тағы басқа туындыларды жатқызады. Екінші бағытты – тың тума әдебиет, оның жарқын мысалына Хорезмидің «Махаббатнама» дастаны деп көрсетеді.

Ғалым М. Жолдасбеков: Алтын Орда немесе Қыпшақ дәуірінің (XIII-XIV ғғ.) үлгілеріне: «Қысса-сұл-әнбия», «Кодекс-куманикус», «Мұхаббат-наме», «Нахж уль-Фарадис», «Жүсіп-Зылиха», «Гүлстан», «Домбаул», «Қисса Наурыз», «Тарих-Қыпшақ», «Дастан Әмет» тағы басқа да шежірелер, тарихи мұралар, дастандар енуге тиіс дей келіп, аталған дәуірдің ерекшелігі - бұл тұста негізгі тіл қыпшақ тілі болды, әдебиет, негізінен, қыпшақ тілінде дамыды (49, 15),- деп атап көрсетеді.

Қазіргі араб тарихшысы әрі филолог Амин әл Холи ибн Арабшах еңбектеріне сүйеніп, Берке, Өзбек, Жәнібек т.б. орда билеушілерінің жанында болған көптеген ғалымдарды атайды. Сонымен бірге, мәдениетке олжа болып қосылған олардың көптеген еңбектерін де атап өтеді. Амин әл Холидің айтуы бойынша, Ніл мен Еділ өзендерінің мәдени және ғылыми байланыстарының негізі Сарайдың жоғары дәрежелі шығармашылық ойы болғандығын атап көрсетеді (50, 5-8).

ХІҮ ғасырда Алтын Орда әдебиеті жақсы дамыды. Орданың мемлекеттік тілі қыпшақ тілі болды. Алтын Орда жерінде Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтері» мен «Рабғузи қиссалары» кең таралды. Кейінгі жылдардағы археологиялық қазба жұмыстары Алтын Орда жерінде «Құтадғу білігтің» де кең тарағанын көрсетіп отыр. Алтын Орда астанасы Сарайдың байлығы – ақын-жазушылар шығармаларының тек діни тақырыпта қалып қоймай, көптеген өзге тақырыптарда жырлағанын көрсетеді. Низамиден нәзиралық дәстүрде жырланған «Хұсрау-Шырын» поэмасы, Құтбтың Низами шығармасын шығармашылықпен қайта қорытып, оған Алтын Орда хандарының дәстүр-салттарын, сарай өмірінің ерекшеліктерін енгізе жырлаған. Құтбтың «Хұсрау-Шырыны» дін тақырыбында емес, сүйіспеншілік тақырыбындағы алғашқы шығарма болып табылады. Құтб поэмасымен қатар, Хорезмидің «Мухаббатнамасы» осы дәуірде дүниеге келген шығармалар қатарында аталады. Кезеңнің ерекше шығармаларының бірі – «Наһжу-л-фарадис» - мың бетке жуық мәтіннен тұратын шығарма, діни туынды. Араб әдебиетіндегі Мұхаммед Пайғамбардың өмір жолын тақырып ететін сира жанрының шығармасы. Шығарманың бірінші жартысы тұтастай Мұхаммед Пайғамбардың өмір жолына арналған. Келесі жартысы Оның төрт шариарына – төрт халифке, Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатима, оның ұлдары Хасан, Хұсейін және төрт шейх Абуханифа, Имам Шафи, Имам Мәлік, Имам Ахмед Ханбалдардың өмірі мен қызметтеріне, түрлі діни қағидаларды сөз етуге арналады. Яғни Алтын Орда дәуірінде діни тақырыпты арқау еткен «Қиссасу-л-әнбия» секілді шығармалардың мол болғаны көрінеді. Ғалым А.Қыраубайқызы Алтын Орда дәуірі әдебиетінің өркендеуін түрік Оянушылығы – Ренессансы ретінде таниды: «... Сарай, Сарайшық қалалары да осы дәуірдегі өзіндік өркениеттің белгілеріне жатады. ... Қала мәдениетінің дамуы, әдебиет пен ғылымдағы ұлы тұлғалар Фараби, Ясауи, Баласағұни, Қашқарилердің, Әли, Рабғузи, Құтб, Құсам Катиб, Хорезмилердің шығармашылығы Х-ХІҮ ғасырлардағы әдебиетте жан-жақты өсу үрдісінің болғандығын көрсетеді деген ойдамыз. Осындай даму үрдісі өз ішінде түрік Оянушылығын туғызды. Әдебиеттегі түрік Оянушылығының белгілері біздіңше, екі үлкен жаугершіліктен кейін көрініп отырады. Х-ХІІ ғасырда Баласағұни «Құтты білікте» державалық түрік мемлекетінің төрт құбыласы тең үлгісін жасағанда, «Өтүкен бектері», «Білге қаған», Күлтегін, Тоныкөктер құрған ұлы түрік қағанатын елестете отырып жазса, Махмұд Қашқари түрік елінің бай мәдениетін, тілін жан-жақты сипаттап, түрік рухын ірілендіре түсті... Жүсіп Баласағұнидің көне антика әдебиетінің принциптеріне сүйенетіні, ежелгі грек ойшылдарын дәріптеуі; Ясауи және оның ізіне ерген Иүгінеки, Бақырғани, Хакім аталардың гуманизм идеяларын ту етуі; Нәзира дәстүріндегі қиссалардың ежелгі сюжеттерді қайталай жаза отырып, адамгершілік, түріктік мәселелерді көтеруі; ақындардың шығарманы ана тілі – түрік тілінде жазуы, сөйтіп түрік тілінің мәртебесін көтеруі... Бұл түрік-қазақ әдебиетінде Алтын Орда әдебиетінің кезінде негізгі әдеби үрдіске айналды (51, 112-114 бб.).

Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетінің тарихында кітаби ақындық және оның басты шығармашылық дәстүрі – нәзирагөйлік Ясауи, Бақырғани шығармаларынан бастау алып, Алтын Орда дәуірінде ұлы Ұлыстың мемлекеттік рухани қазығы ретінде мұсылман дінін берік бекіту, ұлыстың түрік жұртының ислами өркениетін қалыптастыру мүддесімен қабыса келіп туындады. Кітабилықтың кейінгі кезеңі орыс отарлығына қарсы қолданылатын рухани қару, діни, әдеби, жалпы өркениеттік, бүгінгі тілмен айтқанда, діни ағартушылық қозғалыс ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қайта туып өркен жайды. Сондықтан да олар жырлаған басты тақырып дін болды. Ал кітаби ақындардың өзге тақырыптарға баруы: «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама», «Шаһнама» желілерін дербес нәзиралық туындылар етіп жырлауы діни тақырыптың өскен, өркен жайған, әдеби үдеріс ретінде даму көрінісі деуге болады. Өйткені олар жырлаған әр туындыда дерлік діни, діни-гуманистік, діни-фәлсафалық сарын шығарманың ішкі өзегіндегі тіні, арқауы болып өріліп жатады. Бұл бұрынғы діни фәлсафалық-сопылық, кейінгі діни ағартушылық бағыт екені анық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет