Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет15/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23

«Қисса-и Хәзрет Юсуф әләйһиссалам илән Зулейханың мәселесі» және мәтінтанулық мәселелері
Қазақ халқының көрнекті кітаби, нәзирашыл ақыны Жүсіпбек қожаның Жүсіп пайғамбар, ғашықтық, ғашықтықтың өзі діни тұрғыдан пайымдалған шығармасы – «Қисса-и Хәзрет Юсуф әләйһиссалам илән Зулейханың мәселесі» атты туындысы. Шығарманың түп негізінде Таурат пен Құрандағы діни аңыз, әңгіме жатқаны анық. Тіпті Жүсіп қиссасын зерттеуші ғалымдар оның түп негізі өте көне екенін тілге тиек етеді. Қалай болғанда да, мұсылман әлемі ақындары жырлаған Жүсіп әңгімесінің негізі Құранның 12-сүресінде, араб, парсы тілдеріндегі көне тәпсірлерде жатқаны күмәнсіз. Алтын Орда дәуірі әдеби ескерткіштерін зерттеуші қазақ ғалымы А. Қыраубайқызы «Қисса Жүсіп» түп негізі өте көне аңыз-әңгімелерге желі тартатынын айта келіп былай дейді: «Жүсіп пайғамбар оқиғасын парсы-түрік тілдерінде көптеген ақындар жазды. Оның түпкі нұсқасы, әрине Құранның 12-сүресі және Фирдоуси жырлаған «Жүсіп – Зылиха». Бірақ, Әли, Жәми, Дүрбек - үшеуі сүйенген бір ортақ негіз XI ғасырда өмір сүрген Герат ғалымы Абдаллах Ансаридің (1006-1088) прозалық сюжеті екені анықталып отыр» (15, 135). Өзбек ғалымы Э.Р.Рүстемов, татар ғалымы Н.Ш.Хисамовтардың қисса сюжетін аталған еңбекпен салыстыра қарағанын сөз етеді.

Татар ғалымдары: Джавад Алмаз, А.Т.Танерджанов, Н.Ш.Хисамовтар шығарманың татар әдебиетіне қатыстылығын жөнінде көбірек сөз етеді. «Поэма распространилась исключительно среди татар Поволжья и Приуралья. Все найденные списки ее - а их насчитывается около ста - выполнены переписчиками из среды казанских татар. Даже такой старейший список поэмы, как Дрезденский экземпляр, выполнен в пригороде Казани» (68, 19). Сөйте тұра, ғалым еңбектің келесі беттерінде мына секілді ой айтады: «...Есть основание предпологать, что поэма рано появилась в Поволжье. Возможно, что она создавалась, где-то вдали и была привезена самим поэтом. Приведенные Т. Ялчыгол-углы сведения не лишены исторической почвы. Согласно им, человек по имени Кул Али уехал из Булгарии в Хорезм, там в течение сорока пяти лет преподавал в медресе» (68, 226). А. Қыраубайқызы шығарма отаны жөнінде: «Қиссада оғыз тілінің элементтері көптігін тілге тиек ете отырып, оны булгар ескерткіші дегеннен гөрі, оғыздардың ежелгі мекені - Арал, Сыр бойы екенін Баласағұн еңбегімен, «Қорқыт ата кітабымен» салыстыра отырып сөз етеді. Татар ғалымы Н.Ш. Хисамов бір қиссаға тұтас бір ғылыми монография арнаған. Сол себепті де біз қазақ кітаби ақыны Жүсіпбек қожа жырлаған «Жүсіп - Зылиханың» Құл Әлидің «Қисса-и Жүсібімен» ізбе-із жырланса да, қазақы туынды болып шыққанын, татар ғалымдары айтқандай, тек аудармалық шығарма ретінде емес, шын мәніндегі нәзиралық шығарма ретінде бағалауымыз қажеттілігі турасында сөз еткіміз келеді. Яғни, Жүсіпбек ақын жырлаған «Жүсіп-Зылиханы» қазақ әдебиетінің төл туындысы ретінде қарастыру, тану мәселесі. Демек, негізгі зерттеу нысанымыз «Жүсіп - Зылиханың» қазақ нұсқасы. Көне орыс әдебиетінің үлкен зерттеушісі Д.С. Лихачевтің мәтінді текстологиялық тұрғыдан зерттеп алмай, ол туралы ғылыми ой айтуға болмайтындығын айтқаны секілді сөзімізді, ең алдымен, мәтіндік тұрғыдан, мәтінтану тұрғысынан қарастырғанды жөн көрдік.

Жүсіпбек қожа нәзиралық шығармасын «Қисса-и Хазреті Иусуф алейһиссалам илән Зулейханың мәселесі» деп атаған. Шығарманың бұлай аталуының өзінде де үлкен мән бар секілді. Мәселе кітаби ақындардың басты шығармашылық дәстүрі нәзирагөйлікте. ІІІығарма атауының өзі ақын жырлағалы отырған тақырыптың бұған дейін жырланып келе жатқан туынды екенін аңғартады. Сондықтан да оны ақын «Қисса Жүсіп» немесе «Жүсіп-Зылиха» деп бұрынғы нұсқалар үлгісімен кетпей, өзінше атауды жөн көрген. Демек, қиссаның атауының өзінен-ақ оның кітабилығы, кітаби табиғаты, нәзиралығы көрінеді.

Кітаби, нәзирашыл ақын Жүсіпбек шығармасын «Дастан қылып шығарғушы Юсуфбек Шәйхул-исламұлы Айхожин тарих хижратының 1315-інші йылы маһ мухаррамның (мұсылман айы авт.) 21-інші күні йазылды, Русияның 1897-інші йылында» деген сөздермен бітірген. Бұл жерде де бірнеше мәселені ойға алуға, айтуға болады:

1. Шығарманың «қисса» аталуымен берілуі. XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасыр басында басылған нәзиралық туындылардың барлығы дерлік «қисса» атауымен жарияланып отырған. Тек ара-тұра ғана «дастан», «хикая» секілді атауларды қолданған. Бұған дәлел ретінде Ү.Субханбердина мен Д.С.Сейфуллина шығарған «Қазақ кітабының шежіресі 1807-1917» атты библиографиялық көрсеткішті (Алматы, 1996) атасақ та жеткілікті.

2. Нәзиралық туындысын «қисса» деп атап отырса да, ақынның сөз


соңында «дастан» сөзін, атауын қолдануы және оны «қисса» атауымен тең дәрежеде еркін қолдануы. Демек, кітаби ақын Жүсіпбек қожа екі терминді бір-бірінен ажыратпай, тұтастықта танығанын көрсетіп отыр. Сонымен бірге, ақын «Дастан қылып шығарушы» деп қолданып отыр. Бұл еңбектің түп негізі ежелгі фольклорға көне әдеби ескерткіштерге тартып тұрса да, жазбаша дүниеге келгенін және оның авторы өзі - Жүсіпбек қожа шығарманың жазба әдебиеттің, қазақ жазба әдебиетінің туындысы екенін көрсетеді. Әсіресе түп негізі фольклорда жатқан Жүсіп оқиғасының Библия, Құран секілді діни кітаптар сюжеттеріне арқау болуы, онан «Қиссасу-л-әнбия» секілді жазба ескерткішке өткен, бірнеше ақындар нәзиралық туындыларына өзек еткен, сонан кейін барып Жүсіпбек қожа жазбаша жырлаған туындының жазба әдебиет туындысы екені анық. Сондай-ақ, бұл жәйт - кітаби ақындар нәзиралық дәстүрде жырлаған, бірде «қисса», бірде «дастан» атап жүрген шығармалардың бәріне де қатысты.



Жүсіпбек қожаның бұл қиссасы кеңес дәуірінде «Жүсіп - Зылиха» деген атпен басылып отырды. Сол себепті бүгінгі ғылыми айналымда да солай аталып кетті. Мысал үшін, қазақ әдебиеті тарихы томдықтарын (1961), «Ғашықнаме», «Ғашықтық дастандар» жинақтарын (1976. 1979, 1994) айтсақ та жеткілікті. Аталған жинақтардың дені кеңес дәуірі басылымдары. Сол себепті де болу керек бұрынғы басылымдар мен соңғы 1994 жылғы басылым арасында едәуір айырмашылық бар. Бұл айырмашылықтар осы жинақты бастыруға даярлап, құрастырған, алғы сөзін, ғылыми түсініктерін жазған ғалым Ү.Субханбердинаның «Жүсіп-Зылиха» қиссасына берген «түсініктеріндегі» «жинаққа 1918 жылы басылған нұсқаны, біраз қысқартып, редакциялап беріп отырмыз» (24, 461) деген сөздерімен тығыз байланысты болса керек. Әлбетте, Ү.Субханбердина - қазан төңкерісіне дейінгі қазақ фольклоры мен әдебиеті, түрлі басылымдарын қарау, зерттеу, баспадан кітап етіп бастырып шығару ісінде зор жұмыстар атқарған ғалым. Оның «Дала уәләйәті газетіндегі» әдеби нұсқаларды бес кітап етіп бастыруы, сол секілді «Ай, қап!» журналы мен «Қазақ» газеті материалдарын да жеке кітап етіп бастырып шығаруы сөз жоқ мол еңбек болып табылады. Сонымен бірге, ғалым бастырып шығарған түрлі библиографиялық көрсеткіштер де көп ыждаһаттылық пен қажыр-қайрат тілейтін ерекше еңбек. Оның үстіне біз әңгіме өзегі етіп отырған «Ғашық-наме», «Қазақ қисса-дастандары» секілді басылымдарды оқу, ғылыми талдау жасау, іріктеу, баспаға ұсыну, даярлап кітап етіп шығару қазақ халқының фольклоры мен әдебиеті, тарихы, баспасөзі т.т. саласына сіңірген ғалымдық қажырлы еңбек. Ғалымның сол қажырлы еңбегінің арқсында ғана қазақ оқырманы қазақ халқының көптеген фольлорлық және әдеби, баспасөздік материалдарымен еркін таныса алды. Бұл - атап айтарлық зор еңбек. Әйтсе де, ғалымның көне мұраны қарастыру, зерттеу жұмыстарында адымын аштырмаған, қолына байлау болған көп жайларды оның жоғарыда берілген «біраз қысқартып, редакциялап» деген сөз қолданыстарынан аңғаруға болады. Демек, шығарма біршама қысқартуға ұшыраған. Оған бірнеше себеп болуы мүмкін. Ең алдымен, кеңестік саясат. Мәселеге шығарма дүниеге келген дәуір, уақыт тұрғысынан қарау қажеттілігі анық. Қалай болғанда да, көне жәдігерлік - нәзиралық туынды кеңестік дәуір саясаты, атеистік ұстаным тұрғысынан, тіпті шығармалар кейіпкерлерінің пайғамбарлар болуы, діни ойлардың, уағыздардың көп берілуі себепті кей жолдардың амалсыз қысқаруын бәлкім түсінуге болар. Онда да ең бастысы бұл кемшілікті келер уақыт, болашақ ұрпақ түзеп алар деген оймен шығарманы жариялап, кітап етіп бастырып алуға тырысу тұрғысынан бағалап түсінуге болар. Әйтсе де, бұл жағдайда халқымыздың тілі мен сөз өнері тарихына қатысты біршама мәселелерден айрылып қалуымыз анық. Дәуір тілі, дәуір сөз қолданысы, өлең жолдарының дәуіріне сай айшықты өрілген өрімі т.т. Түптеп келгенде, көне жәдігер көнелігінен, келер ұрпақтың әр буыны қастерлеп ұстар, күтер қасиетінен айрылмақ... Бұл жағдай діни тақырыптарды көп жырлаған Жүсіпбек шығармаларына ғана тән мәселе емес. Бұл сол дәуірде баспа көрген шығармалардың біршамасына тән жағдай Мысалы, «Ғашық-наме» жинағында жарияланған «Бозжігіт» қиссасы жөнінде де жоғарыда айтылған мәселе қайталанған. Шығармаға берілген ғылыми түсініктен үзінді бере кетсек: «Оқушыларға ұсынылып отырған осы «Ғашық-наме» кітабына «Бозжігіт» дастанының жаңа нұсқасы беріліп отыр.

Бұл нұсқада жырдың негізгі арқауы, оқиғаның өзіне тән баяндау ерекшеліктері бұрынғыша сақтала отырып, шығарманың Көркемдік сәулетін, әсемдік айшығын жақсартуға баса назар аударылды. Дастанның желісі мен мазмұнына қатысы жоқ арнау және бірсыпыра басы артық қайталаулар қысқартылды» (24, 458). Бұл бәлкім кеңестік дәуір тынысының талабы, бәлкім өзге себеп. Қалай болғанда да, кеңестік дәуірде жарияланған көне жәдігерліктің біразы осы жайды бастан кешкен. Сол себепті де ғалым Ү.Субханбердина 1976, 1979 жылдары жарияланған «Ғашық-наме» жинағындағы «Жүсіп-Зылиха» мәтінін 1994 жылы басылып шыққан «Ғашықтық дастандар» жинағында түгел қайта қарап шыққан, көп «қысқартулар» мен «редакциялануды» қайта қалпына келтірген. Қалай дегенде де, бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында «Жүсіп - Зылиха» секілді қиссалардың баспа көрген екі нұсқасы пайда болады. Сол себепті де ғылыми айналымға алғашқы нұсқаларын қосу қателіктерге, ғылыми жаңсақтықтарға ұрындыруы әбден мүмкін. Бұл ескеретін мәселе. Мысалы ғалым А.Қыраубайқызы «Қисса Жүсіп» пен «Жүсіп-Зылиханы» салыстырған тұстарда осы «Ғашық-наме» нұсқасын баспадан ғылыми негізде басылып шыққан нұсқа ретінде пайдаланып отырған сәттері болған (15, 133-160).

Жүсіпбек қожа қиссасының негізгі тақырыбына барар алдында Алла тағала, дін мұсылман, пайғамбарлар, төрт шарияр, ғазауат ерлері т.т. жөнінде біршама жырлап, толғанып алған. Бұл қисса жанрының өзіндік ерекшелігі, қиссашыл ақынның шығармашылық табиғатына тән құбылыс. Бұл кітаби ақынның өз оқырманына арнаған арнау өлеңі, қиссаның өзіндік алғысөзі, кіріспесі. Бұл қисса дәстүрі. Автор өзі жырлағалы отырған тақырыпқа не үшін бармақ, демек қаламгердің шығармашылық мақсаты, қоғамдық, азаматтық ойы осы жерде сараланады. Яғни бұл - ақынның, діни шайырдың оқушысына айтқан уағыз, насихат сөздері жырлағалы отырған тақырыптың өзіндік кілті. Жүсіпбек қожа жырлаған бұл өлең жолдарының тұтастай діни насихат болуы себепті кеңестік дәуірде кітапқа енбей түсіп қалуы кеңестік, атеистік саясат тұрғысынан түсінікті жағдай. Бірақ, өкінішке орай, кейінгі 1994 жылғы нұсқаға да енбей қалған. Ақын шығарманы:

Бисмилләһи-р-рахмани-р-рахим

Башлаймән бисмилләһи диб тәңирим атин;

Иақшилар ғайб итме йазған хатим.

Худаймән һәм пайғамбардан суз башласам,

Қалай тирис булады насихатим, - деген өлең жолдарымен ашқан.

Татар тілінің ықпалы, әсерімен басылған бұл өлең жолдарын сол қалпында беріп отырмыз. Қазақ кітаптарының Қазанда басылуы себепті қазақ сөздерінің татар тіліне ыңғайланып басылуы XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасыр басындағы қазақ кітаптарының көпшілігіне тән жағдай. Бұдан қазақ кітаптарын оқу, зерттеу, тану мәселесінде ә дегеннен-ақ түрлі қиындықтың жолығары, татар тілінің ықпалы мен араб, парсы сөздерінің мол қолданылуы себепті мәтінді меңгеру қиындығы аңғарылады. Мұнан былай татар тілінің ықпалына иілген қазақ сөздерін шығарма мәтініне нұқсан келтірмей қазақша бергелі отырмыз. Мәселе тек «иақшының»-жақсы, «йаманның» - жаман болып берілуі сияқты дыбыстың ерекшелік жөнінде ғана болып отыр.

Ақын он тоғыз шумақ өлең жолдарынан тұратын арнау өлеңінен соң қиссаның негізгі оқиғасын сөз етуге кіріседі. Бұл біз жоғарыда сөз еткен діни уағызды арқау еткен насихат өлең жолдары еді. Жүсіп пайғамбардың ата-бабасы және Мухаммед пайғамбардың түп нәсілі - асыл тегін, қазақ төрт шариар, атайтын төрт халиф және олардың қызметін т.т. жырлаған он тоғыз шумақ өлеңнің екі шумағы ғана қазір түрлі жинақтардағы «Жүсіп - Зылихаға» еніп жүр. Олар:

Хазірет Жүсіптен сөз бастайын,

Басқа сөз арасына еш қоспайын.

Ғаламда аты мәшһүр Жүсіп Садиқ

Мақтамай шамам келсе тастамайын.

Атасы Жақып нәби сушы болған,

Жәбірейіл оларға елші болған.

Бабасы Халиолла Ысхақ нәби

Болады Расул Алла тап солардан (24, 359) –

деген өлең жолдары. Бүгінгі таңда ақынның уағыз насихат өлеңі түгел берілсе, дін мұсылман жолын, пайғамбарлар туралы, дін қайраткерлерін біле түсу, тани беру бүгінгі қазақ оқырманына көп дұрыс болар еді. Сонымен бірге, кітаби ақын Жүсіпбек қожаның қаламгерлігінің басты бір қыры - діни ақындығын тануға септігі тиер еді. Ең бастысы қазан төңкерісіне дейін дүркін-дүркін басылған жәдігер мұра тұтас қалпында дүниеге келер еді.

«Жүсіп-Зылиханың» қазіргі басылым көріп жүрген нұсқаларда беріліп жүрген осы екі шумақ өлең жолдарының өзінде дұрыс оқылмаған, дұрыс оқылмауы себепті дұрыс ұғылмаған жолдар, сөздер баршылық. Мысалы, «Ғаламда аты мәшһүр Жүсіп Садиқ». Дұрысы - «Кәләмдә аты мәшһүр Жүсіп Сыддық» (39, 2). «Кәләм» араб тілінде «сөз», «сөйлем», «әңгіме», «тіл» деген мағыналарды береді. Содан «илму-л-кәләм атты догматтық (догмалық - діни, діни-фәлсафалық ілім келіп шыққан (69, 697). «Калам - термин которым в средневековой мусульманской литературе в широком смысле обозначали всякое рассуждение на религиозно-философскую тему, а в специальном значении - спекулятивную дисциплину (илм ал-калам) дающую догматам ислама толкование, основанное на разуме, а не наследовании религиозным авторитетам (таклид). Обращение к разуму как к высщей инстанции при решении тех или иных вопросов считалось чертой объединяющей Калам (в спецальном значении) с фалсафа и отличающей их поборников-мутакаллимов и фаласифа - от догматиков-салафитов, с одной стороны, и мистиков-суфиев-с другой (31, 128).

Берілген үзінділерден екі жайды аңғаруға болады. Бірі - күні бүгінге дейін «ғаламда» деп қолданылып келген сөздің «кәләмда» екендігі және ол сөздің бұл жерде «Құранда», түрлі діни кітаптарда, тіпті ілім кәләмда деген мағыналарда колданылып отырғандығы. Екіншісі, кітаби акынның тек «Қиссаси - Рабғузиды» оқып қана жырламай, не болмаса татар ғалымдары Алмаз Жавад, Хисамов Н.Ш. (70) айтатындай тек Құл Әлидің «Қисса-и Жүсібін» оқып, соны аударып қана қоюмен шектелмеген. Жүсіп пайғамбар туралы «Құраннан» бастап өзге де кітаптарды оқып көргені, білгені, Жүсіпбектің Құл Әлидің «Қисса-и Йусуф» немесе Рабғузидің «Қиссас-ул-әнбиясын» оқып, сөзбе-сөз аударып жырламағандығын, өзі оқыған материалдарды қорытып, сол шығармалардың жүйесімен еркін жырлағаны, қазақша назирашылдық шығарма туғызғаны аңғарылады.

«Жүсіп-Зылиханың» қазіргі жарияланған нұсқаларының барлығында Жүсіп есіміне «садиқ» сөзін қосып «Жүсіп Садиқ» деп жаңсақ қолданған. Дұрысы «Жүсіп Сыддық». Бұл жәйт араб халқының бірінеше сөзді бір үлгіде жазып, бірнеше үлгіде немесе мағынада оқуы себепті жіберілген қателік. Сол секілді арабтың «садиқ» және «сыддық» сөздері де бір үлгіде жазылады. «Садық» дос деген мағынаны, ал «сыддық» сөзі қазақ тіліндегі әділ, тура, шыншыл деген мағынаны береді. Мұсылман әлемінде «Сыддық» атауы Жүсіп пайғамбардан өзге төрт шариардың бірі халиф Әбубәкірге берілген. Бұл атақты оған әрі досы, әрі күйеу баласы Мухаммед пайғамбар берген. Содан Әбубәкір Ас-Сыддық аталып кеткен. Күні бүгінге дейін барлық діни, ғылыми кітаптарда оның есімі осылай беріліп келеді. Шығарма кіріспесінде:

Башчиси Әбубәкір чәһәр йарының,

Хурматин тутқан ғарде пайғамбарның.

«Сыддиқым» диб ат қойған хақ пайғамбар,

Чиншилдиғы житәлмас барчеләрниң,-

деп берген Жүсіпбек қожа өлең жолдары да бұған дәлел болса керек.

Жүсіп пайғамбар есіміне «Сыддық» - шыншыл, тура, әділ атауы қосылып айтылып отырған. Сол себепті де «Ислам» энциклопедиялық сөздігінде де:

Йусуф - коранический персонаж, праведник (Сиддик) и пророк, библейский Иосиф деп анықтама береді (69, 121). Демек, қиссаның қазіргі басылымдарындағы «Жүсіп Садиқ» қолданылымы дұрыс емес, оның орнына «Жүсіп Сыддық» деп қолдану ләзім. Сондықтан да Жүсіп шыншылдығы шығарма басында, оқиға жаңа басталысымен-ақ көрініс тауып қалады. Жүсіп ағалары қандай түс көрдің деп жабылып сұрағанда атасы Жақыптың көрген түсіңді айтпа деп ескерткеніне қарамастан бар шынын айтып, жайып салады. Бұл жәйт шығармада былайша көрініс тапқан:

Ай, ұғлым, бу түшиңиз мубәрәк түш

Худайым бирәр сизгә ниғмәт уә гүш.

Саған иззәт уа рифғат қилур Субхан

Һичкимгә бу түшиңни айтмағыл һич...

Ишитсә ағалариң кундәр сини,

Хурлиқ куриб жүрарсин нанғыл балам...

Әйтсе-де, Жүсіп ағаларына ешқандай түс көрген, жоқпын деп айта алмайды. Бұл Жүсіптің шынайы табиғаты, шыншылдығы:

Түс көрмедім демеді Жүсіп Сыддық...

Ағаларының көңілін бұза алмады,

Жалған сөйлеп мойынын бұра алмады.

Құдай шыншыл жаратқан Жүсіп Сыддық

Баян қыла бастады көргендерін ... (39, 4).

Бұл жолдар қазіргі нұсқаларда:

Түс көрмедім демеді Жүсіп Садиқ ...

Құдай шыншыл жаратқан Жүсіп Садиқ, -

деп берілген (24, 367-363). Араб жазуының күрделілігінен келіп шыққан осы секілді жаңсақ сөз қолданымдар шығарманың өн бойында ұшырасып отырады. Соның бірі - «Жақып сушы» деген сөз. Жақып пайғамбар есіміне байланысты еңбектер мен сөздіктерден де оның сушылығына қатысты ешқандай мәлімет жолықтыра алмадық. Дұрысы - тағы да бұрыс оқылған, бұрынғы түрки тілде қолданылған «саучи» сөзі.

Мәтінде «Атасы Жақып нәби сушы болған...», «Жақып Сушы қасында ұйықтап еді» секілді болып келіп отырады. «Сушы» сөзі кейде Жүсіп есіміне де қосылып отырады. Осы өлең жолдарындағы Жақып есіміне байланысты айтылған бұл сөздің шын мәнінде «Саушы» екендігін ақынның мына секілді өлең жолдарына қарап айтып отырмыз:

Келіпті бұ жаһанға Жүсіп нәби,

Атасы Жақып нәби хақ хабибі.

Ибраһим Халилдың зуррайаты,

Бабасы Исхақ саушы - дін табибі. (39, 3).

Соңғы жолдан аңғарылатын жәйт, Жақып пайғамбардың әкесінің есіміне «саушы» атағының қосылып айтылуы Сонымен бірге, ол сөзге балама ретінде «дін табибі» сөзі алынып отыр. «Табиб» арабша дәрігер, емші мағыналарын береді. Қазақ тіліндегі «тәуіп» сөзінің де түп төркіні осы табиб сөзінде жатыр. Қысқасы, Жүсіп Нәбидің атасы Исхақ пайғамбар бұл жерде дін емшісі ретінде айтылып отыр. Шығарма мәтінінде бұдан былай бұл сөз Жақып пайғамбарға ғана қатысты айтылады. Сонда Жақып та, Исхак та әрі пайғамбар, әрі дін емшісі, дәрігері, сауықтырушысы, тазалаушысы ретінде айтылған болып шығады. Нақты ұғынсақ «Пайғамбар» деген мағынада. Бұл аталған пайғамбарлардың өмірі мен діни қызметіне қатысты туған діни таным, тарихи қалыптасқан діни ойлардың көрінісі. Жалпы «сау» сөзін ақын мына өлең жолдарында тағы қолданған:

Мен құлыңа рахмет кыл, қадір мәули,

Саламат қыл қатерден дінім саулы (39, 3).

Өлең жолдарындағы «сау» сөзінің тағы да дін саулығы, дін тазалығына қатысты айтылуы, қолданылуы жоғарыдағы ойымызды бекіте түседі. Демек, келтірілген үзінділерден аңғарылатыны - «саушы» сөзінің «пайғамбар», «нәби» сөздерімен бір деңгейде қолданылуы.

Арабша «нәби», парсыша «пайғамбар» болып келген Алланың жердегі елшісі деген мағынаны беретін көне түрікше төл сөзіміз - «саушы». Сол себепті татар ғалымы Н.Ш. Хисамов та бұл сөзді Құл Әлидің «Қисса Йусуфынан» осы мағынада оқыған, қолданған. Мысалы, Құл Әлидің:

Йусуф саучы қиссаларын қылдық баян - деген сөзін орысша «Мы рассказали историю пророка Йусуфа» деп берген (39, 36). Сол секілді ғалым А.Қыраубайқызы да дәл осы үзіндідегі Жүсіпке қатысты сөзді «Жүсіп пайғамбар» деп оқиды (15, 135).

Жоғарыда айтылып өткен сөздердің шығарма мәтінінде, жалпы дін тарихында өзіндік орны бар, қалыптасқан діни танымдық мәні бар сөздер болғандықтан, арнайы тоқталып отырмыз. Сол секілді шығарма мәтінінде, бүгінгі басылымдарда әр түрлі оқылып, қолданылып келе жатқан сөздер бар. Ол сөздер де шығарма мәтінінің мән-мазмұнында ерекше орны бар сөздер болғандықтан, арнайы қарастырылды. Олар: шығарма мәтініндегі «түс жору», «нашарлық, төмендік көрсету», «надан» секілді бірсыпыра сөздердің арабша нұсқаларынын қолданылуы және олардың қазіргі нұсқаларда дұрыс оқылмауы, бұрыс берілуі; негізгі кейіпкер Жүсіп өмір жолында әр кез жолығып, шығарма оқиғасының дамуына әрқайсысы өзінше үлес қосатын кісі есімдерінің де бұрыс оқылып, жаңсақ берілуі. Мысалы, Мысыр елінің патшасы Қатфир, шығармадағы үш құлдың Башир, Башира болып берілуі т.т.

Шығарма мәтінінде түс көру және түс жору мәселесіне ерекше мән берілген. Бұл жәйт шығарманың түп негізінің көнелігін, сонымен бірге фольклорлық табиғатын танытады. Онда болашақта болар бір сұмдықтың немесе керісінше, жақсы жайдың алда болатындығына, оқиғаның даму бағытына бағдар беріп отырады. «Жүсіп-Зылихада» кейіпкерлердің түс көруі бірнеше жерден орын алады және кейіпкер Жүсіп өміріндегі үлкен өзгеріс, ерекше оқиға алдында болады. Шығармадағы кейіпкерлер түс көруін шамамен былай беруге болады.

Шығарма оқиғасының өзі Жүсіптің ғажайып түс көруінен басталады. Ұлының көрген түсін атасы Жақыптың жоруы кейіпкер бастан кешер болашақ оқиғаларға бастау болады. Яғни, шығармаға өзек болған оқиға түс көру мен оны жорудан бастау алып, онан әрі өрбиді. Сонымен бірге, шығарма сюжетінің шарықтау шегінен, түптеп келгенде, шығарма оқиғасының жақсы аяқталуынан хабар беріп қояды.

Жақып пайғамбар көрген түс алда болар әлде бір күдікті, қауіпті оқиғадан хабар бергендей болады. Оқушыны тосын оқиғаға даярлай бастайды. Шығарма барысында Жақып көрген түс шын оқиғаға айналады.

Мысыр саудагері Мәлік Дұғардың түс көруі мен оған түс жорушының жоруы Жүсіптің болашақта құл болып сатылуынан хабар береді.

Зылиханың түс көруі шығарманың фольклорлық сипатын арттыра түседі. Туындыға қиял-ғажайып рең үстейді. Сонымен бірге, ертегілік сарындағы шығармада қанша қиындық көрсе де, кейіпкерлердің қосылуына меңзейді.

Мысалы, Жүсіп басына түскен бар тауқымет түстен басталып еді. Енді кейіпкер бастан кешер дәулетті тұрмыс та түстен бастау алған деген ой айтылады.

Сол сағат жетіп келді ол Жәбірейіл,

Жіберді жарылқауын Рахман Жалил.

Басында мехнат түстен болып еді,

Жарылқау тағы түстен білгіл (39, 52).

Бұл өлең жолдары, өкінішке орай, бұрынғы кеңес дәуірі нұсқаларында түсіп қалған. Ал, 1994 жылғы нұсқада өлең жолдары бұрыс оқылған:

Сол сағат жетіп келді ол жебірейіл,

Жіберді жарылқауын рахман жәлел.

Басында мехнат тосыннан болып еді,

Жарылқау да тосыннан мұны білгін (24, 335).

Патша аспазы мен шарабшысы көрген түс және оны Жүсіптің жоруы оның зынданнан шығуының бір себебі болатындығын көрсетеді. Зынданнан азат болып жатқан сақиға Жүсіп былай дейді:

- Мәлікке барсаң бізден сәлем дегіл,

Жүсіптің күнәсі де, екен жеңіл.

Минһума Узкурни инда раббика деді Жүсіп

Бейкүнә екенімді хабар бергіл (39, 47).

Шығарма кейіпкерлері көрген түстердің ерекшесі және қызықтысы - Мысыр патшасы Мәлік Риян көрген түс. Патшаның түсінің ғажайып қызықтылығымен бірге аса күрделігі оның шешімін, жоруын қиындатады. Бұл түстің шынайы жоруын айта алатын бір ғана адам бар, ол - Жүсіп. Шындығында, Жүсіп түс жоруы Алла тағала аяны арқылы болып отырады. Ол - тек Алланың аянын баян етуші. Ол - Алла баянын жеткізуші пайғамбар. Мысалы, «Киелі кітаптың» өзінде де түс көрген перғауын «Жүсіпке - Мен түс көрдім, бірақ оны ешкім де шеше алмай отыр». Шығармада Алла аяны арабша беріліп отырған. Арабша берілген Алла аяны Құранда Жүсіп сүресінен алынған сөйлемдер жинақтардың ешқайсысына енбеген. Мәтінде берілген осы арабша сөйлемнен - Құраннан алынған үзінділерден соң ғана Жүсіп сөйлеп, түс жоруын айтып отырады. Ғаламдағы бар керемет тек Алла тағалаға тән. Бар керемет иесі - бір Алла. Шығарма авторының шығармашылық мақсаты да сол - діни мақсат. Жүсіп пен Зылиха арасындағы махаббаттың өзі де - Алла дәнекерлігімен жүзеге асқан сүйіспеншілік. Шығармада сүйіспеншіліктің өзі де адамзат баласына берілген Алла сыйы деген ой бар. Осы түстердің жоруы шығарманың араб әрпімен басылған нұсқасында «тағбир» деп беріліп отырған. Кейінгі басылымдарда «тағриф» болып кеткен. Тек Мәлік Дұғар түсін жору ғана тағбир, тағбирші деп дұрыс берілген. Мысалы:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет