Тағы бір қасиетті тәпсірде былайша баяндалады: «Илә йәуми йуб'әсунә» («Белгілі күндерге дейін...») деудегі мақсаты мынау еді: Бүгін Тәңірі періштелері мықты. Олармен күресуге шамам жоқ. Өлілер тірілгенге дейін өмірім болса, оған дейін Жебірейіл, Исрафил, Әзірейіл тағы басқа періштелердің бәрі өлетін болса, Тәңірі жалғыз қалған уақытта онымен соғысатын едім деген ниеті бар еді».
«Қиссас-ул әнбияның» айрықша көңіл бөлінген тақырыбы – Мұхаммед Пайғамбардың өмір жолы, пайғамбарлық қызметі. Жалпы ислам әлемінің діни кітаптары, діни қиссалары мен сиярлары бүкіл әлемнің жаратылысын, адамзат баласының осы дүниеге келуін Мұхаммед Пайғамбардың нұр шарифімен байланыстырады. Алла Тағаланың он сегіз мың ғаламды адамзат баласының атасы Адам Атаны жаратуында Оның Мұхаммед Пайғамбарға деген ерекше ықыласы, махаббаты басты себеп болып айтылады. Демек, «Қисасу-л-әнбия» біртұтас шығарма ретінде Мұхаммед Пайғамбардың мүбәрак нұрынан басталып, Мұхаммед Пайғамбар, оның ізбасарлары мен ұрпақтарының ақиқат дін жолындағы қызметін баяндаумен аяқталады. Демек, шығарманың басты нысаны – Мұхаммед Пайғамбар. Сол себепті де шығарманың басым бөлігі Мұхаммед Пайғамбарға арналған. Оның өмірі мен пайғамбарлық қызметі Пайғамбардың ғажайып дүниеге келуінен бастап, өмірінің ақырына дейін «Мұхаммед Расулулла (с.ғ.с.) ның туылу қиссасы», «Расул (ғ.с.)ның Хадишаны сұрағаны туралы», «Мұхаммед әл-Мұстафа (с.ғ.с.) ға пайғамбарлық келгені туралы», «Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы», «Омар ибн әл-Хаттаб (алла одан разы болсын) тың ерекшелігі», «Оспан ибн Аффан (алла одан разы болсын) ның ерекшелігі», «Қырық сахабаның (алла олардың бәрінен разы болсын) сипаты», «Әбу Бәкір Сыддық (алла одан разы болсын) тың ерекшелігі», «Әли ибн Әбу Тәліп (алла одан разы болсын) тің ерекшелігі», «Мұхаммед Расуллуланың араб кәпірлерін иманға шақырғаны туралы», «Расул ишарасымен айдың (екіге) бөлінгені туралы», «Пайғамбар (с.ғ.с.) ның миғраж оқиғасы», «Расул (ғ.с.) ның Меккеден Мединеге һижрет еткені туралы», «Бәдір соғысының қиссасы», «Ұхұд соғысының қиссасы», «Хамзаның (алла одан разы болсын) шейіт болған қиссасы», «Кіші Бәдір қиссасы», «Хұдайбия келісімі және Меккенің ашылу қиссасы», «Қаза ғұмрасы», «Хайбардың ашылу қиссасы», «Бәни Қасир ижлә қиссасы», «Бәни Құрайзаны өлтіргені туралы», «Румның парсыларды жеңуі», «Хауазин қиссасы», «Тәбүк соғысының қиссасы», «Айша (алла одан разы болсын) ның ифк оқиғасы», «Расул (ғ.с.) ның дүниеден өткені туралы» секілді көптеген тарауларда сөз етеді. Автор Мұхаммед Пайғамбарға арналған қиссалар тізбегін дәстүрлі қарасөзді мадақ жолдарымен бастайды. Бірақ Мұхаммед Пайғамбарға арналған бұл жолдар өзге қиссалардан гөрі мол берілген. Алла Тағала тарапынан Мұхаммед Пайғамбарға арнау айтылған аят жолдарымен аралас келіп отырады. Онда Пайғамбардың ерекше жаратылысы мен түрлі айрықша қасиеттері сөз болады:
«Ол – «Ләәмрукә» («Сенің өміріңмен ант ішемін») тәжді, «Ләу ләкә ләмә хәләқту әл-әфләк» («Егер сен болмағаныңды, әлемді жаратпаған болар едім») оңтайлы, «Жәһиди әл-куффәра уә әл-мунафиқин» («(Ей, Мұхаммед) кәпірлер мен мұнафықтарға қарсы жиһад жаса») жиһадты, «Уә ләсәуфә йу’тикә раббукә фә тарза» («Сенің Жаратушың тез саған барлық нәрсені береді және сені риза етеді») мұратты, «Мухәллиқинә руусәкум» («Шаштарыңды алдырған қалпы») басты, «Кунту нәбийән уә Әдәму бәйнә әл-мәәи уә әт-тини» («Адам атамыз лай мен судың арасында жатқан кезде, мен пайғамбар едім») жасты, «Уә әз-зухә» («Сәске уақытына») белді, «Уә әл-ләйли изә сәжә» («Тым-тырыс түнге серт») шашты, «Уә йәқулунә һуә ‘узунун» («(Олар): «Ол (Мұхаммед) біздің сөздерімізді есітіп алушы құлақ», – деді») құлақты, «Фә рауһун уә райхәнун» («Онда хош иіс заттар мен райхандар бар») мұрынды, «Қад нәра тәқаллубә уәжһәкә» («Расында, жүзіңді аспан жаққа көбірек қарап тұруыңды біз көріп тұрмыз») жүзді, «Уә лә тә’ду ‘әйнәкә» («Көздеріңіз шектен асып кетпесін») көзді, «Уә мә йәнтиқу ‘әни әл-һәуә» («Ол өзінің қу нәпсісі туралы айтпайды») сөзді, «Әләм нәшрах ләкә садрак» («Сенің көкірегіңді ашпадық па?») жүректі, «Әнқазә захрак» («Сенің беліңді қайыстырған») арқалы, «Таһә мә әнзәлнә ‘әләйкә әл-Қурәнә литәшқа» («Ей, Таһә, Біз Құранды саған ауырлық болсын деп түсірмедік») қадамды, «Уә лә тәж’әл йәдәкә мәғлуләтун илә унуқикә» («Қолыңды мойныңа байлаулы етіп қойма») қолды, «Лә уқсиму биһәзә әл-бәләди» («Мына шаһардың атымен ант ішемін») елді, «Билисәнин ‘әрабийн мубинин» («Таза араб тілінде») тілді, «Уә әннәһу ләммә қамә ‘әбдуллаһи» («Және Алланың пендесі құлшылыққа тұрған уақытта») бойлы, биік аспанды басына «Жиуаж уә әс-сәмәә бәнәйнәһә биәйдин уә иннә ләмуси’ун» («Біз аспанды құдірет қолымызбен тұрғыздық және, әрине, біздің күшіміз жетеді») қылды. Қара жерді аяғының астына төсеніш қылды, «Уә әл-әрза фәрашнәһә фә ни’мә әл-мәһидун» («Және Біз жерді төседік. Біз қандай жақсы төсеушілерміз»). Күнәлі жанның емшісі, Жаратқан Алланың сүйіктісі – МҰХАММЕД РАСУЛУЛЛАҺИ ‘ӘЛӘИҺИ ӘС-САЛӘТУ УӘ ӘТ-ТӘХИЙӘТ («Оған салауат пен тәхият болсын»)», - кәтип Рабғұзи бұл қара сөздердің өзіне үлкен мән беріп, ұйқасқа құрып, кейіпкер бейнесін қиссаның алғашқы беттерінен-ақ көркем сомдайды. Пайғамбар келбетін «тәжді», «жиһадты», «мұратты», «жүзді», «көзді», «сөзді», «жүректі» секілді әрі ұйқасты, әрі Пайғамбардың ерекше сипатын танытатын сөздермен өрнек құрып береді. Осындай дәстүрлі мадақ қарасөздерінен соң Пайғамбарға арналған мадақ жыр жолдары беріледі:
Алды дереу берген кезде Хақ пайғамбарлық шапанын,
Аттанып кезді түнде екі әлем патшалығын.
Төрт тарабта алты жақтан сегіз жұмақ болғанша,
Жеті ықылымда тұрады күнде күтер кезегін.
Көктегі барша періште күндіз-түні жәннатын,
Жүгіріп ай мен күн қылады күндіз-түні қызметін.
Бір ишарамен жарды айды жерді тербетіп,
Сөздері шын деп куәлік берді Құран үмметін.
Қаба қаусейнде пырақы болғанда сырласып,
Ағайын-туыс көбейтіп, сұрады күнәһар үмметін.
Аңсайтын еді жамалын әмбие, мүрсәл бәрі,
Өзіндей басқа пайғамбар болмады Хақ жақыны.
Бүгін «Аллаһуммә салли» дегін есітіп (оның) атын,
Ертең онда ішер болсаң кәусарының шәрбәтін.
Нә’ту әхирун нәби ‘әләйһи әс-сәләм («Ақырғы пайғамбар (ғ.с.)ның нағты»):
Тәңірімізге шын болыссақ адамзаттың белгісі,
Шын пайғамбар ұлығы һәм елшілердің таңбасы.
Әмбие, мүрсәл бәрінің оңы мен солы үшін,
Ілгеріден көргеніндей көрді оның арқасы.
Бет бұрып Жаратушысынан қайтқан уақытта барша араб,
Тіл ашып берді белгілі інгені мен бурасы.
Істерімен ұнаса Мекке іші жиылып,
Өзі толған айдай жұлдыз еді төңірегі.
Тура білімді аш жүрген құрсағына тас байлап,
Болмады бидай асы һәм жоқ еді арпасы.
Өзі кілемде, аты ғарышта, беделі одан биік,
Жүзі күннен көп жарық, меңі айдың қалы.
Сұрағаны махшар күнінде үмметінің күнәсі,
Мінгені миғраж түнінде еді жұмақ жорғасы.
«Рахмәту әл-’әләмин» («Әлемнің мейірімдісі») деп айтты
Рахман мейірімін,
Әркім де қайдан білсін және Расулдың құрметін.
Мақтады «Мә зәғал бәсар» («Көз қиянат қылмады») деп өз
кітабында Хақ,
Әмбие, мүрсәл бәрінен оның биік беделі(н).
Ұйықтағанда Мұстафаны апарушымын дейтін,
Сидрадан өтерде аң-таң қалды, білді құрметін.
Келді кеңістікті кезіп, тапты ыстық орнын,
Таңырқап қалды халық Қадір Алланың құдіретін.
Мен Мұхаммед үмметімін деп жалған сөйлеме,
Не Жаратушы әмірін қылмайсың, не Расулдың сүннетін.
«Фәғислу» («Ғұсыл ал») оның әмірін ұста, «хафизу»
(«сақта») үкімін кезер,
Содан оның үмметі бол, тап сахаба сұхбатын.
Тұрма азат күнде «Саллу хәмсәнким» («бес уақыт
намазын»), ісін бітір,
Көрме дүние машақатын сен де қиямет айбатын.
Осы мұңды күнәһарларға ол қалай жабыспасын,
Бес намазын орындайды һәм бұйырған сүннетін.
Ей, Тәңірім, Ахмет есімді Мұстафаның құрметі,
Ол болар кезде айырма бізден иман дәулетін.
Көрмедік әдемі жамалын аңсаған дүниеде һәм,
Нәсіп ет, ей, Алла, көрейік ертең оның жәннатын.
Кім бүгін жанымен десе «Аллаһуммә саллиді»,
Ертең жұмақ ішінде жесін неше алуан нығметін.
Саусақ ишарасымен ай жүзін жарушы (бөлуші),
Өтпеді Шын-Машында өзіндей шын жаратушы.
Ол думандай көп түмен тау тұрғызып жүз мың араб,
Келгенінде бір уыс топырақ атып тұрушы.
Ол қатты ішінде тас секілді дұшпан көңілді,
Жақсылықпен он үш жыл Мекке ішінде тұрушы.
Ол көріп мың мұғжизаны бет бұрған дұшпанын,
Кенеттен қызыл қанымен топырағын қорушы.
Бұл мадақ жыр жолдары Мұхаммед Пайғамбарға арналып жырланған дербес бір туынды дерліктей көркем шығарма. Мұнда Мұхаммедтің пайғамбарлығымен қатар оның ерекше жаратылысы, кедей тұрмысы, сол төмен тұрмысқа әрқашан көркем сабырмен қараған оның көркем тұлғасы көрінеді. Оның түрлі мұғжизасы (керемет істері) да осында жырланады. Сонымен бірге онда мұсылмандарды шын мәнінде Мұхаммед Пайғамбардың үмбеті болуға шақыруы бар. Әрбір мұсылманға тән парызды орындауға, иман дәулетінде болуға, жәннәттен үміт етуге, о дүниеде Пайғамбар үмбеті ретінде оның көмегін көруге, соның арқасында жұмақта болуға үндейді. Шын мұсылман ретінде бұ дүниеде оның дидарын көруге жазбаған кейінгі ұрпаққа жұмақта оның жәннәтін жазсын деп тілейді автор.
Шығармада Пайғамбардың әулетінің, ата-бабаларының шежіресі арнайы беріледі. Шежіренің ерекшелігі Пайғамбарға қатысты, ата-бабалары- ның тізімдері ғана беріліп қоймай, олардың текті әулеттен екенін, өздерінің ғана емес, олардың әрқайсысының некелескен әйелдерінің де текті әулеттерден болып отырғаны ерекше назарға алынған. Оның басты себебі Мұхаммед Пайғамбар әулетінің Пайғамбарды дүниеге әкелуге лайық таза қанды әулет екенін таныту. Автор он сегіз мың ғаламды Алла Тағаланың жаратуына бірден-бір себеп болған жайт Мұхаммед Пайғамбардың нұр шарифі дей тұра, сол нұр шарифтің Адам Атадан бастап, Мұхаммед Пайғамбарға дейін қай пайғамбардың қай жерінде болғанын айтып отырады. Сонымен бірге әулет шежіресінде кіршіксіз таза өсіп-өніп келе жатқан әулет ретінде шежірелейді: «Мұхаммед ибн Абдулла ибн Әбді Мүтәліп ибн Хашим ибн Әбді Мәннәф ибн Құсай ибн Килаб ибн Мурра ибн Кағб ибн Лууай ибн Адий ибн Ғалиб ибн Фихр ибн Мәлік ибн Нәзір ибн Хузайма ибн Мудрикә. Уә умму Зубайр Сәфия ибнт Әбді Мүтәлліп. Уә умму Әли ибн Әбу Тәліп Фатима әл-Кубра бин Асад ибн Хашим. Уә умму Сағид Фатима бинт Нағжа ибн Умая әл-Хизағия ибн Сәхәратун нәси. Уә умму нәби Әминә бинт Уахб ибн Әбді Мәннәф ибн Заһра ибн Қусай ибн Килаб. Уә умму Әбдірахман ибн Ауф ибн Харис Уммунниса бинт Ауф ибн Харис ибн Мурра. Уә әләжәһу ибн Абдилләһ ибн Оспан ибн Химр ибн Кағб ибн Сағд ибн Тәйим ибн Мурра. Уә умму Хирбах ибн Абдулла ибн Қирт ибн Разах ибн Адий ибн Кағб. Салиха Сағба ибн Абдилләһ ибн Ад ибн Мәлік ибн Жаррах ибн Нәдим. Уә умму Омар Хумайра бинт Хашим әл-Муғира ибн Абдулла ибн Махзум ибн Ғалиб. Уә Әбу Убайда ибр Мурра ибн Амир ибн Әбдилләһ Жаррах ибн Хилал ибн Нәзір».
Мұхаммед Пайғамбарға арналған қиссалардың бірі, қиссалардың басы – «Мұхаммед Расулулла (с.ғ.с.)ның туылу қиссасы». Мұнда Пайғамбар әулетінің шежіресінен соң анасы Әминаның Пайғамбарға жүкті болуы, әкесі Абдулланың қайтыс болуы сөз болады. Мұндағы айрықша тақырып – Пайғамбардың ерекше жағдайда дүниеге келуі немесе сол сәтте болған ғажайып оқиғалар. Пайғамбар дүниеге келер алдында анасы Әминаға біреулердің келіп, құрметті сәбидің дүниеге келетінін айтып, оның анасының жуынып, тазаланып алуын өтінеді. Осыдан кейін Пайғамбардың дүниеге келуіне байланысты таңғажайып оқиғалар басталып кетеді: «Әбді Мүтәліп күнде Әминаның қасына келіп отырып: «Ей, қымбатты келінім, көп қайғырма. Біздің бәріміздің қуаныш-сүйенішіміз сенің ішіңдегі сәби. Әкесі Абдулла дүниеден өтсе, мен атамын. Күнде Қағбаға барып, Алла Тағалаға сиынып, бұл сәбиді бізге аман-есен тапсыр деп сұраймын», – деп айтатын. Тоғыз ай, күн дегенде дүйсенбі түні Әбді Мүтәліп Әминаның үйіне келді. Қайғырып, жалғыз отырғанын көрді. Әбді Мүтәліп: «Неге қайғылысың?» – деді.
Әмина: «Неге қайғырмайын?! Мен үйде жалғыз отырғанымда біреу келіп: «Ей, Әмина, бүгін сол соңғы түндегі құрметті (сәби) келетін түн. Тұрып, басыңды, мойныңды жу. Ешкімді қасыңа жолатпа», – деп айтты», – деді. Әбді Мүтәліп соны есітіп, көздерінен жас төгіп: «Ей, қызым, не десе, солай жаса. Мен Қағбаға барып, Қағбаның тұтқасын ұстап, есікке басымды қойып, Қағбаның Тәңірінен сұрайын. Бұл аманатты бізге тапсырсын. Қызым Атикаға айтайын, келіп сенің қасыңда отырсын», – деп шығып кетті. Әмина басын жуып, таза киім киді. Жылап отырды. Түн ортасында ешбір сыбдырсыз (үй) шатыры көкке көтерілді. Әлем көрінді. Барша жаратылыстың аспанда жиылып тұрғанын көрді. Олардың бәрі Абдулла ибн Әбді Мүтәліптің қызына ұқсайтын. Әмина: «Мен олардың жамалын көріп, аң-таң болып, есімнен танып қалдым. Біреуі: «Бізге неге қарайсың, біз бәріміз қызметшілерміз. Адн жәннатынан қызмет еткелі келдік. Бізді қой, әлем мақтанышына (сәбиге) қара. Біз бәріміз сол үшін келіп тұрмыз. Онымен көзің ашылсын», – деді. Қарасам, ұл босанған екенмін. Менің көзім түспесін деп, сол қолымен ұятты жерін жауып алыпты. Дереу сәждеге басын қойып, сөйлей бастады. Құлағымды түріп едім, «үмметім, үмметім» деп жатыр екен. Қолымды созып жумақшы болғанымда, үй ішінен: «Ей, Әмина, қолыңды тарт, ол таза, пәк», – деген дауыс келді. Жоғарыға қарасам, үйдің шатыры ашылған екен. Бір шөкім ақ бұлт келіп, сәбиді алып көкке ұшып шығып, көрінбей кетті», – дейтін.
(Деректерде) сол бұлтты Расулдың қас мұғжизасы делінетін. Тәурат, Інжіл және Зәбүрде Расулдың сипаты жазылған еді. Сол бұлт басынан соңына дейін Расулмен бірге еді. Расул дәрет сындырмақшы болса, жаңағы бұлт қорған болатын. Сол бұлт келіп, жұмақ мамығына орап, хош иісті иіссу жағып, көздеріне сүрме жағып, шаштарын тарап, анасының алдына қоя берді». Осындай бірнеше ғажайып оқиғалар әңгімеленеді. Мысалы, ешбір адам баласы Расулдың кішкентай кезінде дәретін (нәжісін) көрмеді, ер жеткен уақытта жер жұтатын делінеді. Күн ысыса жаңағы бұлт келіп көлеңке болады, шөлдесе су береді. Сол секілді Пайғамбардың анасы Әминаға періштелер өз перзентіне қол тигізуге рұқсат етпейді. Бір ақ бұлт келіп, баланы алып кетеді. Бұлт қайтып келеді. Сәбиді Кәусар суына жуып, көзіне сүрме жағып, жұмақ хош иісінен сеуіп, жібекке орап алып келіп, Әминаның алдына қояды. Пайғамбардың әпкесі Атика бұл сәтті былай әңгімелейді: «Қуанғаннан атып тұрып, сәбиді алып, қойныма салдым. Сондай тәтті иіс көрдім, ондай хош иісті бұл дүниеден көрген жоқпын. Сол түндей (керемет) түн дүниеде болған жоқ. Сол түні кисралар тауынан құлады. Шам патшаларының сарайлары құлады. Қайсарлардың қамалдары бұзылды. Барлық от өшті, жер бетіндегі пұттың бәрі бетін жапты. Барлық шайтандар жер бетінен әлем төңірегіне қашып кетті. Зілзала болды». Пайғамбардың ерекше мінезі жөнінде көп әңгімелер айтылады. Сондай әңгімелердің бірі – оның өз анасын ембей қою оқиғасы. Бұл да кісі таңырқарлық жайт болса керек. Дүние есігін жаңа ашқан Мұхаммедтің бұл қылығы жөніндегі оқиға Рабғұзи қиссасында былай беріледі: «.... Мұхаммедті бұлт алып келген кезде, Әмина сәбиге көкірегін тосып еді, ембеді. Атика: «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болғаннан кейін: «Ей, Расулулла, сол түні неге анаңның сүтін ембедің?» – деп сұрадым. (Пайғамбар): «Анамнан айырылатынымды білетін едім, сүтін ембедім, жүзін көрмейін дедім деп айтты», – деді.
(Кейбіреулер) жеті күн өтсе де сүт ембеді дейді. Және (біреулер) жиырма бес күн өтсе де ембеді дейді. Әбді Мүтәліп аң-таң қалды. Әмина сол қайғыдан ауырып дүниеден өтті. Расул әкесіз еді, (енді) анасыз қалды. Жарық дүние Әбді Мүтәліп үшін қарайды. «Ұлым дүниеден өтті, келінім де қайтыс болды. Ата-анасыз сәбиді мен қалай асыраймын», – деп жылады. Содан кейін сәбиді сүт-анасына берді». Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен пайғамбар лық жолын Насыраддин Бурһанаддинұлы дүниеге келгенінен бастап опат болғанына дейін бірнеше тақырыптарға жіктеп, қиссалар тізбегін жасап, егжей-тегжейлі суреттейді. Сол қиссалардың әрқайсысында дерлік Пайғамбардың ерекше қасиеттері мен қайраткерлік іс-әрекеттері әрі шынайы, әрі өте көркем сипатта беріліп отырады. Қиссалардың әдеби көркемдік деңгейі діни шығарма жазып отырған діни қызметкер Рабғұзидің шын мәніндегі қарасөз шебері – жазушы әрі ақын болғанын тағы да дәлелдей түседі. Ислам әлемінің көптеген діни шығармалары мен қиссаларын, сиярларын түгел қарап, өз қиссаларын дүниеге әкелген автордың ғылыми теологиялық тұрғыдан көп еңбектенгені анық. Осы еңбектің үстіне автор өз шығармаларына үлкен көркемдік шығармашылық жауапкершілікпен қарап, әр қиссаның дерлік биік көркемдік шеберлік деңгейінде жазылуына қол жеткізе алған.
Шығарманың үлкен бөлігін қамтитын, шығармаға әрі ғылыми, әрі діни, әрі көркемдік салмақ беріп тұрған қиссалар, әлбетте, Мұхаммед Пайғамбарға арналған шығармалар. Автор Мұхаммед Пайғамбар опатынан соң араб әлемінде, мұсылман жұртшылығында орын алған үлкен оқиғаларға тоқталады. Пайғамбардың өзінен кейінгі төрт ізбасары, олардың билік еткен тұсы, мұсылман жұртшылығындағы түрлі қайшылықтар мен тартыстар дәуіріндегі олардың қайраткерлік еңбектері сөз болады. Бұл оқиғалар шығарманың «Әбу Бәкір Сыддық (алла одан разы болсын) тың дүниеден өткені», «Омар (алла одан разы болсын) дың шаһид болғаны туралы», «Оспан (алла одан разы болсын) ның шаһид болуы», «Мұсылмандар әмірі Әли (алла одан разы болсын) дің шаһид болғаны туралы» қиссаларына арқау болады. Шығармалардан осы халифтердің дін ислам жолындағы қайраткерліктерімен қатар Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткеннен кейінгі араб әлеміндегі күрделі діни-саяси ахуалдар анық аңғарылады, көркем жеткізіледі. Сондай-ақ автор Мұхаммед Пайғамбардың сүйікті немерелерінің өмірі мен опат болу жағдайларына да арнайы тоқталып, мына секілді дербес қиссаларды арнайды: «Хасан (алла одан разы болсын) ның шаһид болғаны туралы», «Хусейн (алла одан разы болсын) нің шаһид болғаны туралы». Бұл қиссалардың соңында діни автор Насыраддин Рабғұзи Пайғамбар ұрпақтарына қиянат, зұлымдық жасағандардың түбі тозақта тақсірет тартатынын көп талқылап сөз қылады. Шығарма соңында сол сөздерінің рухани жалғасы ретінде көрінетін шағын қарасөзді «Ескерту және насихат» беріледі:
«Ей, мұсылмандар, Расул (ғ.с.) ұрпағына бұл залымдар (залымдық) жасады, (ақыретте) сұраусыз қалмақ емес. Осында соңына жетті, айып (қате) болмайды. Уақыт болады, бейғамдық жүрмейді. «Уә лә тәхсәбәнналлаһә ғафилән әммә йә’мәллу залимун» («Залымдар істеп жатқан істерді Алла білмейді деп әсте ойлама»). Алла Тағала: «Бізді залымдар зұлымдығынан ғапыл деп білмеңдер», – дейді. Тік тұр, қылмысқа жаза, амалға сыйлық (берер) күні келсін. Айбат алаңы жайылсын. Әуел, ақыр халқы жиылсын. «Йухшәру әз-залимунә йәумә әл-қийәмәти кә әмсәли әз-зәрр» («Қиямет күні залымдар шымалға ұқсас болған бейнеде жылайды»). Яғни ертең ұлы күнде күш көрсеткен, мал алған, ақы (әділдік) бермеген залымдар шымал секілді аяқтар астында жаншылады. Мейірімсіз бектерге жара салады. «Куллу ләхмин нәбәтә бил-хәрами фә ән-нәру әулә биһи» («Харам тамақпен біткен ет тозақ отында жанады»). Яғни араммен семірген ет, сүйектер тамұқ отына жағылады. «Иннәмә йәкулунә фи бутуниһим нәран уә сәйәсләунә сә’иран» («Олар қарындарына тек от жиды және тез тозаққа кіргізіледі»). Жетімдер малын жеген қарындардың көз-құлақтарынан, ауыз-мұрындарынан от жалыны шығады. Мұсылмандар әйелдеріне қиянат көзін салған, зина, ойнастық қылғандар азап және ақыретпен масқара болады. Әлсіздерді ұрғандар, Алла Тағалаға тіл тигізгендер, аяқ алған, сирақ тұтқан қолдарды сындырып, ұсақтап көкіректерінен шығарады. Бөгде әйелге қараған көздерді отпен толтырады. Ғайбат, жалған, ойнап сөйлеген тілдерді түбінен жұлып тастайды. Ойын-күлкі, күй, ғазал тыңдаған құлақтарға балқытылған қорғасын құяды. Шаһуат шарабымен мас болып жатқандарды азаппен тұрғызады. Абдулла Зияд (секілді) зұлымдық қылғандарды сұрайды. Хусейн (Алла одан разы болсын) ді өлтіргені үшін Язидті тамұқ жаққа алып барып, темір ілгіштермен іліп, бұзып, жыртып, тіліп, қағып қинайды. Бұл істердің бәрі болады. Болғанды болады деп ұста, келгенді келеді деп біл. «Куллу мә һуә әтин уә әл-хәмду лилләһи рабби әл-’әләмин. Мәуләнә әл-’әлиму әр-раббәни уә әл-хәбру әс-сәмәдәни кәшифу әл-мушкиләти мифтәху әл-’әжәйибәти имәму әл-әиммәти нәсиру әш-шари’әти мәржи’у әл-хасси уә әл-’әмми уә хәлли мушкиләти хәләлин уә хәрамин Насируддин Рабғузи» («Келешекте болатын әрбір нәрсе, сөз жоқ, болады және барша әлемдердің Жаратушысы болған Алла Тағалаға мадақ болсын! Қожамыз раббани ілімдердің ғалымы, дін ілімінің білгір ұстазы, мәселелерді шешуші, ғажайыптардың кілті, имамдардың имамы, шариғаттың сүйеніші, хас пен тобырдың қарайтын қайнар бұлағы, халал мен харамды ажыратып беруші – Насируддин Рабғұзи»). Бұл ескерту насихаттан Насируддин Рабғузидің дін қызметкері ретіндегі ойлары көрініс береді. Сонымен бірге, автордың өзіне қатысты айтылған насихаттың соңғы жолдары арқылы оның көп дін қызметркерленің бірі ғана емес, үлкен діни ғұлама, ғалым болғандығын танимыз. Бұған қосымша біз өзіміздің тарапымыздан бұл ғұлама ғалымның ақын әрі шебер жазушы болғандығын танығанымызды айтамыз. Осы ойларымыздың тағы бір дәлелі ретінде автордың шығарманың соңғы сөздері ретінде берілген «Рабғұзи қиссасының соңында» айтылған оның түйін сөздерімен, отыз жолдан тұратын өлеңдерін айтуға болады.
Өлең:
Міне, біттім бұл кітапты, ей, жарандар, жер жүзі халқы,
Бір жыл ішінде өтті оның жазы-қыс, жаз-күзі.
Ұйқы бұздым, өзімді үздім, сөзім түздім түнде мен,
Ерте тұрдым, қалам ұрдым, еңбектендім түн-күндіз(і).
Бақ қопардым тал ағашты жас жапырақ ол шешек,
Жемісі хикмет, кемел аятты хабар жұлдызы.
Қан құрғаттым, жан шаршаттым, кен шығардым тас қазып,
Сап қызыл алтын тізбектеп безедім бұл жер жүзі(н).
Ой жемісін ектім перде ішінде түймедей,
Жасырдым әркімнен тимесін деп жат көзі.
Көркі артты күнде жетті, көз-құлаққа дейін асып,
Киіндім түрлі тауардан Рум, Қытай әтілес, чузы
Шебер жаран мейірі түсті, мейірін берген баршасы,
Мейірімімен қалды аман, жоқ бойында еш міні.
Барып істедім Насируддин Тоқбұғабек қызметіне,
Сұрай ма, сұрамай ма белгілі білсін өзі.
Аяты хабар әсілі оның, өзінің аты «Қисас» (Қиссалар),
Бас-аяғына түгел қарасаң барша пайғамбарлар сөздері.
Бұл безелген жауһар ішінде Мұстафа жалғыздай,
Қыздары төрт, екі немере (уғлан), әйел еді тоғызы.
Әуелі Адам атамыз, ақыры соңғы Расул,
Осы тәртіппен түзілді әмбие-мүрсәл сөзі.
Төртеуі атты сахаба, екі сиқыр, екі әйел,
Соңында өлім зікірімен толды қисса тоғызы.
Өзгелер көп әлем мойыншақ тізді ел кезіп,
Мен гауһар, дүр, інжу тіздім, кезбедім дала-жазы (н).
Жеті жүз он екі жылда жазылды бұл кітап,
Туған еді сол уақытта құт, бақыт жұлдызы.
Күн шығыстан күн батысқа, қане, жетсе сөздерім,
Есіткеннен дұға сұрадым міскін Насыр Рабғұзи.
«Тәммәт «Қиссәси әр-Рабғузи» фи йәуми әс-сәби’и уә әл-’ишринә уәқт әз-зухә фи әш-шәһри әл-мубәраки би тәуфиқи әл-мәлики әл-уәһһәб ‘әлә йәди әз-зә’ифи ән-нәхифи әр-ражи илә рахмәтилләһи тә’әлә хәжи... мухәммәд хәжи уәзири ғафәраллаһу тә’әлә зунубәһум уә нәууәра қубураһум. Аллаһуммәғфир ли кәтибиһи уә лимән сәми’ә минһу уә лимән нәзәра фиһи... әт-тәрих... («Ұлы Жаратушы патша әлемнің қолдауымен Рабғұзи қиссасы қасиетті айдың жиырма жетінші күні сәске уақытта Алланың мейірімінен үміт етуші әлсіз қажы... Мұхаммед Уәзиридің қолымен тамам болды. Алла Тағала олардың күнәларын кешірсін және қабірлерін нұрландырсын. Ей, Алла, бұл кітапты жазған, оны естіген және бұл кітапқа назар салғандардың күнәсін кешір!»).
Автордың бұл соңғы сөзінен көп жайларды аңғаруға болады. Автор және оның туындысы, автордың шығармашылық мақсаты, діни, мемлекеттік және азаматтық ойлары туралы мол мағлұмат алуға болады. Ғалымдардың айтып жүргеніндей шығарманың бір жыл ішінде толық жазылып шыққанын көруге болады. Сол секілді автордың шығарма үстінде күні-түні еңбек еткен қаламгерлік қызметі де көрінеді. Сондай-ақ автордың өз шығармасының өте бағалы, құнды да, көркем, діни шығарма болып шыққанын тануы, бағалауы да арнайы жырланады: «Бақ қопардым, тал ағашты жас жапырақ ол шешек, жемісі хикмет, кемел аятты хабар жұлдызы... Сап қызыл алтын тізбектеп безедім бұл жер жүзі(н), Көркі артты күнде жетті...» - деген жолдар сондай ойлардың айғағы болса керек. Шығарманың аталуын автордың өзі «Қисас»(Қиссалар) деп бергені де осында көрінеді. Сонымен бірге, шығарманың құрылымы, қиссалардың тізбегі, реті де айтылып өтеді. Адам атадан бастап жырланған пайғамбарлардың ішіндегі ең ерекшесі «Бұл безелген жауһар ішінде Мұстафа жалғыздай» деп Мұхаммед Пайғамбарды айрықша жырлағаны да аңғарылады. «Қыздары төрт, екі немере, тоғыз әйел... Төрт сахаба, екі сиқыр, екі әйел, Соыңында өлім зікірімен толды қисса тоғызы» деп Пайғамбардың үй-ішін, әйелдері мен бала-шағасын, ең жақын төрт сахабасын сипаттай келе Мұхаммед Пайғамбар опат болғаннан кейін орын алған қиссаларда айтылған түрлі қайғылы оқиғаларды қайта ескертіп өтеді. Ең бастысы «Өзгелер көп әлем мойыншақ тізді ел кезіп, мен гауһар, дүр, інжу тіздім, кезбедім дала жазы(н)» деп өзінің туындысының ерекше жаратылысын, көркемдігін, баға жетпес құндылығын тағы да қайталап айтып өтеді. Айтылған ойы, мағынасы тұрғысынан да, көркемдігі тұрғысынан да бұл өлеңді сәтті туылған туынды дей аламыз. Соңғы сөз соңында бүгінгі дінтану мен әдебиеттану т.б. ілімінде жоғары бағаланатын ең ескі қол жазба – Британ нұсқасының шығарманы көшіріп біткен уақытысымен оны жасаған көшурушінің есімі де осында берілген. Бұл да нұсқаға қатысты құнды мәлімет дей аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |