Келгенде он бір жасқа Жүсіп нәби
Жақып саушы қасында ұйықтап еді.
Ғажайып ұйқысында бір түс көріп,
Тағбирін атасынан сұрай келді (39, 3).
Бұл өлең жолдары кейінгі басылымдарда былай беріліп келеді:
Келгенде он бір жасқа Жүсіп нәби
Жақып сушы қасында ұйықтап еді.
Ғажайып ұйқысында бір түс көріп
Тағрифын атасынан сұрай келді (24, 262)
Жүсіп түсін әкесіне баяндағанда да осылай қайталанады:
Ай, ата, түсімде толған ай мен бір күн көрдім,
Он бір жұлдыз қасында бірге көрдім.
Он бір жұлдыз ол айға сәжде кылды.
Тағбирын, ата, сізден сұрай келдім (39, 3).
Бұл өлең жолдары 1979 жылғы басылымда былай беріледі:
Түсімде толған ай мен күнді көрдім,
Он бір жұдыз қасында бірге көрдім.
Он бір жұлдыз ол айға сәжде қылды,
Тағрифын, ата, сізден сұрай келдім (24, 361).
Осы өлең жолдары 1994 жылғы нұсқада осылай қайталанған. Айырмашылығы түп нұсқадағы «Ай, ата» сөздері орнына қайта қойылып басылған (71, 262). Салыстырылған өлең жолдарында біршама айырмашылықтар бар.
«Жүсіп-Зылиха» нұсқаларын мәтіндік тұрғыдан салыстырғанда, ерекше атап айтар мәселенің бірі - кісі есімдерінің дұрыс оқылмауы. Мысалы, Мысыр шаһы Қатфир есімі. Бұл есім Құранда берілмеген. Онда тек патша, Жүсіпті сатып алған Мысыр адамы немесе қожайын, оның әйелі деп беріледі. Ал Тауратта Мысырдың уәзірі Патифор және оның әйелі, патша перғауын деп берілген. Демек, көне діни кітаптарда Жүсіп оқиғасына қатысты кісі есімдеріне ерекше мән берілмеген. Бірақ солардың негізінде дүниге келген кейінгі туындыларда әсіресе,«Жүсіп-Зылиха» шығармасын зерттеуші ғалымдар үнемі дерлік назар аударып отырған Абдоллах Ансаридің «Анис ал-мюриди ва шамс ал-маджалис», Рабғузидың «Қиссас-ул-әнбиа» секілді шығармаларында ескерткіштің сюжеттік желісі толысып, көркейе түскен. Соған орай, діни шығармалардағы патша, қожайын, қожайынның әйелі сөз қолданымдары енді нақты кісі есімдерімен айтыла бастаған. Бұл жәйт ескерткіштің қазақ нұсқасында уақыт жағынан да бекіп орныққан тұсы болатын. Сондықтан да Жүсіпбек қожа жырлауындағы «Жүсіп - Зылиха» сюжетінде негізгі кейіпкердің жүріп өткен өмір жолына қатысы бар әрбір оқиға иесі кейіпкерлердің есімі нақтылана түскен. Әсіресе, мысыр шахының есімі ескерткіште анық Қытфир деп берілсе де, оның 1976, 1979 және 1994 жылғы нұсқалардың барлығында Қаһир деп жазылып келеді Бұл Мысыр елінің астанасы – еуропаша «Каир» деп қолданып жүрген сөзіміз арабша, «Қааһира» деп айтылады. Бұл қателік осы қала есімінен туындап жатуы мүмкін. Қалай болғанда да, Тауратта Патифор, мұсылман тәпсірлерінде Қытфир қолданылып келген, шығарманың өзінде осы мұсылманша нұсқа қолданылған. Бұл кейіпкер есімінің бүгінгі таңда дұрыс оқылуы қолданылуы қажет. Мысалы:
Ол уақытта Мысыр шаһы Қаһир еді
Мұны айтып хат жазды Қаһир шаһы
Мәлік Риян Қаһирдың інісі еді, - деп үнемі Қаһир болып қолданылып отырған. Арабша Қаһир сөзімен Қытфир сөзінің жазылуы бір-біріне ұқсас, сондықтан жаңылыс оқылуы мүмкін дегенге де келмейді. Себебі ол екі сөздің жазылуында бір-бірінен едәуір айырмашылық бар. Каир қаласы арабша «әл-Қааһират», - деп, ал шығармадағы Мысыр елінің шахы - «Қытфир» деп анық ажыратылып жазылған. Бұл есім Сауд Арабиясында 1991 жылы басылып шыққан «Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі» деген кітапта «Бұл Юсыпты жүргіншіден сатып алған, Мысырдың қазына уәзірі Қытпирдің әйелі Зілиха еді»,- деп түсінік берілген (72, 238). Сол секілді шығармада Бәшір және Бәшира есімімен үш құл жігіт беріледі. Алғашқы екеуі саудагер Мәлік Дұғардың құлдары. Жүсіпті ағалары тастап кеткен құдықтан шығарып алған осы екі құл. Үшіншісі – шығарма соңында Жүсіп амандығын әкесі Жақыпқа жеткізуші Жүсіптің құлы - Бәшір. Кітапта бұл оқиғаға арнаулы «Әлқисса, Жүсіптің сатып алған құлы атасына барғаны» деген тарау берілген. Бұл тарау бұрынғы 1976, 1979 жылдардағы басылымдарда толық берілмеген. Тек үзінділер ғана енген. Соңғы 1994 жылғы нұсқада берілген. Тағы да біршама қателіктер мен тараудың атындағы «атасына» сөзі «анасына» болып кеткен. Бұл құл жігіттердің есімдерінің өзінде шығарма мәтініне, оқиғасына қатысты мағыналы мәні бар. Мысалы, қазақ тіліндегі Қуаныш, Сүйініш, нақтырақ айтсақ, Сүйінші деген сияқты. Башир – бушара – приносящий радостную весть, вестник радости (69,72). Демек, кісі есімдерінің өзіндік мәні болған. Сондықтан да шығарма мәтінінде құлдар есімінен өзге сүйінші мағынасында да қолданылған. Мысалы, Жүсіпке Алла тағала тарапынан пайғамбарлық жіберілген сәт былай баяндалады:
Жәбірәйіл айтты, аййя Жүсіп Сыддық,
Құдайың сәлем рахмет қылды тахқиқ.
Сүйінші сұрай келді бүгін сізден,
Жіберді Алла тағала пайғамбарлық...
Жәбірәйіл екенін Жүсіп білді,
Бушарат сүйіншісін естіп күлді (39, 11).
Сөздікте мағыналық және тұлғалық жағынан бір-біріне өте жақын екі сөз берілген. Олар: Бушарат - награда за радостное сообщение; бишарат - добрая весть, радостное сообщение сөздері (69,72). Мәтінде олардың алғашқысы қолданылған, себебі Жүсіпке Алла тағала тарапынан жіберілген пайғамбарлық хабары әрі сүйінші болып отыр.
Алғашқы екі құл - қуанышты хабарды үнемі күтіп жүрген, бұл құдыққа мұнан елу жыл бұрын келіп, құлағына «елу жыл» деген әуез келген соң қайтып кеткен, сол елу жылды өткеріп қайтып келіп отырған Мәлік Дұғарға қуанышты хабар жеткізушілер. Сондықтан да Жүсіп құдықтан шыға келгенде: «йубшараи һаза ғұлам» деп Мәлік Дұғар қатты қуанады. Бұл арабша сөздің қазақша мағынасы «Бұл бала мені қуантты» деген сөз. Қазіргі қазақ нұсқаларында «Я, Бәшіри, һаза ғұлам, - деді Мәлік» (77, 282) деп жаңсақ беріліп жүр. Жаңсақтықтан мағынасыздық туындаған. Әйтпесе, шығармада осы қуанышты сәтті ұзақ күткен Мәлік Дұғар қуанышы әдемі-ақ берілген:
Құдықтан Жүсіп нәби шыға келді,
Толған айдай нұр жүзі туа келді
Дұғардың екі көзі құдықта екен,
Жүсіпті көріп ақылы бихуд болды.
Иубшараи һаза ғұлам деді Мәлік... (39, 16-17).
Ал, үшінші құл Бәшір Жүсіптің аман-есен Мысырда патша болып отырғанын Жақып пайғамбарға хабар жеткізуші, тағы да қуанышты хабар. Сондықтан да Бәшір есімі тағы қайталанған, қолданылған. Бұл құл Жүсіптің көйлегі мен жазған хатын әкесіне жеткізуге шұғыл аттанады. Бірақ бұл қуанышты хабарды жеткізуге шығыс желі Сабан да құштар болады:
Сабан желі құдаға
Сонда арыз қылады...
Құдіретімен құдайым
Желге рұқсат береді.
Тәңірі рұқсат берген соң
Келе жатқан Бәшірден
Он күн бұрын келеді.
Жүсіптің иісін Жақыпқа
Иіскете береді...
Сабан желі соққан соң
Жүсіптің келді иісі...
Сабан желі ескен соң
Келген күнгі иісі
Келіп тұр маған шашылып... (39, 78-80).
Қиссадағы «Сабан желі» атымен белгілі шығыс желі «Ғашық-наме» нұсқаларына енбеген. Ал, мейлінше толық дерлік нұсқа 1994 жылғы «Ғашықтық дастандарда» қуанышты хабарды жеткізіп, торыққан әкенің қайғысын сейілтуге, перзентінің иісін әкесіне жеткізуге асыққан жел оқиғасы бар. Бірақ дұрыс ұғылмай, тек бірыңғай самал жел есебінде берілген. Негізінде, сөздікте «Сабан - восточный ветер» (69, 428) деп көрсетілгеніндей, араб әлемінің өзіне тән табиғи атауымен берілген.
Жүсіп-Зылиханың қазақ нұсқаларында алғысөз қалай енбей қалса, нәзиралық шығарма авторының соңғы сөзіндегі мына өлең жолдары да түсіп қалған.
Бұ қисса осылайша болды тәмам,
Халім білмей сөйледім, мен бір надан.
Пайғамбарлар әруағын көп қозғадым,
Құдая кешіре көр, Раббым Рахман.
Ақыры бұ дүниеден олар да өткен,
Бұ дару-л-машақаттан кім өтпеген .
Неше-неше пайғамбар, нәби мүрсал,
Баршасын, бірін қоймай алып кеткен.
Әуелі Адам Сафи оны да алды,
Мың жасап Лұқман өтті, кім қалады.
Қанеки, Аллаһ досты - Хақ Мұстафа,
Қоймады отыз үш мың сахабаны.
Бұ қара жер бәріңді алмай қоймас,
Ғазиз жаның кеудеңде һеш тоқтамас.
Көр деген бір орын бар шырағы жоқ,
Неше жылдай жатсаң да жарық болмас.
Моллалар есіркеңіз жазушыны,
Нәпсі шайтан жолына азушыны.
Әулие, пайғамбарлар хақы үшін,
Мен ғаріптен аяма дұғаңызды (39, 86).
Автордың діни-фәлсафалық өмір өтпелігі жөніндегі толғанысқа толы өлең жолдарынан соң қазір барлық нұсқада беріліп жүрген мына сөздер келеді:
Сұрасаң мұны жазған мен Жүсіпбек,
Дүниеде пенде едім күнәһім көп.
Соның үшін кітапқа атым салдым,
Оқыған жан бір дұға қыла ма деп (39, 86).
«Жүсіп-Зылиха» шығармасының мәтіндік, мәтінтану мәселесін былайша қорытуға болады.
1. Мәтіндік салыстыруға 1976, 1979 жылдары басылған «Ғашық-наме» жинағындағы «Жүсіп-Зылиха» нұсқасы, 1994 жылы басылған «Ғашықтық дастандар» жинағындағы «Жүсіп-Зылиха» нұсқасы 1918 жылы Қазан қаласында кітап болып басылып шыққан «Қисса-и хазрет Иусуф алейһис-салам илән Зулейханың мәселесі» нұсқалары өзара салыстыра қаралды. Басты мәтіндік қазық, негіз ретінде 1918 жылғы нұсқа алынды.
2. Кеңестік дәуірде 1976, 1979 жылдары қайта жарияланған «Ғашық-наме» жинағындағы «Жүсіп-Зылиха» нұсқасы атеистік кеңестік саясат тұрғысынан қатты өзгеріске ұшыраған: а) көп өлең жолдары түсіп қалған; ә) көп өлең жолдары қолдан өзгертілген; б) көптеген өлең шумақтары тыңнан жазылып қосылған нұсқа ретінде атап айтуға болады.
3. Ғылыми айналым үшін Ғылым академиясы тарапынан қайта даярланған, ғалым Ү.Субханбердина қайта қарастырған, толысқан нұсқа ретінде 1994 жылғы «Ғашықтық дастандар» жинағындағы «Жүсіп-Зылиха» нұсқасын пайдалануға болады. Әйтсе де, атап көрсетілген жайларды ескеру керек.
Шығарманың 1976, 1979 жылғы нұсқаларында 1276 өлең жолы түрлі себеппен түсіп қалған.
Шығарманың 1994 жылғы нұсқасында 216 өлең жолы тағы да түрлі себеппен енбей қалған. Әйтсе де, соңғы нұсқада алдыңғымен салыстырғанда бұрын түсіп қалған 1060 өлең жолы қайта енгізілген. Бұл жәйт те соңғы нұсқаның құндылығын, салмағын арттыра түседі.
6. 1994 жылғы нұсқада өлең жолдары негізінен дұрыс оқылған. Көп кемшілік түзелген. Алғашқы нұсқалардағы ойдан қосылған өлең жолдары алынып тасталған.
7. Шығармадағы араб, парсы сөздерінің қазақша мағынасының берілуі. Мысалы, Һәмма, субхан, жүмлә т.б. жекелеген сөздердің мәтін ішінде аударылып берілуі мәтінтану теориясына жат мәселе. Мысалы:
«Субханыңа хамд сана айғыл балам» (39, 4) сөзі «Ғашық-наме» нұсқасында «Тәңірісіз іс етпес әрбір адам» болып өзгерген (24, 361). «Ғашықтық дастандар» нұсқасында: Тәңіріңе мақтау сөзді айтқын, балам,- болып беріліп, мағыналық жағынан аударылып берілген. Сол секілді:
Сол сөзімді көрсетті Алла тағалам, (39, 8) - сөзі «Ғашық-намеде»: Сол сөздің асылығын енді ойлағам, - деп мағыналық аударма жасалған. «Ғашықтық дастандар» нұсқасында: Сол сөзімді көрсетті енді маған, - болып берілген (71, 26). Бұл жол түп нұсқаға жақын. Бірақ «Алла тағалам» сөзінің «енді маған» болып өзгеруі тіпті түсініксіз. «һәмма», «жүмлә» сөздері де мәтінде «бәрі», «барлығы», «баршасы» деп аударылып берілген. Мысалы: Ол шәһардың һәммасы һинди екен (39, 24). Ол шәһәрдің бәрі де һинди екен (24,386), (71, 293).
Иман айтып һәммасы дінге кіріп (39, 24).
Иман айтып барлығы дінге кіріп (72, 293).
8. Кітаби сөздердің бүгінгі қазақ тіліне икемделіп берілуі, мысалы, ұлық-ұлы, көрікті – көркем, үшбу - осы, бұ - бұл, кәпіршіліктен - дінсіздіктен, кәпір - дінсіз, ау - аң т.т. Сондай-ақ, жүмлә - түгел, уағда - уәде сияқты болып беріліп отыруы кітаби тілдің ерекшелігін сақтау мәселесіне сай келмейді.
9. Шығарма мәтініндегі «барғыл», «тұрғыл», «көргіл», «келгіл», «бергіл», «айтқыл» секілді етістік формалары бүгінгі әдеби қолданысқа лайықталып, «барғын», «тұрғын», «көргін», «келгін», «бергін», «айтқын» болып өзгеріске түскен.
10. «Қисса-и Иусуф...» түпнұсқасындағы тарау аттарының кейінгі нұсқаларда өзгеріске түскен.
Кіріспеге ешқандай ат қойылып, айдар тағылмаған тек «Бисмиллаһ-ир-рахмани-р-рахим» деп үлкен әріптермен бөлек жазылған. Бұл мұсылман кітаптарының ежелгі дәстүрі. Кіріспедегі насихат өлеңнен соң әңгіме Жүсіп пайғамбарға, оның қиссасына ауысады. Сөйтіп, негізгі оқиға арнайы тараусыз
басталып кетеді. Демек, кіріспенің өзі әрі кіріспенің, әрі бірінші тараудың
қызметін атқарып тұр. Шығарма оқиғасы мұнан өзге он үш тарауға жіктеліп
берілген. Барлығы - он төрт тарау. Сонымен бірге шағын алты тарауша бар.
«Ғашық-наме» нұсқаларында бір тараудың ғана өз аты қойылған. Сегіз
тараудың атының орнына жұлдызшалар қойылған, екі жұлдызша тарау жоқ
жерге қойылған. Демек, қолдан жаңа тарау жасалған. Бір тарау жұлдызшасы тарау басындағы екі шумақ өлеңді алып тастап барып кейін қойылған. Яғни,
түпнұсқаның тараулары да өзгеріске түскен.
Ал, соңғы «Ғашықтық дастандар» нұсқасында тоғыз тарауға жіктелген. Бұл нұсқа көп жағдайда қалпына келтірілген соңғы нұсқа десек те, тараулар түгел өз жүйесімен берілмеген. Оның үстіне, берілген тараулардың аттары өзгеріп кеткен. Мысалы, Жүсіпбек қожа «Фасл фи баян Зулейха» деп берген тарау аты тек «Зылиха» деп алынған. «Фасл Зулейхадан ахуал сұрағаны даясының» «Зылихадан даяшының халін сұрағаны» болып өзгерген. Шығармадағы «дая» сөзі қазіргі қазақ тіліндегі «даяшы» сөзімен алмастырылған. Көне сөз көнелігінен айрылған. Ескерткіш көне қалпын сақтауымен құнды. Сол секілді «Фасл Иусуф алейһиссаламның зынданнан шықпағы» «Жүсіптің зынданнан шыққаны», «Фасл Зулейханы никаһ қылмақ баяны» - «Зылиханың некесін қимақ баяны» болып өзгерген. Сондай-ақ, кітап көнелігін, кітаби дәстүрдің ерекшелігін көрсетіп тұратын кітаби тіл элементтері азайтылған. Кітаби тіл элементінің бұлайша жасанды азайтылуы ескерткіштің құнын түсірмесе, көтере қоймас. Себебі шығарма мәтінінен дәуір тынысы, уақыт талабы ең бастысы, кітаби дәстүр көрінісі айқын аңғарылып тұруы қажет. Сондықтан да кітаптағы «Фасл сифат биыр Йусуф алейһиссалам», «Фасл ружуғ ихуат Йусуф алейһиссалам» секілді тарау аттарының алынып тасталмай, өз орнында қалуы әбден қажет еді.
Сол секілді бұрынғы нұсқаларда Жүсіп пайғамбарға Алла тағала тарапынан болған аян аяттар арабша беріліп отырған Яғни, Құранның 12-сүресінен үзінділер алынған. Бұл үзінділер кейінгі нұсқаларда түгел алынып тасталған. Онан кейінгі қазақша мағыналық нұсқалар сақталған. Көне әдеби, діни мұра үшін Құран аяттары түпнұсқада қалай арабша берілсе, сол қалпы сақталуы тиіс еді. Тіпті болмаған жағдайда арабша сөздің транскрипциясын қазіргі қазақ әліпбиімен беруге болар еді. Сонда ескерткіш көнелігі сақталып тұрар еді.
Кейінгі нұсқаларды кітап етіп бастырып шығаруда басты міндет - түп нұсқадан ауытқымау, көне мұраның көнелігін сақтай отырып, жәдігер ескерткіш ретінде бүгінгі оқырманға ұсыну болатын. Кеңес дәуіріндегі нұсқаларды айтпағанның өзінде соңғы нұсқа толық қайта қалпына келуі тиіс еді. Бұл мәселелер тек сөз етіп отырған ескерткішке ғана тән емес, өзге де осы уақытқа дейін жарияланып келе жатқан және алда қарастырылар көптеген жәдігерлерді қайта қарау, тану ісіне де қатысты болса керек.
Қазақ тілінде жырланған, XIX ғасырдың соңғы жылдары дүниеге келіп, кітап болып басылып шыққан кітаби-нәзирашылдық дәстүрдің классикалық бір үлгісі - Жүсіпбек қожа қайта жырлаған «Қисса-и-Йусуф алейһис-салам илән Зулейханың мәселесі» шығармасының қай нұсқасында болмасын түс көру мен оны жоруға үлкен мән берілген. Шығарма оқиғасының туындауы, дамуы кейіпкерлер түсімен тікелей сабақтастықта алынып өрбіп отырған. Шығарма оқиғасының өзі Жүсіп көрген ғажайып түстен басталатыны жоғарыда сөз болды.
Тауратта Жүсіп оқиғасы оның он жеті жасынан басталады. Құранда Жүсіп жасы жөнінде ештеңе айтылмайды. «Қиссас-ул-әнбияда» және Шеййад Хамзаның «Жүсіп пен Зылихасында», Жүсіпбек қожа қиссасында да оның жасы он бір жас. Тауратта Жүсіп түс көргенге дейін оған деген ерекше әке ықыласы үшін оны бауырлары жек көріп жүреді. Сонан соң Жүсіп түс көреді. Бұл жағдай Тауратта былай беріледі: «Бір күні Жүсіп түс көріп, соны ағаларына айтып еді, содан бері олар оны одан да бетер жек көріп кетті. Ол ағаларына:
Менің көрген түсімді тыңдаңдаршы. Біз бәріміз далада астық жинап, бау байлап жүр екенбіз. Кенет менің байлаған бауым тік тұра қалды, сендердің бауларың менің бауымды қоршап, оған иіліп тағзым етті,- деді. Сонда ағалары оған:
Сен не, бізге патшалық құрғың келе ме? Бізді билемекшісің бе?- деді. Содан былай олар оны көрген түсіне, айтқан сөзіне бола одан әрі жек көріп кетті. Жүсіп екінші рет түс көріп, оны ағаларына тағы да айтады:
Тыңдаңдаршы, тағы да түс көрдім. Бұл жолы күн мен ай, аспандағы он бір жұлдыз маған иіліп тағзым етті,- деді. Ол бұл түсін әкесі мен ағаларына айтқанда, әкесі оған ұрысып:
Сенің көргенің қандай түс? Біз, ата-анаң, ағаларың сенің алдыңа келіп тағзым етпекпіз бе?- деді (73, 91-92 бб).
Бұл үзіндіден біраз жайды аңғаруға болады: Тауратта Жүсіп екі рет түс көреді, Құранда Жүсіп бір рет түс көреді. «Сол уақытта Юсып (Ғ.С.) әкесіне «Әкетайым! Рас мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айдың маған сәжде кылғанын көрдім,» - деді. Яғқуп (Ғ.С.): «Әй, балақайым! Түсіңді туыстарыңа айтпа! Саған бір айлакерлік жасар. Расында шайтан адам баласына ашық дұшпан» - деді» (72,235-230).
Жүсіп-Зылиха оқиғасын жырлаған Жүсіпбек қожа, Шеййад Хамза жырларында да, шығарма беташары болған Жүсіп түсі - бір. Демек, мұсылман ақындары шығармаларының негізгі өзегі - Құран сүресі мен аяттары, тәпсірлер. Сондықтан Рабғузи қиссаларындағы Жүсіп оқиғасы Құранмен бірге тәпсірлерді ауызға алып отырады. «Тәпсір Қази рәуәйәтінде: «Жақып ғалейһи-уәссәләмнің төрт әйелінен екі кәнизегінен он екі ер бала дүниеге келді. Хақ тағала Жақып ғалайһи-уәссәләмді күнге ұқсатып, қызы Динаны айға ұқсататын. Он бір ұлын он бір жұлдызға ұқсаттым,- дейді. (55, 81-б.). Әйтсе де осы еңбекте Хазреті Жәбір рәуәйәті бойынша Мұхаммед пайғамбар ғалайһи- уәссәләм Жүсіп ғ.с.-ға күн мен айдың, он бір жұлдыздың көктен еніп сәжде қылғанын атап көрсеткенін айтады. Сонымен бірге Рабғузи қиссаларында Жүсіп екі рет түс көреді. Бірақ бірінші түс суреті, оқиғасы Таураттан өзгешелеу. Онда Жүсіп түсі былай баяндалды: «Жүсіп жеті жасқа толғанда түс көрді. Түсінде ағаларымен бірге жас шыбықтарды отырғызып жүреді. Жүсіп ғ.с-нің шыбығы жапырақ жайып, бұлтқа дейін жетіп, шешектері раушан болып, ғаламды нұрландырды. Ағаларының бұтақтары жасылданса да, өспеді. Олардың шыбықтары Жүсіп ғ.с. ағашына сәжде қылды. Жүсіп ғ.с. бұл түсті ертеңіне ағаларына айтты. Ағалары күншілдікпен «Атамыз бұл Рахил ұлын онсыз, да жақсы көреді. Бұл болса одан әрі сүйкімді бола түспекші»,- десті.
Екінші күні Жүсіп тағы түс көрді. Түсінде Ай мен Күн және он бір жұлдыз өзіне сәжде қылды. Бұл түсін Жүсіп атасына айтты: «Әй, Ата! Мен түс көрдім. Түсімде Ай мен Күн, он бір жұлдыз маған сәжде қылды»,-деді. Сонда Жақып: Әй менің кішкентай ұлым! Түсіңді туыстарыңа айтпа. Сені бөлек қылу үшін айла жасар. Күнәдан қорықпас. Ақиқатында, шайтан адамға дұшпан. Сенің қандастарыңды сол азғырар,»- деді (55, 82-б.).'
Бұл жерде Жүсіп ғ.с. көрген түстерге орай бірнеше жайды айтуға болады:
1. Жүсіп көрген түс Тауратта, Рабғүзи қиссаларында екеу. Ал Құранда және Жүсіп оқиғасын Құраннан тәпсірлерден алып жыр еткен ақындарда біреу.
2. Тауратта алғашқы түс бидай баулары, Рабғузида жас шыбықтар болып беріледі.
3. Тауратта Жүсіп түсін есіткен әкесі оны қанша жақсы көрсе де оған ұрсып сөйлеп, айтып тастайды. Тіпті кей сәтте Жүсіп әкесі оның ағаларымен одақтастық пиғылдан көрініп қалатын секілді көрінеді. Мысалы, Жүсіп көрген түсі үшін «Біз, ата-анаң, ағаларың сенің алдыңа келіп тағзым етпекпіз бе?»- деп ұрысқан сәт: Ағалары Жүсіпке қызғанышпен қарады, бірақ әкесі оның айтқанын көңіліне түйіп алды»,- деп беріледі. Далада мал бағып жүрген ағаларына Жүсіпті әкесі өзі жібереді. Яғни, келесі сәтте Жүсіп бастан кешетін қайғылы оқиғаға алдымен әкесі себепкер болады. Ал құраннан бастау алған мұсылман кітаптарында әкесі оны сақтандырады. Көрген түсін ағаларына еш уақытта айтпауын өтінеді.
4. Тауратта Жүсіп көрген ғажайып түс арнайы жорылмайды. Керісінше, реніш туғызады. Бауырлары тарапынан қызғаныш, өштік, әке тарапынан реніш, сөгіс. Рабғузи қиссаларында да Жүсіп көрген түс жорылмайды. Тек әкесі оны сақтандырады. Сол арқылы ғана түс ерекшелігін, ғажайып түс екендігін танытқан. Арнайы жору жоқ. Құранда Алла тағаланың оны ұнататыны, оған түс;жоруын үйрететіні және Жүсіпке Жақып ұрпақтарына бұрынғы - аталары Ыбырайым, Ысхақ (ғ.с.)тарға нығмет бергендей нығмет беретіні ғана айтылады. Ал Шеййад Хамзаның «Жүсіп пен Зылихасында» Жүсіп әкесінен өзі көрген ғажайып түстің жоруын сұрайды:
«...Видел я луну и солнце и одиннадцать звезд,
И все они пали ниц передо мной»
И сказал в ответ Якуб: «Милый, скрой этот сон от всех,
Никому не рассказывай его,
Если о нем кто-либо услышит, то разгневается
Твой странный сон - хороший сон, сынок, Быть тебе султаном.
Когда ты станешь султаном,
Все одиннадцать братьев твоих пойдут к тебе в услужение» (74, 56).
Хамза қиссасында түс жорылады. Бірақ ғажайып түс тек сұлтандық жөнінде ғана болады. Яғни биік мансап, дәулет мәселесі және оған ағаларының қызмет етуі ғана сөз ғана болады. Жүсіп Ғ.С.-ға Алла тағала тарапынан берілетін пайғамбарлық туралы жөнінде сөз болмайды. Жүсіпті ағалары сабап, теперіш көрсетіп жатқанда, ол күледі. Сол сәтте Жүсіп пайғамбар деп атап кетеді:
«Понял Юсуф их намерение,
Понял, что замышляют они убить его
И тут вдруг рассмеялся пророк Юсуф,
Так засмеялся, как никогда в жизни» (74,59). Жүсіпбек қожа қиссасында бұл мәселе шамалы өзгешелеу болады:
Келгенде он бір жасқа Жүсіп нәби,
Жақып саушы қасында ұйықтап еді,
Ғажайып ұйқысында бір түс көріп
Тағбирін атасынан сұрай келді, - Жүсіп ғ.с- ның он бір жаста екендігін және ғажайып түс көргенін, оны атасының жоруын сұрап келуін баяндайды. Сонымен бірге осы арада Құранның Жүсіп сүресінің төртінші аятын арабша береді: Ол «Рас мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды, маған сәжде қылғанын көрдім» деді (72, 235) деген аят еді. Сонан соң барып:
«Әй ата, түсімде толған ай мен бір күн көрдім,
Он бір жұлдыз қасында бірге көрдім.
Он бір жұлдыз ол айға сәжде қылды
Тағбирін сізден ата сұрай келдім, -
деп қазақша жырлайды. Тауратта, Құранда, Рабғузи қиссаларында аспандағы күн мен ай, он бір жұлдыз маған сәжде қылды деп берілсе, мұнда тек он бір жұлдыз ғана айға сәжде қылады. Сонымен бір Жақып Ғ.С.-ның түс жоруы да егжей-тегжейлі жырланады. Ең бастысы мұнда ұлық-мансап, дәулет пен бірге Жүсіпке Алла тағала тарапынан Жүсіпке берілер пайғамбарлыққа ерекше мән берілген. Басты назарға билік пен байлықтан гөрі пайғамбарлық алынған.
«- Әй ұлым, бұ түсіңіз мүбәрәк түс,
Құдайым берер сізге нығмет әугүш
Саған ғиззәт уа рафғат қылұр субхан
һеш кімге бұ түсіңді айпағыл һеш
Күн шығыс, күн батысқа кетер атың
Алланың көрерсің ғинаятын
Ғаламға сенің атың мәшһүр болұр
Көресіз пайғамбарлық рисалатын
Менің айтқан тілімді алғұн, балам
Сұбханыңа хамды сәнә айғыл, балам
Есітсе ағаларың күндер сені
Қорлық көріп жүрерсің нанғыл, балам
Басыңа бақыт, дәулет қонар екен,
Он бір ағаң қызметкер болар екен.
Падишалық, пайғамбарлық бәрі сізге
Құдайым нәсіп қылып келер екен.
Өзге нұсқаларында, ескерткіштерде қысқа баяндалған бұл сәт осылайша Жүсіпбек ақын жырлауында он алты жол өлеңге айналған. Шеййад Хамза қиссасында бұл сәт жеті жол өлеңмен берілген. Нәтижесінде әке түс жоруы, толғанысы толық ашылмай қалған. Ал біз келтірген үзінді де Жүсіп Ғ.С. түс жоруы, шексіз қуанышы сол қуанышпен астасып сүйікті ұлын күншілдіктен, жаулық, қысастықтан өзі қорқып сақтандыруы шынайы, әрі толқулы сезім сәтті берілген. Сонымен бірге бұл - ақынның болған жайды, оқиғаны қазақы әуенде, кең тыныста жырлауы. Өлең жолдарында қазіргі қазақ тіліне сәйкес келе бермейтін сөз қолданыстар, арабша, парсыша сөздер жоқ емес. Ол, біріншіден, ақынның өзіне тән, өзге кітаби ақындарға ортақ шығармашылық дәстүр жемісі. Екіншіден, ақын сусындап өскен жазба тіл ықпалы да аңғарылады. Яғни, ақын шығармашылығында ежелден желі тартып келе жатқан әдеби жазба тіл элементі мен XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тілі түйісіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |