Құранда аты аталатын жиырма бес пайғамбар, Мұхаммед пайғамбардан кейін өмір сүрген төрт халиф және Хазірет Хасан мен Хусейннің соңғы өміріне дейінгі дәуірді тұтастай қамтитын бұл жәдігер өзіндік дәлел-айғақтармен жазылған. Дәлел-айғақ деп отырғанымыз – шығармадағы әрбір пайғамбардың өмірі туралы жазарда немесе белгілі тарихи оқиғаны суреттеуде Рабғұзи кейінгі оқырманның көңілінде күдік не күмән болмасын деген ниетпен әрбір сөзіне Қасиетті Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінен үзік-үзік мысалдар келтіре отырып, тартымды етіп жазып шыққан. Кәтибтің «...раббани ілімдердің ғалымы, дін ілімінің білгір ұстазы» дегені соны меңзесе, сонымен бірге шығарманың құрылымы, сюжеттердің тартымды болуы үшін фольклорлық элементтерді ұтымды пайдалануы, кейбір жерлерде өз ойын өлең сөзбен өрнектеуі, сөз жоқ, Рабғұзидың сөз маржанын тере білген сөз зергері болғанынан хабар береді. Бұл көне мұрада түркише жазылған жыр жолдарын айтпағанның өзінде, бірнеше жерде арабша өлеңдер де жиі кездеседі. Әрі ондағы өлең жолдарының аруздың бірнеше үлгісінде жазылғанына қарап, шығарма авторының реті келгенде шайырлық шеберлікпен айналыспады ма екен деген ой келеді. Өйткені, Рабғұзи – Ислам тарихын жетік білген ғұлама ғана емес, сонымен бірге Хақты аңсаған ғашық пенде. Мысалы: «Дүниені көріп келіңдер деп, бәрін дүниеге жіберді. Келді, дүниені көрді. Біразы сонда қалып, қалғаны қайтып келді. «Басқалар қайда?» деген дауыс келді. Олар: «Дүниені көрді, көңілдері дүниені қалады, сонда қалды», - деді. «Жұмаққа барып, жұмақтың не нәрсе екенін көріңдер», - деген жарлық келді. Барды, жұмақты көрді, олардың көпшілігі сонда қалды. «Басқалар қайда?», - деген жарлық келді. «Тәңірім, олар жұмақты қалады, сонда қалды», - деді.
«Дүниеде қалғандар кәпірлер еді, жұмақта қалғандар мүміндердің сауатсызы еді», - дейді. Жұмақта қалмастан құзыретке келгендері хас құлдар еді. «Дүниеге көңіл қоймадыңдар, жұмақты қаламадыңдар, енді не тілейсіңдер?», - деген жарлық келді. «Тәңірім, бізге дүние қажет емес, ақырет керек емес, бізге Сен керексің», - деді», деген жолдардан Рабғұзидың Жаратушыдан қорқуды емес, қайта Жаратушыға ғашық болу қағидасын ұстанғанын көреміз. Орта ғасырда өмір сүрген шайырлардың басым бөлігі – Хаққа ғашықтар болатын. Сондықтан да олардың туындыларында ғашық пен машұқ бейнесі кеңінен суреттелді. Сол дәуірде дүниеге келген Рабғұзи мұрасында да Хаққа ғашық болу ұстыны басты міндет болғанға ұқсайды.
«Қазақ кітабының шежіресінде» «Қисасу-л-әнбияның» ХХ ғасыр басында баспа бетін көрген «Қисасу-л-әнбия». Ашық қазақ тілінде. «Қисасу-л-әнбия». Мөрәттибі Ахмеджан Жалмұхамедов. Нәшірі кітапшы Исмағил Шамсуддинов. Харитонов мәтбағасы 1325 хижра. 1907 ж. Қазан қаласы, «Қисасу-л-әнбия – Рабғузи». Ред.: Н.И.Ильминский, Жазушы: Насреддин бин Бурһанаддин, университет табиғханасы, Қазан, 1891 секілді үлгілері берілген. Бұлар - таза қазақ тілінде деп берілген үлгілер. Сондықтан бұлардан тыс шағатай, түрки үлгілері де болуы мүмкін. «Қисасу-л-әнбия» материалдары негізінде немесе сабақтасты ықпалымен туындаған мына секілді шығармаларды айтуға болады: «Хазірет Мариям кітабы», «Қисса әнхазірет Расулның миғражға қонақ болғаны», «Харунның жер жұтқан уақиғасы», «Қисса Адам», «Қисса Уһуд», «Қисса хазіреті Юсуф әлейһиссалам илән Зулейханың мәселесі», «Қисса Мұса әлейһиссалам білән Һарун хикаясы», «Үшбу китаб хазірет Зұлхарнайын... қиссасы», «Қисса Бәдір» (14). Діни, әдеби жәдігердің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы кітап болып басылған үлгілер жөнінде ғалым Т.Қыдыр былай түсіндіреді: «Бұлардан басқа ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазандағы Шамсуддин Хусаинов пен Ташкенттегі Хасан Арифджанов баспаханаларында да бірнеше рет жарық көрген. Пайғамбарлар тарихын егжей-тегжейлі талдап берген бұл кітапқа оқырмандар әрқашан қызығушылық танытып отырған. Сондықтан да бұл шығарманың құрастырушысы да, бастырушысы да көп болған. Мысалы, 1907 жылы Қазан шаһарында Исмайыл Шамсуддиновтің баспасында басылған «Қисасул әнбияны» шығарушы Ахмеджан Жалмұхамедов болса, 479 беттен тұратын 1914 жылы Қазандағы Каримовтар баспасында жарық көрген нұсқаны дайындаған Имамолла Салахбан молла Шәріп «Қазақылары» деген азамат.
Осы аталған нұсқалардың ішіндегі ең көнесі әрі толық сақталғаны – Лондон нұсқасы. Ал, Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институтының Ленинград бөлімінде С-245 нөмірмен сақтаулы тұрған нұсқаның алғашқы және соңғы беттері жоғалғандықтан, кейінірек басқа мәтіндер негізінде қайта толықтырылған. Соның өзінде де бір нұсқамен екінші мәтіннің арасындағы айырмашылықтар кездесіп отырады. ХІХ-ХХ ғғ. Қазан және Ташкентте басылған литографиялар мағына жағынан бір-бірінен онша алшақ кете қоймағанымен де, кейбір өлең жолдары мен хикаялардың өзгеріске ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды» (55, 7).
Әлемнің жаратылысынан бастап Хазірет Хусейннің соңғы өміріне дейін тұтастай қамтитын бұл шығарма һижри күн санағы бойынша 709 жылы (1309–1310 жж.) жазылған. Бас-аяғы бір жылда жазылған бұл шығарма, негізінен, пайғамбарлар тарихына арналғанымен де, орта ғасырлық түркі сөз өнері мен фольклорына қатысты мәліметтерді де кеңінен қамтиды.
Аңыз-әңгімелерден құралған «Қисасу-л-әнбия» қиссаларының өзіне дейінгі түрік тілінде шыққан дидактикалық шығармалардан өзіндік ерекшелігі бар: аңыз-әңгімелер жалаң уағыз-өсиетке негізделмеген, әр алуан тақырыпты қамтып, қызықты оқиғалармен өріледі, әр алуан образдар жасалады. А.Қыраубаева Рабғузи қиссаларын мазмұны жағынан былай топтастырады: біріншісі – табиғат, жаратылыстың пайда болуы жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер, екінші - әулие-әнбиелер жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер, аңыз-қиссалар; үшінші – тарихи діни қайраткерлер туралы қисса-хикаялар; төртіншісі – табиғат-жаратылыс жайлы мифтер (15, 162).
Роза Мұқанова аударған нұсқа «Жеті қат көктің сипаты», «Жеті қат жердің сипаты», «Періштелер, жындар және адамдар жайында секілді кейінгі нұсқада жоқ шағын тараушалармен басталады. Бұл тақырыптағы шығармаларда әдетте Мұхаммет Пайғамбар оқиғаларының соңына оның ұрпақтары, әсіресе жастай опат болған Хасан, Хусейін оқиғалары қоса беріліп отырған. Ал мына нұсқа тек Мұхаммет Пайғамбар оқиғаларымен аяқталады. Табиғат, жаратылыстың пайда болуы жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер дүниенің жаратылысы туралы діни тұрғыдан көркем баяндалады. Жаратылыстың пайда болуы, он сегіз мың ғаламда Алла Тағаланың алты күн ішінде жаратуы және Оның бұл әрекеті Мұхаммед Пайғамбардың нұр шарифі үшін жасалуы қызықты әңгімеленеді. Яғни бүкіл Ғаламның жаратылысы Мұхаммед Пайғамбармен, Оның Нұр шарифімен байланыстылығы әрі қызықты, әрі таңқаларлық жайт.
Әшім Әріпбайұлы нұсқасы Алла Тағаланың Мұхаммед Пайғамбардың нұр шарифін құдіретті қолына алуымен басталады. Ол нұр былай сипатталады: күннен жүз есе үлкен, Ғарыш пен Күрсіні, Лаух пен Қаламды жарқыратып тұратын Алланың қазынасы. Алла Тағала бұл нұрдың орнын ауыстыруды қалайды. «Нұр гауһарды кім сақтай алады» деп жар салғызады. «Мен сақтай аламын» деген жауап келе қоймайды. Күндердің күнінде ғайыптан аманатты сақтауды мен лайықтымын деген дауыс келеді. Бұл дауыс Хазіреті Адам Әлейһиссаламның перзенттерінің даусы болып шығады. Сондықтан да Алла Тағала бұл нұрды сақтау Адам перзенттерінің ісі деп шешеді. Осы себептен Адамды жаратуды мақсат етіп қояды. Періштелерге «Мен жер жүзіне халифа жаратамын» деп жариялайды. Осы шағын мифологиялық әңгіме әрі көркем, әрі мәтіндік тұрғыдан мәнді. Себебі мұнда Алла Тағала құдіреті, Әлемнің жаратылысы, Алла Тағаланың сүйікті пендесі Адамның жаратылысы әрі діни, әрі мифологиялық тұрғыда баяндалады.
«Қиссас-ул әнбияның» әр қиссасы дерлік қызықты оқиғамен өріліп, көркем бяндалып отырады. Келесі «Жер бетінен топырақ алу», «Адам Әлейһиссаламның денесіне рух енгізудің оқиғасы», «Хазіреті Адамға Алла Тағаланың есімдер жайлы тағылым бергені немесе оған періштелердің сәжде жасау оқиғасы» атты мифологиялық әңгімелері Адам Атаның топырақтан жаралуын, оның денесіне жанның, рухтың енуі және барша періштелердің құрмет тұтып оған сәжде жасауы сөз болады. Бұл мәтіндер де діни тұрғыдан өте маңызды әрі көркем деуге болады. Себебі әрбір адам баласы үшін бұл түсініктердің қажеттігі дау тудырмайды. Сол сияқты «Әзәзілдің шайтан болу оқиғасы» да тақырыптық тұрғыдан құнды, өйткені діни ұғым-түсінік бойынша, шайтан үнемі адамзат баласына қастандық жасаушы дұшпан ретінде ұғылады. Бұл діни ұғымның жауабы осы шығармада жан-жақты түсіндіріледі. Әзәзіл де - Алла Тағаланың періштелерінің бірі. Бірақ өзге періштелермен бірге Адамға сәжде жасаудан бас тартады, Алла Тағаламен сөз таластырады. Сол себепті де періштелік мәртебесінен айырылып, дию бейнесіне енеді, әзәзілдіктен малғұндыққа өткізіледі. Жәннәттан қуылып, жерге түсіріледі. Керемет киімі шешіп алынып, пәлекеттің лыпасы кигізіледі. Осы айтылған жайлардың барлығы әрбір мұсылман үшін оқылуы, ұғылуы қажет діни пайымдар. Әзәзілдің оттан жаратылуы, Адамның топырақтан жаратылуы сол сияқты тозақтың оттан, жұмақтың топырақтан жаратылуы секілді нәрселердің өзінің мол діни философиялық мәні бар. «Қиссас-ул әнбияның» әр оқиғасы сондайлық дәрежеде қызықты әңгімеленеді және діни-фәлсафалық мәнге ие.
«Рабғузи қиссаларындағы» адамның, дүниенің жаратылуы туралы аңыз- әңгімелерді А. Қыраубаева екі бағытта қарастырады: бірінші ежелгі тайпалардың аңыз-әңгімелерімен байланыста қарастырса, екінші, өте ерте замандарда болуы мүмкін оқиғалардың тұспалдап баяндалуы дейді. Мәселен, ол кейбір «қалыптасқан сюжеттердің» түп негізі, дүниенің жаралуы, жерді топан су қаптауы туралы аңыз және басқалар Вавилон мифологиясынан алынған болуы керек деп, оның негізін ғылымда біршама дәлелденген ертедегі шумерлердің сына жазуынан іздейді. Көпшілікке жақсы танымал «Адам ата мен Хауа ананың жаратылуы» жөніндегі діни аңыздың адам қиялынан туындағанын 3.Коседовскийдің еңбегіне сүйене отырып, ертедегі шумердің мифінде баяндалатын Энки құдайдың қабырғасының ауыруы туралы аңызбен байланысы барлығын анықтайды. Ғалым Д. Смит сына жазбаларынан «Энума Элиш» атты поэманы оқып шығып, ондағы көктің, жердің, дүниенің алты күнде жаралуы, адамды алтыншы күнде жарату, тағы басқаларының қазіргі діни кітаптардағы «қалыптасқан сюжеттерге» сәйкес келетінін байқаған.
«Қиссас-ул әнбияда» адамдардың әр түрлі болуы, адамның денесіне жанның бітуі, Адам атаның ұйқылы-ояу жатқанда сол жақ қабырғасынан Хауа ананың жаратылуы туралы, тағы басқа аңыз-әңгімелер келтіріледі. Осы арқылы зерттеуші ерте дүниедегі адамдардың таным-түсініктерін аңғартады. Ертедегі адамдарды жаратылыстың құпия құбылыстары әрдайым таңдандырып, кейде үрей туғызып отырғанын, олардың табиғаттағы нәрселердің жанды қасиеті бар, сөйлей алады, сезінеді деп түсінгенін, мұның белгілері халықтық шығармалардағы жердің қиналуынан, таудың, тастың, судың сөйлеуінен, түрлі кейіптерге енуінен көруге болатынын пайымдайды зерттеуші.
Ғалым А.Қыраубаева кеңес дәуірінде тәрбиеленіп, ғалым ретінде қалыптасты. Сондықтан да ғылыми еңбектеріндегі кейбір тұжырымдар кеңестік идеология ықпалына кетіңкірейді. Діни тақырыптағы еңбектерді атеистік тұрғыдан бағалау кеңес түріктанушыларының басты қателігінің бірі болатын. Ғалымның сол деңгейден табылып жатуы табиғи жайт.
Дегенмен, «Қиссас-ул әнбиядағы» Адам Ата, Хауа Ана оқиғалары өте қызықты да көркем бейнеленген деуге әбден болады. Шығарманың кейіпкерлері де көркемдік тұрғыдан алғанда, жақсы жабдықталып, толыққанды бейне дәрежесіне жеткізіле суреттелген. Сонымен бірге, шығармадағы оқиғалар желісі де көркем шығармаға тән талаптарға толық жауап береді. Сол секілді шығарма авторы туындыдағы әрбір сөйлем мен сөз тіркестеріне, олардың өз орнында жұмсалуына үлкен мән берген. Осы себепті де діни тақырыптағы шығарма әрі діни, әрі көркем шығарма болып шыққан. Бұдан шығарма авторының жазушылық, ақындық шеберлігінің өте биік деңгейде қалыптасқан шығармашылық тұлға екенін көреміз. Мысалы, «Адам сафи (ғ.с.) қиссасы»: «Ол – топырақтан жаратқан, құдіретпен жан берген, биік көкке көтерген, жұмақ ішіне кірген, Хауадай жұп берілген, Ібілістің арбауына ілінген, жарық жұмақтан қуылған, қараңғы дүниеге енген, «Раббәнә заләмнә әнфусәнә» («Ей, Жаратушымыз, біз өзімізге өзіміз зұлымдық жасадық») деп үш жүз жыл жылаған, «Уә лә тәқрабә һәзиһи әш-шәжәратә» («Және мына ағашқа жолама») жарлығын естіген, «Суммә ижтәбәху раббуһу» («Кейін Жаратушысы оны таңдап алды») тәжін басына қойған, «Инна-ллаһә истәфә Әдәмә» («Расында Алла Адамды таңдап алды») шапанын киген, «Усжуду ли Әдәмә» («Адамға сәжде қылыңдар») құрметімен мейірімге бөленген, «Уә 'әлләмә Әдәмә әл-әсмә-ә кулләһә» («Және үйретті Алла Адамға барша заттардың аттарын») шарабатына ие болған – АДАМ САФИ, ОЛ – ХАЛИФӘИ УӘФИЙ (КӘМІЛ ХАЛИФА)» секілді қара сөзді сөйлемдерінің өзі іштей ұйқасып, жымдасып жататын көркем, өрнекті жолдармен басталады. Осы сөйлемнен Алла Тағаланың Адам Атаны үлкен махаббатпен жаратқанын, әйтсе де оның шайтанның азғыруына еріп, жұмақтан қуылып, түрлі тақсірет тартқан тағдыры аңғарылады. Бұл - әр оқырман үшін берілетін діни дәріс, діни таным мәселесі. Сөйлем құрамындағы әр сөз тіркесінің өз ара ұйқасып, топырақтан жаратқан, құдіретпен жан берген, биік көкке көтерген, жұмақ ішіне кірген, Хауадай жұп берілген, Ібілістің арбауына ілінген, жарық жұмақтан қуылған, қараңғы дүниеге енген, үш жүз жыл жылаған, жарлығын естіген, тәжін басына қойған, шапанын киген, құрметімен мейірімге бөленген, шарабатына ие болған болып келуі де автордың арнайы қара сөздің өзін ұйқаспен беріп отыруын, көркемдік ізденісін көрсетеді.
Шығыс мұсылман әдебиеттануында мұндай прозаларды садж үлгісімен жазылған қара сөз деп атайды. «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» бұл терминге мынадай анықтама берілген: «Садж – ұйқасты қара сөз (арабша мағынасы – ұйқастыру) түрінде келетін әңгіме, хикая; араб, парсы, түркі тілдес халықтардың әдебиетінде ертеден орныққан жанрлық түр».
Ұйқаспен жазылған қара сөзді садж деп атайды. Бірақ садж тек ұйқастан ғана тұрмайды, сонымен бірге ырғақты да болуы керек. Оны ырғақты қара сөз деп атайды. Әдебиеттанушы Қ.Жұмалиев: «Кейбір қара сөздерде де ырғақтың күштілігі аңғарылады, бірақ ол өлеңдегі тәрізді қатал сақталынатын заңдылыққа бағынбайды. Бір жерде ырғақты бұзушылықтан келсе, екінші жерде сақталмайды және ырғақты бұзушылықтан шығармаға кемшілік те келмейді. Егер бір шығарма басынан аяғына шейін ырғаққа құрылса, оны ұйқассыз өлең не ырғаққа негізделген қара сөз дейді», - деп жазған.
Қара сөзді осылайша безендіріп берген автор енді Адам Ата мен Хауа Ана жайын өлеңмен былай жырлайды:
Хақ жаратты таңсық Адамды өзгеше жер көркінен,
Өзге бейне берді солай әлем ішінде қолынан.
Тағын көтеріп періште жұмақ ішіне кіргізіп,
Айналғанда шықпады әсте оның еркінен.
Шықты Хауамен бірге болып, хош нығметке бөленді,
Ішті олар жұмақ шарабын, жеді ет еркімен.
Білді есімдер ілімін, етіп берді белгілі,
Барша тілде сөйлер арабша, парсыша, түркиден.
Өткізді бес жүз жыл онда жұбымен қуанып,
Ішті шәрбәт сусынын, жеді нығмет тәркіден.
Мінді жұмақ пырағын, кезді оның төңірегін,
Киім киді бойына һәм басқа ұрды бөркінен.
Азды Ібіліс айласымен берер еді жалғызын,
Екі бидай жеді, шықты сегіз жұмақ мүлкінен.
Бұл өлең жолдары шығарма авторының тек қара сөз шебері емес, өлең сөзге де майталмен ақын екенін танытады. Үлкен діни білім мен көркем шығармашылық бір бойында тоғысқан қаламгер – Насыраддин Рабғұзи. Ол шығармадағы әр қиссаны баяндағанда, қисса ішіндегі оқиға желісінің түйінді сәттерінде сол оқиғаға қатысты діни ойын Құран аяттарымен бекітіп отырады. Қисса оқиғасынан оқырман алуға тиісті діни ой, таным, өмірлік сабақ осы аяттармен ұқтырылып отырады: «Қалә Расулуллаһи саллаллаһу 'әләйһи уә сәлләм: Мән әрадә ән йәнзура 'әжәибә әд-дуния фәл-йәнзур илә қиссәти Әдәмә 'әләйһи әс-сәлләм» («Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім дүние ғажайыптарын көрмекші болса, Адам (ғ.с.) қиссасына қарасын», – деді»).
Ғалым А.Қыраубаеваның ғылыми мұрасын зерттеген ғалым К.Ә.Әбдір «Қисасу-л-әнбия» шығармаларының талдануындағы ғалымның кейбір көзқарастарын былай түсіндіреді: «А. Қыраубаева - өз заманының перзенті, кеңестік кезеңіндегі идеология мен саясаттың белгілі дәрежеде оның зерттеулеріне, дүниетанымдық көзқарастарына ықпал жасаған. Ол да өз заманындағы өзге ғалымдар тәрізді дүниенің, адамның жаратылуы туралы атеистік көзқарасты ұстанып, аңыз- әңгімелердің ғылыми негізін іздейді. Мәселен, 1966 жылы жарияланған поляктің белгілі ғалымы, жазушысы 3. Коседовскийдің «Библейского сказание». Шахновичтің «Мифы о сотворении Мира» (62), К.С. Ақназаровтың «Ислам діні және оның реакциялық мәні» (63), А. Донинидің «Люди, идолы и боги» (64), С.И. Климовичтің «Ислам» (65) кітаптарына сүйенеді. Бұл еңбектерде археология, астрономия, тарих, этнография, әдебиет, тіл, тағы басқа ғылымдардың соңғы жетістіктері қорытылып, ғалымдар көне кітаптарда, ежелгі аңыздарда айтылатын «қалыптасқан сюжеттердің» кейбірі адамдардың қиялы арқылы туындаған десе, кейбірі ерте заманда болуы мүмкін оқиғаларды тұспалдап баяндайтынын анықтайды. А. Қыраубаева да өз зерттеуінде қазіргі діни кітаптар «құдайдың сөзі, құдай жіберген» дейтін аңыздардың жалғандығын жалаң сөзбен емес, ғылымның бұлтартпайтын қаруымен дәлелдеп отыр деп келетін 3. Косидовскийдің пікірін негізге алады. Бұл, әрине жоғарыда айтқандай, уақыттың, идеологияның белсенді ықпалының көрінісі. Одан айналып өтпедің, басқаша тұжырымға келмедің деп айту, әрине, әділдікке жатпас еді дейміз. Шындап келгенде, атеистік көзқарас идеологияның ықпалымен бойымызға сіңіп қалған еді (66).
Мифтік аңыздардың барлығы бірдей адам қиялынан тумағанын, кейбіреулерінің өте ежелгі заманда болуы мүмкін оқиғаларды тұспалдап баяндайтынын А. Қыраубаева, мәселен, «Рабғузиде» айтылытын «Топан су» аңызымен сабақтастыра айтады. Жер бетін топан су қаптағаны туралы мәліметті Лондондағы Британия музейінің қызметкері, археолог Д. Смит шумерлердің клинопись таңбаларынан оқып анықтаған болса, археолог Л. Вулли Ескі Шумер қорғанын қазу кезінде қатты тасқын су апатының белгісін топырақ қабатының ерекшеліктері арқылы ғылыми дәлелдеп көрсеткен. Ғылымның соңғы жетістіктеріне сүйенген ғалым А. Қыраубаева мынандай қорытындыға келеді: «Рабғузи қиссаларындағы» дүниенің, адамның жаралуы туралы ертедегі адамдардың түсініктерін аңғартатын ежелгі аңыздар біздің заманымызға дейінгі Вавилион мифологиясымен, одан да өзге аңыз- әңгімелермен сабақтасып жатыр дейді зерттеуші. Оның бірі адам қиялынан туса, қайсыбірлері ерте замандағы табиғат құбылыстарынан хабар береді. Сөйтіп «қалыптасқан сюжеттердің» негізін бір туындыдан екінші туындыға ауысуын, сөйтіп әлемдік әдебиетте жаңғырта дамытылуын, оның көрінісі «Рабғузи қиссаларында» да кездесетінін нақтылайды.
Шығарма құрамындағы әрбір қисса оқиғасы діни кітаптарға тән дәлдікпен қатар қызықты оқылуына мән берілген. Біздіңше, шығарманың жазылуындағы негізгі мақсат ислам діні мен оның басты қағидаларын көпшілік қауымға жете таныстыру. Бұлай дейтініміз, автор өмір сүрген кезеңде Ұлы ұлыс Алтын Орданың мемлекеттік діні – ислам болды. Әдетте мемлекеттік дінді жан-жақты насихаттау, ұлыс халқының бойына сіңіру дін қызметкерлерінің басты борышы. Олар өздерінің осы қызметіне өздерінің бай діни білімімен қатар әдеби, көркем шығармашылық қуатын жұмсады. Сондықтан да Рабғұзи жазған әр қисса, оның ішіндегі жеке-дара оқиғалар өзара сәтті қиюласып, көркем өріліп отырады. Адам ата мен Хауа Ананы Ібілістің азғыруы да ұтымды баяндалады. Сол секілді Қабыл мен Әбіл оқиғасы Қабылдың Әбілді өлтіруі, оны шайтанның арнайы көрсетуі, Әбілдің мәйітін қайда жасыратынын білмеген Қабылға шайтанның екі қарғаның бір-бірін өлтіріп, брінің екіншісінің көміп көрсетуі діни фәлсафалық ойларға толы.
А.Қыраубаева «Қиссас-ул әнбиядағы» аңыз-әңгімелердің бір тобы ауыз әдебиеті үлгілері мен өлеңдер сипаты туралы мынандай тұжырым жасайды: жинақтың шығармашылық, тақырыптық-мазмұндық мәні ондағы халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен алынған, не сол үлгімен жазылған, аз да болса реалистік шындық өмір элементтері кездесетін, өмірге жанасымды көркем әңгімелерден көрінеді деп есептейді. Бұл әңгімелерде қастық, достық, адамгершілік, зұлымдық, ізгілік, бірлік, қайырымдылық, қарапайымдылық, мақтансүйгіштік, көрсеқызарлық, махаббат мәселелері сөз болады, кісінің бойындағы жақсы-жаман қасиеті мен іс-әрекеттері неше түрлі қысқа да қызық, тартымды қисса әңгімелермен беріледі. Ал мұндай туындыларда достық қастықты, қарапайымдылық мақтансүйгіштікті, адалдық арсыздықты, әлсіз әлдіні жеңіп, салтанат құрып отырады, бұл әңгімелердің нәр алған қайнар көзі халықтың ақыл-ой мұралары екенін байқауға болатындығына ерекше тоқталады. «Нұқ қиссасында» қарлығаштың адамға достығы, істеген жақсылығы баян етілсе, бұл әңгіме-ертегі халық аузында да түрлі нұсқамен кеңінен таралған. «Қарлығаштың достығы» ертегісі осының көрінісі.
«Қисасу-л-әнбия» авторы Рабғұзи әрбір жаңа қисса оқиғасын бастағанда, сол қисса кейіпкері – Пайғамбардың өмірлік, пайғамбарлық қызметі, дін жолындағы тартқан тақсіреті туралы біршама қарасөз мәтіні беріледі. Сонан соң өлең деп айдар тағып, қарасөзде айтылған ойды арнау өлең етіп жырлайды. Жоғарыда Адам (ғ.с.) қиссасын сөз еткен тұста автордың Адам Атаға арналған арнау- мадақ жырын сөз еткенбіз. Осы құбылыстың әлденеше рет қайталануы шығарманың көркемдік құрылымындағы арнайы жүйе екендігі көрінеді. Мысалы:
Ол – «Инни ләкум нәзирун мубинун» («Әрине, мен сендер үшін анық қорқытушымын (ескертушімін)») деп қауымын үгіттеген, «Фә қулту истәғфиру раббикум иннәһу кәнә ғаффәран» («Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, сөз жоқ, Ол күнәларды кешіруші») деп мінажат қылған, кәпірлер қолында пәк құлдар себебінен «Рабби лә тәзәр 'әлә әл-әрзи мин әл-кәфиринә дәййәран» («Ей, Раббым, жер бетінде бірде-бір кәпірді қалдырма») деп дұға қылған, «Фә әнжәйнәһу уә мән мә'әһу фи әл-фулки» («Кейін Біз оны және онымен бірге болғандарды құтқарып қалдық») шарабаты болған, «Йә, Нуху ихбит бисәләмин миннә» («Ей, Нұх, Біздің тарапымыздан амандықпен түскен») шапанын киген, «Сәләмун 'әлә Нухин фи әл-әләминә» («Нұх қауымы әлемде аман болсын») жарлығын есіткен – НҰХ ПАЙҒАМБАР (ғ.с.).
Өлең:
Күнбатыстан күншығысқа Нұх пайғамбар насихаты,
Елу мыңнан аз жыл еді ол пайғамбарлық кезеңі.
Күндіз-түні өзі жалғыз қайғы-қасырет тартып,
Құлақ аспас кәпірлер ішінде күнде асты бейнеті.
Хаққа «Рабби ләтәзәр» («Раббым, қалдырма») деп жалынып
қылды дұға,
Бұ дұға қабыл болудан қырық жыл еді уақыты.
Дін үшін көп қиналып, таратты Хақ жарлығын,
Бізге өкініш еңбек ішінде қалмады еш төзімі.
«Уәснә' әл-фулкә» («Кеме жаса») әмірімен жасады үш
қабатты бір кеме,
Оны мінді халыққа жеткенде топан судың айбаты.
Жауды жаңбыр, соқты жел, астан-кестен алты ай,
Көрсе осылай бұдан артық Жаратушымыздың құдіреті.
Өзі қалды, үш ұл һәм үш келін жетегі,
Барша өлді, сап тиылды күпір, жамандық, зұлматы.
Осы секілді шығарманың өн бойында кезекті қисса тақырыбына сай, айтылған оқиғаға дәлел ретінде берілетін «Хабарда былай келеді», «Хикаяда былай келеді», «Хикая қылады», «Риуаятта», «Тағы бір риуаятта», «Оның мағынасы мынау», «Муфәссирлер айтады», «Хикмет» секілді тұрақты қайталанып беріліп отыратын шығарманың композициялық құрылымына арнайы ендірілген, әрқайсысының өзіне тән көркемдік қызметі бар құрылымдық бірліктерден тұрады. Мысалы, «Нұх пайғамбар (ғ.с.)» қиссасында өзіне еріп мұсылман болған момындарды, жан-жануарларды, аң-құстарды топан судан аман сақтау үшін үш қабатты кеме жасаған сәтін, үздіксіз жауған жауын, топан су оқиғасын осылайша қайталап, нықтап айтып отырады. Бұл сонымен бірге сол болған оқиғаның Құранда берілген үлгілерін қайталап беріп отыруы секілді. Сондықтан кейде Құраннан арабша үзінді беріп отырады. «Хабарда былай келеді»
: Нұхқа пайғамбарлық келгенде (ол) жүз жаста еді. Тоғыз жүз елу жыл (Алла дінін) насихаттады. Тағы бір риуаятта төрт жүз жаста еді делінеді. Топан судан кейін үш жүз елу жыл жасады. Бәрі (бәрін қосқанда) мың жеті жүз жыл. Қырық тәулік жаңбыр жауды дейді. Әрбір тамшысы диірмен тасындай еді. Дүниеде қандай биік тау болса, соның басына қырық қари су жиналды. Кемедегі сексен адамнан басқа дүниеде ешкім тірі қалмады, бәрі қайтыс болды».
Сол секілді Ібілістің шайтан болуы жөнінде «Муфәссирлер айтады» деп осы оқиға жөнінде айтылған тәпсиршілердің пікірлерін береді: «Ол сормаңдай, Алла құзыретінде қулық қылды, қияметке дейін өмір сұрады. Өлілер тірілгенге дейін өмір сүрсем, маған кейін өлім келмейді деген оның мақсаты еді. Алла Тағала оның сырын біліп қойып: «Фәиннәкә мин әл-мунзәринә илә уәйми әл-уәқти әл-мә'луми» («Әрине, сен белгілі мерзімге дейін уақыт берілгендерденсің»). «Біз саған белгілі күнге дейін өмір бердік, (алайда) сен қалаған уақытқа дейін бермедім», – деді.
Достарыңызбен бөлісу: |