«Хикаят Сәлімжан» және оның тақырыптық, композициялық ерекшеліктері
«Хикаят Сәлімжан» қиссасы – Жүсіпбек Шайхысламұлының нәзиралық дәстүр аясында қайта жырлаған шығармаларының бірі. Туынды ХХ ғасыр басында Қазан баспаларында үш дүркін кітап болып басылып шыққан. Бұл жайында «Бабалар сөзінің» бесінші томында мынадай мәліметтер берілген: Чиркова баспаханасында 1896 жылы, Университет баспаханасында 1908 жылы, Домбровский баспаханасында 1916 жылы жарық көрген. Кітапты баспаға дайындаған – Жүсіпбек Шайхысламұлы. [84, 295].
Туындыны автор «хикаят» атағанымен шығарма мәтіні ішінде үнемі «қисса» деп қолданып отырады. Бұдан ХІХ ғасыр басында айрықша дамыған кітаби әдебиет – дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері «қисса», «хикая» немесе «хикаят» сөздеріне қатты мән беріп, арнайы жанр ретінде арасына жік қойып қолданбағаны, бәрін бір танығаны, нақтырақ айтқанда «қисса» сөзінің баламалары ретінде пайдаланғаны аңғарылады. Кітаби нәзиралық әдебиеттің басты жанрының атауы ретінде «қисса» сөзіне тоқтап отыруымыз, кітаби ақындар «қисса» сөзін басым қолданыста ұстағанынан деуімізге әбден болады. Тіпті олар қазақ халық ауыз әдебиетінің фольклорлық үлгілерінің де көпшілігін «қисса» атағаны қазақ әдебиетінің тарихынан мәлім. Ғалым Ә.Қоңыратбаев бұл құбылысты жазба әдебиет туындысы деп танығаны белгілі. Сол сияқты кітаби, нәзирашыл ақын Жүсіпбек те туындысын «қисса» деп беріп отырады. Алғашқы шумақ, төрт жол өлеңінің өзі ақын аузынан былайша жырланады:
Жазайын қалам алып қисса сөзді,
Жазған жан ғаріп тілмен жаһан кезді
Жазайын қисса қылып Сәлімжанды,
Құдайым есен қылса енді бізді. (84, 38-б)
Осы бір шумақ өлең жолдарының өзінен ақынның өз туындысын «қисса» деп танып отырғаны көрінеді. Сол секілді ақынның нәзиралық шығармасына алғысөз ретінде жазған өлең жолдарынан кітаби ақынның шығармашылық үдерісі мен ерекшелігі қатар танылып жатады. Оның:
Өлеңге жазып едім талай істі,
Нәсір сөз қисса екен, көзім түсті, -
деген өлең жолдарынан ақынның бұған дейін талай шығармаларды негізге алып тың туынды жасаған нәзирашыл ақын екені көрінеді. Ақынның шығарма соңында соңғы сөз ретінде айтылған пікірлері де оның көптеген нәзиралық шығармалар жазған ақындығын танытады.
Пенденің Қадір Алла білер халін,
Жазумен ада қылмас сөздің бәрін.
Тәңірі берген жел сөзім таусылмайды,
Байлайын бұл арада мұхтасарын
Аяғын тамам қылдым бұл қиссаның,
Тоғыз қисса шығардым өз қисабым,-
деп өзінің шабыты келіскен, бабы піскен ақын екенін, «Хикаят Сәлімжанды» жазу сәтінде тоғыз қисса авторы екенін көрсетеді. Сондай-ақ «Нәсір сөз қисса...» екен деп отырғаны ақынның Сәлімжан оқиғасын арқау еткен түп туындының қарасөзді шығарма екенін, жалпы қисса араб әлемінде қарасөзді жанр екенін танытады. Қазақта қисса өлең сөзді немесе қарасөзбен аралас келіп отыратын, негізінен поэзиялық жанрға айналған.
Жүсіпбек ақынның:
Сәлімжанның қиссасын оқып едім,
Әні жоқ құр сөз екен, ішім пысты,
Немесе:
Табылар өлең деген қалам алсаң,
Қисса сөз шырын болар өлең қылсам,
Өлеңге аударайын Сәлімжанды,
Жамағат, бір азырақ құлақ салсаң, -
деген өлең жолдары қазақ халқына қарасөзден гөрі өлең сөздің етене жақын немесе қымбат екенін айғақтайды. Сонымен бірге өлең сөзбен өрілген қисса сөзі қазақ ішінде ыстық ықыласпен қабылданатынан да хабардар етеді. Бұл қазақ халқының поэзияға жақындық ерекшелігін танытатын мәселе.
«Хикаят Сәлімжан» қиссасы «Бабалар сөзі» аталатын жүз томдықтың бесінші томына енген. Мың үш жүз жетпіс сегіз жолдық туынды. Томдықтың отыз тоғызыншы және сексен екінші беттерін қамтиды. Қисса сарыны оқиғаларының жырлану ерекшелігі «Мың бір түн» ертегілеріне тән. Шығармашылық тақырыбы мен табиғаты осыны аңдатады. Шығарманың негізгі тақырыбы – опасыз әйел мен адал жар мәселесі. Бұл тақырып батыс шығыс демей-ақ күллі адамзат баласына ортақ, сөз өнерінің ежелден өріліп келе жатқан өзекті мәселесі еді. Әсіресе шығыс әлемінің «Мың бір түн», «Тотынама», «Кәлилә мен Димнә», «Қырық күң» секілді теңдесі жоқ классикалық туындылар топтамаларында бұл тақырып айрықша қозғалады. Мысалы, «Тотынама» сюжеттік желісі күйеуі алыс сапарға аттанғанда бойын нәпсі құштарлығы жеңіп аласұрған опасыз жарға әлденеше түндерге созылған Тоты әңгімелерін негіз еткен. Бұл - шығарманың өзіндік көркемдік, композициялық құрылымы.
Ал «Мың бір түн» ертегілерінің тақырыптық ауқымы өте кең. Негізінен Шығыс әлемінің ескі қалалық тұрмысы сөз болады. Сол тұрмыстағы әйел орны. Жақсы әйел немес керісінше негізгі кейіпкерлерге опасыз, зұлым, айлакер әйелдер тарапынан жасалған түрлі қаскөйліктер көп сөз болады. Жалпы «Мың бір түн» атты туындының дүниеге келуіне де әйел опасыздығы себеп болады. Яғни «Мың бір түн» алғашқы беттерінен-ақ осы тақырып бастау алады. «Ұлы патшаның екі ұлы» әңгімесінде азуын айға білеген дегендей өздерін әлем әміршісі сезінетін патшалардың өзінің әйелдерінің опасыздығы қаншама сол секілді әңгімелердің тууына, әңгімеленуіне себепші болады. Өзінің асқан білімпаздығымен, шебер әңгімешілдігімен Шаһризада патшаға әйелдердің түрлі опасыздығы мен мекерлігін әңгілеумен қатар, қаншама адал әйелдер туралы сөз етеді. Ол осы әрекетімен патшаның әйелдерге арналған қатал шешімін, төгіліп жатқан әйел қанын тоқтатады. Мұнда «Ұлы патшаның екі ұлымен» қатар «Киік жетектеген кісінің әңгімесі», «Қашыр мінген кісінің әңгімесі», «Шала тас жігіттің әңгімесі», «Бір сандыққа бес кісі салған әйел», «Қатын тескен ін» секілді көптеген әңгімелерге әйел мекерлігі мен зұлымдығы арқау болған. Сол секілді «Хикаят Сәлімжан» қиссасында басты кейіпкер алдымен әйел мекерлігі мен жар опсыздығынан тақсірет тартады. Соңынан адал жар тапқан кейіпкер бақытты тұрмыс кешеді. Шығарма тақырыбы жөнінде кітаби ақын Жүсіпбек:
Назым қылып жіберейін жұртқа жайып,
Адамға үлкен дұшпан жаман зайып.
Бұзылған әйелдерге ғибрат болсын,
Жарандар бұ сөзіме қылман айып...
Немесе:
Бұзық қатын істері қандай екен,
Бұ сөзді естіген жан, ғибрат алғын,-
деп алдын-ала оқырманды әйел опасыздығы тақырыбына дайындап алады.
Ғират қаласының атақты байы Сүлеймен деген кісінің Сәлімжан атты жалғыз ұлы болады. Сүлеймен әрі өте бай, әрі ақылды, данышпан кісі болады. Сондықтан да ғаріп, қасірге де бек рақымды кісі еді деп суреттеледі. Оның Ғират қаласында да онан өзге оншақты қалада үлкен сарайлары болады. Сүлеймен байлығы қазақы, далалық үлгідегі байлық емес. Керісінше шәрілік жердің, отырықшы халықтың байлық үлгісі, өмір салты болып суреттеледі. Бұл да қиссаның мәтіндік материалының тікелей мұсылмандық шығыспен байланысты туған ерекшелігін танытады. Бірақ нәзирашыл ақын Жүсіпбектің қалалық өмір салтын суреттей отыра қазақы тұрмыс пен ұғымды да ендіре жырлайтын сәттері мол. Мысалы «Сүлеймен мал мен басқа көңілі толды», «Қыз айттырмақ болды да баласына», «Өзіндей бір байға кеп құда түсті», «Қалың малға мың тіллә пұл берісті», «Сәлімжанды күйеу қып жіберісті», «Сәлімжан қайнында төрт күн жатты» секілді сөз қолданыстар қазақ тұрмыс салтына сай қолданылған. Осындай стильдік ерекшеліктердің болуы шығармаға далалық, қазақы сипат үстеген. Сонымен қатар шәрілік тұрмысқа тән «... мың тіллә пұл берісті»,- деп келуі таза қалалық өмір салтын, шығыс ақшасын көрсету арқылы танытады. Сол секілді «Сүлеймен атты бір бай болған екен, Қайратты екен шаһарда бек саудагер», «Ішіне сарай салған он қаланың», «Сөзімді махкам тыңдап тұр, келінім», «Сүлеймен ахиретке қадам басты», «Көп малды молдаларға инғам қылды», «Жаназалап атасын дәмін қылды», «Үйін, түзін һәммасын бітірген соң», «Талақшыға тағы бар,- дейді қатын, Жалынсаң салар,-дейді мархабатын», «Және достық шапағат қыл?- депті» секілді сөз қолданыстар шығарма оқиғасының композисияның құрылымы мен сюжеттік желісі бойынша шығыстық шәрілердің бірінде өткенін айғақтай түседі.
Жүсіпбек Шайқисламұлының «Хикаят Сәлімжан» атты туындысы діни емес дүниауи тақырыпқа арналған. Адам өміріндегі оның жары, оның жақсы не жаман болуы ер-азамат өміріне оң не теріс ықпал етуін суреттеуге арнаған.
Шығарма кіріспесі жиырма алты жол өлеңнен тұрады. Шығарма оқиғасы қара сөзбен баяндалғаны, қара сөзден гөрі өлеңге қазақ халқының да, автордың да жақындығы баяндалған. Осыдан соң барып автор негізгі оқиғаны жырлауға көшеді. Шығарманың сюжеттік желісі Сүлеймен деген өте бай болуы және оның өте парасатты, ғаріп қасірге рахымы молдығын айтумен басталады. Байдың Сәлімжан есімді жалғыз ұлы болады, оқиға оның ұлын үйлендіру ниетінен бастау алады. Өзі секілді бай кісілермен құда болып, қыз қалыңына мың тіллә береді. Сәлімжан қайынында төрт күн жатады. Бесінші күн үйіне қайтып отырады. Осы оқиға шығармада бір қалыпта үш қайталанады. Себебі бай қайындап қайтқан ұлынан:
Аман ба, алған қызың жаман ба деп?
Сүлеймен жауап сұрды баласынан,-
деп келетін сұрағына бір қалыптағы «жаман» деген жауап алады. Ол үш ретте де:
- Олай болса мұны да таста,-
Он қызғаша келеді менің шамам,-
деп мың тіллә қолың беріп, қайтадан құда түсіп отырады. Бұл қазақ ұғымындағы пәк қызға үйлену «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген оймен астасып, сабақтасып жатыр. Бұл сәттер шығармада қайталанып суреттеліп, өзінше композициялық ерекшелік болып беріледі. Сонымен бірге шығарма көтеріп отырған тақырыппен, шығарма мазмұнымен идеялық ұстанымға айналады, кірігеді. Сондықтан да әке аузына мына секілді сөздерді қайталап салып отырады:
Атасы айтты: - Мұны да алма, балам,
Залымды алып бәлеге қалма, балам.
Елден тауып жақсы қыз әперемін,
Малымды аман қылса Алла тағалам.
Мұның алдында екі рет әкесінің айтқанынан шықпай дегенін орындаған, талақ хат жазып, ол қыздарға үйленуден бас тартқан Сәлімжан үшінше ретінде қатты қиналады. Қызды ұнатып қалған тәрізді. «Әй, ата, бұл қызды мен тастамаймын, Бір іске бастаған-ды құдай бізді»,-деп қызды қимайтындығын білдіреді. Әкесіне қатты өтініш етеді.
Әй, ата, бір тәуекел қылалық біз,
Осымен не де болса тұралық біз.
Құда нәсіп қылмаса пәк қыз маған,
Енді басты қай жаққа ұралық біз,-
деп осы қызға үйлену керек деген шешімге келудің қажеттігін ұғындырады.
Құданың бергеніне разыман,
«Таста» деген сөзіңе наразымын.
Енді мұны «таста» деп қинамаңыз...
Келіншегі өзіне де ата-анасына да, өзге жұртқа да ұнамды болып шығады. Мұны автор «Ата-анаға бек жақсы қызмет қылды», «Келіннің бек әдепті болды өзі», «Сүйікті болды жұртқа һәр мінезі», «Сүлеймен бұ келінді, бек ұнатты», «Жібектей талдап қойған айтқан сөзді» секілді сөздермен береді. Бұл сөздерден әйел залымдығы, мекерлігі тым тереңде жатады деп қорытқан автор пікірі аңғарылатындай көрінеді. Екінші жағынан щығарманың тақырыптық нысаны да алдымен мекер әйелді, соң жақсы әйелді суреттеу ғой.
Арада біршама уақыт өтеді. Сүлейменнің қатыны да өзі де дүниеден өтеді. Сүлеймен дүниеден өтерде ұлым пысық емес бос, сондықтан өсиетімді келініме айтып кетейін деп қорытады. Демек Сәлімжанның әйеліне екі рет жақсылық жасалады, сенім білдіріледі.
-Әй, келінім, біздерге жетті ажал,
Өсиет сөз айтамын құп ұғып ал...
Ақылым ұғлыма айтсам ұқпас деймін,
Сөзімді махкам тыңдап тұр келінім...
Мынау балам малына еге болмас
Кедей болмас өлем деп ойына алмас,-
деп Сүлеймен жалғыз ұлын алдымен Аллаға, сонан соң келініне тапсырады. Бақшаның астына орналастырған мол қазынасы бар екенін айта келіп:
Сәлімжанға көрсетпей өзің баққыл,
Жүз жыл жатып жесең де ада болмас,-
деп келініне бар істі, мол қазынаны тапсырады.
Бақшаның күншығыс жақ пұшпағында,
Жалғыз тас белгісі бар қақпағында
Осы күнде бар дағы белгілеп кел,
Мына кілтіні қолыңа ұстағын да,-
секілді жолдардан шығыстың қала халқының дүние малға, ақша-пұлға көзқарасын, қалалық ұқыпты психологиялық қалпын танытады. Өлім халінде келінімен бақұлдасып жатқан Сүлейменнің бар уайымы жалғыз ұл және оның аңғал мінезі
Ұғылым білсе, ойлаймын сарып қылұр деп,
Көрінген адамдарды қарық қылұр деп.
Ақылың кем болса да есіңіз бар,
Ойлаймын һәр нәрсені парық қылұр деп,-
бітім-болмысы толық аңғарылып тұр. Сондықтан шарасыз әке «Шашы ұзын, ақылы қысқа болса» да әдебі мен мінезіне, пысықтығына сеніп, келініне өсиет айтып бахилық сапарға аттанады.
Шығарманың композициялық құрылымы тақырыпқа барлау жасаған алғысөз бен автордың шығарма оқиғасы мен идеялық қазығынан қорытқан түйінді ойлары берілген соңғы сөзден өзге бірнеше басты-басты оқиғаларды арқау еткен сюжеттік желісі бар. Бірақ алғысөз, соңғысөз немесе оқиғалар арасы арнайы жіктелмей, тарауларға бөлінбей тұтас, жалпы жырланған. Мың үш жүз жетпіс сегіз өлең жолынан тұрады.
Сүлеймен қайтыс болған соң Сәлімжан алдымен «Атама разы Алла қыламын » деп есепсіз көп малды шашады. Оның бұл әрекеті «Сәлімжан бес жүз молда жиып алды», «Көп малды молдаларға инғам қылды» секілді жолдармен беріледі. Әкесін жақсылап шығарып салған соң мәнсіз, мағынасыз мал шашуға кіріскені айтылады. «Сәлімжан ақымақ мырза» деп атанды», «Өзіне дұрыс достар бек көбейді», «Мазақтап һәркім күнде пұл сұрайды», «Мейлі мың, мейлі бес жүз сұраса да Қажет деп сұрағанын қайырмайды» секілді жолдармен автор Сәлімжанның әкесі уайымдағандай дәрежеден табылғанын көрсетеді.
Оның үстіне күні-түні арақ ішу, құмар ойнау секілді жаман әдеттерге де бой ұрады. Солайша әке малын, мүлкін түгел тауысады. Сүлеймен байдың жалғыз ұлы, «мырза» Сәлімжанның сол сәттегі халі былайша суреттеледі:
Сатарға пұлы түгіл, бұйым да жоқ,
Үстіне киетұғын киім де жоқ
Жағарға от, татарға дәм таба алмай,
Аш жатты үш күн, үш түн дүние боқ.
Осылайша жоқшылыққа, аштыққа ұшыраған Сәлімжанның ойына өзі кезінде мың-мыңдап ақша берген «достары» түседі. Қайсысына барса да «Кесапатың тиеді» деп, не ұстатпай, сөйлеспей қашып кетеді, не «Атаңнан қалған сансыз малға еге болмадың» деп тілдеп қуып шығады. Тіпті кейбірі оған қол да жұмсайды,- деп береді ақын. Шығарманың бұл сәттерінен қала өмірінің тығыз да қатал тұрмысы аңғарылады. Әлбетте, шығарма оқиғасы қалалық жерде өткеннен кейін қалалық табиғатта сипатталады, оқиға өрілімі мен кейіпкер мінезі де сол ыңғайда көркемделуі түсінікті жайт.
Ешкімнен ақша ала алмаған Сәлімжан әйелі екеуі тағы да үш күн аш жатады. Сонан соң барып қатыны фалақшы Сираф ұғылы деген дүкенші барлығын, оның мүсәпірлерді ренжітпейтін мырза кісі екенін сол кісіге баруын ұсынады. Сәлімжан дүкеншіге бар жағдайын баян етеді. Фалақшы Сираф ұғылы оған алдымен бес тіллә береді. Осы ақшаны таусылғанша епсіз, болбыр Сәлімжан ауқат қылып жата береді. Ақша таусылып тағы үш күн отырады. Қатыны тағы да Сираф ұғылына баруды ұйғарады. Ол енді он тіллә береді. Оны ішіп-жеп онан соң бес күн аш отырады. Осылайша ұқсас оқиғалар қайталанып баяндала береді. Әр барған сайын Сираф ұғылы беретін тіллә санын көтереді. Шын жомарт, мырза екенін танытады.
Сәлімжанның алғашқы әйелімен арақатынасын және Сираф ұғылы арасындағы болған оқиғаларды баяндауға көп көңіл бөлінген. Оқиға екі жүз жиырмасыншы, бес жүз жетпісінші жолдар аралығын қамтиды. Демек шығарма іштей жіктелген негізгі үш-төрт оқиғадан тұрады. Ол да іштей екіге жіктеліп отыр деуге болады. Алғашқы жартысы опасыз жар тақырыбын, оның түрлі сұмдық, зұлым мекер іс-әрекеттерін жырлауға арналған. Екінші жартысы басты кейіпкер аңқау да аңғал, ақкөңіл Сәлімжанның түптеп келгенде бақытты тұрмысқа қол жеткізуі. Ол оның екінші рет үйленген адал жарының арқасында болады. Яғни жырдың екінші жартысы адал жар, адал жұп жөнінде болады.
Сәлімжан мен фалақшы Сираф ұғылы арасындағы оқиға одан әрі дами түседі. Қызықты оқиғалы болып өріле түседі. Сәлімжан оған соңғы барғанында оның берген қайыр сахауаты қырық тілләға жетеді. Бұл заманында үлкен ақша ақша болғаны шығарма мәтінінен аңғарылады. Осы жолы Сәлімжанның қатыны күйеуіне: «Әй, мырза тыңла сөзім, Бұ жомарт Сираф ұғылы көрді көзің. Ол бізге көп достық қылды. Болмайды һеш адамда ондай қылық. Шақырып қонақ қылғын оның өзін»,- деп оны мейман етіп күтуді ұсынады. Сәлімжан да оның сөзін дұрыс көреді. Қонаққа шақырады. Мақұл, кешке барайын. Дүкенімді жапқан соң, дегенді айтады. Бұл сөзге Сәлімжан қатты қуанып үйіне қайтады. Кешке мейман келген соң қатыны Сәлімжанға қонақ бөлменің есігін ашып қой, тағам алып кіргенге оңай болсын дегенді айтады. Ол мұнысы несі екен деп ой ойлап қойды деп береді, мұнда тағы да шәрілік салт көрініс тауып отыр. Себебі мұсылман елдерінің көбінде мейманды ері күтіп, әйелі ас үйде жүре береді. Шығарма оқиғасы Ғират қаласында өтеді. Сәлімжан әйелінің бұл сөзімен қылығына күдік келтіреді. Ас келіп Сәлімжан мейманымен ас ішіп отырғанда әйелі: - Жеміс терсең қонаққа болмас па екен, бақшаға бар қолыңа сауыт алып, Жаңа піскен жемістер келгін алып, Жемістерден достымыз татып кетсін. Дастарханмен алдына қойғын салып»,-деп оны баққа жұмсайды. Ол әйел сөзіне тағы да күдіктенеді. Бөлменің есігін толық жаппай ашыңқырап кетіп, сырттан қарап тұрады. Десе дегендей-ақ әйелі осы сәтті пайдаланып, мейманды жүгіріп барып құшақтап бетінен сүйеді. Сәлімжан ештене көрмеген, сезбеген кісі болып, екі сауыт (ыдыс) жеміс алып келеді. Бұған дейін әйел мен мейман көп нәрсеге келісіп қояды. Мейман екі сауыт арақ шығарып, бірге ішуді ұсынады.
- Сәлімжан, көп болды сіз ішпегелі,
Бұ нәрсе саған таңсық болды әлі.
Сыйлау қылып мен сізге ап келдім, - деп,
Стаканға толтырып құйды оны, -
деп суреттеледі бұл сәт. Ішімдік сөз болғанда, соған қатысты «стакан» сөзін қолданады. Әйелі мен мейман арасында әлдеқандай байланыстың бұған белгісіз бір сырдың барын сезген Сәлімжан сұранып сыртқа шығып, айла қылады. Оның айласы ақын тарапынан былай беріледі:
Сақтанып бұл арада хайла қыпты,
Алқымына бір месті байбап алып...
Сәлімжанға мейманы береді арақ,
Меске құйып береді теріс қарап.
Бұл жолдар қазақы суреттелген, «мес» сөзі қолданылған. Шығарманың сөздік қоры жөнінде мына мәселелерді ерекше атап айтуға болады. Бірінші, шығарма оқиғасы, тақырыбы мұсылмандық шығыс өмірі болуы себепті араб, парсы сөздері көп қолданылған. Екі ыдыстағы арақ таусылған соң Сәлімжан мас болған кісідей құлай кетеді. Қатыны келіп қозғап көреді. Ол өлген кісідей сұлап жатады. Сираф ұғылы Сәлімжанның екі ыдыстағы арақты тауысқанынан тіпті өліп қалуы да мүмкін екенін айтады. Осы сөздерден соң Сәлімжанның қатыны атып тұрып, мейманын құшақтай береді. Олар не істесе де көріп, не айтса да естіп, Сәлімжан тырп етпей жата береді. Соңында қатын фалақшыға өзінің жас күнінде бірінші жолыққан еркегі болғанын айта келіп, мен мынадан айырылысамын, мені ал,- дейді. Және өзіне үйленсе фалақашының мол қазыналы болатынын да айтады. Әйел еркекті ертіп, қолдарына шам ұстап бақтың түп жағына барады. Әйел бүкіл қазынаны көрсетеді. Сәлімжан да оларға ілесіп, қазына сырына қанығады. Қолдарына шам ұстап жүруі себепті қараңғыда ілескен Сәлімжанды олар көрмейді. Шығыс тақырыпты шығармаларға тән дәстүрлік ерекшелікке сай Сәлімжан әкесінің қазынасы «Алтын тас кеспек-кеспек толған алтын, Алтын, күміс, гауһар тас, зүмруд, жақұт, дүр, маржан, лағыл тас, меруерт, ақық» деп сипатталады. Сәлімжан үйге олардан ерте қайтып, орнына келіп жата береді. Олар қайтқан соң әйел қайын атасының тапсырып кеткен қазына сырын сөйлейді. Екеуі қосылмаққа сөз байласады. Сәлімжаннан құтылудың жоспарын жасайды. «Өлмей әгар осыннан тұрса ерім, саттыраман бұ тұрған қара, жерім, Сонан соң тіптен оңай айрыларым»,- дей келіп:
Бұ үйді не де болса сіз алыңыз,
Үй-жай сізге болсын бар малымыз.
Онан соң мен тұрмаймын оның бірлән,
Ашылар сіздің бірлән мұратымыз,-деп уағда қылысады. Мекер қатын фалақшы Сираф ұғылы мұнан соң түрлі іс -әрекетке барады. Сәлімжан бәрін біліп жатады. Сыр білдірмейді. Өтірік қатты мас болған болып ертеңгі намаздігерге дейін жатады. Сонан соң ғана «Қатты ұйықтап қалыппын-ау» деп оянған болады. Қатыны оны қатты кінәлап, сөгеді. Арада біршама уақыт өтеді. Әйелі ойға алғанын орындауға кіріседі. Сәлімжанға үйді сатуды ұсынады. Мың тілләға сатсақ, бес жүзіне қора-жай, қалған бес жүзіне дүкен сатып алалық дейді. Сәлімжан да бұл кеңесті мақұл көрген болып, қалаға жар салдырады. Уағдалы уақытында қала халқы жиылып қора-жай саудаға түседі. Жүз тілләдан басталған баға өрлеп, тоғыз жүзге барып тоқтайды. Фалақшы Сираф ұғылы мың тіллә беріп, қора-жайға еге болады. Мың тілләні хаттап алған Сәлімжан жаңа қожайыннан екі ай мұрсат сұрайды. Сираф ұғылы:
-Екі ай түгіл, бір жыл тұр маған десең,
Өкпелеңіз, үйімді бергін десем
Досым үйі өзіме болсын дедім,
Өзіңнің ықтиярың қашан берсең,-
деп қайтып кетеді. Сәлімжан қатыны екеуі бұл үйде тағы бір аптадай уақыт тұрады. Сонан соң әйелі жанжал шығарады. Ата малын түгел тауыстың. Үй-жайды мың тілләға саттық, маған бір тіллә да тимеді. Бұны да көп болса бес күнде тамам қыларсың. Енді сенімен бір сағатта тұра алмаймын. Мені айырып, еркіме жіберіңіз дегенді айтады. Бұл өтірік жалынғансып біраз сөздер айтады. Онысына қатыны көне қоймаған соң:
Зорлап ұстап тұрмаймын кетем десең,
Басқа жерде мұратқа жетем десең.
Тілеген жеріңе бар, рұқсат бердім,
Кете бер бір мың тіллә тауып берсең,-
деп одан айрылысу үшін ақша талап етеді. Қатыны Сираф ұғылына хат жазып кісі жібереді. Мың тіллә сұратады. Хатты оқып көрген Сираф ұғылы келісім бойынша оған ақша беріп жібереді. Бір мың тілләні Сәлімжанның қолына салған қатын тез айрылысуды талап етеді. Ол имам шақырып қатынды «Халұғ хатын» қолына жазып беріп қоя береді. Осымен Сәлімжан қатыны және Сираф ұғылы арасындағы оқиға аяқталады. Тек қиссаның алғашқы жартысы аяқталған соң, Сәлімжанның бақытты тұрмысын суреттеп болғаннан кейін ғана «Қатын мен Сираф ұғылының жайын айтайын» деп әңгімешілдік стильмен басталатын он шумақтан тұратын өлең жолдарымен олардың ауыр халін суреттейді. Харам пейіл, қара көңіл, лас пиғыл адамды түрлі жаманшылыққа ұрындырады деген ой айтады ақын. Жаман қатын, мекер зайып өзінің момын жұбайына қанша қысастық істесе де, «Момынның түбі - дарақ» немесе «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендей «момынға қастық қылған екі залым» қаңғырып кетті, түбі адалдық, ақтық жеңіске жетті деген ой айтады.
Шығарманың композициялық құрылымы негізгі екі сюжеттік желіден тұрады. Оның әрқайсысы негізгі ойы, идеясы бар дербес тақырыптан, тақырыпқа орай құрылған сюжеттік желі іштей жіктелген бірнеше оқиғалардан тұрады. Шығарманың алғашқы жартысы – мекер әйел, залым жұбай мәселесі. Ал, екінші жартысы - жігіттің, ер-азаматтың бағына жолығатын адал жар, таза жұбай мәселесі. Содан туындайтын бақытты тұрмыс. Шығарманың алғашқы жартысы Сәлімжанның сатылып кеткен үй-жайында жеке қалуымен, ойлап-ойлап марқұм әкесі Сүлеймен байдың Сахауаддин атты досына барайын, жай-күйімді айтайын деген оймен жалғасады. Сәлімжан Сахауаддин байдың көмегімен оның сарайына бүкіл қазынасымен көшіп алады. Содан кейін:
Сахауаддин айтады: - Жаным балам,
Сенде жоқ халал жұфұт, ата-атаң.
Менің де ұғылым жоқ жалғыз қыз бар,
Саған ата, маған ұғыл керек, балам.
Маған сіз бала болғын, Сәлімжаным,
Достымның жалғыз ұғылы тәнде жаным.
Жалғыз қызымды ал дағы бала болғын,
Мен өлсем, сіздердікі - жиған малым,- деп
Сәлімжанның әке досының қызына үйленуі, бақытты, тыныш, бейбіт ғұмыр кешуі сөз болады. Бұл шығарманың алғашқы жартысының логикалық түйіні, идеялық шешімі. Опасыздықтың ойран болуы, тазалық, адалдықтың жеңіске жетуі. Бұл сонымен бірге шығармадағы екі тақырыптың бірі - опасыз жар тақырыбының түйіні. Тақырыпқа орай авторлық ұстаным мәселесі болмақ.
Шығарманың алғашқы жартысы тақырыбына орай, «Мың бір түн» ертегілері мен хикаяларының біршамасымен сарындас келеді. Кейде нәзиралық қисса, хикаялар «Мың бір түннің» немесе «Тотынаманың» нақты бір шығармасынан алынып жырланып, мәтіні толық сәйкес келіп жатады. Бұған мысал ретінде Шәдінің «Хикаят Қамарзаман», «Хикаят Харун-ар- Рашид» немесе Жүсіпбектің «Қиссас-ул әнбиядан» алып жырлаған «Жүсіп-Злихасы» мен «Кербаланың шөлінде» және «Мың бір түннен» алып жырлаған «Сейпілмәлік» секілді көптеген шығармаларды айтуға болады. Молда Мұсаның «Қолы кесік әйел туралы» жырлауын да осыған жатқызуға болады. Бірақ бұл жерде кітаби, нәзирашылдық аталатын үлкен шығармашылық үдеріс бар екенін әсте естен шығаруға болмайды. Себебі кітаби ақындар түпнұсқа кейіпкерлер әлемі мен оқиғалық желісін сақтай отырып, шығармашылық шеберхана тұрғысында мол жұмыс жасайды. Алдымен, кейіпкерлер көлемін ой елегінен өткізіп, ықшамдауы, керісінше өсіруі мүмкін. Сол секілді мәтін мазмұны мен оқиға сорабын да сол деңгейде қайта қарауы анық. Осы орайда «Хикаят Сәлімжанның» бір ғана шығарманы негіз етіп, жырланбағаны аңғарылады. Шығармада «Мың бір түн» ертегілері мен хикаяларының әлденеше үлгілерінің желісі байқалады. Мысалы, опасыз жар мәселесінде «Мың бір түн» ертегілерінің дүниеге келуі жөнінде айтылатын, аңыз секілді көрінетін, шығармашылық үдеріс тұрғысынан алғанда, бұл да бір композициялық ерекшелік қана екені анық жайт, бүкіл «Мың бір түн» секілді тізбекті ертегілер мен әңгімелер, хикаялар бастауында тұрған «Ұлы патшаның екі ұлы» аталатын әңгімелер тізбегіндегі айтылатын оқиғалар желісі. Жарты әлемді аузына қаратқан, өзіне бағындырған, ұлы мемлекеттер жасаған ұлы патшалар да, хандар мен әмірлер де әйел мекерлігі алдында соншалықты дәрменсіз екендігі «Мың бір түн» оқиғаларында әдемі өріліп, таңқаларлық жағдайда әңгімеленіп жатады. «Мың бір түн» ертегілерінің беташары іспеттес «Ұлы патшаның екі ұлы» атты әңгіме «Әңгіменің басы – атақты бір патша, Үнді мен Ғиынның (Орта Азия) орталығында жасап, жазық далаға құлашын кең сілтеп, көп елдерге өктемдігін жүргізді. Оның атағына сай, асып туған екі ұлы болды. Бірінің атын – Шаһрабаз, бірінің атын Шаһразаман деуші еді, - деп басталады.
Үзіндіден әңгіме болып отырған патшалықтың өте ірі ел екендігі анық аңғарылады. «Үлкен ұлы Шаһрабаз Рүстемдей білекті, арыстан жүректі болды. Кемеліне келіп, ат жалын тартып мінген соң, заманына сай атасының үлгісімен топ жиып ту көтерді. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен айналасындағы әлсіз елді шауып, терезесі теңімен бейбітшіл ұстап, еліне ел, жеріне жер қосты... Әкесі бұлай істеуіне сүйінді. Аттанғанда ақ батасын беріп, боз қасқасын шалып, тілек тіледі. Шауып қайтқан сайын сан малды сойып, ат шаптырып той қылып отырды», - деген жолдардан тағы да әңгіме болып отырған патшалықтың ірілігі және оның онан әрі өсе түсуі соған сай патшаның да, үлкен ұлының мықтылығы көрінеді. Сонымен бірге, үзіндіден Қалмахан Әбдіқадыровтай аудармашының үлкен шеберлігі, ғажап әңгімешілдік табиғаты көрінетіндей. Аудармашы мәтіндегі шығыс әлемі ойы мен көзқарасына қаншама қазақы ұлттық бояу қосқан.
Бұдан әрі баланың батыр болып туғаны, әкесінің атағын шығарғаны, мемлекеті кеңейіп үстемдігі ұлғайғаны, оң жағынан Үндістан, шығысынан Қытай, солтүстігінен Тұранның бағынғаны әңгімеленеді. Ұлы патша патшалығын екі ұлына бөліп беріп, бақилық сапарға аттанады. Екі ұл әрқайсысы өз патшалығының шаруасымен жүріп, жиырма жылдай жолықпайды. Ағасы інісін қатты сағынады. Хат жазып, бір уәзірін інісін алып келуге жұмсайды. Ағасының сағынышты хаты, бауырлық сезімі інісін де қатты толқытады. Ағасына барып жолығып, қауышып қайту үшін сапарға аттанады. Алғашқы қоналқаға тоқтаған түні жолсоқты болған жолаушылар тегіс ұйқыға кетеді. Бірақ ағасын сағынған іні патша қанша тырысса да, көз іліндіре алмайды. Ол ағасын ойлайды, үйінде қалған пейіштің періштесіндей сұлу да сүйікті жарын ойлайды. Осылай жатып, кенет ағасына арнап апаратын қымбат қылышты үйінде ұмыт қалдырғаны есіне түседі. Қылышты қалай алдыруды ойлағанда, оны өзінен басқа кісі түн ішінде алып келе алмайтыны мәлім болды. Көпке білдірмей, сенімді екі жігітін ғана оятып, патша кері аттанады. Қалаға жетіп, құпия есікті өз кілтімен ашқан патша сұлудың жатын бөлмесіне дыбыссыз кіріп барады. Сөйтіп, содан кейінгі түрлі ауыр уақиғаларға, қаншама сұлудың басын жұтуға себеп болған көрініске тап болады. Шығармада бұл сәт былай суреттеледі. «Енді не болды!.. Өмірді еркінше сүрген Шаһразаман мұндай көрініс дүниеде болады деп ойлаған ба?.. Ойлай қалған күнде – тек өз үлесім деп түсінбеуші ме еді. Міне, ханым, шойынға жапсырған ақ күмістей, кеше ғана өз мойнына оралған ақ білегі, еңгезердей қара құлды құшақтап қатып ұйықтап жатыр. Әрине, құлдың құлдығы, ханымның хандығы табиғи тілегіне, алатын ләззатына еш бөгеті жоқ сияқты. Патшаны қандай құшақтаса, құлды да сондай құшып жатыр. Бірақ Шаһразаманның өңі түгіл түсіне кірмеген уақиға оған кешірім бере алмады. От ойнап, көзі тұнды. Көк аспан қопарылып төбесіне түсе қалғандай болды. Жалпақ дүниені жалын мен қара түтін қаптап, қараңғылық басқандай еді. Ойдың өрісі тарылды. Өзге еш нәрсені сипап таба алмай, жылан тіліндей жаланып, жарқырап қылыш қынабынан шықты да, көп күндер жасырынып, жабығып жүріп, еркін құшақтасуға ынтыққан екі жүрек рахатқа енді ғана батып жатқанда, алмас сап ете түсті. Бірлесіп жатқан екі бас, ақырғы сөздерін айта алмай, алмадай домаланып, денелерінен бөлінді. Қалың салынған жібек көрпелерді баттасқан қан селі басты. Шапшып аққан қан қара тұмандай булыққан ашудың қақпағын көтергендей аздап серпілтті. Іздеп келген бұйымын алып, Шаһразаман жолдастарына қайтып келді».
Осы сәттегі патша Шаһразаман қайғысы, жанын жеген күйігі әр нұсқада әрқалай беріліп жатады. Қазақ тіліндегі жазушы Қалмахан Әбдіқадыров нұсқасы [89] сөз қолданысы, яғни тіл байлығы және көркемдік мәселесі тұрғысынан келгенде, өте сәтті шыққан аударма туынды деуге болады. Өзге үлгілерде, мысалы орыс тіліндегі М.А.Салье нұсқасында [104] әлгі оқиғадан соңғы Шаһразаман көңіл күйін хабарлап қана қойса, Қ.Әбдіқадыров оның ішкі әлемін, астан-кестен көңіл күйін екі иінін зіл боп басқан, зіл батпан ауыр да запырандай ащы ойын сырлы да шерлі суретпен сипаттап береді: «Дүние жалпыға ортақ болса да, Шаһразаман тиісті қасірет үлесін өзіне бөліп алды. Ол дүниедегі дара үлесі қанша үлкен болуды сүйсе, сонан туған қайғы-қасірет те сонша үлкен болды. ... Ол күн санап азды. Сүлік сорғандай қаны қашты. «Мен – патша, ол – құл. Менің үлесіме неге ол қол сұқты!» - деген ой оны іш мерездей жеді. Сүлдесі құрып ағасының еліне барды». Сол секілді Шаһразаман патшаның қайғыдан сартап халі де өте орынды, шынайы және егжей-тегжейлі баяндалған. «Ағасы алдынан шығып, дүйім еліне қуанышты той жасатты. Шарап сапырылып, ойын-сауық үздіксіз өткізіліп жатты. Өткен-кеткен өмірден неше қызық әңгімелер сөйленді. Бірақ бұл да Шаһразаманның ауыртпалығын жеңілдете алмады. Қайта басқаның қуанышы оның қайғысын басымдата берді. Ол дүниенің қай қызығына көзін салып, көңіл аударғысы келсе де, көзіне елестейтіні – құлдың мойнына оралып жатқан қатынының ақ білегі. Шанағына салған қобыздың ысқышындай сұлудың талдырмаш нәзік денесі, алпамсадай қара құлдың бауырына кіріп жатқаны көрініп, жүрегіне ине болып қадалды. Сондықтан дүниеге түгел түскен күннің сәулесі оның басына түспегендей, әлем жұтқан ауадан оған үлес тимегендей сезілді. Өкпесін жеген осы құрт күн санап еңсесін түсіре берді. Еті сүйегіне жабысып, өңі суық ағаштың жапырағындай сарғайды».
Інісінің хал жағдайын байқаған ағасы оған ауырып жүрсең, емдетейін, немесе көңіл көтеру үшін аңға шығайық, құс салайық, сөйтіп, көңіл сейілтейік деп ұсыныс жасайды. Сонда інісі ағасына:
Аспан тіреп, жерді басса қуаныш,
Тары ғұрлы пайдасы жоқ маған еш, -
деп жауап береді. Бұл өлең М.А.Салье нұсқасында жоқ. Ал қазақ нұсқасында өлең патша көңіліне лайық сәтті өрілген.
Бұдан соң ағасы аңға кетіп, інісі жеңгесінің уәзір әйелдерімен, кәнизактарымен бірге қара құлдармен қосылып, істеген іс-әрекеттерін көреді. Демек, жарты әлемді билеген екі ұлы патшаның да әйелдері опасыз, мекер, зинақор болып шығады. Екі патша бүйткен патшалығы құрысын деп елден безіп кетеді. Диюдің сандыққа салып ұстаған әйелінің мекерлігін көрген соң ойға қалып, елге оралады. Барлық әйелдер мен құлдардың басы кесіледі. Әйел баласына қатты кектенген Шаһрабаз патша әр күні бір қызбен болып, таңертең басын кесіп отырады. Елде қыз таусылып, бас уәзірдің екі қызы Шаһаризада мен Дүниязадаға кезек келеді. Мың бір түнге созылған Шаһаризада әңгімесі осылай басталады.
«Мың бір түн» хикаяларында опасыз жар, мекер де зұлым әйелдермен қатар адал да сүйікті жар, ибалы да, әдепті, әрі ақылды әйелдер жөнінде де көп айтылады. Оларға «Мың бір түннің» көптеген әңгімелері арналады. Сол секілді «Хикаят Сәлімжан» оқиғасының екінші жартысы оның кейінгі үйленген әйелі, бай саудагер Сахауаддиннің қызы – Гүлжауһардың күйеуіне өте адал болғаны әрі ақылымен күйеуін қиындықтан құтқарып, жат жерде сандалып жүрген жерінен еліне алып келуі жайларын арқау етеді. Нәзирашыл ақын Сәлімжанның бірінші әйелін үнемі есімсіз тек «қатын» деп беріп отырса, екінші әйелін Сахауаддин байдың тәрбиелі, әдепті қызы екенін айтып, есімі Гүлжауһар деп атап отырады. Бұдан авторлық позиция, жақсы әйелді мадақтау, жырлау ұстанымы аңғарылады. Шығарманың екінші жартысы тақырыптық тұрғыдан алғашқы жартысына қарама-қарсы алынған адал жар оқиғасы былай басталады: Сахауаддин саудагердің қызы Гүлжауһарға үйленген Сәлімжан бақытты тұрмыста төрт жыл тұрады. Ешқандай іспен айналыспау Сәлімжанға ауыр тиеді, алыс елдерге барып, сауда жасап, ер азамат ретінде еңбек етіп табыс тапқысы келеді. Әйелін осындай оймен:
Жүргенім елден ұят сауда қылмай,
Шын шаһарға баруға рұқсат берсін,
Атаңнан тіле барып мойын бұрмай, - деп әкесіне жұмсайды.
Қыз әкесі де бұған қарсы болмайды. Жол жарағын дайындап, түйелерін даярлап, жақында жолға шыққалы жатқан керуенге қосылсын дейді. Керуен жолға шығарда Сахауаддин күйеу баласын керуен басыға ықтияттап тапсырады. Оның бұрын алыс сапарға шықпағанын, өзге елдерде сауда жасамағанын айтады. Керуенмен бірнеше күн жол жүргеннен кейін бұларға алыстан жалтыраған бірнәрсе көрінеді. Керуен басы Сәлімжанға бұл бір тұл кемпірдің сарайы екендігін айтады. Кемпірдің сарайының қасынан өткен әр керуеннен қонып кетуін өтініп, дүние мүлкін мекерлікпен тартып алатынын ескертеді. Дегендей-ақ керуен ол сарайға жақындай салысымен-ақ кемпір әрқайсысынан бір күн қонып кетулерін өтінді. Оған ешкім де келіспеді. Кемпір Сәлімжанға көп жалынды. Ақкөңіл Сәлімжан кемпірге рақымы түсіп, келісім берді. Сәлімжан жүз түйе малымен, жүгімен кемпірдің қорасына келіп кіреді. Кемпір керуенді қатты күтеді. Сәлімжанға оңаша сарайда алдына түрлі ас келтіріп, жақсы қызмет етеді. Тағам желініп, ұйқыға жатпақ болып жатқандарында кемпір келіп, өзінің ғажайып өнерлі мысығы бар екенін айтады. Қолына шам жандырып ұстатып қойсаң, таң атқанша ұстап отырады, тастамайды дейді. Сәлімжан ондай мысықтың болуы мүмкін еместігін айтады. Кемпір бәс тігейік дейді. Кемпірдің айтқан бәсі Сәлімжанның жүз түйелі жүгі болады. Мысық жанған шамды ұстап, таң атқанша тапжылмай отырады. Сәлімжан ұтылып, жүз түйені жүгімен қалдырып, бар малынан айырылып жұрдай болып, кеткен керуенді қуып жетеді. Барлығы Сәлімжанды қатты сөгеді. Керуен басы да ренжиді. Бұлар бір шаһарға жетіп, саудаларын жасап, алатын малдарын алып керуен елге қайтады. Олар Сәлімжанға бірге қайтуды ұсынады. Бірақ ол ұялып елге қайтпай қалады. Сәлімжан өзінің жағдайын айтып, сәлем хат жазып, осында қалып қояды. Ол хатта ата-енесіне, әйеліне болған жайды айтып, әрқайсысына жеке сәлем жолдайды:
Сахауаддин қайын атам
Бөлент дәулет иесі.
Жұртына әли, һимматлы
Болды бізге бұ күні
Ақылының киесі.
Һәм мейірбан, шапағатты
Қайын енеме сәлем де.
Біз ғаріптің көп болды.
Сіздерге қылған күнәсі,
Сабыр қылып һәр іске,
Болар ма Тәңірім панасы,
Жеткізер бізді де бейішке,
Пірлердің болып дұғасы.
Гүлжауһарға сәлем де,
Дауасы дертті бағырымның.
Сондай болмас жұфтысы,
Халал заты әркімнің.
Біле алмай қалдым арманда,
Мекері болды кемпірдің,
Көруге жүзін ұялдым,
Ағайын-жұрт, халқымның.
Сабыр қылып тұралық,
Рахман Алла жарылқап,
Қайырын бергей артының, -
деп күніне мың пәле көрсең де, үміт үзбе бір Алладан дегендей, өзін де, өзгені де сабырға шақырады. Керуен кеткен соң, базарды аралап, жұмыс іздейді. Жұмыс таппай қаланы көп аралайды. Бір асханаға ас пісіруші болып жұмысқа тұрады. Бұдан кейін автор Сәлімжанның әйелі Гүлжауһардың жайын сөйлеуге кіріседі. Арада бір жыл уақыт өткенін айтады. Жылда бір жүретін керуеннің уақыты келеді. Гүлжауһар әкесінің алдына келіп, жүз түйелік жүк беруін өтінеді. Ер киімін киіп керуенге қосылғысы келетінін айтады. Қызының ішкі ойын ұққан Сахауаддин келісімін береді. Жүз түйелік жүкпен керуенге қосылған Гүлжауһар сапарға шығады. Арада біршама уақыт өткенде кемпірдің сарайына да жақындайды. Керуен басы ер киімін киген Гүлжауһарды кемпірдің сарайынан сақтандырады. Оның талай жанды дүние мүлкін алып қаңғыртып жібергенін Сахауаддиннің күйеу баласы Сәлімжанның жүз түйесін жүгімен алып қалғанын айтады. «Бай патша, ол кемпірге бара көрме, Барамын деп бәлеге қала көрме, Тілімді алмай айырылсаң малдарыңнан өз обалың өзіңе менен көрме» дейді. Гүлжауһар керуен басының сөзінен өзі іздеп келе жатқан кемпірдің осы екенін түсінеді. Кемпір керуеннің алдынан тағы да шығады. Қона кетулерін өтінеді. Оған ешкім қайрылмайды. Гүлжауһар керуенімен кемпірдің сарайына бұрылады. Кемпір Гүлжауһарды керуенші жігіттерімен қосып қатты күтеді. Сәлімжанды күткен жағдай қаз қалпы қайталанады. Тынығатын уақыт жеткенде, кемпір мысығының жайын айтады. Өнерлі мысық екенін сөйлейді. Гүлжауһар да: «Жалған сөйлемеңіз, Ондай іс қыла алмайды тілсіз хайуан» деп бірден қарсы шығады. Кемпір олай болса, біз мысықты сынап көрейік, байбатша, мақұл десең жүз түйені жүгімен бәс қылайық дегенді айтады.
Жүз түйені сен де сал жүгіменен,
Ұстамаса, жүз түйе жүк алғын менен.
Таң атқанша тастамай ұстап тұрса,
Жүз түйені жүгімен алдым сенен.
Осы сөзге кемпірмен уағда етті,
Мысыққа шам ұстатып отыртты.
Бір тамаша осыған қылайын деп,
Гүлжауһар өзі тысқа шығып кетті, -
деп автор Гүлжауһардың осы оқиғаға алдын ала дайындап келген айласын сөз етеді. Тысқа шыққан Гүлжауһар жүкке жасырып кеткен өзінің асыранды тышқанын темір қапасымен етегіне жасырып ішке алып кіреді, төрге барып отырады. Шам ұстаған мысық та тапжылмай отырады. Мысығына әбден сенімді болған кемпір шаруасымен шығып кетеді. Гүлжауһар мысыққа тышқанды көрсетіп өзінің айласын іске асыруға кіріседі. Тышқанды көрген мысық оған тұра ұмтылады. Гүлжауһар да тышқанды шығарып жүгіртіп қоя береді. Тышқан қапастан қарғып түсіп қаша жөнеледі. Мысық қуа жөнеледі. Сол сәтте оның қолынан ұстаған шамы жерге түседі. Тышқан қашып бір тесікке кіріп кетеді. Тышқанға есі ауған мысық шамды ұмытып, тесіктің аузын бағып отырып қалады. Гүлжауһар кемпірді шақыртады, ол болған жайды көреді, бәстен жеңілгенін түсінеді. Гүлжауһардың не істегенін біле алмаса да, қатты қайран болып, ұтылғанын мойындап, жүз түйені жүгімен бермек болады. Гүлжауһардың талабын орындап, жүз түйені даладан айдап келіп, барлығын жүкпен қамтамасыз етуге кіріседі. Бірақ кемпір малы, дүние мүлкі жетпіс түйе жүк болады. Отыз түйе кемпір мүлкі жетпей бос қалады. Үйді түгел қарап, кемпірдің қалған бұйымдарын жинағанда, тағы да жиырма түйеге жүк табылады. Енді он түйе бос қалады. Гүлжауһар тоқсан түйе жүкке разы болып, өзінің жүз түйе жүгіне қосып алып кетеді. Керуендерді артынан қуып жетеді. Шаһарға жетіп жайғасады. Пәтер алады. Бір күні Гүлжауһар өзі мың екі жүз тілләға алған, әр жеріне асыл тас орнатылған алтын ермен атын ерттетіп, патша сарайына келеді. Патшамен жолығуды сұрайды. Һираттан келген саудагермін деп, патшаның қабылдауын өтінеді. Патша рұқсат етеді. Патша қабылдауында ол падишаны әдемі әрі мәдениетті тілмен көп мақтайды. Өзінің әдемі әдебін, биік мәдениетін көрсетеді. Патша жөн сұрайды. Сахауаддин саудагердің ұлы Таһауаддинмін деп өзін таныстырады. Екі жүз түйе жүгіме қанша баж салығы тиісті екенін соған сегіз жүз мың тілләм бар, санап келдім, өз қолыммен берейін өзіңізге деп келген жөнін айтады. Оған қатты разы болған падиша өзінің бір тиын да бажы, алтын, пұл алмайтынын айтады. Оның үстіне:
- Бұл сөзді білгіл, - деді,
Он күн өзің саудаңды қылғыл, - деді.
Өзге жанға бір сауда қылғызбаймын,
Сен саудаңды бітіріп болғыл, - деді, -
секілді өлең жолдарынан аңғарылатындай падиша Гүлжауһарға көп құрмет көрсетеді. Жігіттері сауда жасап жатқанда, Гүлжауһар қала көшелерін аралап, Сәлімжанды көп іздейді. Ақыры бір аспаздың дүкенінен табады. Сәлімжанды танып, өзін танытпай, сәлем береді. Сәлімжан да ізетпен қол қусырып, сәлем алады. Автор Сәлімжанды осы сәтте өте жүдеу кейіпте суреттейді:
Кигені үстіндегі майлы шапан,
Мейлінше өзі жүдеп біткен әбден.
Баста ескі бөркі бар, жалаң аяқ,
Жазда етік кимеген қара табан.
Гүлжауһар оның палауының бір табағы қанша екендігін сұрайды. Сәлімжан елу тиын деп жауап береді. Гүлжауһар оған бір табақ палау үшін екі тіллә ал дейді. Сәлімжан қатты қуанады. Кешкі сағат жетіде бір табақ палау даярлап, өзіңіз алып келіңіз. Егер өзіңіз алып келмесеңіз, өзгеден қабылдамаймын, пәлен жерде сарайда пәтерім бар деп жүріп кетеді. Сәлімжан палауын даярлап, уағдалы уақытында жетеді. Тағамын ұсынады, бірақ оны ішке шақырады. Киімінің нашарлығынан, ластығынан ол ішке кіре алмай ұяла береді. Гүлжауһар қоймай, оны ішке кіргізеді. Тағамды бірге ішуді ұсынады, бірге жейік, тілімді қайтарма, осы палауыңнан күнде алып келіп тұр дейді. Сәлімжан әрі ұялады, әрі қорқады. Екеуі бірге отырып ас ішеді. Гүлжауһар ертең тағы да келуін талап етеді. Ертеңіне осы оқиға қайталанады. Қыз жайлап Сәлімжаннан сыр тартады, жөнін айтуын сұрайды. Ол өзінің Һираттан келгенін, тағдырдың жазуымен қаңғырып қалған бір жан екенін, жайын егжей-тегжейлі айтқысы келмейтінін сөйлейді. Қыз қоймай бар сырын айтқызады. Сонда одан Гүлжауһар соңғы қатыныңыз қандай еді деп сұрайды. Сәлімжан әйелін көп мақтайды. Қыз оның моншаға баруын, шашын, мұртын алуын талап етеді. Киімін де түгел жаңартуын, екеуміз көп мәслихат құрамыз деп қайта келуін сұрайды. Гүлжауһар мен Сәлімжан арасындағы осы оқиғалық сәттер шығарманың біршама беттерін қамтиды. Жүйелі көркем өлең үлгілерімен шынайы жырланған. Оқиға соңы Гүлжауһардың Сәлімжанды өзімен жүруге көндіріп, еліне алып қайтуына ұласады. Осыған дейін Гүлжауһар Сәлімжанға өзін танытпайды. Соған ақыл-айласы асқан Гүлжауһар Сәлімжанды өз үйіне әкеліп түсіреді. Қонақ бөлмеге әкеліп жайғастырады. Өзі кетіп қалады. Өз үйін таныған Сәлімжан әйелін іздейді, бұл жігіттің мені алып келу себебі қайын атам Сахауаддиннің жігіті болды деп шешеді. Осы арада Гүлжауһар ата-анасымен қауышып жатады. Әкесіне Сәлімжанды алып келген оқиғасын айтады. Әке-шешесін Сәлімжанға жібереді, өзі де әйелше киініп, ата-анасы көрісіп болған кезде келеді. Бәрі құшақтасып көрісіп, шат-шадыман болысады. Сахауаддин бай күйеу баласының аман-есен оралғанына арнап отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Осымен шығарма оқиғасы аяқталады.
Шығарма соңында Сәлімжан мен Гүлжауһардың бай болып өмір сүргендері, сараң болмай, жомарт болғандығы көп балалы-шағалы болғандары әңгімеленеді. «Бес ұғылы бес шаһар болғаннан соң, дүниеден тоқсан жаста сапар қылды», - деп автор Сәлімжанның бақытты тұрмыс кешкенін, ұзақ өмір сүргенін сөз етеді. Бұдан автордың «аққа құдай жақ» дегендей адал адамның түбі таза жүру арқылы бақытқа қол жеткізетінін айтқысы келетіні аңғарылады.
Шығарма соңында автор соңғы сөз орнына арнап жақсы адам, жаман адам, жақсы әйел, жаман әйел турасында біраз жырлайды. Шығарманың алғашқы жартысында жырланған оның алғашқы әйелі мен Сираф ұғылының өздерінің нашар пиғылынан көп тақсірет тартқанын:
Жолықты көп тақсіретке Сираф ұғылы...
Сәлімжаннан айырған қатынымен.
Дүниеден қайыр тілеп өтті күні...
Бұларға рахмат жаза қатты болды.
Мехнат бірлән һәркімнен қайыр сұрап,
Һәр күнде келіп жүрді Сәлімжанға,
Көзін сүзіп есікте тамақ тілеп...
секілді жолдармен береді. Сөз соңында шығарма тақырыбына қатыстырып, жақсы әйел, жаман әйел жөнінде қорытынды ойларын айтады:
Бар мақал: «Жақсы қатын – жан азығы.
Жаман қатын деседі – бас қазығы»...
Деніңнің кемелі бір жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын,
Тіл байлайтын арбаушы шайтандайын,
Жаман қатын көрсетер кесапатын.
«Мың бір түн» оқиғасын жырлай отырып, діни ақын сопылық ойлары мен ұстанымдарын оқырманға қазақы салт-санамен сабақтастырып ұсынады.
Шығарманың көркемдігі жөнінде ойымызды қорытар болсақ, қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхисламұлының бұл нәзиралық туындысы - көркемдік дәрежесі жоғары, композициялық құрылымы мығым, сюжеттік желісі жүйелі, өлең өрнегі қазақтың дәстүрлі он бір буынды қара өлең үлгісінде жырланған шығарма. Нәзиралық туынды болуы себепті әрі діни, әрі қиссашыл ақынның сөз саптауына байланысты шығармада арабша, парсыша сөз тіркестері мен сөздер мол ұшырасады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне орыс тілінің ықпалын танытатын орысша сөздер де кездеседі. Осы орайда шығарманың тілдік өрнегі жөнінде мына жайды айрықша айтуға болады: ол шығарманың нәзиралық туынды болуымен қатар кітаби туынды екендігі. Бүгінгі таңда «кітаби», «шағатай», «түрки» аталып жүрген жазба әдеби тілдің сөздік қоры мен сөз қолдану тәсілдері, әдеби дәстүрі туындыдан мол көрінеді. Мысалы, барғын, айтқын, келгін сөз үлгілерімен қатар бұйрық етістіктің қылғыл, болғыл, білгіл түрлері қолданылады. Сол секілді сұрсаң, сұрды, ұғылы, болур, айтур, бірлән, егерле, бағырым, қош болғыл, һәр, һешкім, таңға қалды т.б. көне түркілік элементтер де басым қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |