Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)


«Тотынама» желісінде жырланған қазақ қиссаларының



бет22/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

«Тотынама» желісінде жырланған қазақ қиссаларының

нәзиралық ерекшеліктері
Х ғасырдың аяғына таман қазіргі Ауғаныстан, Иран, Орта Азия жерлерінде ғазнауидтер мемлекеті орнады. Сол мемлекеттің негізін салушы Сұлтан Махмуд Ғазнауи 1000 жылы Индияның солтүстік бөлігінің біраз жерін басып алды. Осылайша ол әр жыл сайын Индияға жаңа жорықтар жасап отырған. Соның нәтижесінде үнді жерінің жаңа өлкелері Ғазнауидтер империясына қосылып отырды.

Сұлтан Махмұд Ғазнауи патшалық еткен (998-1030жж) жылдары оның империясы батыста Рей мен Исфаханға, солтүстікте Бұқараға, шығыс пен оңтүстікте Дели мен Индке дейін созылып жатты. Сұлтан Махмуд өлген соң Ғазнауидтер империясы ыдырай бастады. Оларға әсіресе селжұқтар соққысы ауыр болды. Сөйтіп, Индияның солтүстік және солтүстік батыс бөлігін ғана қамтыған мемлекет болып қалды. Астанасы Лахор болды. Бұл өлкелердің билеушілері көрші үнді княздіктерін жаулап алып, жерлерін соның есебінен кеңейткісі келіп отырды.

ХІІ ғасырдың 70-жылдары Ғазнауидтер мемлекеті өмір сүруін біржолата тоқтатады. Ғазнауидтердің вассалдары болған гуридтер билік басына келеді. 1206 жылы бұл мемлекет Хорезмшах соққысынан құлайды. Сол жылы гуридтіктер билігінің өкілі Құтыб ад-дин Айбек өзін Солтүстік Индия сұлтаны деп жариялайды. Оның астанасы Дели қаласы болады. Бұл мемлекет тарихқа Дели сұлтандығы болып енді және Ала ад-Дин Хильджи (1296-1316) билік құрған жылдары қатты өркендеді.

Сұлтандық астанасы Дели әдеби өмір орталығына айналады. Сұлтан сарайы маңында Орта Азиядан шыққан ақындар көп болады. Сонымен бірге мұнда Орта Азия мен Ираннан ауып келгендердің шаңырағында дүниеге келген ақындар мен жазушылар шығармашылық етеді. Солардың қатарында Зийа ад-Дин Нахшаби ұстазы Шихаб ад-Дин Бадауни, Әмір Құсрау Дехлевилерді атауға болады.

Индиядағы парсы тілді әдебиет жергілікті халықтардың өмірі мен үнді әдебиетінің сюжеттеріне ден қояды. Кейбір ғалымдардың айтуынша индиялық парсы тілді әдебиет елдің сол дәуірдегі шынайы өмірін арқау етеді [111], сонымен бірге бұл әдебиет Иран мен Орта Азияның парсы тілді әдебиетімен де байланысты болады. Индияның парсы тілді әдебиеті ХІІ ғасырдың ортасына қарай толық орнығып қалыптасады. Индия халықтарының фольклоры мен әдебиеті материалдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. ХІҮ ғасырда Дели сұлтандары көне Үнді ескерткіштерінің парсы, тәжік тілдеріне аударылуын осы әдебиет өкілдерінен талап етті. Осылайша астрономия, музыка теориясы және көркем шығармалардың көне үнді үлгілерінің аудармалары жасалып жатты. Мұнда көне үнді әдеби шығармаларының аударылуы еркін аударма дәрежесінде болды. Сондықтан да бұл шығармаларға аудармашылар тарапынан көп өзіндік ерекшеліктер қосылып отырды. Сондай аудармашылардың бірі - жазушы, ақын, шейх Зийа ад-Дин Нахшаби болды.

Нахшабидің өмірі мен шығармашылығы жөнінде аз жазылмаған. Сондай еңбектің бірі – 1936 жылғы «Энциклопедия ислама» атты еңбек. Мұнда оның «Тотынамасын» аударушы Е.Э.Бертельстің мақаласы басылады [112]. Дегенмен, Нахшаби жөніндегі мәліметтер толық емес. Кейде тіпті қайшылықты болып жатады. Нахшаби – бір жағынан, автордың туған жерін көрсететін мәлімет берсе, екінші жағынан, оның әдеби псевдонимі болып кеткен. Оның отаны – қазіргі Қаршы атты Өзбекстанның Қашқадария өлкесіндегі қала. Бұрынғы аты – Нахшаб болса керек. Осында ХІІІ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген сияқты. Балалық шағы да осында өтеді. Белгісіз бір себептермен ол отбасынан бөлек жалғыз өзі Үнді жеріне өтіп кетеді. Бұл жөнінде оның шығармаларында өзінің жалғыздығын, туған жерден алыста өмір сүріп жатқандығын қапаланып айтқан шығармаларынан көрінеді.

Нахшаби Индияда Бадаун қаласында тұрады. Бұл қала Индияның солтүстік бөлігінде орналасқан, сұлтандықтың маңызды қалаларының бірі болады. Аңыз бойынша бұл қаланы біздің жыл санауымыздың 905 жылында бір мифтік раджа салған делінеді. 1196 жылы оны гурид Құтыб ад-Дин жаулап алады. Сөйтіп, оның соңғы үнділік билеушісі өлтіріледі де қала Дели сұлтандығының солтүстігіндегі маңызды қаласына айналады. Қала халқының үштен екісі мұсылмандар болды. Бадаун қаласында Нахшаби үнді тілдерін оқиды, үнді әдебиеті мен философиясымен танысады. Сол секілді мұсылман дінтану ілімімен, этика, медицина, музыка теориясымен айналысады. Сондай-ақ, Европадағы ғылым тілі болған латын тілі секілді сол дәуірде шығыс әлемінің ғылым тілі болған араб тілін үйренеді, араб әдебиетін оқиды. Оның әдебиет саласындағы ұстазы ақын, ғалым Шихаб ад-Дин Бадауни болды. Бадауни бала кезінен діни ортада тәрбиеленіп, байлар мен әкімдерді мақтамайтын керісінше адам өмірінің маңызы мен бұ дүние, о дүние жайлы көп жырлаған ақын болды. Ол билік басындағылардың ықыласына бөлену әлсіз ақындардың ісі деп білді. Ұстазының ықпалында болған Нахшаби де күштілер әлемінің қолдауын іздемеді. Әйтсе де, ол дәуірінің өмірлік жағдаяттарына байланысты «Тотынама» шығармасының біраз жерінде патшаларды мақтап, оларсыз әлем тұйыққа тіреледі, құриды деп отырады. Ақын бұл ойын патшаларға жағыну ретінде емес, ақыл айту ретінде және олардың қол астындағы ел-жұртқа қамқор болуы қажеттігі жөніндегі ойлармен айтып отырады.

Нахшаби шығармаларынан аңғарылатын жайт – оның өмірі төмен тұрмыста, жоқшылықта өткендігі. Ол осы Бадаун қаласында 1350 жылы қайтыс болады. Оның қабірі ұстазының қабірінің қасына орналасады.

Нахшаби «Тотынамадан» өзге бірнеше шығарма жазды, олардың барлығы да қолжазба дәрежесінде жетіп отыр. Бірақ олардың ешқайсысы да «Тотынамадай» атаққа ие бола алған жоқ. Нахшабидің «Тотынама» дәстүрінде жазған туындысы «Гүлриз» жиырма әңгімеден тұрады. Прозалық мәтін өлең жолдарымен аралас өріліп отырған. Бұл шығармада Түркістан патшасының ұлы Нушаба атты патшайымға ғашық болған махаббаты сөз болады.

«Джузийат уа-кулиат» атты шығармасы - мазмұны мен құрылысы жағынан өзінше қызық діни этикалық формада берілген медициналық шығарма. Туынды 1317-1320 жж жазылған, кітап адамның әрбір дене мүшесіне арналған қырық тараудан тұрады. Нахшаби әр тарауда адам денесінің бір мүшесінің маңыздылығын, әдемілігін сөз ете келе, сол мүшеге қатысты ауруларды сипаттауға және оны емдеудің әдіс-тәсілдеріне көшеді. Шығармада сондай-ақ әдемі өлеңдер мен әңгімелер сабақтасып беріліп отырған.

«Ләззат ан-ниса» шығармасы - Нахшабидің санскрит тіліндегі «Кока – шастра» атты эротикалық трактаттан жасаған аударма туындысы. Мұнда да автор өзінің төл поэзиялық шығармаларын мол қосып жырлаған. Сонымен бірге, Нахшаби діни сопылық бағыттағы екі шығарма да жазады.

Нахшаби «Тотынама» шығармасының шығармашылық тарихы жөнінде өзінің алғысөзінде қысқа ғана әңгімелеп өтеді. Бір дәулетті кісі оған: «Жақында елу екі әңгімеден тұратын бір кітап үнді тілінен парсы тіліне аударылды. Аударма тілі өте шұбалаңқы және көп сөзді, сондықтан да әңгімелердің мәтіндері өте ұзақ болып кеткен. Шығарманың көркемдігін көтеретін жақсы талғам мен көркемдік қағидалардың негізгі талаптары тіпті сақталмаған. Яғни әдемі сөйлеудің қағидаларына аудармашы өте салақ қараған, сол себепті де кітапты оқыған адам мақсатына жете алмайды, оқыған кітабынан еш ләззат ала алмайды. Егер осы шығарманы сен қарап шықсаң, ол еңбекке салиқалы пішін мен жүйелі мазмұн берген болар едің. Сонда кітапты оқыған және тыңдаған адам сенің алдыңда өзін қарыздар сезінген болар еді»,- дейді. Бұл жағдай Нахшабидің «Тотынаманы» аударғанға дейін де атақты стилист, ақын, жазушы болып танылғанын көрсетеді. Бұл кісінің ұсынысын Нахшаби қабыл алып іске кіріседі. Ол оқырманға шешендіктің тәртібі жөніндегі өзінің пікірін білдіреді және өзіне берілген аудармалық жұмысты қысқа баяндап өтеді. Ол елу екі әңгімені тұтастай қайта жазып шығады. Өзі тыңнан да біршама мәтін қосады. Бір-біріне байланыспай, қиылыспай жатқан әңгімелердің басын қосып жүйелейді. Тартымсыз әңгімелерді өзге қызық әңгімелермен ауыстырады. Одан кейін шығарманы тұтастай шолып өтіп, алғысөзін оқырманға арналған мына сөздермен аяқтайды:

«Барлық өнерді бағалаушы әрі терең танушы қауымға сөзімді арнай отырып, осы әңгімелерді оқып уақытын рахаттанып өткізсе, ләззат алса, сол кісінің мен бейбақты ұмытпауын өтініш етемін». Кітаптың соңғы беттерінде Нахшаби бұл жұмысты 1330 жылы бітіргенін айтады.

Бір кездерде Нахшаби «Тотынаманың» («Шукасаптати») санскрит тілінен парсы тіліне аударған алғашқы аудармашысы болғанын, оның бұған дейін аудармашысы болғаны жөнінде айтылған әңгімесін тек әдеби тәсіл ретінде бағалады. Кейінгі кездерде ғылымда «Тотынаманың» белгісіз бір ХІҮ ғасыр басында жасаған аудармашысы болғандығы, бірақ оның қолжазбалары бүгінгі күнге жетпегені жөнінде пікір пайда болды. Бұл жөнінде Е.Э.Бертельс 1973 жылы Тегеран қаласында «Тотынама. Джавахир ал-асмар» деген ХІҮғ қолжазбасының кітап болып басылып шыққанын айтады. Қолжазбаның кей жерлерінің толық еместігі, кей әңгімелердің тұтастай жоғалғаны байқалады. Бұл шығарманың авторы Имад бин Мухаммад ан-Нагири деген кісі екендігі, оның да Нахшаби секілді Индияда тұрғаны өзінің шығармасын Дели әміршісі Ала ад-Дин Мухамед Сұлтанға тарту еткені айтылады. Сонымен бірге, ғалым Е.Э.Бертельс бұл шығарманың Нахшаби шығармасының алғысөзінде айтылған қолжазба екендігін дәлелдеп шығады. Ол - 1313-1316 жж аралығында жазылған туынды. Ғалымның пікірінше, бұл туынды Нахшабидің «Тотынаманы» нәзиралық дәстүрде аударып, қайта жазып шыққан сәттегі шығармашылық еңбегінің дәрежесін көрсетеді. Нахшабидің «Тотынаманы» жазу үстіндегі бүкіл шығармашылық үдерісін танытады. Нахшаби алдыңғы үлгіні тұтастай қарап шығып, өзінің тарапынан, тыңнан көптеген әңгімелер қосып отырғаны да айқын көрініп отырады.

Зийа ад-Дин Нахшаби алдыңғы аударма авторы Имад бин Мухаммад ан-Нағири нұсқасына қатысты жоғарыда айтылып өткен жайлармен қатар, мына секілді басты-басты бағытта жұмыс жасады. Бірінші бұл нұсқаны тұтастай қайта қарап, өңдеп шықты. Екінші ұзақ берілген шешендік үлгідегі сөздерді қысқартты. Қайталанған тұстарын тұтастай алып тастап отырды. Парсы ақындарынан алынған өлең үзінділерін түгел алып тастап, оның орнына өзі өлең жазып қосып отырды. Құраннан келтірілген үзінділерді де мәтін мазмұнына қарай едәуір қысқартты. Сонымен бірге, Нахшаби әр әңгімені өзінше бастап, шығарманың сюжеттік желісіне нұқсан келтірмей өзінше аяқтап қорытады. Осылайша аудармашы өзі тарапынан, тыңнан бес-алты әңгіме, үш жүздей төрт тағанды өлең жолдарын қосқан.

Зийа ад-Дин Нахшаби Индияда тұрды және оқыды. Үнді фольклоры мен әдебиетінен мол тағылым алды. Бұлай деп отырған себебіміз: үнді ертегілері - өте көне дәуірлерден келе жатқан мұра. Үнді ғалымдары мен жазушылары тіпті біздің жыл санауымызға дейін де үнді ертегілері мен мысалдарын жазып алу және жинақ етіп, жасау жұмыстарымен айналысты. Бұл жинақтардың бір ерекшелігі болды, ол – жинақты жасаушылардың ертегілердің қасына түрлі әдеби шығармалардан үзінділер қосып отырды немесе өздерінің төл туындыларын енгізді. Осы ерекшелік ұзақ ғасырлар бойы сақталып келді. Ертегілер ауыздан-ауызға жалғасып, Индияның көптеген тілдерінде айтылды. Сол себепті олар әдеби өңдеуге ұшырады. Сюжеттік желілері де өзгеріп жатты. Кейде бірнеше ертегі бір ертегіге жинақталып енгізілсе, кейде бір ертегі желісі бірнеше ертегіге айналып жатты. Осыдан кейін үнді ертегілерінің өзге тілге аударылу кезеңі басталды. Бұл сәтте аудармашылар өз дәуірінің оқырманының талғамына лайық болу үшін көп жағдайда бұл жұмысты еркін орындады. Осы орайда мына мәселені ерекше айтуымыз қажет: ол - ертегі жинақтарын жасаушылардың өте көне дәуірлердің өзінде-ақ бірнеше ертегінің басын біріктіріп, бір негізгі әңгімеге, болмаса бір повеске біріктіріп отыруы. Яғни бүгінгі әдебиеттану ғылымында рамалық сюжет желілері аталатын тізбекті ертегілердің жүйесі.

Ежелгі үнді әдебиетінде «Тотынама» мына түпнұсқадан алынды, аударылды дейтін ертегілер жинағы жоқ. Рас, «Шукасаптати» [113] санскрит жинағы бар, ол да көптеген өңдеулерден өткен және оның алғашқы редакциясы жоғалған деп есептелінеді. «Тотынама» дастандарының тұтастай қатары «Шукасаптати» әңгімелерімен сюжеттік тұрғыдан ұқсас келеді. Бар болғаны осы. Бұл жағдай көптеген зерттеушілерге «Тотынаманың» аударма нұсқасының негізгі түпнұсқасы «Шукасаптатидің» бүгінгі өңделген үлгісі деген ой айтуға себеп болған. Әйтсе де, бұл шығармаларды салыстыра қарастыру «Тотынаманың» парсы нұсқасы ертегілердің үнділік жинақтары секілді үнділік ертегілік бірнеше шығармалардан құралғандығын көрсетеді. Сол секілді Нахшабидің өзі және оның алдындағы аудармашы да үнді ертегілерінің жинақтарын жасаушылардың ежелгі үнділік дәстүрін ұстанды. «Тотынама» әңгімелерін талдау «Шукасаптатиден» басқа мына секілді ежелгі үнділік «Панчатантра» [114], «Веталананчавиншати» [115], «Хитопадеша» т.б. шығармаларды Нахшаби мен оның алдындағы аудармашылар білді және пайдаланды деп айтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне «Тотынама» ертегілерінің қатарына парсы-тәжік және араб фольклоры мен әдебиеті ортасында туған аңыздар да енді. Осылайша «Тотынама» шығыстың екі ұлы үнді және парсы-тәжік мәдениетінің бір-біріне еткен ықпалымен дүниеге келген көркемдік дәрежесі биік әдеби шығарма болды.

Ғалым Е.Э.Бертельс «Тотынама» шығармасының тілінің көркемдігі өте жоғары екенін, сонымен бірге метафора, теңеу секілді көркемдік құралдарды да шебер қолданғанын атап көрсетеді. Әйтсе де, шығарманың ғалым мақтаған осы ғажап тілі оның кейінгі тағдырына қатты әсер еткен секілді. Оның кейінгі түрлі патшалар үстемдік құрған кезеңдерде қысқарған үлгілері шамамен екі жүз жылдай өткен соң ұлы моғол Акбар патша бұйрығы бойынша әдебиетші және тарихшы Абу –л-Фазл бин Мубарак (1551-1602) Нахшаби нұсқасын қайта өңдеп шықты. Ол Нахшаби тілін қарапайым тілге айналдырды. Шығарма көлемін қысқартты, бірақ елу екі дастанды сақтап қалды. Бұл редакцияның түпнұсқасы сақталмаған. Мұнан кейін шығарма тілін онан ары қарапайымдандырған Мухаммед Худауанде Қадири (ХҮІІғ ғалым Алимарданов пікірі бойынша ХҮІІІғ) нұсқасы пайда болды. Бұл нұсқада «Тотынама» тараулары отыз беске дейін қысқарды, бірақ Қадири өз тарапынан екі тарау қосты. Бұл нұсқа өте атақты және кең тараған нұсқа болды. Ол шығыста ғана емес, батыста Европада да танымал болды. Аталған нұсқа хинди, бенгали, ауған (екі рет), өзбек (екі рет), түркімен, т.б. тілдерге аударылды. Мұнан өзге бұл нұсқа әлденеше рет ағылшын тіліне де аударылды. Бірінші басылымы 1792 жылы шықты. Мұнда он екі әңгіменің еркін аударылуы берілді. Неміс тілінде 1822, француз тілінде 1927-38 және орыс тіліне де аударылды. Осы нұсқаның бір әңгімесінің орыс тіліне аударылуы жүз елу жыл бұрын болғаны ғылымда айтылады [116, С.19-23]. Қадири нұсқасы отыз бес әңгімесімен 1915 жылы жарияланды [116. 10].

Шығарманың түрік нұсқасы ерекше орын алады. Ол Нахшаби нұсқасынан жүз елу жылдай кейін туған. Бірақ Нахшаби нұсқасына өте жақын үлгіде орындалған. Шығарма Сұлтан Баязит үшін жазылыпты. Шығарманы өңдеген аудармашы-редактор дидактикалық мазмұндағы отыз әңгімені іріктеп алыпты, яғни шығарма едәуір қысқарған. Бұл нұсқа сұлтандарға ұнаған және шаһзадалар тәрбиесінде маңызды орын алған.

Нахшабидің «Тотынамасы» әр кездерде Индия мен Орта Азияда көшірілген көптеген нұсқалары болды. Ғалым А.Алимарданов осы салада көп еңбек етіп, бұрынғы кеңестер одағы және шет елдердегі түрлі кітап қоймаларындағы қолжазбаларды табумен айналысты және әлемде бұл еңбектің сексен бес қолжазбасы бар екенін анықтады.

«Тотынама» ертегілерінің қазіргі аудармаларының басы аудармашы Е.Э.Бертельстің аудармасынан бастау алады. Ол Санкт Петербургтағы Ғылым академиясының шығыстану институтында сақталған сегіз қолжазбамен жұмыс жасаған. Аударма жұмысы тікелей үш нұсқаны негізге алып жасапты, олар жақсы сақталған ХҮІІ ғасырдың соңындағы ХҮІІІ ғасырдың басындағы нұсқалар екен. Бұл нұсқаларды К.Г.Залеман 1908 жылы Бұқара қаласынан алып келген, нұсқалар жақсы сақталған. Тек ең соңғы елу екінші дастан жоқ. Келесі бір нұсқада шығарманың басталуы жоғалған. Бір нұсқада шығарманың ортасындағы бірнеше бет жоғалған. Осы ортасында бірнеше бет жоғалған нұсқа үнді жерінде ұлы моғолдар кітапханасынан шамамен 1693 жылдары көшіріліпті, 1819 жылы Азия музейіне «Руссо кллекциясы» құрамында жеткізіліпті. Демек, осы үш қолжазба бірін-бірі толықтырып, «Тотынаманың» толық мәтіндік нұсқасын жасауға және аударуға мүмкіндік берсе керек. Қазақ тілінде «Тотынама» аудармасы алғаш рет 1970 жылы «Тотының тоқсан тарауы» деген атпен жарияланады. Аудармашысы - Ғ.Сармурзин.

Ғалым Ә.Қоңыратбаев 80-жылдардың орта шенінде «Тотынаманы» аудару ісімен айналысады. Оның аяқталмаған ісін ұлы ғалым Т.Қоңыратбай жалғастырады. Елу екі түннен тұратын «Тотынама» ертегілері 1991 жылы «Жазушы» баспасынан кітап болып басылып шығады [117, 5-б ]. Осы нұсқа 2005 жылы қайта басылып шығады.

Зийа ад-Дин Нахшабидің қаламынан санскрит тілінен парсы тіліне еркін аударылып, кейде нәзиралық дәстүрде қайта жырланып, автордың төл туындыларымен сабақтасып орындалған «Тотынама» атты туындысы бүкіл әлем халықтарының фольклорына, әдебиетіне жол тартты. Талай-талай нәзиралық шығармаларға, фольклорлық туындыларға «Тотынама» әңгімелері мен ертегілері өзек боп өрілді. Яғни жаңа фольклорлық немесе әдеби туындылар «Тотынама» негізінде дүниеге келіп жатты. Дәл осындай фольклорлық және әдеби үдерісті қазақ фольклоры мен әдебиетінен де көптеп байқауға болады. Бұған мысал ретінде «Қағира мен Таймус», «Сыршы молда және оның патшаның ұлы Әбдімәлік» аталатын үлгілері мен «Қисса қырық уәзірдің» көптеген әңгімелерінің түп желісі «Тотынамадан бастау алып жатқаны анық. Сол секілді Мәшһүр Мақыш Қалтайұлының, Молда Мұсаның, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының кейбір қиссалары мен мысалдарының да өрнегі «Тотынамадан» өрілгенін айтуға болады.

Қазақ фольклоры мен әдебиетінің шығыс әлемімен байланысы, «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» секілді ескерткіштер сөз болғанда, ең алдымен, қазақ фольклоры ауызға алынуы керек. Олай дейтініміз, қазақ фольклорының үлкен бір саласы осы ескерткіштермен сабақтастықта жаралғаны аңғарылады. Мысалы, қазақ ертегілерінің құрамында жарияланып жүрген «Ескендірдің мүйізі», «Ескендірдің әбулхайат суын іздеуі», «Лұқман Хакім» сияқты ертегілердің шығыстық түп негізі аңғарылып-ақ тұр. Сол секілді «Сүлеймен патша мен байғыз», «Үш дос немесе аққу, шаян, шортан», «Құмырсқа мен шегіртке», «Жетім қозыны қасқыр жегені», «Өгіз, есек ертегісі», «Семірген есек», «Екі қаз, бір бақа» секілді көптеген қазақ ертегілерінің шығу тегі шығыс фольклоры мен «Кәлилә мен Димнә» секілді жәдігерлерден желі тартып жатқаны көрінеді. Демек, қазақ фольклоры мен әдебиетінің шығыспен байланысы өте көне дәуірлерге жол тартатын жайт. Сонымен бірге, қазақ фольклоры мен әдебиетінің шығыспен байланысы бірнеше үлгіде енді. Бірінші, шығыс ертегісі не әңгімесі қазақ ертегісі болып түрленген. Яғни шығыс фольклоры мен әдебиетінің материалы қазақ фольклоры материалына айналған. Жоғарыда атап өткен ертегілеріміз осы үдерістің көрінісі. Екінші, шығыс фольклоры мен әдебиетінің материалы әдеби нәзиралық шығармаға айналып, қисса, хикая болып жырлануы не мысал өлең, не мысал қисса болып өрілу құбылысы бар. Бұған мысал ретінде қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында шығармашылық еткен көптеген кітаби ақындардың діни, діни нәзирашылдық, кітаби шығармаларын айтуға болады. Үшінші, шығыс фольклоры мен әдебиетінің материалы шығыстың басқа ескерткіші арқылы қазақ әдебиетіне өту үдерісі байқалады. Мысалы, Молда Мұсаның «Опасыз жар», «Ұры мен жолбарыс», Әсет ақынның «Ағаш ат» секілді шығармалары. Бұл шығармалардың түп негізі «Панчатантрадан» бастау алып, «Кәлилә мен Димнә», «Мың бір түн», «Тотынама» секілді шығармаларға өткен. Қазақ ақындарының осы шығармалардың қайсысымен болса да, таныс болғаны көрінеді. Төртінші, кейбір шығармалар шығыс фольклоры мен әдебиеті жинақтарынан қазақ фольклорына, сонан соң бір ақынның нәзиралық туындысына айналады. Бұл тұрғыда жоғарыда аталып өткен шығыстық негізді қазақ ертегілерін айтуға болады. Мысалы, Тұрмағамбет ақынның Сүлеймен пайғамбар, Лұқман Хакім жайлы мысал өлеңдері мен мысал қиссалары, Молда Мұсаның біз атап өткен «Ұры мен жолбарыс», «Семірген есек» секілді шығармалары қазақ ертегілері қатарында да бар. Бұл да бір өзінше шығыс фольклоры мен әдебиеті материалын қайта қорытатын әдеби құбылыс болса керек.

«Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» ертегілерінің қазақ тілінде мысал түрінде жырлануына үлес қосқан ақындарымыздың бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Ақын шығармашылығы әдебиет тарихына қатысты көптеген әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан әр кез сөз болып келеді. Атап айтсақ, Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы», Р.Бердібай, Т.Еңсегенов еңбектері, т.б. Осы орайда, Майлы ақын шығармашылығы туралы көп еңбектенген ғалым ретінде Ә.Оспанұлын айрықша атап айту қажет. Ақын шығармаларын жинай жүріп, жинақ етіп, басы шағын «Нақыл» жинағынан басталған ақын мұрасы ғалым еңбегінің нәтижесінде өте үлкен көлемді «Майлықожа» жинағына ұласты. Майлықожа әдеби мұрасын жан-жақты қарастырған ғалымның зер салған бір мәселесі – ақын мысал өлеңдері мен дастандары [118, 115-125].

Ақынның осы тақырыптағы келесі бір шығармасы – «Тотынама». Шығарманың атына қарап, оның негізі З.Нахшабидің «Тотынамасынан» алынған деп топшылауға болады. Әйтсе де, бұл шығарманың түп негізі «Кәлилә мен Димнә» ертегілерінде жатыр, бірақ шығарма оқиғасын бастан кешетін екі құс тоты емес, С.Талжанов аудармасында Тытава атанатын теңіз құсы деп беріледі. Сонымен бірге, бұл шығарма өз жүйесімен толық жырланбайды. Мекиеннің қоразына айтқан екі үйрек пен бір тасбақа туралы нақылы алынып тасталған. Сөйтіп, екі теңіз құсының оқиғасы дара жырланған. «Кәлилә мен Димнәда» балапандары суға кеткен екі құс көп құстарға шағымданады. Олар жиналып, өздерінің қамқоршысы құс патшасы Анкаға жалбарынады. Ол теңіз күзетшісімен соғысады, араға патша келіп килігеді. Әділ шешім жасап, екі Тытаваның балапандарын қайтарып береді. Майлықожа екі теңіз құсын қазақ ұғымына лайықтап, тоты деп алады. Құстар қамқоршысы Анканы қазақ ұғымындағы құс патшасы Самұрықпен ауыстырады. Нәтижесінде назиралық дәстүрде дүниге келген қазақы шығарма - мысал туады. Мысал жанрына барған қазақ ақындарының көпшілігі оқырманына арнап, өзі жырлағалы отырған тақырыпқа дайындайды. Сонымен бірге, мысал оқиғасының соңына оқырманның шығармадан қандай өмірлік ой түюі қажеттігін де уағыз-насихат етіп толғап отырады. Сол секілді Майлықожа да шығарма кіріспесі ретінде бірнеше шумақ өлең жолдарын береді. Шығарма соңында мекиеннің ұяны қауіпсіз жерге салу, балапандарды аман-есен өсіру жөнінде айтылған дұрыс пікірін қораз тотының тыңдамауы, даңғойлық көрсетуі, соның нәтижесінде ұяның да, балапандардың да теңіз суына қарық болуын мысал етіп қазақ өміріне қатыстырып, тұрмысына лайықтап, жақсы әйел туралы сөз етеді:


Бала деп баласынба ақылы болса,

Сөзінде қариядай нақылы болса.

Қатын деп қатыннан да қапыл қалма,

Ілгері еркектен де ақылы болса.

Алысты жат көрмесе азаматым,

Шығарса мейман күтіп ердің атын.

Сол секілді әйелдің қадірін білмей,

Кемсіткеннің әйел деп өзі қатын.

Жақсы қатын жігіттің жан жолдасы,

Десе де бәлки «жаным» болмайды асы.

Үр болып ақыретте қосылады,

Аумаса бір-бірінен ықыласы.

Қарастырылған тақырыптан мына секілді мәселелерді аңғаруға болады: бірінші, қазақ кітаби ақындарының «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» секілді шығыс фольклорының классикалық үлгілері мен жете таныс болғандығы; екінші, сол материалдарды шығармашылықпен қарап, талғап, кітаби назирашылдық дәстүрде қайта қорытып отыруы; үшінші, сол қорытылған материалдың өзін онан әрі елеп-екшеп, қазақ халқының бітім-болмысына, таным-түсінігіне әбден ыңғайлап жырлап, қазақ оқырманына арнап, қорытынды ойлар, пәлсафалық түйінді шешімдер ұсынып отыруы. Бұл айтылған жайлар қазақ кітаби ақындарының ол шығыс фольклоры материалын негізге алып, қисса жырласын, не хикая сөйлетсін, не мысал өлең, мысал қисса жазсын, олардың ақындық шығармашылық шеберханасының өзіндік ерекшелігін танытады. Бұл шығармашылық шеберханалық ерекшелік Майлықожаға да тән екендігі оның шығармашылығының басым бөлігінен, соның ішінде мысалдарынан да айқын көрінеді. Сонымен бірге, бұл әдеби құбылыс қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының туу, өркендеу жолын да танытады [119].

Шығыс фольклорының көрнекті үлгілері «Тотынама», «Кәлилә мен Димнә», «Мың бір түн» ертегілерін қазақ тілінде мысал өлең, мысал дастан етіп жырлаған Майлықожа - қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының қалыптасуы мен дамуына мол үлес қосқан ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақ мысалы, әлбетте, ХІХ ғасырдағы мысал жанрының заңды жалғасы. Мысал жанрының қазақ әдебиетіне келу, ену жолының екі бағытта шығыс және батыс тарапынан болғаны анық. Жанр дамуына үлес қосқан ақындардың үлкен тобы мұсылманша оқыған, алдымен, қазақ фольклоры мен әдебиетін, соң шығыс классикалық әдебиеті мен фольклорын терең тануға мүмкіншіліктері болған қаламгерлер еді. Қалай дегенде де қазақ әдебиетіне шығыс халықтары фольклоры мен әдебиеті, ондағы фәлсафалық терең ой орыс әдебиеті ықпалынан көп бұрын енгені, осы әдеби үдерістің ғасырлар бойы жүріп келгені анық. Бұл жәйт - әдеби үйреніс, байланыс мектебі, дәстүр сабақтастығы, әдеби құбылыс.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық етіп, қазақ әдебиетін шығыс фольклоры, классикалық әдебиет үлгілері тақырыптарымен, сюжеттерімен т.т. байытқан, мысал жанрының дамуына мол үлес қосқан ақындардың бірі – шайыр Молда Мұса.

Молда Мұса мысалдары ақын шығармашылығының өзіндік ерекшеліктері болуымен қатар жалпы қазақ әдебиетінің белгілі бір кезең дамуынан, яғни мысал жанрының дамуынан хабар берер айғақ болуға керек. Бұлай деуіміздің себебі: ақын мысалдары оның шығыс фольклоры мен әдебиетін терең меңгергенін көрсетсе, екінші жағынан қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланысын да аңғартады. Сонымен бірге ақын мысалдары мен мысал дастандары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ мысалының дамуына қосылған салмақты үлес болып табылады.

Молда Мұсаның «Опасыз жар» атты дастаны - «Тотынаманың» 21-түнінде әңгімеленетін «Бенарес шаһзадасының кем ақылдылығы, оның сұлу келіншегі, сол келіншектің бір жігітке ашық болуы жайындағы әңгімені» негіз еткен туынды. Қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының түрлі туындыларына негіз болған «Тотынама» да «Мың бір түн» ертегілері секілді бірнеше түндерге бөлініп әңгіме етіледі. Шығарманың композициялық құрылымының өзіндік ерекшелігі сондай. Мұнда күнде кешкісін шығарма кейіпкері Хожасте өзінің әрі жас, әрі сұлу ғашығына барып жолыққысы келеді. Оны бұл жолдан түрлі айламен бөгеп, ақылды да, әңгімешіл тоты өзінің мысал әңгімелерімен ұзақ түнды өткізіп, таңды атырып отырады. Әр таң сүйгеніне асыққан Хожасте сұлудың өкінішімен аяқталып отырады. Әр күннің батуы, түн болуы және таң атуы түрлі үлгіде суреттеліп, безендіріліп беріледі. Өйткені шығарма құрылымында, оның мәтіндік табиғатында бұл суреттер үлкен мазмұндық, фәлсафалық мәнге ие. Мысалы, жиырма бірінші түн «Алтын марал – күн батыс үңгіріне кіргенде, шығыстың ну бақшасынан құралайдай сұлу ай туды» деп басталады. «Айдан сұлу Хожасте түн орнаған соң тотыға келіп, ғашығына баруға рұқсат сұрады: « - О, тотым, жалғыздық ұшқыны қаулаған өртке айналып, менің жанымды жеді. Бар арманым түн ортасында таң атып, түн зынданының кілтін қолыма алсам деймін. Ғұламалар адам екі түрлі болады дейді екен. Олардың біріне ердің қызықсыз өмірі жұмықтың қамын ойлауға мүмкіндік бермейді. Бұларды тірідей өлген адамдар дейміз. Екіншілері жұмақтың қамын жеймін деп, өмірдегі несібесінен құр қалады. Бұларды өмір қамынан құтылған адамдар дейміз. Қайдан жабысқанын білмеймін, менде үшінші бір кәсіп пайда болды. Мен жұмақ дегенді ұмытқан адаммын, өйткені ол жерде өмір қызығына жол бермейді», - деп Хожастенің сұлулыққа, әсіресе ләззатқа айрықша құштарлығын береді. Ұзақ түн айлалы тотының әңгімесімен өтеді. Таң алдында тоты үнемі Хожастенің ғашығына баруына рұқсат етіп, әңгімесін аяқтап отырады. «Әңгіме осы жерге келгенде тоты Хожастеге қарап, былай депті: «Байқаймын, сен махаббат дегенге бұрынғыдай асықпайтын болыпсың. Бұрынғыша досыма барамын деп желпілдемейсің. Байқа, Хожасте, осындай кезде ерің сапардан оралып, тышқанды қырып тастап, артынан соған қатты өкінген мысық баласына ұқсап жүрме». Әр түн тотының осылайша сұлу Хожастенің аңсаған жігітіне қауышуына рұқсат етуімен аяқталы, ғашығына асыққан сұлудың таң атып қалуы себепті өкінішпен қайтып отыруымен бітеді. Мұндай сәттер мына секілді үлгілерде беріледі:



«Хожасте бұл сөзге сенді. Сасқалақтап киіне бастады да, кебіс-мәсісін аяғына ілді. Бірақ сол сәтте күн өзінің жарық сәулесін шашып, таң атып, көшеде жүріс-тұрыс көбейді. Ғашығына баруға тағы да мүмкіндік болмай қалды» [117, 144-145, 149-150].

Молда Мұса жырлаған «Тотынама» әңгімесі де шығарманың дәстүрлі өрнегінде басталады. «Алтын қалқан-күн батыс қойнауына енгенде шығыс жапсарынан күміс қылыш-ай туды. Хожастенің беті қалқан-күнге, мұрны қылыш-айға ұқсас еді. Күндегі әдетінше тотыға келіп, досына баруға рұқсат сұрады: « - О, тотым, сен әмбенің сейілдейтін тазалық бақшасы, адалдықтың тұрақты кең жайлауы едің. Ажырасудың алдыңғы жасақтары мені күйретті де, шыдам қалқаны қолымнан түсті, құмарлық жасағы шыдамдылық қылышын қағып түсірді. Сенің ойлы сөздерің арманымды сергітер, мысалдарың қайғымды қуар деп едім, бірақ сенің пайдасыз қулығың харакетімді көбейтіп, әділ де тұщы мысалдарың қайғымды арттыра түсті». Бұл үзіндіде батқан күн мен туған айдың, ғашығына ынтызар болған сұлудың суреті, құштарлық, құмарлық бар. «О, Хожасте, ... сенің жаныңа оқ тигенін белемін, сол оқ менің кеудемді жаралайды. Оның зардабы сенің аяғыңа зіл боп түссе, менің көзіме тиеді. Сенің жүрегің жай таппаса,менің жүрегім де өз орнында болмас. Мұны мен мың рет айтқан шығармын. Қазір орныңнан тұр да, досыңа барып, арманыңа жет. Түбінде бұл сырыңның беті ашылып, басыңа қауіп төнер болса, мен сол пәледен сені қалай құтқарудың жолдарын ойлармын. Менің ақыл-кеңесімді алсаң, одан да құтыларсың. Бір шаһзаданың әйелі сондай өсек-жаладан құтылып, судан таза, сүттен аппақ болған ғой», - деп тоты Хожастенің халін түсінген болып отырып, бір әңгіменің шетін шығарады. Бұл да шығыс фольклорына тән, көпшілігіне ортақ әңгімешілдік, әңгіме айту дәстүрі. Әр түні осылайша жаңа әңгіме, жаңа ертегі, мысалдар айтылып отырады. Молда Мұсаның «Опасыз жар» дастанының негізгі оқиғасы осыдан кейін Хожастенің «Ол қандай әңгіме еді? – деп сұрауынан басталып әңгімеленеді. Ертегінің қысқаша мазмұны: Бенарес патшасының топас, кем ақыл баласы болады. Оған әкесі бір патшаның асқан сұлу, әрі білімді, музыкадан да хабары мол, ақылды қызын алып береді. Тиген жарына риза болмаған ол бір жарлы әрі әнші, әрі күйші жігітпен келісіп, шаһардан қашып шығады. Алдарынан үлкен өзен жолығады. Жігіт әуелі сенің қымбат заттарыңды алып өтейін, содан соң өзіңді де алып өтермін дейді. Бірақ арғы бетке әйелдің қымбат заттарымен жүзіп өткен жігіт ойға қалады. Өзінің деңгейін таразылаған жігіт патша баласының әйелін ала алмайтынын түсінеді. Сөйтіп, әйелдің алтын зерлерін алып, әйелді тастап қашады. Бұл - шынайы шешім. Бірақ шығармада «Келіншек еріне опасыздық жасаған болса, бұл келіншекке опасыздық жасады деп, жігіт әрекеті опасыздық ретінде бағаланады. Әйтсе де шығармадағы басты опасыз тұлға ретінде әйел көрінеді. Сондықтан «не ексең, соны орасың» дегеннің кері келді деп түйеді. Айдалада жалғыз қалған келіншек бірде шиебөрі, бірде қасқыр деп берілген мысал кейіпкерінің көмегімен, айтқан ақылымен өсек-аяңнан арылады. Жағдайы орнына келеді. «Тотынамадағы» «Жиырма бірінші түн» әңгімесімен Молда Мұса мысал дастанының арқау еткен тақырыбы бір екенін сөз еттік. «Тотынама» - ежелгі шығыс фольклорын азық еткен, қорытқан З.Нахшаби туындысы. Молда Мұса - «Тотынама» уақиғасын негізге алып, жаңа туында жасаған назирашыл ақын. «Тотынаманы» «санскрит тілінен парсы жазбасына түсірген Зияаддин Нахшабимен» [117, 4] Молда Мұсаға ортақ шығармашылық табиғат бар: ол – назирашылдық дәстүр. Бірі көне үнді фольклорын қорытып, ішіне өз ойын қосып, ой елегінен өткізіп, қайталанбас ғажап туынды жасаса, екіншісі сол туындыдан бір ертегіні бөліп алып, тұтас та толымды әрі дербес дастан жазып шыққан. Сондықтан да екі дербес туындыға тән біршама өзгешеліктер бар. «Тотынамада» Бенарес патшасы деп есімсіз берілген кейіпкер Молда Мұсада «Қорасан падишаның бір уәзірі, Дейді екен оның аты Мәрумәлік» деп беріледі. Ақын қазаққа түсінікті, әрі таныс Қорасан атауын алады және оның кейіпкері патша емес, яғни кемақыл ұлдың әкесі - уәзір. «Әкесі патшаға уәзір болғаннан соң, Әпереді сұлу қызды таңдап алып»,- деп береді. Бірақ ұлға есім бермеген. Бұл тұрғыда екі шығарма үндес. Молда Мұсада уәзір ұлының топастығы ашылып айтыла қоймаған. Тек «Дертінен қыз бейшара өлер болды, Сүйсініп жатпаған соң мейірі қанып», деп қана беріледі. Соған қарағанда шығармада жоғалған жолдар бар секілді. Өйткені өлең жолдарында селкеулік бар.

Қыздың ерекше сұлулығы айтылса да, «Тотынамадағыдай» білімділігі, ақылдылығы, музыка іліміне де жетік жан екендігі сөз етілмейді. Сондай-ақ, жігіттің тамбур музыкалық аспабымен зарлы күй тартуы ғажап көркем ән салуы да айтылмайды. Қыздың ерекше көркем ән естуі ғана сөз болады.

Бір көркем шықты дауыс жерден жырақ,

Қыз сонда мойын бұрып, салды құлақ.

Айрықша ғажап сұлу жігіт екен,

Көрген соң келді бері жақынырақ.

Яғни Молда Мұса туындысында әнші жігіт ғажап сұлулық иесі болып суреттеледі. Қыз ән өнеріне және сұлулыққа құштар болып отыр. «Тотынамада»: «Бір күні үйдің жазық далаға қараған бетіне бір жігіт келіп, аса зарлы күй тартып, тамбурға қоңыр дауысымен үн қосады. Бұл күйді естіген адамдар есінен айырылып, апиын ішкендей мас болыпты», - деп күй, ән өнерін алға шығарған. Бірақ сондай өнер иесі жігітті көрікті сұлу еді демейді. Керісінше, көріксіз жұпыны етіп суреттейді. Демек, еріне разы емес сұлу өзге жан іздейді. Жанына демеу іздейді. Оған қосымша ғажап күй мен ән де оның жан дүниесін баурады. Бұл сәт: «Махаббат желі қуып, бойында құмарлық сезімі туған келіншек үйден шығып еді, Жұпыны киінген, жайдақ мінез, көп сөйлемейтін, үсті-басы лас бір жігітке көзі түсті», - деп беріледі. Бірақ әйел ниетінен қайтпайды: «О, жігіт, мен ... ақылсыз бір балаға тиіп қор болған жанмын. Сен мені осы қорлықтан құтқара гөр... Ессізбен көңіл қосқанша, итпен достасқан жақсы, жаманмен жалғасқанша, маймылмен серіктес болған артық», - дейді. Жігіт жарайды деп келіседі. Ал Молда Мұсада:

Еңбегі еш қапастағы мен бір сорлы,

Орнаған қайғы-қапа көңіліме дақ.

Байладым қанжығаңа мен басымды,

Ей, жаным, мені осыдан құтқарып бақ.

Екі үзінді бір мәнді болғанымен, олардың өздеріне мағыналық, көркемдік өзгешеліктері бар. Ақын мәтіні мықтап қазақыланған, қазақ ұғымына лайықталып, қазақы тұрақты тіркестермен өрнектеліп берілген. Соған орай лиризмі да басым шыққан. «Тотынамадағы» құштарлық ақын өлең қатарларында ішкі мұң, лиризм боп өрілген. Сөйте тұра, ақын әйел әрекетін опасыздыққа балап, шығармасының атын да «Опасыз жар» атаған. Яғни түп нұсқадағы тағдырға мойынсұну идеясын ақын да ұстанып отыр деуге болады. Түпнұсқа мен мысал дастан арасында мұнан өзге де өзгешеліктер бар. Соның бірі – «Тотынамада» бірде шиебөрі, бірде қасқыр болып берілетін аңның түлкі деп алынуы. Ақын шешімін құптауға болады. Себебі қазақ ұғымында түлкі - қулық пен айлакерліктің символы. Сондықтан әйелге ақыл айтатын аң ретінде шиебөрі не қасқыр емес, түлкі таңдалған және онысы сәтті көркемдік шешім болған. Әйел түлкіден айлалы, ақылды шешім - көмек сұрайды:

Түлкіге қатын сонда деді, жаным,

Түсті ғой маған сенің мейірманың.

Болса айлаң жаным қалар үйрете гөр,

Шықпаса көп ішінде жаман атым.

Түлкі ақылымен сұлу әйел бәле-жаладан аман қалады. Ақын туындысы жүйелі, оқиғалы мысал дастан болып шыққан. Қара сөзбен жазылған «Тотынама» ертегісі қазақ тілінде жыр жолымен өрілген дербес туындыға, шығыстық ертегі қазақы бітім-болмысқа ие болып, қазақ мысалына айналған.

«Қашаннан қабырғалы ем қайратқа кең», «Қарақшы бір нан талап жігіт екен», «Байладым қанжығаңа мен басымды», «Айыбың балта өтпестей, қарасайшы, Мініме пышақ жонбақ көз салғанша», «Сені тәңірім бәлеге етіпті кез, алжасып алтын басым болыпты жез» секілді өлең жолдары назиралық туындыға қазақы сипат дарытқан.

Молда Мұсаның «Опасыз жар» мысал қиссасының түп негізі «Панчатантрада» жатыр. Үнді әңгімесі, алдымен, З.Нахшабидің «Тотынамасына», сол арқылы қазақ әдебиетіне өтуі немесе қазақ ақыны «Панчатантраны», парсыға, одан араб тіліне өткен «Кәлилә мен Димнәны» оқып пайдаланғаны анық. Дұрысы Молда Мұса өз мысал қиссасын «Тотынама» әңгімесі арқылы қазақ тілінде сөйлеткен. Бұлай деуіміздің себебі «Панчатантра» әңгімесінің аяқталуы бөлек. Өзі жалаңаш тұрып, аузындағы еттен де, жағалықтағы балықтан да айрылған шибөріге күлген әйелге «Ойнасыңнан да, күйеуіңнен де айрылдың, өзің жалаңаш қалып маған күлесің» деп жерлеп, мазақ етуімен аяқталады. Ал «Тотынамада» және ақын туындысында оқиға онан әрі өрбиді.

«Панчатантра» әңгімесін қысқаша бере кетсек: «Бір ауылда қарт диқан тұрады. Оның әйелі оны кәрісініп, үнемі өзге еркектер туралы ойлап қипақтап, үйінде тыныш отыра алмайтын. Бір күні жұрттың мүлкін ұрлап күн көріп жүрген ұры оны байқап: «Сұлуым, менің әйелім өліп еді. Саған қарап ғашықтықтың азабын тартып жүрмін. Маған ғашықтық ләззатының рахатын сыйласаңшы», - дейді. Әйел: «О, сұлу жігіт! Ондай болса менің күйеуімде ақша көп. Өзі кәріліктен қозғала алмайды. Сондықтан оның ақшасын алып саған келейін. Басқа жаққа кетіп, ғашықтық ләззаты рахатының дәмін татамыз», - дейді. Ұры: «Маған да бұл ұнап тұр. Міндетті түрде таңертең осы жерге кел. Екеуміз бір жақсы қалаға барып, бұл дүниенің қызығын татайық», - дейді. Әйел: «Болсын» деп келіседі де, үйіне кетеді. Түнде, күйеуі ұйықтаған сәтте әйел бар ақшасын алып, келіскен жерге келеді. Ұры әйелді алдына салып оңтүстікке сапар шегеді. Ұры әйелмен әңгімелесіп келе жатып өзенге жолығады. Ұры: «Бұл әйелді не істеймін? Өзі жасамыс болып та қапты. Оның үстіне біреу-міреу оның соңынан аңдып келе жатса ше? Онда бәлеге қалам ғой. Онан да ақшасын алып, жайыма кетейін» деп ойлайды. Әйелге: «Сүйіктім! Мына үлкен өзеннен жүзіп өту қиын болып тұр. Сондықтан алдымен арғы бетке тек ақшаны алып өтейін, сосын қайтып келіп сені арқалап жеңіл жүзіп өтемін», - дейді. Әйел: «Сұлу жігіт! Сүйтсең, сүйт» дейді. Барлық ақшаны алып алған соң: «Қымбаттым! Енді киімдеріңді түгел шешіп бер. Сонда жүзіп өтуіміз де оңайболады» деді. Ұры ақша мен киімдерді алып тайып тұрады. Әйел жағада жалаңаш қалады. Осы сәтте аузында тістеген еті бар ұрғашы шибөрі келеді. Ол жағалықта жатқан үлкен балықты көреді де аузындағы етін тастай сала балыққа ұмтылады. Осы сәтте бір құзғын етті іліп ала жөнеледі. Ал балық ұрғашы шибөріні көріп, суға шоршып түседі. Сол сәтте еңбегі еш болған ұрғашы шибөріге жалаңаш әйел күліп:

Етті құзғын ас етті, балық суға кетті,

Ет кетті, балық та жоқ, не қарап тұрсың ұрғашы шибөрі? – дейді.

Мұны естіген әрі күйеуінен де, ақшасынан да, ойнасынан да айрылғанын көрген ұрғашы шибөрі оны мазақ етіп:

Мен ақылды да, тәжірибелі болсам да – сен менен екі есе ақылдысың ғой...

Ойнасың құрыды! Күйеуіңнан айрылдың!

Өзің жалаңаш не қарап тұрсың, - дейді.

Бар әңгіме осы. «Тотынамада» білімді жас әйелдің күйеуі патшаның кем ақыл ұлы болады. Өзіне тең жігіт іздеген әйел жоғарыдағы жағдайға душар болады.Ұрының орнына жарлы күйші жігіт алынған. Оның әйелді алдап қашуы патшадан қорқуынан болады. «Тотынамада» да Молда Мұса жырында да шибөрінің орнына түлкі алынған. Айлакер тұлға-түлкі әйелдің болған жайдан өтірік дертті болып құтылуына себепші болады. Демек, ақын Молда Мұса «Тотынама» мәтіні бойынша жұмыс жасаған.

«Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» секілді шығыс фольклорының классикалық үлгілерін негізге алып, мысал өлеңдер мен дастандар жазған шайыр, кітаби ақын Молда Мұса әр туындысын қайта қорытып, ой елегінен өткізіп, әдеби шығармашылық шеберханасына салғаны анық көрінеді. Ғалым Ә.Оспанұлы «... Қазақ тіліндегі төл мысал шығарманың жазыла бастау мерзімін ХХ ғасырдың басы емес, ХІХ ғасырдың аяқ шені деп тауып, оны негіздеуші ақын Мұсабек (Молда Мұса) Байзақұлы деп тануымыз дұрыстыққа келеді» [118, 146], - деп ақын шығармашылығын, оның мысал жанры саласындағы әдеби мұрасын жоғары бағалайды. Молда Мұса мысалдары мен дастандары көркемдік тұрғыдан алғанда, шағын ғана оқиғаны қамтитын, солай бола тұрса да, сол аз оқиғамен көп мағына беретін маңызды да, көркем дүниелер. Бұл шығармалар, алдымен, «Тотынама» сюжеттерін қазақ тілінде жырлаудың үлгісі және қазақ әдебиетінде, оның әрі қисса-дастан, әрі мысал жанрында өзіндік орны бар туындылар.

Кітаби ақын-шайырлар жырлаған басты жанрлардың бірі - мысал жанры. Яғни, олар шығыс фольклоры мен классикалық әдебиет үлгілерін қазақ тілінде жырлау барысында мысал жанрына да ерекше мән берді. Мысал оқиғасы арқылы қазақ оқырманына ағартушылық ойларын айтып отырды. Мысалы, Мәшһүр Мақыштың «Тотынама» сюжеттерінен алынған «Есектің ойнауы» мысалында итке ұқсап қожасына еркелеп, сүйікті болғысы келген есек тағдыры сөз болады.

Бір есек өз иесін қарап көрер,

Әр уақыт итіменен ойнай берер.

Ит-тағы ойнайды қожасымен,

Мұны көріп ақымаққа қайрат келер,-

деп есектің қожасын иттен қызғануы жырланады.


Секіруден басқа жоқ ит те өнер,

Мұнан басқа шамасы неге келер.

Итін сүйер қожамыз секіргеннен,

Қай жерім кем, мені иттен жаман көрер,-


деп қожасына итше еркелеп, өнер көрсеткен есектің көп қорлық көріп өлуі сөз болады.


Секірген кесірінен зорлық көрді,

Ғұмырынша тас тасып, қорлық көрді.

Өзіне тиістісін аңдай алмай,

Арықтап, жауыр болып, ақыры өлді.


Ақын өз тарапынан мысал оқиғасы арқылы оқырманға Алланың жаратқан әр жаны, жануары өз орнымен, соған лайық іс-әрекетімен құнды екенін айтады:


Бұл қиссада ғибрат бар тыңдағанға,

Өлшеулі өнер берген әрбір жанға.

Сол өзіне берілген өнерлерін

Өзгерткенмен пайда жоқ аңдағанға.

Лайықтап әр мақұлыққа берген өнер

Сол берілген өнерменен пайда көрер.

Еліктей алмаған соң солықтайды,

Өзінде жоқты қылып не нәрсе өнер, -[120, 135-136]

деп ой қорытады.

«Тотынама» ертегілері қазақ фольклорына, шығыс халықтары фольклорымен сабақтастықта туындаған туындылар екендігі көрініп тұратын ертегілер дәрежесінде, әдебиетке мысал өлеңдер үлгісінде енді. Сонымен қатар, кітаби ақындар тарапынан әр оқиғасы дербес қисса дәрежесінде жырланып та жатты. Сондай шығармалардың қатарында «Сыршы молда», «Қисса қырық уәзір» және оның кейбір тараулары, «Қағира мен Таймус» секілді шығармаларды атауға болады. Яғни түрлі діни шығармалармен қатар шығыс фольклорының «Мың бір түн», «Қырық күң», «Сандбаднама», «Кәлилә мен Димнә» оқиғаларын қазақ тілінде, нәзиралық дәстүрде қисса, хикая, назым, дастан етіп жырлаған кітаби ақындар «Тотынама» ертегілеріне де көп барды. Сондай туындының бірі – хикаялық қисса «Сыршы молда».

«Сыршы молда» алғаш рет 1913 жылы Қазан қаласында кітап болып басылып шыққан. Жырлаушысы және жариялаушысы - Бөгенбайұлы Әбіш. «Сыршы молда» жарияланған «Бабалар сөзі» жүзтомдығының бірінші томы түсініктемесінде осы шығармамен тақырыптас «Данышпан уәзір» атты ертегінің де бар екендігі айтылады. Ертегі 1892 жылы жазылып алынып, «Дала уалаяты» газетінің 23-25- сандарында жарық көреді. Осы ертегінің орыс тіліндегі аудармасын Г.Н.Потанин 1916 жылы жариялайды: «Живая старина» 153-155 бб. Ертегі кеңестік кезеңде де жарияланған [121, С.145-147]. Ертегінің «Тотынама» әңгімесімен салыстырғанда, көлемі жағынан қысқа болғанымен, түпнұсқа сюжеттік желісін толық қайталайтыны айтылады. «Сыршы молда» дастанында да түпнұсқаның сюжеті толық сақаталған. Сонымен бірге мұнда түпнұсқада жоқ көптеген сарындар мен детальдар көрініс тапқан. Оларды былайша топтастыруға болады: перзентсіздік; кейіпкердің ерекше жағдайда тууы; болашақ патшаны оқу-білімге үйрету; сурет көру мотиві; махаббат азабы; ата-ана дағдарысы; кейіпкерлердің монологтары; сұлуды іздеп, алыс сапарға шығардағы ұлының әкесімен қоштасуының ерекше көрініс табуы; кейіпкерлер санының өсуі, т.б.

Аталған жағдайлардың ішіндегі ең қызықтысы – түпнұсқада қысқа қайырылған перзентсіздік мотивінің дастандағы ерекше сипаты. Төрт құбыласы сай, өмірі күшті патша сексен жасқа келгенше перзентке зар болады. Бірақ оның бұрынғы эпикалық жырлардағы перзентсіздік зарын шеккен әкелерден басты айырмашылығы – ол киелі жерлерді араламайды, емшіге қаралмайды, тек дұға оқумен шектеледі. Ол Мұса пайғамбарға тіл қатып, Алла Тағалаға өзінің зарын жеткізіп, ұл сұрауын өтінеді. Пайғамбар үш рет жалбарынғанда ғана Алла Тағала қарт патшаға ұл беретіндігін, бірақ оның өмірі өте қысқа, бар болғаны үш күн болатындығын білдіреді. Арада біраз жыл өтеді, Мұса пайғамбар баланың жеті жасқа келгенін көріп таң қалады. Сонан соң Алла Тағаламен тілдескенде, одан патшаның ұлан асыр той өткізіп, барлық халықты өзінің мырзалығымен риза еткендігін, сол үшін баланың жасын ұзартқанын біледі.

Мұса мен Иса пайғамбарлардың Құдіретті Жаратушымен тілдесу мотиві (Жебірейіл періштенің делдалдығы арқылы) шығыс халықтарының аңыз, әңгіме, ертегілерінде жиі кездеседі. Осы мотивтің бұл дастандағы ерекшелігі - патшаның Алла Тағаланы райынан қайтару үшін жақсылық жасау арқылы мейірімін түсіретіндігі. Осы аталған сарындар мен түрлі оқиғалардың сюжет құрылымындағы өрілімі патшазада образын романдық типтегі бас кейіпкерге жақындатқанымен, ол романдық дастан кейіпкері әрекет үстіне көп көріне бермейді. Оның күйеу жігіт ретіндегі ролі де бостау орындалған деуге болады. Негізінен ғашықтық дертінен азап шегуші, жадап-жүдеуші ретінде ғана көрінеді. Шығармадағы бас кейіпкер – молда, ол ақылды, әрі тапқыр, сюжеттің негізгі қозғаушысы. Бұл шығармада белгісіз сұлуға ғашық болу тақырыбы типтік тақырып ретінде дәстүрден бөлек жолмен шешілген. Кейіпкер өз ғашығына ұстазының ақылы мен тапқырлығы, ептілігінің арқасында қосылады. Көне хикаялық сюжет қазақ топырағында жаңа сарын, эпизодтармен молыққан. Кейіпкерлердің жан әлеміндегі эмоциялық құбылыстар мен көңіл-күй құбылыстары жаңаша, жанды бейнеленген. Соның нәтижесінде «Тотынама» сюжетінің негізінде бөлек бітімді, жаңа сипатты, оқиғалы, сюжетті ғана емес эстетикалық деңгейі де биік шығарма дүниеге келген. Шығарманың көркемдік дәрежесі биік, тілі жатық. Әйтсе де, кітаби нәзирашылдық дәстүрде дүниеге келген шығарма болғандықтан, оның мәтінінде біршама түрки, шағатай әдеби сөздермен қатар грамматикалық үлгілер кездеседі. Сонымен қатар, шығарма шығыс халықтарының өмірін бейнелейтін мәтіннен алынғандықтан, араб-парсы сөздері де едәуір мол қолданылады.

Шығармашылығы шығыс фольклорымен, классикалық әдебиетімен тығыз байланыста қалыптасқан, қазақ әдебиетін әлемдік дәрежедегі ұлы туындылар Құран сюжеттерімен, «Шаһнама», «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» үлгілерімен байытқан ғажайып қаламгерлердің бірі - Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Ол - «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану» секілді шығыс фольклоры сюжеттерінің желісі бойынша жырланған дастандар, «Лұқпан Хакім», «Ата мен бала», «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Төрт дос», «Дарақ пен сая», «Жолаушы мен дана» т.б. мысалдар шоғырын дүниге әкелген ақын [122]. Тұрмағамбет ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы теңдесі жоқ еңбегі әлемдік дәрежедегі ұлы туынды. Фердоусидің «Шаһнамасын» тұңғыш рет кең көлемде жырлауы. Бұл – ақын қаламынан туып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз мол қазына болып қосылған туынды [123, 19].

Қазақ әдебиетінің тарихындағы кітаби ақындардың сол секілді Тұрмағамбет Ізтілеуұлының басты шығармашылық ерекшелігі - кітабилығы, назиралық дәстүр аясында қалам тербеуі. Ақынның мына секілді өлең жолдары бар:

«Қолайлы халық тыңдайтын сөз бар ма?» деп,

Мен едім ертелі-кеш кітап «тінткен»,

Сондағы оқиғаны еттім дастан,

Әйтпесе, емес сөзге ішім дерткен,- деп ақынның өзі айтқандай ол шығыс әлемі классикалық туындыларын оқып өскен. Оның үздік үлгілерін қазақ тілінде қайта жырлап отырған. Ақынның осы ерекшелігі, басты шығармашылық мақсат-мұраты жөнінде ғалым М.Қаратаев: «...әлемді аралаған шығыстың дәріпті, өнегелі шығармаларынан алып өз халқына қолайлы дастан жазу. «Шаһнама», «Тотынама», «Кәлилә мен Димнә», «Мың бір түн», «Төрт дәруіш, «Қырық уәзір» және басқа осы сияқты жер жүзі мәдениетінің қазынасына жататын маржандарды жырға айналдыру. Тұрмағамбеттің «Мәрді диқан», «Рауа бану», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз» дастандарының негіздері жоғарғы аталған шығармалармен сабақтас.

Шығыс ақындарынан үйрене отырып, сол елдің әңгімелерінің тақырыбына ұзақ дастан, қызықты хикая жазу шығыс медресесінен оқып, білім алған қазақтың сауатты ақындарының, әсіресе Тұрмағамбет шығармашылығынан мол орын алған ерекшелік. Бұл - қазақ әдебиетінің қорына қосылған бағалы байлық [124, 298-299]» деп атап көрсетеді.

Тұрмағамбет дастаны «Мәрді диқан» – атақты «Тотынама» шығармасының сюжеттік желісін негізге алынып жырланған туынды [117, 90-97]. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Мәрді дихан» дастанын адам баласының ішкі әлемі, сыртқы бітімі мен дене мүшелеріне, олардың қызметіне қатысты терең мағыналы фәлсафалық ой, тұжырым түйіп, оларды сол ойға лайық зерлі теңеулермен безендіріп беруден бастайды. Бұдан ақын оқып өскен шығыс фольклоры мен классикалық әдебиетіне тән философия, «Тотынама» оқиғаларына, ертегілеріне қатысты философиялық ойлармен астасып, сабақтасып жатқаны көрінеді. Терең философиялық ойды сұлу сөзбен суреттеп, мүсіндеп, шығармашылық мұратын танытады. «Мәрді дихан» дастаны:

Тіл - тілмаш, ақыл - уәзір, көңіл - сұлтан,

Нәпсі - тақ, кеуде - сарай, жығасы - жан.

Қол - жендет, көз - қарауыл, құлақ - тыңшы,

Аяқ - құл, мұрын - дәрігер, шам-шырақ - тән.

Ие етіп осылардың барлығына,

Берілді бізге тарту табиғаттан.

Мал, перзент, бақ, дәреже, өнер, ғылым,

Тағы да сыйлау етті неше мың сан [122, 127]

секілді өлең жолдарымен ашылады.

Бұл өлең жолдары ақын Тұрмағамбеттің адам баласының ерекше жаратылысы дене мүшелері, қоғамдағы орны туралы әрі терең фәлсафалық ойы көрініс береді, әрі ақынның шебер сөз зергері ретінде көрінетін «қиыннан қиыстырар ер данасы» дерлік дәрежедегі хас шеберлігін көрсетеді.

Дастанның басты тақырыбы – адалдық, адал еңбек, арлылық пен әділдік, т.т. адам баласына тән жақсы қасиеттер. Сонымен бірге арамдық, ластық, ұрлық, ұрлық түбі – қорлық мәселелері де шығармада терең қарастырылған. Зорлық-зомбылық, ұрлық уақытша үстем. Түпкі нәтижеде адалдық пен ар-намыс үстем.

Дастанның басты кейіпкері – Мәрді диқан. Адал кәсіп, адал еңбек иесі. Жер жыртып жүрген дихан соқасына теңдесі жоқ асыл тас – гауһар ілігеді. Әуелгіде сатып қаржы қыламыз деп үй-іші тегіс қуанады. Әйтсе де, сатып алуға ешкімнің дүние мүлкі жетпейді. Ағайын-туғанын жинап ақылдасқанда олар бұл тасты ешкім сатып ала алмайды. Атағы алысқа кетіп қалса, бір патша келіп «Қазынадан ұрладың» деп тартып алса қайтесің, онан да Румның сұлтаны әділ. Соған апарып бер. Ол саған мол сыйлық берер деп ұсыныс айтады.

Мәрді дихан жолға шығады. Жолда үш жихангез жолығады. Дихан оларға сапарлас, жолсерік болатын болды деп қуаныш етеді. Олар оның гауһарын көріп, ұрлап алуға кіріседі. Түнгі қоналқаға қонғанда, олар тасты ұрлап алады. Дихан қатты қапа болса да оларға шамасы келмейтінін ескеріп, әрі бұл іс сұлтан алдында шешілер деп ой ойлап, сабыр етеді. Жолдастарына сыр бермей:

Деп айтты тұра сала жолдастарым,

Кешегі қойнымдағы жоқ гауһарым,

Қалыпты жолда түсіп, келе жатып,

Ақылсыз ақымақ бар ма, мендей жарым?

Қайтқанмен, біреу алып кеткен шығар,

Есесін жеткерер де Жаппар Кәрім,

«Бітеді жол жұмысы жүрсе» деген

Даярлан, таң атыпты тұрып бәрің [122, 130],- деп жолдың қамына кірісіп, сапарын жалғастырады.

Мәрді диқан сұлтанға болған істі бастан-аяқ баяндайды. Бірақ ұрлық жасаған үш жаханкездің қылмысын әшкерелеуге Мәрдіден басқа куә жоқ. Сондықтан сұлтанның істің анығын ашуға ақылы жетпей, дағдарады. Сонда, бұл шиеленісті шешуге сұлтанның қызы Меһирша араласады.
Зынданда жатқан жаһан кезенденің,

Барды да бәріне де берді ұрықсат.

Шақырып, сарайына сыйлап және,

Айлады айтып болмас зор зияпат.

Ақымақтың ауылы жоқ айтуымен,

Іс етті, – деді,- атам артықша ұят,

Мен білдім, хақтың әмірін мекем тұтқан.

Қылмайтын хас құлдарсыз еш қиянат [122, 135],-


деп Меһирше зынданға салынған үш жолаушыны шығарып алып, мейман етіп күтеді. Арада біраз уақыт өтеді. Ұрылардың қорқынышы сейіліп, көңілдері орнына түсіп, жақсы күтіммен сияпаттан көкіректеріне шаттық ұялаған сәтте шешуін таба алмай жүрген мәселем еді деп бір хикая айтып береді.

Сол жұмбақ әңгімені үш жолаушының шешуіне орай «Бәрі ұры, жүрген текке түзеп түрін» деп ойлап, кінәларын мойындатып дихан гауһарын қайтарып алады. Ұрылар дарға асылып, өлтіріледі. Патша Мәрді диханға мол дүние беріп, қайтарады. Дихан байлық пен саланатта тірлік етіп, бақытты ғұмыр кешеді. Демек, ақын кейіпкері адал еңбек, таза көңілмен бақытқа қол жеткізді, ал ұрылар «Мал аласы тысында, адам аласы ішінде» дегендей, арам ой, қара ниеттен тақсірет тартты. Бұл ақынның авторлық, ағартушылық, азаматтық ойы, шығармашылық ұстанымы десек болады.

«Мәрді дихан» дастаны нақты көркемдігімен қатар, философиялық ойлы, түйінді пікірлі, бай мазмұнды шығарма.

«Мәрді дихан» – нәзиралық шығарма. Оның түп негізі «Тотынаманың» он бірінші түнгі әңгімесінен алынған [124, 90-97]. Әйтсе де, ақын «Тотынама» әңгімесіне өз тарапынан көп өзгеріс енгізген: «Тотынамадағы» әңгіме аты ұзақ. «Қазаннан май, шаң топырақтан алтын айыратын сыпырушының бағалы гауһар тауып алғандығы, оны жолсеріктерінің ұрлап алғандығы және оны Бходжа–Раджидің қызының қайтарып алғаны туралы әңгіме» [116, 97-104]. Ақын осы ұзақ атауды қысқа ғана Мәрді дихан деп алған. Бұның өзі автордың шығарманы қазақ ұғымына лайықтап қайта қарағанын көрсетеді. Қазаққа көшеде күл-қоқыс сыпырушы ол кезде түсініксіз еді. Керісінше, дихан, егіншілік өте ұғынықты. Бір жағы ақын кейіпкерінің жер айдап, тер төгіп, егін егіп жүрген адал еңбек адамы болғанын қалаған. «Тотынамада» сыпырушының есімі жоқ. Ақын оған есім берген. Тотынамада патшаның ғана есімі аталады. Ал, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармасында патша қызы Меһирша ұрыларға айтылған хикаядағы қыз Диляпруз. Өзге кейіпкерлер: Сұлтан, үш ұры, үш саях, үш жихангез, күйеу, бағбан, т.б. «Тотынамадағы» сыпырушының қасындағы жолаушылар саны – біреу. «Мәрді диханда» үш ұры. «Тотынаманың» хикаялары қара сөзбен жазылған прозалық үлгідегі туындылар. Ал, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармасы – поэзиялық туынды, нәзиралық дастан.

«Тотынама» ертегілерінің негізінде нәзиралық дәстүрде кітаби ақындар тарапынан дербес туынды – қисса болып дүниеге келген шығармалардың бірі - «Қағира мен Таймус». Шығарма басында туындының дүниеге қалай келгендігі жөнінде хабар беретін бір шумақ өлең бар:


Бір падиша бұрын өткен Бағдатта,

Шорман молда сөйлеген оны жатқа.

Қата болса – Шорманның мойнында,

Назымлап естуімше салдым хатқа [84, 9-б].

Бұл өлең жолдарынан Қағира мен Таймус оқиғасын жырлаған, хатқа түсірген деген секілді кітаби ақындардың және шығарманың шығармашылық үдерісін, тарихын танытатын біршама жайды аңғаруға болады. Ең бастысы - шығарманың дүниеге келуінде екі қаламгердің көрінуі, біріншісі – Шорман молда. «Бабалар сөзінде» Шорман молда жөнінде мынадай мәліметтер беріледі: «Білтебайұлы Шорман – ХІХ ғасырда Омбы өңірінде өмір сүрген ақын. Араб-парсы тілдерін меңгерген. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, насихаттаушы. Ол қазақ қолжазбаларын 1880 жылдардан бастап жинаған. Білтебайдың әкесі Жантиын да ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған. Шорман ұлдары Арон мен Жүсіп те әкесінің ісін жалғастырған, соның арқасында Шорман молданың мұрасы бізге жетіп отыр. Шорман жинаған ауыз әдебиеті үлгілерін 1958 жылы Ғ.Мұсабаев, 1960 жылы Омбы экспедициясын басқарған Т.Сыдықовтар жинап тапсырған» [84, 332-б].

Берілген үзіндіден біршама жайды аңғаруға болады: бірінші - әулеттің білімді, шығыс фольклоры мен қазақ фольклоры мұраларын жақсы білген, хатқа түсіріп отырған, өздері де ұнатқан тақырыптары бойынша кітаби нәзиралық қисса жазып отырған әдеби ортаның болғандығын көрсетеді. Бұл істің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғандығы да өте маңызды мәселе. Сонымен бірге, қазақ халқының төл фольклорлық және әдеби мұраға өте сергек қарағаны, жоғары бағалағаны аңғарылады. Мұның үстіне шығыс халықтарының түрлі діни, қаһармандық, хикаялық, ғашықтық қиссаларын да ұқыпты түрде хатқа түсіріп, кітап етіп бастыруға талаптанып, өздері де шығармалар жазып отырғаны секілді жайттар байқалады. Бұл мәселе сол дәуірлердегі қазақ халқының жақсы сауатты болғаны, мәдени деңгейінің биік дәрежесін танытады.

Шығарманың ел арасына тараған бірнеше нұсқалық екендігі айтылады. Шорман нұсқасы шамамен 1870-1900 жылдар аралығында жазылып алынғаны айтылады. Бұл нұсқа Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Араб әрпімен жазылған, көлемі 25 беттік дүние.

Туындының келесі бір нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы араб әрпімен жазылған 22 беттік «Қисса Һақира-Таймус». Қолжазба шамамен ХХ ғасырдың бірінші жартысында жазылған делінеді. Нұсқа жөнінде «Бабалар сөзінде»: «Бұл - Шорман молдадан үйренген Қыпшақбай ақын нұсқасы» деген анықтама беріледі.

Бағдатұлы Қыпшақбай ақынның ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысы аралығында Омбы облысының Москаленко ауданында өмір сүргені айтылады. Демек, Қыпшақбай Шорман ақынның жерлесі болған. Оның да хатқа түсірген шығармалары, қолжазбалары күні бүгінге дейін қолжазба қорларында сақтаулы. Қыпшақбай ақынның да «Тотынама», «Мың бір түн» секілді шығыс ертегілерін «Сейтбаттал», «Әзірет Әлі» секілді дін қайраткерлерін жырлайтын діни шығармаларды да кітаби нәзирашыл ақын ретінде жырлап отырғаны аңғарылады.

Шығарма оқиғасы шығыс халықтар фольклорында көп кездесетін бір елдің патшасының, уәзірінің көп уақытқа дейін перзентсіздік күй кешуі, қайғы шегуі секілді дәстүрлі оқиғалардан бастау алады:


Падиша жұрт билеген әділ сұлтан,

Ренжімес жалғыз жан да қауым жұрттан.

Орта жасқа жеткенше перзенті жоқ,

Бұл патша бала үшін қайғы тартқан, -

деген үзіндіден шығарманың идеялық мақсатына қатысты екі мәселені аңғаруға болады. Біріншісі – болашақ кейіпкердің әкесінің ел билеген патша екендігі және оның әділдігі, екінші – оның перзентсіздігі. Демек, болашақ кейіпкердің ата-анасы, елі-жұрты ұзақ күткен сүйікті бала болып дүниеге келетіндігі.

Патша шамамен алпыс жасқа жақындағанда әйелі жүкті болып, патша да, бүкіл шаһар халқы да қуанышқа бөленеді. Қаншама ғаріптерге, жетім-жесірге садақа, нияз беріледі. Патша ұлды болады. Шығармада патшаның бас уәзірінің де перзентсіз екендігі, оның мұңды болып жүргені осыдан кейін айтылады. Оның да әйелі жүкті болып, ханым босанған сәтте уәзір әйелі де дүниеге ұл бала әкеледі. Дүниеге екі баланың бір күні келуі екеуінің бірге дос болып өсуі, болашақта түрлі оқиғаларда бірге болатындығынан алдын-ала хабар бергендей болады. Ата-аналары бұл балаларды бірге тәрбиелейді. Бұл жөнінде:

Дүниеге екі бала бір күн келді,

Бір жерге асырайық мұны, - дейді.

Аналары бір-біріне сүт емізіп,

Екеуі дос болсын деп бірдей дейді,- деп беріледі.

Патша баласының дүниеге келуі ұлан асыр той жасалып аталып өтеді. Уәзірдің баласын Қағира, падишаның баласын Таймус деп қояды. Нәзиралық шығарма авторының уәзір баласын алдымен атауы болашақ оқиғаларда Қағираның белсенді кейіпкер болатынын аңдатады. Ол нағыз дос ретінде патша баласы Таймусқа әрқашанда көмек етіп, қандай қиыншылыққа болса да досы үшін төзеді. Шығыс фольклорында патша мен уәзірдің перзентсіз болуы олардың жасаған көп мінәжатынан соң патшаның әйелі ұл, уәзірдің әйелі қыз туып жатуы көп кездеседі. Олар да бірге тәрбиеленіп, ата-аналары құда болысып, соңынан көп жағдайда қыздың әкесінің-уәзірдің опасыздығынан шым-шытырық оқиғалар болып жатады. Ал бірсыпыра шығармалар осы Қағира мен Таймус секілді екі ұл болып туылып, адал достық жырланады.

Екі дос әрқашан бірге болып, бірге тәрбиеленеді. Ол жөнінде шығармада:

Бес-алты жыл молдадан бала оқыды,

Баласы уәзірдің және оқыды.

Он екі пән оқуды түгескен соң,

Түрлі ғылым оқуын және оқыды.

Балалар оқу ғылымын түгендейді,

Әр түрлі үйренеді өнерлерді,- деп беріледі.

Балалар оқу-ғылыммен қатар әскери өнерге де көп машықтанады. Екеуі есейіп, ел аралап, тау, дала кезіп сейіл құрады. Күндердің бір күнінде Қағира мен Таймус сейілден қайтып келе жатқандарында жол бойында тұрған екі тіленші патша баласы Таймустың сұлулығына таң қалысып, әңгімелесіп тұрады. Шығыс фольклорында қисса, хикая кейіпкерлерінің өте сұлу болуы ол жақсы бітімімен байланысты қабылданып, оның болашақта игі істер істейтін кейіпкер болуы фәлсафалық тұрғыдан бағаланып жатады. Сондай бір туынды «Хикаят Қамар-Заман», онда да патша баласының, Шынмашын елінің патша қызының сұлулығы болашақ оқиғаларға бастау болып жатады. Сол секілді Таймус та өте сұлу, оның сұлулығын бала кезінде-ақ былай:

Баланың толған айдай нұры балқып,

Бір көрсе мас қылады тамам елді, - деп «Қисса Жүсіптегі» Жүсіп сұлулығына пара-пар суреттеледі. Екі тіленші де:

Бірі айтады: - Мынау кім патша затты,

Анық патша секілді салтанатты.

Бар Құдай, қандай асыл жаратылған,

Адам да туады екен бұндай затты?!-

деп таң қалысады. Екінші тіленші оның патша баласы екенін айтады. Сол сәтте бірінші тіленші бала сұлулығына онан ары тамсанып, бұған теңдес қыз Шын-Машын елінің патшасының қызы ғана болар еді деген әңгіме айтады:

-Уа, дариға, мұндай жан болады екен,

Адамзатта мұндай жан туады екен.

Пері болсын, періште, адам болсын.

Һәрқашан тәңірім тағдыр қылады екен.

Шын-Машын шаһарының падишасы,

Салтанатты салдырған гүл бақшасы.

Дариға, бұған теңдес болар еді,

Пағпур қызы Мәлике ханышасы,-

деп тағы да дәстүрлі Шын-Машын елі, оның патшасының қызы Мәлике сөз болады. Бұл жолдар қисса кейіпкерлері екі жас баланың болашақ бастан кешер оқиғаларына бастау болып тұрғаны анық. Бұл оқиға - шығарманың негізгі өзекті оқиғасы.

Екі тіленшінің айтқан әңгімелерін Қағира естіп келе жатқан болатын. Ол досына тіленшілердің әңгімесін есіткен-естімегенін Таймустан сұрайды. Ол зер салмағандығын білдіреді. Әйтсе де, Қағира екі тіленшінің әңгімесінің сырын сұрауға ниет етеді. Таймус келіседі, екеуі келіп, қайыр-садақаларын беріп, айтылған әңгімелерінің жөнін сұрайды. Тіленшінің бірі:

... – Берейін жауабымды,

Қоятұғын емессің сұрауыңды.

Екеуің де балдырған бала екенсің,

Дүниеде берсін Алла мұрадыңды,- деп бастап Шын-Машын шаһарында Пахпур хан деген патша бар екенін, оның жалғыз қызы Мәликенің сұлулығына ғажап қалысып, бір көрген жанның бәрі естен танып, ғашық болып жататынын айтады. Тіленші де өзінің бір кезде бай, дәулетті кісі болғанын айтады. Мәликенің дидарын күнде бір көріп тұру үшін дәулетін шашып, осы қалыпқа түскенін айтады. Сол ғашықтықпен дүние малынан айырылып, тентіреп кеткенін сөз етеді. Бірақ екі жас балаға Шын-Машын шаһарының тоғыз айлық жол екенін, онда баруды ойламауды ұсынады. Тіленшінің бұл сөздерінен екі жастың алдағы болатын сапарының әрі ұзақ, әрі қиын болатындығынан хабар беріледі. Жалпы, «Мың бір түн», «Қырық күң», «Қисса қырық уәзір», «Сандбаднама» секілді шығыс фольклорының үздік үлгілеріне тән ортақ желілер, көшпелі сюжеттер, ұқсас кейіпкерлер мол ұшырасып жатады. Бұл жағдайдан «Тотынама» да тыс тұра алмаған. Оның әңгімелерінің де бірсыпырасы аталып өткен туындыларда жолығып жатуы қалыпты құбылыс. Бірақ бір шығарма тұтас қайталанбайды, сюжеттік желінің кейбір тұстары, оқиғалар қайталанып, өзге тұстары басқаша өріліп жатады.

Қағира мен Таймусқа тіленші сөзі қатты әсер етеді. Мәлике сұлуды қалай да көрмек болып, ата-аналарына айтпай алыс та мехнатты сапарға аттанады. Көп қиыншылық көріп, Шын-Машын шаһарына да жетеді. Бірақ шығармада «Мың бір түннің» «Сейфулмәлігіндей» бұлардың сапары, көрген қиыншылығы баяндалып жатпайды. Тек:


Екеуі тәуекел деп жүріп кетті,

Мехнатты көруіне көніп кетті.

Тоғыз айлық жол екен екі арасы,

Мехнатты көре-көре әрең жетті,-


деп қысқа ғана жинақтап жеткізеді.

Бұлар Шын-Машын шаһарында пәтер жалдап, аты жүз діллә беріп тұрып жатады. Шаһарды көп аралап, қыздан дерек таба алмай шаршайды. Осы сәтте Таймус бейнесі белсенді әрекет үстінде көрінбейді. Ол қаланы көп аралап, қыздан дерек ала алмағанына қайғырып, пәтерде жатып алады. Бірақ жігіттің досы Қағира қаланы аралап қызды іздеуін тоқтатпайды. Үнемі белсенді әрекет үстінде суреттеледі. Сөйтіп жүріп арада бір жыл уақыт өтеді.Бір күндері сәнді, салтанатты киінген үш салт атты қаланы аралап, дүкендерді үш күнге жаптырып, сауда-саттық, дау-жанжал, ретсіз сөз бәрі де үш күнге тоқтатылады. Бұл - патша жарлығы, себебі патшаның қызы Мәликеге қатысты екен. Жаршылардың айтуы бойынша Мәлике үш күн оқу оқиды, оған бір молда кемпір үш күн дәріс жүргізеді. Онан соң қыз ұзатылады. Бұл сөзді есіткен Қағира олардың соңына түседі. Олар қала ішіндегі бір үйге түсіп, көп кешікпей қайтып кетеді. Қағира енді осы үйді бақылайды. Қызды оқытатын молда кемпірдің үйі екенін шамалайды. Қағира молда кемпірдің үйін сырттай бақылап, ұзақ жүреді. Қиссада оның түнімен сол жерде болғаны аңғарылады. Кемпір таң намазына шығады. Оның мешітпен екі ортадағы жүрер жолын анықтап, жолға екі жүз алтын теңге шашып қояды. «Осыншама ақша неліктен жолығуға бір себеп болмас»,- деп ойлайды. Алтынды көрген кемпір таң қалып, алтын ақшаларды тамашалап, тұрып-тұрып олардың бәрін жинап алады. Кемпір үйіне қайтады, Қағира да үйіне қайтады. Болған жайдың ешқайсысын Таймусқа айтпайды. Ол да сұрай қоймайды. Өйткені оның көкірегінде ғашықтық қайғысы арта түскен. Қағира таң намазының алдында тағы да кемпірдің үйіне келеді. Кемпірдің жолына екі жүз алтынды дәл кешегідей шашып қояды. Ақшаны көрген кемпір де мұның бір себебі бар ғой деп ойланады. Әйтсе де, ақшаны түгел жинап алады. Қағира қайтадан пәтеріне қайтып кетеді. Осы оқиға тағы да осы қалпы қайталанады. Үшінші рет жол үстінде жатқан екі жүз алтын теңгені қолына алып тұрып:
Бейшара бір ғаріптің мұңы бар-ды,

Аузы жетпей жүрген бір ғаріп шығар,

Бейшара маған қайдан жолығады?!- деп ойлап:
Бұл алтынның иесі, қайда тұрсың,

Аузың жетпей бір ақыл сайлап жүрсің.

Ысырап қылып көшеге малың шашып,

Бейшара, қандай ниет ойлап жүрсің?-

деп дауыстап сұрайды. Бұл жолдардан кемпірдің ақылды, білімді жан екені аңғарылады. Сонымен бірге, Қағираның да ақылды, айлалы, шешімтал азамат болып өскенін көрсетеді. Молда кемпір оның іс-әрекетінен осы жағдайды шамалағаны шығармада аңғарылады. Кемпір:
Кім де болсаң, сен маған көрін,- дейді,

Не мұңың бар, білейін, жөнің,- дейді.

Мұқтажың бар болса жеткізермін,

Мұңыңды айт, бейшара, келіп енді, -


деп Қағираны шақырады. Қағира тәуекелге бел байлап, жасырынып тұрған жерінен шығып, кемпірдің алдына келіп, қол қусырып, тағзым етіп сәлем береді. Кемпір мұның сұлулығын, әдептілігін сынай қарап, ұнатып қалады. Сөйтіп жөн сұрайды. Қағира бүкіл жайды түгел айтады. Сыртынан Таймусты да сипаттайды, мақтап-мадақтайды. Өзінің оның жолдасы екенін айтады. Уәзірдің жар салғандағы патша қызы Мәликеге молда кемпірдің үш күн сабақ береді дегенін айтады. Арман-мұраты кемпір арқылы қалай да Мәлике сұлуға жолығу екенін жеткізеді. Кемпір ол жайдың мүмкін еместігін, сондықтан әуре болудың қажет еместігін айтады. Өйткені ол бір елдің шаһзадасына ұзатылып бара жатыр, бірақ оның күйеуі Мәликені көрген емес, тіпті қалыңдық ойнауға да келген емес дейді. Бұл айтылған жайдың шығарма арқауында өзіндік орны бар жолдар. Шығарма сюжеттік желісінде алда болар оқиғалар Мәлике сұлу мен оның күйеуінің күні бүгінге дейін бірін-бірі көрмеуімен тығыз байланысты өріледі. Ақылды Қағира осы жайды ұтымды пайдаланады. Тәуекелге барып, өлімге бас тігіп, әрекет етеді.

Кемпірдің жат елде текке өлесің, одан да еліңе қайт деп айтқан көп үгітіне көнбейді. Қызбен жолықтыруды, Таймуспен таныстыруды қатты өтініп сұрайды:

Мұңым сол сізге айтқан, молда шеше,

Әрине, іс бітпейді мұнда, шеше.

Армансыз дүниеде болар едім,

Бір қабат жолықтырсаң қызға, шеше.

Бір қабат қыз Таймусты көрсе, - дейді,

Қандайын бір-бірінің білсе,- дейді.

Қыз қызығып бұрылмай кете берсе,

Таймустың арманы жоқ өлсе, - дейді.

Молда кемпір Қағира сөзіне толық иланады. «Таймус түгіл өзіңнің дидарыңа мен-дағы қызығып тұрмын, жарықтығым» деп тілектестік шырай таныта бастайды. Әйтсе де, ертерек жолықпадыңдар, енді кеш деп, бұл істің жөні келмейтінін айтады. Қағира өтінішін тоқтатпайды.

Шығарманың бір тақырыбы – адал достық. Қағираның Таймусқа деген адал достығын танып, кемпір көмектесуге ниет етеді. Ол да шынайы махаббат пен адал достықты жоғары бағалайды. Сондықтан да жастарды жолықтыруға әрекет етеді. Сөйтіп, Қағираға:

Таймуспенен рас дост болсаң, - дейді,

Достықтың уағдасында тұрсаң, - дейді.

Көрінуге бір себеп болар едім,

Достың үшін жаныңды қисаң,- дейді.

Сонда Қағира да лайықты жауабын береді:

Достыма жаным пида, молда шеше,

Шүбһәлі ол жағынан болма, шеше.

Мәликені көре алмай қайтқанымша,

Арман жоқ көріп өлсем мен де, шеше.

Кемпір Қағира жауабына қаныққан соң, оған ақыл айтып, қызбен жолығудың жөнін көрсетеді. Қағираға өзінің киімдерін киюді ұсынады. Кемпірше киініп, бүркеніп, молда шеше болып, қызға қалай жетудің жолын айтады. Қаншама қақпадан, қанша күзетті есіктен өтіп, қызға жеткен сәтте оның кемпірді таққа отырғызып, бетіндегі пердесін ашып барып, әңгімелесетінін айтады. Кемпірдің айтуынша, ең қауіпті сәт осы. Ашуға булығып қыз жігітті қылышпен шауып тастауы мүмкін екендігін айтады. Жігіттің жанынан қорықса, бармауын өтінеді. Ол досым үшін жаным пида деп кемпірдің киімін киіп, патша сарайына жөнеледі. Қыз Қағираның бет пердесін ашып көрген кезде қатты ашуланады. Қолына қылышын алады:

Сен менің сарайыма қайдан келдің?

Ақырды: Тастайын, - деп,- басыңды алып, - дейді.

Қағира қызға тайсалмастан жауап беріп, істің мән-жайын айтады. Патша ұлы Таймусқа бір жолығуын өтінеді. Шығармадағы осы сәт көркем жеткізілген. Қағира қандай жауап айтса да, патша қызы оны үнемі қылышпен шауып тастауға ұмтылып отырады. Қағира да төбесіне төнген қылыштан қаймықпай, өзінің досы Таймустың да Мәлике секілді патша перзенті екендігін, ақылына көркі сай азаматтығын, Мәликені көрмей ғашық болып, бір көрмек үшін жылдап сапар шегіп, арып-ашып жүргенін айтудан танбайды. Мәликеден Таймусты бір көруін өтінеді және оның да Таймусқа міндетті түрде ғашық болып қалатынын айтады. Бірақ Мәлике өзінің ұзатылғалы жатқанын айтып, бас тартады. Дегенмен, Қағираның көп өтінішінен соң қыз да кемпір секілді Қағира мен Таймустың достығын сынайды. Досы үшін жанын қия ала ма деп көп тексереді. Досым үшін жаным құрбан деген Қағирадан кемпір секілді аят оқытып, ант бергізіп, сынайды. Осыдан кейін барып, Мәлике мен Қағира келісімге келеді. Қыз өзінің ертең таңертең ерте ұзатылатынын, бірақ жолда анасының қабірінде тоқтап, «Йасин» сүресін оқып шығатынын айтады. Анасының қабіріне түнде барып тығылып отыруы қажеттігін айтады. Демек, қыз бен Таймус мазарда жолығып қалады да, қыз орнына Қағира көшке келіп, Мәлике болып ұзатылуы тиіс. Бірақ түбі Қағира ұсталып, өлуі анық. Соны Мәлике Қағираға осы өлімге досың үшін көнсең, кел, кетерде досыңмен арыздасып аттанарсың, әйтпесе осы өлімнен қорықсаң, жылдам қайт. Онда Таймуспен біз жолықпаймыз деген әңгімені айтады. Сонда Қағира жоғаыда кемпірге айтқан сөзін, уағдасын қызға қайталап айтады. Жігіт досының уағдасы достық анты шығармада былай беріледі:

Қағира айтты: - Достыма жаным құрбан,

Достым үшін өлімнен мойным бұрман.

Қыз болып ұзатылып кету үшін,

Ант беріп, аят оқып, уағда қылам.

Қағира қыз ұстазы молда кемпірге оралады, өзінің аман-есен оралуын тек кемпірдің киімін кигендіктен, қыздың сенің басыңды шапсам, сенің қаныңа ұстазымның киімі былғанып қалады деп қана аман қалдым. Бұл жалғанда сізге разымын, енді қызға баруға шамамыз келмейді. Рұқсат етсеңіз, қайтайын деп қызбен арада болған уәдені кемпірден жасырады.

Шығармада молда кемпір бейнесінің сомдалуы қызық. Жігітке разы болған ол жігіттің үш күн бойы жолға шашқан алты жүз алтын ақшасын қайтарып береді. Жігіт те бергенін ала салады. Шығармадағы идея кемпірдің адал достықты жоғары бағалағаны болуы мүмкін, бірақ оқиғаның суреттелуі солғын, көріксіз шыққан.

Қағира Таймусқа болған жайдың бәрін әңгімелеп береді. Оның сен қыз анасының мазарында Мәликемен қаласың, оның орнына мен ұзатыламын деген сөздеріне Таймус келіспейді. Оның Қағираға деген шынайы достық пейілі осы жерде жақсы сипатталады. Бір қыз үшін жан досынан айрылуға Таймус келіспейді, «ондай қыздың маған енді керегі болмас, бұл дүниеде, достым, сенсіз көңілім тынбас, бір сағат жүзің көрмей шыдамаймын. Қой, достым, қайғың ішке сыймас» деп қыз үшін досынан айрылуға еш уақытта көнбейтінін айтады. Онан да ешқашан көрмеген, сыртынан ғашық болған қыз үшін сандалмай елге қайтайық, сондай бір қыз елімізден де табылар деген талап қояды. Бірақ онымен Қағира келіспейді. Өзінің қызбен уағдаласып, анттасып, серт байласып келгенін айтады. Арнайы келген соң қызды алып кету керек, ажалсыз жан шықпайды, мен аман болсам, қырық күнде осында жетермін, мені осында күтіңдер деп, өзінің шешімін білдіреді. Таймус досын қанша қимаса да, оның дегеніне көнуге мәжбүр болады. Ғашық болып, қайғыға батып, қам-қарекетсіз жатқан Таймустың осы сәті шығармада сәтті суреттелген.

Жігіттер түнде уағда бойынша қыз анасының мазарына келіп жасырынады. Таңды осында атырады. Патша да өз келісімі бойынша қызын ұзатуға кіріседі, сонда қызы ұзатылар алдындағы соңғы тілегін айтады. Ол анасының мазарына барып, «Йасин» сүресін оқып, қоштасып шығуы. Көш қозғала берсін, соңынан өзім барып қосылайын деп сұранады. Әкесі де келіседі. Қызды ел-жұртымен амандастырып, ұзатып жібереді. Мазарда жолыққан Таймус пен Мәлике бір-біріне қатты ғашық болады. Келісім бойынша Мәлике орнына қалыңдық киімін киіп Қағира қырық күн күндіз қалада, түнде осы мазарда мені күтіңдер, аман болсам, жетемін, ал қырық күннен асса, қарайламай жүре беріңдер деп аттанады. Қағира қыз орнына келіншек болып түседі, жігіттің еліне, шаһарына жетеді. Жігіттің қарындасы көп дос қыздарымен жеңгесінің алдынан шығады, ол да Мәлике секілді ғажап сұлу қыз екен. Қағира оған ғашық болады. Өзін көргісі келген жігіт әкесінен-патшадан шаршап келгенін сылтауратып жеті күн мұрсат сұрайды. Осы жеті күн ішінде Қағира хан қызымен бірге болады. Қағира патша қызына түрлі айлалы әңгімелер айтады. Сөйтіп, патша қызымен қосылады. Соңынан оны алып қашады. Таймус пен Мәликеге жеткендерінде отыз тоғыз күн толған екен. Бұлардың қосылып, өз елдеріне аттануы шығармада былай беріледі:

Бұл төртеуінің көрік-сипаттарын,

Қиыстырып сипаттап біле алмас-ты...


Отырып ақылдасты төрт асылзат,

Төртеуінің мінгені арғымақ ат.

Тәуекел деп жөнелді тағы түнде,

Төртеуі де ханзада асыл әулад.


Жолықты ғашық болып бір-біріне,

Өлшеулі жан болмайды бұл төртіне.

Екеуі екі патшаның қызын алып,

Қағира мен Таймус келді өз еліне.

Патша, елі-жұрты қуанысып ұлан-асыр той жасауымен шығарма оқиғасы аяқталады. «Тотынама» ертегісінің негізінде жырланған «Қағира мен Таймус» қиссасы - адал достықты, шынайы махаббатты жырлайтын туынды. Сонымен бірге, жастардың өз мақсаттарына жету жолында олардың білімі мен ақылы айлалы іс-әрекетпен ұштасып жатады.

Шығарма соңында кітаби нәзирашыл ақын қиссада жырланған сюжеттік желі, сомдалған кейіпкерлерді негізге алып, қазақ жастарына көп ағартушылық ойлар айтады. Оларды оқу оқуға өнер үйренуге үндейді. Сол жолда оларға Қағира мен Таймустың білімді де ақылды жастар болғанын үлгі етеді.

Қағира мен Таймус оқиғасы «Мың бір түн», «Қырық күң», «Сандбаднама», «Тотынама» секілді шығыс фольклоры материалдары дәстүрінде жырланған. Шығарманың сюжеттік желісіне арқау болған негізгі оқиғалар осы аталған классикалық туындылардың біршамасында кездеседі. Дегенмен қисса оқиғасы «Бабалар сөзінде» «Тотынаманың» жиырма төртінші түн оқиғасымен сәйкес келеді, соның негізінде жырланған деген ойлар айтылады. Мұнда да екі ғашыққа көп көмектесетін, сол жолда қиындық көретін жігіт жолдасы болады, бірақ Қағира мен Таймуста кейіпкерлер патша, уәзір, патшаның баласы, уәзірдің баласы, патша қызы боп келсе, «Тотынамада» арабтың бәдәуи тайпасының Банутамим руының Бәшір дейтін жас жігіті мен Жанда деген өте сұлу қызының арасындағы ғашықтық оқиғасы сөз болады. «Тотынамада» әңгімеленген оқиға шағын көлемді және кейіпкерлері де көп емес, яғни оқиғаның суреттелуі жағынан да, соған орай кейіпкерлердің сомдалуы тұрғысынан да ықшам туынды. Сондықтан да «Тотынамадағы» 24-түнгі әңгімеленген оқиға шағын әңгіме дәрежесінде қалған. «Тотынаманың» шығармашылық табиғатына бұл мәселе тән, бірақ қазақ нәзирашыл ақыны «Тотынамадағы» шағын оқиғаның негізінде, өзге жоғарыда аталған шығармалардың ықпалы мен дәстүрінде толыққанды, дербес нәзиралық қисса жазып шыққан. Көлемі де, кейіпкерлер әлемі де, шым-шытырық қызықты оқиғалы желісі де туынды жайлы осылай қорытуға негіз болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет