Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінен үзінді ...Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет.
Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы
деген сөз.
Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан
табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым
және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады.
Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың
мызғымас үштағаны деуге болады.
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды
жақсылыққа жетелеуіміз керек.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни
азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса
мән беруге тиіс.
Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-
тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар
адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың
міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі
тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек,
сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет.
Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық
құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп
бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып
шығуы керек.
Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім.
Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау,
қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр
жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Отанын
шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр
гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір
сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-
әрекетімен көрсетеді.
Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи
орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет.
Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу
шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып
жүрмін. Ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей
білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз
маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің
майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген
адам қашанда сұранысқа ие болады.
Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге
қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс.
Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы
заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды.
Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай
жасауымыз қажет.
Түркістан қаласы, 17 маусым 2023 ж.