Мотив – ынта-ықыластың аууы. Мониторинг – күнделікті бақылау, бағалау және болжау; білім беру үрдісінің барысын, нәтижелерін және тиімділігін ізбе-із үздіксіз зерделеу. Нысан – субъектің, яғни адамның таным мен іс-әрекет аймағы. Объект – адамның, іс иесінің таным әрекетінің бағыты, әрекет құбылысы, зерттеу нысаны. Өлшем – бір нәрсені бағалауда, анықтауда немесе жіктеуде негізге алынатын белгілер, бағалау өлшеуіштері. Бағдарламаларын мәлімделген мәртебесіне сәйкес сапалы ұсыну жөніндегі қызметін бағалау. Педагогикалық әдіснама – педагогикалық білім және оны меңгеру үрдісі туралы ілім. Олар: бастапқы, өзекті, іргелі, философиялық теориялар, тұжырымдамалар, болжамдар сияқты әдіснамалық мәні бар ілімдер. Парадигма – ғылымның белгілі бір даму кезеңінде ғылыми қауымда қабылданған теориялық және әдіснамалық қағидалар жиынтығы, олар ғылыми таным барысында пайда болатын болжамдар мен мәселелерді шешуші ғылым тұрғысында түйсіну үшін үлгі, нұсқа, стандарт ретінде қолданылады. Педагогика пәні – тұлға тәрбиесі, оқуы, білімденуі, дамуы, қалыптасуы. Педагогикалық үдеріс – оқу мен тәрбие бірлігі арқасында орындалатын білімдену мақсатынан оның нәтижесіне қарай болған іс-әрекет, ілгері қозғалыс. Субъект – сыртқы ортаны нысанды танып білетін және өзінің мүдделеріне бағындыру мақсатында ықпал жасаушы. Оқу ісіндегі субъектілер – оқытушы мен оқушының тұлғалық бағытталған өзара әрекеті болып табылады. Технология – қандай да қызмет, іс-әрекеттерді (үдерістерді) жүзеге келтірудің жолдары мен шаралары (средства) жөніндегі білімдер жиынтығы. Түйін – сөз мәнінің қысқа баянды, сөздің қорытынды түйіні, міндеттердің, әрекет аясының, өкілеттік қызметтің ықшам айтылуы. Экстернат - білім алушы сабаққа үнемі қатыспай-ақ білім беру бағдарламасының оқу пәндерін өз бетімен оқитын оқыту нысандарының бірі. Эксперименттік алаң – жаңа педагогтік технологиялар мен білім беретін оқу бағдарламаларын мақұлдаудан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы. Элиталық білім – дарынды адамдарға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында іске асырылатын арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша алынатын білім.
2 ДӘРІСТЕР
№1 модуль Қазақ тілін оқыту әдістемесі.
№1-дәріс
Тақырыбы: Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні, мақсаты мен міндеті, әдістеменің ғылым ретінде дамуы, зерттелу жайы. (2сағат)
Дәрістің жоспары:
1.Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні.
2.Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері. 3.Қазақ тілін оқытуға қойылатын ғылыми - әдістемелік талаптар.
Дәрістің қысқаша мазмұны: Қазақ тілін оқыту әдістемесі – қазақ әдеби тілінің маңызын, әдіс-тәсілдерін, амалдарын, оқушыға ана тілінен білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім ана тілінен теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады, Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді.ондай дағды мен білік, тәрбие беру қазақ тілін дұрыс оқыту арқылы іске аспақ. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» – ғылыми-теориялық білім беруді мақсат ете отырып, оның болашақта зерттелуге тиіс проблемаларына байланысты студенттерді ғылыми ізденіске баулуды өзінің міндеті деп санайды.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің міндеті – студенттерге теориялық және тәжірибелік тұрғыда білім беру, яғни, сөз және ұғым, мағына, сөз мағынасы, оның даму жолдары, құрылымдық түрлері, сөздік құрамның толығу жолдары, кірме сөздер, олрадың алатын орны, шығу тегі, семантикалық сипаты, жалпы тіл білімінде тілдік категориялардың зерттелуіндегі әлі толық ашылмаған жайттарға студенттердің назарын аудару. студенттердің қазақ тілі пәнінен алған білімін қайталап еске түсіре отырып, бір ізге салу жолдарын меңгерту. Қазақ тілінің сөз байлығын терең игерте отырып, оның ішкі құрылыс жүйесін, өзгерістерін талдауға жетілдіру. Лексиканың актив және пассив қоры туралы түсініктерін молайтып, қазақ тілінің сөздіктерімен жұмыс жасатудың ең оңай әдіс-тәсілдерін меңгерту. Сөз мағынасының өзгеру себептерін, лексикалық мағыналардың түрлерін, шығу, пайда болу тарихын, қазақ тілінің сөздік қорының жалпы сипатын, басты белгілерін меңгертудің жолдарын үйрету болып табылады. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәні бойынша мынадай мәселелер қамтылады: студенттердің қазақ тілін оқыту жайлы білімдерін анықтау; лингвистикалық және әдістемелік еңбектерге, бағдарламалар мен мектеп оқулықтарындағы қазақ тілінің берілу жолдарына талдау жасату; дидактикалық материалдар арқылы қазақ тілін оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін меңгерту; қазақ тілінің салалары бойынша алған теориялық білімдерін тест жүйесі арқылы тексеру; қазақ тілін оқытуда болашақ мұғалім ретінде оқушылардың іскерлік дағдыларын қалыптастыру, оны жүзеге асыру жолдарын үйрету; сабақ жоспарын жасату, өзіндік пікірлерін қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |