«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет39/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   56
Рухтіршілік тынысы, жоғарғы ақиқатты танушы адамдық қасиет.Қоғамның рухани саласы – ең күрделі, сонымен қатар, бір қарағанда байқалмайтын құбылыс. Біз желдің бар екенін білеміз. Бірақ, ол көзге көрінбейді. Сол сияқты жалпы Р–ты ешкім ешқашанда көрген жоқ. Бірақ, оның бар екеніне ешкім күмәндәнбайды. Егер “Р.” деген ұғымның шыққан тегін қарасақ, онда грек тілінде ол “пневма” – яғни, ауа, тыныс, үрлеу – деген сөздерге жақын, латын тіліндегі “спиритус” – көрінбейтін, жеңіл, тыныс деген сөздерге жақын мағына береді, ал орыстың “дух” деген сөзінің төркіні “дуновение”, “дыхание”– деген сөздерге жақын. Дүниеге ең жалпы түрде қарағанда біз материя мен Р–ты ғана табамыз. Олар бір–біріне контрарлы, қарсы, сонымен бірге, бір–бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Ал осы екеуінің қайсысы дүниенің негізінде жатыр деген сұрақ – әрқашанда ашық, жоғарыда көрсеткеніміздей, оған ойшылдар әр–түрлі жауап береді. Болашақта да бұл сұрақ ашық болып қала бермек, өйткені, болмыстың шегіне жеткен негіздерін ашсақ, онда біз құдайлық дәрежеге көтерілген болар едік. Алайда, адам Құдай емес, ол кеңістік пен уақытта шектелген пенде, ал дүние – шексіз. Сондықтан да көп жағдайда қарапайым адамдар Р–ты дінмен ұштастырып, оның түп–тамырын Құдайдың күш–құдіретімен байланыстырады. Әрине, бұл ғылыми талдауды талап етпейді, оған тек сену керек. Сондықтан да, бүгінгі адамзат қандай білім мен техниканың биік дәрәжесінде болғанымен, миллиардтаған адамдар Құдайға сенеді. Бұл сенім оларға күш–қуат беріп, дүниедегі қиындықтарға тойтарыс беруге көмектеседі. Құдайдан адамды өзіне тартып алу үшін Мефистофель (зұлымдықтың символы) адамға: “Сен маған жан–дүниеңді берсең, мен саған мәңгілік өмір, өлместік берер едім” – депті дейді Гете өзінің әйгілі шығармасында. Мұндай жағдайда, әрине, адам дене ретінде сақталғанмен, өзінің нағыз адами өзегінен айырылып, зұлым пендеге айналар еді. Алайда, бүгінгі адамды көп жағдайда діни көзқарас қанағаттындыра алмайды. Егер Құдай идеясын жақшаның ішіне алсақ, онды біз бәрібір Р–ты табамыз. Ол – адам. Оның шаттық пен қасіретке, үрей мен қиялға, махаббат пен риясыздыққа т.с.с. толы ішкі өмірі бар. Енді осы адами тұрғыдан Р–ты талдап көрейік.
Адамның денесі болғанымен, ол ең алдымен – Р. Өткен замандағы және қазіргі ойшылдардың бәрі де адамның рухани пенде екенін қажымай айтып келеді. Кең түрде алғанда, Р. деп біз адамның психикалық өмірінің ең биік, санамен байланысты оны жетілдіруге, кемеліне келуге итермелейтін, дүние мен қоғамды бірлікке, үндестікке шақырып, осы жолда оны өзгертуге бағытталған көріністерін айтамыз. Р–тың қайнар көзі материалдық дүниенің терең қабаттарына кетеді. Ол заттардың біртұтастығын және бір–бірімен байланыстарын қамтамасыз етіп, оларды жетілуге итермелейтін күш. Уақытында П. де Шарден айтқандай, оны біз молекуланың өз ішкі тартуынан ақ байқауымызға болады. Оны Платон “морфе” (заттың болмыс формасы), Аристотель қайсыбір дененің “энтелехиясы” ( оның болмысын анықтайтын ішкі мақсат–мұраты), В.Г.Лейбниц “монада” (көзге көрінбейтін рухани күш),– деп атап кеткен болатын. Егер өлі және тірі табиғатта оның осы ішкі күштері денесінен бөлінбей өмір сүрсе, адам дүниеге келіп, абстрактылық ойлау мүмкіндіктері пайда болысымен–ақ, олар оның санасында бейнеленіп, неше–түрлі категориялар, принциптер, нормалар, идеялар т.с.с. құндылықтарды тудырады.
Аса ескеруге алатын нәрсе – адам Дүниенің заңдылықтарын өз санасында тек бейнелеп қана қоймай, оны өзгертуге, жетілдіруге, кемеліне келген модельдерді қалыптастыруға, бүгінгі өмірде жоқ, бірақ, болуға тиістіні ойлап шығаруға тырысады. Міне, осының арқасында қоғам өмірінде тиістілік, болуға тиіс,– яғни, құндылықтар әлемі дүниеге келеді. Ол – Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Шындық, Әділеттілік, Еріктік пен Теңдік, Сүйіспеншілік, т.с.с. құндылықтар. Мұны Р–тың ең биік қызметі деп айтсақ та болады. Ол тұлға өмірінің мән–мағнасын құрап, соны өмірге еңгізуге бағытталған күш–жігерді тудырады. Алайда іргетасты өмір қайшылығы мынада: ешбір рухани құндылық, идеал, т.с.с. ешқашанда толығынан өмірде іске аспайды. Оны ойшылдар сонау көне заманда байқап “бәрі де әбігерлік, әбігерліктің әбігерлігі” – деген болатын. Сондықтан, ол Р–тың шынайы дүниедегі адамдар пендешілігіне қарап зарығып, зұлымдыққа былғанып жатқан дүниеге қарсы шығып, оқтын–оқтын көтерілуіне әкеледі. Егер дүние кемеліне келіп жетілсе, онда ол барлық қайшылықтарды жойып, яғни, өз–өзін жоқ қылатынын біз ақыл–ой арқылы түсінеміз. Ал, мәңгілік бақытты өмір осы тұрғыдан алғанда тозақтың ең жаман түрі болар еді. Алайда, ақыл–ой оны түсінгенмен, Р. оған қанағаттанбайды, ол қол астындағы кемшілікке толы болмысты Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Сүйіспеншілік т.с.с. құндылықтардың негізінде қайта өзгертіп жетілдіргісі келеді. Қайсыбір дін осы жолда ертелі–кеш зұлымдыққа тойтарыс беріліп, жақсылық, ізгіліктің болашақтағы жеңісіне сенуді уағыздайды. Әрине, ол адамның көңілінен шығады. Сондықтан, көп жағдайда нақтылы өмірде зұлымдық өз тойын тойлағанмен, ақырында жақсылықтың жеңетініне адамзаттың көпшілігі сенеді. Сонымен қатар, адам Р–ының кемеліне келген дүниеге деген іңкәрі мыңдаған жылдардың шеңберінде орсан–зор Өнер Әлемін тудырады. Оған әдебиет пен поэзия, қыл–қалам мен мүсін, сәулет пен әуен, сымбат т.с.с. өнер түрлерін жатқызуға болады. Өнер әлемі бізді аз уақыт болса да нақтылы болмыстан жоғарылатып, рухтың кереметтігін көрсетіп, жан–дүниеміздің ластанған жағын тазарып, біздің Ақиқат, Әсемдік, Сүйіспеншілікке деген сенімді нығайтады.
Қарапайым сана деңгейінде көп жағдайда “жан” мен “Р–ты” бір мағынада пайдаланады. Алайда, олар әр–түрлі ұғымдар. “Жан” (псюхе, анима) – деп біз адамның ішкі әлеміндегі өмірге деген іңкәрін, оның күнбе–күнгі қуанышы мен зардабын, оның жарқын, я болмаса күңгірт ұмтылуларын, жалпы алғанда, өмір сүруге (витальдық) бағытталған күш–қуатын айтамыз. Яғни, оны адамның дене құрылысымен өте тығыз байланысты сезімдік–психикалық құбылыстардың жиынтығы деуге де болар еді. Тарихи жан адаммен бірге дүниеге келеді. Ал Р–қа келер болсақ – ол адам психикасы дамуының соңғы жетілген сатыларымен байланысты. Енді жеке адамның өмір сатыларына келер болсақ, онда да Р. жаннан кейін қалыптаса бастайды. Егер жан деп біз адамның организм ретіндегі өмірге деген интенциясын (ұмтылысын) айтсақ, Р–тың өмір сүруі тікелей адамның дене құрылысымен байланысты емес. Р. қалыптасу заңдылықтарына сүйенеді, өз–өзін адам өмір шеңберінің аяғына дейін дамытып, кейбір кезде тіпті адамның дене ақуалын ауырлатып та жіберуі мүмкін. Қорыта келе, адамды рухани пенде десек те болғаны. Оның ішкі тебіреніс, үміт, сенім, т.с.с. құндылықтарға толы шегі жоқ өз рухани Ғарышы бар. Оның өзегі – адамның өзіндік санасында. Адам санасы арқылы өз–өзінен алшақтап, өзіне сындық рухани көкей көзімен қарай алатын мүмкіндікке жетеді. Ешбір жануардың мұндай қасиеті жоқ.
Сонымен, адам – дене және Р. Денесіз рух, рухсыз – дене жоқ. Дүниенің қызығына салынып, Р–ты аяққа басып, я болмаса, Р–ты биік ұстап, дене қажеттіліктерімен санаспауға тағы да болмайды. Р–тың негізгі мақсаты – дүниенің бірлігін, үндестігін қамтамасыз ету, оны жетілдіру болғанымен, шынайы өмірде біз бұрмаланған, қирату, бөлу, қарсы қойу, жоюға бағытталған Р–ты да байқауымызға болады. Оны халық “зұлым Р.” – дейді. Руханияттыққа келер болсақ, ол өмірді толыққанды безендіру, материя мен Р–ты бір–біріне қарсы қоймай, бірге жетілдіру, үндестікке жеткізу, адам өмірінің жан–жақтылығын, мейлінше бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету.

. Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008




Рухани бастаулар – а) адам болмысының табиғаты мен оның тұтастығынан, адам дүниесінің тұрлаулы байлығынан, адамның тұрмыс–салттағы болмысының ережелерінен туындайтын төл құндылықтар; ә) адамды Құдайға жақындату, Жаратқан сый еткен байлықты адамзаттың берекесін келтіруге, мәртебесін көтеруге жарату жолдары; б) әрі–сәріден түңілдіретін ауызбірлік пен өзара ықпалдастықта. Р. б. – адамгершіліктің тұнығында, адамзаттың бітімінде, әлемнің руханият тұрпатында, құдіретке құлшылық етуде. Б.– бастаулардың мұндай шоқтығында шындық пен шымырлық, тазалық пен табандылық, жақсылық пен жарасымдылық астасады; өмірлік кеңістіктің кеңдігі мен үдемелі талпыныстың теңдігі тұрақты ұстанымға айналады; сезім мен сенімнің тереңдігі біртұтастық пен серіктестіктен демеушілік табады; еркіндік пен жігерлілік тұлғалықтың тұрақты табандылығын құрайды.
Р. б–да: а) көзбен көретін бейнелік және ұйып тартатын ұғымдық ағымдар тоғысты; ә) адамның жасампаз күшінің қайнар көзі ашылды, индивидтің тұлғалық бейнесі жасалынды; б) ішкі және сыртқы агрессияшыл пиғылдың өрісі тарылды; в) өткеннің азғындығын тоқтатуға болады деген сенім мен болжам жалпы ұғым мен қағидаятқа айналды. Бейне, ұғым, тіл, мәтіндегі басым да бағдарлы қатынастар үйлестігі, әрі дүниетанымдық маңызы айқын ұстанымдар Р.б–лардың негізі мен құндылығын қалыптастырды. Бағдарлы ұстаным деп отырғанымыз: психикалық қызметтің түрлерін – түйсіктің, қабылдаудың, көңіл назардың, естің, түсініктің, ойланудың, қиял–арманның байланыстарын реттеу; қобалжу мен қуаныш барысында адам болмысындағы құдіреттікті іздеу; әлем мен адамның руханият тұрпатын толықтыру; басқа рухани перспективаларды ескеру. Іргелі ұстанымда – бастама мен бағыт түптес, руханилық шептес. Жаңа қағиданың қуаты – өзара түсіністік пен құрметтеушілікте.
Р. б. – ұтымды ұғымда. Ұтымдылық, алдымен бас қосуда, яғни, жаңашылдыққа құлақ түруде, жүйені жаңғыртуда. Ұғымдылық – ой–жарыстардың рухани жетістіктерінде, жеңілдіктерінде, жарасуға жетекшілікте. Жаңа түсініктер – өмірлік әлеуетті өзектендіруге арналған ынта–ықыластар. Ұтымды ұғым мен ұстаным әлемдегі күшпен қысымдау саясатын құрықтауда, бітімгерлік идеясын алға тартты. Қысымның қай түрінде болмасын зорлық–зомбылық, берекесіз атыс–шабыс, рухани азғындық адамзаттың үрейін күшейтті, санасын улады. Адамгершілікке сүйенген бітімгерлік идеясында Р. салауаттылық бағыттар, адамгершілік ұстанымдар ұлағатталынды. Р. б–лар мен бағыттар: а) адам мен әлемнің әлеуетін құлдыратпай күшейтті; ә) тар жолға, кикілжіңге ұрындырмады, б) адамдардың алуан мәдени–діни ортада бір–бірімен ымырада өмір сүруге үйретті.
Р.б. тазалық адамның өзін және қауымдастығын танып, олармен еркін және есті тілдесуге жол ашты. Содан адамгершіл тәрбиенің өміршеңдігі және адамның жасампаз және жауынгер рухты өмірі аумақтала түсті. Рухтанған жан жоғарғы құндылықтарды қабылдауға талпынды.
Қожа Ахмет Йасауи хақты, Р.б–лықты тануға ерекше мән берген халықтың қалаулысы. Оның өсиеті бойынша Тарихатты тану сегіз жүйеден – тәубашылдықтан, ғибадатшылдықтан, махаббаттан, сабырлылықтан, шүкіршіліктен, ризашылдықтан, заһидшілдіктен (анықтықтан), ғаріптіктен тұрады. Р.б. тазалықтың бұл тіректері – кісілік қасиеттердің мұраты мен көрсеткішін, қуаныш көріністері мен адамның жоғары құндылықтарға іштей бейімделуін білдірді. Қатынастағы тазалық қуат әкелгенде: «Адамның ғазиз досы жаннан артық» деген сөз қанаттанды. Бұл қасиеттер іштей ынталылықты, ұқыптылықты, тәртіпті үйлестірді. Адамның өзіне бекемдігі мен сенімділігі, өзге көзқарастарға төзімділігі осы бастаулардан нәр алды және әдептік ұстанымдарға тірек болды.
Қазақ халқының қанына туа біткен қасиеттер, оның дүниетанымының бірегей бітімі, өзіндік болмысы мен құндылықтары бар. Ол – адам болу, ел–жұрт болу, ортамен тыныштықта өмір сүру. Қазақ халқының ұраны мен ұстанымы қалыптасты: «адам болу керек», «ел–жұрт болу, бітімді келісімге қол жеткізу қажет». Адалдық, ақыл, адамдық, ақиқат – қазақ дәстүрі мен қазақтық деңгейдің бағыт–бағдары. Бұл өлшемдер, біржағы, адамгершілік жарастығының жалғасы, бір жағы, хақты, руханилықты, тазалықты тануға апаратын ізденіс жолы. Содан өзара түсінісу, бір–біріне сену сыңайы ыңғай табады, ағартушылық жұмысы тәрбиеге бағытталынады.
Оң бастаулар – әлемдік діндерді жақындастыру әрекетіне лайықты, діни өсиеттерді сабақтастыруға және заңдастыруға бағытталған, адамзаттың игілігіне арналған ықпалдастық. іргесі – ірілікте. Қысқасы, рухани бастау – тұтас та іргелі ірілік. Әзірге осы бағыттағы оң ниеттер кейде аяқсыз қалуда. Оған себеп: а) әлемдік, өлкелік кикілжіңнің бастаулары – лаңкестік, кедейлік, аштық, қатыгездіктің ошақтары сөнбеуде, құқық бұзар қылмыстар басылмауда; ә) ядролық қатер, жаһандық экономикалық қаржы дағдарысы, экологиялық қауіп тыныштықтың тұнығын ылайлауда. Қатерлік мұнымен шектелмейді.
Ізгі бастаулар адамдар арасындағы тұтастық пен бірлікті дамытуға ыңғайлы, ықпалды. Тең тұрмыс, әділ әрекет халықтардың өзара ықпалдастығын арттыратын, асқақтататын жетістікті қомақтады. Р.б. байлықты қоғамдық болмыстан, қарым–қатынастан бөле–жара қарауға болмайтынын ұғынушылық нығайды. Өмірдегі құдіреттілікті іздеу дегеніміз діни төзімсіздікке ұрынбау, әділетсіздікке көнбеу, күш көрсетуге немесе өзінше азып–тозуға берілмеу.


Рухани бапкерлік – қайраткерлік. Р. б–ң беделі адамның жасымен немесе шенімен емес, оның жанашыр жасампаздығымен және жетекші күш–қуатымен бағаланады. Бапкерлік, алдымен, адамның еркін де озық көзқарасымен және өнімді де өтімді ісімен өлшенеді. Басты құндылықтарды бағдар ретінде жүзеге асыратын, сол бастамаларды қолдайтын әрекеттерде саяси лидерлік, рухани бапкерлік пен рухани қайраткерліктің рөлдік, ұстаздық құны артуда. Рухани құндылық – өмірдегі сапалы жетістіктің өлшемі, жарасымды да жасампаз күштердің өрісі. Еңселі елдің үлгісі – лидердің бапкер, бапкердің қайраткер болатын, олардың үлгісі артық ұлағатында. Ұлағат: а) өзіндік бақылаудан, өзіндік сыннан, өзіндік шектеуден басталады; ә) азаматтың өзіндік және ұлттық абыройын сақтаудан білінеді; б) болмысты тірілтетін жасампаз күште, өрелі өнерде жалғасады; в) ұлттық бәсекеге ұйытқы және өлшем болатын білгірліктен қолдау табады. Ерлік пен елдікті танытатын мұндай ерен істер адамгершіліктің түбірін қалыптастырады. Адамгершілік мәдениетін тарататын рухани бапкерге, қайраткер ұстаздыққа мұқтаждық артуда.
Р.б–тың әлеуметтік және мәдени мәртебесін танытатын өлшемдер адамның ар–ұятын, өзгелер алдындағы адамгершілігін, аруақ пен Аллаға деген адалдығын толастататын іс–әрекеттерден құралады. Р. б. ақ ниеті, адал ісі арқылы ұятын ұлықтайды, нәпсісін құрықтайды, есі мен зердесін ардақтайды; ізгілікті іскерлігімен табиғатқа, қоғамға, адамға жасалмақ зияндықтан пендені арашалайды, зиянкестік жасаудан сақтандырады; адамгершіліктің мәртебесін көтеруге және құнттауға үнемі қызмет етеді. Р. б–ді ізетті, икемді, іскер деп жатады. Оның құндылығы – шындыққа бағытталған, адамгершілікті әрдайым жаңғыртатын және әділдікті жоғары ұстайтын нақты іс–әрекетте. Әділдікке қызмет еткендер арлы, адал, аршынды келеді, қайсарлығымен елді өзіне қаратады. Арлы бапкер сатылмайды, сайланбайды, тағайындалмайды. Ол асыл қасиетімен, ұлағатты мінезімен көтеріледі, өзгені өзіне қаратады.
Р.б.– сауатты, салауатты, сыйымды. Өз ісінде риясыздық, ұстанымдылық, әділдік, адалдық, айқындылық, қол бастаушылық танытады. Адам болмысын жетілдіретін рухани қасиеттер мен факторларды қолдайтындар адамды шектеу, жатсыну жүйесінен арыла түседі; жеке басының ұпайын көбейтуді бас мақсатқа айналдырмайды. Р. б. адамның құпия күшін өзіндік санадан ашады, азаматтық қоғамның қажетіне жаратылған құндылық пен ізгілікті иемденуден білінеді. Р. Б–ті ұстаздығы ұлағатты, діндарлығы демеулі, қайсарлығы қайратты, өздерін тындырымды ұстауға жатыққан таңдаулы тұлғалар құрайды. Қабілет–қасиетімен өнегелі іштей мығым жайдарлы жандар өзіне де, өзгеге де ұстаздығын танытады. Рухы таза, ой–өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылық үлгісін көрсетушілер – жаңашылдықты үдететін қайраткер ұстаздар. Қайраткер ұстаз – жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Ұстаздықтың даралығы мен даналығын көне қытай ойшылдары былай сипаттаған: «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс–әрекетке қатыстырсаң үйренемін».
Көпті көрген көсемдер, бапкерлігімен өскендер. Дін басшылары әр өркениет пен ұлттардың өкілдері болса да, адамзаттың мәдени құндылықтарын жеке саяси, әлеуметтік, экономикалық факторлардың мағынасынан жоғары қойды. Бапкерлік құндылығы – өзара сыйласудан, бір–біріне серіктестіктен, руханилықтың күш–қуатын ұғынушылықтан білінді. Діндарлар деп отырғанымыз білімдар зерттеуші, бапкер абыздар, ұйымдастырушы қайраткерлер, өмірді парасатпен пайымдаушылар. Оларға тән қасиеттер: адам болмысы мен қоғамдық өмірге біртұтас мән–мағына енгізбек құштарлықта; адам мен қоғамға жақындай түсуге ықылас танытуда; жаңа заманның көптеген озық идеялары мен мүддесін бойына сіңіре алуда.
Рухани қайраткерлердің қабілет–қасиеті бейімделуімен ұшталуда. Діндарлар рухани қазынаны өздерінше өндіру, тұтыну, тарату жұмыстарына араласуда. Дін адам болмысындағы жаңа күш–қуатты икемдеді, ал мәдениет оларды келісіммен игерді. Рухани келісім – имандылық пен гуманистік дәстүрдің жаңа сапалық сәті. Имандылық пен гуманизм үйлестігі – исламның басты ұстанымы және бағдары. Елін сүйген, елі сүйген заман айбары – қажымас қажыр–қайрат иесі әрі исламның рухани қайраткері. Рухани қайраткерлер адамзаттық құндылықтар мен қасиеттерді бойына жинады, тәрбие арқылы жалғастырды. Адам құқығының теңдігін мойындау және адамзат баласына ізгілік пен ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру, сүйтіп адам баласын бір–бірінен жоғары қоюшылыққа, діни кемсітушілікке тиым салу – рухани кемеңгерліқтің айғағы. Рухани кемеңгерлік – көңілдегі қуаттылық, сенімдегі табандылық. Ұлттың рухани басшысы – көреген қамқоршы, алаңдыққа арашашы. Президент Н. Назарбаев дін жолын қуғандардың арасындағы ежеғабыл түсіністік идеясын дер кезінде қолдады. Ол ІІ съезде: «Өзара қабылдаудың қасаңдықтарынан бас тарту», «басқаның тылсым саласына баса–көктеп кіруден саналы түрде бас тарту», «әлемдік және дәстүрлі діндердің жаңа, қалыпты емес қатерлерге бірлескен жауабын» діни қауымдастықтардың басты ұстанымдары деп атап өтті. Ұстаным: а) бейбіт өмірге бағытталған, ә) дүниенің тұрақтылығы – адамдардың татулығында екендігін уағыздайды.


Рухани жаңару – адамның өзін–өзі жетілдіруге және мәнді ортақ мақсатқа тынымсыз ұмтылыс; мәдениет, дін, ғылымның өзара ықпалдастығының айшығы және ауқымы; дінаралық үнқатысу дәстүрінің сарыны әрі нәтижесі. Жұрттың бәріне, алдымен өз ділі мен сеніміне берілген діндарлардың жүріс–тұрысына, ойына баяу сіңетін, биязы мінез–құлқы мен өмірлік нәзік көзқарасын толықтыратын айналым кереметі; Р. ж. төзімді рух пен адамдықты үздіксіз ширатып айналымға енеді. Бабаларымыз үшін төзімді рух: а) күшті де төзімді, өзін құрметтетуге қабылетті шыңдау, оның күш–қуатын нағыз қиындықтар мен ауыртпалықтарды көтеру барысында жетілдіру; ә) өзіне артық жүкті арту, оны көтере алатын күшімен масаттану; б) қиындықтарды көтере отырып еркіндік алуды, өз іс–әрекетінің қожасы болуды қалау; в) «сен тиіссің» деген талап пен сұранысты «Менің қалауым» болды деген тоқтамда түйіндеу; г) жаңа ерікке, мақтанышқа, арманға үйретті. Р. ж–дың ең ұлысы: “Барлық заттардың құндылығы менде жарқ–жұрқ етеді”, сондай еркіндікті жеңіп алуға дайынмын дегізетін ұстанымға жеткізу. Әлем де, адам да осылайша рухани жаңаруға, жұғысуға мүдделі.
Р. ж–дың шарттары: шабуылға шығатын сананы құптамау, қолдамау; күдікті, келіспеушілікті, білмегенді іште сақтау; басқаның арына тиетін сынға ашық, қатаң, бара бермеу. Имандылық жолын жоғары тұтқан беделділер бір–бірінің көзқарасы мен қылықтарына ашық қарсы келмей, ақиқатты бұрмалап шектеуге бармады. Р. ж – дінаралық әріптестіктің жемісі мен болашағында. Дінаралық байланысты ұлтаралық, мәдениетаралық диалогпен толықтыру және қоғамдық қажеттілік аясында мазмұндау – дінаралық әріптестіктің айғағы. Озық ойлы діни қайраткерлер бір–бірін түсінуге ұяң ниет білдіріп қана қоймай, этномәдени және рухани бастауларды тиянақтауға батыл және нақты бетбұрыс жасады. Бетбұрыс: а) жаңа көзқарас, жаңа түсінік, тың талғам мен талдаудан; ә) жаңадағы шындық пен ақиқаттың жаңа арқауын ширатуда төзімділік танытудан білінеді. Өмір шындығына жеткізетін, адамдар арасында теңдікті орнықтыратын, қоғамда екі немесе көпжақты келісімді нығайтатын төзімділік ынтымақтасудың жаңа беттері мен рухани перспективасын ашты. Рухани перспективаның тірегі: а) әр әлеуметте адамдарға қайырымдылық пен діни төзімділік мінәжатын тікелей арнай алатын мүмкіндікте; ә) діни және зайырлы әлемдердің жаһандық үнқатысу арнасы мен дәстүрінде; б) сезім мен ойдың, сөз бен сенімнің өмірлік мағынасын жоғары тұтуда. Байыптасақ, рухани перспектива: а) кісілік қасиеттерде, ә) адам құндылығына деген әділеттілікте, б) өз елін, жерін сүйетін, қорғайтын ынта–ықыласта, в) адамдар мен елдер арасындағы ынтымақта екендігіне тарих әрқашан көзімізді жеткізуде.
Р. ж–ң бастауы – адамдық және әлеуметтік құндылықтарда. Адамдықтың киелі қасиеттері – әділеттілік, игілік, ізгілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат орныққан сайын а) әдепті кемсітушілік азайып, азғындық тарылмақ; ә) ұрпақтық, әлеуметтік, әлемдік нысандарға айналуда. Адамзатқа ортақ құндылықтар – барлық адамның жүрегіне жақын, тарихи танымға тірек, қарқынды диалогқа бастау болатын өрелі бағытқа демеулігін арттыруда. Жаңғыртудың тетігі – адамның саяси және азаматтық теңдігінде, сол теңдікті орнықтыратын ұқыптылықта. Ұқыпты ұсыныстар мен жауапкершіл сезімді қоғамдық сұраныс тудырады. Әр елдің қуаты – оның бірігу өресінде, бірлесу құралында.
ХХІ ғасырда Р.ж. азғындылық асқындап, адамзатты құрдымға тартатын қауіпті қатер асқындауда. Р.ж. азғындық – адамдық қасиетті ұсақтауда. Бейбіт те бітімгер қарым–қатынасқа сенімін арттырған гуманистік–діни дәстүрдің өкілдері өздерінің байырғы біржақты көзқарастарын байыппен зерделеуге бейімделді, бірлікте ірілік екенін ескерушілік түрлі ортада белең алды; адамның ой–ниеттеріне, көңіл–күйлеріне бағытталған әрекетте қасиетті сезімдерді қорламау, күштеу қағидатын қолданбау түсінігі түптелуде; адамдардың құқықтарына құрметпен қарау қажеттілігі қоғамдық қолдау табуда.


Сабырлық – адамның өзін–өзі билеуі, байсалды ерік–жігер күшінің көрсеткіші, орынсыз асып–саспауы. С–лы адам қызбалық пен ұрдажық, ұшқалақтыққа салынбайды. Әр істің ақырына көз жібереді, ісін ойланып, орындайды, ашуды ақылға жеңдіреді. Өмірде реніш те, қуаныш та, бейнет пен рахат та алма–кезек келіп отырады. Сондықтан осындай жағдайларды ескеріп, сабырлы болып, істің артын күту қажет. С–лы кісі басқа түскен ауыртпалықты көтере біледі. Өйтпеген жағдайда оның тез сағы сынып, мойырылып қалуы мүмкін. Адам ізгі тілек, үмітпен ғұмыр кешеді, оның кеудесінен үміт оты өшпейді. Қанағат пен ынсап сабырдан қолдау табады. С. адамды жауапкершілік сезімге тәрбиелейді. Жеңілтек, ұшқалақ адам сабырсыз келеді, ол орынсыз күйіп – піседі, өзін демде отқа да, суға да тастайды, қайғы– қасіретке салынады, ұнжырғасы түсіп кетеді, тез сағы сынады, кейде бостан–босқа абыржып, арамтер болады, өз ерік–жігерін билей алмай әуре–сарсаңға салынып, орынсыз ашуланып, қызба, жеңілтек мінез көрсетеді.

Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




САЛ–СЕРІ – әнші, күйші, ақын, өнерпаз. С.–с–лік дәстүрі бірте–бірте ұмытылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға байланысты ғана сақталып отыр. Салдардың елден ерекше өзгешеліктері, олардың көзге ұрып тұрар айрықша белгісі – киім киісінде. Ә.Диваев сипаттап бергендей, "Сал өзінің үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимей, қарақұрым киізден киім қылып киеді екен". Салдар киімдерінің жұрт назарын аударатындай күлкілі, сайқымазақ болуын қатты қадағалаған. Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппар мінездері, киім киістері, сән–салтанаты хақында аңыз–әңгімелер көп. Мәселен, Жетісу өңірінде "Дәурен салдың белбеуіндей ұзын" деген мәтел сөз сақталған. Ол Ілені кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада екінші ұшы бергі жағада қалады деген әңгіме бар. Салдардың аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін беретінін халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Халқымыздың ежелгі салттарының бірі – салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс–әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі, ұятты болуы мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы атын әп–сәтте бауыздап тастау, тіптен тыр жалаңаш шешініп ауыл–үйді тегіс аралап шығу т.с.с. сал үшін әбестік емес. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік, өнер, т.б. да сыналып отырған. Салдар кейде сайқымазақ, кейде қу–әзілкештер тәрізді елді күлдіріп, думан қылып жүрген. Жоғарыда сипатталған салдарға тән ерсі мінез, елден ерекше күлкілі киімдер кию тәрізді іс–қылықтар серілер бойынан табыла бермейді. Серілер таза, әдемі киіну, кербез, паңдык мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, білімдарлық касиеттерімен айналасына өнеге шашатын, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық–саятшылықпен айналысып жүрген. С.–с–дің топтасып жүріп, ауыл–ауылды аралаған сәті тұтас ансамбльді елестетеді. Олардың арасында ақын, әнші, балуан, т.б. өнерпаздар жүретін. Серілердің бірдей ат мінуі, бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала әртістеріндей әсер қалдыратын. Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың көтеріп кетуінің белгілі дәрежеде эстет. мәні болды, халықтық драма өнеріндегі ойын–сауықтың бір түрі қызметін атқарады. С.–с. акын, комп., әнші болудың үстіне артистік, бишілік, көзбайлаушылық, т.б. өнерді бойына жинақтаған жан–жақты өнерпаздар болған. Қазақта Шашубай Қошқарбайұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Берікбол Көпенұлы, Назар Жүндібайұлы, Балуан Шолақ, т.б. белгілі С.с. болған.
«Сал» – сұлулықтың символы, көптің көзіне түсіретін қылықтар ұстанымы: сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүретін адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу; киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан сал, салпаң; еуропа тілімен айтқанда эксорталық, болмаса өз бағытымен жүретін бір аяулы адам; сопылық рәсім–салтта – рухани кемелдену жолы. «Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен үйлес шалқыту, үндес асқақтау; өз заманының атақты кісілердің елеулі жүріс–тұрыстары мен киіну салтын әдет қылған ойшыл да, өнегелі жандар. С–ктің бейнесі мен әдетін алғаш қалыптастырушының бірі – Иоллық деген кісі. Ол ғажайып аңшы мергендігімен, атты әдемілеп ұстайтын сейілдігімен, асқан ақын–жыраулығымен әйгілі болған. Тағы бір аңызда Қорқыт – ескі дәуірдегі серілікті бастаушының бірі. Аңыздарда Қорқыт атақты шешен, ақын–жырау, күйші, бірінші қобыз жасаушы, көптің алдында сөз бастаушы, ел қиналғанда қол бастаушы ретінде бейнеленеді. Қорқыт өзі тектес тынымсыздар туралы: «Елден, ерге, бектен бекке, қобызын артып қосына, ұзындар (ақын–Ж.М.) жүр ел кезіп» дейді.
С.–с. арқылы сопылық дәстүрі қазақ даласы мен елінде кең танылды. Түрлі шапқыншылықты басынан кешкен қилы–қилы ауыр кезеңдерде С.–с–ң жағдайында рухани іліммен қоса, әскери тәжірибелерде берілген сын. С.–с–дің қатарында – Бекташ, Асанқайғы, Есената сияқты аттары аңызға айналған сопылар аз емес. Есімдері ел аузында жатталынған ірі тұлғалар жауынгерлік, ақындық, сопылық машайықты бір–бірімен үйлестірген алаш ұлдары бірде жеке, бірде топтаса өнерлерін ел алдында паш еткен. «Сыршы молда» дастанында мынандай көрініс суреттеледі:
Алдында қырық өнерпаз бар жігіті,
Көрген адам ақылы қалмас тіпті.
Ханның ұғылын көрген соң, ханышаның
Ақылы қалмай басында сауал етті.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ.–ң басында қазақтың батыс және орталық өңірінде тарихаттың жолына түскен алаш ұлдарының тобы көбейді. ХVІ ғ. ортасында қазақ мемлекеттілігі құлдырай бастаған дәуірде қолдарына домбыра ұстаған, халықтың еркесі, құты атанған арқалы жандар – «С.– с–лер» ел арасында таныла бастайды. Қиын қыстау кезеңде арқалы ақын–жыраулар ел–жұрт арасында ерліктің теңдесі жоқ үлгісін, үлкен рухани және психологиялық көмек көрсетті. Қол бастап жүрген батырлар: «Әне, С.–с–лер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың» деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демеген.
Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде С.–с–р бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Тұлғалық беделден арылған С.–с–р туралы түсініктер де әрқалай түрленді. ХІХ ғ. Маңғыстау жерінде ел аралап, ән айтып, күй тартқан, жыр жырлаған жеті өнерпаз құрған серілік дәстүр ерекше құрметке бөленді. Оларды халық «жеті қайқы» деп атап, жеті өнердің басын қосқан С.–с–ке ерекше ілтипат көрсеткен. Ақыл иесімен, халықты өзінің әдемі көрінісімен, шешен сөзімен, шырқап салған әнімен, сыбызғымен сыздатқан әуенімен қуантқан, мәрт мінезімен таңырқатқан С.–с–лер ел арасында қатарын түзей бастады. Той–томалық күтіп, соның соңына түскендер туралы Майқы би: «Шаруадан тыс қаларсың, Бәрің бірдей сал болсаң» деп текке ескертпегендей. Байыбына барсақ, С.– с–лер – рухани бай, жан–тәні мен зердесі кемелденген жандар, атажұртының нағыз патриоттары. Акад. Ә. Марғұлан: «Серілер, біріншіден, атақты мерген, екіншіден, саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көруші, тұлпар аттың ең жүйрігін қадірлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тірлігіне, ойын–сауығына ерекше қуат беріп, оны биікке көтеруші» – дейді. Тұлпар десе, Әзіретті Әлидің Дүлділі, Ақан с–ң Құлагері, сұлу ән айту Дәуіт пайғамбардың сүннетінен, сұңқар, лашын, тұйғын баптау Қожа Ахмет Ясауиден үлгі болса керек. Олардың әлеуметтік–мәдени ықпалы мұнымен шектелмейді. Атақты этнограф–мәдениеттанушы А. Инан С.– с–тің қазақ мәдениетіндегі маңызына тоқтала келіп: «Қазақтар, Моңғолстан, Алтай аймағынан Еділ (Волга) жағалауларына, Ауғанстан мен Иран шекарасынан Тобыл–Ертіс аңғарына, Памирден Орал тауларына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте өмір сүргенімен, ортақ бір тілде сөйлейді. Заңы мен әдет–ғұрпында ешқандай өзгешелік жоқ. Мұншалықты дәрежедегі бірліктің себебі С.–с. деп аталатын ақын–жыраулары мен өнерпаз–алып ерендерінің бүкіл қазақ даласын толассыз аралап, ру–тайпалар арасында жүргізген ғибраттық–насихат дәстүрлерінен болса керек», – дейді. Орынды уәж, ойып айтылған шындық. С.–с–лік –ақын–жыраулығы ерендердің үлгісі, ел–жұрттың елеулі белгісі. ХХ ғ. С.–с–ң тоқырауға ұшырап, тарих сахнасынан кете бастаған уақытына тұспа–тұс келеді. Ел аузында олардың айтып кеткен әндері, күйлері, жырлары сақталды, аңызға айналды. С.–с. дәстүр елімен бірге жаңғыруда.

Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.


САНА–СЕЗІМ (лат. cum scіentіa – санамен бірге) — әрбір адамның өзінің тіршілігін және әрекеттерін сезінуі. Тіршілік ету аз, сол тіршілік етуіңді сезсең ғана саналы болғаның. Міне, осы қосарлану арқылы адам табиғат заттарынан бөлінеді. Бұл туралы Гегельдің тамаша анықтамасы бар: “Табиғаттың заттары тура және жалқы түрде тірлік етеді, ал адам болса, ол рух болғандықтан, қос тірлікке иелік етеді. Бір жағынан, ол табиғат заттары сияқты тірлік етеді, бірақ, екінші жағынан, ол өзі үшін де тірлік, өзін өзі зерделеп, өзі туралы ұғым қалыптастырады, өзі туралы ойланады және осы қызметінің арқасында рухқа айналады. (Гегель. Эстетика. 1835). Психология тұрғысынан сана бір жағынан жарық сияқты көрінсе (сезінілу дәрежесіне байланысты біздің ойларымыз анық, немесе, анық емес), ал екінші жағынан, ниеттену һәм назар аудару қуатына байланысты. Іс жүзінде сезіну барысы назар аудару күш–қуатын да, ұшқыр қиялды да қажет етеді. С–с. еске сақтау қабілеті және өз–өзіңді қайта тексеру арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда рефелективтік сана–сезімнің жандануы үшін, әрекет тоқтатылуға тиіс (Гамлет ситуациясы). Егер адамзат тірлігінің ерекшелігі сол тірлікті сезінуге тәуелді десек, сана–сезім үшін де алдымен тірлік керек.Сана–сезім екі нұсқада тірлік етеді: тұлғалық және қоғамдық. С–с. мазмұны адамның қызметі арқылы жүзеге асады. Сондықтан ол ниет пен идея ретінде көрінеді. Идея тек қана білім емес, болашақты жоспарлау, практикалық әрекетке бағытталған ұғым. Идеяны жүзеге асыру үшін қайрат керек. Мұқтаждық пен қайрат С–с маңызды қосындысы. Әлеммен өзара байланысу арқылы адам оған қарым–қатынасын қалыптастырады. Ол үшін тек ой емес, сезім де қажет.Таным адам ішкі әлемінің қосындылары: мұқтаждық, қызығу, сезім, қайрат, еске сақтау қабілеті – бәріне де кірігеді. Осының бәрі адамды өз–өзін сезінуге, өзіндік С–с. әкеледі. С–с. зердеден тыс (бессознательное) нәрселерге де байланысты. Фрейдизмде зердеден тыс нәрселер табанды түрде санаға қарсы қойылып, адам ғұмырындағы ең маңызды нәрсе деп тұжырымдалады. Бірақ С–с. басты санайтын өзге де көзқарас бар. Зердеден тыс нәрсені санадан бөліп тастауға болмайды. Ол сана қызметінің жемісі. Бұрын санада бар нәрсе зердеден тыс нәрсеге көшеді. Сонымен бірге, адам психикасының тереңіндегі зердеден тыс нәрселер қайтадан С–с. айналуы мүмкін.


Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




САРАЙЛАР – сәулет өнерінің әсем де салтанатты, бірін–бірі қайталамайтын көркем ғимараты. XIII – XV ғасырлардан мемлекеттік өкімет орындарының маңызды құрылыстарын, ал XIX ғасырдағы әр түрлі қоғамдық маңызы бар үйлерді де Сарай деп атады. С. құрылысына әр дәуірдің көрнекті сәулетшілері мен бейнелеу өнері шеберлері ат салысты. Жастар, мәдениет, неке, оқушылар мен спорт, т.б. С. түрлері болады. Қазақстанда С. ғимараттарын салу ісі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Республикадағы С. ғимаратын тұрғызу барысындағы ірі жетістік Алматы қаласында Республика сарайының (1970) салынуы болды. Алматы қаласында Неке Сарайы (1972), Оқушылар Сарайы (1983), Астана қаласында Жастар Сарайы (1974), Ақтау қаласында Мәдениет сарайы. (1977) т.б. Сарайлар бар.

Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет