Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет1/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Баймаханбет АХМЕТ


ЖАС ШЫНАР,

ТӘКАППАР ШЫНАР...

Тараз – 2013 жыл.

Б. АХМЕТ, «Жас шынар, тәкаппар шынар...» (публицистикалық мақалалар, эсселер және ой-толғамдар) - Тараз: «Сенім» баспасы, 2013 жыл, 103 бет.
Бұл кітапта қаламгердің түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарда әр жылдары жарияланған әр алуан жанрдағы дүниелері топтастырылып беріліп отыр.

Діл, дін, тіл, рух, әлеумет пен әлеует, ел азаматтарының өмірдегі һәм өнер өрісіндегі ізденісті еңбектері жайлы әңгіме, сырлардан автордың журналистік көзқарасы, қолтаңбасы ғана емес, азаматтық ұстанымы мен танымы айқын танылады. Өмірдің сан саласындағы шешімін күткен мәселелердің күрмеуі тарқатылар, оқырманына ой салар туындылар тартымды оқылады.

Кітап қалың оқырман қауымға арналған.
Б. Ахмет, «Жас шынар, тәкаппар шынар»

ДІЛ. ДІН. ТІЛ. РУХ.
АУЫЛЫҢА БАРДЫҢ БА?
О шеті мен бұ шетіне көз жеткізгісіз жазиралы даламен, аспан таулармен, айдынды өзен- көлдермен, жұпариса бақтармен біте қайнасқан ғажап ортада - ауылда дүниеге көзімді ашыппын. Туған жер - Ұлы анамның омырауын еміп, қойынында жүргенімде, оның әрбір дем-тынысын, кейде бұрқанысты, кейде жаймашуақ мінезін, мен дегенде «шығарға жаны бөлектігін» бимәлім бір түйсікпен сезінетінмін. Әнімді айтып, жырымды оқып, өзімен кәдімгідей-ақ сырласатынмын. Оған табаныма шөңге кірсе де шағынатынмын. Емен жарқын қуанышқа кенелтетін де, боркемік болып өспесін деп қиындққа қайрап салатын да өзі, басыма не күн туса да бәрін көріп-біліп сезіп тұратын секілді көрінуші еді. Мейірімділікті, дархандықты, сыршылдықты да содан алдым, сенсеңіз!

Ауыл үстінен өтетін үш өзеннің - ұзын аққан Таластың, Көкөзектің, Ақарықтың суына сүңгіп, балығын сүзіп, Жамаубай талының желекті саясын саялап, Қызылдың қырын, Байарыстан, Балтаның бойын, Тәукей түлейін, Тәңірберді даласын тынбай кезіп, аяқ астынан ғажайып оқиғаларға кез болуды армандап, алаңсыз асыр салған арда шағымның небір қызықтарын қойнына қаттап, үнсіз-тілсіз томсарып жатыр ол! Өнбойында менің құлын үнім мен жан сезімімнің дірілі жүр! «Мені ұмыттың» деп ту сыртын беріп, томаға-тұйық қалып танытатын да секілді.

Туған жеріме тереңдеп жіберген тамырымды ешкім қозғай алмас деуші едім. Қайда-ан! Өмір, күнкөріс қамы бізді де әр тарапқа тартып, тарыдай шашып жіберді, ақыры. Туған жерге бәрібір кіндігімнен байланып, діл-тамырыммен жалғасқанмын. Жүйе жүйкемді оған деген махаббат пен сағыныш сыздата өріп, күндіз түгілі, түнде де тынышымды алады. Иншалла, осы сезім, осы қасиет тарпаң уақыттың табанында тапталып қалмады. Ел ішін, күллі қоғамымызды әлсін-әлі тітірете дүр сілкіп өтер өзгерістер дүмпуінің пәлендей әсері болмады оған. Туған жерге деген ұлы сезімім, сүйіспеншілігім сол бәз-баяғы қалпында, өз тұғырында туын жықпай желбіретумен тұр!

Бір қызығы - туған жерге зәуімен табаным тисе болды, оның дем-тынысын бағзы кездегідей сезініп, көңілде қалған ғажап көрініс-елестерді қайта тірілткім-ақ келеді. Бірақ, туған жерімнің жасыл жамалы оңып, ажары тозыңқырағаны көңілімді пәс етіп, құлазытады-ақ.

Баяғыдағыдай қас-қабағы мейірлі, жаймашуақ емес, қату ма, қалай? Төскейдің баяғыдағыдай қарақұрым малы да жоқ. Улап-шулап қозы-лақ қайырып, салқар түбектің өнбойын шарлап жүрер бала-шаға да көрінбейді. Шабындығы мал тісі тимегендіктен, қалың қорысқа айналып, қатпарлы жықпыл-жынысы түкпірінде әлдебір тажал тырнағын ішіне бүгіп, бас бағып жатқандай үрей шақыра үңірейеді. Айлап, жылдап адам аяғы баспаған жапан түз осылай аң-құстың құзырына қайта көшіпті. Айдын көл де, алма бақ та «біреудікі»... «Пәленше ата», «Түгенше ата» қожалығының жері деп, әлдеқашан қағазда қатталып, актіленген аумақта алшаңдап жүруің де қиын. Жайылымдықтың құнарлы, шұрайлы тұсының көбі - мықтылардың қолында. Үлкен-кішінің санасына «Онысыз да әлдебіреудің иелігіндеге жер (ортақ емес), бүл болмаса, күл болсын» деген үғым орныққалы қаш-шан! Былтыр ауданның пәлен мың шаршы километр жазғы жайылымдығы өртке оранып, отқа үйтілгенде де бүйрегіміз бүлк еткені шамалы. Қайта «шоқ, шоқ» десіп, қыбымыз қанғандай сыңай таныттық. Құдды бір өртенген жер өзіміздікі емес, жаттың жері секілді. Осыны көріп, сезінген бүгінгі ұрпақтың туған жер - алтын бесігімізге деген сүйіспеншілігі сұйылмай қайтсін! Бұл құбылыс түптің түбінде Ұлы анамызбен ұрпақтары арасындағы етене байланысқа сызат түсіріп, бір-біріне жат қылып жүрмесе деңіз!

Бүгінгі «жаңа қазақ» жерді табиғи байлығы әжетке жарап, өзінің, одан қалды отбасының аузын «май» етіп, молшылыққа кенелткенде ғана... жақсы көреді. Олай болмайды екен, ондай жердің барынан жоғы... сатып жібереді! Қазекең ұлттық романтиканың ауылынан қара үзіп, алыстады. Ұлттық патриотизмнің «ресурстық патриотизм» дейтін бұтағы бүршіктеп шықты. Олай болатыны... нарық адамдарды тауар фетишизміне, дүние-байлық табуға ұмсындырып, жалаң есеп пен алыпсатарлық психологияның етек алуына, адамгершілік қасиеттерге үстірт көзқарастар қалыптасып, тарауына жетелеумен келеді. Отаншылдық, имандылық, дәстүр, ата-баба салты, ұлт тағдыры секілді мәселелер болмашы нәрсеге айналып үлгерді. Мұның кейбір көріністері ауылға барғанымда алдымнан да шықты...

Ауылдастарым (әрине, қолынан іс келетіндері) бағзы бір кезде отар-отар қойдың жаз - суаты үшін тартылған 30-40 шақырымдық жерасты су жүйесінің шойын құбырларын қазып алып, қырықпышақ үлесіп жатыр екен. Кейін мал басы өсіп жатса, мұның игілікке жарауы мүмкін-ау деген ой қаперлеріне кіріп шықса, қанеки!

Иесіз оқшау қалған «Жамаубай талы» тоғайына да жыныққан жұрт балтасын ала жүгіріп, отынға кесіп, бір жылдың ар жақ, бер жағында тып-типыл еткен. Шамасы, шоқ тоғайдың сыбдыр қағып, ауылға көрік беріп тұрар сұлулығынан гөрі үйін бір қыс жылытар отын болғанын олжа көрісті. Туған жермен олардың да дем-тынысы, кіндігі бір еді-ау, әттең! Шабындықты шекарамен бекітіп, көйлектің ең жақсысын өзі киіп, көрпені өзіне көбірек тарту, ата-атаға бөліну секілді ауыл мінезіндегі жайсыз өзгерістер жекешелендірумен бірге келді. Ортақ өгіз жоқ бүгінде. Оңаша бұзау болмаса!

Баяғыда... жоңғарлар шапқыншылығынан қорғану үшін ұйымдаса «Жаңа қорған» мен «Қызыл қорғанды» (үйінтік қалдықтары әлі де бар) тұрғызып, жауға қарсы тұрып, күресіп, елдік танытқанбыз. Осы елден шыққан Жамбыл хан, Бөлтірік шешен, Жүніс, Құдас, Тасболат, Төлек, Бұғыбай, Қалтас батырлар, елді уәзінді сөз бен тәлімді тәрбиеге ұйытқан Қуандық, Қонысбай датқалар, Жаманқара, Бегалы, Бекбол, Бейбіт, Қалдарбек, Биназ, Әлімбек, Қожакелді билер, берідегі бірнеше ондаған ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер майталмандары, 72 Батыр ана - барлығымыздың ортақ мақтанышымыз болды. Оларды бір-бірінен бөле жармадық. Көпшіліктің игілігі жолында тындырған тірліктері кейінгіге үлгі болсын дедік. Бұл әр нәрсені өз орнына қойып, әр нәрсені өзінің лайықты атауымен атаудың ұлық белгісі еді...Ал қазіргідей жер-су аттарын былай қойып, ілгерілі-кейінді сандаған буын өкілдерінің маңдайына біткен жалғыз ауылдың атына жармасып, ырду- дырду болу қайдан шықты? Бұл болашақта тұтанар үлкен даудың басы болып жүрмегей... Өз басым ауылдың бұрынғы бөлімшелерінің көркем, әрі бейнелі Көктөбе, Бестам, Жаңатұрмыс атауларының өзгертілуін қаламаймын. Қанша жерден еңбегі сіңсе де, базбір қайраткерлер есімдерімен осындай тамаша жер-су атауларының орны алмастырылып, ресмилендіріліп, сүреңсіз, сіреспе жүйеге түсірілуі түсініксіз. Қанша жерден арам тер болайық, бәрібір, сол ауылдар ауызекі тілде ескі атауларымен аталып жүр ғой...

Бірақ, қазіргі ауыл қырық ру, жыртыстарын да жеке-дара жыртады. Ноғай ишан, Қарақожа мешіттерін тұрғызып, имандылық әдебін баяғыда-ақ бекемдеп алған ауылдың үлкен-кішісіне мұндай мінез мүлде жат-тұғын. Торқалы тойдан топырақты өлімге дейінгі барлық рәсімін ұйымдаса өткеріп, тұлымдысын үкілеп ұзатып, қарадомалағын ерте есейтіп, ел ісіне араластыруға, сол арқылы болашағын баянды етуге ұмтылған ұлыстың бір бағаналы бәйтерегі еді Ойық елі!

Бір кездердегі батыр, билерін, халыққа қайырымы тиген байлары мен бектерін, тоған тұрғызып, арна тартып, ортақ игілікті еселеуге үлестерін қосқан арлы азаматтарын қастерлеп, жер-су аттарын «Тәңірберді даласы», «Елеместің жотасы», «Жүністің жалы», «Бөрібай тоғаны», «Сиқым арығы», «Бәкір талы», «Жәдік көлі» т,б. деп атап, осындай ерлерімен толыққан елдің тарихи жадын жақсы ісімен жаңғыртар жекебатырлары жарқ етіп қашан көрінер екен? Әйтеуір, бұл үміт, арман ғана болып қалмас. Ел қаһармандарын қайталап туар. Туып та жатыр. Оның әлі-ақ үлкен шоғырға айналары да анық.

Мысалы, іскер азамат Ақын Бектаевтың бұрнағы жылы кәсіпкерлік құрылымдарын қаладан ашып, ауылының аузына ең қиын сәтте де су тамызбай, сырғақтап, зәуінде бір тиіп-қашты көмек көрсеткен болып жүретіні - қолының қысқалығы екен. Бүгінде ол нағыз кемеліне келді. Тіпті ауылының қақ ортасына көшіп барып, мешіт тұрғызып, жүзімдік өсіріп, бақшалық салып, жұмыс орындарын көбейтіп, ел жұртының кезерген ернін аққа жарытып-ақ жатыр. Кезінде Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Амантай Біртановтың (иманы саламат болсын) туған ауылына «дәрігерліruuң десант» жасақтап келіп, үлкен-кішіні түгел медициналық тексеруден өткізіп, ауылдықтардың дертіне дәрумен дарытып кеткені, сірә, ұмытылар ма!

«Ауыл жылдарында» бір өзгеріс болар деп елеңдеп отырған елге бұл да сеп! Туған жер - ұлы Анамызбен еш құдірет ажырата алмастай кіндігіміз бір болып, діл-тамырымызбен біте қайнасып кеткеніміз бала кезіміздегі «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз - біріміз үшін» деп, қандай игілікті болсын ортақ ету тұрғысындағы тәрбиенің әсері ме, әлде... Әйтеуір бұл біздің буын үшін жақсы үлгі болды. Өзімізді ауылға қарыздар сезінетініміз де содан. Күн шуағымен аймалап, суына шомылтып, құмына аунатып, самалымен сүйіп, еркін де бұла өсіргендігінен де болар, ұлы анамыздың қойнындағы бұйырған несібеміз қара нан, қара шайдың дәмі әлі күнге таңдайымыздан кетпейді...

Одан берідегі өзгергені - Таластың суы тобықтан келіп, шылдырап қана ағып қалғаны, Көкөзек пен Ақарықтың арнасы, кезінде қыруар қаржы жұмсап, іске қосып, су иіріп игілігімізге жарап келген жасанды су қоймасының табаны кеуіп үлгергені, үнді фильмдерін немесе ойын-сауық кештерін ауылдықтардың бұрнағыдай орталық клубқа ойдан, қырдан жиылып келіп көріп, ортақ қызық-думаны ете алмай отырғаны...

Туған жерге деген асқақ сүйіспеншілік сезіміміздің қызғылт жалты оның бұрнағы жасыл желегі семіп, реңі солғынданып, тозыңқы тартқан табиғаты аясында өсіп, жетіліп келе жатқан бүгінгі ұрпақтың бойында жүр ме екен?! Олар да біз секілді арманшыл ма? Атаның емес, Отанның ұлы болып бой түзеп келе ме? Осы ойлар мені жиі мазалайды да жүреді...

ЕЛ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Екі күннің бірінде «ауыл тозды, баяғы дәурені басынан озды» деп сан-саққа жүгіртіп жататынымыз жердегіні былай қойып, көктегі Тәңір-иеміздің құлағына жеткелі қаш-шан! Сонымен іс түзеліп, алтын тамырымыздың өн бойына қан жүгіріп, уығын тіктеп, кеткені келіп, кемісі толып жатқаны да шамалы. Қазекеңнің бүгінгі әпенділеу ұрпағы кеңшардан күргейлеп әкеліп, өндірістік кооперативтерге қосқан малын, кешегі кеңестік дәуірден қалған мұраға сая ма, әлдекімдер ту талақайын шығарып, берекесін кетіре бергеннен кейін «пышақ үсті» бөлісіп алып, көңілдерін бірлеген-ді. «Ата бабамыздың құралайдан құраған малы, тірнектеп жинаған дүниесі қайда, еншімді бер» деп бір-біріне тап-тап берісіп, бет тырнасатыны баяғыда ғой. Қазір құда да тыныш, құдағи да тыныш. Тірмізік тірліктің тертесіне жегілген ауылдықтардың қашанғы жаны сірілігін қойсаңызшы бұл! Бәрінен де өз күндерін өздері күйттегеніне тәубә дейсің.

Көңіл жұбанарлығы сол - ауылдың тамыр бүлкілі өлеусі емес, өрекпи, өршелене соққаны білінеді. Онда өмір бар. Өзіндік қызық-шыжығы жетерлік Өмір!
«Залог»

Саяқ кеткен уақ тұяқты тырапай асырар ит-құстың жымысқылығы, жырындылығы одан асып түсерлік екі аяқтының да зәбіріне елдегілердің еттері үйренген, есігін кілттеп, «бес қаруын» сайлап, қымтанумен отыратындығының несін сөкет дерсің! Нарық заңының қаталдығын іштей мойындасқан ауылдың үлкен-кішісі «залог» төңірегіндегі әнебір әңгіме құлақтарына жеткенде де салқынқандылық танытып, міз бақпай, миықтарынан мырс-мырс күлісті де қойды - болған, біткені осы-ақ.

Тентек сүрейлеу бір ағамыздың бір үйлі жан талғажаулық етіп отырған жиырма шақты қой-ешкіні тапа тал түсте өрістен айдап әкеткені де, әлі күнге қорасына қамап ұстап отырғаны да рас болып шықты!

- Отағасы-ау, мұныңыз не? - дегенімізде,

- Мұным сол! Ұрлық та, барымта да емес, «залог», - деді ағамыз жайбарақат қана. - Ә, айтпақшы, мұның мән жайын білмейді екенсің ғой.

Әңгіменің мәнісі былай екен, сөйтсек. Бұрнағы жылғы күзде ағамыз жалғыз атын сойып сатып, ақшасын қалтасына баса бергенде, баласы оқыс жағдайға ұшырап, ауруханаға түскен ауылдасы қарызға ақша сұрай келеді ғой. Адамның күні - адаммен. Қинала-қинала, онда да он пайыздық жылдық өсіммен елу мың теңгені (сол кездегі бір жылұының құны) шытырлатып санап береді. Ағамыз бұл ақшаға мал арзандаған бойда отыз шақты уақ жандық алмақшы екен. Ақшаның басы бұзылды, не етерсің енді! «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген қазекең де айтқыш ақ-қой. Ағамыз, дегенмен, мәрт болып шықты. «Срогы» біткенше «клиентінің» мазасын алмай, иба сақтап, іштен тынып, соңыра ақшасының өзіне қаншалықты өсіммен қайтуы керек екенін ерінбей-жалықпай шотқа салған да отырған. Жыл өтеді. Бір қыс артта қалады. Көктем де шықты. Дегенде де қарыз алушы «әне-міне» уәдесін көлденең тартып, соңын сиырқұйымшақтатып жібереді. Оның мұнысы ағамыздың қитығына тимесін бе?

- Өткен күзде қорасында қырық қойы, бірер ірі қарасы бар еді. Бір күні қарасам, қалғаны мынау, - деді ағамыз шоңқораны иегімен мегзеп. - Маған қарызын несімен жапқалы жүр бұл ит!

Оның үстіне... Бір себеппен ағамыз өзінің шай-суын айырып отырған қарауылдық жұмысынан шеттетіліпті де, орнына... борышкері келіп жайғасыпты. Жоғары жақтағылардың аузын «майлаған» дей ме... Ағамыз ашулы-ақ. Мал иелеріне «Қолыммен беріп, аяғымнан таусыла жүріп ала алмаған ақшам он екі айда өсімімен пәлен мың теңге болды. Соны шып шырғасын шығармай қолыма салыңдар. Малдарыңды «залогтан» бостып алудың жалғыз жолы сол» деп қатаң талап отырған көрінеді. Елден жеткен «соңғы жаңалық» осындай. Ал, мал иелері болса, ендігі қарызды кімнен қотарып аларға білмей дал деп естиміз.


«Шарайна», «Ақшам»...
Бұл ауылдықтардың «лексиконына» енген жаңа сөз болып шықты. Соңыра мұның мән жайын ауылда тұратын құрдасым тәптіштеп айтып та берді.

- Оның несі жаңа сөз?! Таңертеңгі сағат оннан түскі он екі-бірге дейін ауылдың күллі еркек кіндіктісі өздерінің меншіктік құрылымдарын құрып, қырық бөлініп дай-дай болды дейтіндей емес, орталық көшенің қиылысында шұрқырай табысып, топ-топ болып, гу-гу әңгіме көрігін қыздырады-ай дейсің! Бір кездері бір көрпенің астынан өріп, бір терінің пұшпағын илегендері қайдан естен шықсын-ау! Онда қай-қайсысының да құлағы шалған ауыл, аудан, облыс, одан қалды күллі жұмыр жер бетіндегі болып жатқан үлкенді-кішілі оқиға, өзгерістер ортақ қазанға құйылып, қорытылып, әжептәуір толыққанды ақпарат түзіліп жатса, оның «шарайнадан» (кезінде осы аттас телеарна болған) несі кем! - дейді ол.

Ауылдың баяғы сән сәулеті қалмағандығы біреуінің қабырғасына батса, қанеки. Мәдениет сарайы, құрылыс, жем-шөп, шұжық цехтары, балабақша, дүкендер, тіпті, құмдағы қора-қопсы, малшы үйлеріне дейін «жекешелендірдік» деп тып-типыл етіп бұзып, жарарын тасып, пышақ үсті бөліскен ауылдықтардың бір-біріне өкпесі жоқ, жүдә. Бір-бірімен көптен көріспегендей шұрқырасып, хал-жай сұрасып жатқаны.

Ауылдың тышқан жорғалағаны естілтей өлі тыныштықта мүлгіп жатқанынан гөрі осынысы жақсы-ау дейсің. Көше бойына қатарласа тізілген жекеменшік дүкендердің иелері болса, «күлтөбе басындағы кеңестің» іштерін пыстыра қоймайтыны үшін алмай-бермей разы. Кейде оладың ауылдағы осы «Шарайна» бағдарламасына демеушіік көрсетіп жіберетіні де бар. Жетісіне екі мәрте Тараз - Шығанақ бағытымен қатынайтын жолаушылардың «бұл ауылдың адамдары, сірә, бақуатты тұратын болар. Көшесінен адам қарасы үзілмейді. Дүкендерінде сауданың қыз-қыз қайнап жатысы анау» деп қыыға да, қызғана да қарайлап өтетіні ше!

Ал, осы тұсқа «Ақшамға» өрістен мал қайтарда жиналар топтың әңгімесі таңертеңгіліктегіден де қызық болады деседі. Қызықтығы соншалық, өсек-аяңды (дұрысы, саясат қой) судай сапырған еркектерінің қасында жіп есе алмай қалатыны қитығына тие ме, үй шаруасы мойын бұруына мұрша бермей жүрген әйелдер жағы «әдіре қалғырлар-ай, көшеге шығайық десек, бетімізден басамыз, осы»деп шаптыққанмен, көп өтпей-ақ, «Шарайна», «Ақшамда» не әңгіме болып жатыр, барып білейікші» деген ынтызарлық, «ет қызуымен» өздерінің де көшені маңдайға алғандарын байқамай да қалады екен.

Енді ше... бұрынғыдай ауылға түйдек-түйдеімен келіп жатқан газет-журнал жоқ. Кітапхана мен клубыңды қара құлып күзетулі. Радио сөйлемейді. Түнге қарай екі-үш сағатқа ғана берілер электр қуаты теледидар көріп тыңдау мүмкіндігінен айырып, ақпарат тасқынынан ауыл қаға берісте қалып отыр ғой! Ауылдықтар өздерінің рухани қажеттілігінің олқы тұсын осылай толтырмай қайтеді! Бәрінен де руханият дүниесінен көз жазып қалмаудың амалын тапқандарын айтсаңызшы!


«Лотерея ойыны»
Бұл ойын түрі алғашқыда әлебіреулердің уақытты көңілді өткізу үшін ойлап тапқаны екен. Ал, қазір бірді екі етудің амалына айналып, «бизнеспен» біте қайнасып-ақ кеткендей. Не көп, лотерея көп. Жанар-жағар майын көптеп өткермек болған қалталы байшыкештердің де ілкімділігін арттыруға әбден жарап тұр. Түптің түбінде кімнің қалта томпайтатынын, қаншалықты сенімді екенін де ойлап жатпастан жұрттың лотерея билеттерін пышақ үстінен бөлісіп, қызыл танау болып топырлап жататыны таңсық болмай қалды. Бұл ойын ауылға да жетіпті...

...Көшектік бір азамат осындай ойын ұйымдастырып, ұтысқа өзінің жеңіл автокөлігін тігіпті, деген хабар құлағына жетіп, жұмыссыздық жүйкесін жүндей түтіп, басындағы бұл жағдай жалғаса беретұғын болса, жаңадан көтерген шаңырағы күйреп, ортасына түсуі ықтималдығы қос үрей күй кештірген жігіттің алдынан бір үміт сәулесі себездегендей болыпты. Неге екенін кім білсін, оның да «лотереяға» аңсары ауа береді.

Содан... алдында ғана өзін аяқтандырып, шамасы жеткенінше қарызданып қауғаланып кәде сыйын, тойын жасап, «ал енді... өз күніңді қзің көр» деп бөлек үй шығарып құтылғандай болған әкесінің алдына баруын барса да, қолқа салудың жөнін таппай қибыжықтап, қорқасоқтай беріпті.

- Әке, маған бір тоқтыңды қи!

- Не-е!

Қиқар шалдың алайып бір қарағанынан-ақ ерке ұл жым болып, жанарымен жер шұқып кетті.



- Қызылсырай қалуын, түге! Онысыз да ас-суларыңды осы үйдің бірер жандығы үстінен айырып отырған жоқпысыңдар!

- Бір малыңды жоққа сана! «Лотерей» ойнаймын. Бұдан соң салмағымды салсам , маған серт. Бұл - соңғысы.

Шалдың жүзі сонда ғана жылиын деді. Кенже ұлының жетесіне де бірдеңе жеткендігін үнсіз ұғып, көңіл бірлегені ме екен... Қынаурбектің (есімі өзгертіліп алынды) аузына Құдай салды ма, кім білсін, сол жолғы ойында басты ұтыс - сылаңдаған сұлу «Жигули» мұның тақымында кетті, ақыры. Қиқар шал «балам маған масыл болуын, зейнетақыма ортақтасуын қойды» деп және бір тоқтысын алып ұрып, ауыл аймағын шақырып құдайы ас тарқатыпты. Ал, Қынуарбек болса, «таксиге» шығып, күреп ақша тауып жүр екен. Осыдан кейін лотерея ойнамай көр!

Қазір ауылда күнкөрістің қиындығын айтып, құлақты жауыр етудің қажеті де жоқ. Оның үстіне ағайынның баяғы, біреудің басына іс түссе, көптеп көмектеп жылу жинап жанашырлығын танытар мырза көңілі мүкіс тартқан сыңайлы. Өйтпеген күнде «лотореяның» ауылға жолап несі бар!

Ерік құрдастың басына түскен қиыншылықты ағайыны, жекжат-жұрағаты жоғарыдағыдай жолмен «бөлісуге» барар ма еді, бармас па еді. Әрі көңілдегі бағаны базар нарқы бұзғаны бар. Ерік үшін де көшектіктердің тәсіліне көшуден өзге жол қалмаған-ды. Сонымен, құрамында ауылдың ақ сақал, қара сақалы бар комиссия құрылды. Бір қат карта (барлығы 56) сатып алынып, билет әзірленіп, шаруа қожалығы мөрімен куәландырылып, оның әрқайсысы ақшалай 1800 теңге немесе бір тоқты деп құндалды. Ұтысқа бір жеңіл автокөлік, теледидар, магнитофон, кілем, тағы басқалары тігілді. Ерік құрдасым лотерея билеттерін екі ай аяғынан таусыла жүріп, кеше ғана түгел сатып бітіріп, «ух» деп демін бір алғанын естіп-білдік.

Жұма күні ауылда лотерея ойналғалы жатыр. Әйтеуір, кімнің бағы жанар екен деп ауылдықтар елеңдеулі. Оның тойға бергісіз қызықты өтеріне сенімді.

...Ауылдықтар осылай өз күндерін өздері көріп жатыр.
ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ ҚАЙТСЕ ОҢАЛАР...
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында оңтайландырумен, мәдени қызмет көрсету деңгейінің кұрт төмендеп кетуімен байланысты ауылдың (ондағы тұрғындардың да) рухани тұрғыда ойсырай жүдеп-жадағаны белгілі. Не клубы, не кітапханасы жоқ ел бас басымен, тұрымтай тұсымен кеіп тынды. Ел-жұртымыздың бойында ықылым замандардан бері мол жинақалған, иікпейтін рухани құндылықтарымыз, өлең-жырларымыз олардың өзіне қорек-азық болды қайта. Ел жадындағы аңыз-әфсаналар, ертегі-қиссалар қайта «тірілді». Халық өзінің рухани шөлін осылай басы, өздеріндегімен өздерін алдарқатып, жұбатты. Бірақ, бұл іс қазіргідей ілім-білім дамыған өзгермелі қоғамда едәуір артта қалушылық, ұлттық томаға-тұйықтықың нақ өзі болып шығар еді. Ауылдықтардың рухани сұраныстары да еселеп өсе түсуде... Ең бастысы, оңтайландырудың «қырына « ілігіп, түгел жабылуға қалған кітапханаларымыз сан жағынан да, сапа жағынан да қайта қалпына келтіріліп, қағаз бен кітап жүзіндегі құндылықтарымыз сақталып қалды. Ауылға әлі де компьютер жетпегенмен, тұрғындардың кітапханаларда түрлі ақпарат көздеріне үңіліп, том-том кітаптарды ақтарып, білім нәрін жиюына мүмкіндіктері бар.

Аз айт, көп айт, ауылдықтар бәрібір өнерге сусаңқырап отырған сияқты. Олай болатыны... Рас, қазір қалалы жерлердегі (аудан орталықтарын қайдам) мәдениет үйлері Астанадан, Алматыдан ағылып келіп жатқан эстрада жұлдыздарының, әзіл-сықақ театрларының концертерінен, театрлар спектакльдерден бір босамайды. Халқы тығыз, мол шоғырланғандықтан әрі төлем қабілеттері жоғары болуынан қалалық көрермендер контингентін қалыптастыру жүйесі де біршама жолға қойылған. Бұл тұрғыда нарықтық кезеңде қалыптасқан көрерменді «күштеп жию» тенденциясын жоққа да шығара алмаймыз. Бірақ, көрермен мәдениеті қалыптасуы ісінде оң нәтиже бар. Қалалықтардың басым бөлігі концерттерге ешкімнің күштеуінсіз, өз «аяқтарымен» бара бастады. Бәлкім, олар өз бойларындағы рухани жұтаңдықтың, олқылықтың орнын толтырғысы келетін шығар. Әйтеуір, қалалық қаракөздеріміздің мінез-құлқында үй кинотеатрлары, компьютер,телебезер арқылы көрсетілетін атыс-шабыс фильмдерінен жеріну бар. Қазақы ділдің Ата қазығына орала бастауы бұл, біздіңше.

Ауылдықтардың да аткөпір шаруаларынан қолдары босасымен-ақ, клуб жаққа қарайлайтыны жасырын емес. Қанша жерден өркениетке қол арттық дегенімізбен, ұжымдық түрде кино, концерт көрудің ғажайып әсерін телебезер, DVD арқылы берілетін көрсетілімдердің бірі де алмастыра алмақ емес. Үйде өзіңмен-өзің оңаша қалып, кино әлеміне шому дегенің зеріктірмес деймісіз! Одан да көпшілік орнына бару, таныстарыңмен, достарыңмен жолығып сұқбаттасу, ғашығыңмен табысу көп жақсы әрі өркениеттік мәдениет те емес пе? Оның үстіне халықтың «қызықтың» бәрін үйде оңаша тамашалаудан заразап болып, көпшілік орындарына аңсары ауа бастады... Бұған қарағанда, ауылдардағы кинозалдардың, клубтардың ауызы-мұрнынан шыға көрермендеріне лық толар күні де алыс емес секілді. Тек ауылдықтардың жұмыссыз, қалтасы жұқалтаң келетіні болмаса... Кейбір ауылдарда тіпті сол клубыңның өзі жоқ қой!

Міне, осы ретте шалғай ауылдар тұрғындары сұранысына сай қызмет ететін, бағасын да қалаға қарап белгілейтін көркемөнерпаздарға көп міндет жүктеліп отыр. Бүгінде облыс бойынша мемлекет меншігіндегі 189 клуб мекемесі жанында «халықтық», «үлгілі» атақтары бар өнер ұжымдары, техникалық шығармашылық, қол өнер шеберлігінің үйірмелері, әуесқой бірлестіктер, бейнемобильдер түріндегі 637 клубтық құрылымдар жұмыс істейді. Бүгінде олар көркемөнерпаздық қозғалысқа атсалысуға 6600 адам тартып отыр. Міне, осы күш ауылдық клубтарда мерекелі, атаулы күндерге орай мәдени-көпшілік, қоғамдық-саяси, әдеби-анымдық іс-шаралар, концерттер, байқаулар мен фестивальдердің жаңашылдықпен, жаңа тұрпатта ұйымдастырылуы ісіне жұмылдырылу үстінде. Осы ретте соңғы екі-үш жылда тек «халықтық», «үлгілі» атақтары бар көркемөнерпаздар ұжымдары санының өзі 41-ге (олар бұрын 26 ғана болатын) жеткені атап өтуге тұрарлық. Мұндай мәртебеге ие болуы үшін клуб пен мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы, гример, бутафор бөлмелері, сахналық киімдері, репертуарлары, шығармашылық деңгейі қатаң ескерілетіні белгілі. Ал енді мұны ауылдың мәдениеті өсуі демеске шараң да жоқ. Әрі әлгі 41 ұжымның әрқайсысының 3-4 мүшесі (негізгі ұйымдастырушысы) штаттық қызметке де алынған. Жоғарыда аталған клубтық құрылымдар күшімен ұйымдастырылар әралуан іс-шараларды қоспағанда, орташа есеппен қай-қай ауылдың тұрғыны да түрлі деңгейдегі өнер ұжымдарының (жеке әншілердің) ай сайын кемі 1-2 концертін көре алған екен. Жалпы мәдени-көпшілік іс-шаралармен, мысалы, былтыр 418 078 тұрғын қамтылған. Оның ішінде облыс бойынша 2 типтік киноеар, 21 киноқондырғы, оншақты бейнемобиль арқылы 2 мыңға жуық көрсетілім қойылып, ақылы мәдени қызметтің мұндай түрімен 50 мыңдай адам қамтылыпты.

189 клуб мекемесі... Облыста 382 елді мекен барын ескерсек, бұл аз ба, көп пе - өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Күні бүгінге дейін 193 елді мекенде клуб дегеніңіз атымен жоқ. Міне, бұлардың ішіндегі тұрғындары 700-ден асатын 100-інде ыңғайластырылған клуб мекемелерін ашудың мезгілі жетті. Қай-қай ауылға болсын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ә. Әмзеұлы ұсынып жүрген бір өзінде клубы, кітапханасы, спорт залы, балабақшасы бар шағын ғана мәдениет кешені өте-мөте қажет. Бағзы бір кездері бір ауданның өзінде 18-25 аралығында автоклубтар жұмыс істегені белгілі. Олар шағын елді мекендерді ғана емес, алыс мал учаскелерін, дала қостарын да қамти мәдени қызмет көрсететін. Ал бүгінде бір ауданның маңдайына біткен жалғыз ғана бейнемобильмен соншама аумақты қамту мүмкін де емес. Руханият көшінен қағажу қалыңқырап, ән-жырға сусап отырған да осы ауылдар тұрғындары...

Рас, тұтастай алғанда ауылдықтардың тек өз өнерпаздары қызметі ауқымымен ғана шектеліп қалмай, кәсіби өнершілер, театрлар, ансамблдер өнерлерін де көргісі келеді. Мысалы, «Алатау» жастар ән-би ансамблінің ауылдарда гастрольдік сапарда болу жиілігі қандай?

«Алатау» қазір кәдімгідей үлкен ұжымға айналып отыр. Оған өзінің байырғы даңқы қайта оралды десек те болады. Ұжымда шаттық кесте бойынша 38 адам (ұлт аспаптар оркестрінің құрамы -10, әншілер – 5, бишілер – 6, цирк әртістері -4, режиссер, музыка әрлеуші, оператор – бір-бірден) еңбек етеді. Ансамбль ауылға бармайды емес, ыңғайын тауып барып та жүр. Биыл ұжым облыстың қала, аудандарында, ауылдарында, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында 86 концерттік бағдарлама қойып беруді жоспарлап отыр екен. Ансамбль директоры Т. Орынтаев «Концерттерімізге кіру билетінің құны ауылдықтар үшін бары-жоғы 200 теңге. Соның өзін көпсінетіндер бар. Облыста дәстүрлі халықтық әндеріміздің тыңдаушысы жоқтың қасында. Осыған қарап бізде мәдениетті көрермен тәрбиелеу мәселесі алғы кезекте тұр-ау деген де ой келеді» деп қынжылыс білдіргенмен, «Алатаудың» әлі де аяғы тимеген, өнерге сусап-ақ отырған ауылдар бар екенін, ұйымдастырушысы келіссе, әкімшісі (администратор) мықты болса ауылдықтар концерттерге көптеп жиналатынын жоққа да шығармады. «Алатаудың» өткендегі бір концертіне Ақкөл ауылы (Талас ауданы) тұрғындарының тайлы-таяғы қалмай келуі соны аңдатты» деді ол. Рас, аталған өнер ұжымның толық құрамымен алыс ауылдарға баруының өзі бүгінде қыруар қаржыға, шығынға да түсіп жатады. Ал концерттерден түсер там-тұм қаржы оны түгелімен ақтаса – жақсы. Ақтамаса... Міне, сондықтан да ансамбль аудан, ауылдар тұрғындарының төлем қабілетін алдын-ала зерттеп, зерделеп барып гастрольге шығуға мәжбүр. Кейде аудан, ауыл басшыларының өнершілерге көктемгі қарбалас науқанның көптігін, елдің жұмыстан қолы босамайтындығын, қаржылық мүмкіндіктері де төмендігін алға тартып, күзгі жиын-терінде бір-ақ келуді ұсынып жататындары да бар. «Алатаудың» биылғы жылғы қаңтар, ақпан, наурыз айларына жоспарланған, бірқатар аудандарда қойылатын гастрольдік концерттері осындай себеппен кейінге шегеріліп те отыр екен.Аудан орталығынан жырақтағы елді мекен тұрғындарының руханияттан қағажу қалып жататынының бір үлкен себебі де осынысында.

Жалпы ауылдықтардың рухани сұраныстарын қанағаттандырумен, мәдениетті көрермен тәрбиелеумен байланысты туындайтын мәселелер мұнымен ғана бітпейді. Ел ішіндегі өнер мен өнерпаздық сабақтасықтың сақталуы да ұдайы назарда болатын іс. Халық арасындағы хас таланттарды іздеп табу, олардың қабілеттерін жарқырата ашып көрсету, есімдерін елге таныту мәселесінде немқұрайдылық орын алмауы тиіс. Онысыз да ауылда тұратын жас өнерпаздардың әрбір әнін таспаға жаздыру үшін талай табалдырықты тоздыруына тура келіп жүр. Музыка әрлеушілер (аранжировка жасаушылар) ақы-пұлын жақсылап төлесе, «қолдан әнші» жасап шығарады дегенді де естиміз. Қалай дегенде де мұндай мамандардың тапшылығын да жоққа шығара алмаймыз. «Алатау» ансамблі өз әншілерінің репертуарларын олықыру мақсатымен белгілі сазгер Б. Омаровқа бір жылдың өзінде 17 әнге аранжировка жасатып алуға мәжбүр болыпты. Әлбетте, олар мұндай қадамға ансамбль құрамында әлі күнге музыка әрлеуші әмбебап маманның болмауынан барып отыр. Музыка әрлеушіге ділгірлік облыс оралығындағы мүйізі қарағайдай өнер ұжымының өзінде орын алып отырғанда... бұл істің аудан, ауылдардағы жағдайын көзге елестеудің өзі ауыр. Мұның әлгі ауыл алантарының үлкен сахнаға шығуында аяғына тұсау болмасына кім кепіл?

Облыстық халық шығармашылығы орталығынан алынған мәліметтерге қарағанда, былтыр облысқа 17 халықаралық, 21 республикалық, 3 аймақтық, 1 облыстық өнер байқауларына шақыру түскен. Осы мәселе жөнінде қалалық, аудандық әкімияттар, мәдениет бөлімдері алдын-ала хабардар етілсе де, өздеріндегі талапкерлердің сол жарыстарға қатысуын толықтай қамтамасыз ете алмапты. Соның нәтижесінде халықаралық байқаулардың 10-ына, республикалық байқаулардың 14-іне ғана талапкерлер жіберіліп, ауылдағы «сен тұр, мен атайын» талантты жастар өнер додаларының біразынан қалыс қалып қойыпты. Бұл енді ауылдардан сол өнер аламандарына лайықтылар табылмады деген сөз емес. Тек олардың жол шығынын қалталары көтере бермейді. Осы тұста аудан, ауыл әкімдерінің өз өкілдерін жарыстарға жіберу ісіне жанашырлықпен, мүдделілікпен қарап, қаржылы азаматтарды ұйымдастырып болса да қол ұшын беруінің жөні бөлек-ақ. Қалай дегенде де аудандық әкімияттардың аудан мәдениеті мен өнерінің болашағына келгенде, бюджеттерін қымқырыңқырап ұстайтыны түсініксіздеу. Олардың спортшыларға қарағанда, өнершілерге ықыластары да төмен.

Дегенмен, ел елдігін жасап та жатыр. Мына Шу өңірінде Исаевтар отбасы өздері тұратын ауылдағы балабақша мен мектептің ансамблдерін құрып, жауқазын талант иелерінің әндерін тегін-ақ өңдеп беріп отырғанын, тіпті сахналық киімдеріне дейін қалталарынан қаржы жұмсап, тіктіріп бергенін ұлтқа жаны ашудың, жас ұрпақтың өнеріне, болашағына алаңдаушылық танытудың өнегелі үлгісі демей көріңіз! Аймаққа сазгер ретінде аты әйгі болып қалған Бақыт Исаева мәдениет бөлімінде жарты ставкамен ғана қызмет етіп, ұлы Ерлан жұмыссыз жүрсе де осындай қадамға барды, әне!

Қордай ауданы, «Еңбек» ауылындағы клуб жетекшісінің бастамашылдық танытуымен ауыл жастары өз күшерімен клуб үйінің бір қанатынан қосымша ғимарат тұрғызып, оны спорт зал етіп жабдықтаған. Осында концерттер де ұйымдастырылып жүр. Жуырда ауыл бүлдіршіндерінің арасында «Әнші балапан» байқауы өткізіліп, оған жаупкершілігі шектеулі серіктестіктер демеушілік көрсетіп, балалардың заттай бағалы сыйлықтарын түгел мойындарына да алыпты.

Қазір қоғамымызда қалыптасып үлгерген «пассионарность» деген ұғым бар.Бұл орайда Л. Гумилевтің «Этногенез и биосфера земли» деген кітабында тап осы мәселені – «жалындылық» теориясын ұсынып, негіздеп те бергені белгілі. Пассионарлар – отты адамдар. Олардың басты ерекшелігі – қара басының қамынан бұрын жұрт мүддесін көбірек ойлайтыны. Ру, тайпа, ұлт ісіне жанын салып жүргенде мерт болармын деп те қауіптенбейді. Сол жолда құрбан болуға пейіл. Испан коммунистерінің көсемі Долорес Ибарури, міне, сол «пассионерияның» көші басында тұр! Мұндай «жалындылардың» арамызда бар екеніне де шүкіршілік. Бірақ, олар көп те емес.

Дәл қазіргідей материалдық байлықтың, қаржы-қаражаттың да едәуір бөлігі жекеменшіктің уысына шоғырлануы жағдайында елімізде енді міне, енді әне пассионарлық қозғалыстың қанатын кеңге жаятынынан үміттіміз. Бұл тұрғыда Елбасымыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түбегейлі, мақсатты түрде дамытудың уақыты жеткендігін, елімізде мемлекет пен бизнес тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселелер жолында да толық мүдделестік әріптестік танытуы керектігін атап көрсеткен-ді. Біздің облысымызда да әлемдік тиімді қайырымдылық тәжірибелері қалыптастырыла да бастады. Мәдениет саласы да меценаттар назарынан тыс қалып отырған жоқ. Бұл сала да там-тұмдап болса да қаржылай демеушілік көмектің игілігін көре бастады. Осындай жергілікті жердегі бизнес өкілдерінің бес-он теңге болса да, қолындағы барын осы күні басқа салаларға қарағанда дамуы кенжелеп, материалдық тұрғыда жұтаң тартып-ақ тұрған мәдениет саласына жұмсап жатқаны құптарлық-ақ іс. Ал шынтуайтында, дәп осы салаға қыруар қаражат, тіпті ірі көлемдегі инвестиция да қажет. Өйткені, аудандардың бір-екеуінде ғана болмаса, кітапханалар дүниежүзілік өрмекке – Интернет желісіне күні бүгінге дейін қосыла алмай отыр. Бұл – аудандар тұрғындарының заманауи сауаттылығын арттыру ісі, ақпарат алу көзі әлі де болса тақұл-тұқыл деген сөз. Бүгінгі таңдағы ең аз айлық жалақы алатындар да, міне, осы мәдениет қызметкерлері екені де белгілі. Ал халықты руханияттан еш қашан да бөліп қарастыруға болмайды...

Мұны айтып отырғандағы мақсатымыз ауыл мәдениетін көтеру, мәдени қызмет көрсету ісі түбегейлі жолға қойылуына «майда-шүйде» деп қарамай, баршамыз болып жұмыла кірісу бүгінгі күннің басты талабы да. Елбасымыз биылғы Жолдауында тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде қарсы алу үшін әрбір ауылға 50-60 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы елді мекендерді абаттандыруды, әлеуметтік нысандарға заманауи әрлеу жұмыстарын жүргізуді апсырғаны да белгілі. Ендігі жерде аудан, ауыл басшылары өздеріндегі мәдениет ошақтарын жасаулап, жарқыратып қоюға тиіс. Сол жарқыраған клубтар, мәдениет нысандары одан әрі бос тұрмай, өнершілердің өнерімен сусындайтын бірден-бір орынға, шын мәніндегі руханият ордасына айналдырылады деп те сенеміз.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет