Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет2/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ
Ана тіліміздің абыройын асқақтата түсуге байланысты ғасыр айрығында Шерхан Мұртаза ағамыз «Қазақтың тілі өз елімізде, отанымызда мәртебеге ие болып отыр ма? Мәртебесі бар ма, жоқ па? Осыған әрбір қазақ баласы жауап берсін» деп өзінің және бір аталы сөзін айтты. «Қазақ тілін дамытудың бірден-бір жолы – қазақ балабақшаларын көбейту керек және әр отбасы ана тілінде сөйлеуге тиіс» - деді Фариза апамыз.

Рас-ау, мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтудің, оны күллі еліміз халықтарының басымдықпен пайдалану тіліне айналдырудың бірегей тетігі де осы еді ғой! Әу басында-ақ істі осыдан бастағанымызда, жиырма жыл (айтпақшы, биыл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына да осыншама жыл толады) бойы әрі тарт, бері тартпен «жыры» бір бітпей келе жатқан қазақ тілін толықтай меңгеру мәселес өз-өзінен шешілетін де еді. Сол кездегі бала –бақша мен мектептегі бүлдіршіндерің бүгінде зіңгіттей азамат болды, алды мемлекеттік қызметкерлердің жаңа буынын алмастырып үлгерді. Жиырма жыл бұрынғы орта жастағы шенеуніктер зейнетке шығып та кетті. Олардың орнын Шерағаң айтқан «тетікті» толық қуатында іске қосып қана отырған күннің өзінде, ана тіліміздің құнарынан нәр алған, ділі, діні берік өрендеріміз баспас па еді. Ал енді бір он жылдан соң күллі мемлекеттік басқару тегершіктерін тұтастай «жаулап алары» анық-ты. Мемлекеттің аста-төк қаржысын нәтижесі шамалылау іс-шараларға бағыттап үйіп-төге бермей, осылай қарай, балабақша мен мектепке қарай бұрғанымызда ғой...

Мәселе мүлде басқаша тарапта өрбіді, әттең. Әрқайсысымыз «ағаш атқа» мініп, қопаңдап, тұс-тұстан атойлай шауып, ана тіліміздің жыртысын жыртып, анамен де, мынамен де «алтыбақан, алауыз» болып жұлқысқанымызда не бітті? Тілді тұғырлы, мәртебелі ету байбаламмен емес, ұл-қызды ұядан – обасынан, балабақшадан бастап мұқияап оқытып, тілін, ділін түзеп қана үн-түнсіз отырып-ақ шешетін мәселе еді. «Ұлт, ұлыстар мәселесі» дейтін «кедергіден» арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей аман-есен алып шығарлық ұрма жол осы болатын. Кім-кімнің де бүлдіршін жасында өз елінің мемлекеттік тілін оқып-үйренгенінің несі сөкет! Біз бұл «әдісті» де қарқынды жүргізе алмадық. Есесіне еліміз «көп ұлтты» ғой деп өзге ұлыс өкілдеріне мемлекеттік тілді «күштеп таңуға» бетімізден басып, именшіктейтұғын халге жеттік. Оны қойып, жетекші ұлт деңгейінен көрінеді деген қазекеңдердің өздері бірімен-бірі қазақша сөйлесу дегенді былай жиыстырып тастады. Осылай екідай күйде істің көзін таппай, жиырма жылдың ішінде тіл мәселесін ыру-дыру «көкпарға» салып, «басын жарып, көзін шығардық»!

Өкінішке орай, балабақша мен мектептегі жеткіншектердің қазақшаға «тілін сындыру» әлі де өз деңгейінде емес. Күллі еліміз бойынша алып қараған күннің өзінде. Бүгінде ел ертеңін сеніп тапсырғалы отырған «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан Президент стипендиаттардың әрбір онының тоғызы мемлекеттік тілде оқып, жаза алмайтыны, олардың биылғы бітірушілерінің қазақ тілін мүлде білмейтіні – Құдайдай сенген «балабақша тәрбиесі ықпалының» бары-жоғы осы-ақ па?! Жастарымыздың ұядан ұшқанда ілгендері осындай болғанда, әбден «сүйегі қатып» кеткен ересектеріміздің «тілін сындыру» анау айтқандай оңай шаруа емес екендігі өз-өзінен түсінікті.

Ал, «Тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасының» аяқталуына бір жыл ғана қалды. Биыл жоспар бойынша еліміздегі барлық қоғам салалары қазақ тілінде сөйлеуі тиіс-ті. «Осы жылы мемлекеттік қызмет салаларының барлығы іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіреді» делінген аталған бағдарламада. Бірақ, мұның сөз күйінде қалатын түрі бар. Олай болатыны... әзірге... бизнес пен қаржы саласы терминдерінің күрделілігі жөнінен «қамшы салдырмай» тұр. Медициналық терминдерді «қазақыландыру» мәселесінің де түбіне бойлатар түрі жоқ. Соның нәтижесінде айналымдағы құжаттарды былай қояйық, қазіргі қазақ тілінде шығатын кейбір БАҚ-ы да «шұбар ала тілді» насихаттауда алдына жан салмай тұр. Ал... қайсыбір мемлекеттік мекемелер басшылары әлі күнге қанша жерден «оқытылғанмен» алқалы жиындарда қағазға қарамай сөйлей де алмайтын деңгейде қалып тұр. Олардың сөйлер сөзіне дейін «қайырымды көмекшілерінің» аударып беріп жатқанының талай куәсі де болдық. Сонда іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді деген сөз мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді еркін меңгеруді талап етеді дегенді білдірмей ме?

Мемлекеттік тіліміздің жайы жиырма жыл бойы күйттелумен келеді. Артық, яки кем шығып жатқан тұстарымыз да баршылық. Тіліміздің туын тұғырында желбіретіп, қасқая қасқарып ілгері адымдап та келеміз. Көңіл жұбатарлығы да осы. Қалай болғанда да Елбасымыздың бұдан екі жарым жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Аюдың да тіл үйренетін кезі жетті» деп айтқан сөзінің баршамызға, әсіресе мемлекеттік тілге мұрынын шүйіре қарап жүрген саяси элитамызға үлгі-нұсқа болатын-ақ жөні бар. Жалпы қоғамымыз... Елбасымыз айтса ғана қопарыла қозғалып, азды-көпті істің басын қайырып тасстап, жайшылықта қол қусырып қана отыруға бейім секілді. Әр алуан тіл үйрету жобаларының жасалуы, оны жаңа үлгіде үйрететін әдіс-тәсілдердің дүниеге келуі, арнайы курстардың ашылуы, онда ынта білдірушілердің тегін дәріспен қамтылуы, тағы басқалары осындай «қозғау-түрткіден» соң асты емес пе? Мұндай үрдіс бізде де орнықты. Алдыңғы жылы ашылған (бұл мақсатқа облыс қазынасынан 17 миллион теңге бөлінген) мемлекеттік тілді оқыту орталығында соңғы екі жылда алпыс қызметкер оқытылып, оның 56-сы іс-қағаздарын жүргізе аларлық біліктілікке қол жеткізген. Бұдан бөлек бұрнағы жылы облыста ірі кәсіпорындар мен мекемелерде және ұйымдарда мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылып, осындай курстарға қазақ тілін үйренуге ынта білдірген 2163 тыңдаушы қамтылыпты. Тіл оқыту орталықтарына жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп те жатыр. Осыншама мемлекет қаржысы жұмсалып оқытылып жатқан мемлекеттік қызметкерлер тиісті талап деңгейінен көріне алып жатыр ма? Бір анық мәселе, ол – қызметкерлердің (олардың басым дені өз қаракөздеріміз ғой) ділі түзелгені, қазақылана бастағаны. Ділі түзелсе, тілінің де түзелуі қиын емес, әрине!

Жалпы облыста еліміз бойынша алғашқылардың қатарында 2002 жылдан бастап жергілікті өкілетті және атқарушы органдарда іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшірілген-ді. Бүгінгі таңда облыстағы 154 кенттік, ауылдық округтер мен кент, ауыл әкімдерінің  147-сінде іс –қағаздары толықтай мемлнкеттік тілде, ал өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған 7 кент пен ауылдық округтерде екі тілде жүргізіледі. Былтыр облыстық мемлекеттік мекемелер дің шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 75 пайыз болса, бұл көрсеткіш аудандар мен Тараз қаласында 92 пайызға жеткен-ді. Ал биылғы көрсеткіш... Әкімият тарапынан іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тілдің үлес салмағын бірқатар аудан әкімияттарына (Сарысу, Байзақ, Мойынқұм) 100 пайызға көтеру міндеті жүктелгенмен, олар бұл үдеден шыға алмады... Облыста іс-қағаздарын жүргізуді қазақшаға көшіру қарқыны да өте баяу. Бұл істі мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының пайыздық-үлестік көрсеткіші тұрғысынан Қордай ауданы (62), Тараз қаласы (71), ал, облыс әкімияты басқармаларының арасында құрылыс (52,5), денсаулық сақтау (54,0), ауыл шаруашылығы (63,0), табиғи ресурстар және табиғатты реттеу (66,0), кәсіпкерлік және өнеркәсіп (67,2) басқармалары кері тартып отыр. Аумақтық департаменттер, басқармалар мен инспекциялардағы мұндай көрсеткіштерді тіпті ауызға алудың өзі ұят іс. Мәселенки, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің облыс бойынша филиалында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі бар болғаны 9,0 пайыз ғана. Ал, облыс бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінде – 13 пайыз, орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясында – 17,5 пайыз... Бұл тізімді одан әрі соза беруге болады. Және бұларға қарап отырсаңыз, бұл мекемелер бейне бір Қазақстанда емес, басқа бір мемлекетте өмір сүріп жатқандай!

Кім-кімнің өзі тұрып, өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін білуі міндетті парыз десек те, біздегі өзге ұлт өкілдері, әсіресе орыс тілді қауым тарапынан, өкінішке орай, біз күткендегідей ынталылық байқалмай тұр-ау. Мемлекеттік тіл өрістей ме, өле ме- өздерін бұған мүлде қатысы жоқ адамдай қылып көрсететіндері де жоқ емес. Бұл шаруаны біротала жергілікті ұлт өкілдері үлесіне қалдырып, «солардың (яғни біздің) тілі, не істесе де өздері білсін» дейтін пиғыл аңдатады. Бұған жуырда өзім сыйлайтын бір мекеменің орыс тілді басшысы жазып шыққан алдын-ала дайындау қағазынан (пресс-релиз) «қазақтардың мемлекеттік тілі» деген тіркесті оқығанда көзім жетті. Мемлекеттік басқару тегершігінде отырған, көзі ашық, көкірегі ояу деп жүрген басшы бұлай ойлағанда... Басқасына не жорық? Алпыс пайыз қандасымыздың бетін бері қарата алмай пұшайман күй кешіп отырғанымызда, бұл «жығылған үстіне жұдырықтай» болып көрінеді...

Біздің күнбе-күнгі өмірімізде осылайша «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) қабылдаған, Гаагадағы этносаралық қатынастар жөніндегі қор жариялаған саны аз ұлттардың білім алу құқықтарына қатысты ұсыныстардың І-тармағында айтылғандай, «саны аз ұлттарға жататын азаматтарға мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде үйрену арқылы ұлттық қоғамға кірігу жауапкершілігі жүктелетіні» ескерілмей отыр! Негізгі ұлт өкілдерінен саны аз өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуі, базбіреулер айтып жүргендей, адам құқығына тіпті де қайшы келмейді, керісінше, ол ынтымақтастық пен тұрақтылық факторына жатады... Сондықтан да бағытты, міне, осылай қарай бұруымыз керек секілді.

Базбір сарапшылар еліміздегі қазақ тілін меңгерген қазақтардың өзі бүгінде бары-жоғы 60 пайыз ғана көрсетеді деп көрсетеді. Бұл деректің шындықпен қаншалықты үйлесімді екені белгісіз. Бір анық нәрсе – соңғы он жыл ішінде орта мектепте барлық оқушының 60-70 пайызының білім алып жатқаны, ал қазақ балаларының 80 пайызы өз ана тілінде (облыстық көрсеткіш те осымен шамалас) оқиды. Демек, қарадомалақтарымыздың 20 пайызы орыс мектептеріне барып жүрген болды ғой! Мұны кейде өз тілін білмейтіндердің санын көбейтіп көрсету етек алып бара жатқанының көрінісі ме деп қаласың. Осы тұрғыдағы тілдік сараптау-талдау мәселесі жергілікті жерде де дәлме-дәл әрі пәрменді жүргізілгені жөн. Тегінде, «Қазақ мектептерінде тек қаракөздеріміз ғана оқи ма? Ал қазақ балаларының орыс немесе аралас мектептерде оқитындарының үлес салмағы қанша? Қарадомалақтарымыз мұндай қадамға қазақ мектептерінің жетіспеуінен барып жатқан жоқ па?» деген мәселелерге де дер уағында сараптама жасалып отырғаны артықтық етпейді-ау.

Задында, дәрігерлер аурудың диагнозын нақты анықтап барып ем қолданып жатады ғой. Бұл да сондай іс. Біз мемлекеттік тілдің жаппай қолданысқа ие бола алмауына басты кедергілерді тап басып анықтап алуымыз керек. Мысалы, облыста мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарын қазақша жүргізе алмайтын өз қаракөздеріміз қанша? Олардың нақты мерзімде саны қаншаға кеміді? Олар арам шөп секілді бірін жұлсаң, екіншісі қаулап өсе бермейді ғой! Арада бірнеше жыл өтсе де, тіл үйрену курстары санын еселей түсіп жатсақ та, олардың саны кемір емес. Әлгі курстарда «тілін сындырып» жүргендердің дені өзіміздің орыстілді қандастарымыз. Қаржыны қанша жерден үйіп-төгіп жұмсап жатқан күннің өзінде өз тілімізде өзіміз әлі түгел сайрап кете алған жоқпыз. Бүгінде облыста қанша шенеунік қазақ тілін үйренуге ділгір (мұны ашық жария етер мезгіл жетті)? Бұл іске қанша қаражат керек? Мемлекеттің ен-тегін жатқан ақшасы жоқ қой. Бөлінген қаражаттың өз мақсатына жұмсалуы бақылауда болуы немесе қатаң тексерілуі тиіс.

Біз, әдетте, қазақ тілін үйренуге деген селқостықты заңның солқылдақтығына, мемлекеттік тілге қажеттілік тумай отырғандығына сайып жатамыз. Елбасымыздың қадап айтқанындай, мемлекеттік тіліміз елтаңба, әнұран, ту секілді рәміздеріміз қатарында ардақталуы тиістігі қай заңыңнан кем соғып жатыр. Мекеме басшыларының отансүйгіштік, мемлекетшілдік санасы қалыптаспауында жатыр бар гәп. Міне, солар өз мекемесіндегі іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі үшін қызметкерлерінің барлығы да мемлекеттік тілді жан-жақты меңгеруін, әсіресе, қазақтың бір-бірімен қазақша сөйлесуін қатаң талап етуі тиіс. Үкіметтің тиісті шаралар қабылдауын күтпей-ақ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің үлгісін алайық... Сыртқы істер министрі М. Тәжин 2009 ж басап шетел елшіліктеріне Қазақстан Конст. заңында бекітілген мемлекеттік тіл мәртебесін қорғап, заң бойынша Үкімет және мем. органдар тілді дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, дипломатиялық корпуспен ресми байланыста мем. тілді пайдалануға міндетті екенін алға тартып жатыр... Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғақты көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болуы керектігін (С. Торайғыров), тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі (А. Байтұрсынов), ана тіліңді ұмытқаның - өз ұлтыңды да құртқаның екенін (Ы. Алтынсарин) екенін ұмытпайық, ағайын.

«Тілге қажеттілік» дегеннен шығады. Шенеуніктердің дені шетел тілін еш қиындықсыз үйреніп ала қояды. Ал қазақ тіліне келгенде кібіртіктейді де қалады. Қоғамдағы қазақ тілін үйренуге деген селқостықтың салқыны болар. Керісінше, қазіргі уақытта мемлекеттік тілге деген сұраныс ұсыныстан анағұрлып асып түсіп жатқан жоқ па? Бұл тұрғыда жергілікті ұлт өкілдері арасында ана тілінің шын мәніндегі мемлекеттік дәрежеге жетуіне мүдделілер күн санап емес, сағат санап өсу үстінде. Оған, әсіресе, қалалы жерлерде қазақ мектептерінде орындардың аздығы нақты айғақ бола алады. Бала саны көп, орын жетімсіз. Керісінше, орыс мектептерінде бала саны аз, орын көп. Олардың біртіндеп аралас мектептерге айналдырылып жатқандығы да содан.

Бүгінде қоғамымызда 1997 қабылданған ҚР «Қазақстан Республикасында тіл туралы» Заңы да өзінің миссиясын атқарып бітті деген де сөз бар. Шынында да осы Заңның орыс тілін мемлекеттік тілмен бірдей деңгейде қолданылуын бекемдейтін 5, 9, 10 баптарын арқа тұта ма, қайсыбір мекемелер басшыларының іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісінде кежегесі кері тартатыны да бар. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бар мәселе өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге бүйрегі бұратыны-бұрмайтынында да емес, өзімізде. Бұл тұрғыда Елбасымыз «Нұр Отан» ХДП-ның құрылтайында «Біз азаматтарға тіл білмегені үшін қысым көрсетпеуіміз керек. Мемлекеттік тілді жылдам уақытта жүзеге асыру біздің мақсатымыз емес. Мәселе стратегиялық тұрғыдан қойылып отыр, бұл істе динамика болуы керек» дегенді айтты. Иә, бұл істе тұрыс жоқ, әлсін-әлі болса да қозғалыс, динамика, үздіксіз өсу болғаны жөн. Күні бүгінге дейін тілдерді дамытудың екі кезеңдегі бағдарламасында бағдарланған тезистер шама-шарқынша іс жүзіне асырылды. Бұл тұрғыда ең алдымен 1990-2000 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Сосын 2001-2010 жылдарға арналған 50 баптан тұратын бағдарлама бекітілді. Міне, бұл іс қаншалықты жүзеге асырылды, тіл дамытуда анау айтқандай ілгерілеу болды ма, жоқ па енді ол көпшіліктің назарында. 2010 жылы қазақ тілі барлық салада қолданысқа енуі тиіс болды. 2009 жыл да есік қақты. Мәреге бір-ақ аттам қалып тұр.

Біздіңше «мәселенің көкесі» ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы қабылдануымен басталатынға ұқсайды. ҚР Парламентінің Мәжілісінің, сосын Сенатының қарауына ұсынылып, орысша-қазақша мәтіндерінің сәйкессіздігінен Үкіметке кері қайтарылған заң жобасының әне-міне қабылдануы күтіліп те отыр. Елбасымыздың бастамасымен «Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі ұлттық қор» құрылуы да бұл іске едәуір серпін берері анық. Мұны ана тіліміздің екі халықаралық тілдің тасасында қалдырылмай мәртебесіне сай құрмет көрсетіліп, абыройының асқақтата түсілуі деп түсінгеніміз жөн. Ендеше сенің келешегің де кемел, Жоғары мәртебелі Мемлекеттік тіл!
* * *

Әлбетте, мемлекеттік тілдің жағдайын түзеуге сүйеп айтылған сөздің қандайы болсын қатерлі. Дегенмен, ондай құнды ой, пікірлердің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі пәрменділігі қай тілде, қандай мінбер арқылы айтылуына да байланысты. Мысалы, онысыз да қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған ауылдардағы қазақ басылымдарының барлығын дерлік жібермей оқитын оқырмандардың сол газеттер арқылы «мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өйтудеміз, бүйтудеміз» деп тілдерін безеп, бір бірін «оқытып», ділмарсығандарынан (құдайшылығын айтыңыздаршы) мемлекеттік тілге мұрындарын шүйіре қарайтындардың қатары селдірей ме? Сонымен сіресіп жатқан сең сөгіле ме? Олар қазақ тілді басылымдарды тіпті оқымайды да ғой! Сонда олар «ұқпайтын, түсінбейтін тілдегі» басылымдарда «қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесіп», бастары піспей жататынынан келер не пайда бар, біздің бүйткен бұл іске?

Кезінде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына іштей де, сырттай да қарсылық, наразылықтар басқа емес, «масановшылдық» дертімен «ауырған» өз қандастарымыздың жоғарыда келтірген тобы тарапынан білдіріліп, ресми тілдегі республикалық басылымдарда жиі жарияланып жатты. Олардың «қазақ тілі іс жүргізу тілі болуға қауқарсыз» деген сыңайдағы пікірлері тілімізді мейлінше тұқыртып баққысы келетіндердің қыбын қандырып, қолтығына су бүріккені де естен шыға қойған жоқ (ана тіліміздің ешбір тілден кем еместігі ресми тілдегі басылымдар арқылы насихатталуы тіл үйренушілер ынтасын одан әрі арттыру ісінде анағұрлым пәрмендірек болатынының бұл да бір нақты мысалы). Тіпті, сол тұста облыстық деңгейдегі бір жиында ресми тілде шығатын аймақтық газетте қызмет ететін қандасымыздың «екі-үш жыл болды ғой, мемлекеттік тілдің уақытша еместігіне, мызғымастай болып орнығып, түптің түбінде биліктің барлық тұтқасын бекем ұстайтынына көзіміз анық жете бастады» деген сыңайда пікір қосқаны бар. Ал, әжептәуір лауазымдық қызметте істейтін өзге ұлт өкілінің өз қолымен толтырған баспасөз түйіндемесінде «Қазақ халқының мемлекеттік тілі» деген тіркесті пайдаланғанын да көзіміз көрді.

Сол тұста, демек, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы уақытша ғана құбылыс деп санап, аңысын аңдығандар болған. Олай емес, қазақ тілі жылдан жылға қуаттанып, қадамын қарыштай түсті. Елбасының мемлекеттік тілдің «тілі - басқа, тілегі - бір» сандаған ұлт өкілдерін топтастырушы, біріктіруші ретіндегі мән-маңызын ел санасына ақылмен сіңіріп, жаппай бір тілде сөйлеу миссиясын «асығып, аптықпай» кезең-кезеңімен сәтімен жүзеге асыруының арқасында. Құрамында алуан этностың өкілдері бар Қазақстан халқының мемлекеттік тілді айрықша құлшыныс, сүйіспеншілікпен таңдауына мүмкіндік беріліп, тиісінше жағдай да жасалып отыр. Бүгінде облыстағы мемлекеттік тілді оқыту орталығы мен оның алты аудандағы құрылымдық бөлімшелеріне тіл үйренуге ынталы өзге ұлт өкілдері лек -легімен келуде. Солардың бірі жетпіс алты жастағы ұлты эстон кейуананың «Қазақстан - менің де туған жерім, Отаным, одан басқа барар жерім жоқ. Осы кезге дейін қазақша үйренбегеніме өкінемін. Алайда, «ештен кеш жақсы», қазақ көршілеріммен тұрмыстық деңгейде болсын сөйлесе алу үшіін, оқыту курсына өз қалауыммен жазылдым» деген сөзіне қалай сүйсінбеске!

Мемлекеттік тілдің көрпесі ұлғайып, көсегесі көгеруінде мұның бәрі, сөз жоқ, қуантарлық-ақ нышандар. Десек те, бұл тіпті де күштеу, мәжбүрлеу еместігін, өзге ұлыстар өкілдеріне қазақ тілінің «көкке самғаса қырандай қалқыған, сезімге салса болаттай балқыған, дауға салса алмастай қиған» құдіретті де қуатты, алдыңғы қатарлы ағылшын, қытай, хинди тілдерімен теңесерлік дүниедегі ең бай, құнарлы тілдердің бірі екендігін насихаттау кемшін соғып жатқан секілді. .

Сосынғы жерде ... қазақ тілінің ресми, тіпті шетел тілдеріне де «тік тұрып» құрмет көрсетіп, қызмет етуіне көрінеу жол беріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, ресми тілде жатық сөйлей де, жаза да алатын қаракөздеріміз қай-қай мекемеден де кездеседі. Олар, журналист ретінде өзіміз күнде куәсі болып та жүрміз ғой, ауызба- ауыз сөйлескеніңде өздерінде қордаланып қалған мәселелерді қазақша нақты түсіндіріп бере де алмайды. Ресми тілде сөйлеуге «намысы» жібермей, қазақшаның бір-жар уақыт «басын жарып, көзін шығарады». Сосын өзіміз де шыдамай «орысша-ақ айта беріңізші» деп жалынамыз, оның қазақшасынан гөрі орысшасын ұғынықтылау санап. Айтпақшы, мұндай басшылар мекемелерінде бір-бірден «аудармашы» ұстайды. Орысша қағазға түсірген есепті баяндамаларын солар бір демде-ақ қазақшаға қотарып бере қояды. Соның арқасында мекеме де қазақша «сөйлеп» шыға келеді. Мұндай мамандар (сірә, көп те емес ау) әлі де бар. Айтпақшы, менің де бірер жыл бойы бір мекемеге аудармашылық еңбегім сіңген-ді. Басшысы әйел кісі болатын. Аудармамды басқа қазақ азаматтарына бір көрсетіп алуды ұмытпай, олардың пікірлерімен де санасып, аударма жасауда ресми тілдегі мәтінінен ауытқып кетпеуімді қатаң қадағалайтыны бар-ды. Кейде өзіме дүрсе қоя беруші еді. Мемлекеттік тілді білмейтінін бетіне басып, мен ренжісем бір жөн.

Қазір бағзы кездегідей емес, қатары әлденеше есеге көбейіп, қай-қай мекемеде де аудармашы дегеніңнен аяқ алып жүре алмайтынға айналдық. Тәржімандардың үлкен шоғыры қалыптасып үлгерді. Қайсыбірінің сапалы аударма жасайтыны күмән туғызады. Мемлекеттік тіліміздің іс жүргізуге икемсіз екендігіне «тұздық» болып жүрген, міне, осындай шалағай аудармашылардың «еңбектері» болар. Рас, олардың арасында саусақпен санарлықтай болса да ресми тілдегі шатты-бұтты шығыс құжаттарды қазақшаға барын сала әдемілеп, түпнұсқадағыдан да көркем тілмен (қазақшаны да дәп осылай өзге тілдерге аударсақ, қанеки) қотарып жүргендер бар. Осындай аудармашылардың бір -бірімен «әнебір орысша сөзді олай емес, былай аудару керек» деп жиі пікірталасқа барып, кейде шекісіп қалатынының талай куәсі болдық. Яғни, олар көбінесе орыс тілінен таза аударма жасау жағын ойлап, көз майларын тауыса ізденіп, демек, ресми тілдің де жыртысын жыртады. Сөйтіп оның танымал тілге айналуына қызмет етеді. Қазақ тіліне емес. Бір жағынан, бұл жұмыстан біраз тәржіманға «шәй-пұлдық»нәпаха да түседі. Ал, керісінше, қажеттілік тумауы себепті қазақ тілінен ресми тілге қотаратындар саусақпен санарлықтай, тіпті жоқтың қасында десе де болады. Ана тілімізді өте-мөте бай, техникалық, өндірістік терминдерді де қазақы ұғымға сай беруге икемді өз биігі, деңгейінде шет жұрттарға, қала берді өз арамызда таныта алмай жүргендігімізден бе, әлде...

Заңғар қаламгеріміз М. Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» дәуірнамасында қолданылған сөздер В. Шекспирдің бүкіл шығармашылығында кездесетін сөзден әлдеқайда көп екендігін кезінде Р. Ролланның өзі мойындап жазғаны бекер ме?! Айтпақшы, сол «Абай жолын», Абайдың өзін де әлі күнге басқа тілді былай қояйық, орысшағамағынасын, айтпақ ойын түпнұсқадан айнытпай дәлме-дәл аударып бере алған ешкім жоқ. Дүн-дүние Абай мен Мұхтар тереңіне, демек, тіліміздің тылсымына әлі бойлай алмай жатыр. Бұл тұрғыда ана тіліміздің құдіреттілігін өз арамызда, шет жұрттарға, одан қалды жер-жаһанға танытуға бағдар ұстансақ керек. Қазақ тілі бар құнарын бойына сіңіріп, шуағына бөлеп орысшаны тәржімалап қара терге түсе «қызмет ету» үшін туылмаған шығар. Қай жамағатың да орыс, оймауытың болсын мейлі, ең алдымен қазақ тілінде жазылған жауһарларды өз тіліне аударып көрсін! Онда да тілдік қоры қаптал жетіп жатса деңіз! Қай тілдің де сыналар тұсы осы.

Осындай насихаты кемдігінен бе, айтулы ғұламалардың өзі бойлай алмай жатқан терең мағынаға ие ана тілімізден көрінеу жерінетіндер бары көңіл қабаржытады. Ал, олар көп пе, аз ба? Мұны «Қазтест» таяу жылдарда қолмен қойғандай анықтап та бермек. Осынау бағдарлама аясында тілді меңгерушілер қатары 2014 жылы - 20, 2017 жылы - 80, ал, 2020 жылы 95 пайызға жетеді деп күтілуде. «Талдау» әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы 780 түрлі ұлыс өкілдері қатыстырылуымен төрт ай бойы жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, сауалнамамен қамтылғандардың 89пайызымемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оқып, жаза алады екен. Қазақ тілінде мүлдем сөйлей алмайтындар қатары бір пайызға да жетпейді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен басқа да басқармаларда (94 пайыз), қоғамдық көліктер мен байланыс жүйелерінде (87, 64 пайыз), сауда және қызмет көрсету салаларында (81 пайыз) қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейді деп есептейді респонденттер. Аталған орталықтың «аузына - май», әрі осынау ісін құптарлық қадам деп те есептейміз. Ендігі жерде олар облыста жоғарыда келтірілген мерзім аралығында мемлекеттік тілді меңгерушілер қатарының өсуі динамикасын болжамдап берсе, құба құп болар еді. Арамыздағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейтілуі ісін көрінеу кері тартып жүргендердің нақты саны қанша екенін, олардың бетін бері қарай бұруымыз үшін қаншалықтыкүш жұмсауымыз қажеттігін біздің де білуіміз керек қой!Қалай болғанда да мемлекеттік тілді менсінбеушілерге бағытталған «шешуші соққы», міне, осы соңғы он ( мүмкін одан да аз)жыл ішінде жасалынатыны анық. Ал, әзірге...

Осындайда әскерде болған кезім есіме түседі. Қиыр Шығыстағы өзім әскери борышымды өтеген батальонда қазақтан жалғыз өзім ғана едім. Ресми тілге шорқақтаумын. Орыс тілділердің бір-бірімен сөйлесіп, жақтары бір сембейд. Саны басымдау кавказдықтар да өз тілдерінде қау- қауласып жатады. Менің тілім қындағы қанжар секілді. «Қанжарымды сілтер» сәтімді екі жыл күттім. Тіл шіркінің сөйлескен сайын жарқылдап, жайнай түспей ме! Ал, менің тілімді пайдаланбағаннан соң, «тот басуға» айналды. Енді қайтпек керек, сөйлесер ешкімім жоқ. Сөйтіп жүргенімде әскери бөлім кітапханасынан қазақша жалғыз кітап (Ө. Қанахиннің «Ауыр күндерде» деген романы-ау, ұмытпасам) қолыма іліккен. Сол кітап кетер-кеткенімше бірден-бір серігім, сырласым болды. Ең бастысы, жалғызсырамадым. Батальонда бір қазақша кітап пен жалғыз қазақ - екеуіміз бармыз. Тек...аузың бар, тіл мен жағың-орнында, тым құрыса күніне бір ауыз қазақша «әу» деп қою да жақсы екен. Сөйлер сөзің тасып төгілердей ішіңе симай жүреді. Сондайда жолдорбамнан тастамай жүретін әлгі кітабыма үңіле қоямын. Ол да жұбаныш. Тілім өз ортасын қаншалықты қажетсінгенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейде тілі басқа достарымның алдында табиғат аясында өтетін оқу-жаттығу ойындары кезінде қазақша барылдап әнге басам. Оларға «әнім» ұнай ма, қайта-қайта «сахнаға» шығарады. Сондайда бір іш босатып аламын. Қазақша сөйлсеуді ұмытармын деп қорқып та жүрдім.Бірде полк сарбаздарының бәрін киноға алып барды. Сонда ғой, өзімізбен іргелес орналасқан танк батальонында қызмет ететін қазақ жігіті жерлесіммен жолығып, шұрқырастық та қалдық. Кино көрдік деген тек аты ғана. Екі сағат бойы екеуара ақтарыла әңгімелестік. Тіліміз өзімізді «жатсыныңқырап» қалыпты. Тек ресми тілде сөйлесу талап етілген тұста, әрі Ресей жерінде қазақша «сайрап» отырғанымыз қылмыс секілді көрініп, сыбырласып, айналамызға жалтақтай тіл қатысамыз. Ана тілім бөтен тілдің айбыны, мысы басып, біртүрлі жетімсіп жасып қалғандай екен...Мен сол бір бөтен ортаға ділімді, тілімді бермедім. Кеудемді асқақ ұстадым. Ең қызығы екі жыл ішінде бір ауыз орысша үйренбеген қалпымда үйге оралдым.

Қазір ойлап отырсам, қалалы жердегі мемлекеттік тіл әскерде жүргендегі тұп-тура өзім секілді. Ағылшынша, орысша, қытайша жазылып ілінген ала-құла жарнамаларға жатырқай үрке қарайды. Ең бастысы, әлгі тілдердің ешқайсысымен де қосын бір тікпей, оқшаулана береді. Ішін берер түрі жоқ. Кеудесін асқақ, өзін байбатшадай еркін де кінәз ұстайды. Қазақ барда өшпейтінін, ұмытылмайтынын бимәлім бір «түйсікпен» сезетін, «қайда барасыңдар, түбі менің құзырыма түгел көшесіңдер ғой» деп сабыр сақтайтын сияқты. Жансебілділігі, тағаттылығы ересен, өзінің!

Тіл мерейі - елдің де мерейі. Осындайда1917 жылы алашордашылардың «бір де бір жиналыс қазақ тілінен басқа тілде өтпесін» деген сөзді басты қағидат етіп ұстанғаны ойға орала береді.Иә, қазақ тілін көшеге, саудаға шығармай, өркениеттің көшіне ілестірмей мәселе оңалмайды. Менің тілім неге басқа тілдердің тасасында қалып, солардың қолына су құйып, зыр жүгіруге тиіс? Ол әу баста-ақ тәкаппар жаратылған. ОғанЕуразия құрлығынат тұяғы дүбірімен тітіренткен көк түріктің рухы сіңген. «Мәңгілік ел» болуды аңсаған батыр, баһадүр бабаларымыздың аманат- арманын өшпестей етіп тасқа басты, Күлтегін жазбалары болып бүгінге - бізге жетті ол! Әлі де өр, асқақ.

Менің әскердегі кезімдей емес, қазір жағдай мүлде басқаша ғой – тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ей, қазақтар, бір-біріңмен қазақша сөйлессеңдерші!


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет