Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет4/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

МЕДЕТ БАҺАДҮР
Атадан – ұлға, ұлдан – ұрпаққа үзілмей жалғасып, сонау ықылым заманнан там-тұмдап жеткен ерлердің есімі кең сахара даламызда кеңінен тараса, ол «алтын сандық» - ауыз әдебиетіміздің құдіреті мен күштілігінің арқасы. Үлкен, кішілігіне қарамай қай ауылдың болса да арқалы ақыны, дуалы ауызды би-шешені, елін, жерін жарақты жаудан қорғар өз жеке батырлары да болғаны ақиқат.

Дегенмен, жыршы-аңызшылардың шеберлігі мен шешендік деңгейіне қарай, әрі соңғы жетпіс жылдан астам уақыт бойы бұрмаланып келген, тіпті тұншықтырылып тасталған тарихи ақтаңдақтардың әсерінен бізге жетіп, көпшіліктің талғамы мен талқысына түсіп отырған деректерде кей батырдың есімі тарихтан біржола жоғалуға шақ қалса, оның үстіне қазіргі әдебиет, баспа беттерінен қағажу көріп келеді. Олар туралы мағлұматтар мен ертеден ескерткіш болып қалған тарихи мұрағаттардың уақытын және зерттеушісін күтіп жатқандары да баршылық.

Қазақ жұртының ХҮІІІ ғасырда бір емес, екі емес... үш дүркін «ақтабан...» болып шұбырындыға түскені Ұлы тарих жадында мәңгіге мөрленіп қалды. Оның ішінде халқымыздың үштен екісіне жуығын қырғынға ұшыратқаны – 1723 жылдың көктеміндегі жоңғарлармен арадағы қанкешу мен алапат ашаршылық еді. Осы «жүз жылдық жосын» - ғазауат соғыс аздаған үзіліспен 1758 жылға дейін созылғаны белгілі. Үйсін Сарышуан жырау жырлағандай, қазақ жасақтары «жау тиді десе жата алмай, о шетіне бір шыққан, бұ шетіне бір шыққан, жауға кеткен елді ойлап, көзінің жасын мың сыққан» ауыр күндерді бастан өткерді. Бұл дәуір оқиғаларын жете зерттеу, зерделеу аса маңызды іс. Осы тұрғыдан қарағанда, халық тәуелсіздігі жолындағы күрес дарынды қолбасыларды, аузы дуалы билерді, талантты дипломат-елшілерді, жалынды жырауларды, көреген батырларды, көріпкел-әулиелерді, ерлігімен, ақыл-парасатымен аты аңызға айналған аруларды оқтын-оқтын тарих сахнасына шығарып отырған. Бұлардың бізге дейін аты жеткендерін анықтап, оған құрмет көрсетіп, қадірлеп-қастерлеуге, аруағына бас июге, ұрпағы мақтан етуге тұрарлық ата-баба, ару-аналардың әйгілілері ретінде бүгінде 3 аса ірі мемлекет қайраткерінің (Салқам Жәңгір, Әз Тәуке, Абылай), 30-дан астам қолбасының, 100-ге жуық аға батырдың, 4 қолбасы жыраудың, 7 ұлы бидің, 15 бидің, 30 –дай елшінің, 6 ақын-жыраудың, 8 көріпкел-әулие, абыздың, ондаған аты аңызға айналған ару-ананың есімдері төл тарихымызға алтынмен апталып, күміспен күптеліп жазылды. Олардың қатарында Талас өңірінде туып өскен, қазақ халқының басына ауыр күн туып, қауіп-қатер төнген екіталай заманда туған жерін, елін қорғап, ту алып, тұлпар мініп, жауға қарсы тайсалмай қан майданға шыққан аға батырлар ошақты – Саңырық, шапырашты – Көшек, ысты – Төлек, шымыр – Қойгелді... (әлі белгісіздері қаншама) есімдері де аталады.

Кезінде озық әскери жүйесі бар, тіпті зеңбіректермен қаруланған жоңғар шапқыншылары қазақ жерінің оңтүстік-шығысында жатқан Талас өзені алқабына дейін жаулап алған-ды. Сол тұста халқымыздың қамын жеп, жауына арыстандай атылып, алмастай серпілген Жүніс, Құдас, Төлек, Бұғыбай, Қалтас,Төлтік, Медет батырлардың ұрпақтары қазір де осы ауданның аумағында тұрып жатыр. Олардың баһадүр бабаларына деген құрметтері де ерекше. Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран екенінің бір тағылымы бұл!

Осындай есімі, ерлігі қағажу қалыңқырап тұрған тұлғалардың бірі – Ұлы жүздің Ысты руынан шыққан Медет батыр Жақсыбайұлы. Ол шамамен ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде 1750 жылдары Көкдала өңірінде (қазіргі Талас ауданына қарасты Бөлтірік ауылы) дүние есігін ашыпты. Батырдың балалық, жастық шағы қазақ елін Жоңғар, Қалмақ, Қоқан хандықтарының талапай-қысымы, қазақтың өз ішіндегі алауыздық, барымта секілді әлеуметтік қайшылықтардың өрттей шарпып тұрған кезеңімен тұспа-тұс келіпті. Саурық, Сұраншы батырлардан бұрын Ағыбай, Өтеген, Жауғаш, Райымбек, Наурызбай батырлармен тұстас өмір сүрген. Қайсыбірімен жорықтас, үзеңгілес болыпты. Көне көз, кәрі құлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Абылай хан сарбаздарының бірі. Сыртқы жауларға қарсы соғыстарда ерен қаһармандық көрсеткен жүректі ер. Ақиық ақынымыз Сүйінбай Аронұлының қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:

Абылай атқа мінгенде,

Арқа сүйеп келгенде,

Жер қайысқан он мың қол

Үйсіннен маған ергенде,

Жол қылды дейді жортумен

Алатау, Алтай арасын!

Шаш ал десе, бас алып,

Аттары кетпес кермеден.

Одан бері Ыстым бар,

Алатаудай күштім бар! – деуі ыстыдан шыққан баһадүрлердің сол бір ел қорғау жолындағы қанкешулерде үлес салмағы мол болғанын да көрсетеді. Кешегі ғарасат майдандарда елдікті ту ғып ұстаған жүректі ерлердің басы қайда қалмаған десеңізші! Сондай есіл ер Медет Жақсыбайұлының ерлік істері аңызға айналып, ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып бүгінге жетті. Бөлтірік ауылының тұрғындары Әшірәлі Тайжанов, Қали Қасыиовтардың айтуымен жазылып алынған Медет батыр туралы әңгімелердің бір парасы мына төмендегідей...

Бірде ауылдың естияр еркеккіндіктілерінің барлығы бірдей бір жортуылға кеткенін пайдаланып, ел шетінен қалмақтың жарақты қосыны келіп тиіп, өрістегі қыл құйрықтыны түгел алдарына салып айдап кетеді. Бұл – бала Медеттің намысына тиеді. Жарақты жаумен бетпе-бет соғысудан жасқанып, бірақ қалың жылқы ізімен жүріп, жау қарасы көрінер жерде соңынан қалмай ілесіп отырады. Жау жағы мұны байқай қоймайды. Бір уақыттарда межелі жерлеріне жетіп, бір-ақ бел босатыпты. Аттары әбден зорығып, өздері де шаршаған. Бала Медет аулақтан барлап қарап, қалмақтардың бір бәйге атын желіде байлап ұстайтынын байқап қалады. Енді соны қапыда қолға түсіруді ойлайды. Мұның да орайын тауып, белі мықты әлгі ат тақымына тиген бойда алалы жылқының бетін ел жаққа бұрып, бөрліктіре айдай жөнеледі, ақыры...

Тақымына тоқ жарау бәйге аты тиген бала Медет тіпті арқаланып кетеді. Соңынан қуа шыққан жау жасағына найзасын білеп, «қанеки, қайсың менімен жекпе-жекке шығасыңдар. Жеңілсем – жылқы сендердікі» деп қасқая қарсы келді дейді. «Осы жас бала не істей қояр дейсің» деп жау жасағы оның бұл уәжімен де келісіпті. Бірақ өзімен жекпе-жекке шыққан қалмақтың үйелмендей батырын әп-сәтте найза ұшына іліп, ырғап допша домалатқанын көріп, өзгелері тайсақтап, тиісе алмай кейіндеп қалып қойыпты. Жау қолынан ауылдың алалы жылқысын қайтарып әкелген Медеттің бұл 12 жасар кезі екен.

Тағы бір аңызи әңгіме. Ақжолтай Ағыбай батыр туырлықтай тұтасқан үйсін елінің ақтылы қой, алалы жылқысын барымталап, Арқаға беттеп Талас өңірін көктей өтіп бара жатады. Әлде бұл оның Жайық бойындағы Бостан байдың ауылын шауып (Ақжолтай батыр мұны 73-ке келіп жантәсілім етер шағында үш өкінішінің біріне қосқаны тарихтан белгілі) келе жатқан сапарындағы бір бүлігі ме екен... Сонда Медет батыр бауыры Қуат екеуі «ауыл үстінде сойылдассақ, бала-шаға қорқар» деп, мініс аттарын киіз үйге кіргізіп, тығылып бас бағып тұрады. Барымташылар ауылдан әбден қара үзіп ұзады-ау деген мәурітте соңдарынан қуа шығып, жеткен бойда Ағыбай сарбаздарын бірінен соң бірін сойылмен жасқап, ер үстінен ұшырып түсіре беріпті. Реңі қарасұрланып, қалың қасы көзін жауып кеткен қазанат мінген ердің алапат күш иесі екенін жазбай таныған Ағыбай, ендігі жерде қантөгістің тіпті орынсыз екенін ұғып «Батыр, тоқта, жөн сұрасалық» деп қарсы алдынан шығып, атынан түсіп қарсы алыпты. Медеттің Ағыбай батырмен алғашқы таныстығы, міне, осылай басталыпты. Кейін қос батыр Кенесары, Наурызбай қолының құрамында талай жортуылдарға бірге қатысқан.

Медет батырдың Абылай хан сарбаздары қатарына алынар алдында сынақтан өтуі де айрықша қызықты. Абылай хан, әдетте, жаңа келген сарбаздарды есебін тауып ескі қорымға тобымен жұмсап, қаншалықты батыл, жүректі екендерін електен өткізіп алады екен. Соның кезегі Медетке де келіпті. Сарбаздар тобы қорымға жақындай бергенде, одан беті-ауызы ақ матамен тұмшаланған «әруақ» шыға келіп, бұларға тап беріпті. Міне, осы кезде қаннен-қаперсіз келе жатқан өзге сарбаздар шошып, тым-тырақай қаша жөнеліпті де, Медет болса, қынынан қылышын суырып, серт ұстап, «тірі әруақ жүргенде, өлі әруаққа не жорық» деп әлгінің өзіне ақырып тұра ұмтылған ғой!..

Медет баһадүр Абылай ханның сенімді сарбазы ретінде бір айтулы жорыққа қатысып, қалмақ ханының туын, басқа да жәдігерліктерді олжалап, онысын кейін елдегі туыстарына таратып та береді. Сол заттардың бірде-бірі сақталмапты. Ең өкініштісі де сол. Бірақ небір қилы заманда тар жол, тайғақ кешуді басынан кешірген халықта ондай мүмкіндік қайдан болсын-ау. Батырға ел арасында, «батыр аңғал, ер күдек», «батырды қазақтың кез келген долы қатыны туады» деп те сипаттама беріліп жатады. Батыр – алапат қара күш иесі, соғыс өнері машығына жан-жақты жетік болумен бірге, алдын-ала болжай білерлік көрегендігімен, жүректілігімен, ойлылығымен, даналығымен де батыр. Бұған, мысалы, Медет батырдың жершілдігіне қатысты әңгіме дәлел бола алады.

Күн-түн қатқан көп жорықтардың бірінде қайтар жолда боран тұрып, адасқан сарбаздардың өздері қай тұсқа келгенін де шамалай алмай абдыраған бір сәті болса керек. Медет сонда ат үстінде отырған күйі найзасын жерге қадап «Түсіп қараңдаршы, кеше осы жерде түстеніп едік қой» депті. Сарбаздар түсіп көріп, батырдың кеше түстенген жерінде ұмыт қалдырып кеткен кездігінің сабын найзасының ұшымен тіреп тұрғанына қайран қалыпты.

Өлкеміздің экологиясы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бағзы кездегідей емес, соңғы жылдары елеулі түрде өзгерді. Ал кезінде Талас өзенінің қалың қамысты алқабы жолбарыс мекені болғаны белгілі. Тарғыл шері ауыл маңына жақындады, бітті – елде әбігершілік туады. Оның ақырған дауысынан буаз малдың өзі іш тастап, құлан қағынан жеріп қашатыны анық. Сондай бір ірі жолбарыс екі ауыл айырығында мекендеп, саяқ шыққан малға, тіпті адамға да шауып, мазалап, елдің не істерге білмей дағдарып отырған кезі екен. Жырақта жортуылда жүрген Медет батыр мұны, әрине, білмейді. Жорықтан түн қатып қайтып келе жатқан жолында ол әлгі жолбарыспен бетпе-бет келіпті. Бес қаруы бойында жүрер баһадүрдің мұндай-мұндайға әбден еті үйренген ғой. Шалт қимылмен қапысын тауып, әлгі ирелеңдеген алабажақ пәлекеттің басына шоқпармен бір салып қалып, есеңгіретіп, төрт аяғын қыл шылбырмен тас қып байлап-матап тастап, жүріп кетеді.

Ертесіне ауылдастары Медеттің келгенін біліп жиылып, «Батыр-ау, кеше түнде қай жолмен жүрдің» деп сұрасады. «Мына Таластың өрлеуіт жағасымен-дағы» депті батыр қаннен-қаперсіз. Жұрт одан бетер үрейленіп, «апыр-ай, батырекесі ол тұс қауіпті еді ғой. Қалың қамыс ішіне жолбарыс бұғып, малға, жанға талайдан зәбір көрсетуде. Сен оның тырнағынан қалай аман-сау қалдың?» деседі. Медет сонда жәйімен ғана: «Иә, түнде сол тұстан бір мақұлық артыма жармасып, қалмай қойғаны бар. Сосын шоқпармен басқа ұрып сілейтіп, байлап тастап кеттім бәтшағарды» десе керек. Жұрт жиылып, әлгі тұсқа қорқа-қорқа жақын барып көрсе, шынында да аяқтары матаулы шері көзі жайнап, айбат шеге иретіліп жатыр дейді. Соның өзінде елдің оны ұрып алуға да батылдары жетпейді. Медет батыр сонда «байлаулы мақұлықтан несіне сонша қорықтыңдар, тәйірі» деп келіп, жолбарыстың жүрек тұсына найзасын қадап өлтіріпті. Жалма-жан терісін де сыпырып алып, үйінің төріне ілгенде тарғыл шері терісі шұбатылып жерге тиіпті. Сонда батыр «бәсе, түнде байлап жатқанымда құрғырдың бөксесі қомақтылау көрініп еді» депті, өзі де аң-таң қалып.

«Батыр – аңғал» келетініне бір мысал осы. Ұлы жүздің ішінде ысты руының «бес жетім» анасынан тарайтын Жақсыбайдың қос ұлы Медет пен Қуат ұрпақтарының өзі бүгінде бір ауыл болды. Екі ағайынды кісінің ұрпақтарының бертінде ауызбіршілік болмауынан, бірінің-бірі жағасына жармасып, тоз-тозы шығып, екі жарылып Шу бойына, Жалайыр арасына ауа көшуі – кешегі «ел, жер» деп түн қатқан Медет батыр атына қара дақ болып телінгені де есте.

Ел болған соң, ұрқөкпе содыры, телі-тентегі болатыны ақиқат. Оларды тезге салар текті қариялардың болғаны қандай ғанибет. Кейін солардың араласуымен туған жерінен өз ішінен шыққан бірен-саран содырдың теперіш-қысымына шыдамай ауа көшкен жұрт кері көшіріліп те алыныпты.

Ерлердің елін, жерін қорғайтыны, біріктіретіні, ал ездердің – содырлардың біртұтас елді екіге айыратыны әлімсақтан белгілі. Саңырық, Кенже, Медет, Қойгелді батырлар елдің біртұтастығы үшін қанкешулерде шаһит кешті. Олар ел іргесін бүтіндеп, бүгінгі тәуелсіздігіміздің туын тіктеп кетті. Жас ұрпақты қаһармандық, батырлық рухында шыңдап, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ұлы үлгі-өнеге бұл... Осы үлгі-өнеге ұрпақтар жадында мәңгі өшпестей болып жаңғыра берсе екен!..


АЛДЫ – АҚ ЖАЙЛАУ АҒА ЕДІ...
Осы жуырда Қаратау қаласына жолым түсе қалды. Аудан көлеміндегі бір жиын өтетін еді. Міне, сонда ауылдасым әрі құрдасым Абдрахманмен көзбе-көз ұшырасқаным бар. Ауылдасым болғанда... кәдімгі Әнекеңнің, есімі Ойық еліне мәшһүр, кеңестік дәуірде сол рудың атымен аталған кеңшарды ұзақ жыл басқарып, даңқын алысқа танытқан Әнуарбек Тәжімбетовтың сүткенжесі ғой! Алаштың ардақтысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Талас өңіріне келген соңғы сапарында «Әнуарбек Тәжімбетов жақсы адам, білікті басшы еді. Бала-шағасы қандай болып өсті? Жақсының көзі ғой, бас-көз болып жүріңдер» деп елдің игі жақсыларына аманаттап тапсырып кеткен ұрпағының бірі...

Біз оны «Димка» деп атайтынбыз. Орыс сыныбында оқитын. Бала күнінде-ақ «бастықтың баласымын» деп кеуде қақпайтыны, былайғы құрбы-құрдастарымен, ересектермен де әзіл жарастырып, тонның ішкі буындай аралас-құраласта болып жүретіні, көпшіл, қарапайымдылығы,өткірлігі, жанарының оттылығы есімде қалыпты. Әйтеуір, оның бойында да қанмен дарыған тектіліктің бар екенін белгісіз бір түйсікпен сезінетінбіз.

Сол Димкамыз жігіт ағасы жасына - елуге келіпті. О, жүйрік уақыт-ай десеңізші! Сол тұста өткен күндер елесі тізбектеліп көз алдыма келді...

Әрбір ауылдың, тіпті ру, жүздің сөзін сөйлеп, сойылын соғар биі, батыры, баскөтерері болатыны белгілі. Мұның көптеген мысалы қазақы қоғамда әлімсақтан бар. Елді уыздай ұйытып,туырлығы тұтас күйінде сақтап қалған да осындай дара туған алысты болжай білер игі жақсылары. Төменгі Талас бойын жайлап жатқан Ойық елінде, міне, осындай «қара қазан, сары баланың» қамын жеп отқа да, суға да түскен, осынысы үшін есімдері ел жадына өшпестей болып жазылып қалған еңбегі ересен ерлер арасынан меніңше, Әнуарбек, Жамаубай, Сейілбектер ерекше тұлғаланып көрінеді.

Олардың жүректері қашанда «ел, жер» деп соқты. Үш арыстың бойындағы ортақ қасиет те осы. Әнекеңнің (Тәжімбетов), мысалы, қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның сесінен де қаймықпай, сол тұстағы үлкенді-кішілі басшыларды аумағы атшаптырымдай ауылдың ру атымен «Ойық» деп аталуына көндіруі шынында да жүрекжұтқандық емес пе? ҚКП ОК-і бірінші хатшысының алдына он-сан мәрте барып жүріп, кеңшарда жаңа типті әлеуметтік ірі нысандардың еңсе көтеріне қол жеткізген жанкештілігін қайда қоярсыз!

Мен де Әнекеңнің алдын көргенмін. Бары-жоғы он тоғыз жасымда. Ол кезде директор дегеніңіздің сұсы қатты. Екінің бірі батып кіре алмайды. Ал мен болсам кеңшардың әлім-берім жұмысына жарап, ел қатарлы айлық жалақы тауып жүрген, кәмелеттік жасқа толған қоғамның толыққанды азаматымын.

Әнекеңді сырттай көріп, әредікте атүсті сәлемдесіп те қоятынымыз болмаса, өзара шүйіркелесе әңгімелесеміз-ау, ол кісі ауылдың үлкен-кішісінің не істеп , не қойып жүретінін бес саусағындай біледі-ау деген ой басыма да келмеген. Ол кісінің сәлемімді алып бас шұлғып қана мезіреті жасап, өзін суықтау ұстайтынына бола ауылдың әлі оң-солын тани қоймаған бозбаласының бірі санайды ғой мені дегенім бекер екен. Айтпақшы, ол кісіге мұның алдында да кіріп, кеңшардың құрылыс бөліміне жұмысқа қабылдау жөніндегі өтінішіме қол қойдырып алғаным бар. «Ләм-мим» деместен сиыр тіліндей қағазға бірден сойдақтата қолын қойған де берген.

Мына келуімнің мәнісі одан бөлектеу болатын. Кеңшардан біржола кетіп барамын. Алматыдағы журналистер даярлайтын оқу орнына құжаттарымды едел-жедел тапсырып қоюым керек. Жұмыстан босануым да соның қамы еді. Әнекең бұл жолы мені жылы қабылдады. Әншейінде өңі сұсты, суықтау көрінетін. Жоғары деңгейдегі басшылармен тең құрбысындай сөйлесетін, көп күш-қуат жұмсап, азы-тозы халықтың басын біріктіріп, кеңшар құрып, оны шағын индустриялы қалашыққа да айналдырып үлгерген аса беделді кісінің алды мұндай кең, жаймашуақ болады деп те күтпегенмін. Есік көзінде имене іркіліп, абдырап қалған маған үлкен кісі төрдегі орынтағынан тұра келіп, қос қолын соза құшағын айқара ашып келе жатты. Ал, мен өзімнен-өзім ұялып: «Ассалау...» деп апалақтап, сүрініп-жығылып қарсы ұмтылғанмын.

–Кел, қарағым, жайғас! – деді ол маған төрден орын нұсқап.

Уақыт түскі үзілістің кезі-ау, шамасы. Директордың алды босады-ау дегенде, хатшы келіншектің көзін ала бере зып беріп кірерін кіріп алсам да, осы аз жылда талай бюрократ бастықтың алдын көрген басым, «осыным ыңғайсыз болды ма» деп тұрсам, директор ағам керісінше: «Кел, інім, төрлет» деп маған жігі-жапар болды да қалды.

Мен қолымдағы өтініш жазылған тілдей қағазды үнсіз ғана ұсына бердім. Әнекең оған сыдырта бір көз жүгіртіп өтті де, үстелінің бір бұрышына қарай ысырыңқырап, артынша орнынан тұрып: «Асығыс емеспісің... Анда баралықшы. Түскі үзіліс те болып қалыпты» деп мені қарсыдағы қонақ күтуге арналған бөлмеге алып келді. Хатшы келіншекке шай әзірлетіп, шағын дастархан жайғызып, менімен еркін бір әңгімелесуге көшті. Әнекең мені тек сырттай ғана таниды дегенім бекер екен. Түп-тегімді, әкемді де, шешемді де бір кісідей білетін болып шықты. Тіпті өзімнің екі күннің бірінде берісі аудандық, әрісі облыстық, республикалық газеттерге шығып жататын үлкенді-кішілі мақалаларым мен өлең, әңгімелерімді де құры жібермей оқып, танысып жүреді екен.

–Талабыңды құптаймын. «Жұмыс, жұмыс» деп қарайып қалуға да болмайды. Оқитын кезіңді өткізіп алғанның несі жақсы дейсің! Ел қатарлы сен де барып, бағыңды сына. Жазғандарыңды қадағалап оқып жүрмін. Сен де бір үмітті інімсің. Ауылымыздан бір жақсы журналист шықса, түбі өзіңнен шығар-ау деуші едім. Ел мен жеріміздің тарихында жазатын нәрсе көп қой! Оқудың сәті түспесе, түңілме, ортамызға қайта ораламын десең оған да құп. Дегенмен, осы жолы жолыңның болып кетуіне тілектеспін. Өндірістік мінездемелеріңді жігіттерге айтып, жақсылап жаздыртып қояйын, - деп маған біраз ақыл-кеңес те берді.

Мені бір таңдандырғаны – егін, шөп орағы, қой қырқымы қызу басталып, шаруашылық жұмыстарынан мұрнына су жетпей жатқан сол бір тұста білдей бір кеңшар басшысының жан-жақтан дембіл-дембіл түсіп жтқан «қоңырауларды» да құлағына ілмей, бар шаруасын былай ысырып тастап, мектепті жаңа ғана бітірген, мұрнының қаспағы да кеппеген дейтін жастағы бозбала – менімен жарты сағат бойы хатшы келіншек демдеп берген ыстық шайды жәйімен ғана сораптай ішіп отырып, емен-жарқын әңгімелесті.

Ал сонан соңғы жерде директор кабинетінен қолтығыма қанат біткендей мерейленіп шыққанымды көрсеңіз!.. Былайғы жұрт, тіпті кеңсе қызметкерлерінің өздері де маған біртүрлі қызыға да қызғана қарасатын секілді ме, қалай...

«Ол кісі неге өйтті?» деген сауал күні бүгінге дейін жадымнан бір шыққан емес. Бірақ, ол кісінің сол бір жарты сағат ішінде маған «келешегіміз ғой» деп қарап, айрықша көңіл бөлгені, ақыл-кеңесін бергені, тура жол нұсқағаны тектен-текке кеткен жоқ қой. Ол кісі сол жолы «жас қой» демей, арнайы қабылдап, көтерер жүгі мол тұтас бір саланың –журналистика саласының жауапкершілігін иініме қоса жүктеген де секілді. Түптің түбінде осы саладан абырой табатынымды әулиелікпен болжай білгенін айтсаңызшы бәрінен де! Өйтпесе, үлкен бір кеңшардың билігі жұмса-жұдырығында, ашса-алақанында болып тұрған лауазымды адамның ауызынан емшек сүті де кеппеген бозбасқа соншама уақытын шығындап не жыны бар. Әнекеңнің ауызы уәлі, не айтса да, не істесе де қапысыз, дәлме-дәл шығады деп есептейтінмін. Оған басшы қызметте «ақырын жүріп, анық басып, еңбегі далаға кетпеген» жемісті жылдары нақты айғақ бола алады.

Баспасөз саласында жиырма жылдан астам уақыт тер төгіп келе жатқан менің өзім де түрлі деңгейдегі талай басшылардың қабылдауында болып, олардың мансапқа, кеңсебилікке құштарларымен де, мәдениеттілік пен кішіпейілділікті бойларына мейлінше мол сіңіргендерімен де, жасымен де, жасамысымен де жолығып, әңгімелес-сұқбаттас болып жүрсем де, Әнекеңмен сол бір кездесуімді есімнен бір шығарған емеспін.

Өзін ғана емес, өзгені де ойлайтын, елінің келешегінің, үлкеннің де, кішінің де қамын жеп алаңдаушылық танытып, жар құлағы жастыққа тимей жүретін алды-ақ жайлау аға есімі ешқашан да ұмытылмауға тиіс.
МӘСКЕУДІ ДЕ МОЙЫНДАТҚАН...
Әңгіме зобалаң жылдардағы «жаптым жала, жақтым күйе» науқанының тезіне түспей, өзін-өзі арашалап, ақтап шыққан Жылкелді Әлімбетұлы жайлы. Сол тұста ол да «қылмысты» ретінде қуғынға іліккен ғой...

Аталмыш іс тіркелінген көнетоз папкіні оның немерелерінің қолынан алдым. Төңкерістің от-жалынына суарылып, шарболаттай шыңдалған сол бір арда азаматтың үстіміздегі жылы туғанына артық-кемі жоқ 122 жыл толады екен. Асадағы екі жылдық түземдік мектепте оқып, ортадан төмен білім алған Ж. Әлімбетов орысша аса сауатты, сөйлеуге де, жазуға да бірдей болғаны оның өз қолымен жазылып, толтырылып бізге жеткен әр алуан құжаттарда айқын бедерленіпті. Құжат демекші... олар сарғыш тартып, шет-шеті жеміріліп, жырымдалғанмен, бұдан 82 жыл бұрынғы бір уақиғаның мәнісін сол күйі көз алдымызға да әкелді...

Бұдан да біреу өссе, балақтан тартар біздегі бағзы бақастықтың, күншілдіктің, «алты бақан, ала ауыз» қазақылықтың исі мүңкиді. Ол күндерде Абай айтқандай, «қазақтың қазақтан басқа жауы» да болмаған екен-ау. Оған Ж. Әлімбетовтің өзіне нақақтан-нақақ таңылған жаладан шеккен жапасынан соң да көзіміз анық жете түсті. Аталмыш істің ғажабы сонда – Әлімбетовтің өз намысын, ар-ожданын аяқ асты етпей, өжеттікпен күресіп, титтей де кінәсі жоқтығын нақпа-нақ дәлелдей алғандығында. Міне, осындай бұлтарғысыз нақты айғақтардың қасында «жаптым жала, жақтым күйе» жандайшаптардың жүні жығылыңқырап, пұшайман күйге де түседі екен. Сол бір күндерде өзін-өзі ақтай алу мүмкіндігі тек Әлімбетов секілді бірен-саран азаматтардың ғана пешенесіне бұйырса, не шара. Қаншама арыстарымыз, қайраткерлеріміз нақақ жаланың құрбаны болып, беймезгіл шаһит кешті десеңізші! Бірін-бірі жау қылып көрсетуден, өзді-өзін орға итеруден қазақтың шыққан ұшпағы, қанекей!

Міне, осылай қудалап, жала жауып «қылмысты» деп көрсетуден 1928 жылдың аяғында Ж. Әлімбетовтің де сау басы саудаға түсіп, өзін-өзі ақтау, арашалау жолындағы сергелдең-сабылысқа толы күндері басталып та кетеді. Мұның ақыры неге апарып соғары белгілі еді...



«БКП (б) Қазақ Өлкелік Бақылау комиссиясына Оңтүстік Қазақстан облысы, Талас ауданы, № 5 ауылдың азаматы, қазіргі Талас кассалық есептеу орталығында қызмет етуші, Ойық ауылының тұрғыны Әлімбетов Жылкелдіден

ӨТІНІШ

Мені БКП (б) мүшелігінен шығаруға негіз болған шағымда (23. 11. 1932 жыл) көрсетілген себептерге өз тарапымнан қосымша мына жайларды мәлімдеймін:

23. 11. 1932 жылғы БКП (б) Оңтүстік Қазақстан обкомының мені кінәлі деп тауып, БКП (б) мүшелігінен шығаруға ұйғарған қаулысымен таныстым, мұны өтірік жала жабу түріндегі әділетсіз, жөнсіз шешім деп санаймын. Оған дәлелдерім де бар. Талас ауданындағы № 22 ауылдың бір байынан ат алғаным рас. Оны бұрынғы қарыздары үшін бергені жөніндегі № 22 ауылдық Кеңесінің № 97 анықтамасын сіздерге қоса жолдап отырмын. Менің өзгедей, аталмыш шағымда бұрмаланып көрсетілген әлеуметтік жағдайларым барысынан Талас ауданы, № 11 ауылдық Кеңесінің № 84 және № 120 анықтамалары да (қоса жіберілді) толық мәлімет бермек.

Ал енді менің қазақы салт-дәстүр үрдісін жақтаушылар жағында екендігім жөніндегі мәселеге келсек. Өзімнің жолдасым Сопыбековтің (партия мүшесі) тойына тарту-таралғымен (тойхана) барғаным рас. Бәрі де өз есебімнен шықты.

Талан-таражға (растраты) қатысты: аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенімде 718 сом «ішіп-жеп» қойыппын. Бұл – жала! Шынтуайтында мәселе былай болды. 1928 жылы наурызда бізге 6000 сомның құнды қағазы (облигация) алынған болатын. Олар сол бойда ауылдық Кеңестер арқылы елді мекендерге таратылуға жіберілді де. Сол жылдың қараша айында қаржы бөлімін тексеруге Жәнібеков деген келді де, қабылдау-өткізу кезінде 718 сомның қол қою (росписка) қағазын қабылдамай тастады. Бұл ақша 5 желтоқсанға дейін елден толық жиналып алынған еді. Жәнібеков жолдас міндеттеме бланкісіне емес, жай қағазға толтырылғандықтан да қол қою қағазын қабылдамады. Бұл сома тап сол жерде-ақ жойылды, яғни мен, бөлімнің басқа да қызметкерлері болып оны қолма-қол жинап бердік. Бөлімнің өкілеттілігіне сай бұл ақшаны соңыра барлық ауылдық Кеңестерден өзім жинадым. Демек, өткізу актісінде мойынға ешқандай да ақша мінуі фактісі тіркелген емес.

Аталмыш облигациялар аудандық атқару комитетінің қаулысына сай таратылды, мұны сол кездегі ауатком төрағасы Толымбеков (қазір Меркі ауданында істейді), оның орынбасары Базылбеков (қазіргі аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі) сол кездегі БКП (б) облыстық комитетінің хатшысы Кәрентаев (қазір Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы) толық қуаттайды. Сондай-ақ, елді мекендерде жиналмай қалған аталмыш қаржыны жинап әкелуге байланысты менің атыма ауаткомның № 375 нөмірлі 16. 06. 1928 жылы берілген куәлігін сіздердің құзырларыңызға жолданған өтінішпен қоса жіберіп отырмын.

Менің ата-бабам кедей-батырақ болған, белгілі ру басы Тоқберген (датқа шенін алған) бидің есігінде күнін көрді. Бір кездері Жалаңбас Тоқбергеновтің қызы бір байдың баласына қашып кетеді. Бұл іске менің әкемнің қатысы бар деп, соңыра өлім жазасына кесілетін болғандықтан, Әулиеата асып, сондағы белгілі ел басшысы Бүркітбай датқаны паналайды. Он сегіз жыл соның есігінде батырақ болып жүрді, үйленді.

Өзім 1890 жылы туылғанмын. 1912 жылға дейін ауылда диқаншылықта істедім. 1913 жылы Әулиеатада тұратын өзбек байы Расылхан Уәлихановқа батырақ болып жалданып, 1 жылдай малын бақтым. Қажет болса, бұл жөнінде де анықтама тапсыруға бармын.

1914 жылы болысты басқарушы Жаңабай Тоқбергеновтің хатшысы болдым. Ол кезде болыстың тіркеушісі (писарь) Тимофей Рогульник еді. 1914-1919 жылдары ауыл шаруашылығында істедім. Ал, 1920 жылы Шығыс халықтарының (мұсылмандарының) Бакуде өткен құрылтайына (сьезд) делегат болып қатыстым. 1922 жылдан бастап күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстамын, болыстық төңкерістік аткомының алғашқы төрағасы (1925 жылы), Ошақты болыстық атком төрағасының орынбасары, болыстық атқару комитетінің мүшесі, басқа да қызметтер атқардым. Бұдан өзгесі өздеріңізге де жақсы мәлім. Барлық құжаттарым өтінішпен қоса жіберіліп отыр. Осыған байланысты аталған құжаттарға қосымша маған астық дайындау жөнінде жүктелген міндеттерді адал, ар-ожданыммен ұқыпты атқарғаным туралы БКП (б) № 2 ауыл ячейкасы мен ҚКП аудандық комитетінің № 273 нөмірлі анықтамасын (8. 12. 1930 жыл) жолдаймын.

Менің ешқайда шығуыма болмастай тыйым салып тастады. Неге менің аудандық кассалық есептеу орталығының меңгерушісі, есепшісі де, кассирі де өзім бола отырып, ешқайда шығуға мүмкіндігім болмауға керек?

Осы мәселелерді айта келіп, менің ісіме байланысты әділ шешім күтемін. Маған нақақ жабылған жаланың жүзін аударуды сұранамын. БКП (б) Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің аталған қаулысының күшін жоюды, ешқандай кінәм жоқтығына байланысты партиялық стажымды қалпына келтіруді сұранамын.

Партбилет № 0944371, Жылкелді Әлімбетов, 8 желтоқсан, 1932 жыл (орысшадан аударылды – Б. А.).

Осындай рәуішті өтініш бағалы хатпен БКП (б) Орталық Бақылау комиссиясы атына бір емес, бірнеше рет жолданған көрінеді. Оған тігіндідегі № 209, 328 нөмірлі түбіртектер (квитанция) айғақ бола алады. «Өте құпия, шұғыл түрде» аттандырылған мұндай хаттар облыс, республиканы былай қояйық, Мәскеуге де «маза бермеген» ғой!.. Жылкелдінің атына жыл құсындай жақсылық арқалап жеткен хаттар да аз емес. Ол, мінеки. Аудандық есептеу-кассалық орталығының меңгерушісі Н. Мұхамедовтың өзі «Әулиеата мемлекеттік банк бөлімшесінде Әлімбетовтің қылмысы жөнінде ешқандай да материал тіркелген жоқ» деп кепілдеме береді. БКП (б) Орталық комиссиясының 13. 04. 1932 жылы Қазақ АССР-і Бақылау комиссиясына жолдаған: «Сіздерге Брезе жолдастың тапсыруымен Әлімбетовтің өтінішін жолдаймыз (6 беттен тұрады), бұл істі шешуді тездетіңіздер» деген сипаттағы хаты, республикалық Бақылау комиссиясының 23. 12. 1932 жылы Әлімбетовтің ісі қаралатындығын алдын ала хабарлап, оған өтініш иесінің қатысуын өтінген қатынас қағазы...

Бұл іс жуыр маңда шешілмегенге де ұқсайды. Сиырқұйымшақтанып, созыла да түскен секілді. Жылекең де Мәскеуге шығып, Кремльді хатпен «бомбылауын» тыя қоймағандай. Оған мына хат куә.

«Направляем на ваше расмотрение заявление Алимбетова Джилкелды ходатайствующего о восстановлений, его членом ВКП (б). Зав. Управляющего делами Левицкий. 19. 12. 1932 г.»

Сарғайған құжаттарды ақтара қарап, аудара тексере отырып, көзіміз жеткен бір жай, ақыр соңында Әлімбетовке қатысты істің қысқартылғаны. Алайда, оның партиялылығы қалпына келтірілмегенге ұқсайды. Өйткені, Жылекең өз қолымен толтырған өмірбаяндық анкетасында (1941 жылы 10 қазанда толтырылған) партия қатарына 1921 жылы алынғанмен, жеке ұйғарымымен (по личным счетом) енді оның есебінде тұрмайтындығын, өз басында партия ісі жүйесінде ауытқушылық, ешқандай да оппозицияға қатысы болмағандығын атап көрсетіпті.

Бұдан не шықты, кім ұтты, кім ұтылды? 1929 жылдан бастап Ж. Әлімбетовтің бұрынғыдай тасы өрге домаламай, басшылық қызметтерге жуытылмай, кіл қатардағы есепші, кассир, дайындаушы жұмыстарында болғанға ұқсайды. Бәлкім, әлдекімдердің (жалған арыз жазғандардың) көздегені де осы болды ма екен? Оларға да іскер, талантты ұйымдастырушының, жан-жақты сауатты, екі тілдің де (орысша, қазақша) ағып тұрған білгірінің осылай «ұсақталып» кеткені соншалықты қажет болған шығар... «Жерге енсең шашыңнан, көкке ұшсаң балағыңнан тартып» құтқармай, талақтай жабысар күншілдіктің жаны мұншама сірі болар ма?!

Әу басында Әлімбетовтің үстінен үш адам қол қойып жазған «домалақ арыз» оның күллі өмірін астаң-кестең қылып, тағдырын шырғалаңға ұластырғанмен, асыл азаматты мойыта алмағандай. Жала жабушыларға байыпты, дәлелді айғақтарын қарсы қойған. Уағында дабыл қағып, «ауданда ұлттық жіктелу басталды» деп жазуға да тәуекелі жеткен ғой! Жоғарыдан берілген жүйелі нұсқау мұнда жеткенде сиырқұйымшақтанып, Әлімбетовтің партиялылығын қалпына келтіру ісі жөн-жосықсыз созыла берген. Соған қарағанда, жала жабушы топтың өздерінен басқаныкін оң көрмей, жеңіліске ұшыраудан қорынып, көркеуде пасықтық, менмендік танытуы оларға істің жөніне жығылуға жол қалдырмаған сыңайлы. Өтінішке Мәскеу, одан қалды республика Үкіметі тарапынан қалыптасқан оң көзқарас жергілікті жерде көрінеу бұрмаланып, Әлімбетовтің ақтығы, ақыры мойындалмапты. Партиялылығы сол күйі қалпына келтірілмеген... Алайда, бұдан әрі ел ішінде жиі айтылатын «Жылкелді Құдай емес, Құдайдан былай да емес» деген әңгімеге ілік етілген ерен сауаттылығы сес болды ма, тіміскі жандар одан іргесін біржола аулақ сала да бастайды...

Ол кезде «бір қап бидай үшін» сотталғандар да болған еді. Қазақтың көнбістігін, қойдан жуас момындығын, қарсыласып, күш көрсетуге құқықтық сауаттары жоқтығын әсіре пайдаланғандар (шолақ белсенді өз қандастарымыз, баяғы) қойша көгендеп, қаншасын жер түбіне айдатып, қаншама қан-қасап қырғынға мұрындық болды десеңізші! Сол жылдары өзіне тіктеп келген нәубеттен қағыстау қалып, «қалың жауын арасынан құп-құрғақ» шыға алуы да Әлімбетовтің айрықша сауаттылығы мен ақтығының арқасы еді дегенді жиі айтады көне көз, кәрі құлақ қарияларымыз. Жылекең бертінде, 1944 жылы дүниеден өтті...

Аз ғана дүниеде айтпағымыз не? Енді соған келелік... Ең бастысы – сол кезде де елі үшін еңіреп туған ердің ынты-шынтысымен, құлшына еңбек етуіне, қоғам ісіне бойындағы барын сарқа жұмсауына мүмкіндік берілмеген еді. Тексіз, телі-тентектеріміз тарапынан. Қазақтың өзін-өзі тіздеп ұстауының, мүмкіндік, қуатын шектеуінің бұл да бір мысалы. Бағзы кездері болған бұл індет сирек те болсын, арамызда, қазекеңнің бойында, қанында қазір де бар. Абайды жерге қаратқан жетесіздіктің, жікке бөлінушіліктің, күншілдіктің «күймесі» сықырлап қапталымыздан қалмай ілесумен келеді. Осы бір келеңсіз мінезімізден қашан, қалай ада-күде арыларымыз да белгісіз.

Біздің айтпағымыз да, міне, осы.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет