Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет9/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫНДАЙ
Кеңестік одақ тұсында еліміздің «120 ұлттың лабораториясы» деген қосымша атауы болғаны әмбеге аян. «Көп ұлтты» ауылдар да болды. Қиян алыс, қиыр шет – құм ішіндегі Түгіскен (қазіргі Тоғызкент) ауылы өзіне сол тұста телінген «интернационалдық» мәртебесіне қазір де шық жуытпай отыр. Грек Савва, түрік Назар емші, шешен Лем секілді азаматтардың өздері де, ұрпақтары да жергілікті тұрғындармен етене-туыс болып, біржола сіңісіп те кетті. Олар өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында еліміз аумағындағы ұлт шашырандылары тарихи Отандарына көші бетін бұрып жатқан тұста да ірге қозғалтпады. Көп жылдар бойы автоклуб меңгерушісі болып қызмет етіп, аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан Владимир Эбель Алманиядағы туыстары қанша жерден қолқалап шақырса да ықтияр бермеді, мәңгілік мекенін де осы киелі топырақтан тапты. Туған жер, өскен-өнген ортаға, Отанға деген сүйіспеншіліктің, адалдық тың бұдан асқан мысалы қайда бар!

Кіндік кесіп, кір жуып өскен жерді сүю, ұлықтау сезімі ойықтық неміс ағайындардың да бойында лып-лып өріп тұрды. Олар да тарихи Отандарына түгелімен түп көтере көшкен. Андрей, Оскар, Альма бастаған топ тарихи Отандарына табан іліктірісімен бұл жақтағы ауылдастарын ұмытпай, арнайы контейнерге тиеп көйлек, орамал түріндегі сәлемдемелерін жылма-жыл жіберіп те тұрды. Ауылдықтарға қолдарындағы барымен қарайласқан түрлері ғой! Сол бір ауыр да қиын кезең көбіміздің есімізде. Сол Андрей, Альмалардың айтуымен, олардың ұл-қыздары брнағы жылы Ойыққа келіп, бір кездегі сыныптастарының үйінде біраз күн еру боп жатыпты, ауылды, туған үйлерін аралап көріп, мауқын басып, тәуелсіздік жылдарында ауылдың бүтіндей өзгеріп, гүлденіп, көркейе түскеніне, тұрғындарының бақуаттылығына көңілдері толып:

-Сендер бес-он жылда әбден байып алыпсыңдар. Астарыңда – бір-бір жеңіл көлік! Әр сенбі, жексенбіде көкпар, той! Қандай бақыттысыңдар! – деп сыныптастарының өміріне қызыға-қызыға кетіпті.

Көп ұзамай олардың екі-үшеуінің кері оралғанынан да хабардармыз. Өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде орыс пен немістің еті тірілеу, іскер келетіні, техникаға, бірді екі етуге бейім келетіні белгілі. Олардың туған жеріне туын тігіп, ірге қозғалтпай отырғандарының ішінде тұрмысы жүдеулері жоқтың қасында. Эбель қарияның да ұлы Тоғызкенттегі қарашыңырағының түтінін өшірмей, мыңғыртып қой-ешкі өсіріп отыр. Оның да таңдаған өмірлік серігі қазақтың қаракөз бір аруы. Ол әкесіне ұқсап өнер қумады, бірақ. Нәсібін басқа кәсіптен тапты. Бүгінде ауылдағы № 25 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бас есепшісі. Осындағы орта мектепте оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жары Айжан Сейдахметова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының есімдерін де Рауан, Асылан, Ақерке деп қазақша қойыпты.

-Жасым биыл 41-ге қарады. Мен туғанда ауылымызға кезекті гастрольдік сапармен концерт қоюға Сарысудан түлеп ұшқан өнер майталмандарының бірі, танымал биші Байдаулет Сазабеков келе қалады ғой! Соның құрметіне есімімді нағашы атам «Байдәулет» деп қойыпты. Міне, осылай бір пәсте Байдаулет Владимирұлы Эбель болдым да шықтым! – дейді оның өзі.

Оның бауырлары Геннадий, Роман, Юрий, Мараттар да үйлі-баранды, еліміздің түрлі қалаларында өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Қазақшаға судай бәрі де, сөйлеп кетсе, қазақтардың өзін сөзден сүріндіреді.

Осындайда жуықта «КТК» телеарнасынан қалалық бір орыс келіншегінің қазақшаға тілін сындыру үшін ұл-қыздарын жазғы демалысында ауылдағы таныс қазақ отбасыларының қолына беріп қоятынын айтып: «Балаларым жаз бойы таныстарымның үйінде болып, қолқанаттыққа жарап, ширап, шыңдалып қана қоймай, ауыл тіршілігімен танысып, қазақ тілінде сөйлеуді де жап-жақсы меңгеріп қалды» дегені ойға орала береді. Шынында да ауыл біле білгенге ділді, тілді, дінді түзеудегі басты тәрбиеші де ғой!

Тоғызкенттегі Алексей Семенұлының отбасымен де бұдан он шақты жыл бұрын таныс-біліс болғанмын.

-Е, Леханы айтамысың? Ол қазақпен қазақ болып кетті ғой! Қазақтан еш айырмасы жоқ. Жұбайы Лида екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Лиданың анасы орыс болғанмен, әкесі қазақ қой. Былайша айтқанда, өзіміздің қызымыз! Мына күйеу бала да, жиендер де қазақша сайрап-ақ тұр! – деп сыр айтты оның құдайы көршісі әрі лосы Әбдіхалық Сайлыбаев. Кезінде ауданда рентгенолог маман жеткіліксіз болуы себепті Алексей бұл жаққа арнайы жолдамамен келіп, біржола тұрақтап та қалған екен.

Сол күні күн кешкіре мал өрістен қайтарда Леха –Алексейдің тоғыз ұлымен «танысудың» сәті түскен. Тоғыз ұл бірдей далаға өріп шығып, кішкентайлары мая шөптің үстінде, ересектері етекте, «мал көздеп» тұр екен. Малсақтығын қоя қал енді! Сәлден соң екі-үшеуі жүз қаралы уақ малды алдарына салып айдап келді.

-Көршім малды-жанды. Жүзіктің көзінен өткендей пысық, өзі, - деп қойды Әбекең риза пейілмен.

Бұл бұдан он жыл бұрынғы жай ғой. Бүгінде Әбдіхалық Тараз қаласына, Алексей Жамбыл ауданынының Бесағаш ауылына қоныс аударып келген. Бұрынғы көршілер, олардың балалары әлі де етене, жақын-жуық араласады екен. Айтпақшы, Алексей Семенұлы бес баласымен қаладағы құрылыс мекемесінің біріне жұмысқа тұрыпты. Бірі краншы, екіншісі жүргізуші, үшіншісі құрылысшы дегендей, «Биномның» біраз жүгін отбасы болып иіндерімен көтерісіп жүрген жайлары бар.Өз ісінің жетік мамандары қай салада да қажет-ақ қой.

Бір ауылдағы түрлі ұлыс өкілдерінің ортақ үй – Отанымызға, ана тілдерін, салт-дәстүрлерін,өнерін сақтап дамытуға жан-жақты жағдай, мүмкіндік жасап отырған мемлекетке деген сүйіспеншілігі, перзенттік борышқа адалдығы, ұл-қыздарының бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі, міне, осындай. Бір қараған кісіге, бір атаның балаларындай, өздері.
ҚАЛАМ ҚАЙРАТЫ
Аудан әкімі мені бірден қабылдай қоймады.

Ол аздай, облыстық газеттің тілшісі екенімді, іссапарда жүргендіктен әрбір минөтім санаулы екенін айтып, қиыла өтінгенімді есік көзінде отырған хатшы қыз да елең-құлаң құрлы көрмеді. «Әкімнің алды бос емес» деп есік көзінен әрі аттатпай-ақ қойғаны. Ал әкімшіліктің өзге қызметкерлері абың к3ріп, күбің шығып жатыр. Бір сағат өтті, екі сағат өтті... Бір жағы елдің, жердің жайын күйттеп, алыстан ат арытып келгенім бар, миссиям соншалықты маңызды бола тұра әкімге баса көктей кіре алмағанымды баяғы өзімнің пысықай еместігіме сайып отырмын. «Менің жайым мынадай болғанда, өзге жай халыққа есігінен сығалаудың өзі мұң болар» деп мұнысын кеңсебилікке жорып, шынымды айтсам, әкімді жерден алып, жерге салып, психологиялық тұрғыда өзімді әбден «дайындап» алдым. Әкімнің ұзақ күттіріп қойғанына реніш, өкпе дегеніңіз көңілдің кенересінен асардай лықси тепшіп тұр...

Соның барлығын, құдірет-ай деңізші, әкімнің дәнеңе болмағандай ақ жарқын пейілмен жарқылдай күліп қарсы алуы жуып-шайды да жіберді. «Титтей де реніш болмасын. Өзара әңгімелесуге уақыт молынан жетерліктей болсын деп, шаруашылық мәселелерін бірінші кезекте шешіп жатқаным ғой» деп, сол мезет әлгінде есік көзінен өткізбей мысымды құртқан «қарғадай қызды» шақырып, шай-су әкелуге қосты. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай Талас ауданының тыныс-тіршілігі арқау етілген арнайы бет әзірлеу жөніндегі тапсырмамен келгенімді естіп, бұл істі ең алдымен өзі сұқбат беруден бастады. Қағаз бетіне де қарамай, жарты сағат бойы ауданның экономикасына, ауыл шаруашылығына, білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына қатысты көл-көсір сандық мәліметтерді жаңылыссыз тізбелеп шықты! Әкімнің тұп-тура Батырбектей қандай да бір оқыс ситуацияларға тез бейімделетін, асып-таспайтын, салбырап саспайтын, кез келген сауалыңа жауабы сай, сөзде - сезімталдық, істе - ілкімділік таныта аларлықтай болуы керектігін осы жолы... тұңғыш рет түйсінгендей де болдым. Әкімдіктің тізгіні кез келгеннің уысында кете беретұғын болса, оның несі әкім! Бүгінде екінің бірі осындай сапалық көрсеткіштің сақталмауынан барып «менің одан қай жерім кем» деп, жапатармағай билікке ұмтылып жатыр. «Ондай болмақ қайда» дегізерлік әкім... бір болса, осы Бәкеңдей-ақ болар! Ісі ілкімді, ойы алғыр, өзі де, сөзі де сыпайы. Кішіні кіші ғой деп жатсынбай бірден бауырына тартып, тең құрбыдай шүйіркелесе сөйлесіп кететіні ше...

Менімен де солай сөйлесті. Сөйтіп сөзден сөз суырып, суыртпақтап отырып-ақ бой-басыңды барлап үлгеретінін, мүлт кетсең қатеңді түзеп, әңгімені бір арнаға қақпайлап бұрып, ақырсында өзін мойындатып, «ондыққа» дөп тигізетінін қайтерсің! Біздікі -парасатқа сүйсініс, сүйіспеншілік қана. Сол жолы... Бәкең, неге екенін білмеймін, өздерінде шығатын аудандық газет жөнінде де қадала сұрады. Мен аудандық газеттің арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, өзім білетін жайлар жөнінде айтып бердім. Бәкең ұйып тыңдап қалған-ды.

Әңгімемен отырып үскі үзіліс уақыты болып қалғанын да білмеппіз. Әкім... өзіне келген, кезек күткен бірқатар азаматты есік алдына иіріп қойып, менімен бір жарым сағаттай емен-жарқын әңгімелесіпті. Соның өзіне бола келушілер алдында өзімді біртүрлі айыпты сезініп, маңдайым тершіп кетті (бұл журналист шіркіндеріңнің өзіме емес, өзгеге болса дейтін ақ, адалдығын қоя-ақ қойсаңызшы!). Бұл тығырықтан да Бәкеңнің өзі құтқарып кетті. Есік көзінде сәл іркіліп:

– Сәл күтіңіз! Түскі асқа бірге барамыз. Біздің үйге. Қалған шаруаны сосын біржақты етерсіз. Жігіттерге тапсырып қойдым – діттеген жеріңізге көліктерімен жеткізіп тастайды, – деді...

Өзімнен оның бес-алты жастай үлкендігі бар еді. Соған қарамастан кеңсесінде «сіз» деп сызылуынан танбаған әкімнің бір орайы келгенде, «сенге» әрең деп «тілін сындырғаным» бар. Алғашқыда «Журналист – халықтың адамы. Сен деп сөйлескенім...» деп біраз бұлтақтағанына да қарамадым. Арадағы «келіссөзге» «ағаның аты – аға» деп бір ауыз сөзбен нүкте қойғанмын... Бәкеңнің бұған бәрібір көнгісі жоқ. Менімен амандық-саулықты да «елдің сөзін сөйлейсіздер ғой» деп «сізден» бастап жатады...

Бәкең бау-шарбағы, жүзімдігі бар үлкен бір жер үйде тұрады екен. «Ауылда өскенбіз. Жер тамға аңсарың ауады да тұрады, әйтеуір. Бізге осынысы қолайлы», деп қойды үйіне бастап. Бұл үйдегі жеңгеміз (бертінде дүниеден озды, иманы саламат болсын) үй тірлігіне епсекті-ақ екен. Кең де жарық залға дастархан жайып, үстін алуан дәмге толтырып қойыпты. Мұнда үй іші (елден келген бірер таныс кісі және бар) болып, Бәкеңнің ауданға басшы болып ауысып келгенінде түсірілген бейнетаспаны тамашалап көріп отыр екен.

– Онда да жаздың осындай жаймашуақ күндерінің бірі болатын, - деп Бәкең де теледидарға ықыластана үңілді. Өзін Талас елінің қошуақ көңілмен қарсы алуы бейнетаспаны қайталап қанша көрсе де, біртүрлі көңілін толқытып, тебірентетіндей. Бұл әсер оны қандай да бір жолмен болсын елдің сенімін ақтауға жетелеп, айрықша жігерлендіретін де секілді. Қайталап көре береді. Ол үшін Аяз бидің жоқ-жұтаңдау кезін еске түсірер ескі-құсқы киіміндей бір қымбат жәдігерлік те сол. Бәкең ой құшағына шомды. Мен де...

... Баяғы бір кездері – алпысыншы жылдары екі күннің бірінде пошташы қарт әкеліп үлестіретін газет-журналдардың ішінен неге екенін кім білсін, өзімізге Ақкөлден шығатын алақандай ғана газет – «Ленин жолы» ерекше ыстық көрінетін. Оның қай санын оқысаң да, әйтеуір бір бетінде мен мұндалап тұратын «Құлекеев» деген фамилия көзімізге оттай басылатын. Мектеп өмірінен, ауыл тыныс-тіршілігінен тынбай хабар-ошар жазып, жар құлағы жастыққа тимей жүретін елгезек қызметші – газеттің штаттан тыс тілшісі Әбекеңнің сол кездің өзінде жер ортасы жасқа келіп қалған кезі екен-ау. Жүре-келе ол кісінің өзімен бетпе-бет келіп көріспесек те, Бостандық жағында мұғалім екенін біліп алдық. Осылай ол кісінің аты-жөні одан кейін де ондаған жылдар бойы газет бетінен түспей жүрді. Осы күні ақ боз ат мінген пошташы шал күн аралатып келіп тарататын «Ленин жолын» ойға алсам-ақ, бірден оның бір бетіне тасқа басылып жазылатын «Ә. Құлекеев» деген фамилия елес береді. Рас, кейін газет Құлекеевсіз шыға бастады... Сонда-ақ жүрегіміз бір жаманшылықты сезген-ді. Бәрібір, сол бір баспасөз ісіне адал, аяулы кісінің аты-жөні газеттен бірде болмаса, бірде жарқ етіп көрінер деп емексіп те жүретінбіз. Қолынан әбден қырналып-жонылып, сұлу торы аттай жарап, құлпырып шығар дүниелері аңсатты Әбекеңнің. Тілші болсақ деп талпынып жүргендердің көбісіне үлгі-өнеге еді оның бұл ісі.

Сөйтсек, Әбекең өмірден озыпты. Қолынан қаламын түсірмей өтіпті жарықтық! Аудандық газеттің байырғы қарт сардарларының бірі Әбекең қаламынан сия болып сорғалап түсер өмір, ұрпақ тәрбиесі жайлы толғамдары жүрегінің сөзі екен. Қалам лұғатына ұйытып, өзі де бір қауым ұрпақ тәрбиелеп, өсіріп, өмір көшіне қосып кетіпті... Қалам тәрбиесі қапысыз шығыпты. Бертінде... әлгі өзіміз жата-жастана оқитын аудандық газет бетінен «Құлекеев» деген фамилияларды көптеп кездестіретін болдық. Бірі – прораб, бірі – милиция бастығы, бірі – министр, бірі - әкім, бірі – мұғалім... Бірімен бірін шатастырасың, тіпті. «Әу, бұл сонда Әбекеңнің кімі болып келеді» деп аң-таң күйде қаласың. Бәрі де сол ағаның өзінен тамырын тартып жатқанын бимәлім бір түйсікпен шамалайтын сияқтысың. Құлеке қарттың ұрпақтары... Бір атаның балалары. Өнегелі әулет! Олар бүгінде өздері түлеп ұшқан мектеп пен ауылды көркейтуден бастап, аудан, облысты, елімізді өркендетуге дейінгі ауқымды істерді иіндеріне жүктеп жүр!

Жақсыбек Құлекеев әр жылдарда ҚР экономика және сауда, сондай-ақ білім және ғылым министрі, ҚР Президенті басқару академиясының ректоры, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы АҚ-ның вице-президенті қызметтерін атқарған. Ғалым, реформатор ретінде де ел-жұртқа танымал. Өзі туып-өскен Талапты ауылындағы мектептің өркениет талаптарына сай материалдық-техникалық жарақтандырылуына тікелей өз қалтасынан қыруар қаржы жұмсағанын білетіндер ұмыта қойған жоқ.

Болат Құлекеев болса, ішкі істер қызметінің ардагері. Алматы, Қарағанды қалаларындағы милиция мектептерін бітірген. Осы салада тергеуші, аға тергеуші болып та істеді. Соңғы жылдары Талас, Сарысу, Т. Рысқұлов аудандық, Тараз қалалық ішкі істер бөлімдерін басқарды. Қазір Тараздағы полиция мектебінің бастығы.

Ал әкім Құлекеев... Енді оның не істеп, не қойғанын таластықтардың үлкені де, кішісі де жақсы біледі. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) бітіргеннен кейінгі еңбек жолын өндіріспен байланыстырып, тәжірибеден, өмір мектебінен өтті. Әр жылдарда «Қаратау» өндірістік бірлестігінде бөлімше бастығы, Жамбыл қиыршық тас зауытына қарасты ұсақтап-сұрыптау фабрикасының бастығы, гипс комбинатының бас инженері, директоры болды. 1999 жылдан бастап Талас ауданының (бертінде Байзақ ауданын басқарды, қазір Жуалы ауданының әкімі) әкімі қызметін атқарды. Батырбек, міне, осы қызметте жүріп ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларындағы жүйесіздіктерді реттеу үшін батыл қадамдарға да барды. Ауылдардағы жұмыссыздықты азайтудың жолын іздестірді. Сөйтіп, «Таластық тауарлы несие» идеясы дүниеге келді. Салық өтемі ретінде айырбасқа (бартер) мың-мыңдап кетіп жатқан малды шаруа қожалықтарына үш жылға несиеге беріп, оның шығынын жергілікті бюджет арқылы жаба отырып, кейін салық есебінен өтеудің технологиясын енгізді. Соның нәтижесінде 4 жылда 15 мыңнан астам тоқты тұрғындарға несиеге берілді. Ол Амангелді газ кеніші игерілуіне де тікелей ықпал етті. Қаратау қаласынан облыстық мәндегі бірнеше мекеменің ашылуына ұйытқы болды...

Б. Құлекеевтің есімі Талас ауданында қызметте жүргенінде рухани саладағы екі үлкен сауапты ісімен – 2005 жылғы желтоқсан айында бір күнде қазақ жырының ақ періштесі, таңдайына тоты құс ұя салған әнші, жыршы, ақберен айтыскер Ұлбике Жанкелдіқызының 180 жылдық мерейтойы аясында облысаралық ақындар айтысын ұйымдастырып, ақын атындағы Мәдениет үйінің алдына ескерткішін орнатып, сондай-ақ, құрылысы аяқталмай қалған Қаратау мешітін іске қосуымен-ақ Талас тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны анық.

Айтпақшы, сол жолы Бәкең қоштасарда маған күтпеген бір сый жасады. Онысы кәдімгі шарікті қалам еді. Әлгіні аялай ұстап отырып, Алматыдан базарлыққа деп алғанын айтып, «Тілшіге қалам қадірлі ғой. Уақыт таңдап жатпай, кейде мақаланы күндіз тұрғай түнде де жазуына тура келеді. Міне, сондайда таптырмайтын әмбебап қалам бұл!» деп онысының бәсін арттырған-ды. Біртүрлі толқи сөйледі. Әлде, есіне қаламын өле-өлгенінше қолынан түсірмей өткен әкесі түсті ме екен. Қалай болғанда да, Бәкеңнің қаламды бағалайтын жөні бар. Мен сол жолы бұл сыйды тілші Әбекеңнің - Әбдірәсіл ағаның қызыл қаламы деп ырымдап алдым. Әкім Б. Құлекеевпен сұқбат газеттің ертеңгі күнгі санына жоспарланған болатын. Түнде мәтінін қағазға түсіре қояйын деп қапылып жатқанымда, үйдегі жарықтың жалп етіп өшіп-ақ қалғаны. Сол сәтте... түймесін баса қойып едім, түбіндегі жарық жанып, сөз де, ой да әлгі қаламның ұшына құйыла берді, құйыла берді...

Әкім Батырбек Құлекеев сыйлаған сол қалам журналистік кәсібімде біраз әжетіме жарады. Кейіннен Алматыдағы ҚазМҰУ-інде оқитын «химик» ұлым қызығып, қалап алды. Енді ол қалам болашақ жолын нұрландырып, Алматыда, кітапханаларда, аудиторияларда, жатақханада баламмен бірге күн-түн демей білім теріп, жинастырумен жүр...
ЖАС ШЫНАР, ТӘКАППАР ШЫНАР...
Тағдыр теперішіне көнбей, мүгедектікке мойынсұнбай тайталаса тірлік кешіп... қаншама қайсар рух иелері қатарымызда жүр! Бүгінгі әңгімеміз де солардың бірі жөнінде...

Менің кейіпкерімнің тұрқы қос қанаты қырқылған аққуға келіңкірейді. Анар-аққу бейненің қос қанаты орнында молақтанған топшысы ғана. Анасы Айманның бұған екіқабат кезінде «сарыауруға» шалдығуынан қалған із. Содан ба... «ал» дегенде-ақ «құдірет» аталынатын сыңар қанатты аққулардың бірін-бірі демеумен қиян алыстарға самғайтыны, ажал құшқанында да күллі аспани кеңістікті жанарлары аясына сидырумен жататыны есіме түскен...

Бірақ, Анар аққу емес қой. Аққу болмағанмен, өмірге есесін жібермеді. Әрі бір әулетте тай-құлындай тебісіп өскен аға, әкпе, іні, сіңлілерінің бұл дегенде шығарға жаны бөлек-ті. Солардың көмегімен мектепке де барып, алыс құм жиегіндегі Үшарал ауылындағы (Талас ауданы) онжылдықты «4» пен «5»-ке бітіріп шықты. Ядролық сынақтар зардабынан кемтар болып туса да, қыл қаламды тісі, башпайлары көмегімен қармап сурет салуды меңгерген семейлік тағдырласы секілді ол да бала кезінде көп сурет салып, бір альбомды толтырыпты. Оны ауылдастары қолдан-қолға өткізіп, талай тамашалап, Анардан болашақта «мынау» деген суретші шығатынына да шек келтірмеген-ді. Алайда Анар білімін жоғары оқу орнында жалғастырғысы, мұғалім болғысы келді. Көп балалы отбасының онысыз да жағдайы ауыр болатын. Әкесі Сағынтай кеңшарда қарапайым құрылысшы, анасы сатушы болып істейтін. Әттең, қыздарының тілегін орындауға қолдары қысқалық етеді, қайтерсің...

Өмірде бірақ бәрі де өзің ойлағандай бола бермейді. Әйтпесе сол 1996 жыл Анардың өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелер деп кім ойлапты?! Жастайынан тағдыр тәлкегіне түскен қыз көп болса арнайы мектепте білім көтеруіме болар деп, өзіміздің Жамбылдағы жоғары оқу орнына түсуден дәмеленбеген де еді. Алайда көп өтпей, отбасында, одан қалды күллі Бексұлтан әулетінде бірінші болып сол кездегі аудан, ауыл әкімдері Балтабай Бекежанов, Қаржау Кемелов секілді қайырымды жандардың көмегі арқылы шаруашылық есебінен қаржыландыру бойынша ТарМУ-ге оқуға қабылданды. Оқуға алғырлығының арқасында ол келесі жылында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру жүйесіне көшірілген.

–Шынымды айтсам, мен үшін оқу бағдарламасын меңгеру пәлендей қиындық туғызған жоқ. Курстас, жатақханалас құрбыларым жүріп-тұруыма, оқуға барып-қайтуыма қолқабыс жасады. Ал, сабаққа көбінесе жатақханада өз бетімше әзірлендім. Қиыны – алғаш рет мектепте болып, тәжірибеден өтуім болды. Шәкірттер қалай қабылдайды? Білім-білігім көкірегімде сайрап тұрғанмен, оны тақтаға жазып көрсетіп, көрнекі құралдармен негіздеуге мүмкіндігім жоқ қой деп жүрексіндім. Жасыратыны жоқ, бұл орайда кураторым, биология ғылымының кандидаты, доцент Аяз Дәнебековтің тарапынан көп көмек болды. Курстастарым қол ұшын берді. Нәтижесінде екі жылда да (1,5 айдан) тәжірибе өтілін «өте жақсы» бағаға атқарып шықтым, - деді Анар бізбен әңгімесінде.

Сөз арасында ол 10 жасында әке-шешесінің Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) ашылған протездеу институтына апарып,бір жылдай дәрігерлерге қаратқаны да еш нәтиже бермегенін айтты. Осы кезде оның қабағына кірбің ұялай қалды. Мен қайсар қазақ, қаламгер Зейнолла Шүкіровтың туа кемтарлығына қарамастан қаламынан қыруар дүние туғызғанын, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын су қараңғы күйде төсекке таңылып жатып жазып шыққанын айтқым келген.

–Иә,-деді ол аздан соң жеңіл күрсініп, менің ойымның үстінен дөп түскендей болып. – Он екі мүшеңнің түгел болмауы ой мешеулігінің қасында түк емес. Аяқ-қолы балғадай қаншама құрбыларым есірткіге елтіп, «алтын бастарын» қор қылып жүр. Базарда күнкөріс қамымен елбе-делбесі шығып жүргені қаншама! Кейде солардың өзі «Сен бақыттысың қайта, жоғары оқу орнын бітіргелі тұрсың, ал біздің болашағымыз бұлдыр ғой!» деп тағдырларына налығандай болады. Ауылдағы үлкендер де «Саған ризамыз, өзіңдей жастарымыз өмірдің оң-терісін білмей, әлі де бұлғақтаумен жүр ғой» деп қолтығымнан демеп, көтермелейді. Содан ба, бір жағы өсіп-өнген әулеттің отиесі, «Батыр Ана» Ақсұлу әжемнің бесік жырын, ақыл-кеңесін тыңдап, бауырында өскенім бар, өмірге құштарлығым артып, өзімді-өзім қайрай түсемін. Әйтпесе, тағдырымнан талай таяқ жеп, түңілген де кездер өтті бастан...

Осы сұқбаттасуымыз барысында Анардың ашық жарқын мінезі, жан-жақты білімдарлығы байқалып тұрды. Курстасы Райкүл Мұқанова да «Анар жасырып отыр. Ол шешендігімен қоса ән салу өнерінен де «қаражаяу» емес. Былайша айтқанда, «отырыстың гүлі». Зейінді, ұғымтал, алғыр. Лекциядан тыңдап, ойына түйгендерін жатақханада бұрқыратып жазып тастайды» деп оның мақтауын келтіріп-ақ жатыр.

А. Бексұлтанова жақында ТарМУ-ді биология мамандығы бойынша бітіріп шыққандығы жөнінде диплом да алды. Сөйтіп, ата-анасының, бір кездері өзіне көрсеткен ауыл, аудан басшыларының сенімін толықтай ақтап шықты. Курстастары ТарМУ қабырғасынан түлеп ұшып, өмірдің сан тарау жолдарына түсті. Бірақ мұның Анар үшін көңілге көлеңке түсірерлік екінші жағы да бар. Анар – аққу бейненің кейде қатыгез тағдыры өтінде өзін біртүрлі жападан жалғыз қалғандай сезінетіні де бар. Қолқанат болар бауырлары, сіңлілері болса, алыста. Төрт жыл ТарМУ жатақханасында тұрып келген-ді. Енді тұрғылықты баспана қажет. Мамандығы бойынша жұмыс керек! Ең бастысы - өмір сүру керек! Ол тиісті орындардың есігін қағып, мұқтажын айтқанда, меселін қайтарғандар болыпты. Меңіреу суық тас қабырғадай селт етпестердің сұрқы бойын аяздай қарып, қалтыратса да ол жақсы адамдардың барына, түптің түбінде жүрек жылуына да бөленеріне сенімді. Тастай түйіліп, тағдыр иініне жүктер не ауырлықты да қабақ шытпай көтеріп, алау таңдарын қарсы алғалы барады ол!

P. S: Облыстық басылым бетінде жарық көрген осынау мақаламыз қоғамда ерекше қозғау туғызды. Редакцияға, тікелей өзіме бірден 4-5 мекеме басшысының (дені әйелдер) қоңырау шалып, хабарласып «Анарға өзімізден жұмыс қарастырып көрсек деп едік. Қызымыздың қалауы не?» деген сипатта сәлемдерін жеткізіп, жанашырлық танытқантары бар. Алайда, Анарға «дәм-тұз» облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залынан бұйырды. Ол осында таныстырушы-гид болып орналасты. Соңыра қызымызға облыстық әкімдік пәтер де берді. Бұл жөнінде журналист ағамыз Б. Әбілдаұлы жарияға жар салып жазғанын білеміз. Содан кейін Анарды оқта-текте жұмысынан, қоғамдық көліктерден, көшеде кездестіріп жүрдім... Ал кейінгі 4-5 жыл бедерінде көз жазып та қалғанмын.Қанша дегенмен, «өз кейіпкерім» ғой. Оның кейінгі өмірі, тағдыры қалай толғантпасын мені... Бірде жұмыс орнынан ұялы телефоны нөмірін алып, тікелей өзіне қоңырау шалдым. «Аға, үйде емеспін, сыртта қыздарымды ойнатып жүр едім...» деді ол. Өміріндегі өзгерістер жөнінде айтты. Осынау жылдар ішінде ол Әдемі, Сұлуайым атты екі бірдей қыздың (бірі 4,5, екіншісі 3, 5 жаста екен) анасы болып үлгеріпті.

Ал енді тұрмыс-тіршілігің қалай?

Пәтерімді жер үйге айырбастағанмын...

Жұмысың?..

Баяғы жұмысымдамын ғой. Басшыларым өзіме қолайлы уақытта барып жұмыс істеуіме мұрсатана берген. Қосымша мектептерде дәріс оқимын. Жағдайым жаман емес...

Тағдыр тауқыметін шыдамдылықпен иініне жүктеп, қиындықтарға қасқая қарсы тұрумен келеді ол. Түптің түбінде екі қызы қос қанатына да айналар. Қайсар қыз... жауын, қар төпеп, небір бұрқасынды дауылдар бұрқағанда иілетін, бірақ сынбайтын, жел өтінде діріл қаққан жас шынарға да ұқсайды. Соның өзінде табиғат сұрапылына жөпелдемеде ырық бермес таңғажайып тегеурінділік, алғаусыз сенім көрем бойынан. Шынар, жар түбін емексіте үйіріп арқырай ағар тау селінің талайын бастан өткерген тәкаппар шынар, діңі қатайып, тамыры тереңге кеткен шынар, қандай бір қанқұйлы тасқынға да шыдас берердей тұрпатын көрсең сен оның!..



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет