Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл


ҚҰМ КӨШКІНІНЕ ТОСҚАУЫЛ БАР МА?



бет7/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

ҚҰМ КӨШКІНІНЕ ТОСҚАУЫЛ БАР МА?
Соңғы жылдары ауыл-ауылда мал көбейді. Ауылдық аймақтардың үлесіндегі аз ғана өрісті мал тұяғы әбден шиырлап тастады. Мұның өзі ауыл төңірегінің ақ топырағы шығып, тықырлануына, жердің беткі қабатының босауына - құм көшкініне әкеліп соғып, бұл жай ауылдықтарды айрықша алаңдатып тұр. Мұндай проблема Талас ауданының Үшарал, Ойық, Аққұм, сондай-ақ, Мойынқұм, Шу аудандарының бірқатар ауылдарында бар.

- Құмның ауыл іргесіне таман сырғи жылжып келуі құбылысы бұдан ондаған жылдар бұрын байқалған-ды. Дер кезінде оның беті қайтарылмады. Бүгінде «Көктөбе» (Талас ауданы ) елді мекенінің солтүстік-батыс бетіндегі біраз үйлерге құм астында қалып қою қаупі төнулі. Содан да ауыл маңында өрістің тапшылығы сезіле бастады, - дейді ойықтық Әнуар Орынбеков. Осымен байланысты хабарласқанымызда, облыстың орман шаруашылығы мамандары мұндай мәселенің туындай бастағанын жоққа шығармады.

Жалпы, құм көшкіні қалай пайда болады? Облыста елді мекендердің басым дені шөл-шөлейтті, құмды аймаққа орналасқаны белгілі. Олардың жоғарыдағыдай табиғи құбылысты орағыта өте алмасы анық. Бір кездері осы табиғи ерекшеліктер ескерілмей, мал басы облыс көлемінде тиісті деңгейінен 3-4 есе артық өсірілген-ді. Аша тұяқты бітедей қаптап, құмның шөбін тықырлап жеп, тіпті бархандарды (құм шағылдар) бекітіп ұстап тұрған сүйекті өсімдіктердің де түп-тамырын жалаңаштап тастады (соған қарамастан, мал тұяғымен жердің беткі қабатының аршылып, босауынан бұта-бытқыл, шөптесіннің дәні төгіліп, топыраққа араласып, ұрығынан көбейіп, өз-өзінен өсіп жетілуі үдерісі де жақсы еді). Алайда мұның соңы құмның босап, сусып көшуіне әкеліп соқты. Ал қазір... Мойынқұм баяғыдағыдай мыңғырған қарақұрым малдың өрісі емес. Содан да құм шөбі қалпына да келді. Бархандар әбден бекіп, құм көшуі тиылды десе де болады. Бірақ, осы жерде екінші проблеманың басы қылтиып көрінді...

Бүгінде Мойынқұмды айлап, жылдап мал аяғы баспауға айналды. Мұның жоғарыдағыдай процестің жүруіне - мал тұяғымен аршылар топырақтың беткі қабатына ұрығы түсіп, құм өсімдіктерінің табиғи түрде өсіп жетіліп, таралуына кері әсері тиіп отыр. Құм көшкіні... есесіне ауылдардың тұяқкешті болудан шөбі сұйылып, жұтаңданып, шаңдаққа айнала бастаған бөліктерінде туындау қаупі айқын білінді. Олардың денін елеусіздеу болса да құм баса бастады. Бұрынғы сазды, шұрайлы жерлердің өзін.

- Қазірдің өзінде Талас ауданындағы Үшарал ауылының маңайын қалың құм басып үлгерді. Жағдайды жеңілдету шаралары қарастырылып та жатыр. Ауылда құм көшкінін тоқтату жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары әзірленді. Бұл іс келер жылы (2007) қолға алынбақ. «Көшкіннің» орын алуында құмды топырақ бетінің өздігінен сусып жылжуын тежейтін бірден-бір қорғаныш-ұстын шөп тамырларының жалаңаштанып жойылуы бірінші фактор деп есептелінеді. Нарыққа өтпелі кезеңде өріске шығар малдың азаюынан жайылымдықтарымыз (ауыл маңындағы, әрине) аз-мұз уақытқа «дем алды», шөбі де қалпына келді. Сонымен құмның көшуі тоқталғандай еді. Ал бүгінде... мал басы қайтадан көбейіп, ауылдың айнала-төңірегі мал тұяғы шиырына айнала бастады. Өріс тықырланып, өсімдік атаулы тамырынан семді. Сонымен байланысты «тыншып» жатқан құм да қайта қозғалып кетті. Ауылдық округтер иеліктеріндегі жайылымдықтар бір қарағанда, далиған кең, түрлі шөптерге тұнып тұрғандай, шұрайлы секілді көрінеді. Шын мәнінде олай емес. Мұндай өрістердің бар құнарын қолдағы мал әлдеқашан жеп тауысты. Әлгі «көз алдарлық» көкжасыл өскін - жеуге жарамсыз шөптер ғана. Қай ауылға барсаң да осы жағдай. Ауылдықтар мұны білмей отырған жоқ. Тек талап-тілектерін бұлталақсыз ашық жеткізе де, бұл мәселені негіздеп, түптеп қозғай да алмай отыр. Өйткені, әлгінде айтқанымдай, облыстағы орман қоры жерінің көлемі ауқымды. Мал тісі тимей, алуан шөпке тұнып тұрған шұрайлы жайылымдықтар жетерлік. Тек ауылдықтар үшін қолжетімді емес, тым шалғайда.

Аз айт, көп айт, міне, осындай жерлерде қаншалықты ауыр тисе де, мал жайылар орындар белгілеп, ашып, ақылы бақпа ұйымдастырудың мезгілі жеткен секілді. Ал ауыл маңындағы жайылымдықтардың тозуы, жарамсыздануы мәселесінің алдын алу қашанғыдай өткір күйінде қала бермек.

Бұл тұрғыда да алда қыруар іс тұр. Мысалы, Үшаралда құм көшкінін тоқтату ғана емес, жайылымдықтарды жақсарту жұмыстары да қоса-қабат жүргізілуі тиіс. Қазірдің өзінде жарамсызданып үлгерген өрістерді бөліктерге (клетка) бөліп, жүзген, теріскен, акакая, қоянсүйек секілді құнарлы құм шөптерін егіп өсіріп, мал жолатпай қорып күту қолға алынса, құба-құп. Кеңестік кезеңде Түгіскен, Үшарал, Ойық ауылдарында изен өсіру тәжірибесі қалыптастырылған-ды. Ол кездегі кеңшардағыдай әлеует қазір болса, бұл шаруа жеңілге де түсер еді. Ауылдар маңындағы өрістердің жарамсыздана бастағаны, құм көшкіні қаупі бары там-тұмдап қана айтылып жүр. Айтылады да, қалады. Бұған әлі ешкім түптеп мән беріп жатқан жоқ. Құм көшкіні қайсыбіреулердің көзқарас, ойынша, соншалықты үлкен проблема да емес. Бірақ, дәл қазіргідей жағдай бұдан әрі де сақталатұғын болса, мұның соңыра күрделі мәселеге айналатыны, оның бетін қайтару үлкен күшке әрі тым қымбатқа түсетіні айдан анық. Ел шыдап отыр, әйтеуір. Бұл іспен ауылдық аймақтардың әкімдері мықтап айналысуы тиіс, - дейді облыс әкімінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті директорының орынбасары Сағат Барлыбаев.

Құм көшкінін тоқтату кәнігі орманшылар үшін аса қиын шаруа да емес. Қаржы болса болды. Осыдан жиырма жылдай бұрын Талас ауданындағы Кеңес (қазіргі Бөлтірік ауылы) солтүстік-шығыс бөлігін толайым құм басып қалу қаупі төнгенде, облыста құм тоқтату тәжірибесін алғаш батыл қолданысқа енгізген де Сағат Барлыбаевтың өзі болатын. Құмның жылжуы ұзындығы 5 километр, ені 150 метр аумақты қамтып, 30-40 үй ішкері көшіп-қонуға мәжбүр болған-ды. Осы «сырғыма» құммен кеңшар басшылығы артық-кемі жоқ үш жыл күресіпті. Бірнеше бульдозермен 200-300 метрге дейін күн құрғатпай сүріле- сүріле үйілген жал-жал құмның биіктігі 6, кей жерлерде 10-12 метрге де жетіп қалған-ды. Аудандық орман шаруашылығы бөімшесінің күшімен аталған торкөздерге (клеткалар) бөлінген аумақта сексеуіл, жүзген, теріскен қаламшалары мен көшеттері қалқаншалар түрінде отырғызылды.

Құмның осындай сүйекті өсімдіктердің тамырларымен бекуі, құм көшкіні тоқталуы үшін үш жылдай уақыт қажет болды. Мұндай механикалық қорған жасау ісі сол тұста құммен қойындасуға қалған Ойық ауылы аумағында да жүргізілуі тиіс еді. Алайда КСРО- ның күйреп, республикалар арасындағы бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуімен байланысты мүлде ұмыт қалып қойды...

Сол тұста осы жолдар авторы үшін әлемдік экология мәселесімен түбегейлі айналысып жүрген Алжир азаматы, Ленинград орман-техникалық Академиясының аспиранты, Алжир қаласындағы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясының директоры Мохаммед Кешад мырзамен сұқбаттас болудың сәті түскен.

- Құм көшкінін тоқтату әлемдік проблемаға айналып отыр, - деген еді ол бізбен әңгімесінде. - Әрісі БҰҰ жанындағы «Құм көшкініне қарсы күрес» бөлімі жұмыс істейтіні де жайдан-жай емес. Бүгінгі таңда бұл проблемамен Солтүстік Африка, Алжир, Ливия, Египет, Таяу Шығыс, Орта Азия, Кувейт, Сауд Аравиясы елдерінің де тұрғылықты халқы бетпе-бет келіп отыр емес пе? Біздің жақта жиде, хохоба, құм акакаясы, таморикс, артриплекс секілді шөптесін өсімдіктер мен жайран, қарсақ, шибөрі, қоян көптеп кездеседі. Былай қарағанда, бұл жақпен табиғаты ұқсас. Бірақ, бізде сексеуіл жоқ. Осы жолы Сахара шөліне сексеуіл тұқымын ала кетуді, сонда егіп өсіруді ойластырып жүрмін.

Өзім туып өскен Алжирдің үштен екі бөлігін атышулы Сахара шөлі алып жатыр. Қаншама құнарлы жерлер құм астында қалуда. Табиғаттың осынау тілсіз зұлматы бірден-бірге сусып жылжып, елді мекендерге де айрықша қауіп төндіруде. Ал, оған қарсы қоярлық нендей күш бар?

Міне, осындай өмірлік маңызы бар сауалдарға жауап іздеген Мохаммедті ұлы мақсаттар жолындағы ізденісі қияндағы Кеңес ауылынан бір-ақ шығарған. Мұндағы айырықша тоқталатын бір мәселе - Мойынқұм мен Сахара табиғатының өзара ұқсастығы, құм көшкініне қарсы күресті ұйымдастыру шараларының дәлме-дәл үйлес келуі еді. Кеңес ауылының аумағында жергілікті орманшылар жүргізген құм көшкінін тоқтатуға байланысты кешенді жүмыс жүйесі (механикалық қорған) алжирлік аспирантты қызықтыруы жайдан жай емес еді.

- Сол бір күндерде ауыл іргесіндегі құм дамылсыз көшіп, біршама қора-қопсы, бау-шарбақты, жеке үйлердің өзін «жұтып» қойған еді. Тілсіз зұлматтың әсерінен бір орыннан екінші орынға амалсыз көшіп қонғандар болды. Осы бір сергелдең бұдан әрі де жалғаса берер ме еді, әлде қайтер еді! Менің тікелей басшылық жасауыммен орман қызметкерлері жалаңаш құм төбелеріне жыңғыл, жүзген, сексеуіл көшеттерінен механикалық қорғандар өріп, нәтижесінде сүйекті өсімдіктер «жерсініп» тамырланып, сусыма құм бекіді. Ал, әлгі алжирлік досым Мохаммед болса, өзінің «Сусымалы құмды биологиялық, механикалық жолмен бекіту» деп аталатын дипломдық жұмысы үшін «Кеңес» кеңшарында жүргізіліп, оңды нәтиже берген осы кешенді жұмыс жүйесін таңдап алған-ды. Ол осында өзінің көмекшілерімен бірге механикалық қорған өріп, оны үзбей (3-4 жыл бойы) бақылауына да алды. Алжирмен облысымыздың бірегей шөлейтті аймақтары арасындағы экология зардаптарын жоюға бағытталған тәжірибе алмасулар, міне, осылай басталған еді, - дейді бүгінде Қордай аудандық орман шаруашылығы бөлімшесінің бастығы Марат Рахметов сол бір күндерді толғана еске алып.

Иә, солай «механикалық қорған» өзінің елімізде кең тараған құм көшкінін тоқтатудың сынақтан өткен озық әдісі ретінде өзін-өзі толық ақтап та шықты. «Кеңесте» мал басы көбеюімен, құмның босауымен, шөп тамырларының қурап, семіп, үзілуімен байланысты сол бір жағдай ерте ме, кеш пе тағы да қайталануы мүмкін деп санайды мамандар. Бұл орайда орман шаруашылығы қорындағыға қарағанда, ауылдық аймақтардың үлесіндегі жерлерде өрттің жиі орын алып, алқаптардың текке рәсуа болатынын да жоққа шығару қиын.

- Меніңше, ауылдық аймақтардың жерін орман шаруашылығы иелігіне берсе де болады. Олардың тарапынан жерге күтім әлдеқайда жақсы деңгейде. Әрі мұның екіжақты тиімділігі бар. Шаруагерлер орман қорының гектар жерін пайдаланғаны үшін жылына мал басына 30 теңге (оның өзінде 20 теңгесі - мемлекетке, 10 теңгесі - орман шаруашылығы үлесіне тиеді) ғана төлейді. Бұл соншалықты қымбат та емес қой. Мал өсірушілер үшін қолайлы-ақ баға. Онысыз да ауылдардың үлестік жерлеріне жекенің малы сыймай жатыр емес пе? Мұндай жайылымдықтар «демалуы», лажы болса, күтімге алынып, тыңайтылуы қажет, дейді Жамбыл ауданындағы «Қызыл қайнар» орман қорығының қызметкері Мейрамбек Тасжүреков.

Жоғарыда аталған департамент (оның құрамында барлығы 14 құрылымдық бөлімше бар) бүгінде 4 миллион гектардан астам аумаққа бақылау орнатып, күтім жасап отыр. Құрылым «құм көшкініне» қарсы тұрарлықтай әлеуетті ме? Әлеуетті секілді. Бөлімшелердің дені рациялық байланыс құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Келер жылы салаға 70-80 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, оны техникалық-материалдық базаны одан әрі нығайту ісіне жұмсау көзделініп отыр екен. Біздіңше, орман шаруашылықтарына ауылдық аймақтардың үлесіндегі жайылымдықтарды екпе шөп өсіру арқылы жақсартып, құнарлылығын арттыру ісі жүктелінсе де еш артықтығы жоқ. «Жайылымдықтарды жақсарту жөнінде» аймақтық бағдарлама әзірлеп, енгізудің мезгілі де жеткен секілді.

Қалай болғанда да біздің бүйткен бұл ісімізге Мохаммед Кешадтай патриоттар қажет.



ӨМІР ӨРІМДЕРІ
«ДИССИДЕНТ»
Социализмнің ұйық үстіне тұрғызылған ғимарат секілді күндердің күнінде құлап тынатын «табанының бүрі», тіпті түп-тамыры да жоқ қоғам болғанын, маркстік-лениндік теорияның өзі өрескел бұрмаланғанын бертінде ғана біліп, түстеп таныдық емес пе?! Ал, оның «мінсіз жүйе» екендігіне дәуірлеп тұрған кезінде ешқандай да шық жуытылмаған- ды. Оның құрылымына түзету енгізбек болғандардың бастапқыда троцкийшілердің, бертін келе басқа да қоғам қайраткерлерінің қатты айыпталып, қуғындалғаны белгілі. Социализмді әлдеқандай ғып көрсету үшін талай-талай талантты қайраткерлер мен тұлғаларды жалмаған 37-нің қырғыны да әлі естен шыға қойған жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы бір ауыз сөз айтып, бетіне жел боп тигендердің түрмелерге тоғытылып, жазықсыз жапа шеккендері қаншама! Ресми саясаттан өзгешелеу «ойлайтындар» мен кеңестік тәртіпке сын айтатындар 60-70-ші жылдары да болды. Олар «ақыл есі ауысқан» делініп, жындыханаларға күштеп жатқызылды, қысым көрсетілді, «диссидент» атауы телініп, елден, жерден аластатылды. Тексіз, түп-тамырсыз болуы себепті жетпіс жыл «дәуірлеген» бұл қоғамыңыз да құлап тынды, ақыры.

Қатыгез қоғам құрбаны болып, қиянаттан көз ашпаған «оқшау ойлайтындардың» бұлқынысты ойлары арнасын тауып, қаншама жыл бойы құмыққан айқай-үні енді айқын «естіле» бастады. Әйгілі актер Қасым Жәкібаевтың ұлы Азамат, философ Махмет Құлмағамбетов, «Жас қазақ», «Жас ұлан» ұйым, қозғалыстарын құрған жазушылар Кәмел Жүнісов, Арман Қаниев, «Есеп», «Жас тұлпар» партияларының мүшелері, сондай-ақ өзіміздің Бәкең - жазушы, тарихшы Бақытияр Әбілдаұлы өмірі өзгелерге ұқсай бермейтін, міне, осындай азаматтар шоғырынан-тұғын. Солардың бірі, жерлесіміз, талантты ғалым, коммунистік тәртіп пен саясатқа көңілі толмай, «ноқтаға басы сыймай өткен» бұлқынысты тағдыр иесі Әбдіжаффар Қалшабеков жөніндегі шындық та енді ашық айтыла бастады. Ол басқа диссиденттер секілді абақтыға жабылып, жер аударылмағанмен, «қоғамға жат элемент» ретінде тағдыры шырғалаңға түсіп, көрер азаптың бәрін де бастан кешіпті. Мәжбүрлеумен жындыхана төсегіне де таңылған. «Тарих ғылымының кандидаты» (ол кезде мұндай дәрежеге екінің бірі көтеріле де алмайтын, барының өзі саусақпен санарлықтай ғана еді) деген дардай атағы бола тұра қызмет орнында тұрақтатылмай, жиі қудаланып, жұмыссыз қалып, қатыгез қоғамы жатақхана вахтері болуға да мәжбүр еткен.

- Бір ауылда, бір көшеде тұрдық, ағам әрі аталас ағайыным да ғой! Өмірде жақсы түсіністік. Содан да басына аз-кем қиындық түсе қалса, ең әуелі мені іздейтін. Не пәлені де сол ешкімге ұқсамайтын, кеңестік кезеңнің тәртібімен қабыса бермейтін қисық-қыңырлау мінезінен, тілінен табушы еді. Әкесі колхоздың басқарма бастығы болды. Қанында бар тектілік өз дегеніне көндірмей қоя ма! Әлі есімде, бірде Жамбыл қос суферфосфат зауытында жарылыс болып, бүкіл қаланы көк түтін басып кетті. Бұл оқиғаға ағамыз бейжай қарай алмай, Кремльге, Мәскеуге, тікелей Брежневтің өзіне «осындай да осындай, ел уланып жатыр» деп жеделхат салып жіберген ғой! Мұның соңы үлкен айқай- шу туғызды. Әсіресе, оқиғаны бүркемелегісі келгендерге оңай тимеді. Ағамыз барды бар, жоқты жоқ деп тайсалмай ашық айтатын осы мінезінен талай опық та жеді. Ойлайтыны өзінің емес, халықтың қамы болды. Ғылыммен айналысуды ғана білді, - дейді оның жақын бауыры Оразбай Назарбеков.

Оның айтуымен Әбдіжаффар Қалшабековтің қысқаша өмірбаянын түздік. Ол 1929 жылы Жамбыл ауданының Қостөбе ауылында дүниеге келіпті. Орта мектептен соң Абай атындағы педагогикалық училищесін бітіріп, ауылында екі жылдай бастауыш сынып мұғалімі болады. Сосын Алматыдағы ҚазМУ-дің тарих факультетін оқып бітірген. Тараздың «Қантзауыты» аумағындағы кешкі мектептің директорлығына тағайындалады. Сол тұста партия тарапынан жоғары білімді мамандардың ерікті түрде екінші тың малшаруашылығы саласындағы жұмысқа баруы жөнінде пәрмен түсіп, осымен байланысты арнайы түсіндіру жиыны да өтеді. Әбекең «түбінде бір барар жұмыс қой» деп тізімге елден бұрын жазылып, директорлықты тастап, бір ақ күнде шопан таяғын қолына ұстап шыға келеді. Осылай Жезқазған жағында бір жылдай мал бағып, тиісінше сыйақы да алып, абырой беделге ие болады. Сосын алдындағы қоғам малын інісіне өткізген екен. Оның өкіметтің бір ауыз сөзіне бола әжептәуір қызметін тастап, қиян алыс қыстауға мал бағуға кеткені де кісіге сенгіштігінің, адалдығының, атақ-мансаптың құлы еместігінінің айғағындай. Бұл тірлігін қатарластары әпенділікке сайып, қылжақтап қоймағаннан кейін намысқа бағып, құжаттарын тапсырып, аспирантураға оқуға түсіп кетіпті.

Әбекеңнің негізгі мамандығы тарихшы болғанмен, экономика ғылымымен құлшына айналысқаны белгілі. Осынысы - экономика саласының ұңғыл-шұңғылын тереңдей зерттеп оқуы түптің түбінде басына пәле болып жабысары үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді. Осы жолды таңдауына басқа емес, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының басшылығы «көмектескенін» қайда қоясыз! Ректорат ғылыми коммунизм пәнін оқытуға икемдеп, оны Мәскеуге арнайы курсқа оқуға да жібереді. Жас ізденушіні саясат иірімі тартты да кетті. Ол соңыра Маркс пен Энгельстің коммунистік қоғам, оның алғашқы сатысы - социализм туралы теориялық еңбектерін құныға оқып танысады. Олардан түйген ой-тұжырымдардың нақты өмір шындығымен, социалистік құрылыстың даму барысымен сәйкес келмейтінін анықтайды. Бүгінгі тауарлық алыс-беріс, нарықтық қатынастар жөнінде ғалым сол кезде-ақ асқан білгірлікпен жазған еді. Осы тұрғыдағы зерттеулерін қалыңдығы кере қарыс кітап етіп те бастырады. Міне, осынау еңбегі оның басына талай қара бұлт та үйірген. Оның «Түп-тамырсыз социализм» («Социализм без корней») атты соңғы еңбегі қатыгез қоғамға атылған қорғасын оқпен бірдей болған еді. Онда айтылған ұсыныстардың аса құндылығын сол кездің өзінде-ақ украйндық, ресейлік және қазақстандық В. Глушков, М. Осадько, Г. Добров, А. Юсупбаев, П. Ольхов секілді әйгілі академик-ғалымдар қапысыз мойындап, жоғары бағалаған да еді. Алайда кеңес ғалымдарының барлығы бірдей мұндай пікірде емес-ті. Қалай болғанда да Әбекеңнің «Әлі- ақ ел менің ғылыми жұмысымды мойындайтын болады, қоғамның ағысы, аяқ алысы осыған келе жатыр» деген сөзі көрегендікпен айтылғаны бүгінгі күні айна-қатесіз дәлелденіп те отыр емес пе?!

Аз айт, көп айт, кезінде ол студенттеріне өз ұғымындағы экономиканы оқытып, түсіндіре алмай-ақ кетті. Оның жаны бөлекше ойлауды, бөлекше оқытуды қалады да тұрды. Дағдылы оқыту ісі оны қызықтырмайтын. Әсіресе, «қоғамға жат элемент» атануы оның тағдырын шырғалаңға салып қойған-ды. «Отырса опақ, тұрса сопақ көріну» кімге оңай тисін. Осы жағын ойлап, тек айлық жалақы ғана алып, қара көбейтіп жүргісі де келген. Бірақ, оған онысыз да ғайбат сөз жиі телініп жатты. Кеңестік қоғам идеясымен қабыспайтын ой, тұжырымдары Әбекеңе оқу орындары басшылары тарапынан сенімсіздік те туғызды. Қырғыздың әйгілі жазушысы Ш. Айтматовтың, ресейлік қаламгер И.Васильевтің, қоғам және мемлекет қайраткері О. Жандосовтың көмегімен орналасқан жұмыс орындарынан да теперіш көріп, жыл толмай жұмыстан шығып қалып отырған. Айтпақшы, азулы «генсек» Л. Брежневтің өзіне оның әйелі Виктория Петровнаның Днепродзержинский қаласында тұратын сіңлісі арқылы хат жазып жібергенінің арқасында жұмыстан мәжбүрлеп босатқан кездеріндегі алты айлық жалақысын өндіртіп алғаны да бар екен. Целиноградтағы, Рудныйдағы, Арқалықтағы жоғары оқу орындарында да қуғындалып, байыз тауып жұмыс істей алмайды. Партия қатарынан үш рет шығарылғанда да жақсы адамдардың араласуымен партиялылығы қалпына келтірілген. Ақырсында, күштеп жындыханаға жатқызылғанынан кейін жоғары оқу орны тұрғай, жай жұмысқа да орналасу мұң болып қалады...

Ғалым өмірінің соңғы күндерін Алматыдағы кезінде О. Жандосов алып берген жатақханадағы пәтерінде өткізіпті. Жағдайы болмауынан бейдауа дертке шалдығып, Алматы ауруханасында біраз емделген. Оның да себі тиіп жарытпаған соң, елге барып саумал ішіп емделуді жөн көреді. Сол бетте Целиноград ауыл шаруашылығы институтында экономика пәнінің оқытушысы болып қызмет етіп жүрген інісі Оразбай Назарбековтың үйіне ат басын тіреп, аз-кем тынығады. «Біздің үйде бір апта болып, саумал ішіп жүрді. Сосын Қаражалдағы інісінікіне кетпек болды. Сонда қымыз ішіп емделуді ойлады. Дерт меңдеп, шидей болып азыпты, өзі. Алайда, оңалып кетуден үмітті де еді. Билет әперіп, өзім жолға шығарып салдым. Кейін естідім, ол жаққа баруын барыпты, даланың таза ауасы, қымыз әсер етіп аз- кем сергіген де секілді. Бауырынан қомақты қаражат (сол ақша түбіне жетті ме деп те ойлаймыз) алып, Алматыдағы бітпей қалған шаруаларын реттемекке ниеті ауыпты. Сол тұста інісінің көршілері де жолға шығатын болып қалып, солар жақын стансаға жеткізіп саламыз дейді. Сол кеткеннен қайтпай, хабар-ошарсыз кетті ағамыз. Кейін Алматыға барып құқық қорғау орындарына суретін беріп, іздеу де жариялаттым. Олар ағаның Алматыға келмегендігін анықтап, Қаражал аумағынан іздестіруімді ұсынды. Табылмады, ақыры. Бір дерегі де шықпай, сүйегі қайда жерленгені белгісіз күйде қалды» дейді Орекең қамығып.

Бар айыбы кеңестік жүйеге көзқарасы болып, қиянаттан көз ашпаған, отбасын құрып, жар құшып, бала сүйе алмай ақыр соңында өз көзқарасының құрбаны болған Әбдіжаффар Қалшабеков сол тұста бар-жоғы 59 жаста ғана болыпты. Айтары бар, ақиқатшыл ғалымның ғұмыры осылай қайғылы үзілді...


БОЛАТ ҚАЙНАУДА ШЫНЫҒАДЫ...
Келер жылдың 30 қаңтарында Астана мен Алматыда алауын жағар Азиада ойындарының дүбірі жақын, тым жақын қалды. Шамамен енді екі айдан соң айтулы дода қарсаңында еліміз бойынша Алау эстафетасы өтетіні, Азиада алауының құмсауытпен әуелі Астанаға, сосыгн Алматыға, үшінші кезекте біздің облысқа жеткізілетіні көзі қарақты оқырманға белгілі болар. Міне, осы іс-шараға алаугер ретінде қатысатындардың тізіміне тараздық параолимпиадашы, екінші топтағы мүгедек Зұлфия Габидуллинаның да енгізілуі бізді елең еткізген...
* * *
Ол жөнінде алдын ала біраз дерек те жиғанбыз. Кейіпкеріміздің жасы қазір 45 –те екен. Ал қоларбаға таңылғанына бір жылы кем қырық жыл. Осыншама жыл бойы өздігінен аяғынан тұра алмау, өздігінен жүре алмау, ауруханадан аурухана жағалап емделу азабы, оған өмірден түңілу, торығу қосылса, аяқ-қолы балғадай зіңгіттей нар жігіттеріңнің өзін бордай үгіп, жасытып жіберері анық қой! Ал Зұлфия болса, басына түскен қиындықты қатепті нардай, қпабағын да шытпастан көтерумен келеді. Балабақша барып-келіп, құлдыраңдай шауып жүрген алты жасар құлыншақтай қызойда жоқта жол апатына тап болам, өмір бойы кемтар болып қалам деп ойлап па! Тағдыфры солай болды, амал не. Бас сүйегіне, омыртқа жүйесіне, жұлынына зақым келді. Анасы Наджиланың, інісі Ринаттың көмегі тиді қайта. Солар қарайласты. Мәскеуде, Қарағандыда емделуіне, мектептің оқу бағдарламасын да ауруханада жатып оқуына тура келген. Соңыра қаладағы № 11 кәсіптік училищеде оқып, автоматты машина приборларымен жұмыс істеуді меңгеріп шығады. Бірақ, мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндіәгі келмей, көбінесе үйде тоқыма тоқу, кесте тігу секілді ісмерлікті ермек етумен уақытын өткізіп жүрді. Түптің түбінде осы кәсібі нәсібіне, өмірлік серігіне айналарын біліп пе, ол кезде...

Ол жөнінде естігенімнің өзі бірқыдыру, ал білмейтінім одан да көп-ті. Бүгінде аяқ-қолы сау бола тұрса да, нарыққа, өмірге бейімделе алмай, түңіліп торығудан тұйыққа тіреліп, «ащы суға» ауызданып, тіпті өзіне-өзі қол салуға шейін баратындар аз ба? Олар тірліктің мәнін түсінбейді, өмірді бағаламайды. Зұлфиядай тауқыметті тағдыр иелерінің өмір сүру салты, түсінік-пайымы, үлгісі, міне, сондайларға сабақ та болар-ау деген оймен кейіпкеріммен бетпе-бет жолығыспаққа ұйғардым.

Шынымды айтсам, іздеп барғанымда алдымнан өмір қажытып, иіні түскен, тағдырына налыған, жүзін уайым-мұң торлаған келіншек кезігер деп ойлағанмын. Олай болмады. Оны облыстық мүгедек жастар ұйымында қызу жұмыс үстінде жолықтырғанымда, өз көзіме өзім сенбедім. Алдымда әдеміше келген, жайдары да жылы жүзді, сымбатты келіншек тұрды. Қол арбасын жеңіл сырғытқан күйі қасыма жанамалай келіп тоқтады.

-Зұлфия – менмін, - деді сосын күлімсірей.

Түр-өңінде ауыр тағдырының, жылдар бойы аурухана төсегшіне таңылып, аяғына тік тұрып кетер сәтті үмітпен күтіп, сарғаюмен өткізген азапты күндері мен түндерінің титтей бір белгісі қалса неғылдейсің! Әжім ізі де жоқ. Жайдары, жайраң қаққан көркем жан екен, өзі. «Мұның сыры неде?» дедім іштей. Көп өтпей оның жауабын да тапқандай болдым. Шүйіркелесіп әңгімелесе келе. Зұлфияны, оның рухын ауыр тағдыры еш жасыта алмапты. Өмір майданындағы күресте шарболаттай шыңдала түсіпті қайта! Кешегі Мересьев, Островский, өзіміздің ақын-жазушылварымыз З.Шүкіров,Н. Исабаев, Б. Имарғазиналар секілді...

Ең бастысы, адам болып өмірге келгеннен соң пешенеге бұйырар бақыттың бәрінен де сырт қалмапты ол. Үйлену, ана болу, бойында бар қасиеттерді жарқұырата ашып көрсете алу бақытын да бастан өткеріпті. Он бір жасқа енді толған қызы Руфияның сурет салатын өнері бар екен. Тырнақалды туындылары мүгедек жастар қоғамы ұйымдастырған көрмелерге әлденеше мәрте қойылып, көрсетіліпті. Зұлфияның өзі де бисермен, зермен, түрлі-түсті маталармен жасап шыққан «суреттерінің» де жеке көрмелері көрермендер назарына бір емес, бірнеше мәрте ұсынылған.

Айтпақшы, қызы екеуі жыл сайын би орындаушылардың облыстық «Жарық» байқауына қатысу арқылы көрермендерінің көзайымына да айналып үлгерген екен.

-Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұсынуымен биыл жыл басынан бері осында мүгедек жастарға тігіншілік курсынан дәріс беріп жүрмін. Жақсы жабдықталған тігін цехымыз бар. Мұнда жыл ішінде қырықтан астам мүгедек қыз-келіншек тігіншілңіктің қыр-сырын үйреніп те шықты. 30-35 жас аралығындағы үй жинаумен, ыдыс-аяқ жуумен шектеліп, сырттағы өмірден, қоғамнан қағажу қалыңқырап қойған қыздарымыз үшін алдарынан жаңа бір көкжиек ашылғандай болды. Олар тігіншілік өнеріне қызыға, құлшына ден қойды. Енді олар өз үйлерінде отырып-ақ тігін тігіп, тоқыма тоқи алады. Келер жылы да әлеуметтік жоба аясында грант ұтып алуға ниет етіп отырмыз. Сонда қыздарымыз айлық жалақы да алады, еңбек өтілі де есептеле бастайды. Өз өнімдерімізді (төсек –орын жаймалары, жастық тыстары, алжапқыштар, тағы басқалары) интернат мекемелеріне көптеп өткеру арқылы шығынымыз орнын жауып, бөлінген қаражатты тиіңмді пайдалану жұмыс орнымыз тұрақты сақталынуына да мүмкіндік береді деп үміт етеміз, - дейді Зұлфия жаңа кәсібінің қыры-сырын түсіндіріп.

Алғашқы жылдары қалалық, облыстық деңгейде байқап көру мақсатымен басталған мүгедектер арасындағы спорт жарыстары соңыра, 1991 жылы республика көлемінде де өткізіліпті. Міне, осы дүбірлі додада З. Габидуллина бастаған жамибылдық мүгедек спортшылар бес бірдей алтын жүлдеге қол жеткізіп еді. республикалық осындай жарыс 1994 жылы алғаш «паралимпиада» атауымен өткізіліп, Зұлфия тағы да бірінші орын жүлдесін еншілепті. Астана, Алматы қалаларында өткізілген турнирлерде де жоғары жетістіктерден көріне алды.

Ол үшін биыл Чехословакияның Братислава қаласында мүгедек спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының орны тым бөлек. Ол осы чемпионатта жеңімпаз атануымен байланысты бір мезгілде спорт шеберінің нормативін орындады әрі Пекинда өтетін Азия ойындарына қатысуға құқық беретін лицензияны жеңіп алды! Анді аз уақыттан соң параолимпиадашы жерлесіміздің Пекинге жолы түспек. Облыстық мүгедек жастар қоғамы өз әріптестері – параолимпиадашыла жерлестеріміздің спорттағы жетістіктерін елеусіз қалдырмай, мекемелері іргесіне олардың суреттері бойынша үлкен баннер жасап іліп те қойыпты. Бұл баннердің орны адам көп жүретін орталық көше, біздіңше...

Зұлфия екеуіміз әлі сөйлесіп отырмыз.

-Сіз тағдыр тауқыметін спортпен айналысу арқылы жеңіп, өзгелерге үлгі боларлық ерлік көрсеттіңіз...

-Оны енді білмеймін. Жай өмір ғой – біздікі...

-Бойыңыздағы осы қасиет - өмірге құштарлық, қайсарлық, табандылық, мақсаткерлік барлығымыздға да жұғысты болса...

-Рухты түсіруге болмайды. Өмірді сүю жөн. Өмір – тамаша! Дүиеге адам болып келгеніңе, жер басып жүргеніңе, дами бақыттарға бөлене алатыныңа, ән салып, би билей алатыныңа, ең ақыр аяғында су ішіп, нан жей алатыныңа тек қуануың қажет. Тағдырдың ісіне ешқашан мойымауың керек. Тағдырың - өз қолыңда ғой! – деп аяқтады сөзін кейіпкерім.

Қазір ол Азиадаға, Алау эстафетасына қызу әзірлену үстінде. Жамбыл спортының жүлде қоржынына тағы бір алтын әкеліп қоссам дейді.



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет