Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет8/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

P.S: Бұл очерк Азиада өтер қарсаңда 2010 жылы жазылған еді. Кейіпкеріміз қазақ да жерін, оның ішінде Әулиеата өңірін дүбірлете өткен Азиадаға алаугердің бірі ретінде атсалысты. Пекинде, сәл кейін Данияда, басқа да мемлекеттерде өткен әлемік жарыстарда еліміз намысын қорғап, қоржынымызға бірқатар жүлде салды. Ол үшінәсіресе, биылғы жыл айрықша табысты болды. Үстіміздегі жылғы (2013) 8-20 тамыз аралығында Канаданың Монреаль қаласында паралипиадашылар арасында өткен әлем біріншілігінде Зұлфия елу метрлік қашықтыққа алдын ала еркін жүзуден әйелдер арасында S3 класында әлемдік рекордқа қол жеткізді. Сөйтіп, ол 0:47.40 секундық уақытты көрсетті. Бұған дейін Қытай спортшысы осы қашықтықты 0:47.79 секундта жүзіп өткенді. Ақтық сында ол 0:47.79 секундтық көрсеткішпен екінші орын мен күміс медалды жеңіп алды. Ал, осы додада қола жүлдеге елу метр қашықтыққа шалқалай жүзу бойынша ие болды. Сөйтіп, ол ҚР ұлттық паралимиадалық комитет тарапынан «күміс» үшін жүз мың, «қола» үшін елу мың теңге сыйақы да алды. Елге келген соң оны облыс әкімі арнайы қабылдап, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Айтпақшы, осы күндері аймақта «Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» республикалық фстивалінің облыстық кезеңі өтіп жатты. Зұлфия осы сайыста «Ең үздік спортшы» аталымы бойынша топ жарып, республикалық сайысқа жолдаманы да жеңіп алғанының куәсі болғанбыз. Онымен осы жеңісті күндерде сұқбаттасудың да сәті түскен. «Бұл – өте жақсы бастама. Мүгедектердің бойында жасырын жатқан ақындық, бишілік, әншілік, суретшілік, басқа да кәсіптерге бейімін жарқырата ашуына, өзіне өзі сенуіне мүмкіндік те берді ол. Мұндай сайысқа қатысушылардың басым дені алғашында басқа әріптестерінің ерік жігерлеріне, дайындығына қарап, өздерінің қандай да бір жетістіктерге жететіндеріне аса сенімді де емес еді. Дейтұрғанмен, осындай жарысқа қатыса алатындарына, өздерін нақты істе көрсете алатындарына бола өмірлері нұрланып, айрықша қуанышты сәттерді бастан кешті. Бұл шара оларды белсенді тұлға ретінде қалыптасып, өмірге құштарлықтарын арттыра түсуімен, жеңіске ынталандыруымен ұмытылмастай болып естерінде қалары анық. Енді олар жарыстың келер жылғы өткізілімін асыға күтетіндеріне, өздерін биік деңгейден көрінуі үшін іштей, психологиялық һәм физикалық тұрғыдан да ұдайы шыңдаумен болатындығына сенімдімін» деді бізге паралимпиадашы жерлесіміз қуаныштан жүзі бал бұл жанып.

Жігерің әсте мұқалмасын, сенің әр кезде де биік шыңнан көріне беруіңе тілектеспіз біз де, Зұлфия!

РЕДАКТОР РЕКЕҢ
Хат жетер жердегі газет атаулыны төпелеп, мақала, өлең, әңгіме жазып жіберу «сырқаты» маған бесінші, алтыншы сыныптарда оқып жүргенімде «жабысты». Қолым босаса-ақ болды, ауыз үйдегі киіз үстіне етпеттеп жата қалып, қаламымды сүйкектетіп жазып жатқаным сол. Ал енді әлгі... мақалаларымды сиясы кеуіп үлгермей жатып хатқа салып жолдап, газет, журнал біткенді үстін-үстіне «бомбылауыма» хат тасушылар апамның «пенсиесіне» қосып беретін бір тиындық көл-көсір конверт қаптал жетті де тұрды. Ол кезде поштадағылар хаттың шекесінде маркісі бар ма, жоқ па – оған тіпті басын да ауыртпай, мөрін басып барар жеріне жедел жеткізіп те жататын.

Жазушы болу оңай емес, әрине. Сол үшін ойынды да қоя тұруыма тура келеді деген байламға келдім. Бірақ, бұған бірден көндіге алмадым. Алғашында дүниені ұмытып, ойынға еліккен өзім құралпы балалардың у-шуы ойымды бөле берді де, терезеден соларға қызыға қарап, қаламы құрғырды бір мезет лақтырып тастағым келіп еді. Бірақ, өйте алмадым. «Ұлы мұрат» жолына бас тігіп түскен соң, орта жолда айнығаным қалай болады? Оның үстіне «тілші бала» деген атым ауылдан асып, ауданға жете бастады. Осыным үшін ауылдың атқамінер үлкендерінің өзіме біртүрлі жылыұшырай қарайтынын айтсайшы! «Осы баладан бірдеңе шығады, түбі» деп менен үлкен үміт күтіп жүргенде, ауылдың «есі жоқ» қарадомалақтарына қосылып ойын соққаным ұят-ты. «Жазуды тоқтатпауға тиіспін. Ойыннан не шығады сол!» деп, анадай жерде алау-далауы шыға доп қуысып жүрген достарыма әстемси қарап қойдым. «Әкпарбай, бізге кел, шабуылшы жетпей жатыр!» деп айқайласады олар. Е-е, бұлар менің ойынды біржола доғарып тастап, ой ісіне ауысқанымды, ауылдықтардың абыройын ойлайтынымды білер деймісің...

Екі күннің бірінде газеттерге әлдебір мақалам жарқ етіп шыға келіп, ұстаздарымның да маған деген «көзқарастары» түзеле бастады. Кейде кітап бетін ашпай барсам да, «екілік» қоюға қолдары бармайды, «үш... жоқ, бүйтсек сенің «тілші» атыңа нұқсан келеді, жәрайды, «төрт-ақ болсын» деп көңілімді де жықпайды. Бұрын үздік оқушылардың қатарында болғаным рас па, жоқ па деп кейде өзім де жиі ойланамын. Мен мына жақта «жазушылықты» айналдырып, сабақты ықтияттап оқуға уақытым жетпей, азапты күн кешіріп жүргенімде, біраз сыныптастарым мені шаңына тастап кетті. Осыған намысым келеді. Мына «кәсібімді» біротала былай жиып тастап, сабаққа ден қойсам, «оқымысты» шіркіндеріңді бірер аптада-ақ қуып жетіп, басып озатыныма да сенімдімін. Өйтейін десем, қаламы құрғыр қолыма желімдей жабысып қалғандай, онымен бірден суысу да мүмкін емес, тегі. Неше алуан тақырыптар мені жаз, мені жаз деп андағайлап күндізің не, түн ұйқымды да бөліп, маза беретін түрі жоқ...

Біраз мұғалім үлгерімім нашарлап кеткеніне нариза екендіктерін де аңдата бастады. «Әй, «тілші-ау», мынауың ұят енді! Өзіңнен білімі көп төмендерден де қалып қойдың. Намыс қайда, түге» деп мені қамшылап та көрді. Жазушылықтың жолына түскендер ешқандай да кітап бетін ашпайды деп кім айтып жүр? Менің мектептің де, ауылдың да кітапханаларында шаң басып сықасып тұрған кітаптарды түгел сүзіп шыққанымды, енді үй-үйді аралап, кімде жақсы кітап болса соны аттай қалап алып оқып көз майымды тауысуға айналғанымды осылардың біреуі де білмейді ғой, әттең! Маған әлгі... орыстың «Пешков» деген мықты жазушысының «ауруы» жұқты. Оның да жоқ-жітіктеу бала кезінде көрген-баққаны осы кітап болыпты. Үйінің шатырында тау-төбе болып үйіліп жатқан кітаптың бірінен соң бірін көз майын тауысып оқи беріпті, оқи беріпті... Мектепке, тіпті университетке де бармай-ақ үлкен жазушы болды да шықты, әне! Осыны ойлағанымда, біртүрлі ішім жылып кетеді-ей...

Ақыры, қабырғаммен кеңесіп, «Әй, сол оқуыңнан бірдеңе шығады ғой деймісің! Осы жазуыммен болайын енді. Мектеп бітіргенімше бір роман сүйкеп тастасам, жоғары оқу орнын енді жағалай бастаған сыныптастарымның оқымай-тоқымай-ақ жазушы болғаныма іштері бір күйер-ау!» деп алдыма үлкен мақсат қойдым да, мектебіңді біржола «жылы жауып» та тастадым... Осылай онжылдықты жеті жылдай жүйрік шабыспен, сосын шабыстан аздап жаңылыңқырап («жазушылықпен» айналысуымызға байланысты) ілініп-салынып жүріп түгестік қой. Енді жоғары оқу дегеніңді – алдан кесе-көлденеңдейтін қамал-қорғанды «баллмен» емес, «жазушылығымызбен» болмаса «малмен» алуға тура келеді... Бірақ біз секілділерде мал қайдан болсын! Сыныптастарым институтқа топырлап түсіп жатқанда, аттестаты құрғырыңдағы «үштіктердің» көптігі ақыры аяғыма тұсау болып, бетімнен басып тәуекел де ете алмай, ауылда бірер жыл әр жұмыстың басын бір шалып сыбай-салтаң жүріңкіреп қалғанмын. «Өй, мен дегенің – дап-дайын жорналшымын ғой» деп қай редакцияның есігін қағайын, ауылдан асып қайда барайын. Солай екен деп, бала кезімде жабысқан өнерімді жолортада тастайын ба, ауыл өмірінен күнара өкірте мақалалар жазып, ауданның да, облыстың да, республиканың да газеттерінің ауызы-мұрнынан шығардым да тастадым... Бірі болмаса бірінің «Мынадай «жазғыштың» ауылда қор болып жүргені ұят-ты. Одан да елге септігі тисін» деп көңілі түсіп, жұмысқа шақырып қалар деп те үміт етемін. Солай бір жыл өтті, екі жыл өтті, үш...

Сөйтіп жүргенімде, әскерге бару кезегі маған да жетіп, шашымды тықырлатып алдырып, көп дүрмекке ілесіп, Қиыр Шығыстан бір-ақ шықтым! Екі жыл дегенің не, тәйірі! Бір күндей болмады - өтті де кетті. Ауылға келген соң баяғы қаламыммен қайта қауыштым. Бірер жыл газет бетінен аты-жөнім көздеріне түспей, көз жазыңқырап қалған оқырмандарым мақалаларыммен қайта жүздесіп, «уәй, бәрекелде-е» десіп, мәре-сәре болды да қалды.

Е-е, олар өздерінің «сүйікті жазушыларының» әскерді ақ тас, көк тас бітіріп, қайтып келе жатып, жорналшылар оқуын жағалап, әукесін созып, қанша тырбанса да, конкурстан өте алмай «омақаса құлағанын» қайдан білсін-ау. Сол бір сынақ барысында көрінеу әділетсіздіктің орын алуы маған үлкен сабақ та болды. Оқуға кімнің түсіп, кімнің ілікпей қалғанын жариялаған жалтыр бас декан «Мына жігіт әрмиеден енді оралыпты – болашағы алда ғой, біз ойлай-ойлай келе жиырма бес жыл бойы жылма-жыл бағын сынаумен келе жатқан оның бәсекелесін оқудан тағы құлатып жіберсек обал ғой деп...».

Е-е, бәрі де белгілі болды, бұларға дап-дайын жорналшы емес, жиырма бес жыл үзбей келіп тұрғаның ғана керек екен! Сол оқуыңды желкемнің шұңқыры көрсін-ау!..

– Әй, Әкпарбай, тұр деймін!

Кешеу күздің жанға жайлы ауасы мен алуан шөп иісіне елтіп жатып, шөптесін үстінде аз-кем мызғып кеткен екенмін. Мәлікбайдың дауысынан селк етіп оянып, үстімді қаққыштап орнымнан да тұра бердім. Күн бесінге қарапты. Тұқым жинаушылар мәшине қорабын сықай толтырып, жабдықтарын жинастырып, буынып-түйініп әзір отыр екен. Мәлікбай сол жамбастай жатқан күйі мүйіз шақшасын қонышына қағып, көкбұйра насыбайдан бір қақшып атып:

– Ақтасқа ертелеп жетейік. Қойма жабылмай тұрып, мына изен тұқымын өткізіп үлгере алсақ жарар еді, - деп мұрнының астынан күңк етіп, мен жаққа бір қарап қойды.

– Е, басеке, Ақтасың мына тұрған жер емес пе?! Әне-міне дегеніңше жетіп-ақ барамыз, - дедім мен шалды жорта көңілдендіріп.

– Е, сөйтсейші, айналайын-н...

Күні бойы тырбанып жиған тұқымымызды қоймаға бүгіннен қалдырмай өткізуіміз керек. Ертең сексеуіл ұрығын жинауға Мойынқұмға аттанамыз. Бригада жұмысшыларының бірауық бала-шағасының қасында болып, бел шешіп демалуына да уақыт тапшы. Келер жылы аймақта «орман белдеулерін» жүргізу үшін бұл тұқымның қаншалықты қат екенін білсеңіз ғой! Ерте қамданбасақ, бұта басында пісіп-толып әупіріммен ілініп тұрған сексеуіл ұрығы сау етіп жерге төгіліп кетіп, бекер-босқа рәсуа болады. Шалдың тызалақтап отырғаны да содан.

Науқанның бірінен соң бірі киіп-жарып, орманшылардың қысы-жазы сіңбіруге уақыты болмай жатады. Жұмысы да ауыр. Әлбетте, мен секілді «қолы қалам ұстауға жаралғандар» үшін. Осы төрт дөңгелекті айналдырып жүргенімді Мәлікбай қарт та, өңге жігіттер де аса қос көрмейді. «И-й, мұнда текке қор болып жүрсің-ау! Газет басатындардың өзіңнен асып тұрғандары да шамалы!» десіп, осы жұмысымның өзін қомсыныңқырайды! «Екінің бірінің мына менікіндей су жаңа мәшинеге қолы жетіп жатқаны бар ма, ауылда» деймін мен де қиқарланып.

– И-й, бұл істі мына бізге қалдырсайшы! Сенің орның – газетте ғой, жазған! – деп Мәлікбай шал бәрібір мені көтермелей сөйлеуін қоймайды.

Әнеки, бұларға салсаң, мені бір күн болсын «шопырлықта» қалдырғылары жоқ. Техника тіліне қанша жерден жетік бола тұрсам да!

– Әй, мені тыңдасаң, осы қазір аудан басына барамыз – сонда қызметке қал! – деді Мәкең көзін манаурай ашып-жұмып, қалғып отырып. – Редакцияға соқ, жағдайыңды айт!

– Дипломым жоқ қой, көке-ау!

– Ой, сол бір жапырақ қағазды да сөз деп тұрмысың! Кейін оқи жатасың да! Не көп, сырттай оқу көп...

Тегінде, Мәкеңнің айтқанының жаны жоқ емес. Аудандық газет редакциясына бір сағатқа болса да бас сұққан кезім жоқ. Онда көп оқыған, көзі ашық кілең бір қасқа мен жайсаңдар жұмыс істейтіндей көрінді. Өзімді олардың қатарына қоя да алмаймын. Сөйте тұрып «Газетке қызметке алса ғажап болар еді» деп те ойлап қоям іштей. Ақыры, ойлай келе редакцияға соға кетуге ұйғардым. Шапанымды шешіп алар деймісің! Жұмыссыз да емеспін, астымда – асаудай арқырап, орғып тұрған су жаңа мәшине!

Мәлікбай шал менің ойымды көзімнен оқып білгендей бір жалт етіп қарап:

– Тұп-тура редактордың алдына бар! – деп әлгі бір айтқан сөзін тағы бір нығарлап қойды.

Шынында да ертесіне аудандық газет редакторының алдында тұрдым.

– Оу, қай баласың? Кір, келе ғой!.. – деп ол асып-сасып абдырады да қалды. Әпенділеу кісі екен өзі. Суын ағызып-тамызып, ауызына ала берген бір тілім қауын етін қайда қоярға білмей сасқалақтап қолына ұстаған күйі орнынан тапырақтай тұра келді.

– Әкпарбаймын. Газеттеріңізге әредікте мақалалар жазып тұрамын.

– Е, сол жігіт сенбісің? Алда, айналайын-ай, ауылда шопыр деп естуші едік... – деп редактор ә дегенде елең етіп, арада бес-он минут өтті ме, жоқ па әлдене есіне түскендей әңгіме ауанын мүлде басқа жайға бұрды да жіберді. – Мәшинеңмен келдің бе?

– Иә.


– Жүдә жақсы болды-ау, өзі! Мына тұрған жерден үйіме шифр жеткізе алмай діңкелеп отыр едім...

– Е, оның жарасы жеңіл ғой!

Сол сол-ақ, редактор Райымбек (есімін кейін білдім ғой) алдындағы телефонның құлағын бұрап, әлдебір нөмірлерді тере бастады.

– Бөтен емессің. Өзімсініп жатқаным ғой, қалқам, - деп мен жаққа және бір қарап қойды.

Әлдебір танысына осы қазір көлік баратынын ескертіп, соған алашақ затын тездеп тиеп жіберуін өтініп жатты... Менің редактордан алған «алғашқы тапсырмам» осы болды... Менде шаруаң бар ма еді, мына істі біржақты қылған соң қайта соғарсың деп ол да жылы рай таныта қоймады, мен де ләм-мим деп жақ ашпадым. Ит өлген жерден соның шифрін үйіне жеткізіп беруге келген адам болдым да шықтым, бары-жоғы. Содан араға тұп-тура бір жыл салып барып қайта келдім. Бұл жолы редакторға қолқайыр жасарлық астымда арқыраған «темір тұлпарым» да жоқ-ты. Көңілімде өмірімді жазу ісіне арнасам деген ізгі арман ғана бар. Рекең жылы қабақ таныта қоймады, бірақ. Иығын қиқайтып, қипақтап:

– Бір орынның босағаны рас еді. Аздап кешігіп қалдың, - деді қиналғандай түр танытып. - Әрі дипломың да жоқ екен... Мұның өзі қалай болар екен?

Сонымен не керек, ол мені редакцияға емес, баспаханаға терімші етіп алуға келісті-ау.

– Осылай сынақтан өтпесең, мұндағылар мені түтіп жеуден де тайынбас, - деді сақтана сөйлеп. – Оқасы жоқ, азырақ шыдасаң, әлі-ақ қатарымызға да қосыларсың...

Алайда, мәселе күтпеген жерден өзгеше сипат алды. Арада бір күн өтер-өтпесте мені редактор өзіне шұғыл шақыртты.

– Бала, сені көп әурелемей-ақ бірден «литсотрудниктікке» қабылдауға шештім! – деді ол мен кіре бергенде орнынан тұрып келіп, қолымды қысып. – Құттықтаймын!

Бұлай болады деп кім ойлаған! Мәселенің анық-қанығын соңыра, арада біраз уақыт өткеннен кейін барып бір-ақ білдім ғой. Менің мәселем алқа отырысында арнайы талқыланыпты. Обалы неге керек, Рекең жігіттерге мені қызметке алғысы келетінін, бірақ менің дипломым жоқтығынан баспаханада біраз уақыт терімші болып жұмыс істеп сынақтан өтуім тиістігін жақауратып жеткізген. Алайда алқа мүшелерінің (арасында партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ жетекшісі бар) төрт көзі түгел өретүрегелісіп, бұған бірден қарсы шығыпты:

– Ойбай-ау, ол дап-дайын жорналшы ғой! Сынақсыз-ақ бірден қызметке алуымыз керек! Онысыз да осында тілші дегеніңді балшықтан соғып жасай алмай жатқанымыз жоқ па... – деп барлығы редактордың айтқанына көнбей сіресіп отырып алады.

– Ә, сіздер солай ұйғардыңыздар ма? Әлі жас, тәжірибесіз, ширасын дегендік қой менікі. Ықтиярларыңыз білсін онда! – деп Рекеңнің амалсыз көпшілікпен санасуына тура келеді...

Менің есімде қалғаны, редактордан шыққаннан кейін мені бұрыннан да көзтаныс жорналшылар жылы құшақтарына орап, қақпақылдап алды да кетті:

– Бәрекелді, үйіріңді енді таптың!

Сөйтсем, мұндағылар бір-ақ күнде аяғы аспаннан салбырап түсе қалмапты, барлығының да редакцияға қызметке келуі менікімен ұқсас. Мұнда «дәм бұйырып», бірі автоклуб меңгерушісі, екіншісі зоотехник, үшіншісі малшы болып жүргендерінде келіпті. Жорналшылықтың оқуын да сырттай оқып бітірген жайлары бар екен. Мен де «кабинадан – кабинетке» келіп, айды аспаннан бір-ақ шығардым, міне! Жаңа қызметіме де бірден бел шеше кіріскенмін. Осылай арада айлар, жылдар зымырап өте де берді...

Редактормен жақын-жуық танысуыма бұл уақыт қаптал жетті де тұрды.

Ол бағыныштыларына қанша жерден кәрін төгіп, нығызсынғанмен, өзіміз құралыптас жұмыр басты пенде емес пе, тым жалтақтау еді. Даулы жерден айналып өтіп, кімнің де болсын тамырын дөп басып ұстайтын мейлінше сақ, ысқаяқтығы да бар-ды. Газет дегеніңнің шоқтай жайнап жатар айнала-төңірегіне аяғыңды бассаң-ақ, оның қып-қызыл өрті табаныңды қарып түсердей сезіледі. Осы газетте істеген бір қуақылау кісінің «құнымыз бір әріп» деп үргедек күй кешіп жүретіні де содан шықты-ау, сірәдағысы...

Бірде... сол оппаға, қып-қызыл отты оқпанға Рекең де көрінеу ұрына жаздады... бір газеттің тізгіні өзіне тиіп, деміне нан піскендей болып жүргенінде, ауданға «арызқой» деген аты шыққан Шымыртайдың өзінің қырына ілігіп қалды. Шәкеңнің есігін қақпастан кіріп келуі, кіріп келгені аздай «Бала, мына мақаланы газетіңнің бүгінгі санына, оның өзінде дәп бірінші бетіне айқайлатып тұрып басасың!» деп дікеңдеуі шамына тимесін бе енді...

– Ал, баспаймын, не істейсің маған! Қолыңнан келсе, көтеріп тұрған аспаныңды тастап жібер! О, несі-әй! – деп Рекең алдындағы үстелін тоқпақтап, тіпті еліріп кетті...

Е, бәсе! Бастығымыздың айқайы, анау-мынау емес бір кездері алақандай ғана арыз жазып, ауданның бірінші хатшысын орнынан жұлып түскен азулы азаматтың өзін жаналқымға алып тықсырғаны жанымызға майдай жаққанының несін жасырайын. Ал біз оны жалтақтау деп жүрсек. Өстіп кесіп айтып тастайтын кесек мінез біздің басшыларға жетіңкіремей жүр еді. Рекең ірі шықты! Дегенмен, оның ашуы бір қайнап, тасып төгілген самауырдай аздан соң саппа басылып қалды... Осы мәурітте мен де оның алдына бір шаруамен кіре қалмаймын ба. Олардың менімен іс-місі де болмады. Арызқой Шәкеңнің әрбір сөзі мірдің оғындай, тегі.

– Бала, жоқтан өзгеге қалшылдай берме! Мында не жазылғанын қарап алсайшы, әуелім! Мына орталықтағы саябақтың талы қурап, сәні кетіп бара жатқанын жаздым, бары-жоғы сол! – деген Шәкең қол сөмкесінен бір тарақ қағаз суырып алып, онысын редактордың алдына қойды.

– Ал жаңағыдай күшіңді маған емес, басқаға көрсет. Шындап кіріссем, сені ертең-ақ орныңнан алып, тентіретіп тезек тергізіп жіберерлік «пәкті» мында жетерлік! – деді сосын қара сөмкесін мезгеп.

– Ал, баспасам ше...

– Басасың. Бұдан да зорын басасың әлі...

– Өй, қорқытпаңызшы, тегі. Қоянжүрегің мен емес...

– Қорыққанда қандай! Шет жағасын көрсетсем бе екен... Қалтырап-дірілдегенді сонда көрерсің... Қап, болмадың ғой, өзің де! Мына біреулеріне көз сал ендеше...

Шәкең қара сөмкесінен газет қиындыларын бобырата алып шығып, онысын редактордың алдына сол күйі ақтара төкті. Мынау газет емес, есі жоқ баланың салған суреті, шимай-шатпағы, қарап тұрсаң. «Улы партия», «Орталық Комитеттің атшысы» дей ме, алақандай газет қиындысы бетінде қате дегенің өріп жүр. Кейбірінде бас тақырыптары «аяғы аспаннан келіп» төңкеріліп түсіпті... Суреттердің өзі жоқ, орындары ғана үңірейіп тұрғаны қаншама!

– Сенің қол қойған газеттерің. Адам ішіп алып та газет шығара береді екен-ау! – деген Шәкең «айғақтарын» қайта жиыстыра бастады.

– Кім... ішкен! – дерін деп алып, Рекең де тілін тістей қойды. Мынадай газеттерді дені сау адам шығармайтыны екі бастан белгілі ғой, енді... Редактордың зәресі зәр түбіне кетті. Маған мойнын бұрып та қарамады. «Шәке, кешіріңіз...» деді орнынан тұра келіп, оның қолын алып, тіпті қорсылдап жылап жіберетіндей де түр танытты.

– Не жазсаңыз да басамыз!

– Е-е, манадан бері сөйдемейсің бе! Айтып отырмын ғой, саған доқ көрсетейін деген де ниетім жоқ еді. Өзің ғой, нығызсынып...

Бұдан әрі... редакциядағылар бастығымыздың манағы көкбет ашуы жоқ, жаймашуақ күйде Шәкеңнің о жақ, бұ жағынан шығып, үйіріле жалпылдап шығарып салып жүргенін ғана көрді... Бұдан кейінгі жерде Шәкең не жазса да «Нұрлы жол» газетіне тоқтаусыз жарияланатын болды...

Сол жылдары компартиядан қауқар кете бастады да, көптеген мекемелер, оның ішінде аудандық газет редакциясы да қаржы тапшылығын қатты сезіне бастаған-ды. Жорналшылар онысыз да жартымсыз айлық жалақыларына бірнеше айлап қол жеткізе алмай, пұшайман күйге де түсті. Осы тұстағы оның абыржыған үрпе-түрпе түрін көрсең ғой, кісі аярлықтай-ау өзі! Әрі күлкің де келетін. Редакцияға қаржы бөліп, қарайласуды айтасың, жоғарыдан (аудан басшылары ғой баяғы) жылы қабақ та танытылмайтыны жігерін құм етіп, өңі-түсі қашқан Рекең уақытының көбін біздің арамызда, әжік-күжік әңгімемен өткізіп жүрді. Біріміздің бастық, екіншіміздің бағынышты екеніміз ұмытылып, бір бауырдай бірігуімізге мәжбүрлеген де сол баяғы қаржының тапшылығы-тұғын.

– Редакцияны жабамыз ба, неғыламыз! – дейді Рекең көптен тарақ тимей тікірейген ұйпа-тұйпа шашын саусақтарымен салалап, артқа қайырып отырып.

– Әлгі... нені айтам да!.. – деді сол сәтте кәсіподақ жетекшісі Жекен әлдене айтқысы келетіндей емеурін танытып.

– Нені?.. – редактор елең етіп, енді оған бар денесімен еңсеріле бұрылды.

– Мекемеміздің бұрнағыдай далиған штаты жоқ, едәуір ықшамдалды. Қысқарту әлі де жалғасатын секілді. Біраз кабинет босап қалды. Дүние-мүліктерін ұжым мүшелеріне айлықтары есебінен бөліп бергеніміз жөн бе, әлде...

«Е, сол ма» дегендей көңілін бірлеген бастығымыз оны құлшына қолдап, ықылас танытқандай болып:

– Иә, алыңдар. Әкемізден қалған мүлік деймісің... – деді.

Бұған да көңіліміз көншіп, мына заман қанша жерден қысса да, қамқор басшымыз барына шүкіршілік етіп, аузымыздан жалын ата күрсінісіп алдық, сол жерде.

– Шіркін, тым құрыса бір ғана айлығымыздың өзін қолымызға берсе ғой! – дедім мен де .

– Е, соны айтсайшы бәрінен де! Барлығымызда да бала-шаға бар... – деді редактор да мені іле құптағандай болып.

«Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, ақыры, бізге қыруар қаржы бөлінді. Одан жартыжылдағы айлық жалақыларымызды түгел таратып беріп, жинақталған түрлі қарыздарды толайым жапқан күннің өзінде көп ақша артылып қалды. Бұл қаражат мұның алдында ғана өзіміз жоқтан құрап газетімізге елу жыл толуына орай өткізген мерейтойлық іс-шараларға деп бөлінген-ді. Оның ішінде қызметкерлерге тиесілі сыйақылары да бар еді. Алайда, сол мол қаражат айналасы бірер күннің ішінде құмға сіңген судай жым-жылас болды. Редакцияның қоржыны тағы да тықырланды да қалды. Басекең баяғы «гөй-гөйіне» қайта басты. Бірақ, бұл «гөй-гөй» бұрнағысынан өзгерек еді. Ол осы күндерде қатты өзгерген. Баяғыдағыдай ішек қырындысына шейін ақтарып, сырын айтып ортамызда отырар аңқылдақ, мұңдас-айлас Рекең жоқ. Оның орнында кәдімгідей талапшыл, сыр алдырмас әккі, тыз етпе шікәмшіл, тоқпағы мықты, қатал басшы пайда болды. Бағыныштыларына мойнын бұрып та қарамайды. Көбіне бөстегін бөлектей береді...

Оның мұнысы баяғы «бала тілші» емес, аға тілші – бақандай бір бөлімнің меңгерушісі маған да аса ұнай қоймады. Адам да осылай тым тез өзгереді екен-ау! Сөйтсек, оның мұнысы «сезікті секіредінің» кері болып шықты. Басекең қыруар қаржыны «Мынадай аумалы-төкпелі заманда әлдеқандай күн туып жүре ме, ертеңгі күні бала-шағама напаха болар» деп ымы-жымы бір танысымен сөз байласып, үлкен құрылыс мекемесінің есебіне аударыпты да жіберіпті! Ұжым қызметкерлерінің сыйақылары, мекемеге көлік алуға бөлінген қаражат та бар оның ішінде. Кәсіподақ жетекшісі екеуіміз осы істің соңына індетіп түстік. Сөйтіп ол жымқырмақ болған қаражат өзімізге қайтты, ақыры. Бірақ, содан былай қарай бастығым мені қырына да ала бастаған. Ойпырым-ай, сотталып кетуім де мүмкін еді, мыналар рақымшылық жасады-ау деп тәубесіне келіп, айылын жиынбайды ғой, сабазың. Біздің арқамызда газеттің мерейтойына орай «Ауданның құрметті азаматы» атағын алды қайта. Сол бір күндерде құттықтап алдына барғанымда астарлап «Осында кейбір жігіттерді ешбір пара алмай-ақ қызметке алып едім, солардың осы атағымды сылтауратып беретінін берер кезі келді-ау» деп көңіліндегі қыжылын да жеткізген еді.

Бірақ, мен онысын елең-құлаң құрлы көрмедім. Ал ол шаптан түртіп, тісін басуын қоймады. Дипломымның жоқтығын «көзір» етіп ұстанып, мені алдымен орға итергісі келіп тұратынын көп жерде-ақ аңдатты. Бірде, штат қысқартуды сылтау етіп, мені бұрынғы компартия мұрагерлерінің бірі – бүгін бар, ертең жоқ «Білім» қоғамы деген мекемеге қызметке баруға қоярда-қоймай үгіттеп бақты. Мен көнбедім. Сөйтсем, бізге жоғарыдан ұсынылған мұндай қызмет біреу емес, бірнешеу болып шықты. Соның біріне – баспахана директорлығына жаухатшы ағай ойланбастан келісімін берген. Мен де сөйтер едім, бірақ мені оған кім ұсынып жатыр! Әйтеуір, маған бір тығырық таянып келе жатты. Әрине, редакторым тарапынан. Өйткені, арамызда бітіспес жаулық бар ғой!

Бұл кезде сырттай жорналшының оқуына түсіп, алды-артымды бекемдеп, сақтана қимылдауға көшкенмін. Өмір бәрін де үйретеді екен ғой! Сондай бір күндерде бастығыммен көптен басы бір қазанда қосылмай жүрген Сардар жорналшы аудандық мәслихатқа хатшылыққа ауысып кетті де, аз-ақ жылда бар әлеуетінен, қаймағы-құнарынан айырылып үлгерген редакцияда біраз уақыт бейбіт тыныштық орнап қалды. Екі арамыздағы текетірестің ызғарлы желі басқа жағынан ұйтқып соға бастады, бірақ.

Задында, оның жазуы, жорналшылығы, саяси сауаты онша емес-ті. Дегенмен, редакторлығын пайдаланып, алақандай газетті бізге қарайламай-ақ, көбінесе өзі күнделікті дос-жарандар арасында болатын өкпе-наздан, келіспеушіліктен туатын ауызекі көди-сөди әңгімелермен толтырып, сонысына өзі мәз-мейрам болып, көңілі толып жүретін. Осынысы үшін аудан әкімінен қатты ескерту де алғаны бар. Естуімізше, аудан басшысы оған шиландай елдің алдында «Мына газетіңнен ауданның нарыққа өтпелі кезең тұсындағы тыныс-тіршілігі, рухы сезілмейді ғой» деп қатты шүйлігіпті. Бізге өзінше сабытын да салмай, бар-жоғымызбен де іс-місі болмай жеке-дара шапқан редакторымыздың ертесіне-ақ беті бері қарады. Өзінде өң-түс жоқ, тіпті. «Газетті газет ететін мына сендерсіңдер» деп жүзін жылытып, жайылып жастық, иіліп төсек болды да қалды. Содан былай қарай қаламымызды-қаруымызды асынып, шаруашылықтарға аттанысып, көп өтпей газетіміздің бет-бейнесі де мүлде өзгеріп шыға келген. Арада бірер ай өтер-өтпесте бастығымыз баяғы «әләуләйіне» қайта басты, бірақ. Өзінің жақын-жуық араласатын таныстарының «Әй, бізді қашан жазасың» деген базынасы өтіп кетті ме, әлде... Рекеңнің төлтумалары – «ананың бүйткені-ай, мынаның бүйткені-ай» деген сипаттағы «ауызы-мұрыны» (кейіпкерлерінің аты-жөні ) жоқ «анекдотсымақтары» газет бетін қайта жаулай бастады. Алайда, аудан басшысының қырағы көзі қиядан шалып қалып... бастығымыз оның алдынан екінші мәрте «терлеп» шығуына тура келді. Бізбен бір туған бауырларындай қайтадан «жылап көрісті».

Сөйтіп жүріп ол маған ор қазып, оған мені енді міне, енді әне итере салуды да ойлап жүріпті. Ал мен... оның өзімді бір-ақ күнде орынбасарлыққа тағайындағанына алмай-бермей риза болып жүрсем... Ол осылай күндердің күнінде сәті келгенде, орынбасарлық штаттың қысқартылғанын «естіртіп» менен де оп-оңай құтылмақшы екен...

Әбүйірім бар екен қайта. Ауданға өзіме төрт атадан қосылатын жақын туыстығы бар кісі әкім болып келіп қалып... Бұған әкімнің қандай қатысы бар дегелі отырсыз-ау! Ойбай, қатысы болғанда қандай! Әкімнің ағам екенін естіп Рекеңнің құрғақта қалған балықтай демі бітіп, көзі алақтап есеңгірегенін көргеніңізде ғой, бұлай демес едіңіз. Сол күннен бастап, арамыздағы өкпе-реніш біржола ұмытылды. Ол былай тұрсын, бастығым менің асты-үстіме түсіп өбектейтінді шығарды. Кейде кабинетіне баса-көктей кіріп, айқайлассам да, былқ етпей, бағжиып қана отыратын көнбіс адамға айналды да кетті...

Алданазар ағамен (әкімді айтам) түрлі жиындарда оқта-текте бетпе-бет ұшырасып, аз-кем аялдап амандық-есендік білісетініміздің өзін былайғы жұрт «Ойбай, алдына әрең деп кіретін дөкейдің өзімен кез-келген жерде тұра қалып, ауыздары ауыздарына жабысып сөйлеседі ғой бұл» деп сан-саққа жүгіртетін көрінеді... Әкім ағам мұны естісе, күлкіден ішегі түйілер ме еді... Дегенмен, ол кісімен жиі жолығып жүретінім өміріме күрт өзгеріс те енгізді. Ендігі жерде «әкімнің інісіне» ұрынып береке таппасын сезді ме, Рекең де әуелгі райынан қайтып, маған орынбасарлық аздық етер деді ме, жаухатшылықты және қоса жүктеп қойды... Бірақ, мен дипломым қолыма қалай тиді – солай жоғары жаққа әукемді соза бастағанмын. Ақыры, ондағылар мені өздеріне ойда жоқта шақыртып та алды. Мұны естіп редакторым қуанғаны, қызғанғаны белгісіз бір қызарды, бір бозарды...

... Кезекті іссапарымда өзім бір кезде топшымды бекітіп, қанатымды қатайтқан аудан аумағынан өтуіме тура келген... Жол бойы жыпырлаған егістіктер. Одан әрі көкжиекке дейін созылып жатқан қазақтың кең жазирасы. Міне, осы өңірде де менің талай табан ізім қалды-ау. Мезгіл кешеу күз еді. Жол бойындағы сарғайған атыраптан, бар өнімі жиналып әкетілген бақшалықтар басынан бірен-саран масақ терушілер қараң-құраң көзге шалынады... Сол тұста сойдиған жүгері, күнбағыстың қалың қауы арасынан әредікте бір қылт етіп көрініп, қалың оппа шаңға бір батып, бір шығып милықтап жүрген жеңіл «Уазик» көлігі де назарымды өзіне еріксіз аудара берді... Елсіз түзде, қаңырап бос қалған бақшалықтар орнында бұл қайдан жүр? Әйтеуір ол бұралаң, шаңдақ жолда тепеңдеп, біз мінген автобусбен қапталдасып біразға шапты. Өз дегенінен қайтпайтын шақар бала секілді. Тақтайдай тегіс жол болса, бір сәрі. Ақыры, шоқырақтап, көз ұшында бұлдырап қалып қойды...

Аудан орталығына келіп жетіп, осындағы шайханадан сусындап, дем басып сыртқа қайта шыққанымызда анадай жердегі дүкен алдына әлгінде өзіміз көрген мәшине келіп тоқтай қалды. Үсті-басы аппақ шаң. Әйнегінен артқы орындығы тұсына тау-төбе үйілген торала, көкала қауын-қарбыз мен мұндалап көзге ұрады. Е, әлгі масақшылар болды бұл! Сөйткенімше болған жоқ, алдыңғы есігінен үсті-басын қағынып мәшиненің иесі де түсті. Қасы-көзін аппақ шаң кіреукелепті. Әрең деп таныдым. Рекең ғой мынау! Е, мәшинені де енді таныдым. Редакцияның маңдайына басқан жалғыз көлігі. Баяғы газеттің мерейтойында бөлінген (оны Рекең жымқырып та кете жаздады-ау) қаржыға алынған... Аз айт, көп айт – бәрібір, Рекеңнің «игілігіне» ғана қызмет етіп жүр екенсің-ау, байғұс «Уазик»! Үсті-басы шаңнан көрінбегенмен, көзіме де ыстық мына мәшине бағы ашылмаған бір құсалы мұңлықтай осы тұрысында іштей өксіп, иығы селкілдеп егіле жылап тұрғандай көрініп кетті...


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет