«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет10/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
#330
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ФИЛАРМОНИЯСЫ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы – концерттік–сахналық мәдени мекеме. 1935 жылы құрылған. Оның негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі А. Жұбанов болды. Ф. құрамына сол кезде Қазақ ОАК атындағы ұлттық оркестр (1939 жылы Мемлекеттік хор капелласы болып қайта құрылған) деп аталатын домбыра оркестрі, ұлттық хор, би ансамблі және әншілер мен халық аспаптар оркестрінің үлкен тобы, Б. Лебедев құрған ішекті аспаптар квартеті мен Жетісу казак–орыстарының ән–би ансамблі кірді. 1938 жылы Ж. Жабаевтың есімі берілді. 1939 жылы Ф. жанынан М.М. Иванов–Соколовский және Л.М. Шаргородскийдің жетекшілігімен симфониялық оркестр құрылды. 1944 жылы қазақ ұлт–аспаптар оркестріне Құрманғазы есімі берілді. Қ. ф. отандық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын, қазақ композиторларының туындыларын, халық музыкалық фольклорын, кеңестік композиторлар шығармаларын кәсіби жоғары деңгейде насихаттап келеді. Филармония көктемгі музыкалық «Жігер» фестивалін, «Балалардың музыка апталығын», әңгіме–концерттердің абонементтік топтамасын, ұлттық және симфониялық музыкалық концерттерін өткізді. Белгілі өнер қайраткерлері – Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәрім Қойшыбаев, Мәмбет Мысырбаев филармонияны басқарып атсалысқан. 1970 – 80–жылдары Ж. Әубәкірова, А. Мұсақожаева, Г. Мырзабекова, Г. Молдакәрімова сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары сахнаға шықты. Қ. ф.–ның құрамында хор капелласы (жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткер Б. Демеуов), «Отырар сазы» фольклорлық–этнографиялық академиялық оркестр (жетекшісі ҚР еңбек сіңірген артисі К. Ахметов), республикалық камералық «Солистер академиясы» оркестрі (жетекшісі ҚР еңбек сіңгірген артисі А. Мұсақожаева), Мемлекеттік ішекті квартет, Қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті, Филармониялық трио, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр (жетекшісі ҚР халық артисі Т. Әбдірашев) және әншілер тобы кірген.


Ф–ның қабырғасында қазақстандық өнерпаздарымен қатар шетелдің орындаушылары, оркестрлері және түрлі хорлар мен ансамбльдер концерттер беруді дағдыға айналдырған. Ал, Ф. жеке орындаушылары республикадан тыс жерлерге, алыс–жақын шетелдерге гастрольдік сапарға жиі–жиі шығады. Сөйтіп, Ф–ның танымал бола бастаған орындаушылары көптеген Халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанған. Оның ішінде Италия, АҚШ, Ресей, Украина, Жапония және өзге де елдердегі салмақты да салиқалы байқаулары бар.

Ф. көптеген шығармашылық ұжымдардың ішіндегі бірден бір мекеме, ол Қазақстан композиторларының шығармаларын, дүниежүзі классикасын, қазақ музыкалық фольклорын және көп ұлтты Қазақстан композиторларының шығармаларын уақытылы тұрақты насихаттап келеді. Әртүрлі дәуірдегі әртүрлі композиторлардың мерейтойлары аталып өтіледі, сонымен бірге көрнекті композиторлармен, өнер қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Мысалы, осы сахна Растропович, Светланов, Рихтер және тағы басқа аса көрнекті қайраткерлерді ұмытпайды, олардың дүниежүзі классикалық өнерге қосқан үлесін бағалайды, ең бастысы республикамыздың орындаушы өнер жұлдыздарының концерті есте қаларлықтай болады. Республикамыздың классикалық өнерінің бесігі болған..
ҚАЗАҚ КІЛЕМІ, қазақы кілем – ұлттық үй жиһазы. Кілем–нің қазақтар тұрмысында көп тұтылатын түрлері тоқылу ерекшелігіне (түкті, тықыр, барақ), өндірілген орнына (Алматы кілемі), тоқылған материалына (жібек, масаты, қалы), рулық үлгілеріне (адай кілемі, қоңырат кілемі, керей кілемі, найман үлгі), ою–өрнегі мен түріне (кос, үш, бес гүлді кілем), қосалқы белгілеріне (шашақты кілем, шашақсыз, ақалы) қарай бөлінеді. Қазба жұмыстары арқылы белгілі болған байырғы сақ, ғұн, үйсін кілемдерінің токылуы, көркемделу тәсілдері мен негізгі пайдаланған ою–өрнектері Қ. к. үлгілерімен ұксас. Ою–өрнектердің көптеген түрлері (қошқар мүйіз, т.б.) негізгі бітімін сақтап әлі күнге дейін қолданып келеді. Қазақстанның оңт. облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілем тоқу, Семей обл–нда кілем кестелеу дамыған. Қ. к–нің түкті және тықыр түрлерінде негізгі үлкен гүлдері "күмбез", жиектеріндегі текшелі өрнектері "қорған" деп аталып, оны қуалай күлгін түсті "су" өрнегі жүргізіледі. Бүл зәулім күмбезді, тас қамалды қорғанның сыртын қуалай су жүргізілген қаланы тұспалдап бейнелеуден шыққан. Кейде ортаңғы гүл–күмбездердің орнына "түлкі ілген бүркіт", басқа да жан–жануарлар, табиғат көрінісі, т.б. бейнеленеді. Геом. өрнектер өте басым, ішінара көгеніс өрнектер қолданылады. Түксіз Қ. к–дерін тоқылуына қарай бірнеше түрге бөледі. Ең көп тараған түрі – арабы К–дер. Сондай–ақ, тақта кілем, шаршы кілем деген түрлері бар. Қазақ тұрмысында масаты кілем, жібек кілем, тықыр кілем, қалы кілем, қара кілем, терме кілем, түркімен кілем, парсы кілем, алаша кілем, шешенгүл кілем, жолақ кілем, шатыргүл кілем, мәскеугүл кілем, мақпал кілем, караман кілем, талас кілемі, ақтаңлақ кілем, т.б. түрлері көп тараған. Қазакстанда токылатын кілемдердің түрлері де, атаулары да өте көп, көне заман деректерінде де олар осы күнгі атаулармен аталған. Әрбір кілем өнер туындысы, Қ. к–н тоқу да тақырып аумағының кеңдігімен ерекшеленеді. Жас шеберлер өз кілемдерін "Бақыт кілемі", "Қыз қуу", "Неке қию", "Космос", "Жер серігі" деп атап жүр. Заман–дастар бейнесі, коғам қайраткерлері мен ақын–жазушылардың портреттері де тоқылады.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ – қолданбалы–безендіру өнерінің дәстүрлі ұлттық саласы. Тарихын тереңнен алған Қ. қ. дәстүр сабақтастығын үзбеген, рухани мәні мен құндылығын жоймаған. Қазақстан жерінде асыл тастан, сүйектен, жүннен, ағаштан, қыштан, құнды металдан, былғарыдан, саздан – қару–жарақ, құрал–сайман, үй жиһазы, т.б. тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, түрлі сәндік қолөнер туындыларын жасаумен катар, оларды өздерінің дүниетанымына, эстет. талғамына сай әшекейлеп, безендіру ерте заманнан бері дамыған. Қарағанды обл–нда Беғазы бейітінен табылған қыш сауыттар (б.з.б. X–VIII ғғ.), атақты Қарғалы алтын тәтісі (диадема) мен сырғалар (б.з.б. II ғ. мен б.з. II ғ.), т.б. көне дүниелер – шебер мүсінделген өнер туындылары. Айша–бибі, Ахмет Ясауи кесенелерінен, Бабажы қатын күмбезінен қазақ халқының атадан балаға мұра боп келе жатқан ою–өрнек түрлері кездеседі,салынған үй жиһазын, ыдыс–аяқ әзірлеуде асқан шеберлік көрсетіп, ол көгеріс геом.шеберлер өрнек түрлерін пайдаланған. Әшекейлер салу, кесте тігу, қалың мата (барқыт, шұға) жапсыру арқылы да жасалды. Алматы обл–ның Есік обасынан табылған (б.з.б. VI –V ғ.) сақ жауынгерінін киімі ("Алтын адам") алтын қаптырмалармен және хайуандардың құйма бейнесімен безендірілді. Сауда–саттықтың дамуына, қалалардың өркендеуіне байланысты қолөнердің кейбір дәстүрлі түрлері (теріні, сүйекті, ағашты, кейбір металдың түрлерін көркем өңдеу) қолданудан шығып қалды. Алайда матадан, киізден жасалған тұс кілемдер, басқұрлар, түскиіздер, т.б. киіз үйдің сәндік жасаулары бұрынғыша дами берді. XX ғ–дың басында Қ. қ–не деген сұраныстың артуы (көркемдік кәсіпкерліктің құрылуы, Қазақстан қөлөнерінің респ. мұражайының ашылуы, қолданбалы өнер бұйымдарын жинау мен насихаттаудың жақсаруы) оның дамуына зор ықпал етті. Қ– қ–нің бұл түрінен талантты ісмерлер Л.Қожықова, З.Ахметжанова, Г.Зәуірбекова, Қ.Ыстыбаева, Н.Тайманова, М.Есілбаева, т.б. жасаған бұйымдар ерекше көзге түседі. 1970 жылдары Қ. қ. саласының кәсіби деңгейі артты. 1973 ж. Алматы көркемсурет уч–щесінен қолөнер бөлімі ашылды. 1978 ж. Алматы театр–көркемсурет ин–тынан (қазіргі өнер академиясы) сән және қолданбалы өнер кафедрасы кұрылды. Сондай–ақ "Өнер" комб–ның жанынан сән және қол–өнер бұйымдарын шығаратын цехтар,. кәсіптік қолданбалы өнер бұйымдарын шығаратын цехтар, ұйымдастырылды. Кәсіптік қолданбалы өнер са–ласында ұлттық дәстүр мен соңғы тех., стильдік жаңалықтар бірдей тоғысатын гобелен жетекші рөл атқарды. Қазақстандағы гобеленнің калыптасуына Қ. Тыныбеков үлкен ықпал етті. Оның сюжетті гобе–лендері ("Шопан" 1969; "Дала әуендері", 1970; "Отбасы", 1972;) айқын бейнеленген ірі суреттерімен, әр түрлі бояулардың өзара берік үйлесуімен және ішкі қуатымен ерекшеленеді.

70–жылдардағы көптеген зергерлік бұйымдар бұрынғы халық қолөнерінің тікелей көшірмесі іспеттес болды. 80–жылдары зергерлік өнерге келіп қосылған шеберлердің жас буыны Қ. қ–н еркін игеріп, ілгері жалғастырды. Республикада И.К. Брякин, Ғ.Жалмұқанов, Л.В. Шкляев, Т.Л. Савченко, Г.П. Иванов, К.Бекайдаров, Т.Қаратаев, Д.Сейдуалиев, т.б. қолөнершілер дәстүр–лі және жаңа тех. тәсілдерді пайдалана отырып, әшекейлік заттар, тұрмыстық бұйымдар жасады. Ағаш пен теріні көркем өңдеумен Н.Нәлібаев, Ж.Үмбетов, Д.Шоқпарұлы, Қ.Малаев, Т.Нұрғожаев, т.б. шұғылданып, жемісті еңбек етті. Үмбетов пен Шоқпарұлы жасаған муз. аспаптар ерекше құнды болды. Соңғы онжылдық ішінде Қ. к– шеберлерінің "Үкілі – домбыра", "Дизайн – кеше, бүгін, ертең", "Зергер–99", декоративті–қолданбалы өнер мен дизайн көрмелері ұйымдастырылды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ҚАЗАҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ – қуыршақтар арқылы сахналық ойын көрсететін ұлттық өнер мекемесі. Қазақ жеріндегі қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Ертеден келе жатқан "Ортеке" ойыны осының айқын дәлелі. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсіншесін сылдырмақтап жіп тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Өлкелік қуыршак театры Алматы қ–нда 1935 ж. 10 қазанда Қазақстаннын ХАК–нын бұйрығы бойынша, балалар арасындағы мәдени жұмысты жақсарту максатымен құрылған. 1938 ж. театрға респ. қуыршақ те–атры дәрежесі берілді. Театрдың қалыптасуына Қ.Бадыров, С.Телғараев, В.О. Гасюк, Ю.Г. Рутковский, П.И. Поторока, т.б. көрнекті театр қайраткерлері еңбек сіңірді. Қазақ және орыс группалары қатар жұмыс істеді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕРТАНУ ҒЫЛЫМИ–ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ – ғылыми зерттеу мекемесі. 1998 ж. 24 наурызда құрылды. 1934 – 36 жж. жұмыс істеген "Қазақ ұлттық мәдениеті ғылыми–зерттеу институтының" заңды мұрагері. Ин–т қызметінің негізгі бағыттары – мәдениет және өнер мекемелерінің мемл. жүйесін жетілдіру жөнінде зерттеулер жүргізіп, түсіндірмелер жасау, Қазақстанның әлеум. мәдени дамуын басқаруды ғыл. тұрғыдан қамтамасыз ету, мәдениет пен өнер саласына байланысты ақпарат дайындау және жариялау. Оның құрамында: өнертану, мәдениет теориясы мен тарихы, талдау және әлеум. мәдени зерттеулер, редакциялық–баспа бөлімдері бар. Ин–т "Қазақстан республикасы мәдениетінің даму тұжырымдамасы" жобасын, сондай–ақ, "Ауыл мәдениетін сақтау, жаңғырту және дамыту түжырымдамалары" жобасын әзірледі, обл. мәдениет орталықтары директорларының қатысуымен "Ауыл мәдениетін дамыту жоне ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануының қазіргі жай–күйі", "Халық шығармашылығы – ауыл мәдениетінің рухани қайнар көзі" атты тақырыптарда семинарлар өткізді, қазақ халқының тарихи, мәдениет ескерткіштерін зерттеу және оларға қатысты материалдар жинау жөнінде экспедициялар ұйымдастырды. Ғыл.–зерт. жұмыстарының нәтижелері "Мәдениет және өнертану ғылыми–зерттеу инс–титутының хабаршысы, Вестник КазНИИКИ" ғыл.–көпшілік, мәдени–талдамалық, ақпараттық журналдарына жарияланып отырған.
ҚАЗАҚ МУЗЫКА АСПАПТАРЫ – халық арасына көп тараған ұлттық музыкалық аспаптар. Олар ғасырлар бойы ұрпақтан–үрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Қ. м. а–ның өзіне тән үні (әуенділігі мен саздылығы), орындаушылық дәстүрі бар. Мұның аттарын халқымыздың жыр–аңыздары мен дастандарынан, XV–XIX ғ–дағы орыс және шет ел саяхатшылары мен ғалымдарының еңбектерінен кездестіруге болады. Ертеде аспаптарды ағаштан ойып, түрлі өсімдіктерден, малдың терісі мен сүйегінен, мүйізі мен қылынан жасаған. Музыка аспаптарын халыққа хабар бергенде, аңды үркіткенде, ән–күйлер орындағанда, бақсылар сарнағанда пайдаланып отырды. Қ. м. а. үрмелі (саз, қос, қамыс және мүйіз сырнайлар, сыбызғы, ұран, керней), ішекті (жетіген, шертер, 2 және 3 ішекті домбыралар, қобыз), шалып ойнайтын (шаңқобыз), ұрмалы (даңғара, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері) болып бірнеше топқа бөлінеді. Қ. м. а–ның үнін жақсарту мақсатымен Алматы қ–нда Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) жанынан шеберханалар ашылды. Қазақ–тың халық аспаптар оркестріне домбыра мен қобыздың алғашқы үлгілерін (жаңадан жасатып) ұсынған проф. А.Жұбанов болды. Шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, Э.И. Романенко, О.Бейсенбаев, А.Ауқадиев, т.б. муз. аспаптардың алғашқы үлгілерін жасады. Қ. м. а–ның көптеген түрлері Мәскеу, Санкт–Петербург, Алматы, Семей, т.б. қа–лалардың мұражайында сақтаулы.
ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ – музыкалық өнердің ұлттық саласы. Қазақ халқының ұлт болып құрылу кезеңінде өзіне тән муз. дәстүрі дүниеге келді; соның нәтижесінде бай музыка мәдениеті қалыптасты. Ән мен күйлерде халық өнерінің әр кезеңдегі тіршілік–тынысы өзінің көркем көрінісін тапты. Музыка рухани өмірден, қоғамдық қатынастардан, күнделікті тұрмыстан үлкен орын алды. Қ. м. музыка фольклоры және музыка тарихы салаларына жік–теледі. Алғашқы салаға суырып–салмалық негізде туған эпик. жанрлар – жыр, толғау, терме, желдірме және лирик. әндер мен айтыс өнері, екіншісіне көне түркі дәуірінен бергі кезеңдегі музыка үлгілері мен тарихи–мәдени мәліметтер енеді. Дәстүр тұрғысынан келгенде қазақ даласының түрлі аймақтарында олардың бәрі бірдей сақтала бермеген. Сыр бойы, Атырау алқабында – эпос, Жетісуда – терме, Орт. Қазақстанда кең тынысты лирик. әндер басым дамыған. Қ. м–ның үлкен бір арнасы – қобыз, сыбызғы, домбыра күйлері (қ. Қазақ музыка аспаптары). Қ. м–ның өзіндік ерекшелігі – синкреттілігі. Поэзия мен муз. мақамның бірлігіне негізделген ән–жырлардың келе–келе дараланып, екі түрлі өнер арнасына жіктелгені мәлім. Бірі – ән өнері, екіншісі – күйшілік. Осы негізде XIX ғ–да қазақ даласында екі түрлі халықтық кәсіби–муз. дәстүр қалыптасқан. Бірі – Ықылас, Сарымалай, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сейтек, Сүгір, Тәттімбет, т.б. өнерпаздар бастаған күйшілер тобы болса, екіншісі – Біржан, Ақан, Мұхит, Мәди, Жаяу Мұса, Естай, Үкілі Ыбырай, Абай, Нартай, Майра, т.б. сал–серілерден арқау алатын әншілік өнер. XIXXX ғ–да айрықша дамыған домбыра күйлері өз кезегінде екі түрлі нақыштық ерекшелігімен дараланды (қ. Күй). Бірі – кең ауқымды төкпе, екіншісі – шертпе күй үлгілері. Әрине, қазақ халқының муз. мәдениетін сөз еткенде домбыра күйлерін бұл екі дәстүрмен ғана шектеуге болмайды. Ел арасынан шыққан кәсіби күйшілердің өз үні, өз мәнері, орындау ерекшеліктері бар. XIX ғ–дың аяқ шенінен бастап Қ. м. шет ел және орыс саяхатшыларының назарына ілікті. А.В. Затаевич қазақтың муз. фольклорын жинап, оларды нотаға түсіріп, жүйелеуде үлкен қызмет атқарды. Алайда, Қазақстанда кәсіби музыка өнерінің туып, қалыптасуы, 30–жылдардан басталады. Осы кезеңде А.Жұбанов, Қазақстанға шақырылған Е.Г. Брусиловский, Б.Г. Ерзакович, т.б. музыка мамандары кәсіби музыка өнерінің негізін қалады. Жұбанов халық аспаптары оркестрін ұйымдастырып, халық композиторларының өмірі мен шығар–мғын зерттеді. Брусиловский "Қыз Жібек", "Жалбыр" секілді алғашқы қазақ операларын жазды. И.Н. Надировтың "Терең көл" (1939), А.А. Зильбердің "Бекет" (1940), В.В. Великановтың "Тұтқын қыз" (1939), Брусиловскийдің "Ер Тарғын" (1937) опералары Қ. м–ның кезекті жетістіктері болды. 2–дүниежүз. соғыс жылдары қазақ комп–лары "Гвардия алға" (Брусиловский, М.Төлебаев), "Абай" (Жұбанов, Л.Хамиди), "Біржан – Сара" (М.Төлебаев) секілді күрделі туындылар берді. Опера жанрымен қатар композиторлар "Сарыарқа" (Брусиловский), "Абай"(Жұбанов),"Қазаксимфониясы"(Великанов),"Ризвангүл"(Қ.Қожамияров), "Жайлауда" (Қ.Мусин) атты симф. шығармалар (поэма), "Коммунизм оттары", "Кеңестік Қазақстан" атты кантаталар жазды. Брусиловский мен Ғ.Жұбанова оркестр мен жеке муз. аспапқа арналған концерт жанрында да елеулі еңбек етті. Қ. м–н шетелдіктерге алғаш таныстыру–шылардың бірі Ә.Қашаубаев болды. Ол 1925 ж. Парижде, 1927 ж. Майндағы Франкфуртте (Германия) өн шырқады. 60 – 70 жылдары Қазақстан композиторлары С.Мұхамеджанов "Айсұлу" (1964), Е.Рахмадиев "Алпамыс" (1972), Жұбанова "Еңлік– Кебек" (1975), Қожамияров "Садыр Палуан" (1977) атты опералық шығармалар жазды, М.Сағатов балет жанрында еңбек етті. Брусиловский бесінші, алтыншы, Қожамияров біріші, екінші, Жұбанова "Жігер" атты симфонияларын жазды. Рахмадиев "Дайрабай", "Құдаша думан" симф. күйлерін ұсынды. Қ. м. үшін бұл күй жанрының өзіндік жаңалығы болатын. 60 – 70–жылдарда ән жанрында жемісті еңбек еткен Б.Байкадамовтың, Ә.Еспаевтың, М. Маңғытаевтың, Ш. Қалдаяқовтың, Ә. Бейсеуовтің, Т.Базарбаевтың, Е.Хасанғалиевтің шығармалары халық ілтипатына бөленді. Кейінгі жылдары опера, симфония, балет саласында – С.Мұхамеджанов ("Ақан сері – Ақтоқты"), Б.Жұбаниязов ("Махамбет"), Жұбанова, Рахмадиев, С.Кибирова ("Үш торай"), А.Серкебаев ("Мой брат Маугли"), С.Еркінбеков ("Мәңгі алау"), аспаптық–камералық және вокалдық музыкада – Ж.Дәстенов, Маңғытаев, Сағатов, Ж.Тұрсынбаев, Т.Мұхамеджанов, т.б. композиторлар жемісті еңбек етті.

Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.


ҚазаҚ Өркениеті – ежелгі көшпелі өркениеттерден бастау алатын (сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, ортағасырлық түркілік дала империялары, Алтын Орда, Ақ Орда, т.т.), кейін қазақ хандығы уақытында қалыптасқан, түркі–соғды, түркі–араб синтездері нәтижесінде исламдық суперөркениеттің құрамына енетін этномәдени бірлестік. Қ. ө. үш үлкен өркениеттердің (православиялық, исламдық, конфуцийлік) тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл ұғымның қалыптасуына “Дала өркениеті” деген түсініктің маңызы зор болды. Аталған ұғыммен қатар Қ. ө. кеңістігі “Орта Азия”, “Орталық Азия”, “Тұран”,, “Түркістан” сияқты терминдермен де бірегейлендіріледі. Қ. ө–нің төмендегідей белгілерін атап өткен жөн: а/ көшпелі өркениеттің мәдени негізіне ру–тайпалық одақ жатады; ә/ түркі тілінде сөйлеген тайпалар “түрік” этнонимі пайда болғаннан талай ғасырлар бұрын қалыптасқан, бұл қағида Орталық Азияны автохтонды түркі тайпалары мекендігінің бір дәлелі болып табылады; б / мұсылман дінін түркі тайпалары біртіндеп өз еркімен қабылдаған және бұл үдеріс Шыңғыс хан империясы тұсында баяулағанымен, түбінде табысты аяқталған; в/ ортағасырлардың соңынан бастап түркі тайпалары моңғолдық этникалық элементтерді өзіне сіңіре бастады; г/ XV ғасырда түркілік Орталық Азияда қазақ деп бұрынғы мемлекетінен бөлінген адамдарды айтты.

Қазақтың және оның ата–тектерінің әлемдік өркениеттілік дүниесіне қосқан басты құндылықтарына жататындары:



  1. Еуразиялық көшпелілер кеңістікті игеруде адамзат тарихындағы бірінші жетістікке жетті (К. Ясперс атап өткен жылқыны пайдалану).

  2. Номадтар адамдар мекендейтін қоршаған ортаны кеңейтті, шөл мен шөлейіттерді үйлесімді игере алды.

  3. Еуразиялық көшпелілер тарих катализаторлары (А.Вебер) қызметін атқарды, олардағы миграциялық үдерістер жаңа өркениеттердің қалыптасуының себебі болды (Үнді, Иран; Ғұн мемлекеті, Араб халифаты, т.т.).

  4. Ұлы жібек жолы және басқа да мәдени коммуникациялық жүйелер арқылы ілкі түркілер мен түркілер Батыс пен Шығыстың арасында дәнекерлік қызмет атқарды, олардың сұхбатына себепкер болды.

  5. Қазақтың арғы тектері әлемдік өркениеттіліктің шалбар, алдаспан, киіз үй, күйме, металл өңдеу, зергерлік, ұсталық сияқты артефактыларын алғашқылардың бірі болып енгізді.

  6. Түркілердің әмбебапты дүниетанымдық жүйесі – тәңіршілдік адамдық ынтымақтастық пен келісімділіктің маңызды формасы болды.

  7. “Адам бол!” ұстанымы, әлемді Жарық дүние деп түсіну, адамның көңіл–күйіне мән беру, ғарыш және басқа адамдармен үйлесімділікте болу, жасы келгендер мен баланы қастерлеу сияқты қазақ дәстүрлі әдебінің құндылықтары қазіргі руханиятта ерекше орын алады.

Зерттеушілер қазақ өркениеті тарихын хронологиялық және рухани–ділдік негіздерде қарастыра отырып, төмендегідей хронотоптарды атап өтеді: 1) сақ кезеңі; 2) кейін қазақ құрамына енген тайпалардың мемлекеттік бірлестіктері (үйсін, қаңлы, ғұн); 3) ежелгі түркілік кезең; 4) қарақандар мемлекеттілігі; 5) қимақ–қыпшақ кезеңі; 6) моңғол кезеңі; 7) моңғол империясы ыдырау кезеңі; 8) қазақ хандығы қалыптасуы кезеңі; 9) жоңғар басқыншылығымен күресу кезеңі; 10) Ресейдің отарлау кезеңі,11)кеңестік кезең, 12) ұлттық интеллигенция мен мемлекеттің қалыптасу кезеңі. Ал Қ. ө.–нің рухани мәдени типтеріне жататындары: мифология, Ренессанс, Жер ұйық, Зар заман, ағартушылық, ұлттық ояну, тоталитаризм мен маргиналдану, төлтума мәдениетті жаңғырту.

Тәуелсіздікке қолы жеткен Қ. ө. алдында ұлттық архетиптерді сақтай отырып, оларды қазіргі әлемдік өркениет құндылықтарымен үйлесімді ету міндеті тұр. Қазақстан үшін бүгінгі ғаламдану дәуіріне аяқ басар тұста глобализация желеуімен кіріп жатқан, мәдени төмендеуге ұшырататын көптеген діндік, ділдік ықпалдар шырмауында қалып қою қауіпі бар. Бүгінгі таңда қазақ мәдениеті өркениет аясындағы ұлт дәстүріне негізделген жолмен немесе бұқаралық мәдениет үрдісімен жүру жолын таңдауы қажет. Қазіргі қазақстандық мәдениетте екі субмәдениет (қазақтілді және орыстілді) бар екендігі белгілі. Бұл типтіік айырмашылықты дұрыс қолдану Қ.ө–нің мүмкіндіктерін арттырады. Өйткені орыстілді субмәдениет Батыс пен Ресей жетістіктерін тиімді қабылдауға икемді болса, төлтума мәдени тип құндылықтар сабақтастығының кепілі болып табылады. XXІ ғасырда болашағынан үміт күттіретін өркениет пен оның теориясы партикулярлық ұстанымдарға сүйенбеуі қажет. Тек ашық, сұхбатқа икемді, басқалармен үйлесімді этноөркениет қана заман талаптарына сай бола алады. XІX ғасырда Батыс үстемдік етсе, XX ғасыр капитализм мен социализмнің текетіресі түрінде болды, ал XXІ ғасырда ахуал өзгерейін деп тұр. Әлем сахнасына С.Хантингтон жіктеген басқа да суперөркениеттер шығуы мүмкін.. Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабында мәдени дамудың модельдері (үлгілері) де қарастырылады. Президент ұлттық–өркениеттік жүйелердің сұхбаты жағдайында қазақ мәдениетінің бірегейлік жетекші қызметі арқылы мәдениеттердің синтезі идеясын ұсынады.



Тоталитарлық мәдениеттен кейінгі Қ.ө–де ұлттық ренессанс идеясы басқа да ТМД елдеріндегідей өзінің күрделілігімен көзге түседі. Көптеген архаистік мәдени бағдарлар (магия, хиромантия, гороскоптар, жалған діндарлық) көрініс тапты, қоғамда жаңа идеялардың аздығынан Ресейден, АҚШ–тан, Еуропадан, Қытайдан, мұсылман елдерінен алынған “дайын үлгілер” көбейіп кетті.. Мәдениеттегі кейбір қайраткерлер бүкіл мәдениетке музейдегі экспонат сияқты қарады, мәдени тұлғаларға инвентаризациялар жасау олардың басты қызметіне айналды. Мерейтойлар, ежелгі оқиғалар, батырлар, хандар, т.т. – басты мәдени тақырыптарға айнала бастады. Тек өнеркәсіп өнімдері ғана емес, сонымен бірге мәдени идеялар да “импорттан” алынды., Қазақ мәдениетінің қазіргі күрделі болмысы мен оны ары қарай дамыту жобалырына қатысты терең ойлар Елбасының және басқа да саяси қайраткерлердің еңбектерінде айтылған. Олар тек саяси мүдделіктен туындамаған, халық тағдырына қатысты шынайы толғаныстан түйінделген. Өркениеттік үдерістердің тенденциялары мен мәнісін ашу қашан да ауқымды мәселе болып табылады. Бұл сипатта өзгермелі қоғамдағы жаңашыл мәдени феномендер өз талдауын күтіп отыр. Айталық, ғаламдану үрдісіндегі индивидуалистік бастаулар; дәстүр, жаңашылдық және маргиналдық; мәдени инфрақұрылымдардың үйлесімдігі мен тиімділігі, нарық және мәдениет, виртуалды шындықтағы мәдени өзгерістер, мәтін және оны түсіндіру, симулакрум мәселесі, т.т. XX ғасыр мен XXІ ғасыр арасында БҰҰ адамзат үшін жаңа өркениеттілік құндылықтарын ұсынды. Олардың арасында елдерді адамдық даму индексі бойынша салыстыру, орнықты даму ілімі, мәдени диалог пен төзімділік, бейбітшілік мәдениетінің маңызды рөл атқаратыны белгілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет