«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты


Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008



бет2/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
Адамның өлімі мен өлместігі.– Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл Дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол біз ырқымыздан тыс,– табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжірибесі бірде–бір өлген Адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ. Әсіресе, жақын Адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан–дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы–қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз. Сонымен қатар, біз ақыл–ой таразысына “мәңгілік өмір сүру” мәселесін салсақ, онда оны Адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер Адам. шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән–мағынасы болмай қалады. Шексіз өмір бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді. Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән–мағнасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле–білген Адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” (я болмаса, егер адам сенімде болса – Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде жасалған ұлы нәрсені істеген Адамдар, әрине, өз өмірінің шектеулі екенін біліп, сондықтан, асығып, “соны үлгірсем екен” – деген ой–үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой. Антик дәуіріндегі стоиктер “Өлімді есіңнен шығарма!” – деген болатын. Оның терең мәні – өз өміріңде әр іс–қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы іс сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау – Адам. өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп–тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кіші–гірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі. Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың “даналығы” осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.

Әр Адам. өлімді Адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, Адамның сақал–мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді… Егер Адамның жүрек қысылымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ, ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай А–ға “тірі өлік” деген ат береді .Уақытында ұлы Платон «философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді» деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын “гүлге қонған көбелек” сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ, көп жағдайда “Ұлы мәртебелі Табиғат” оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай Адамға өлер алдында “Әттең–ай!” деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді. Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, «жан–дүнием мәңгі өмір сүреді» деген үмітпен өмірмен қоштасады. Үшіншілер «бұл күйбең өмірде ішіп–жеу, ойын–сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ» деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын–оқтын мешітке барып, «кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар» деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады, садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді. Философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей–теңіздегі бір ғана тамшысы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай Адамды өлім үрейлендіре алмайды.

Бесінші Адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш–қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз Адам.. Ондай Адам. көп жұрттың есінде мәңгілік қалады. Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде “аутоназия” (auto – өзім, nazіa – өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып “эвтаназия”,– дейді. Әңгіме Адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның “суицидтен” – өзін–өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік–сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс Адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік. Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай Адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты. Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде бір Адам. өмір соңында “қайғылы үштікті” (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған Адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – Адам. рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан–дүниесін тазартып, Адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды. Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде Адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де Адам. өмірін қиюға (соның ішінде – Адамның өзін–өзі де) құқы жоқ.

Енді миллиондаған қарапайым Адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі – өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа Адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Кун фу цзы айтқандай, жақсы Адам. халықтың сый–сияпатына ие болса, жаман Адам. ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.

Десек те, әрине, қазіргі Адам. мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта А. өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол – жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрессек – ол жақсы. Ал А–ның өмірін тектік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, А. Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау – қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).

Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде–бір жер бетінде өзі тудырған қауып–қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке А–ның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол «күнбе–күн соғыс–қақтығыстарда бір–бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса?» деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.



Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый – өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.
Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
АДАМГЕРШІЛІК – адамдық сипатты анықтайтын, адамның рухани кемелденуінде шешуші рөл атқаратын этикалық ұғым. Адам. – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы. А–тің шығуы мен дамуы адамзат қоғамының пайда болуы және дамуымен тығыз байланысты. А. нормалары қоғамның ең алғаш пайда болған кезеңінен бастап адамдардың өзара қарым–қатынастарын белгілеп отырған. А. “кісілік”, “ізгілік”, “имандылық” сияқты ұғымдармен мәндес. А. адамның адамшылық сапасы шеңберінде өмір сүру қабілетінің біріне жатады. Халықтық дүниетанымда мінез–құлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Қабуснамада: “Адамның адамгершілік қасиеті хайуандықтан аулақ болуында” (Қайқаус) – деп көрсетіледі. Мінез–құлық пен іс–әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей А. белгілерін атап өтуге болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар–ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, қайырымдылық, кісілік, адалдық, кешірімділік, кең пейілділік, сыйластық, әділдік, қанағатшылдық және т.б. А.ға жүгінген – адамның теңдігін құрметтейді, мейірімділігін мақұлдайды, кешірімпаздығын қолдайды, құмарын кешіреді, адамның тұлғалық ерекшелігін сыйлайды Құран Кәрім – А. ережелерін тек идеялық тұрғыдан мойындаумен ғана шектелмейді, керісінше, оларды әдеп ережелері ретінде күнделікті тіршілікте қолдануды талап етеді. Өйткені мораль қағидаларын іске асырудағы негізгі тәсіл – талап. А. талап – ішкі әлемнің рухани мазмұнын сыртқы қатынаста іске асыру. Құран бойынша, адам А. қасиеттерінің арқасында қоғамда жақсы көрінеді, Алланың сүйген құлына айналады. Хадисте: “А. – тақуалық” деп көрсетіледі. Орта ғасырдағы мұсылман философиясының өкілі, Әл–Ғазали исламдық А. концепциясының негізгі мазмұны – жақсылық пен жамандықты ажырата білу деп тапты. Оның А. ілімі “көркем мінез” немесе “кемел адам” бағдарламасы арқылы көрініс тапты. А. – мейірімді жүректі адамның тіршілік жолы болып танылды. Ғазали түсінігінде адам ғұмырының мақсаты – А. кемелдігіне жету. Ол А. категориясының құрылымына: жақсылық, туралық, адамның өзін–өзі бақылауы, достық, адалдық, сабырлық, жомарттық, ерлік, ұят, әділдік, кешірімшілдік сиқты сапалық қасиеттерді жатқызды. А. ұстанымдары – әлеуметтік–мәдени дамудың жемісі. А. қасиеттердің қалыптасуына ерекше ықпал жасайтын факторлар: туыстық қатынастарды реттеу, қандастарын өлтіруге тыйым салу, әлсіздерге қамқорлық жасау, еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі және адамдар арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуы.

Қазақ дүниетанымы А.–ті “адамдықтан үлкен ат жоқ”, “адам болып туған соң, адам болып өлу лазым”, “адам бір–біріне қонақ” –деген ұстанымның шеңберінде мойындайды. А. ұғымын қазақ би–шешендері аса маңызды феномен ретінде қарастырған. “Қайырымды туыс бар болса, бар–жоғыңа қарасар” (Ақтайлақ шешен). Шәкәрім адам өмірінің мәнін, оның руханиятымен өлшей отырып, адамның болмысының негізгі мәні тіршіліктің мазмұнды болуында, ал мазмұнды болуды адамгершілік қасиетпен байланыстырады. А. – адамның қоғамдағы харекет факторы, адамның толықтай мәні, руханиятының өлшем бірлігі ретінде анықталады.

А. құндылықтарының қалыптасуы үшін жүйелік (қоғамдық, мемлекеттік) және тұлғалық субъектілердің ара салмағын дұрыс айқындаудың маңызы зор. БҰҰ қабылдаған “Адам құқықтарының жалпы декларациясының” басты баптарын адамдық қарым–қатынас нормаларына айналдыру А. құндылықтарын қастерлеу шарттарының біріне жатады. Оның басты әдептік баптары төмендегідей: барлық адамдар тең құқылы, ерікті және қадірлі; азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, шыққан тегіне, дініне, сеніміне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарамай заң алдында бірдей; өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.

А. қағидаттарының сақталуы өтпелі қоғам жағдайында ерекше маңызды мәнге ие болады. Бұл кезеңде ескі ұстанымдар мен мінез нормалары мәнін жойып, жаңасы әлі қалыптасып, орнығып үлгермеген кезде халықтың әлеуметтік мінезінде әртүрлі ауытқулар орын алып, девиантты құбылыстар пайда болуы мүмкін. Ол адамзат тарихында дәлелденген нәрсе. Өркениеттілікке апаратын жол халықты Аке, имандылық пен ізгілікке, салауатты өмір салтына баулу. Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе – өз бойындағы адамшылықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік–жігерді, қайратты қажет етеді. Адам баласы ежелден–ақ бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсап–армандап, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады? Қай жерде, қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді? Міне мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған.

Халқымыздың ұлттық дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу, оның кісілігін үйрену әрбір жастың парызы болып табылады. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, үлкен адамға орын беру, оны төрге шығарып құрметтеу, оған сәлем беру, көңіліне қарау – адамгершілік борыш ретінде қалыптасқан дәстүрлер. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен сүйіспеншілдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын–жырауларымыздың жыраулық поэзиясынан орын алған, осының өзі – болашақ ұрпақтарыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинақтауға зор көмек беретін бала тәрбиесінің бастау бұлағы.

Жалпы кісілік құндылық болып табылатын: салауаттылық, инабаттылық, ізеттілік, ар–ұятты болу, қайырымдылық, перзенттік парыз, ата–анаға, отанға қызмет ету, ұлтын, халқын отанын сүю, қорғау, әдептілік, имандылық, ар–намыстылық, өнерпаздық, ата–текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім–тәрбиеде кісілік өлшемдердің көрсеткіші деп санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда жыраулық позэиядан аларымыз өте көп.



Тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық–әлеуметтік, тарихи сипатын таныта алатын дидактикалық–философиялық сарындағы толғаулармен қатар сөз зергерлері адамгершілік, этика, мораль тақырыптарын да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты келістіре жырлап, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғаны байқалады.
АДАМНЫҢ жан–жақты дамуы – Даналыққа қол жеткізу арқылы адамның жетілген бітімі қалыптасуы. А. ж. ж. д.–ын Сократ оның игілікті тегіс қамти алуы хақындағы өзінің идеясымен байланыстырады. Эпикуршылар А.ж. ж. д.–ын оның қайырымдылық мінезінің жетілуімен өлшейді. деп есептейді. А. ж. ж. д.–ы туралы Эпикур іліміндегі негізгі идея, ол – адамның өзін–өзі тәрбиелеуі мен үйренуі арқылы даналық шегіне жетіп, қайырымдылық шыңына көтерілу мұраты. А. ж. ж. д. мәселесінде Демокрит пен Эпикур білім арқылы қорқынышты жеңу жолын ұсынса, стоиктер тағдырға қарсы адамның дербестігін жетілдіру жолын ұсынады. Стоицизм бұл орайда адамды тағдыр қиындықтарына қарсы тұра алатын қабілетін тәрбиелеу мәселесін көтереді. Ежелгі грек философиясындағы А–ның ж.–ж. д. концепциясындағы басты ұстаным: адам құндылығын түсіну, оның шығармашылық әлеуетін мен кемелдене алу қабілетін мойындап, адамның онтологиялық болмысын анықтау. Әл–Фараби А. дамуындағы басты мақсаты интеллектуальды–рухани жетілу арқылы бақытқа жету деп көрсетеді. “Бақытқа жету жолын көрсету” деген трактатында: “Бақыт – ол әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол қандайда бір жетілу болып табылады”. Әл–Фарабидің пікірінше, адамның жан–жақты жетіліп, бақытқа жетуі үшін жағымды іс–әрекет, ізгі мінез, дұрыс ақыл қажет. А. ж.–ж. д–ын ол адам әдебінің жетілуімен сәйкестендіреді. А–ның ж–ж д., әл–Фараби бойынша, практикалық ақылдың міндетіне жатады. Практикалық ақыл адамның кәміл дамуы үшін мүмкіндік жасайды. Әл–Фарабидің А–ның ж.–ж. д. ілімінен шығатын түйіндер: адам барлық заттың өлшемі, ол – басты құндылық, адам ақылы табиғат құбылыстарын танудағы басты құрал, адамзат қоғамының прогресіне кәміл сенім, адам дамып кемелденуі арқылы көркемділік, сұлулық, үйлесімділік ұғымдарының кеңеюі. Әл–Фараби үшін жан–жақты жетіліп, кемелденген адам – өз күш–қуатын адамдардың игілігіне жұмсайтын тұлға. Ондай адам ақыл мен әдептілікті, ізеттілікті үйлесімді тоғыстырады.
АБЫРОЙ – жеке адамның рухани сапасын, құндылықтық тұғырын анықтайтын, оның әлеуметтік ортаға және қоғамның жеке адамға моральдық қатынасын бейнелейтін этикалық категория. А. жеке тұлғаның өзінің өзіне деген талғампаздығы мен талапкерлігі негізделетін, өзіндік сананың бақылау формасы. А. ар–ұжданнан бастау алып, адамның қоғам алдындағы өз борышы мен жауапкершілігін саналы түрде түсінуінің бір тәсілі. Жеке адамды құрмет тұтып қадірлеу, сыйлау, оның құқығын, ерік–бостандығын мойындау және т.б. талаптардан тұратын жеке тұлғаның А–ы оған деген қоршаған әлеуметтік орта мен жалпы қоғамдық–әлеуметтік қатынас арқылы көрініс табады және сол арқылы реттеліп отырады, яғни қоғамның адамға және адамның қоғамға деген қатынасын білдіреді. А. адамның қоғамдық бітім–болмысын, бейнесін, беделін танытады. Бұл жағдайда А. жеке тұлғаның әлеуметтік және моральдық бостандығының маңызды жағы болып табылады. А. адамға ғана тән сапалық қасиет. А. адамның бойына туа бітетін немесе біреуден сыйға алатын нәрсе емес. Сондықтан, А. жүре қалыптасатын, моральдық процесс және ол, адамның саналы ғұмырынан бастап өмірінің соңына дейін созылатын. шексіз үдеріс.
АДАЛДЫҚ – адамның ішкі рухани болмысының мазмұндық құрылымын анықтайтын этикалық ұғым, адамгершіліктің маңызды талаптарының бірін белгілейтін моральдық категория. А. – адал – араб тілінің “рұқсат етілген”, “таза” деген мағынаны беретін сөзінен келіп қалыптасқан сипаттық мазмұнды бейнелейтін аксиологиялық ұғым. А. шыншылдық, әділдік, принциптілік, кісілік, адамгершілік, қанағаттық, ынсапшылдық, айтқан уәдесінде тұрушылық, мойнына алған істен жалтармаушылық, тазалық сияқты моральдық сапаларды қамтиды. А–деп өзін жасанды қылықпен, қорқақтықпен, өтірікпен “ластамаған”, турашыл және батыл, достықты қадірлейтін адамды сипатайтын.ұғым. Ол – өз жақындарын, отандастарын және бейтаныс адамдарды құрметтейтін кісі. Діни философияда, оның ішінде, исламдық этикада А. ұғымына өте зор мән беріліп, биік маңызға ие болады. Ол – адамның пенделік тіршілігінде өзіне рұқсат етілген іс–әрекет, қажеттіліктерін өтеуінде рұқсат етілген шегін анықтайтын рухани кеңістік.

Дала өркениетіндегі А. ұғымының этикалық қуатын “Ақиқатқа қақ тұрған – адалдықтың белгісі”, “Ала ойлаған алысқа бармайды”, “Адалдықтан ауған ер бір кеселге жолығар” (Балпық би), “Арам – өзін ойлайды, адал – өзгені ойлайды. Халықтың таңдауы – өзгенің қамын жейтіннің жағында” (Әйтеке би), “Адал болсаң жұртыңа, ағалыққа жарарсың” – деген ұстанымдардан байқаймыз. Демек, А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәдесіне және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап. А. – ұлық мінез. Қазыбек биге сүйенсек, “Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз, адал ниетті ақтай білген елміз”. “Адал адамның аты арып, тоны тозбас” –дейтін тұжырым жасайды қазақы таным. А. ұғымын табиғат тазалығымен салыстыратын тұсты “адал болсаң судай бол…” (Жанқұтты шешен) дейтін теңеуден көреміз.Демек А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәделеріне сай және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап.


АДАСУ – ақиқат ретінде жаңсақ қабылданатын, нақты шындықпен сәйкес келмейтін сана мазмұны. А. ұғымын танымдық тұрғыда және моральдық тұрғыда қарастыруға болады. Танымдық тұрғыда А. танымның шындықтан ауытқуын білдірсе, ал екіншісі, адамның өмір жолында қателесуін, теріс жолға түсіп, азғындауын, адамгершілік, кісілік жолдан шығуын білдіреді. А. да шындықты, объективті дүниені біржақты бейнелейді,белгілі бір шынайы қайнар көзге ие болады. А–дың себебі. таным жолын салыстырмалы түрде таңдау еркіндігімен, шешілетін мәселенің күрделілігімен, ойды іске асыру барысындағы мәліметтің толымсыздығымен байланысты. А–дың психологиялық және әлеуметтік негіздері болады. Бірақ, оны моральдық–психологиялық феномен ретіндегі саналы өтіріктен ажырата білуіміз керек. Өтірік істің шынайы болмысын бұрмалаумен байланысты, біреуді саналы түрде қателесуге итермелеу мақсатын көздейді. А. қате пайымға негізделгендіктен ақиқаттан ауытқу, ол әр кезде жаңсақ алғышарттарға сүйенеді. Сондықтан оны қателесуден ажырата білуіміз қажет. Қателесу ойлаудың тек формальды тұсындағы ауытқуларды ғана көрсетеді. А.–ға алғашқы жіктемені Ф.Бэкон өзінің “идолдар” туралы ілімінде берген болатын. Оның философиялық жүйесінің сынға арналған бөлігі негізінен адамның адасуының себептерін анықтауға және оларды жоюдың жолдарын ұсынуға бағытталған. А. – адамға тән құбылыс, яғни өмір жолында қателесу, тіршілік бағдарынан шатасу, теріс жолға түсу, азғындап адасу, адамгершілік, кісілік жолынан шығу дегенді білдіреді. Діни философия адасуды адамның кәміл жаратылыс болмауымен байланыстырады. Адамға тән үштік құрылым: жан, тән және рух, оған адасудың тән болатындығын дәлелдейді. Екінші фактор еркіндіктің болуы. Құранда: “Сәмуд қауымына келер болсақ, біз оларға тура жолды көрсеттік. Бірақ олар адасушылықты таңдады” (44/17–аят) делінеді. Мұхаммед пайғамбар: “Ей қауым! Сендерден бұрынғы қауым осы себепті (тағдыр жайлы таласқа түскені үшін) адасқан. Кітаптың бір бөлімін екінші бөліміне қарсы қойғаны үшін адасты…” –деп айтқан. Ислам дінінде кісілік жолы “құдай жолы” мәнімен үндеседі. Абай әділет пен шапағаттан айрылу – А.–дың басы екенін аңғартады.

Ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һәммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдан жүз фәрдә бижай (жайсыз, қолайсыз) дегені басына келеді” дейді Абай. Енді бірде Абай: “Мал, мақтан, ғиззат–құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады” дейді. Бұл тәлім сөздер кісілік жолдан адастыратындардан аулақ болу шартын уағыздайды.


АЖАЛ (араб. әджал – белгіленген уақыт, мөлшерлі мерзім) –адамға фәни дүниедегі белгіленіп берілген мөлшерлі мерзімнің, аяқталуын білдіретін діни-теологиялық ұғым. А. ұғымының түпнегізі Құран Кәрімде (3:145), Алла Тағаланың құдіретімен белгіленіп қойылған деген түсінікті береді. А. – Шәкәрім шығарм–дағы кездесетін тірек ұғымдардың бірі. «Мұсылмандық шарты» еңбегінің «Ажал туралы» бөлімінде А. ұғымын таратып айтады. Осы еңбегінде, Құран Кәрімнен және Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтіріп, мол түсіндіріп келеді де, өз ойын: «шайх Сағди айтқан: «Кісі ажалсыз өлмейді, Өйтсе де ажалсыз өлмеймін деп айдаһардың аузына кірме деген» деп түйіндейді. Шәкәрім өзінің көркем философиясында А. ұғымына кең өріс береді. Поэзиялық шығармаларының шарықтау шегінде, шешімді сәттерінде А. ұғымын Алла Тағала, асық (ғашық), тағдыр, сөз құдіреті т.б. ұғымдармен астастыра береді. «Қалқаман–Мамыр» поэмасында «Қош, Баба бата бер! – деп түрегелді, «–А, құдай, сақтай көр! – деп бата берді. Жөнелді күрең атпен сырылдатып, А–ға көпе–көрнеу байлап белді» және «Ат қойды құдайлап көп бозбала, А–дан қақты ғой деп хақ тағала» деген жолдарда А–ды екі рет атап, оның алғашқысында Көкенай шешімінің әділетсіздігіне тәуекелмен қарсы тұрудан хабар берсе, екінші сәтте Алла Тағаланың А–дан қорғаған құдірет күшін суреттейді. Алла Тағаланың әділеттілігі мен Көкенайдың әділетсіздігін бейнелеу арқылы, А–ды әділетті және әділетсіз ұғымдарымен астастыра теол.–философиялық контекс аясында береді. Өзінің ой танымын, сөз құдіретінің мәңгілігін А. және өлім ұғымдарымен астастыра беретін сәттері де қуатты: «Алмаймын патшалықты берсең де, Қайтейін, өлім тартып алады, Мендағы, А. жетіп өлсем де, Ғаскерім ақ қағазда қалады», немесе «Дәл кесімді А. келіп жеткенше, Ойдан, Сөз теремін жемістей». Сөз өнерінің орнын осылай анықтау, сондай–ақ, ойдан сөз теру, оның мәңгілік ажалсыз әскер екенін айту Шәкәрімнің жаңалығы. Филос. лирикада ұғымдар суреттеліп, не бейнеленіп қана берілмейді, сол ұғымның түп мәні жайында ой толғау тән. Осы бағдарда, әділеттіні А–дан Алла Тағаланың қаққанындай, Шәкәрімнің асыққа (ғашыққа) да А–дың келмейтінін бейнелеуінде символдық мән бар: «Асыққа А. келмейді, Қандай қаза көрсе де, Көңілі жанды өлмейді, Тәні жанды өлсе де». Көңілі жанды, тәні жанды ұғымдары арқылы өмірдің, тіршіліктің субстанциялды бастауларына бойлайды. Сондай–ақ, «Дүние мен өмір», «Қош, жүртым», «Жастарға», «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» сияқты шығар–ында көтерілген ой таным аясында А. ұғымы көрініс тапқан.
Әдебиет: Ислам. Энциклопедиялық сөздік. / құр. Б. Аяған. – Алматы: Аруна, 2009; Құран Кәрім аудармасы, Алматы. – Дәуір – 2003
АЗАМАТ – адамның әлеуметтік болмысын,қоғамдағы тұлғалық орнын анықтайтын ұғым. А. құқық ғылымы тұрғысынан – адамның нақты бір мемлекетке саяси және құқықтық қатысы. Мемлекеттің және оның билігіне бағынатын адамның арасындағы өзара қарым–қатынасты білдіреді: мемлекет өз азаматының заңды құқылары мен мүдделерін қамтамасыз етуге, қорғауға әрі оған шетелде қамқорлық жасауға кепілдік береді; ал азамат мемлекеттің заңдарын және т.б. өкімдерін бұлжытпай сақтауға әрі оның белгілеген міндеттерін орындауға міндетті. Мұндай құқылар мен міндеттердің жиынтығы азаматтың саяси–құқықтық дәрежесін айқындап, оны шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан ерекшелейді. ҚР–ның Коститутциясында адамның азаматтығы бекітілген.

А. ұғымы моральдық философия тұрғысынан алғанда адамның әдептік сапасын білдіреді. Ол әдетте, А–тық. парыз ұғымы тіркесінде қолданылады. А.–тық парыз – адам мен қоғам үйлесімділігін білдіретін әлеуметтік–этикалық ұғым, жеке тұлғаның туған жер, ата–мекен, Отан, халық алдындағы парызы мазмұнын білдіреді. Қазыбек би “Алтын ұяң – Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат” деген. Адамзат пен Отанды сүю тек А. парыз ғана емес, сонымен бірге, ар–намыспен де байланысты. “Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді” деген осыған меңзейді. Азамат үшін тіршіліктің ең қиыны, күрделісі – нағыз адам болу. Адамға өз ісін жетік білу де А. парызы. Пайғамбар хадистерінде “үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім” деген тәлімдік сөздер бар. А. парызы адам құқықтарын қастерлеумен тығыз байланысты. Азамат өз құқығын пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге, қоғам, заң және басқа тұлғалар алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. А. парыз азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет және халықтың шынайы билігі бар жағдайларда толық жүзеге аса алады.


АЗАП – (араб. – қинау) – шариғатта күнә үшін белгіленген жазаны білдіретін моральдық ұғым. Қылмыс үшін қазының белгілейтін жазасы немесе адамның бұл дүниедегі күнәсі үшін о дүниеде алатын жазасы ретінде қарастырылады. Сонымен бірге қабір азабы да осыған жатады. Құранда: “Бұл (А.) сендердің дүниеде қолдарыңмен істегендеріңнің қарсылығы, (жемісі), әйтпесе Алла құлдарына зұлымдық жасамайды” (3/182 аят) немесе “Ей, пайғамбардың жұбайлары! Сендердің қай–қайсың ап–ашық бұзақылық жасасаңдар, оған еселенген А. тартқызылады, ол – бір Аллаға қиын емес” (Ахзаб сүресі, 30–аят) деп айтылады. Демек, адам өзінің істеген ісінің жемісін көреді. Сондықтан А. адам өміріндегі кездейсоқ құбылыс емес, оның өзіндік негіздері болады.
Айтыс – көшпелілікте болған қазақ, түркімен, моңғол сықылды елдердің көбінде дәстүрге айналған; қазақ ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан, топ алдында сөз жарыстырып қолма – қол суырып салып айтылатын сөз сайысы жыр жарысы негізінде қалыптасқан поэзиялық жанр. киелі сөз өнері мен ақыл–парасат таластыру түрi; өлеңнің шумақтарын айтыс үстінде ойынан шығара алатын ауызша жарыс, таланттылардың шығармашылығы; адам қадірін, сөз қадірін білетін ой толғау; «сөз барымтасы, ой қарымтасы» (М. Әуезов). «Айтыс» жанрының ерекшелігі: екі ақынның пікірталасы, ой жарыстыруы барысында бәтуалы сөз шеберлігімен, көп алдында танылады. Әлуметтік шындықтың әр қыры мен сырын терең ашады.Ақын өз намысынан гөрі, белгілі бір аймақтың, қауымның атынан сөйлеп, намысын қорғаған. А. таланттарға жол ашу, шындықты жеткiздiре серпiлту, өз артықшылығы мен үстемдiгiн мойындатқызу. А.–ң мақсаты: өз ойларын ақтау; қарсыласының ойларын даттау, тойтарыс беру және өз ойын хабарландыру, тыңдаушыға жеткізу. Айтыста талаптылар мен таланттар түйiседi, табысады, татуласып туыстасады. А.–қа ақын–жыраулар қатысты. Ақын–жыраулар а) халық әдебиетін, халықтың әдет–ғұрпы мен өмірін жақсы білетін арқалы ақылдылар; ә) тіл мен сөздің мәдениетін жақсы игерген таланттылар мен талаптылар; б) халықтың қуанышы мен қайғысын орақтаса алатын имандылар, өз еліның нағыз патриоттары. «Айтыстың» көне жанрына «жар–жар», «бәдік», қыз бен жігіт айтысы немесе өлеңмен әзілдесуі, жұмбақпен айтысу жатады. Нағыз ақын–жыраулардың өнерін ел сүйген, ақылын асылға балаған. Халық ақылды, көреген, алғыр, байсалды, ұстамды ақынын ұнатты. Халық ақынды жақсы көрді. Оған себеп, ақын – шешен, халық тұрмысының шындығын суреттеді, қуанышы мен қайғысын шын көңілімен ортақтасты, қанаушы мен қаналушы таптың сырын ашуға, әйелдің теңсіз күйбеңінің астарын, заман тынысын ашып беруге тырысты.Қазақ жеріндегі адамды сүю, оған құрметпен қарау дәстүрі кикілжіңдікке жол бермей, оның мүддесінде, ниет–тілегінде, ортақ жүректе, бітім білекте қайнап шықты. Ой толғаудың екі түрі – парасатты қабылдау және ерік–жігердің маңызын арттыру барысында– адамның іштей тазаруына, өзгені түсінуге жол іздестірді, жөн түзеді. А.ң тәлімдік маңызы арынды сезімнен – намыстан және адамға күш қосатын, үдеден шығатын жігерлі әрекеттен білінеді. Оны рухани тазалық көзі, шабытты тартыс тәсіліне балайды

Ж. Молдабеков


АККУЛЬТУРАЦИЯ (лат. adcultura – білім, даму) — белгілі бір халықтың мәдениеті жоғары дамыған басқа бір халықтың мәдениетін толық немесе жартылай қабылдауы нәтижесінде болатын мәдени өзара ықпал процесі. А. ассимиляция және этникалық бірегейлік пен тұтастану процестерінің көптүрлілігіне қатысты қарастырылады. А. ұғымы алғаш рет Солтүстік Америкалық үндістік тайпалардағы мәдени өзгерістерді зерттеген мәдени антропологияның американдық мектебінде (Д.Боас, У.Холмс, У.Мак–Джи, Р.Лоун) ХІХ ғ–дың аяғынан бастап қолданылды. Алғашқы тар мағынасында бұл ұғым үндіс тайпаларының ақ нәсілді американдықтардың мәдениетін біржақты қабылдап, ассимиляцияға ұшырауына байланысты пайдаланылды. ХХ ғ–дың 30 ж–нан А. ұғымы мәдени антропологиялық мектептің басты ұғымдарының біріне айналды. А. процестерін зерттеуде 1940 ж. жарияланған Линтонның “Американ үндістерінің жеті тайпаларындағы А.” еңбегінің үлкен теориялық маңызы болды. Бұл еңбекте А–ның екі типі аталады: 1) әскери–саяси өктемдік жоқ жағдайында өзара қарым–қатынасқа түскен мәдениеттердің бір–бірінің құндылықтарын еркін қабылдауы; 2) әскери немесе саяси басым топтың бағыныңқы мәдениетке өз құндылықтарын нысаналы және күшпен танытуы. 1950 ж–дарға дейін А. процестерін зерттеу Батыстағы мәдениеттің басқаларына тигізген әсерлерін қарастырумен байланыстырылды. Басқалары батыстандыру аймағы болып табылады делінді. 1950–60 жылдардан бастап А. аумағы кеңірек қарастырылды. Батыстық емес мәдениеттердің өзара байланысы және олардың А–лық қуаты сараланып, испандандыру, жапондандыру, қытайландыру процестері ғылыми талдаудың пәніне айналды (Дж.Фостер, Дж.Фелан, т.б.); А. тәсілдері күрделі қоғамдардағы урбанизация процесін зерттеуде пайдаланылды (Р.Билз). Егер бұрын басым мәдениеттің “төмен” мәдениетке тигізген әсерлері сөз болса, енді кері әсер (мыс., африкалық әуендік ырғақтардың қазіргі музыкаға әсері) туралы жиі айтыла бастады. А–ны әртүрлі мәдениеттердің тоғысуы нәтижесінде жүзеге асатын мәдени сұбхат ретінде қарастыру алдыңғы қатарға шықты.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Аударма, 2006: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ (лат. іnformatіo – түсіндіру, хабарлау) — 1945 жылы жапон ғалымы Е.Масуда енгізген термин. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализмнің бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті. 1960–70 жылдары Батыс ғалымдары (Д.Белл, Р.Арон, З.Бжезинский, О.Тоффлер, Рим клубы өкілдері т.б.) принципті жаңа қоғам қалыптастыру туралы ілімдерін көпшілікке ұсынады. Оны әртүрлі атаулармен атады: супериндустриялық өркениет, постиндустриалдық қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам. 1990 ж. шыққан Д.Нэсбит пен П.Эбурдиннің “Мегатенденциялар. 2000 ж.” еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті: 1) жаңа жоғары технологиялар; 2)социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру; 3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық; 4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы; 5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі: 6) діни жаңғыру; 7) тұлға марапаты. Өркениеттіліктің басты тірегіне әмбебапты ақпараттандыру жатады. А.қ. тіршіліктің барлық салаларын қамтып отыр: техникалық салада – жаңа ақпараттық технологияларды өндірісте, іскерлік қатынастарда, білім беру саласы мен күнделікті тұрмыста қолдану; экономикалық салада ақпарат ең басты тауарға айналды, әлеуметтік салада ақпарат өмір сапасын көтерудің негізгі құралына айналды; саяси салада ақпараттың еркін және ғаламдық алмасуы демократия мен азаматтық қоғамды насихаттады, мәдениет саласында А.қ. жетістіктері мәдени сұхбат пен құндылықтар алмасуына себебін тигізді. Ақпараттың принципті жаңа түрлері адамзат мәдениетінің жазу бітімінен экрандық мәдениетке ауысуына негіз болды.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Әлеуметтік философия. Т 17. Астана: Аударма, 2005: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
АҚЫН — поэзиялық шығармаларды (өлең, жыр–дастан т.б.) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың сөз өнеріндегі көркемдік мәдениетін қалыптастыратын тұлға. Көшпелі қоғамда әлеуметтік пікірді жеткізуші. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде шынайы А. өзінің суырып салып өлең айтуымен дараланған. Ол өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындаған. А.–ға тән қасиеттер: а) ескіше оқыған, көп білетін адам; ә) қасиет пен құндылықтардың бейнешісі, суретшісі, демеушісі, жасаушысы, содан әлеуметтік мәртебесі жоғары дара тұлғалыққа ие болды; б) халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастырған сөз шебері, ауызша жырлап не жазып шығаратын өнер иесі; в) А. айтыста тіршіліктегі ащы–тұщының себепті байланысын есінде сақтады, реті келгенде ашық, жанға батыра еске салды.. Оның асыл сөзі – ақиқаттың айқын үні, ойшылдың өткір ойы. Оның серпілісі өз қиялынан, таным объектісінен қанат тапты, нақты оқиғаны өрнектеуімен көп құлағына жақты. Әрекет бастауын адамдыққа және бітімге арнады. А. тойда, ойын–сауықта көптің іліп аларына көңіл бөлді. Ол бұралқы сөзбен емес, батыл оймен, әнді дауыспен көпті өзіне қарата алды. Мұндай тұлғалық пен тектілік қазақы танымды ерекшеледі. Тілдері нық, ойлары анық болды. Ашық сөз саптауда немесе жарыста сөзін жинақы таратты, ойын тартымды, әдет–ғұрыптың жағымды, оң жақтарын жеткізумен көптің көңілін жаулап алды. А.–дар туралы «Тәңірі қуат берген, Тәңірі жарылқаған шабыттылар» деген түсініктер таралған.

А.–ның жаны таза. Жаны тазаның ағартушылығы арыдан басталады. Оның талғамы, ой өрісі, мәдениеті көп алдында сыннан өтті, ширатылды. А. дүние танымын, адамдармен қарым–қатынасын, нені сүйіп, нені жек көретінін, кімнен үйреніп, кімнен жиренгенін де дер кезінде нақышына келтіре өрнектеген. Шығармаларының көпшілігінде заман туралы айтады, шындықты айтып, халық қамын білдіреді. Осы тұрғыдан қазақтың жаман мінездерін, ескі қалдықты, билердің үстем қылықтарын сынайды. Бұл А.–қ қабілет пен мұратқа тән ерекшелік.

А. қабілеттің арқасында табиғатқа тіл бітіп, адамның тұла бойындағы құдірет, бас бостандық, ел мен жер танытқан шындық (Шал, Шернияз, Мәделі, Ақмолла, Майлықожа, т.б.) көріністері ашылды; ел мұңы, заман зары мен жыры (Махамбет, Дулат, Шортанбай,т.б.) ұрпақтар жанында әрдайым жаңғырды. Сергек ойлы ақындар, сыршыл әншілер, ұғымтал сазгерлер (Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса,) қазақ музыкасының мазмұны мен түріне, орындаушылық өнеріне көптеген жаңалықтар енгізді.



Қазақы таным алдағы күнге деген үмітімен, өткен күнге деген сағынышымен ерекше. А. алдымен өз басы мен болмысының иегері болды, адамдық туралы ойланды, адамгершілікті түсіндіріп бақты.

А.–та елге, жерге, ағайын–жұртқа деген сезімталдық, сүйіспеншілік, сенімділік үнемі және үлгілі тұрғыда таратылады. Әдебиетте А.–ды әнші А., айтыскер А., жазбаша А. деп жіктеушілік орын алған. А. дәстүрде елдің тағдырына деген талғам, талап, үндеу басалқы; ілкімді өнер, жұртпен жақындастырар қабілет айқын; халық аузындағы жыраулық ұлы ұғым, қымбатты қасиет қалыптасты. А.–дық жырау мұраты – шығармашыл қажеттіліктен туындайтын көркемдік пайымдаумен және субъективті сапалықпен, яғни, өзін ұрпақ–ұлтымен үйлестіретін және еліне қызметін тездететін ізденістермен үндес. Мұндай тұлғалық пен тектілік қазақы танымды ерекшеледі.

А.–дық – білімді өндіру қабілеті, тіл шеберлігіне деген жауапкершілік. Онда адамның тұлғалық деңгейі мен тіршілік тұтастығын жеткізетін, тұрмыс–салт мұқтаждарын көрсететін кемелдік айқын. А.–дықта тіл мен білімнің жетілу эволюциясы қатар жетіледі. Өйткені А. халқымен тілдеседі, заманымен үндеседі. Тұлғалық пен тіршілік тұтастығын, тіпті халықтың идеялық, рухани біліктілігін нығайту – А.–дық толғаныстың мәңгі тақырыбы. Оның басты бір сырын А. Байтұрсынов: «Ертедегі адамдардың табиғаттан ұзап кеткен жері болмаған соң адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалғас, сабақтас өзектес сияқты күйде өмір кешкен» деп түйіндейді.

А. номадалық мәдениеттің синкреттік тұлғасы, ауыз әдебиетінің халық дәстүрлерін сақтаушы. Сондықтан олардың көрнектілерін “халық ақындары” деген (Нұрпейіс, Кенен, Жамбыл т.б.). Халық ақындары тек қазақта емес, сонымен бірге тыныс–тіршілігі ұқсас қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, түркімен сияқты халықтарда да бар. Ақындық өнер қазақтың жазба әдебиетінде де жалғасқан. Жазба әдебиетіндегі А–дар бұрынғы фольклордың құндылықтарын сақтай отырып, заманның жаңа талаптарына сай жанрлық, стильдік, көркемдік, идеялық–мазмұндық өзгерістерге барған (Абай, Шәкерім, Мағжан, С.Торайғыров, С.Сейфулин, М.Шаханов, О.Сүлейменов т.б.). Зерттеушілер қазақ поэзиясының тарихи кезеңдеріне, мәдени ақпарат беру тәсілдеріне, стилі мен жанрына қатысты А–дарды жыршы ақындар және жазушы ақындар деп екі топқа бөледі. Қазіргі күндері ауызекі ақындарды шығарм. ерекшеліктеріне байланысты: айтыс ақындары, әнші ақындар, термешілер т.б. жіктеп таратады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006: Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005. Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.
Ақын–жыраулық – ойды образға орайтын, өнеге мен әдептіні қорғайтын өнер, адам өзін, ел есін жиған кездегі тұтас көркемдік феномен. А.–ж.–қ, а) қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы тамыр жайып келе жатқан қызықты да қуатты, кең таралған көне түрі; ә) қазақ халқының көркемдік талғамы мен дүниетанымын қалыптастырған, сөз өнері мен адами үлгісін саптаған шеберліктің ерекше өрнегі; б) ежелгі замандағы фольклорлық сипаттан көркем руханиятка айналған, көркемдіктің асқақ нәзігіне жеткен, кәсіби әдебиетке көтерілген көп жанрлы ұлттық өнер; в) ұлттық күш–қайраттың, өршіл ойдың, мұқалмас жігердің көрінісі, әрі жаршысы. А.–ж.–ық халық мәдениетінде көркемдік–эстетикалық қызметті әрі жанрлық–стадиялық тану принципін ширатты. Бағдарлы бұл талғам мен таңдау күнделікті тіршілік болмысын қарапайым сипаттаудан көркемдік бейнелеуге көтерді, елдік санадағы өмірлік шындық пен тарихи–мәдени тәсілді жаңғыртты. Ауызша шығарм–ық жазба әдебиетімен үйлескенде жыраулық әдеби мәтіндер құрылым жағынан тұрақтанды, құндылық жағынан жаңарды, мазмұндық жаңаруда мұралық өрнектерді жетілдірді.

А.–ж.–қ а) сезімталдық пен пайымдаудың, тіл мен ойдың үйлесуіне, үлгісіне, үрдісіне сүйенеді, ә) жеке тұлғаның қабілет–қасиетімен ұштас, үйлес келеді, б) халықтың ойын–сауығы мен дәстүрімен тұстастығын арттырады. Оның мазмұны «бұрында өткен белгілі халық батырларының өнері мен қаһармандық іс–әрекеттері болып келеді», оның жолдары «шығарма кейіпкерлері немесе қаһарман сөйлегенде ғана басталады» (Ш. Уәлиханов). Оның ерекшелігін этномәдениеттің басты жетістігі мен желісінен, халықтық шығарм–тың рухани жаңғыруынан және халық өнерінің озық нұсқаларынан табамыз.

А.–ж.–лық өмірге және адамның өзіне деген көркемдік сипаттама ғана емес, дүниетанымдық сараптама, философиялық тоқтам–түйін. Оның ағартушылық құндылығы төрт бағдарда:

а) адам болмысын, ел бітімі мен халық үнін түгендеуден білінеді;



ә) әдебиетті көркемдік, шешендік тілмен байытудан әлденеді;

б) адамның еркіндігі мен ұлттық сана–сезімін оятудан серпіліс алады; в) ауызша шығармалықтың қарымында, өлеңнің танымдық кең көкжиегі мен тапқырлығында жалғасын табады. А.–ж.–та образ, ой, талғам, талдау ойсанамен үнемі тұтасады; табиғи құбылыстар идеясы, эстетикалық идея, ақыл идеясы имандылық аясында, салыстырмалы сарында, субъективті мақсат–мұрат сарынында өрбиді.

А.–ж.–лар халықтың мұралық өрнектерін құнттады, оларды шығармашыл дәстүр ретінде жетілдірді. Олардың өнерінде: а) көркем сөздің, көркем ойдың нышаны айқын, ә) тұлғалы кейіпкердің мүдделі қимыл–әрекеттері пайымдалынды, б) шығармашылық дарын мен дәстүр ұстанымы сабақталды, в) көне заманның және ауызша шығармашылықтың әр саласындағы сұхбаттық дәстүр ауқымдалынды. Олардың «тілі – шырын, жыры – кент. Олар үшін «замана жайы – терең сыр, замана жыры – бітпес жыр» еді (Жамбыл). Қандай жағдайда қазақ болып қалу керектігін айшықтап берген, осы А.–ж.–лар.

Жырау деген атаудың өзі «жыр» сөзінен шыққан. Махмут Қашғари жырау сөзін (йырағу) өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Жырау сонау көне заманда ақын ретінде танылған. Ж.–дың басты белгілері, а) ақындық, яғни өз жанынан өлең шығаратын қабілетінің болуы, ә) адамның жаны таза, тәні күшті болуы, б) ж.–лар – жасампаз тұлғалар, яғни ақындармен қатар, батырлар, рулар, тайпалар және ұлыстар басшылары. Жырау – өнегелі сөздерді кейінгіге дөп сақтайтын, қажет кезінде өзі де толғап, жырлап айта алатын бірегей өнер шебері; поэзиядағы толғаныс, тапқырлық, табан тіреген ашық та батыл әрекет. Ол «дуалы» сөзімен, «көмекейлі» үнімен жүрек тебірентті, оқиға желісімен тыңдарман ойын жаулап алды, көңілін ұйытты. Жырау адамның рухани күш–қуатын алдыңғы шепке шығарды, жоғары бағалады. Ж.–дың әлеуметтік орны мұнымен шектелмейді. Ж.–лар тобы – текті, мәртебелі, өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөйі, абызы болғандар. Олардың мәртебесі заман ағымына орай өзгеріп отырған. Жырау ел арасында, көптің төрінде өзінің ел басқару қабілетін қайрады әрі шешендік өнерін танытты. Сондықтан да болар, ж.–ды тек ақын деп қарастырмай, оны енді бірде көріпкел–әулие, рухани ұстаз, идеолог деп те қабылдаған.

Ж.–шы ақын көркем сөз қуатымен, сыйымды ой айтты, таза жан шындығын жеткізді, ойды өреге жеткізер амал–әрекеттер ұсынды, ұрпақтың күрделі ұғымдарын көкейге құйып, олардың мән–мағынасын құнттап өтеді. Ж.–шы әлемді қабылдау мен айшықтаудың тылсым да сырлы бейнесін жасады, көптің шынын суреттеуде өресі биік сөздерді қолданды, тың ұғымдарды айналымға тартады. Ж.–ның қадірі – әділетті әлпештеуінде, шындыққа жол ашар әлділігінде. Жырау мәдениетінің шеберлері ұлттық дүниетаным жүйесін қалыптастырды, оны тіпті заман талаптарына сәйкес жоғары тұғырға көтерді.

Ж.–лық поэзия ХҮ–ХҮІІІ ғғ қазақтың халық поэзиясының негізін құрды, қазақ дәстүрін қайта түлетті деген ғылыми көзқарастар айқын. Өйткені Ж.–ық поэзия ежелгі ауызекі және қауымдастық дәстүрлерді жаңғыртты, заманына орай, қоғамдық сұранысқа қарай тың тақырыптарды көтерді. Ж.–лық а) айтыс–тартыста демеулік тапты ә), тұлғалық адалдық пен асқақтықтың серпілісі; б) белгілі бір ойшыл көмейінен ағып тұрған түсінікті көзқарастың жүйесі, әрі шабыт пен сенім жиынтығы. Ж.–лар поэзиясы – қазақ халқының рухани–мәдени, қоғамдық–саяси, әлеуметтік өмірінің айнасы. Ж.–лық сөз – халықтық дүниетанымның бастауы. Онда әлеуметтік сарын, азаматтық нысана, дара көркемдік өзгешелік сабақтасып, астасып жатады. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Ж.–лық дәстүр, біржағы, көңіл, діт, жүрек ырқына орай, біржағы, толғау, толғану, толғаныс. Ол алдымен ділгірліктен туындайтын мұқтаждық; көркем сезімталдығымен, шабытты толғанысымен, еркін ойлауымен тартымды.

Ж.–лық поэзияның алғашқы өкілдері Дешті Қыпшаққа даңқы жеткен Қодан, Тайшы, Сыпыра, Асан Қайғы, Қазтуған, Қожаберген сияқты жыраулар көне дәстүрлі мұраны рухани жалғастырған және жаңғыртқан ақындар, арқалылар, алыптар. Ж.–дың ішінде биші, ақылгөй, мемлекет ұраншысы болғандар (Асан қайғы, Бұқар,), көшпенді шонжарлар, ауқатты ортасынан шыққандар, рубасы, әскербасы болған батырлар (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шал ақын) көп–ақ. Олар, бірде, айдынды аламан, арқалы жыршылар ретінде, енді бірде, жақсы тәрбие мен көнекөз білгірлер, көш–қоныстың өмірлік тәжірибесін әскери жорықта көрсете білгендер, көп қырқысқа қатысқан білектілер ретінде көзге түседі. Ж.–лар шығармаларында халықтық дүниетаным, Алланы тану, әдеп, әдет–салт, тіршілік иірімдері, ерлік пен батырлық, қысқасы адам болмысының күллі қыры мен сыры қамтылды, қарастырылады; елдің бірлігін ту етті, ішкі және сыртқы жаулардың қайсысымен болмасын бітіспес күресуге шақырды. Ж.–лар азаматтық, ерлік, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Елдің бостандығы мен егемендігін, адамның рухани тәуелсіздігін әрдайым тілге тиек, ойына арқау етті.

Ж.–ларды Ш. Құдайбердиев «әулие», ал Ә. Марғұлан «әулие жырауды» ақындардың ішіндегі ең құрметтісі деген. Халқымыз болашақты болжай білгендерді «әулие» деп кеткен. «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек» – деген еді Шәкәрім. Ж.–лар – заманның ойлы, алғыр перзенттері. «Ж.–лардың көбінесе әрі суырып салма ақын, әрі батыр, әр данагөй және сәуегей болып келуінің себебі сол тұстағы Қазақ хандығының өмір салты мен тұрмыс–тіршілігінің көшпелі–бақташылық болуына және ұдайы жаугершілікті басынан кешіруіне байланысты еді» (С. Қасқабасов). Олар қазаққа қорған боп, қалмаққа қарсы шапқан батырлар, әділ билігімен, хас батырлығымен алаштың айбыны болған ірі тарихи тұлғалар.

А.–ж.–лар көзқарасы, а) интеллектуалды ресурстың қуаты, ә) қоғамдық дамудың үйлес бейнелері және оның озық ойларының жиынтығы ретінде танымал. Ақын–жыраулар «қазақтың жанды бейнесін барлық жағынан көрсетуге» ұмтылған (Диваев) азулы тұлға ретінде өмірдің адамгершілік бастауын паш етті, әрі дүниенің келбетін келістірді. Олардың төл тұлғалары өз заманындағы ерлікті, елдікті мадақтап, көпшілікке паш етті, ерлікті елдіктің қаруы да, туы етті. А.–ж. үшін ер – асыл адам, дана, батыр, әулие. Олар әрдайым елдіктің рәміздерін қастерледі, оның қолбасшыларын марапаттады. Қазақтың А.–ж.–ғы өміршең дәстүрлі деңгейімен құнды әрі қажет.

Ж. Молдабеков


М. Қашғари. Диуани–лұғат–ат–түрік. 111 том, 1963; С. Қасқабасов. ХҮ–ХҮ111 ғасырдағы Қазақ әдебиеті, Алматы, 2005; Қазақ ақын–жырауларының философиясы. Т.8 ,Астана, Аударма,2008
АЛЛА — Ислам дінінде бүкіл әлемді, адамзатты, барлық тіршілік иелерін жаратушы, бүкіл болмыстың түп–тірегі. барлығы оның әмірімен болады. Қасиетті Құран Кәрім А–ның адамдарға сыйлаған сөзі. Оны А. Жәбірейіл періште арқылы соңғы пайғамбар Мұхаммедке 23 жыл бойы аян–аяттар түрінде жолдап отырған. Мұсылмандық сенімде А. туралы ілім (ат–таухид) басты имандылық қағидалары болып есептеледі. Құранда, хадистерде, тәфсірлерде А. туралы арнаулы әдебиетте (кәләм) жаратушының құдіреттілігі, шексіздігі, жалғыздығы, шынайылығы, қасиеттілігі, мейірімділігі, әділдігі, рахымдылығы т.б. жөнінде көптеген сипаттамалар беріледі. Нағыз мұсылман А–ны бірден–бір жаратушы күш ретінде мойындап, өз өмірінде оның талаптарын бұлжытпай орындап отыруға міндетті. Әлемдегі рас — ол болмыс. Болмыс рас болса, онда А. да рас. Абай айтқандай:

“Алла ішімді айтқызбай біледі, ойла,

Бендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мүмин болсаң,



Ойла, айттым адамдық атын жойма!”

Құран уағызының негізі — Құранның мазмұны да, тақырыбы да бір ғана А–ға сену болғандықтан, көп құдайлы пұтқа табынушылыққа қарсы тұрған. А.— жалғыз, оның ешқандай «теңдесі» жоқ. «А.— жалғыз, А. мәңгілік, ол тумайды, оны ешкім туған жоқ, оған тең келер ешкім жоқ». Құранда А–ның құдіреттілігі, қалтқысыздығы және ұлылығы туралы үнемі айтылып келеді. 18 мың ғаламның барлығы А–ға бағынғандықтан дүниеде оның әмірінсіз ештеңе істелмейді, тіршіліктің дамуы оның әмірі негізінде ғана жүреді. Құран дұғасы осыны дәлелдейді. Сондықтан А. өзі жаратқан дүниеге әмірін жүргізеді, демек тіршілікті дамытады, өзгертеді, барлық құбылысты өзі жасайды. А. адамзатқа өте қайырымды, себебі ол адамға сана және қалау еркін берген, адамға кешірімді. Адам А. құдіретіне сенгендіктен, өзін Құдайдың «құлымын» деп түсінгендіктен, дін жолына түсіп, Құдайға құлшылық етеді. Құдайға құлшылық етуші мұсылман қауым, тіршіліктегі барлық құбылысты А. ісі деп түсінеді.

Адам баласы өмір бойы не істейді, қалай күн кешеді, мұның барлығы А–ның әмірі деген қағида Құранда көп қайталанады. Сонымен қатар, дүниедегі болып жатқан барлық құбылыс А – ның әмірімен және оның бұйыруымен жасалады. Құран қағидасының негізгі мақсаты А – дам баласын тек адал өмір сүруге, істеген ісіне жауапкершілікпен қарауға, күнәсін мойнына алуға А–ға күнәсін кешіруін сұрап, жалбарынуға шақырады. Дер кезінде күнәсін кешіруді өтінбесе о дүниеде күнәға батып, А–ның алдында жазаға тартылады. А. – діни философиялық категория. Әл–Фараби философиясындағы Бірінші Себеп – Құдай – абсолютті бастама. Ол әлемдік үйлесімділіктің басы да соңы. Құдай материалды дүниеден, дербес.. Әл–Фараби бойынша, А. – Бірінші себеп, ең алғашқы бастама, ол дербес, ешқандай затпен, құбылыспен теңестірілмейді, оның басқа затқа тәуелділігі болмайды. Бірінші себеп болмысты жаратады, одан жаратылған болмыс басқа заттардың болмысы үшін өмір сүреді. А–ның жаратқан болмыс жүйесі сатыларға бөлініп, әрқайсысы өзіне тиесілі орындарын иеленеді. А. универсальды білімнің иесі, Ғаламдағы барлық заттар мен құбылыстардың түптегі, негізі. А. өзінің мәндік болмысын анықтауға қабілетті, ал оның мәні бүкіл шындық әлемін қамтиды, сондықтан ол бүкіл әлемді таниды. А. мен материалды дүние бір бүтін болмысты құрағанымен, А. мен материалды дүние немесе А. мен адам арасында бірнеше топтар мен сатылар кездеседі, сондықтан А–ның табиғатпен тікелей байланысы жоққа тән, А–дан оларға вертикальды байланыс болмайды. Фараби А–ның мәңгілік екенін дәлелдейді. Әбу Ханифаның пікірінде: “А–ның калам (сөз) сипаты бар және бұл сипаты оның басқа сипаттары сияқты өз болмысының ажырамас бір, онымен бірге мәңгі болып табылады”. Оның А. – барлық нәрсенің бастамасы тұғысындағы пікірі, әлем және ондағы әртүрлі болмыс А. тарапынан жаратылды, Ғарыш және дүниенің ешбір кемшіліксіз жүйелі түрде жаратылуы, болмыстың бір күйден екіншісіне ауысып отыруы білушілердің білушісі және ғибрат иесі ұлы жаратушының бар болатындығын дәлелдейтін ашық айғақтар дегенге саяды. Осыған негізделе отырып, әрбір ақыл иесі А–ның бар екеніне және оның жаратушы бастама болатынына сенуге міндетті деп есептейді. Оның пікірінше, А. бар, бірақ оның бар болуы басқа болмыстарға ұқсамайды, А. тірі, бірақ басқа тірілір сияқты емес, сипаттары оның болмысынан ажыратылмайды. Оның теңі мен ұқсасы жоқ, сондықтан ол – “жалғыз”, “біреу”. Ислам дінінде сауап та, жаза да А. тағаланың қолында, мұның екеуі де бұл дүниеде болмаса, о дүниеде берілетіні анық болып есептеледі.
Әдебиет: әл–Ғазали. Ихйа. 1, 38–116. әл–Бағдади. Усул ад–дин, 76–152, ан–Насафи. Акаид, 28–33; әл–Джурджани, Шарх 465–544. Ислам. Энциклопедиялық сөздік. / құр. Б. Аяған. – Алматы: Аруна, 2009.
Алтын адам – (б.з.б. V ғ.) – Алматы обл. Есік қ–нан солт–ке қарай, Есік өзенің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі. 1969 ж. археолог К.Ақышев тапқан. 40–тан астам обадан тұратын қорымның оңт. шетінде диаметрі 60 м, биікт. 6 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды. Біреуі ертеректе тоналған. Екіншісінен жасы 17–18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, өлш. 3,Зх1,9м, биікт. 1,5 м, сол жақ бөлігіне койылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Қабірдің оңт. жөне батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған. Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденінде тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған. А. а. киімі 4 мыңға жуық жеке бөлшектерден тұратын алтын әшекеймен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы, түрлі құс бейнелерін беретін "аң стилінде" жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шашақ төбелі, ұз. 70 см шамасында. Мойынында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырмалы белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты қызыл семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салған темір қанжар–ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Бұл адамның б.з.б. 5–4 ғ–ларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, А. а–ның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті ел–басы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Табылған күміс тостағандағы 26 жеке әріптер қатары сол кездің өзінде Жетісу сақтарында көне әліпби түрлері қолданылғанын байқатады. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін А. а. сол кездегі сақтарда қалыптасқан алдыңғы қатарлы өркениет болғандығын дәлелдейді. Қазір А. а. бейнесі Қазақстанның тәуелсіздік символы болып табылады. Оның тұлғасы Алматыдағы Республика алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі мемл. гербке енді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
АЛЬТРУИЗМ (франц. altruіsme, лат. alter – басқа) — басқаның мүдделері үшін өзімшілдікті тежеп, оған риясыз, жанқиярлықпен қызмет етуге дайындықты білдіретін ізгілік принципі. Ғылыми қолданысқа А–ді эгоизмге қарсы ұғым ретінде О. Конт енгізген. Эгоизм мен А–нің арақатынасы бүкіл этика тарихында арқау болған мәселелердің біріне жатады. “Егер мен өзім үшін болмасам, онда кім мен үшін?”, “Мен басқа үшін емес өзім үшін өмір сүгім келеді” деген дұрыс мағынадағы өзін сүю А–тік қағидалармен толықтырылып отырылу қажет. “Егер мен тек өзім үшін болсам, онда менің керегім де жоқ”, — дейді альтруист. Шынайы А. руханилықпен, басқа адамдардың қасиеттілігін мойындаумен, басқаға деген жылылықпен сомдалып отырады. А. принципі адамгершіліктің алтын ережесінде тұжырымдалған: “Өзіңе не тілесең, басқаға да соны тіле!” А–нің таза көрінісіне аналық махаббат жатады. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде А. кісілік қасиеттермен, басқаға деген жылы көңіл–күймен, сұхбатшылдықпен т.б. анықталады. Ұлы Абай айтқандай, “махаббатпен жаратқан адамзатты; сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті”. Шынайы А. — өмір ләззаттарынан бас тарту да, аскетшілдік пен тақаушылдық та емес. Қазіргі әлемдік мәдениеттегі бейбітшілдік, келісімдік, күш көрсетпеу, әмбебаптылық пен жалпы ғаламдық приоритеттер идеялары А–ның жаңа қырларын айқындайды.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004. – С. 28–29.
АМАНАТ – жеке адамның, әлеуметтің, елдің, ұлт пен ұлыстың моральдық болмысының сенімді ақтау формасындағы көрсететін этикалық–аксиологиялық категориясы. А. адам мен адамның бір–біріне сенуінен, оның адамгершілік қасиетіне, кісілік мінезіне, ізгілік ниетіне, имандылығына, адалдығына, әділдігіне, кішіпейілділігіне, азаматтығына, қайырымдылығына, елжандылығына, бауырмалдылығына, ізеттілігіне, білімділігіне, көрегенділігіне, көргенділігіне, ибалылылығына, ұяттылылығына, намыс пен уәдеге беріктілігіне және т.б. оң моральдық құндылықтарға үміт артуынан туындайтын этикалық бірлік. А. тапсырма, міндет, өсиет мағынасында қолданылады. А. мұсылмандық этикада ешқандай ақысыз тапсырылып, жүктеліп отыратын әрі А. алған адамның оның орындалуын өзіне парызға балап, адамдық, кісілік іс деп білуі. Ең алдымен, А. негізінде сенім жатады. Екіншіден, А. орындаушы үшін парыз болып табылады. Ол А. алған адам үшін міндеттілікке айналады. Осыдан қазақтың: “Аманатқа қылма қиянат” деген өсиет сөзі келіп шығады. Мысалы, рух – Алланың өзінің жақсы қасиеттерімен адамға берген аманаты. Сондықтан шынайы мұсылман аманатты орындап, рухты таза сақтап , өсіруге міндетті. Олар А. мәселесін ерекше моральдық құндылық деп танып, аса зор мән берген және оны орындамау кешірілмес үлкен күнә болып есептелген. А. екінші адамға қарыз деп саналған. Сондықтан А.–ты алу өте жауапты, қиын іс болып есептелген. М., Қайқаус: “Аманаттың қиындығы үш түрлі. Біріншісі – аманатты өз малыңнан мұқият сақтаймын деп әуреленесің, екінші – сұраған уағында беруің шарт, үшіншісі – аманатты жоғалтып алсаң, иесінен үлкен ұятқа қаласың. Аманатты қабылдама, қабылдаған соң оны сақтап, түймедей түгел иесіне тапсыруың қажет. Бұл жомарттықтың жолы деуге болады” –деп көрсетеді. А. адамның адамның жоғары рухани жетілуінің, биік имандылық пен кісілік қасиетінің, жоғары этикалық мәдениетінің көрсеткіші ретінде бағаланады. Жат жерде жазым болған батырлардың, ел–жұртына сәлемі, кемел дананың келер ұрпаққа өсиеті, өлім аузындағы адамның сары ауыз бала–шағасын, ғазиз жарын немесе кәрі ата–анасын жан досына аманаттауы осындай парыз–қарызға жатады. Шәкәрім философиясының орталық идеясы, аманатпен байланысты болған: “Үлкенге құрмет, кіші – үлкенге аманат” –деген. Оны орындамау аманаттаушының алдындағы ғана емес, құдай, әруақтың алдындағы да үлкен күнә болып саналады. Бүкіл мұсылман халқы осындай танымды ұстанған биік мораль философиясымен өмір сүреді. Сонысымен рухы биік, болмысы асқақ, жүзі жарқын болған. Аманатты ант–су ішпей–ақ, құжаттап хаттама жазбай–ақ, құдай алдындағы, пенде алдындағы, ар–ождан алдындағы міндет хақында мүлтіксіз орындап отыруға тырысқан.
АНИМАЛИСТІК ЖАНР (лат. аnіmаl – хайуанат) – кескіндеме, графика, мүсіндегі жан–жануарлар бейнесімен өрнектелетін мәнер. Алғашқы қауымдық өнердегі жартас кескіндемесінен жануарлар бейнесін байқауға болады. Сақ, скиф дәуірінде аң нақышында жасалған туындылар пайда болған. Алматы маңынан табылған "түйе" мүсіншесі, Маңғыстау өңіріндегі "қойтас", "қошқартас" ескерткіштері, қазақ халқының дәстүрлі өнерінде жан–жануарларды бейнелеу, мүсіндеу ертеден алыптасқандығын аңғартады. Қазақстан суретшілері А. ж–да елеулі шығармалар берген. Мыс, Ә. Қастеевтің "Бие сауу" (1936), Ә. Ысмайыловтың "Дала жайрандары" (1972), С. Айтбаевтың "Жайлаудағы түйелер" (1976), т.б. картиналарын осы жанрға жатқызуға болады.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
АНОМИЯ (франц. anomіc – заң, ұйымдасудың жоқтығы) — қоғамның құндылықтар жүйесіндегі түбегейлі дағдарыстарды білдіретін ұғым. А. өзінің төмендегідей белгілерімен аңықталады: 1) қалыптасқан құндылықтардың мәнін жоғалтуы салдарынан болатын ретсіздік, нормативтік–баптық вакуум; 2) әлеуметтік үйлесімдіктің жоғалуы, қоғамдағы құндылықтардың жиынтық бейнесіне айналған жеке тұлғалар беделінің жоғалуы; 3) адамдардың жоғары мұраттардан, өмірлік құштарлықтарынан айырылуы; 4) мінез–құлықтағы тұрақсыздық, өзін–өзі өлтірудің көбейуі, т.б. А. терминін ғылыми айналысқа енгізген француз ғалымы – Э.Дюркгейм (1858–1917). “Еңбектің қоғамдық бөлінуі” кітабында А. еңбек бөлінісінің бұрмалануы нәтижесінде пайда болады деп тұжырымдайды және оның себебін мамандандыру кезіндегі адамдар арасындағы ынтымақтастық пен үйлесімдіктің жоғалуынан көреді. “Өзін–өзі өлтіру” деген еңбегінде Дюркгейм эгоистік, альтуристік және А–лық суицидтердің түрлерін атап өтеді. Соңғысы дәстүрлі шектеу нормалары шайқалған кезде ырықсыз құмарлықтан туындайды делінеді. Шектелмеген тілектер орындалмаған жағдайда адамдарда шешімі жоқ тұйық дағдарыстар пайда болады. А. ұғымын қазіргі социологияда әрі қарай дамытқан американдық ғалым — Р.Мертон (1910). Ол А. мәселесін ауытқушылық әрекетпен байланысты қарастырады. Мұндай әрекет тұлғалық мақсаттарға заңды құралдармен жете алмайтын жағдайларда қалыптасады. Нақтылы мәдени жүйеде туындайтын мүдделер үстемдік етіп тұрған басқарушы және реттеуші тетіктерге қайшы келуі мүмкін. А. әсіресе, өтпелі қоғамдарда жиі кездеседі. Бұрынғы әдетке айналған бағдарлар жаңа талаптарға сәйкес құндылықтармен жылдам ауыстырыла берілмейді. Мұндай қайшылықтар тұлғалар санасында ауытқушылық туғызуы мүмкін.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007. Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.
АНТРОПОЛОГИЯ (грек. arthropos – адам, logos – ілім) – адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін жалпы биология ғылымының қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысы бар саласы. Антропология терминін алғаш рет Аристотель енгізді. Антропология ұғымы көне грек дәуірінен бастап белгілі болғанымен орта ғасырдың аяғына дейін адамның физикалық құрылысын зерттейтін, ішінара адам психологиясы мен этнологиялық ерекшеліктерін сипаттайтын да ғылым саласы болып келді. XIX ғасырдың XVIII ғасырдағы Франция ойшылдарының пікіріне сәйкес адамға тән құрылысын, тіршілік–әрекетін, тілін, мінез–құлқын, материалдық және рухани қазыналарын, т.б. зерттеу. Қазіргі кезде мұндай көзқарасты АҚШ, көптеген Батыс Еуропа елдерінің антропологтары қолдайды. Ал 2–көзқарас – адамның дене құрылыс ерекшеліктерінің уақыт, кеңістік бойынша өзгерісіне ерекше мән беру. Мұны Ресей, т.б. елдердің ғалымдары қуаттайды. Қазіргі кезде антропология 3 түрлі өзекті мәселеге – адамның дене құрылыс ерекшеліктеріне, шығу тегі мен оның дамуына, этникалық құрамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты эвалюциялық антропология, физикалық антропология, этникалық антропология болып бөлінеді.

Қазақ халқының жалпы антропологиялық типі еуропеоид және монғолоид тектес расалардың қосындысынан пайда болған деп тұжырымдалған. XX ғасырдағы Қазақстан жерінен табылған палеоантропологиялық материалдар қазақтардың ежелден автохтонды халық екендігін толық дәлелдеді. Ғылымда қазақтың антропологиялық типі метистік топқа жатқызылып, оған тұрандық түр (тұраноид) деген нәсілдік атау берілді. Қазақ антропологі Оразақ Смағұлұлы 60–жылдары республиканың әр өңірінен қазақтардың бас сүйегі мен қаңқа сүйектерін жинап, Санкт–Петербургтегі антропология және энтография мұражайына тапсырды. Осы жылдары қазақтардың тіс құрылыстары зерттеліп монографиялық еңбек жарияланды: (О.Смағұлов, К.Сиқымбаева «Қазақстанның этникалық одонтологиясы», 1977 ж.).
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; ҚҰЭ. Т.1.
АНТРОПОМОРФИЗМ (грек. antropos – адам, morphe – форма, пішін) — адамзаттық, халықтық дүниетанымдағы жаратылыс иелерін (құдайды, періштелерді, мал–жан иелерін), табиғаттағы нәрселерді (ғарыштық, геогр. объектілерді, жан–жануарларды, өсімдіктерді т.б.) адамға ұқсату құбылысы, өнердегі көркемдік әдіс. А. ежелгі дүниетаным мен ілкі санадан бастау алатын құбылысқа жатады. Ол байырғы мифол. және діни аңыздардан айқын байқалады. А. қазақ халқының арасында да кеңінен таралған. Адам кейіпіндегі киік, жын, пері, дию, жезтырнақ, албасты т.б. ұғымдар осының айғағы. Көшпелі қауым өздеріне бағыт–бағдар сілтеуші жұлдыздар (Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат пен Көкбозат т.б.), желеп–жебеуші табиғат күштері (Жер–ана, Көк тәңірі, Ай, Күн, т.б.), төрт түліктің иелері мен киелері (Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл Қара) туралы түрлі аңыз–әңгімелер шығарған. “Жеке батыр”, “Толағай”,”Балқаш”, “Қаратал” секілді ата–қоныс, мекен–жай атауларына байланысты, байғыз, көкек, сауысқан, қарға, тасбақа, т.б. аң–құс, жан–жануарлар туралы аңыздар халықтың дүниетанымындығы А–ге айқын мысалдар болып табылады. Қазіргі санада ол тілдік метафоралар мен көркем бейнелер арқылы сақталған (жарық дүние, мүлгіген табиғат, қатаң қыс, қу түлкі т.б.). Поэзияда антропоморфтандырылған бейнелер басты көркемдік құралдардың біріне айналды. А–ді тек архаикалық сананың қалдығы деп қарастырған дұрыс емес. Ол ғылымы мен техниканың озық салаларында да жиі көрініс табады (ойлайтын машина, есептеу техникасы, ақылды робот т.б.).

Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


АҢДАУ – абайлау, байқау, аңғару. Адам айналадағы тіршілік құбылыстарымен үйлесімді қарым–қатынаста болу үшін сол құбылыстардың ішкі–сыртқы мәнін және олардың себеп–салдарын дер кезінде аңғара білу шарт. Аңдау процесі өз кезегінде пайымдау және зерделеу жүйесіне өтіп, ол ақылмен түйсіну, тану процестеріне ұласады. Ойшыл ғұламалар белгілі бір ұғым, таным, түсінік мәндерін ашқанда осы процестер «ізімен жүріп отырып» түсіндіреді. Сонда мәселенің төркіні айқын, анық болып шығады.

Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 387 б.



АҢЫЗ – тарихи діни тұлғалар мен қағидалар жайлы баяндалатын фальклорлық проза жанры. Онда елдің, тайпа, рудың шыққан тегі, кешкен жолы хақындағы немесе тарихта болған әйгілі адамдар – хан, батыр, би, шешендер жайындағы, сондай–ақ нақтылы бір жер–су, сол жерде өткен оқиғалар турасындағы тарихи шындыққа және иллаһи діни кітапқа негізделген, халықтың тарихи жадында сақталған, әйтсе де уақыт өте өңделіп, көркемдік сипат алған оқиғалар баяндалады. Тарихи тұлғалар қатысқан тарихи оқиғалардың баяндалуы, оқиға өткен шегі, жер атауының нақтылы көрсетілуі, танымдық, ретроспективтік сипат, белгілі дәрежедегі аймақтық шектелушілік (яғни әр жерде, негізінен, сол өңірде жасаған адамдар, болған оқиғалар туралы аңыздар көбірек таралады), сюжеттік–композициялық шарттылықтың сақтала бермеуі – аңыздың жанр ретіндегі ерекшеліктері. Заман алға озып, ел жадында тарихи тұлға көмескі тартып, тарихи оқиға елеске айнала бастағанда, әуелдегі әңгіме халықтың көркемдік таным тезіне түсіп, өзгеріске ұшырап, аңыз ретінде айтылатын болады. Қазақ аңыздарына алғаш назар аударған Ш. Уәлиханов пен Г.Потанин еді. Әйткенмен аңыз жеке жанр ретінде М.Әуезовтың еңбектерінде ғана қарастырыла бастады. Ол аңыздарға: «тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме» – деген анықтама берді. М.Ғабдулин де осы пікірді қуаттай отырып, аңызды «аңыз әңгіме» деп атады да оның жанрлық ерекшеліктерін айқындай түсті. Аңыздың жан–жақты зерттелуі С.Қасқабасовтың халық прозасына арнаған еңбектерінде жүзеге асты.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; ҚҰЭ. Т.1., 388 б.
АР – адам бойындағы адамгершілік қасиеттің өлшемі, тұлғаның өз әрекетімен ниеті үшін жауаптылығын сезінуі және адамның өзіне–өзі ұждан тұрғысынан баға бере білуін бейнелейтін әдептанулық категория. Этикалық әдебиетте А. туралы көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер кездеседі. Сенека А. деп адамгершілік өлшемдеріне байланысты біздің мінез–құлықтарымызды құптайтын немесе айыптайтын ішкі дауысымызды айтады. Стоиктер яғни ежелгі Стоя қаласының ойшылдары бұл ұғымды адамды қорғап тұратын күшпен теңейді. Діни танымда оны адам бойындағы имандылық деп қарастырады. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген пікір бар. Қазіргі батыстық этикада ардың беделшілдік және гуманистік түсініктері айқындалған (Э. Фромм). Біріншісі сырттан танылған құндылықтарға икемделумен байланысты болса, екіншісі адамның өзін–өзі тәрбиелеуіне қатысты. Қазақ халқының дәстүрлі әдеп жүйесінде А. ұғымы жоғары бағаланады. Кісіліктің негізгі қасиеттерінің бірі – арға кір түсірмеу. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейді халық мақалы. Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Абай арды надандық ұят және шын ұят деп екіге бөледі. Надандық ұяты дегеніміз – жас баланың сөз айтудан ұялғаны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Ал шын ұят – шариғатқа, абыройға теріс, ақылға сыйымсыз, сөкет қылықтан ұялу. Бұл – тек есті адамға ғана тән қасиет. Ал екіншісі – өзің істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылықтан ұялу. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өзің сөгіп, қылған қысымның аты екенін айтады. Абай, Шәкәрім барлық әдептілік түсініктерін «А. ілімі» маңайына топтастырған. Ары бар кісі ғана иманды, ізгі, парасатты болып келеді. Шәкәрім айтқан «арлы азамат» – жақсы мен жаманның айырмашылығын терең түсінетін, сөз бен істе түзу, әділ, намысшыл адам. Оның пікірінше руханилыққа жеткізетін 4 жол бар: 1) еңбек; 2) өнер; 3) жалпы білім; 3) А. ілімі. Соңғысы кісіліктің түп қазығы болып табылады. А. – адам болмысының моральдық мазмұнын анықтайтын жинақтық (кумулятивті) түсінікті білдіретін ұғым. А. ұғымы адамның өз іс–әрекеті үшін өзінің алдындағы моральдық жауапкершілікті түсінуін және оны сезінуін, сонымен қатар, әділетті де пәк болуға деген ішкі ниетін, ішкі интенциясын білдіреді. Сондықтан А. индивидтің адалдық, шыншылдық, әділдік, кеңпейілділік, кісілік, ұждан сияқты сапалық белгілерін бағалаумен байланысты болатын моральдық–этикалық және әлеуметтік кешенді құбылыс. А. адамдардың табиғи болмысынан өрбіп отыратын жалпы рухани–әдептік кеңістікті қамтитын жалпы категория. А. – адамға қатысты сезім, оның тұлғалық құрылымының құрамдас бөлігі болып табылатын болмыстық қасиет. “А–сыз адамның қоры” (Ж.Баласағұн), “Ары жоқтың ақылы жоқ” (мақал), “А. жазасы – бар жазадан ауыр жаза” (М.Әуезов) дегендер жоғарыда айтылғандардың дәлелі. Сонымен бірге, А. қандайда бір мәдени немесе әлеуметтік дәстүрдің, материалдық немесе жеке адам амбициясының ықпалымен өмірге келген салыстырмалы ұғым ретінде де қабылдануы мүмкін. Қоғамның моральдық өмірінде А. адамның мінез–құлықтарын реттеуші қызметін атқарады. Бір жағынан ол адамның іс–әркетін бағалайтын болса, екінші жағынан, адамды кейбір маңызды, әлеумет үшін құнды істерге итермелейді, үшіншіден, ол теріс істерден сақтандырушы қорғанысы болады. Мұны “Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік тұрмас па” (Қазыбек би) деп айтқаны айғақтап тұр. Шәкәрімнің “ар ілімі” бойынша, А. – адамның Алла аманатын сақтаушы және жауап беруші рухани субстанциясы, а. – жанның болмысы. А. – адам болмысындағы түйінді моральдық құндылық. А. мен зұлымдық егіз ұғым ретінде анықталады. Шәкәрім: “Дәлелім – ұждан, зұлым бар тетелес” –дейді. Ардың атрибуты ретіндегі адам әділ болуы керек деп есептейді. А. – адамның адами болмыс кеістігі, өрістік шегі. А. адамның моральдық санасының негізгі ұстындық категориясы. А. – тұтастай бір концепт, ілім. Сондықтан А. – адамзатына тән моральдық жүйе. Қазақта “малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” –дейтін ұстаным бар. “Арыңды сатпа, малыңды сат” (Бапан би) – дейтін қағида бар. А. ілімі әлеуметтік реттеушілік, ұйымдастырушылық қызмет атққаратын қағидалар, ұғымдар жүйесі болып табылады. А. концептіне арқау болатын моральдық жүйе негізінен әділеттілік ұғымы төңірегіне тоғысады. Әділдік ардың ішкі мәні мен мазмұнын білдіретін алтын діңгек қызметін атқаратын ұғым, ол – адамның арлы санасын өлшеу таразысы. Әділдік теңдік пен шынайылыққа негізделеді. Арлылық мінездің шолғыншы–өшеуіші ретінде “ұят” ұғымын алуға болады. Ұят ардың нақты жағдайда көрініс табу формасын білдіреді. Мысалы, қорқақтық жасау – ұят, әдепсіздік көрсету – ұят, үлкенді сыйламау – ұят, қонақты күтпеу – ұят және т.б. Сондықтан “ар–ұят – адамның жан азығы” болып табылады. А. түсінігіне тиімділік және эмоционалдық компоненттер біріктірілген. Ол ұжданды пайымдауда көрінетін іс–әрекеті үшін өзінің жауапкершілігін түсінуді және қуаныш пен мақтаныш немесе ұялу мен өкініш сезімдерінен көрінетін моральдық қанағаттануды немесе жәбірленуді қамтиды. Қазақы дүниетанымда адамдағы ішкі рухани ардың шектеулілік мүмкіндігін бұзатын, яғни жоққа шығаратын құбылыстар қатарына адамның биологиялық тіршілігі үшін маңызды рөл атқаратын тамақ, ұйқы, күлкі сияқты іс–әрекеттер жатқызылады..
Әдебиет. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; ҚҰЭ. Т. 1, 394 б.
АРАЛАСУ – қазақ дүниетанымында адам мен қоғамның, адам мен адамның арасындағы қарым–қатынасты бейнелейді. Адам болмысының өзі үнемі дамып, өзгеріп және жаңарып отыратын араласу процесі, ол адамның мәндік ерекшелігі. Адам өз болмысының құпияларын өзін қоршаған ортадан оқшау, тұйық жағдайда толық ашуы, көрсете алуы мүмкін емес, адам қоғамда ғана толық қалыптасады. Адам болмысы араласу арқылы, оның өзіндік “Менінің” “Басқамен” үздіксіз жүріп отыратын диалог–сұхбатында ғана айқындалады. Адам өзін қоршаған ортамен: табиғатпен, қоғаммен, басқа адамдармен араласуға мәжбүр деуге болады. Ежелден араласуға құмар қазақ халқы оны жоғары бағалады. А. – қазақ халқы үшін өмірдің мәні, басты құндылықтардың бірі және қазірге дейін солай болып қалып отыр. Белгілі қазақ философы Қ.Ш.Нұрланова араласудың бес деңгейін бөліп көрсетті: қарым–қатынас, келіп–кету, сіз–біздесу, араласу, іштесу. А. қазақ үшін терең мазмұнға ие, ол өмір кеңістігінде өзінің туысқандарымен, отандастарымен, адамзаттың басқа өкілдерімен бірге өмір сүру тәсілі. Қазақ халқының араласуға құштарлығының негізінде малдың қамымен ұзақ уақыт бойы табиғат аясында оқшау өмір кешу жатыр. Сол себепті қазақ халқы басқалармен кездесудің, жүздесудің әрбір сәтін қастерледі, өз ұрпағын “кісікиік” болып, жалғыз өмір сүрмей, араласу арқылы адам қоғамында бақытты өмір сүруге шақырды. Осы қасиет қазақ халқының қазіргі заманда бүкіл адамзат қауымдастығымен тіл табысып, ынтымақтаса өмір сүруінің себептерінің бірі.
АРАМ – араб тілінен аударғанда “рұқсат етілмеген”, “таза емес” деген мағынаны білдіретін сөз. Этикалық тұрғыда адамның жағымсыз моральдық сапасын айқындайтын категория. Мұсылмандық аксиологияда адамның ас–суын ғана емес, іс–әрекетін, мінез–құлқын, тәртібі мен әдетін, ниеті мен пиғылын да адал, арамға бөлген. Құранда: “Әй, муминдер, сендерге ризық етіп бергендердің тазасын жеңдер. Алла тағалаға пенде болғандарыңа шүкірлік етіңдер. Әлбетте, ол сіздерге өлексені, қанды, шошқа етін және Алладан басқаның атын айтып сойылған хайуандардың еті арам қылады” (Бақара сүресі, 172–173 аят.) –делінген. Енді бір тұста: “Алланың діні өзгермейді. Өйткені дін өзгертілмеген. Шариғаттар болса өзгертілген. Сондықтан кейбір нәрселер бір адамдар үшін адал болса, Алла оны басқаларына арам еткен. Біраз бұйрықтардың орындалуын Алла кейбіреулерге әмір етсе, кейбіреулерге тиым салған” –деп айтылады. Діни этика бойынша, байлықты жұмсаудың өзі адал мен арамға бөлінеді. Бұл орайда о дүниеде байлық Аллаға арыз айтып: “…Харамға жұмсасаңыз: “Иә, Алла! Бұл пендең мені жаман жолға жұмсады” десе Алла сол адамның дәрежесін төмендетіп қояды екен деген түсінік бар. Адамдардың іс–қимылы мен әдеттеріне қатысты елге, халыққа көрсетілген қызметтен көз бояушылықпен, алдап арбаумен, зорлықпен, ұрлық–қарлықпен, парамен алынған пайда арам саналған. Біреуге зиян келтіру, өш алу мақсатымен немесе күндестік, қызғаныштан өтірік айту, алдау, қулық жасау да арам ойлы, арам ниеттілік саналады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Дін философиясы. Астана: Аударма, 2006; ҚҰЭ. Т.1., 419 б.
АРМАН – адам көкейіндегі ізгі ниет, болашақтан күтер үміт, алға қойған мақсат. Қазақ халқында «армансыз адам жоқ» делінеді. Халықтың жоқтау өлеңдерінде де «арманда кеткен» тіркесі көп кездеседі. Мәселен «ел ішіне сау келсең, тағлым айтпас ер ме едің? Жол көрсетіп, сонда өлсең, Арманым бар дер ме едім?» (Абай). Бұл мағынада опасыз жалған дүниеде адам араманының шексіздігі, оқыс қазаға байланысты, қайғыға ұласқан ащы арман сөз болады. Арман сөзінің қолданылу аясы кең. Ол – шығармашылық қиялдың дайындық сатысы да. Адам өз болашағы үшін күресудің орнына құрғақ қиялға берілсе, мақсатына жете алмайды. Енжар, селсоқ адамның қиялы сүреңсіз келеді, ондай кісіні көбінде мұң басады. Ол болашақ үшін күреске құлықсыз, ондайларды өмір қызықтырмайды. Бос қиялға салынған кісі, өмір ауыртпалықтарын, оның қуаныш, қайғы–қасіретін түсінбейді. Арман – жастар үшін аса қажетті қасиет.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; ҚҰЭ. Т. 1, 440 б.
АРУАҚ — жан денеден бөлек өмір сүреді деген көне ұғымнан туған діни наным бойынша қайтыс болған адамдардың тіршіліктегі адамдарды желеп–жебеп жүретін рухы (аруағы). А. түсінігі генотеистік сенім–нанымдар жүйесіндегі ата–бабалар культімен тығыз байланысты. Көзі тірісінде дара тұлға ретінде көріне білген халықтың қадірлі адамдарының А–тарына табыну қазақ мәдениетіне тән құбылыс. Ш.Уәлиханов айтқандай “қазақтар Алладан гөрі, А–тың есімін көбірек атаған”. Дәстүрлі көшпелі қазақ қоғамында құрметті адамдар (әдетте, ел намысы мен азаттығы үшін күрескен батырлар, әділ билер, шапағатты ел және ру басылары, атақты ақын–жыраулар, діни қайраткерлер т.б.) А–ғы ел қорғауға аттанған сарбаздардың ұранына айналған. А–тарды құрметтеу оларға сыйыну, қолдауын тілеу, қиын–қыстауда А–тан арқатіреу іздеу дәстүрлі қазақ мәдениетінде кең тараған құбылысқа жатады (зират маңында А–ға арнап дұға оқу, бата жасау, сырқат адамдардың қайрат–шапағат тілеп, А–тың басына түнеуі, мәжбүрсіз қоныс аударғанда зираттан бір уыс топырақ ала кету т.б.).
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 1. Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. Астана: Аударма, 2005; Ислам. Энциклопедиялық сөздік. / құр. Б. Аяған. – Алматы: Аруна, 2009.
АРХЕТИП (грек. аrche – бастау, tupos – бейне) — алғашқы үлгі, түпнұсқа. А. жалпыадамзаттық рәмізділіктің негізіне, шығарм. жасампаз қиялдың нәр алатын бастауына жатады. А. өнерде ерекше рөл атқарады. Мәдени А–тер — бұл ілкі мәдени тұпнұсқалар, адам және оның табиғат пен қоғамдағы орны жөніндегі түсінік–рәміздер, тарихтың терең қойнауларынан үзілмей “өсіп” шығып, қазіргі мәдениеттің нормалық–құндылық кеңістігінде өз маңызы мен мағынасын жоғалтпаған және бүгінгі адамдардың әрекеттеріне жалпы жоба беретін баптық–құндылық бағдарлар. А. туралы ілімдер К.Юнгтің “аналитикалық психологиясында”, Л.С.Выготскийдің “мәдени–тарихи теориясында”, Дж. Кулидің “Рәміздік интеракционизмінде” және мәдениетті құндылық–рәміздік жүйе мен адамдар тіршілігінің рухани интенциясы деген түсініктерде жан–жақты дамытылды. К.Юнгтің аналитикалық психологиясында А. көмескі сананың тылсымдық құрылымдарында “ұжымдық бейсаналық” түпнұсқалар ретінде сақталды. Мәдени тұлғаның рухани–шығармашылық қазынасын қауымдық тылсымдағы А–тер құрастырады. Оларға адамның рухани өмірін априорлы (тәжірибеге дейін) қалыптастыратын және оның іс–әрекетін, мінез–құлық жүйесін жалпылама анықтайтын құндылықтар қисыны жатады. Осының негізінде адамда “мендік” сезім, этноста ортақ уақыттық–кеңістік өрісі пайда болады. Әрбір халық өз мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік алған кезде А–теріне жиі оралады. Мыс., Қазақстанда соңғы жылдары мәдениет пен өнердің әр саласындағы “ұлттық негіздері жаңғырту” идеясы осымен тұстас.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы, 2007; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004. – С. 67–69.
АСКЕТТІК (грек. asketes – жаттығу, ерлік) — саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. А. көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді. Бір діннің аумағының өзінде А–тің бірнеше баламалары болды. Мыс., христиандықта монахтық А. пен дүниелік А. ажыратылған. Христиандық діннің адам денесінің қасиеттілігі және оның қайта тірілуі мен мәңгі өмір үшін қажеттілігі туралы қағидаларына қарамай, А., әсіресе алғашқы христиандық әулиелердің өмірінде кең орын алған. Батыс Рим империясының құлдырау жағыдайында өріс алған әдепсіздікке қарсы А. руханилықты сақтаудың бірден–бір жолы деп есептелген. А. принциптер Айса пайғамбардың өміріндегі (мыс., шөлде әзәзілдік нәпсіқұмарлықпен күресу) тәрбиелік құндылықтар ретінде уағыздалды. Орта ғасырда католиктік және православиялық ағымдарда монахтық А. (целибат) қарапайым адамдар үшін де үлгі болып жарияланған. Протестанизм сыртқы монахтық А–тің орнына “моральдық аскеза” принципін ұсынды. Рухани тазару алдыңғы орынға қойылды. Ислам дінінде де А. жоғары бағаланған. А. әсіресе, сопылық бағыттың негізгі өмірлік принциптерінің біріне айналды. Оны Қожа Ахмет Иасауи уағыздарынан байқауға болады. Оның пікірі бойынша, адам нәпсіқұмарлықтан арылу үшін өзіне өзі джихат жариялауы керек, нәпсіні тыйған адам түбінде әулиеге айналады, Жалпы алғанда, А. адамзаттың рухани тәжірибелерінің бірі ретінде қабылдануы керек.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.
АСҚАҚТЫҚ — жоғары құндылығымен адамды шаттық сезімге бөлейтін, бірақ өзінің орасан зор күшімен және аумақтылығымен адамның оны қабылдау мүмкіндіктерінен асып түсетін, болашақ мүмкіндіктері зор нәрселер мен құбылыстардың эстетикалық құндылығын білдіретін категория. Осы игерілмеген, кейде шамасынан тыс қатерлі күштердің алдында тұлға еріксіз болып келеді. Егер әсемдік еркіндік саласына жатса, онда А. адамның салыстырмалы тәуелділік аймағында қалып қояды. Бұл жағынан А. әрекет етіп отырған объектінің қабылдаушы субъектіден басымдылығын білдіреді. Табиғаттың орасан зор немесе пәрменді құбылыстары, тарихи төңкерістер, тұлғалардың жанқиярлық рухани немесе әлеуметтік ерліктері мен ауқымды шығармашылығы адамдағы А–тың объективті бастауларына жатады. А. күнделікті өмірдің әдетті жүрісіне ретсіздік әкелуі мүмкін. Бұл шұғыл өзгерістер адамда кеңеттен пайда болған шаттану немесе тылсымдық үрейлену туғыза алады. Адам толық меңгергеннен кейін А. әсемдікке айналады. Өнерде А. аумақты, көтеріңкі (пафостық), монументалдық туындыларда анық көрініс табады. Өнер тарихында А. мәселесі алғашқы рет антикалық мәдениетте шешендік өнердің тартымдылығы мен көтеріңкілігіне байланысты қойылды (Цецилий 1ғ). Псевдо–Лонгин “А. туралы” деген трактатында оны эстетикалық категория түрінде қарастырады. Жаңа заман эстетикасында әсемдік пен А–тың арасындағы айырмашылықтарға басты назар аударылады. Шиллер А–тың математикалық (аумақ, көлем, сан) және динамикалық (сапа, серпін, күш, әсер) бастауларын атап өтеді. ХХ ғ. эстетикасында А. көркем мәдениеттің басты құндылықтарының біріне айналады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.

АССИМИЛЯЦИЯ (лат. assіmіlatіo – ұқсасу, сіңісу, сіңу) — үлкен этникалық ортада саны кем және саяси–мәдениеті мен әлеуметтік жағдайы төмен халықтың өзінің ұлттық болмысынан айырылып, басым халық арасында сіңіп кетуі құбылысы. Мәдени А. – белгілі бір, әдетте, “әлсіз” мәдениетті өзінен жоғары тұрған сыртқы мәдениеттің арасында толық немесе жартылай таралып кетуі. А–ның негізгі тетіктеріне жаугершілік, этносаралық неке, ұлттық салт–дәстүрлерді орындамау, діни ажыратушылық, ана тілін ұмыту, мәдени элитаның доминатты топқа қосылуы жатады. Мәдени А. ұлттық ділден мүлден айырылумен аяқталады. А. табиғи немесе күштеу жолдарымен жүреді. Табиғи А. жаңа этномәдени аймаққа әртекті ұлттардың қоныс аударуы жағдайында жылдам және органикалық түрде жүреді. Осы жолмен Американың көптеген этностары қалыптасқан. Алайда, бастапқы кезде Жаңа Әлемде басқыншылық та, байырғы халықты қыру процестері де болған. Империялық сипаттағы елдерде А. процесі негізінен күштеу арқылы жүзеге асқан. Мәдени жағынан алғанда, А–ның әртүрлі этномәдениетке тигізетін оң ықпалын да (адамдық бірегейлену, мәдениеттердің тоғысуы мен сұхбаты, мәдениет құндылықтарының таралуы мен алмасуы т.б.) ескерген жөн.
АТАМЕКЕН (арабﻤﮎﻥ «мәкан» – орын, жай) – ұрпақтан ұрпаққа қалып отырған «кір жуып кіндік кескен» аймақ, өңір, өлке. Түркі қауымына ортақ «ата» сөзімен қосылып, әуелде «ата қоныс» ұғымында қолданылған. Кейін келе мәні кеңейіп «ата–бабалар ғұмыр кешкен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы» деген ұғымды білдіретін термин ретінде орныққан. «Ата» – көне түркі дәуірлерінде әрі қолбасы, әрі елбасы болған кісілер есіміне жанама қосылатын атау. «Ата» сөзі тіркескен қасиетті орындардың бәрі де сондай адамдардың аттарымен байланысты болып келеді. А. осындай жерді, мекенді киелі рухқа теңеуден шыққан. Демек ол – ұран тектес сөз. Бұл, әсіресе ежелден аталар рухына – аруаққа сыйынған түркі қауымдарына тән нәрсе. А. көне замандарда ру, тайпа иелігіндегі белгілі–бір аймақ, өңір болса, бертін келе туған жер, Отан ұғымдарының баламасына айналған. Ол еліміздің, мемлекетіміздің негізі. Аумалы–төкпелі заманда империялық отаршыл және кеңестік қызыл саясат салдарынан шетке ауып кеткен қандас бауырлар Қазақстанның егемендік алуына орай өз А–іне қайтып оралуда.

А. – ата бабадан ұрпаққа мұра болып қалған ежелгі құтты қоныс, мекен жай; жанға жылы да жақын отбасы ордасы, кіші отанның айшығы; мекен–жай қонысында ел мен ер жандүниесінің жақындасуы, күш–жігері мен үмітінің жандануы; табиғи–эволюциялық түсінікке, тіршіліктің табиғи ортасын сезіне білуге, соған бейімделуге негізделген дүниетаным мен табиғаттанудың саласы; өмірлік жолда табиғи құбылыстардың түп–тамыры мен нақты көріністерін ұғыну барысында тоқығанды тірлікке тірек етуді үйрену.

Жер – атаға да, анаға да ыңғайлы мекен–жай, үлкен мен кішінің анасы да, жүректің жайлы панасы, кез–келген жанның бесігі, әрі күллі ырыстың кіндігі. Халық үшін табиғат, тірі жәндік, тірі жан – бәрі де шындық. Адам да шындық. Осы тұрғыдан адам табиғатты пайымдады, оған бейімделді, табиғаттың енді бір өңір–өлкесін – ел–жұртты сақтауды діттеді. Өмірлік мекен–жайда тіршілікке бейімделу, адамдардың бір–бірімен жақындасу, туыстасу дәстүрлері мен ойлану түрлерінің жаңа түрлері байыпталды. Табиғаттағы нақты көріністерді қабылдау, бағалау – қоғамдық қатынастың түріне және өзара түсінісудің деңгейіне байланысты. Кіндік кескен жер мен туған ел–жұрттың ұқсастығын ұғыну, оны қадірлей білу, тәуелді тіршілік ортасына біртіндеп жақындаушылық – қазақтанудың басты кезеңдерінің бірі. Қазақтың атамекенмен, оның байырғы атажұртымен табысуының атап айтарлық ерекшеліктері табылады. Ерекшеліктер табиғи–тарихи, тарихи–танымдық заңдылықтардан ауытқи бермеді.

Қазақ туған жер, өскен ортасымен тілдесті, ататегімен түсінік іздестірді. Орта деп отырғанымыз – «туған жертұғырың, туған елқыдырың» деген тыңғылықты түсінік. Содан: «әркімнің өз жеріжұмақ», «жер тоймай, ел тоймайды», «жері семіздіңмалы семіз», «туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық», «туған жердің ауасы да шипа», «ауырлықты жер көтерер» деп түйін түптелді, қанатты сөздер ел аузында жатталынды. Қазаққа туған жердің малжанымен қатар, торғайы да сүйкімді, бәрі де бірдей. құнды. Ол қашанда туған жері мен туған үйінен үйлестікті аңсады. Ұлағаттылыққа лайықты ұстанымдардың арқауын ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Құс ұясыз, Жыртқыш інсіз болмайды. Отансыз жан өміріңде оңбайды. Өзінөзі қорлайды да, сорлайды. Тірі адамғасол қайғы. Білесің бе, Отанның сен не екенін?». «Мекенжайым жер менің, Жерде жүрген ақын деген пендемін,..Уақыт бер аздаған, Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деп ширатты. Қазақ өзіндегібас азаттығын, елдегідін мен жер еріктігін жоғары қойған. Өйткені адам өз елінде көгереді, өсіпөнеді. Отбасына опасыздық жасамайтын жан тегін іздейді және табады, ал «Отан үшін күресерге тиген үлес» дейтіндер көгереді, елімен жарасқандар, отанын сүйетіндер өсіп өнді. Отанын сүйгеннің болымы толады. Себеп: «Ошағы бірдіңбілегі бір, Отаны бірдіңтілегі бір». Тілегі мен білегі бір тоқшылық пен молшылықта өзін зор тұтады, бағы мен бағытты ұтады, түбірінде адамдығын ұтты. Қазақ жан мен тән бостандығында туған жерін атамекен ретінде ыстық жүрегімен, тікелей ықыласымен қабылдаған, оның атамұрасын сүйсіне суреттеген. А.–де атамұра қалыптасты, аяқ алысты, малжан бауырласты. Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 506 б.

АУРА (грек. аura – ұшқындау) — 1) жай көзге көрінбейтін адамның биоэнергетикалық қабыршығының сәулелік ұшқындауы; 2) заттар мен тұлғалардың маңайынан ұшқындар шығатын болып көрінетін ерекше бір қалып, көңіл–күй, райлылық; 3) бейнелеу өнерінде – нимб, ореол. А. ұғымы индуизм мен буддизмде қалыптасқан. А–ның түстері сана бастауларына, адамның көңіл–күйі, сезімі және ойларына қатысты өзгеріп тұрады. Ізгі ниеттер жарығырақ түстерді тудырса, төмен ойлар қараңғылау бояуларды әкеледі. А–ны көру қабілеті спонтанды тылсымдық түрде немесе рухани тәжірибенің арқасында пайда болады. Адамның даму деңгейіне байланысты ол әр түрлі болады: ұлы мистиктерде — өте айқын, инстинктілерде — бұлыңғыр. Санскритте А. прабхамандала — “сәулелі шеңбер”, немесе диантачакура — “жарық дөңгелегі” деп аталады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
Әдеп — қоғамдық қарым–қатынасты адамның мінез–құлқына, өзін ұстай білуіне қойылатын этикалық талаптарды білдіретін ұғым. Ә–тің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтіруімен байланысты. Бұл сипатта Ә. мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады. Мәдениеттің қалыптасу барысында ізгі мінез–құлық белгілері әдептілік талаптарына айналып отырған. Ә. өлшемдері арнаулы қаулы арқылы жарияланбайды және олар данышпан адамдардың ойлап тапқан құндылықтары емес. Ә. ережелері өркениет пен мәдениеттен сұрыпталып алынған. Қазіргі заманғы ғылым әдептің қалыптасуына әсер еткен үш басты факторды атап өтеді. Олар: жыныстық қатынасты реттеу арқылы аналық рудың пайда болуы; тайпа мүшелерін өлтіруге тыйым салу; қариялар мен балаларға қамқорлық ету. Мәдениеттің өзегін салт–дәстүрлік әдеп құрастырады. Егер соқыр сезім жануарлар тіршілігіне қалай әсер етсе, салт–дәстүр де алғашқы адамдардың іс–әрекеті мен мінез–құлқына, ақыл–ойына сондай әсер етеді. Дәстүрлі қоғамдағы әдептің қарапайым түрін кейін рационалды имандылық қағидалары алмастырды. Алайда бұдан көне әдеп жоғалып кетті деген ой тумайды. Себебі, көне мәдениет қазіргі ұлттық мәдениеттің архиетипі қызметін атқарады. Қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесі сонау көшпелілер мәдениетінен нәр алады. Ол казіргі заман талаптарына сәйкес жаңара түскенімен, бастапқы негізін сақтап келеді. Қазақ дәстүрлі мәдениетіндегі әдептіліктің басты белгілеріне жататындары: атамекен мен туған халқына деген сүйіспеншілік, ар–ұятты қастерлеу, намыстылық, мейірімділік, ізеттілік, ата–бабалар әруағы мен ақсақалдарды сыйлау, ата–аналық парыз бен балалық қарыз, әділдік, қанағатшылдық және т.т. Басқаша айтқанда, этностың басты ұғымдары әдептіліктің, кісіліктің төңірегінде топтасқан.

Бірақ, қазақ дәстүрлі мәдениетінде айшықталған ә. ұстанымдары батыстық этика ұғымдарынан басқаша, өзіндік бітімі бойынша тұжырымдалады. Біріншіден, кісілік қасиеттер ауызекі поэтикалық арнада көркем суреттемелер арқылы берілген. Екіншіден, әдеп нормалары (кісілік белгілер) қазақы руханиятта құқықтық, діни, көркем өнерлік нормалармен синкретті әрекет еткен. Үшіншіден, әдеп нормалары ақын–жырауларда ауызекі мәдениеттің көне үлгілерін қамти отыра жырланған.


ӘДЕТ — адамның күнбе–күнгі тіршілік қажетіне байланысты қалыптасқан тұрақты мінез, іс–қимыл ерекшеліктерін білдіреді. Қазақта “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген қанатты сөз бар. Оң мағынасында Ә. күнделікті өмірде қолданылатын ой тізбектері мен іс–қимыл реттілігін ұтымды, дайындықсыз, қалыптасқан түрде жүзеге асыруға себебін тигізеді. Бұл сипатта Ә. саналы пайымнан гөрі адамның бейсаналық, тылсымдық қатпарларынан бастау алып отырады. Жағымды Ә. қоғамдағы тұлғааралық және топаралық үйлесімдік пен ынтымақтастықты арттырудың құралы іспеттес және тұлғаны қайталанылатын шешімдерден босатып, оның әрекетін күрделі мәселелерді шешуге бағыттайды. Қылық пен мінез–құлықтағы теріс Ә. адамдық қауымдастық мәдениетіне кері әсерін тигізіп, тұлғалардың берекесін кетіріп және оғаш қылықтарымен өзінің де абыройы мен қадір–қасиетін төмендетеді. Жүріс–тұрыс мәдениеттілігін күнделікті өмірде дәйекті қолдану қазіргі өркениеттіліктің маңызды талабына айналып отыр.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия/ Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.
әділеттілік —құқықтық мәдениетте адам аралық қатынастың белгілі бір моральдік тәртібін анықтайтын принцип, адамның қоғам алдында ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұлға үшін де жауаптылығын көрсететін, адамдар өмірінің заңдылығы мен санасын білдіретін әлеум.–этикалық категория. Ә. – ізгіліктің ірге тасы. Ә. уақыт ағынында өзгеріп отырады. Оның алғашқы түріне көне қоғамдағы “жазалаушы әділеттілік” деген жатады. “Қанға қан, жанға жан”, талион, кек алу принциптері ілкі санада Ә. саналды. Қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелері Ә.–тің осы түсінігімен түбірлес. Қоғамдағы меншіктік қатынастардың қалыптасуына байланысты жазаланушы Ә.–тің орнына оны тепе–теңдік тұрғыдан түсіну алдыңғы қатарға шықты. Қоғамдық байлықты барлығына бірдей үлестіру идеясы Ә. талабына айналды. Бұл ұран желеуімен талай қантөгістер, төңкерістер, бүліктер жүріп жатты. Әлеум. әділеттілікті орнатамыз деген желеумен бір ғасырға жуық коммунистік идеология өз халықтарын тоқырауға әкелді. Соц. қоғам “байлық бұл әділетсіздік, ол кісіні аздырады, адам неғұрылым кедей болса, оның руханилығы жоғарылай түседі” деген жаңсақ пікірді негіздеді. Шын мәнісінде, қабілеті мен білігі тең емес адамдарға мүлікті бірдей үлестіріп беру әділетсіздіктің айқын көрінісіне жатады. Мұндай түсінік әлеум. енжарлыққа әкеп соғады. Алайда әлеум. теңдік – өркениетті қоғам құрудың басты шарты. Адамдар құдай алдында, әдеп, құқық, заң алдында тең және бірдей мүмкіндікке ие. Нарықтық қоғамда “мүмкіндіктер теңдігі мен әділеттілігі” деген өмірлік принципі кең етек жайған. Қоғамдық қатынастар әрбір адамның өзіндік мақсатына жету мүмкіндіктерін шектемеуі керек. Ә.–тің басты өлшемі – адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы, нәтижелер теңдігінің жүзеге асуы.”Нәтижелер теңдігі” қоғамдық байлықты өмірде табысқа жете алмаған адамдардың пайдасына қайта бөлуге әкеледі. Бұл экономикалық даму ынталылығын азайтады. Мыс., дәрігер мен санитардың, профессор мен ассистенттің еңбегін тең бағалау әділетсіздікке жатады. Алайда қоғам мүліктік теңсіздікті тым тереңдетіп жібермеуге тырысуы қажет. Қоғам үшін пауперлер мен люмпендердің, кедей адамдардың қатары көбейуі қымбатқа түседі. Ол қоғамдық ынтамақтастық пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия/ Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу