«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты


Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008



бет6/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
#330
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
ДҮНИЕГЕ көзқарас дүниетаным – тұтас дүние және ондағы адамның алатын орны туралы жалпылама түсініктердің жүйесі. Д.к–ның басты түйіні дүние мен адамның қарым–қатынасы мәселесінде жатыр. Дүние бар, сол дүние дамуының ең жоғарғы нәтижесі болып есептелетін саналы адам бар, ал бұлардың арақатынасы қандай? Ең алдымен дүние дегеніміз не? Адам дегеніміз кім? Дүние шекті ме, шексіз бе, мәңгі ме, өткінші ме? Адам қалай және қашан пайда болған? Оның өмірінің мәнісі неде? Адам дүниені танып–біле ала ма? Адамның бұл дүниедегі орны қандай? Адам нені қалайды, нені таңдайды, неге ұмтылады, нені армандайды? Ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен жауыздық, қайырымдылық пен қайырымсыздық, бақыт пен бақытсыздық, өмір мен өлім, ақылдылық пен ақымақтық және т.б. осындай сауалдар адам баласын мазалайды, толғандырады, күйзелтеді, ойлантады, сана–сезімін сансыратады. Міне, осындай дүние мен адам қарым–қатынасы төңірегіндегі бітпес сұрақтар тізбегі Д.к. құрамына еніп, жауап күтеді. Сондықтан ол адам санасының қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Адам баласы пайда болғалы бұл мәселелер заманына сай әр елде, әртүрлі дәрежеде шешіліп отырады. Әр дәуірдің өзіне сай жиынтықты Д.к., дүниетанымы бар деуге әбден болады. Сонымен бірге бұл дүниетанымның жекелеген адамдар санасында қалыптасып, индивидуалды көрініс табатынын ескерген жөн. Д.к. құрылымында әртүрлі білімдер (өмірлік–практикалық, ғылыми, кәсіби және т.б.) мен құндылықтар жүйесі, іс–әрекет бағдарламалары өзара байланыста орын теуіп, адамдардың дүниені және өзін–өзі мүмкіндігінше тұтас түсінуіне жағдай туғызады. Д.к.–тың жалпы адамзатқа тән тарихи формаларына әпсана (миф), дін және философия жатады. Философия Д.к.–тың өзегін құрайды. Белгілі бір философиялық жүйеде құрылған Д.к. сол философиялық ілімнің принциптеріне негізделеді, сондықтан ол теориялық түрде ой елегінен өткізілген, барлық бөліктерінде өзара жымдастырылған, сындарлы түрге еніп, сол көзқарасты ұстанған адамның барлық іс–қимылын, ойлау желісін, құндылықтық бағдарын, эмоциялық реакцияларын, өмірлік ұстындарын анықтайтын болады.
ДҮНИЕНІҢ ғылыми суреттемесі – ғылыми танымның негізгі ұғымдары, принциптері мен заңдарын синтездеу арқылы құрылатын дүниенің жалпылама қасиеттері мен заңдылықтары туралы түсініктердің тұтас жүйесі. Д.ғ.с. замана ағымына сай әрқашан өзгеріп, дамып отырады, яғни оған тарихилық тән. оның мазмұнын әр кезеңдегі ғылыми білімдердің қосындысына ғана сайып қоюға болмайды, ол сол заман мәдениетінің айшықты сипаттарын өз бойына дарытып, дүниетанымының көкжиегін білдіретін философиялық–методологиялық негізде құрылады. Д. ғ.с. үш деңгейі бар: жалпы ғылыми пәні бойынша өзара сыбайлас ғылым салаларына сай құрылатын (жаратылыстанулық, қоғамдық–гуманитарлық және ғылыми–техникалық) және жекелеген ғылымдар базасында пайда болатын. Бұлардың арасында терең байланыс бар, өйткені дүниенің жалпы ғылыми суреттемесі жекелеген ғылымдар жетістігіне сүйеніп құрылады және, керісінше, жалпы ғылыми суреттеме өз ретінде жекелеген ғылымдардың дамуына өз оң әсерін тигізіп, бағыт–бағдар беріп отырады, сөйтіп олар өзара корреляциялық байланыста дамиды. Жекелеген ғылым беретін суреттеме сол ғылымның зерттеу пәнін бейнелеп, дүниенің жалпы ғылыми суреттемесінің әлдебір бір фрагменті, аспектісі ретінде күй кешеді. Бұлардың арасындағы орталық буынды жараталыстанулық, әлеуметтік–гуманитарлық және ғылыми–техникалық суреттемелер құрайды. Д.ғ.с. ғылым дамуының басты негіздемелерінің біріне жатады.
Дұғадіни тұрғыдан алғанда – Жаратушыдан қажетін сұрау, жақсылықты болдыру, не жамандықты қайтару мақсатында Жаратушыдан медет тілеу деген мағынаны білдіреді. Жаратушыға Д. етудің мәнісі – пенденін Құдірет иесіне деген мұқтаждығын білдіру, қажеті өтелу мақсатында Жаратушысына мінәжат ету. Д. ету, яғни Жаратушыдан қажетін тілеу – діндегі елеулі орын алатын ғибадаттың түрі.

Діни сенімде Жаратушыға көп дұға етуші Жаратушы мейріміне ие болады. Д. күнә мен қатерді жойып, тозақ азабынан құтқарады. Үнемі зікір ету, яғни Жаратушыны еске алып дұға жасау – адамның бүкіл болмысын жамандықтан, ластықтан сақтайды. Ислам дінінде жамағатпен отырып Д. ету амалы – қиямет күні қайғы–қасіреттен қорғайды. Шын жүректен шыққан, ықыласпен жасалған Д. – қиямет күні Жаратушының тандаулы пенделеріне арналған жәннаттың есігін ашуға себепші болады. Жаратушының пенделеріне әзірлеген нығметтерінің ең абзалы – Жаратушыны еске алып, Д. еткендердің несібесі. Үнемі Д–да болғандардың тіршілігі әрқашан қауыпсыз және тыныш болады.

Исламдағы Д–ның шарттары: дәретті болу, дұғаны Жаратушыға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен бастау, тілекті үш қайтара айту, қыблаға бет қарату, екі қолды иық тұсына көтеріп, алақаның жаю, орташа дауыспен дұға ету, дұғаны Пайғамбарымызға салауат айтумен аяқтау, Д–да Жаратушының есімдері мен сипаттарын тілге алу, алдымен өзі үшін тілек ету, шын көңілмен тілеу, Д–да әдептілік шегінен шықпау, аят пен хадисте көрсетілгендей Д. ету, жаратушыдан қажетін жалықпай тілеу.

Д. адам баласының ішкі жан–дүниесін рахат сезімге бөлеп, жан тыныштығын береді. Жаратушыға жалынып, жалбарыну – Д–ның негізгі мәні. Жалынып, жалбарынудын бірнеше көріністері болады.
Әдебиет: Ислам. Энциклопедиялық сөздік. / құр. Б. Аяған. – Алматы: Аруна, 2009; Құран Кәрім аудармасы, Алматы. – Дәуір – 2003;
ДІЛ, менталитет – адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақгылы тарихи–мәдени ортада қалыптасқан мінез–құлықтардың және іс–әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым. Д. мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін–өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты. Адам баласы тумысынан құндылықтар жүйесін (отбасылық, топтық, этн., мемл., өркениеттік, т.б.), көбінесе, бәз қалпында, дайын күйінде қабылдайды. Еркін таңдау қабілеті, негізінен, шығарм. қарымы, жасампаздык дарыны мол тұлғаларға тән. Осыған орай, ең алдымен, этн. сананың (яки рәміздер, мифтер, мұраттар, салт–дәстүрлер, т.б.) тұрақтылығын, дүниетанымының әмбебапты болатындығын ескерген жөн. Д. "біз және біз емес" деген ажыратушы оппозицияға негізделеді. Д–ді оған табиғаты ұсақтау мәдени архетип пен ұлттық мінез құлықтан ажырата білген жөн. Өзгермелі ортада тұлғалық тұрақтылықты жүзеге асыратын мәдени архетип тылсымдық, бейсаналы сипат ие–ленеді. Ал таңбалардың, рәміздер мен мағыналардың пайымдалған жүйесін құрайтын Д. саналы талқыға түсіп отырады. Ұлттық мінез–құлық мәдени архетиптермен бірге адамдардың қайталанбалы, табиғи, этнопсихол. ерекшеліктері арқылы көрініс табады. Д. әр түрлі адамдардың дүниедегі заттар мен құбылыстарды біркелкі таңбалар мен рәміздер арқылы бейнелей алу қабілетімен ерекшеленеді. Осы біркелкілік адами қоғамдастықтардың ортақ табиғи–тарихи ортада қалыптасуымен де, мәдени сабақтастық нышандарымен де тікелей байланысты бола–ды. Мыс, еуразиялық ¥лы Даланы қоныстанған көшпелі халықтар ұрпақтарының Д–інде көптеген ортақ белгілер бар.

Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.



ДІН (араб. – сенім, наным, илану, әл–Исламның балама аты) Алланың (немесе бір және бірнеше Құдайдың, Жаратушының) барлығына сену негізіне сәйкес өзін–өзі ұстауы, адам ақыл–ойы, сезім мүшелері қабылдай алмайтын болмыс түріне сену және мойындау; Ислам философиясының түсіндіруінше, Д. дегеніміміз – әлемді байланыстыратын күш.– Алланың барлығына сенім. Бүкіл әлемді және адамды жаратушы ие – Жалғыз Алла адам баласының жүрегін өзіне ұштастыра жаратады, яғни Жаратушының барына сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін адам өз жүрегі арқылы сезеді. Д–нің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдаймен байланысын орнату болса, ислам тұжырымдамасы бойынша, рухани жетілу сатысының бірінші деңгейінде тұрған адамның алғашқы махаббаты, таза құлшылығы, қорқынышы Аллаға арналады. Шынайы діндар – Алланың ғана бұйрығын орындаушы болып өседі. Барлық тіршілік құбылыстары Алла Тағаланың қолында екеніне және күнәлі істері үшін оның қарғысына ұшырайтынына мұсылман кәміл сенеді. Осы сенім – оны жаман істерден тежеуші және дұрыстықтан, имандылықтан шықпауына себепші. Иманын жоғалту адамның Д–ін жоғалтуына алып келеді. Діни тұрғыдан Д. – бүкіл болмыстың түпкі себебі барын, дүние болмыстың жаратылу мақсатын, оның сыр–сипатын түсіндіріп, танып–білуге және адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын әдіс–әрекеттер мен бүкіл дүниетанымды, болмысты толық қамтитын өте кең, ауқымды ұғым.

Д–нің шығуы қазіргі ғылымның зерттеулері бойынша 40 – 50 мың жыл бұрынғы палеолит (тас дәуірі), яғни алғашқы қауымдық қоғамның салыстырмалы түрде жоғары деңгейдегі даму кезеңіне жатқызылып отыр. Аталмыш кезеңнің мәдениет ескерткіштері жан–жануарлар культі мен аңшылыққа қоданылған сиқыршылық белгілерін сақтаған. Сондай–ақ, діни наным–сенімдердің болғандығын сол ежелгі дәуірлердегі өлген адамды еңбек құралдары және әшекей бұйымдармен бірге жерлеу дәстүрінің белгілері де дәлелдейді. Д–нің шығуы адам ақыл–ойында теориялық ойлау және ойдың шынайы өмірден ажырау мүмкіндігінің пайда болу деңгейімен де (Д–нің гносеологиялық негізі) байланысты. Яғни жалпылама ұғым өзі белгілейтін нәрседен бөлініп, өзінше дербес өмір сүре бастайды, сондықтан нақтылы бар нәрселердің адам санасында бейнеленуінің негізінде абстрактілі түсінік пайда болады. Бұл мүмкіндіктер адамның тек қана нақтылы іс–әрекеттерінің тұтас жиынтығымен, қоғамдық қатынастарымен (Д–нің әлеуметік негізі) байланыста ғана іске асады. Адамзат тарихының өн бойында Д. адам сенімінің сипатына және халықты қамтуына байланысты сан түрлі күйде болды. Бірінші жағдайға қатысты оның тотемизм, анимизм, натуризм, шаманизм, фетешизм, политеизм (көптәңірлі), монотеизм (бір тәңірлі), деизм (әлемді жаратқан соң, одан әрі дамуына араласпайтын, белгілі бір тұлға кейпіндегі емес әлдебір бастапқы себепті мойындайтын ілім), т.б. түрлері пайда болды. Соның ішіндегі тарихи тұрғыдан Д–нің неғұрлым ертедегі, ең алғашқы көріністері – сиқыршылық, тотемизм, ғұрыптық жерлеу культі және шамандық болып табылады. Құдайды тұлғалық Бастау ретінде мойындау барлық діндерге тән емес. Ол қазіргі діндерден, мәселен, Ислам, христиан, иуда Д–деріне тән, ал будда, даосизм діндеріне тән емес. Халықты қамтуы жөнінен Д–нің тайпалық–халықтық (мыс., иудаизм) және ұлтаралық немесе әлемдік (буддизм, христиан, ислам) түрлері белгілі. Әлемдік Д–дердің әрқайсысы түрлі ағымдар мен конфессияларға бөлінеді. Мысалы, ислам Д–інің сүнниттік, шииттік ағымдары, христиан дінінің католиктік, провославие және протестанттық конфессиялары, т.б. Д–нің екі сипаты бар. Төменгісі – сыртқы, ғибадат ету, ал жоғарғысы имандылық. Имандылық барлық дерлік Д–дерге ортақ, діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай–ақ, ғибадаттыда қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді. Д–нің имандылық сипатын қабылдайтындар бүкіл болмыстың себебінің, заңдылықтарының бар екенін толық түсініп, оларды танып–біліп, бойына сіңіріп және бұлжытпай орындауға ұмтылады. Барлық Д–дердің ұқсастығы және негізгі мақсаты – бір жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу, рухани тазарып, жетілу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт–рәсімдерінде де көптеген ұқсастықтар бар. Мысалы, тасбих тартып, Құдайдың қасиетті есімдерін қайталау; ән айтып, билеп, зікір салып Құдайды мадақтау, ғибадат ету, дұға оқу, т.б. Дүние жүзі халқының дені, негізінен, әлемдік үш Д–ді (будда, христиан, ислам) ұстанады.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. 1991 ж. «Д. бостандығы және Д–и бірлестіктер туралы» арнайы Заң қабылданды. Қазақстанда республика халқының басым көпшілігі ұстанатын басты Д–дер – ислам және христиан Д–дері болып табылады. Бұл негізгі Д–дердің қызметтері жолға қойылып, мешіт, шіркеулер және Д–ни оқу орындары, т.б. Д–и бірлестіктер жұмыс істеуде.
Әдеб.: Философский энциклопедический словарь, М., 1989; Ислам: Исторические очерки Көбеева О., Дінтану негіздері, А., 1998; Батай Ж., Теория религии, Минск, 2000. (ҚҰЭ – 3 том, 321 бет).
Діни құндылықтар. – адамның саналы пенде ретіндегі терең табиғатынан – оның өмір сүру бағытын іздеуі мен ғибадатқа мұқтаждығына жауап беретін, діннің ілім ретіндегі тұтастығы сақтап, иманды күзетуге жәрдем беретін қағидалар. Бұл, әрине, дін мәселесіне деген кең көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда, адам дүниедегі негізгі діндерді мойындамағанның өзінде, ол бір нәрсеге сенімін арттырып, соған табынуы мүмкін. Тіпті, кейбір жағдайда ол оны саналы түрде сезінбеуі де ғажап емес. Мысалы, бүгінгі таңда реформа барысында біршама адамдар байлыққа, “алтын қошақан” – ақшаға табынады. Олардың ойынша, ақша арқылы сатылмайтын нәрсе жоқ, соның ішінде, қайсыбір лауазым иесін, тіпті адамдардың сүйіспеншілік пен басқа да нәзік сезімдерін өзіңе қарай тартуға болады. “Бәрі де сатылады”, деген принципке олар сенеді. Жаңа ғана тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағында миллиондаған адамдар марксизм теориясына, болашақта жер бетінде коммунистік қоғамның орнауына сенген жоқ па? Әрине, адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Адам өз әке–шешесіне, сүйген жарына, жақсы досына, өз халқына, я болмаса, адамзат қауымына сенуі мүмкін. Еш нәрсеге сенімін арттыра алмайтын адам – бақытсыз, ол өз өмірінің мәнін тез арада жоғалтады, оның әлеуметтік ауытқуға ұшырайтыны сөзсіз.

Ұлы Қытай халқы уақытында даосизм және конфуциандық философия бағыттарын тудырып, оларды өмір бағдарламасына айналдырды, яғни, олар осы халықтың дініне айналды. Олай болса, Дүниені жаратқан Құдай идеясы оларда жоқ. Сондықтан, әдебиетте оларды “Құдай ашылмаған” діндер қатарына жатқызады. Мысалы, Дүниені билейтін “тянь” – аспан ұғымы – бейтұлғалық дүниенің алғашқы бастамасы. Мұнда Дүниені жарату ұғымы жоқ болған соң, оның басы да, аяғы да жоқ, ол мәңгі белгілі бір шеңберде айнала береді. Олай болса, адам болмыстың тәртібін зерттеп қана қоймай, ең алдымен өз–өзін танып–біліп, өзгертуі қажет. Негізгі уағыздайтын қағидаларына “табиғаттың даналығы, онымен үндесті өмір сүру қажеттігі”– у–вей, “өз халқының тарихи жинаған тәжірибесіне, даналығына сену, яғни, әдет–ғұрып, салтты қатаң сақтау” –ли, “адамға сену, оны сүю” – жень т.с.с. жатады.

Бүгінгі таңдағы беделді діндерге ұлы Үнді халқы тудырған буддизм ілімін жатқызуға болады. Ол б.з.д. V ғ. Гаутама Сидхартха деген ұлы адамның ізденісі арқылы дүниеге келіп, бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға кеңінен таралды. Бұл діннің негізгі идеясы – адам рухының асқақтығы, олай болса, адам материалдық дүниеге байланбау керек (апариграха), өйткені, ол одан жоғары. Келесі бүгінгі адамзатқа тікелей қажетті қағида – ешқандай тіршілікке зәбірлік жасамау (ахимса). Будданың адам алдына қойған талаптарының ішінде ерекше маңыздысы – ақыл–ой, ниет тазалығы. Екіжүзділік, алдап кету, арандату – адамның биік рухани мәртебесіне нұқсан келтіреді. «Ешқашанда жек көрушілік оған қарсы қойылған жек көрушілікпен толастанбаған. Керісінше, ол ұлғайған. Тек қана жек көрушіліктің жоқтығы оны сарқыйды»– деген Будданың тамаша ойы бүгінгі адамзатқа ауадай қажет сияқты. Ақыл–оймен қатар, адамның аузынан шыққан сөздер де болып, адамның жылы жүрегінен шығуы керек. Жаман сөз – рухани ақуалды ластайды, адами қарым–қатынастарды бүлдіреді.

Адамзат руханиятында өзіндік ерекше орны бар, жер бетінде өте кең тараған – христиандық дін. Оны “Құдай ашылған” діндердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, христиан діні кітаптарында Құдайдың адамзатқа жіберген моральдық Өсиеттері, Оның бұл Дүниені қалай жаратқаны жөнінде мағлұматтар бар. Христиандық діннің ерекше сипаттарының бірі – үштік ұғымы. Яғни, Құдайдың біруақытта берілген үш келбеті бар: ол Құдай–Әке, Құдай–Ұл және Киелі Рух. Келесі – Құдай адамды өзіне ұқсатып, оған ақыл–ой, парасат, сұйіспеншілік сезімін беріп жаратты. Сондықтан, бұл фәнидегі оның алатын орны ерекше. Ол Дүниедегі тіршіліктердің бәрінен де жоғары, сондықтан, оларды билеуі, әрі қарай жетілдіруі керек. Адам күнәға белшесінен батса да, оны құтқару үшін Құдай–Әке жер бетіне өз Ұлын – Иса пайғамбарды жібереді. Ол бір жағынан – Құдай болса, екінші жағынан – адам. Иса өз мойнына адамзаттың барлық күнәларын алып, ақылға симайтын зардаптардан өтіп, адамзатты Құдай алдында құтқарады. Сонымен, Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігі оны құтқарды. Олай болса, адам да сүйіспеншілікке толы болуы керек. Христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі – адамды сүю. “Жақыныңды сүй, алыстағыны да сүй, тіпті өз дұшпаныңды да сүй” деген ғажап өсиет Иса пайғамбардың аузынан шыққан. Киелі Августин “Сүй, содан кейін не жасасаң да мейлі”–дейді. Өйткені, сүйген адам жамандық пен зұлымдыққа ешқашан да бармайды.

Тарихи христиан діні сан алуан жаңару сатыларынан өтті. Оның шеңберінде көптеген жаңа ағымдар пайда болды (католиктік, православиялық т.с.с.). Әсіресе, Еуропа топырағында капиталистік қоғам мен бірге, протестанттық ағым пайда болып, жаңа қоғамның этикасын (моральдық қағидаларын) тудырды. Оның негізгі қағидаларының бірі – адам қажымай–талмай еңбек етуге, өмірді өне бойы жетілдіріп жаңартып отыруға жаратылған.

Христиан діні Еуро–Атлантикалық цивилизацияның дамуына зор әсерін тигізді. Бұл дүниені адам мәртебесіне сай етіп қайта құру жолында үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар, Дүниені қайта өзгерту жолында Батыс цивилизациясы ХХ ғ. көп сәтсіздікке ұшырап ақырында біршама ойшылдар (постмодернизм ағымы) адамның табиғатты өз еркіне көндіру қағидасының мүмкін емес екенін ашық айтуда. Соңғы 300 жыл шамасындағы ғылым мен техниканың зор қарқынмен дамуы, халықты жалпы ағарту, білім деңгейін өсіру, қорланған материалдық байлыққа табыну, өмірде сезімдік–ләззат алуға ұмтылу т.с.с. еуропалықтардың пілдей бөлігінің христиан дінінің шеңберінен ауытқып “индустриалдық”(өндірістік) “кибернетикалық”(есептеу), “сайентологиялық” (ғылым) т.с.с. дін бағыттарының пайда болуына әкелді

Дүниежүзілік дәрежедегі соңғы дін – Ислам діні. Оның да, христиандық дін секілді, шыққан рухани қайнар көзі – Таяу Шығыста. Бұл дін VII ғ. Араб көшпенділері арасында дүниеге келеді. Атақты неміс ғалымы М.Вебер, исламды Дүниені бағындыратын жауынгер діні дейді. Сол себепті Сары–Арқаның көшпенділері де бұл дінді ұнатып қабылдаған. Ислам дінінің негізгі Д.қ. мен қағидаларына тоқталсақ, оның Құдайы – Алла – осы Дүние мен адамды жаратқан рухани құпия күш. Христиан дінідегідей мұнда үштік мәселесі жоқ. Ол – жалғыз және өз Құдіреті арқылы жаратқан Дүниенің әр жағында мәңгілікті өмір сүреді. Ол Мұхамед пайғамбар арқылы өз өсиеттерін адамдарға жеткізді, сол кітабы – Құран дүниеге келді. Ислам діні адамды табиғатқа қарсы қоймайды. Алла тағала жаратқан Дүние – керемет, ғажап, сондықтан, адам алдында оны қайта құру, өзгерту мақсаты жоқ, ол табиғат шеңберінде өз орнын тауып өмір сүруі керек. Адам, әрине, саналы және ырықты пенде болып жаратылған, ол жақсылық пен жамандықты айырып таңдай алады. Дегенмен де, Алла–тағала адамға өмірдің барлық саласында қалай өмір сүру керек екенін Құранда көрсетеді (Шариғат). Иран халқының ойшылы Аятолла Хомейнидің айтуына қарағанда, “адам өмірінің бірде–бір тіпті кішкентай бөлігі Ислам ілімінің назарынан тыс қалған жоқ”. Сондықтан да, Ислам діні көп жағдайларда әлеуметтік–саяси мәселелерге араласып, мемлекетпен өте тығыз байланыста болады. Кейбір кезде, діни қайраткерлер үкімет басына келіп теократиялық тәртіп орнатады (Иран, Сауд Аравиясы т.с.с.). Ислам дінінің тереңде жатқан рухани негізі қауымдық пен теңдікке (эгалитаризм), қоғамдық мүддені жоғары ұстауға кетеді. Сондықтан, қайырымдылық, әлсіздерге қол ұшын беру осы діннің негізгі қағидаларының бірі болып саналады.

Экономика саласындағы Батыстық пайда, кірісті мейлінше көбірек табу, құнды қағаздар нарығындағы пайда табу әдістерін, өсімқорлық сияқты нәрселерді Ислам діні қабылдамайды. Экономика адамдардың өмір сүруіне жағдай жасайтын құрал ғана, ол ешқашанда өз–өзіне жеткілікті мақсат–мұрат емес. Бұл жағынан алып қарағанда, Ислам неше–түрлі социалистік идеяларға жақын екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұрынғы Кеңес Одағының біршама Ислам елдерімен өте тығыз байланыста болғанын түсінуге болатын сияқты.

Тағы да Исламды Христиандық дінмен салыстырсақ, Алла–тағаланың каһарлы Құдай екенін байқаймыз. Ол жеке адамның Өзіне ұқсастығын мойындамай, оның тәкәппарлығын судай басады. Ислам елдерінде гомосексуализм, лесбиандық, нашақорлық, порнография, аборт т.с.с. Батыстағы кең тараған нәрселерге тиым салынған. Сондықтан да, Батыс өмір жолының ақпарат құралдары арқылы Дүниежүзінде кең тарауы Ислам елдерінде наразылық тудырып, қазіргі діни фундаментализм, экстремистік қозғалыстар себептерінің бірі болып отыр. Бүгінгі адамзат бастапқы Д.қ–тан ауытқуынан жер бетінде мыңдаған жаңа діни секталар өз көзқарасы, рухани құндылықтарын уағыздауда. Олардың кейбіреулері адам үзілді–кесілді шайтан жолына түсті, сондықтан, ақыр заман көп кешікпей келеді десе, екіншілері – еш нәрсеге зәбірлік жасамауға, ет жемеуге (вегетариандық), Табиғатты аялауға, төзімділікке, бейбіт өмірге шақырады. Мұндай қозғалыстар біздің елімізде де бар.

Бүгінгі біртұтастыққа бет алған адамзатқа Д.қ–тардың білу қажеттігі бар. Ол бүгінгі діндердің жақсы жақтарын қамтып, адамзатты келісімге, зорлық–зомбылыққа тойтарыс беруге, адамды аялап, сүйюге, жер бетіндегі тіршілікті сақтауға бағытталуы тиіс. Өкінішке орай, рухани саладағы өзгерістер тарихи өте баяу қарқынмен жүреді. Солай десек те, тек рухани жаңарудың негізінде ғана адамзаттың қорланған қайшылықтары шешілуі мүмкін. Үнді халқының ұлы ақыны Р.Тагор айтқандай, “заттарды аз уақыттың шеңберінде білуге болады, бірақ, олардың Рухын аңғару көп ғасырларға созылған тәрбие мен адамның өзіндік тежеуін талап етеді”. Расында да, бұл өмірде болу, тек қана өмір сүру – адамға жеткіліксіз. Әр адам өз болмысының бүкіл тіршілікпен, жер бетіндегі әрбір затпен бірге жаратылғанын, “бәрі де бірдің ішінде, бір – бәрінде” екенін сезінбей жаңа рухани ақуал келмейтінін білуіміз қажет.



Негізінен алғанда, барлық діндер бүкіладамзаттық моральдық қағидаларды алға тартып, соның арқасында халықтың рухани бірлігін қамтамасыз етеді. Қайсыбір діннің беделі оның уағыздаған моральдық Д.қ–мен байланысты, өйткені, олардың қайнар көзін Құдайдың құдіретті өсиеттеріне әкеліп тіреледі.

Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
Діни сана жаратылыстан тыс күштерге, құдайға деген сенімнен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Д. с–ның құрылымына діни психология (діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсініктердің, сезімдердің, көңіл–күйлердің, әдет–дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология (діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді. Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теология есептеледі, ол құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар. Атеистік көзқарас дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өмірініндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ.
ЕГЕМЕНДІК (француз–souverainete немесе souveranitat–жоғары билік) –Мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси іс–әрекетіндегі тәуелсіздігімен сипатталатын. мемлекет пен биліктің негізгі сипаттамасы Суверенитет терминін алғаш рет мемлекеттік–құқықтық мағынада XVI ғасырда француз ғалымы Ж.Боден енгізді. Оның пікірінше «Е. – бұл мемлекеттің абсолютті және тұрақты билігі». Саяси егеменділік идеясының қалыптасуы Батыс Еуропада ұлттық–тәуелсіз, орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болу үдерісімен сай келеді. Мұнда Е. шіркеуден, басқа мемлекеттен және биліктің басқа орталықтарынан тәуелсіздікті белгілейтін қасиет.

Егеменді мемлекет идеологиясы – жоғары феодал–билеуші–сеньордың үстемдігі туралы ортағасырлық түсінікке қарсы қойылды. Н.Макиавелли түсіндірмесінде егеменді билік бүкіл билік ретінде көрінеді. Жаңа заманда феодалдық монархтың жеке билігінің саяси Е. мемлекеттің, кейін халықтың (Дж. Локк, Б. Спиноза, Жан–Жак Руссо) үлесіне өтеді. Е. ең алдымен мемлекеттің өз қызметін жүзеге асыруда іске асады. Егемендік мемлекеттің құқық жүйесінде көрінеді. Мемлекеттің құқықтық өкілеттілігі мемлекеттік егеменділіктің шынайы іске асуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттің Е–гі халықаралық қатынастарда тәуелсіз, яғни халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде әрекет етуін айқындайды.

Мемлекеттердің Е–і теңдігі БҰҰ жарғысында бекітілген. Е–і теңдік қазіргі заманғы халықаралық құқықтың жалпы мойындалған қағидаттарының бірі. Т. Гоббс теориясында Е. мемлекеттің өз азаматтарына деген билігінің абсолюттілігін білдіреді. Бірақ, бір адамның бүкіл билігі мемлекеттік заңның бүкіл билігіне біртіндеп орын береді. Б.Спиноза мен Г. Гроция саяси Е. ұғымын мемлекеттіліктің сапалы сипаттамасына қатысты көрсетеді.

Қазақстан егеменділігі 1991 жылы жарияланды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз елдің қатарына жатады.


Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. Т. 20. Астана: Аударма, 2007.
– көне түркі тілінде «халық» сөзінің синонимі ретінде қолданылған атау. Е. – қоғамды басқаратын және оның экономикалық және әлеуметтік құрылымын күзететін таптық қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Е. – белгілі бір территорияда, бүкіл қоғамның атынан ішкі және сыртқы саясатты жүргізеді, өз аумағында барлығына міндетті заңдар мен ережелер шығаруға және салық жинауға құқылы. Е–дің негізігі белгілері: 1) белгілі бір аумағының болуы, 2) мемлекеттік билік қызметін іске асыратын органдары мен мекемелерінің ерекше жүйесінің болуы, 3) мемлекет тарапынан бекітілген белгілі бір нормалар жүйесін бекітетін құқықтың болуы. Елдіктің рәміздері: елтаңба, байрақ, ән–ұран. Ежелгі түркілердің өзіндік елдік институттары болған. Дәстүрлі қоғамдағы көшпелі шаруашылық қарым–қатынастарының дамыған кезеңдерінде Е. атауы қауымдық–туыстық құрылымының (патриархалды отбасы, ру, тайпа, мемлекеттік бірлестік) жоғары деңгейін білдіретін мағынаға ие болды. Мәслен, Көк түркілердің алғашқы мемлекеттік құрылымдары (Батыс Түрік қағанаты, Шығыс Түрік қағанаты), сондай–ақ, ірі тайпалық бірлестіктер құру негізінде дамыған ежелгі қазақ руларының одағы «Ел» деп аталған. Әрбір Елдің өз территориясы және өзіндік шекарасы, таңбалары болған және олар өз қарамағындағы жер аумағының шегін өзге тайпалық одақтардан қорғап отырған.

Заманауи әлемдік саясаттану ілімінде Е. атауы көбіне «мемлекет» ұғымымен қатар қолданылып жүр. Ол негізінен, географиялық мәдени, әлеуметтік, экономикалық және тарихи жағынан мазмұнын қамтиды.

Әдебиет: Қадырбаев А.Ш. За пределами Великой степи. Алматы, 1997.


ЕЛТАНУ – құрлықтарды, елдерді, ірі аудандарды кешенді түрде зерттеумен айналысатын географиялық ғылымдар жүйесіндегі пән. Е. – нақты бір аумақтарда физикалық және экономикалық географияға сәйкес бекітілетін жалпы заңдылықтар мен технологиялық сипаттар қалай көрінетіндігін көрсетеді. Е. – географияның көне саласы. Е. аудандық түрлі елдерді тану қажеттілігінен сонау антика заманында пайда болған. Мыңдаған жылдар бойында Геродот және Страбоннан бастау алған елтану яғни табиғат, тарих, экономика, мәдениет және саясатты қамтумен өзінің әмбебап сипатын көрсетеді. Ғылымның дамуы, әсіресе Χ ғасырда жүйелі географиялық ғылымдардың қарқынды өсуіне алып келді. Бұл е.–дың ғылыми деңгейінің жоғарылуына алып келді. Заманауи Е. саласының әдебиеттерінде экономикалық–географиялық және физикалық–географиялық сынды екі түрлі бағыт қалыптасқан. Бұл екі бағыт табиғат және қоғамға тән заңдылықтардың айырмашылықтары мен табиғи және экономикалық аудандастырудың түбегейлі сәйкессіздігінен туындады. Е. – белгілі бір ел туралы алуан түрлі білімдерді біріктіретін және жүйелейтін пән. Е. – елдің өндірістік–аумақтық құрылымының даму көкжиегін және хал–ахуалын, табиғи және еңбек ресурстарын, өндірістік базасы мен аумағын пайдаланудың негізгі сипаттарын айқындайды.
ЕЛТАҢБА – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шанырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Е.–ның төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.

Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, эстетикалық әсері жөнінен Е. мен ту арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер туда дүниеге көзқарастың жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, Е. табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік композиция мен пішімге (формаға) қатысты ұғымдарға сәйкес айқындалады. Е – бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб» (елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін ерекше айрықшаландыратын «Тамға» (таңба) атанған тотем белгісінің болғандығын тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастаған.

Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі. Ортағасырларда әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар Е., мөр, таңба ретінде қолданылған. Олардың кескіндемесінде суреттер, ежелгі жазу мен бейнелеу ескертікштері жиі кездесіп отырады. Тамға тайпаның, рудың, отбасының және тағы басқа да меншіктікті білдіретін белгінің қызметін атқарған. Онымен жануарларды да таңбалаған (ен салған). Бұл дәстүр ауылдық жерлерде тұратын қазақтарда әлі күнге дейін сақталған. Кеңес үкіметі кезінде Е–ларды бір жүйеге түсірушілік болды. Қазақ КСРО–сінің жалпы Е–ның кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» делінген жазудан тұрды. Е–ның жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында – «КССР» және «ҚССР» жазуы болған.

Егеменді, дербес Қазақстанның Е–сы 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот–Аман Уәлиханов болып табылады.

Көркемдік тұрғысы жан–жақты көзқарастың дәлме–дәл бірегей үндестігін тапқан. Шаңырақ – киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі. Тотемдік маңызы бар нышан ретінде шаңырақты ежелгі бабаларымыз құрметтеген. Республикамыздың Мемлекеттік Е–сындағы шаңырақ бейнесі – Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны бір, Қазақстан біздің ортақ үйіміз деген мағынаны береді. Оның бақыты шаңырақтың мықтылығы уықтардан тұратыны сияқты әр адамнан тұрады. Мемлекеттің болашағы бірлік пен татулықтан құралады.

Мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі – Мемлекеттік Е–дағы тұлпар маңызды геральдикалық бөлшегі болып табылады және белгілі бір идеялардың рөлін атқарады. Тұлпардың бейнесі ежелгі дәуірден бері күштілік пен қайсарлықтың ұғымын берген. Оның қанаты көпұлтты Қазақстан халқының мықты әрі жан–жақты көркейген мемлекетке айналуының бейнесі ретінде берілген. Әлемдік өркениетке жетуді, жарқын болашаққа талпынушылық пен арман–мақсатты, сондай–ақ даму мен үлкен мақсаттарға жетудің мәнін береді. Сол үшін Мемлекеттік Е–дағы қанаттардың символикалық маңызын мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейлік ойлары мен қарапайым азаматтық талпыныс деп түсіну қажет.

Мемлекеттік Е. бейнесінің тағы да бір бөлігі бар, ол – бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыз – өмірге жетекшілік ететін, көтеріңкілікке, талпыну мен мәңгіліктің, биліктің нышаны ретінде бейнеленген. Жұлдыз тек Ресейдің ғана мемлекеттік геральдикасына тән нышан болып табылмайды, оны Ресейдің революциялық нышанына алғаш рет орыс дворяндары енгізді және ол Ресейдің мемлекеттік Е–сында бірден пайда болған жоқ. Бұл бейнені аударылған және ассимметриялы түрде қолдануға болмайды. Бесбұрышты жұлдыз ақиқат әлемдегі – «Таң жұлдызын» бейнелейді. Мемлекеттік Е–дағы жұлдыз бейнесі барлық қазақстандықтардың қазіргі жаңа жоғары өркениеттілік және дамыған мемлекеттермен қоғамдастыққа бірігудің ардақты арманын, сонымен бірге барлық ғаламшардағы құрлықтардың барша халқына ашық екендігін бейнелейді.

Мемлекет атауының өзі де оның лингвистикалық, этномәдени, символикалық белгісі болып табылады. Ол өзінің саяси мағынасы және елдің конституциясы екенін анықтайды. Біздің елдің атауы – Қазақстан – мемлекеттің атауы ретінде тарихи түпнұсқалардан жиі кездесетін ХV–ХVІ ғасырлардан бастау алған қазақ ұлтымен байланыстырылады.

Мемлекеттік Е. бейнесіндегі қолданылған басты түс – алтын түсті болып табылады, ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін көрсетеді. Мемлекеттік Е.–да, сонымен қатар, байрақтың түсі – аспан түстес көгілдір болып келеді, ол алтын түспен сәтті үйлескен.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Е.–сының авторлары Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков және Шот–Аман Ыдырысұлы Уәлихан.
Әдебиет: “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998
ЕЛІКТЕУпсихологияда, индивидтердің немесе әлеуметтік топтың басқа бір индивидтердің және топтардың іс–қимылын, қозғалысын ұқсастырып жасауы. Аристотель адамның қалыптасуында еліктеу маңызды рөл атқарады деп атап көрсетті. Е–ді зерттеудің іргетасын И.П. Павловтың шартты және шартсыз рефлекстерді зерттеулері қалады. Е. – бұл қоғамдық тәжірибені игерудің бір жолы. Е.–дің онтогенездің алғашқы кезеңіде маңызы айрықша. Сәби Е.–дің нәтижесінде іс–қимыл, дағдыларды, жүріс–тұрыс ережелерін, сөйлеуді үйренеді. Е. бойынша іс–қимыл мен дағдыларды игеру қарым–қатынас, қабылдау, дамуының жоғары деңгейін болжайды. Кері жағдайда, Е. қозғалысты сырттай қайталауға айналады. Е–дің мұндай түрі психикалық дамуында ауытқушылық бар балаларда кездеседі. Е. дамуындағы бұзылу қоғамдық тәжірибені игерудегі қиындықтардың пайда болуына, психикалық дамудың тежелуіне алып келеді. Е. ерікті және еріксіз іске асады. Ерікті Е. мектеп жасына дейінгі балалар мен сәбилерді оқытып–үйретуде жетекші әдістердің бірі ретінде қолданылады. Бұл балаларды оқыту процесінде жас ерекшелікке сай жетіле береді. Е. адам өмірі мен іс–әрекетінде маңызды рөл атқарады. Е. нәтижесінде адам жүріс–тұрыс нормалары мен еңбек дағдыларын үйренеді.

Е. антикалық және XVI–XVIII ғасырлардағы классикалық эстетиканың негізгі қағидаттарының бірі. Өнерге еліктеу (мимесис) ретінде қарау пифагоршылдықта (музыка аспан үйлесімділігіне Е. ретінде) қарастырылып, кейін бұл көзқарасты Платон және Аристотель өрбітті. Өйткені Платон бойынша, көрінетін әлем жоғары идеялар әлеміне Е., шынайылыққа Е–ші өнер тек соны ғана көрсетеді. Аристотельдің пікірінше Е–ге ұмтылу тірі жандарға, әсіресе адамдарға тән Е. өнердің мәнін құрайды, жиіркеніштілік пен жексұрындылық бейнеленген кезде де бұл қанағат сезімін береді. Е.–дің тәсілі мен объектісі әдеби жанрлардың негізгі қасиеттері болып табылады. Платон өнердегі ұсқынсыздықты, адамгершілік тұрғыдан айыпталатын нәрсені бейнелеуді айыптаса, ал Аристотель мұндай бейнелеуді дұрыс деп санап, комедияны эпос пен трагедиядан төмен қойды. Себебі, комедияда, «нашар адамдарға» еліктеушілік бар.

Жаңа заманда Е. классицизм эстетикасында кеңінен қолданылды. Ш. Батте «Бірыңғай қағидатқа негізделген нақышты өнер» (1746) атты еңбегінде барлық өнер үшін осындай бірыңғай қағидатты Е. деп санады. Е.–ге тек «әсем табиғат» лайықты деп санаған классицистер антикалық өнердегі идеалды үлгіге Е–ге ұмтылу ең жақсы тәсіл деп санады. «Табиғаттағы әсемдік» ұғымын неміс классикалық философиясының өкілдері сынға алды.
ЕРІК іс–әрекет мақсатын және оны іске асыру үшін қажетті ішкі жігерді таңдауға деген қабілеттілік. Е. – санаға және іс–әрекетке телуге болмайтын өзгеше акт. Кез–келген саналы іс–қимыл, тіпті мақсатқа жету жолында кедергілерді жеңумен байланысты қимылда ерік болмайды. Е–те ең бастысы іс–әрекет мақсатының құндылықтық сипаттамасын ұғыну және тұлғаның ұстанымдары мен нормаларына сәйкестігі. Е–тік қимылды іске асырғанда адам өзекті қажеттіліктер мен импульсивті қимыл билігін қарсы тұрады. Е–тік қылық құрылымы бойынша шешім қабылдау және оны жүзеге асырудан тұрады. Е–тік іс–қимыл және өзекті қажеттіліктер мақсатында сәйкессіздік туындағанда шешім қабылдау түрткі күресін тудырады. философия және психология тарихында еріктің түрлі түсіндірілуі ең алдымен детерминизм және индетерминизм қарама–қарсылығымен байланысты. Детерминизм Е–ті сырттан туындаған (физикалық, психологиялық, әлеуметтік себептер, ал супранатуралистік детерминизмде – жазмыш ұғымы) ретінде қарастырса, индетерминизм Е–ті автономды және өзіндік күш ретінде қарастырады. Волюнтаризм ілімінде Е. әлемдік процесстің, адам іс–әрекетінің бастапқы және бірінші негізі ретінде қарастырылады. Ерік–жігер адам мінезімен тығыз байланысты және Е. адам мінезінің қалыптасу және қайта түлеу процесінде елеулі рөл атқарады.
ЕРКІНДІК – адамның сыртқы жағдайлар мен құбылыстарға тікелей тәуелділік ауқымында қалып қоймай өз мақсат–мүдделерінің қисынына сәйкес белсенді іс–әрекеттерге қабілеттілігін танытуы. Адам белсенді іс–әрекетінің нәтижесінде алдына қойған мақсатына жетеді. Тұлғаның ішкі Е.–дігінің нақты іске асуы объективті мүмкіндік арқасында жүзеге асады. Қоғамдық ой тарихында Е. мәселесі адамның ерік бостандығына қатысты қарастырылды. Адам мақсаты мен ниеттерінің шығу көзіне тәуелсіз түрде еркіндікке ие. Адам өз мүдденсіне объективті сәйкес келетін таңдау және қалаудың нақты мүмкіндігін сақтайды. Өйткені, сыртқы жағдай адамға өз мүддесімен қажеттілігіне қарсы әрекет жасауға мәжбүрлемейді. Объективті шарттар және нақты жағдайға тәуелді түрде адам Е–ке ие болуы немесе Е–ке ие болмауы да мүмкін. Адамдар іс–әрекетінің бір саласында еркін, ал басқа салада еркін болмауы мүмкін. Абстрактілі еркіндік болмайды. Е. әрқашан нақты және салыстырмалы. Адам өз мақсатына жету құралын таңдауда белгілі бір шамада еркіндікке ие. Адам іс–қимылдың белгілі жоспарын таңдау жолымен өз мақсатын нақты өмірде іске асырады. Іс–әрекеттің түрлі салаларында таңдау Е–не ие адам қоғамдық дамудың белсенді субъектісі болып табылады. Таңдау еркіндігіне ие болғандықтан адам өз іс–әрекетінде жеке тәжірибесімен қатар, материалды және рухани мәдениет жетістіктерін қолданып, мәдени мұраны ізбасар ұрпаққа бере алады. Әрбір нақты тарихи дәуірде еркіндікке ие адамдар мөлшері өндіргіш күштердің даму деңгейімен, табиғат пен қоғамдағы объективті процесстерді адамдардың танып–білу дәрежесімен, нақты қоғамның әлеуметтік және саяси құрылысымен айқындалады. Тұлғаның еркіндігі нақты қоғамдағы еркіндіктің бір бөлшегі. Адамзат тарихының бүкіл өн бойында адам еркіндігі қоғамдық ілгерілеудің қуатты қозғаушы күші болды. Е. ұғымы өркениетті елдерде нақты құқықтар мен демократиялық бостандық ұғымымен етене байланысты қарастырылады. Е. – жеке адамның, ұлттың, ұлыстың, қоғамның өз мүдделері мен мақсаттарына сай іс–әрекет жасап, өз қалауы мен таңдауын іске асыруы. Саясатта Е. мәселесі ұлттың тәуелсіз, құқықтық мемлекет құру идеясымен байланысты қарастырылады.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.
ЕС — өткен өмір туралы түсініктердің белгілерін ойында сақтап, керек кезінде жандандыра алатын жүйке жүйесінің қабілеті. Ес 5 қосындыдан тұрады:1) естеліктерді орнықтыру 2) оларды сақтау 3) еске түсіру 4) тану 5) орынды пайдалану. Естің орнықтыру қабілеті бұзылса, амнезия (еске түсіре алмау) ауруына шалдықтырады. Белгілі нәрсені еске сақтау үшін біз оны түсінуіміз қажет. Тек жақсы ұғынылған нәрселер ғана есімізде оңай жаңғырады. Ес, еске сақтау сана–сезімнің басты құралының бірі.
ЕСКЕРТКІШТЕР –халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет Е–нің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын Е–ді (құрылыстарды, ғимараттарды, т.б.) қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша Е–ді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық Е., тарихи ескерткіштер, сәулет өнері Е–рі, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай–ақ, Е–ге тарихи–танымдық немесе тарихи–көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Яғни, адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі даму жолындағы түрлі салада аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық–рухани үлгі–нұсқаларын; адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау қалыптасқан. Оларды шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба Е., өнер ескерткіші, сәулет Е–і, археол. Е., ұлттық дәстүрлі қолөнер Е–ші, діни Е. т.б. деп те түрліше жіктеуге болады. Мәселен, адам қабірінің басындағы оба, қорған, дың, сондай–ақ, сақ дәуірінен, көне түркі, қыпшақтар кезеңінен жеткен тас мүсіндер, сынтас, сартас, құлпытас, қойтас, үштас, бестас, сағана, төртқұлақ, кесене т.б. археологиялық және сәулет Е–і — ең алғашқы Е. түрлері қатарына жатады. Тарих және мәдениет Е–ін қорғау мемлекеттік деңгейіндегі шара болып табылады және өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігін құрайды.

Е. – сөздің тар мағынасында алғанда — ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Бұл атау монумент деген ұғымның мағынасына жақын. Алайда Е., әдетте, дүние салған адамның құрметіне тұрғызылады. Е–тің кең тараған түрі де осы — көлемі нақты тұрпаттан үлкендеу мүсіндік бейнелер. Олар, әдетте, көрнекті жерге (қала алаңына, саябаққа, тарихи орындарға, тарихи адамдардың туған жерлеріне, ұрыс даласына) орнатылады. Өлген адамға Е. орнату дәстүрі ерте заманда–ақ пайда болған. Мысалы, ежелгі Грекияда аса көрнекті қолбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің құрметіне, Римде императорларға Е. қойылған. Қайта өрлеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Т.Бонтан т.б. сияқты мүсін өнері шеберлерінің аты әйгілі болды.

XIX ғасырда Еуропа мен Америкада әр түрлі оқиғаларға, XX ғасырда ұлт–азаттық қозғалысы қайраткерлеріне, жазушы, суретші, музыкашыларға Е–тер жасау үрдісі кең етек алды. Ресейде XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында мүсіншілер К.Б. Растрелли, М.И. Козловский, Б.И. Орловский, И.П. Мартостың жобасы бойынша Санкт–Петербург пен Мәскеуде I Петрге, А.В. Суворовқа, М.И. Кутузовқа, К.Минин мен Д.Пожарскийге Е. орнатылды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап Н.А. Андреев, Н.В. Томский, В.И. Мухина, К.М. Мерашвили т.б. мүсіншілер көптеген қалаларда даңқты адамдарға тұлғалы Е–тер орнатылуына үлес қосты. 1941—45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте қалдыруға арналған Е–тер өте көп. Солардың ішіндегі ең күрделісі — Берлиндегі кеңес әскері жауынгерлері құрметіне тұрғызылған (мүсіншілер Е.В. Вучетич, Я.Б. Белопольский) тарихи–мемориалдық Е. Қазақстанда ескерткіш орнату 1940 жылдан кейін кең өріс алды. Алғашқы ескерткіштердің бірі — Алматыдағы «Амангелді Иманов» ескерткіші (Мүсінші Х.Б. Асқар–Сарыджа, сәулетші Т.Бәсенов; 1947). Белгілі мүсінші Х.Наурызбаевтың «Абай» (1960), «Шоқан Уәлиханов» (1969, екеуі де Алматыда), «Жамбыл Жабаев» (1964, Тараз), «Амангелді Иманов» (1959, Қостанай облысы Амангелді ауданы), Т.Досмағамбетовтің «Шоқан Уәлиханов» (1972, Көкшетау), Ю.Г. Былыктың «Нұркен Әбдіров» (1969, Қарағанды) т.б. мүсін–ескерткіштері Қазақстандағы алғашқы Е–дің ең көрнектілері болып табылады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де ұмытылмас есімдер мен тарихи оқиғаларды жаңғыртатын бірқатар Е–ер тұрғызылды. Олар: мүсінші Б.Әбішевтің «Жамбыл» (1996, Алматы), Республика тәуелсіздігіне арналған кешен — «Тәуелсіздік монументі» (авторлық шығармалар топ жетекшісі — Ш.Ы. Уәлиханов, мүсіншілер А.Жұматаев, Н.Далбай, К.Сұранышев, А.Боярлин, М.Мансұров, К.Сатыбалдин; сәулетшілер — Қ.Монтахаев, Н.Жарылғапов; 1997, Алматы), мүсіншілер Боярлин мен Т.Мырзагелдиннің «Саяси қуғын–сүргін зобалаңынан құрбан болғандарға ескерткіш» (монумент; авторлық топ жетекшісі — Т.Сүлейменов, сәулетші А.Ордабаев, А.Кенжетаев, Монтахаев; 1997, Астана), мүсінші Досмағамбетовтің «Қаныш Сәтбаев» (1999, Алматы), мүсінші К.Кәкімовтің «Сұлтан Бейбарыс» (2000, Атырау), қазақ елінің бірлігі мен ынтымақтастығының белгісі ретінде Ордабасы тауында орнатылған «Ордабасы кешені» (сәулетші Ұ.Садырбаев, 1997, Оңтүстік Қазақстан облысы) Е–тері, т.б. Сондай–ақ, әдебиет, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қабірі басына бейне–мүсін қою немесе олар тұрған үйдің қасбетіне жазулы Е. тақта орнату да дәстүрге айналған.
Жақсы адам – рухани жетілу жолындағы адам. Ж.а.–ға ақылды А. өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыты бар, кез келгеннің жетегінде кетпейтін салқынқандылық, тұрақтылық, мінезділік байсалдылық — ізгі қасиет. Ж.а–ның қасиеттері үлгі болып, жұртты жаман мінез, жат қылықтан жирендіреді. ”Сараңның жұрт түгілі өзіне де дәрмені жетпейді”, “Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады”, “Ұятсыздан үйдей пәле шығады”. Ж–ға жат қылықтар, атап айтқанда – өтірік айтып, дандайсу, ішкілікке салыну, нәпсіге құмарту, іштарлық, күншілдік пен бас араздық, бұзық жолға түсу, босқа күйіп–пісіп, ашушаң болу, адамның өзін–өзі ұстай алмауы және тағы басқалары еш уақытта опа бермейді. а. бұларды бойына дарытпау үшін, қам жеп, ылғи да сақ жүреді. Ж. а. жеке басымен қоса, от басының да берекесін ойлап жүреді. Бақытты болу, асыл мұратқа жету жақсы қасиеттерсіз жүзеге аспайды. Бақытқа жету үшін ол аянбай еңбек етіп, өз бойына адамгершілік қасиеттерді егіп отыруы тиіс. Ж.а. өзінің ақыл–парасатымен қатар сезім дүниесінің де яғни өз көңіл–күйінің де қожасы болғаны жөн
ЖАҚСЫЛЫҚ – адамның моральдық болмысының мазмұнын анықтайтын этикалық категория, адамның антропогенездік белгісі, оң іс–әрекетін, әдет–дағдысын, мінез–құлқын белгілейтін қасиеттердің жиынтық атауы. Ж. – адамға ғана тән болатын, адамды жан–жануарлардан ерекшелеп тұратын, оны адам болмысы ауқымында ұстаушы бастаманың бірі. Ж. – моральдық–рухани құндылық. Конфуций “Ж.” пен “жамандық” тек адамға ғана тән болмыстық белгі деп білген. Б.Диденко “Міне, осыдан жалпыадамзаттық трагедия – “жақсылық пен жамандықтың” мәңгі күресі пайда болады” –деп есептеген. Ресейлік академик Н.Амосов әлемдегі жамандықтың өмір сүру шындығын және оның тамырын үзудің, қоғамды одан мүлдем тазартудың мүмкін еместігін мойындай отырып, “жақсылық бар, өйткені жамандық бар” дейтін тұжырым жасайды. А.Августин: “Ғаламның таңғажайып әсемдігі жақсылық пен жамандық жиынтығынан тұрады. Адамгершілікке жат қылықтың өз орны бар және ол жақсылықтың дұрыс көрініс табуына көмектеседі. Ж. адамға көп ұнайды және ол егер оны жамандықпен салыстыратын болса парасатты қылық болып есептеледі,” – деп көрсетеді. Исламдық философияда мұсылманның Ж–қа шақыру міндеті, әсіресе, жамандықтың кең тамыр жайған кезінде адамның жеке парыздарының ең алдына шығатындығы айтылады. Әл–Ғазали бастаған Ешари кәламшыларының пікірі бойынша, Ж. Алланың қалауына тәуелді құбылыс. Құдай нені жақсы деп тапса, сол жақсы. Мутазилиттердің көзқарасында Ж. Алланың еркіне тәуелді емес. Оны адам өз ақылымен біле алады. Ж. тек адам үшін ғана қажет. Ислам дініндегі ұстанымдардың негізгілерінің бірі – “Ж–қа бұйырып, жамандықтан тыю” ұстанымы. Мыс., Мұхаммед Пайғамбар құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан: “Адамдардың ең Ж. кім?” – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: “Ол Ж–қа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі” – деп жауап берген екен. Сондықтан хадистерде “Жанымның иесі Аллаға ант етемін! Адамдарға Ж–ты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Алла Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып–жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды” – дейтін ескертулер бар. Ж–қа шақыру мұсылманның міндеті болып табылады. Мұсылман үшін жақсылыққа шақыру – Алла алдындағы міндеті, имандылық қасиеті, мойнындағы борышы, мұсылмандықтың белгісі болып есептеледі. Діни дүниетанымда жасалған жақсылықтың ешқайсысы да бекерге кетпейді, бәрінің қайтарымы болады. Құранда “Тозаңдай жасаған жақсылықтарыңның сый–сияпатын көресіңдер” деген, сондай–ақ, Құран Кәрім: “Саған нендей бір жақсылық келсе, Алладан. Алланың әр нәрсеге күші басым. Кім жақсылықты қолдаса, оған одан несібе бар” (Ниса сүресі, 78, 85–аят) деп көрсетеді. Мұхаммед Пайғамбар Сүннетінде: “Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағандары Алла құзырында да жақы” – делінген. Хадисте: “Алла тағала жақсылық қалаған пендесін түрлі жолмен сынайды”, “ Алла тағала пендеге жақсылық қалаған болса, күнәсінің жазасын осы дүниеде береді”, “Бір адамның шынайы байлығы – оның осы дүниеде жасаған жақсылықтары” – деп көрсетіледі. Имам Бухари риуаят еткен хадисте: “Ата–анасына Ж. етуші қуанышқа бөленсін! Алла тағала оның ғұмырын ұзақ етсін!” –деп айтылған. Парсы ғұламасы (ХІ ғ.) Қайқаус өзінің өсиетнамасында (“Қабуснама”), “Адам айнаға қарағанда көріксіз көрінгенімен, Ж. істеуге міндетті. Негізінде Ж–тың бастапқы шарты – ар–ұятты сақтауда” деп есептейді. Бұдан Ж. феномені адамзат коммуникациясындағы онтологиялық субстанция, болмыстық құбылыс, антропологиялық интенциялық күш деген түсінік қалыптасады. Қожа Ахмет Йассауи (ХІ–ХІІ ғғ.) өзінің “Диуани хикмет” атты еңбегінде жақсылық жасағандарға Алланың сыйын былайша баяндайды: “Ж–ды жарылқап, жаманға берер жаза, қияметте жазаларын тартар, достар”. Түркілік ғұлама Махмұд Қашқари (ХІ–ХІІ ғғ.): “Үш адамды Ж–қа бастағанды ғалым біл, оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл” – деп Ж. жақсыдан шығады дегенді айқындап, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегенге саяды. Енді бір бәйітте: “Күліп келген адамның бетіне күл шашпағын, жақсылық ет қашан да, қалыбыңнан аспағын” – деп жақсылықты дәріптейді. Ортағасырлық түркілік ойшыл Ахмед Йүгінеки жақсылық та, жамандық та тілден болатынын ескертіп: “Не келсе де тілден келер бір басқа, содан – жақсы, жаман атақ бір басқа. Тыңдашы: адам ерте тұрып күн сайын, осы тілге табынбайды құр босқа” – деп жазады. Әл–Ғазали өзінің кемел адам концепциясын “жақсылық” категориясының төңірегіне шоғырландыра отырып, “жақсылық не?” деген сұраққа: “адамның қарапайым болуы, басқалардың кемшілігіне қарамау, жомарт болу, өкпелемеу, ғайбат сөз айтпау, өтірік сөйлемеу, басқаны жәбірлемеу, алдамау, қиянат жасамау, өсек айтпау, өзімшіл болмау, балағаттамау, қинамау, дұшпандық жасамау сияқты теріс қылықтардан аулақ болуы және адамға бірінші болып сәлем беру, әр адамға жақсылық жасауға ұмтылу, қонақжай болу, үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге ізетті болу, дархан мінез, ренжіскен адамдарды татуластыру, туыстармен қарым–қатынасты нығайту, науқас адамның көңілін сұрау, шақырылған орындардан қалмау сияқты амалдар – жақсы қылықтардың қатарына жатады” – деп жауап береді. “Ж. мінез адамдарды бақытқа жеткізеді” –дейді Ғазали. Спиноза жақсылық та, жамандық та болмайды. Ж. немесе жамандық туралы ойлар адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен және шектілігінің салдарынан деп көрсетеді. Ол адамның Ж. сезімдері қатарына еркіндікті, жауапкершілікті, парызды жатқызады.

ХІХ ғ. неміс философы А. Шопенгауэр өзінің этикасында Ж. әрекеттердің адамның өз пайдасын басқаның мүддесі үшін құрбан ету арқылы болатындығын айта келіп, оның түпқазығын төмендегілерге тоғыстырады: 1) не адамның өз мүддесі осы Ж. әрекетпен бүркемеленеді; 2) не ырымшылдық, яғни оның қайырымы алдағы уақытта болатынына үміттену; 3) не басқаның қайғысын бөлісу сезімі; 4) не басқаға қайрымдылық жасайтын дархан мінез, яғни басқаның мұқтажын өтеуден туындайтын көмектесу ұстанымы. Ф.Ницше Ж–ты “адамгершіліктің үздіксіз іске асырылуы” ретінде қарастырады және Ж. “нұрынан барлық әлем тіршілік етеді, әсіресе онымен отбасы жанданады, өмір түрлене түседі” деп есептейді.

Қазақ халқының рухани–әлеуметтік философиясында Ж. – маңызды моральдық–аксиологиялық категорияларының бірі болып табылады. Бұл ұғымның аксиологиялық құзыры қазақтың шешендік өнерінде айтарлықтай көрсетілген. Мыс., Досбол шешен: «Жан денеге қонақ, тіршілікте еткен жақсылық – бұл өмірден өткенде өзіңмен кетер сол–ақ» –дей келіп, Ж. категориясының өмірмәнділік мәртебесін айқындайды. Қазақ әдебінде жақсылық пен жамандық синкретті: әрі әдептік, әрі тәлімдік, әрі өнегелік категориялар ретінде баяндалады және олар кісілік қасиеттердің санатында жүзеге асу мүмкіндіктерімен жырланады. Бұл өмірлік философияда жақсылықтың өлшемі адамның өз атына сай тіршілік етуі болса, онда жамандық тіршілікті шектеу деп түсіндіріледі. Яғни, жақсылық адам мен әлем арасындағы үйлесімдік. Тек нағыз адамның қолынан ғана жақсылық жасай білу келеді. Жамандық – үйлесімсіздік, шектен шығу, теріс қылық,, “ғаріп” нәрсе:

Жақсылықтың айшықты өлшеміне адамдардың дүниемен қатынасына да, өзара қатынастарына да олардың ешқашан өшпес құндылықтар екенін мойындап, оларды сақтау, қастерлеу және оны бұзатын, оны былғайтын, оны тәрік ететіннің бәрін де жамандық деп қарау. Бұл сипатта жамандықтың жиі кездесетін түрі – жетесіздік, қадірлей білмеу. Бұл жерде маңызды этикалық мәселе көтеріліп тұр. Ол – жақсылықтың шартсыздығы. Біздің ісіміз жақсылық па, әлде жамандық па деп дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ол дауысқа салынбайды, тылсымдық түрде бірден аңғарылады. Не болса да, сол болуы керек. Өйткені ізгілік адамның болмысымен тікелей қатынасты, жақсылықтың жасалуы есеппен жүрмейді; онда ол оны сатқанмен, міндетсінгенмен бірдей әрекет болып табылады; ол “өз қайтарымын күтпейтін және адамның шынайылығынан туындаған өмірдегі нұрлы қадамдар болып табылады”. Жақсылықтың бағдары – адамды көтермелеу. Керісінше жасалған әрекет жамандыққа әкеледі.

Жақсылық пен жамандықтың арақатынасын зерттеу әдептанудың басты мәселесіне жатады. Жақсылықтың үш түрлі түсінігін атап өтуге болады: 1) ізгілік ретіндегі жақсылық – этикалық ұстаным, онтологиялық бастау, әдептің жалпы принципі; 2) кісілік қасиет (жақсы адам); 3) әрекет (жақсылық жасау). Жамандық, әдетте, кісілікке қарсы бағытталған әрекет ретінде қаралады. Жамандық күнә, кінә және мәдениетсіздіктен (мәкрұх) тұрады.



Мұхаммед пайғамбар: “Жамандық адамның жанын күйзелтеді. Егер сен жамандық істеген кезде жаның ауырса, онда сен имандысың” – деп айтады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: “Сен бір жамандықты көрсең оны қолыңмен түзет, егер оған шамаң жетпесе тіліңмен түзет, оған да шамаң келмейтін болса оған іштей наразылық таныт” (Муслим, Иман) –делінген. Мұсылман Сүннетінде: “Мұсылмандардың жаман деп қабылдағандары, Алла құзырында да жаман болып табылады” –деп айтылған. Құдай нені жаман деп есептесе, сол жаман болып табылады. Мутазилиттердің көзқарасында жамандық Алланың еркіне тәуелді емес. Оны адам өз ақылымен біле алады. Құранда: “Көк пен жерді және екеуінің арасындағыны босқа жаратқан жоқпыз. Отқа тап болғандардың жағдайы нендей өкінішті” (67, 27 аяттар). Мұнда Алланың бос, яғни жаман нәрсені жаратпайтындығы айтылады. Егер біз өзіміз істеген жаман істерімізді Аллаға таңсақ, онда Алла жаманды жаратушы және өтірікші болар еді. Алайда Алла Тағала мұндай сипаттардан пәк дейді. Хадисте: “Алла тағала былай дейді: Мен құлдарымның барлығын жамандықтан пәк етіп жараттым. Бірақ шайтандар кейіннен оларды діндерінен адастырды»”–деп көрсетілген. Құранда: “…Әр адамның қол жеткізгендерінің сауабы да өзіне, жасаған жамандығының да зияны өзіне” (Бахара сүресі, 2/267–аят), “Ал және бір жамандық келсе, өзіңнен. …Кім жамандыққа болысса, оған да одан бір тиесі бар” (Ниса сүресі, 78, 85–аят) – деп айтылған. Хасан Басри өзінен шайтан ұйықтай ма? – деп сұрағандарға: “Егер шайтан ұйықтайтын болса, біз де демалысқа шығар едік” – деген екен. Шаһуат, өшпенділік, ашкөздік, тамақсаулық секілді адам бойындағы қалаулар мен құмарлықтар оның еркін әлсірететін, жаратылысындағы ақылға бағынбастан адамды жамандыққа жетелейтін сезімдер болып табылады. Мұсылман ғалым Бәдиуззаманның пікірінше, жамандықты жарату Ж. емес, жамандықты істеу – жамандық. Мыс., отты жарату Ж. емес, отпен үйді өртеу жамандық. Спиноза табиғатынан жамандық жоқ дейді. Ж. туралы ой адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен, яғни шектілігі салдарынан қалыптасады деп есептейді. Ол Ж. сезімдер қатарына өкініш пен арсыздықты жатқызады. Хадисте: “ Алла тағала пендеге жамандық қалаған болса бұл дүниеде жазаламай жазасын Қиямет күніне қалдырады” делінген. Тағы бір хадисте: “…Жаманшылық істеген болсаң артынша бір жақсылық істе. Істеген жақсылығың жамандығыңды кетіреді” – деп айтылған. Махмұд Қашқари (ХІ–ХІІ ғғ.) жамандықтың жаман адам мінезінің болмысы екенін: “…Адамның жаманы барсығандықтар” –деп, олардың жамандық басында тұрып, опасыз келетіндігін айтып тұр. Тағы бір бәйіттерінде Махмұд Қашқари: “Жақынын жамандап, дүние жияды, әйтеуір, амалдап туысын қуады” –деп жамандыққа итермелейтін мінезді сынай отырып, “жолдасыңды жамандап, артық пайда іздеме” дей келе, “жамандықтан аулақ бол жаның сонша күйгенше” – деп уағыз айтады. Сопылық философия өкілі Ахмет Йассауи оны: “Көңілі катты, діл азардан құдай безер, ондай құлға Алланың азабы даяр. Жаман құлдар күннен–күнге бітер, достар. …Жаманға берер жаза, қияметте жазаларын тартар, достар” – деген жолдар арқылы көрсетеді. Ортағасырлық түркілік ойшыл Ахмед Йүгінеки жақсылық та, жамандық та тілден болатынын ескертіп: “Ақымақтың тілі – бастың дұшпаны, қан төгіліп, талай бастың ұшқаны. Көп сөйлеген өкінеді түбінде, безей бермей ақылға сап ұста оны. Бақ тіліңді, аздап сөйле, мұра – сол, сонда аман–сау, тек жүресің, рас – ол. “Адамды отқа күйдіретін тіл екен, өзіңді оттан сақта” – деген Расул” – деп келтіреді. Әл–Ғазали адам мінезін: көркем және жаман мінезге бөле отырып, “жаман мінез – жұтып жоқ қылатын у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық” деп анықтайды. Әл–Ғазалидің айтуынша, Ж. құдайдың қалауына тәуелді. Қоғамда Ж. деп танылатын қылықты жасайтын пенде – жаман адам. Ғазали мұндай адамды: “Ашуы келсе немесе қандайда бір нәрсені қалаған кезде өзін тежей алмайтын нәпсінің құлы” – деп сынайды. Осыдан адамға жасалған жамандықтардан ләззат алатын адам жамандықтың шыңына жетіп, ізгілік сипатын жоғалтқан тіршілік иесі дейтін қорытынды шығады.

ХІХ ғ. неміс классикалық философиясының өкілі А. Шопенгауэр жамандық жасамайтын адамдардың әрекеттерінің түпқазығын мыналардан көреді: 1) не жаза алдындағы немесе өштестік алдындағы үрей; 2) не ырымшылдық, яғни алдағы уақытта жазасы болады дейтін үрей; 3) не сүйіспеншіліктен туындайтын жанашырлық; 4) не намыс сезімі, яғни масқара болу алдындағы үрей; 5) не адалдық, яғни берілгендік пен сенімге деген объективті ұмтылыс, адал қызмет етуді ту етіп ұстау қасиеті.

Қазақ би–шешендері жамандықты адам мінезіндегі төмен қасиеттерге жатқызып, оның иесіне баға беріп, сынап–мінеген. Мысалы: “Жаман еркек жер қадірін білмес, жаман әйел ер қадірін білмес” (Майқы би) – дей келіп, жамандық мазмұнына ие болатын мінезді бағалаған болса, Бөлтірік шешеннің: “Төрем, сіздің үйдің қайсы бір дәмін татып қарасам, бәрінен елдің көз жасының соры шығады” – дегенді айта отырып, жамандықпен жасалған істің нәтижесіне қоғамдық пікірді білдірсе, “…Ешкімнің қақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар” (Қабан би) – деп жамандықтың ақыры кәдік екенін ескертеді. Құрмысы шешен: “Адамды алдау, арыңның алдында қылмыс. Ағаңды алдау, анаңның алдында қылмыс” – деп пендені алдайтын мінезді жамандық іс деп танып, оны үлкен қылмыс ретінде мойындайды. Балпық би Ж. иесі жаманды төмендегіше бағалайды: “Жаманды ашу кернейді”.

Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады.

Әдеп, тіпті, жалпы рухани мәдениет, жақсылық пен жамандықты айыра білу қабілеттілігінен басталады. Жануардың жануар болып қалатын түпнегізі осы қабілеттіліктің болмауында. Жақсылық – жалпы әдептің баламасы, адамгершілік пен имандылықты білдірудің ең жалпылама ұғым–түсінігі. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымына кіреді. Жамандық – керісінше, адам күнкөрісіндегі жағымсыз көріністердің жалпылама аталуы. Оған қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады.

Қазақы дүниетанымда жақсылық пен жамандық ұғымдары ақын–жыраулар шығармашылығында жан–жақты әрі көркем суреттелген. Бұл түсініктер таза поэзия аумағынан шығып, халық даналығы үлгілеріне, философиялық пайымдауларға айналған. Жақсылықтың отаны – Жерұйықтың қандай басты белгілері бар? Бұл сұраққа жауапты заман талаптарынан, халықтың арман–аңсауларынан, өкініштері мен мұқтаждарынан іздеу керек. Яғни, Жерұйық ешқандай утопия да емес, болашақ туралы сәуегейлік те емес, бұрынғы туыс түркі халықтарының (алты алаш) бірлігін жырлау болып табылады. Жерұйық идеясын батыстың утопиялық құрылымдарымен теңдестіру біздің зерттеулерімізде жиі кездесетін үлгі болып табылады. Бұл әдістеме батыстық барлық модельдердің біздегі баламаларын іздеумен әуестенеді. Халық “жерұйықты” – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды немесе елді қиыншылықтан құтқаратын батыр, дана, көсем туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарады және бұл аңыздық тұлғалар тарихта болған кейіпкерлерден шығарылады. Осыдан барып мессияндық роль атқаратын адам, елге ырыс–дәулет беретін қоныс жайында әпсана–хиқаят қалыптасады.


ЖАН – басым жағдайда адамның болмыстық бітімінің құрылымдық элементін, кісілігінің, субъектілігінің ішкі имманентті бастауын, дене тіршілігінің қайнар көзін білдіретін категория. Ж. ілімі барлық адамзат мәдениетінде орын алады, бірақ ол әртүрлі формада болып, әртүрлі мағыналық контексте қолданылуы мүмкін. Көбінесе діни және философиялық ілімдерде Ж. – жеке дара дене–бітімі болмайтын, мәңгілік элемент, адам денесінің тіршілік көзі. Жалпы мағынада Ж. – өмір принципі, тәнді тіршілікке келтіретін бастама ретінде анықталады. Заттарды алғаш рет “жанды” және “жансызға” бөлуге байланысты алғашқы қауымдық наным–сенімдерде Ж. тән мүшелерімен әрі олардың қызметімен ұқсастырылды: қанмен (иудаизм), мұрынмен (Анд үндістері), жүрекпен (ежелгі египеттер), мимен (Гален концепциясы) және т.б. Ежелгі гректер жанды үш түрге бөледі: “ақылды” (баста), “батыр жан” (кеудеде) және “құмартушы жан” (ішек–қарында). Эпикур Ж. салауаттылығын біліммен байланыстырды. Ежелгі Египетте Ж–ның әртүрлі (ка және ба) түрі өмір сүретіндігі мойындалады. Ж–ды (адам) көлеңкесімен, адам бетінің немесе денесінің су бетіндегі, айнадағы бейнесімен ұқсастыруы жиі кездеседі. Мәдениеттің дамуының алғашқы кезеңдеріне зооморфтік Ж. туралы түсініктер сәйкес келеді; әртүрлі халықтардың наным–сенімдерінде құс–бейнелі Ж. кең тараған. Ж–ның жеке болмыстық сипаты туралы сенімдер анимизмге байланысты қалыптасты. Көне түркілер Ж–ды құт деп атаған. Құтты үшке бөлген: ауа құт (адам ұйықтаған кезде денеден бөліне алады және әлемді шарлай алады), көлеңке құт немесе жер құт (адамның жанында жүретін құт, оны киелі, қасиетті адам көре алады), ие–құт (тәнді өздігінен тастап кете алмайды). Қазақтар ет жан, шыбын жан, рухи жан туралы айтқан. Таулы алтайлықтар Ж–ды жетіге түрге жіктейді: тын (тыныс), құт (адамның өмірлік қуаты), жула және сүр (денеден бөлек жүре алатын нұсқа), ауру көрмес және жаман көрмес, ізгі және кекті (өлген адам жаны немесе рухы). Кейінгі діни философияда Ж. адамның рухани мәні, оның тұлғалық қасиеттерін анықтайтын күш ретінде анықталады. ХХ ғасырдың аяғында пайда болған жаңа діни бетбұрыс өкілдерінің бірі – Виссарионның қазіргі діни ілімінде (Соңғы Өсиет) Ж. – адамның жаратылысынан тәніне енгізілетін мәңгі құдайылық табиғаттың рухани бастауы деп анықталады. Ж. арқылы тіршілік иесі өзіне діни құндылықтарды (жақсылық, ізгілік, қайырымдылық, махаббат, әсемдік т.б.) қосып алған адамға айналады. Фома Аквинский бойынша, Ж. – бейматериалдық субстанция, бірақ ол өзінің тіршілігін тек тән арқылы ғана іске асыра алады. Ж. “тәннің қозғаушысы” болып табылады және адамның мәнін анықтайды. Діни философия бойынша Ж. – дененің тіршілік ету қабілеті. Бірақ адам жанының бүкіл басқа тіршілік иелерінің өмір сүруінен айырмашылығы, адам жаны тек рухпен біріккенде ғана тіршілік қабілетіне ие болады. Алла тағала рух арқылы адамның тәніне Ж. салғаннан кейін ғана адам өзінің өмірлік мақсаттарына келе алады немесе адам мақсатты–тіршіліктік жаратылыс қалпына ене алады. Ж. адамға берілген басқа қасиеттерге қарағанда маңыздырақ феномен, өйткені адам тек жанның қуаты арқылы ғана тіршілік етеді, өмір сүре алады. Ж. арқылы ғана адам тәні шынайы тіршілікке қол жеткізеді. Ал жан тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Тән жанның даму кеңістігі. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Әл–Фараби “Азаматтық саясат” деген трактатында жанды беске бөледі: қоректенуші, сезінуші, пайымдаушы, ұмтылушы және теориялық. Ж. науқасы – жағымсыз әдеп деп біледі. Фараби мұндай Ж. тәнмен бірге өледі деп есептейді, өйткені ол күнәға батқан, былғанған, кәмілділікке ұмтылмаған Ж. Адам жанның тек теориялық ақыл қуаты арқылы ғана бақытқа жете алады дейді. Теориялық ақылдың көмегімен кәмілдікке жеткен жан мәңгі, өлмейді, ондай жанның өмір сүруі үшін материя (тән) қажет болмайды. Ал өз кезегінде жан тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Жанның даму құралы – тән. Тән тозғанда Ж. өз тіршілігін тоқтатады. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Рух о дүниенің, яғни Алланың қалауын орындаса, Ж. дененің бұл дүниедегі мақсаттарын орындайды. Осыдан адам рухы жоғары тартылса, тән жердегі тіршілікке тартылады дейтін таным қалыптасады. Адамның жанмен қатынас коммуникациясын вертикальды және горизонтальды бағытта қарастыруға болады. Мінездің жаманын да, жақсысын да таңдау жанның құзырына берілетін құбылыс. Әл–Ғазали адам жанының өздігінен болатын субстанция екендігі, Ж. тәнге енетіндіктен болмай қалуы мүмкін еместігі және тәндік қайта тірілу мәселесін көтереді. Ж. – рухани субстанция, ол өздігінен пайда болады, кеңістікте орын алмайды, сондай–ақ, ол денеде де болып табылмайды және денеге енбеген, денемен қосылмаған да, денеден бөлінбеген де субстанция. Ол Алла мен оның періштелері сияқты ғаламның ішінде де, сыртында да болмайды. Ғазалидің пікірінше, жанның тіршілік ұясы тән болғандықтан, оның тіршілік етпеуі мүмкін емес. Ж. өзінің тіршілігін үш жағдай арқылы тоқтатады: 1) тән өлген соң; 2) оның өзіне қарама–қайшылық негіз болғанда; 3) Алланың бұйрығымен жойылады. Сондықтан әл–Ғазали: “Ақылмен танылатын жанның қадірі көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрады” –деп есептейді. Ибн Баджаның адам туралы іліміндегі басты мәселе – адам жаны. ХХ ғ. француз философы–теологы Пьер Тейяр де Шарден: “…біз “жанды” табиғаттың әртүрлі каналдары арқылы тоғыса отырып, әсемдікке және ақиқатқа біріктіру үшін бүкіл тән күшінің қайта түрлендіру фокусы ретінде түсінуімізге болады” – деп жазады. Қазақ дүниетанымында Ж. ұғымы діни таным ауқымында қарастырылады.
ЖАУАПКЕРШІЛІК – адамның онтогенездік мәнін, болмыстық бітімін, рухани мазмұндық сипатын, психологиялық қалпын, құқықтық қатынасын, әлеуметтік мәртебесін, моральдық сапасын белгілейтін философиялық категория. Ж. адам өмірінің маңызды сапалық жақтарының бір қырын анықтайтын экзистенциялық білім мазмұны. Ж. адамды белсенді субъект тұрғысында анықтайды. Ж. – тұлғаның субментальды тектұғыры. Ж. – адамның өз іс–әрекеттерінің нәтижесін көре білу, сезіне білу қабілеті, оның әлеуметке пайда, зиянын анықтай білу мүмкіндігі. Ж. жеке адамның немесе оның топтарының қоршаған ортаға қатыстылығын анықтайды, адамның қоршаған орта алдындағы парыз міндетін атқару қызметін сипаттайды. Ж. адамның оң моральдық құндылықтар радиусында айналып, адами болмыс шеңберінде болуын бақылаушы күш, қадағалаушы қуат феномені. Ж. ұғымы туралы түсініктер көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Философиялық категория ретіндегі теориялық негіздері ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардан бері қалыптасты. Жәбриттік бағытты ұстанушылардың айтуынша, адамдардың басқа Ж–тері мен қатар этикалық Ж–терін де қабылдауымыз қажет. Ислам діні бойынша, адам Ж. – иесі болып табылады. Ж. – адамның жауап беру мүмкіндігі мен қабілеті. Ж. адамның өзіне деген Ж.–тен басталып, отбасы, жақындарына, отаны, наным–сенімі, жаратушы, бүкіл адамзат, әлем алдындағы Ж.–пен аяқталады. Құранда дербес Ж.: “Сен өзіңнен ғана жауаптысың” (Ниса сүресі, 84–аят), қоғамдық Ж.: “Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар” (Сонда, 85–аят), жаратушы алдындағы Ж.: “Көктегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштегілеріңді жарияласаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады” (Бақара сүресі, 284–аят) – деп айтқан. Мұхаммед пайғамбар Ж– туралы: “Бәрің жауаптысыңдар Мемлекет басшысы, қол астындағы халық үшін жауапты. Жанұя қожайыны жанұясына жауапты…” – дегенді айтады. Дінде Ж. о дүниеде де іске асатын мүмкіндік. Құранда: “Ол күні олар, Әттең Аллаға мойын ұсыну керек еді!” – деп көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: “Мұсылмандар, бірін–бірі сүюде, бір–біріне жаны ашуда және бірін–бірі қорғау тұрғысында бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері де мазасызданатын бір бүтін дене сияқты” (Бұхари, Әдеп, 26) –дегенді келтіреді. Құран Кәрім бойынша, Алла ақыл берген пенделерінің бәрін жауапкершілікке тартады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде мынандай үш адам Ж.–тен босатылған: 1) оянғанға дейін ұйықтап жатқан адам; 2) дұрысталғанға дейін есі ауысқан адам, яғни жынды адам; 3) үлкейгенге дейінгі бала (Бұхари, Худуд, 22). Ұйықтап жатқан адамның жауапты болмауының себебі, дінде ұйқы ақыл мен сананың уақытша тоқтауы болып саналады. Ұйқы өлімнің бір түрі болып есептеледі. Қорқыт тек өмірді сүйген адам ғана халықтың тағдыры мен болашағы алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінеді және іс–әрекеттегі ұқыптылық адамдардың үлкен Өмірдің алдындағы Ж–гі деп санайды. Мутазилиттік бағыт бойынша, адам өз іс–әрекетін өзі істейді және өзі оған жауапты болады. Сунниттік бағыт адам істеуге ұмтылғаны үшін және берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, сол істі істегені үшін жауапты деп есептейді. Құранда: “Алла адамға шамасы жететіндей ғана (жауапкершілік) жүктейді” (Бахара сүресі, 267–аят) –делінген. Спиноза адамның Ж.–ін оның Құдай туралы не ойлайтындығыңмен байланысты деп есептеді. Ж. – өнегелі құбылыс деп анықтайды. И.Кант адам өз әрекет максимасына жауапты деп есептейді. ХХ ғ. философы Б.Констан Ж–ті екі тұрғыда қарастырады: 1) Ж. – әлдебір әрекетті жүзеге асырудағы міндет; 2) ол – өз әрекетіне жауаптылықтағы қажеттілік. Мұнда Ж. ар–ұжданнан кең ұғым болып, ол парыз ұғымымен теңестіріледі. Қорыта айтқанда Ж. ұғымы антикалық дәуірде эстетикалық, ортағасырда – діни , қайта өрлеу дәуірінде – саяси, жаңа дәуірде – жекелік, ХХ ғасырда – әмбебаптық тұрғыда қарастырылады. Ж. әртүрлі негіздер бойынша: парыз күші, субъектісіне, адамның қатынасқа түсуіне, шығу тегіне, ауқымына байланысты жіктеледі. Ж. субъектісіне қатысты сыртқы (объективті), ішкі (субъективті) болып бөлінеді. Сыртқы Ж. адамның қоғамдық қатынастар жүйесінде қандай орын алатынына байланысты. Сыртқы жағдайлар индивид арқылы игеріледі, оның ішкі заңы болып қолданылады. Ішкі Ж. жеке тұлғаның позициясы. Абай адамның әлеуметтік және моральдық жауапкершілігін сөз етіп, олардың ішкі және сыртқы қырларын қарастырады. Ж.–тің реттеуші, басқарушы, бақылаушы, дифференциялаушы қызметтері бар. Ж. құрылымы объектілер, субъектілер, санкциялар арқылы анықталады. Ж. субъекті – қандайда бір нәрсе үшін жауапты адам, объекті – субъект Ж–нде болатын нәрсе. Жер бетіндегі жауапты жаратылыс – адам, себебі өз тіршілігін өзі ұйымдастырады. Ж. категориясы адамды басы бостықтан құтқарып, өз сезімдері мен құмарлықтарына иелік еткізетін құндылықтардың бірі. Адам тек Ж. түсінігімен ғана қарапайым табиғаттан бөлектеніп, моральдық болмыс дәрежесіне көтеріледі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет