«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет21/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
#330
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.

М.Л. Кинг. Паломничество к ненасилию. // Этическая мысль. М., 1992; Л.М. Толстой. Не убий никого. // Этическая мысль. М., 1992; Принципы ненасилия: классическое наследие. М., 1991. Ганди М. Моя вера в ненасилие.// Вопросы философии. 1992, 3.


Тоғышарлық – адамның тұлғалық қалыптасуының менмендікпен, немқұрайлықпен байланысты теріс келбеті. Ол негізінен адамның рухани құлдырау жолында болғанының белгісі және ол пенденің тоңмойындыққа толы өзімшілдігін танытады. Адам өзінің осындай жағымсыз қасиеттері бар екенін зердемен саналы түрде пайымдауы да мүмкін немесе оның теріс құбылыстық негізін жете түсінбеуі де мүмкін. Қалайда ол адами қалыптасудағы көптеген теріс мағыналы: сараңдық, өзімшілдік, топастық сияқты қасиеттерімен қатар тұрады және олардың бір қырын танытатыны анық. Т. негізінен нашар тәрбие мен жеке даралылықтың кейбір осал тұстарының бірігуінен туындайды. Ешкім дүниеге келгеннен бастап Т. болмайды. Оны Т. итермелейтін бірнеше факторлар жүйесі болуы мүмкін. Алдымен Т. қақпанындағы адам осындай принциптерді басшылыққа алатын отбасында, әлеуметтік ортада қалыптасуы мүмкін. Тағы бір маңызды нәрсе – пенденің өз нәпсісін тежей алмай, тіптен, оның бірте–бірте құлына айналуы бақытсыздығының белгісі. Үнемі құлқынның мүддесін ғана көздеушілігін әлеуметік практикада әдетке айналдырса Т. адамды толық меңдеп алуы мүмкін. Яғни Т. әлеміне пенде кездейсоқ тап болмайды, ол әлеуметтік тіршілікте табиғи қажеттіліктердің негізінен қамтамасыз етілуін өмірде басшылық, басымдылық етуден туындайтын құбылыс. Оған қарсы тұратын, адамды хайуандық әдеттерден арылтатын бірден бір күш – рухани жетілу екені анық. Өкінішке қарай, Т. жолындағы азамат басқа жандардың мүддесін елемейді, оларды көбінесе жете ескермеуге тырысады, өйткені оның дүниедегі мүдделік кеңістігі өзінің жеке басының, одан артып кетсе қасындағы туысқандық мағынадағы жақын–жуығының ғана қажеттілігі, сұраныстары болып шектеледі. Кейде оларға да барынша опасыздық жасауы да мүмкін. Сөйтіп, ол өзінің нәпсілік ғаламында барынша пендешіліктің шырмауына мықтап түскенін де байқамайды. Сондықтан, Т. рухани болмыс, рухани мәдениет тұрғысынан алғанда шын мәнінде рухани кембағалдық, бақытсыздық болып табылады. Т. жолына түспеудің негіздері отбасында, мектепте, барлық тәрбиелеуші, ақпарат беруші органдардың жүйесінде қалануға тиісті. Тіптен, бұл маңызды істе әртүрлі діндердегі этикалық қағидалардың сипаттамасын қолданғанның артықтығы жоқ. Өйткені, адам көбінесе әр түрлі білімдерді жинақтап, өзін сауатты маман иесімін дегеннің өзінде күнделікті өмірде өзімшілдіктің шеңберінен шыға алмайтын нағыз Т. болуы да мүмкін. Сөйтіп, қазіргі дарашылдықты, жеке бостандықты күйттеген батыстық бұқаралық мәдениет Т. отына май құя түсетін руханисыздықтың бастауына айналуда. Ал оған қарама–қарсы қоятын күштерді ұлттық болмыстағы қордаланған нағыз рухани–адамгершілік принциптер мен моральдік тағылымдардан іздеген жөн. Т. тамырына балта шаба алатындай қауқар халықтың мәдени құндылықтарында жеткілікті. Тек соны баршамыз рухани байлық ретінде Т. қарсы қоя білуіміз керек. Сонда ұлттағы Т. жолындағы азаматтарға шынайы көмек беруге мүмкіндіктер туындайды және аралық маргиналдық жолда жүрген ұлт өкілдерінің руханилыққа қарай бетбұрысын байқаймыз.
Той әдеп–ғұрып дәстүрі әрі өнер мен өнегенің ашық жүйесі; халық көп жиналатын салтанатты мереке, қуанышты мейрам, өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке; аға ұрпақ пен бала ұрпақтың арасындағы сабақтастыққа дәнекерлік, бүгінгі барды бағалау, келелі істер жайында ақыл қосу, тәлім–тәрбиенің ашық сабағы, адам танудың өнегелі мектебі, адам қабілет–қасиеті мен еңбегін қастерлейтін салауатты орта. Т.–тамашада көпті көрген көне көздер, ел ардақтылары, өнер мен ғылымның әйгілі де ардагер бетке ұстары, күміс көмей шешендер, бұлбұл әсем дауысты әншілер жиналады.

Т. көне заманнан толассыз, кең таралып келе жатқан ойын–сауықтың таусылмас көзі; әр халықтың бірлескен тіршілігінің айғағы, қалай өмір сүріп, демалып, көңіл көтерудің қалыптасқан салт–дәстүрі. Т–сыз бірлескен өмір сүрудің мәні, сәні бола бермейтіні хақ. Әлемде қанша халық болса, шамасы, Т–ды ұйымдастырудың, өткізудің, қызықтап тамашалаудың сонша алуан салт–дәстүрлері, осы мерекеге берген өз атауы бар. Мысалыға, солтүстік Үндістанда Т–ды тамаша дейді. Қазақ халқының мәдени өмірінде Т. ежелгі заманнан орын алады. Халықта қыз ұзату, үй болу, шілдехана, наурыз, ұрын беру Т. аталып жатады. Патриархат кезінде қызды күйеуге, яғни бір елден басқа елге, күйеудің үйіне шығарып салу ырым–салты қалыптасқан. Бертін келе ұрын Т. ұмыт қалған. Күйеудің алғаш рет ресми түрде қалыңдықты көру мақсатымен қайын жұртына баруын халық «ұрын бару», қайың жұрты болса бұл сапарды «ұрын келу» деп атаған. Осыған байланысты ұйымдастырылған думанды, тамашаны – ұрын Т. деп атап кеткен.

Т. өткізу бір әулеттің ғана басына түскен салмақ емес, жеке елдің беделін көтеретін не кір келтіретін ірі оқиға санатына жатқызылды. Той–тамаша көңілден шығардай, ұмытылмай есте ұзақ қалардай етіп өткізу үшін талай нәрсені алдын ала білу қажет еді. Т–а ойын–сауықты жөнімен, ұлттық сипатта, кәсіби деңгейде өткізу – ұйымдастырушыларға жүктелген үлкен жауап. Әдет–ғұрып ойындары әдетте арнаулы жырмен, болмаса айтыспен басталады. Әдет–ғұрып ойындарына, алдымен қыз ұзатар және үйлену тойында болатын ойын–сауықтар жатады. Мысалыға, жер–жерде үйлену тойының мынандай ойын–сауықтары таралған: “тоғыз аяқ”, “тоғыз табақ”, “жар–жар”, “бет ашар”, “құда тарту”, “қол ұстатар”, “шаш сипар”, “неке қияр”, “кемпiр өлдi”, “шымылдық байлар”, “сақина салар”, “есiк ашар”, “ат байлар”, “түндiк ашар”, “ит ырылдатар”, сондай–ақ “тоқым қағар”, “қынаменде”, “қыз кәде” сияқты ырым–жоралар. Бұл әдет–ғұрып ойындардың бас кейiпкерлерi – қыз бен жiгiттiң жеңгелерi мен құрбы–құрдастары болса да, сауық өткiзу рәсiмi жер–жерде бiрдей емес, түрленiп жатады. Т–дағы әндер мен жырлар, күйлер мен билер көңiл көтеретiн, қуанышты бiлдiретiн, ой тербететiн, шабыт келтiретiн қабiлет–қасиет сайысы, дәстүрлердiң тоғысы. Т–сыз халықтық дәстүр өнімді өрістемейді. Бірақ тойдың озығы, тозығы бар екенін жалпылама білсекте, жиі айтып жүрсекте, оның күнделікті тұрмыс–салттағы құндылығын саралап, зерттеп жүрген жайымыз көмескі.

Қазақты думаншыл–сауықшыл халықтың санатына жатқызады. Тегін айтылмаған. «Той десе, қу бас домалайды» деген қазақ айтып қана қоймай, өз болмысын соған икемдеген. Барын аямайды, тірсектеп жинағанын тойға жаратады. Қазақ үшін Т. өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыратын мерекелі де елеулі оқиға. Тойда әр дәулет, әр ұрпақ тіл табысып жарасқан, өз берекелерін бағалап, келелі істер туралы ақылдасқан, біріне–бірі ақыл қосып, өзара демеген.
Тоталитарлық – қоғамдық жүйенің, мемлекеттік құрылымның тарихи ұйымдасу түрі. Кез келген мемлекеттің билігі, басқару жүйесі белгілі бір саяси сипатта қалыптасады. Яғни, ол тарихи тұрғыда демократиялық, немесе антидемократиялық үлгіде көрініс беруі мүмкін. Ал Т. көбінесе биліктің бір қолға, басқарушы мемлекеттік күшке барынша жинақталуын, біртұтастануын білдіреді. Ол қоғамның барлық саласын қамтитын тұтастанған, антидемократиялық биліктің көрінісі. Т. жүйе көбінесе халықтың рухани дамымаған әлеуметтік қабатының мүддесін қорғауды, жалпыхалықтық мүддені барынша жоғары деңгейде алдына мақсат еткен сипатта өрбиді, ол сонымен қатар осы алдамшы құндылықтарын жүзеге асыру кезеңінде қарулы күштерге, тегеуірінді органдарға барынша арқа сүйейді, оларды өз мақсаттарына барынша қолданады. Шын мәнінде Т. принципті бағыт ретінде ұстанған қоғам жалған құндылықтарды қоғамдық санаға тереңдете орнықтыруға тырысады, адамдарды бір–біріне жау етіп, оларды бір–бірінен қашықтата түседі. Мәселен, осындай әлеуметтік–саяси жағдай ХХ ғасырдың ортасында фашистік Германия мен коммунистік КСРО–да орын алды. Сонымен қатар өткен ғасырдың екінші жартысындағы Чилидегі Пиночеттің басқару кезеңіндегі диктатуралық режимі әлеуметтанушы ғалымдар арасында Т. қоғам деп бағаланады. Осындай сипаттағы мемлекеттік жүйелер адамзат тарихында талай рет көрініс берген. Кез келген қоғамның өзінің ішкі тұтастығын бекіте түскен сайын тарихи субъект ретінде мықтырақ болатынын байқайды. Бірақ бұл тұтастықтың қалыптасуына антигуманистік тәсілдер мен әдістер қолданылады. Тіптен, Т. жүйенің іргетасы нығая түсуі үшін кейбір мемлекеттерде ұлттық идеяның өзі де тетік ретінде пайдаланылады. Кезінде Германияда ұлттық идея ретінде немістердің басқа ұлттардан ерекше биік тұратын халық ретінде артықшылығы танылды. Әрине, бұндай мемлекеттік идеология қоғамдағы ұлтшылдық отын маздата түсті, кәдуілгі сананың ең төменгі қабаттарына қоздырғыш фактор ретінде әсер етті. Еврейлер мен орыстар ең теріс мағынадағы этникалық таптаурындық сипатта бейнеленді. Осындай психологиялық қайшылықтар қоғамдағы дүниетанымдық бұрмалануларды туғызды. Ол түбінде әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеліп соқтырды. Ал коммунистер болса алдарына жаңа қоғам құру мақсатын қоя отырып, сол жолға кедергі болғанның барлығын өздеріне жау санаған болатын. Сондықтан “халық жауы” айдары талай азаматтардың кеудесіне тағылып, оларды жалындаған жас шағында қыршынынан қиылуға әкеліп соқтырды. Бір отбасында тәрбиеленген екі азамат, көрші тұрған ауылдас, бірге жұмыс істейтін әріптес жандар бір–біріне сенбейтін, жау ретінде қарайтын күйге жеткен болатын. Т. жүйе сонымен қатар қоғамдағы ең алдыңғы қатарлы азаматтарды, озық ойлы жандарды құрбандыққа шалуға ұмтылды. Өйткені, ойлы азаматтар Т. қоғамдағы еркіндіктің жоқ екенін, ұлт өзінің ең негізгі рухани байлығынан айрыла бастайтындығын халыққа бірте–бірте жеткізе бастайды. Т. билік мұндай бостандықты, дүниетанымдық алуандықты қаламайды. Сондықтан авторитарлық режим қудалаудың бастауын ең озық тұлғалардан бастайды. Өйткені, олар тіптен басқа құндылықтық, мағыналық бағыттағы қоғамның қалыптасуын көксейді. Осы сәйкессіздікті Т. қоғам күшпен шешуге тырысады. Міне, осындай қара күшке сүйенген Т. сипаттағы жүйенің қалыптасуына қандай тарихи, мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық себептер негіз болады. Оған ең алғашқы себеп болатын нәрсе – әрбір адамның ішінде отырған рухани жетілмеушілік, тереңде жатқан пендешіліктің өзімшілдік құрылымдары. Яғни, әрбір пенденің көбінесе әлеуметтік жүйеде өзінің жеке басының ғана мүддесін үнемі жоғары қоюға бейімділігі жатады. Т. қоғамды бекіте түсушілер, тұтастанған билікті мызғымас күйге жеткізушілер адамның бойындағы осы осал жерді үлкен шеберлікпен қолданып отырған. Сондықтан Т. іргетасын әлеуметтік дүниеде, мемлекеттік құрылымда адамдардың өздері нығайта түскенін байқамай да қалады. Әйтпесе, өзінің жеке басын қорғау үшін отандастарын, қандастарын сатып кету Т. қоғамда көптеген пенделер үшін күнделікті әдетке айналмас еді. Т. қоғам деп теріс сипаттама берілгенмен кез келген қауымдастық, мемлекет өзінің әлеуметтік дамуын тоқтатпайды, яғни ол да тарихи процесте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізеді. Білім беру, сауда–саттық, мәдени ошақтар кейде біршама өркендеуі де мүмкін. Шығармашылық жолындағы азаматтар Т. қыспақтың өзінде керемет дарынды туындылар жасауға тырысады. Мәселен, М. Әуезов өзінің “Абай жолын” ХХ ғасырдың бел ортасында жазған еді. Еркін ойды қудалай отырып авторитарлық сипаттағы қоғамды орнықтыра түсу үшін, антидемократиялық принциптерді бекіте түсу үшін Т. қоғамға экономикадағы біршама жеңістер ауадай қажет екені белгілі. Сонда қарапайым халық та әлеуметтік жағдайдың біршама түзелгеніне малданып басқарушы биліктің жақтасына айналады. Шындықты айтуға ұмтылған бірен–саран азаматтардың үні әлеуметтік жағдайын біршама түзей бастаған көпшіліктің шуылына көміліп кетеді, рухани құндылықтардың маңыздылығын айтқан тұлғалардың сөздері ұлтшылдықты алға тартқан тобырдың көлеңкесінде қалады. Т. қоғамның ең теріс жақтары да осы тобырлық сананың барынша мемлекеттенуінде, тұрпайы идеологияның басымдық танытуында. Міне, осыны шебер пайдаланатын билік жүйесі экономиканы өте қатал тәртіптің күшімен дамытуға ұмтылады. Болмаса Т. жүйе қоғамды барынша қыспақта ұстай отырып басқа елдердің жетістіктерін теріске шығаруды идеологиялық қаруға айналдырады. Сондықтан, ондай ортада ақпараттық бұрмалаулар, шектеулер, цензура, адал жандарды қаралау қоғамның негізгі идеологиялық қаруына айналады. Тарихта Т. бағдарлар белең алған мемлекеттерде демократиялық институттардың дамуына мүмкіндіктер жоқтың қасы болған деуге болады. Т. қоғам дінге деген қатынасын барынша екіжүзділікпен ұстайды. Өйткені, Т. режим өздерінің билігін жүзеге асырып отыруға қажетті дінбасыларды ғана ұстауға тырысады, басқаларын қудалайды. Шынайы діншілдік, руханилық этикалық құндылықтарды жоғары ұстайтын болғандықтан Т. принциптердің дүниетанымдық негіздерімен үнемі қайшылықта болады. Сондықтан, ешқандай діннің этикалық принциптері, адамгершілік нормалары Т. жүйеде ашық мойындалмайды. Кейде формальды түрде мойындалса да, олардың шынайы сипатының өркендеуіне жол берілмейді. Тіптен, Кеңес үкіметі жағдайында атеистік идеология күшпен енгізілгені, қалалар мен ауылдардағы шіркеулер мен мешіттердің жаппай қиратылғаны, нағыз дінге сенушілердің қудаланғаны белгілі. Міне, сондай нәубаттың құрбандарының қатарына қазақ халқының көрнекті тұлғасы Шәкәрімді жатқызуға болады. Т. қоғамның тағы бір зобалаңына ұлттың ішкі құрылымын ыдыратуға тырысуды жатқызуға болады. Кеңес үкіметінің билігі кезеңінде қазақтардың біршама бөлігі өзінің тарихи отанынан басқа елдерге көшуіне, қазақ диаспорасы құбылысын қалыптастуына әкеліп соқтырды. Міне, осы тарихи дүрбелеңге толы заманның салдарлары әлі күнге дейін рухани мәдеиетте білінеді. Мәселен, қазақ халқының үштен бір бөлігі өзінің тарихи отанынан тыс жерлерде өмір сүруде, қазіргі кезеңде ата–бабасының туған жеріне жетуді арман етеді. Осы тарихи әділетсіздікті жөндеу үшін, үйлесімділікті қалпына келтіру үшін тек қана мемлекет немесе оның кейбір органдары ғана емес жалпы қандастар, отандастар болып барлығымыз да ат салысуымыз керек. Онсыз Т. қоғамның бүлдірген дүниесін жөндеу өте ұзаққа созылады. Осындай әрекеттерді, игілікті істерді диаспоралары бар барлық алдыңғы қатарлы елдердің көбісінен байқаймыз. Бұл талпыныстар нағыз ұлтжандылықтың, этноәлеуметтік кеңістіктегі әділеттілікті орнатудың әрекеттері болып табылады. Сөйтіп, Т. қоғам кездейсоқ орнай қалмайтын, өзінің тарихи, психологиялық алғышарттары бар тарихи құбылыс болып табылады. Оның тарихи уақыты біткеннің өзінде салдарлары ұзақ мерзімге созылады және ол бірнеше ұрпаққа жететіндей мұра тастап кетеді. Міне, сондай мұралардың қатарына басқаша ойлауға бейімділік танытқандарды қудалау жатады. Яғни, ресми түрде Т. деп бағаланбаған қоғамдардың өзінде кейде билік пен оппозицияның арасындағы кикілжің өзара тартыстарға толы болады және ол қоғамдағы әртүрлі саяси ойындардан көрініс беруіне әкеліп соқтырады. Осы қақтығыстардың нәтижесі кейбір жекелеген тұлғалардың тағдырына барынша кері әсерін тигізуі де мүмкін. Міне, осындай үрдістер адамзат тарихының көптеген кезеңдерін қамтиды. Бұл процестердің пайда болуы мен қайта–қайта көрініс беруін тежеу үшін оның болмыстық іргетасын жою керек. Сондықтан, әрбір адамның дүниетанымындағы құрылымдарды рухани жетілдіру арқылы ғана жалпы қоғамдағы ахуалды биік деңгейлерге көтеруге болады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде адамаралық сенім, келісім тереңдей түседі, қорқыныштардың орнына өзара түсіністік қатынастар орнығады. Яғни, бұндай жағдайды қалыптастыру үшін мемлекеттегі адам құқығын қорғаудағы әрекеттері де пәрменді болуға тиісті. Сонымен қатар, Т. жүйенің санадағы қалдықтарын жою үшін қоғамдағы демократиялық институттардың жұмысын жетілдіре түсу керек. Ал бәрінен де маңызды нәрсе қоғамдағы азаматтардың басым бөлігінің руханилыққа, рухани мәдениетке қарай бет бұруын атауға болады. Ал руханилық ұстанымдары отбасында, мектеп пен әр түрлі оқу орындарында, кез келген мәдени ошақтарда, жалпы әлеуметте қалыптаса бастауы тиіс. Сонда ғана Т. құбылысының тамырына балта шабылады, қоғамның келбеті гуманистік, өркениеттенген сипат алады.
ТУ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заңның күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемл. Т. көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою–өрнек — алтын түстi. Т–ың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемл. Т–ның авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк–көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени–семиотик. тарихына сүйене отырып, мемлекеттік т.–ағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет–тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп–өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан–байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР–ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан–дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
ТУРИЗМҰлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және т. нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар ХХ ғасырдың 20 – 30–жылдары пайда болды. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырыды. Оған Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімдері қатысты. Жорық Алматы төңірегінен басталып Есік көлінде (62 км) аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанында Пролетарлық т. және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Оның алғашқы төрағасы болып В.Г. Горбунов сайланды. Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен (16 адам) құралған топ (Ф.Л. Савин басқарған) Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы көлі жағалауына дейін барды. Т–нің бұл түріне В. Зимин, А.Бергрин, Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов, т.б. көп үлес қосты. 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Зиминнің бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. «Еңбек және қорғаныс» эстафетасын алған бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкінің сегіз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтіп Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызия командасына табыс етті. Сол жылы Алматыдағы Жетісу губерниясының мұражайдың жанынан Бүкілодақтық пролетарлық т. мен экскурсия ерікті қоғамының 10 мүшесі бар алғашқы ұясы ұйымдастырылды.

Әуесқой туристердің бастауымен Алатау қойнауындағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында туристер үшін шағын үй салынды. 1936 жылы бұл жерде республикадағы ең алғашқы 50 кісілік «Горельник» турбазасының шаңырағы көтерілді. 1938 жылы Көкжайлау шатқалында (Алматы маңында) алғаш қазақстандық туристер слеті өтті. Оған 200–дей туристер қатысты. 1943 жылдың басынан «Горельник» турбазасында Кеңес армиясының тау атқыштарын даярлайтын Бүкілодақтық нұсқаушылар мектебі орналасты. Соғыстан кейін «Горельник» тау шаңғышылары мен альпинистер кадрларын даярлайтын базаға айналды. Адамдардың белсенді демалысы мақсатында 1952 жылы Қазақстанда Туристік–экскурсиялық басқарма (ТЭУ) құрылды. 1961 жылы Алматыда Республикалық жас туристер станциясы ашылды. 1960 жылы кәсіподақтардың Қазақ республикасының кеңесі жанынан т. жөніндегі Республика басқарма ұйымдастырылды. 1962 жылы Туристік–экскурсиялық басқарма Т. жөніндегі кеңес болып қайта құрылды. 1965 жылы Қазақстанда республикалық және 5 облысық (Алматы, Қарағанды, Шығыс қазақстан, Орал, Шымкент) туристік кеңес және әр облыста бюро ашылды.

1950 – 60 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында тау Т., альпинизм (шыңға шығу), спорттық Т. дами бастады. Мұның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло, т.б. мамандар оқушылар мен студенттер арасында Т–ді дамытуда үлкен үлес қосты. 1958 жылы Зиминге тұңғыш рет т. бойынша КСРО–ның спорт шебері атағы берілді. 1970 жылы құрылған Т. және саяхатшылықтың республикалық кеңесі Т–нің одан әрі дамуына әсер етті. 1971–75 жылдары Қазақстанда Т–нің материалдық базасын нығайып, саяхаттық–туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар пайдалануға берілді. 1978 жылы Қазақстанда экскурсия мен Т–нің респ. кеңесі және 14 облыстық кеңес, 17 туристік база мен мейманханалар, 26 саяхат, экскурсия бюролары және шет ел туристеріне қызмет көрсететін 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында туристік автомоб. базалары құрылды. Туристік базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жетті. 1988 жылы т. құрылымында біршама өзгерістер болды. Жаңадан туристік экскурсия қауымдастықтары құрылды. Осы жылдары Қазақстан т.–інің дамуына Н.И. Самойленко, С.Әбденбаев, Т.Жездібаев, А.Чукреев, О.Мазбаев, С.Р. Ердәулетов, т.б. үлкен үлес қосты. Тәуелсіздік алған Қазақстанда 1991 жылдан т. саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік т. ұйымына мүше болды. Осы жылы т. индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы т. дамуының стратегиясы жасалды. 2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, т.б. мәселелер тұжырымдалды. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіншілік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді. 2002 жылы республикада 430 туристік ұйымдар, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеді. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер (гидтер) қызмет көрсетеді. Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80–ге жуық елімен қарым–қатынас жасайды. Алматы қ–ның 25 фирмасы және 5 облыс орталығы Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Пәкстанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға, т.б. елдерге чартерлік әуе рейстерін жолға қойған.

Қазақстанда Т–нің барлық түрлері (танымдық, ойын–сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу), т.б. бойынша жүргізіледі. Бұл үшін Қазақстан аумағы бойынша 700–ден астам саяхаттық маршруттар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды 372 әр түрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Мысалы, Алматы қаласында қонақтарға «Алатау», «Қазақстан», «Достық», «Есік», «Отырар», «Астана», «Анкара», «Интурист» т.б. қонақ үйлер сервистік қызмет көрсетеді. Астанада 30 туристік фирма және 25 қонақ үй орналасқан. Олардың ірілері: «Окан – Интерконтиненталь Астана»; «Комформ – Отель Астана», «Турист», «Есіл», «Жібек жолы», «Алтын дала» т.б.

Т. мамандары Т. және спорт академиясында, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ Ұлттық университетінде, «Тұран» университетінде т.б. жоғары оқу орындарында дайындалады.

Каталог: upload -> Book
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет