«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет22/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
#330
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

ТҰЛҒА — біртуар Мен ретінде алынған жеке адам. Т. ұғымы «идивид», «адам» ұғымдарымен салыстырыла анықталады. «Адам» ұғымы барлық адамдарға тән қасиеттер мен қабілеттерге мінездеме беру үшін қолданылады. Бұл ұғым адамның жануарлардан, өсімдіктерден, машиналардан т.б. айырмасын атап көрсетеді. Индивид – адамзаттың дара өкілі, адамдық ақыл, ерік–жігер, көзқарас т.б. да әлеум.–психологиялық сипаттармен анықталушы жан иесі. Т. болып туылмайды, Т. болып өсу барысында қалыптасады. Жас нәресте – адам, бірақ жеке тұлға емес, себебі ол өзінің іс–әрекеті үшін әлі жауап бере алмайды. Т. болу дегеніміз өзінің ешкімге ұқсамайтындай бірегей ішкі рухани дүниесін құрай білу, қалыпты дамып, өмір тәжірибесі мен өзіндік қасиетке ие болу, әлеуметтік ортадан өз орнын таба білу. Адамның Т–лық қасиеттері оның іс–әрекеттегі белсенділігінің өрістеуіне ықпал етеді. Адамның белсенді қимыл–әрекеті оның мінез–құлқынан, ниет–тілегі мен бағыт–бағдарынан айқын байқалады, сөйтіп жеке адамның ішкі дүниесінің сыры, жан сарайы сыртқа білініп тұрады. Т–ның қасиетті құпиясы оның еркін рухында жатыр. Соның арқасында адам өзіне дейінгі ұрпақтар мұрасын – мәдениетті жасампаз түрде қайта қарап, өзгертеді. Т–ның шынайы айқындалатын саласы – адамгершілік, мораль. Сыртқы мақсаттарға бет бұрмай өзінің рухани еріктілігін ізгі ықтиярымен тоғыстыра білу Т–ны танытушы іс. Осы жайында неміс классикалық философиясының ірі тұлғасы – Кант былай деген: “Адамзатқа, оның ішінде өзіңе де, басқаларға да барлық уақытта мақсатқа жетудің тек бір құралы емес, тек мақсат деп қатынас жасап, әрекет істе”. Т.–ны зерттеуде З.Фрейд, К.Юнг, Н.Бердяев, А.Камью, Ж. Сартр, М. Хайдеггер, К. Ясперс, Х. Ортега–и–Гассет, Э. Фромм, М. Бубер т.б. көп үлес қосты.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




ТҮРКІ Мәдениеті— ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан мәдениеттің жалпы атауы. Түркілердің алғашқы ата қонысы Шығыс Тянь–Шань мен Алтай өңірі болған. “Халықтардың ұлы қоныс аударуының”нәтижесінде қазіргі Қазақстан, Орта және Алдыңғы Азия, Шығыс Еуропа территорияларына кең таралып орналасқан түркілер қазіргі түркі тілдес халықтардың барлықтарының этникалық субстраты болып табылады. "Түрік" деген термин тұңғыш рет 542 жылы аталады. "Түрік" этнонимі алғашқы кезде белгілі бір адамның ата–тегі шонжар таптан немесе әскери ақсүйектерден шыққанын білдірген(ғылымда этносқа қатысты – “түркі” терминін қолдану қалыптасқан,біз соған арқа сүйейміз). Кейінірек бұл сөздің семантикасы ұлғайып, билік жүргізуші, үстемдік етуші, ержүрек батыр шыққан тайпа символына айналған. 552 – 745 жылдар аралығында Орталық Азияны мекендеген көптеген тайпалық одақтардан біріккен ежелгі феодалдық мемлекет – Түрік қағандығы өмір сүрген. Түрік қағандығының әлеуметтік, саяси және қоғамдық өмірінде әскери істер аса маңызды орын алған. Түркілердің алғашқы көсемдерінің бірі —Бумын қаған болған. Оның билік жүргізген кезінде көптеген көрші елдер түрік қағанатына бағынышты өмір сүрген. Түрік қағанаты тұсында түркі тілінің өрісі барынша кеңіп, ұланғайыр өлкедегі негізгі тілге айналған. Түркілердің өзіндік жазуы болған.қ.Орхон–енисей жазуы. Сол көне түркі жазбаларынан түркілердің дүниетанымдық көзқарастары, наным–сенімдері туралы көп мағлұмат алуға болады Түркілер негізгі планеталармен жұлдыздардың қозғалысын жетік біліп, олардың әрқайсысына жеке–жеке ат қойып белгілеген. Көне түркілер аспан денелерінің қозғалысына қарап ауа райын, жыл маусымдарының қандай болатынын күні бұрын анықтай алған. Олардың өзіндік ай календарлары, жыл қайыру жүйесі болған. Көне түркілер геометрия, математика ғылымдарынан біршама хабардар болған, оны су жүйелерін салуға, күрделі ғимараттар, қарауыл төбелер тұрғызуға т.б. пайдаланған. Олар металды, түрлі минералдарды еріту әдістерін, шөптердің емдік қасиеттерін білген. Шаруашылығы тікелей малмен байланысты болғандықтан мал асырау мен емдеудің неше түрлі әдістерін де жетік меңгерген. Ежелгі түркілер негізінен қос күшке – Көкке және Жерге сыйынатын болған. Көк Тәңірінің рақымымен елді билеген қағандар “Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген” деп аталған. Түркі жазуларында олардың барлық жеңістері Көк Тәңірімен байланыстырылған. Әрбір түрік өзін Тәңірінің үкімін орындаушысы ретінде сезінген. Көне түркілердің космогониясын, яғни әлем құрылымы туралы көзқарастарын төмендегі жолдардан байқауға болады: “Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда екі арасында кісі ұлы жаралған екен.” Түркілер әлемнің төртбұрышты моделін жасаған: “ілгері” (күн шығыс), “кейін” (күн батыс), “бері” (күн ортасы – оңтүстік), “ары” (түн ортасы – солтүстік). Бұл модель “Күлтегін” жырында төмендегідей баяндалған: Ілгері – күн шығысында, Оң жақта – күн ортасында Кейін – күн батысында, Сол жақта – түн ортасында Осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды. Ежелгі түріктер үшін Көк пен Жер – Судан кейін тұрған құдіретті күш – әйел, ошақ басы құдайы Ұмайға да табынған. Ол бала–шағаны, Үй берекесін қорғайды деп сенетін болған. Түркі халықтарының мәдениетінде персонификацияланбаған, шексіз аспан әлемімен теңдестірілген Көк Тәңірінің монокультімен қатар аспан шырақтары, құтты мекен, от–суға да бас игенін білдіретін дәйектер кездеседі. Ертедегі миф – аңыздардың, ертегілердің кейіпкерлерінің Күнсұлу, Күн астындағы Күнікей аталулары, күнді құдай ретінде бейнелеу, күнбасты кескіндердің кездесуі; жаңа туған айға тағзым етіп, табыну; отты киелі құбылыс деп есептеп, онымен тазарту, аластау әрекеттерін жасау және т.б.–дан біз көпқырлы түркілік ой желісін танимыз.


Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.

Ә. Қодар. Қанағат қағанаты. А., 1994.


ТҮРКІ дүниетанымы — әлем өркениетінің озық тәсілдеріне сүйенген, түркілік дәстүрлі дүниеге көзқарасты жаңаша зерделеуге талпынған өркениеттік танымдық жүйе. Т. д. дәстүрінің тарихына үңілсек, ой машығының дамуының алғашқы кезеңі көне Түркі, Шығыс өркениетіне қатысты, екінші кезеңі исламдық Шығыс өркениетіне, үшінші кезеңі қазіргі Батыс өркениетіне байланысты. Алғашқы түріктер, Ашина түріктері, Алтай тауларынан көшіп, тарала қоныстанғанымен Шығыстық ой дәстүрін сақтады. Т. д–ның екінші кезеңі исламдық Шығыс өркениетіне байланысты. Бұл белгілі. Бірақ Шығыс өркениеті тек ислам мәдениетімен шектелмейді. Егер жоғарыда айтылған жағдайлардың бәрін пайымдауға көшсек, түркілер үш өркениеттік кезеңде басқа өркениет иелерімен тең дәрежелі ғұмыр кешкенін көреміз. Бұл түркілердің өркениет үстіндегі өркениет екенінің дәлелі. Бар жұмбақтың шешуі түркілердің көшпенділік табиғатында жатыр. Көшпенділер бір шеңберде тұрмайды. Еуропалық танымдық білімнің ерекшелігі, ол зейініне түскен затты қабылдаумен шектелмей, оған әртүрлі қатынас жасап, мазмұнын өзгертіп жібереді. Сондықтан еуропалық эллинистік мәдениетінен құралған танымның құралы кітап, ал түркілік иероглифтік зерденің құралы – таңба. Егер әріптер бір–біріне қосып оқығанды қажет етсе, таңба – жалқы және ерекше. Тілін білмеген адам таңбаны оқи алмайды. Осыдан таңбалы мәдениеттің құпиялылығы туындайды. Осы құпиялылық, белгілі білімді сыртқа шашпай, іште сақтап қалу әдеті түркі ұлтының менталдық ерекшелігін қалыптастырған. Түркі сөйлегенде мақалдап, жұмбақтап сөйлейді. Мақалдап сөйлейтіні, ол өзін алдын ала ақтап алады. Себебі мақал әрқашанда дәстүрдің беделіне сүйенеді. Ал түркінің жұмбақтайтыны, бұл тәсіл арқылы ол ашықтан–ашық жатқан дүниені құпиялылықпен бүркеп, тағы да дәстүр аясына кіргізеді. Сонымен, мақал мен жұмбақ дәстүрдің, дәстүрлеудің құралы, дәстүрдің ауызша кітабы мен философиясы. Біздің осы ойымызды “Тәңірі – таңу – таңба” үштігінен құрылған сөзтізбегі де растайды. Тәңірі түркі санасын менталдық ерекшелікке таңушы, осы ерекшелік белгісімен бүкіл дүниені таңбалаушы. Сондықтан ол жәй Тәңірі емес “түркі Тәңірісі” деп аталады. Орхон ескерткіштерінде түркі қағаны былай дейді: “Түркі ұлты жоқ болмасын деп Түркі Тәңірісі менің ата–бабаларымды және мені жіберді. Мен қаған болғаннан кейін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым. Түркі ұлты аш еді, тойындырдым, жалаңаш еді, киіндірдім, кедей еді, бай қылдым.”Түркілер де қағанынан айырылған сәттерде: “Дәулетті ұлт едім. Дәулетім, қуатым кане? Қағаны бар ұлт едім, қағаным кане? Қай қағанға жұмысымды, шаруамды сеніп, тапсырамын» деп қайғыратын. Ұлт пен қаған арасындағы қатынастың қаншалықты сенімді екені осы сөйлемдерден түсінікті болса керек. Міне, ежелгі түркілерде отансүйгіштік сезімі осыншама биік деңгейде болатын. Ешқандай түрік өз елі, яғни, ұлты үшін өмірін және сүйікті нәрселерін пида етуден тартынбайтын. “Өйткені ил (ел) Көктәңірінің жер бетіндегі көлеңкесі болатын. Көктәңірі түркілердің пікірінше өте қасиетті болатын. Махаббат түнінде жер бетіне түсіп, бір бойдақ қызды, немесе, ағашты жүкті етіп, осы құтты–берекелі елдің өрбуіне себеп болыптың. Біздің бұдан байқайтынымыз ежелгі түркілерде жарату идеясынан гөрі тұқым өрбіту идесы басым болған. Түркілік құдай сондықтан ғана түрік Тәңірісі деп аталады. Біз бұдан түріктердегі құдай түсінігі тотемизмнен дамығанын байқаймыз. Себебі бұрын түріктер өздерін бірде Көк бөріден, бірде Бөрі–анадан өрбіткен. Оғыз–намеде Көк бөрі Оғыз қағанның қолын бастаушы. Осы мысалдардың бәрінде Көк бөрі адамзат пен Көкті, космосты біріктіруші киелі ата, тотем. Өсе келе түркілер жабайы тотемистік көзқарастардан бас тартып, абстракты құдай ұғымына дейін көтерілген. Осының нақты дәлелі ретінде “Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар” деген қазақтың мақалын келтіруге болады. Мұнда ит адамнан қорықса, бөрі Тәңіріден именеді. Тәңірі барлық дүниені ымыраға келтіруші, хұзырында ұстаушы орасан кең ауқымдағы құдырет. Тәңірлік ұстанымы бұзылған қатерлі замандарда түркі азаматтары жағдайды түзетіп, қалпына келтіру керек. “Өлімнен намыс күшті” – бұл түркі жауынгерлерінің бұлжымас қағидасы. Түркілерде намыс ұғымы ажал ұғымынан басым болған. Бұл тұжырымды растайтын мысалды жыраулар поэзиясынан да келтіруге болады. “Жалаңаш барып, жауға ти, Тәңірі өзі біледі, Ажалымыз, Қайдан–ды...” Бұл жолдар “Күлтегін” ескерткішіндегі “Уақытты Тәңірі жасар, Адам баласы бәрі өлгелі туған деген мізбақпас ой нұсқасымен керемет сәйкестікте. Егер Т. д–ның стилистикасы мен эстетикасына көшсек, бұл құбылыс таңбалық мәдениетке жататын болғасын, онда ішкі монологтан сыртқы таңба, автордан – өнер туындысы басым. Мыс., Йоллыгтегіннің жазулары кейіпкерлерінің атында, Қорқыт – Қорқыт туралы аңыз арқылы әйгіленеді. Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк туралы жазулар түркі мәдениетінің дәуірлеу шағында жасалған империялық мәдениеттің нұсқасы. Сондықтан мұнда халықшылдықтан гөрі дегдарлық, жыраулық, эпостық поэзиядан гөрі тарихи хроника басым. Шынында да бұл жазулар ауыз әдебиеті туындысы емес, таста қашалып, буындық сынтас әрібімен жазылған. Ал таста қашалған әріптер Хаммурапи заманынан бері империялық мәдениеттің белгісі.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


Тіл Мәдениеті –тілді білуден, оны пайдалану шеберлігінен, сондай–ақ дұрыс түсініктен, таңдаулы талғамнан, нақты тоқтамнан, тәнті талпыныстан, құралатын дәстүр. «Қазақтың әулиелігі – тілінде» (Мәһүр–Жүсіп). Санасы айқын халықтың тілі көркем, танымы зор, көкірек көзі көреген. Тілдің құдіретін арттыратын да, көркейтетін де – зерделілік пен көркем шығармашылық. «Өнер алды – қызыл тіл, тіл шұрайы – өлең сөз» деп бекер айтылмаған. Халқымыз тілді көненің көзі, алтынның сынығы деп ұққан. Байыбына барсақ, «тіл – ойдың көрсеткіші, таным құралы» (әл–Фараби), «тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар» (Ж. Баласағұни), «тіл – халық сыры, халық тәубасы» (П. Вяземский), сондай–ақ тілдің өз өмірі де бар. Бұл қасиеттер толықпай және қабаттаспай тіл мәдениеті күш алмайды. Тілді еркін білу, ана тілінде таза, сауатты, ойды ширата сөйлей алу, ана тілі қуатын дұрыс қолдана білу – мәдениеттілік. Т. м–ті дегеніміз – адамның таза, әдепті, тіліп айтуы, шешен, білгір сөйлей білуі; азаматтың тіл болмысына ұлттық қасиет пен сипат енгізуі; патриоттың ана тілдің ұлттық байлығын түгел қамтуы әрі оны ретімен қолдануы; елінің бүгіні мен болашағына жанашырлардың өз тілінде, ана тілінде еркінде тұтас сөйлеуіне және өзара ашық–жарқын түсінісуіне араласуы, өзара сыйластықты адами өлшемге айналдыру; туған жердегі ортаны нәзік сезіну, ел өмірін өзіндік өлшеммен терең ойлау, осы бағыттағы діттеген мүддесі мен сенімін еркін жеткізу; ержүрек тұлға ретінде қоғамның, ұлттың өзекті де өткір мәселелерін нақты қажеттілік тұрғысынан сабақтау әрі саптай алуы, еркін де есеппен жеткізуі, мұра мен даналықты жазбаша хаттай алуы, іріктеулі ой–тоқтамды ұрпаққа жеткізуі, кейінгі талаптыларға жинақы күйде қалдыруы; тіл мен өмірдің құнарлы байлығы мен үздік үлгілерін шеберлікпен, шешендік өнермен әспеттеу, әлдендіру және әрекет көзіне айналдыру.

Жүсіп Баласағұни кезінде тіл өнерінің қасиет–сипаты мен пайда, зиянын көрсетіп кетті. Сол талаптарға тоқталсақ:

«Басқа пәле – тілден». Желбуаз сөздің бәлесі көп, ол көп алдында өзіңді ұятқа қалдырады, масқаралайды. «Біліксіздің тілін тиған жөн болар, біліктінің сөзін жиған жөн болар», «Тілсіз кісі екі–ақ түрлі, білерсіз. Бірі – сақау, бірі – надан, жігерсіз» (Ж. Баласағұни). Тілмен дертіңді емде, надандықты тый, білімсіздікті жой. Тіл – ойлаудың «қабыршағы», ой жүгіртудің тәсілі. «Ақыл, білім тілмәші – тіл, тіл – кепіл, Жадыратар ерді шырын тіл деп біл!». «Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің», «Тіліңді бақ, басың аман болады. Сөзіңді қысқа айт, жасың ұзақ болады». Тілмар – көреген емші, тәжірибелі елші. Солай болуға тиісті. Ол үшін білімді адам, шынайы тәрбие алуы, сөзге шешен, өткір тілді, ойлы, айла–амалға жетік болуы керек. Осындайлар жұрт алдында құрметке бөленеді. ХII ғасырда түйінделінген түйіндер.

ХVІІ ғ. ағылшын философы Дж. Локк тілдің басты үш мақсатына тоқталады: «Біріншіден, бір адамның ойларын немесе идеяларын басқаларға хабарлау. Екіншіден, бұл мақсатқа барынша оңай және тезірек жету. Үшіншіден, заттар туралы білімдерді жеткізу. Егерде осы үш мақсаттардың біреуі орындалмай қалса, онда сөйлеуді теріс пайдаланады немесе оның олқылықтары бар».

Тіл мәйегі – сөздікте, сөздің ұғымдылығында, сөз өнері мен сөйлеу әдебінде. Сөз өнерінің мақсаты түсіндіру, яғни түсіндірудің түрлері – келісім, уәжді саралау, тоқтам–түйінді топтастыру, шешімді болжау арқылы шындыққа жақындау, шындыққа қызмет ету. Тілсүйер үшін тіл – түсінік, тіл – сөз, сөз – ұғым, ұғым – ой, бәрі – тілдесу мен тіл табысу сатыларын құрайтын шешендік құралы. Тілдесудің қуаты – сенімділікті орнықтыруда. Сенімділік суаты – дәлелге тиым салмау, қисынды ойды қолдау. Бұл талаптың мақсаты – ой мен қолдағыны оңдау, жалтақтыққа ұрынбай, шалалықта солмау. Шешендік – өмірді нәрлейтін, адам болмысын әрлейтін, адам кәсібін қырлайтын сөз өнері, ой көзі, шабыт тезі, әуез қисыны, дыбыс үндестігі. Шешендіктегі талпыныс – Т м–нің көрінісі мен табан тірерін – тілдік үйлесімді, тіл нормасын сақтауды, тілдік теңеуді лайықтауға бағышталған.

Шешендікті, бірде тура сөз, қаратпа сөз, дана сөз, төре сөз, көсем сөз деп даралап та, бірде, кеңес сөз, билік сөз, салтанатты сөз деп таратып немесе жалпы бабалар сөзі деп түйіндеп жатады. Онда сөз астары мен ұғымның мән–мағынасы таратылады, тіл мен сөйлеудің арқауы ашылады. Бағдары жағынан ол санасыз, кездейсоқ жайға арнайы мән бермейді. Тілде ой әрқалай өрбиді. Өйткені шешендікте айтылмаған ой, өтімді сөз, қабылданған шешім, әрекет бастауы әрқалай жалғасын табады. Сонымен Т. м. – сөз қызметін, сөз бен тіл байлынысының байыбын, мәтіннің мазмұнын ашуды және оларды мақсатқа орай рет–ретімен қолдану қабілеті мен өнерді қамтиды. Шешеннің Т. м–н жоғары бағалаймыз. Егер адам айтпақ сөзін өңдей алса, сөздік қатынастың сапасы нақты, айқын, тура болса, сөзін ойды жеткізетін тіл белгілері және оның ұғымдық жүйесі ретінде қарастырса, егер адамның сөйлеу әрекеттері еркін, әрі кең болса, мәтіннің мазмұндық астарын ашып, сол талапқа үн қоса алса, егер тіл нормаларын қатаң сақтаса, онда дұрыс сөз қажетке бейімделгіш және көпбейнелі келеді, сөйлеуші сөздің ұғымдылығын және тіл жүйесін байытады.

Т. м–тін сақтаудың тағы бір тәсілі – сөз қорын молайту. Сөз қоры дегенде бай тілді әдеби және суреткерлік шығармада қолдануды, суреткер қолымен енгізілген тіл сұлулығын ажарлауды, әр сөздің мағынасын толықтыратын дауыс ырғағын айтамыз. Т. м – тілдік қатынастың сапасы. Тіл тазалығы – екеуінің де өлшемі.

УКРАИНДАРУкраинаның негізгі халқы (37,4 млн.). Ресейде (4.4 млн.), Молдавияда (600 мың), Беларусьте (290 мың), Қырғызстанда (100 мың), Өзбекстанда (150 мың), Польшада (350 мың), Канадада (550 мың), АҚШ–та (535 мың), Аргентинада (120 мың) және т.б. У., орыстар және белорустармен бірге шығыс славян тобын құрайды. У. тілі индоеуропалық тілдер әулетінің шығыс славян бөлігіне жатады, негізінен үш сөйлеу тобы бар: солтүстік, оңтүстік–шығыс және оңтүстік–батыс. У. көне русь халықтарынан бөлініп, шығыс славян тайпаларымен туыстас болып қалыптасқан.

XIX ғасырдың соңында Қазақстандағы У–дың саны 85 мың болған. Бүгінде Қазақстанда 896240 у. тұрады. У–дың алғашқы тобы Қазақстан аумағында XVIII ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Олар негізінен ұлт–азаттық қозғалыстарына қатысқандар еді. У–дың елеулі бөлігі қазақтың кең–байтақ даласына ХІХ–ХХ ғасырлар шебінде, Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы кезінде келді. Қоныс аударушы у. негізінен Полтава, Харьков, Таврия, Херсон, Екатеринослав және Киев облыстарының шаруалары еді.

У–дың басты шаруашылық кәсібі егіншілік болды. Қазақ даласындағы белгілі украиндық диқандардың бірі Ақмола облысының Атбасар ауданы Қима болысына қарасты Запорожское селосының шаруасы Василий Марченко еді. 1913 жылы Романовтар әулеті билігінің 300 жылдығын атап өту құрметіне ең үлгілі шаруашылық үшін белгіленген арнайы сыйлықтардың бірін осы В. Марченко жеңіп алған болатын. Ол егістік топырағының құнарлылығын арттыру мақсатымен тұқым себудің он танапты әдісін енгізді: Сол кездегі ең жаңа ауыл шаруашылық техникаларын пайдаланды. Үй жануарларының тұқымын асылдандырумен де айналысты.

Патша үкіметінің шаруалардың қоныс аударуына қаншалықты отарландырушы сипат беруге тырысқанына қарамастан, У. мен жергілікті қазақтардың арасында достық, тіпті туыстық қарым–қатынастар қалыптаса түсті. Мәселен, 1905 жылы Киевте болған шеруге қатысқаны үшін Ақмола облысының Ақмола уезіне жер аударылған Афанасий Латутаны Жоламан деген қазақ өкіл бала етіп асырап алып, оған Жақып Жоламанов деген есім берген. Жақып қазақ тілін меңгеріп алып және өз бетінше ізденіп, исламның негізін де үйреніп, мұсылман дінін қабылдаған. 1916 жылы қазақтардың ұлтазаттық көтерілісі кезінде ол Қорғалжындағы көтерілісшілердің танымал басшыларының бірі болды.

1897 жылғы халық санағының деректері бойынша Қазақстанда 86,7 мың У. тұрды. У–дың қазақ өлкесіндегі бүкіл халықтың арасында алған өзіндік үлесі 2 пайызға жуық еді. У–дың негізгі топтары (51 пайызы) Ақмола облысында шоғырланды. Олардың басым көпшілігі (87 пайызы) шаруалар болды, бірқатары (7 пайызы) мещандар тобына жатты. У–дың 5 пайызға жуығы Ресей казактары қатарында әскери қызмет етті.



Украиндар мәдениеті. Діни сенімдері – Украинаның негізгі халқы православиелік негіздегі христиан дінін, бір бөлігі католик дінін ұстанады. 988 ж. Киев князі Владимир христиандықты ресми түрде қабылдап, Киев Русінің халқын шоқындырған. 1596 ж. Украина мен Белоруссия аумағындағы православиелік шіркеуге келісімді Брест шіркеу униясы жарияланды.

XIX–XX ғғ. У.переселендерінің негізгі экономикалық өмірі жер өңдеу, мал шаруашылығы болды. Ауыл халқының бір бөлігі теріден етік, тондар тігу, құмыра жасау, икон жазу, бөшке жасау, шарап жасау және т.б сияқты кәсіптермен және қолөнермен айналысқан. У–дың дәстүрлі тұрғын үйі едәуір көші–қон үдерістеріне қарамастан әлемнің түрлі аймақтарында 20 ғ. ортасына дейін өзінің этнографиялық ерекшеліктерін сақтап қалды. Ол Украинаға тән төмен ұзындау келген, жер немесе саз балшықты едені бар, қабырғасы төрт еңісті шатыры бар хаталар. Қабырғалары қосымша материал: орман ағаштарынан, қаңқадан, тас пен саманнан жасалған. Қабырғаларды қышпен сылап, әктеу дәстүрі сақталып қалған. Үйдің ішінің жобасы: үй ортасында үлкен пеш (вариста), бұдан қиғаштап қызыл немесе алдыңғы бұрыш (покут), жаны мен қабырға бойында бекітілген кең лавкалар орналастырылған.

Украиндықтардың дәстүрлі киімдері қолдан тоқылған кенептен жасалған шалбар, жейде, белдеулік және кеуделік киім, сыртқы киім, бас киім, аяқ киім, әшекей бұйымдардан тұрады. У. арасында әлі күнге дейін киім–кешек үлгісінде этнографиялық ерекшеліктер кездеседі: дерга (күнделікті қапсырмалы киім), плахта (мерекелік, ашық түсті торлы жүн матадан екі кенептен пішілген, өрнектелген), спідниця (фабрикалық матадан жасалған белдеме), керсетка (шолақ жеңді киім) және т.б. Әйел адамдар білезік, сырға, сақина, мойынға, омырауға тағылатын алқа, моншақ, монеталы алқалар (монисто, дукачі) сияқты әшекей бұйымдар таққан. Бастарына ақ орамал (намітка), бас киім сыртынан байланатын (очіпка) киген. Түсі, фактурасы, байлау әдісіне қарай түрлі орамалдар кеңінен таралған. Ер адамдар кең шароварлар, кейіннен орыстардыкіндей тар шалбарлар киген. Кеудесі ойық, кестемен өрнектелген туника тәрізді жейделер кең таралды. Бас киімнен биік елтірі бөрік (кучма), қысқы бас киімдер (треух, малахаі), киізден, сабаннан жасалған шляпаны (бриль) айтуға болады.

Дәстүрлі тағамдары. Нанды қышқыл қамырдан домалақ, ұзынша қалыпта (паляница, хлібина, бохан) пісірген. Ішіне түрлі нәрселер салынған бәліштер мен жұқа нандар (перепічки, opішки, пампушки) кеңінен таралған. Ұннан квашу, лемішку, соломаху сияқты ежелгі тамақтар дайындайды. Қайнаған суда пісірілетін галушки, вареники (ірімшікпен, картоппен, шиемен), лапша (локишна), затірка (қатты етіп иленген, ұсақталып суға немесе сүтке пісірілген қамыр) тағамдар қазіргі уақытқа дейін бар. У–дың әйгілі тағамы борщ. Оның түрлі дайындау тәсілдері бар. Күнделікті тағамдар ішінде сүт тағамдары көп. Ұлттық тағамдар тұрып жатқан аймақтардағы тағамдар есебінен толығып отырады. Кубаньда у. адыгей ірімшігін, Башқұртстан мен Қазақстанда – қымыз және айран жасайды. Ет, шұжық және әйгілі у. шошқа майы күнделікті де, мерекелік те азық түрі болып табылады.

Ұлттық әдет–ғұрыптары мен дәстүрлері. Басқа да көптеген халықтар сияқты у–да да христиандық ғұрыптар мен пұтқа табынушылық ғұрыптардың ұқсастықтары байқалады. Мысалы, святкалар кешкі үстел басындағы отырыстармен, рухани әңгімелесу, магиялық әрекеттермен, салттық тамақтармен бірге жүрген. Рождествода колядкалар (әзіл–ысқақ әндер) айтқан, балалар көршілерінің үйіне бидай сепкен. Масленицада орыстар сияқты жұқа құймақтар, варениктер пісіріп, ат жегілген шанамен бір–біріне қонаққа барған. Пасхада хоровод жасап, сауық–сайран құрып, ғұрыптық тағамдар: боялған жұмыртқа, бал, шұжық, қуырылған тоай дайындаған. Троицада хаталары мен қақпаларын бұтақтармен безендірген. Иван Купала мерекесінде биік жарда қиып алынған ғұрыптық ағашты орнатып, оны гүлдермен (марена — купала) әшекейлеп, алау жағып, бал ашқан. Бұл мерекелердің барлығы бұрынғыдай болмаса да қазіргі уақытқа дейін аталып өтіледі. У– дың өміріне көптеген жаңа мерекелер енген. У. тамыры жалпы славяндық және ежелгі орыс кезеңінде жатқан ежелгі поэтикалық мәдениетін ерекше қадірлеп, қастерлейді. Пұтқа табынушылық кезең адам мен табиғаттың ажырамастығымен, құдайлардың көптігімен белгілі. Ежелгі Русьтің христиан дінін қабылдауы жаңа, рухани, зияткерлік құндылықтардың араласуына алып келді. Ежелгі орыс әдебиеті деп аталатын, орыс поэзиясының шыңы «Слова о полку Игореве» дастаны у. мәдениетінің де бастауы болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет