"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру"
Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер»бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Получить свидетельство о публикации
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ МӘСЕЛЕСІ
13 Қыркүйек 2017 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Біздің қазіргі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліміз - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым, құмық, татар тілдеріне жақын. Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді. Мысалы, айта кетсек, Қазақ тілі үшін әр кезеңдерде және әр аймақтарда келесі жүйелер Қазақстан Республикасында - кирилл жазуы негізінде, ресми түрде Қазақстанның бүкіл жерінде және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында пайдаланылған. Тағы да көршілес Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін бірыңғай мекендеген қазақ жұрты пайдаланады, сонымен бірге басқа ыдыраған КСРО республикаларында да пайдаланылады. Сонымен қатар Түркия, Германия, АҚШ т.б. батыс елдерінде қазақ диаспорасы әртүрлі қалыпты емес латын жазуын пайдаланады. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Латынға Түркия 1928 жылы көшсе, Өзбекстан, Әзірбайжан КСРО ыдырағаннан кейін ауысты. Cол елдердің тәжірибесіне қарасақ, мысалы, Өзбекстан 1928 жылға дейін өзбек тілі араб әліпбиін қолданған. 1928-40 жылдар аралағында жазулары латын әліпбиі негізінде болған. 1940-1992 жж. кириллица қолданылып. 1993 жылы өзбек тілі қайта латын тіліне көшіп, қазіргі кезге дейін қолданып келеді. Өзбек латын тілінің ерекшелігі - арнайы символдар мен диакритикалық белгілердің жоқтығы (тек апострофтар бар). Классикалық латын кириллицамен салыстырғанда 7 әріпке кем, сондықтан арнайы белгілер мен символдардың жоқ болу есебінен кейбір әріптерді екі еселеуге тура келеді. Нәтижесінде апострофпен қосқанда 29 әріптен тұратын өзбек латын әліпбиі құрылған. Сол сияқты Әзірбайжанда 1925 жылдарға дейін ресми әліпби рөлін араб тілі атқарды. 1926-39 жылдары латын әліпбиін қолданса, 1940-2001 жылдары кириллица, одан кейін 2001 жылы қайта латын әліпбиіне көшті. Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар е әрпі созылыңқы және қысқа айтылуына байланысты мысалы: Liber - тәуелсіз, Liber – кітап сөздердің мағыналары өзгереді. Түркияның ғалымы Әбдіуақап Қара өзінің «Латын әліпби қазақ тілін еркіндікке шығарады» атты мақаласында Түркия халқы латынға 1928 жылы өткенімен онда бар-жоғы 29 әріп бар. Олардан бірқатар дауыстылар ескерілмегенін бүгінгі ғалымдар айтып отыр. Негізі түркі тілдерін 34 таңбамен белгілеуге болады. Бүгін түрік латын әліпбиінде 5 әріп кем болып отырғанын айтады. Тіл ғалымдары, солардың ішінде ең ұтымды алфавиттің Қазақстан қолданған кирилл әліпбиі екенін айтуда. Мәселен, түрік ғалымы Хатиже Ширин Ұсер қазақ-кирилл әліпбиі өзге түркі-кирилл алфавитіне қарағанда, таңбаның графикалық және фонетикалық тұрғыдан бір-бірімен байланысты болуы және бір дыбысқа бірден көп таңба берудің болмауына байланысты мұқият дайындалғанын айтады. Бұл тұрғыда қазақ-кирилл әліпбиін дайындаған тіл ғалымы С.А. Аманжоловтың рөлінің зор екендігін атап өтеді. Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Айта кетсек, солардың бірі - филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің пікірі: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты. Әрине, ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса құба-құп болар еді. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу - ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.
Үштілділік — заман талабы
Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын
жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», — деген болатын.
Тіл — халықтың ең негізгі байлығы. Қазір заман талабына сай үш тұғырлы тіл саясатын бәріміз де қолдаймыз. Жас ұрпақ үш тілді білу керек.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» — деген даналық сөзді. Сонымен қатар қазіргі уақытта көп тіл білу — байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі.
Үштұғырлы тіл өмірдің қажеттілігі. Бұл бүгінгі елдің тыныс-тіршілігін айқындайды және жалпыға ортақ қалыпты норма болып саналады. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті. Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», — деген болатын 2012 жылы 14 желтоқсандағы Жолдауында.
Көптілді оқыту — жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең қажеттілік.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің алдына «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
«Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында Қазақстан халқының «1 мамыр — бірлігі күні» қарсаңында Мемлекеттік тіл, орыс және ағылшын тілдердің қолданыс аясын кеңейту үшін «Бала тілі - бал»атты балабақшалар арасында облыстық сайыс өтті. Бұл сайысқа қалалық іріктеуден өткен 6 балабақшалардың арасында «Нұр бөбек» бөбекжай бақшасы да қатысты. Топтың құрамында 2 педагог пен 8 бала өз өнерлерін көрсете білді. Олар екі кезең бойынша бақтарын сынады. Ең алдымен, «Таңғы шай» бағдарламасы арқылы көрермендермен сәлемдесіп, өздерін үш тілде таныстырды, кейін «Дос іздеген ит» атты ертегісіне сахналық қойылым көрсетті. Осы сайыста «Нұр бөбек» бөбекжай бақшасы белсене қатыса білді, нәтижесінде үшінші жүлделі орынға ие болды.
Қорыта келгенде, «Тілдердің үш тұғырлылығы» бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл — қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне дейін көтеріп, бәсекелестігін арттыру болып табылады.
Негізінде «Нұр бөбек» бөбекжай бақшасы есігін айқара ашқан кезінен бастап өзінің нақты жоспарлары мен жарқын болашағын айқын көрсете білді. Бұған балақайлардың қазақ пен ағылшын тілдерін жетік меңгеру мүмкіндігі мен балдырғандардың мүмкіндігін жан–жақты ашып, мектепке жақсы дайындауға жасалған барлық жағдайлар дәлел бола алады.
Бүгінгі таңда көп тілді оқыту — жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту — заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Көптілді болу — уақыт талабы. Тіл арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты әмбебап, жаһандық құндылықтарға қосу, әлемдік кеңістік пен көршілес мәдениеттер өкілдерімен қарым-қатынас жасап, сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыруға болады. Көптілділік қазіргі әлемнің басты мәселесі — адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінушілікті шешуге көмектеседі.
Әрбір адам өз туған халқының, өзі өмір сүретін елдің тілін білу қажеттігі — ертеден келе жатқан қағида. Алайда, жаһандану қалыптасқан осы қағидаға түзетулер енгізуде. Қазіргі кезде халықаралық қатынас тілін білу қажеттігі туындап отыр. Бұл біз үшін аса қажет.
«Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті»
Әлемде қанша ұлт, нәсіл болса, соларды бір-бірінен даралап тұратын басты бойтұмары – туған тілі. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті»,-деп Ахмет Жұбанов тілдің адамзат өміріндегі маңызын аша түскен [1, 16]. «Адамзаттың Айтматовы» атанған, әлем әдебиетіндегі көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың мына бір пікірі: «Тіл – халықтың автопортреті. Әр тіл - өз орнында ұлы, әр тіл - бүкіл адамзат қазынасының ортақ палитрасындағы өз өрнегімен қымбат»,-деп ана тілінің ұлылығын дәлелдей түседі [1, 20]. Ана тілінің құдіреті жайлы қаншама ойшылдарымыз, ақын-жазушыларымыз құнды пікірлер қалдырды. Осынау бабаларымыз сөйлеп, даналарымыз толғап, аналарымыз әлдилеп өскен қазақ тілінің еліміздің болашағының көркеюіне зор ықпал етуде.
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз».«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйымдастыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі» [2, 5].
Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру»,-деп Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, еліміз қай салада болмасын қарқынды дамып, әлемдік кеңістікке қарыштай қадам басып, еркін қанат сермеуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміз береке мен бірліктің, ынтымақ пен достықтың, татулықтың өлкесі болып, көпұлтты мемлекетке айналып отыр. Осы орайда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей: «Біз - көпұлтты қоғамбыз. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдыңғы уақытта да жалғастыра беретін боламыз»[2, 24],-деген еді. Елбасымыз Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессия отырысында Қазақстан аймағында тұрып жатқан халықтардың басын қосатын тіл қазақ тілі болуы керек деп анық атап айтты:
«Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы шуақтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар.
Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз.
Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз»[3, 7].
Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.
Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. [4, 41].
Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. «Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек» [4, 49].
«Үштілділік - нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы»,-Б. Хасанұлы анықтама бергендей [5, 4], бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда.
Осы орайда құрылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты:
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру;
мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу;
ағылшын тілін меңгерту;
орыс тілін жетік білу;
әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау;
тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу.
Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050 » стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр»-делінгендей [4,3], жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер»,-деген жолдарда жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр. [2,57]. Сондықтан да жастарымыздың болашағы үшін әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер ашылып, «Болашақ» бағдарламасының негізінде олардың шетелге шығып білім алуына жан-жақты жол ашылған.
Үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның еліміз үшін болашақтағы алары да, берері де мол. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» [2,51].
Осынау мүмкіндіктерді игеру мақсатында бүгінгі білім ордалары үштілділікті енгізудің, оны тиімді жүргізудің тың жолдарынан ізденіс табуда.
Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы-субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.
Өз іс-тәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген іскерлік ойындары: «Полиглот», «Кім тапқыр?», «Үздік тілші», «Кел, сайысайық!», «Тілдер сөйлейді» сынды тағы басқа ойындарды өткізудің үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сөзжұмбақтар, анаграммалар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест т.б түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да оқушылар қызыға орындап, еркін аударма жұмыстарын жасауға дағдыланды. Мәселен, «Мақал-мәтелдердің үндестігі» салыстыру жұмысы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұсынылып, сыныбына орай күрделеніліп отырады. Бұл тапсырмада мақал-мәтелдерді тақырып бойынша табу, үш тілде аудармасын ұсыну, үндестігін табу.
Мақал-мәтелдер
тақырыбы қазақша орысша ағылшынша
Бұл жерде оқушылардың сөйлеу тілдері мен сауаттылықтарына назар аударылады. Ал осы тақырып бойынша қабілеті жоғары оқушыларға шығармашылық бағыттағы тапсырма «Мақал-мәтелдердің баламасын жаз» ұсынуға болады. Бұл жерде оқушылар өздері таңдаған тақырыпта үш-тілде мақал-мәтел ойлап, баламасын жазуға талаптанады. Шығармашылық бағыттағы тапсырманың бір түрі: «Тіл тағдыры ақындар жырында».
Қазақша Орысша Ағылшын
Үндестігі Ерекшелігі
Бұл тапсырмалар оқушылардың ізденушілік әрекеттеріне, өз беттерімен білім алып, алған білімдерін ортаға салып, дәлелдеу дағдыларына түрткі болды. Ауызша, жазбаша сөйлеу тілдерін дамытты. Пәнаралық байланыстың негізінде оқушылар әр пәннен алған білімдерін тоғыстыра отырып, өз мақсаттарына жете білуге дағдыланды. Үштілділікті әдебиет сабағында да жүйелі түрде қолданып келеміз. Мәселен, әдебиет сабағында 1-курсқа «Ертегілер» тақырыбын өткенде іздендіру-зерттеу бағытындағы тапсырма ұсынуға болады. Яғни, «қазақ ертегілері мен әлем халық ертегілерінің үндестігі» тақырыбы бойынша оқушылар салыстыру жұмысын жасап, тапқан деректерін топпен бірлесе отырып, үш тілде еркін баяндап беруге талаптанады. Үлгі:
Әдебиет пен тіл – рухани егіз пәндер болғандықтан, оларды бірлікте ала отырып жүргізген сабақтарда үштілділікті қолдану аясында оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін, зерттеушілік әрекеттерін дамытып, салыстыру, талдау, дәлелдеу сынды дағдыларын қалыптастыруға түрткі болдық. Сондай-ақ, үндестіктерін табу, салыстыру жұмыстары оқушылардың қызығушылығын оятты. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар: модель, презентация, жоба құру сынды бағытта да ұсынылып отырды. Бұл жерде олардың ақпараттық құзіреттіліктерін дамыту көзделді. Мәселен, 1-курс қазақ және орыс әдебиеті сабағы. Ауыз әдебиеті тақырыбы бойынша оқушыларға «Ұлттық салт-дәстүрлер үндестігі» тақырыбында презентация жасау. Мұнда үш халықтың салт-дәстүрлерін салыстыра отырып, үш тілде еркін презентация арқылы қорғап шығу талап етіледі.
Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік.
Үштілділік - заман талабы
Білекке сенген заманда ,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда ,
Қапы қалып жүрмелі Абылай хан
Үштілділік туралы ойтолғау жазарда көп ойландым.Неден бастау керек? Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма,жоқ па деген сауалдар мазалай берді. Ғаламтор, газет-журналдардан мәлімет іздегенімде, қайшы пікірлер, маңдытып ештеңе таппадым.
Олай болса, ата-бабамыздың өткен тарихына көз жүгіртсек…
Әлемде екінші ұстаз,ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілі білсе, өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың бір туар ұлы Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқын.
Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған.
Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық.Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді.Орыс тілін үйреніп,орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік.Енді алдағы асу –ағылшын тілі.Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.
Намысын найзаға шаншып,күре тамыры Көк бөріден нәр алған,көк Тәңірге табынған Күлтегіннің ұрпағына бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру қиындық тудыра қоймас. Иә, көп тіл білу ــ әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал біздің мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену емес пе? Балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру ғана емес пе?Кейбір адамдар ағылшын тіліне қарсылық білдіріп жатады. Ал ағылшын әлем мойындаған жаһандану тілі .Бұл-бұзылмас заңдылық.
Меніңше,ол сыңаржақ пікір.Елбасының сындарлы саясатының астары өте тереңде.Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналумыз керек.Бұл жолда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өз тілің бірлік үшін,өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді қүрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді қүрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Әр ұлттың өз тілі өзге тілге жеткізетін көпір есепті.
Мен қазақ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан ,ең бастысы өз оқушыларымның көкірек сарайын кәусар әдебиетімізбен сусындатып,Мағжанның жауһар жырларына,Абайдың дана ойларына, Сәкеннің сырлы лирикасына ғашық етіп, жасампаз рухтың өлмегендігін паш еткім келеді.Ең бастысы, жүрегі «Отаным,Қазағым,Тілім» деп соғатын ұлттық сана-сезімі жоғары,ұлтжанды оқушылар тәрбиелеу.
Ойымды қорыта келе, Елбасының мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз».
Достарыңызбен бөлісу: |