I. Түркішенің жандануы
Үш қызметтің біріншісі болып табылатын, түркішенің жандануы. Қожа Ахмет Ясауи өзге ғұламаларымыздың барлығы арабша, парсыша жазған кезеңдерінде, яғни XII ғасырда Түркі тілінде «Хикметтер» жазды. Түркіше діни сопылық өлеңдер жазу дәстүрінің негізін қалады. Оның бұл жолы негізінде халықтық әдебиетіміздің арнасы қалыптасты. Түркі халқының бүгінгі кең жайылуына, тіршілік етуіне Әзірет-Сұлтан түрткі болды. Бұл замандарда Селжук билікте отырғанымен, өзі түрік бола тұра парсыша сөйлейтін болған. Құжаттар парсы тілінде жүргізілген. Осындай қиыншылыққа қарамастан Ясауи көп еңбектерін түркі тілінде алғаш болып қаймықпай жазған. Бұл туралы өз хикметтерінде айтып өткен.
Қостамайды ғалымдар біз сияқты түркіні,
Арифтардан есітсең ашар көңіл мүлкіні.
Аят, хадис мағынасы түркі болса керемет,
Мағынасын ұққандар жерге қояр бөркіні.
Міне осылай аят, хадистерді түркі тілінде ұғындырсақ халық дінге тез бет бұрған болар еді, оған жоғарыдағы патша ағзамдар араб, парсы тілдерін жоғары санап бізді менсінбейді деген. Ондай кісілердің іштерінде де ғұлама ғалымдар бар, біздің тіліміздің бай әрі көркем екендігін мойындайды деп жырлаған. Сен түркі тілінде «Хикметтер» жаздың деп қудаласа оларға қарсы хикметтері арқылы сөздер айтқан. Сөздері өткір, ұғымды болғандықтан патша ағзамдар да мойындай бастаған, сол үшінде түркі тілі жоқ болып кетпей бір қалыпқа түсе бастаған. Түркістан халқы өз тілдерінде сөйлеуді әдетке айналдырған.
Бүкіл Түркістан, Қорасанда Ясауидің «хикметтерін» түркі тілінде жатқа айтатын болған. Себебі жергілікті халыққа түсінікті ұйқастығы жағынан оңай есте қалатын еді. Оның үстіне шариғат заңдарында түркі тілінде хатқа түсіру әдетке айналған. Міне осылай түркі тілі қалыптасып осы заманға дейін өзінің негізін жоғалтпай келеді. Сөйлеу диалектілерінде азғана өзгеріс болғандығымен түркі тілдес халықтар бәріде бірін-бірі түсіне береді. Сол бабамыздың еңбегінің арқасында қазіргі кезде барлық түркі тілдес халықтар бір-біріне жақындасып келуде.
2. Исламның түркілер арасында таралуы.
Қожа Ахмет Иассаиудің екінші қызметі исламның түркілер арасында таралуы болып саналады. Бұл қызметін іске асыру үшін ұлы ұстаз өзінің тәрбиелеген шәкірттерін биік ұстаздық дәрежеге дейін жеткізіп, түркі әлеміне жолдау арқылы халқымыздың арасына ислам дінін жайды. Ислам қайнарынан сусындағандардың ұлы нәтижелерге жетуіне себепші болды. Әмір Темір мемлекетінің де, Осман империясының да тағы да басқа Қорасан мен Түркістандағы халықтар мен мемлекеттердің негізінде Ясауи руханияты жатыр. Хамадани мектебінен тәлім-тәрбие алып келген соң, олардың ұлттық айырмашылығын ескеріп Түркістаннан өз мектебін ашты және бұл жолды «Ясауиа» тариқаты деп атады. Міне осы мектептен тәлім-тәрбие алған шәкірттер дүниенің түкпір түкпіріне аттанып өздерінің жанын аямай жан-тәндерімен ілімдерін таратты. Әсіресе түркілер арасында бұл іс қызу жүріп отырды. Олардың мұсылман болуына исламды қабылдауына бірден бір себепші осы «Ясауиа» мектебінің түлектері болатын. Барған жерлерінде мешіт-медреселер, ханақалар ашып сол жерлердің өзінде шәкірттер дайындалатын болған. Әрине түркі әлемінің исламға бетбұруына бірден бір себеп Ясауи «Хикметтері болса, екіншіден шариғат заңдарының түркі тілінде жазылуы еді. Оның үстіне дәрістер түркі тілінде жүргізілді. Бұл жергілікті түркі халқына түсінікті болатын. Алғашқы замандарда діннің босаңсуына себеп болған, барлық шариғат заңдары, құжаттар араб-парсы тілдерінде болғандығы еді. Енді исламның көп дүниесі түркі тілінде болғандықтан халық жете түсініп исламның қандай дін екендігіне көздерін жеткізіп, қатарларын көбейте бастады. Осылай Ясауи ғұламаның еңбегінің арқасында Түркі дүниесі исламды толық мойындады. Оған дейін әртүрлі дінде жүрі ендері де бар еді. Сол себептен біз бүл кісіге қарыздармыз.
3. Тура мұсылмандық түсінігі
Қожа Ахмет Ясауидің үшінші қызметі, Ислам дінінің тура жолымен түркі-ислам ұғымындағы діни қағиданың негізін қалауы. Ислам дінін түркілер арасында ендіру өте қиынға соққан, себебі ислам діні келгенге дейін түркі дүнисінде өзіндік ата-бабадан мұра болып қалыптасып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұшан теңіз еді. Оның үстіне көптеген басқа діндерде кірісіп қанатын кең жайған болатын. Солардың бәрін жеңіп олардың ішіндегілерді қажетінше пайдаланып қолдануы үшін өзіндік ерекше қағида жасауға тура келді. Мұндай қағида жасап шығу үшін, бұрынғы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, басқа дін қағидаларын жақсы жете білуі керек еді. Оны білмей тұрып жаңа ислам дін қағидасын қалыптастыру мүлдем мүмкін емес болатын. Міне солардың бәрін електен өткізіп бір жүйеге түсіріп халыққа пайдалануға өз тілінде сайратып алын келгеннен кейін жаңа түрдегі ислам дінін қабылдау қиынға соққан жоқ. Бірақ мұны жасап шығу үшін Ясауи талай тер төкті. Сол үшін өмірін сарп етті. Соңында жер астына тірідей түсті.
Енді Ясауидің дүниетанымдық негіздерін жеті принципке бөліп қарастырайық.
Қожа Ахмет Ясауидің дүниетанымдық негіздерінің жеті принципі.
1. Алланы сүю /Тәңірге ғашықтық/.
2. Ықылас пен шын жүректілік.
3. Адам сүйіспеншілігі.
4. Білім.
5. Асқа құрмет.
6. Әйел-еркек жұптылығы.
7. Жақсы көру /дінге, тілге, ұлтқа, жынысқа бөлмей/.
Міне осындай жеті принципке бөліп жеке жеке талдап қарастырып шығуға болады. Бұл жеті принципте келтірілгендер «Диуни хикметте» көптеп жырланған. Егер біз осыларды орындасақ немесе орындауға ұмтылсақ кәмілдікке қадам басқан болар едік. Мұның бәрін жаппай халыққа жеткізу үшін әрине «Ясауитану» дәрісі қажет-ақ. Тек жоғарғы оқу орындарында емес, мектептерде жалпы оқырман қауымға таратуға да болады. Оның көптеген жолдары бар. Сұхбаттар, кездесулер ұйымдастыру, газет-журнал беттеріне мақалалар жариялау, мүмкіндігінше кішігірім кітаптар жариялау. Қалай дегенменде келешек ұрпаққа таусылмас рухани азық болып қалады. [30].
1. Алланы сүю /Тәңірге ғашықтық/.
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің негізгі сарыны осы Алланы сүюге бағытталған. Себебі бұл сопылық ағым Аллаға қауышудың бірден-бір жолы болып табылады. Аллаға махаббатпен тек оны сүю, оған ғашық болу арқылы ұласу мүмкін, Аллаға махаббатпен ұласу, жақындау дегеніміз, «Махаббаты жоқтың дініде, иманы да жоқ...» деген ұғымды меңзейді. Иман туралы Ясауи хикметтерінде төмендегідей жазып кеткен.
«Тән сөйлемес, жан сөйлемес, иман сөйлер»
Яғни Ясауи «Иманды» сөйлеткен, ғашықтық жайында мына шумақтардан оқуға болады.
Ғашықтық жолында күндіз-түні жылағандар,
Жаннан безіп белін бекем байлағандар.
Қызмет етіп Хақ сырын ұғынғандар,
Түн ұйқыны арам қылып налан болар.
Осылай ғашықтар туралы жырлаған, ғашықтық жолының ауыр, қиын екендігін жасырмай баса айтқан. Соған шыдағандар ғана Алла дидарын көре алады, онымен қауышады. Болмаса жарым жолда жете алмай қалады, сол үшін бұл жолға түссең бәріне көнуің керек. Егер бұларға көнбесең, иланбасаң бұл жолға қадам баспа деп ескерткен. Сопылықтың негізгі мақсаты ғашықтық жолына түсу, Алламен қауышу, бірігу. Яғни Алланы сүйе білу үшін, оған махаббаты, ғашықтығы болуы керек. Ал бұл дәрежеге жету үшін, тек сопылық жолға түсуі қажет. Сопылықтың не екендігін Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыз жәбірейіл оқиғасында анықтап түсіндіріп берген. Онда мұсылмандық үш сатыдан, ислам, иман, ихсаннан тұрады. Мұндағы ислам дегеніміз – діннің сыртқы жағы, иман – ішкі жағы, ихсан – ақиқаты. Бұлар сопылық анықтамалар. Құран меи хадисте намаз сөзінің кездеспей, оның орнына «салат» сөзінің болуы сияқты исламның алғашқы дәуірлерінде де сопы /тасаууф/ сөзі болмаған еді. Ол дәуірлерде сопылықты білдіретін «ихсан» сөзі болатын. Сонымеи «ихсан» /сопылық/ ақиқатқа жету жолы болып табылады. Сопылық жолға түсіп тәңірге жақын болу туралы Ясауи өз хикметтерінде төмендегідей жырлап өткен.
Қайда жүрсең көңіл жұмсақ сыпайы болғын,
Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғын.
Махшар күні тәңірге жақын болғын,
Менменсіген халайықтан қаштым міне.
Мәдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте азап тартып, сүйді жанып.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып ауыр жолды бастым міне.
Ғашық есігін мәулім ашты, маған сыйлы,
Топырақ қылып әзі бол деп мойынымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып жүрек баурым сұқтым міне.
Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бой ұсынбас Жалған ғалым
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім міне.
Міне осындай сарынмен «Хикметтер» тереңдеп кете береді. Мұндағы негізгі мақсат Алланы сүю, оған шын ғашық болу. Бұл ғашықтық Мұхаммад /с.ғ.с/ пайғамбардан мирас болып қалғандығында жасырмай баса айтады. Оның керген қиыншылықтарын, ғашықтық жолында тартқан тауқыметін де жырлайды. Яғни Алланың жолына түсу, оны сүю, оған мінсіз ғашық болу оңай іс емес, әркімнің қолынан келе бермейтіндігін ескертеді. Сонда да болса соған ұмтылуға, жол көрсетуге әрекет жасайды. Аллаға ғашық болу, оны сүю ханға да қараға да бірдей екендігін, Алла алдында кім болса да тең дәрежелі болатындығын ашық айтып отырған. Өзінен бұрын өткен ғашықтарды құрметтеп қатты сыйлаған, сонымен қатар замандастарында ұмыт қалдырмаған. Соның ішінде Мансұр Хадаж туралы төмендегідей жырлаған.
Ия достар, пәк махаббатты мақсат еттім,
Бұл дүниені дұшпан етіп жүрдім міне.
Жағамды ұстап хазіретке сиынып келдім,
Ғашық жолында мәнсұр сипат болдым міне.
Ғашық жолында ғашық болып Мәнсұр өтті,
Белін буып, Хақ сүймекті бекем тұтты.
Жәбір-жапа, қорлауды көп есітті,
Ей, мұсылман, менде Мәнсұр болдым міне.
Міне осылай Мәнсұрдың көрген қиыншылықтардың, оны дарға «Әнә Әлхақ» «Мен Алламын» деп айтқандығы үшін асып өлтіргендігі туралы Ясауи өз «Хикметтерінде» жырлап өткен. Ол жерде өзінің Аллаға Мәнсұр сияқты ғашық екенін жырлап өткен. Яғни Аллаға сүюдің, оның жолына түсудің, дидарын көрудің соншалықты қиын екендігін еш жасырмай ашық жырлайды. Міне соған шыдағандар ғана Алланы шын ниетімен сүйе алады және ғашықтығы пәк, адал болады. [12]
2.Ықылас пен шын жүректілік
Ықылас тек Алланың ризашылығы үшін құлшылық ету, «өзімен сөзі» бір болу, екіжүзділік риякерліктен қашуды «ықылас» дейді.
Дін Алла үшін, тек Алла үшін мұндай Алла үшін құлшылық етудің аты, «ықылас», яғни, шын берілу, адалдық шын жүректілік «өзі мен сөзі» бір жерден шығатын, риякерліктен алшақ жүретін, екіжүзділікті қару етпейтін. Дінді кейбіреулер өз дәрежесін, мансабын көтеру жолында, көрініс үшін қолданады. Аллаға көзбояушылықпен жалған құлшылық жасайды. Мұндай діндарлықты, риякерлікті, басқаша айтқанда «ширк» дейді. Ол Аллаға ортақ қосу, одан басқа да табынатын, сиынатын Тәңір жасау деген сөз. Оның соңы күпірлікке дейін жалғасуы мүмкін.
Дін жолына, тек қана адамдардан мал-мүлік алып, баю үшін, жоғарғы дәрежелі мансаптыққа көтерілу мақсатынмен өткендер бұл фаниде мұраттарына жетулері мүмкін, бірақ о дүниеден алар несібесі жоқ. Ахмет Ясауи бұған көп көңіл бөлген. Ол жаманнан қашуды, оның орнына ықылас, шын жүректі болуға шақырады. Ықыласты болған мұсылман, Алла жолында әрқашан таза, кіршіксіз қызмет етеді. Мұндай дін жолындағы момын Алланы шын жүрегімен сүйеді. Бұл туралы өз «Хикметтерінде» көптеп жырлаған. Ол іші адал, кіршіксіз таза болмаған, көзіне жасы ақпаған, халыққа дәруіштік, діндарлықпен танылғандардың соңғы демдерінде риямен шіріген имандарының жоқ болатындығы жайында көп айтады. Өзінің кейбір байқаусызда өткізіп алған күналарында жасырмаған, сол күналарды жою үшін жақсыларды іздегендігінде жырлаған. Яғни Аллаға құлшылық еткенде мұсылманның бес тұтқасын, парызын кіршіксіз орындауға тырысқан, әрі басқаларды да соған шақырған. Бұлар туралы төмендегі хикмет шумақтарынан көруге болады.
Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаһыл.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім міне.
Яғни, әрбір өткізіп алған күнәлерін еске алып, солардан арылу үшін иманды іздеп, сарсан болып, жақсыларды іздеп, оны тауып, жіберген қателерін түзегендігін жете жырлап отыр. Сонымен қоса шәкірттеріне, замандастарына, діндестеріне, келер ұрпаққа мұндай күнәлардан қашыңдар, менің жіберген қателерімді сендерге өткізіп алмаңдар деп ескерткен. Жалған атаққа масаттанбай тек Алла үшін құлшылық еткендігі туралы да хикметтер айтқан.
Жалған атақтан арылып сәби болдым,
Алла атын айта-айта ашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
«Фанафи Алла» мақамына салдым міне.
Бұл жерде Аллаға бар жаныммен адал болдым «Фанафи Алла» мақамына салдым міне дегені - Аллаға шын берілдім, Алла үшін сопылық жолында жоқ болдым деген ұғым. Бұл сопылық ілімнің ең жоғарғы дәрежесі есептелінеді. Бұл жөнінде мынадай хикмет жолдары бар, «Ғашық болсаң ғашық жолында фана болғын». Яғни мұнда да, Аллаға ғашық болсаң Алла үшін жоқ бол, сол жолда өлім қажет болса,өзіңді өлімге де қи дегені. Сонда Аллаға шын, адал, кіршіксіз таза болу үшін, еш нәрседен аянбау қажет. Міне Ясауи мұсылмандарды осындай тазалыққа, ықыластыққа, шын жүректілікке шақырған оған өзі басшы болған. Себебі өзінің сөзімен ісі бір болған, басқалардан да соны өтінген. Осы сарында Алла үшін жаннан кешудің қажеттігінде жырлаған.
Хикмет сөздерін тереңірек талдасақ бұл сопылықтың ақиқат құлшылығы қиын іс екендігіне көз жеткіземіз. Көп жағдайларда жылдар бойы мұсылмандықты өздерінің жеке мүлкіндей, затындай көріп, адамдарды дәрежелеріне мансаптарына қарап, жәннәтпен тозаққа жолдағандар ертең махшар күні оның сұрауынан қорықпайды ма екен.
Қожа Ахмет Ясауи Ғұлама бір жүйеге салып, оны түсіндіргсн. Ислам дінінде риякерлікпен дінді дүние үшін саудаға салу деген атымен жоқ. Тек қана «ихсан» мен «ықыласты» болуға ұмтылу, талпыну бар. «Ықылас» пен «ихсан» Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету, тек Аллаға құлшылықта болу деген сөз.
Ахмет Ясауи жолында риякерліктен қашу ең негізгі мәселе, ең басты принцип болып табылады. Өйткені оның жолы қасиетті «құран» жолы...
Құран да мынадай аят келтірілген,
«...Намаз қылушылардың сиқына қара... олар намаздарынан бос қалғандар... рияға адасып, сырт көрініс үшін құлшылық еткендер...».
Міне мұндай адамдар, қай заманда болса табылады, Ясауи соларды әшкерелеген. Қазіргі заманда да мұндай, тек басқаларға көз қылу үшін намаз оқып, ораза тұтатындар жетіп артылады. Біз олардан арылуымыз қажет, сол үшінде иманды тілмен емес, жүрекпен де ділмен қабылдауымыз қажет. Сол кезде ғана мұсылман қауымы пайда болады. Сонымен ықылас, шын жүректілік кіршіксіз таза, адал мұсылмандың риядан, көріністен ұзақ тек қана Алла үшін құлшылық ететін мұсылмандық. Көрініс үшін жалған құлшылық ететіндер соңғы демдерінде иманнан айырылады.
3. Адам сүйіспеншілігі.
Бірінші сүю, Аллаға махаббат болса, екінші сүю Алланың сүйіп жаратқан құлы адамға деген махаббат, сүйіспеншілік. Себебі адам бүкіл он сегіз мың ғаламдағы жаратылғандардың ішіндеғі ең құрметтісі, мәртебесі жоғарысы. Өйткені адам «болмыстың өзі, дәні», адамның дертін бөлісу, аяушылық ету, жәрдедесу, көмектесу, қол үшын беру оған деғен махаббатты, сүйіспеншілікті білдіреді. Бұл исламның дәл өзі. Исламда бір-біріне қол ұшын беру, көмектесу, жәрдесмдесу мәселелері туралы құранда көптеп келтірілген. Оның ішінде әсіресе, жетім-жесірлерге, кедей кепшіктерге, жалғызбастыларға, ғариптерге, пақыр міскіндерге, т.б. өмір сүруге мұқтажды болған адамдарға жәрдемдесу исламның негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл туралы мұхаммед /с.ғ.с./ пайғамбарымызда, Қожа Ахмет Ясауи т.б. ислам әлемінің ғұламалары жырлап өткен. Ясауи өз хикметтерінде Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарды өзіне пір тұтып, оған өзінің үмбет екендігін және де оның айтқан сөздерімен істеген істерін бұлжытпай орындауға уағыздайды. Ғаріп, пақыр, жетімдерді сүюді Мұхаммад /с.ғ.с/ пайғамбардың мұра етіп қалдырғандығын үздіксіз жырлап отырады. Оған үмбет болсаң, жолын қуушы екенсің, сенде ғаріп, пақыр жетімдерді сүйе біл, сол сияқты, таза, кіршіксіз мөлдір бол, махаббатында күмән болмасын деп үйретеді. Бұл үшін аят, хадистерде айтқандарға көбірек құлақ сал дейді. Тағдырдың басқа салғанына қанағат ет, берген ырзыққа риза бол деп уағыздайды. Мұхаммад /с.ғ.с/ пайғамбардың ең құдіретті кеші Миғраж түні болса, сол миғраждан қайтіп келгеннен соң да ғаріп, пақыр, жетімдердің қал жағдайларын сұрағандығын жыр етеді. Яғни Мұхаммад /с.ғ.с/ пайғамбарымыздың адамға деген сүйіспеншілігінің, махаббатының шексіз кіршіксіз таза екендігін білдіреді.
Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммед,
Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммед.
Түнде жатып көз ілмей тілейтұғын Мұхаммед,
Ғариппенен жетімге құрмет қылған Мұхаммед.
Ғарсы-күрсі базарына қамқор болған Мұхаммед.
Сегіз пейіш бәріне ие болған Мұхаммед.
Жетім, пақыр, ғаріпке пана болған Мұхаммед.
Осылай Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбардың адамдарды қалай сүйетіндігін жырлай отырып оның сөзіменен ісін өзіне жол бастаушы мұра еткен. Оның соншалықты ұлы тұлға бола тұрып, ғарсы-күрсіні аралап, сегіз пейіштің есігін ашып Алла дидарын көріп қайтқан миғраж кешінің өзінде, мен-менсінбей келісімен ғаріп, пақыр, жетімдердің жағдайын сұрап білгендерін паш етеді. Оны өзіне сабақ тұтады, менде сондай болсам екен деп армандайды. Яғни Қожа Ахмет Ясауи адамды сүюде оған махаббатта болуда, Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарға ұқсасам екен деп армандаған және келешек ұрпаққа соны өсиет еткен.
4. Ясауидің білім туралы түсінігі.
Жоғарыда айтып өткендей, сопылық жолға түсу үшін үлкен-үлкен төрт мақамды басып өту керек. Міне осы төрт мақамнан, тағы да он-оннан мақамы бар. Әуелгі төртеуін шариғат, тариқат, мағрифат және ақиқат мақамы деп айтады. Осы төрт мақамының біріншісін алып қарайтын болсақ, шариғат мақамы, ол тағы да он мақамға бөлінеді дедік, сол он мақамды қарастырып шығайық.
1. Әуелі иман келтірмек, Хақ тағаланың бірлігіне, барлығына, сипатына және затына.
2. Екінші - намаз оқымақ тұрар.
3. Үшінші - ораза тұтпақ тұрар.
4. Төртінші - Зекет бермек тұрар.
5. Бесінші - хаж тәуап қылмақ тұрар.
6. Алтыншы - мүлайім /сыпайы/ сөйлемек тұрар.
7. Жетінші - Ғылым /білім/ үйренбек тұрар.
8. Сегізінші – Хазірет Расул сәлләллаһу тағала әлейһи уәссаләмнің сүннеттерін мүлтіксіз орындамақ тұрар. /Құран және хадис/.
9. Тоғызыншы - Әмірі мағруфты мүлтіксіз орындамақ тұрар /шариғат қағидаларын насихаттау/.
10. Оныншы – Нәһи мүнкәр қылмақ тұрар. /жаман істерден қайтару/.
Сонымен жоғарыдағы он мақамнан көрініп тұрғандай, «Білім «шариғаттың ең негізгі қағидаларының, мақамының бірі болып тұр, яғни жетіншісі, білім адамдарды ақиқатқа жетелеуші және жаратылғандардың Жаратушысын тану жолы болып табылады.
Мәдениетіміздің, діліміздің, дініміздің, тарихымыздың негізгі іргетасы болған ислам діні, ғасырлардын бері түркі халқының діні болып келеді. Ислам діні жалпы дүниедегі болмысты қабылдау мен сезіну жолдарымызды, адамдар ара қатынасындағы байланыстарымызды және этикалық-эстетикалық, логикалық қағидаларымызды реттеп, жөнге, жүйеге салып отырады. Қоғамда өмір сүрген діндарлар мен атейстер, сондай-ақ басқа діндегі адамдар да исламның бұл әсерінен тысқары қала алмайды.
Таассуптан өз дінін жоғары санау, басқа діндегілерге дұшпан болу, діни фанатизмді де таассуб дейді, тар өріс, таяз ойлаудан догмалық ұғымнан қашып мұсылмандыққа сиынуымыз қажет. Демек, Алла махаббатына, таза кіршіксіз діндарлыққа, адамды сүюге, ынтымаққа еңбектенуге, өз еркімізге ие болуга ғылыми санаға, білімге, білімге және білімге... бет бұруымыз керек!
Міне осындай кәусар бұлақтап сусындаған Қожа Ахмет Ясауи де өз «Хикметтерінде» білім, ғылым туралы жырлап өткен. Яғни ол ғалым болу оңай емес, ол жолға түскен адам, көп қасірет шегеді, соған шыдасаң ғана түс, болмаса ғылымды, білімді мазақ етпе дейді. Егер осы қиын жолдарды басып өте алсаң ғылым, білім шыңына шыға аласың, хақ тағалаға жақын боласың деп ескертеді. Алла жолындағы білімге қадам басу, күйіп жанып шоқ басумен тең, Хақ зікірі тек қана жанмен ділде айтылатындыгын еске салып отырады. Муриттеріне, Хақ жолына түсу үшін ұстаздарына, пірлеріне адал қызмет ету керек екендігін ерекше түсіндіріп өтеді.
5. Асқа құрмет. Аса пен істің қасиеттілігі.
Асқа құрмет қай заманда болса да бірінші орында тұрған. Жоғарыда тұрған құранды, нанның үстіне шығып алуға болмайды, ал керісінше құранның үстіне шығып нанды алуға болады делінген, бұл теңеу ғана. Яғни бұдан көретініміз ас ең құрметті қасиетті болып саналған, санала да береді. Мұндағы теңеу құранды басып нанды ала бер деген сөз емес, тек астың ең құрметті екендігін білдірген ұғым. Себебі бұл екі қасиетті затты қай кезде болсын аяқ асты тастауға болмайды. Нанның қиқымында ешқашан аяқ асты тастамай жеп қоятын болған. Кез келген қария кісілер нанды аяқ асты тастамандар деп ескертіп отырады. Яғни мұның бәрі құрмет болып саналады. Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыздан шариғат, тариқат және ақиқат туралы сұрағанда менің айтқан уағыздарым, сөздерім шариғат, істеген істерім тариқат ал халім ақиқат деп жауап берген екен.
Сопыларда асқа құрмет туралы мынадай тұжырымдар бар. Әулиеліктің бірнеше белгілері болады, егер сол белгілердің үшеуін толық орындаса, онда әулиелік дәрежеге жеткені, үштен кем болса оның әулиелігі жалған. Ол белгілер, дүниеқұмарлықтан бас тарту, өзін ас судан тежеу және түнде аз ұйықтау яғни зікірмен болу.
Асқа құрмет өз қасиетін ешқашан жоймаған. Қандай бір мұсылман сопы болмасын, адал еңбек өз маңдай терімен тапқан нәпәқаларын пайдаланған. Мысалы, Жүсіп Хамаданидің өзі де ұстаздықтан басқа қолөнер жұмысымен айналысқан. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим диханшылықпен шұғылданған. Сонымен қоса Ясауидің өзінде қасық жасап күн көрген, жұбайы пәрәнжі тоқып өздерінің адал еңбектерімен нәпәқаларын табатын болған.
Шайқылар туралы Ясауи өз «Хикметтерінде» мынадай өсиет қалдырған. Шын шайқылар нияз алса мустаһиқыларға /міскін, пақырлар, нәзірді алушылар/, ғаріп-бейшараға бергейлер. Егер өзі алып жесе, мүрдар /арам, сасыған, өлімтік/ ет жегендей болған. Егер алған ниязынан тон қылып кисе, ол тон тозғанша хақ тағала намаз, оразасын, қабыл қылмағай, уә егер алған ниязынан нан қылып жесе, хақ тағала оны дозақта түрлі азапқа кіріптар қылғай. Пенделердің бергендерін алу-алмаудың үш жолы бар: бірінші алғанын кедей, пақырларға беру, екіншісі күмәні болса алмау, бергенін аз көп демей тең көру, үшіншісі алғанын сол кісілердің ата-аналарына арнап құран оқу және оларды тура жолға салу үшін Алладан тілек тілеу.
Жалпы осы айтқандардың бәрін іске асыру үшін адам баласы нәпсісін жою қажет. Нәпсі-көңіл, ниет адамның ішкі дүниесі, ой дүниесі, тілегі, арманы, құмарлығы, нәпсі құмар деген ұғымдарды білдіреді. Міне осыларды жеңіп шықса кәміл инсандық /толық адам/ дәрежеге жете алады. Сонда ғана адал еңбек етіп, маңдай термен өз нәпақасын тауып жейтін болады, кісі ақысын жемейді, өтірік-өсек айтпайды, жаман істерге бармайтын болады. Бұл туралы Ясауи өз хикметтерінде көптеп жырлаған.
Құл Қожа Ахмет, нәпсіден ұлық бәле болмас,
Жер мен көкте тағам берсең әсте тоймас.
Топырақ болып жерде жатса кәпір болмас,
Нәпсі тиған хор қыздарын құшар достар,
Нәпсі жолына кірген кісі расуа болар,
Жолдан азып тояр жұртта қалар.
Жатса тұрса шайтанменен бірге болар.
Нәпсіні теп, нәпсіні теп, ей пәтшағар,
Нәпсің сені ақырында торға салар,
Діннен қуып, жаксылықтан ада қылар,
Өлер кезде иманыңнан жұрдай қылар,
Ақылға ерсең ит нәпсіден безер болғай.
Әрбір істе Алланы естен шығармаңдар, бәрінен де бұрын нәпсіні жеңіп жеңіске жетіңдер, сонда ғана Аллаға жақын боласыңдар деп уағыздайды, өзіде сол жолмен жүрген.
6. Әйел мен еркек теңдігі, жұптылығы
Әйел мен еркек Ясауи ұғымында тең, олар өндірісте, жұмыста, мәжілісте, әділетте, оқуда, әр жерде дәрежелері қатар. Бұл туралы жоғарыда айтып өткендей, атақты сопы әйелдерде өткен. «Құран» мен «Хадисте» әйел мен еркек теңдігі туралы көптеп айтылады. Мәселен, Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбардың «кімде кім үш қыз баланы кәмелетке жеткізсе орны пейіштен болады» делінген хадис сөзі бар. Оған қоса Құранда әйелдерге ерекше көңіл бөлу туралы көптеген аяттар келтірілген. Жетім жесірлердің құқығын қорғау туралы Құранда аяттар жазылған.
Құранда, хадисте әйелдердің физикалық, биологиялық ерекшеліктерін тәптіштеп, талдап түсіндіріп өткен. Сол тәрбиені алған Ясауи де бұл мәселеге көп көңіл бөлген. Әрбір еңбек орындарында, оқуда зікір салғанда, зияратқа барғанда, намаз, ораза кездерінде жалпы істе әйел, еркек қатар жүретін болған.
Достарыңызбен бөлісу: |