Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі


«Ғұмар Қараштың педагогикалық және ағартушылық қызметі»



бет11/27
Дата05.02.2022
өлшемі0,49 Mb.
#2217
түріДиссертация
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27
«Ғұмар Қараштың педагогикалық және ағартушылық қызметі» деп аталатын екінші тарауда ұлт жанашыры Ғұмар Қараштың діни ағартушылық, педагогикалық қызметі және оның жәдидшілдігі жан-жақты талданған. Зерттеу жұмысының осы тарауында Ғұмар Қараш Қазақстанда идеялық - саяси ағым ретінде қалыптасып келе жатқан жәдидшілдік қозғалыстың жақтаушысы ретінде туған халқын еуропалық дыбыстап оқыту әдісіне тартуды қолдаушы ғана емес, туған жерінде мектеп ашып, мектепте оқытудың жаңа әдісін қолдану арқылы дүниелік пәндерді енгізіп, шәкірттеріне өз елінің тарихын, әдебиеті мен тілін оқытып-үйрету идеясын іс жүзіне асырушы жәдидшіл тұлға ретінде анықталған. Сондай-ақ аз уақыт шықса да баспасөздің газет ісіндегі көш бастаушысы ретінде танылған «Қазақстан» газетін ұйымдастырып, шығарудағы қайраткердің қосқан зор үлесі зерделенген.
Ғ.Қараш Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен «мешіт ашып, молда болады» деген куәлік алып, өз ауылы Құрқұдыққа молда болып келеді. Ал 1900 жылдары қазіргі Казталовка ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде медресесі бар мешітке ауысып, қазақ балаларының сауатын ашуға ат салысады. Кейін 1902-1908 жылдар аралығында Қазандағы Маржани медресесін бітіріп, елге келген соң 1908-1910 жылдары Тіленшісай елді мекенінде мектеп ашып, жәдидше оқу ісін жолға қояды. Арнайы жоғары дәрежеде діни білім алған Ғ.Қараштың қоғамдық көзқарастарында дін мен шариғат заңдарының ерекшелігі айқын көрінеді. Ерекшелігі сол Ғұмардың қоғамдық көзқарасты өзгертуге бағытталған идеялары діни қағидалар мен шариғат заңдарының адамгершілік, гуманизм, қамқорлық, сүйіспеншілік, пендеге қиянат жасамау сияқты қағидаларына негізделген және оның барлық іс-әрекеті сол қасиетті ұғымдарды насихаттау ісіне бағытталған. Мәселен, Ғ.Қараш: «Біздің халқымыз ахирет дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез-құлықтардан аулақ болған болар едік. Ақиқат дін жолымен жүріп тапқан киім-кешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады» [18, 176 б, ], – деп діннің тәрбиелік маңызына мән береді.
Ғ. Қараш халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялысының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады. Сондықтан да оның жариялаған мақалаларының басым бөлігі оқу-білім мәселелеріне арналған. Ұлт келешегін ойлаған қайраткер оқу сапасына да көңіл бөліп: «Кейбір адамдар Ресейде мешіт, медресе салуға, мешіт ашуға қаржы жұмсайды. Ал оны бітіргенде ғалым не маман шықпайды, көп болса молда болады. Құр тас үйді сала бергеннен гөрі оның ішіндегі адамдарға жақсы тәрбие берген, орта, жоғары білім берген тиімді. Зиялылар неғұрлым көбейе түссе, халықтың көзі ашылып, пайдалы мектептер салынып, газет-журналдар шығарылып, оларды арзан бағамен сатса, елге пайдалы іс болар еді. Қазіргі басты міндет қазақ балаларын бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, соған оқулық, жабдық жасау қажет. Өнер-білім ана тілінде болу керек. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді» [ 18, 173 б.], – деп қазақ баласының ана тілінде білім алып, ана тілінің ықпалымен азамат болып қалыптасуын армандады.
Ғ. Қараштың педагогикалық көзқарастары өз алдына жеке зерттеуді күтіп тұрған тың тақырыптардың бірі десе болады. Бүгінгі күнге шейін Ғұмардың педагогикалық ойлары көбінесе тұңғыш әдістемелік «Мұғалім» журналына байланысты айтылып келеді. Журнал туралы зерттеуші М.Ысмағұлов: «Бұл журналдың редакциялық коллегиясын Ғұмар Қарашев басқарған. Журналдың 10-нан аса сандары жарық көрген. Солардың қазіргі табылғаны 2 және 7 сандары» – деген құнды мәлімет береді. Сонымен бірге автор: «Демек, 1919 жылғы Қарашта ағартушылық ыңғай қай кездегіден де күшті, пәрмендірек. Бұл сөзге «Мұғалімнің» бірнеше нөмірінде шыққан, ал қолда бар екі санда ортасынан соңына дейін жарияланған күйінде жеткен «Педагогика» атты еңбегі бір дәлел. Шын мәнісінде педагогика теориясын (қағидасын) ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғұмар Қарашев» [ 11, 36 п.], – деген ой түйеді. Ғұлама ғалым Ғұмардың «Педагогика» еңбегіндегі бала мен бала тәрбиесіне қатысты айтылған тұжырымдары бүгінгі күнде де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Мәселен, ол: «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақсы жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі жұбаныш халдерін ортақтасар, бөлісер еді. Бойға жеткен кісі мен баланың арасында ортақтық, бірлік шын аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның байланысы берік бола алмақ емес. Балалар әр уақыт үлкендерге қызмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін. Бірақ жаны сәйкесіп, шын көңілден сүю, ол бір уақытта да болмайтын жұмыс» [38, 3 б.], – деп тәрбиешінің бала жанына жақын болғанын қалайды. Ғұмар Қараш бұл жерде тәрбиешінің бүкіл саналы өмірін бала тәрбиесіне арнауы керектігін меңзейді.
Ғұмардың педагогикалық ой-пікірлеріне зерделеп қарайтын болсақ, ол тәрбиенің кешенді (комплексті) жүргізілуіне ерекше мән береді. Тәрбие берудегі үш принципті, яғни ақыл тәрбиесі, ой тәрбиесі, дене тәрбиесін бір-бірімен ажыратпай байланыстыра қарастыру қажет екендігін атап көрсетеді.
Ғ.Қараш 1911 жылдан бастап қазақ қоғамының әлеуметтік- экономикалық және саяси хал-ахуалдарын халыққа жете баяндап, қалың бұқараның ұлттық санасын оятып, рухани жетілуіне, саяси көзқарастарының қалыптасуына септігін тигізу мақсатында Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев және Б.Қаратаевтармен бірге ұлттық баспасөз «Қазақстан» газетін шығару жұмысымен айналысады.
Ғ.Қараштың білімді саяси қайраткер, талантты публицист ретінде қалыптасуына, 1911-1913 жылдар аралығында Е.Бұйринмен бірге «Қазақстан» газетіне редакторлық жасаған кезеңі оның өмірінде ерекше терең із қалдырған жемісті жылдары болды. «Қазақстан» газетімен бірге Ғ.Қараштың қоғамдық-саяси қызметінің жаңа белесі басталды. Ол «Қазақстан» газетінде жалпыұлттық өзекті саяси мәселелерді көтеріп, кейбір мақалаларын «Қазақ», «Қазақаев», «Оразақай», «Ғабдолла Мұштақ», «Орда баласы» т.б. бүркеніш есімдермен шығарып отырды. Баспасөз тарихынан мәлім, Батыс Қазақстандағы «Қазақстан» газетімен тұстас Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен 1911 жылы қаңтарда Троицкі қаласынан «Айқап» журналы шығарылады. Негізгі қызметі ұлттық мүддеге негізделген, идеялық бағыт - бағдары ұқсас «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналының бетінде Ғұмардың елді отырықшылыққа, өнер, білімге үндейтін мақалалары жиі-жиі жарияланып отырды. Ғ.Қараш халық келешегі үшін отырықшы өмірдің прогрессивтік мәні зор, отырықшылық өнер-білімге, мәдениетке жетуге бірден-бір жағдай жасайды деп біледі. Көшпелі өмір салтынан арылуды қазақ халқының болашақта ел болып қалуының түпкі негізі деп танып, өз пікірін былайша қорытады: «...Көшпе халінде жүріп, қазақ жұрты ешбір уақытта, өнерлі, білімді ел болмайды, білімсіз ел теңдік таппайды. Неге десең ол ел надан болған соң пайдалы мен зиянды айырмайды. Өз халқын өзі сақтай алмайды – оған ит те жау, құс та жау, еншісіне душар өзара бөлінгендік, бәсеке, аралас отырған білімді жұртқа қол болу – жұтылу, ақыры діні, күнінен бірдей айырылып, сымпиып құру, жоқ болудан басқа еш нәрсе тимейді» [39, 3б.], – деп қамығады.
Ғ. Қараш қазақ жәдидшілдері жас буынының көрнекті өкілі болды, халық ағарту мен жас ұрпақ тәрбиелеу саласында көп іс тындырды. Ғұмар қазақ халқын қараңғылықтан шығаратын жол қоғамды оқу-ағарту, И.Гаспринскийдің жүйесі бойынша жаңа әдіспен оқыту, қазақтардың отырықшылық тұрмыс салтына көшуі (қала салу) деп білді. Осы орайда ол 1912 жылы «Қазақстан» газетінде мұсылман жұртшылығын насихаттау мақсатында жазылған «Балаларды қай оқытумен оқыту керек?» деп аталатын мақаласында: «Барайын деген жерімізге түзу жүрсек жылдам жетеміз. Оқытудың да түзу, қисық жолы бар. Қазіргі кезде мұсылманша оқытудың жаңа тәртібі, түзу жолы шықты. Ол түзу жол сол һәр бір әріптің дыбысын айтқызады. Бұл оқумен оқыған жас балалар бір айдың ішінде хат танып, жазу жаза бастайды. Біздей кейін қалған халықты бұрынғы ескі оқыту онан жаман кейін жіберді. Ұлы бар, қызы бар адамдар һәм бұл балаларды оқытатын молдалар жаңа оқытуменен оқыта көріңіз. Көзіміздің нұры ғазиз балаларымыз келешекте рахатшылықта ғұмыр сүрсін, артымызда дұғашы болсын десек, тіршілік саласында шет ұлт балаларынан кем болмастай етіп, оларға ғылым - өнер үйретуі тиіс» [40], – деп қазақ балаларын оқуға шақырды.
Жалпы қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласқан Ғ. Қараш ХХ ғасырдың басындағы қалыптасқан ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің еңбектері арқылы халқын ағартушылыққа шақырған қайраткер ретінде таныла білді. Ғұмардың ар-ождан, моральдық қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру идеяларының мазмұны мен мағынасы бүгінгі таңда да өзінің мәнін жойған емес.

Каталог: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
avtoreferaty -> Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі
downloads -> Бірінші тарау
downloads -> Құрастырғандар: тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Шынтемірова Баян Ғаббасқызы
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
avtoreferaty -> Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі
avtoreferaty -> Сарсенов Алдар Сарсенович Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі
avtoreferaty -> Боевой путь и военно-теоретическое наследие баурджана момыш-улы: исторический анализ
avtoreferaty -> Социально-экономическое и культурное развитие малых городов Казахстана
avtoreferaty -> Государственная и общественно-политическая деятельность нуртаса дандыбаевича ондасынова


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет