Боранды бекет



бет12/12
Дата07.02.2022
өлшемі0,61 Mb.
#92285
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
Borandy biekiet - Shyn'g'ys Aitmatov

Сенің мұғалім балаң – лейтенант Майсалбек Субанқұлов.
Майдан. 9 наурыз, 1943 жыл, түнгі сағат – 12”. Есеңгіреп басымды жоғары көтеріп қарасам, қора ішінде жұрт самсап тұр екен. Бәрі үнсіз, бастары түсіп, аза тұтып тұр екен. Ешкім үн шығарып жылаған жоқ. Майсалбек ешкім жыламасын деген ғой. Әйелдер мені қолтығымнан сүйеп, орнымнан тұрғызды. Гүлдеген алма ағашын жел қозғап, бұтақтарынан ұшқан аппақ бүрлер үстіме себіліп, бетімді майда ғана сипап жатты. Сол гүлдеген алманың арғы жағы, ауылдың үсті, алыстағы мұнарланған таудың үсті шегі жоқ, түбі жоқ мөлдір, тап-таза көгілдір аспан екен. Дүниенің мұндай кең екенін көргенімде, дүниенің мұндай тар екенін сезінгенімде, әлемді басыма көтеріп, аңырап жылағым келді. Бірақ өзімді-өзім қолға алып, тістеніп тұра бердім. Алиманның манадан бері не күйде тұрғанын білмеймін, мен орнымнан тұрғанымда, екі қолын созып, соқыр кісіше, маған қарай теңселіп келе берді де, бір уақытта бетін алақанымен басып, кейін бұрылып кетті...
Міне, өстіп ортаншы балам Майсалбектен де айырылдым.
Тастап кеткен құлақшыны ғана қалды...
– Менде болса Майсалбектің жері деген атағы қалды, Толғанай.
Халыққа істеген ісі, даңқы қалды... Иә, Майсалбектің аты өшкен жоқ. Батыр деген аты ардақталып, қыстағымыз “Майсалбек” атындағы колхоз болды. Майдандағылар Майсалбектің жазып кеткен хатын өздерінің хаттарына қосып, ауыл советке жіберген екен. Ол хатта Майсалбектің ерлігін жазған жауынгер жолдастары бәрімізге көңіл айтып, сендердің перзент- теріңді, жерлестеріңді еш уақытта ұмытпаймыз, оның есімін Отанымыз әр кез мақтан тұтады деп жазыпты. Бақсақ Майсалбегім барлаушы екен. Біздің әскерлер шабуылға шығар алдында немістердің жасырулы тұрған құрал-жарақтары, оқ-дәрілері аспанға ұшып, айнала төңіректегі ормандар жапырыла сұлап, шабуылға жол ашылыпты. Осыны істеген менің балам Майсалбек екен. Мен де оның бұл ерлігіне мақтанамын. Әйтсе де, маған салса, соғыс шықпағанда, мен оның басқа істерімен мақтансам, бақытты болар едім ғой. Өзі айтқандай балаларды оқытып, оқытқан шәкірттері өзінен озғын, өзінен білімді болып, әр алуан істе, әр алуан ғылымда даңқы шығып жатса, Майсалбегімнің даңқы да сол болар еді-ау. Адам баласына ең алдымен тап осындай даңқ керек. Ал енді соғыста көрсеткен батырлықтың да ерлік екенінде талас жоқ, ол үшін басымды иіп, ұлымның алдына жүгінемін, бірақ сондай өкініп, тірі жүргеніне ештеңені тең көрмеймін...
Әзелде соғыстан еш пенде жақсылық көрген емес қой...
V
– Рас, Толғанай, жауды жеңген күнде де оның қайғысы қуанышынан мол болады емес пе. Сол жылы, жеңіс келген жазда, сендердің әскерден қайтқандарды тосқандарың әлі менің жадымда, естен кетер емес, Толғанай. Сондағының қайсысы сүйініш, қайсысы арман екенін әлі де айта алмаймын...
– Мен де солай... қуанышымыз басым ба еді, әлде күйінішіміз басым ба еді... Жау жеңіліп шайқас аяқталғанда, аласапыран дүние тыныштық құшағына еніп, бұрын соғыстың бүрмелеуімен онша байқала қоймаған нәрселер сонда елдің жүрегін тағы да сыздатты. Өйткені жеңіс олжа салып, мейрам болып келген жоқ, ол бізге майданнан аман оралған жауынгерлердің жүдеу кейпінде, талай жолды басып, табаны тесілген солдат етігін киіп келді. Сол күні бізге кезек тиіп, өгіз соқамен бақшаны айдап, жүгері еккелі жатыр едік. Көшеде қандай да бір дауыстар шығып, жапа- тармағай жүгірген адамдарды көрген Алиман біліп келейінші деп тез басып кетті де, іле-шала қайтадан асып-сасып жетіп келді: “Ене, жұрттың бәрі әскерлерді күтіп алғалы кетіп бара жатыр. Ауылда ешкім қалған жоқ, бәрі кетті. Жүр, ене, тезірек, бол!” – деді ентігіп. Өгіздерді доғармай бороздада тұрған күйі қалдырып біз де жүгіре жөнелдік. Шынында да көше қым-қуыт екен. Қыз-келіншектер, бала- шағалар, олар тұрғай селкілдеген кемпір-шалдар да қалмай, аттысы аттылы, жаяуы жаяу жол тосқалы кетіп бара жатыпты. Бұл хабардың қайдан келгенін кім білсін, әйтеуір майданнан қайтып келе жатқан бір солдат (Күмиштек деген жоғарғы ауылдың баласы көрінеді) әскердің бәрі үйді-үйіне қайтып келе жатыр деп, жолыққан біреуге айтқанға ұқсайды. Станцияға екі эшелон әскер келіп түсіпті, бүгін түске таман барып қалармыз деп хабар айтқанға ұқсайды. Қысқасы, қуанышты хабар. Ел жарықтық осы хабардың келуі-ақ мұң екен, анық-қанығын ешкім жөнді білмесе де ешбір күмәнданбастан, күтіп алу үшін жолға шықты. Соғыс басталар жылы жастар қоныстана бастаған жаңа көшенің бойында қыстақты етектей иіріліп күтіп тұрдық. Ол кезде сол шала біткен тамдарға көзіміз үйреніп қалса керек, майданнан жеңіспен қайтып келе жатқан ер-азамат- тарымызды қандай қасиетті, қандай арманды жерде күтіп тұрғанымыз тіпті ойымызға келмепті. Ойымыз – әскерлерді қыстаққа кіре беріс жерде тосып алу еді. Ұлғайған кісілер арықтың жағасындағы биіктеу жерге шығып, атшылар ат үстінен, балалар шала біткен тамдардың дуалдарына отырып, зарыға күткен станция жаққа қадалды. Әне келеді, міне келедінің арасында бір-бірімізге көрген түсімізді айтып, жолдан тастарды жинап алып құмалақ тартып, түс-аянымызды, құмалақтың көрсеткенін жақсылыққа жорып, үлкен жолға қараумен болдық. Қазір ойлаймын, дүниедегі адам баласының бәрі осындай бір тілекте, бір ниетте, біріне-бірі жақсылық ойлап, өз балаларын осылай сүйсе, осылай күтсе, бәлкім, соғыс болмас па еді, қайтер еді. Жиналған көпшілік кейде демін ішіне тартып үндемей бір-біріне тіл қатпай тұрды. Әркім өз ойымен әлек болса керек. Өйткені бес жыл бойы сұрапыл қанды соғысты басынан кешіріп, енді жеңіске жеткенде, соғыстың соңғы көріністерінен елдің жүрегі шайылып та қалған болатын. Қайсысы келіп, қайсысы келмес екен деген сұрау әркімнің ойында бар еді. Соған орай әркімнің тағдыры, әркімнің үміті әрқилы болмақ. Соған байланысты әркімнің жаңа өмірі басталмақ.
Бақ ағаштарының басында отырған балалардың біреуі бір кезде: “Келе жатыр!” – деп айқайлап жібергенде, қобыздың қатты тартылған қыл шегіне оқыс қол тигендей, бәріміз бірдей селт етіп, бірауыздан “келе жатыр” деп қайталап, сілейіп тұрып қалдық. Бір сәтте топ ішінде шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық, үнсіздік орнап, сәлден кейін: “Кәне? Қайда келе жатыр? Кәне?”– деген дауыстар шығып, лезде су сепкендей басыла қалды. Алда, үлкен жолдың үстінде жалғыз арбадан басқа ештеңе көзге түспеді, Арба ауыл тұсына келгенде тоқтады да, одан секіріп түскен жалғыз адам шинелін иығына салып, арбакешпен қоштасып, бізге қарай жүрді. Біздің арамызда ешкім тіс жарып үн қатқан жоқ, бәрі айран- асыр қалып сілейіп тұр.
Солдат жақындай берді, бірақ бір адам да орнынан қозғалған жоқ. Адамдардың ақтарылған жүздерінен үміт белгісі сезіліп тұрды. Өйткені біздің күткеніміз жалғыз солдат емес, жолға сыймай майданға аттанғаны сияқты, қалың әскердің тобымен қайтып келуі еді.
– Пендесіңдер ғой, Толғанай! Соғысқа аттанғандар қашан түгел, жұбын жазбай оралып еді? Адам деген кейде осыны естен шығарып жіберетін тәрізді. Оның рас, ұлы далам. Бірақ, біз пендеміз ғой: жақсылықтан әр кез күтетін үмітіміз үлкен. Ал енді сонда жалғыз солдаттың келе жатқаны елдің зәресін ұшырып, есін кетірді. Солдат бергі дөңеске келіп жетіп, қыстақтың шетінде қыбыр етіп қозғалмай тұрған елді көріп, жүрегі зу ете қалды білем, ол да шошып сескеніп тұрып қалды. Бұл несі, бұл неткен жандар, бұлар неге үнсіз қарап тұр дегендей солдат елегізіп артына бұрылып қарады. Жолда өзінен басқа ешкім жоқ екенін көріп, ол бізге қарай жүріп барып, тағы да тоқтап, қайтадан тағы да алақтап артына қарады. Ол осындай жақындап келе бергенде алда тұрған бір кішкентай қыз: “Әшіралы ағам! Әшіралы ағам келе жатыр!” – деп айқайлап жіберді. Қайдан танығанын кім білсін, басындағы орамалын жұлып алып, әлгі жалаң аяқ, сидаңдаған қыз: “Аға! Аға!” – деп айқайлап, солдатқа қарай жүгірді. Оның соңынан балалар лап қойып, онан кейін әйелдер, онан кейін тұрған жұрттың бәрі: “Әшіралы! Ойбай, шын екен, Әшіралының өзі!” – деп шуылдасып ала жөнелді: Сол кезде бізді қандай күш билеп, жүрегімізде қандай асыл сезімдер оянғанын айтып бере алмаймын – әсем бір сүйініш жан жадыратқан мейірім, қуанышты көз жасы бәрімізді қорғасындай балқытып, рақат дүниесіне алып ұшты. Құшақ жайып солдатқа жүріп бара жатқанымызда біз өзімізбен бірге бүкіл өмірімізді, бастан кешірген күндерімізді, азап-тозағымызды, көз ілмеген түндерімізді, ақ шалған шаштарымызды, қартайған қыздарымызды, жетім-жесір қалғанымызды, сел боп аққан көз жасымызды, қайратымызды, мұңымызды, ту ұстағандай, жеңіспен оралған жауынгерімізге қарай алып бара жаттық. Алдынан шығып келе жатқан халықты көргенде солдат ентелей басып бері жүрді.
Халықтың дүрмегімен жүгіргенде кенет баяғыда тарс-тұрс етіп станцияға тоқтамай өтіп кеткен эшелон менімен қатарласа жарысқандай құлағым тұнып, зырылдаған дөңгелектер астында зың-зың еткен рельстер жүрегімде зыңылдап: “Апа, Алиман!” деген Майсалбектің жел жұла қашқан үнін қуып бара жатқандай болдым. Аттылар ә дегенде жетіп барып, ат үстінен жапырылып солдаттың көтеріп келе жатқан дорбасын, шинелін алып, өзін бәйгеден шығарып келе жатқан сәйгүліктей әлпештеп келді. Жер,
Жер-ана, сен осы солдатты ұмытпайсың ғой? Батырдың түрі есіңде ме?
– Есімде, Толғанай. Мен ол солдаттың түрін еш уақытта ұмытпаймын, ол бүгін де құшақ жайып: “Айналайын, ел-жұрт! Айналайын, ел-жұрт! Жаным құрбан! Басым құрбан!” деп айқайлап, жүгіріп келе жатқандай. Оның кеудесіндегі медальдары да күміс ділдадай сылдырлап, бетін жуып кеткен ыстық жас та жауған бұршақтай тарсылдап маған тамып жатқандай. Осының бәрі есімде, Толғанай! Кең иықты, сұңғақ бойлы, денелі солдат неше рет ажалмен беттескен, неше рет оқ тоқтатпай жаумен алысқан жауынгер жас балаша еңіреп, бүгін де ана жолда жүгіріп келе жатқандай.
– Иә, иә, дәл солай. Біз де жабыла жылап, халық пен солдат үндері күңірене қосылып, бірін-бірі аңсаған екі толқын тоғыс- қандай құшақтасып көрістік. Сол азан-қазан ызың-шуда әрқайсымыз тұс-тұстан Әшіралының мойнына, иығына асылып дамылсыз сүйіп жаттық.
О, жеңіс-ай, күні-түні тіленіп-сұранып, күресіп алған жеңісіміз- ай! Ассалаумалейкүм, жеңіс! Кешір біздің ботадай боздап жылағанымызды, кешір Алиман сынды келінімді. Аман оралған Әшіралының көкірегіне басын қойып: “Қайда менің, Қасымым! Қайда?” – деп шыңғырғанын кешір. Жеңіс! Сен деп қанша шолпандарымыздан айырылдық!
“Басқалар қайда? Пәленше қайда? Түгенше қайда? Қашан келеді қалғандары!”– деп жапа-тармағай сұрағанымызды кешір. Сұраулар- дың қамауында қалып, көз жасын ірке алмай: “Кеткендердің бәрі оралады! Ертең келеді. Жақында келеді. Тегіс келеді!”– деген Әшіралыны кешір. Кешір бізді, жеңіс, кешір. Сенімен алғаш рет жүз көрісіп жатып біз әрқайсымыз көңілімізде майдан құрбан- дарымен ақырғы рет тағы да қоштастық, оларды тағы да жоқтап, олардың тағы да бір мәртебе күйігін тартып, күдер үзіп көңіл суыттық. Кешір мені, жеңіс, кешір! Әшіралыны қатты құшақтап, емірене иіскеп, Жайнағымды, Майсалбегімді, Қасымымды, Субанқұлымды есіңе алып, менің іште жатқан арманымды кешір! – Жоқ, Толғанай, олай емес, қайта дүние сенен кешірім сұрасын, заман сенен кешірім сұрасын. Сен кешіретін бе едің, Толғанай?
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
– Неге үндемейсің, Толғанай?
– Кешірмес едім. Жауымды ежелден кешірмеймін. Бірақ заманыма кек сақтаған жерім жоқ. Арты қайырлы болсын. Бірақ соғысқа дауым көп. Атылған оқ, төгілген қан – тарихтың есебінде, ал енді адамдардың быт-шыт болып бүлінген өмірі ше? Оны қайсы есепке сыйғызып, тарихтың қайсы бетіне жазамыз? Ол үшін кім жауап береді? Жалп етіп оққа ұшпаса да, Алиманның тағдырын есіме түсіргенде ішім өртеніп шоқ болады. Оның обалы кімде? Оның дертін кімге барып шағамын? Қайран келінім, гүл сүйген, гүл көрікті келінім!
Әшіралыны туған-туысқандары үйіне алып кетті, жұрттың бәрі тегіс тарағанда Алиман екеуміз де үйімізге қайттық. Осымен соғыстан аласы-бересіміз бітіп, енді бұдан былай тыныштық заман басталмақ.
Біз үндемей келе жаттық. Жаңағы жылаудан кейін Алиман да солқылдап, аптығып, терең күрсініп келе жатты. Қабағын түйіп, еш жаққа қарамай түнерген түрін көріп, келінімнің әлдеқандай ойдың шырмауында келе жатқанын түсіндім. Күн күркірерде ауаның қапырық болатыны тәрізді, одан да арақатынасты ашатын үлкен сөз айтар алдында қиналады емес пе, Иә, Алиман қиналып келеді. Онысын мен жаны ашып қараған көздерінен, тістенген еріндерінен сездім. “Ай, енді айырыламыз ғой. Қасымнан күдер үзіп бітті ғой, – деп ойлап келе жаттым.– Айырылыспағанда енді қайтеміз. Өлгеннің артынан өле ме, кетеді де. Қашанғы жесір отыра бермек. Көңілі де қобалжып жүрген болар. Пешенеме жазғаны осы болса, қайтемін, ризашылығымды берем де. Әйтеуір бағы ашылса болды маған. Жас емес пе, тағы да теңін табар. Қасымдай болған адамына жолығар ма екен? Кім біледі? Бақытты бол, шырағым, бақытты бол. Қайсыбірін айтайын. Анда-санда мені есіңе алсаң, болғаны маған. Сенен басқа кімім бар менің. Сен кетсең, тірі өліктің күнін көріп, даладай үйде сопайып жалғыз қаламын. Қарақан басым. Қартайып қайрат тайғанда ұлымнан медет қылар тұяқ та қалған жоқ. Бірақ, маған қарайлама. Обалыңа қалмайын, қашан кетем десең де басың бос. Мен үшін алаң болма, балам, күніңді көр. Ризамын саған, батамды беремін”, – деп, айтар жауабымды дайындап, сөйлесуге дайын болдым. Сыр мінез болған, біріне-бірі үйреніскен адамдар ойындағысын айтқызбай-ақ топшылайтын көрінеді ғой. Менің сонда қандай азап шегіп келе жатқанымды Алиман білген екен. Бірақ оның сөзі мен күткендей болып шықпады. Берекелі далам, сенен жасырған сырымыз болды ма, Алиманның сондағы- сына, оның айтқан сөздеріне, оның таудай адамгершілігіне, елжіреген бауырмалдығына ризамын, өле-өлгенше ризамын. Бірақ өзіме наразымын, нәлет айтамын... Не үшін сонда солқылдақтық жасадым екен, не үшін Алиманның сөз айтуын жас балаша тіледім екен? Қасымның шарбағының тұсынан өтіп бара жатқанымызда, там саламыз деп жинаған таудай болып үйілген тастар, неше жылдан бері жауын-шашынның астында жатып үгітіліп біткен кірпіштердің төмпешік болып қалғаны көзге түсті. Жастар майданға кеткеннен кейін бұл жаңа көше со бойы қаңырап иен қалып, айнала төңірегін қаулаған алабота, сораң басып, олардың ішінде арқандалған бұзаулар жүретін. Өркеш-өркеш дуалдардың әр басында көкек құстар кекілдерін тарап, көктем шуағына рақаттанып, қаннен-қаперсіз сайрап отыр екен. “Япыр-ай, үй-жай тұрғызып, өз алдымызға түтін түтетеміз дегендер қайда қалды! Қарашы. Байғұс Қасымыма да бұйырмады”,– деп, санаммен алысып келе жатқанымда, Алиман маған жалт қарады да, қатты күрсінді. “Ене, – деді ол маған, – сонша неге жасыдың? Әлде жақсылықтан біржолата күдер үздің бе? Өйтпеші, ене, егілмеші мұнша, қайратың бар еді ғой. Мына бір жерге отырайықшы, былай, дөңесте сөйлесейікші. “Қазір айтады, кетемін енді дейді!”– деген ой бойымды шымырлатып жіберді. Отырайық, сөйлесейік”, – дедім мен де. Жол бойындағы дөңеске енелі-келінді болып, ақылдаспаққа отырдық. Алда, Алиманым-ай, мұнша неге мейірімді болып жаралдың екен! Сол ақ көңілділігің ақыры түбіңе жетті ме, кім біледі. “Ене, – деді сонда Алиман. – Соғыс болса бітті енді. Бізде өші кеткен жоқ. Мұнан былай қайтеміз деген ойың да бар шығар. Кейіме, енекежан. Дүние сондай әділетсіз болып кетті дейсіз бе? Маңдайымызға жазылған жақсылықтың жұғыны да қалмады дейсіз бе? Бір шаңырақтан кеткен төрт кісінің қалай ғана бірі аман қайтпайды? Жо-жоқ, ене, сабыр ете тұр, менің сөзімді тыңда. Ақ ниетімді айтамын, ене, көңіл жұбатсам құдай ұрсын. Онда өзімді де алдағаным ғой. Сеніңіз маған: құдай қолдап кішкене бала аман оралады. Нанбасаңыз көрерсіз. Хабарсыз кетті дегені – аман дегені, ене. Кім біледі, жау қолына түсіп қалды ма, адасып кетті ме, әлде жаралы болып, орманда жасырынып жүр ме, әйтеуір, ерте ме, кеш пе, Жайнағыңның жарқ етіп келіп қалғанын көрерсің. Дерексіз дегенінен түңілмейік, ене. Дерексіз емес, өлді деп қара қағаз келген қайсыбіреулер артынан тірі болып шықты, ол түгіл жоғарғы ауылдың бір адамы, анау төмендегі қазақтарда да осындай оқиғалар болды, өзің есітіп жүрсің ғой, асын беріп қойғаннан кейін аман-есен қайтып оралды. Ал енді біздің кішкене бала – аман, жүрегім сезеді. Қайтіп қана төрт азаматтың біреуі қайтып келмейді, мүмкін емес. Сабыр етейік, ене, күтейік. Бері қарашы, ене, мен де сенің балаңмын ғой, баста келінің болсам, енді балаңның орнындағы балаңдай көр. Олай емес десең, мақұл, бет- бетімізге кете берейік, онда не бітеді. Қасымның аруағын сыйласам, жалғыз тастап кетпеймін сені, ене. Ендігісін өзің біл...”
Біз көпке дейін үндемей отырдық. Майдың орта шені еді сонда. Сонау алыста мұнартқан қиырда ақ шарбы бұлттар түйдектеліп, анда-санда күн күркіреп, баяу жел соғып тұрды. Сол жарқыраған жақта көктемгі нөсер төніп тұрса керек. Күн шұғыласына шағылысқан жауынның салалары сынаптай құбылып, бірде тауға, бірде ойға ойысып, дүние жүзін жуып жатты.
Сол қашықтықтан жауынның салқын лебін жел айдап келіп, бойымды сергітті. Алиманға мен ештеңе деген жоқпын. Бірақ менің айтарым сонау жарқыраған жауындай тап-таза сөздер еді. Жабырқаған, қансыраған жаныма нұр төгілгендей, барлық жан сырымды саған айттым, Ұлы жер. Осындай адамдарды жаратқаның үшін мың да бір рахмет саған, Жер-ана,– дедім. Дүниенің наразылығына, адамның пәктігіне рахмет айттым. Сонау әлгі ала шарбы бұлтыңа, жарқыраған жауыныңа рахмет дедім. Жауын жауады, егін өседі, ел күн көреді, мен де солармен бірге жасаймын дедім. Бұлай дегенім – Алиманның мені аяп, құрметтегені үшін ғана емес, мені жалғыз тастамаймын дегені үшін емес, жоқ, жалғыз адамның көр өмірі қайда өтпейді дейсің, мен сүйсінгенде, мен мақтағанда басқаға, адамда болатын ұлы бір нәрсеге сыйындым. Соғыс адамды мейірімсіз қылады, тас бауыр, өзімшіл етеді, айуан етеді деп кім айтады? Жоқ, соғыс, қырық жыл қырғынға ұшыратсаң да, талайлардың түбіне жетіп, дүниені өртеп, қиратып, жермен- жексен қылсаң да, сен адамды бағындырып жуасыта алмайсың. Барлық күткен жақсылығынан өзі айрылса да, адам қандай бол- масын, басқа біреуге жақсылық етсем деп талпынады, оны демеп- сүйесем дейді, оған аз да болса көлеңкемді түсірсем дейді.
Менің Алиманым адам ғой! Қараңғы түнде парашютпен жаудың ордасына самолетпен секіріп түскен Жайнақ хабар-ошарсыз жоқ болды дегеніне қарамастан, ол өлген жоқ, аман, сөзсіз қайтып келеді деп сенгені, тілегені кім үшін? Дүние ондай әділетсіз емес деп, белін бекем байлағаны кім үшін? Алиманның шын жүректен айтқан сөзіне мен де сеніп, шынында да Жайнақ тірі болып жүрмесін, оның қайтып келуі де ғажап емес деп, жас балаша үміттеніп қалдым. Мен өстіп ойланып отырғанымда Алиман бақшада тастап кеткен соқа-сайманымызды еске алып: “Айтпақшы, бақшаны айдап болғамыз жоқ, қой, жүр, ене, ертерек баралық, жер кеуіп кетпесін”,– деп асықтырды.
Аулаға келсек, өгіздер соқаны сүйретіп, арықты бойлай жайылып жүр екен. Алиман оларды қайырып әкелді, соқаны қайтадан бороздаға салдық. Адамның көңілі деген қызық нәрсе ғой. Демнің арасында қанат байлап, алып-ұшпай ма. Айтқан сөздері, істеген әрекеті өзіне ұнап жатты білем, баяғы соғыстан бұрынғы қалпына қайтадан түскендей Алиманның жарқылдап күлгені, сөйлегені өзіне сондай жарасып тұрды. Бешпетін шешіп анадай жерге лақтырып жіберіп, ақ көйлегінің етек-жеңін түрініп, басындағы маңдай шүберегін баса тартып, қара торы жүзі нұрланып даусын қатты шығарып: “Ала бас өгіз, цоп! Цоп, цобе! Кейін, кейін, шолақ құйрық: Цоп, цобе!” – деп, ұзын шыбыртқы қамшыны шартылдата үйіріп, өзінше сергек жүрді. Алда, Алиманым-ай, бақсам ол осының бәрін мені қажымасын, өмірге, жұмысқа аңсары аусын, тіршілік істесін деген оймен жасаған екен. Соқаның тұтқасын ұстап келе жатқанымда, кейін бұрыла қалып: “Ене, соқаны қатты баспа, тастақ үстіне шығып кетіп жүрмесін!” – деді. Енді екі-үш айналым қалғанда жауын да лезде желдіріп жетіп келді. Лезде төге-төге салып сап болатын өткінші нөсер екен. Тентек нөсер ауылға ойнақтай келіп, бүлік салды. Қанаттарын жайып қақылдаған тауықтар пана іздеп тұс-тұсқа жүгіріп, әйелдер кірлерін апыл-құпыл ала қашып, күшіктер, балалар көшеде бірін-бірі қуалап: “Нөсер, нөсер, өтіп кет, Қара суды кешіп кет” – деп, жарысып жүрді. Су боламыз, үйге кіре тұрайық десем, Алиман: “Түк те етпейді, ене, бітіріп тастайық!” – деп, секелек қыздай жауынның қытықтағанына қарқылдап күліп, өгіздерді тоқтатпай айдай берді. Келінімнің рақаттана жүргені менің де жанымды рақатқа бөледі. “Мінезіңнен айналайыным, өткінші жауындай қарқылдаған түріңнен айналайыным! Қандай ырысты жұбай болатын едің! Алда, дүние-ай, алда шолақ дүние-ай!” – деп, жүрегім елжіреп Алиманның сүйкімділігіне тоймадым. Кейін ойласам, оның бұл қылығы да маған арналған екен, мені көңілін көтерсін деген екен. Алиман алақанын, бетін жаңбырға тосып: “Ене, бері қарашы! Қандай тамаша жауын! Биыл егін бітік болады! Цоп, цобе, жаңбыр, төге бер берекеңді, төге бер!” – деп өгіздерді қамшымен ұрып жаңбырды тамашалап келе жатты. Сонда ол өзінің қандай сұлу екенін, су болған көйлегі етіне жабысып, денесі мүсіндей болып тұрғанын, көздерінің қандай бал-бұл жайнағанын сезген де жоқ шығар. Алда, обалыңа қалған соғыс-ай!
Өткінші нөсер лезде басылып, бұлттар алыстап бара жатқанда бұл тағы тез өтіп кетті-ау дегендей, қиялмен бұлттардың артынан мұңая қарап, алысқа көз жүгіртіп, нөсердің бірте-бірте ұзаған күйіне құлақ тосып Алиман қатты күрсінді. Байғұсым-ай, сонда ол Қасымды есіне алып тұрғандай көрінді маған. Алиман мені көре салып, күліп жіберді де: “Жауынның ылғалы кеппей тұрғанда жүгеріні себе салайық!”–деп үйге қарай жүгіріп кетті.
Жібіген, быртиған жүгерілерден Алиман үлкен бір уыс алып: “Ене, осы жүгері дүмбіл болғанша кішкене бала аман-есен қайтып оралсын!”– деп, ісінген тұқымды бақшаға шашып кеп жіберді. Алиманның сондағы кескіні күні бүгінге дейін көз алдымнан кетер емес. Бұлт қойнынан бұлт етіп жаңадан дүниеге келгендей қызыл ет күн тигенде, жауыннан кейін бусанған қара топырақты жалаң аяқ басып, алтын шашқандай жерге дән сеуіп, бұл қасиетті еңбекті жақсы тілек, ізгі ниетке бағыштап, Алиманым жүгері емес, жақсылық сеуіп жүрді. “Көресің ғой, ене, менің айтқаным келеді. Бұйырса, кішкене балаға жүгеріні өзім отқа көміп, пісіріп беремін. Баяғыда жүгеріні менімен таласып жейтін еді ғой. Есіңде ме, бір рет ыстық жүгеріні ала қашып, қойнына тыға қойғанда, қарны күйіп қалмап па еді. Ойбайлап ішін ұстап, секіріп жүрсе, мен жынды адамдай: “Со керек саған! Со керек” – деп күле беріппін. – Есіңде ме? – деп, Алиман мені де күлдіріп қойды.
VI
– Мейлі енді, сонысына да рахмет! Жүгері бір емес, екі рет, үш рет дүмбіл болды, бірақ, Жайнағымыз қайтып оралмады, небір дерек те болмады. Алиман кейін өзін айыпкер адамдай сезініп, үндемейтін болды...
Арада қыс өтіп, айналып көктем келіп, өмір өз арнасымен жүре берді. Ел тойынып, колхоз әлденіп, өткен-кеткеннің бәрі бірте-бірте ұмытылып, соғыстың ізі жұқарды. Алиман екеуміз баяғыдай колхозда істеп жүрдік. Бригадирлікті мен балалар майданнан оралған кезде өздеріне тапсырғанмын: “Сендер жоқта үш жыл бойы ептеп істедім, енді қартайдым, күшім қайтты, балалар, жұмысты өздерің қолға алыңдар”, – дедім. Сондағы жастар қазір де кейде мені “бригадир апа”, – дейді. Сыйлайтын тәрізді... Заман тынышталғанымен Алиман екеуміздің жарамыз жазылған жоқ. Сыртымыздан сыр білдірмей жүрген боламыз, бірақ, әрқашан көңілде ұялаған іс менің жүрегімді де, оның да жүрегін жегідей жеп жүрді. Былай қарасаң, көзбе-көз отырып, кәне енді әрқайсымыз өз жолымызды табайық, өз тіршілігімізді істейік деп іркілмей айта салатын оңай сөз сияқты. Иә, жөні сол. Бірақ біз өйте алмай қойдық. Менен болды ма, жоқ әлде Алиманнан болды ма, оның толып жатқан себебі бар, енді айтқанмен не пайда. Мүмкін біздің ешқандай айыбымыз да жоқ шығар. Арман-тілегімді, қайғы-мұңымды шағу үшін ылғи саған келуші едім ғой, жайнаған далам...
– Келетінсің, Толғанай, иә. Қайғыға батып, қайтем, келінімді қайтем, обал-сауабын қайтем, – деп жылайтынсың. Сан рет келсең де, сонда мен саған ақыл бере алған жоқпын, Толғанай. Арада талай жыл өтті, енді міне сен қартайдың, бірақ қазір де сені ақтап, болмаса қаралап ештеңе айта алмаймын, Толғанай. Кім біледі. Осыған келгенде мен өзімді ақтай алмаспын. Келінім Алиман емес, басқа әйел болса, мінезі басқа сөзі басқа, адамгершілігі басқа, жүріс-тұрысы басқа, біреу болса, іркілмей де именбей- ақ: “Қой енді, балам, қашанғы тұл болып отыра бермексің, жас басыңды қор етпей, қадір-қасиетіңді білетін біреуге тиіп ал”, – дер едім. Бірақ, Алиманға бұлай деп айтуға аузым бармады. Егер айтсам, адамзаттың қандай да бір асыл дүниесін бүлдіріп, қандай да бір ақ нәрсені былғап алатындай бата алмай жүрдім. Шынында да: “Қасым мерт болды, сен енді жөніңді тап, керегің жоқ, басқа біреуге тиіп ал”, – деп айтуға қалайша аузым баратын еді? Сөзді қанша астарлап айтқанмен, түпкі төркіні осы еді ғой. Ақылы бүтін келін емес пе, өзі де білдірер шет-жағасын деп те жүрдім. Ал енді Алиман болса, алда байғұсым-ай, сондай бауырмал болып жаратылармысың. Мені аяп, қия алмай жүргенге ұқсайды. Сонысына қарамай, менен кетпесін деп, бір күні Қайыңдыдағы ағалары жол-жөнекей үйге келіп түскен еді, ризашылығымды беремін деп, оларға ойымды түсіндіріп айттым. Сөйтсем, аналарды бетінен қағып: “Менде шаруаларың болмасын, кетемін бе, кетпеймін бе, оны мен өзім білемін, араға қыстырылмаңдар”, – депті. Жайыма қарап отырмай, не жыным бар еді, аяғында өзім өкіндім. Менің ұялғанымды біліп Алиман сонда арамызды қандай да бір сөз аралап кеткенін сездірген де жоқ. Іштей әбден разы болдым. Міне, өстіп, бір-бірімізді есіркеп, бір-бірімізді қия алмай жүріп, Жайнақ келіп қалар деген үмітке алданып жүріп, ақырында онан да түңіліп, кейін уақтысы өткен соң, айтуға кеш болып қалды. Иә, Жер-ана, иманымдай сырымды айтамын, өзің білесің ғой ол оқиғаны.
– Білемін, Толғанай, білемін. Келініңе бұрынырақ айтпай, кейін айтқаныңда жүзіне қарамайтын едім, Толғанай.
– Оның рас. Қалай болғанын қазір де білмеймін. Ауылымыз жол бойында емес пе, жайлауға мал айдағандар, қыстауға көшкендер ылғи біздің ауылдың үстін басып жүретін емес пе еді. Жер ортасы деп, малын жайып, екі-үш күндей аялдап та қалады. Қырық алтыншы жылдың күзінде төменгі ауылдың бір шопаны үлкен сайда қойын жайып жүрді. Әскерден келген жігіт екен, үстінде сұр шинель тонын бөктеріп, мылтығын асынып, әрі-бері кезіп жүргеніне мен онша назар да аударған жоқпын. Ауылда әлдекімдер той істеп, көкпар тартылып, әлгі шопан көкпаршы жігіт екен, лақты біздің дарбазаның алдына әкеліп тастады. Ауладан шықтым. Оны мен сонда көрдім. Жер тарпыған сұр атты ойнақшытып тұр екен. Өзі қапсағай неме екен. Неге екенін білмеймін, басқа сөз аузыма түспей: “Ой, бұл нең, балам?” – деппін. Сөйтсем: “Үйде кім бар?” – деп сұрады. “Кім керек еді?” – дедім. “Қолымнан түсіп кетті”, – деді де, лақты ат үстінен еңкейіп алды да, тақымына басып, шауып кете барды. Соның арасында көкпаршылар жетіп келіп, оның артынан лап қойды. Сонан қайтып мен ол шопанды екінші рет көре алған жоқпын. Бірақ оның қылығына әбден пұшайман болдым. Бұл не дегені, алып келгеннен кейін тастап жүре бермей ме, әзелде лақ тастаған үйдікі ғой, бұрыннан келе жатқан салт емес пе, әлде шынымен-ақ қолынан түсіп кетті ме екен? Олай болса неге айдалада түсіп кетпей, дәл біздің дарбазаның алдына келгенде түседі? – деп ойым онға бөлінді. Мен өстіп тұрғанда, үйден Алиман шығып, менің жаныма келді. Гүлді жаулығын тартып, жібек көйлегін киіп, сәнденіп алған. Тойға барғалы жатқанбыз. Мені көргенде Алиман төмен қарап, қып-қызыл болып кетті. “Жүрмейсің бе, ене?” – деді жай ғана. Жаңағы шопанның не үшін келгенін мен сонда ғана барып сездім. Екі-үш күннен бері Алиман су алып келемін деп, арықта су болса да, үлкен сайға барып, кеш қайтып жүрді. Ішім удай ашыды. Әйтеуір бір күні осылай болмақ, бұл сөзсіз болатын іс, әйтсе де ішім өртеніп кетті. Қызғаныштан емес, басқа да, Алиман көп кешікпей орнын тауып алса екен деп тілеп жүріп, жеме-жемге келгенде, тайқып түстім, қорықтым. Кететін келінімдей емес, күйеуге ұзататын өз қызымдай көріп, Алиманым қателеспесе екен, барған жері құтты болса екен деп тіледім. Тойда отырғанымда да, үйге келгенімде де осы ой басымнан кетпеді. “Жаңағы жігіт қандай неме екен өзі? Жақсылап танысып сырын біліп ал. Асықпа, Алиман балам, алданып қалма!” – деп жаттым ішімнен. Не болса да енді таба болып қалмасам екен жастарға. Алиман менен именіп тартынбаса екен, қайткенде де өз ықтияры өзінде екенін, менің оған ешқандай қарсылығым жоқ екенін емеурінмен білдірсем деп қиналдым. Ештеңені сезбеген, білмеген кісідей әдеттегідей орнымен сөйлеп, орнымен күліп отырсам да, Алиманым мендегі құпия ой- сананы сезген екен. Кешке таман суға барып келейін деп, шелектерді алып шығып кеткенде үстімнен ауыр жүк сыпырылып түскендей “уһ” деп демімді бірақ алдым. Барса барып жолығып келе қойсын деп ойладым ішімнен. Бірақ көп ұзамай Алиман су көтеріп үйге кіріп келді. Сайға бармай, арықтан алып келген екен. “Ене, су жылытып берейін, басыңды жуып ал” – деді Алиман шелектерді орнына қойып жатып. “Ертең күндіз-ақ жуармын, жұмысың болса...”– деп келе жатыр едім, Алиман сөзімді бөліп: “Ертең колхоз жұмысынан қол тимейді, ене, жуып ал, шашыңды тарап өріп берейін”, – деді. Көңілі қалмасын деген оймен амалсыздан көндім. Суды үлкен қазанға құйып жылытып, мені бір бас жуып көрмеген жас баладай көріп, әуелі айранмен жуғызып, одан кейін сабындатып жуғызып, суды ылғи араластырып, алмастырып, жанымнан үйіріліп шықпады. Басқа кезде болса, балам, әурелемеші, өзім жуып аламын ғой дер едім, бірақ бұл жолы үндей алмадым. “Алда ойбай-ай, бұл несі екі арада мен үшін жолығар жеріне бара алмай қалды ғой”, – деп қысылдым. Олай дейін десем Алиман оны-мұны, жайдары әңгіме етіп, тіпті көңілді жүрді. “Ене, жас кезіңде шашың келіскен шаш болса керек, ә?” деп, маңдайымды, шашымды еркелете сипап, бетіме, мойныма алақанын тигізіп қойды. “Менімен қоштасып жатыр-ау, шамасы”– деп көзіме мөлтілдеп келіп қалған жасты көлегейлеп, әрең шыдап отырдым. Шашымды өріп болды да, сандықтағы әтірін алып келді. “Қой, балам, оның маған керегі не, ойбай әрі әкет, қартайғанда ұят емес пе?” дегеніме болмай, сықылықтап күліп, басыма әтір септі де, мойнымнан қапсыра құшақтап иіскеді.
“Міне, қарашы, қандай тамаша, тіпті жасарып кеттің”, – деп қатты сүйсінді. Мен де көндім. Енді шай іш, ене. Шай ішіп болғаннан кейін: “Төсегіңді салып берейін, жатайық”, – деді. Ол түні екеуміз де көз ілмедік. Алиман қалың ойдың шырмауынан шыға алмай жатты ма, білмеймін, әлсін-әлсін терең күрсініп қойды. Мен болсам көзімді жұмғанмен ұйқым келмей, Алиманның бүгінгі істеген жақсылығына көңілім толып, өткен күндер көз алдымнан бірінен кейін бірі өтіп жатты. Біресе Алиманның баяғыда шоқ гүлді комбайнның баспалдағына алып барып қойғаны есіме түсті. Біресе, Қасым әскерге жөнелерде оны атқа мінгізбей, мойнына асылып, жас балаша қолынан тартқылағаны есіме түсті. Біресе станцияға асыға кетіп бара жатқанда жапалақтаған ақша қар Алиманның жаулығына, маңдай шашына, жағасына көпірши тұрып қалып, оның тамылжыған жүзіне көрік беріп, сұлуландырып жібергені есіме түседі. Біресе маған қарай құшағын жая: “Енекем-ай! Жесірміз, екеуміз де жесірміз!”– деп зар еңірегені естілгендей болады. Біресе қызғалдақ құлпыра жайнаған аңызбен қара жамылған Алиманның үлкен жолға қарай ышқына жүгіргені есіме түсті. Қойшы, ең ақырында жаңағы көкпаршы шопанмен қой айдасып, еріп кетіп бара жатқаны заматта көз алдыма келе қалды. Ол: “Қош, енеке! Ренжи көрме, кеткенім осы. Қайыр қош, енеке-тай!”– дегендей, мен артынан қол бұлғап, жарды бойлай жүгіріп: “Қош, шырағым! Қош, гүл сүйген, гүл көрікті келінім, қош, маңдайыма сыймаған шолпаным! Аман бол, бағың ашылсын, көсегең көгерсін, аман бол, хайыр қош! Әй, жігіт, баламды қор етпе! Қорласаң, қарғаймын, қарғыс жібермейді кісіні”, – деп жаттым. Көзімнен парлаған жас бетімді жуып, жастыққа тамып жатты. Жылағанымды Алиман естіп қоймаса екен деп, аузымды басып, көрпені бүркендім. Ертеңіне Алиман еш жаққа шыққан жоқ. Сонан кейін әлгі шопан көрінбейтін болды. Қойын айдап кетсе керек. Алиманның кірбиген түрін көріп, сонда қатты кейідім. Көңілі болса, ұнатса, кете бермей ме байғұс бала, маған несіне қарайлайды! Біраз уақытқа дейін әрі- сәрі жүріп, кейін бұл ісі ойынан шығып кеткендей болды.
Сонымен ерте көктемде баяғы шопан қайтадан пайда болды. Қойын бағып, үлкен сайда жүргенін сыртынан байқап қалдым. Сол күндері Алиман кеш болысымен кетіп қалып, ел тегіс жатқанша далада жүретін. Мен не дейін. Өзі біледі де. Шынында да мен не демек едім, қайтпек едім, айтшы, жан далам? Есіңде ме баяғы сойқан түн, есіңде ме ертеңіне саған келіп жылағаным?..
– Сабыр, Толғанай. Сен ол түнді сойқан түн деме. Ол түннің жақсы жағы да, жаман жағы да болған шығар. Жан жаралған түнге тіл тигізбеші, Толғанай. Сөзімді қайтып алайын, Жер-анам. Күйгендегі сөзім де. Күймегенде не болып едім. Ол түнде Алиманды көпке дейін күтіп отырдым. Ауыл тегіс жатса да, мен шамды өшірмей іштей мұңға баттым, әлденеден қорқып, елегізіп терезеден көзімді алмай тыпыр еткен дыбысқа құлақ тігіп, елеңдеп отырдым. Аспанда ай көрініп, анда-санда бұлт жылжи өтіп, жазғы ауа тұяқ серіппей тұнып тұрды. Бір үйде жалғыз отырғаннан бойым мұздап, етім түшіркеніп, ішікке орандым. Түн ортасына таман көзім ілініп кеткен екен, кенеттен шошып оянып, басымды жоғары көтерсем есікті ашып, Алиман кіріп келеді екен. Мас екен. Удай мас. Көйлегінің қақ айырылған өңірі екі жаққа салбырап, еті көрініп, шашы додаланып, көзінің қарашықтары көмескі шам жарығында жалт-жұлт етеді. Бұл Алиманның мас болғанын өмірімде бірінші рет көрдім. Не дерімді білмедім, орнымнан тұруға шамам да келмеді. Алиман босағадан әрең аттап кірді де, жығылып кете жаздап, пешке сүйеніп тұрып қалды. Онан кейін пешті ұстаған бойы тәлтіректеп, теңселе беріп: “Ха!”– деп, сүйкімсіз күлімсіреді. “Неге қарайсың?– деді ол басын шайқап. – Неге қарайсың маған? Иә, мен маспын. Иә, мен арақ іштім. Ішпей қайтемін? Мен ішпегенде кім ішеді? Неге үндемейсің? Менің кескінімнен қорқып тұрсың ба?” Үндей алмадым. Келінімнің осындай халге жеткеніне жүрегім сыздап, жарылып кете жаздадым. Алиман тағы біраз теңселіп, басын әрең ұстап тұрды да, бір кезде ақырын сыбырлап сөйледі: “Ене, сен ештеңені білмейсің. Ал мен болсам... мен... мен бүгін... Қасым әскерге жүретін күннің кешінде суға барып па едік, үлкен сайға... Дәл сол жерде”– деп, келе берді де, шашын қос қолымен шеңгелдеп ұстады: “Мен ит болдым! Ене, енекем-ай!”– деген жан даусы жүрегінен атылып, өзі киізге етбетінен құлап, тыпыршып басын жерге ұрғылап, солқылдап жылады. Орнымнан атып тұрып, ұшқан құстай жанына жетіп бардым. Басын жоғары көтеріп, көкірегіме қыстым: “Жыламашы Алиман, жыламашы. Не болды саған, айтшы? Қапа болдың ба? Әлде біреудің тілі тиді ме саған? Айтшы маған. Әлде маған ренжідің бе? Ренжісең айт, іштегіңнің бәрін ақтар алдымда...” “Жо, жоқ, ене, енетай, байғұсым-ай, жалғызым-ай, ештеңені білмейсің-ау, білгенде де қолыңнан не келуші еді, алда ойбай-ай, алда ой-бай-ай!”– деп қандай бір өзіне ғана белгілі өкініш азабын тартып, басыла алмай, мені тас қып құшақтап алып, еңірей берді. Көпке дейін жылады. Онан кейін бірте-бірте өксігін басып, ақыры ұйықтап кетті. Ұйықтап жатып та анда-санда жас балаша өксіп қояды. Мен көзімді ілмедім, көрер таңды көзіммен атырдым. “Не болды, келінім? Енді қайтемін”, – деумен таңды қарсы алдым.
Ертеңіне орнынан тұрғанда ұялып маған қарай алмады, үн қатқан да жоқ. Жұмысқа шығып бара жатқанымызда ғана: “Кешіріңіз мені, ене”, – деді. Сонымен арада екі-үш ай өтіп, жазда баяғы қашқын Жексен- құлдың тергеуі болды. Ол соғыстан кейін елге сыймай, үйіне ұрланып келіп-кетіп жүрген екен. Бірақ қазақтар арасында да адал тіршілік етпей, алыпсатарлықпен айналысып, қой ұрлап қолға түсіпті. Тергеуде оның бұрынғы қылмыстары білініп қалып, біздің ауылға алып келген екен. Ауылсоветтің шабарманы мені де куә боласың деп шақырып келіпті. Көшеде келе жатсам, алдымнан кетпенін көтерген Алиман ұшырасты. Ілби басып, әбден болдырып жалғыз өзі келе жатыр екен. Түрі де қапалы, көзі шүңірейіп, жүдеп кетіпті. Осы жазда беті де секпілденіп кеткен еді. Жаным ауырып қоя берді. Үйге барып тағы жалғыз отырмасын деген оймен: “Жүрші, балам, кеңсеге бірге қайырыла кетейік. Сосын үйге бірге барамыз”, – дедім. Сөйтсем: “Жоқ, ене, маған не бар онда. Басым түсіп тұр, үйге бара берейін”, – деді. “Онда мейлің, – дедім. – Жатып дем ал. Сиырды өзім-ақ сауармын”. Кеңсенің алдында жабық машина тұр. Куәлікке шақырылған, жұмыстан келе жатып кеңсеге қайырылған бір топ адам ашық терезенің алдында сөз тыңдап құлақ салып тұр екен. Мен де солардың жанына барып тұра қалдым. Жексенқұлды көрмегеніме талай жыл болған, тырсиып жарылайын деп тұр, күп боп семірген. Күржиген иықтарының еті бұлтиып тұр. Қабағын түйіп, бір нәрсесін өткізген кісіше нық отыр екен. Сауып отырған жалғыз сиырымызды соқаға жегіп, аштан өліп бара жатқанымызда жиған- тергенімізді талаған осы ит еді ғой. Менің құдай қосқан жарым, өндіріп-өсірген балаларым майданда қан кешіп жаумен жағаласып жүргенде, бұл қарабет өзін елден ерек санап, жан сауғалап қашып- пысып жүргенді. Енді қарасаң, біздің бір ақсақалымыздың сөзін бөліп, қарсылық көрсетіп отыр, “Сол да сөз бе екен, майданда өлген кісі өлді, қалған кісі қалды. Маған оның қандай қатысы бар? – дейді тіпті. – Ұры дейсің, көздеріңмен көріп, қолдарыңмен ұстаған жерлерің жоқ қой. Айта беріңдер, мың жерден айтыңдар – бәрібір бос сөз. Факты керек”. Осыны есіткенде қаным қайнап кетті. “Жаныңды жеме, имансыз! Факты керек пе саған, факты міне, мына мен!” – деп терезеден айқай салдым.
“Апа, ішке кіріңіз. Мұнда келіп сөйлеңіз”, – деді орнынан тұра келген тергеуші.
Кіріп бардым да, сөйлей жөнелдім. “Иә, біз сені қолымызбен ұстап алған жоқпыз, сенің артыңа түсіп ұстауға қолымыз да тиген жоқ. Біз онда жер тырмалап, майданға астық берудің қамында жүрдік. Біз онда масақ теріп, бала-шағаларды асырадық. Ал сен онда жер айдау үшін байланған аттарды ұрлап, елдің бала аузынан жырып, уыстап жинаған тұқымын жұла қашып, бала-шағаның несібесінен қағып, халық ризығына арам қолыңды салдың. Сөйтіп сен майдандағы солдаттардың қолынан нанын тартып алғансың. Артыңнан жете беріп: “Тоқта! Мен білемін сені, Жексенқұл! Тоқ- та!”– дегенімде, қайрыла қалып мені атқансың!– деп, жүректе қайнаған сөзімнің бәрін төпеп айта бердім. Сонда айт, тартынбай айт дегендей Айша көршімнің томсарған түрі, оның бетін жуған көз жасы, сол төмен сорғалаған көз жасындай болып төгілген аспан- дағы Құс жолы сол сәтте көз алдыма келе қалды. “Факты деп заңға сүйеніп, құтылсаң құтылып кетерсің. Бірақ, біліп қой, ел-жұрттың азап-тозағынан безіп, оның қайғы-қасіретін бөліспегенің үшін, адам санатынан шығып, өмірден шірік болып, қарабет атанып өтесің. Саған факты да, жаза да осы”, – дедім.
Мен сөйлеп болғанда тергеуші: “Рахмет сізге, апа. Енді боссыз.
Үйіңізге бара беріңіз”, – деді сыпайыгершілікпен. Кеңседен шығып келе жатсам, Жексенқұлдың әйелі есік алдында мені тосып тұр екен. Жынданған адамдай жетіп келіп: “Өлігіңе отырайын, қақбас. Ағыңнан жарыламын деп, не жақсылық көрдің? Ақ жүрек болсаң, шермиіп отырған келініңді қайтесің? Кімнен болған екен? Үйіңдегі шермендеңді қадағаламай, не қарап жүр- сің? Бір-бірінен аумаған шерменделер!”– деп айқайды салуы бар емес пе.
Жүрегім аузыма тығылып, не болғанымды білмедім. Иә, иә, бұл қатынның айтқаны рас еді. Бұрын дүдәмал санап жаныма жақын жолатпай алыс қуған күмән нәрселерім заматта ап-айқын бола қалды. Соның арасында далада тұрған адамдар: “Жап аузыңды, әйтпесе өлесің!” – деп, Жексенқұлдың әйелін жағадан алды. “Тимеңдер! Қол жұмсамаңдар!” – деп, ілби басып жүріп кеттім.
Көшеде келе жатқанда қиялым қырыққа, ойым онға бөлініп, берекем кетті. Бұлай боларын ойлаған жоқ едім. Кейінгі кезде Алиман жұрттан оқшауланып, оның мінезі де лезде өзгеріп, басқа бір жақтан келген бөгде жандай томсырайып, күлмей жүргенін мен жай әншейін қапаланып жүргені-дағы деп ойлағанмын. Әлгі шопан жігіт көңілінен шықпай қалған-ау шамасы деп жорамалдағанмын ішімнен. Ол сонда жайылым өзгертіп, тауға кеткен-ді. Қайтып көрген кісі жоқ оны. Бақсам, істің жайы басқаша екен ғой. Әттең-ай, әттең- ай... Олай боларын кім біліпті. Енді қайттім деп, басым дал болды.
– Иә, Толғанай, сен сонда маған келіп, қайтем деп ақыл сұрап, бар сырыңды айтқансың.
– Саған айтпағанда кімге айтушы едім, Жер-ана, диқан далам. Бармақтай кезімнен міне осы қартайған шағыма дейін сенің деміңмен, сенің күшіңмен өмірдің талай белестерін асып, өмір сүріп келемін. Қайтем деп сұрасам, сен сонда: “Ойлан, Толғанай, тереңірек ойлан. Ақылыңды кеңге сал, дүниеге тереңірек үңіл, құр намысқа шауып, артынан опық жеме”– дегенсің. Жалғыз мен емес, басқалардың да ойланғанына дән разымын. Ішкен суымыз бір, көрген күніміз бір тағдырлас, замандас ауылдастарымыздың кең пейілін өмір-бақи ұмытпаспын. Осы оқиғаның ертеңіне Айша көршім шай іш деп үйіне шақырып, оны- мұны қозғап отырып, сөз арасында: “Әлгі Жексенқұлдың әйелі түнделетіп көшіп кетіпті”, – деді. Үндеген жоқпын. Несіне үндейін, көшсе әркімнің өз еркі. Кейін, көп кейін барып білдім, ол өзі емес, сол түні жұрт жиналып келіп “Кет біздің ауылдан!” – деп, жүгін буып-түйіп арбаға салып, көшіріп жіберіпті. Сонан кейін иә үлкенінің, иә кішісінің аузынан анадай екен, мынадай екен деген бір де сыбыс есіткен жоқпын. Мүмкін іштерінен ойласа, ойлаған шығар, мүмкін қатар-құрбыларына, өзіне айтса айтқан шығар, бірақ маған жан баласы ештеңе деген жоқ. Онан бері міне қанша жыл өтті, әлі де сыйлап, құрметтеп келе жатыр. Рахмет, көзім жұмылғанша разымын. Мен кейде өзімше ойланамын: баяғы заман болса ғой, ізіме қанша өсек-аяң еріп, қанша ащы сөздер бетіме басылар еді. Ал енді соғыстың азап-тозағын бастан кешіріп жер басып жүрген әрбір адамның бағасы қаншалық құн жеткісіз екенін, оның көңілі қаншалық қымбат екенін заманның ұлы сабағын алған ел өзі-ақ түсінді. Алиманның күнәсын кешірді. Егер де олар Алиман екеумізге күлсе, онда өздеріне күлгені емес пе. Иә, солай болмақ. Адам деген әрқилы деседі, сыртынан қарасаң күн, ал ішіне үңілсең үңірейген қара үңгір ғой деседі, біреудің табаны тайып кетсе, бас салып табалайды деседі. Ондайлар да бар шығар, ондайлар қазір де арамызда жүрген шығар, бірақ шынтуайтқа келгенде, тағдыр шешетін жақсылық пен жамандыққа келгенде, адам деген іші кең, таза нәрсе. Сенемін осыған, сиынамын осыған. Өзімнің басымнан өтпеді ме. Білесің ғой, Жер-анам, сол жыл мен үшін қандай ауыр жыл болғанын... – Иә, Толғанай, сен сол жылы кемпір болдың.
– Кемпір болғаным ештеңе емес-ау. Алиманымды қазір ойласам, сай-сүйегім сырқырайды. Алда ойбай-ай, алда ойбай-ай... қай жерден кетірдім, қай жерден жұлдырдым... Алиманның бойына біткенін білген күннен бастап, бар ынта-ықыласыммен неге сақтамадым мен оны. Немерені көріп тұрсақ та, не үшін білмегенсіп, оны аузымызға алмадық. Тұрмыс-тіршілікке байланысты нәрсенің барлығын бұрынғыдай кеңесіп, ақылдасып шешіп жүрдік, бірақ осыған келгенде бір-бірімізге бата алмадық. Мен оның көңілін күйзелтпейін дедім. Ол болса, ашық айтуға ұялды ма, әлде кетуді ойлап, кеткенше мені қызартпайын, біржолата бел буғанда барып айтайын деді ме, білмеймін. Мен үшін ол кезде оны білу де қиын еді. Өзі үндемегеннен кейін мен не дейтін едім, қайтіп сұрайтын едім. Оқыс сұрасам, үйден кет дегені ғой деп түсініп, кетіп қалар деп қауіптендім. Сау жүргеніңде жақсысың деп, енді екіқабат болғанда жөніңді тап деймін бе. Жо-жоқ, Алиманымды ондай жамандыққа еш уақытта қимақ емес едім. Мен оны көңілімде кінәлаған да жоқпын. Барлық жайды өз көзіммен көріп, өз жүрегіммен сезіп жүрмедім бе. Алиман күнәлі болса, онда мен де күнәлімін, бала тапса, ол менің де балам, ұят-сұятын, мазақ-қорлығын бірдей көтеремін деп өзімше біржолата бекінгенмін. Алиман кетіп қалса менсіз асы тамағынан жүрмейтін бе еді, мені тастап кетуге қимай жүріп, ақыры осындай халге душар болғанын білмеймін бе. Барлығын өз еркіне, өз билігіне бергенмін. Ерте ме, кеш пе, жеме-жемге келгенде істің жайын амалсыз бір күні әйтеуір сөйлесетін болармыз деп ойлап жүрдім. Бұны екеуміз де іштей біліп жүрдік. Солай болса да, бүгін емес ертең деп, ылғи ертеңге қалдырып жүре бермедік пе. Ол түгіл Алиман кетіп те көрмеді ме. Бұл да менен болды, менің байқамастығымнан... Жаз аяғында Алиманның ішіндегі баласының бес-алты айлық кезі, ерте тұрып сиырды күтуге қосайын деп көшеге айдап шықтым. Сиыршы үні қоңыраудай сылдырлаған он екі-он үштер шама- сындағы жетім бала еді. Сол күні ол сонау көшенің басынан әлденені қуана дауыстай айтып, жаңа ғана қыбырлай бастаған ауылды басына көтерді. Біздің үйдің тұсына келгенде сиырларды “өк, өк”– деп қайырып тастап: “Тоқан апа!– деп маған жарқ етіп бұрылды.– Тоқан апа, сүйінші! Жорабек ағамның келіншегі босанды, сүйінші!”– деді.
“Ий, айналайын, беремін, мойнымда. Қашан туды?” “Таңға жақын”. “Қыз ба, ұл ма?
“Қыз. Атын Торғай қоямыз деп жатыр, Тоқан апа. Таң алдында туған торғай деді”.
“Тіпті тамаша болған екен, балам. Бесік бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын”, – дедім. Біреудің жарық дүниеге келгеніне қатты қуанып, осы үлкен қуанышын әркімге бөлістіріп, хабар салып жүрген сиыршы баланың сөзі делебемді қоздырып жіберді. Қандай да бір пәк, ыстық сезім жүрегімді кернеп, дарбазадан кіріп келе жатқанымда, жатсам- тұрсам да әрдайым ойдан шықпайтын нәрсені қалай есімнен шығарып жібергенімді білмеймін: “Алиман, сүйінші! Жорабектің келіншегі босаныпты. Есіттің бе? Айы-күні жетіп жүр еді, бейшара аман-есен...”– дей беріп, Алиманды көргенде аузыма құм құйылғандай болды. Тамның қабырғасына сүйеніп тұр екен. Болар- болмас қана басын шайқап, ернін жымқыра тістеп, бозарып кетіпті. “Мен босанғанда ешкім бүйтіп сүйінші сұрайды” – дейсің бе деген ой келді ме, әлде тағы басқа бір жаман нәрселерді ойлады ма, кім білсін. Өзімнің шүбәмшілдігіме соншалық ренжіп, бетім дуылдап, не істерімді білмей, үндей алмай ошақ жанына отыра қалып, тезек қалай бастадым. Бетімнің дуылдағаны сәл суи бастағанда қайрылып қарасам, ол әлі сол күйі боп-боз, дел-сал болып тұр екен. Өзегім өртеніп кетті. “Бір жерің ауырып тұр ма?” дедім жанына жайымен жақындап. “Жоқ, ене, жай әншейін”, – деп қана қойды. “Бір жерің ауырса, үйде жата тұрсайшы, өзіңді-өзің қина- май”. “Қиналып тұрған жоқпын, ене. Темекі кептірудің не ауырлығы бар дейсің, барайын” деп шығып кетті. Бұлай болғаннан кейін, мен ашығын айтайын енді. “Өзіңді қорынба, балам, ұялма. Мұның ешқандай ерсілігі жоқ. Бұл да өмірдің бір соны нәрсесі. Кімнің қалай босанғаны сөз бе екен. Босанған ананың бәрі бірдей, ешбір айырмасы жоқ. Дүниеге келген нәрестенің бәрі бірдей, ешбір айырмасы жоқ. Жарық дүниеге келген әрбір нәресте барлық адамзаттың баласы, олай болса ол менің де балам. Сен тусаң, ол маған алабөтен болмайды, өз баламдай әлпештеп бағамын. Түсін осыны. Қайғыра бермей, көңілді жүр”, – деп бұрыннан ойымнан шықпай жүрген сөздерімді шамырқана айтайын деген ойменен артынан іле-шала көшеге шықтым. “Әй, Алиман, тоқтай тұр, бері қайырыл” – деп дауыстап едім, ол естімеген адамша қайырылмай жүре берді. “Ренжіп қалған секілді”, – деген ой күні бойы есімнен кетпеді. Әйелдермен темекі жапырақтарын жұлып жүріп, күн ұзаққа: “Мейлі енді, бүгін кешке не де болса білдірейін. Бұлай жүргеніміз жарамас”, – деп ойлап, ақыры айтуға бекіндім. Бірақ ол ойымды айтуға жазбады. Кешке жұмыстан кейін әбден шаршап үйге келсем, Алиман жоқ. Әне келеді, міне келеді деп тағатсыз күтіп отырып ақыры шошынайын дедім. Не қырсық болды. Көшеге шығып іздейінші деген оймен үйден шығып бара жатсам, бақша жақтан шөп көтеріп Бектас келеді. Бектас онда колхоздың арбасын заулата айдап, ер жетіп қалған. Ол үн-түнсіз келіп, шөпті сиырдың ақырына тастады да, маған жалтақтай қарап қойды. “Тоқан апа, енем мені іздемесін деп Алиман айтып кетті. Қайыңдыдағы төркініме кеттім деді”. Не болғанымды білмей босағаға отыра кеттім. “Қашан кетті? Жаңа ғана, түстен кейін. Көшеде бір машина өтіп бара жатыр екен, соған мініп кетті. Заманым қурылып үндемей отырсам, Бектас садағаң кетейін: “Кабинаға отырып кетті, апа. Қорықпай-ақ қойыңыз. Шопыры дұрыс адам көрінді маған”, – деп қойды. Бектасты өзім өте жақсы көретін едім, енді оған онан бетер ішім елжіреп кетті. “Ий, бейшарам, адам болатын түрің бар екен”, – дедім ішімнен. Бала деген лезде-ақ жігіт болады екен ғой өзі. Бектастың азамат болып қалғаны көзіме сонда ғана көрінді. Ол арықтан су әкеліп, есік алдына су септі. “Дәлізді салқындатып су сеуіп, сыпырып қояйын. Апам сіздің шайыңызды сағынып жүрмін дейді. Қазір келеді”– деп, өзінше әуреленіп, самаурын қойып жатты. Айша мен Бектас ұзақ отырып, шай ішіп үйлеріне кетті. Мен үйде дөңбекшіп жата алмадым. Аспан төсінде төгілген жұлдыздар таң атқанша бал-бұл жанып, онан кейін бірте-бірте сиреп, ең ақырында жалғыз шолпан қалып, ол да ылғи алыстап, соңында әлдеқайда кетіп жоғалды. Алиман кеткеннен кейінгі күндерім құрысын. Жалғызбын деп ауыз ұшымен айтып жүрген екенмін де. Екі-үш күн өзімді-өзім ұстап, шыдап жүрдім. Онан кейін таңым атпады, күнім батпады, адам төзгісіз халге ұшырадым. Кейде екі қолымды төбеме қойып бет алды құла түз қаңғырып кеткім де келді. Алиманның жайын ойласам, онан бетер пұшайман боламын. Төркініне сыйса жақсы, ал енді бұрын істерің болмасын менде, менің өміріме килікпеңдер деп мығымсынып едің, енді міне шерменде болып келіп қалыпсың ғой десе, балам не күйге, қандай азап-тозаққа түсер екен. Ойына әр нәрселер келіп, бүйтіп көрген күнім қараң қалсын деп өмірден түңіліп кетпегей. Қасымда болса ешкімге ренжітпес едім. Не күйде жүр екенсің, алда сорлым-ай. Не болса да барып қайтайын, өз көзіммен көрейін. Барсам, мүмкін қайтып та келер. Сөйтсе екен, құдай-ай, сөйтсе екен. Бармаймын, осында қаламын десе, онысын көрейін. Онда не істеуші едім, ырзашылығымды білдіріп батамды берем-дағы. Киім-кешегін де алмай кетіпті, онысын жеткізіп берейін. Келсе де, келмесе де айтар сөзімді айтуым керек қой. Парызым емес пе. Қой, бөгелмей жүрейін деп ертеңіне үйді-жайды Айшаға тапсырып, жолға шықтым. Қайыңды жаққа баратын машинаны Бектас тоқтатып, мінгізіп салды. Ауылдан енді ғана ұзай бергенде, сонау аңыздың арасымен жүретін төте жолда бір әйелдің келе жатқанын машинада отырып кенет көзім шалып қалды. Бірден таныдым – Алиман екен! Алда көлеңкеңнен айналайын-ай, мені аяп қайта қайтқан екен ғой! Осы кезде орнымнан ұшып тұрып, машинаның кабинасын тарсылдата ұрдым. “Тоқта! Тоқтат! Мен түсемін!”– деп, машина біраз жүріп барып тоқтағанда апыл-ғұпыл қоржынымды алып, асып-сасып машинадан түстім. Соның арасында қою шаңның ішінде қалып, көзіме ештеңе көрінбей, япырау жаңағы көргенім өңім бе, жоқ әлде түсім бе деп, есім кетіп сілейіп тұрып қалдым. Үлкен машинаның артынан қуалай еріп келе жатқан қою шаңнан айналам ашыла бастағанда жүрегім аузыма тығылып: “Алиман!” – деп бар даусыммен айқайладым. О, айналайын дарқан далам, өзің көрдің ғой, ол оқиға да сонда болмап па еді?
– Иә, Толғанай, сонда, қазіргі анау жаңа жолдың бойында. Сен: “Алиман!”– деп айқайлағанда, Алиман жалт қарап, сені көріп тұрып қалды да, онан кейін: “Ене! Енекем-ай!”– деп, саған қарай жүгірді. Сен сонда есің шығып кетіп: “Жүгірме, балам, жүгірме, ойбай жығыласың!” – деп жалынып келе жатып, өзің омақаса жығылып, қайта тұра келіп, қайта жүгірдің.
– Иә, иә, дәл солай. Қалай барғанымды білмеймін, Алиман екеуміз құшақтасып, көрісіп тұрғанымызда, жүдә сағынып қалған екенбіз, бір-бірімізге не дерімізді білмей: “Келдің бе, келдің бе, балам, енеңе қайтып келдің бе?” – дей бердім. Ол да: “Келдім, енеке, келдім. Өзіңе қайтып келдім!”– дей берді. Дәл сол кезде Алиманның іштегі баласы қимылдап, мені іштен теуіп жатқандай көрінді. Оны екеуміз де сезіп қалдық. Алиман жай ғана ішін ұстап, маған қарады. Оның сондағы қарағаны заманамды астан-кестен етіп, тұйыққа қамағандай болды. Мен де кейде бір нәрсені ойлап, іштей қорланып жүрген екенмін де! Кет, жоғал әрі, арам ой, жолама! Қандай да бір ұшқындай жарқ еткен мезгіл арасында өмір сүрудің ең бір таза бақытты бір сәтін басынан кешіріп тұрғандай. Алиманның жүзі үлбіреп, мейірімге толып, кірпіктеріне оралған мөлдір жастар бетіне тамып, моншақтай үзіліп жерге түсіп жатты. О, шіркін, ана жүрегі- ай! Осы тамшы талайдың барлық азап-тозағын жуып кетеді емес пе! “Көзіңнен айналайын, көңіліңнен айналайыным, айналайын сенен, айналайын!” деп, бетін сипалап, жалынып-жалбарынып, жүйем босап жылап жібердім. Сонда ол: “Жыламашы, ене, жыламашы, – деп жатты, – кешір мені, кешір. Сені тастап кете алмайды екенмін. Осыған көзім жетті. Шыдамадым, ішім пысты”.
Көптен бергі сөзімді енді айтайын, орайы енді келді ғой деп: “Не үшін кеттің, әлде маған ренжідің бе?” – дедім. Алиман үн қатпай тұрып қалды да, не айтқалы тұрғанымды сезіп қалғандай ауыр күрсінді. Сәлден кейін: “Сұрамашы, ене. Оны не қыласың? Айтпа маған ештеңені, мен де саған ештеме демейін. Қинамашы мені, енекетай, қинамашы”, – деді жалынышты түрмен. Сөйтіп бұл жолы да айта алмадым. Тегі не үшін екенін білмеймін, әр кез айтар сөзімді сезіп тұрғандай, сөйлесуден қашқалақтап, өстіп кері шегініп жүрмеді ме байғұс балам. Бетін ашып сөйлескенде маған да, өзіне де жеңілірек болмас па еді.
– Есіңде ғой, Жер-анам, сол жылғы күз көпке созылып, аяғы таусылмас бір жауын-шашынға барып ұласпады ма. Күннің көзі бір ашылып, бір жабылып тұрған суық күндерде көбінесе үйде отырып қалдық. Күздің томсарған түрі сияқты күн озған сайын Алиманның қабағы жабыла түсіп, тіпті сөйлемейтін, күлмейтін болып алды. Өзінше іштей тынып, отырғаны отырған. Топшылауымша айы-күні де жақындап қалған еді. Сар уайымға батпасын деп, қолымнан келгенімше еркелетіп, күлдіргі сөздер айтып әйткен- бүйткен боламын, бірақ жас бала болмаған соң өзі тіпті қиын екен ғой. Мен ғана емес, басқалар да әрекеттеніп көріпті. Бектас апам тымауратып жатып қалды деген соң, көңілін сұрайын деп барсам, денесі күйіп-жанып, күркілдеп жөтеліп жатыр екен. “Өзің де шала- жансар адам едің, оның үстіне жай отырмай ел қыдырып кеттің”, – дедім. Ол мұңды пішінмен ақырын ғана езу тартып қойды. Осыдан екі-үш күн бұрын Бектастың арбасына мініп: үш-төрт әйел төменгі ауылдағы тойға барып қайтқан. Бақсам барғандары той емес, басқа шаруа екен ғой. “Суыққа шықпай жылы оранып жат, тезірек айық енді” – деп кетуге ыңғайланғанымда Айша: “Тұра тұршы, Толғанай, қапа болмасаң, айтатұғын бір сөзім бар еді”– деді. “Айт, оның несіне қапа болайын”, – дедім. “Төменгі ауылға біз тойға барған жоқпыз, онда менің жекжатым да, туысым да жоқ. Оны өзің де жақсы білесің. Сені сыртыңнан билеп, бір іс жасадым. Толғанай, кешірерсің, – деді. – Әлгі шопан жігітті тауып алып, бәріміз жабылып ортаға алып, жанын келіге қамадық. Алиманның айы-күні жетіп отыр, бұл не қылғаның, оның обалын кім көтереді дедік жігітке. Бірақ біздің бұл тіршілігімізден ештеңе шықпады.
Ол өзі әйелі бар неме екен, екінші жағынан шаужайынан алды. Ойбай, көрген емеспін, білген емеспін, – деп азар да безер болып, ақыр аяғында танып кетті. Әйелі де бір көкдолы неме екен, бізді беттен алып, итімізді шығарды. Қайтып келе жатқанда жол бойы жаңбыр жауып, суық тиді. Бұл ештеңе етпес-ау, ал енді Алиман қайтеді?” – деп, еңіреп жылап қоя берді. “Жылама, – дедім. – Мен тірі тұрғанда Алиман қор болмайды”, – деп шығып кеттім. Басқа не айтпақ едім...
Алиман сырқаттанып жүр ме деп күдіктеніп, кейінгі күндері көзімнен таса қылмай, жанынан қарыс ұзамай жүрдім. Кенет далаға шығып кетсе де, артынан ере шығып: “Әй, Алиман, қайда жүрсің?”
– деп әбігерленіп қаламын. Толғағы келіп қалмасын деймін де, мен сорлының басқа не жұмысы болушы еді.
Бір күні жылы киініп алып, далаға шығып бара жатты. “Қайда барасың, балам?”–деп сұрадым әдетімше. “Үлкен суға барамын”, – деді жай ғана. “О, ботам-ау, күн мынадай боп тұрғанда, өліп-өшіп қалай барасың? Үйде-ақ отырсайшы. Сол суда не бар дейсің? Ең болмаса жаздың да күні емес”. “Жоқ, барамын”, – деді. “Онда мен де еріп барайын, жалғыз жібермеймін”, – деуім мұң екен, келінім тас-талқан болды. Көп күн бойы буып жүрген ашу-ызасын менен алды. “Неге менің ізімнен қалмай аңдисыз? Нең бар менде? Мені неге жөніме қоймайсыз? Өледі дейсіз бе, өлмеймін!” – деп, есікті тарс жауып, шыға жөнелді. Не істерімді білмей есеңгіреп тұрып қалдым. Сөзі мылтықтың оғындай тиді, қатты ашуландым. Сөйтсем де шыдай алмадым. Екі-үш рет далаға шығып қарадым. Көзіме ештеңе түспеді. Көзге ілінбеген майда жауын сіркіреп, жел бұлттарды аударыстырып айдап барады екен. Тал-теректердің бастары сидамдалып, суықтан жүдегендей бұтақтары бүрісіп кетіпті. Елдің бәрі үйді- үйінде, қыбыр еткен жан жоқ, қыстақ іші иен, мұңды. Таудың сілемі кіреукеленген күңгірт кеуімде болар-болмас қана білінеді.
Жек көрсе де мейлі, артынан барайын, толғағы келіп сыз жерге жатып қалмасын деп, бақшаға шетіне жете бергенімде Алиманның қарасы көрінді. Басын салбыратып, ілби басып келе жатыр екен. Бақты тасалап қайта үйге кірдім де, шай қайнатып құймақ құя бастадым. Сақталған алманың қызылдарын таңдап алып, дастарқанға қойдым. Алиман кіріп келді де, дастарқанды көріп үнсіз күлімсіреді. “Жаурадың ғой, балам, шай ішіп бойыңды жылытшы”,
– дедім. “Ештеңеге тәбетім шаппай тұр, ене. Алманың біреуін берші, соны жейін”, – деді. “Не болды саған, Алиман, әлде бір жерің ауырып жүр ме?” – десем, ернін жымқыра тістеніп: “Сұрамашы, ене. Терім тарылып, сіркем су көтермей отыр. Жаңа да тілім тиіп кетті саған. Мені жайыма қойшы”, – деп, қолын сілтеп қойды.
Демнің арасында кешкіріп, түннің қою қараңғылығы айналаны лезде тұйықтап алды да, төсекке жатқанда, менің әлгі сөзім де ұнамай қалған екен ғой деп, іштей тынып, ұйықтап кеттім. Басқа уақытта түнімен әлсін-әлсін оянып, Алиман жаққа қарап қоюшы едім. Бұл түні не қара басқанын білмеймін. Селт етсемші... Түннің қайсыбір кезінде селт етіп оянып кетіп, Алиман жаққа қарасам, орнында жоқ. Ә дегенде далаға шығып кеткен екен ғой деп ойлап, біраз күтіп жаттым. Жоқ, Орнымнан жалма-жан тұрып, Алиманның көрпелерін ұстап көрдім: мұп-мұздай, әлдеқашан тұрып кетіпті. Табан астында апыл-құпыл, қалай болса солай киініп, есіктен ата шықтым. Қораның ішін айнала қарап, көшеге жүгіре шығып, бақша жаққа ұмтылдым. “Алиман! Алиман!”–деп жан ұшыра айқайладым, жан жоқ. Менің даусыма иттер ғана шәу ете қалды. Буындарым қалтырап қоя берді. Кеткен екен ғой, енді қайттім? Үйге қайта кіріп, дәліздегі шамды жағып алып, бұрыш- бұрышты қарап, енді даладан іздейін деп қолшамды алып, қораға шыққанымда әлгі сарайдағы шөп қораның ішінен адамның ыңырсыған, шыңғырған даусы естілді. Шөп қораның есігін жұла ашып кіріп бардым. Сілейіп тұрып қалдым. Сабанның үстінде шалқасынан түсіп, Алиман босана алмай қиналып жатыр екен, көргенде есім шықты, зәрем ұшты. “Бұл нең, ойбай! Неге айтпадың?” – деп, қолтығынан көтеріп, аяқ жағына қолымды апара бергенімде сығып алғандай қан болған шапан, көйлегі ып-ыстық болып білегіме орала берді. Бет-аузы қабарып, көзі аларып, дем ала алмай тұншығып: “Өлдім! Өлдім!”– деп ыңырсып жатты. Құрсағын ұстап көріп, жағдайының нашар екенін бірден байқадым. Сақта құдай, қан көп кетіп қалыпты. Өзі де көптен бері толғатып жатыр екен. Мұндайда дәрігерден бөтен дауа жоқ. Жанын бір алып қалса, сол алып қалады. Далбасалап көшеге жүгіре шығып, Айшалардың терезесін ұрып-ұрып жібердім: “Тұр, ойбай, тұр! Бектас айналайын, арбаңды тез қамда – Алиманды дәрігерге жөнелтпесек, болатын емес”, – деп оларды оятып, қайта келіп, Алиманға су ішкіздім. Қалш-қалш етіп, тісі тісіне тимей әрең ішті. Соның арасында төсекте ауырып жатқанына қарамай Айша жүгіріп келді. Алиманның түрін көріп, боп-боз болып, тітіркеніп: “Айналайын, Алиман. Шыдай тұр, құдай, құдай!”– деп күйгелектеді. Сол түні Бектас жолдан кеш қайтып, құдай оңдағанда аттарды бастырманың астына байлап, арбасын үйдің жанына доғарған екен, көп кешікпей арбаны айдап біздің қораға кірді. Арбаға төсек-көрпе салып, жастық қойып, қараңғыда теңселіп жүріп, үшеулеп Алиманды әрең көтеріп келіп, арбадағы төсекке жатқыздық. Сонымен анау-мынау деп тілге келмей, тездетіп жүріп кеттік.
Ай, сондағы кедір-бұдыр жол-ай, ай, сондағы қараңғы түн-ай... Емхана онда судың арғы бетіндегі үлкен қыстақта емес пе еді. Көпір болса – сонау төменгі жақта, қанша жер жырақта.
Былай шыға бере Алиманның толғағы қайта қысып, күшейіп, біресе бүгіліп, біресе жазылып үстіндегі жамылғыларды ысырып тастап, құлындағы дауысы құлаққа жеткендей шыңғырды.
– Иә, Толғанай, сол қараңғы бүркеу түні қыстың келерін күтіп, қабағым түсіп тұнжырап, суықтан қымтанып жатқан мен, жер, адамның ащы шыңғырған үнінен селт етіп қозғалдым. Солар сендер екенсіңдер ғой?
– Иә, Жер-анам. Не істерімізді білмедік. Бектас арбаны тезірек айдаса, Алиман шыңғырып жанын қоярға жер таппады, жай айдатсам тағатым таусылып өзім шыдамадым: қан тоқтамай аға берді, байғұс мерт болар деп есім шықты. Сонымен мимырт жүре бердік. Жол өнсейші. Алиманның басын тіземе қойып, мойнынан құшақтап отырдым. Дамылсыз жамылғыларын жөндеп жауып, дамылсыз қолшам жарығын бетіне түсіріп қараумен келемін. Бектас айналайын үсті-үстіне айқайлап: “Шыдай тұр, жеңеше, міне қазір, аз қалды. Көпірге жақындап қалдық, қазір-ақ жетеміз”– деп көңіл делбей қояды. Себелеп мұздай жаңбыр жауып тұр. Бір кезде Алиман ыңырсып, онан кейін шыңғырып, бір созылып, бір бүрісіп, боп-боз болып, қырылдай бастады. “Алиман! Алиман!”– деп лапылдаған бетін сипап, шам жарығын түсірсем, жан таласып, көзі шарасынан шығып: “Тоқтаңдар! Өліп бара жатырмын! Тоқтаңдар” – деді алас ұрып. Арбаны тоқтата қойдық. “Басымды жоғарырақ ұста, ене”– деп, ықылық атып, ентігіп, жылай сөйледі. “Ене, енетайым-ай! Ішім от боп жанып, өліп бара жатырмын. Мен адам болмаймын. Қасиетіңнен айналайын, енекем-ай! Саған о дүние, бұ дүние ризамын. Ұлыңның алдында мен ақпын, тазамын, күнәм жоқ. Қасымның көзі тірі болса мен, осы күнге душар болар ма едім... Ай- й-й, Қасым-ай... Мен де тірі жан емеспін бе, әйелмін ғой, әйелмін... Бұл дүниенің қызығын көрмей кеттім, қайтейін, қайтейін... Кешір, кешір менің күнәмды, енекетай. Құдай өстіп қойды, кінә қойма”. Ет жүрегім үзіліп: “Шыдай тұр, балам, шыда! Сен ақсың, пәксің, сенде ешбір кінә жоқ, сен ең таза жансың. Сен өлмейсің! Шыда, міне көпірге де келіп қалдық. Енді тіпті аз қалды, қазір жеткіземіз, сен өлмейсің!” – деп жалындым. Осы заматта Алиман қайтадан шалқалап, жанын қоярға жер таппай ыңырси созылып, құрсағы тартыла бастады. Енді бөгелсек, жан тапсыратынына көзім жетіп: “Бектас, қолтығынан жоғары көтеріп, ішін сық, – дедім. – Ұялма, көтер тезірек!” Манадан бері жылап отырған Бектас орнынан тұрып, жалма-жан Алиманды көтеріп, құрсағын басқанда баланың саусақтары қолыма ілінді. Бала шықпай жатты. Алиман бір жақтан қырылдап жан тәсілім беріп жатса, о сұмдық-ай құлағымды тұндырып тағы да баяғы эшелон – бірінің соңынан бірін тіркеген екі паровоз алып ұшқан вагондар миымды қақ жарып өтіп бара жатқандай болды. “Апа-а! Алима-ан!” – деп азынаған жел жұла қашқан үнге баланың “б-а-а!” – деп ба-қырған даусы қосылды. О, өмір-ай, мұнша неге қатал болдың, мұнша неге соқыр болдың? Бала да шар етіп түсті, Алиман да жан тәсілімін тапсыра бастады. Қызыл шақа нәрестені етегіме қалай болса солай орай салып қарасам, Бектас қолтығынан ұстап көтерген қалпында Алиманның басы бір жағына қисайып, қолдары салаңдап қалыпты. “Ойбай, Алиман?”– деп тамырын ұстасам, жан жоқ, үзіліп бара жатыр екен. Азынаған желді жарып, эшелонның тарсылдағаны құлағымнан бір кетпей, дүниеге келер замат “ба-а-а!” – деп шығарған алғашқы үнімен өліп бара жатқан шешесіне қош бол дегендей бала іңгәлап жылап, Алиманның көзі аларып барып жұмылды. Не істерімді білмедім. Бір уақытта бірін ұзатып, бірін күтіп алдым. Бір уақыттың ішінде бірі жан тапсырып, бірі жарық дүниеге келіп, көз алдымда өлім мен өмірдің белдескені есімді аудырды. Онан кейін не болғанын өзім де жақсы білмеймін.
– Сендердің дауыстарыңды мен есіттім, Толғанай. “Алиман! Айналайын қарағым! Көзіңді аш, көзіңді аш!”– деп сен зар қақсадың. Жаңа туған нәресте көлдің жағасында жалғыз қалған киіктің лағындай іңгәлап жылап емшек сұрап жатқандай болды. Бұл оқиға таңға жуық болды, жаңбырдың арты қарға айналып, жапалақтай бастағанда.
– Иә, көпірге жетпей, кейін қайтып келе жатқанымызда таң қылаң берді. Аспанның беті сұрлана ашылып, құлан иек жарықта жұп-жұмсақ, аппақ қар қалғи жапалақтап тұрды. Айнала жым-жырт, қыбыр еткен жан жоқ. Дүние тыныштықта мүлгіп тұр екен. Табиғаттың осы шаршаңқы тыныштығын жай жылжыған біздің арбамыз ғана бұзып келе жатты. Бектас арбада отырған қалпы басын төмен салбыратып, жол бойы еңіреп жылап келеді. Аттар аяқтарын әрең басып, жал-құйрықтарына қар жиналып, арбаны тарта алмай әбден болдырып келе жатты. Баланы шапаныма орап алып, мен арбаның жанында жаяу жүріп келе жатқанмын.
Өстіп соғыс ең ақырғы өшін алып та тынды. Сол күнгі жол менің өмірімдегі ең бір ауыр жол болды ғой. “Тіфә, сенің бетіңе, дүние! – дедім. – Мен сенен түңілдім, баз кештім. Өмір сүргім келмейді! Бүйтіп өмір сүргенше, бүгіннен бастап өлгенім артық! Өлемін!” – деп, ниетім бұзылып, өмірден түңіліп келе жаттым. Мен өстіп келе жатқанда шапанымдағы нәресте әлсін-әлсін қыбырлап, ылғи іңгәлап жылап келе жатты. Оның қыбыр еткені жүрегімді жылытып, бойыма қуат бергендей болды. Не қыз бала, не ер бала екенін де білген жоқпын. Алда, байғұсым-ай, ә дегеннен-ақ шешеңнен айырылып, сорлап қалдың ғой деп бұрынғыдан бетер көзімнен сорам ақты. Осы күйініш, арман, көз жасының арасынан басыма қандай да бір ой келе қалды: “Өмір біржолата бітіп қалмапты ғой. Ақырында мына бір кішкене жан қалыпты ғой. Өмірмен тағы ұстасып көрсек қайтеді”. Онан кейін тағы да ойға кеттім: “Ана- сының уызы аузына тимеген неме мал болады дейсің бе. Қашанғы шыдар дейсің”,– деп күмәнданамын. Оған да болмай: “Құдай-ай, енді осы нәрестенің аманшылығын бере көр” деп жалбарынамын. Қойшы, өстіп алуан оймен арпалысып, таң аппақ болып атқанда ауылға жеттік. Үкінің жүніндей жылы-жұмсақ қар қалғи жапалақтап жауып тұрды. Ауылға кіре берістегі баяғы жаңа көше дейтініміз көзіме әрі сондай үрейлі, әрі сондай аянышты көрінді. Осында үй- жай тұрғызып, бақ отырғызып, азын-аулақ шаруалық жасап күн көреміз дегендердің бұдан жеті жыл бұрын бастаған істері ілгері жылжымай, қайта артқа кетіп, алғашқы әрекеттерінің ізі ғана қалған. Төмпешіктердің арасын қурай, сораң, тікенектер басқан. Жапалақтаған қар құлауға жақындаған қабырғалардың үстін көлегейлеп жауып жатты. Қасымдардың шарбағы жаққа қарап едім, Алиман екеуінің үміт-тілегіне орнатылған ескерткіштей төбе боп үйіліп жатқан тас, әлдеқашан топыраққа айналған кірпіштер көзіме түсті. Осыны көргенде сай сүйегім сырқырады. “А-а, қарағым, тілектеріңе жетпей қалдыңдар ғой” – деп, арбадағы Алиманға қарасам, өңі боп-боз болып, дүниенің барлық жақсы- жаманына дән разы болғандай көз жұмып жатыр екен. Бетіне түскен қар ерімей, арбаның жүрісінен басы қозғалғанда жан-жағына сыпырылып түсіп жатты. Үйге келген екенбіз, айналайын Бектас ересек адамдарша арбадан секіріп түсті де, өмірінде алғаш рет дауыс шығарып өкіре жылап: “Бауырым-ай! Бауырым-ай!” – деп, ауыл тыныштығын бұзып жіберді.
Тұс-тұстан жүгіріп келіп, лезде жұрт жиналды да қалды. Ботадай боздап, дауыс шығарып келген Айша: “Баланы маған бер енді”, – деп алды да, шапанына орап үйіне алып кетті.
Бір күн түнетіп, Алиманды жерледік. Әйел болсам да бейіт басына салтты бұзып өзім бардым, келінімді өз қолыммен қойып, мәңгілікке қоштастым. Ол күні де қар жауып тұрды. Үйілген қара топырақ лезде аппақ төмпешік бола қалды. Сол жылдың көктемінде қабірінің айналасына гүл отырғыздым. Сонан бері жыл сайын көктем келгенде ылғи гүл отырғызамын. Ермегім, келінімді еске алғаным осы. Алиманым гүлді жақсы көруші еді ғой...
Сонымен Жанболатты ешкінің сүтімен асырап, адам қылмадым ба. Ол екеуміз шекпеген азап қалмаған болар жер бетінде, әйтеуір татар дәмі бар екен байғұстың, аман қалды, қазір он екіде. Айналып келгенде сүйеніш-таянышым, қуат-медетім осы бала болып қалды. Бұған да шүкіршілік қыламын, тәубе деймін. Баяғы доқтыр жігіт, қазір атақты адам болмады ма, жолыққан сайын үйіріле қалып: “Қалай, апа, балаңыз өсіп жатыр ма?” – деп ылғи сұрайды. “Құдайға шүкір, жігіт болып қалды”, – деймін пейіліне риза болып. Онда ол күлімсірей қарап: “Сөйтіңіз, апа, жақсы адам етіп өсіріңіз”, – дейді. Жанболат қатты тұмауратып, бір күні қарасам, еріндері көгеріп, көздері бозарып, тіпті көрер көзге іріп барады. Есім шығып, дереу дәрігерге ала жүгірдім. Онда да түнде. Дәрігерге тезірек жетейін деп, қыстың күні үлкен суды жанталаса кешіп өтпедім бе. Киімім малмандай су, тісім-тісіме тимей қалшылдап жетіп барсам, дәрігер жаңадан келген уыздай жас бала екен. Түрімді көріп қорқып кетті. – “Неге су кешіп жүресіз? Мұның әке-шешесі қайда?” “Әкесі де мен, шешесі де мен. Балам, осы бір немені аман сақтап қал. Бұл өлсе мені тірідей көмгенің. Бұл бала көз жұмса, маған өмір дегенің бір тиын”, дедім.
Түнімен жанынан кетпей дәрі берді. Маған да құрғақ киім кигізіп, ауырып қалмаңыз деп алдын ала дәрі берді, бірақ ертеңіне денем күйіп-жанып, қан тастап қалпақтай ұштым. Алаулаған өрт ішінде жанып бара жатқандаймын, бейне. Өстіп ес-түсімді бірде біліп, бірде білмей жатқанымда дәрігер әлме-әл келіп, салқын қолымен маңдайымды сипап: “Апа, балаңыз жақсы болып қалды. Егілмеңіз, мойымаңыз”, – деп дем беріп қояды. “Олай болса, өлмеймін, өлмеймін”, – деймін сыбырлаған үнмен. Өлмей тірі қалғаныма да осы себеп болды ма деймін...
– Ұлың ер жетіп қалыпты, Толғанай. Биыл орақ кезінде осы арада жүгіріп жүр екен, бірден таныдым. Өзі Алиманға ұқсайды екен.
– Иә, қайырлы далам, апасына ұқсайтыны рас. Бірақ, ештеңені білмейді де. Әкем – майданда өлген дейді, апамның бейіті болса, ауылдың шетінде деп қояды. Биыл жазда бір қызық оқиға болды. Оқудан босаған кезі еді, Қасымның ту баяғы велосипеді бар емес пе еді, сол жиырма жылдан бері сарайда қазыққа ілулі тұратын. Жанболат соны далаға алып шығып, о жер, бұ жерін оңдап жатқан. Бала ғой: әлгі неме тот болып істен шығып қалған болатын. Бектас та оңдауға кірісіп кетіпті. Екеуі әбден әуре болды. Жанболатты Бектас әуел бастан өз баласындай көретін еді. Кейде мектепке де барып, мұғалімдермен Жанболат жайлы сөйлесетін. Қазір үш баланың әкесі, мінезі салмақты мықты жігіт. Көптің бірі болып комбайн айдап жүр. Айша болса, дүние салған. Құрбымнан айрылып, сонда бір қатты көзімнің жасын төккенмін. Бір күні қарасам, үсті-басы май-май болып, Жанболатым велосипедті жетелеп келіп тұр. “Әже, қарашы, әкемнің велосипеді қандай жақсы болып қалды”, – дейді. Көзім қарауытып, сілейіп тұрып қалдым. Ол ештеңені байқамай, мақтана қарап: “О-о, мен әжептәуір үйреніп қалдым, әже. Қарап тұр қазір!” – деп, велосипедтің еріне мінуге өресі жетпей, бір жақ қапталына қисая жармасып, біресе бұ жағына, біресе о жағына ауытқып тепкенде жығылады екен деп зәрем ұшты: “Түс, ойбай, жығыласың!” – деп айқайладым. Ол онан бетер жылдам қимылдап, бір кезде велосипедімен барып омақаса құлады. Қатты жығылды. “Ойбай, қаяқтағы бәлені бастадың. Енді өледі екенсің!” – деп, қалбалақтап жан ұшыра жетіп бардым. Жерден көтеріп, бет-аузын сүрттім. Сөйтсем ана жақта Бектас қарап тұр екен. Жай әншейін қарап тұрған тәрізді. Үндемеді. Бір-бірімізді іштей түсіндік.
Көп кешікпей егін пісе бастады. Бір күні кешке таман Бектас келіп: “Жанболатты комбайнға жәрдемші етіп алайын деп едім”, – деді. “Жараса, ала ғой”, – дедім.
Айтарын айтсам да, екі күннен кейін тағат таппай, баламды көрейін деп, егін басына бардым.
Қаптап жайылып келе жатқан малдай демігіп керімсал соғып тұрса да, жаздың осы бір маусымына не жетсін, шіркін! Диқанның жыл бойы маңдай терін сыпырып еккен мехнатының жемісі дәл осы бір кезде науадай құйылып жатады емес пе. Осы бір сәтте байлығы қолына, жомарттығы ішіне сыймай, жерден алған азық- ризығы қанша адамзатты асырап, қанша елді қарық қылып жатады десеңізші.
Дән иісі шыққан, жусан иісі шыққан, айналайын диқан далам, төсіңде жайқалған егінді көріп, құмарымнан бір шықпадым ба! Сонау сарғайған жырақтан бірде көрініп, бірде көрінбей салт атты шауып келе жатса, дүниенің кеңдігін сонда біледі екенсің.
Жанболат комбайнда сабан алушы болып істеп жүр екен, мені көре салып: “Әже, әже!” – деп, мен мұндамын дегендей, анадайдан масаттана айқайлады. Штурвалдың жанында тұрған Бектас маған қолын көтеріп, басын изеп қойды.
Арық бойындағы талдың көлеңкесінде отырып, кешке дейін қарап отырдым. Жолдың шаңын аспанға көтерген машиналар үздіксіз келіп-кетіп, астықты қырманға тасып жатты.
Қараңғы түскенде комбайншылар дем алуға кетті. Бектастың жанында үлкен кісіше ырғала басып келген Жанболат көп сөйлемей, беті-қолын арықтағы суға жуды да, ала келген түйіншегімді көре қойып: “Әже, алма алып келдің бе?” – деп сүйініп кетті.
“Алып келдім”, – дегенде, жүгіріп келіп, мойнымнан құшақтап үсті-үстіне сүйді. Бектас мырс етіп күліп жіберді: “Баяғыдан бері сөйтпейсің бе онан да. Жарайды енді бүгін емін-еркін еркелеп ал әжеңе”, – деп жатты.
Көшпелі тақтай үйдің сыртында отырып шай іштік. Жаңа ғана жабылған ыстық нан екен. Жанболат үлкен кісіше нан турап: “Ал, әже”, – деді. Бір жапырағын алып тісіме тістегенімде, Қасымның қолының иісіндей, комбайншының қарамай қолының иісі шыққан нан аузымда еріп сала берді. Иә, иә, тап сондай – керосиннің, күннің, сабанның иісі шыққан нан екен. Көз жасыммен қоса талмап жұтып жібердім. “Нан өлмейді екен ғой! – дедім ішімнен. – Өмір өлмейді екен ғой, еңбек өлмейді екен ғой!” “Қонаққа келіп қалыпсың, апа. Қонып кет бүгін бізде”, – деп, Бектас үйге жібермей қойды. Сабанның үстіне төсек салып берді. Сол түні аспанға қарап жатсам, Құс жолы ұзыннан-ұзақ шұбап, әлдекім жаңа ғана зор құшақ сабан көтеріп өткендей, оның құшағынан себеленіп түскен топанға жел лебі тигендей жалт-жұлт етіп құбылып жатты. Сол биіктікте Құс жолымен бірте-бірте алыстап кетіп бара жатқандай эшелонның зуылдаған үні жүрек елжіретіп, көпке дейін құлағыма естіліп тұрғандай болды. Темір жолға тарс-тарс тиген дөңгелектері мені тербеткендей көзім ілініп, бүгін түні дүниеге тағы бір диқан келген екен ғой, өмірі ұзақ болсын, сепкен дәні жұлдыздай қисапсыз болсын деп, Құс жолына қарап жатып ұйықтап кеттім.
Таң елең-алаңда орнымнан тұрып, жұмыс істегендерге бөгет болмайын деп, ауылға қайтып кеттім.
Көптен бері мұндай тамылжыған таңды көрген жоқ едім. Көптен бері торғайдың бұлай сайрағанын есіткен жоқ едім. Түпсіз, шеті мен шегі жоқ, ап-ашық, көгілдір аспанда түрі жұпыны боз торғай, адамның аспанға самғап шыққан жүрегі тәрізді, тыным таппай, дамылсыз қанат қағып, тобықтай болса да, небір нәзік, небір әсем сазды төгіп, безілдеп тұрды. Көмейіңнен айналайын, торғайым. “Әне, біздің торғайымыз сайрады”, – дейтін еді Субанқұл. Сен де өлмейді екенсің, торғайым!
VII
– О, құтты далам, қазір сенің дем алып жатқан кезің. Кеше орақ кезінде алас ұрған адамдардың дауыстары да естілмейді, астық тасып жол шаңдатқан машиналар да жоқ, айналада комбайндар да көрінбейді, мал да таудан әлі құлаған жоқ. Адамға бұйырған азық- ризығын өзіне беріп, бір парыздан құтылғандай тып-тыныш жатқан шағың. Ешкім жоқ, екеуміз ғана – сен және мен. Босанған әйелдей көсіліп дем алып жатырсың, Жер-анам. Мен саған бүгін бүкіл өмірімді айтып бердім. Бүгін менің сиынатын күнім, бүгін менің Субанқұлды, Қасымды, Майсалбекті, Жайнақты, Алиманды еске түсіретін күнім. Мен оларды өле-өлгенше ұмытпаймын. Орайы келгенде Жанболатқа түсіндіріп айтып беремін. Ақылы болса түсінер, ақылы болса кешірер бізді... Ал енді басқалар ше, күн астында өмір сүрген барлық адамзатқа айтар сөзім бар. Оны қалай айтамын, қайтіп оны әрбір адамға жеткіземін?..
Ә-ә, аспанда жарқыраған күн, жер қыдырып сен айт!
Ә-ә, сапар шеккен бұлт, нөсерлете төгіп, әрбір тамшыңмен сен айт!
Жер дүниенің барлық түкпір-түкпірінде адамды асырап баққан Жер, сен, сен айт, Жер-ана!
– Жоқ, Толғанай, сен айт. Сен – Адамсың. Сен бәрімізден биік, бәрімізден ұлы жаралған жансың, сен айт, сен – Адамсың!..
– Кеттің бе, Толғанай?
Кеттім. Қош, аман бол. Өлмесем, тағы келермін.

М А З М Ұ Н Ы
Боранды бекет. Роман. Аударған Ш.Мұртаза…………………………………………..5
Құс жолы. Хикаят. Аударған Қ.Нұрмаханов………………………………………..342

Шыңғыс АЙТМАТОВ БОРАНДЫ БЕКЕТ
Роман
ҚҰС ЖОЛЫ
Хикаят(қазақ тілінде)
Орыс тілінен аударғандар Шерхан Мұртаза, Қалжан Нұрмаханов Tаblе of Contеnts
БОРАНДЫ БЕКЕТ
Р О М А Н
ҚҰС ЖОЛЫ М А З М Ұ Н Ы Tаblе of Contеnts
БОРАНДЫ БЕКЕТ
ҚҰС ЖОЛЫ
М А З М Ұ Н Ы

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет