Боранды бекет



бет11/12
Дата07.02.2022
өлшемі0,61 Mb.
#92285
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
Borandy biekiet - Shyn'g'ys Aitmatov

Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай жүйткіп жатты...
Ал теміржолдың қос қапталын ала бұл өлкеде Сарыарқаның кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты.

ҚҰС ЖОЛЫ Х И К А Я Т

Әке, мен саған ескерткіш орната алмаймын. Сенің қайда жерленгеніңді де білмеймін. Осы еңбегімді, әкем Төреғұл Айтматов, саған арнадым.


Ана, сен бізді мәпелеп өсіріп, ел қатарына қостың. Сенің ғұмырлы болуыңды тілеп, осы бір еңбегімді, анам Нағима Айтматова, саған арнадым.
І
Амансың ба, қасиетті далам!
– Аманшылық. Келдің бе, Толғанай? Өзің былтырғыдан да қартайып кетіпсің ғой? Шашың қудай аппақ, қолыңда таяқ.
– Өмір деген зымырап өтіп бара жатқан жоқ па, Жер-ана? Арадан тағы да бір жыл зымырап өте шықты. Бүгін менің мінәжат ететін күнім.
– Білемін. Келеріңді біліп жатқанмын, Толғанай. Бұл жолы сен баланы да ертіп келмейтін бе едің?
– Иә. Бірақ, бұл сапарда жалғыз келдім.
– Демек, сен оған әлі ештеңе айтқан жоқ екенсің ғой, Толғанай?
– Жоқ, аузым барып айта алмадым.
– Бәрібір, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні ол ақыры есітеді ғой, Толғанай. Ел ішінде аузы жеңіл бір пенде жоқ дейсің бе? – Оның рас. Ерте ме, кеш пе, ақыры бір күні оның есітетіні сөзсіз. Жақсы-жаманды түсінетіндей есейіп те қалды өзі. Бірақ ол маған әлі сәби тәрізді. Балалықпен өткен-кеткенді дұрыс түсіне алмай, көңілі суып қала ма деп сескенемін. Әйткенмен де адамның шындықты бір күні білуі керек қой. Мен білген шындықты, сырласым қасиетті жер, сен білген шындықты, жұрттың бәріне аян шындықты әзірге жалғыз ғана ол білмейді. Оны есіткенде не дер екен, қандай ойға қалар екен, істің анығына көзі жетер ме екен? Қайткенде баланың жүрегіне жара салмай, балғын шағынан өмірге көңілін қалдырмай сырымды айтып бере алар ма екенмін? Екі ауыз сөзбен жеткізе айтып беретін қабілетім болса кәне. Соңғы кездері ылғи күні-түні осы жайды ойланамын. Қыстыгүні сырқаттанып жатқанымда өлімнен онша сескеніп қорыққан жоқпын, ажал келсе, қайтеміз, кете береміз-дағы деп ойладым. Бірақ көзім жұмылып кетсе, арызымды айта алмай, өзіммен бірге ала кетемін бе деп жүрегім аузыма тығылды. Ал ол есі жоқ қайдан білсін, онсыз да тентек неме, мектепке бармай үйіріліп жанымнан шықпай қойды. Шешесіне тартқан-ақ екен: “Апа, қай жерің ауырады? Су ішесің бе, әлде дәріңді берейін бе? Көрпеңді қымтайын ба?” – деп асты- үстіме түседі. Осыны көргенде айтуға аузым бармады, Құдіретім жетпеді. Байғұстың көңілінде кіршік жоқ, барынша сенгіш, тұрған бойы нәресте. Күмәндану, күдіктену дегенді білмейді. Осыдан кейін мен оған қалай айтамын. Сөйтіп сөздің ұтырын таба аямай әлектенудемін. Олай да, былай да таразыға салып көремін: жай ғана айта салатын ертегі емес екен. Айналып келіп бір ойға тірелем: болған шындықты бала дұрыс түсіну үшін мен оған тек қана оның тағдырын емес, заман тарихын, өткен-кеткендер жөнінде, өзім жөнінде, күллісіне куә болған, қасиетті далам, сен жөнінде, арғы түгіл осы кезде ештеңеден бейхабар мініп, ойнап жүрген велосипеді жөнінде айтып беруім керек. Мүмкін өсітсем ғана дұрыс болар. Тұрмыс бәрімізді бір түйінге байлап, қамырдай иледі емес пе: ештеңе бүгіп, ештеңе қоса алмаймын. Ал қазір бала емес, кексе кісі де бұл істі әрқилы түсінер. Көзім тірі тұрғанда осы парызымнан құтылсам, өліп кетсем де, арманым болмас еді...
– Бұл айтқаның дұрыс, Толғанай. Сен бір келіп, мына тасқа отыршы, аяғың ауырады ғой. Тізе бүк, бір есебін табармыз. Алғаш рет осында келгенің есіңде ме, Толғанай?
– Онан бері ұзақ, уақыт өтпеді ме, есіме түсіре алмаспын.
– Жоқ, сен соны есіңе түсіріп көрші, Толғанай. Басынан бастап есіңе түсірші.
– Есімде жақсы сақталмапты. Кішкентайымда орақ мезгілінде ата-анам мені жетелеп келіп, шөмеленің түбіне отырғызып қоятын еді.
– Иә, жыламасын деп қолыңа бір жапырақ нан ұстатып қоятын.
– Кейін есейе түскенімде ел жайлауға көшкенде осы арада егін қорып, асыр салып жүруші едім. Онда мен зыр қағып жүгірген серейген ақсары қыз емес пе едім. О, қайран балалық-ай, ол да бір өзінше қызық дәурен екен ғой! Малдылар сонау Сары жазықтың құла дүзінен үдере көшіп, осы тұстан өтіп жататын. Бірінің артынан бірі шұбап, жайлаудағы салқын өңірлерге асыға жол тартатын. Сондағы менің есалаң шағым-ай! Үйір-үйірімен дамылсыз кісінескен жылқылар таптап кететіндей келе жатса, бидайдың ішінен шыға келіп, оларды үркітуші едім.
“Әй, жерден шыққан албасты, сені, ме!” – деп жылқышылар құрығын үйіре қуып беретін.
Сан мың қой тұяқтары бұршақ жауғандай тырсылдап, осы жолмен өтуші еді. Оларға іле-шала бай ауылдардың көштері өтіп, жорға мініп, қызыл-жасыл киінген қыз-келіншектерді көргенде таңғалып, сұқтана қарайтынмын. Көпке дейін олардың ізінен қалмай жүгіретінмін. “Шіркін, осындай орамал тартып, осындай көйлек кисем, ә”, – деп ойлаушы едім сонда. – Рас, Толғанай. Сен онда сирағы шыққан жатақтың қызы едің. Бірақ ондай шайы мен торқаны кимесең де, бойжеткенде сен қандай ажарлы қыз болдың. Жүзің ақсары келген, дудар шаш аяқты басуға ерініп толықсыған кезің еді. Сен онда аяғыңды көлеңкеңе көз тастап басатынсың. Әсіресе ертеңгі көлеңкең дәл өзіңдей сымбатты болатын.
– Онда менің он жетідегі шағым. Сол жылы орақ орып жүріп, Субанқұлға жолықпадым ба. Субанқұл Таластың жоғарғы жағынан жалданып келмеп пе еді. Қазір көзімді жұмып ойға шомсам, Субанқұлдың сондағысы елестейді. Жап-жас, жиырмалардағы жігіт, өзі көзге қораш көрінгенімен қолдары сом темірдей салмақты еді. Жалаңаш етіне тар шекпенді ылғи желбегей жамылып жүретін. Жаныңнан орағын сумаңдата сілтеп жүріп отырғанда, адамның жүрегі қуанатынды – қандай жұмысты болса да, әсем істейтін жандар болады ғой өзі. Субанқұл дәл сондай жан еді. Ол лезде ұзап кететін. Ораққа мықты болсам да мен онан қалып қоя беретінмін. Сонда Субанқұл қайырылып келіп, менің аңызыма түскенде, әбден ызам келетін еді: “Сені біреу көмек бер деп шақырды ма? Кетші әрі ирелеңдемей алдымда, өзім-ақ бітіремін!” – десем, күліп қойып, үн-түнсіз істей беретін. Неменеге арландым екен сонда? Бақсам еркелеген екенмін...
– Сендер сонда жұмысқа әрдайым елдің алды болып келетін едіңдер, Толғанай.
– Рас. Жұрт жаңа тұрып жатқанда, таң елең-алаңда Субанқұл екеуміз жұмысқа кететінбіз. Ол мені жолда тосып тұратын. Сол күндер, сол тамылжыған таңдар біздің махаббатқа бөленген шақтарымыз екен ғой. Біз қатар келе жатқанда дүние өзгеше көрініп, басқаша сезілетін еді. Ел-жұртқа нан берген айналайын диқан далам, сарғайып жатсаң да маужыраған таңды теңіздей тебіреніп құшағын жая, сендей еміреніп, сендей жайдары кім қарсы алады! Сол таң шапақтарын сенімен бірге боз торғай тосатын. Түрі жұпыны боз шымшық шырқау биікте тынымсыз қанат қағып, тобықтай болса да, адамның аспанға самғап шыққан жүрегі сияқты небір нәзік, небір құйқылжыған күйлерді төгіп тұратын. “Әне, біздің бұлбұл сайрады!” деп қоятын еді сонда Субанқұл. Қызық, бұлбұлды да иемденіп алыппыз. Көмейіңнен айналайын, бұлбұлым...
– Рас, Толғанай, сол бұлбұл сендердің бұлбұлдарың болатын.
– Есіңде ме, Жер-ана, баяғы айлы түн? Бәлкім, табиғатта ондай түн екінші рет бола қоймас. Ай жарығымен бидай орамыз деп Субанқұл екеуміз қалып қойдық. Сонау қарайған көкжиектен манаттай болып ай көрінгенде жұлдыздар да аспан төрінен жабыла күлімдеп көздерін ашты. Сонда біз аңыздың шетінде, Субанқұлдың тылтиған шекпенін төсеніп, арықтың жағасын жастанып жатқанбыз. Сол түні біз өмірлік жар болып қосылдық. Субанқұлдың темірдей қолы тұлымымды, маңдайымды, бетімді еркелете сипағанда, оның аттай тулаған жүрегінің дүрсілі алақанынан сезіліп жатты. Мен оған еркелеп: “Субан, сен қалай ойлайсың, біз бақытты боламыз ғой, ә?”– десем, есіңде ме Жер-ана, оның баяғы айтқан сөздері? “Жер-су елге ортақ болса, біздің де шұқитын жеріміз болса, біз де жұрт қатарлы жер жыртып, егін егіп, қырман айдасақ – бақыт деген сол. Онан артықтың бізге керегі не, Тоқан? Диқанның еншісі – сепкен егінінде”– демеді ме. Оның осы айтқан сөзіне, неге екенін білмеймін, соншалық қуанып кетіп, мойнынан бекем құшақтап, жарылған еріндерінен құшырлана сүйе бердім. Онан кейін біз арықтағы суға шомылып шықтық та, орнымызға келіп, тек қана бір-бірімізді қолымыздан ұстап, аспанға үнсіз қарап рақаттанып жаттық. Түнгі салқын самалдан бойың сергіп, Жер-ана, сен де сонда бізбен бірге рақаттанып жаттың. Желп-желп етіп, долдана соққан керімсал ескенде жалбыздың хош иісі кекіре мен жусанның кермек иісіне араласып, аңызға тарап, бидай арасы судырап, қылқанына ілінген ай сәулесі алтын көздей құбылып жатты. Сол түнді табиғат бізге әдейі сыйлады ма екен? Түн ортасында көзімді ашып сонау жұлдызды төбеге қарасам, Құс жолы әлемнің бір шетінен екінші шетіне созылып жатқан кезі екен.
Субанқұлдың айтқандары есіме түсіп, қиялымда аспанның, сол күміс жолымен қандай да бір алып диқан кере ұшақ сабан көтеріп өткен де, оның зор құшағынан – себеленіп түскен дән, сабан береке төгілген із болып қалған екен ғой деген ой пайда болды. Тілегімізге жетсек, менің де Субанқұлым осындай сабан көтерген диқан болса, қырманның бетінен алғаш алынған сабанды құшақтап жүргенде дәл осындай береке төгілген жол шұбап қалса деп ойлап жаттым. Жер-анам, бірінші рет саған осылай үн қаттым. Есіңде ме менің айтқандарым?
– Жадымда, Толғанай. Сен сонда маған: “Жер ана, жан жаратқан Жер-ана, бізді көтеріп тұрған Жер-ана, сен бізге бақыт бермесең неменеге жер боп тұрсың, біз не үшін дүниеге келеміз! Біз сенің балаларыңбыз, Жер-ана, тілектес бол, ақ тілеуімізге жеткіз!” – дегенсің, Толғанай!
Күн шашырап шыққанда көзімді ашсам, Субанқұлым жанымда жоқ. Қарасам ол орақ орып жүр екен. Қашан тұрғанын білмеймін, жайпап салыпты: аңызда десте-десте болып жатқан бидай.
“Әй, Субанқұл, бұл нең?” – десем, алақанымен терін сүртіп: “Сені ұйықтасын дедім” – деп, күліп қойды. Мен бұртаңдай бердім: “Кеше не деп едің есіңде ме? Осының да теңдік пе?” Осылай деуім мұң екен, ол орағын тастай салып, қасыма жүгіріп кетті де, мені құшақтай алып көтеріп: “Көзіңнен айналайын, Тоқан, көзіңнің зекеті болайын, теңбіз, бұдан былай жаман-жақсының бәріне ортақпыз!” Ол өстіп мені қолынан түсірмей, еркелетіп бір нәрселерді айтып жатты, мен болсам сылқылдап күле бердім. Бір уақытта Субанқұл мені көтерген бойы дөңеске жүгіре шықты да, шашырап шығып келе жатқан күнге қарап: “Әй, күн, көрдің бе? Көрдің бе менің жұбайымды? Міне, мінекей, көріп қой, көрімдігіңді бер, бер сүйіншіңді аямай!”– деп айқайлады. Ойыны ма, әлде шыны ма білмеймін, ал мен осыған жылап жібердім, жүрегімді кернеген қуанышқа шыдамай жыладым.
– Қой, Толғанай, қазір жылағаның жарамас. Ол жас қана болатын, адамның ғұмырында ол бір рет қана болатын жас. Қазір неменеге жылайсың? Өйтпе, әлде тілектеріңе жете алмай қалдыңдар ма? Айтшы шыныңды, сендердей кім бақытты болып еді?
– Оның рас. Жаңа заманда Субанқұл екеуміз өз еңбегіміздің арқасында жетісіп кеттік. Білесің ғой өзің, жаз-күз демей кетпен қолдан түскен жоқ. Еңбегіміз қайтты – үйлі-жайлы болдық, алдымызға мал да салдық. Тілегімізге жетіп, үш ұлды болдық. Иә, үйелмелі-сүйелмелі үш ұлды болдық. Қазір кейде мұңға батқанда, сондай адам ойламас жаман ойға кетемін: неге жыл сайын қойша қоздай бердім екен? Жұрттікіндей болып араларынан үш-төрт жылдан өткенде, бәлкім, мұндай қырсықтан тысқары қалар ма еді деп те қоямын. Немесе, жарық дүниеге келмей-ақ қойса не болар еді! О, айналып садағасы кетейіндерім, сөзімді күнә санамаңдар, кешіріңдер, кешіріңдер сорлы аналарыңды! Өзім өртеніп бара жатқан соң айтқан сөзім ғой! Қайтейін, қайтейін...
– Толғанай, есіңді жи! Сөзіңді жалғап айта бер. Ал балаларға тіл тигізіп қайтесің. Оларды мен бармақтайынан көріп-біліп жүрдім ғой. Олардың басып кеткен іздері көзге көрінбегенімен, менің көкірегімде сайрап жатыр, Толғанай. Ол үйелмелі-сүйелмелі үшеудің сендердің балаларың екенін баяғыда, Субанқұл осы араға алғаш рет трактор айдап келгенде білгенмін. Иә, иә, дәл сонда. Субанқұл сол жылы қыстай өзеннің арғы бетіндегі үлкен қыстаққа тракторшылардың курсына қатынап оқып жүрді. Онда тракторды кім білген, Субанқұл үйге кешігіп келгенде: “қайдағы бір баланың ісіне әуреленіп жүрсің, бұрынғы бригадирлігің жақсы емес пе еді, ел қатарлы тіршілігіңді қылсаңшы”, – деп ұрысып та алатынмын. Ондайда ол күліп қойып: “Тракторды сен ойыншық көріп жүрсің ғой. Асықпа әлі, Тоқан, жазда айдап келгенде білерсің”, – дейтін. Сырттан тоңып келгенін көріп: “Қойшы енді” – деп аяп кететінмін ішімнен. Бақсам, Субанқұл біліп жүр екен. Тракторшылардың оқуына ауылдан сауатты ешкім шықпай қалғанда, Субанқұл өзі мен барамын, сауатсыздығымды да жоямын, деп бригадирліктен босанып алған. Ол кезде Қасым мен Майсалбек мектепте оқып жүретін, оқытушысы – солар. Кеш түссе, үй-ішімізбен әлекпіз. Субанқұл жерге жантайып жатып алып жазуды үйренгенде үш ұлы үш жағынан жапырлап: “әке, былай жаз, қаламды былай ұста, қолыңды дірілдетпе, түзу жаз – деп жамырай сөйлеп жататын. Сонда кетпен шапқаннан бетер Субанқұл қара терге түсіп кетер еді. Шыдай алмай күлкім келетін: “Қойсаңдаршы, қарақтарым, әкелеріңді қажытпай, оны молда етем дейсіңдер ме. Субанқұл, жаныңды осыншама қинамай-ақ, не молдалықты, не тракторды үйренсеңші!”– десем, ол терең күрсініп: “Осы сенікі-ақ өтті ғой. Тракторды үйрену үшін аздап молдалық керек болып тұрған жоқ па. Күлкі қылмашы мені!” – дейтін. Әйтеуір өстіп жүріп, ол ақыры көздегеніне жетті.
Ерте көктемде жер беті тобарси бастағанда ауылдың сыртынан гүрілдеген дыбыс естіліп, әлдеқайдан үріккен жылқылар көшені қақ жара, пысқырынып, тобымен дүрлігіп өтті. Не болып қалды деп далаға жүгіре шықсам, шарбақтарды жағалап трактор келе жатыр екен. Қап-қара шойын машина түтінін будақтатып, дағарадай доңғалақтарымен жерді жаншып, бірте-бірте көшеге жақындап, дүрілдеп келе берді. Оның маңындағы халықты көрсең, кәрі-жасы демей, бүкіл ауыл шуылдасып, сапырылысып жүр. Жұртпен мен де трактордың қасына жүгіріп жеттім. Қарасам, үш ұлым бірін-бірі ұстап, трактор айдаған әкесінің қасында келе жатыр. Түрлеріне қарасаң жауын жайратып келе жатқандай көздері шырақтай жайнап, жүздерінен нұр төгіледі. Масаттанып келе жатыр екен. Олар сол күні ертемен көпірге жарыса жүгіріп кеткен болатын, бақсам шұнақтар трактор тосқалы кеткен екен, маған да айтпайды, шамасы жібермей қояды деп ойлаған болулары керек. Балаларым үшін есім шығып, әлдене болып қалады деп:
– Қасым, Майсалбек, Жайнақ, сендерді ме? Түсіңдер! – деп айқайласам, трактордың гүрілінен өз даусымды өзім есітпей қалдым. Субанқұл менің не дегенімді түсінді білем, қорықпа дегендей күлімдеп қолын бұлғап қойды. Ол да қуанышы қойнына сыймай, тасып келе жатыр екен. Субанқұл сонда жап-жас еді, қара мұрт жігіт шағы. Ботақандарымның әкесіне соншалық ұқсас екенін сонда көрсем болмай ма. Тіпті төртеуі бір кісіден туған дерлік. Әсіресе Қасым мен Майсалбек құдды Субанқұлдың өзі, құйып қойғандай аумайды. Кішкенем, Жайнағым болса, аздап маған тартқан, аққұба. Трактор сол бойы ауылға тоқтамай сыртқа шығып кетті. Бәріміз аттылы-жаяулы болып еріп келе жатырмыз, қызығатынымыз – жерді қалай жыртар екен? Соқаның үш қатар тістері қыртысқа сүңгіп кіріп, айғыржал шымдарды жапыра қопарып жүріп кеткенде жұрт: “бәлі, бәлі” деп шуылдап қоя берді. Көткеншектеп осқырынған аттарды қамшының астына ала ел тағы да трактордың соңынан дүрліге жүрді. Қайтіп көпшіліктен бөлініп қалғанымды білмеймін, бір уақытта қарасам, жалғыз өзім ғана сексиіп тұрмын. Трактор бірте-бірте ұзап бара жатты, ал мен болсам тек артынан қарап ақырын тұрып қалыппын. Бірақ, сонда жер бетінде менен бақытты пенде болмаған шығар! Сүйінішім екіге бөлініп: не Субанқұлдың ауылға алғаш рет трактор айдап келгеніне сүйінерімді білмей, не балапандарымның өстіп көзге көрініп, жетіліп қалғанына сүйінерімді білмей, іштей жалбарына бердім. “Тізіле отырған қараларыңнан айналайындарым! Әкелеріңдей адам болсаңдар разымын, разымын сонда тағдырыма”,– деп тұрдым.
– Иә, Толғанай, ана болып аналық бақыттың ең тәтті бір шағы сен үшін сонда басталған! Сен онда кемеліңе келіп, әбден толыққан қарулы әйел едің. Жұмысты да жастардан қалыспай, жан сала істеуші едің. Денсаулық болса, еңбек еткенге не жетсін. Онан кейін байқасам, телегейім теңіз болған екен. Бірге өскен теректей болып ұлдарым ер жетіп, әрқайсысы өз жолын тапты. Қасым әкесінен үлгі алды ма, білмеймін, трактор айдаймын деп жүріп, тракторист болып онан кейін комбайнерлікті үйреніп шықты. Бір жаз комбайнда штурвалшы болып, сонау арғы уездегі “Қайыңды” колхозында істеп жүрді. Кейінгі жылы қайтадан өзіміздің ауылға комбайншы болып келген. Ана құрмағырға балаларының бәрі ыстық емес пе? Солай болғанмен, ортаншым – Майсалбегіммен көбірек мақтанатын едім. Мүмкін сағынып жүргендіктен болуы керек: ұясынан ерте ұшқан балапандай Майсалбегім үйден ерте кетті ғой. Ол о бастан-ақ мектепте жақсы оқымайтын ба еді. Иә, кітапқа құмарын айтсаңшы, кітап десе ішкен асын жерге қоятын еді. Өстіп жүріп, мектепті бітірер замат мұғалімдік оқуға қалаға кетті емес пе. Кейінгі күшігім Жайнақ болса ақжарқын, ақын мінезді жігіт болып өсті. Үйде отыру деген жоқ еді ғой онда. Комсомолдың хатшысымын деп жастар қайда болса сонда жүретін. Жиналыс, ойын-сауық, ән, қабырға газет, тағы сондайлармен әлек еді. Кей сәтте жыным келіп: “Әй, тентіреген неме, қияғыңды, төсегіңді алып, біржолата колхоздың кеңсесіне кіріп алсайшы. Үй-жайдың саған керегі қанша!”– десем, Субанқұл баласына болыса кететін еді. “Ашуланба, апасы, көпшіліктің жұмысы. Бөстекей жүрген болса, менің өзім-ақ тізгінін тартып қояр едім ғой!”–дейтін. Субанқұл ол кезде бригадирлік жұмысына қайта келген болатын. Трактор онда жастардың қолында қалған.
Көп кешікпей келінді де болдық! Қасым Қайыңдыда жүргенде шамасы бір-бірін ұнатқан болу керек, Алиманға үйленіп ауылға алып келді. Беті тегіс, ажарлы, белі бұралған жас қыз екен, ә дегеннен ішім жылып өз баламдай көрдім. Келін есті болса өз балаң емей немене, айырмасы қайсы. Шынын айтуым керек, келінім жаман болып шыққан жоқ. Осының өзі де отбасы үшін үлкен ырыс-ұйтқы емес пе. Қазір ойлап қарасам, адамның басына шын дәулет қонғанда, сатырлай жауған жазғы жауындай емес, адамның өз әрекетінен, өмірге, халыққа істеген игілігінен, біріне-бірі ұласып, өніп-өрбіп, бақыт болып аталып келеді екен ғой. Өстіп тапқан бақыт қымбат емес пе!
Алиман келген жыл – ұмытылмас жыл, естен кетпес бір жаз болды. Сол жылы егін де ерте пісті. Сайдағы үлкен су да жылдағыдан ерте тасыды... Тауға екі-үш күн қатарынан нөсер жаңбыр құйып, мәңгі мұздар тез еріп кетсе керек, дарияның реңі бұзылып, ә дегенде-ақ топан судай тасып, қаптап келді. Бұрыннан тұрған ескі аралдарды бір-ақ түнде жалмап, жуып кетпеді ме.
Әйтсе де ауа райы түзеліп, біраз уақыт ыстық болып тұрды. Тақтадан өткен егіндер тез сарбалақ тартып, жер бетін бермей, алыстағы қиырда көкжиекке тіреліп, шұғыл пісуге бет бұрды. Біздер сонда-ақ іске кірісіп кеткенбіз. Комбайн жүретін жолды ашып, аңыздардың жиегін орып жүрдік. “Енді келініңмен жарыспай-ақ, үйіңде рақаттанып отырсаң болмай ма?” – дегендер де болды. Ондай сөздерге мен шамшыл емеспін, қолдан келсе, көппен бірге жүріп қызмет еткенге не жетсін. Келінім екеуміз бірге орақ орып жүрдік. Сонда байқағаным әлі есімнен кетер емес. Аңыздың жиегінде қызғылтым шешек атып тұрған гүлдерді Алиман жинап алып, бір уақытта менен ұялғандай бидай арасымен үн-түнсіз кетіп бара жатты. Бұл несі, қолындағысын не істер екен деп тұрсам, ол жол бойында тұрған комбайнның қасына жетіп барды да, гүл шоғын басқышына қоя салып, кері жүгіріп келді. Комбайнда жан баласы жоқ болатын. Қасым бір жаққа кеткен. Ертең-бүрсігүні оруға кірісеміз деп комбайнын сақадай сайлап қойған еді. Алиманның мұнысына ішім жылып, құдай қаласа, бұл екеуі тату-тәтті жұбай болады екен деп, келініме ішпей-жемей разы болдым. Алиманның сондағы кескіні менің әлі көз алдымда: басында қызыл орамал, үстінде ақ көйлек, кішкентай қара көкірекшесі бар, қолына ұстағаны шоқ гүл, өзі қара торы, көзі мөлдіреген сұлу келіншек еді. Ай, қайран келінім. Гүл сүйген келінім... Өзі тіпті гүл десе құлап түсетін, ерте көктемде бәйшешекті қар астынан да тауып әкелетін... Айтпақшы неменені әңгімелеп едім? Иә, осының ертеңіне орақ басталып кетті. Орақтың бірінші күні өзінше бір мейрам емес пе. Бұл жолы да осылайша болды, ол күні қабағы түсіңкі жүрген бір пендені көре алмадым. Мейрам деп ол күнді ешкім атамаса да, бәрінің үні де сәнді, өзі де сәнді, айдаған арбасы, мінген аты, істеген жұмысы – бәрі сәнді. Шынын айтқанда орақтың алғашқы күні ешкім де істеп қиратпайды. Ол күні күлкіден, ойыннан, қағытпа сөзден қол босамайды емес пе. Әсіресе орақшылардың арасы қызық болады екен, онда көбіне жастар, қыз-келіншектер ғой. Әзіл-оспақ соларда. МТС-тан сыйлыққа алған велосипедіне мініп, ертеңгісін Қасым комбайнына қарай кетіп бара жатыр еді, бір топ әзілқой келіншектер оны жолдан ұстап алды. “Сен неге велосипедіңнен түсіп, бізге сәлем бермейсің? Сен құтырған екенсің! Орақшыларды көзге ілуден қалған екенсің!” – деп, Қасымды тұс-тұсынан жұлқылап, оны Алиманның алдына бас игізбесі бар ма. Қасым онымен де құтылған жоқ. “Құлдығың болайын! Құлдығың!” – дегеніне болмай, сен енді бізді велосипедіңе өңгеріп, ана орыстың қыздарындай алып жүр деп, қаумаласып бір келіншекті көтеріп мінгізіп, қалғандары соңынан айқай-сүрең сала жүгіріп, Қасымды әбден әуреледі. Келіншек велосипедке дұрыс отырмай: “Ойбай, апамның баласы, өлдім, өлдім, жығылдым, ойбай”– деп, бергілері қыран-топан күліп: “өлсең өл, өлсең де мойнынан құшақтай жығыл!”– деп даланы басына көтере шуласты. Өстіп олар Қасымды қан сорпа қылды. Ол өзі де күлкіге мас болып, “енді болды ғой”– деп, бірін өңгеріп келсе, онда тағы бірі қиыла асылып: “немене, менің басқалардан анам кем бе еді? Әлде мұрным пұшық, көзім соқыр ма?” – деп қинайды. Қойшы, ақыры Қасымның да ашуы келді: “Әй, сендер құтырып кетесіңдер ме? Аш кенедей жабысасыңдар ғой тіпті! Болды енді! Ойынға келдіңдер ме, әлде ораққа келдіңдер ме?” Шайпау келіншектер онда да сөз бермейді ғой: “Мынаны қара! Жұмысты сен істейсің, үкімет комбайнды неге шығарды дейсің?” – дейді.
Жастар ғана емес, мында тұрып, бұл тамашаға біз де әбден разы болып күлкіден ішегіміз түйілді. Сондағы аспанның әдемісі-ай! Сондағы күннің нұры-ай! Сондағы егіннің дәндісі-ай! Сондағы жұрттың күлкісі-ай!
– Иә, иә, Толғанай. Ол күні дәл сондай болған. Сен ол күні бақыт дегенді тағы да тереңірек түсініп, маған сырыңды шерткенсің, Толғанай.
– Мен қазір де соны айтпақшымын. Мен қазір де сол түсінігімнен қайтпаймын. Мен қазір де сол күнгіні таусылмас ертегідей айтамын. Аздан кейін орақшылар іске кірісіп, егіс басында жұмыс қызып, шегіртке шырылдап, күн қайнап кетті. Бірақ ертеңгіден қалған қуаныш көпке дейін жүрек кернеп, көңілімді өсіріп, салқын самалдай сергітіп тұрды. Сол күнгінің бәрі мен үшін болғандай, әдейі бақытыма жасалғандай көрінді. Көзім көріп, құлақ есіткеннің бәрі дүниенің, өмір сүрудің әсемділігін сездіріп, бойымды рақатқа бөледі. Шыңғырлаған орақтар, судырап сұлаған бидайлар жағымды үн алысып жатыр, ана жақта Қасымның комбайны тасқын судай күркіреп, “ой майданы” жаңаша шырқағандай егінді жапыра сұлатып жатты. Комбайнда отырған Қасым суылдай төгілген бидайға алақанын тосып, қос уыс дәнді бетіне жақындатып иіскегенде, мен де семіре түстім. Жарықтық, дәннің иісіндей иіс қайда бар! “Әй, арбакеш, бол тез!”– деп Қасым тау басынан үн қатқандай айқайлағанда арба жетіп келіп, комбайн тоқтай қалғанда, Алиман “Сусын апара қояйыншы”– деп, топатайды алып, Қасымға жүгірді. Қызыл орамал тартып, ақ көйлек киген Алиман аңызбен бара жатқанда, қолына ұстағаны топатай емес, жүрегін тарту етіп алып бара жатқандай, сүйген жарына деген ыстық ықылас оның бар қимылынан сезіліп тұрды. “Ойбай-ау, Субанқұл да шөлдеген шығар” – деген оймен жан-жағыма қарансам, көрінбейді. Қайдан көрінсін, орақ басталғанда бригадирге тыным болушы ма еді. Ертеден қара кешке дейін аттан түспей, далада шапқылап жүргені жүрген емес пе.
Кешке таман орақшыларға жаңа бидайдың наны да дайын болды. Жаңа наннан ең алдымен орақшылардың ауыз тиетіні ескіден келе жатқан салт қой. Нанды ол күні біз аңыздардың шетінен орған бидайды сабап дайындаған едік. Жаңа астықтың нанынан ауыз тигенде, әрқашан қасиетті дәм татқандай боламын. Түсі қоңыр болғанымен, қамыры сұйық иленгендей жаңа нан сәл езіліңкіреп, қолға жабысып тұрғанымен оның дәміне, күн, жер, түтін сіңген иісіне не жетсін, шіркін! Қарны ашқан орақшылар арықтың қыр жағасына жиналғанда күн егіннің үстіне қошқыл сәуле ойнатып, бірте-бірте шөгіп бара жатыр еді. Ол күнгі жарық кеш көпке дейін іңірге жол бермей тұрды. Біз үй ішімізбен алаңғыттың сыртынан орын алдық. Субанқұлдың көп кешікпей келуі керек, ал Жайнақ болса әдетінше тағы жоқ, ағасының велосипедін мініп қызыл мүйіске листовка ілмекшімін деп, асыға-үсіге кеткен. Алиман орамалын жерге жая салып, үйден алып келген алмаларды төгіп тастады да, кеселерге ашытпа құйды. Комбайнын тоқтатқан Қасым да арықтағы суға қолын жуып, дастарқан басына келіп отырды. Самарқау қимылмен нан турап жатқан ол:
– Ып-ыссы екен. Ал, апа, жаңа бидайдың нанынан бас боп ауыз ти,– деді.
– Бісміллә,– деп наннан бір жапырақ алдым, шайнап жатып қандай да бір жаңа дәм, жаңа иіс сездім. Ол иіс – комбайншының қолының иісі еді – сабан, қара май, темір ұстаған қолының иісі еді. Нанның әрбір сындырымы осылай керосин татып жатты. Солай болса да, әлгі ондай тәтті нан жеп көрмеген едім, өйткені ол нанды ұлымның бейнеткер қолы турап берген, өйткені ол нан көпшіліктің, осы жаңаша өмір сүре бастаған елдің өндірген наны еді. Осы сәтте мен ана дегеннің кім екенін, оның бақыты, мәселен, бидайдың өніп шыққан сабағы болса, оның түп-тамыры жермен байланысып жатқанындай елді, көпшіліктің бақталайынан ажырағысыз екенін сонда білдім. Иә, мен қазір де осы ойдамын. Менің қара басым не көрмеді... Бірақ, ел-жұрт бар жерде өмір де бар екен... Субанқұлдың келуін күтіп отырғанда түн болып кетті. Жастар анадай жердегі су жағасына барып, от жағып, ән салып, ойын ойнап жатты. Олардың ішінен қияқ1 тартып, ән шырқаған Жайнақтың даусы құлаққа шалынды. “Даусыңның зекеті болайын, жас шағыңда шырқай бер, қатар-құрбымен салған ән көңілді тазартып, адамды адамға жақындастырады емес пе”,– деп еліге тыңдап отырдым. Ана емеспін бе, сол мезетте де ойлайтыным – балалар, олардың келешегі. Қасымның ғой – өз қолы өз аузына жетті,– деп ішімнен түгендеп жаттым, жаз шыға келіншегі екеуі бөлініп, өз алдына түтін түтетеді. Бейнеткерлігі дәл әкесінен аумаған, қараңғы түссе де комбайнының шамын жарқыратып, далада егін орып жүреді. Алиман да жанында, жұмыс арасында бір минут та бірге болса ғанибет емес пе. Майсалбегімді ойлағанда, сағыныштан жаси түстім. Өткен жұмада хат жазып жіберіпті, биылғы жазда үйге бара алмаспын, пионер лагеріне жетекші болып Ыстықкөлге жүріп барамын депті. Мейлі, сүйген ісі сол екен, қайда жүрсе де аман болсын, деп тіледім.
Субанқұл келіп тамақтанғаннан кейін, түнделетіп ауылға кеттік. Ертемен мал-пұлға қарау керек, кешкі күтімін көршім Айшаға тапсырып кеткенмін. Ал ол бейшара дәйім сырқат, бір күн ауру, бір күн сау, жұмысқа шыға алмай қалып қойғаны да содан.
Біз атқа мінгесіп келе жатқанда түн маужырап, дала мүлгіп жатқан кез еді. Шоқытып келе жатқан ат тұяғының дүбірі қараңғыда тасыр-тұсыр етіп, қурай бастары ақырын ырғалып, ай шұғыласы жайқалған егін үстін құбылтып, көлеңке ойнатып тұрды. Шаршаған жер ұйқыға кетіп, оның бесігін тербеткендей сайда аққан су алыстан құлаққа келіп, бидай арасында шегірткелер шырылдап жатты. Табиғаттың бұл тыныштанған шағы қайдағы бір өткен-кеткенді еске салғандай, әлденені ақсатып, жүректі мұңға батырды. Субанқұлдың белдігінен ұстап, мінгесіп келе жатқанмын. Оның алдыма отыр дегеніне көнбей, әрдайым өстіп мінгесіп жүргенді жарататын едім. Кейде сипай қамшылап, кейде тебіне бастыртып келе жатқан Субанқұл үндемегенімен, кейде оның өстіп сөйлемегені де,– шаршап отырғаны ғой – жаныма рақат. “Ай, байғұсым-ай, қартайып барамыз-ау. Бірақ, өмірді тектен-текке өткізбеген сияқтымыз. Уақыт деген ә? – екеуміз кеше ғана қосылған тәріздіміз, бірақ қарашы, қанша заман өткен. “Солай болса да, өмір әлі қызық, әлі үміт ұшан-теңіз” – деп, ойланып келе жатып, басымды жоғары көтеріп, аспанға қарағанымда, жүрегім дір ете қалды: Құс жолы құдды баяғыдай болып, әлемнің бір шетінен екінші шетіне созылып жатыр екен. Шынында да бүгінгі жұлдызды төбеде қандай да бір алып диқан қырманнан тола құшақ сабан көтеріп өткендей, себелене түскен дән мен сабан көзге баданадай боп көрінді. Оның үстіне шашылып жатқан сабанға жел лебі тигендей, жұлдызданған майда ұшқындар жалт-жұлт етіп жатты. “Ой, тоба!”– деп жағамды ұстадым. Баяғы түн, баяғы жастық кез жарқ етіп еске түсті. Сонда тілеген, сұрағанның бәрі енді міне орындалды емес пе? Иә, жер-су елдің еншісіне тиіп, ел қатарлы біз де қос айдап, егін салып, қырман бастырып, тілегімізге жеткен жоқпыз ба? Заман осылай өзгеріп, жаңа өмірдің осылай келерін онда кім білген. “Әйтеуір ақ тілек қалай болса да көптің тілегіне үзеңгі соғыстырып, жерде қалмайды екен ғой”,– деп ойладым ішімнен. Осындай ойға беріліп, үндемей келе жатқанымда Субанқұл артына жалт қарап: “Сен немене ұйықтап келесің бе, Толғанай? Үндемей келесің, – деді. – Мен де бүгін әбден шаршадым. Қазір үйге жетеміз. Әлде жаңа көшеге бұрыла кетеміз бе?” “Бұрыла кетейік”, – дедім мен.
Жаңа көше дегеніміз ауылға кіре берісте жол бойында еді ғой. Көше деген жоқ болатын онда, там салушы жастарға деп, сол жылы көктемде оларға жаңадан жер берілген. Қасым мен Алиман да жаңа көшенің бас жағынан жер алғанды. Кірпіштерін жаз бойы үшеулеп құйып қамдап, оларды кептіріп жатқан болатын, уақытша жертөле орнатар жерін де қазып қойған, өткен аптада екі күн бойы сайдан тас жинап, оны алған жеріне тасып әкелген еді. Біз осыны көруге қайырылдық, өйткені мұнан былай орақ мезгілінде оңайлықпен қол босатпайды ғой. Үйіліп жатқан тастарды көріп, Субанқұл балаларының істегеніне әбден разы болды: “Қош де, апасы, тас мол жетеді екен, сарайлық тас бәлкім артылып та қалар, – деді ол, – орақты бітіргеннен кейін, жабыла қабырғасын тұрғызып, үстін жауып қоямыз да, қалғанын келер жазда бітіреміз. Дұрыс айтам ба, Тоқан?” “Дұрыс, үстін жауып алсақ, қалғаны біте жатар аман- шылық болса. Біздің Жайнақтың аптығып өкпесі кеуіп жүр тіпті. Бұл көше комсомол көшесі болып аталсын деп қаулы алдық дейді. Онда Алиман жеңгесі қалжыңдап күліп:
“Ой, кішкене бала, құрсақтағы нәрестеге ат қойғандай болмай, жалаңаш жерге ат іздеп әуреленгенше, елден бұрын аяқтансаңшы, үй-жай тұрғызып, көше бойын түзесеңші, көшенің атын бірдеме етіп табармыз” – дейді. Оған анау да болар емес, сен дұрыс түсінбей жатсың деп таласа кетті.
Субанқұл менің бұл сөзіме жай күліп қойды: “Ол тентектің ондай мінезі бар екенін білемін. Дегенмен көшенің атын дұрыс тапқан екен. Міне, мына салына бастаған тамдардың бәрі де жастардікі ғой, бәрі бірдей кейінгі ұрпақ. Елдің қанат құйрығының өскендігі сондай, аулымызға сыймай жаңа қыстақ орнатып жатырмыз. Көше салынып біткеннен кейін көрерсіңдер, менің баламның дұрыс айтқанын...”
Біз өстіп сөйлесіп тұрған түн, бақсам, дүниедегі ең бір қарғыс атқан түн екен...
II
– Басыңды жоғары көтер, Толғанай, қайрат қыл.
– Жарайды. Онан басқа шарам бар ма. Есіңде ме, айналайын туған жер, сол түнгі?
– Мен ештеңені ұмытпаймын, Толғанай. Жарық дүние орнағаннан бергі ғасырлар сыры бәрі менде. Кітапқа сыймаған, адамның есінен шығып жоғалған тарихтың бәрі менде. Сенің де басыңнан өткен тағдырың – жүрегімде. Сөйлей бер, сөйле, Толғанай, сөйле, пендем, бүгін құлағым сенде! – Уһ, нені айтайын. Соның ертеңіне, күн шашырап шығып келе жатқанда орақ орып, жұмысымызға кірісіп кеттік. Ол күні біз үлкен сайдың бойындағы аңызға түстік. Жаңа ғана жұмыстың қызып келе жатқан кезі еді, судың арғы бетінен шауып келе жатқан салт атты көрінді. Артынан жау қуып келе жатқандай, қамыс, қоғаны тіпті көзге ілмей, ат жалына құныса жатып алған әлгі неме судың жиегіндегі тастақтау жерге жетіп келгенде де, атының басын тартпастан тура шаба берді. Бұл кім болды екен, төмендегі көпірден өтпей, мұнша неге жанталасты деп қарап қалдым. Салт атты – орыс жігіті екен. Жирен айғырды қамшылап, суға түсе бергенде бәріміз аң-таң болып аңырып қалдық: дария тасығанда бұл жерден жүрегі дауалап ешкім өткен емес, ат түгіл түйені де ағызып алып кететін жойқын тасқынға кеп ұрынған мына біреу өзі өле алмай жүрген неме ғой? “Әй, жолдас, тоқта, аттың басын кейін бұр!”–дегенше болмай, шегіншектеген айғырды тік тұрғыза қамшылап, әлгі салт атты суға періп кеп кетті. Ол бір нәрсе деп айқайлап, бізге қарай қол бұлғады, бірақ дарияның сарылынан біз ештеңе есіте алмадық. Ағыны қатты су көзді ашып-жұмғанша салт аттыны құшағына ала жөнелді. Құлағын жымитып алған айғырдың басы толқынның арасынан бірде көрініп, бірде көрінбей, ат жалын қос қолдап ұстаған адамның бас киімін басынан жұлып алып кетіп өршеленген дария адамды ағызып алып бара жатқанымен, ағынның өз күшін пайдаланған салт атты қиғаштай жүзіп отырып, ақырындап жиекке жақындай берді. Ол сонау диірменнің тұсынан өте беріп судан шыққанда бәріміз “уһ” деп бір-ақ демімізді алдық. Кейбіреулер – азамат екен, жігіт екен десе, қайсыбіреулер – бұл сау адам емес, мас болып желігіп жүрген неме болар – десті. Диірменнің жанында егін орып жүрген Қасымның комбайны жым болып тоқтап қалғанда оған онша назар аударған жоқпын. “Тағы бір жері бұзылған болар, жұмыс үстінде әрқилы жағдай бола береді емес пе”, – деп ойладым. Бас көтермей егін ора бердім, әлгінде жанымда жүрген Алиман “Ене!”– деп қатты шыңғырды. Қарасам, келінімнің қолынан орағы түсіп кеткен, өзінде қан-сөл жоқ, құп-қу боп тапжылмастан тұр екен. Жылан шаққан екен ғой деп ойлап, “Ойбай, апамның баласы, не болды”,– деп жанына жетіп бардым. Алиман маған тіс жарып үндеген жоқ. Оның шарасынан шыққан көздері тігілген жаққа қарай бергенімде тұла бойым мұздап сала берді. Комбайнның жанында әлдекімдердің айқайлаған дауыстары шығады, тұс-тұстан дестелерді аттай-аттай жүгіріп келе жатқан орақшылар, құйғытқан салт аттылар, кейбіреулер арбаның үстінде тұрып, қамшыны дамылсыз сілтеп жан ұшырып келе жатыр. “Ойбай, ене!” – деп айқайлап жіберген Алиман комбайнға қарай ышқына жүгірді. “Ой, бұлар сау емес қой! Комбайнның пышағына ілініп, майып болған ғой!”–деген сөздер құлағыма шақ-шақ тиді. “Бол, кеттік” – деп, менің маңымдағы орақшылар да солай қарай лап қойды. “Сақта, құдай! Сақта, құдай!” деп, олардың артынан жүгіріп келе жатып, арықтан аттай бергенімде етпетімнен жығылып қалып, орнымнан қайта тұрдым да, қайтадан жан ұшыра жүгірдім. Ой, сондағы жанның қысылғаны-ай! Бидайға өрт кеткендей үстімдегі көйлегім, барлық денем, шашымның түбіне дейін жанып, лапылдап лаулап келемін. Аспандағы күн шел басқандай аппақ, бірде бес, бірде он боп көрініп, басым шыр көбелек айналды. Жетпей жығылатын түрім бар екенін сезіп: “Тоқтаңдар!”– деп айқайлайын десем, даусым шықпайды. Өстіп комбайнге жүгіріп жеткенімде, дүрліккен адамдар шуылдасып, киім-кешегінің бәрі су, ентіккен жирен айғырды жалынан ұстап тұрған біреуді қоршап тұр екен. “Былай тұрыңдар, қоя беріңдер мені!”– деп, топты бұза-жара кіргенімде, комбайнның қасында тұрған Қасым мен Алиманды көріп, қалтыраған қолымды соза, балама қарай ұмтылдым. Қасым ұстап қалды. Ес жиған соң ол: “Апа, соғыс басталыпты!” – деді жайымен. “Соғыс? Соғыс дейсің бе?”–деп бұл сөзді мен бұрын еш уақытта есітпегендей, оның мәнісіне түсінбегендей, тағы да қайталап сұрадым. “Иә, апа, соғыс басталды”, – деді Қасым. “Не үшін соғыс? Қандай соғыс?” – бұл суық хабардың артында неменелер жатқаны санама жетпе- гендей “соғыс, соғыс дейсің бе?” – деп сыбырлап сұрап, манадан бері жүрегімде құрсаулаған қорқыныштан демім тарылып, қысылғаннан жылап жібердім. Мені көріп, басқа әйелдер де еңіреп қоя берді.
“Әй, қатындар, тоқтатыңдар дереу! Шығармаңдар үндеріңді!”– деп біреу айқайлап жіберді. Бәріміз де тыйыла қалдық. Дала тыныштығына ене бастады. Сол бір меңіреу тыныштықта әлдекім терең күрсініп: “Соғысқа аттанатын болдық қой!”– деді. Оның сөзіне ешкім жауап қатқан жоқ. Жым-жырттық онан бетер демін ішіне тартып, сайда күркіреген дарияның сарылы ғана құлаққа айқын естілді. Жиналған жұртты бір шолып алып, Қасым өзінше ойын бөліскендей: “Енді ертерек егінді жинап алу керек, әйтпесе қардың астында қалады”, – деп күбірлеп қойды. Осыдан кейін сәл үндемей қалды. Бір уақытта жәрдемшісіне: “Неге қарап тұрсың, жүргіз моторды!” – деп бұйырды. Сонан кейін орақшыларға қарап: “Ал сендерге жол болсын, сендер неге аңырып тұрсыңдар? Үлгірмей қалсаң, ертең азабын өздерің тартасыңдар ғой. Тұрыңдар, ұрыста тұрыс жоқ” – деді.
Жұрт қозғала бастады. Баяғыдан бері басын салбыратып тұрған шабарман сонда ғана жоғары қарады. Жап-жас орыс жігіті екен, суланған шашы маңдайына жабысып қалыпты, көк көздері құдай біледі, өмірінде бірінші рет сол жолы мұңға батқан болар. Адамның із түспеген жүзіне шұғыл келген есейгендік дереу білінеді екен. Ол терең күрсініп алды да, жанында жайдақ атын мініп тұрған жігітке қырғызша: “Жолдас, сен қазір ауылға шауып барып, басқарма, – сельсовет бригадирлерді тауып, тоқталмастан райкомға аттансын деп айт, жарай ма? Мен тағы екі колхозға баруым керек”, – деді. Шабарман жирен айғырға мініп, анадай ұзағанда әлгі біздің ауылдың жігіті: “Ой, дос, тоқтай тұр! – деп бері шақырды. – Бас киімің ағып кетіпті, мә, менің қалпағымды киіп ал, күн өтіп кетпесін”, деді.
Жаңа ғана дарияны жалдап өткен жануар еліктей орғып, жолға түскенде артынан қою шаң будақтатып, шабарманның қарасы лезде көрінбей қалды. Оны көзімен ұзатып қарап тұрған жұрт әрқайсысы әрқилы ойға кеткен бе қалай, комбайн мен трактордың моторлары бірдей от алып дүр еткенде селк ете қалып, біріне-бірі қарады.
Осы сәттен жаңа өмір, соғыс өмірі басталып кетпеді ме...
– Иә, Толғанай, сол шабарманның дүбірі әлі де менің құлағымда, аттың тұяқтары салған таңбалар дақ болып денемде сақталып қалды. Әй-й, жарықтың жер-ай, айта берсек екеуміздің жырымыз түгесіле ме. Білесің ғой, күннің сонда қандай алаулаған аптап алып келгенін: жанды-жансыздың бәрін құйқалап жібермеді ме. Егін де сол жылы тұрып қалған, бейне ұшы-қиыры жоқ теңіз тәрізді еді. Төрт-бес күннің ішінде тегіс пісіп кетпеді ме. Не деген байлық еді десеңші. Асыққан іс құрып қалсын да. Орылған бидайды баулап алуға шамамыз келмей, сол күйі арбаға қобырата тиеп, қаншасы ысырап болды. Ал ол мейлі-ақ болсыншы, бірақ ел қайғысы ащы өзегімді өртеп кетті ғой. Күніге шетінен әскерге шақырылғандары лек-легімен жөнеп жатты, қалғандары алас ұрып, күндізгі аптапқа, түнгі жан деміктірген қапырыққа қарамай далада, қырман басында мұрнынан қан кеткенше жұмыс істеді. Сонда Қасым, алда байғұс балам-ай, бітпегеннің бәрін бітіретіндей күндіз-түні комбайнның үстінен түспей егін орғаны орған. Ол өзі ғана емес, оның комбайны да жанды кемедей қаһарлана гүрілдеп, қайнаған шаңның ішінде бір аңыздан екінші аңызға жапыра кіріп, бидайды жайпай орып жатты. Қасымым болса, комбайнның үстінде ұшуға қанатын қомдаған қырандай алдына көз айырмай қадала қарап, енді қаншасы қалды, қаншасын орып бітіремін дегендей түн қатып жүргені жүрген. Сол күндері ол қап-қара боп күйіп кетті. Көрсең зәрең кетеді: еріндері тілім-тілім жарылып, жағы суалып, сақал-мұрты өсіп кеткен. “Өстіп жүріп не болар екенсің, балам, күн өтіп, басың айналып, комбайннан құлап түсер ме екенсің?”– деп іштен тынамын, бірақ, айтуға аузым бармайды. Дүниенің не боп бара жатқанын көріп тұрған жоқпын ба.
Арада көп күн өтпей Қасымға да кезек таялды. Ол күні түске жақын комбайнге жүгіріп кеткен Алиман, бір уақытта төмен қарап, томсарып келді. “Повестке келіпті”– деді ол әрең сөйлеп. “Қашан?” “Жаңа сельсоветтен әкеп беріпті”. Ұлымның ақыры бір күні әскерге кетерін біліп жүргенмін, солай болса да бұл хабарды есіткенде буындарым босап, неге екенін білмеймін, орақ орған қолым сырқырап қоя берді. Қолымдағы орақ түсіп кетті, аяғым дірілдеп жерге отырдым. “Олай болса, ол не істеп жүр, қамданбай ма?”– дедім мен дірілдеген еріндеріме ие бола алмай. “Кешке барам деді ғой, маған үйге барып дайындал деді. Мен кете берейін, ене. Атама айтып қойыңыз. Әлгі кенжем қайда жүр екен...” “Айтылар. Сен бара бер, Алиман. Қамыр ашытып қой. Мен қазір барамын”. Алиман кеткеннен кейін де көп уақыт орнымнан тұра алмай, дел-сал боп отырдым. Басымнан сыпырылып түскен жаулығымды да көтеруге шамам келмеді. Жерге қарап отырсам, құмырсқалар жол салып, ерсілі-қарсылы жүгіріп, дән тасып, сабан сүйреп, тынымсыз әрекет үстінде екен. Неге олай ойлағанымды білмеймін, құмырсқалардың өстіп ештеңеден бейхабар еңбектеніп жүргеніне адам бола тұрып, көзімді қададым. Япырай, осындай да ой келеді екен ғой кісіге. Соның арасында арбасын айдап Жайнақ жетіп келді. Ол сонда станцияға қатынап астық тасып жүрген. Ағасының әскерге кетерін біліп келген тәрізді, арбадан ырғып түсіп: “Жүр, апа, үйге барайық”,– деп, мені қолтықтап арбаға мінгізді. Сол аз ғана уақыттың ішінде кіші балам адам танығысыз өзгеріп кетті. Баяғы сауыққой, ақжарқын бала қиялы жоқ, кәдімгі көпті көрген қариядай сабырлы болып қалыпты. Жайнақтың түрін әнеукүнгі шабарман орыс жігітіне ұқсаттым. Иә, мұның да көзінен есейгендік сезіліп тұрды. Ел басына күн туса адамның бәрі бірдей екен ғой дедім мен ішімнен. Осыны ойланып келе жатып, анау Майсалбегімнен хабар келмей қалғаны есіме түсіп, тағы да жүрегім қысылды. “Ол не болды екен онда? Әскерге алып кетті ме, әлде қалай? Тілдей қағазға хат жазып, дерегін білдіріп қоймай ма екен адам. Рұқсат берсе, үйіне қайтпай ма, енді ненің оқуы. Ата-ананы ойламайтын тәрізді ғой өзі, түзде жүріп тас бауыр болып қалған ба?”– деп әрқайсысының қамын ойлап, арбада келе жаттым. “Әй, Жайнақ, – дедім мен,– сен станцияға қатынап жүрсің ғой, тегі қалай, ұрыстың тоқталар түрі бар ма?” “Жоқ, апа, – деді ол сонда, – әзірге хал нашар. Немістер жапырып келе жатыр. Біздікі енді соларды тоқтатып, бетін бір қайтарып алса қуаттана түсер едік. Сен, апа, қай-қайдағыны ойлай бермеші, не де болса көппенен көрерміз...” А-а, садағаң кетейінім, ол мені жұбатқандағысы. Көзімді жұмып, құлағымды бассам да қайтып қана ойланбай тұра аламын. Үйге келсем, Алиманым ағыл-тегіл болып, қамырын шала илеген күйі отыр. “Сен немене елден бөлек пе едің, осы елдің бәрі әскерге кетіп жатқан жоқ па. Мұнша неге егілдің, сорың көңілі қайнағыр!”– деп қатты айтайын дедім де, қайтадан: “Қойшы жас немені ренжітіп не қыламын, көңілі суып қалар” – деп тыйыла қойдым. Сонда-ақ қатты айтсам болмайтын ба еді? Қасым намаздыгер өтіп, күн батқанда үйге оралды. Ол қораға кіріп келісімен Алиман жағып жатқан отынын тастай салып, жүгіріп барып оның мойнына асылды – да: “Сенен айрылмаймын! Сенімен бірге өлемін!”– деп телегей- теңіз боп жылады. Қасым комбайннан түскен бойы жуынып- шайынбай шаң, кір боп келген екен. “Кірмін, Алиман, қоя тұршы азырақ, сабыныңды алып кел, үлкен суға барып жуынайын”, – деді. Алиманның менің ауық-ауық қарағанымнан именгенін сезе қойып, су алып кел деп, қолына шелек ұстата қойдым. Олар сонда тіпті кеш, ай туғаннан кейін барып оралды. Үйдегі шаруаны Жайнақ екеуміз тындырдық. Түн ортасына жақын Субанқұл да жетті. Қайда жүр десем, күндіз тауға кетіп, өзіміздің сары жорғаны жылқыдан ұстап әкелген екен. Жорға болғанда қандай. Ауылдағы қыз- қырқындардың: “Астыңдағы сары жорға, салдыртасың жол-жолға” дейтіндері осы жануар емес пе еді. Ұлы әскерге кеткелі жатқанда, бір күн болса да жорғасын мініп көңілін көтерсін деп ойлаған болу керек әкесі.
Ертеңіне таң сәріден ауылдан аттанып, военкоматқа жөнеп бердік. Сонда ең алдымен қалың әскер алынбады ма. Тұс-тұстан ағылып кеп қосылып, қара жолда шұбаған арбаларды, халықты көрсең, сан жетпейді. Алды Чоң-Қапчығайда, аяғы әлі қайда. Ал енді аудан орталығына жиналған халық көшеге сыймайды. Аттылы, арбалы, әйел, бала-шағалар. Әрқайсысы өз жақынын төңіректеп, жанынан сынық сүйем кетпейді. Бірақ, көп деген оңай емес қой, “Халық деген – теңіз” – деген рас екен. Осы дүрбелең жиында да майданға аттанып бара жатып, қайраты мықты ер-азаматтар нық сөйлеп, нық басып, ол түгіл ән шырқап, би билеп, қияқ тартып, көпшіліктің көңілін көтеріп жатты. Орысша, қырғызша өлеңдер араласа шырқалып, бір ауыздан шыққан “Катюша” дегендері бәрімізге тіпті танымал болды. “Катюша”– қыздың аты екен, сол кездегі жастардың сүйгені екен.
Военкоматтың қорасына сыймай, әскерге шақырылғандарды кең көшенің ортасына қатар-қатар қойып, әрқайсысының аттарымен шақыра бастағанда, жиналған халық лезде тына қалды. Қарап тұрсам, соғысқа кетіп бара жатқандар жас шыбықтай солқылдаған өңкей боздақтар екен. Аты аталғандар “менмін” – деп, біз жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. “Субанқұлов Қасым” – дегенде жүрегім қысылып, тамағым кепті. “Менмін”, – деді Қасым. Алиман осы кезде қолымды сыға ұстап: “Енеке”, – деп сыбыр ете қалды. Бәрін біліп тұрмын, білгенмен істейтін шарам кәне: көптің керегі қыстапанда, елден тысқары кім қалмақ. Алда, Алиманым-ай, осыған көзі жетіп тұрса да, сүйгеніне мұндай жақын, мұндай ыстық ықыласты жанды көре алмадым. Алиманның қоштасқанын қазір есіме түсірсем табан астында жанымды садақаға атағым келеді. Ол күні біз ауылға қайтып оралдық, өйткені әскерлерді майданға бір күннен кейін жөнелтеді екен десті жұрт. Колхозымыз үлкен жолға жақын ғой, мұнда сенделіп жүргенше үйге барыңдар, кетіп бара жатқанда соға кетермін, – деп Қасым болмай қойды. Алиманның мініп жүруіне Субанқұл атын тастап, біз арбаға мініп жүріп кеттік. Жайнақ та ауданда қалды, ол арбасымен әскерлерді тасуға тағайындалған болатын.
Түнделетіп аңырайған үйге келіп, жатпай жылап отырсам, Субанқұл шай құйып жатып, мені жөнге салды. Сондағы айтқанын еш уақытта ұмытпақ емеспін. “Біз кім едік, Толғанай? Міне осы ел, осы жұртпен адам болдық. Жақсылығын көрдік. Енді жамандығына тұс келгенде, әрқайсымыз өз басымыздың қайғысын тартып егіле берсек, біздің адамшылығымыз қайсы? Ертең бәрін ұмыт, беліңді бекем бу, Алиман біз көргеннің бірін де көрген жоқ, ол жыласа – бір сәрі. Сені ол ене дейді. Осыны есіңе бекем сақта, соғыс өстіп үдере берсе, бір күні мен де кетем, Майсалбектің жасы да келіп қалды, керек екен біріміз де қалмаймыз. Осыған, Толғанай, осы бастан өзіңді дайындай бер...”
Ертеңіне түс ауа әскерлерді станцияға жөнелткен екен. Қасым мен Алиман олардан бұрын шығып, үйге келді. “Үйіңе соғып, қоштасып шық”, – деп рұқсат беріпті. Алиманның екі көзі көнектей, жол бойы ылғи жылаған болуы керек. Қасым сыр білдірмегенімен, ол да күйінішті күрсінеді. Алиманның көз жасы, оның аянышты түрі Қасымға қатты әсер етті ме, әлде шынында да сондай сөз болды ма, білмеймін, ол аттан түсер алдында: “сендер станцияға шығарып саламыз деп әуре болмай-ақ қойыңдар, әке, мүмкін, мен қайтып та қалармын. Тракторшы, комбайншыларды босататын көрінеді. Приказ келіп жетсе, станциядан үйлеріңе қайтарамыз деді”, – деді. Енді ойлап қарасам, Алиманды аяп, бізді аяп жай айта салған жұбату сөзі екен бұл. Станция да күншілік алыс жер емес пе, қайтып оралғанда біз үшін ол – бітпейтін жол боларын да ескерген сияқты. Ә дегенде мен оның сөзіне сеніп те қалдым, үміт деген адаммен бірге өмір сүрмей ме. Бірақ, былай шыққанда Қасымның мұны жорта айтқанын білдім. Бәріміз де артынан аңғарып білген тәріздіміз.
Артта келе жатқан жүргіншілердің алдын ала ауылдан шығып, үлкен жолға қарай Қасымды шығарып салуға бара жатқанымызда, далада жұмыс істеп жүргендердің барлығы қоштасқалы асып-сасып жолға келді. Арба айдаған, орақ орған, қырман бастырғандар қалған жоқ. Қасымның комбайны осы маңда егін орып жүр екен. Комбайнды тоқтатып, онымен бірге істейтіндер де жүгіріп жетті.
– Дұрыс айтасың, Толғанай. Адамның комбайнмен қоштасқанын мен көргенім жоқ, өмірде бәрін көрген жер, сонда бірінші рет көрдім. Иә, құтты далам, ұста майданға аттанарда балғасымен қоштасады дейді ғой ел. Қасым да өз кәсібінің ұстасы емес пе еді. Ауылдастарымен қоштасып жатып, комбайн жанаса кеп тоқтағанда, Қасым үлкен жол жаққа бір қарап алды. Қызыл туды көтеріп, кейбірі арбада, кейбірі атта келе жатқандардың алды бұрылыстап жаңа ғана көріне бастады. “Әке, ұстай тұршы”, – деп, Субанқұлға аттың тізгінін бере салып, Қасым комбайнға жақын барды да, оны айнала қарап тұрып, бір кезде үстіне қарғып шықты. “Айда, Есенқұл! Айда баяғыдай! – деп трактористке айқайлады. Жай ғана жүріп тұрған моторлар бар қуатымен гүрілдеп, жұлқына орнынан қозғалған комбайн артынан сабан, топан ата, бидайды жапыра жалмай, егінді толқындатып жіберді. Сол сәтте менің көзіме солай көрінді ме, білмеймін, ол сонда жай әншейін комбайн емес, қанатын жайып, жер бетімен жылжып бара жатқан бір алып күш тәрізді шалынды. Штурвалды бекем ұстаған Қасым бетіне соққан ыстық аптапқа рақаттанып, көкірегін керіп, күліп қойды. Тракторист екеуі айқайласып, барған сайын жылдамдата айдап, аңыздың арғы басынан бері қарай қайта салып келе жатқанда, қарап тұрған жұрт әбден разы болғандай бастарын изесті. Алиман да сонда қазір қош айтысатынын ұмытқандай көздері жайнап, өзінше іштей масат- танып, қуаныш құшағында тұр екен. Бәрінен де әлгі Айша көршіміздің баласы, онда он үш – он төрттердегі Бектас, сол жылы комбайнда сабан таситын, айналып кетейінім, комбайнның үстінде тұрып Қасыммен қоштаспасы бар ма. Қасым оны қолына көтеріп, екі бетінен алма-кезек сүйіп, “енді сен үйреніп ал” дегендей, штурвалды баланың қолына ұстатып, орнында қалған жәрдемшісімен қоштасты да, комбайннан түсті. Сай сүйегім сырқырап, бірақ, Субанқұлдың түндегі айтқаны есіме түсіп, әрең тұрдым. Жол жаққа қарасам, әскерге кететіндер ауылдың тұсынан енді ғана өтіп, тіпті бізге жақындап қалған екен. Өстіп бүкіл ауылымыз болып Қасыммен қоштасып шығарып салдық. Ай, Алиманым-ай, аян көріп пе едің, үлкен-кішіден именбей, неге соншама боздап мойнына асылдың? “Қош енді, Алиман, мен қайтып ораламын, көрерсің нанбасаң, ертең-ақ босанып келемін, жыламашы сонша, мен келемін, күт мені!” – деп, Қасым үзеңгіні ұстағанда, Алиман қайтадан барып, мойнына асылып, жас балаша қолынан сүйреп, сәл кідірші деп еңірей берді. “Әйтпесе жол бойына дейін ұзатып сал, балам, – деді Субанқұл келініне, –- біз осында күте тұрайық. Жолдастары ұзап кетпесін. Қасым, бері қарашы!” Олар біраз уақыт бір-біріне үн қатпай қадала қарап тұрды. “Түсіндің бе?”– деді Субанқұл. “Түсіндім, әке!” – деді Қасым. “Олай болса аттан!” Субанқұл атына мініп, қырманға қарай шаба жөнелді. Менімен қоштасқанда Қасым: “Майсалбектен хат келсе, адресін салып жібер”, – деді. Атын жетелей, Қасым мен Алиман қол ұстасып кетіп бара жатты. Мен оларға үлкен жолға жеткенше қарап тұрдым. Ә дегенде Алиман үзеңгіден ұстай жүгірді. Қасым ат үстінен әйелінің маңдайынан ақырғы рет сүйіп, сары жорғаның басын қоя бергенде, Алиман да қол бұлғап артынан жүгіре берді.
Ертеңіне кешке сары жорғаны арбасының артына байлап Жайнақ станциядан оралды.
III
– Неге үндемей қалдың, Толғанай?
– Сол жылы тағы нелер болғанын есіме түсіріп жатырмын. Әйтеуір, кімді-кім білсін, заман лезде-ақ қиындап, елдің үрейі ұша түспеді ме? Әлдеқайда адам қырылып, қан төгіліп жатқанда, біздің сыбағамыз – жұмыс болды. Қасымның айтқаны тура келді: қаншама жапырылып жұмылсақ та, соғыстың кесірінен егін тегіс жиылмай, көп астық қар астында қалып ысырап болды. Ауылда қарулы еркектер оп тартқандай сиреп, әскерге кетіп жатты. Қалғанымыз ертеден қара кешке дейін колхоз жұмысындамыз, соғыс қайтті екен деп құлақ түреміз, бірақ хабарлар іш жылытарлық емес-ті. Жол қарағанымыз – пошташы.
Қасым кеткеннен кейін көп кешікпей Майсалбектен хат келді. Бірінші хатында ол: “Оқудағы өз қатар-құрбыларыммен әскерге шақырылдым, әзірге қаланың өзіндеміз, сендермен жүз көрісіп қоштаса алмағаныма кейімеңдер, бұлай боларын кім біліпті, жеңіспен оралсақ, тілекті сонда берер еді ғой” – депті. Екінші хатында: “Новосибирь деген қаладамын, командирлік оқуға баратын болдым”, – деп суретін салып жіберіпті. Суретіңнен айналайыным, әскер формасын киіп түскен екен, сондай жара- сымды, шашын артына қайырыпты, маңдайы кере қарыс, қабағы сәл кірбіңдеу. Түсімде де енді оны осы суреттегісіндей көретін болдым. Алиман Майсалбекті бір-ақ рет көрген еді, жазда Қасым үйленгенде екі күнге сұранып келіп кеткен болатын. Қайнысының суретіне қарап Алиман: “Біздің мұғалім бала тамаша сұлу жігіт екен ғой өзі, ене? Қарашы. Баяғыда шымылдықтың артынан онша жақсы байқамай қалыппын, қарай беруге ұялғанмын. Енді аман-есен қайтып келіп, өзіндей білімді, өзіндей сұлу қыз алса, жарасып қалар еді, ә, ене?” – деді.
Қыс түскенше өстіп балалардан хат үзілмей, көңілім қош болып жүрдім. Сөйткенше болмай: “Майдан жаққа бет алып, кетіп барамыз”, – деп Қасымнан хабар келді. “Енді қалай болар екен?” – жүрсем де, тұрсам да көңілімде осы ой. Бұл тұста Субанқұлды да қайта-қайта военкоматқа шақырып, комиссиядан комиссия қалмады. Бригадирлік міндеті бір жағында, тыным көру дегеннен айырылды. “Бұл қалай болып кетті өзі, демек Субанқұлды да алып кетпек ой бар-ау, онда қайттік” – деп жүрсем, бір күні шынымен- ақ әскерге шақырған повестке келіп тұр. Оны есіткенде не болғанымды білмей, қырманда егіннің қалғанын тазалап жатқанбыз, айырдың сабына сүйеніп ойға шомып тұр едім, Субанқұл шауып келіп, аттан түсті де: “Жүр үйге, қамданайық” – деді. Мінгесіп жүрейін деп едім “Жоқ, атты сен мін, мен жаныңда жүрейін, сөйтіп әңгімелесейік”, – деді. Ондай кездерде адам сөз таппай да қалатын көрінеді ғой, айтылатын сөздің бәрі іште булығып, бір-бірімізге үн қатпай келе жаттық. Қорғасындай ауыр сұр бұлттар аспанды түнертіп, Сары жазықтың құла түзінен соққан мұздай жел қар борататындай кейде тына қалып, демігіп тұрды. Төңірегіме көз жіберсем, жан бауырымдай диқан далам, сен де жайдақ қалып, үн-түнсіз томсарып жатыр екенсің.
– Иә, Толғанай. Қыс қусырып, денемді тоң қылып келе жатқан- ды. Суыққа қаным қарайып, менің де жалғыздықтың қайғы- қасіретін шеккен қапалы күнім еді ол.
– Субанқұл қайта-қайта шақпағын шағып, темекісін тұтатып келе жатты. Бір уақытта желден теріс айнала беріп, атты ықтады да, темекі тұтатып жатып, менің қолымды ұстап: “Тоңдың ба?”– деді. Ол сонда бір нәрсе айтқысы келді, бәлкім, балаларымыз сөйтіп соғысқа кетті, міне енді мен де кетіп барамын, не болады, не қояды, көрісеміз бе, жоқ па, осыншама жыл бірге отастық, разы бол, тағдыр осылай болса қайтеміз, аманшылықты тілейік дегісі келді ме, кім біледі. Әйтеуір басын көтеріп, мені аяп та, сүйіп те, ернін тістене қарап алды. Мұртына жаңа ғана ақ кіріп келе жатқанын мен сонда ғана байқадым. О, қасиетті далам, менің басыма түскеннің бәрін көрдің ғой өзің...
– Иә, Толғанай, сенің бүкіл өмірің осында өтті...
– Субанқұл екеуміздің осы далада қосылып, жиырма екі жыл осы жерде табан ет, маңдай терімізбен көгеріп-көктеп бірге өмір сүргеніміз сол заматта көз алдыма келе қалды. Өмірлік қосағымнан осылай айырыларымды ойлап па едім. Кеше ғана егін оруға кіріскен алғашқы түні дәл осы жолмен оның атына мінгесіп бара жатқа- нымды есіме түсіріп, ауылдың кіре берісіндегі жастардың жаңа көшесі басталған бойы тасталғанын көргенде, Қасым мен Алиманның шарбағында тау болып үйіліп жатқан кірпіш пен тастарды көргенде, ат жалына жығылып, көз жасымды төгіп-төгіп жібердім. Мұндайда Субанқұл өзіне-өзі берік еді ғой. Ол менің неге жылағанымды сезіп келе жатты. “Жылағың келсе қазір жылап ал, Тоқан, ал елдің көзінше егіле берме, – деді ол. – Сен, Тоқан, – Алиман мен Жайнаққа ғана бас-көз болмай, бүкіл колхозға бас-көз боласың, менің орныма бригадир боласың, бұл жұмысқа сенен басқа лайықты ешкім қалған жоқ ауылда”. “Осындай сағатта қалжың сөзіңді қойшы, Субанқұл, керегі жоқ, бригадирлігіңді не қыламын”, деп жылай бердім. Сөйтсем, кешке мені шынында да колхоздың кеңсесіне шақырып алды. Барсам онда майданнан қолы жарадар болып келген жаңа басқармамыз Үсенбай, Субанқұл, тағы екі-үш ақсақал адамдарымыз отыр екен. “Толғанай жеңеше, қайтсеңіз де беліңізді бекем буып, көпшіліктің міндетін мойныңызға аласыз. Әйел болсаңыз да, жер-судың жайын, елдің жайын сізден жақсы білетін ешкім жоқ. Мына отырған мықты бригадирімізді амал- сыздан соғысқа аттандырғалы тұрғанымызда, оның сенген кісісіне, сізге, біз де сенеміз. Заманның түрін ғой, өзіңіз көріп тұрсыз. Ертеңнен бастап іске кірісіңіз, Толғанай жеңгей”,– деп, Үсенбай кесіп айтты. Қойшы, сөздің қысқасы – бригадир болуға көндім. Көнбегенде қайда барамын. Сөйткенім де бір есептен дұрыс болған екен. – Субанқұлдың ең соңғы өтініші осы емес пе еді. Көптің қамын жеген бейшарам-ай, түнімен: “қос айдауға осы бастан қамдана бер, ат-көлікті таңдап, жем-шөпке қой, соқа-сайманыңды бірін қалдырмай жөндет, пәленшенің үй-іші шиеттей, мыналар кәрі- құртаң, көз сала жүр, ананы алай істе, мынаны былай істе” – деп ақылын айтып отырды. Таң атқанша сыртта тынбай жел ұйтқып, қар жауды.
Субанқұлды да үлкен жолдан шығарып салдық. Өзі құралып- тас бірқатар кісілермен Жайнақтың арбасына мініп кетті де қалды. Сондағы суықтың қаттысы-ай, беттен алып, қарып тұрды емес пе.
– Ол күні сен күйеуіңді ұзатып, кері келе жатқанда, артыңа қайта-қайта бұрылып қатты жыладың, Толғанай. Иә, Жер-анам. Сол күннен бастап, басқармамыз Үсенбай айтқандай, белді бекем буып, атқа міндім, бригадирлік жұмысыма кірістім. Қазіргі бригадирлердің де қызметі оңай емес, ал ол кезде болса, тіпті бір тірілей азап еді ғой. Жұмысқа жарамды еркектен ешкім жоқ, тегіс кеткен, қалғандары қатын-қалаш, жас балалар, қаусаған шалдар. Тапқан-таянғанымызды майданға жіберіп, арбалардың доңғалағы жоқ, қамыт-шлиялар істен шыққан, ұстаханада көмір орнына сайдағы ошағандарды жағып, ілдалап көрікті басып жүрдік.
Елдің тұрмысы да күннен-күнге нашарлап бара жатты. Алайда колхоздың жұмысын тоқтатпай, әліміздің келгенінше жүргізіп жаттық. Қазір ойласам, біреуге жақсы сөйлеп, біреуге жаман сөйлеп, колхоз деп жүргенде әр қилы істер бастан өткен екен. Бірақ ол үшін, оның азып-тозса да әрқашан ел болып қала беретіндігі үшін садағасы кету керек. Сондағы әйелдер – бұл кезде олар – кемпір, жас балалар – қазір бес-алты сәбидің әкесі, баяғы күндерді естерінен шығарып та жіберген шығар, бірақ мен оларды көрген сайын көз алдымда осы жандардың сол жылдардағы қажырлы еңбегі елестейді, аш-жалаңаш жүріп колхозда істегендері, аңсар- арманы – барлығы тасқа таңба басқандай әлі көкірегімде. Менің өзім де қандай халде едім, әйткенмен, жығыла-сүріне жүріп бригадир болғаныма еш уақытта өкінбеймін. Таң азаннан колхоздың сарайына барып, әрқайсысын жұмысқа жегіп, сонымен кешке дейін ат арқасынан түспей, ел жатқанша колхоздың күнделікті жиналысында болып, қысқасы, көпшіліктің мүддесімен жүріппін. Кей кезде жаны қиналған кейбіреулер тіл алмай мені тілдеген күндері де болды, ондайда Алиман мен Жайнақ өз балаларым емес пе, оларға тыным бермей жұмысқа күні-түні аңдай беретінмін. Өйткеніме де өкінбеймін, болмаса бізді қандай қорқынышты ойлар тори берер еді. Бір үйден үш кісі бірдей соғысқа кетсе, адам ойланбай қоя ма? – Рас, Толғанай. Сен сонда менімен тілдесуден қашқалақтағандай, әрдайым тым қауырт, әлдеқайда баруға асығып, күйбелектеп жүретін едің.
– Өйтпеске айлам бар ма еді, сырласым Жер-ана. Майданға бет түзедік дегеннен кейін, бір жарым ай шамасы Қасымнан ешқандай хабар болмай қалмады ма. Арбасымен станцияға қатынап, Жайнақ тентегім үйде жоқ болса, Алиман екеуміз Қасым жөнінде сөйлесуден қорыққандай бір-бірімізге үреймен қарап басқа бір болмашы тіршілікті әңгіме етіп кетеміз.
Қыс ортасындағы қақаған аязды күндердің бірінде ұстаханада аттарды тағалатып жүр едім: “Сізге асығыс жеделхат бар – деп, басқарма алақандай қағазды шауып келіп, қолына ұстата берді. “Қой, ойбай, ол нең?”– деп жіберіппін. “Ой, Тоқан жеңгей, қорықпаңыз, жамандықтың беті әрман, бұл жеделхат Майсалбектен екен, Новосибирьден жіберіпті, бері жүріңіз, – деді Үсенбай. – Қазір бөгелместен станцияға тартыңыз, балаңыз екі күнде біздің станциядан өтеді екен, жолығып қалайын депті. Шөп, жем салдырып арбаны дайындатып қойдым, Толғанай жеңгей, бөгелмей тартыңыз!” – дегені бар емес пе. Қуанғанымнан не істерімді, не дерімді білмей тілім күрмеліп есеңгіреп, ұстаханада әрі жүгіріп, бері жүгіріп, онан кейін үйге қарай тарттым. Істің жай-жапсарын сұрастырмай кетіп барамын. Бар білгенім –“Майсалбегім тоссын депті! Майсалтайым келейін депті! Сені күтіп алмағанда кімді күтіп алам, зекетің болайын, жан балам. Құстай ұшып барамын” – деп, өзіммен-өзім сөйлесіп, сықырлаған сары аязда терлеп те кеттім. А- а, мешкей ана, сонда ой тоқтатып, Майсалбегім қай жаққа қарай өтеді екен деп те сұрамаппын. Асыға-үсіге жүріп, Майсалбегім жолдастарымен үйдің асынан дәм татсын деп, бауырсақ, күлше, ет пісіріп алып, сол күні Алиман екеуміз арбаға мініп станцияға тартып кеттік. Ә дегенде Жайнақпен барсам ба екен деп те ойладым. Сөйтсем Жайнақтың өзі де: “Қой, апа, Алиман барсын, мен үйде қалайын. Менен гөрі Алиманның барғаны абзал”, – деді. Кенже ұлым дұрыс істеген екен. Жас болса да Жайнақтың осындай бір тауып кететіні барды. Жеңгесінің ішқұса болып, қайғы шегіп жүргенін сезген ғой. Алиманды шөп қорада істеп жүрген жерінен өзі жүгіріп барып шақырып келмеді ме. Көптен бері келінімнің мұндай қабағы ашылғанын көрген жоқ едім. Тіпті жас баладай мәз болып, мені бол-болдың астына алды. “Бол, ене, кешігіп қалмайық”, деп мұрсат берер емес. Жолға шыққанда да сол: аттарға қамшы басып, кейде тізгінді арбакеш баладан тартып алып, өзі ызғытып айдап келе жатты. Жол бойы біркелкі суық болып, жапалақтап жұмсақ қар жауып тұрды. Қар аппақ болып, Алиманның жаулығына, маңдай шашына, жағасына үлпілдей тұрып, оның бал-бұл жанған қара көздерін, нұрлана тамылжыған қызыл шырайлы жүзін бұрынғыдан бетер сұлу көрсетіп, көріктендіріп келе жатты. Оның үстіне станцияға барғанша келінімнің аузы бір дамыл тапсайшы. Алғаш рет тойға бара жатқан баладай, оны-мұны еркелей әңгімелеп: “Мұғалім бала пойыздан түскен кезде, сен үндемей тұр, ене. Ол мені таныр ма екен? – демей жатып, іле-шала: “Жоқ, ене, мен артынан барып, мұғалім баланың көзін басып тұрайын, қайтер екен, ой, бұл кім өзі, деп шошып кетер ме екен?” – деп күледі. Ай, Алиманым-ай, ай келінім-ай, күйеуін сендей сүйген әйел жер бетінде болды ма екен? Мені сезбейді деп ойлап келе жатып, ақыры өзі сырын білдіріп қойды. Әлгіндей тамашалап келе жатқан келінім кенет су сепкендей басынып, мұңдана қалды, өзіне күбірлеп: “мұғалім бала Қасымға өте ұқсайды, ә?” деп үндемей қалды. Сәлден кейін тағы да ақжарқын кейіпке енді. “Айда аттарды, айда тезірек!”– деп көшір баланы асықтыра бастады. Өстіп отырып біз станцияға күн батар-батпаста келіп жеттік. Станцияның тұрған жері шатқалдың іші, бұл желдің ұйтқи соғатын өті емес пе, қар борап, аласапыран болып тұр екен. Майсалбек қазір келіп қалатындай, арбадан түсе бере Алиман екеуміз лезде темір жолдың бойына жетіп бардық та, аржақ бержақты қарап, не істерге білмей жетімсіреп қалдық. Манағы көңілділіктің орнын енді көңілсіздік басты. Тарам-тарам темір жолдың үстінде жаяу борасын ойнап, кейде паровоз тоңып бүрсең қағып тұрған тәрізді вагондарды жұлқи қозғап қойып, зәулім биік қарағайлар желден бұтақтары шайысып суылдап жатты. Бұрын пойыз тосып көрмеген адам құрсын-дағы. Қашан келеді, қайсы жақтан келеді,– бәрін анықтап біліп алмай, бет алды құлатүз арбаға мініппіз де тарта беріппіз. Сөйткенше болған жоқ, алыстан пойыздың айқайлаған даусы шығып, дөңгелектерінің тарсылы құлаққа диалына бергенде Алиман: “Апа, келе жатыр!” – деді. Қол- аяғым дірілдеп, жүрегім аузыма тығылды. Пойыз бірте-бірте жақындап келе берді. Мен сасқанымнан: “Мә, қоржынды сен ұсташы!”– дедім. Қар суырып паровоз өте шықты да, пойыз тоқтады. Вагондардың іші лық толған жүргіншілер екен, арасында әйел балалар да бар, бірақ көбісі – солдат. Кімдер екенін, қайда бара жатқанын адам біліп болар емес, Майсалбек көрінбейді. Пойызды қуалай жүгіріп, есіктерден басын қылтитып тұрған кісілерден: “Субанқұлов Майсалбек бар ма? Айтыңдаршы, айналайындар, Субанқұлов Майсалбек бар ма?”– деп сұрасақ, кейбіреулері білмейміз десе кейбіреулері үндемей, енді біреулері күліп қойды. Соның арасында пойыз орнынан қозғалып, жүріп кетті. Бар болғаны біздің станцияға үш-ақ минут тоқтайды екен. Сақалды қолдан берген кісідей қалшиып тұрдық та қалдық. Пойыз ілгерілей түскенде оны ұзатып жүрген шолақ қара тонды, орта жасқа келген теміржолшы орыс адамы бізді көріп: “Сендер кімді тосып жүрсіңдер?” – деп сұрады. Жайымызды түсіндіріп, оған Майсалбектің қағазын көрсеттік. Ол көзілдірігін киіп, оқып шықты да: “Сіздің балаңыз әскери эшелонымен келе жатыр, кешікпесе бүгін-ертең келіп жетуі керек. Мүмкін өтіп те кеткен шығар, күніне неше эшелон келіп, неше эшелон кетіп жатады, қайсыбірі тоқтамай өте шығады. Қайсысы екенін кім біледі”,– дегендей дүдамал сөз айтты. Біздің бозарған түрімізді көріп аяп кетті білем: “Эх, война, война! Бәрін бүлдірді ғой, – деп басын шайқады да,– сендер енді суықта тұрмай, анда кіріп отырыңдар, пойыз келерде алдын ала шығып тосыңдар”, – деді. Станцияның жалғыз үйінде тақтай нарларға қалай болса солай орналасқан он шақты адам бар екен. Соғыстың кесірінен әрқайсысы өзінің атамекенінен босып, жол азабын тартқан жүргіншілер бұл жерде өз үйіндегідей жайғасып, ұйықтағаны ұйықтап, сөйлескені сөйлесіп, қайсылары темір күрішкеден сораптап шай ішіп отыр, гитара шыңқылдатып, ыңылдап ән салып отырғандары да бар. Алиман екеуміз де нарының шетінен орын алып отырдық. Шишасы сынық сығырайған жалғыз шам әрең ғана, өлеусірей жанып тұр. Станция іші алагеуім, күңгірт. Бір кезде пойыздың жақындап келе жатқаны тағы естілгенде біз далаға атып шықтық. Түн жамылып жынданған жел етек-жеңнен сілке тартып, паровоздың ыстық демі бетке ұрып өте шықты да, жүк тиелген вагондар жай келіп тоқтады. Бұл пойызда солдаттар көрінбесе де Алиман екеуміз: “Майсалбек, Майсалбек бар ма?” – деп вагондарды бойлай жүгірдік. Ешкім жоқ. Станцияға қайта келгенімізде елдің бәрі ұйқыға кетіпті. “Ене, шаршадың ғой, жатып дем алшы, мен-ақ күзетіп отырайын” – деді Алиман. Келінімнің иығына басымды сүйеп қисайдым. Бірақ қайдағы ұйқы, ненің ұйқысы. Ұйықтамай қалшиып қалайын! Құлағым, жүрегім, ақылым түгел пойыздың жырақтан келе жатқанын, аяғыммен тамның білінер-білінбес солқылдағанынан сезіп жаттым. Пойыз қай жақтан келмесін, дыбысын құлағымыз есітер замат, тосын келіп қалмасын деп, ылғи қоржынды көтере жүгіріп, тосып отырдық. Неше эшелондар өтті, бірақ бірінен де Майсалбекті жолықтыра алмадық. Түн ортасынан ауа жер солқылынан далаға жүгіріп шықсақ, шатқалдың арғы жағынан да, бергі жағынан да паровоздың ащы айқайы естіліп, екі пойыз екі жақтан келе жатыр екен. Өстіп жол күткенде еңбегіміз қайтса, кәне! Сасқанымыздан қай жағына барарымызды білмей басымыз дал болып тұрғанда екі жолдың ортасында қамалып қалған екенбіз, ерсілі-қарсылы зымыраған пойыздар құлақ тұндыра тарсылдап жанаса өткенде бораған қар, ұйтқи соққан жел вагондардың астына итеріп жығатындай етек-жеңнен жұлқи сілікті. “Ене!” деп айқайлаған Алиман мені жалма-жан өзіне тартып, шамның ағашына қапсыра қысып ұстады. Сол ұйтқыған қарлы құйынның, шақа- шақтың ортасында тұрып та жарқ-жұрқ еткен вагондардың терезе, есіктерінен көз алмай, алда, ойбай-ай, Майсалбегім мына бір вагонмен кетіп қалды-ау деген ой тұла бойымды тітіркентіп жіберді. Доңғалақтар зырлаған қос темір жол сонда менің жүрегімді зыңылдатқандай болды.
Айтшы өзің, дүние тірегі жер, қай заманда, қайсы ана өстіп өз баласын бір көруге зар болып, көзінен қан төгіп, ботадай боздап жол тосып еді?
– Айта алмаймын, Толғанай. Сенің заманыңдағыдай әлемде соғыс болып көрген емес.
– Онда осындай жол тосқан аналардың ең ақырғысы мен болайын! Ылайым, ылайымда мен сияқты темір жолды құшақтап қақсаған пенде болмасын!
– Толғанай, ұлыңа жолыға алмай қалғаныңды сен бергі үлкен соқпақтан қайырыла бергеніңде-ақ білгенмін. Түрің жуған шүберектей, көзің шүңірейіп, аурудан тұрғандай болып қалған екенсің. Онан да бір ай бойы ес-түс жоқ төсекте жатқанымның өзі жақсы еді. Таң атқанша келінім екеуміз тыным таппай, темір жолдың бойында әрі-бері жүгіріп жүрдік. Боран таңға таман кенет басыла қалды. Сол кезде батыс жақтан вагондары қирап, өртенген бір эшелон келді. Япырай, тас-талқан болып қираған эшелон сүйретіліп келгенде шатқал іші тып-тыныш бола қалды. Анда-санда қардың жай суырғаны болмаса, станцияда жан жоқ, үн жоқ. Сондай-ақ эшелонның өзінде де тірі жан жоқ екен. Тегіс қирап қаусаған вагондар ескі мазарлар тәрізді тұнжырап, түтін өртенген қарағай иісін шығарып тұрды. Кеше түні ұшырасқан шолақ қара тонды орыс адамы қолшамын көтеріп, жанымызға келгенде Алиман одан: “Бұл не болған эшелон? – деп сыбырлай сұрады. “Бомбаның сойқанына ұшыраған”– деді ол да сыбырлап. “Енді бұл вагондарды қайда алып бара жатыр?” “Ремонтқа”– деді теміржолшы. Олардың сөзін тыңдап, бұл эшелонда кімдер болып, қайсы жерде үстіне бомба түсіп, өрт-жалын, ызың-шу, қым-қуыттың ішінде кімдер қол- аяғынан айырылып, кімдер жан тәсілімін беріп өмірмен қоштасты екен. Соғыстың елесі осы болса өзі ше, өзі не деген сұмдық деп ойланып тұрдым. Соғыстан келген эшелон көпке дейін станцияда тұрып, онан кейін жайымен жылжи қозғалып, әлдеқайда жүріп кетті. Жүрегім қысылып, заманам қурылды. “Енді Майсалбегім де әлгі қираған эшелонның келген жағына қарай, қан майданға жол тартады екен ғой. Қасым не болды екен? Субанқұл да Рязань шаһарына жақын жерде ойнап жатырмыз деп жазыпты... Онысы майданнан онша алыс көрінбейді... Күн шықты, түс те болды, түңіліп те қалдық. Майсалбек біз келгенше өтіп кеткен екен ғой, болмаса станцияға келген бір де эшелонды қалдырмай тосып алдық. Не істейміз енді? Майсалбекпен жүз көріспей қалғанымыз ба сөйтіп? Аттарға деген арбадағы жем-шөп те таусылды деп, әрнені бір ойлап, ауылға қайтып кетуге де дәтіміз шыдамай Алиман екеуміз теміржолшыларға жәрдемдесіп, жолдағы қарды күрекпен аршып жүрдік. Өйтпесек уақыт өтетін емес. Суық кешегідей болмай күн тек жаяу бұрқасынданып тұрды. Бір мезетте аспан ашылып, торлаған бұлттар ысырылып, күн көзі көрінді. “А-а, құдай-ай, осы күндей болып ұлым жарқ етіп көзге көріне қалсайшы! Келтіре гөр, құдай, жолықтыра гөр! – деп жалбарындым. Сол сәтте шығыс жақтан паровоздың өктем айқайы естіліп, станцияға жақындаған эшелон көріне бастады. “Ене, осы болып жүрмесін? Құдай біледі осы!”– деді Алиман, қоржынды жалма-жан иығына салып. Ол сонда біліп тұрғандай, неге екені белгісіз құп-қу болып, бетінен қаны қашты. Менің де тынысым тарылып, жүрегім алып ұшты. Бірінен кейін бірі тіркелген қос паровоз түтін будақтатып, бу атып, қызыл темір дөңгелектер тарсылдап, шақылдап өте беріп, ә дегенде жайдақ вагондарда брезентпен қымталған зеңбірек, танктер жанындағы мылтықты адамдарымен көзге түсіп, онан кейін вагондардың есігінде топталған солдаттар, қияқ, ән, сөз – құлаққа анық естілмей, көзге ілінбей ышқына зулады. Қолында кішкене жалаушасы бар бір теміржолшы жүгіріп келіп: “Тоқтамайды! Тоқтамайды!” – деп қолын сілтеп, біздің кеудемізден итеріп жолдан шеттете беріп еді, осы сәтте: “Апа-а! Алиман-ан!” деген айқай тап жанымыздан естілді. Майсалбек! Алда, айналып кетейін балам-ай, бір қолымен вагон есігінің тұтқасынан ұстап басын сыртқа шығарып, құлақшынын бұлғап қоштасып барады екен. “Майсалбек!”– деп бір айқайлағанымды-ақ білемін. Сол бір мезетте Майсалбектің бейнесі маған дана адамның бейнесіндей көрінді. Шинелінің етектері желмен түріліп, шашы жалбырап, жүзінен – өкініш пен қуаныштың, ұшырасу мен қоштасудың іздерін іштей сезінгендей болдым. Азынаған жел оның айқайлаған даусын ала қашып, мен Майсалбектің сол тұрпатынан көз айырмай, ол алыстаған сайын пойызбен қоса жүгіріп, эшелонның ең соңғы вагоны жанымнан зу етіп өте шыққанда, артынан тағы жүгіре түсіп, бір кезде етбетімнен құладым. Ой, сондағы боздағаным-ай, зарлағаным-ай! Оқ жауған майданға кетіп бара жатқан ұлымның орнына темір жолды құшақтап қоштасып жаттым. Дөңгелектердің рельске тықылдап ұрғаны бірте-бірте алыстай берді.
Қазір де кейде сол эшелон құлағымды тұндырып, қос паровоз алып ұшқан вагондар миымды қақ жарып мылжалап өткендей болады.
Сонда артымнан көзінен сорасы ағып Алиман, оның соңынан тағы бір теміржолшы орыс әйелі келіп, жатқан жерімнен тұрғызып, жолдың шетіне шығарды. Алиман мені қолтықтап келе жатып сонда қолыма әскер құлақшынын ұстатты: “Мә, ене, мұғалім бала тастап кетті”, – деді ол. Бақсам, Майсалбегім оны маған тастап кетіпті ғой.
– Дұрыс айтасың, Толғанай. Арбада келе жатып, құлақшынды көкірегіңе қайта-қайта қыспап па едің.
– Иә, сол құлақшын әліге дейін үйде ілулі тұр. Маңдайында қызыл жұлдызы бар, боз матамен тысталған солдат құлақшыны. Кейде қолыма алып иіскеймін, онан әлі де ұлымның иісі шыққандай болады.
IV
– Толғанай, соры қайнаған Толғанайым, ана қалт-құлт еткен басыңды сонда боз қырау шалмады ма. Қайран қолаң шаш! Сен бұл жерге келген сайын әрқашан өзгеше боп келетінсің. Жүгің ауыр тартқандай ерніңді жымқыра тістеп, іштей тынып, үндемей келіп, үндемей кетіп қалсаң да, басыңа қандай ауыр күн түскенін мен сонда біліп жататынмын.
– Иә, Жер-анам, үндегенде не істер едім. Мен тек жалғыз болсам екен – соғыстың шарпуы тимеген бірде-бір отбасы, бірде-бір адам қалған жоқ еді ғой. Басқасын айтпай-ақ қояйын, дүниенің алды- артымен ісі жоқ шағында тілі жаңа ғана шыққан бармақтай балалар да, ана сүтінің дәмін әлі сезе қоймаған сәбилер де, өлең айтып жіберші десең, аңырап: Ақ көйлегім етегі, Көлең-көлең етеді. Әскерге кеткен әкемнің, Хабары қашан жетеді, – деп, қақсап тұрса, кімнің қабырғасы сөгіліп, қаны қараймайды, бүлік салған дұшпанға: “Сені ме, сені!” – деп кім кектенбейді. Ал енді сұм қара қағаз келгенде, әскерге кеткендерінен айырылып, бір күнде ауылдың екі-үш жерінен ойбайлаған дауыс шығып, көз жасы көл болып жатса, жүрегіңді тірідей үйткенін сонда біледі екенсің! Тап сол күндері бригадирлікті атқарып, елдің қуанышы мен қайғы- зарына ортақ болып, көпшілікке емін-жарқын бас-көз болып жүрдім, оған қазір де мақтанам, қазір де өте ризамын. Ол болмаса, мүмкін мен әлдеқашан қайратым кеміп, әлдеқашан жасып, әлдеқашан соғыстың ауыртпашылығы астында қалатын едім. Қылышын қынаптан суырып келген жауға бір ғана дауа бар емес пе; ол – күрес пен еңбек қой. Міне, сондықтан, туған балам, жұмыс арасында шауып келіп, іштей тістеніп, аттың басын қайта бұрып, үндеместен шоқыта жөнелуімнің себебі де сол еді. Есіңде ме, Жер-ана, Қасымнан хат келген күн?
– Есімде болмай ше, Толғанай. Сенің көшеден шыға келгенің, алдыңдағы арық-атызға қарамай аттың басын қоя беріп, ағыза шауып келе жатқаның менің әлі есімде. Сен сонда аңызда көң төгіп жүрген келінің мен кенжеңе “сүйінші, сүйінші” деп атой салып келгенсің, Толғанай!
– Сүйінші демегенде қайтпекпін! Екі ай бойы өлі-тірісі белгісіз Қасымнан аманмын деген жалғыз хабар келсе, мен сүйінші демегенде кім сүйінші демек! Москваның түбіндегі аласапыран шайқасқа екі рет қатысып, екеуінде де аман-есен шықтым, немістердің беті қайтып, сағы сынды, біздің полк қазір демалуда деп жазыпты. Алиманның сондағы қуанғаны-ай! Арбадан жалма- жан ырғып түсіп, маған Жайнақтан бұрын жетіп: “Енеке-жан, аузыңа май, айналайын енеке!” – деп хатты ұстаған қолдары дірілдеп, дұрыстап оқи алмай: “Аман! Аман-есен!”– дей берді. Әлгінде жерге көң төгіп жүрген келіншектер жүгіріп келіп: “Кәне, оқышы, Алиман, күйеуің не депті?” – десе. “Қазір, айналайындар, қазір!” дегенімен оқи алмай қойды. “Маған бере тұршы, жеңеше, жұртқа оқып берейін”, – деп, Жайнақ хатты алды да, заулатып оқи бастады. Алиман сонда неге екенін білмеймін, отыра қалып, маңдайына уыстап алып қар басты. Хат оқылып біткенде, ол орнынан тұрды да, бетіндегі еріген қардың суын да сүртпей, албыраған беті не күлерін, не жыларын білмей түс көрген жас балаша күлімсіреп: “Жүріңдер, енді жұмыс істейік!”– деді. Дерін десе де өзі асыққан жоқ, төңірегін жайымен шолып алып, қарды кешіп жайымен кете барды. Не ойлағанын қайдам, жазда осы далада Қасымға сусын ала жүгірген кездерін есіне түсірді ме, бәлкім, оның әскерге кетерде комбайнымен қоштасқаны көз алдына келіп тұрды ма, мен оның не ойлағанын түсіне алмадым. Япырай, келінімнің сыры не де болса іште жатпай, жүзіне табан астында шығушы еді. Осындай жандар болады ғой өзі. Алиманның көздері сол сәтте сүйсінді де, мұңданды да, әлдеқандай әсем көріністерді елестет- кендей күлімдеп, еркелеп, үлкен жолда жауындай төгілген сары жорғаның алыстаған шаңын ұзата қарағандай, мөлтілдеген жас келіп, қысқасы, келінімді түрлі ой, сан сезім билеген тәрізді. Жайнақ әзілқойым оны жөніне қоймай жеңінен тартып: “Ә, жеңеше, есің ауып кетті ме, қалай! Әлжуаз екенсің, хатыңды оқи алмай, елге күлкі болды деп Қасымға жазып жіберейін. Әйеліңді қайтадан мектепке бергелі жатырмыз дейін”, – деді. Алиман оны жонынан салып қалып, олар бірін-бірі қуа жөнелгенде, мен де рақаттана күлдім. “Мейлі! – дедім сонда мен ішімнен қайраттанып... – Жауды жау ғана басады! Қасымның соғысқа кіріп, ел қатарлы немістермен шайқасып шыққаны рас болды. Менің балаларымдай жігіттер ел қорғамағанда кім қорғайды. Әйтеуір аман болып, дұшпанды талқандап, жеңіспен оралса болғаны. Онан басқаның бәріне шыдаймыз, мейлі ит азабын тартсақ та тезірек күйретсек екен!”– деп тіледім. Бұл менің ғана тілеуім емес, көптің тілеуі, ұлы тілек болған соң бәріне бейіл болады екенсің. Үйде қалған жалғыз кенжем, Жайнағым, он сегізге толар- толмай әскерге кеткенде: “Жә, енді басқа салғанды көрерміз!”– деп қана іштей тынып, жым болдым. Қыс аяғына жақын Жайнақты өзі құралыптас балаларымен бірге военкоматқа шақыра бастағанда, оларды жай әншейін әскер ойынға шақырып жүрген болар деп ойлағанмын. Оны әскерге алады деген тіпті ойда жоқ. Екі рет ауданға барып, он шақты күннен ойнап келіп, үшінші жолы бір күн өткеннен кейін Жайнақ үйге қайта оралды. “Сені не, босатып жіберді ме, тез оралдың ғой?” – деп сұрасам, – “Жоқ, апа, ертең ауданға қайта кетемін. Военкомат бір күнге рұқсат берді”, – деді. Сонда байқасамшы. Әлдеқайда ұзақ сапарға кетуге қамданғандай, Жайнақ ол күні көп жұмыс бітіріп тастады. Жұмыстан қайтып келсем, қораның ішін мұнтаздай етіп сыпырып, көп ағаш жарып, сиыр қораны тазалап, тамның төбесіндегі шөпті қайтадан жайып болып, енді әкесі ат байлайтын ақырдың құлаған жерлерін жөндеуге кіріскен екен. “Ой, оны не қыласың, балам, жазда-ақ жөндемейсің бе?” – десем. – “Қол боста бітіріп қою керек, апа, кейін қол тимей қалады”, – деп қойды. Бақсам, бұлай деп маған жорта айтқан екен. Жайнағым өз еркімен, комсомолдың шақыруы бойынша майданға аттанбады ма. Оны біз Жайнақ жүріп кеткеннен кейін барып білдік. Станцияға арба айдаған ауылдасынан хат беріп жіберіпті. Алда соры қайнаған балам-ай, шыныңды айтып, қоштасып кетсең болмайтын ба еді, жылап- сықтасам да жолыңа кесе тұрмайтын едім ғой. Алиман екеумізге жазған хатыңда, қоштаспай кеткенімді кешіріңдер, сендер бірақ, білсін дедім, әскерге өз еркіммен тіленіп кеткенді лайық деп таптым деп жазыпты. Мен оның істегенін жақтырмай тыйым салады деді ме, тұқымың өскір, әлде айтуға батылы бармады ма, кім білісін. Бір топшылағаным, Жайнақ соғысты сүйіп қызығып кеткен жоқ, ол оны жек көргені үшін, соғыстың елге тигізген кесірі жанына қатты батып, қолына қару алғалы кетті. Әкесі, екі ағасы ел деп қан майданда жүрсе, оның жаны олардан артық па екен, ол да намысқа шабатын жігіт емес пе еді. Иә, Жайнақ тап сол үшін, соғысты иттің етінен бетер жек көргені үшін кеткенше көзім жеткен-ді. Жалғыз Жайнақ майданға барғанда қиратып та салмайтын еді, бірақ бұлай деу де дұрыс емес: Жайнаққа ұқсағандардың оны қосылар, жүзі қосылар, мыңы қосылар, сөйтіп барып қол болар, сөйтіп барып көл болар, сөйтіп барып асу бермес тау болар! Жайнағым, кенжем, сүт құрғатқаным, әзілқойым, ақыным, әншім, солқылдаған шыбықтай боз балам! Сенің не үшін айтпай кеткеніңді сорлы анаң білмейді дейсің бе? Сені балалық қылып, соғыстың не екенін, өлімнің не екенін білмей кете берді деп ойлаймын ба? Ақынсынған түріңді көріп кейбіреулер сенің қандай бауырмал екеніңді байқай бермейтін еді. Сол, бауырмалдығыңнан қатын-қалаштардың көрген азабына енжар қарап тұра алмадың. Адамның жер бетінде істейтіні жақсылық емес пе. Мінекей, енді, соғысқа кетіп құрбан болдың. Қырық төртінші жылдың қараңғы түндерінің бірінде партизан- дарға көмек көрсету үшін парашютпен самолеттен секіріп жүрдің, артынан парашют-десантындамын, немістердің тылында үш рет болып, соғысып қайттық деп хат жаздың, сонан кейін сенен хабар пышақ кескендей үзілді. Жаумен шайқасып, айдалада оққа ұштың ба, әлде тоғайда адасып кеттің бе, немесе тұтқынға түстің бе, кім білсін. Егер тірі болсаң, ендігі бір хабарың келер еді ғой, балам. Сен өстіп мерт болдың, Жайнағым, сүт кенжем, қыршыныңнан қиылып, елдің есінде де онша сақталмадың. Ал енді мен сені ойыма алғанда, бізді аяп айтпай кеткенің әрқашан есіме түседі, баяғыда, станцияға арба айдап жүргеніңде, бейтаныс бір бармақтай балаға үстіңдегі тоныңды шешіп бергенің есіме түседі. Қыс түсіп, аяз қаһарына мінген түндердің бірінде арбасын жолдастарына беріп, Жайнақ күртешең үйге кіріп келді. Суықтан көкпеңбек болған түрін көрсең, зәрең ұшады, тісі-тісіне тимей қалш-қалш етеді. Әйткенмен өзі көңілді, көзі күлім қағады. “Ой, бұл нең, киімің қайда, жолда біреу шешіндіріп кетті ме?” – деп есім шығып сұрасам, жайбарақат қана: “бір байғұс балаға беріп келдім”, – дейді. Кейін жолдастары айтып жүрді: соғыстан босап келген бір орыс әйелі шиеттей төрт баласымен біздің станциядан түсіп қалған екен, бәрі де аш-жалаңаш бүрісіп, адам аярлықтай жағдайда екен. Кішкенелерін шешесі ескі орамал, жаулыққа орап қойса керек, ал сегіз-тоғыздағы естияр баласына ештеңенің реті болмай, тылтиған камзолымен отырыпты. Жайнақ осы балаға үстіндегі шолақ тонын шешіп бермесі бар ма. Жолдастары айтады: тонды үстіне кигізсе, етегі аяғына оратылып, жеңі тізесінен төмен түссе де, бойы жыли түскен бала қайта жанданғандай, қайта тірілгендей қутыңдап, күлімдеп, рақатқа кенеліпті де қалыпты. Жайнақ соған мәз-мейрам болып, жол бойы суыққа шыдамай арбаның артынан жаяу жүгіріп, әлгі баланы ылғи есіне алып: “Дұрыс болмады ма, соры қайнаған бала бойы жылып, адам боп қалды, ә?” – деп қайта-қайта айта беріпті. Шын сырымды айтсам, біреуге тон шешіп бергенмен елдің кемтігі толып, кетігі бітпейді. Бірақ жаңағыдай – бірге он қосылып, онға жүз, мың қосылса елшілік, адамгершілік, бауырмалдық деген осыдан барып туады ғой деп ойлаймын. Адам жақсылықты жерден тауып алмайды, адамнан үйренеді. Жайнақтың беріп кеткен тоны жыртылар, тозар, ақырында жоқ болар, мейлі жер жұтсын, сөзге тұрмайтын нәрсе, гәп онда емес, сол бармақтай балдырғанның жүрегінде тосын біреудің істеген жақсылығы өмір бойы сақталып қалса, адам болған соң басқаға жақсылық ету міндет екенін жастайынан сезіп қалса, Жайнақтың сауап істегені сол емес пе.
Эх, енді несін айтайын, кесапатты соғыс қаншалардың кендірін қиды. Жайнағым аман болғанда қандай адам болатын еді! Мінезіңнен, қылық-қасиетіңнен айналайын жан балам, қайдасың, қайдасың? Он екіде бір гүлің ашылмай жатып, қай жерге барып жалп ете қалдың екен? О, дүние, о, жан жаратқан Жер-ана, бір сәтке ғана, көзді ашып-жұмғанша ғана баламды тірілтіп, бір ғана рет көлеңкесін көрсетіп қойсаңшы!..
– Толғанай, сабыр ет, жүрегіңді басшы. Өйтпе, өзіңді-өзің аясайшы... Жүрегіңнің әрбір соққанын сақтасаң нетті. Әлде мойныңдағы парызыңды ұмыттың ба?
– Жоқ, сырлас далам, ұмытпақ емеспін. Ұмытпағандықтан осылай келіп тұрған жоқпын ба? Сол парыз болмаса, ендігі жер басып тірі жүремін бе. Кеудеде шықпаған жан ғана жүр, жүрек әлдеқашан салдырлаған бос қалбыр болған. Есіңде ме, Жер-ана, баяғы қаралы күн?
– Есімде, Толғанай. Сені қос басынан неге шақырып кеткендерін де білемін. Адамдардың назарынан, қас-қабақтарынан, олардың терең күрсінулерінен сезгенмін.
– Иә, бәйшешектей жайнаған көктемде жаңа ғана қос шығарған кезіміз емес пе еді. Күн тимеген кемерлерде күртіктер әлі де жонданып жатқан еді. Әйткенмен де дамылсыз соққан өкпек жел жер бетін тобарсытып, күншуақта көк қылтиып, жаз өз күшіне әбден мінген шақ еді. Бұл сенің жазды аңсап, себілетін дәнге талға болғаныңнан, диқан далам! Томсарған бетің көгілдір буалдырланып дүниенің шартарабы бұрынғыдан бетер құлпырып, бұрынғыдан бетер күмістене мұнартып, төсекте жатқан әйелдей балқып жатқаныңнан, дарқан далам! Соқаны енді ғана жерге салып, дымқыл топырақтың жылы демі жүректі елжіретіп, трактордың артынан кетіп бара жатып: “дәнді, түсімді, егінжай бол, соғыста жүргендерге медет бола көр”, – деп, Субанқұл мен Қасымнан көптен бері хат-хабар келмегені есіме түсіп, ойланып тұрғанымда ауылдағы қариялардың бірі салдыратып жетіп келді. “Келіп қалған екенсіз, ақсақал, іс ілгері бассын деп батаңызды беріңіз!” – дедім, “Диқан бабам, қыдыр дарып, қырманға астық сыймасын, игілігін ел көрсін!”– деп, әлгі кісі ат үстінде бата қылды да, – “Толғанай, ауданнан келген пономош бригадир келсін деп шақырып жатыр, жүр!”– деді. Қосшыларға жұмыстарын айтып, қыстаққа тарттым. Ойымда дәнеңе де жоқ, ауданнан күнде мықтылар келіп жатады, әсіресе қос шыққанда жиілететіндері бар емес пе. Қариямен өткен-кеткенді әңгімелеп келе жатқанымызда, әлгі кісі сөз арасында: “Рахмет саған, Толғанай, осындай ауыр күндерде ел-жұртқа бас болып жүрсің, тізгініңді босатпай істей бер. Саған да оңай емес, адамның басына не келіп, не кетпейді, бірақ, қайсымыз болсақ та, осындай таршылықты бір-бірімізге үйде де, түзде де медеу-медетпіз. Елміз ғой. Елмен көтерген жүк жерде қалмас”, – деп қойды. Ауылға кіре беріп, көшені бойлап келе жатқанымызда біздің үйдің жанында шоғырланған топтың тұрғанын көрсем де ойыма ештеңе алғаным жоқ. Қария маған жалт қарап: “Аттан түс, Толғанай!” – деді. Мен аң-таң боп қарап қалсам керек, әлгі кісі жалма-жан атынан түсе қалып, менің қолтығымнан алып: “Түс, Толғанай, түсуің керек!”– деп тағы қайталады. Сөзге де келе алмай, тұла бойым мұздап аттан түстім. Сөйтсем ана жақтан Алиманды ертіп, үш-төрт әйел келе жатыр екен. Алиман сол күні алыста арық аршып жүрген. Оның көтеріп келе жатқан кетпенін бір әйел иінінен ала салды. Сонда ғана барып білдім. “Бұл нелерің, ойбай!” – деп көшені күңіренте аңырадым. Соның арасында Айша көршіміздің қорасынан әйелдер шығып, мені қолымнан қатты ұстады: “Қайрат қыл, Толғанай, Субанқұл мен Қасымнан айырылдық!” – дегенде, “Ене, енекем-ай!”– деп Алиманның шыңғырған даусы шықты, жиылып тұрған жұрттың бәрі: “Бауырым-ай! Бауырым-ай!”– деп өкіріп қоя берді. О, сұм соғыс, осыны істемек пе едің? О, қара күн, көрейік дегеніміз осы ма еді? Мен емес, көшелер, тамдар, тал- теректер шайқала теңселіп, айналаны күңіренткен, аңыраған, шыңғырған, өкірген ащы дауыстардан құлағым тұнып, керең адамдай ештеңені ұқпай, қандай да бір үрейлі жым-жырттықтың құшағына еніп, аспандағы бұлттар, қоршаған адамдардың жүздері түсімдегідей еміс-еміс көрініп, не өлі, не тірі екенімді сезбей, артыма қайырылған қолдарымды босатып алуға әрекеттеніп жаттым. Жанымдағылар кімдер екенін, есіктің алдында дүрліккен жұрттың кімдер екенімен ісім жоқ, менің бір ғана анық, айқын көргенім – Алиман. Бетін, көйлегін жыртып, шашы дода-дода болған келінім зар қақсай шыңғырып, екі жақтан ұстауға ұмтылғандарға бой бермей, ылғи маған қарай жұлқынумен болды. Алиманға ертерек жетсем деген оймен мен де оған қарай ұмтыла бердім, бірақ қырық күншілік алыс жолдан келе жатқандай талықсып, бір- бірімізге жете алмай, қосылуға арада ықылым уақыт өтіп, ортаға ықылым жол түскендей болды. Бір кезде Алиман жақындап келді, тұнған құлағым сонда ғана ашылды. Екі қолын жая: “Қаралы күн, ене, айырылдық, жесірміз, жесірміз! Күніміз сөнді, айымыз өшті, жесірміз!” – деп Алиман мені құшақтай сылқ ете қалды. Иә, сол сәтте екі жесір қосылып, бір-бірімізге күйікті көкірегімізді басып, еңіреп ботадай боздап жыладық... Қайран азаматтар, тау құламай неғып тұр, көл таусылмай неғып тұр! Субанқұл мен Қасымым, әкелі-балалы екеуі қандай диқан еді! Дүниенің тұтқасы осылар сияқты бейнеткерлер емес пе: елді тойғызған да осылар, жау келгенде қолына қару ұстап, мекенін қорғап, қан төккен де осылар. Ал енді, мысалы соғыс шықпағанда Субанқұл мен Қасымым қанша адамға еңбегінің жемісін татырып, қанша егін өсіріп, қанша қырман бастырып, қанша шаруа тындырар еді! Өздері де ел еңбегінен көріп, дүниенің қанша рақатына кенелер еді. Ойлап отырсаң, қызық, айналайын туған жер, соғыс басталады екен де, сол соғыста адам баласының ең асыл, он саусағынан өнер төгілген азаматтары істеп жатқан жұмысын тастап, бірінің қанын бірі төгіп бірін-бірі өлтіруге мәжбүр болады екен. Ал енді мен бұған түк риза емеспін, өмірімде риза емеспін! Табиғаттың жандыдан ең биік жаратқаны – адам баласы ма, дүниені игерген кім – адам баласы ма, олай болса, бір-біріне осыншалық залал-зәбір келтірмей, тыныштықта өмір сүре алмай ма? Айтшы шыныңды, туған далам, айт, бер маған жауабыңды! Қиын сұрау бердің-ау, Толғанай. Мен мен болғалы, адам адам болып жаратылғаннан бастап, соғысқаны соғысқан. Кей кезде соғыстан тегіс қырылып, тып-типыл болған, жер бетінен жоғалған елдер де болған, күлін жел суырған, тірі жан қалмай қираған шаһарлар да болған. Неше ғасырлар бойы адамның басқан ізіне зар болып, иен жатқан заманым да болған. Соғыс шыққан сайын, әр кез құлағы барларға ұстаспаңдар, қан төккенше ақыл тоқтатыңдар деп айтамын. Қазір де айтар сөзім сол: “Әй, адамдар, дүниенің төрт бұрышында өмір кешкен адамдар сендерге не керек – жер ме. Мына мен – жермін, мен барлық адам баласына бірдеймін, маған таласуларыңның керегі жоқ, маған ынтымақ керек! Еңбек керек! Бір дән тастасаңдар, жүз дән етіп беремін, шырпы тастасаңдар, шынар қылып беремін, бақ отырғызсаңдар мәуелетіп беремін, мал жайсаңдар, шөп болып беремін, там тұрғызсаңдар, дуал боламын, үрім-бұтақтарың көбейсе, бәріңе жай боламын! Мен таусылмаймын, мен қабағымды шытпаймын, мен кеңмін, бәріңе де жетемін!” Ал енді, Толғанай, адам баласы тыныштықта өмір сүре ала ма, жоқ па дейсің. Өзің ойлап қарашы, ол менен емес, ол сендерден, адам баласының өзінен, сендердің ынтымақтарыңнан, ықтиярларыңнан, ақылдарыңнан... Соғыс зардабын мен тартпайды дейсің бе. Майданда құрбан болған бейнеткерлерімнің, сенің Субанқұлың, Қасымың, Жайнағың сияқты диқандарымның еңбегін сағынам, оларды жоқтаймын. Қос уақытында шықпай, егін кезінде суарылмай, қырман кезінде бастырылмай жатқанда, мен оларды: “Келіңдер, балуан білек диқандарым, келіңдер, балаларым, тұрып келіңдер, қурап, күйіп барамын!”– деп шақырамын. Әттең-ай, комбайнын айдап, Қасым егін орып жүрсе кәне, әттең-ай, қызыл плакат іліп, Жайнақ арбасын салдырлата айдап келсе, кәне!..
Сен де мендей емессің бе, құтты далам, сен де мендей сағынып жатырсың, сен де мендей жоқтайсың. Рахмет саған, бауырлас жер! Білесің ғой өзің, жаман-жақсыны бірге көрдік. Субанқұл Қасымдардың орнын жоқтатпайық деп, Алиман екеуміз қара жамылып, ең болмаса мауқымызды да баса алмай, көз жасымызды емін-еркін төге алмадық. Естірткеннен жеті күн өтіп, жетісін берген соң ел рұқсат етті: жыл бойы аза тұтсақ та аз болар, амал қанша, арты қайырлы болсын, Майсалбегің мен Жайнағың – онда Жайнақ тірі – хат үзілмей келіп тұрған кезі болатын, аман-есен қайтып оралсын, жаз жарыс дегендей, тіршілік қамын ойлаңдар, егін айдауға уақтысында кірістік, өлгендер үшін дұшпаннан өш алғанымыз осы болсын десті. Келініміз екеуміз үйде отырсақ қайтер едік, өлгеннің соңынан өліп кетпейді екенсің, көпшіліктің айтқанына көніп жұмысқа шықтық. Жұмысқа шығар күні таң азаннан басқармамыз Үсенбай алақандай ескі қағаз алып келді, қара қағаздар екен, сақтап қой деді. Қарасам, Қасымның қара қағазы жарты ай бұрын колхозға келген екен, Москва түбіндегі шайқаста, Ореховка деген қыстақта қаза тауыпты. Оны әне естіртеміз, міне естіртеміз деп жүргенде Субанқұлдың да қара қағазы келіп жетіпті. Ол да жойқын айқаста Елецк қаласында мерт болыпты. Ауылдастарымыздың екі азаматымыздың жаманатын бірдей естірткен себебі осы екен. Онан арғысын несіне айтып жатамын. Бригадирмін ғой, белімді бекем буып, қайта ат арқасына қондым.
– Сен келгенде, Толғанай, екеуміз көпті көрген аналарша іштей тынып, үндемей көрістік, рас па? – Иә, өйтпеске басқа амал болды ма? Мен жылап босай берсем, келінім онан бетер өмірден жерімей ме. Білесің ғой, күйеуін ондай азалаған әйелді өмірімде көрген емеспін. Мен ерімнен де, баламнан да айырылып, күйігім онан кем емес еді, солай болғанмен менің жөнім басқа еді. Не дегенмен Субанқұл екеуміз біраз жыл өмір сүріп, өмірдің ащы-тұщысын татып, балалы-шағалы болдық, тілегімізге жеттік. Соғыстың ылаңы болмағанда бірге қартайып, бұйырғанын тең көретін едік. Ал енді Алиман мен Қасым жаңа ғана қосылып, жастықтың ең бір қызық шағында, махаббаттың ең бір ыстық кезінде, балтамен шорт шабылғандай, екеуі екі жақта семді ғой. Өлгеннің ісі де өлген, бірақ Алиманның тірі боп жер басып жүргені болмаса, түсінген кісіге, оныкі де өлгенмен бара-бар емес пе еді. Әлбетте, Алиман жас болатын, кейін жүре-бара, бәлкім, тағы өзіне лайық адамын табар. Алиман тәрізді жесір қалған жас келіншектер соғыстан кейін қайтадан отбасын құрып кетті. Бірталайының бағы ашылды, қазір үйлі-баранды аналар. Осылардікі дұрыс жол. Бірақ адамның бәрі бірдей емес екен ғой. Кейбіреуі бұрынғыны тез ұмытып, жанға түскен жарақаты жазылған соң, дереу жаңа жолға түседі. Ал енді Алиман соры қайнаған олай бола алмады. Басына түскен қырсыққа төтеп бере алмай, бұрынғысын мүлде ұмыта алмай қойды. Бұл тұста менің де адам кешірмейтін күнәм бар. Иә, іс насырға шапқанда босаңдық жасадым. Босаңдық деп айтуға да болмайды, келінімді аяп жүріп, оның ішкі сырына араласа алмай қалғанымды не десем екен, босаңдық па, жоқ әлде онан да ауыр күнә ма? Есіңде ме, Жер-ана, сол жазда осында болған оқиға?
– Баяғыда келініңнің менің төсімде жүгіргенін айтасың ба?
– Иә, соны айтамын. Сол жазда ажарыңды ашып гүл жайнап, осы жайдақ жатқан аңыздан анау үлкен жолға дейін құлпырып тұрмады ма. Гүлдің көріктісі қызғалдақ емес пе, шіркін! Ол күні біздің бригаданың адамдары бас арықты аршып жатқан. Мен де сол арада қосшыларға бір барып, қайта кеткен шайқандарға қайырылып, ат үстінде жүргенмін. Арықты күн батпай ерте аршып болған адамдар үйді-үйіне қайтты. Алиман, сен келіншектермен үйге бара бер, кешікпей мен де жетемін дедім де, жолдағы қосшылардың лашығына қайырылдым. Біраздан кейін жүрейін деп, аяғымды үзеңгіге сала бергенімде Алиманды көзім шалып қалды. Ол үйге кетпей, осында жалғыз қалыпты. Гүл теріп жүр екен. Гүлді өзі сондай артық көретін еді ғой. Әй, қайран Алиман, гүл сүйген, гүлдей келінім! Қолына ұстағаны он шақты қызғалдақ, оны еркелете сипап, бетіне тигізіп, терең ойға шомып тұрған тәрізді. Оның өстіп тұрғанын көргенімде ыстық тер бұрқ ете қалды. Баяғыда орақ орып жүріп, гүл тергені есіме сап ете қалды. Онда ол қызыл орамал салып, қолына ұстаған ақ шешекті гүл шоғы емес пе еді. Ал қазір басына салғаны қара жаулық, қолына ұстағаны ал қызыл гүл, айырмасы сол. Алиман сонда басын жоғары көтеріп, көпке дейін бірдеңе іздегендей төңірегіне көз жүгіртіп, онан кейін аспанға қарап, бір уақытта “мұның енді кімге керегі бар еді” дегендей, кешір, Жер- ана, сені бетке ұрғандай ашумен қолындағы гүлді лақтырып жіберді де, өзі етбетінен құлап басын ұстап жатып қалды. Жарайды, енді оңашада жылап алсын деп, мен лашықтың сыртында тасаланып тұрдым. Соның арасында Алиман орнынан қайтадан атып тұрды да, бет алған жағына, үлкен жолды көздей ышқына жүгірді. Есім шығып атқа міне сала соңынан түстім. Жеткізсейші. Алдымда қара жаулық салып, жолындағы қызыл гүлді кешіп келінім зымырап барады. Не істерімді білмей: “Алиман! Алиман! Бұл нең, ойбай! Тоқта! Тоқтасайшы!”– дей бердім. Баяғыдай сары жорғаның соңынан жүгіргеніндей Алиман үлкен жолға жетті де, қайтадан маған қарай бет алды. “Ене, енекежан. Маған ештеңе айтпаңыз! Үндеме! Айтпа!”– деп қолын созып жүгіріп келді де, аттың жалын шеңгелдей ұстап, басын менің тіземе қойып, өксіп жылады. Мен үндеген жоқпын, не деймін, өксігін басқанша күтіп тұрдым. Бір кезде Алиман басын оқыс жұлып алып, маған қарады. Ой, сондағы түрін-ай, көзінен ыстық жас парлап, бетін жуып кетті, көзі көнектей. “Қарашы, ене!– деді ол өксіп,– күн мынадай боп жарқырап тұр, дала мынадай гүлдеп тұр, ашық аспан мынадай күлімдеп тұр, Қасым жоқ, ә! Енді ол еш уақытта келмейді, ә?” “Жоқ, келмейді”, – дедім мен жаймен ғана. Алиман қатты күрсініп алды да: “Кешір, ене, – деді. – Қасымның артынан жүгіріп барып бірге өлейін деп едім”. Осыны есіткенде мен де жыладым. Ал енді мен адам болсам, көреген ене болсам, сонда оның көңіліне қарамай: “Сенің бұл не қылғаның, бала болып кеттің бе, бұдан былай саған өмір сүрудің керегі жоқ па екен? Сендей келіншектердің қаншасы жесір қалып жатыр. Сабыр ет, Қасымды бірте-бірте ұмыт, сендей келіншек жерде қалмайды. Өз теңіңді тағы табарсың. Бағың ашылар. Бүйтпе, жаман боласың. Өмірден баз кешсең, өзіңнің сорың. Қайрат қыл!”– демейін бе, өстіп оны ақылға салмаймын ба. Ал енді мен олай деп айта алған жоқпын, шындық болса да – суық сөз екен. Кейін тағы неше рет осы сөздің кезегі келгенде, тілімнің ұшында тұрса да, батылым барып айта алмадым. Бұған әр түрлі себептер болды, менен ғана емес, Алиманның өзінен де болды. Қысқасы, сөздің қызған темірдей тілгіш кезі болады екен, онан өткен соң, кісінің жағы ашылмай, айтуға ауырсынып, ескі кесел тәрізді созылып кетеді екен. Бұл әңгімені мен қазір ғана, заман тынышталып, арада қанша уақыт өткеннен кейін айтып отырмын. Ал енді онда, сонау дүрбелең жылдарда, колхоздың бітпеген шаруасымен аласұрып бұл істі жайбарақат отырып жан-жақты терең ойлауға уақыт та, мұрша да болған жоқ. Біздің барлық әрекетіміз, үмітіміз, тілегіміз, күткеніміз ертерек жеңіс келсе екен, ертерек соғыс бітсе екен деген жалғыз ой. Онан басқаның бәрі өзінен-өзі шешіле жататын оңай нәрсе болып көрінді. Ал енді соғыстың тұзы ащы сарқындысы бітті деп қазір де айта алмаймыз... Иә, Жер-ана, бітпегені үшін өстіп бәрін қайтадан еске алып, бәрін қайтадан қансыраған жүректен өткізіп, сөйлесіп отырған жоқпыз ба.
– Айта бер, Толғанай, айт. Бүгін сөз сенікі, әңгімеңді жалға. Жалғамасқа амал қанша: өмірдің өзі-ақ, жалғап тастамады ма. Соғыстың үшінші-төртінші жылдары адамды сүйіндіріп те, күйіндіріп те, жау сүрінгеннен омақаса құлай шегініп бара жатса да, ешбір көзі бітелмейтін қуатынан, әлінен тайған елдің онан бетер қабырғасын қайыстырып, есінен тандырды. Күзде, егін жинаған кезде масақ теріп, ептеп бүйірі шыққан ел қыс ортасынан былай қарай ашыға бастады. Әсіресе көктемде таудан көсік, жауқазын қазып жеп, күнелткендер де болды. Алиман екеуміз аш болсақ та тістеніп, сыр бермей, колхоздың жұмысына уақтылы барып күн өткізіп жаттық, ал енді балалы-шағалылар көр азабын тартып қиналды. Беттері ісіп кеткен балаларды көргенде теріме сыймай, ашуға булығып, бұл үшін мен жауаптыдай, олардың “нан”– деп телмірген көздеріне тура қарай алмай жүрдім. Қолымнан келсе ештеңемді аямай, ол тұрғай Субанқұлдың, Қасымның артынан барып шыбын жаныңды құрбандыққа шалсаң, сонда осы балалар- дың құрсағы тояды десе, ойланбай мақұлдар едім. Бір күні мен осы сөзді Алиманға айттым. Ол қатты ойланып қалды. “Дұрыс айтасың, ене, – деді ол. – Үлкен кісілер неге ашығып жүргенін түсінеді, ал оны балалар қайдан білсін, дүниенің ешқандай қулық, сұмдығымен ісі жоқ. Олардың жайы біздікінен де жаман. Соларға енді ептеп- септеп соғыс басылып әке, ағалары қайтып келгенше нан тауып беріп тұруымыз керек. Екеумізге енді, ене, осы қалды, басқа ештеңе жоқ. Қолдан келгенше елге пайдамызды тигізіп тұрайық. Ендігісі осы да, әйтпесе өмір сүріп не керегі бар?” Бірақ өмір біздің осы айтқанымыздай болған жоқ. Егін егіп, нан тапқан диқандардың нансыз қалуы тәңірден тысқары нәрсе. Бақсақ, соғыс кезінде – бұл соғыстікі, жан да, ерік те, еңбек те, жас балалардың быламығына дейін, барлығы бүкіл қимыл-әрекеттің, бәрі қан сорған соғыстікі! Онан ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды. Қашып бас сауғалағандар да болды, жасыратын несі бар, бірақ сол қашқан- пысқандар айналып келді, ақыры сол азапты елге қол салады екен, оның дұшпаны, қарақшысы болады екен. Басқа жол жоқ, осы ғана екен. Бұған да көзіміз әбден жетті. Есіңде ме, Жер-ана, баяғы қысқы түн?
– Иә, баяғы сен адасып кететін түнді айтасың ба?
– Соны айтамын. Қырық үшінші жылдың қыс ортасы ма, жоқ әлде жазға салым ба еді? Әйтеуір жерде қар бар, суық болатын. Түннің қай уақыты екенін қайдам, ел тегіс жатқан терең түнде, әлдекім терезені сындырып жіберетіндей ұрғылап: “Толғанай! Бригадир! Тұр ертерек! Оян!” – деп айқайлады. Есіміз шығып, Алиман екеуміз ұшып тұрдық. “Ене! Ене!”– деді Алиман қандай да бір үйреншікті нәрсені күткендей үнмен. Алда құрыған үміт-ай, әр кез естен екі елі шықпаған нәрсе сол сәтте менің де жүрегімді қыспасы бар ма: әскердегілердің бірі келіп қалмасын деген ой келмесі бар ма. “Сен кімсің? Сен кімсің?”–деп терезеге үңілдім. “Далаға шық, Толғанай! Бол тез! Сарайдан ат ұрланды!”– деді келген кісі. Алиман шам жағам дегенше етігімді кие салып, далаға жүгіріп шықтым. Ат қораға басқармалар да жеткен екен. Сары жорға бас болып, оны біз колхозға өткізіп жібергенбіз, арбаға жегетін үш ат жоқ болып шықты. Біздің бригаданың жазғы қос айдауға байлаған сен тұр мен атайын мықты аттары еді. Аттардың түнгі шөбін салайын деп қарауылшы шөп қораға шығып кеткенде қағып кетіпті, қайтып келсе сарай іші қараңғы, шам сөнген, жел өшірген екен ғой деп жайымен жандырып қараса, бергі жағындағы үш аттың орны бос. Ол кезде үш жұмыс көлігін жоғалту колхоз үшін қазіргі кезде он трактор жоғалтқанмен пара-пар еді. Ал енді арғы жағын ойласаң, бұл майдандағы солдаттардың әрқайсысының бір сындырым нанын қолынан тартып алғандай нәрсе емес пе. Жабыла аттанып, қайсыбіріміз оқталған мылтық ала шауып ізіне түскенімізде, ұрылар жолықса оңдырмайтын едік. Құдай-ақы, оңдырмайтын едік! Бірақ жете алған жоқпыз, ұзап кетсе керек және де қайда кеткенін кім білсін.
Ауылдың сыртында екі-үш топқа бөлініп, жан-жаққа кеттік. Сонда адасып кетпейін бе. Мінгенім колхоздың асыл тұқымды айғыры еді, жануар қамшы салдырмай алып-ұшып келеді, үлкен жолдан өтіп, тау жаққа бет түзегенімді білемін. Артымнан еріп келе жатқандар да бар еді, басқа жаққа бұрылып кеткен бе, олардан қара үзіп кеткенімді біраздан кейін барып білдім. Қарақшылардың қарасы қайдан көрінер екен деп, тізгінді тартпай иен далада ағызып келе жаттым, бір кезде ат тоқтай қалғанда ғана алдыма қарасам – терең сай. Тау етегіне келіп қалғанымды сонда барып білдім. Қарауытқан қыр үстінде арқан бойы жерде ай шалқалап, жұлдыздар жымыңдасып тұрды, аспан ашық. Мұздай жел күртік қар үстімен ұйтқи соғып, жансыз қурайларды біріне-бірін қағыстырып тұрды. Иесіз ескі қорған ішінен үкі-жапалақтардың жағымсыз даусы естіліп тұрды. Бұл түні дүниенің әр жерінде әрқилы жақсылық пен жамандық болған шығар, тарихтың әр алуан ұлы да қайталанбас оқиғалары өтіп жатқан болар, ал енді біздің ауылымызда бұл түн осындай бір сойқан түн болды. Аттарды кім алды екен, қандай немелер алды екен? Осындай кездерде елдің обалынан қорықпаған кімдер болды екен? Ана қамыстың ішінде бой тасалап жатпасын деп сайға түсіп қарадым. Ештеңе де жоқ, болғаны бір түлкі бұлаң етіп қамыстың ішінен шыға қашты да, ай жарығында күмістей құбылған құйрығын сүйретіп, жер үстімен жортып кете барды. Кері қайттым. Сайды бойлап келе жатқанда есіме түсті: Жексенқұл деген біреу әскерден қашып келіпті, қасында екі жолдасы бар екен, Сары жазықтағы қазақтардан көрінеді деген қаңқу сөздерге онша сене қойған жоқ едім. Қайтіп қана көпшілік майданда өрт кешіп, шайқасып жатқанда бұлар мұнда қара басын ала қашып, бекініп жүреді? Бұл не деген жүзіқаралық: “Сен өл, мен өмір сүрейін дегені ме? Осы да кісілік пе?”– деп ойлап жүргенмін. Ауылда әркімнің сыры белгілі емес пе. Мұндай іске баратын ешкім жоқ болатын. Онан кейін ортан қолдай үш жылқыны кім бойына сіңіріп кете алмақ. Не де болса ұры алыстан келді. Әлгілердей сырттан торып, тау-тасты мекендеп жүргендер ғана сіңіріп кете алады деген ойға келдім. Жексенқұлдардың әскерден қашып жүргендері шын болса, онда бұл солардың жасаған сойқаны ғой деп түйдім. Олай дейін десең, ұрыны көзіңмен көріп қолыңмен ұстаған жоқсың. Бірақ, Жексенқұлдармен кейін беттесуге тура келді. Бұл оқиға көктемде болды.
Шынын айтсам, колхоздың күнделікті дүрбелең шаруасымен жүріп, бұл оқиға естен де шығып кеткен еді. Үш ат бір соқаның күші, ептеп құнан-пұнандарды үйретіп, бригаданың соқаларын түгендедік, амал қанша. Сонымен қос шығып, ұрыны емес құдайды да ұмытатын қарбалас басталды. Менің өмірімдегі ең бір ауыр жаз сонда болды ғой. Ел қайтсін, істейін-ақ дейді, бірақ, аштықтан кетпен көтеруге әзер жарап жүр, тіпті жұмысқа жарамай қалғандар да болды. Баяғыдай қуат жоқ, жұмыс кешеуілдеп қалды. Оның үстіне колхозда тұқым аз, қамбаның ішін сыпырып-сиырып, әрбір дәнді теріп, әйтеуір әзер дегенде бригадамызға берілген егіс жоспарын орындадық-ау. Сол кездері елдің түрін көріп, қатты ойландым. Еңбек күнге дәнеңе алмаса, ішерге ас болмаса, енді елді қырамыз ба? Ендігі көктемде мұнан да бетер аштыққа душар боламыз ғой сәті болса. Жоқ, біздің бұнымыз жарамайды, қайтсек те бір ақылын табуымыз керек деп, анау тау етегінде бос жатқан ескі аңыздың орнын айдатып, егін ектірмек болдым, Басқармамен ақылдастым, райкомға дейін бардым, түсіндірдім: мұны біз жоспардан тыс, өз күшімізбен істейміз, елдің еңбекақысына үлестіріп береміз деп алдаймыз. Үстел құшақтаған бір мықты: колхоздың сталиндік уставын бұзасың, – деп жекіді. “Бүйткен уставың қара жерге кірсін – дедім. – Бар, Сталинге айт! Біз бұралып аш жүргенде сендерге кім тамақ тауып береді?” “Аузыңызға ие болыңыз, құрығыңыз кеп жүр ме?” – деді. “Ие болмаймын! Біз істен шығып қалсақ, майдандағы солдаттарға кім нан тауып береді? Осыны ойламайсыңдар ма?” Қойшы әйтеуір, ақыры келісімдерін берді. Бірақ мәселе басқада еді: себетін тұқым жоқ, ал колхоздың қамбасында түйір дән ырымға табылмайды, енді қайдан аламын? Айлам, амалым таусылып, елді жинап алып, өзімше кеңес құрдым. Шығып сөйлеп, бар сырымды алдарына ақтарып салдым: “Кәне, халайық, кеңесіп кескен бармақ ауырмайды деген. Не істейміз? Келер көктемде де өстіп, тісіміздің суын жұтып отырамыз ба, жоқ әлде бір тіршілік істейміз бе? Мына егіндерге үміт артпайық, жорта жасырып керегі не, оның бәрі, тұқымнан басқасы, майдандікі, соғыста жүрген әскердің азығы. Ал енді тұқым тапсақ, жоспардан тыс азын-аулақ егін салатын шамамыз бар. Оның түсімін еңбек- ақыға, кәрі-құртаңдар мен жетім-жесірлерге бөлістіріп береміз. Маған сенсеңдер мен мұны өз мойныма аламын. Сөздің тоқетері былай – үйлеріңде ішіп отырған, қаптарыңның түбінде қалған астықтарыңды беріңдер, жерге себеміз. Қазір ішпесек ішпей-ақ қояйық, бұған да шыдайық, ептеп ағарған ішіп, егін пісікке ілесіп кетерміз. Өздерің үшін, бала-шағаларың үшін ерлік көрсетіңдер, айналайын ағайындар, аямаңдар, ауыздарыңнан қайта шығар- саңдар да беріңдер, уақыт өткізбей тұқымды сеуіп тастайық!”– дедім. Жиналыста мақұл дескенмен, шынтуайтқа келгенде істің жайы олай болып шықпады. Әсіресе балалы әйелдер кісінің сай- сүйегін сырқырата зарлап, соғысыңды, өміріңді, колхозыңды жерден алып, жерден салып қарғап, сақтап отырған бидайы бар ма, арпасы бар ма балаларының аузынан жырып беріп жатты. Арбаны көшемен жүргізіп қойып, үйді-үйге кіріп, біреумен жарқын сөйлесіп, қайсы бірімен шекісіп қалып, алды жарты пұт бидай, арты бір кесе сұлы берсе де, әйтеуір ұсынғанын ала бердім. Мейлі қос уыс дән болса да пайда, күзде сол бір қос уыстан бір пұт астық алсақ, қазіргінің есесін қайырып алғанымыз сол емес пе деген ойда болдым. Әйтпесе мұндайға баспаймын ғой. Бірақ солай болса да, не үшін осындай қаталдық жасадым екен сонда? Оң жағыма қарап күліп, сол жағыма қарап жылап, тіпті ешкімді есіркеген жоқпын ғой. Бірқатарының қолынан тіпті тартып алғандай болдым. Бейшара Айша көршімнің сондағысын өмір-бақи ұмытпаспын. Күйеуінен ерте айырылып, Жаманбай соғыстан бұрын қаза таппады ма, қайғымен қажып, науқасқа шалдықты. Беті бері қараған кезде колхозда әлінің келгенінше жұмыс істеп, бақшасын күтіп, жалғыз ұлы Бектасты адам қатарына қосты. Ол да кәдімгідей іске жарап, бір үйді асырайтындай болып қалған-ды. Бектасқа сол күні тұқым жинаған арбаны айдатып қойғанмын. Олардың үйінің тұсына келгенде: “Бектас, үйлеріңде ештеңе бар ма?”– деп сұрадым. “Бірдеңе бар болар, – деді бала. – Пештің қасында”, “Әйтпесе өзің алып келе ғой” – десем, “Жоқ, Тоқан апа, өзіңіз барып алыңыз”, – деді.
Екі-үш күннен бері ауруы ұстап, Айша үйінде жатыр екен. Реңі адам аяғандай, қуқыл тартқан, шамасы қиналып отырса керек. “Жұрт қатарлы беретініңді бер, Айша” – деп едім, “Бар болған астығымыз анау”, – деп қапты көрсетті. “Сол болса да бер. Тұқым үшін, жер айдаулы, себеміз де тастаймыз”, – дегенімде Айшаның қабағы түсіп, үндемей томсарды да қалды. Қайран жоқшылық-ай, адамды қалай қор етеді! “Айша, мынаны ең көп дегенде он күн талшық қыларсың, кейін қыстық азығың болады ғой, ертеңгіні де ойлайық, балаңның игілігін көр, көшеде арбасымен күтіп тұр” – дедім. Айша ернін тістегілеп: “Бар болса, аяп отыр дейсің бе, Толғанай. Өзің де көріп жүрген жоқсың ба, мен мынадай шала- жансармын, құдайы көрші емеспін бе...” Айша осылай дегенде жүйкем босап кетті. Бірақ сол замат жоқтықты шетке қақтым. “Мен қазір көршің емеспін!– деп қатты сөйледім.– Мен бригадирмін, көпшіліктің атынан осы айыбыңды алып кетемін!”– дедім де, орнымнан тұрып, қапты қолыма алдым. Айша үндемей теріс қарады... Алты-жеті килодай бидай екен. Қабымен алып кете берейін дедім де, бірақ шыдамай тең жартысын үлкен табаққа төктім. “Бері қара, Айша. Жартысын ғана алдым, қапа болмашы”, – дедім. Айша басын бұрып маған қарағанда, көзінен аққан жас боп-боз сала болып төмен қарай төгіліп тұр екен. Сонда тастап кетсем болмай ма, мұндай боларын біліппін бе, қапты ұстаған бойы үйден ата шықтым. Адамды бүйтіп ренжіткен кісіге қандай азап, ә, құры- сыншы дүниесі неге, немене үшін солай еттім екен! Қазір есіме алсам да, істегенімді ешбір кешіргім келмейді.
– Жоқ, Толғанай, онда сенің ешбір күнәң болған жоқ. Сен елге игілік істейін деп ойладың, бірақ ол орындалмай қалды.
– Иә, айналайын, диқан далам, сен бәріне куәсің: ниетім түзу болатын. Ал енді сонда ауылдағылар жабыла сабап өлтірсе де, бейіл едім. Білесің ғой өзің, үлкен екі қап тұқымдық астық жиналды, оны біз қалбырға салып тазалап, қос басына өзім жеткізіп тастағанмын. Ол күні қоя тұрсам да болады екен. Айдайтын біраз жер қалған болатын. Ертеңіне құлқын сәріден тұрып, жер жыртуға өзім асығып келемін. Тұқым дайын, жер дайын, барлығы да ойдағыдай келе жатқан. Кеш түскенде үйге келіп, әлденеге елеңдеп тыныш отыра алмадым. Күндіз Бектас пен тағы бір балаға тырмаларды арбамен қос басына апарып тастаңдар деп дайындаған едім. “Бала – баланың ісі шала” дегендей, олар айтқанымды орындады ма, әлде жоқ па тақат таппай Алиманға: “Мен ана қосшыларға барып келе қояйын, тез ораламын”– деп, атқа мініп жүріп кеттім. Қыстақтан шыға бере, аттың басын қоя бердім. Қас қарайып, кеш қараңғысы бірте-бірте қоюланып түсіп бара жатқан. Қос басына жете бере айдалған жерге қарасам, соқаға жегілген өгіздер бос тұр, жанында тірі жан жоқ. Осы уақытқа дейін өгіздерді доғармағаны несі деп, соқа айдаған балаға әбден ашуым келді. Қайда жүр екен ол жүгірмек дегенімше болған жоқ, жол бойында аударылып жатқан арбаны көріп, зәрем зәр түбіне кетті. Арбаның жанында да ешкім жоқ. “Әй, балалар, қайда жүрсіңдер? Қайдасыңдар? Кім бар мұнда?”– деп айқайладым. Ешқандай жауап жоқ, тек жаңғырық естілді. Бұл несі, бұлар сау емес құдай біледі деп лашыққа шаба жөнелдім. Аттан секіріп түсіп, шырпы жағып кіріп келсем, Бектас жолдасымен, соқашы бала – үшеуі бірдей қолдары артына байланып, жерде жайрап жатыр. Киімдері өрім- өрім, бет-аузы қанға боялған, ауыздарына шүберек тығылған. Бектастың аузынан шүбіректі жұлып алып: “Тұқым? Тұқым қайда?” дедім өкпем аузыма тығылып. “Алып кетті, сабап алып кетті” деп, ұрылардың кеткен жағын басымен көрсете берді. Сол жерде не болғанымды білмеймін, атқа ырғып мініп, ізіне түстім. Өмірімде өйтіп атқа шауып көрмеген шығармын. Денесіне пышақ тигенде адам ештеңеге қарамай ышқынбай ма, қараңғы түн емес, мейлі көр түнегі болсын! Өз үйімді өртеп, өз мүлкімді үптеп кетсе разымын, қырманға қол салып, тоғыз қап толтырып алып кетсе шыдар едім – қырманның ұшығы дер едім, бірақ, бұл тұқым үшін табан астында өлуге де дайын едім!..
– Иә, Толғанай, елдің аузынан жырып алған әрбір түйір дән үшін, адамның құны болған қос уыс тұқым үшін жаныңды құрбандыққа шалсаң да аз еді. Түн қараңғылығын оқтай жарып: “Тоқта! Тоқта! Жүзі қаралар!” деп ақырдың. Сенің дауысыңнан селт етіп, ұйқыға кетіп бара жатқан жерімнен ояндым. Аттың төрт аяғы тасырлап, ұрыларға төніп қалған екенсің. – Иә, дүние-төңіректі жара ақырғаным шын. Өстіп айқайлап келе жатқанмын, ісім ақ екен, қарақшылардың ізіне білгендей түсіппін. Көп ұзамай алда ұрылардың қаралары көрінді, ат тұяқтарының тасқа шақ-шақ тиген даусы естілді. Үшеу екен, салт атты немелер қаптарды бөктеріп алып тау жаққа қарай салдыртып бара жатыр екен. “Тоқта! Тастаңдар тұқымды! Таста тұқымды! Таста деймін!” – деп, атты үсті-үстіне қамшылап ізінен қалмай келе жаттым. Арамыз бірте-бірте қысқара берді, өйткені аналар қап бөктерген, қатты шауып кете алмады. Бірақ астықты да тастамады. Біреуі ортада жорға мініп бара жатты. Қолда өскен мал емес пе, артынан таныдым, артқы ақ шашалы аяғынан таныдым – біздің сары жорға екен. Қыста аттарды да ұрлаған осылар екенін білдім. “Тоқта! Мен білемін сендерді. Мен білемін сені, Жексенқұл!
Сен Жексенқұлсың! Құтыла алмайсың сен енді менен, тоқта!”– деп бар даусыммен айқайлап келе жатқанымда шынында да Жексенқұл екен, жорғаның басын бұра тартып, қараңғыда ат құйрығы бұлақ ете түсіп, мылтықтың аузынан жарқ еткен от көзіме қатарынан екі рет шағылысып, тарс еткен дауыстан атым үрке тоқтап, тебетейдей ұшып түстім. Жығылып бара жатқанымда мылтық атылғанын, өзіме оқ тигенін сездім, онан арғысын білмеймін, қара түнек. Бір уақытта есімді жиып, көзімді ашсам, айнала тып-тыныш, шалқамнан түсіп жатыр екенмін, өн бойым өзімдікі емес, қорғасындай ауыр тартып, қимылдауға дәрменім жоқ. Жанымда – кейде қорқырап, кейде тебініп тұяқ серпіп оқ тиген аттың жаны шыққалы жатыр екен. Жануар біраз қорқырап қиналды да, ақырғы рет ышқына тұяқ серпіп, сылқ етті. Осы бір сәтте маған өмірдің бәрі тоқтап қалғандай сезілді. Жым-жырт түн және мен... Орнымнан тұрып ептеп әрекет жасағым да келген жоқ. Қандай оқиға болғанын сонда ғана барып түсіндім. Осы бойдан көзім жұмылып өлсем кәнекей дедім өзіме. Елге енді не бетімді айтамын, не деймін, оның жүзіне қалай қараймын? Көзіме жас толып, жоғары қарасам түнерген аспанда Құс жолы ұзыннан-ұзақ жолақ тартып, құдды Айшаның бетінен төмен сорғалаған көз жасындай боп-боз болып жатыр екен. Дірілдеген ерінімді тістеп ел үшін, жұрт үшін, келешек үшін сұранып, тіленіп, Айшаларды жылатып тартып алған тұқымымды көр тамағына алып кеткен қашқындарды қарғадым. “ЬІлайым, қан төккен елдің қаһары ұрсын сендерді! Соғыстың ғаламаты ұрсын сені, Жексенқұл! Өстіп жүріп жан сауғалағанша адам болып дүниеде жүрмей-ақ қоймайсың ба? Субанқұлым, Қасымым ішкен суды сен де арамдап ішіп жүрген екенсің... Тфу, бетіңе!..”
Мен өстіп көпке дейін жаттым. Бір уақытта біреудің келе жатқаны естілді. “Тоқан апа! Тоқан апа-а-а-а!”– деген баланың жыламсыраған даусы шықты. Бектас екенін даусынан таныдым. Іздеп жүрсе керек. Басымды жоғары көтеріп: “Бектас, бері қарай жүр” – деп шақырдым. Адам ғой, атаның баласы ғой, жаныма жетіп келіп: “Тоқан апа, аман-саусың ба, Тоқан апа?” – деп, басымды сүйеді. “Аман-сау емеспін, белім қозғалтпайды, шойырылып қалса керек”, – десем ол: “Ештеңе емес, әлі-ақ сауығып кетесіз, Тоқан апа”, – деп, ана жақта іздеп жүрген жолдастарын: “Балалар, бері келіңдер, Тоқан апам мұнда екен, аман-есен екен”, – деп шақырды. “Енді апаңа не деп жауап береміз?” десем, Бектас біраз үндемей тұрып: “Жауабын мен өзім беремін, Тоқан апа. Жұрттың бәріне жауапты өзіміз береміз, Тоқан апа. Ештеңе емес!” – деп, бала ғой, онда он төрт-он бестегі кезі, ызасына шыдамай еңіреп қоя берді. Жұдырығын түйіп, орнынан ұшып тұрып, тау жаққа қарай қолын сілтеп: “Біз бәрібір өлмейміз, әлі көрерсіңдер, мен де есейіп ер жетермін. Бұл істегендеріңді еш уақытта ұмытпаспын”, – деді. Оның сол бір жігерлі, кекті сөзіне делебем қозып, шыдай алмай жылап жібердім. Сонда ол: “жыламаңыз, Тоқан апа, мен де сіздің балаңызбын, мен де ер жетемін, Қасым ағамның орнын жоқтатпаймын”, – деп, қолтығымнан сүйеп, орнымнан тұрғызды. Балалар мені арбаға салып, үйге алып келді. Екі-үш күн науқастанып, төсекте жаттым. Ауылдағылардың бәрі көңілімді сұрап, келіп-кетіп жатты. Елге рахмет, оған өле-өлгенше ризамын, сонда мені ешкім табалаған жоқ. Алайда ойлаған ісім орындалмай қатты қиналдым. Айдалған жер бос қалып тұқым себілмей, қарақшылардың кересі болып кеткенін еске алған сайын, жүрегім сыздап, қаным қайнады.
– Оның рас, Толғанай. Оны мен де сездім. Сол шаңы шығып бос қалған егінжай денемдегі бітпеген жарақаттай көпке дейін сыздап, мені ауыртып жүрді. Егіндікке тұқым себілмей қақырап қалса, менің дертім сол ғой, Толғанай. Соғыс басталғалы бері қанша егінжай қақырап, қанша адам қыршынынан қиылды. Менің барып тұрған жауым – соғыс бастағандар, өйткені олар егін екпейді.
– Дұрыс айтасың, – соғыс пен диқаншылық бір-біріне қарама- қарсы нәрселер емес пе. Соғысқан егін екпей, адал адамдардың несібесіне арам қолын салады, демек ол адам атаулының жауы. Майсалбек, айналып кетейін кемеңгер ұлым, ол да осы жөнінде хатында жазбап па еді. Есіңде ме, Жер-ана, Майсалбектің хаты?
– Мен оны жатқа білемін, Толғанай.
– Иә, сен екеуміз оны жатқа білеміз. Бүгін менің сыйынатын күнім, бүгін біз бәрін қайтадан еске аламыз, Жер-анам.
– Айта бер, Толғанай. Сенің бұл айтқандарың өткенді еске алу ғана емес, әрдайым жүректе сақталатын нәрсе. Майсалбегіңнің жазған хатын тағы бір қайталап айтып берші. Майсалбек сенің ғана ұлың емес, ол менің де ұлым, Жер-ұлы Майсалбек! Мен сонда ауырып жатқанымда, ауылдастарымның хал-жай сұрап, әрқайсысы жылы сөздерін айтып, көңілімді аулап жүргендерінің тағы бір себебі бар екен ғой. Мен оны сезіп те қалғандай болдым.
Айша көршім, бейшара, өзі аяғын әрең сүйретіп жүріп, кішкентай тостағанмен қаймақ алып келіпті. Ол үйге кіріп келгенде, анау күні істегеніме қатты ұялдым. Аузыма сөз түспей, қатты қысылдым. “Толғанай, сен ойыңа ештеңе алма, – деді Айша.– Менің босаңдығымды кешір. Сендей әйел үшін, керек болса, жанымды да аямаймын. Керек болса, жалғыз ұлым Бектасты да беремін. Ол онсыз да екі үйдің ортасындағы бала болып кетті, сені менен артық көрмесе, кем көрмейді. Сен бізбен адамсың, біз сенімен адамбыз. Осыны түсініп қой”– деді. “Рахмет, бұл лебізіңе”, – дедім мен де. Әншейін ойындағысын айтқан екен десем, оның да сөзінің астары бар екен.
Ертеңіне белімнің ауырғаны басылып, үйде әрі-бері жүріп далаға шықтым. Терезенің алдына киіз төсеп, белімді күнге жылытып отырдым. Алиманға жұмысқа бара бер десем, басқарма бүгін де енеңе қарайлас, үйде бол деп рұқсат берді деді. Аула ішіне от жағып, су жылытып, Алиман кір жуып жатқан. Есік алдындағы жуан түп кәрі алма ағашы сол жылы орасан қалың гүлдеп, қайтадан күш алып жасарғандай жайқалып, жел тигенде бұтақтарынан аппақ қоқым себелеп жатты. Алма гүл жарған кезде ауа да мөлдір бұлақтай тұнып, тап-таза болып тұрады ғой әдетте. Алыста жалтыраған таудың мәңгі мұздары ап-анық, көрініп тұрды. Өстіп отырғанымда аулаға пошташы Темір шал кіріп келді. “Арма, Толғанай”, – деп онша сөзге де келмей, асығып-үсігіп, өзінше әлденеге томсарып, күркілдеп жөтеліп, суық тиіп қалыпты байғұсқа, құрғырдікі деп күбірлеп, саған хат бар еді дегендей сөмкесін ақтарып-төңкеріп, бір хатты тауып алды да, маған берді. Оның бұл төзімділігіне тарынып: “Келген бойда айтпайсың ба, кісіні зарықтырмай! Кімнен екен?”– деп сұрадым. “Майсалбектен көрінеді”, – деді ол біртүрлі. Қуанып, жүрегім алып ұшып әдетте Майсалбектің хаты үш бұрышты болатын еді, бұл жолы адресі тасқа басылған, төрт бұрышты, сырты қалың атлас қағаз екеніне тіпті назар салмаппын. Сол арада жарадар аяғын сүйретіп, балдаққа сүйеніп Бектұрсын келіп қалды. Көршіміз еді, іші пысқанда біздікіне келіп, көңілін көтеріп кететіні бар еді. Хат келіп қалған екен ғой, Майсалбектен ғой тәрізі деп, сабыр қылып қол алысты. “Қолың неге қалтырайды? Бері отырып оқып берші”, – дедім. Сонда ол киіздің шетіне отыра беріп, ойбай аяғым деп өңі қуарып, қара суға түсті. Хатты қолы дірілдеп әрең ашты да, оқи бастады. Ай, қайран балам, қайран хат...
“Апеке, ақ сүтіңнен айналайын апекем,– деп бастапты.– Мен сенің қандай жан екеніңді білмесем, бұл хатты жазбас та едім. Сенің ақылыңа, қайратыңа, сенің күшіңе сеніп жазып отырмын. Сөйтсем де не деп түсіндіріп, не деп айтуға сөз таба алмай, алақандай ақ қағазға телміре қарап отырмын. Ақыры менің істеген ісімді дұрыс деп табарсың, мен оған өзіме сенгендей сенемін. Иә, апа, мені сөзсіз дұрыс істеген дерсің... Әйткенмен, жүрегіңнің түкпірінде маған деген сұрауың болар: “Балам, қайтіп өз өміріңді өзің қидың. Адамға бір-ақ рет берілетін бұл жарық дүниемен қалайша өзің қоштасып жүре бердің? Мен сені несіне туып, неге өсірдім?” Иә, апа, анасың, сенің бұл сұрауыңа тарих кейін жауап берер. Ал енді менің айтарым: соғысты біз тілеп алған жоқпыз, бұл көптің басына түскен ауыр нәубет, бүкіл адам баласына балта жұмсаған зұлым күш. Біз онымен күреспей тұра алмаймыз, оның үшін қан төгіп, оның үшін жан пида етіп, оны қиратып жоқ етуге міндеттіміз. Өйтпесек біздің адам деген атымыз өшеді. Мен соғыста жүріп ерлік көрсетейін деп еш уақытта аңсаған жоқ едім, мен өзімді сондай бір қарапайым, сондай бір асыл мұратқа – мұғалімдікке дайындап жүргенмін. Заманым осы екен, балаларға қара танытып оқытудың орнына, қару ұстаған жауынгер болдым. Ол менің айыбым емес. Қазір мектепте оқып жүрген жастарға менің бірінші және ақтық сабағым осы, оларға беріп кеткен білімім де осы. Бұған мен өмірден алған барлық білімімді, бар жүрегімді аямаймын.
Бір сағаттан кейін мен Отаным тапсырған міндетті орындауға кетемін, қайта оралмаймын. Жаудың бекінген жеріне барып, оны талқан етіп, өзім де жоқ боламын. Отан үшін, халық үшін, жеңіс үшін, дүниедегі бар жақсылық үшін...
Бұл менің ақырғы хатым, қолыма соңғы рет қалам алуым, ақырғы сөзім. Апа, мың бір рет апа десем де сенің қадіріңді тауысармын ба, түсін: бұл жай ғана өле салу емес, бұл жай ғана жан қию да емес, бұл өмір үшін өлім. Құлаққа бұл, бәлкім, тұрпайы естілер, иә бұл шынында да өмір сүру үшін болған өлім. Мен өз еркіммен осыны қалап алдым. Менің еш уақытта солқылдаған шағым болған жоқ. Отаным бұл істі маған сеніп тапсырғаны үшін мақтанамын.
Мені жоқтама, апа. Артында тұқым-жұрағаты қалған жоқ деме. Жер бетінде бұдан былай соғыс болмаса, жаңа туған сәбидің уілдегені – сол мен, бойжеткен қыздардың жәудіреген көздері – сол мен, бұтақта көктеген жапырақ – сол мен, далада жайқалған егін – сол мен, мұғалімдердің балаларға үйреткен бірінші “А” әрпі– сол мен, осының бәрі мен, осының бәрі мен, сен де мен деп жүргейсің, апа!
Жылама, апа, ешкім жыламасын. Мұндай өлім үшін ешкім жыламасын. Қош, ақырғы рет қайыр қош! Қош, тұрпатыңнан айналайын, Алатау!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет