– Кейбір жігіттер, әсіресе Сәбитжан арақты шұбатпен араластырып, оңды-солды сілтеп отырғаны Едігеге ұнаған жоқ. Шұбат пен арақ араласқан жерде, бір арбаға екі жарау жүйрікті парлап жеккен сияқты, адамның көңілін көтеріп, аяқ-қолын жерге тигізбей есіртеді ғой, жарықтық. Бүгін бірақ мұның орны жоқ. Атасақалы аузына біткен адамдар, ішпеңдер деп қалай айтарсың? Шама-шарықты өздері де білмей ме. Әйтеуір, бір абырой болғанда Айзаданың күйеуі арақтан татып алмай отыр, маскүнемге не керек: ұрттап алса қылжияды да қалады ғой. Бірақ әләзір құдай нысап беріп, тек шұбат ішіп отыр. Қанша кеще болса да, қайын атасының қазасында ішіп алып, доңыз құсап құлап жатпайын деп ойлаған болу керек. Бірақ бұл шыдамның қаншаға жетерін бір құдайдың өзі біледі.
Әр түрлі әжік-күжік әңгімелер айтылып жатты. Еділбай құрықтай қолы экскаватордың өңешіндей созылып, жиырылып жұртқа шұбат құйып беріп отырған. Келесі аяқты Едігеге ұсына беріп:
– Осы, Едеке, кеше түнде мен сіздің орныңызға кезекшілікке барып, сіз үйшіктен шығып ұзай берген заматта бір ғаламат дүмпу гүрс еткенде мен құлап қала жаздадым. Сыртқа жалт қарасам, космодромнан аспанға қарай ракета атылған екен! Құдай салмасын, абажадай! Құдды мылтық сияқты! Сіз де көрген шығарсыз, Едеке? дегені.
– Е, көрмей не бопты! Аңқайдым да қалдым! Ой, сұмдығы-ай, неткен жұлқар күш! Тұп-тұтас от болып жанып кетіп барады, кетіп барады, шеті жоқ, шегі жоқ! Иманым қалмады. Мұнда қанша жыл тұрып, ондай кереметті көрген емеспін.
– Ау, менің де бірінші рет көруім ғой! – деп Еділбай шынын айтты.
– Оу, мына бойыңмен сен тұңғыш рет көріп жүрсең, мына біз сияқтылар қайдан көрсін, – деп Сәбитжан Еділбайдың ұзындығын бір әжуалап қалды.
Еділбай бұл мысқылға мән бермей, мырс етті: – Бойды қайтесің, оны қойшы. Өз көзіме өзім сенбеймін: аспан асты тұтас лаулаған от! Әй, тағы бір космонавт ұштың-ау, жолың болсын! – деп қойдым. Сөйтіп дереу транзистордың құлағын бұрайын, оны тастамай ала жүремін ғой. Радиодан қалайда хабарлауға тиіс деп ойлаймын. Әдетте, космонавтар ұшқанда іле- шала космодромнан хабар беріп жатушы еді ғой. Ондайда дикторлар да митингідегідей ерекше лепіріп, шалқи сөйлеп жөнелгенде тұла бойың шымырлайды ғой. Едеке, шынымды айтсам, өз көзіммен көрген ракетадағы адамның атын білгім келіп-ақ барады. Бірақ ақыры біле алмадым.
– Ал, неге? – бәрінен бұрын Сәбитжан таңғалып, қасын маңғаздана, сыздана керіп-керіп қойды. Ол масаң тарта бастаған, бет-аузы алаулап, екпіндей бастаған кезі еді.
– Білмеймін. Ештеңе де айтпады. Мен “Маякты” өз толқынында ұстап-ақ отырдым, керек десе бір сөз де айтпады...
– Мүмкін емес! Мұнда бір кілтипан бар! – деп Сәбитжан жалма- жан бір рюмке арақты бір-ақ жұтып, шұбатпен аттандырып салып, оқырана қалды. – Космосқа әрбір сапар – бүкіл әлемдік оқиға... Түсінесің бе өзің? Бұл біздің ғылым мен саясаттағы үлкен беделіміз!
– Неге екенін білмейміп. Соңғы хабарларды да қалдырмай тыңдадым, газеттерге шолуды да тыңдадым...
– Ым-м!– деп Сәбитжан басын шайқап-шайқап қойды: – Мен қызметте болсам ғой, бұл жағдайдың егжей-тегжейін әлбетте біліп отырар едім! Қап, шайтан алғыр! А, бәлкім, мұнда бір кілтипан бар, шығар?
– Қандай кілтипаны барын қайдан білейін, бірақ құдай біледі бар ғой, өз басым өкініп қалдым, – деп ұзынтұра Еділбай ағынан жарылып ақтарылды.– Енді құдайшылығына салсаң, ол осы өзіміздің космонавт емес пе. Ұшқанын өз көзіммен көрдім. Ал мүмкін, ол таныс қазақ жігіттердің біреуі шығар. Қуанғанның көкесі сонда болар еді ғой. Кейін кездесіп те қалар ма едік, сонда айтар едім ғой... Ойына әлдене түсіп кетіп, Сәбитжан Еділбайдың сөзін асығыс бөліп жіберді:
– Е-е, білдім, білдім! Адамсыз кеме ұштырған екен. Сынау үшін ғой, сірә.
– Сонда қалай? – деп Еділбай оқшиыңқырап қалды.
– Е, кәдімгі сынақ та. Түсінесің бе өзің, байқау. Адамсыз ракета космостағы станцияға барып жалғасады, немесе орбитаға шығады. Ал, әзірше қалай болары, немен тынары белгісіз. Бәрі сәтті аяқталса, радиодан хабарлап, газетте жариялайды. Ал, сәтсіз аяқталса – үндемей-ақ қоюы да мүмкін. Кәдімгі ғылыми сынақ қой.
– Өй, мен тірі адам ұшқан екен десем, – деп Еділбай меселі қайтып, маңдайшаны сипалай берді.
Сәбитжанның әлгі түсіндірмесінен соң бәрі де сәл торыққандай үн-түнсіз отырып қалып еді, сірә, бұл әңгіме осымен тамам болар да ма еді, бірақ Едіге байқаусызда бұл көпті одан бетер өршітіп алды:
– Оу, жігіттер, сонда ракета космосқа адамсыз ұшып кеткені ғой, мен солай деп ұқтым? Ал сонда ракетаны кім басқарады!
– Кім басқарғаны қалай? – деп Сәбитжан алақанын шарт еткізіп, сауатсыз Едігеге қоқилана қарап, таңғалғандай болды. – Едеке, онда бәрін радио басқарады. Жерден, Басқару орталығынан команда беріледі. Түсіндің бе? Ракетаның ішінде адам болған күннің өзінде, ракетаны радио басқарады. Ал космонавт өз бетінше түк те істей алмайды, ол үшін басқару орталығының рұқсаты керек. Көкетай- ау, ол дегенің Сарыөзектің даласымен Қаранарға иініп алып желіп жүру емес қой, анда өте күрделі бәрі де...
– Е, солай де, біз қайдан білейік, – деп міңгірледі Едіге. Борандының Едігесі радио арқылы басқару дегенді түсіне алмайды. Оның пайымдауынша, радио дегенің алыстан әуе арқылы жететін сөз, үн. Ал енді жансыз затты радио арқылы қалай басқаруға болады? Егер ракета ішінде адам отырса бір жөн: былай істе, былай істе деген, бұйрықты орындай алады. Едіге осының жөнін сұрап білмекші еді сұрамады. Құрысын деді. Жаны жақтырмады. Үнсіз отырып қалды. Өз білгенін айтып отырғанда Сәбитжан өзгелерді мүсіркегендей тым бәлсініп кетеді. “Өздері, түк білмейсіңдер, білгенді бағаламайсыңдар. Маскүнем жаман жездем әрберден соң мені қылқындырмақ та болды. Ал мен болсам, осы отырған бәріңнен артық білемін” дегендей кейпі. “Е, құдай бетіңнен жарылқасын,– деді ішінен Едіге. – Біз сені неғып оқытты дейсің! Біз сияқты оқымағандардан, бірдеңе артық білуің керек қой, әйтеуір”, Борандының Едігесі тағы да: “Мұндай адам қолына билік тисе не істемек? Қол астындағыларды тірідей жеп қояды да. Олар да Сәбитжан сияқты өтірік білгір болуға тырысады да, әйтпесе күн көре алмас. Сәбитжан ғой, әзір өзі біреудің қол астында, соның өзінде дүйім жұртты аузына қаратқысы келеді, тым болмаса Сарыөзектің адамдарын...” – деп қойды.
Ал Сәбитжан болса, шынында да бейшара борандылықтарды біржолата тұралатып, таңғалдырып, еңсесін езіп тастағысы келгендей бір сайрасын дейсің. Сірә, сөйтіп, әлгіде апасы мен жездесінен сөз есітіп, таяқ жеп, төгіп алған абыройын жуып-шаймақ болғандай, жұртты сөзбен, әңгімемен шырмап тастамақшы. Неше түрлі таңғажайып шытырман оқиғаларды, ғылым ашқан жаңалықтарды ақтарды дейсің келіп. Сөйлеп отыр, оқтын-оқтын арақтан жұтыңқырап-жұтыңқырап, артынан шұбатты сілтеп отыр. Жұтыңқыраған сайын қызыңқырай түсті, қызыңқыраған сайын бөсіңкірей түсті де, бейшара борандылықтар оның қай сөзіне сеніп, қай сөзіне сенбесін білмей дал болды. Оу, өздерің ойлаңдаршы, – дейді Сәбитжан жарқ-жұрқ еткен көзілдірігінің ар жағындағы масаң көзі кілегейлене, мұнарлана түсіп, егер біле-білсеңдер, біз адамзат тарихындағы ең бақытты адамдармыз. Мәселен, Едеке, сен енді біздің арамыздағы жасы үлкенімізсің. Бұрын қалай еді, қазір қалай, сен білесің ғой, Едеке. Мұны айтуымның мәнісі мынада. Бұрын адамдар құдайға сенетін. Ежелгі Грекияда құдайлар Олимп деген тауда тұрыпты-мыс. Құдайлар болғанына болайын. Нақұрыстар нағыз. Не істепті дейсіңдер ғой? Алтыбақан ала ауыз болыпты сөйтіп, жанжалмен аттары әйгіленіпті. Ал адамдардың ахуалын өзгертуге шамалары келмеген, тіпті ол туралы ойламаған да. Әрбірден соң сол құдайлардың өздері де болмаған. Мұның бәрі жай аңыз, ертек қой. Ал біздің құдайларымыз дәл іргеміздегі космодромда, өзіміздің Сарыөзектің жерінде тұрады. Бұл үшін бүкіл әлем алдында мақтана аламыз. Оларды біздің ешқайсымыз көре алмаймыз, оларды ешкім білмейді. Кез келген Мырқымбайлар қолын ала жүгіріп: “Қалай, амансың ба?” деуіне жол жоқ, олай болмайды. Әне, құдайлар деп соларды айт! Ал, Едеке, сен ғой, радио арқылы космос корабльдерін қалай басқарады деп таңғаласың. Ол деген, сөз емес, ол әлдеқашан артта қалғанжаңалық! Оның бәрі машина, автоматика, жансыз заттар. Ал радио арқылы адамдарды басқаратын күн туады әлі. Әлгі автоматтарды қалай басқарса, тура солай басқарады. Оу, түсініп отырсыңдар ма – кәрі демей, жас демей, адамдардың бәрі түгел радио арқылы басқарылатын болады. Қазірдің өзінде ғылыми нәтижелер де бар. Биік мүдделер жолында ғылым мұны да ойлап тапты.
– Әй, тоқта, тоқта қит есте: биік мүдделер деп шыға келеді екенсің!– деп Ұзынтұра Еділбай сөзге араласты. – Сен әуелі мынаны айтшы, түк түсінбей отырмын: сонда қалай, команданы есту үшін әркім жанына транзистор сияқты радиоқабылдағыш байлап жүруі керек пе? Е, ол елдің бәрінде қазірдің өзінде бар емес пе!
– Қарай гөр өзін! Оу, радиоқабылдағышың не сенің. Ол деген ойыншық, балалардың ойыншығы, білдің бе? Жаныңа еш нәрсе де байлап жүрмейсің. Маған десең тырдай жалаңаш жүр. Тек көзге көрінбес радиотолқындар, яғни биотоктар, ұдайы саған, сенің санаңа әсер етеді де тұрады, білдің бе? Ал сонда қайтесің?
– Солай де!
– Е, енді қалай деп едің! Адам ылғи да орталықтың программасы бойынша қимылдайтын болады. Адам бәрін өзім істеп, өз еркіммен жүрмін деп ойлайды, ал шындығында бәрін істетіп отырған жоғары жақ. Бәрі де қатаң тәртіппен істеледі. Сен ән салуың керек пе – биоток арқылы сигнал келеді – шырқай жөнелесің. Сен билеуің керек пе – сигнал – билей жөнелесің. Сен жұмыс істеуің керек пе – сигнал – жұмысты қақыратып саласың! Ұрлық, бұзақылық, қылмыс атаулы ұмытылады, оның бәрін тек ескі кітаптардан ғана оқитын боласың. Өйткені адам бойындағы қадір-қасиет, мінез-құлық, тәртібі – бәрі-бәрі программа арқылы берілетін болады. Мәселен, қазір дүние жүзінде демографиялық үрдіс бар, яғни адам баласының тууы көп, азық-түлік жетпейді. Не істеу керек? Тууды азайту керек. Қайтіп? Қоғам мүддесіне сай, сигнал берілгенде ғана әйеліңе жанаса алатын боласың.
– Биік мүдделер ме? – деп мысқылдады Ұзынтұра Еділбай.
– Дәл солай. Мемлекет мүддесінен биік ештеңе жоқ.
– Ал егер мен сол мүдделерді жиып қойып, әйеліммен... жанасқым келсе, не істейсің?
– Еділбай, көкем-ау, оныңнан түк те шықпайды. Әйеліңмен жанасу туралы ой басыңа мүлде келмейді. Әлемдегі ең сұлу қызды алдыңа алып келсінші – көзіңнің қырын да салмайсың. Өйткені саған теріс биоток жіберіп қояды. Сөйтіп, бұл мәселеде толық тәртіп орнатылатын болады. Бұған құдайдай сене бер. Немесе, әскер мәселесін алайық. Бәрі сигнал арқылы жүргізіледі. Отқа түсу керек не – отқа түсесің. Парашюттан секіру керек пе – ойланбай секіресің. Атом минасын байлап алып, танктің астына түсу керек пе – ойланбай түсесің. “Қалайша?” деп сұрау қоясыңдар ғой? Қаһармандық биотогі берілгенде – бітті, қорқу, үрейлену деген болмайды адамда... Әне солай!...
– Ой, өтірікті судай сапырасың-ау, сабаз! Қалай сүмірейтеді, ә! Оқып-оқып, үйренгендегің осы ма? – деп Еділбай жағасын ұстап таңғалды.
Басқалар Сәбитжанның судырағына бастарын шайқап, таңдайларын қағып қойып, ашықтан-ашық күліп отырды; сөйтсе де құлақ салып тыңдасады: судырақ та болса, әйтеуір қызық қой; бірақ бәрі де сезеді: жігіт арақ пен шұбатты қоса сілтеп, едәуір жерге барып қалды, мас адамға не жорық – оттаса, оттай берсін. Бір жерден бірдеңе естігені бар шығар, оның қайсысы өтірік, қайсысы шын, бас қатырып керегі не, айтса айта берсін. Солайы солай-ау, бірақ Едіге шындықтан шошиын деді: “Мына біздің байғыз бекер сұңқылдап отырған жоқ”, – деп қойды ішінен. – Оның, шынында да, бір жерден көзі шалып оқығаны, құлағы шалып естігені бар ғой, Сәбитжан жайсыз хабардың бәрін табанда қақшып алып отырады ғой. Ау, жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді, шынында да, адамдарды құдай сияқты билеп-төстегісі келетін біреулер шықса, олардың өзі нән-нән ғалымдар болса, дүние не болып кетер екен?”
Ал Сәбитжан төпеп отыр, әзір оны, әйтеуір, бәрі де тыңдап қалған. Көзілдірігінің әйнегіне дейін бусанып, көзінің қарашығы бөртіп, қараңғыда шақшиған мысықтың көзіндей болып кетіпті. Бірақ ерің арақ пен шұбатты әлі сілтеп отыр. Ол енді қолды сермеп тастап, мұхиттағы Бермуд үшбұрышы деген өтірікті сапыра бастады. Әлгі құпия үшбұрыш ұшты-күйді жоғалып кететін көрінеді. – Облыста менің бір танысым қоярда-қоймай шетелге шығуға рұқсат алды, – деп соқты Сәбитжан.– Несі бар десеңші шетелде! Ақыры барып тынды. Басқа біреудің орнын тартып алып, мұхит үстімен Уругвай ма, Парагвай ма, әйтеуір, бір елге ұшып кетті де, қайтып оралмады. Тура Бермуд үшбұрышының үстінен өте бергенде самолет үшті-күйді жоқ болады. Жоқ – бітті! Әлгі жігіт те аумин-аллаукиапкар! Сондықтан, достар, несі бар деймін- ау, біреудің орнын зорлықпен тартып алып, қоярда-қоймай рұқсат алып, шетелге шығып несі бар?! Бермуд үшбұрышынсыз-ақ, өз туған топырағымызда аман-есен, деніміз сау болып жүрсек болды да. Кәне, денсаулық үшін бір алып жіберейік!
“Құдай сыйлады мынаны! – деп лағнаттады ішінен Едіге.– Мұның өтірік қабының аузы шешіліп кетті енді. Алда құдайдың ұрғаны-ай! Ішіп алды – бітті, тоқтату жоқ!”
Ойлағанындай-ақ болды.
– Кәне, денсаулық үшін алып жіберейік! – деп қайталады Сәбитжан. Көзі бұлдырап, тайғанақтай береді. Сонда да кісімсіп, маңғазданып отырғысы келеді. – Ау, біздің денсаулығымыз – еліміздің ең басты байлығы. Демек, біздің денсаулығымыз – мемлекеттік байлық. Әне, қалай, ә? Біз деген көди-сөди емеспіз, мемлекет адамдарымыз! Сондықтан тағы мынаны айтқым келеді... Боранды Едіге орнынан атып тұрды да, әлгінің тостын тоспастан, үйден шыға жөнелді. Ауыз үй қараңғы екен, қаңғыр- құңғыр еткізіп, бос шелектерді құлатып алды, аяғына тағы бірдеңелер шалынып, керзі етігін әрең тапты. Салқын жерде тұрып етігі тоңазып қалған екен, аяғын сұға-сұға салды да, ашу мен ыза қысып, өзегін өкініш өртеп, үйіне қайтты. “Қайран Қазанғап, – деп мұртын талмап тістелеп, үнсіз ыңыранады. – Не масқара, аруақ сыйлап ару жоқ, қаза күтіп қайғыру жоқ! Құдды, бір тойда отырғандай, арақта ақысы қалғандай ішеді. “Мемлекеттік денсаулық” деген сайтан сандырақты тауып алып, қойсашы кәне. Мейлі, құдай қаласа, ертең аман-есен марқұмды арулап қойсақ, ас- суын беріп, жұртты абыроймен таратсақ, Сәбитжан, сенің жүзіңді біз көрмеспіз, бізді сен де көрмей-ақ қой, кәпір?!” Десе дағы Ұзынтұра Еділбайдың үйінде ұзақ отырып қалған екен. Түн жарымы болыпты. Едіге Сарыөзектің түнгі салқын ауасын көкірек кере жұтып-жұтып алды. Бұйыртса, ертең күн ашық, бұрынғыдай ыстық болайын деп тұр. Өзі ылғи да солай ғой: күндіз ыстық, түнде тісіңді сақылдатар салқын. Содан да айнала төңірек тақыр шөлейт, өсімдік жарықтық шыдамайды. Күндіз дымқыл тілеп, күнге қарай тырбанса, түнде суық соғады. Әйтеуір, жаны сірісі ғана шыдас береді. Түрлі тікен, түйе жантақ, кәдімгі боз жусан тірі қалатын. Сай-сайдың табанында ойдым-ойдым болып кәдімгідей шалғын шығады, оны тіпті шауып алуға болады. Боранды Едігенің ескі досы Елизаров айтады ғой, рас болса, бұл арада бұрынғы заманда жаңбыр жиі жауады екен, көкорай шалғын, жасыл жайлау болған екен. Сарыөзектің өңірі мыңғырған, мамырлаған малдың өрісі екен. Сірә, ондай дәурен тым ертеде, тіпті осы өңірді қанқұйлы қаныпезер жуан-жуандар жаулап алғанға дейін болса керек. Әрине, ол шүршіттер бұл арадан әлдеқашан аласталған, тек ел аузында олар туралы аңыз қалған. Әйтпесе, осы күнге дейін Сарыөзектің өңіріне сыймай, құрт-құмырсқадай жыбырлап кетер еді ғой. Сарыөзек – дала тарихының ұмытылған кітабы деп Елизаров тегіннен-тегін айтпайды-ау... Ол: “Ана-Бейіт зираты да тегін дүние емес”, – деуші еді. Қайбір ғалымсымақтар бар тарих дегеніміз тек қағазға жазылып қалған сөз деп сандалатын. Ал, егер ол заманда кітап жазылмаса ше, онда қайтеміз?.. Разъезд үстінен арқырап өтіп жатқан пойыздардың сарылына құлақ түріп тұрып, Едіге әлдеқалай Арал теңізінің дауылды күндердегі сарынын еске алды. Ол Аралдың жағасында туып, соғысқа дейін сол арада ер жетіп еді. Қазанғап та Аралдың қазағы болатын. Екеуін тағдыр айдап, темір жол бойында табыстырғанда, жерлес болғандықтан бір-біріне бауыр басып кетті де, екеуі де Сарыөзектің шөлінде жүріп, туған теңізді сағынушы еді. Ал Қазанғап қайтыс болардан біраз бұрын Едіге екеуі Аралға барып қайтқан. Сөйтсе Қазанғап теңізбен мәңгілік қоштаспақ екен ғой. Бірақ бармай-ақ қойғанда оңды болатын еді. Теңіз қашып кетіпті. Арал суалып, құрып барады екен. Теңіздің бұрынғы табаны жап-жалаңаш тақырға айналыпты. Су жағасына жеткенше сол тақырмен он шақырым жүрген. Сонда Қазанғап: “Жер-әлем жаралғалы Арал арымап еді. Енді құрғай бастапты, теңіз тартылғанда адамға не дауа, өмірі қып-қысқа ғой”, – деп еді. Тағы да тұрып: “Едіге, сен мені Ана-Бейітке апарып қой. Бұл менің теңізді соңғы рет көруім”... – деген.
Боранды Едіге көзіне үйіріліп келіп қалған жасты жеңімен сүртіп тастады да, көмейіне тығылған мүсәпір қырыл-сырылды аршып алмаққа қайта-қайта жөткірініп, Қазанғаптың аласа үйіне қарай бұрылды. Азалы үйде Айзада, Үкібала және басқа әйелдер отырған. Борандының ұрғашылары Қазанғаптың үйіне бірі кіріп, бірі шығып, шаруа қамымен қолғабыстасып жүрген. Мал қораның жанынан өте бере Едіге қисық мама ағашқа байлаулы тұрған Қаранарға көз салды: үстіне шашақты жабу жабулы Қаранар ай сәулесімен зорайып, орасан пілдей, мызғымас жартастай болып көрінді. Едіге сүйсініп кетіп, сауырынан қағып- қағып қойып:
– Әй, алыбымсың-ау, өзің де, – деп қойды.
Босағадан аттай бере, неге екені белгісіз, кешегі түн есіне түсіп кетті. Кеше түнде темір жолға аш түлкі келіп еді, Едіге оған тас лақтырайын деп оқталып, қолы бармап еді; содан үйіне қайтып келе жатқанда қараңғы түнек аспанға от оранып аулақтағы космодромнан ракета ұшып еді... енді сол есіне түсті...
III
Дәл осы сәтте Тынық мұхиттың солтүстік кеңдіктерінде сағат таңғы сегіз болатын. Көз жеткісіз жердің бәрі жымыңдаған жазира тыныштық, күннің ағыл-тегіл мол шуағына шомылып жатқан ұлы мұхит. Бұл уәлаятта аспан мен судан басқа еш нәрсе жоқ. Сөйтсе де дәл тыныштық әлемінде, “Конвенция” авианосецінің үстінде дүниежүзілік дау-шатақ шатынап тұр еді. Бірақ бұл оқиғаны “Конвенциядағылардан” басқа жан баласы білмес еді. Даудың басы– америка-совет орбиталық “Паритет” станциясында космос игеру тарихында бұрын болып көрмеген сұмдық оқиғаға байланысты еді. “Конвенция” авианосеці Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында, Тынық мұхиттың Алеут аралдарының оң жағында тұрған-ды. Ол сол тұрағын еш өзгерткен жоқ. Бірбасордың “Демиург” атты біріккен планеталық программасы бойынша жұмыс істейтін ғылыми-стратегиялық штабы осында орналасқан және де өте құпия жағдайда болғандықтан өзге дүниемен байланысы үзілді-кесілді тыйылған.
Ғылыми кеменің үстінде біршама өзгерістер болып жатты. “Демиург” программасының американдық және советтік Бас жетекшілерінің нұсқауы бойынша “Паритеттегі” төтенше жағдай туралы хабар қабылдаған бір американ, бір совет кезекші- операторлары уақытша болса да қатаң қамауға алынды. “Паритеттен” алынған хабар әлдеқалай сыртқа тарап кетпесін деген амал еді бұл.
“Конвенция” қызметкерлеріне ерекше дайындықта болу бұйырылды. Бұл өзі Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы шешімі бойынша, халықаралық ерекше қамқорлыққа алынған кеме болатын, сондықтан да мұнда әскери адамдар да, қару-жарақ та жоқ еді. Дүние жүзіндегі әскери емес жалғыз авианосец осы болатын.
Күндізгі сағат он бірге қарай араға бес минут салып екі елдің жауапты комиссиялары “Конвенцияға” келуге тиіс еді. Олар өз елдерінің және бүкіл дүние жүзінің қауіпсіздігін сақтау жөнінде шұғыл да практикалық шешім қабылдауға төтенше хұқығы бар ерекше комиссия еді.
Сөйтіп, “Конвенция” авианосеці ашық мұхиттың Алеут аралдарынан түстікке таман Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында тұрған-ды. Бұл орынды қалап алудың да мәні бар. “Демиург” программасын жасаушылар әуелі баста-ақ бұрын-соңды болып көрмеген көрегендік, көсемдік танытты: тіпті “Конвенция- ның” екі елдің қақ ортасында тұруының өзі планеталық зерттеулері ісінде осы екі елдің еркі, правосы тепе-тең бірдей екенін танытады ғой. “Паритет” дегеннің өзі тепе-теңдік қой.
“Конвенцияның” жабдығы екі елдің қаржысымен тепе-тең қамтылған. Оның үстінде Невада және Сарыөзек космодром- дарымен бір мезгілде тепе-тең тікелей байланысуға болатын жабдықтар бар. Авианосецтің үстінде сегіз реактивті самолет тұрады: төртеуі американдықтардікі, төртеуі советтікі. Бұлар керек кезінде құрлықтармен байланыс үшін дап-дайын. Кемеде праволары бірдей екі паритет капитан бар: советтікі және американдық – паритет-капитан – 1-2, паритет-капитан 2-1; басқа қызметкерлердің бәрі де осы паритеттік тәртіпте болатын.
Мұның өзі екі елдің арасында дипломатиялық, ғылыми, әкімшілік, елшілік жолдарымен ұзақ уақыт жүргізілген келіссөздердің жемісі еді. “Демиург” программасы қабылданғанға дейін қаншама кездесулер, қаншама күш-жігер жұмсалмады дейсіз. “Демиург” программасының мақсаты аса зор-ды. Икс планетасында аса пайдалы кеннің сарқылмас көзі бар екен. Ол кенді игеріп, жерге тасымалдаудың пайдасы адам айтып жеткізгісіз. Және ол кен Икстің бетінде шашылып жатса керек. Алуы оп-оңай. Галактиканың ерекше жағдайында миллиард жылдар бойында пайда болған кеннің шегі жоқ көрінеді. Икс бетінен космостық аппараттар арқылы алынған қыртыс, оның бетіне қысқа мерзімге барып қайтқан экспедициялар қорытындысы осының айғағы.
Икс планетасын игеру жөнінде жоба қабылдануына шешуші себеп болған нәрсе – ол Икстің қыртысынан ағын су табылғаны. Ғылымға белгілі планеталардың, тіпті Ай мен Венераның өзінде су жоқ қой. Ал былай қарағанда Икс тап-тақыр сияқты көрінгенмен, онда су бар болып шықты. Бұл бұрғылау жұмыстарын жүргізу арқылы бұлтартпай дәделденді. Ғалымдардың есебіне қарағанда, Икс қыртыстарының астында тереңдігі әлденеше шақырымға кететін су бар көрінеді. Ол мәңгі мұздай тас қыртыстардың астында бір қалыпта жатады екен.
“Демиург” программасын жүзеге асыруға бірден-бір кепіл осы Икстің телегей мол суы еді. Бұл жерде су тек ылғал қызметін ғана емес, сонымен бірге бөтен планета жағдайында адам үшін тіршілікке қажетті басқа элементтерді құрастырушы, ең алдымен дем алатын ауа сақтау қызметін де атқаратын құдіретті күш еді. Оның үстіне, өндірістік тұрғыдан келгенде де, су кен айыруға, оны байытуға аса қажет құрал болатын. Икстен Жерге тек таза кен тасу ғана керек қой. Икс кенін космостағы орбиталық станцияларда сұрыптап барып Жерге жеткізу керек пе, әлде Жерге тікелей тасу керек пе деген мәселе талқылау үстінде болатын. Бұл соншалықты шұғыл шаруа емес еді. Оған дейін Икске ұзақ мерзімге ұшуға бұрғышылар мен гидрологтардың үлкен бір тобы дайындалып жатқан. Олар Икс суының тұрақты түрде автоматпен су құбырына құйылып тұруын қамтамасыз етуге тиіс болатын, “Паритет” орбиталық станциясы, альпинистердің сөзімен айтқанда, Икске барар жолдағы ең басты базалық лагерь еді. “Паритетте” қазірдің өзінде “Паритет” пен Икс арасында жүріп тұратын корабльдерді қабылдап, қойдырып, ұшырып, жүктерді түсіріп, тиеп отыратын мекен-жай салынып біткен болатын. Енді жүз адамға дейін еркін сыятын жайлы блоктар құрастырылуға тиіс болатын. Бұл жайлы блоктар жерден теледи- дар хабарларын да қабылдай алады.
Икс суын шығарып, оның сапасын анықтау сияқты бұл космостық орасан кәсіптің өзі – адам баласының Жерден тысқары жерде іске асыратын тұңғыш өндірістік әрекеті еді.
Сол күн де жақындап қалған. Сабақты ине сәтімен келе жатқан... Сарыөзек және Невада космодромдарында Иксте жүргізілетін гидротехникалық жұмыстарға соңғы дайындық аяқталып қалғандай. “Трамплин” орбитасы – тұңғыш жұмыскер тобын қабылдап, Икске аттандыруға дайын тұрған.
Түптеп келгенде, қазіргі адамзат өзінің Жерден өзге планеталардағы цивилизациясының тұсау кесер тұсында тұрған... Дәл осы кезде, гидрологтардың алғашқы тобын Икске аттандырар алдында, “Трамплин” орбитасында ұзақ мерзімді саяхатпен жүрген “Паритеттің” ішіндегі екі паритет-космонавтар із-түзсіз жоғалсын да кетсін...
Олар кенет мерзімді байланыс сеанстарына да, басқалай сигналдарға да тырс етіп жауап бермей қалды. Жағдай қиынға айналды. Станцияның айналып жүрген тұсын меңзейтін сигналдан басқа, радио-теледидар байланысы тырс етпей қалды.
Уақыт болса өтіп жатты. Жердің ешбір сигналына “Паритет” ләм деп жауап бермей қойды. “Конвенциядағылардың” дегбірі кете бастады. Әр түрлі жорамал, тұспалдар көбейді. Оу, бұл паритет- космонавтарға не болды? Олардың үнсіз қалу себебі неде? Әлдеқалай арам ас жеп ауырып уланып қалмады ма екен? Тіпті солар тірі ме екен өздері?
Ақыры болмаған соң, соңғы амал да қолданылды: станцияға “өрт!” деген сигнал да жіберілді. Бұл сигнал “Паритеттің” ішін у- шу, азан-қазан қылғаны анық. Бірақ бұл үрейлі сигнал да нәтиже бермеді. “Паритет” тырс етпеді.
“Демиург” программасына қатерлі қауіп төнді. Сонда барып “Конвенциядағы” Бірбасор жағдайды анықтай алатын соңғы амалға көшті. Невада және Сарыөзек космодромдарынан шұғыл түрде “Паритетке” барып қиюласатын екі космос кораблі ұшырылды.
Жерден ұшқан корабльдер “Паритетке” жетіп, қиюласып болған соң, “Паритеттің” ішіне енген тексеруші космонавтардың алғашқы хабары сұмдық болды: станцияның барлық бөлімдерін, барлық лабораторияларын, бүкіл этаждарын қуыс-қуысына дейін түк қалдырмай аралап шығады, бірақ паритет-космонавтар жоқ. Не өздері жоқ, не өлігі жоқ!..
Мұндай болады деген ешкімнің ойында жоқ. Орбиталық станцияда үш айдан бері тұрып, өздеріне жүктелген жұмысты мүлтіксіз атқарып келген екі паритет-космонавтардың кенет ұшты- күйді ғайып болғанын көзге елестетудің өзі қиын. Олар бу болып ұшып кетпейді ғой, яки “Паритеттің” терезесінен ашық космосқа қарғып шығып кетпейді ғой!
“Паритеттің” ішін тінтіп тексеру процесін “Конвенциядағылар” телевизордан көріп, радиодан тікелей байланысып отырған. Олардың ішінде Бас жетекшілер, бас паритет-планетологтар бар болатын. Бірбасордың толып жатқан экрандарынан тексеруші космонавтардың әрбір қимылы, сөйлескені салмақсыздық жағдайындағы жүріс-тұрысы, орбиталық станцияның қуыс- қуысын қарап жүргені – бәрі де ап-анық көрініп тұрды. Олар әрбір қадам жерді жіті тексеріп, радио арқылы “Конвенцияға” хабарлап тұрды. Ол әңгіменің бәрі магнитофонға жазылып алынды:
“Паритет”: Сіздер бақылап тұрсыздар ма? Станцияда ешкім жоқ.
Ешкімді де көрмей тұрмыз.
“Конвенция”: Байқаңыздаршы, станцияда сынған, бүлінген заттың, оғаш бірдеңенің ізі жоқ па?
“Паритет”: Жоқ. Бәрі де тап-тұйнақтай, орын-орнында тұр. “Конвенция”: Қан ізі білінбей ме? “Паритет”: Ондай ештеңе жоқ.
“Конвенция”: Паритет-космонавтардың заттары қайда, қалай жатыр екен, қараңыздаршы?
“Паритет”: Бәрі де орын-орнында тұрған сияқты. “Конвенция”: Анықтаңқырап қараңыздаршы.
“Паритет”: Космонавтар әлгіде ғана осында болған сияқты. Кітаптары, сағаттары, магнитофон, бәрі де қалыпты орындарында тұр.
“Конвенция”: Жарайды. Қабырғада, не қағазда қалған жазу жоқ па екен, байқаңыздаршы?..
“Паритет”: Ондай көзге шалынбайды. Айтпақшы, тұра тұрыңыз!.. Вахта журналына бір ірі-ірі жазу жазылыпты. Салмақсыздықтан қалқып жүрмес үшін, қыстырғышпен кірер есік жаққа қарата бекітіліп қойыпты...
“Конвенция”: Не жазылыпты, оқыңыздар!
“Паритет”: Қазір көрейік. Мұнда екі бағанаға ағылшын, орыс тілдерінде жазылған екі текст бар...
“Конвенция”: Оқыңыздаршы, не ғып тұрсыздар!
“Паритет”: Тақырыбы – “Жердегілерге хат”. Қоршауда – түсініктеме хат делінген.
“Конвенция”: – Тоқта! Оқымаңыздар. Байланыс сеансына үзіліс. Күтіңіздер. Біраздан кейін сіздерді сөйлесуге шақырамыз. Дайын тұрыңыздар. “Паритет”. О, кей! Құп болады!
Осы арада орбиталық станция мен Бірбасор арасындағы байланыс тоқтап қалды. “Демиургтың” Бас басшылары өзара кеңескен соң екі кезекші паритет-оператордан басқаның бәрін космостың байланыс кабинетінен шығып тұруды өтінді. Тек содан кейін ғана “Паритетпен” байланыс қайта жалғасты. “Трамплин” орбитасында паритет-космонавтар қалдырған хаттың тексті мынадай еді: “Құрметті әріптестер, біз өте бір ерекше жағдайға тап болып, “Паритет” орбиталық станциясынан белгісіз мерзімге кетіп бара жатқандықтан, өзіміздің бұл әрекетіміздің себептерін түсіндіруді бірден бір парыз деп таптық. Біздің бұл сапарымыз бұрын-соңды болып көрмеген тәуекелге байланысты шексіз ұзаққа созылуы да мүмкін.
Біз, әрине, бұл әрекетіміздің тек тосын ғана емес, кәдімгі тәртіп тұрғысынан алғанда, тым келеңсіз екенін де жақсы түсінеміз. Бірақ та космостағы орбиталық станцияда біз тап болған жағдайдың ерекшелігі, адамзат мәдениетінің тарихында ешқашан болып көрмеген керемет екендігі соншалықты, сіздер біздің бұл әрекетімізді түсінер деп сенеміз...
Бұдан біршама уақыт бұрын біз космостық әлемнен, тіпті жер тарапынан да у-шу болып шығып жатқан шексіз даңғаза, қым-қуыт радиодыбыстардың арасынан жіңішке-жиілік арнада ұдайы бір мезгілде, белгілі бір кезеңде ғана беріліп тұратын радиосигналды ұстадық. Әуеліде оған пәлендей мән берген жоқпыз. Бірақ әлгі сигнал тынбай қойды. Әлемнің белгілі бір пұшпағынан шыққан осы дыбыстың табиғатына қарағанда әдейі біздің орбиталық станциямызға бағытталатын сияқты көрінді. Енді біз анық білеміз: бұл жасанды радиотолқын космостағы біздің вахтамызға дейін де беріліп тұрған екен. Біз ғарыштың алыс түкпіріндегі “Трамплин” орбитасына “Паритет” шыққалы бері бір жарым жыл болды ғой. Ал біз “Паритетке” келген үшінші кезектегі космонавтармыз. Әлем түкпірінен беріліп жатқан осы бір сигналға тұңғыш рет неге біздің назар салғанымызды айтып түсіндіру қиын, бәлкім кездейсоқ болар. Қалай десек те, біз осы бір құбылысты бақылап, зерттей бастадық та, бұл дыбыстың қолдан әдейі бағытталып отырғанына бірте- бірте көзіміз жеткендей болды. Бірақ көпке дейін нық сенім болған жоқ. Ұдайы күдіктене бердік. Әлемнің бір түкпірінен беріліп жатқан жасанды радио-сигналға бірден сеніп, Жерден басқа тарапта да цивилизация, тіршілік бар деп айтуға қалай батылымыз жетпек? Ғылым бұған дейін де Жерден басқа, тіпті Жерге жақын деген планеталарда тіршілік бар ма, жоқ па деген ниетпен талай-талай зерттеулер жүргізіп, ақырында еш нәтиже шығара алмаған. Бізді шүбәлан-дырған осы жағдай да еді. Жерден басқа әлемде ақыл иесі, яғни тіршілік бар дегеннің нанымсыз екеніне ғылым бірте-бірте көзі жеткендей болған. Ал біз болсақ, өз болжамымызды жария етуге бата алмадық. Жерден басқа әлемде тіршілік жоқ деген идея әбден қалыптасып, қатып қалған соң, оны біз бірден жоққа шығарып, дау туғызып жатпадық. Біздің тікелей міндетімізге жатпаған-дықтан, біз осы сигнал туралы шүбәмізді ешкімге хабарлап әуре болмадық.
Әрі десе күлкіге қаламыз ба деп күдіктендік. Кезінде бір космонавт космоста жүргенде сиырдың мөңірегенін естіп, өзеннің жағасындағы шалғында жайылып жүрген малды көрген екен. Байғұстың көргені тек елес екен. Сөйтіп ол, “сиыр космонавт” атанған ғой. Шынын айтсақ, біз де соның кебін киеміз бе деп сескендік.
Енді бірде Жерден басқа қиырда да естияр тіршілік бар екеніне көз жеткізер соңғы дәлелге тап болғанымызда, Жермен хабарласуға кешіктік. Әлем жаратылысы туралы біздің түсінік-түйсігіміз, ақыл- санамыз мүлде өзгеріп сала берді. Біз бұған дейінгіден мүлде өзгеше, жаңаша ойлап-пайымдайтын болдық. Әлем құрылысы туралы мүлде жаңа түсінік, тіршілігі бар жаңа бір дүниенің ашылуы, ақыл-ойы дүниесінің тағы бір жаңа ошағының табылуы – бізге мынандай ой салды: бұл жаңалықты Жер тұрғындарына әзірше хабарламай қоя тұрайық дедік. Бұл Жер жөніндегі, жалпы қазіргі қоғам жайындағы қамқорлық туралы жаңа ұғымнан туған шешім еді.
Енді істің мәніне көшейік. Бұл былай болған еді. Қайтер екен деген құмарлықпен біз бір күні әлгі ұдайы үздік- үздік келіп тұратын радиотолқынның ұясын нысанаға алып, жауап радиосигнал жібердік. О, керемет! Біздің сигнал лезде қабылданды! Бұл сигнал өзге дүние тіршілігінде қабылданып қана қоймай, түсінікті де болып шықты! Біздің радиоқабылдау каналымызда тағы бір нүкте, онан соң тағы біреуі – барлығы үш нүкте жұмыс істей бастады. Ғаламның қиыр түкпірінен сәлем жеткізген үш нүкте! Үш синхронды радиосигнал біздің Галактикамыздан тысқары ғаламат қашықтықта да біз сияқты ақыл-ой иелері бар екенін салтанатпен жариялай, әлденешс сағат бойына қатарынан қайта- қайта шат-шадыман хабарды қайталай берді, қайталай берді. Космостық биология, тіршілік туралы біздің түсінігіміздегі революция еді бұл! Уақыт, кеңістік, қашықтық туралы біздің білім- сапамыздағы теңдессіз өзгеріс, жаңалық еді бұл! Демек жарық әлемде ақыл-ойлы тіршілік иесі жалғыз біз ғана емес екенбіз ғой! Дүние әлемде Жердегі адамдардан басқа да саналы жандар болғаны ғой!
Бұл шындыққа көзіміз әбден жетсін деп біз оларға өзіміздің Жер-анамыздың – Жер шарының массасының формуласын радиотолқын арқылы жолдадық. Кешікпей жауап та келді: олардың планетасының формуласы екен. Жер массасының формуласына ұқсайды. Соған қарап біз ол планета едәуір ауқымды әрі десе тартылыс күші де тәп-тәуір деген қорытындыға келдік.
Сөйтіп біз өзге Галактикадағы өзіміз сияқты ақыл-ой иелерімен сәлемдесіп, физика заңдары жөніндегі білімдерімізбен алмастық.
Шет планеталықтар бізбен байланысты күшейтіп, жақындаса түсуге құштарлана тілек білдірді. Олардың осы белсенділігі арқасында біздің байланыс жаңа мән-мағынамен байи түсті. Сөйтсек олардың ұшу аппараттары да бар екен және олардың жылдамдығы сәуле жылдамдығымен бірдей екен. Мұның бәрін біз әуелі математикалық және химиялық формулалар арқылы білдік. Соңыра олар адам тілінде де сөйлесе алатындарын сездірді. Сөйтсек, олар біздің адамдар алғаш рет космос кеңістігіне шыққан кезден бастап-ақ аса қуатты аудоастрономиялық аппарат арқылы Космостан Жерге, Жерден Космосқа жіберіліп тұрған хабарлардың бәрін естіп-біліп отырады екен. Біздің тілімізді олар салғастыру, талдау арқылы ұғынып та алыпты. Олар бізбен тіпті ағылшын және орыс тілдерінде сөйлесуге де әрекет жасады. Бұл да біз үшін керемет жаңалық болды...
Ал енді ең негізгі мәселеге келейік. Біз сол алыс планетаға баруға бел байладық. Ол планета, шамамен, Орман Төс деп аталады. Ормантөстіктер бізді өздері шақырды, бұл сапар солардың идеясы. Біз ақылға сала келе, баруға келістік. Олардың айтуы бойынша, ұшу аппараты біздің орбиталық станциямызға, сәуле жылдамдығымен ұшқанда, жиырма алты-жиырма жеті сағатта келіп жетеді. Егер біз кері қайтқымыз келсе, ормантөстіктер бізді дәл осыншама уақыттың ішінде қайтып әкеліп тастауға міндеттенді. Біз кемелер қалай түйіседі деп сұрағанымызда, олар ол проблема емес деп жауап берді. Өйткені ормантөстіктердің ұшу аппараты қандай формада, қандай көлемде болмасын кез келген денеге герметикалық заңмен жабыса алатын қасиеті бар көрінеді. Сірә, электромагнитті тартылысы бар болуы керек. Біз олардың ұшу аппараты біздің орбиталық станцияның космосқа шығатын негізгі есігіне келіп тірелгені дұрыс болар еді деп тілек білдірдік. Егер Орман Төске сапарымыз сәтті аяқталса, осы люк-есік арқылы кері оралармыз... Сонымен біз “Паритеттің” бортында өзіміздің, керек десеңіз, түсініктемемізді, ашық хатымызды қалдырып барамыз... Мәселе онда да емес. Бұл қадамның қаншалықты жауапты, азапты екенін біз жақсы түсінеміз. Тағдыр бізге адамзатқа ерекше қызмет атқару, аса ірі жаңалық ашу міндетін жүктеді. Бұдан артық міндет те, құрмет те жоқ шығар... Әйткенмен, біз үшін ең қиын парыз, міндеттеме, тіпті, тәртіп деген сезімнен аттап өту болды. Көптен қалыптасқан салт-сана, заң, қоғамдық мораль нормаларымен санаспай, соның бәрін саналы түрде бұзу қиын. Біз өз әрекетімізді сіздермен, Бірбасор басшыларымен, жер бетіндегі ешбір жанмен келіспей, “Паритетті” тастап барамыз. Мұнымызды Жердегі қоғамдық тәртіпті бұзғандығымыз деп түсінбеулеріңізді өтінеміз. Бұл жайды біз ойланбай қалған жоқпыз. Жердегі жандардың сырын біз жақсы білеміз ғой. Тіпті хоккей жарысының өзінде бір гол артық түсіп кетсе, соның өзін саясатқа таңып, әркім өз мемлекеттік құрылысының артықтығын дәлелдеп, делебесі қозып, шартпа-шұрт болып айтысып, қызыл кеңірдек болып жататын дүниеде біздің ұсынысымыз, сөз жоқ, айтыс тудырар еді. Жерден тысқары әлемдегі цивилизациямен байланыс мүмкіндігі бар екенін білген соң Жер бетінде қиян-кескі қырғын басталып кетпесіне кім кепіл. Жер бетінде саяси күрестен қалыс қалу қиын, тіпті мүмкін де емес. Бірақ ұзақ уақыт – айлап, апталап, Космос қиырында жүрген шақта, сол Космостан Жер жарықтық машинаның дөңгелегіндей- ақ болып көрінген кезде, кейбір қоғамды қылғындырып буындырып, тіпті атом қаруына жармасуға дейін жеткізе жаздайтын энергетикалық кризис дегеніміз небары едәуір техникалық проблема екеніне көзіміз жетіп, Жер бетіндегілердің тағатсыздығына, мәмлеге келе алмайтынына, бір-бірімен тіл табыса аямайтынына өкінбеске амал жоқ.
Жер бетіндегі онсыз да өршеленіп тұрған, қауіп-қатер толған жағдайды одан бетер шиеленістірмеу үшін біз өзге планета өкілдерімен Жер шарындағы адамзат атынан жолығуға бел байладық. Ар мен сенім алдында осылай шештік. Өз басымызды тіккен осы сапарда біз Жер өкілдері деген атаққа кір келтірмейтінімізге сенімдіміз.
Ең соңында айтарымыз. Он ойланып, тоғыз толғанып, күдік- күмәнмен арпалысып, тәуекелге бел байларда біз “Демиург” программасына нұқсан келтірмеуді де ескердік. “Демиург” – адамзаттың геокосмикалық тарихындағы аса ұлы бастама. Бұл бастамаға біздің елдеріміз оңай жеткен жоқ. Бір-біріне деген сенімсіздіктің неше алуан тосқауылынан өтіп, ақыл-ой жеңіп, өзара әріптес болуға қол жеткен кездің жемісі – осы “Демиург”. Егер біз Орман Төс планетасынан қайтып оралсақ, “Паритеттегі” жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал, егер із-түзсіз кетсек, яки басшылық бізді лайықсыз деп тапса, онда біздің орнымызды басар жігіттер табылады, шүкір...
Біз беймәлім дүниеге аттанып барамыз. Адам баласы қадим заманнан бері өзге ғарыштан өзіне ұқсас жандарды іздеп тауып, ақылға ақыл қосылып, салтанат құруын арман еткен. Бізді де белгісіз әлемге жетектеп алып бара жатқан сол арман. Бірақ сол басқа әлем цивилизациясы қандай? Адамзатқа пайда ма, зиян ба? Мұны әлі ешкім де білмейді. Ал, біз бұған баға беруде әділ болуға ант етеміз. Егер де біз барған планетаның құлқы адамзатқа зиянды болатын болса, онда біз Жер шарына ешқандай қауіп төнбейтіндей әрекет жасауға ант-су ішеміз.
Тағы да ең соңғы сөз. Біз қоштасамыз. Біз өз станциямыздың иллюминаторларынан Жерді көріп отырмыз. Қап-қара кеңістік әлемінде Жер-жарықтық нұрлы бриллианттай жарқырайды. Шіркін-ай, оның жәудіреген көгілдір көркін сөзбен айтып жеткізу қиын, әрі десе бұл арадан Жер-анамыз еңбегі былқылдаған жас баланың басындай тым нәзік болып көрінеді. Осы арада отырған- да Жер бетіндегі адамдардың бәрі-бәрі бір туған бауырларымыздай болып сезіледі, оларсыз бізге тіршіліктің мәні жоқ. Әттең, Жер бетінде жүргендердің бәрі де осындай сезімде болса ғой. Бірақ олай емес қой...
Біз енді Жер шарымен қоштасамыз. Бірнеше сағаттан соң біз “Трамплин” орбитасынан шығып кетеміз. Сол кезде Жер көзден тасаланып, көрінбей қалады. Шет планеталық-ормантөстіктер қазір жол үстінде. Көп кешікпей келіп те жетеді. Бірер сағат қана қалды. Иә, аз қалды. Біз күтуліміз.
Тағы да бір сөз. Біз өз отбасыларымызға хат қалдырып отырмыз. Кімнің қолына түссе де, осы хаттарды мекен-жайларына тапсыруды өтінеміз.
Р.S. “Паритетке” біздің орнымызға келетіндерге анықтама. Вахта журналына біз шет планеталықтармен хабар алмасып тұрған радиотолқынның жиілігі мен хабар қабылдау-жөнелту каналын жазып қойдық. Қажет болған жағдайда біз осы канал арқылы байланысып, хабар беріп тұрамыз. Біздің әбден көзіміз жеткен бір нәрсе; шет планеталықтармен радиоқатынастың ең тиімді жері орбиталық станцияның борттары. Ал, шет планеталардан берілген хабар жер бетіне жетпейді, өйткені Жерді иондалған сфераның қалың қабаты қоршап тұр, сондықтан одан радиосигнал өте алмайды.
Тәмәм. Хош-хош. Біз аттандық. Бұл хат өзгеріссіз екі тілде: ағылшын және орыс тілдерінде жазылды.
Паритет-космонавт 1–2.
Паритет-космонавт 2–1.
“Паритет” орбиталық станциясының борты. Үшінші вахта. 94-тәулік”.
Дәл белгіленген мезгілде, Қиыр шығыс уақытымен сағат он бірде, “Конвенция” авианосецінің палубасына бортында американ және совет жағының ерекше өкілдері бар екі реактивті самолет бірінен соң бірі келіп қонды.
Комиссия мүшелері қатаң талаппен, протокол бойынша қабылданды. Оларға түскі тамақтарын ішуге жарты сағат мәулет берілетіні бірден хабарланды. Түскі тамақтан соң комиссия мүшелері кают-компанияға жедел жиналады да, “Паритет” орбиталық станциясындағы төтенше жағдайға байланысты өтетін жабық мәжіліске кіріседі.
Бірақ мәжіліс енді бастала берген сәтте, кенеттен үзіліп қалды. “Паритеттегі” бақылаушы-космонавтар “Конвенциядағы” Бірбасорға көрші Галактикадағы Орман Төс планетасында жүрген 1–2 және 2–1 паритет-космонавтардан алынған хабарларды жеткізді.
IV
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Қалай десе де, наймандардың ата зираты Ана-Бейіт қол созым жерде тұрған жоқ. Сарыөзекті жебелеп төте тартқанның өзінде отыз шақырым.
Сол күні Борандының Едігесі тым ерте тұрды. Ұйықтап та жарытпаған. Таң бозында ғана аздап көз шырымын алған. Ал оған дейін түні бойы марқұм Қазанғапты кебіндеумен әуре болды. Әдетте өлікті жаназа шақырардың алдында ғана кебіндейді ғой, ал бұл ретте таңертең ертерек жолға шығу үшін күні бұрын ақ жуып, арулап қою керек болды. Өлікті жуындырып, кебінін киіндіру машақатын Едігенің жалғыз өзі атқарды. Рас, Ұзынтұра Еділбай жылы су тас беріп тұрып еді. Соның өзінде Еділбай өлікке жақындамай, шегіншектей береді. Жаны түскір тәтті, тұла бойы тітіркенеді. Соны сезген Едіге әншейін елеусіз ғана:
– Әй, Еділбай, көріп ал... Кейін керек болады. Адам анадан шыр етіп туған екен, кейін оны жерлеуге де тура келеді, – деп қойды.
– Иә, иә, білемін ғой, – деп міңгірледі Еділбай.
– Иә, білгенің дұрыс. Айталық, ертең мен өле кеттім. Сонда қайттің? Кебіндейтін ешкім табылмай ма? Шынымен-ақ мені умаждап бір шұңқырға апарып тыға саласыңдар ма?
– О не дегеніңіз! – деп қысылып қалған Еділбай шырағданды ұстап, өліктің қасына жақындай түсті. – Сізсіз бұл араның қызығы қалмас. Өлмей-ақ қойыңыз. Шұңқыры құрысын.
Кебіндеуге бір жарым сағаттай уақыт кетті. Есесіне Едігенің көңілі де тыншыды. Денені әбден жақсылап жуып, қол-аяғын созып, жайғастырып қойды. Ақ матаны аямай, кебінді кең пішіп, Қазанғапты әбден арулады. Кебінді қалай пішу керек екенін Еділбайға да көрсетіп қойды. Сөйтіп барып, өзінің үсті-басын жөнге келтірді. Сақалын таза қырып, мұртын басып қойды. Едігенің мұрты да қасы сияқты қою, қайратты еді. Тек ақ араласып, бурыл тарта бастаған. Едіге өзінің әскери медальдарын да ұмытқан жоқ, ордендері мен озаттық белгілерін ысқылап сүртіп, пиджагіне тағып, бәрін ертеңгілікке дап-дайын етіп қойды. Осылайша түн де өте шықты. Едіге өз ісіне өзі таңғалды. Бәрін де аспай-саспай тындырыпты. Ал оған біреу бұрынырақ: “Қазанғапты сен кебіндеп, жерлейсің”, – десе, “Ойбай, қолымнан келмейді”, – деп ат-тонын ала қашар еді. Жазмыштан озмыш жоқ, тағдыр екен, Қазанғапты жерлеу Едігенің маңдайына жазылыпты. Апырай десеші. Алғаш олар Құмбел станциясында ұшырасқанда, осылай болады деп ойлады ма екен. Едіге контузия алғаннан кейін әскерден босатқан. Бұл қырық төртінші жылдың аяғы еді. Былай қарағанда бәрі бүп-бүтін: қол-аяғы сау, басы – мойнында, бірақ құдды басқа біреудің басы сияқты. Боздаған жел сияқты құлағы шуылдайды да тұрады. Бірер адым аттаса – теңселіп кетіп, басы айналып, құсқысы келе береді. Тұла бойы қарасуға малмандай болады, біресе суық тер бұрқ етіп, біресе ыстық тер саулайды. Кейде тіпті тілі күрмеліп, икемге келмей қалады. Неміс снаряды жарылғанда, соның дүмпуі оны қатты есеңгіретіп кетіп еді. Өлтіруін өлтірген жоқ, бірақ тірі қалып та жетісіп жүргені шамалы, Едіге сонда сансырап, салы суға кеткен. Түріне қарасаң жап-жас, сап-сау сияқты, ал еліне – Арал теңізіне қайтып барғанда не істейді, не жұмысқа жарайды? Бақыты бар екен, дәрігері оңды кісі болып шықты. Ол мұны емдеген де жоқ. Ақ халат, ақ қалпақ киген, шоң мұрын, аялы көз, дәу жирен кісі екен, Едігені иығынан қаққылап қойып, күле сөйлегені әлі есінде:
– Білесің бе, бауырым,– деп еді ол.– Соғыс таяуда бітеді. Әйтпесе мен сені қайтадан майданға жіберткізер едім. Жарайды, өйтіп-бүйтіп сенсіз де жеңіске жетерміз. Ал сен ұнжырғаңды түсіре берме: ары кетсе бір жыл, әйтпесе одан да ертерек құлан таза жазылып, өгіздей қара күші бар мықты боласың. Шын айтам, кейін “рас екен-ау” дерсің. Ал енді жолға жинал, еліңе қайт. Тек, еңсеңді көтер. Сен сияқтылар жүз жыл жасайды... Сол жирен дәрігердің айтқаны келді, ақыры. Бір жыл деген айтар ауызға жеңіл. Госпитальдан шыққан бойы, үстінде умаждалған сұр шинель, арқасында дорбасы, қолында “Сақтықта қорлық жоқ” деп ұстаған балдағы, – қалаға қарай жылжып келе жатып, ит мұрны өтпес қалың тоғайға кіріп кеткендей болды. Құлағы шуылдап, аяғы дір-дір етіп, көзі қарауыта береді. Вокзалда қайбір туысы күтіп тұр, біреуге-біреу қарайтын хал жоқ; пойыз күтіп теңселген халық шыжандай, әлдірегі алысып-жұлысып мінеді, әлсізі шет қақпай қала береді.
Десе де, өлермендікпен жетті-ау, әйтеуір. Бір айға жуық қияметтен кейін пойыз Арал станциясына келіп тоқтады. Сол бір “мың болғыр” пойызды жұрт “Бейқам бес жүз жетінші” деп атап кетіп еді. Құдай ондай пойызға мінгізбей-ақ қойсын...
Ол кезде соның өзіне қолың жетсе, тақияңды аспанға лақтырарсың. Қараңғыда сүрініп-қабынып, вагоннан түсіп, ақырып тұрып айналаға қарап еді, көзге түртсе көргісіз, тек станцияның селкеу оттары жылтылдайды. Желтең екен. Еліне келгенде оны алдымен қарсы алған осы жел болды. Қайран Аралдың аңырақай желі! Теңіз лебі сезіледі. Ол кезде теңіз темір жолдың жиегіне дейін жетіп жататын. Қазір ғой дүрбімен қарап таба алмайсың.
Тебіреністен тынысы тарылғандай: дала беттен жусан иісі сезілгендей, Арал аймағында енді-енді тіріліп келе жатқан көктемнің рухы байқалады. Қайран, туған жер!
Едіге станцияны да, оның жанындағы теңіз жағалап жатқан қисық-қыңыр көшелі ауылды да бес саусағындай білетін. Аласапыранның батпағы етігіне жабыса береді. Бүгін осындағы таныстардың біріне түней кетіп, өзінің шалғайда жатқан Жангелді ауылына ертең ерте аттанбақ болды. Тар көшемен келе жатып, теңіздің жағасынан бір-ақ шыққанын байқамай да қалыпты. Едіге шыдай алмай, теңізге ентелей түсіп, суы сылпылдап жатқан құмдақ жиекке келіп тоқтады. Түнек қойнында жатқан теңіз жағалауға бұқпаланып, атжалдана сорылдап келіп, лезде ғайып болып, қайтып кетеді. Таң алдындағы ай ақшелденіп бұлттардың арасынан ағараңдап, әлсіз сәуле шашады.
Тағдыр жазып, көріскен деген осы екен.
– Армысың, Арал, – деп күбірледі Едіге. Содан соң бір тасқа барып отырды да, шылым тұтатты. “Контужин адамға темекі тартуға болмайды”, – деп дәрігер қатты ескерткеніне де қарамайды. Кейіннен барып бұл қу әдетті тастап кетіп еді. Ал сол отырыста шылым шеккісі келгені рас: түтін деген не тәйірі, одан басқа уайымы да жетіп жатқан. Ендігі тірлік не болмақ? Теңізге шығып, балық ауларға қол-аяғың бүтін, дені- қарның сау болуы керек. Соғысқа дейін ол балықшы еді. Енді ше? Қайыққа мініп, толқын кешуге басы жарамайды. Басы айнала береді. Мүгедек дейтін мүгедек те емес, бірақ бұрынғыдай теңіз кезуге жарамайтыны анық. Басы түскір жарамайды. Бұл ақиқат.
Едіге орнынан тұра бермекші еді, жағалауда жүрген бір ақ итті көзі шалып қалды. Қайдан қаңғырып жүргенін құдай білсін. Су жағалап, дымқыл құмды тіміскілеп қойып, жүгіріп жүр. Едіге итті өзіне шақырды. Ит байғұс арсалаңдап келіп, құйрығын бұлтаңдатып тоқтай қалды. Едіге оның жүндес мойнын ұйпалақтап, еркелетіп қойды.
– Сен қайдан жүрсің, а? Қайдан келдің? Атың кім өзіңнің? Арыстан? Жолбарыс? Бөрібасар ма? Ә, балық іздеп жүр екенсің ғой. Дұрыс, жарайсың, жарайсың! Бірақ та теңіз шіркін жағаға өлген балық лақтырып тастай берер деймісің. Амал нешік? Жүгіресің дағы. Ап-арық екенің де сондықтан ғой, байғұсым. Ал, достым, мен болсам үйіме келе жатырмын. Сонау Кенигсберг деген жерден. Сол қалаға жете берген жерде снаряд жарылып, әрең тірі қалдым. Ендігі күн не болмақ деп ой түбіне кетіп отырмын. Неменеге мөлие қарайсың? Менің саған беретін түгім де жоқ. Орден, медаль сияқтыдан басқа еш нәрсем жоқ. Соғыс қой, достым, айнала ашаршылық. Бар болса, сенен аяп тұр дейсің бе?.. Айтпақшы, тұра тұр. Мына бір кәмпит... ұлыма әкеле жатыр едім, жүгіріп жүрген шығар құлыным...
Едіге ерінбестен шала құрсақ қапшығының аузын ашып, газетке ораған қос уыс кәмпитті алып шықты. Қапшықта кәмпиттен басқа, әйеліне жолда бір станцияда қолдан сатып алған косынка орамал, саудагерден алған екі кесек сабын, екі пар іш киім, гимнастерка, шалбар – бар жүгінің түрі осы болатын. Аш төбет Едігенің алақанындағы кәмпитті жалап алып, қытырлатып бір-ақ жұтты да, көзіне жанар пайда болып, құйрығын бұлғаңдатып, тағы да мөлие қалды.
– Ал, хош енді!
Едіге түрегелді де, жағалаумен жүріп кетті. “Енді мына таңсәріде біреудің үйіне барып мазаламай-ақ қояйын”, – деп станцияға бұрылмастан туған аулы Жангелдіге тура тартты.
Теңіз жағалап отырып Жангелдіге түс әлетінде әрең жетті. Бұрынғы кезде бұл оның екі-ақ сағатта жүріп өтетін жолы еді ғой. Келген бетте қайғылы хабар қақ маңдайынан бір-ақ соқты: жалғыз ұлы әлдеқашан шетінеп кеткен екен. Едігені әскерге алғанда алты айлық бала еді.
Бейшараның көрер сәулесі тым қысқа екен, он бір айлығында өліп қалыпты. Қызамық шығып, ыстықтан іші қызып, үзіліп кетіпті. Балаң өлді деп Едігеге ешкім хатқа жазған жоқ. Несіне жазады? Соғыста жүрген адамда онсыз да қайғы қалың. Ағайын жұрт: “Есіл ер аман-есен қайтып келсе, есіте жатар, қайғырар да қатаяр, хат жазып, хабарламай-ақ қой”, – деп еді Үкібалаға. “Бастарың жас, амандық болып, құдай қаласа бала қайда қашады”. “Бәйтеректің бұтағы сынса да, діңгегі сынбасын дескен. Дауыстап ешкім айтпаса да, бәрінің көкейінде тағы бір сөз бар еді: “Соғыстың аты – соғыс, егер Едіге жазатайым болып кетсе, ақырғы сәтте артымда ұрпағым бар-ау деген үмітпен аттансын...”
Ал Үкібала өкініштен өртене берді. Соғыстан қайтқан ерін құшақтап тұрып, ағыл-тегіл жылай берді. Баланың өліміне өзін кінәлі санаған ол осы күнді әрі сарғая, әрі үрейлене күтіп еді-ау. Көз жасын көл қылып тұрып, еріне болған жайды айтып берді. Ауылдағы кемпірлер ә дегеннен-ақ айтуын айтып-ақ еді, қызамық деген сұңғыла неме деп. Баланы түйе жүн көрпеге орап, үйді қараңғылап жатқыз да, салқын суды бере бер, бере бер, құдай сәтін салса, ыстығы қайтып, балаң аман қалар деген. Ал мен бейбақ сол кемпірлердің айтқанын тыңдамай, көршінің арбасын сұрап алып, баланы станцияға алып жөнелейін. Арба үстінде шайқатылып, станцияға жеткенше бала жолға шыдай алмай өртеніп кетті. Сонда доктор әйел жерден алып, жерге салып, аулыңдағы кемпірлердің айтқанын неге істемедің деп, жер-жебіріме жетті...
Өліп-талып жетіп, табалдырықтан аттай бергенде Едігенің естігені осындай хабар болды. Сол сәттен бастап қайғыдан қара тастай қатып қалды. Өзі әке болып, жарытып әлдилеп те көрген жоқ еді, сол тұңғыш перзентінің шетінеп кеткеніне, ет жүрегі қазір мұнша елжірер деп кім ойлаған. Содан да ма екен, әйтеуір, баланың жоқтығы қатты батты. Әлі тісі де шыға қоймаған нәрестенің пәк күлкісі көз алдынан кетпей, әке жүрегі сыздап қоя береді. Көңілінің бұзылуы содан басталды. Сағынып келген ауылынан лезде жалығып, құлазып қалды. Теңіз жағасындағы осы бір құмдауыт қыратта бір кезде елуге тарта түтін бар еді. Артель болып, Аралдан балық аулап кәсіп ететін. Енді қараса, жар басында шөпірейіп он шақты-ақ үй қалыпты. Еркек атаулыдан ешкім жоқ, бәрін соғыс сыпырып-сиырып әкеткен. Кәрі-құртаң, бала-шаға, оның өзі саусақпен ғана санарлық. Көбі өлместің қамын ойлап, мал баққан колхоздарға көшіп кетіпті. Артель тоз-тоз болыпты. Теңізге шығар жан қалмапты.
Үкібаланың мал баққан сахарадағы төркіндеріне кетіп қалуына да болар еді. Төркіндері іздеп келіп: “Алып кетеміз, мына аласапыран басылып, Едіге аман-есен келсе, сені ешкім де ұстап тұрмайды, балық баққан Жангелдіңе ораласың қайтып”, – деген. Бірақ Үкібала үзілді-кесілді көнбей қойды: “Ерімді күтем. Баладан айырылдық. Егерде күйеуім тірі қайтар болса, тым құрыса от басында мен отырайын. Есігі жабылып қалмасын. Мені құдай алмас, ауылда шал- кемпір, бала-шаға бар, соларға себім тиер, шүйіркелесіп күнелтерміз”, – деген.
Онысы оңды болды. Бірақ Едіге ә дегеннен-ақ екі қолы алдына сыймай, бұл құлазыған теңіздің жағасында жұмыссыз қалай отырамын деп мазасыздана бастады. Онысы да жөн еді. Едігеге сәлемдесе келген Үкібаланың төркіндері: “Біздің жаққа көшіңдер”, – деді. Малды ауылға барып, денсаулығың оңалғанша дем ал. Сонан кейін жұмыс та табылар, мал бағарсың... деген. Едіге тәңірі жарылқасын айтты да, келісуін келіспей қойды. Масыл болса қайтемін деп ойлады. Қайын жұртыңа барып, біраз күн мейман болу бір басқа да, қолыңнан іс келмей масыл болу масқара.
Сонда Үкібала екеуі тәуекел деп тас жұтты да, темір жолға барып жұмыс іздемекші болды. Едігеге қарауылдың, немесе шлагбаумды ашып-жауып тұратын кезекшінің жұмысы табылар деп дәмеленді. Майдангер-мүгедекті жұрт далада қалдырмас деп ойлады.
Сонымен олар сол көктемде жолға шыққан. Қол-аяғы шідерсіз, жас шақтары болатын. Алғашқыда кез келген станцияларда түнеп жүрді. Оңтайлы жұмыс табылмай-ақ қойды. Тұрғын үй жағдайы тіптен қиын еді. Темір жол бойында тұрақсыз кездейсоқ жұмысқа жалданып, өйтіп-бүйтіп күнелтіп жүрді. Үкібаланың дені сау, жас кезі ғой, бар бейнетті сол көтерді. Едіге болса, бір қарағанда әлуетті сияқты көрінер еді де, жұмысқа сол тұрып, бар тауқыметін Үкібала тартатын, пойыздан жүк түсіріп, жүк артатын да сол болатын. Сөйтіп жүріп олар бір күні Құмбел дейтін үлкен станциядан бір-ақ шықты. Бұл көктемнің орта шені еді. Көмір түсіреді. Көмір тиелген вагондар депоның тасасындағы запас жолға шығарылады да, оларды тез босату үшін әуелі көмір жерге төгіледі. Одан қол арбаға тиеп, маялап үйеді. Бір жылдық қор жасап, үйдей-үйдей үймелер тұрғызады. Бұл бір дозақы жұмыс болатын. Үсті-басың қара күйе, жұтқаның қара тозаң. Қайтесің, күн көру керек. Едіге күрекпен қол арбаға көмір салып тұрады. Оны Үкібала тақта жолмен сонау үйме төбенің басына алып шығып төгеді де, қайта түседі. Едіге арбаны тағы толтырады, Үкібала көтерем аттай қисалаңдап, бар күшін салып, әйелдің әлі келмейтін ауыр жүкті тағы да үйме төбенің басына алып шығады. Ол аз болғандай, күн де шақырайып, қыза түседі. Төбеден күн өтіп, көмірдің тозаңы қолқаны қауып, Едігенің басы айналып, құсқысы келеді. Бойынан әл-қуат кетіп бара жатқанын өзі сезеді. Үйме көмірдің үстіне сұлай кетіп, содан қайтып тұрмасам-ау, деп те тістенеді. Бірақ бұған да шыдар еді-ау, әйелін аяйды, қара тозаңға тұншықтырып, Едігенің істейтін жұмысын ол істеп жүргені жанына қатты батады. Әйелінің жүзіне қарауға беті шыдамайды. Үкібала үсті-басын қара тозаң тұтып, тек көзінің ағы мен тістері ғана жылтырайды. Қара суға малынып терлейді. Көмір тозаңы езілген кіршең тер саулап, мойнына, омырауына, арқасына ағады. Едіге дені сау болса, әйелін осындай азапқа салып қояр ма еді! Әйелінің мұндай мүшкіл халін көрмес үшін мына қарғыс атқыр көмірдің ондаған вагонын бір өзі-ақ төңкеріп тастар еді ғой.
Олар туған ауылдан аттанып, мүгедек майдангерге бір жеңіл- желпі жұмыс табылар-ау деп үміттеніп, жолға шыққанда бір нәрсені ескермеген екен. Едіге сияқты майдангерлер әр жерде-ақ толып жүр екен. Бәрі де жаңа тірлікке бейімделіп, жұмысқа орналасуы керек. Тағы да болса Едігенің қол-аяғы сау ғой. Сол бір кезде темір жол бойында аяғы жоқ, қолы жоқ, ағаш аяқ, балдақты мүгедектер қанша еді десеңші. Адамның көптігінен сасық иісі қолқаңды ататын вокзалдың бір түкпіріне тығылып, ұзақ таңды атырған шақтарда, Үкібала өз күйеуінің он екі мүшесі сау қалғанына шүкіршілік етіп, тәңіріге ішінен талай рет тәуба айтты. Өйткені станцияларда талай-талай мүгедектерді көріп, жаны түршігіп, жүрегі сыздаған. Тозығы жеткен қомыт шинель киген ақсақ-тоқсақтар, қолы жоқ шолақтар, соғыстың сілікпесін көрген кемтарлар; екі аяқтан бірдей айырылғандар, балдақ сүйенгендер, біреудің жетегімен жүрген әз-соқырлар, көбісі үйсіз-күйсіз, станциядан станцияға көшіп, асханалар мен буфеттерге анталап, мас болып алып, ақырып-бақырып, жылағанда аза бойың қаза тұрады... Оларды алда не күтіп тұр, орны толмас ойсыраған кемістікті немен толтырмақ? Мына Едіге де осылардың кебін киіп, кем болып қалуы мүмкін еді ғой. Күйеуінің шолақ болып қалмай, молақ болып қалмай, тек контузияға ұшырап, аман-есен оралғанына Үкібала тәубе- тәубе деп, қара жұмыстың қанша ауыры болса да көтеріп алуға құлдық еді. Сондықтан да әбден титықтап, тірсегі дірілдеп, әлі бітіп, қалжыраса да, қабақ шытпай, сыр бермей, шыдап бақты.
Бұған бірақ Едіге шыдай алған жоқ. Бір әрекет жасап, тиянақты орын табу керек болды. Өмір-бақи осылайша қаңғырып жүре беру сұмдық қой. Тәуекелге бел байлап, қалаға да кеткісі келді, кім біледі, жолым болар деді. Құдайдан күндіз-түні тілегені денсаулығы еді, осы бір қасам ұрған контузиядан бір құтылсам деп күйзелді. Денсаулық болса, өз күнін өзі көріп, ешкімге кеудесін бастырмақ емес... Қалаға барып халі қандай боларын кім біледі, мүмкін, басқалар сияқты бұлар да қала тұрмысына бірте-бірте үйренісіп, бейімделіп кетер ме еді... Бірақ тағдыр бұлардың жолын басқа жақтан салды. Сол бір жайтты тағдыр демей не дерсің...
Құмбел станциясында вагоннан түсірілген көмірді маялап күн көріп жүрген сол күндердің бірінде депоның қорасына бір түйелі адам келді. Сірә, бір шаруамен қырдан келген кісі болуы керек. Тәрізі солай көрінді. Әлгі кісі таяудағы алаңқайға түйесін шідерлеп қойды да, жан-жағына қарап, бос қапшығын қолтығына қысып алып, былай шықты.
– Оу, інішек,– деді ол Едігенің жанынан өтіп бара жатып, – айналайын, ана түйеге қарай тұршы, бала-шаға мазалап жүрмесін. Жүгермектердің хайуанды ұрып-соғып, бақыртып, мазасын алатын қу әдеті бар. Тіпті кейде ерігіп, шідерін ағытып жіберетіндері де болады. Мен осы қазір қайтып келемін.
– Барыңыз, бара беріңіз, қарай тұрармын, – деді Едіге күрекпен көсіп-көсіп көмірді қол арбаға салып болып, күйе-күйе дымқыл орамалмен терін сүртіп тұрып.
Тер дегенің бет-аузынан шүмектеп ағады. Үйме көмірді қол арбаға арта беріп, станцияның бұзық балалары тиісіп жатқан жоқ па деп, оқтын-оқтын түйе жаққа көз қиығын салып қояды. Олардың бейбастығын бір жолы көзімен көргені бар. Онда да біреу түйе мініп келіп, осы алаңқайға қалдырып кеткен. Сонда әлгі жүгермектер жетіп келіп, түйенің әбден титығына тиіп еді, түйе бақырып, жынын шашып, оларды қуып кеп берсін. Балаларға сол керек, мәз болып, алғашқы қоғамдағы аңшыларға ұқсап, айқай-сүрең салып, түйені қоршап алып, таспен, таяқпен ұрып, білгенін істеді. Сорлы хайуан иесі қайтып келгенше көресіні көрді-ау сонда...
Бұ жолы да, қайдан пайда болғаны белгісіз, бір топ алба-жұлба жүгермектер айналаны азан-қазан қылып, сау етіп жетіп келді де, футбол тебе бастады. Допты шідерлеулі тұрған түйені көздеп тебеді. Түйе байғұс олардан ығыстай береді, ал балалар бір-бірімен күш салыстырып, түйенің қарнына допты дәл тигізуге тырысып, қатты соғады. Тигізгені торға гол салғандай мәз-мейрам болады... – Әй, жоғал әрі тиме! – деп Едіге күрегін көтеріп-көтеріп қойды. – Әйтпесе қазір тұқымыңды тұздай құртам! Түйенің иесі деп ойлады ма, әлде мына адамның сұрапыл түрінен шошып кетті ме, әлде мас екен деп қалды ма, онда тіпті бәле, әйтеуір, балалар бірден шегіншектеп, “Бәледен машайық қашып құтылыптының” керімен, допты тебе-тебе аулақ кетті. Олар бекер қорықты. Түйені әбден айыздары қанғанша доппен ұрып бақырта беруіне болар еді. Едіге тек күрек сермеп доң-айбат көрсеткені болмаса, сол бір қалпында балаларды қумақ қайда! Қол арбаға көмірді бір күреп салғанның өзіне әрең-әрең шыдап тұрған. Дерт меңдеп, әл кетіп, дәрменсіз қалудың қандай қорлық екенін ол бұрын ойлап көріп пе. Басы айнала береді. Тер саулап, ығыр қылады. Көмір тозаңынан тынысы тарылып, көкірегін қара қақырық қыстап, Едіге қалжыраудың шыңына жетті. Соны көріп, Үкібала күйеуінің қолынан күректі өзі алып, отырып дем ал деп, арбаға көмірді өзі тиеп, жоғарыға өзі алып шығып, бар азапты өзі арқалайды. Әйелінің бұл азаптанғаны арқасына аяздай батқан Едіге отыра беруге дәт қылмай, орнынан қайта тұрып, іске қайта кіріседі...
Көп ұзамай әлгі түйесін аманат қалдырған адам, арқасына қап көтеріп, қайта оралды. Жүгін түйеге артып болып, жолға жиналып тұрып, Едігеге таяп келді де, хал-жай сұрасты. Әңгіме бірден арнасын тауып кетті. Бұл Боранды разъезд-бекетінде тұратын Қазанғап екен...
Сөйтсе ол Едігенің жерлесі екен. Туған жері Арал жағалауындағы ауылдардың бірінен болып шықты. Екеуі таныса келе, жақындаса берді. Сол сәтте бұл кездесу Едіге мен Үкібаланың бүкіл алдағы тіршілігінің тағдырын шешетінін ешкім білген жоқ. Қазанғап оларды Борандыға барып, жұмыс істеуге оп-оңай көндірді. Бірден іші-бауырыңа кіріп, баурап алатын бір адамдар болады. Қазанғаптың ерекше бір қасиеті жоқ-ты, тек өмірдің ыстық-суық өткелегінен өткен қарапайым жанның кісілігін танытты. Түріне қарасаң күнге күйіп оңып кеткен киімі өзіне үйлесімді кәдімгі қаймана қазақ. Ешкінің терісінен илеп тіккен шалбар кигені де тегін емес, түйеге мініп жүруге оп-оңтайлы. Бірақ киімнің парқын білмейтін де кісі емес екені көрініп тұр. Дәу басында теміржолшының анда-санда бір киерлік, өңі түспеген фуражкесі. Аяғында – тарамыстан қырық жерден қиыстырып жамау салған, талай-талай заманды көрген хром етік. Оның бейнетқор қазақ екені күнге күйіп, желге тотығып көнтектелген бет-жүзінен, сексеуілдей қатты, қарулы қолынан-ақ көрініп тұр. Бейнет мехнатынан күні бұрын еңкіш тартып, атпал иықтары салбыраңқырап тұрады екен, содан болар, орташа бойлы болса да, мойны сорайып көрінеді. Қоңыр қой көздерінде бір ғажап қасиет бар, жан-жағынан әжім үйіріліп, күлімсіреп тұратын сол көздер пайымды да, сұңғыла жанның сыңайынан сыр береді.
Қазанғап ол кезде қырықты алқымдап қалған. Бәлкім, тықырлау мұрты мен бурыл тартқан шоқша сақал оны кекселеу етіп көрсететін шығар. Бәрінен де оның сөзі алымды, салмақты көрінді, еріксіз сендіреді екен. Үкібала бұл кісіні бірден ұнатып, сүйсініп қалды. Айтқан сөзінің бәрі орынды. Айтқаны сонда ақыл еді. “Шырағым, контузияң бар екен, денсаулығыңды құртып қайтесің”, – деген ол сонда. “Едігежан, бұл жұмыс саған қол емес екенін мен бірден байқадым, зорығып тұрсың. Мұндай ауыр жұмысқа жарамайсың әлі. Қарашы, қарайып әрең тұрсың”, – деген. “Қазір сен таза ауа жұтып, емін-еркін ағарған ішіп, жеңіл-желпі жұмыс істегенің жөн. Мәселен, бізге жол бойында жұмыс істейтін адам қасқалдақтың қанындай қажет. Менің жаңа бастығым ұдайы маған: “Осы жердің байырғы тұрғынысың ғой, тәуір адамдар болса, шақырсаңшы”, – деп мазамды алады. Ал, ондай адамдарды қайдан табасың? Бәрі соғыста жүр. Ал соғыстан қайтқандар болса оларға басқа жерде де жұмыс жетеді. Біздің Борандыны жұмақ дей алмаймын, әрине. Қиындығы көп жер, айнала Сарыөзектің мидай даласы. Жуыр маңда ел де жоқ, су да жоқ. Бір апталық суды алыстан цистернамен алып келеді. Кейде келмей де қалады. Ондай да болып тұрады. Амал жоқ, қияндағы құдыққа барып, суды меске, торсыққа толтырып көлікпен тасимыз. Ертең ерте кеткеннен кешке бір-ақ ораласың. Әйтсе де, әлдеқайда қаңғып жүргенше, осы Сарыөзектің бір пұшпағында оңаша отырғанның өзі артық. Басыңда – баспанаң, тұрақты жұмысың болады. Білмесең – үйретеміз, тез-ақ игеріп кетесің. Өзіңнің мал-жайың болады. Шаруашылыққа қырың болса, мал ұстау қиын емес. Екеуің де азаматсың, тұрмыстарың әлі-ақ жөнделіп кетеді. Денсаулығың да оңалады. Содан соң құдайдың салғанын көресің де, ұнамаса – басқа бір тәуір жер тауып аларсыңдар...”
Қазанғап сонда осылай деп еді. Едіге ары ойлап, бері ойлап, ақыры келісті. Сол күні олар Қазанғапқа ілесіп Сарыөзектегі Боранды бекетіне жүріп те кетті. Сол кездің өзінде Едіге мен Үкібаланың ырғалып-жырғалатын жайы жоқ-ты, ол-пұлын лезде іліп алып, жеңіл-желпі жолға шықты. Егер бақыт деген бар болса, мұны да бір сынап көрейік дей салып еді. Сөйтсе бұл нар тәуекел – олардың тағдыр-талайы екен ғой. Сарыөзектің Құмбелден Борандыға дейінгі сол бір жолы мәңгі- бақи Едігенің есінде қалды. Әуелі темір жолды бойлап отырып, бірте-бірте қиғаштап, белес-белестен асып, шалғайға шығып кеткен сияқты көрінді. Оның себебін Қазанғап түсіндірді. Сөйтсе, темір жол бір заманда шалқып жатқан тұзды көлдің қазіргі құлазыған тақыр-табанын айналып өтеді екен де, төтесінен тартқанда он шақырымдай жол қысқарады екен. Әлі күнге дейін сол тақырдың құрсағынан батпақ борық пен тұз шығып жатады. Көктем сайын осы сортаң жазыққа жан кіріп, былбырап езіліп, өткел бермес батпаққа айналады да, жазға қарай ақ сортаң тартып, келер көктемге дейін тастай қатып, қақайып жатады. Бұл арада бір кезде айдынды көл болғанын Қазанғап Сарыөзекті зерттеген Елизаров деген геологтан естіген. Сол Елизаровпен кейін Едіге араларынан қыл өтпес дос болып кетті. Ол өзі бір ақылды орыс еді.
Ал Едіге ол кезде әлі Боранды Едіге атанбаған. Тек кездейсоқ жол жұмыскеріне жолығып қалған Аралдың қазағы, әлі шаңырақсыз жүрген майдангер, тағдырының тізгінін Қазанғапқа ұстатып, әйелі екеуі жұмыс іздеп, беймәлім Боранды бекетіне жол тартқан. Сол бекетте біржолата тұрақтап қаларын ол сонда әлі бағамдай алмаған. Көктемде біраз күн ғана реңі кіріп, жасыл тартатын Сарыөзектің шексіз-қиырсыз жазығын көріп Едігенің басы айналғандай болды. Арал теңізінің айналасы да даладан кенде емес. Тек Үстірттің өзі не тұрады. Ал бірақ мынандай сайын сахараны тұңғыш рет көруі еді. Сарыөзектің тылсым тынысты құлазыған даласында тек сол даланың ұлылығы мен өз рухының ұлылығын салыстыра алатын адамдар ғана тұра алатынын Едіге кейіннен барып түсінді. Сарыөзектің сахарасы ұлы ғой, бірақ адамның ақыл-ойы сол ұлы дүниені де өз санасына сыйғыза алады. Елизаров ақылды кісі еді, замандардың қатпарларында көміліп қалған мұнар-мұнар сырлардың өзін ашып, түсіндіріп айтар еді.
– Дәл қазір Қазанғап түйені бұйдасынан алып, алға түсіп, аршындай басып келе жатпаса, Сарыөзектің қойнына сүңги түскен сайын Едіге мен Үкібаланың халі қалай боларын болжаудың өзі қиын. Жүк артқан түйенің үстінде Едіге отырған. Түйеге Едіге емес, Үкібала мінетін жөні бар еді. Бірақ Қазанғап, әсіресе Үкібала қояр да қоймастан Едігені түйеге зорлап мінгізді. “Біз дені-қарнымыз сау ғой, сен болсаң әлсізсің, қой енді, таласпа, жүрелік, жол алыс”, деп екеулеп кетіп еді. Түйе әлі қабырғасы қатпаған жас мал еді, сондықтан жолаушылардың екеуі жаяу келе жатқан. Сонда Едігенің қазіргі Қаранары болса ғой, үшеуі бірдей мінгесіп алып, сау желіп отырып үш-төрт сағатта-ақ жетіп қалар еді. Ал сол жолы олар Борандыға түн жамыла әрең жетті. Әйткенмен, сонда жолды әңгіме қысқартқан сияқты болды. Көбінесе әңгімені Қазанғап айтты да, Едіге мен Үкібала бейтаныс өлкеге қарайлай-қарайлай, оның сөзін тыңдай берген. Қазанғап бұл – аймақтың тіршілігін, өзінің Сарыөзекке қалай тап болғанын, темір жолға қалай орналасқанын шертті. Сол бір соғыс аяқталар жылдың алдында Қазанғап небары отыз алты жаста-ақ екен ғой. Туып-өскен жері – Арал қазақтарының ортасы еді. Оның ауылы Бесағаш теңіз жағалап жүргенде Жангелдіден отыз-ақ шақырым жерде екен. Бесағаштан Қазанғап кеткелі арада көп жылдар өтіп кетсе де, ол туған жерге әлі бірде-бір рет ат ізін салмапты. Оның өз себебі бар екен. Қазанғаптың әкесін кулак деп тап жауы ретінде жер аударып жіберген ғой. Сөйтсе, кулак тұрмақ бәлесі де жоқ, асыра сілтеу жаласы жалмаңдап тұрған шақта, тектен-текке жазықсыз айдалғаны анықталып, ақталып, айдаудан туған еліне босанып қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады. Қателесіп, орташа шаруалардың өзін кулак деп айыптап, асыра сілтеу тасыраңдаған заман еді ол. Ақтауын ақтады-ау, бірақ кеш болып қалды да. Отбасы – бір туған бауыр, іні-қарындас, аға-апалары – жел ұшырған қаңбақтай тоз-тоз болып, құлақ естімес, көз көрмес жаққа жосылып, жоғалып кетті. Қазанғап онда жап-жас жігіт қой, ауылдың әпербақан белсенділері күнде жиналыс шақырып, Қазанғапты қыстайды-ай келіп: “Айт, мына халыққа, әкемді жат элемент ретінде дұрыс соттады деп айт. Осы бағытты қолдаймын деп айт. Мұндай әкеден бездім деп айт, менің әкем сияқты тап жаулары жер бетін басып жүрмесін, бәрін де жаппай жою керек деп айт. Айт, айт!” Ондай дозақы масқараға белшесінен батпас үшін Қазанғап елден безіп, қиян-қиырдан бір-ақ шықты. Самарқант маңындағы Бетпақдалада аттай алты жыл жұмыс істеді. Ғасырлар бойы түрен тимей тусырап жатқан сол даланы мақта өсіреміз деп, енді-енді игеруге кіріскен кез еді. Жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшылар баракта тұрып, арық қазады. Қазанғап жер де қазды, тракторшы да болды, бригадир де болды, екпінді еңбегі үшін Құрмет грамотасын да алды. Сонда жүріп үйленді де. Бетпақдалаға ол кезде табыс іздеп, адамдар жан-жақтан ағыла бастаған. Хиуа маңайынан ағасының отбасына ілесіп, Бетпақдалаға сонда қарақалпақ қызы Бекей де келіп еді. Сөйтсе, Қазанғап екеуі кездесуге жазған екен. Екеуі Бетпақдалада қосылып, содан соң екеуі Арал маңына, Қазанғаптың еліне, ағайын-туған арасына бармақшы болды. Сөйтсе, егжей- тегжейлі ойламастан, албырттық жасаған екен. “Максим” дейтін пойызға талай-талай станцияларда ауысып мініп, апталап жүріп, ақыры Құмбелге де жеткен. Станцияда Қазанғап кездейсоқ өзінің бір-екі жерлестеріне жолығып қалды. Олармен амандық-есендік сұраса келе, Бесағашқа баруға әлі ерте екенін түсінді. Ауылды әлі күнге дейін сол баяғы асыра сілтеуші атқамінерлер билеп тұр екен. Соны есітіп, Қазанғап нілдей бұзылды. Жоқ, ол қорыққан жоқ. Ол қазір Өзбекстанның өзі грамотамен наград-таған сыйлы адам, оған енді атқамінерлер тиісе алмас. Бірақ бір кезде өзін қорлап, жәбірлеп, масайраған жексұрындарды көргісі келмеді. Олар әлі дәуірлеп тұр екен, енді барып, ештеңе болмағандай, қалай ғана солардың қолын алмақ!
Бұл қасіретті еске алуды Қазанғап ұнатпайтын. Бұл жайлы басқалардың әлдеқашан ұмытып кеткенін де түсіне алмайтын. Ал бұл болса сол қасіретті ешқашан ұмыта алмайтынын Сарыөзекке келгеннен кейінгі талай-талай жылдардың ішінде екі рет білдіріп алды. Бір рет өзінің ұлы Сәбитжан көңілін қатты қалдырды да, екінші ретте Едіге абайламай қалжың айтып, жараның аузын қатты тырнады.
Сәбитжан қаладан келген күннің бірінде бәрі жиналып, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып отырған. Әр түрлі әжік- күжік әңгіменің ішінде Сәбитжан дарақылана күліп алып, біздегі коллективтендіру кезінде Синь-цзянға кеткен қазақтар мен қырғыздар енді бері қарай қайтып келіп жатқанын айтты. Коммуна құрып, Қытай кең қысып берсе керек – өз үйлерінде тамақтануға тыйым салынған, кәрісі бар, жасы бар – бәрі қолдарына бір-бір табақ ұстап кезекке тұрып күніне үш рет ортақ қазаннан тамақтанады екен. Қытайлықтар қысып бергенде, баяғы бізден көшкен қазақтар мен қырғыздар жау тигендей малын да, мүлкін де тастай қашып “садағаларың кетейік, кері қарай өткізіңдер”, деп біздің адамдардың аяғына жығылып жатқан көрінеді. – Оның несі жақсы! – деп Қазанғаптың түсі түнеріп, ашу-ызадан еріндері дір-дір етті. Ілуде бір болмаса, оның бүйтіп түнергенін ешкім көрген емес. Сондай-ақ, оның өз баласына бұлай жекігенін ешкім еш уақытта естіп-білмеген. Баласын адам болар деп аңсап, барын аямай бағып-қағып, оқу оқытып, періштедей көретін.
– Оның несіне жетісіп күлесің?– деді тағы да бұрқ етіп, екі шекесі адырайып, тамырларын қан кернеп бара жатып. – Бұл, білсең, сол сорлылардың қасіреті емес пе!
– Енді қалай айту керек? Міне, қызық! – деп Сәбитжан шабаланды. – Болғанды болғандай айтып отырмын.
Әкесі шай шыныны итеріп тастады да, үндеген жоқ. Қайта сол үндемегені арқаға аяздай батты.
– Жалпы, кімге ренжіп, кімге өкпелейсің? – деп Сәбитжан иығын қиқаң еткізіп, таңданған пішін танытты. – Түсінсем бұйырмасын. Тағы да қайталап айтамын – кімге өкпелеу керек? Уақытқа ма – уақыт ұстатпайды. Өкіметке ме – өкіметке өкпелеуге құқың жоқ.
– Сәбитжан, біліп қой. Шамам келгенше мен де өз ісімді өзім білемін. Басқаның ісіне араласпаймын. Бірақ та, ұлым, есіңде болсын, сені мен ақылың жетілді ғой деп жүруші ем, есіңде болсын. Тек құдайға ғана өкпе жүрмейді: өзі берген жанын дәм таусылғанда өзі қайтып алады, оған өкпе жүрмейді. Ал жер бетінде қалған істің бәріне де сұрақ бар! – Осылай деді де Қазанғап ешкімге назар салмай, орнынан тұрды да, үндеместен, ашулы күйі үйден шықты да, жүре берді...
Құмбелдегі алғашқы ұшырасудан соң көп жыл өтіп, Едіге үйлі- жайлы, балалы-шағалы болып, олар өсіп, Борандыға тамыр байлаған кез еді. Бір жолы көктемнің көгілдір кешінде Едіге қораға қоздаған қойларды кіргізіп тұрып, Қазанғапқа абайламай бір қалжың сөз айтып қалды:
– Қазеке, осы сіз бен біз бай болып барамыз-ау деймін. Қайтадан кулак деп айдаса да болғандай!
Қазанғап сонда Едігеге ызғар шаша бір қарады, тіпті мұрты да тікірейіп кетті. – Сен, шырағым, абайлап сөйле!
– Сізге не болған, Қазеке, қалжыңды түсінбейсіз бе?
– Бұл қалжыңдайтын нәрсе емес.
– Қойыңызшы, Қазеке атам заманғы әңгіме ғой ол...
Мәселе сонда. Аша тұяқ қалдырмай сыпырып алса да итшілеп күн көресің. Ал қорланған жан жарасы еш уақытта жазылмақ емес... Бірақ бұл әңгіме Құмбелден Борандыға қарай Сарыөзектің даласымен келе жатқан кезден көп-көп кейін болады. Борандының бекетіне тартқан бұл сапар әлі немен тынатыны белгісіз кез, онда Едіге мен Үкібала тұрақтай ала ма, жоқ па, әлде тағы сандала ма – беймәлім еді. Әңгіменің арқауы сол жолы әншейін өткен-кеткен тіршілік болатын. Әңгіме арасында Едіге Қазанғаптан: “Майданға қалай бармай қалдыңыз, әлде денсаулыққа байланысты қалып қалдыңыз ба”,– деп сұраған.
– Құдайға шүкір, денім сау, – деген Қазанғап. – Ешқандай ауру- сырқауым болған емес. Майданға жіберсе, басқалардан кем де соғыспас едім, деп ойлаймын. Бірақ жағдай басқаша болды... Қазанғап Бесағашқа оралуға бата алмай, Құмбел станциясында қалып қойған. Басқа барар жер, басар тау жоқ. Қайтадан Бетпақ далаға (Мырзашөлге) оралайын десе, тым алыс. Бір келіп қалған соң енді қайтып оралар жөні де жоқ. Аралға тартудың тағы реті келмеді. Сөйтіп жүргенде Құмбел станциясының бастығы бір тәуір кісі екен, ерлі-зайыпты екеуін байқап қалып, неғып жүрген адамсыңдар, қайда бармақсыңдар деп сұраса келе, жұбайлардың еңбекқор момын адамдар екенін көрген соң, өткінші пойызға отырғызды да, Боранды бекетіне аттандырды да жіберді. Борандыға жұмысшы керек, екеуіңнің орайың келіп тұр деді. Борандының бастығына хат жазып берді. Сөйтсе, қателеспеген екен. Борандыға қарағанда Мырзашөл жұмақ екен, онда халық деген көп, жұмыс деген қайнап жататын. Қанша қиын болғанмен, Сарыөзектің шөлінде қанша азап шеккенмен бірте-бірте үйренісе бастады. Үйлі- жайлы болып, тұрмыс құрастырды. Аз ба, көп пе, әйтеуір, өз күн көрісі бар. Ерлі-зайыпты екеуі де жол жұмыскері болып саналғанымен, бекеттегі бар жұмысты атқарады. Қазанғап пен оның жас әйелі Бекейдің отасуы Сарыөзектің елсіз бекеті Борандыда, міне, осылай басталып еді. Рас, сол бір жылдары олар біраз қаржының басын құрастырып алып, ел-жұрты бар станцияға немесе қалаға жақынырақ ауыспақшы да болды, әне-міне деп жүргенде соғыс басталып кетті.
Әне сонан кейін Боранды арқылы эшелон дегендеріңіз батысқа қарай солдат тиеп, шығысқа қарай жер ауғандарды, батысқа қарай астық тиеп, шығысқа қарай жаралыларды тиеп, ағыла бастады дейсің. Өмір шіркіннің өзгергені сонша, тіпті елсіз меңіреу Боранды бекетінің өзі беймазаға айналды.
Семафордың ашылуын талап етіп, паровоздар бірінің соңынан бірі боздайды, қарама-қарсы жақтан да боздауық үн тынбайды... Мұндай зор салмаққа шыдас бермей шпалдар майысып, рельстер мерзімінен бұрын мүжіліп, шытынап кетіп жатты. Жолдың бір жерін енді жөндеп бола берсең, тағы бір жерін жедел жөндеу керек болады…
Адам шіркін де таусылып болмайды екен, эшелондар бірінен соң бірі тынымсыз, апта сайын, ай сайын, соңынан жылдар бойы күндіз-түні майданға қарай жөңкіледі де жатады. Әлем болып не өлім, не өмір деп ата жау боп айқасқан батысқа қарай шексіз ағылған эшелондар…
Көп ұзамай Қазанғаптың да кезегі келді. Майданға жібермекші. Құмбелден әскери пунктке жет деген қағаз түсті. Ең озат жұмыскерді әскер алып бара жатқанда бекеттің бастығы басын ұстап, жылап жібере жаздады. Борандыда жұмыскер дегенің бірлі- жарым ғана ғой. Бірақ оның қолынан не келеді, оны тыңдап жатқан кім бар? Разъезд пойыздарды аттандырып үлгіре алмай жатыр, тез арада қосарлы жол салу керек деп кімге барып айтар? Өйтіп айтса, өзі күлкі болар. Паровоздар боздаған Борандының мұңына қазір кім құлақ асар – жау болса Москва түбінде тұр... Соғыстың алғашқы қысы да түнеріп, мұнар тартып, азынаған аязымен қоса мезгілсіз ерте келіп есік қақты. Сол таңның алдында түні бойы қар жауды. Әуелі қыламықтап бастап, соңынан екілене түсіп, жапалақтап жауды. Сарыөзектің ұлан-ғайыр даласы, сай- саласы, ойы мен қыры шетсіз-шексіз ақ көрпеге оранды да қалды. Сол-сол екен, жаңа түскен ұлпа қарды ұйпалақтап ойнағансып, Сарыөзектің желі белгі бере бастады. Ол әншейін ойын жолы ғана сияқты жел еді, дауылдатып, құйындатып, қар суырар сұмдығы әлі соңында болатын. Сол сұрапыл соққанда қиырдан қиырға созылып жатқан ұлы даланың шеке тамыры сияқты жіп-жіңішке темір жолдың халі не болмақ? Шеке тамыр соғып тұр – о жаққа да, бұ жаққа да пойыздар ағыла берді, ағыла берді. Сол күні таңертең Қазанғап майданға аттанды. Ешкім шығарып салған жоқ, жалғыз аттанды. Ерлі-зайыпты екеуі үйден шыққанда, Бекей көзін басып тұра қалып, басым айналып кетті деді. Құндақтаулы баланы оның қолынан Қазанғап ала берді. Бұл әлі емшектегі Айзада еді. Ерлі-зайыпты екеуі ақ қарға қаз-қатар із қалдырып жүріп те кетті. Кім біледі, бұл іздердің қатар түсуі соңғы рет шығар… Бірақ Айзада Қазанғапты шығарып салып келе жатқан жоқ, Қазанғап Айзаданы стрелочниктің үйшігіне дейін соңғы рет шығарып салып келе жатқан. Сол арадан Құмбелге баратын жүк пойызына міне салмақшы. Енді ерінің орнына Бекей стрелочник болады. Үйшікке жетіп, екеуі қош айтысты. Түні бойы айтылар сөз айтылғап, төгілер жас төгілген. Буын бұрқыратып, паровоз дайын тұр екен. Машинист Қазанғапты асықтырып, бол-болдың астына алды. Қазанғап оның қасына отырар-отырмастан, паровоз азыната айқай салып, бірте-бірте жылдамдық алып, жол түйіндерінде дөңгелектері тоқылдап, белін белбеумен буып, орамалды қымқай тартып, ерінің етігін киіп, бір қолында баласы, бұларға семафор ашып тұрған Бекейдің тұсынан да өте берді. Соңғы рет бір-біріне қол бұлғасты… Бекейдің дидары, көзқарасы, қолы, тіпті семафор да соңғы рет қылт-қылт етіп қала берді… Пойыз болса Сарыөзектің аппақ көрпе қымтанып, тым-тырыс ұйықтап жатқан даласын оятып, арындай алып жөнелді. Паровоздың маңдайынан жел соғады. Пеште жанып жатқан көмір қоқсығының қолқаны атқан қоңырсық иісіне сол жел алып даланың жас қарының уыз иісін әкеліп араластырады… Сарыөзек кеңістігінің қысқы саф ауасын Қазанғап қомағайлана жұта берді, жұта берді. Бұдан былай бұл даланың өзіне өгей емес екенін ол сонда барып түсінді.
Құмбелде әскерге алынғандарды майданға жөнелтіп жатыр екен. Бәрін сапқа тұрғызып қойып, аттарын атап, түгендеп шығып, вагон- вагонға бөлді. Дәп осы арада бір қызық бола қалды. Қазанғап өз колоннасымен вагонға енді мінейін деп жатқанда, военкоматтың бір қызметкері жүгіріп келіп:
– Асанбаев Қазанғап! Асанбаев қайсың? Шық саптан! Ер соңымнан! – деп бұйырды.
Айтты – орындалды.
– Мен – Асанбаев!
– Документ!.. Дұрыс. Өзі екенсің. Ер соңымнан. Станцияның бір бұрышына орналасқан әскери пунктке қайтып келген соң әлгі адам Қазанғапқа:
– Асанбаев, бері қара, үйіңе қайта бер. Қайт үйіңе. Түсіндің бе?
– Түсіндім,– деді Қазанғап түгіне түсінбесе де.
– Онда қара көбейтпей қайқай? Сен боссың.
Аттанып бара жатқан, шығарып салған азан-қазан топтың ортасында Қазанғап не істерін білмей абдырап біраз тұрды. Әуелі мұндай сәті түскен іске қуанып та қалды, бірақ сана түкпірінен бір күдік қылмаң етіп бас көтеріп, сол күдіктен тұла бойы күйіп-жанып қоя берді. Е, бәсе, бәсе! Дереу қалың топты қақ жарып, әскери пункттің бастығына қарай ентеледі.
– Қайда, қайда өңмеңдеп барасың?– деп шу етті бастыққа кіруге кезек күтіп тұрғандар.
– Шұғыл шаруа! Эшелон жүрейін деп тұр, шұғыл шаруа!– деп ақыры есікке жармасты. Темекі түтінінен буалдыр тартқан бөлмеде, жан-жағы толған телефон, бума-бума қағаздардың, қаумалаған адамдардың ортасында қалған, даусы қарлыққан бурыл бас кісі кимелеп кірген Қазанғапқа жақтырмай қарап:
– Саған не керек, не жұмысың бар? – деді.
– Мен келіспеймін.
– Немен келіспейсің?
– Менің әкем асыра сілтеуге ұшыраған адам ретінде ақталған болатын. Ол кулак емес! Барлық құжатты тексеріңдер! Ол орташа шаруа ретінде ақталған.
– Тоқта-тоқта! Не керек өзіңе?
– Мені тек осы себеппен алмасаңдар, онда дұрыс емес.
– Ой, сен оттама. Кулак дей ме, орташа дей ме – кімнің шаруасы бар онда қазір! Өзің қайдан сандалып жүрсің? Кімсің өзің?
– Боранды бекетінен келген Асанбаевпын. Бастық тізімді ақтара бастады.
– Сөйтіп айтпайсың ба, адамның миын ашытқанша. Орташа, кедей, кулак деп! Мә, саған бронь! Сені қателесіп шақыртқан. Теміржолшыларға ешкім тиіспесін, бәрі өз орындарында қалсын деген Сталин жолдастың өзінің бұйрығы бар. Кәне, кесір болма, бекетіңе бар да, жұмысыңа кіріс…
Олар Борандыға жақындағанда күн де ұясына қонып еді.
Жолаушылардың алдынан тағы да темір жол көрінді.
Ары-бері жүйткіп жатқан пойыздардың үні естіледі, алыстан ирелеңдеп бара жатқан вагондар тізбегін байқауға да болады. Сарыөзектің даласында олар аулақтан ойыншық вагондардай болып көрінеді. Сай-саланы, бел-белесті әрі соңғы сәулесіне малып, әрі десе көлеңкемен көлбеп, күн шұғыласы сөніп бара жатты. Жердің бетін болар-болмас буалдыр мұнар басып, ымырт үйіріле берді, ауа көгістеніп, әлі қыстың сызы кетпеген көктем-нің жас иісі жер тәнінен сезіліп тұрды.
– Әне, біздің Боранды! – деп қолын алға созды Қазанғап, түйе үстіндегі Едіге мен жанында жортақтап келе жатқан Үкібалаға қарап.– Енді аз қалды, құдай қаласа, кешікпей жетеміз. Дем аласыңдар. Алдыда, темір жол сәл-сәл орағытып өткен жалаңаш мойнақтан шағын-шағын бірнеше үй, семафордың ашылуын күтіп, қосалқы жолда тұрған ұзын состав көрінеді. Одан әрі, жан-жақтың бәрі аңқиған қу дала, жайқуат ой мен қыр; мелшиіп жатқан шексіз кеңістік, дала, дала...
Едігенің көңілі құлазып сала берді. Теңіз жағалауының даласын көріп өскен Едіге үшін дала таңсық емес, бірақ мұншама қиырсыз қиянды көремін деп ойламап еді. Айдыны сан құбылып жататын көк теңіздің жағасында туып-өсіп енді сусыз тылсым тақырға тап болып тұр. Оу, мұнда қайтіп Күн көруге болады?!
Үкібала түйемен қатарласа беріп, Едігенің аяғынан ұстап, біразға дейін қолын айырмай қойды. Едіге айтпаса да түсінді. “Шыда, – деп еді сонда Үкібаланың қолы. – Әйтеуір, денсаулығың сақайса болды. Қалғанын көре жатармыз...”
Сөйтіп олар Борандыға таяп келіп те қалып еді. Сөйтсе бұл олардың бүкіл алдағы ұзақ ғұмырының мекені екен ғой.
Күн қызылы әбден сөніп, қараңғы түсіп, Сарыөзектің аспанында жұлдыздар жамырай жанған кезде, олар Борандыға келіп те жеткен. Біраз күн Қазанғаптың үйінде тұрып жатты. Одан соң бөлек шығып, сол кездегі жол жұмыскерлерінің барақ үйіне көшті.
Осылайша жаңа жайдағы өмір басталып еді.
Әу дегенде Сарыөзектің қу медиенінде қаншама қысылып- қымтырылса да, Едігеге екі нәрсе шипалы болды: бірі – таза ауа, бірі – түйенің шұбаты. Ауа дегеніңіз мұнда сары уыздай саф екен. Мұндай уыз ауа, әй, сірә, басқа жерден табыла қоймас. Шұбат болса, Қазанғап өзінің екі інгенінің біреуін Едігеге байлады.
– Әйеліміз екеуміз ақылдасып көрдік,– деді Қазанғап.– Шүкір, бізге ағарған жетеді, ал Ақбас інгенді сауынға сендер алыңдар. Өзі сүтті, жас мал. Екінші рет төлдеуі. Өздерің бағып, игілігін өздерің көріңдер. Тек ботасын аздырып алмасаңдар болды. Қатынымыз екеуміз келісіп қойдық: ол бота саған берген бәсіре-еншіміз болсын. Сақтай алсаң, малыңның төл басы сол. Ал кетеміз, көшеміз десең, сатып кетерсің, ақша-пұлға жарайды. Ақбас інгеннің баласы осыдан екі аптадай ғана бұрын туған, құйтақандай қара бас бота болатын. Томпайып қана тұрған екі кішкентай өркеші де қап-қара. Өзі құйтақандай болса да, жасаурап тұратын екі көзі тостағандай, жас баланың жанарындай мөп-мөлдір аяулы көздер. Бота кейде енесінің жанында ебедейсіз тапырақ-тап, секіріп-секіріп ойнайды да, қорада жалғыз қалса, енесін іздеп адам сияқты аянышты, жалынышты үнмен боздап-боздап қоятын. Оның кейін аты-шулы Қаранар атанатынын сонда кім білген десеңші. Бүкіл аймаққа аты шыққан қайратты да қажырлы Қаранар. Борандының Едігесінің өміріндегі көптеген оқиғалар енді сол Қаранармен байланысты болар. Ал әзірге ол әлі әлжуаз бота ғой, көз жазбастан күтіп, бағу керек еді. Ботаға Едіге де бауыр басып алған, сәл бос уақыты болса, соның жанында жүреді. Қысқа қарай бота кәдімгідей өсіп қалып еді, суық түсе Едіге оны жабулап тастады. Жабудан ботаның басы, мойны, аяғы мен өркеші ғана шығып тұрады да, көзге күлкілі көрінетін. Сол жабумен ол қысты өткеріп, жазғытұрым қорадан шығып, күндіз-түні далада жүретін болды.
Сол қыста Едіге өзінің сақая бастағанын сезді. Басының айнала беретіні қалай қойғанын да байқамай қалды. Бірте-бірте құлағының шуылдап тұратыны да басылды, жұмыс істесе қара терге түсетіні де тыйылды. Ал қыстың ортасында темір жолды үрінді қар басып қалған қауырт кездерде басқа жұмысшылармен бірге қолына күрек алып, іске де кірісіп кететін болды. Жастың аты жас қой, әрі жаратылысынан қайсар жан, бір кезде аяғын әрең ілбіп басатынын да ұмытып, күш-қуаты тасқындап, құлшынып шыға келді. Сонау бір жирен дәрігердің айтқаны келді.
Көңіл-хошы түскен бір сәттерде Едіге ботаны мойнынан құшақтап, аймалап тұрып, оған қалжыңдап та қояр еді.
– Сен екеуміз егіз туған емшектес бауырлармыз ғой. Ақбас інгеннің сүтін еміп сен, міне, зіңгіттей болып өстің. Мен болсам, соның сүтінің арқасында ауруымнан айықтым. Айырмасы, тек сен оның сүтің емсең, мен шұбат жасап іштім… Арада көп жылдар өтіп, соғыс бірте-бірте ұмытылып, балалар оқуға барып, разъезге су-мұнара салынып, су мәселесі біржолата шешіліп, Едіге темір түңкелі үй салып алып, қаншама қиямет қиыншылықтан кейін, өмір шіркін өзінің қалыпты орамын тауып, тұрмыс түзелген заман еді. Қаранардың даңқы дәуірлеп тұрған кез болатын. Әлдеқайдан біреулер әдейі келіп, Қаранарды суретке түсіріп кеткеннен кейін бір күні Едігенің есінде ұзақ сақталар бір әңгіме болды.
Боранды Боранды болғалы мұнда фототілшілердің келуі бірінші рет еді. Олар үшеу болатын. Бәрі де ылдым-жылдым, әрі сөзшең екен. Борандының Қаранары мен оның иелерін бүкіл газет- журналдарға басып шығару үшін арнайы келдік деп, уәдені үйіп- төкті-ай дейсің. Бұл даңғаза у-шуды Қаранар жақтырған жоқ “мазамды алмаңдар” дегендей басын аспандата көтеріп, шықшыты бұлтылдап, тісін шықырлатып, бақырып-бақырып жіберді.
Суретшілер “түйені тыныштандыр, былай ұстап тұр, олай ұстап тұр” деп Едігенің де мазасын алып болды. Едіге болса, аз ауылдың күллі қатын-қалашын, бала-шағасып, тіпті Қазанғаптың өзін де шақырып “келіңдер, суретке бәріміз бірге түсейік, жалғыз өзім түсе бергенім жараспас”, – деді. Фотосуретшілер бұған да көніп, түрлі аппараттармен сыртылдата берді. Суретке түсірудің ең бір мықты номері Қаранарға бала-шаға бәрі үйме-жүйме жабылып мінген кезде болды. Екі бала түйенің мойнында, арқасында бес бала, бәрінің ортасында Едігенің өзі. Ал, көріңдер, Қаранардың күш атасы екенін! Қыран күлкі, қызық-думан болғаны-ай сонда! Сонан соң фотосуретшілер бураның жеке өзін түсірейік деп едік деп ағынан жарылды. Е, түсіре бер, онда тұрған не бар!
Әне сонда суретшілер Борандының Қаранарын алдынан да, қырынан да, алыстан да, жақыннан да бар өнерлерін салып түсіріп- ақ бақты. Содан кейін олар Едіге мен Қазанғапты көмекке шақырып, бураның аяғынан өркешіне дейін, кеудесін, тізесін, тұрқын өлшеп, бәрін қағазға жазып алды. Бастарын шайқап, таң-тамаша болады.
– Тамаша бактериан! Міне, асыл тұқымның сақталғаны деп осыны айт! Бактерианның классикалық түрі! Кеудесінің керіске дейін қарашы, тұрқының келістісі-ай!
Мұндай мадақ сөздер Едігенің құлағына, әрине, жағып бара жатыр. Бірақ кейбір сөздердің мағынасын түсінбей, “бактериан” дегендерің не деп сұрады. Сөйтсе, ғылымда қос өркешті түйенің түпкі бабасы солай аталады екен.
– Демек, бұл бактериан болды ғой?
– Болғанда да өте сирек алмастай асылы.
– Өлшеп-пішіп жатқаның неге керек?
– Ғылым үшін керек.
Газетке, журналға бастырамыз дегендері борандылықтарды жай алдау еді, бірақ жарты жылдан кейін түйе шаруашылығы бойынша зоотехникалық факультеттерге арналған оқулық кітабын поштамен салып жіберіпті. Кітаптың сыртында бактериан тұқымының асыл тектісі – Боранды Қаранарының суреті қасқайып тұр екен. Кітаппен бірге бір бума суреттерді де қоса салыпты. Ішінде түрлі-түсті фотолары да бар. Осы суреттерге қарап, сол бір кездің бақытты бір дәурен екенін аңғаруға болар еді. Соғыстан соңғы қысылшаң жылдар артта қалған, балалар әлі балалықтың бал дәуренінен шыға қоймаған, ересектер бәрі есен-сау, қарттық деген әлі алты қырдың ар жағында алыс жатқан.
Осынау суретші меймандардың құрметіне деп, Едіге бір тоқтыны сойып тастап, Боранды ауылын түгел шақырып, думанды той өткізді дейсің. Шұбат дейсің бе, арақ дейсің бе, басқа түрлі тағам жағы мол болды. Ол кезде разъезге көшпелі вагон-магазин келіп тұратын. Онда құстың сүтінен басқаның бәрі жайнап тұрар еді. Тек ақшаң болсын. Теңіз шаяны, уылдырықтың қарасы, қызылы, балықтың неше түрі, коньяк, колбаса, конфет, тағы басқа тамақтың толып жатқан түр-түрі сіресіп тұратын. Сондай молшылықта, бір қызығы, соны жұрт аса ала да бермейтін. Енді ғой әлгі көшпелі дүкен жол бойынан – көзден бір-бір ұшқалы қашан… Сол бір той-томалақ тамаша өтті. Тіпті Қаранар үшін де тост көтерілді. Сөзден сөз шықты. Сөйтсе, әлгі қонақтар Қаранар туралы Елизаровтан естіген екен. Сарыөзекте менің досым Борандының Едігесі тұрады. Ол әлемдегі түйе біткеннің сұлтаны – Боранды Қаранарының иесі депті. Қайран Елизаров, Елизаров! Сарыөзектің тарихын тамаша білетін ғалым, ғажайып жан… Елизаров Борандыға келген сайын Қазанғап, Едіге үшеуі түні бойы әңгіме соғып отырар еді…
Қазанғап пен Едіге бірінің сөзін бірі іліп алып, меймандарға жергілікті түйе түлігінің ұлы анасы ақбас Ақінген және оның даңқты иесі Найман-ана туралы Сарыөзек аңызын айтып берді. Найман-Ана Ана-Бейіт зиратында жатыр деді. Әне қайда жатыр Боранды Қаранарының шыққан тегі! Осы бір көне тарих туралы мына меймандар газетке бірдеңе жазар деп үміттеніп еді, борандылықтар. Меймандар бұл хикаяны тыңдауын ыждағатпен тыңдады да, өздерінше бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалып келе жатқан осы елдің бір аңызы болар деп қоя салды. Ал Елизаров болса басқа пікірдің адамы еді. Ол Ақінген туралы аңыз ерте замандағы тарихи шындықтан шығуы әбден ықтимал дейтін. Елизаров мұндай аңыздарды тыңдауды ұнатар еді, өзі де сахараның өткен-кеткенінен көп-көп әңгімелер білетін.
Меймандар кешке қарай аттанған. Едігенің көңілі көтеріңкі, кеудесі керіңкі. Сондықтан ба екен, ойланбастан бір сөзді қойып қалды. Қанша дегенмен, меймандармен бірге о да ішті ғой. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ.
– Қазеке, осы шыныңды айтшы, – деп еді ол Қазанғапқа сонда.
– Маған осы Қаранарды бота кезінде бәсіре бергеніңе өкініп жүрен жоқсың ба, бәле болып?
Қазанғап оған бір қарап, мырс етті. Едігеден мұндайды күтпеген сияқты. Біраз кідіріп барып: Бәріміз де пендеміз ғой, – деді. – Бірақ сен білесің бе, бұрынғылар айтқан: “Мал иесі құдайдан” деп. Бұл құдайдан. Солай бұйырған. Қаранар саған бұйырып тұрған, оның иесі сен болуға жазған. Айталық, Қаранар сенен басқа біреудің қолына түссе, кім біледі, мүмкін, мал болмас та ма еді, өліп қалар ма еді, кім білсін, не боларын... жардан құлап кетер ме еді. Сенің несібеңе тиесілі болған. Менің бұдан бұрын да түйелерім болып еді ғой, жаман да мал емес еді олар. Дәл сол Қаранар туған Ақбас інгеннен олар да туған. Ал сенің бәсірең бәрінен де бірегей болып шықты… Лайым, жүз жыл қызығын көр. Сондықтан әлгі сөзің бекер болды, бекер…
– Кешір, Қазеке, кешіре гөр, – деп Едіге ойланбай айтқан оспағына қатты қысылып қалды.
Осы әңгіме барысында Қазанғап өзі байқап-бағамдаған бір сырды айтты. Аңыз бойынша, асыл нәсіл Ақінген жеті боталаған екен – төртеуі ұрғашы, үшеуі еркек екен. Содан былай ұрғашылары ақбас, сары болып келеді екен де, еркектері қарабас, қоңыр түсті болып туады екен. Әне, Қаранар сондай тұқым. Ақбас анадан қара түйе туған. Оның асыл Ақінгеннің ұрпағы екенінің шын белгісі осы. Әне, содан бері қай заман – екі жүз жыл ма, үш жүз жыл ма, бес жүз жыл ма, а бәлкім, одан да көп шығар, Сарыөзектің даласында Ақінгеннің тұқымы үзілмей келеді. Анда-санда, арагідік Борандының Қаранарындай асыл-сырттан туғандары да кездесіп қалады. Едігенің ырысы бар екен, Қаранар соған бұйырып туыпты…
Күндердің күнінде Қаранар күйі келіп, жанына адам жолатпай, құтырынып, бәленбай күн айдалаға жоғалып кетіп, жұртты үрейлендірген шақ туғанда “Енді не істейміз, піштіріп тастау керек пе, әлде кісендеп қою керек пе”,– дегенде, Қазанғап Едігеге турасын бір-ақ айтты:
– Ықтияр өзіңде. Жан тыныштығыңды ойласаң – піштіріп, атан етіп жібер. Ал, атағым шықсын десең – тиме. Ондай жағдайда, анау- мынау оқиға болса, бар жауапкершілікті өз мойныңа ал. Күш- қуатың, шыдамың жетсе – шыда: үш жылдай жынданады да, одан кейін мұрнын тескен тайлақтай соңыңнан ілеседі де жүреді.
Едіге Қаранарды піштірмеді. Дәті шыдамады, қолы көтерілмеді. Бура қалпында қалдырды. Бірақ сол үшін кейін көзінен қан сорғалаған кезі де болды... V
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара сар даланың кіндік тұсы– Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал, пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Таңертеңге бәрі де дайын болған. Қазанғаптың денесін киізге қымтап орап, сыртынан арқанмен шандып тастап, трактордың тележкесіне таза шөп төсеп, соның үстіне жайғастырды. Қас қарайғанға қалмай, кешкі бес-алтылар шамасында зираттан кері оралу үшін кібіртіктемей ертелетіп аттанған жөн еді. Баруы отыз шақырым, қайтуы отыз шақырым зират басындағы жұмыс – қарап тұрсаң, Қазанғаптың ас-суын тек кешкі алтылар шамасында ғана беруге тура келеді. Сол шамаға оралайық деп бұлар жолға да шыққан. Бәрі де дайын болған. Кеше кешке-ақ жабуланып қойған Қаранарды жетегіне алған Едіге жұртты асықтырып жүр. Жұрт деген жүріп алады ғой. Едіге өзі түні бойы көз шырымын алмаса да, жағы сопайып, жүдеңкірегені болмаса, үсті-басы тап-тұйнақтай, қунақы көрінеді. Сақалын мұқият қырған, бурыл мұртты, бурыл қас Едіге бүгін үстіне тек бір киерін ілген екен; хром етік, молдау пішілген шибарқыт галифе шалбар, ақ көйлек, қара пиджак, теміржолшының сәнді фуражкасы. Омырауында майдангерлік ордендер мен медальдар жарқырайды, тіпті бесжылдықтардың озаты белгілерін де тағып алыпты. Мұнысы өзіне жарасады һәм сұс беріп тұрғандай. Қазанғапты соңғы сапарға шығарып салар шақта Борандының Едігесінің дәл осындай болғаны да керек шығар.
Марқұмды шығарып салуға үлкен-кіші бәрі тегіс жиналған. Бәрі де тележкенің жанында үймелеп, трактордың қозғалуын күтіп тұр. Әйелдер жағы тынбай жылайды. Ойда жоқта Борандының Едігесі қалай сөз бастағанын өзі де байқамай қалды:
– Біз қазір Сарыөзек жерінің ең қасиетті зираты – Ана-Бейітке аттанамыз. Қазанғап марқұм тек сонда қоюға лайықты. Өзінің өтініш-арызы да солай болатын. – Едіге енді не десем екен дегендей ойланып тұрды да, сөзін сабақтады. – Марқұмның пешенесіне жазылған дәм-тұзы таусылған екен де. Бұл кісі біздің разъезде аттай қырық төрт жыл жұмыс істепті. Бүкіл өмір десе де болады. Ол осы жерде жұмыс істей бастағанда бұл арада су мұнарасы да жоқ еді. Суды бір аптаға цистернамен бір-ақ таситын. Ол кезде қазіргідей құрал-сайман, машиналар жоқ болатын. Керек десең, мына қазір Қазанғаптың сүйегін салған тракторда жоқ еді ғой. Бірақ та пойыздар үнемі жүріп тұрды, оларға әрдайым жол ашық еді. Борандыда Қазанғап өз қызметін адал атқарды. Ол жақсы кісі еді. Оны бәрің де білесіңдер. Ал енді біз қозғаламыз. Бәріміз жүруге көлік те жоқ, қажеті де жоқ. Әрі десе темір жолды да иесіз қалдыруға болмайды. Біз зиратқа алтауымыз барамыз. Марқұмды дұрыстап тұрып қоямыз. Сендер біздің келуімізді күтіңдер де, ас-суға дайындалыңдар, бірің қалмай қонақасыға келіңдер. Мына Қазанғаптың балаларының – мына ұлы мен қызының атынан бәріңді де шақырғаным осы...
Мұның өзі Едіге әдейілемесе де, кішігірім қаралы митинг сияқты болып шықты. Сонымен олар жолға шықты. Борандылықтар тележке тіркелген трактордың соңынан біраз ілесіп жүрді де, ауыл шетінде шоғырланып қалып қойды. Біразға дейін айқайлап жылаған дауыс естіліп тұрды – бұл Айзада мен Үкібаланың жоқтауы еді...
Артта дауыс тыйылып, бұл алтауы темір жолдан алыстап, Сарыөзектің даласына сүңги түскен кезде, Едіге демін бір алды. Қарбалас, қараң-құраң тыйылды, ендігі мақсат айқын.
Күн едәуір көтеріліп, Сарыөзектің атырабын жарқын нұрға молынан малды. Күн өлі қоңыр салқын, жүрісті қинайтын қырсық та жоқ сияқты. Күллі көк әлемнің жүзінде, зау-заңғар биікте екі қарақұс әдетінше қалықтайды, анда-санда аяқ астынан қымсына әндетіп, қанаттары қалтырап, бозторғай пыр етіп ұша жөнеледі. “Көп кешікпей, алғашқы қар түсер-түспес, бұлар да топ-топ болып ұшып кетеді”, – деп қойды ішінен Едіге. Көз алдында алғашқы жапалақтап жауған қар, сол мұнарда топ-тобымен ұшқан құстар келді. Неге екені белгісіз, ана бір жолы түнделетіп темір жолға жүгіріп келген түлкі есіне түсті. Сол түлкісі түскір ілесіп келе жатқан жоқ па екен деп, жан-жағына ұрлана қарап та қойды. Сол түні Сарыөзектің даласынан ғарышқа отқа оранып ұшқан ракетаны да есіне алды. Қайдағы-жайдағы ойыма орала бергені несі деді де, оның бәрін ұмытуға тырысты. Жол алыс болса да, дәл бүгін сені ойландыратын ондай-ондай қайдағы-жайдағы емес қой...
Қаранарға мінген Борандының Едігесі Ана-Бейітті бетке алып, қаралы керуенді бастап келеді. Жол ұзаған сайын Қаранар да кең көсіліп, өзінің үйреншікті бүлкіліне басты дейсің. Біле білген кісіге Қаранар осындай сау желісте өте-мөте әсем көрінер еді. Иір мойынды асқақтаған басы толқын үстінде бір қалыпты қалықтап келе жатқан сияқты: тарамысты аршын аяқтары жер танабын талмай сыдыртып, ауаны қайшылап бара жатқандай. Қос өркештің ортасындағы аша үстінде Едіге қасқайып, нық та жайлы отыр. Иесінің бұйрығын тақымынан танып, қамшы салдырмай салып ұрып келе жатқан Қаранарға Едіге дән риза. Едігенің омырауындағы ордендер мен медальдар ырғақтан сыңғыр-сыңғыр қағып, күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Онысы бірақ Едігенің көңілін бөлген жоқ. Соңында тіркемелі “Беларусь” тракторы келеді. Кабинаға тракторшы бала Қалибекпен қатар Сәбитжан отыр. Кеше ол борандылықтарға радио-ерікті адамдар туралы, тағы басқа әжік- күжік судырақ әңгіме айтып отырып, арақты тәуір-ақ сілтеп жіберген екен, енді еңсесі түсіп, үн-түнсіз қалыпты. Басы былқ- сылқ етіп, ары-бері бұлғақтай береді. Көзілдірігін сындырып алар ма екен деп Едіге уайымдасын. Тіркемелі тележкеде Қазанғаптың сүйегінің қасында қайғырып Айзаданың күйеуі отыр. Күнге шағылысқан көзін сығырайтып, анда-санда жан-жағына қарап қояды. Дәл бүгін осы масыл маскүнем кәдімгідей адам сияқты мінез танытқаны. Аузына бір тамшы арақ алған жоқ. Кез келген іске беріле кірісіп, көмегін де аямады. Өлікті үйден шығарарда, сүйекке иығын тосып, көтерісіп шықты. Едіге оны артына мінгестірмекші еді, мінбей қойды. “Жоқ, мен қайын атамның қасында боламын. Жол бойы жанында отырамын”, – деді. Мұнысын Едіге де, Борандының басқа адамдары да құп көрді. Үй алдынан аттанарда тележкедегі Қазанғаптың киізге құндақталған денесін ұстап отырып, жұрттың бәрінен де қатты күйзеліп жылаған осы болды. “Бәлкім, бұл ақылы кіріп, ішкенін қойып кетер, а? Ондай күн болса, Айзада мен балаларын құдай жарылқап, бақтары жанар еді”, – деп Едігенің іші жылып қалған.
Айдалада түйелі адам бастаған осы бір шап-шағын да тосаңдау қаралы керуеннің соңында доңғалақты “Беларусь” экскаваторы келе жатыр. Оның кабинасында Еділбай мен Жұмағали отыр. Негрдей қап-қара, төртбақ Жұмағали руль ұстаған. Ол өзі әдетте бұл экскаватормен темір жол бойының түрлі жұмыстарын атқаратын. Борандыға келгеніне де көп болған жоқ, тұрақтап қалар-қалмасы әлі белгісіз. Өзі жанындағы Ұзынтұра Еділбайдың иығынан-ақ келеді. Екеуі әлденеден жол бойы тынбастан әңгімелесіп отыр.
Бекеттің бастығы Оспан азамат жігіт екен. Радъездің маңдайына біткен техниканың барлығын Қазанғапты жерлеуге босатты. “Жол алыс, оның үстіне қабірді қолмен қазсаңдар, кешке дейін қайтып оралмайсыңдар; әрі десе мүрдені терең қазып, мұсылманша бүйірлеп, ақымдау керек қой”, – деп жас бастық өте бір ақылды сөз айтты.
Борандының Едігесіне әуелі бұл ұсыныс тосындау көрінді. Қабірді қолмен қазбай, экскаватормен қазу керек деген оның қаперіне де кіріп-шықпаған, ондай болады деп тіпті ойламаған. Күдікке күпті кейіппен маңдайы құрысып, Оспанның алдында үнсіз отырып қалған. Оспан да амалын тауып, шалды ақыры көндірді-ау. – Едеке, былай болсын. Көңіл күпті болмас үшін әуелі қабірді күрекпен қазыңыздар, бірер күрек ырымын жасаңыздар да экскаватормен бір сәтте бітіресіздер. Сарыөзектің топырағы өзіңіз білесіз ғой, тас болып қатып қалған. Экскаватормен керегінше тереңдетіп алып, қырнап-қашау жұмысын тағы да күрекпен тамамдайсыздар.
Енді міне Сарыөзектің қойнына сүңги түскен сайын Едіге Оспанның әлгі айтқан ақылына тәнті бола берді.
Мұндай амал өзінің ойына келмегеніне таңғалды да. “Құдай оңдап, Ана-Бейітке жетсек, Оспан айтқандай, істі тез бітірерміз”, – деп қойды. Бір тәуір жерді таңдап алып, әуелі жердің бетін сүймен, күрекпен босатады. Сүймен күрек тележкеде жатыр. Топырақ сәл- пәл алынған соң іске экскаваторды салады. Қабір әбден тереңдеп болған соң, марқұмның басын қасиетті Қағбаға қаратып қою үшін бүйірлете лақаттап, ақым қазады. Оны, әрине, күрекпен оймаса болмайды. Құдай жолына да қиянат жоқ, жұмыс та тез бітеді.
Осы ойды діттеп, алдын түйе мінген Борандының Едігесі бастап, ортасында тележкелі трактор, соңын қол-аяғы серейген, маңдайында күрегіші бар, арт жағында арбиған шөміші бар, тоңқаңдаған қоңыздай боп экскаватор қостап, қаралы керуен қаздай тізіліп, біресе белестен бір көрініп, біресе ойпаңға құлап, енді бірде жазыққа түсіп, жөңкіліп бара жатқан-ды. Қырқаның ар жағында тасаланып қалған разъезге соңғы рет бұрылып қарай бергенде, Едіге трактормен қатарласа ынты- шынтысымен жүгіріп келе жатқан сары төбет – Жолбарысты көріп, аң-таң қалды. Бұл қай уақытта ілесіп жүр? Мәссаған, керек болса! Борандыдан шыға берісте бұл төбет жоқ сияқты еді. Мұндай иттігін білсе, Едіге оны шынжырлап кетер еді ғой. Ой, кәззәп! Едіге Қаранарға мініп, бір жаққа шықса-ақ болды Жолбарыс, әйтеуір, амалын тауып, ілесе жүреді. Міне, қазір де жер астынан шыққандай лезде пайда болды. “Е, мейлі”, – деді Едіге. Ауылға қайта қуып жіберейін десе, едәуір жер, әрі десе итке бола уақыт өткізіп жүре ме. Ілессе-ілесе берсін. Иесінің бұл ойын біліп қойғандай-ақ, Жолбарыс тракторды басып озып, Қаранармен қатарласа берді. Едіге оған қамшысын кезеп-кезеп қойды. Төбетің мыңқ да деген жоқ. “Бәрібір кешіктің” дегендей. Мұндай жолға оны шығармайтын не кінәсі бар сонша. Кеудесі керіскедей, жүндес мойны күжірейген, кесік құлақ, ақылды көзі сабырлы сары төбет Жолбарыс өзінше сымбатты да келісті еді.
Ана-Бейітке төтесінен тартқан жолсыз жол бойында Едігенің есіне нелер түспеді дейсің. Көкжиектен көтеріле берген күнге қарап қойып, уақыттың толқынына көз жіберіп, Едіге сол баяғы өткен- кеткенді еске алды. Қазанғап екеуінің жас кезі есіне түсті. Ол кезде бұлар тепсе темір үзген күшті еді. Борандыны тіреп тұрған тұрақты жұмысшылар да осылар еді. Басқалары келуін келіп, көп шыдай алмай, көбісі кетіп қалатын. Қазанғап екеуінің сәл-пәл тыныстауға да уақыттары жетпейтін. Өйткені разъездегі кез келген зәру жұмыстың бәрін, амал жоқ, осы екеуі атқаратын. Қазір ғой осыны біреуге айтудың өзі ыңғайсыз – жастар жағы: өй, өзін-өзі азапқа салған кәрі ақымақтар, – деп күледі. Неменеге сонша тыраштандыңдар, – дейді. Рас-ау, не үшін тырбыңдай берген десейші? Е, демек, солай істеу керек болғаны да.
Бір ретте жолды үрінді қардан тазартып, екі тәулік бойы тыным таппай, күртік аршығандары бар. Түн қараңғысында жолға жарық түсіру үшін паровоз әкеліп, шамын жағып қойды. Қар борап, боран ұлып, ұйтқып тұр. Бір жағын тазалап жатсаң, бір жағынан үйіп тастайды. Күн суық еді деген сөз бе: суықтығы сонша бет-ауыздары домбығып кетті. Бес минутқа паровоздың ішіне кіріп, жылынып алған болады, одан шыға берсең қайтадан сол Сарыөзектің сайтаны соғып тұрады. Паровоздың өзін қар доңғалағынан асыра көміп тастады. Жаңа келген жұмысшылардың үшеуі екі тәуліктен кейін тайып тұрды. Сарыөзектегі өмірді әке-шешесінен түк қалдырмай боқтап кетті. Біз немене тұтқынбыз ба, тұтқынға да түрмеде ұйықтап алуға мүмкіндік береді, деп кетті. Ал таңертең жол тазарып, пойыздар жүре бастағанда, пойыздың үстінде тұрып, ысқырып- ысқырып қоштасқандағы түрлері:
– Ей, ақымақ бастар, маңғыт, ауыздарыңа – саңғыт! – деп қорлап бара жатты. Сол бір көргенсіздердің боқтық сөзі түк емес-ау, ең қиыны сол үрме қардың үстінде Едіге Қазанғаппен төбелесіп қалды ғой. Болған сондай бір сойқан. Түнде қимылдауға мұрша келмей қалды. Қар толастамайды, жел деген жексұрын жан-жағыңнан қабаған итше жұлмалайды. Желден құтылар жер жоқ. Паровоз жылытпақ боп, буын бұрқыратады. Онысынан не пайда, қайта жан-жағыңды тұман қаптайды. Паровоздың маңдайындағы шамның жарығы содан өлімсіреп қалады. Әлгі үш жұмысшы кетіп қалған соң, Едіге Қазанғап екеуі қарды түйе жеккен сүйретпемен тазалауға кіріскен. Жегулі түйе екеу еді. Жүрсеші, жайрағырлар, мына жынойнақ боран олардың да титығына тиіп, сүйек сүйегінен өтіп барады. Күресін қар дәл кеуделерінен келеді. Қазанғап алдыға түсіп, түйелерді езуінен тартады, ал Едіге болса сүйретпеде тұрып, арттан қамшылайды. Осылайша олар түн ауғанша арпалысты. Ақыры болдырған түйелер қар үстіне құлап түсті, енді өлтірсең де тұрмайды. Не істеу керек? Боран басылғанша жұмысты қоя тұрғаннан басқа амал жоқ. Екеуі бораннан бой тасалап, паровоздың ығында тұрған.
– Жетер, Қазеке, паровозға кіре тұрайық, күннің райын байқап көрерміз, – деп қалды Едіге мұз боп қатқан қолғаптарын бір-біріне қаққылап тұрып.
– Күн райынан қайыр жоқ. Жолды бәрібір біз тазалаймыз.
Күректі ал қолыңа, қарап тұруға қақымыз жоқ.
– Немене, біз адам емеспіз бе?
– Адам еместер – қасқырлар тағы басқа хайуандар – қазір ін- інінде тығылып жатыр.
– Ой, оңбаған! – деп Едігені жын қысып кетті. – Саған салса – арам қатсын дейсің ғой, өзің де арам қатасың осы жерде! – Едіге оны жақтан періп кеп жіберді.
Сол-ақ екен, екеуі айқаса кетті, бір-бірінің аузын қанатты. Тағы да болса, паровоздан кочегар дер кезінде жүгіріп шығып екеуін ажыратып жібергені абырой болды. Әне, сөйткен Қазанғап еді ғой бұл. Енді сол Қазанғаптай кісі қайда бар? Жоқ енді Қазанғаптар. Соңғы Қазанғапты жерлеуге әкеле жатыр. Марқұмды жер қойнына тыға салып, иманың саламат болсын! – деген сөз ғана айтылады. Сонымен бітті. Әумин!
Осылай ойлап, Борандының Едігесі естен шыға бастаған құрая сөздерін ішінен қайталап қойды. Зират басында жүйе-жүйесімен айтуға тиіс. Құдайға бағышталған құран сөзін есіне рет-ретімен түсіріп алмаса болмайды. Құдайдың мекені белгісіз, өзі көзге көрінбес. Тіршіліктің басталуы бар, аяқталуы бар. Туу бар, өлу бар. Бір-біріне қарсы, қайшы құбылыс. Адамзат санасын осы қайшылыққа амалсыз көндіретін бір құдайдың әмірі. Құран дұғасы сол үшін ойлай табылған. Е, құдай, тудырған екенсің, адамды неге өлтіресің? – деп құдайға айқайлап айтып жеткізе алмайсың ғой, ол бәрібір естімес, естісе де үндемес. Дүние дүние болғалы адам баласы өлімге қарсы бола тұра, амал жоқ, көніп келеді. Содан бері дұға да өзгермес, дұға сөзі: ей, адам, бекер ғайбаттанба, құдайдың салғанына көн, деп жұбату айтады. Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы саф алтындай сараланған дұға сөзі тірілердің өліге айтатын ең ақырғы сөздерінің ішіндегі ең соңғы сөзі. Салт солай.
Дүниеде құдай бар ма, жоқ па, мәселе онда емес. Бірақ адам көбінесе оны жаны қысылып, басына іс түскенде ғана есіне алады. Бұл, әрине, күнә. Басы ауырмаса, құдайын ұмытып кетеді, деп дінсіздер туралы, сірә, бекер айтылмаған болуы керек. Солай ма, жоқ, солай емес пе, бірақ бәрібір дұғаны білген жақсы, деп ойлады Едіге.
Тракторларда келе жатқан жолаушы жолдастарына қарап қойып, Едіге олардың ешқайсысы құран сөзін білмейтініне қатты ренжіп, қынжылды. Оу, олар кейін бірін-бірі қабірге қалай қоймақ? Өлген адамды ақырғы сапарға қандай сөзбен шығарып салмақ? “Хош, жолдас, есімізде сақталасың”, – деген сияқты далбаса сөзбен біте ме? Облыс орталығында Едіге бір рет өлік шығаруға қатысқаны бар.
Сонда Борандының Едігесі жағасын ұстап, таңғалды – зират басы тура бір жиналыс дерсің: табытта жатқан өліктің алдына шығып алып шешен немелер қағазға қарап, бірінің айтқанын бірі қайталап оқып шығады; марқұмның қай қызметте кім болып істегенін, қалай, кімге қызмет еткенін тізбектеп шығып, музыкасын ойнатты да, моланың үстіне гүл үйіп тастады. Сонда тумақ, өлмек деген не, не мән бар деген сөз солардың бірде біреуінің аузына түспеді-ау, сабаздарың, Тумақ бар, өлмек бар деген сөз сол дұғада айтылған ғой. Сонау қадим заманнан бері адам сана-білігінің тәжіндей болған дұға ғой ол. Ал шешен немелер бұған дейін ешкім өлмегендей, енді бұдан былай ешкім өлмейтіндей сөйледі-ау сонда. Өлімсіз бейбақтар сол! Беттері шылп етпей шындыққа қарсы шығып, өлген адам туралы: “Ол енді өлімсіз, мәңгі жасайды!” – деп көкіді-ау.
Едіге мына даланың жымын жақсы білетін. Әрі десе Қаранардың үстінде ол көш жерге дейін айқын көріп келеді. Ол Ана-Бейітке Сарыөзекпен төтелей тартып отырды. Тек тракторлардың жүруіне ыңғайлы болсын деп, жыра-жыраларды ғана айналып өтеді.
Бәрі де діттегендей болып келеді. Жылдам да емес, баяу да емес, орта жүріспен олар жолдың үштен бірін артқа салды... Иесінің әмірін тақымынан-ақ таныған Қаранар сол баяғы бүлкілінен бір танған жоқ. Соңынан тележкесін сүйреп, трактор тырылдайды, оның артынан доңғалақты “Беларусь” экскаваторы да салып ұрып келеді.
Бірақ алда оларды болжап болмас жағдаят күтіп тұрған. Адамның ойына келмейтін нәрсе, алайда Қазанғапты жерлеу мәселесі Сарыөзек космодромындағы жағдайларға тікелей байланысты болып шықты...
Дәл осы кезде “Конвенция” авианосеці сол бұрышты өз орнында, Тынық мұхиттағы Алеут аралдарының түстігін ала, әуе жолымен алғанда Владивосток пен Сан-Францисконың дәл ортасында тұрған.
Мұхит райы өзгермеген. Түске дейін күн жарқырап, шексіз су әлемнің беті жарқ-жұрқ етіп құлпырып жатқан. Көкжиекте ауа райы өзгере қоятындай еш белгі байқалмаған.
Төбеден төніп тұрған қауіп-қатер болмаса да, авианосецтің үстінде сірескен сақтық орнаған; самолеттер де, ішкі қауіпсіздік тобы да, бәрі-бәрі сақадай сай тұрған. Қауіпті мұндағылар жер бетінен емес, космостан тысқары жақтан күткен. “Трамплин” орбитасы арқылы “Конвенция” бортына Орман Төс планетасындағы паритет-космонавтардан келіп түскен хабар Бірбасор жетекшілері мен арнайы өкілетті комиссия мүшелерін қым-қуыт қарбаласта қалдырды. Естері шыққаны сонша, мына басқа түскен жағдайды екі жақ өз мүдделері мен көзқарастарына байланысты екі бөлек талқылап, содан кейін ғана бірігіп отырып, пікір алыспақ болды.
Адамзат ашқан жаңалықтардың ішіндегі теңдессіз жаңалықтан– жерден тысқары Орман Төс планетасында цивилизация бар екенінен әлем әлі хабарсыз еді. Тіпті осы бір айрықша оқиғадан өте құпия түрде хабардар болған екі жақтың үкіметі де, паритет- космонавтардың бірінші хатынан басқа жағдайдан әлі мәліметсіз еді. Білікті комиссиялардың мәмлелі көзқарасын күтулі болатын. Бүкіл авианосецтің аумағында қатаң тәртіп орнатылды: самолеттерді қоса, ешкім де өз орнын тастап кетуге құқы жоқ. Қандай бір себеппен болмасын, кемеден ешкім де кетуге тиісті емес. Және де ешқандай басқа кеме “Конвенцияға” айналасы елу шақырымнан бері жақындамауы керек. Бұл аймақтың үстімен ұшатын самолеттер бағыттарын өзгертіп, авианосец тұрған жерден ең кемі үш жүз шақырым аулақтан өтетін болды.
Сонымен, екі жақтың бірлескен мәжілісі үзіліп, әр комиссия “Демиург” программасындағы өз басшыларымен бірге жеке-жеке кетіп, 1–2 және 2–1 паритет-космонавтардың ғылымға белгісіз Орман Төс планетасынан жіберген хабарын талқылай бастаған.
Олардың сәлем сөзі ойлап ой жетпес астрономиялық алыс қиырдан келіп еді:
“Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Біз Жер планетасы үшін трансгалактикалық хабар жүргізіп отырмыз! Мұндағы көріп-білгеніміздің бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Жер тілінде айтып жеткізу қиын. Бірақ ортақ, ұғымдар да көп. Мұндағылар адам сияқты жандар. Кәдімгі өзіміз сияқты адамдар! Әлемдік эволюция жасасын! Мұнда да жалпы көпшілікке тән принциппен эволюция адам баласын жетілдіріпті. Шетпланеталық адамның тамаша түрі бұл! Түр-түсі қара торы, шаштары көгілдір, көздері күлгін-жасыл түсті, кірпіктері аппақ, қою келеді екен.
Олар біздің орбиталық станцияға келіп тіркелгенде, біз оларды мөп-мөлдір скафандрлардың ішінен көрдік. Олар өз кемесінде тұрып, жылы жүзбен күлімдеп, бізді өздеріне шақырды.
Біз сөйтіп бір цивилизациядан екінші цивилизацияға қадам бастық.
Бұрандалы ұшқыш аппарат сәуле жылдамдығымен ұшып ала жөнелді. Кеме ішінде ол жылдамдық бізге сезілген жоқ, уақыт толқынын бұралықтап, біз шексіз Әлем құшағына еніп кеттік. Ең әуелі көңіліміз ауып, жанымызды кездейсоқ жай таптырған нәрсе – салмақсыздық жағдай мұнда мүлде жоқ екен. Мұндай кереметке бұлардың қолы қалай жеткені әзір бізге беймәлім. Олар орысша, ағылшынша сөздерді араластырып: “Велком наш Звезда” – “Біздің Жұлдызға сәт сапар”, – деп тұңғыш рет тіл қатты. Сонда біз кәдімгідей зейін қойсақ, бір-бірімізбен сөйлесе алатынымызға көзіміз жетті. Осы бір көгілдір шашты жандар бойшаң келеді екен – бойлары екі метрдей бар. Олар бесеу еді: төртеуі еркек, біреуі әйел. Әйелдің ерекшелігі бойында емес, әйелге тән сымбаты мен түр- түсінің ақ құбалығында еді. Барлық көгілдір шашты ормантөстіктер біздің солтүстік арабтар сияқты нағыз қара торының өздері екен. А деп кездескеннен олардың бөтен пиғылы жоқ екеніне көзіміз жетті. Олар үшеуі ұшқыш аппараттың пилоттары екен де, бір еркек пен әйел жер тілінің білгірлері екен. Осы екеуі космостағы радио арқылы тұңғыш рет ағылшын және орыс сөздерін зерттеп, жүйеге түсіріп, жер тілінің сөздігін жасапты. Біз кездескен шаққа олар екі жарым мыңнан арта сөздер мен терминдердің мағынасын игеріпті. Осындай білімнің арқасында олардың бізбен қатынасы басталды.
Олар өзара бізге мүлде түсініксіз тілде сөйлеседі, әрине. Бірақ дыбысы испан тілімен үндес сияқты көрінеді. “Паритеттен” ұшып шыққаннан кейін он бір сағаттан соң біз Күн системасының шеңберінен шығып кеттік. Біздің жұлдыздар системасынан басқа әлемге өту шағында бізге пәлендей өзгеріс байқала қойған жоқ. Әлем жамалы қайда да бірдей. Бірақ жол бойы (сірә, сол кезде шетпланеталардың орналасу заңдылығы сондай болуы керек) алдымыздан бірте-бірте қызыл шапақ арай байқала бастады. Сол шапақ ұлғайып, ұланданып, шексіз сәуле кеңістігіне ұласа берді. Бұл екі арада біз жол бойы бір жағы күңгірт, бір жағы жарық бірнеше планеталардың тұсынан өттік. Көзге жиегі жетер кеңістікте көптеген Күндер мен Айлар зымырап кейін қалып қойып жатты.
Біз түн түнегінен жарық дүниеге шыққандай болдық. Кенет мүлде беймәлім аспан төсіндегі орасан зор, ұлы күннен тарап жатқан жап-жарық шексіз сәуле құшағына келіп қойып кеттік.
– Мынау біздің Галактика! Әне, анау жарқырап тұрған біздің Құдірет! Көп кешікпей біздің Орман Төс те көрінеді! – деп хабарлады тіл білгіш әйел. Шынында да жаңа космос кеңістігінің зау биігінен біз үшін жаңа Күн көрінді. Ормантөстіктер оны Құдірет деп атайды екен. Өзінің көлемі мен сәуле шашу қуаты жағынан Құдірет біздің Күннен күшті де үлкен екен. Құдіреттің осы қасиетіне және ормантөстіктердің тәулігі жиырма сегіз сағаттан тұратынына байланысты бұл араның тіршілігі біздің Жердің тіршілігінен бірқыдыру өзгеше болса керек. Дегенмен бұл жөнінде толығырақ мәліметті біз келесі хабарда берерміз, немесе “Паритетке” қайтып оралғанда айтармыз. Ал әзір жол-жөнекей бірнеше маңызды хабарлар жеткізгіміз келеді. Биіктен қарағанда Орман Төс планетасы біздің Жерге ұқсайды. Біздің Жерді қоршаған атмосфералық бұлттар мұнда да бар. Бірақ Орман Төстің бетіне бес-алты мың метр биіктік қалғанда ормантөстіктер біз үшін әдейі планетаны айнала шарлап ұшты. Бұл біз бұрын көріп- білмеген керемет сұлу көрініс еді: таулар, қырқалар, шымқай жасыл желек жамылған төбелер, олардың ара-арасынан өзендер, теңіздер, көлдер байқалады; ал планетаның кейбір тұстарында, әсіресе қиыр полюстерде жансыз жазира таңдақтар жатыр, онда топырақ суырған дауыл соғып тұр. Бірақ бізге бәрінен де гөрі ерекше әсер еткен нәрсе – қалалар мен елді мекендер болды. Орман Төс табиғатының әр жеріне арал-арал сияқты орналасқан бұл құрылыстар мұнда урбанизацияның – қалалық өмірдің өте өркендеп кеткенінің белгісі. Бұл планетаның көгілдір шаштылары тұрғызған қалалардың қасында тіпті біздің Жердегі Манхаттанның өзі жай әншейін ойыншық сияқты көрінер еді.
Ал енді ормантөстіктердің өзіне келетін болсақ, біздің пайымдауымызша, бұлар Дүние-Әлемдегі ақыл-ойлы жандардың ерекше бір асыл тұқымдылары. Әйелдері баланы, Орман Төс айымен есептегенде, он бір ай көтереді. Олардың өздері қоғамның ең басты проблемасымен өмірдің мәні адам ғұмырын ұзарту деп азсынғанмен, мұндағы адамдар өте ұзақ жасайды. Олар орта есеппен жүз отыз-жүз елу жыл өмір сүреді. Ал кейбіреулері тіпті екі жүз жасты да еңсеріп тастайды. Бұл планетаның халқы он миллиард адамнан асып түседі. Көгілдір шаштылардың өмір сипаты мен мұндағы цивилизацияның табыстарын біз әзірше тұп-тұтас жинақтап айта алмаспыз. Сондықтан бұл дүниеде бізді аса таңғалдырған жайттарды тек аттап-бұттап қана айтып өтейік.
Олар Күннің, дұрысырақ айтқанда, Құдіреттің энергиясын жылу және электр қуатына айналдыра алады. Бұл қуат біздің Жердегі гидротехникалық жолмен алып жүрген қуатымыздан әлдеқайда мол да тиімді. Ең бір маңыздысы, ормантөстіктер ауаның күндізгі және түнгі температурасының айырмашылығын құрамалай отырып, энергия жинақтайды.
Ормантөстіктер ауа райына қожалық етуді үйренген. Біз планетаны айнала шолып ұшып жүргенде, ұшқыш аппарат бұлт пен тұман ұйлыққан жерді сәуле шашу әдісі арқылы лезде ыдыратып жіберіп отырды. Олар әуедегі ауа ағымы мол мұхит, теңіздердегі су ағымын да басқара алады екен: қалаған жағына бұра алады. Бұл арқылы олар планетада ылғалдылықты және температураны қажет мөлшерде ұстай алады. Ол ол ма, ормантөстіктер Бүкіләлемдік тартылыс күшін де игеруді үйренген. Соның арқасында жұлдызаралық ұшу жүйесін де жеңілдетіп алған. Дегенмен, бұлардың алдында да аса зор проблемалар тұр екен. Ол проблемаларды біз Жерде де кездестіргенбіз. Бұлар құрғақшылықтан жапа шекпейді, өйткені ауа райын өздері басқара алады. Бұлар әзірше азық-түлік өндіруден тарығып көрген жоқ. Мұндағы жан басы Жердегіден екі есе көп бола тұра, азық-түліктен тарығу дегенді білмейді. Бірақ та планетаның едәуір бөлігі тіршілікке жарамсыз болып барады. Ондай аймақтарда тірі жәндіктің бәрі құрып кетеді. Бұл іштей құрғау деген құбылыстың кесірі көрінеді. Біз планетаны шолып ұшқан кезде Орман Төстің оңтүстік шығысынан шаңды боранды байқадық. Планета құрсағында болатын әлдеқалай бір алапат реакцияның салдарынан планетаның бетіндегі қыртыс бұзылып, тоз-тозы шығып, аналық қасиеті бар қабат күйіп кетеді екен. Бұл, сірә, біздің Жердегі вулкан сияқты бірдеңе шығар. Бірақ бұл шашыранды сәуле құсығының баяу тарайтын дерті болса керек. Орман Төстің осы бір тұсында көлемі Сахарадай шөл дала жылдан жылға жылжи түсіп, көгілдір шаштылардың тіршілік етіп отырған кеңістігіне қауіп төндіріп келе жатқан көрінеді. Ормантөстіктер үшін ең үлкен зардап. Олар әлі планета құрсағында болып жатқан процесті басқаруды үйренбеген. Осы бір құрсақ құрғауы деген алапатпен айқас үшін планетаның ең таңдаулы күштері, аса зор ғылыми және материалдық күш-қуат жұмсалып жатқан көрінеді. Олардың Құдірет системасында Ай жоқ, бірақ олар біздің Айды біледі, білмек тұрмақ оған барып та қайтыпты. Олардың пайымдауынша, Ай құрсақ құрғауына ұшыраған планета. Мұны естігенде біз кәдімгідей уайымдап қалдық. Өйткені Ай мен Жердің арасы онша алыс та емес қой. Ал егер Жер құрсағы кебе бастаса ше? Ондай қатерге біз дайынбыз ба? Ондай зұлмат заман келе қалса, Жер жарықтықтың халі қалай болмақ? Жер бетіндегі адам баласы бір-бірімен мәңгі-бақи түсінісе алмай, кіржіңдесіп жүріп, ақыл-парасаттың өсу жолында көп нәрседен құр қалып қалғанын пенделер ойлар ма екен? Қазіргі кезде Орман Төс оқымыстыларының арасында жалпыпланеталық айтыс жүріп жатыр: Не істеу керек? Планетаның құрсақ құрғауының сырын ашу үшін әрекетті күшейтіп, осы бір ғаламат зауалға қарсы күрестің амалын іздей беру керек пе, жоқ әлде Орман Төс цивилизациясын сақтап қайтадан жандандыру үшін, тіршілік етуге болатын мекен тауып, Дүние-Әлем аясынан жаңа бір планета іздеп, соған бірте-бірте көшіп алу керек пе? Олардың әзір қандай планетаға көз тігіп отырғаны белгісіз. Әйтеуір, бір нәрсе айқын: қазіргі Орман Төстің үстінде әлі миллион да миллион жылдар тіршілік етуге болады. Соған қарамай, ормантөстіктер сонау алыс болашақтағы миллиондаған жылдардан кейінгі жайды қазір ойлап, ол бір, сірә, дәл осы күнгі жандардың басына түсіп тұрған істей-ақ, шексіз алыс заманның қамына бүгіннен бастап құлшына кірісіп жатқаны таңғаларлық. “Менен кейін күл болмаса, тұл болсын!” деген арам ой мұндағылардың біреуінің де басына келмеді ме екен десеңші! Планета құрсағын құрғаудан құтқару үшін ормантөстіктер қоғамдық табыстың едәуір бөлігін құрбан ететінін білгенімізде: “Соншама шығынданып не керек?” деген залым ой өз басымызға да лезде келіп қалып еді, сол ойдан өзіміз ұялдық. Олар баяу жылжып келе жатқан шөл-тақырдың ұзына бойына – мыңдаған шақырымға шепке тосқауыл қоюға тырысып, аса терең скважиналар бұрғылап, оған өте шыдамды шипалы заттар салады екен. Ол заттар планета құрсағындағы ядролық ішкі реакцияға сенімді ықпал жасайтын көрінеді. Әлбетте, ормантөстіктердің де қоғамдық тұрмыста оз проблемалары бар. Ол, әрине, қадим заманнан бері тірі жанның ақыл-ойын азапқа салып, қиямет күшпен ұдайы сақтандырып келе жатқан проблемалар: парасат, мораль, біліктілік мәселелері осы санатқа жатады. Қанша бір ақ-жарылқап күн туды десе де, он миллиардтан астам тұрғыны бар планетада қоғамдық өмір тіпті де кем-кетіксіз болмаса керек. Сонда да болса, ең бір ғажап қалатын нәрсе, ормантөстіктер мемлекеттік құрылыс дегенді білмейді. Мүмкін, олардың тарихында бұрын соғыс та, мемлекет те, ақша да болған шығар. Соған байланысты, соған қарай қоғамдық қатынастар да болған шығар, оны біз біле бермейміз. Бірақ дәл қазіргі кезеңде олардың мемлекет дегеннің не екенінен, соғыс дегеннің не екенінен хабары жоқ. Егер де біз оларға Жер бетінде болып келген, болып жатқан шексіз соғыстардың мәнін айтсақ, оларға бұл мәселе шешудің ең сорақы, ең тұрпайы, мән-мағынасыз жолы сияқты болып көрінбес пе екен деп те ойлаймыз. Олардың тіршілігі, өмір сүруі мүлде басқаша. Жер бетіндегі пенделерше пайымдайтындығымыздан ормантөстіктердің бұл тіршілігі бізге әлі түсініксіздеу, ақылға қонымсыздау көрінеді.
Олардың коллективтік, планеталық санасының өскендігі сонша, ормантөстіктер соғыс атаулыны мүлде күрес құралы деп білмейді. Соған қарап бүкіл Дүние-Әлемнің түкпір-түкпіріндегі планеталардың ішінде ормантөстіктер цивилизацияның ең жоғарғы сатысына жеткен аса ақылды жандар болар деп пайымдаймыз. Бәлкім, олар ғылым дамуының шыңына жетіп, ақыл-ой иелерінің ең басты мақсаты – уақыт пен кеңістік әлемін адамгершілік, гуманизация қасиетімен байыту, шексіз дүниені жаңа да жоғары сатыға көтеру деп білетін шығар.
Біз салыстыруға келмейтін нәрселерді салыстырып жатпақшы емеспіз. Бірте-бірте біздің Жердегі адамдар да ұлы прогресс дәуіріне жетер. Бұл ретте адамдардың қазірдің өзінде мақтана алатын жетістіктері бар. Сөйтсе-дағы бізді бір сұңқыл сұрақ азапқа сала береді: ау, Жер бетіндегі адамзат баласы өзін-өзі: тарих дегеніміз – соғыстар тарихы деп сендіріп, трагедиялық қателесу жолында адасып жүре берсе, не болмақ? Адам баласының даму жолы әуел баста-ақ тығырыққа тірелген қате жол болса, не болмақ? Ондай жағдайда біз қайда бара жатырмыз, маңдайымыз қандай тасқа барып соғылмақ? Халіміз осылай болғанда, адамзат баласы осыны ерлігі жетіп түсініп ақыр заман топалаңынан құтылып үлгіре алар ма екен? Тағдырдың салуымен біз Жерден тысқары қоғамдық өмірдің куәсі болдықтағы, күрделі сезімдердің шырмауында қалдық. Жер бетіндегі адамзаттың болашағы бізді үрейлендіреді. Сонымен бірге Дүние-Әлемде Орман Төс сияқты үлгілі ұлы ел бар екені үміттендіреді. Бұл ел өзінің даму жолындағы қиындықтары мен қайшылықтарын соғыссыз-ақ шеше алады екен. Осы үлгі бізге де даритын шығар деген үміт оты оянды кеудемізде...
Ормантөстіктер Әлем құрылысының шамадан тыс алыс түкпірінде Жер деген планета бар екенін біледі. Олар Жердің тұрғындарымен байланыс жасауға құштар. Бұл ниет олардың табиғи білімқұмарлығынан ғана туған құштарлық емес. Ормантөстіктердің айтуынша, бұл қадам оларға ең алдымен теңдессіз ақыл-ойдың салтанат құруы үшін, цивилизациялар тәжірибесімен алмасу үшін, Дүние-әлемдегі саналы жандардың ақыл-ойы мен рухын дамытудағы жаңа бір дәуірдің басталуы үшін керек.
Бұл мәселеде олар біздің ойлағанымыздан әлдеқайда әрідегіні болжап біліп отыр. Олардың Жер тұрғындарымен байланыс орнатқысы келетінінің тағы бір себебі бар. Әлемдегі ақыл-ойдың осы екі саласындағы күшті біріктірсе, табиғатта шексіз өмір орнатудың жолы табылмақшы. Өйткені қандай бір қуат болмасын, әйтеуір, бір сөнеді де өледі... Ал, ормантөстіктер болса “ақыр заманды” миллиард жыл алдын-ала уайымдап, Дүние-Әлемдегі тіршіліктің жаңа қонысын осы бастан ойлап, оны табудың космостық жобаларын қазірден-ақ жасауда...
Жылдамдығы сәуле жылдамдығымен бірдей ұшқыш аппарат- тармен қаруланған ормантөстіктер Жерге қазірдің өзінде-ақ ұшып бара алар еді. Бірақ олар Жер тұрғындарының келісімінсіз, шақыруынсыз мұндай сапарға шыққысы келмейді. Олар шақырыл- маған қонақ болып, Жерге баса-көктеп қонғысы келмейді. Сонымен қатар олар бізбен танысуға әлдеқашан-ақ талаптанғандарын айтты. Біздің космостық станцияларымыз орбитаға ұзақ уақыт жүре алатын объектілерге айналғаннан бері-ақ ормантөстіктер кездесу сәті жақындағанын түсінген де, бұл кездесуге мұрындық болуды көздеген. Олар мұқият дайындық жүргізіп, оңтайлы сәтті күткен. Ол сәт біздің пешенемізге жазылған екен, екі дүние аралығында тұрған орбиталық станциядағы кезекші космонавтар біз едік... Олардың планетасына біздің келуіміз, әлбетте, теңдессіз үлкен оқиға болды. Осыған байланысты, тек ұлы мерекелер кезіндегідей, эфирде телебайланыстың түбегейлі жүйесі іске қосылды. Мың-мың шақырым қашықтықтағы заттар мен тірі бейнелер тұп-тура жанымызға келіп, айнала аспандағы жарқыраған нүктелерден дәл өңіміздегідей көрініп тұрды. Тіпті біз олармен сұхбаттастық та: бір-бірімізбен дидарласып, күлісіп, кәдімгідей қол алысып, сөйлесіп, мәз-мейрам болып қуана айқайласып, бір-бірімізбен қатар тұрғандай-ақ хал кештік. Бұл ормантөстіктер қандай ғажап сұлу десеңізші! Және де бір-біріне ұқсамайды. Тіпті шаштары жалпы көгілдір дегеннің өзінде араларында қара көгі де, қылаң көгілдір түстілері де кездеседі. Ал қарттарының шашы тура біздің шалдардың шашы құсап ағарады екен. Бұлардың антропологиялық түр-тұрпаты да әрқилы, өйткені мұнда да әр түрлі ұлттар, этникалық топтар бар.
Мұның барлығын, мұнан басқа да талай-талай таңғажайып жаңалықтарды біз енді “Паритетке”, немесе Жер-анаға қайта оралғанда айтып береміз. Ал енді ең басты мәселеге келейік. Ормантөстіктер Жерге барғысы келеді, Жер тұрғындарына қалаған уақытта барғысы келеді. Олар осы тілекті “Паритет” байланыс жүйесі арқылы Жерге жеткізуді бізден өтінеді. Жерге барардан бұрын олар екі планета арасына ортақтасып станция салу программасын келісіп алуды ұсынады. Бұл ортақ станция әуелі екі жақтың ілкі кездесу орны болар еді де, кейіннен екі арадағы ұлы сапарлар жолының тұрақты бекетіне айналар еді. Бұл ұсынысты біз өз отандастарымызға жеткізуге уәде бердік. Алайда, осыған байланысты, бізді басқа бір ой мазалай береді. Мұндай планетааралық кездесуге біздер, Жер перзенттері дайынбыз ба? Ақыл-ойлы сапалы жандар ретінде біз мұндай әрекетке батыл бару үшін пісіп-жетілдік пе екен? Жер бетіндегі қоғамдар бөлек-бөлек өмір сүріп отырған кезде, олар бір-бірімен өзара қарама-қайшы болып тұрған кезде, біз осы ала-құлалықтан аттап өтіп, араздасуды, аңдысуды ұмытып, адамзаттың мүддесі үшін бірігіп, бір кісідей болып, бүкіл Жер шарының атынан өкілдік айта алар ма екенбіз? Бақталастықтың жаңа бір дүмпуі қозғалаңдамас үшін, мемлекеттер жалған намыстың жетегінде кетпес үшін бұл мәселенің шешімін Біріккен Ұлттар Ұйымының ықтиярына салуды сіздерден біз жалынышпен өтінеміз. Осы мәселені шешуде мемлекеттер вето құқын, тыйым салу құқын қолданбауын сұраймыз. Бәлкім, тіпті бұл жолы, ерекше жағдай ретінде, осы құқықты жойса да болар еді. Жерден тым-тым алыста жүрген шақта бізге осындай бір жайларды ойлаудың өзі қандай ауыр, қандай өкінішті десеңізші. Амал нешік, біз де Жер-ананың перзенттеріміз ғой, сондықтан да Жер жарықтықтың перзенттерінің мінезі мен сыры бізге өтө-өте белгілі-ау.
Ең соңында, өзіміз туралы, біздің осы әрекетіміз туралы бірер сөз. Біздің орбиталық станциядан жоғалып кеткенімізді білген соң, сіздердің әуелі абыржып, соңынан жедел шаралар қолданып жатқандарыңызды біз сеземіз. Сіздерді мұншама әбігер еткеніміз бізге де қатты батады. Бірақ бұл өзі дүние дидарында бір-ақ кездесетін керемет оқиға болды да, өз ғұмырымыздағы осы бір ұлы жаңалықтан бас тарта алмадық, бас тартуға құқымыз жоқ та еді. Біз қатаң тәртіптің адамдары бола тұра, ұлы мақсат жолында сол тәртіпті бұзуға міндетті едік.
Мейлі бұл қылмыс біздің-ақ арымызға жүктеліп, тиісті жазаны біз-ақ тартайық. Бірақ бұл туралы әзірше ұмыта тұрыңыздаршы. Жүрекпен ұғыңыздаршы! Біз Дүние-Әлем қиырынан хабар бердік. Біз бұған дейін ғылымға белгісіз болып келген галактика жүйесінен– Құдірет жарығынан үн қатып тұрмыз. Көгілдір шаш ормантөстіктер қазіргі аса биік цивилизацияның жасампаздары. Олармен дидарласып, тіл табыссақ – бүкіл біздің өмірімізде, бүкіл адамзат баласының тағдырында орасан зор өзгерістер болмақ. Әлбетте, ең алдымен Жер шарының мүддесін қорғай отырып, біз осындай сұхбаттасуға батылымыз барар ма екен?.. Бұл шетпланеталықтар бізге ешқандай қауіп төндірмейді. Қанша дегенмен, әйтеуір, бізге солай көрінеді. Егер біз олардың тәжірибесін үйренсек, онда біз Күннің қуатын пайдаланудан бастап, қару-жарақсыз, зорлық-зомбылықсыз, соғыссыз өмір сүруге дейін дағдыланар едік. Соғыссыз өмір сүру деген сөз біздің құлағымыз үйренбеген ерсі ұғым сияқты болып естілуі мүмкін. Бірақ Орман Төс планетасында тұратын жандардың өмірі осылай қалыптасқан деп біз ант-су ішіп, куәлік бере аламыз. Бұл планетадағы жандар да жаратылысы жағынан біздің Жердің адамдары сияқты бола тұра, адамзат баласы ежелден арман етіп келе жатқан асыл мұратқа жеткен. Бүкіләлемдік, аса биік цивилизациялық ақыл-парасаттың иелері болғандықтан да олар ақыл-парасат жағынан өздеріне туыс болып келетін Жер бетіндегі адамдармен ашықтан-ашық байланыс жасағысы келеді. Әрине, бұл байланыс екі жақтың да мүддесіне нұқсан келтірмейтін жағдайда...
Жерден шалғай цивилизацияны тұңғыш ашып, ғажап халде қалған біздер, әлбетте, тезірек елге оралып, шалғай галактиканың Құдірет жүйесіндегі бір планетадан көрген-білгенімізді Жер бетіндегі адамдарға жедел жеткізгіміз келеді.
Біз енді осы радиохабарды беріп болғаннан кейін тура жиырма сегіз сағаттан соң, яғни дәл бір тәуліктен кейін, Орман Төстен ұшып шығып, “Паритетке” барып қонбақшымыз. “Паритетке” жеткен соң біз толайым Бірбасордың қарамағында боламыз.
Ал, әзірге сау тұрыңыздар. Күн жүйесіне қарай ұшып шығар алдында, “Паритетке” барып жетер уақыттың мөлшерін қосымша хабарлаймыз.
Осымен Орман Төс планетасынан берілген бірінші хабарымызды аяқтаймыз. Кездескенше күн жақсы. Біздің отбасымызға сәлем айтыңыздар, уайымдамасын...
Паритет-космонавт 1–2
Паритет-космонавт 2–1.” “Конвенция” авианосецінің үстіндегі ерекше өкілетті комиссиялар орбиталық “Паритет” станциясында болған тосын жағдайды талқылау жөнінде бөлек-бөлек мәжілістер өтікізіп, ол мәжілістер осы екі комиссияның да толық құрамда өз үкіметтерімен ақылдасу үшін ұшып кетуімен аяқталды. Бір самолет авианосецтің үстінен ұшып шығып тура Сан-Францискоға тартты, екіншісі бірнеше минуттан кейін қарама-қарсы жаққа – Владивостокқа қарай самғады.
Ал “Конвенция” авианосеці сол баяғы орнында – өзінің баянды мекенінде – Тынық мұхиттың айдынында, Алеут аралының оңтүстігін ала жылжымай тұрған... Кеме үстінде қатаң тәртіп орнаған. Әркім өз ісін біледі, әркім сауысқандай сақ... Бәрі де тырс етіп үн шығармайды...
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады...
Ана-Бейітке барар жолдың үштен бірі артта қалды. Күн жарықтық көтерілуін тез көтеріліп алып, қия төбеге шыққан соң Сарыөзектің үстінен төніп, тапжылмай тұрды да қойды. Күн күшіне кіргені шығар, кәдімгідей ыси бастады.
Сағатына бір, күнге бір қарап қойып, алдында айылын жимай көсіліп жатқан ашық алқапты бір шолып алып, Боранды Едіге әзірше жүріс ойдағыдай деп түйді. Ол бұрынғыша түйені сау желдіріп келеді, соңында тіркемелі трактор, оның артында доңғалақты “Беларусь” экскаваторы, бір қапталда Жолбарыс ит жортақтайды.
“Бұл өзі адамның басы бір сәт те ойсыз тұра алмайды екен ғой. Бұл ақымақ қабақта өле-өлгенінше қаласаң да, қаламасаң да дамылсыз ой толқыны сапырылысып жатады екен де!” Едіге жол үстінде неше түрлі тынымсыз ой жетегінде келе жатып осындай бір күлкілі жаңалық ашты. Ой деген шіркін теңіздегі толқындай бірінен соң бірі лықсып келіп жатады. Бала шағында Едіге Аралдың жағасында бәлендей сағат бойы отырып алып, желді күні ақжал толқындардан толқын туып, толассыз жөңкіліп жататынын байқаушы еді. Сол қозғалаң бір сәтте теңіздің тірі тәнінде толқын туып, қайта қирай, тағы тіріліп, тағы құлап, құрдымға кетіп жататын. Сондай шақта бала қиял шағала болып кетіп, толқындардың, күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен шоқ-шоқ тамшылардың үстіне көтеріліп, ұлы топан судың тебіренісін биіктен көргісі келетін.
Сарша тамыздағы Сарыөзектің көңілге мұң ұялатар құла келбеті, астындағы бураның сау желісі Едігенің есіне нелер салмайды, алда жол алыс, ойыңды алаң етер кесір-кесапат жоқ, Едіге де сол ойлардың ортасында еркін жүзіп келеді. Шалғайға шабар Қаранар да еті енді-енді қызып, ащы тердің қолаңса иісі түйенің иір мойнынан шыға бастады. “Ә, бәлем, – деп күліп қойды Едіге, – қара терге малына бастадың ба! Аққаптал бола бастадың ба? А, азынаған айғырдай хайуан неме! Ақымағым менің, ой ақымақ!”
Едігенің көзіне өткен-кеткен күндер елестеп, қайдағы-жайдағы жағдайлар орала берді. Ол кезде Қазанғаптың қол-аяғы сау, күш- қуаты бойында еді. Сол бір тізбек-тізбек ойлардың арасынан бір мұңды елес мезгілсіз жарқ ете қалып, ескі жараның аузын тырнап кетті. Дұға да сеп болмады. Сартап болған сағыныш мұңын ұмытпақ болып, құран сүресін қайта-қайта сыбырлап та айтып көрді. Бірақ жүрегі түскір көнбеді. Боранды Едіге сонда түнеріп (ала берді, онсыз да салып ұрып сау желіп келе жатқан түйені тектен-текке сауырынан сабалап мазасы кетті. Фуражкені баса киіп алып, артында келе жатқандарға енді бұрылып та қарамады. Қалып қоймас, қайда кетер дейсің, сол өтті-кетті болған оқиғаның бұл боқмұрын жастарға қандай қатысы бар. Бұлар тұрмақ сол бір мұңды жай туралы осы уақытқа дейін әйелі екеуі де тіс жарып көрген емес. Ол істің жайын тек Қазанғап қана білетін, оның түйінін кезінде тек Қазанғап қана шешкен, шешкенде де ақылмен адал шешкен. Қазанғаптың сол әділ шешімі болмағанда, Едіге бұл Боранды разъезінің өзін әлдеқашан тастап кетіп қалатын еді ғой. Сол елу бірінші жылдың аяғында, қыстың көзі қырауда осы разъезге бір отбасы көшіп келді. Ері, әйелі, екі ұл балалары бар екен. Үлкен ұлы Дауыл бес жаста, кішісі үш жасар екен. Кішісінің аты – Ермек. Ал Әбутәліп Құттыбаевтың өзі Едігемен құрдас болып шықты. Жап-жас жігіт күнінде соғысқа дейін бір жыл ауылда мұғалім болып істепті де, қырық біріншінің жазында, соғыс басталысымен-ақ әскерге алынып, майданға аттаныпты. Сонда бұл Зәрипаға соғыстың аяғын ала, яки соңында үйленген болады ғой. Мұнда көшіп келгенге дейін Зәрипа да төменгі кластарға сабақ береді екен. Енді міне тағдыр деген тайтақай бұларды Сарыөзекке, Борандыға тықсырып айдап келген ғой.
Сарыөзектің ит байласа тұрғысыз қу медиен даласына олар жетіскеннен келмегені ә дегеннен-ақ белгілі болатын. Әбутәліп пен Зәрипаға жұмыс басқа жерден де табылар еді. Сірә, басқа барар жері, басар тауы қалмай, амалсыздың күнінен келген болар Борандыға. Борандылықтар әуелі; е, бұлар көпке шыдай қоймас, біраздан соң тайып тұрар деп ойлаған. Борандыға келгенінен кеткені жылдам талайлар болған. Едіге мен Қазанғап та солай пайымдаған. Әйткенмен Әбутәліптің үй ішіне бұлар қырын қабақ танытпай, сыйласып кетіп еді. Иман жүзді, мәдениетті жандар екен. Тұрмыстары кембағал болатын. Ерлі-зайыпты екеуі де ешкімнен қалыспай жұмыс істейді. Арқалап шпал да тасиды, боранды кезде үйінді қарды да күреп, суыққа тоңады. Не керек, жолшының жұмысы не болса, соның бәрін істейді. Айтары не, Әбутәліп немістердің қолына тұтқынға түскендіктен де бағы тайып жүрсе де, сүттей ұйыған әп-әдемі отбасы болатын. Ол кезде соғыс жылдарының аламантасыры сап-сап басылған да сияқты еді. Бұл жылдары бұрынғы тұтқынға түскендерге сатқын, жау деп қарауды қойған сияқты болатын. Ал борандылықтар болса, бұл жағын тіпті ескеріп те жатқан жоқ. Е, тұтқында болса болған шығар, соғыс жеңіспен аяқталды. Дүниежүзілік сол бір сойқанда кім не көрмеді, не болмады. Әне базбіреулер әлі күнге дейін тұрақ таппай, жалғанның жарығында сандалып жүргені. Соғыстың сойқаны әлі де соңыңнан қалмай, сүмелектеп қояды... Сондықтан да борандылықтар жаңа көшіп келген отбасын сұраққа алып, әуре етіп жатпады, онсыз да сордың сорасын сораптап ішкен бейшаралардың жарасын тырнап не қылады. Келе-келе борандылықтар Әбутәліппен қалай достасып кеткенін өздері де сезбей қалды. Әбутәліп ақылды адам еді. Басына түскен қасіретті уайымдап жүнжімейтін. Едігеге осы мінезі ұнаушы еді. Еңсесін түсірмей, тағдырға налымай өтті. Дүния халін түсінді де, тағдырдың салғанына көнді, оны түсініп, білу де адамның адамгершілігі. Әйелі Зәрипа да бұл халді жан-тәнімен сезінгендей еді. Жазмыштың жазғыруын іштей ұққан бұл екеуі ендігі жерде өмірдің мәні бір-біріне тірек, ерекше сезімтал болып, кірбіңсіз, кіржіңсіз тірлік кешу екенін ұғынысты. Соның арқасында азып- тозып кетпей күн кешіп, біріне-бірі пана болып, уақыттың сұрапыл дауылынан өздерін де, балаларын да қорғап бақты. Мұны Едіге кейін түсінді. Әсіресе Әбутәліп сергек еді. Ол отбасы бір күн де тұра алмайтын. Ұл балалары – оның сыйынары, өмірінің мәні мен сәні солар болатын. Бір минут бос уақыт табылса, балаларының қасында болып, сауатын ашып, түрлі ертегі жұмбақтарды өзі ойлап айтып беріп, өзі ойлап тапқан қайдағы бір ойындарды үйрететін. Ерлі-зайыпты екеуі жұмысқа кеткенде әуелі балаларын барақта иесіз қалдырып жүрді. Мұны көріп Үкібаланың жаны жай таппай, кішкентайларды өз үйіне жетектеп әкелетінді шығарды. Әбутәліптің барақтағы үйіне қарағанда, бұл кезде Едігенің үйі бірқыдыру қоңды да, ұядай жылы болатын. Осыдан барып екі үйдің арасы жымдасып кетті. Бұл кезде Едігенің үйінде де Әбутәліптің балаларымен түйдей жасты екі қыз өсіп келе жатыр еді ғой.
Бір күні жол бойындағы жұмыстан оралып, балаларын ала кетуге кірген Әбутәліп мынадай бір ұсыныс қойды: Былай болсын, Едіге. Мен өз балаларыммен бірге сенің қыздарыңды да оқытайын. Мен осы уақытқа дейін бұлармен еріккенімнен әуре болып жүрген жоқпын ғой. Екі үйдің кішкентайлары бір-біріне бауыр басып қалды, бірге ойнайды. Күндіз сендердікінде, ал кешке біздің үйде болсын. Мұны мен неге айтып тұрмын? Біз, не керек, шалғайда тұрып жатырмыз ғой, тұрмысымыз мәз емес. Сондықтан да бұл балақайларды оқыту керек. Қазір деген зымыран заман келе жатыр, демек бұларды титтейінен білімге ауыздандыра беру керек. Бұрын зіңгіттей жігіт білетін оқуды бұлар шынашақтайынан игеріп алмаса болмайды. Онсыз ендігі оқу жалынан ұстатпай кетеді.
Әбутәліптің бұл харакетінің мән-мағынасын Едіге тағы да кейінірек, сойқан соғып өткеннен соң барып бір-ақ түсінді ғой. Борандының жағдайында Әбутәліптің басы кіріптар шақта оның өз күшімен балаларға істер жақсылығы тек осы жол болуы керек екенін Едіге кейін ұғынды. Сөйтсе Әбутәліп балаларына қолынан келген жақсылықты тезірек дарытуға асыққан екен ғой, өз өмірін балаларының өмірімен жалғастырып, өзі өлсе де, солар арқылы жарық дүниеде жасамақ болып, балғындардың есінде, жүрегінде жатталып қалуға жанталасқан екен де. Кешке Әбутәліп жұмыстан қайтқанда Зәрипа екеуі өз балалары мен Едігенің қыздарын жинап алып, мектеп яки балалар бақшасын ашқандай болатын. Балдырғандар әліппені үйреніп, кімдікі жақсы шығар екен деп ынталанып, бір-бірімен жарыса сурет салып, үлкендер оқып берген кітап сөзін тыңдап, кейде бәрі бірге қосылып өлең сөзін әндете жаттап жататын. Бұл бір қызықты шаруа болғаны сонша, Едігенің өзі де жиі-жиі келіп, қызыға қарап, бақылап отыратынды шығарды. Әйтеуір, бір желеу тауып, бұл үйге Үкібала да келуін жиілетті, сондағысы өзінің қыздарының не істеп отырғанын көрмекші. Боранды Едіге еміреніп, жан-жүрегі елжіреп, есі кеткен. Шіркін, бұл сауатты адамдар – мұғалім дегендерді қойсаңшы! Үлкен болып қала тұра, баламен бала бола кетіп, тілін тауып, баланың бабын білгендеріне қарап отырудың өзі бір ғанибет қой. Мұндай кештерде Едіге бұлардың назарын аударғысы келмей, елеусіз ғана бір бұрышта отырар еді. Ал, үйге кірерде табалдырықты аттай бере бас киімін алып:
– Қайырлы кеш! Міне, балалар бақшасына бесінші шәкірт те келді, – дер еді. Оның бұл келуіне балалар да үйреніп кеткен. Қыздары мәз- мейрам, Әкесі отырғанда олар не істесе де бар ынты-шынтысымен істеуге тырысады. Едіге Үкібала екеуі кезек-кезек пешке отын салып, балалар тоңып қалмасын деп барақтың ішін жылытады.
Бұл жылы Борандыға міне осындай бір отбасы келіп паналап еді. Бір қызығы, әдетте осындай мыңболғыр адамдардың жолы болмайды-ақ.
Әбутәліп Құттыбаевтың соры тек немістердің тұтқында болғандығында ғана емес еді. Бақыты ма, соры ма, кім білсін, бір топ әскери тұтқындармен бірге ол Оңтүстік Бавариядағы концлагерьден қашып шығып, қырық үшінші жылы Югослав партизандарының қатарынан бір-ақ шықты. Югославияның азаттық армиясының құрамында Әбутәліп соғыстың аяғына дейін майданда болды. Сонда жүріп жараланып, сонда жазылып та шықты. Югославияның әскери ордендерімен наградталды. Ол туралы партизан газеттерінде жазылып, суреті де басылды. Қырық бесінші жылы елге оралғанда, тергеу комиссиясынан өтіп ісі қаралғанда әлгі ерлік істері өте-мөте көмектесті де. Концлагерьден қашқанда он екі адам екен, содан туған елге төртеуі тірі оралған. Төртеуінің де бақыты бар екен, Советтің тергеу комиссиясы Югославия азаттық армиясының бөлімшелері орналасқан жерге келді де, Югослав командирлері советтік бұрынғы әскери тұтқындардың жауынгерлік, адамгершілік қасиеттері туралы, фашистермен партизандық күреске қатысқандары туралы жазбаша түрде мінездеме-куәлік берді.
Не керек, екі айға созылған талай-талай жауап алу, кездестіру сияқты тексеруден соң, талай-талай үміт пен үрейден соң Әбутәліп Құттыбаев өзінің кіндік кескен Қазақстанына оралды. Азаматтық құқына нұқсан келтірілген жоқ, бірақ әскерден қайтқандар пайдаланатын жеңілдіктерге де ие болған жоқ. Әбутәліп Құттыбаев мұнысына өкпелемеді. Соғысқа дейін география пәнінің мұғалімі еді, сол жұмысына қайта кірісті. Аудан орталығындағы мектептердің бірінде бастауыш кластардың жап-жас мұғалімі Зәрипаны кездестірді ғой, ілуде біреу болса да, екі жақсы қосылатын бір сәттер кездеседі. Иә, сирек те болса, кездеседі. Сөйтіп жүргенде Дүние-Әлемде жеңістің алғашқы жылдары да өте шықты. Орасан жеңістен соң, ағыл-тегіл қуаныштан соң әлем аспанында “қырғи қабақ соғыстың” алғашқы қар ұшқындары да қыламықтай бастады. Кейіннен бұл ызғар қатая түсті. Әлемнің әр тұсында соғыстан соңғы ақыл-ойдың жұлын-жүйкесі, кінәратты буындары құрыстана қалды...
Географияның бір сабағында сол құрыстанған буын сыздап қоя берді. Ерте ме, кеш пе, осы жерде ме, жоқ басқа жерде ме осылай болуға тиіс еді. Әбутәліп болмаса, сол сияқты басқа біреудің басынан бұл оқиға өтуге тиіс болатын.
Әбутәліп сегізінші кластың оқушыларына әлемнің еуропалық бөлігі туралы айтып тұрып, тұтқындарды концлагерьден алып шығып Оңтүстік Бавариядағы Альпы тауларындағы тас қазу жұмысына салғанын, содан қарауылдарды қарусыздандырып, Югослав партизандарына қашып барып қосылғандарын әңгімеледі. Соғыс кезінде жарты Еуропаны шарлап шығып, Адриатика және Жерорта теңіздерінің жағалауларында болғанын, сол жерлердің табиғатымен, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс екенін айтып берді. Мұның бұл әңгімесінің бәрін оқулыққа сыйғызу мүмкін емес қой. Өзі көзімен көрген оқиғаларды айтып мұғалім шіркін география пәнін байыта, оқушыларды қызықтыра түспекші еді ғой. Тақтаға ілінген Еуропаның географиялық картасы көк, жасыл, қоңыр бояулы еді. Мұғалімнің таяқшасы сол картаны сызғылап, тауларды, жазықтарды, өзендерді түртіп өтіп, кей-кейде өзі жүрген, көп жылдар бойы қысы-жазы, күні-түні соғыс болған, әлі күнге дейін түсіне кіретін таныс жерлерді шұқылап өтеді. Кім біледі, мұғалім таяқшасы картада көрінбейтін бір нүктені де түртіп өткен шығар. Сол нүктеде оның қаны төгілген. Бір қапталдан жау автоматы ырылдап қоя бергенде, бұл төбеден төмен қарай бөктерлей домалап құлап, судай аққан қаны тарғыл тас пен көк шөпті суарған. Ал қызыл қан мына тұрған мектеп картасын жуып кетіп, төмен қарай саулап ағып тұрғандай да болып көрінді, бір мезгіл. Ал сол оқ тиіп құлаған шақта басы айналып, көзінің алды қарауытып, таулар төңкеріліп, аспан аударылып бара жатқанда, өзімен бірге былтыр жазда Бавария тас шахтасынан бірге қашқан поляк жолдасын бар дауыспен: “Казимир! Казимир!” – деп айқайлап шақырған. Бірақ поляк оның даусын есітпеген. Өйткені Әбутәліп бар даусымен айқайладым деп ойлағанмен, тырс етіп үн шығармаған. Тек партизандар госпиталінде қан құйып, жанын алып қалғанда ғана есін жиған.
Әлемнің Еуропа бөлігі туралы оқушыларға сабақ айтып тұрып, Әбутәліп Құттыбаев өзіне-өзі таңғалды: осыншама қияметті бастан кешкен жай туралы, мұны бір дәл өзінің басынан емес, басқа біреудің басынан кешкен оқиғасы сияқты тәптіштен қана, кәдімгі география пәніне қатыстырып қана айтып тұрғаны ғажап еді. Сол арада алдыңғы партадан бір баланың қолы сопаң етіп көтерілді де, мұғалімнің сөзін бөлді:
– Ағай, сонда сіз пленде болған болдыңыз ғой?
Баланың көзі міз бақпас суық көз екен. Беті шәушиген, иегі қайқылау көрінді. Өзі екі қолын жамбасына қысып, “смирно” тұр. Осы баланың тісі өмір-бақи мұғалімнің есінде қалды астыңғы тістері үстіңгі тістерінің үстіне шығып тұратын қайқы иек екен.
– Иә болдым, оны неге сұрадың?
– Онда неге өзіңізді-өзіңіз атып тастамадыңыз?
– Өзімді-өзім неге өлтіруге тиіспін? Онсыз да жаралы едім.
– Неге десеңіз, жау қолына пленге түсу қылмыс. Сондай бұйрық бар!
– Кімнің бұйрығы?
– Жоғары жақтың бұйрығы.
– Оны сен қайдан білесің?
– Мен бәрін де білемін. Біздің үйге Алматыдан, тіпті Москвадан да кісілер келіп тұрады. Демек, сіз Жоғары жақтың бұйрығын орындамағансыз ғой?
– Сенің әкең соғыста болып па еді?
– Жоқ, ол соғысқа баратын әскерлерді жасақтаған.
Достарыңызбен бөлісу: |