Боранды бекет



бет4/8
Дата27.05.2018
өлшемі4,86 Mb.
#40964
1   2   3   4   5   6   7   8
– Өседі.

– А о жақта көк жап-жасыл ма?

– Иә, жап-жасылы да бар. Тіпті гүлдер де өседі.

– А үйлері үлкен бе, машиналар көшелерінде жүгіріп жүре ме? Қауын-қарбыз қанша жесең де таусылмай ма? А о жақта балмұздақ бар ма? А о жақта теңіз бола ма?

Бұлар мінген жүк вагонның жарым-жартылай ашық есігінен лекілдеп жел соғып, жанға жайлы тиіп, бір қалыппен еседі. Есіктен балалар абайсызда түсіп кетпесін деп, керме ағаш қойып қойған. “Сақтықта қорлық жоқ” дегендері ғой, әйтпесе есіктің дәл көзінде бос жәшіктерді астарына қойып, Едіге мен Әбутәліп қатар отыр. Әр түрлі әңгіме, балалардың сұрағына жауап берумен жол қысқарып келеді. Барлығы бас қосып бір келе жатқандарына, ауа райының қоңыр салқындығына, балалардың асыр салып ойнағанына Едіге дән риза. Ол балалардан да гөрі Әбутәліп пен Зәрипа үшін қатты қуанады. Екеуінің де дидарына нұр жүгіріп қалыпты. Шамалы сәтке болса да екеуі де ұдайы қылқұрт болып іштен жегідей жеген уайымнан арылып, еңселері көтеріліп, ел қатарына қосылғандай болып қалды. Зәрипа мен Үкібала әйел баласының әжік-күжік әңгімесіне қызу кірісіп кеткен екен. Екеуі де көңілді. Бұлардың осындай бақытты кезін көру де бір ғанибет. Өмір шіркін осылай болуы тиіс те ғой, адам байғұстың бақытты болуы үшін аса байлық не керек... Едіге сонда Құттыбаевтар азаптан біржолата арылса екен, басқа қалауы қалмаса, Борандыға бауыр басып, орнығып кетсе екен деп тіледі. Иығына иығы түйісіп, Әбутәліптің өзімен қатар отырғанынан, өзіне Әбутәліптің арқа сүйейтініне едәуір масаттанып та қалды. Ат үсті айта салуға болмайтын кінәратты әңгімені қозғамай-ақ екеуі бірін-бірі емеуріннен түсіне кететіндері қандай жақсы. Едіге Әбутәліптің ақылына, сабырлылығына тәнті. Әбутәліп үй-іші, бала-шағасы дегенде шығарға жаныбөлек, сірә, оның күйреп кетпей, күшалып жүргені де осықасиеті шығар. Едіге оның осы қасиетіне тәнті. Әбутәліптің әңгімесін тыңдап отырып Едігенің көкейге бір түйгені: адамның адам баласына деген ең үлкен жақсылығы – өз отбасыңда көргенді, білікті ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Балаңды біреу асырап, біреу бақпасын, шамаң келсе, бауырыңнан ажыратпай күнбе-күн, бірте-бірте бала бойына адамгершіліктің, азаматтықтың нәрін дарыта бер, дарыта бер.

Әне анау Сәбитжанды айт. Титтейінен интернатта да оқыды, институтта да оқыды, түрлі мамандық көтеру курстарын да тәмамдады. Қазанғап байғұс Сәбитжаным мұқтаждық көрмесін, басқалардан кем болмасын деп тапқан-таянғанының бәрін соның аузына тосты – не шықты? Білімді – білуін біледі-ақ. Бірақ жетесіздің аты жетесіз. Аузынан ақ май ағызсаң да адам болмайды.

Құмбелден қауын-қарбыз алып қайтуға бірге бара жатқан сол жолда Едіге ойлайды ғой: алда-жалда басқа артық жер табылмаса, Әбутәліп Құттыбаев Борандыға біржолата қоныс тепсе болмас па. Шаруасын түзеп, мал ұстап, Сарыөзектің құмында шамасы келгенше балаларын бағып-қағып өсірсе. Обалы нешік, Едіге Әбутәліптің сөзінің райына қарағанда, өзі де Борандыда тұрақтауға бел байласа керек. “Картопты қайдан түсіріп алуға болады, әйелім мен балаларға пиманы қайдан сатып аламын, өзімді қойшы, өзім қыстан етікпен-ақ шығамын ғой”,– дегенді айтты. Құмбелде кітапхана бар ма екен, разъездегілерге кітап босата ма екен деп те қойды.

Сол күні кешке борандылықтарға, тиесілі қауын-қарбыздарын арқалап, жол-жөнекей жүк тасушы пойызбен үйлеріне оралған. Балақайлар кешке қарай сілесі қатса да, өте көңілді еді. Құмбелге барып, ел көріп, ойыншық сатып алып, балмұздақ жеп, тағы басқа көп нәрсені қызықтады. Станцияның шаштаразында шамалы бір нәуетек жағдай болды. Үлкендер балалардың шашын қырықтырған. Кезек Ермекке келген кезде, ол бақырып кеп берсін, қолды-аяққа тұру қайда. Ермекті алдап-сулап, көндіреміз деп бәрінің де сілесі қатты, ал балақай көнер емес, әкесін шақырып айқайлайды. Дәл сол сәтте Әбутәліп таяудағы дүкенге кіріп кетпесі бар ма. Зәрипа не істерін білмей ұялып, біресе қызарды, біресе бозарды. “Туғалы бері шашын алдырмап едік, бұйра толқын шашын қырықтыруға қимап едік”, – деп баласының қылығын жуып-шаймақ болады. Айтса – айтқандай, Ермектің шашы бұйра толқын, қап-қалың, шешесінікіндей қолаң шаш еді, өзі де Зәрипаға аумай тартқан: шашын жуып, тарағанда көзің сүйсінеді ғой.

Тіпті болмаған соң, Үкібала Сәуленің шашын қырықтыруға рұқсат етті: “Ал, қара, сен тұрмақ қыз бала да қорықпайды, дегендегісі. Ермек шынында да көніңкіреп қалып еді, шаштараз ұста қайшысын қолына ала бере-ақ, қайтадан бақырып қоя бергені ғой, жұлқына түрегеліп, қашып бара жатқанда, есіктен Әбутәліп те көрінді. Ермек әкесінің қойнына барып тығылды. Әкесі оны жерден көтеріп алып, бауырына басып, баланың жанын қинамай-ақ қою керек екенін түсінді де, шаштараз ұстаға:

– Кешіріңіз... Басқа бір реті келер. Қорықпайтын болып, басқа бір жолы келерміз, асығатын түгі жоқ, – деді.

“Конвенция” авианосецінің үстінде болып өткен ерекше өкілетті комиссиялардың төтенше мәжілісінің барысында, екі жақтың да келісімі бойынша, орбитадағы “Паритет” станциясына тағы да бір шифрлі радиограмма жіберілді. Бұл радиограмма Орман Төсте тұрып жатқан 1–2 және 2–1 паритет-космонавтарға арналып еді. “Қандай бір әрекет жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Бірбасордың ерекше нұсқауы болғанша, ешқайда кетпей, сол бұрынғы орындарыңда болыңдар”,– деген бұйрық бар еді радиограммада.

Мәжіліс бұрынғысынша өте құпия жағдайда өтіп жатқан. “Конвенция” авианосеці бұрынғысынша Тынық мұхитта, Алеут аралдарынан түстікке таман, әуе жолымен Сан-Франциско және Владивостоктың қақ ортасында тұр еді.

Дүниеде галактикааралық ұлы оқиға болғанын – Құдірет күн системасынан жерден шалғай жатқан цивилизациялы планета ашылғанын, ондағы ақыл-ойлы жандар жер үстінде тұратындармен байланыс жасау жөнінде ұсыныс жасағанын бұрынғысынша әлемде бірде бір адам білген жоқ. Мұншама ерекше, кездейсоқ жағдайда төтенше мәжілісте екі жақтың адамдары бірі жақтап, бірі қарсы болып, ду-ду талас әңгіме қызып жатқан. Комиссиялардың әрбір мүшесінің алдындағы үстелде басқа да қосалқы материалдардан өзге 1–2 және 2–1 паритет- космонавтардың хаты бар. Ондағы әрбір ой, әрбір сөз сан рет зерттелді, екшелді. Орман Төс планетасындағы ақыл-ойлы жандардың тіршілік-тірлігінің әрбір деталі жер бетіндегі цивилизациямен, ондағы көшбасшы елдердің мақсат-мүддесімен сай келе ме, жоқ па деген мәселелер төңірегінде мұқиятзерттеліп жатты... Мұндай қиямет қиын сұрақпен жер бетінде әлі ешкімнің басы қатпаған-ды. Сондықтан бұл сұрақты шұғыл шешу керек-ті…

Тынық мұхитта баяғыша баяу толқынды самал соғып тұр...

Құттыбаевтар отбасы Сарыөзектің адам төзгісіз аптабына шыдап, қоржын-қосқалаңын арқалап, әйтеуір бас ауған жаққа тұра қашпағанын көрген соң, борандылықтар олардың осында тұрақтап қалатынына көздері жетті. Әбутәліп Құттыбаев кәдімгідей еңсесі көтеріліп, дәлірек айтқанда, Борандының қамытына мойнын ұсынып, дағдыланып алды. Разъездің тіршілігіне көндігіп, еті үйреніп кетті. Ауыз суды да, шаруашылыққа керек басқа суды да пойыздың цистернасымен тасып әкеліп тұрған соң, басқалар сияқты Әбутәліп те Борандыны құдай қарғап қойған жер деп айтуға әбден қақысы бар-ақ. Ал нағыз таза су ішкісі келгендер түйесін қомдап, итарқасы қияндағы құдықтан суды меспен тасиды. Бірақ ондай іс Едіге мен Қазанғаптан басқалардың қолынан келе бермейтін. Елу екінші жылы да, тіпті алпысыншы жылға дейін, разъезде тереңнен су тартатын мұнара салғанша жағдай әлгіндей болды. Ол кезде су мұнарасы болса деп ешкім армандамайтын да. Сөйте тұра Әбутәліп Борандының разъезін де, Сарыөзектің даласын да қарғап-сілеген жоқ. Басқа түскен тауқыметті азаматша көтеріп алды. Әрі-беріден соң бұл жердің жазығы не? Мұндай жерде тұрғысы келе ме, келмей ме – адамдардың өз ықтияры емес пе... Сөйтіп адамдар осы жерге ыңғайлырақ орналасуға тырысты. Құттыбаевтар енді басқа барар жер, басар тау жоқ, Борандыда қалу керек деген шешімге біржола келген кезде, үйдің анау-мынау шаруасына уақыт жетпейтін болып шықты. Темір жолдың міндетті жұмысы өз алдына, одан босаған соңғы үй тіршілігінің өзі бастан асады. Пешті жөндеп, есікті қаптап, терезелердің жақтауларын қиюластырып, үйді қысқа әзірлеудің әлегімен Әбутәліп мұрнынан шаншылып, сіңбіруге қолы тимейді. Мұндай шаруаға бұрын дағдыланбаған байғұс еді, тағы да болса Едіге құрал-сайманынсайлап беріп, әйтеуір, жалғызсыратқан жоқ. Ал сарайшықтың жанынан ұра- қойма қазған кезде, Қазанғап та қолғабыс етті. Үшеулеп ұра қазып, оның үстін ескі шпалдармен бекітіп, сабан төсеп, балшықпен сылап тастады. Біреу-міреудің малы түсіп кетіп жүрмесін деп, мықтап тұрып, қақпақ салды. Үлкендер не істесе, соны істегісі келіп, Әбутәліптің екі баласы аяққа орала береді-ақ. Кейде кедергі болса да, балақайлардың өстіп құлдыраңдап жүргенінің өзі бір ғанибет еді. Едіге мен Қазанғап Әбутәліптің отбасы өз қолы өз аузына жеткенше күн көріс болар жылу жағын қарастырды. Алдағы көктемнен бастап бір сауын інген бермек болып келісті. Әуелі Әбутәліп түйе сауудың өзін үйренуі керек қой. Түйе сауған – сиыр сауған емес. Інгенді түрегеп тұрып сауар болар. Жайылымда соңынан жүріп, ботасын дер кезінде емізіп, дер кезінде ажыратар болар. Бота бағу да бір машақат – жөнін білмесең жөргем келеді...

Боранды Едігені бәрінен де көп қуантқан нәрсе: Әбутәліп тек шаруашылықпен ғана айналысып, екі үйдің балаларымен әуре болып, Зәрипа екеуі оларға әлінше оқытып, сурет салуды үйретіп қана қоймай, Борандының меңіреу даласының қиыншылығына қайыспай, қасарыса шыдап, Құттыбаев өзі қарайып қалмауға тырысты. Әбутәліп Құттыбаев өте білімді кісі еді ғой. Кітап оқып, бірдеңелерді жазбай жүре алмайтын. Мұндай досының барына Едіге іштей мақтанушы да еді. Сондықтан да Әбутәліпті жақын тарта беретін. Осы елге жиі-жиі келетін Сарыөзектің геологы Елизаровпен достасуы да тегін емес-ті. Едіге затында білімдар, ғалым адамдарды қатты құрметтейтін. Әбутәліп те көп білетін. Бірақ шешіліп, сөйлеспей, іштей толғанар еді. Десе де, бір кезекте Едіге екеуі бір ақтарыла әңгімелескені бар. Жол жұмысынан кештете қайтқан кез еді. Сол күні разъезден жеті шақырым қашықтықтағы бораны боздаған кезеңнің тұсына қар тоқтатқыш орнатысқан. Күз жаңа басталса да, қысқа қазірден қамдану қажет еді. Сөйтіп екеуі үйлеріне қайтып келе жатқан. Жайма- шуақ, жадыра кеш адамды әңгімеге бейімдейді. Мұндай кештерде Сарыөзектің айналасы тымық күнде қайықтан көрінген Арал теңіздің түбіндей, сағымдана, батар күннің шуағынан мұнарта қараңдайды.

– Әй, Әбу, осы мен күнде кешке үйіңнің тұсынан өткенде, басың қылтиып, терезенің алдында отырасың да қоясың, шырағданның жанында. Бірдеңе жазып отырасың ба, әлде бір нәрсе жөндеп отырасың ба? – деп сұрады Едіге.

– Жәй, әйтеуір, ермек қой,– деп Әбутәліп күректі басқа иығына ауыстырып салды да, ықыластана жауап қатты.– Жазу үстелім жоқ. Бұзықтарым ұйқыға жатып, Зәрипа бірдеңе оқып отырғанда, мен әзірше есімде қалған оны-мұныны жазған боламын: соғыс қой баяғы, әсіресе Югославияда өткен күндер туралы түртіп қоямын. Уақыт болса зымырап, өткен күндер алыстап барады.– Әбутәліп сәл кідіріп, сөзін сабақтады.– Мен балаларым үшін не істей аламын деп ойланамын да жүремін. Тамақ тауып беру, тәрбиелеу, – болса- болмаса керек. Шамам келгенше, асыраймын, тәрбиелеймін. Мен көрген құқайды құдай басқа салмасын, өзге біреу жүз жылда да көрмес-ау, ал мен болсам әлі жер басып жүрмін, демек тағдырдың өзі маған мүмкіндік беріп тұрғаны шығар. Мүмкін, ең алдымен өз балаларына бірдеңе айтып қалдырсын деген шығар. Мен оларды дүниеге келтірген екенмін, демек мен өз өмірім жөнінде оларға есеп беруім керек қой деп ойлаймын. Әлбетте жалпыға бірдей ортақ шындық бар да, әркімнің өмір туралы өз түсінігі және бар ғой. Сол түсінігін әркім өзімен бірге ала кетеді. Әлемдік топалаң соғыста адам байғұс өлім мен өмірдің арасында шыр көбелек айналғанда, оның жүз мәртебе өліп кетуіне болады ғой, ал бірақ ол әрең-әрең тірі қалған шақта ізгілік пен зұлымдықтың, шындық пен жалғанның не екенін ажырата алатындай көп нәрсені түйсіктейді... – Оу, жолың болғыр, мен түсінбей келемін,– деп Едіге оның сөзін бөлді.– Сенің айтып келе жатқаның жөн де шығар, бірақ сенің әлгі шаштараздың ұстарасынан қорқатын  мұрынбоқ балақайларың мұныңнан не түсінбек?

– Е, Едеке, жазып жүргенім сондықтан ғой. Тірі боламын ба, өлі боламын ба, алдағыны болжап болмайды. Жазғаным сақтала-ды. Осыдан екі күн бұрын өзімнен-өзім ойға шомғаным сонша, пойыз басып кете жаздады. Әйтеуір, Қазанғап жетіп келіп, жол-дың шетіне итеріп жіберіп аман қалдым. Қазекең қатты ашуланды: бүгін балаларың тізерлеп отырып құдайға құлдық ұрсын деп ұрысты.

– Сауап болған. Мен саған баяғыда айттым ғой. Зәрипаға да айттым,– деп енді Едіге екіленсін. Өз қаупін тағы да ескертудің сәті түсіп тұрғанын пайдаланып, ойындағысын айтып қалды.– Сені көріп паровоз жолдан бұрылып кететіндей, рельспен жайбарақат жүріп келе жататының нең? Өзің сауатты адамсың, саған қашанғы айтуға болады? Сен енді теміржолшысың, ал базар аралап келе жатқандай бейқам жүресің. Бір күні пойыздың астында қаласың, ойнама.

– Жазатайым болсам, өз обалым өзіме, – деп түнере жауап берді Әбутәліп. – Әйтсе де, әуелі мені тыңдап бол, соданкейін сөге жатарсың.

– Е, сөздің орайы келген соң ескерткенім ғой. Иә, айта бер.

– Бұрынғы заманда адамдар ұрпағына мұра қалдырады екен. Сол мұра ұрпақтың бақытына  ма, сорына  ма – әрқалай. Мұраны мұрагерлер қалай бөліскені, ақыры немен тынғаны туралы сан кітап жазылып, талай ертек айтылды, тіпті сол замандар туралы сан пьесалар жазылып, сахнаға да шықты. Неге дейсің ғой? Неге десеңіз, сол мұра дегеніңіз көбінесе арамнан жаратылған, өзгенің табан ақы, маңдай терінен, алдау-арбаумен, қанаумен жиналған, сондықтан да ондай мұраның негізінде зұлымдық, күнәкарлық, әділетсіздік бұғып жатады. Құдайға шүкір, менің бір тәубе қылатыным, біз ондай бәледен адамыз. Менің қалдыратын мұрамның ешкімге залалы жоқ. Менің мұрам – менің рухым, менің жазбаларым: соғыста көрген- білгендерім. Балаларыма қалдыратын бай мұра менде жоқ. Сарыөзектің қу медиенінде мен осындай ойға келдім. Тағдыр шіркін мені тықсыра-тықсыра, ізім-ғайым жоғалып кетсін деп осында әкеліп тықты. Мен енді өз білген-көргенімді, ойымды, арманымды балаларым үшін жазып қалдырамын да бір кездерде өзім кетсем де солар арқылы жер бетінде жүремін. Мен жетпеген жерге балаларым жетер... Ал оларға өмір сүру бізден гөрі қиынырақ болады. Сондықтан титтейінен үйреніп, біле берсін...

Екеуі де ойға шомып, бірауық үнсіз келе жатты. Мұндайды есту Едіге үшін тосындау еді. Өзіңнің не үшін өмір сүріп жүргеніңді осылай да пайымдауға болады екен-ау деп қайран қалды. Дегенмен өзін таңғалдырған бір түйінді анықтап алғысы келді:

– Жұрттыңбәрі, әне радиоданайтыпжатыр ғой, біздіңбалаларымыз бізден гөрі тәуір де жеңіл өмір сүретін болады деп ойлайды; ал сенің айтуыңша, керісінше келешекжастарға бізден гөрі мехнаты, ауырырақ болатын сияқты. Атом соғысы соғатындықтан солай бола ма?

– Жоға, тек ол емес. Бәлкім, соғыс болмас та, бола қалса да, жуық арада сойқан соқпас. Мәселе тек қу тамақта ғана емес қой. Бірақ уақыт шіркін зымырай түсті. Біздің балаларымыз дүние парқын өздері пайымдап, тіпті кейін біздер үшін де тарих алдында жауапкер болмақ. Ал, бұл жарық дүниеде ойлаудан қиын нәрсе жоқ. Бізден гөрі оларға қиын соғары сондықтан.

Бұл дүниеде ойлаудан қиын нәрсе неге жоқ екенін Едіге ежіктеп сұрап жатпады. Сол сәтте сұрап алмағанына кейін өзі өкінді. Мән- мағынасы не екенін сонда әбден анықтап алуы керек еді де... Мен мұны неге айтып келемін,– деді Әбутәліп Едігенің күдігіне жауап қатқандай.– Сәбилерге үлкендер ұдайы-ақ ақылды, беделді болып көрінеді. Өсе келе қараса, сол кешегі ұстаздары, яғни біздер, соншама ақылды да, білімді де емес екен. Тіпті күлкің де келеді, қартайған ұстаздар мүлде бейшара болып көрінеді. Уақыт дөңгелегі шырылдап, зымырай түседі. Ал бірақ та біз өзіміз туралы соңғы сөзімізді өзіміз айтып кетуіміз керек-ті. Біздің бабаларымыз өздері туралы сөзді ертек, аңыздарда айтып қалдыруға тырысқан ғой. Өздерінің қаншалықты ұлы болғанын кейінгі ұрпақтарға дәлелдегісі келген. Енді біз оларды сол рухынан танимыз. Міне, мен де өзімнің жеткіншектерім үшін қолдан келгенше өз білгенімді жазып қалдырмақшымын. Менің әңгімем – менің соғыста көргендерім. Балақайларға арнап партизан дәптерін жазып жүрмін. Еш қоспасыз, көрген-білгенімді ғана жазамын. Балалар өскенде бір қажетіне жарар. Бұданбасқа тағыбір ойларым да бар. Енді бұлбалалар осы Сарыөзекте өседі ғой. Өсе келе, е, біз таптақыр жерде өсіппіз ғой деп ойламасын. Сондықтан осы елдің өлең-әндерін жазып алып жүрмін, кейін оларды қолыңа күндіз шырақ алып іздесең де таппассың. Менің пайымда- уымша ән дегенөткен заман хабаршысы. Сенің Үкібалаңкөп ән біледі екен ғой өзі. Тағы да басқаларын еске түскенде айтып беремін деді.

– Енді қалай деп едің! Аралдың қызы ғой ол! – деп Едіге бірден қоқилана қалды.– Теңіз жағасындағы Арал қазақтары. Теңізде ән салу рақат қой, шіркін. Теңіз бәрін де түсінеді. Шын жүректен шыққан сөз теңізбен үндес, сарындас келеді.

– Сенің айтқаның рас. Жуырда жазып алған әндерді Зәрипа екеуміз қайтадан қарап шығып, көзімізге жас алғанша тебірендік. Шіркін, бұрынғының әндері-ай! Неткен ғажап! Әрбір ән – тұтас тарих. Әнді тыңдап отырып, сол әнді шығарған адамдарды көріп отырғандай боласың. Соларша қайғырып, соларша сүйе білер ме еді, шіркін! Әне, өздеріне шын ескерткіш орнатқан сол бұрынғылар ғой. Мен Қазанғаптың Бекейіне де өзіңнің қарақалпақтарыңның әнін есіңе түсіріп, айтып берші, жеке дәптерге жазып алайын деп өтіндім. Жеке бір қарақалпақ дәптері де тұрсын...

Екеуі осылайша асықпай, темір жолды бойлап келе жатқан. Рисәләт нұры себелеген сәт еді. Сүмбіленің сұлу күні арманды бір күрсіністей, әлдебір мамыражай көңілдей баяу батып барады. Сарыөзекте шулаған орман, бұраңдаған өзен, жайқалған дала болмаса да, жүзі жарқын жер бетінде сөнік күннің сәулесі мен көлеңкесі ойнап, даланың дидарын ажарландырып жіберді. Жаныңды жалғанның жалпағына жүйткіткен сайқал көгілдір дүния арманыңды асқақтатып, көңілге қанат бітіріп, бұл баянсыз жалғанда шексіз ғұмыр кешкізіп, түпсіз ойлар тұңғиығына батырғысы келеді... – Едіге десе,– деді Әбутәліп көптен айтайын деп оқталып жүрген бір ойын еске түсіріп.– Осы сенен баяғыдан сұрайын деп жүрген бір жай бар. Дөненбай құсты айтамын. Қалай дейсің, табиғатта Дөненбай атты құс бар да шығар. Ондай құсты көргенің бар ма?

– Ой, ол аңыз ғой, тәйірі.

– Оны білемін. Бірақ көбінесе аңыздың өзі өмірде болған оқиғаның елесі емес пе. Айталық, біздің Жетісуда, тау бақтарында зарғалдақ деген құс болады. Күні бойы: “Менің күйеуім кім?” деп сайрайды да отырады. Әлбетте өйтіп айта алмайды ғой. Бірақ дыбысы солай болып естіледі. Неге олай деп зарлайтыны туралы аңыз да бар. Содан ойлаймын ғой: Дөненбай дегенде де бір сыр жат-қан жоқ па? Дөненбай деген дыбысқа ұқсас ән салатын бір құс бар шығар, аңыз соған байланысты шығар, ә?

– Жоқ, білмеймін. Мұны тіпті ойламаппын да,– деп шүбәланды Едіге.– Ал бірақ осы жерлерден көп жүрдім, ондай құс кездестірмедім. Бәлкім, ол жоқ та шығар.

– Мүмкін,– деді Әбутәліп ойланып барып:

– Е, ондай құс өмірде болмаса аңыздың да жалған болғаны ма сонда?– деп Едіге абыржып қалды.

– Неге олай болсын. Әйтеуір, бұл жерде баяғыда осындай бірдеңе өтікізсе, Ана-Бейіт қайдан пайда болыпты. Не десе де, сондай бір құс баяғыда болған сияқты көрінеді маған. Бір заманда оны біреу- міреу ұшырастырар да. Балалар үшін осылай жазып жүрмін.

– Е, егер де балалар үшін десең бір жөн...– деп Едіге көңіліне кәдік алды... Найман-Ана туралы Сарыөзөк аңызын жазып алғандардан Едігенің білетіні тек екі адам. Әуелі Әбутәліп Құттыбаев балаларым өскенде оқиды деп жазып алып еді. Бұл елу екінші жылдың аяғы болатын. Ол қолжазба жоғалып кетті. Одан кейін қайғы-қасіреттің қазаны бұрқ-жарқ қайнады да, қолжазба тұрмақ, адамдардың қайда кеткенін білмейтін заман өтті. Арада бірнеше жыл сусыған соң, елу жетінші жылы бұл аңызды Елизаров Афанасий Иванович жазып алды. Енді сол Елизаров та жоқ. Ал қолжазба оның Алматыдағы қағаздарының арасында қалған шығар, кім біледі... Екеуі де сол аңызды Қазанғаптың аузынан жазып алып еді. Едіге сонда олармен бірге болып, анда-санда аңыздың о жер, бұ жерін Қазанғаптың есіне салып, өзінше бір түсіндіргіш ретінде отырған.

“Құдайым-ау, содан бері де неше заман өтіп кеткен!” – деп ойлады Едіге жабулы Қаранардың үстінде отырып. Енді міне сөйткен Қазанғаптың өзін Ана-Бейітке алып келе жатыр. Дүния жолы тұйықталған секілді. Ана-Бейіт тарихын ол жүрегінде сақтап, өзгелерге айтып отырушы еді, енді сол шежірешінің өзі сол бейітке барып, соңғы мекеніне қонақтамақшы.

“Енді ғой мен және Ана-Бейіт қана қалдық. Мен де кешікпей Ана- Бейітке келіп жайласармын. Дүния беті солай қарай бұрылса керек” деп мұңайды Едіге тіркемелі трактор, доңғалақты “Беларусь” бар айрықша аралы керуенді түйеге мініп бастап келе жатып. Бұл қаралы кешке өз еркімен қосылған Жолбарыс төбет біресе керуеннің алдына шығып, біресе соңында қалып, тіпті мүлдем уақыт басқа жаққа кетіп қалып, өз білгенін істеп жүр. Құйрығын мұқият қайқайтып, жан- жағына сақ қарап, бүлкілге басып келеді.

Күн төбеге шығып, тал түстің мезгілі соқты. Ана-Бейітке де енді аз-ақ жер қалған...

VIII

Қанша дегенмен елу екінші жылдың ақыры, дәлірек айтқанда, қоңыр күз бен кешеуілдетіп келген борасынсыз қыс, Борандының сол кездегі ат төбеліндей халқы үшін сірә, бір ақжарылқап күндер болған болуы керек. Кейін-кейін Едіге сол күндерді тым-тым сағынып жүрді. Себепсіз ешкімнің ісіне араласпайтын Борандының батагөй ақсақалы сыпайы қарт Қазанғап та әлі нардай күшті, дені-қарны сау халде болатын. Ұлы Сәбитжан Құмбелдің интернатында оқып жүрген. Құттыбаевтар отбасы Сарыөзекке мықтап орнығып алған. Қысқа қарай барақ үйді жылылап, картоп түсіріп, Зәрипа мен балалары пималы болып, Құмбелден бір қап ұн да жеткізіп алған. Ұнды кемеліне енді келе бастаған жас Қаранарға теңдеп, Едіге алып келіп еді. Әбутәліп үйреншікті жұмысын атқарады, бос уақытта балаларымен шүйіркелесіп, түн баласы болса, терезенің алдына шырағданды қойып алып, жалықпай жазу жазады.



Разъезде тағы да екі-үш үй жұмысшылар отбасы тұратын, бірақ олар сыңайына қарағанда, уақытша тұрғындар болатын. Разъездің сол кездегі бастығы Әбілев деген кісі де бір оңынан жолыққан азамат сияқты еді. Боранды ауру-сырқаудан аман болды. Жұмыс жүріп жатты. Балалар өсе берді. Жолды қалқалау, жөндеу секілді қыс алдындағы шаруаның бәрі дер кезінде атқарылды.

Майға піскен тоқаштай Сарыөзектің қоңыр күзі мамырлаған тамаша бір кезі еді. Артынша қыс та келді. Қар бірден басып салды. Айнала аппақ көрпе жамылған ол да бір әдемі сурет сияқты еді. Маңқиған ұлы ақ даланы қақ жарып, жіп-жіңішке жіптей болып, темір жол ғана қарайып жатады. Сол жолмен бұрынғыша пойыздар жүйткиді. Сол жолдың бір бүйірінде, ақ жамылған дөңестердің бір қуысында шап-шағын Боранды бекет ауылы бүрісіп тұрғандай көрінеді. Бірнеше үйі, тағы мал қора, оны-мұнысы... Пойыздағы жолаушылар сол ауылға көз қиығын самарқау салып өте шығады, кейбірі сәл сәтке сол бекеттің аз адамдарын аяғандай болады...

Сәл сәттік аянышы бекер-ақ. Борандылықтар үшін артта қалған аптап жаз болмаса, негізінен бұл жыл құтты жыл болды. Жалпы соғыстан соң жаппай барлық жерде тұрмыс-жағдай бірте-бірте жақсарып келе жатқан. Дүкендерде дүние-мүлік, азық-түлік тіреліп тұрмаса да, Жаңа жыл қарсаңында соның бәрі тағы да арзандайтын көрінеді. Сөйтіп жылдан-жылға жақсылық нышаны молая бергей, әйтеуір... Борандылықтар әдетте Жаңа жыл мерекесі дегенге аса мән бере бермейтін, түн ортасын ынтыға күтпейтін. Темір жолдың жұмысы ешбір мерекеге бағынбай үздіксіз жүріп жатады. Жаңа жыл қай жерде кез болатынына қарамай, пойыздар жүйтки береді. Қыс маусымында жұмыс та көбейеді. Пеш жағу, далада да, қорада да мал бағу әуресі және бар. Күні бойы жұмыс істеп қалжыраған адамға ертерек жатып, дем алғаннан рақаты жоқ сияқты көрінеді.

Осылайша жыл соңынан жыл өтіп келе жатқан...

Ал елу үшінші жылдың қарсаңы Боранды үшін нағыз мереке болды. Мерекені бастаушы, әрине, Құттыбаевтар отбасы еді. Жаңа жыл жасағына Едіге ең соңында келіп қосылды. Бәрі де Құттыбаевтардың балаларға арнап шырша орнатуынан басталды. Сарыөзекте шырша табудан гөрі миллион жылдық динозаврдың жұмыртқасын табу әлдеқайда жеңілірек. Елизаров геология жұмысымен кезіп жүріп, осы Сарыөзектен динозаврдың миллион жылдық жұмыртқасын тапты емес пе. Үлкендігі дәу қарбыздай бар сол жұмыртқалар тасқа айналып кеткен екен, оларды Алматының музейіне апарып өткізген. Бұл туралы газеттерде де жазылды.

Сақылдаған сары аязда Әбутәліп Құмбелге барып, жергілікті комитеттен жалынып-жалпайып бүкіл Құмбелге келіп түскен бес шыршаның біреуін Борандыға бөлгізген. Бәрі де содан басталып еді ғой.

Бірінші жолға аяз қысқан тормозы шиқылдап, дала бораны ақтаңдақтап тастаған жүк пойызы келіп тоқтаған кезде, Едіге қойма жанында разъезд бастығынан жаңа жұмыс қолғаптарын қабылдап алып тұр еді. Жүк пойызының ұзыннан-ұзаққа созылған вагондары бәрі де пломбамен құлыптаулы. Құйрық вагонның ашық алаңынан мұз болып қақайып қалған етіктегі аяқтарын әрең-мәрең сүйретіп Әбутәліп түсіп келеді екен. Кең мол үлкен тері тонға оранып, сеңсең бөркін баса киіп, алқымнан бауын байлап алған кондуктор қорбаңдап әрең қозғалып, Әбутәліпке ап-ауыр бірдеңені көтеріп беріп жатты. Шырша шығар, деп ойлап Едіге қайран қалды.

– Ей, Боранды Едіге? Бері кел, көмектесіп жібер,– деп айқайлады кондуктор, вагонның тепкішегінен талыстай болып салбырап тұрып. Едіге ентелей басып жетіп еді, Әбутәліптің әлпетін көріп шошып қалды. Бет-аузын, қас-қабағын қырау тұтқан Әбутәліп ерні қимылдауға келмей, қатып қалған екен. Қолын қозғалта алмайды. Жанында қылқандары тікірейіп шырша тұр. Соған бола Әбутәліп о дүниеге аттанып кете жаздапты.

– Сенің адамдарыңның бұл қай жүрісі? – деп кінәлай қырылдады кондуктор. – Арттан соққан желден жаның шығып кете жаздайды. Тонымды шешіп берейін десем, өзім қатып қаламын.

Ерні әрең қимылдап, Әбутәліп сөзге келді:

– Кешіріңіз, жеңіл киіммен шығып кетіппін. Үйге жеттім, енді жылынамын ғой.

– Мен айттым оған, – деп кондуктор Едігеге қарап бұрқ етті.– Үстімде тоным, оның ішінде мақталы күпәйкем бар, аяқта пима, баста бөрік, соның  өзінде келесі кезеңге жетіп, пойызды басқа кондукторға өткізгенше суықтан көзім тас төбеме шығып кете жаздайды. Өстіп те жолға шығуға бола ма екен!

Едіге қысылды:

– Жарайды, Трофим, енді есте болады! Ал, жөнел, жолың болсын! Сөйтіп шыршаны қапсыра құшақтап, көтеріп алды. Үлкендігі кісінің бойындай, сұп-суық екен. Мұрнына бірден қысқы орман иісі лап қойды. Жүрегі түскір бұлқынып кеп қалды – майдан ормандары есіне түсті. Ол ормандарда мұндай шырша дегеніңіз сыңсып тұратын.

Танкілер таптап, снарядтар түбірімен қопарып жататын. Сол шырша иісі бір кездерде жүрегіңді бұлқынтар деп кім ойлаған.

– Жүр, – деді Едіге Әбутәліпке бұрылып, шыршаны салып алып. Көзден аққан жасы суықтан қаны қашып, боп-боз болған бетіне қатып қалған Әбутәліптің ақ қыраулы қастарының астынан салтанатты қуанышқа толы жанары жарқ-жұрқ ете қалды. Едігені кенет үрейлі ой биледі: балалары әкесінің осынша махаббатын бағалай алар ма екен? Өмірде, қарап тұрсаң тауфихсіз балалар толып жүр ғой. Әкенің сүйіспеншілігіне тәнті болудың орнына көбісі енжар келеді, тіпті жек көретіндерін қайтесің. “Құдай мұны ондайдан сақтасын. Басқа көрген қорлығы да жетер”, – деді ішінен Едіге. Шыршаны ең алдымен Дауыл байқады. Қуанғаннан алақайлап, барақ үйге жүгіріп кіріп кетті. Сол сол екен үйден сырт киімсіз Зәрипа мен Ермек атып-атып шықты. – “Шырша, шырша, қараңдар, қандай шырша! – деп Дауыл айқайлап, шыр айнала секірді. Зәрипа да қатты қуанды:

– Әйтеуір, тауыпсың ғой! Ой, тамаша болды-ау! Ермек тіпті шыршаны бірінші рет көріп тұр екен. Едіге көтерген ағаштан көз алмай:

– Мама, мама, шырша осы ма? Ол жақсы, ә? Біздің үйде тұра ма? деп шешесінің жеңінен тарта берді.

– Зәрипа, – деді Едіге.– Орыстар айтқандай, осы бір “ёлки- палкиге” бола, күйеуің мұз болып, қатып қала жаздапты. Дереу үйге кіргізіп жылытпасаң болмайды. Әуелі етігін шешейік.

Етігі аяғына жабысып қалыпты. Бәрі жабылып етікті тарта бастағанда Әбутәліп көзін жұмып, тістеніп, түсі бұзылды. Әсіресе балалары етікті жұлқылай тартады.

Әкесінің аяғына қақайып, тас болып қатып қалған былғары ауыр етікті екеуі кішкене қолдарымен былай жұлқиды, олай жұлқиды.

– Әй, былай тұрыңдар, аяққа оралмай, өзім-ақ шешемін, – деп Зәрипа балаларды ығыстыра берді. Бірақ Едіге сыбырлап қана:

Тиме оларға, Зәрипа. Тартсын, тырмысып көрсін, – деді. Өйткені балалардың осы ынты-шынты ықыласы, жандары ашып, бар күшімен тырысқаны Әбутәліптің оларға деген шексіз махаббатының өлшеусіз қарымы екенін Едіге жүрегімен сезген-ді. Демек, бұл балақайлар да кісі болғаны, бұлар да бірдеңе сезетін болғаны. Әсіресе кенжесінің қимыл, қылығы тіптен қызық-ақ: Ермек әкесін, неге екені белгісіз, папика деуші еді. Ешкім олай деп үйреткен жоқ, адам баласының аузына о баста түскен ең алғашқы сөздерінің бірін Ермектің өзінше “түзеп” айтқанын ешкім жөндеп жатпады.

– Папика! Папика! – деп Ермек барын салып күшенгеннен қызарып кетіпті. Бұйра шашы жалбырап, қалайда етікті шешіп алсам деген шын талаптан көздері алаулап бара жатқандай, үлкен адамша байсалды, санасы тірлігіне қарап, амалсыз күлкің келеді.

Әкесінің етігін тек балалары шешкені өте керек еді. Оның амалын Едіге тапты. Мұз етіктер бірте-бірте жібіген, енді Әбутәліптің жанын қинамай-ақ суырып алуға болушы еді. – Кәне, балақайлар, тез менің артыма отыра қалыңдар. Пойыз сияқты тізіліп, бір-бірімізді тартамыз. Дауыл, сен менің белімнен ұста, ал Ермек, сен Дауылдың белінен ұста.

Әбутәліп Едігенің қулығын түсініп, жылыда жібіген қыраудан көзі жасаурап, күлімсіреп, басын изей берді.

Едіге Әбутәліптің қарсысына барып отырды, балалар оның соңынан тізіліп бола бергенде, Едіге етікті тарта бастады.

– Ал, балақайлар, кәне қаттырақ, бар күшпен тартыңдар! Әйтпесе жалғыз менің әлім жетпейді. Кәне, кәне, Дауыл, Ермек! Қаттырақ!

Балалар барын салып, ыңқ-ыңқ етеді. Зәрипа тілеуқор болып ол тұр, Едіге әдейі әлі жетпеген болып, күшенеді-ай келіп. Ақыры бірінші етік аяқтан шешілген кезде балалар масаттана айқай салды. Зәрипа жүн орамалмен күйеуінің аяғын уқаламақ болып тұра ұмтылып еді, Едіге тоқтатты:

– Ал, балақайлар, ал, мамасы! Бұларың не? Екінші етікті кім шешеді? Әлде әкелеріңнің бір аяғын жалаң аяқ, екінші аяғын мұз боп қатқан етікте қалдырайын дедіңдер ме? Дұрыс емес қой.

Бәрі де қарқылдап күліп қалыпты. Ішектері қатқанша күліп еденге аунап-аунап түседі. Әсіресе, Әбутәліптің өзі мен балалары қойсайшы. Кім біледі, дәл осы сәтте Борандыдан алыста-алыста Әбутәліптің үстінен түскен арыз бұл отбасын да, тіпті Боранды бекетін де өңінде де, түсінде де көрмеген біреулердің қолына тиіп, Құттыбаевтың тағдырын сол арыз бойынша шешіп те қойған болар. Кім біледі, деп ойлады Едіге осы бір сұмдық жұмбақтың сырын ашуға сан рет талпынып.

Жамандық жар астынан шыққан жаудай – бірден сап ете қалды. Мұндай бәлелі-жалалы сұмдықтың сырын бұрын білсе, мұндайдан сәл-пәл көрген-білгені бар болса, Едіге, әрине, жамандықтың сумаңдай бастағанын анық аңғармаса да, сәл-пәл сезер еді-ау. Бірақ сезіктенетіндей не бар еді? Әрдайым жыл аяғы жақындағанда разъезге учаскелік ревизор келетін. График бойынша разъезден-разъезге, станциядан-станцияға жылжып жүретін. Келер еді де, бірер күн болып, жалақы қалай төленді, материалдар қалай жұмсалды, тағы басқа көди-сөдиді тексеріп, ревизияның актісіне разъезд бастығы, өзі, жұмысшылардан біреу қол қояр еді де, өткінші пойызға ілініп кете баратын. Разъезде көп тексеретін не бар дейсің? Ревизияның актісіне Едігенің де қол қойғаны бар. Бұл жолы ревизор Борандыда үш күн қонды. Ол разъездің ең үлкен бөлмесінде түнеп жүрді. Бекеттің бастығы Әбілев зыр жүгіріп, ревизорға үйінен шай тасып жүрді. Ревизор отырған жерге Едіге де барып қалып еді. Темекісін бұрқыратып, қағаз қарап отыр екен. Едіге бұрыннан таныс ревизорлардың бірі ме деп ойлап еді, жоқ бұл басқа. Қызыл бет, тауық тіс, бурыл тартқан, көзілдірік киген біреу екен. Жылымшылау, зымиян күлкісі бар көрінді.

Кеш батқанда оған тағы кездесті. Едіге жұмыстан қайтып келе жатыр еді, қараса – шам жарығының астында, өзі жатқан кезекші үйдің алдында ревизор ары-бері қыдырыстап жүр екен. Сеңсең жағасын көтеріп алыпты, сеңсең папағы басында, көзілдірігі жылтырайды, шылым шегіп, аяғының астындағы құмды қышырлатып, әлдебір ойға кеткен сияқты.

– Қайырлы кеш. Шылым шегуге шықтыңыз ба? Шаршағансыз ғой? – деді Едіге аяғандай болып.

– Иә, әрине,– деп жымиды анау.– Оңай шаруа емес.– Тағы да жымиды.

– Ертең таңертең аттанамын,– деді ревизор.– Он жетінші пойыз сәл тоқтайды ғой. Сонымен тартып отырамын.– Тағы да жымиды. Үні үрлеп шығарғандай күңгірт екен. Көздері сығырайып, бет- жүзіңді тіміскілей қарайды. – Сөйтіп Едіге Жангелдин сіз боласыз ғой? – деп қалды ревизор.

– Иә, менмін.

– Өзім де солай ойлап едім.– Ревизор тауық тістерінің арасынан түтінді бұрқырата шығарып қойды.– Бұрынғы майдангер. Разъезде қырық төртінші жылдан істейсіз. Теміржолшылар Боранды Едіге деп атайды.

– Бәрі дұрыс-ей,– деді ақ көңіл Едіге. Мына адам өзі жөнінде мұншама білгені бір жағынан жағып барады, бір жағынан: бұған мұның бәрін біліп керегі не, деп таңданып та қалды. – Мен естіген-білгенімді ұмытпаймын,– деп жымиды ревизор Едігенің күдігін сезіп қойғандай.– Мен де сіздің Құттыбаев сияқты жазужазып жүретінім бар, – деп Құттыбаевтың үйі жаққа иегін көтеріп, шылымының түтінін сыздықтата шығарды. Әбутәліп әдетінше жарық терезе алдында басы қылтиып жазу жазып отыр екен.

– Үш күннен бері байқаймын: жаза береді, жаза береді. Түсінемін. Өзімнің де жазатыным бар. Тек өлеңмен шұғылданамын. Депоның көп тиражды газетінде ай сайын дерлік басылып тұрады. Облыстық газетке де – сегізінші мартта бір рет, биылғы Бірінші майда бір рет шықты.

Екеуі де үндемей қалды. Едіге енді қоштасып, үйіне бұрыла берейін деп еді, ревизор тағы сөйлеп кетті:

– Білмейсіз бе, ол Югославия туралы жазып жүр ме?

– Шынымды айтсам, біле бермеймін,– деді Едіге.– Солай шығар. Ол сонда партизан болды ғой. Балалары үшін жазып жүрген көрінеді.

– Естігенмін. Әбілевтен сұрап білдім. Тұтқында болған ғой сыңайы. Қайбір жылдары мұғалім болған да көрінеді. Енді ғой өзін қаламның ұшымен танытайын деген екен де,– деп шиқ-шиқ күліп алды.– Бірақ, жазушылық, ол ойлағандай, оңай шаруа емес. Мен де бір ірі дүние жазсам ба деп жүрмін. Майдан, тыл еңбек тақырыбы. Бірақ уақыты түскір жете бермейді. Ұдайы командировка, командировка.

– Ол да түнде ғана жазады, күндіз жұмыстан қолы тимейді,– деп қойды Едіге.

Екеуі тағы үнсіз қалған. Едіге тағы да кетіп үлгермеді.

– Жазып жатыр, жазып жатыр, басын бір көтермейді,– деді ревизор бұрынғысынша ырсия жымиып, жарық терезеден көрінген Әбутәліптің сүлбесінен көз алмай.

– Енді бірдеңе істеуі керек қой,– деп үн қатты Едіге.– Өзі сауатты адам. Айнала жым-жылас. Жазбағанда қайтеді.

– Аһа, бұ да идея. Айнала жым-жылас,– деп міңгірледі ревизор көзін сықситып, әлденені ойлана қалып. – Айнала жым-жылас, ол болса емін-еркін, бұ да идея, айнала жым-жылас, ол болса емін-еркін... Сонымен әңгіме бітті. Келесі күндері Едіге әлгі ревизормен кездейсоқ әңгімені Әбутәліпке айтуды ұмытпайын-ақ деп жүре-жүре, уақыт озып, сол бір паңсыздау оқиға мүлде есінен де шығып кетіпті. Қыс болса келіп қалыпеді. Әсіресе, Қаранардың әуресі қиынболды: құтыра бастады. Әне, мал иесінің машақаты деп соны айт! Буыршыннан бура шыққалы екі жыл болған. Бірақ ол екі жылда әлі жас бура оншама жындана қоймаған, әлі де болса, қорқытып, тәйт деп, жекіріп, аптығын басуға көнуші еді. Әрі десе Боранды келесінің қожасы, Қазанғаптың кәрі бурасы Қаранарға ырық бере де қоймайтын. Аяғымен тарпып, аузымен шайнап, Қаранарды інгендерге жолатпайтын. Әйтсе де дала кең. Бір шетінен қуып шықса, Қаранар бір шетінен келіп қайта тиіседі.

Кәрі бура оны күні бойы қуалайды, ақыры сілесі қатады.

Әне сол кезде буыршыннан бура болған, аламан Қаранар діттеген жеріне омыраулап барып жетер еді.

Бірақ түйе баласы табиғат заңымен күйлей бастайтын қаңтардың қаһары түскен жаңа маусымда, Боранды түйелерінің келесін Қаранар билеп алған екен. Қаранар кәмелетке жетіп, күші тасып, жойқын қайрат иесі болды. Қазанғаптың кәрі бурасын жар астына қалай болса солай қуып тығып, елсіз далада аяғымен таптап, өлімші етіп шайнап тастайтынды шығарды. Екеуін арашалап, айыратын ешкім жоқ. Табиғаттың бұл қатал заңы қалтқысыз – енді ұрпақ қалдырар Қаранар, ендігі кезек соныкі. Осының кесірінен бірақ Қазанғап пен Едіге тұңғыш рет керісіп те қалды. Жар астында шала-жансар болып жатқан кәрі бурасының бейшара халін көріп, Қазанғап шыдай алмай кетті. Өрістен өрттей болып оралып, Едігеге зілдене:

– Мұның қалай, малыңа неге ие болмайсың? – деді. – Олар хайуан болғанмен, біз екеуміз адамбыз ғой! Ана Қаранарың менің бурамды өлімші етіп тастапты. Ал сен болсаң оны өріске емін-еркін жіберіп, жайбарақат отырсың!

– Қазеке, мен оны босатқан жоқпын. Өзі кетіп қалыпты. Оны мен қалай ұстап отырмақпын? Шынжырлап қойсаң – шынжырды да үзіп кетеді. Өзің білесің, бұрынғылар: “Күш атасын танымас” деп бекер айтпаған ғой. Енді Қаранардың да кезегі келген шығар. – Е, соған қуанып жүр екенсің ғой. Бірақ тұра тұр, әлі көресіні көрсетеді ол саған. Сен оны аяп, мұрындық салмайсың, соның азабын тартасың әлі, соңында көзіңнен сораң ағып салпаңдап жүресің. Ондай хайуан бір келедегі інгендерді місе тұтпас. Ол бүкіл Сарыөзектің бураларымен шайқасар. Оған енді ешқандай тосқауыл төтеп бере алмайды. Әне, сонда менің айтқанымды есіңе аларсың…

Едіге Қазанғаптың ашуын ақиландыра бергісі келмеді, сыйлайды ғой, әрі десе оның айтып тұрғанының жөні де бар сияқты. Тек жуасып:

– Қазеке, ботасында оны маған бәсіре берген өзің емес пе едің, енді сөгесің келіп. Жарайды, ол итті бұғалықтайтын бір амалын табармын,– деп міңгірлеген болды.

Бірақ Қаранар сынды сұлу малдың мұрнын тесіп, ағаш тығып, сірге салуға тағы да қолы көтерілмеді. Айтса-айтқандай, ол кейін Қазанғаптың сөзін талай рет есіне алды, Қаранардың әлегінен ашу әбден қысқан кездерде талай рет енді сенің жазаңды беремін, бәлем, деп ант-су да ішті. Бірақ бураға тиіспеді. Бір ауық оны піштіріп те тастамақ болды, алайда тағыда шыдамы жетпей, жеме-жемге келгенде қолы бармады. Жылдар болса өтіп жатты. Жыл сайын қаңтардың аязы сақылдаған шақта қаны қызып құтырынған жарау Қаранарды іздеудің азабы басталады... Бәрі де сол бір қыстан қоздаған. Есте қалған. Қаранардың әуресімен, оны қатырып қамап қоятын қораны мықтап жүргенде, Жаңа жыл да келіп қалды. Құттыбаевтар болса шырша дегенді ойлап шығарды. Бұл бүкіл Боранды балалары үшін үлкен оқиға болды. Үкібала қыздарымен бірге Құттыбаевтардың барақ үйіне мүлде көшіп алған сияқты. Күні бойы қамданып, шыршаны әшекейлесті. Жұмысқа барарда да, қайтарда да Едіге қалайда Құттыбаевтардың үйіне бас сұғып, шыршаны көре кетпесе көңілі көншімейтіндей болды. Шырша күннен-күнге шырайланып, жасана түсті, түрлі-түсті ленталар тағылып, қол қуыршақтар ілінді. Әсіресе Зәрипа мен Үкібала балаларға бола бар өнерін салып-ақ бақты. Мәселе тек шыршада ғана емес, әркімнің алдан асыға күтер жақсылығы, арман- тілегі, үміті бар, орындалар-орындалмас, әйтеуір, үмітсіз шайтан ғой. Жаңа жылдан олар да үміткер.

Әбутәліп мұнымен де тынбады. Балаларды далаға ертіп шығып, қарды домбаздап, домалатып, ақ қала тұрғыза бастады. Едіге әуелі оларды жай ерігіп жүр ғой деп ойлаған. Кейін бұл іске сүйсініп қалды. Кісі бойындай ақ  қардан соғылған қарақшы мүсін күлкілі-ақ, көмірмен сызып салған көздері мен қастары қап-қара, қызыл мұрын, ақсиып күлгені қандай. Басына Қазанғаптың ескі түлкі тымағын кигізіп қойыпты. Сол қалпында разъездің алдында пойыздарды қарсы алып, қасқайып тұр. Бір “қолында” жасыл жалаушасы бар: “Жол ашық” дегені, екінші “қолында”: “1953 Жаңа жыл құтты болсын!” деген тілегі және бар. Тым тамаша болды! Осы ақ қала 1 қаңтардан кейін де көпке дейін құламай тұрды...

Өтіп бара жатқан ескі жылдың соңғы, 31 желтоқсанда Борандының балалары күні бойы, кешке дейін шыршаның төңірегінде болып, аулаға шығып та ойнайды. Кезекшіліктен қолы бос ересектер де жиналады, сонда Әбутәліп Едігеге балаларының қылығын айтып берді. Таң сәріден төсегіме жорғалап келіп, пысылдап мені оятқысы келеді, мен қатты ұйықтап жатқан боламын.

– Тұр, папика, тұр! – деп Ермек сілкілейді. – Тез тұр, Аяз-Ата келіп қалады. Жүр, қарсы алайық, – дейді.

– Жарайды, – деймін, – қазір тұрамыз, жуынамыз, киінеміз. Содан соң барамыз. Аяз Ата келемін деп уәде берген.

– Қай пойызбен келеді? – дейді Дауыл.

– Кез келгенімен. Аяз Ата қаласа, тіпті біздің разъездің өзінде кез келген пойыз тоқтайды.

– Онда тезірек тұрайық та!

Сөйтіп, сәнденіп, ынты-шынтымызбен дайындалып, далаға шықпақ боламыз.

– Мамам ше? – дейді Дауыл. – Аяз Атаны ол да көргісі келеді ғой?

– Әрине, – деймін мен, – әрине, көргісі келеді. Шақырыңдар оны да. Бәріміз жиналып үйден шықтық. Балалар кеңсеге алдымен жүгіріп кетті. Біз соңдарынан келеміз. Балалар кеңсені айнала жүгіріп жүр. Аяз Ата жоқ.

– Папика, Аяз Ата қайда? – Ермектің көзі жыпылық-жыпылық етеді.

– Қазір, – деймін, – асықпаңдар. Кезекшіден сұрап білейін.

Кеңсеге кірдім. Кеше Аяз Атаның атынан хат жазып, балаларға деген сыйлықты тығып кеткенмін. Соны алып шықтым. Балаларым бас салып:

– Папика, не болды?– дейді.

– Әттесі-ай, – деймін. – Аяз Ата сендерге хат жазып кетіпті, міне: “Қымбатты балақайлар, Дауыл мен Ермек! Мен сендердің атақты бекеттерің Борандыға таң азан сағат бесте келіп түстім. Сендер әлі ұйықтап жатыр екенсіңдер, күн өте суық еді. Мен өзім де сұп- суықпын, сақалым мұз боп қатып қалыпты. Пойыз тек екі-ақ минут тоқтайды екен. Содан тек хат жазып, мына сыйлықты қалдырып үлгердім. Қашпықта бүкіл Боранды балаларына бір-бір алмадан, екі жаңғақтан сыйлық бар. Ренжімеңдер, балақайлар. Алда әлі менің баратын жерім көп. Басқа балаларға да жетіп үлгерейін. Олар да мені күтіп жүр ғой. Ал, алдағы жылы сендермен кездесетіндей болып келейін. Әзірше, сау тұрыңдар. Сендерді сүюші Аяз Ата”. Тоқта- тоқта, мына бір жазуы және бар екен, асығып, шала-пұла жазыпты, сірә, пойызға асыққан болар. Е, енді түсіндім: “Дауыл, сен күшігіңді ұрма. Сен бір рет оны калошпен жіберіп ұрғанда, оның қатты қыңсылап жылағанын мен де есіттім. Бірақ қайтып ондай үні шыққан жоқ. Сірә, сен оны қайтып ұрмаған боларсың. Сөз тәмам. Тағы да – Аяз Ата”, Тоқта, тоқта, мұнда тағы бір шатпағы бар. Ә, түсіндім: “Сендер соққан Ақ қала тамаша екен. Жарайсыңдар, балақайлар. Онымен мен қол алысып, амандастым”.

Балалар шыннан қуанды. Аяз Атаның хатына қалтқысыз бірден сенді. Сондықтан өкпе атаулы болған жоқ. Тек үйге сыйлық қапшықты кім көтеріп барады деп таласып қалды. Шешесі амалын тапты:

– Алдымен он қадым жер Дауыл алып жүрсін, одан кейін он қадым сен көтерерсің, Ермек. Сен кішісің... – деді Зәрипа. Едіге мұны естіп әбден күлді: “Қалай ойлап тапқансың. Олардың орнында болсам, мен де сенер едім”.

Оның есесіне, күндіз балалардың сүйіктісі Едіге болды. Ол балаларды шанаға мінгізді. Қазанғаптың бір ескі шанасы жатушы еді. Сол Қазанғаптың бір жуас түйесіне қамыт кигізіп, әлгі шанаға жекті. Мұндай іске Қаранарды қосуға, әрине, болмайды. Сонымен жуас түйені жегіп болып, балаларды шанаға мінгізіп жүріп кетсін. Айқай, қызық деген сол екен. Шана айдаушы Едіге болды. Балалар үймелеп, бәрі соның қасына отырғысы келеді. Бәрі де: “Тезірек, жылдамырақ!” деп айқайлайды. Әбутәліп пен Зәрипа шанамен қатарласып, біресе баяу, біресе желе жортып келеді. Тек еңісте ғана шананың ернеуіне жабысып отырады. Разъезден екі шақырымдай ұзап шығып, дөңеске өрмелеп, содан ылдиға қарай ызғытты. Жегулі түйе алқынып қалды. Біраз демдерін алды.

Ақ жарылқап әдемі күн еді. Ақ көрпе жамылған Сарыөзектің даласы көз көріп, құлақ естір жерге дейін, әлемге жаңа жаратылғандай аппақ болып, кербез көсіліп жатыр. Дөп-дөңес, бел-белес, ой-қырдың бәрі құпия жасырынып қар астында қалған: Сарыөзектің аспаны мөлдір көк, тамылжыған жайма-шуақ түс мезгілі. Болар-болмас леп бетті аймалап, құлаққа еркелегендей сәл-сәл ызыңдайды. Ал алдында теміржолмен екі паровоз қос мұржадан түтіндерін будақтатып, қосарлана жегіліп, ұзыннан-ұзақ қызыл-жоса вагондарды сүйреп барады. Паровоздардың түтіні будақ-будақ шеңбірек атып, аспанға ілініп қалып, әуеге баяу сіңіп кетіп жатты. Семафорға жақындағанда алдыңғы паровоз аңырата ұзақ айқайлап, хабар берді. Айқайын екі рет қайталады. Тоқтамай өтетін жүрдек пойыз екен, жүрісін баяулатпай, семафордың, осынша кеңістіктен жер жетпегендей теміржолға ебедейсіз жармаса қалған бес-алты үйшіктің тұсынан өкіріп-бақырып өте шықты. Содан кейін қайтадан жым-жырт өлі тыныштық орнай қалды. Қыбыр еткен бір жан жоқ. Тек Боранды үйлерінің мұржаларынан көгілдір түтін шүйке жүндей шұбатылады. Шанадағылар тым-тырыс үнсіз қалыпты. Тіпті асыр салып алқынған балалардың өзі үндемейді. Зәрипа тек күйеуіне ғана күбірлеп: – Қандай тамаша, қандай қорқынышты, – деді.

– Дұрыс айтасың, – деп қостады Әбутәліп даусы бәсең тартып.

Едіге оларға басын бұрмай, көз қиығын салды. Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне ұқсас екен. Зәрипаның әлгі анық естілген сыбыры Едігеге тікелей арналмаса да, оның жүрегіне тікендей қадалды. Түтіні будақтаған кішкене үйлерге Зәрипаның нендей бір аяныш әм үреймен қарап тұрғанын кенеттен түсінді. Едіге оның уайым-наласын сейілте алмас, өйткені темір жолға жабыса жармасып тұрған үйлер – бұлардың бәрінің де жападан-жалғыз мекені-тін.

Едіге жегулі түйеге “шу!” деді де қамшы басты. Шана қайтадан разъезге қарай зырлады...

1953 жылы 5 қаңтар күні күндізгі сағат онда, алдында жол ашық болса да, Боранды бекетке жолаушы пойыз әдеттен тыс тоқтай қалды. Бар болғаны бір жарым минут аялдады. Сірә, осы уақыттың өзі де жеткілікті болған болуы керек, көп вагондардың бірінен бәрі бірдей қап-қара бір фасонды хром етік киген үш адам түсті де бірден кеңсеге қарай беттеді. Үндеместен, еркін адымдап, жан-жағына қарамай келеді. Тек “қолына” Жаңа жылдық құттықтау ұстаған аққаланың қасына сәл аялдасты. Үн-түнсіз жазуға, аққаланың басындағы Қазанғаптың ебедейсіз ескі түлкі тымағына бір-бір қарасты. Сонымен кеңсеге барып кірді.

Сәлден соң есіктен разъезд бастығы Әбілев атып шықты. Ышқына шыққаны сонша, алдындағы аққаламен соғысып қала жаздады. “Атаңа нәлет!” – деген сөз аузынан шығып кетіп, бұрын байқалмаған қылық көрсетіп тіпті тұра кеп жүгірді. Арада он минут өткенде жұмыс істеп жатқан жерінен Әбутәліп Құттыбаевты ертіп, ентігін баса алмай аптығып, қайта келді. Әбутәліп, өңі құп-қу болып, тымағын қолына ұстап алыпты. Әбілевпен бірге кеңсеге кірген. Лезде, соңында хром етікті екі адамы бар Әбутәліп қайта шығып үйіне қарай жүрді. Барақ-үйден жылдам қайтты. Әлгі хром етіктілер қолдарында әлдеқандай бума қағаздары бар Әбутәліптен бір адым ажырамай, кеңсеге қайта оралды. Содан соң тып-тыныш бола қалды. Кеңсеге ешкім кірген де жоқ, шыққан да жоқ.

Едіге бұл сұмдықты Үкібаладан есітті. Әбілевтің тапсырмасымен Үкібала төртінші километрде жөндеу жұмысын істеп жатқандарға жүгіріп жеткен. Едігені оңаша шақырып алып:

– Әбутәліптен сұрақ алып жатыр, – деген.

– Кім сұрақ алып жатқан?

– Білмеймін. Келген біреулер. Әбілев айтты: егер сенен қинап сұрамаса, Жаңа жылда Әбутәліп, Зәрипамен бірге болғанымызды айтпай-ақ қойсын деді.

– Е, онда тұрған не бар екен?

– Білмеймін. Әбілев солай деді. Сағат екіден кеңседе болсын деді.

Сенен де Әбутәліп туралы бірдеңе сұрап білмекші көрінеді.

– Нені сұрап біледі?

– Мен қайдан білейін. Әбілев үрейі ұшып кетіпті. Келді де осылай да, осылай, Едігеге осыны айт деді. Мен, міне, саған ұшып жеттім.

Сағат екіде Едіге онсыз да тамақ ішуге үйіне қайтатын. Жол бойы да, үйінде де “бұл не?” деген сұңғыла сұрақ ойынан шықпай қойды. Жауап жоқ. Мүмкін, Әбутәліптің тұтқында болған жайы шығар? Онысын баяғыда тексеріп, ақтап еді ғой. Кеспе көжеден екі ұрттады да, табақты ысыра салды. Сағатына қарады. Бес минутсыз екі екен. Сағат екіде кел деген екен, екісі-ақ болсын. Үйден шықса, кеңсенің жанында Әбілев ары-бері теңселіп жүр екен. Ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп, жүдеп қалыпты.

– Не болды?

– Ойбой, Едеке, сұмдық, сұмдық, сұрама, – деді Әбілев кеңсенің есігіне қипақтай қарап қойып. Ерні болар-болмас дір-дір етеді. – Құттыбаевты отырғызып қойды.

– Не үшін?

– Үйінен бір рұқсатсыз қағаздар табылыпты. Түні бойы жазу жазып отырмаушы ма еді. Оны жұрттың бәрі біледі ғой. Ақыры өзінің түбіне өзі жетті.

– Оу, ол өзінің балалары үшін жазып жүреді ғой. – Білмеймін, білмеймін, кім үшін жазып жүргенін. Мен ештеңе де білмеймін. Бар, сені күтіп отыр.

Разъезд бастығының кабинетінде Едігені өзі құралпы, бәлкім, жасырақ па екен, отыздар шамасындағы, дембелше денелі, басы қабақтай, шашы тікірейген біреу күтіп отыр екен. Кең танаулы домбаз мұрны кернеген ойдан тершіп кетіпті. Әлденені оқып отыр. Сірескен жазық маңдайын жиырып, мұрнын орамалмен сүртіп қойды. Содан бүкіл әңгіме бойында ол үнемі тершіген мұрнын орамалмен сүртті де отырды. Алдында жатқан “Қазбек” қорабынан ұзын бір папирос алып, саусағымен уқалап, тұтатты да, есіктің көзінде тұрған Едігеге сарғыш тартқан ителгі көзін қадап қалып, қысқа ғана:

– Отыр, – деді.

Едіге үстел алдындағы жайдақ орындыққа отырды.

– Кәне, ешқандай күмән болмас үшін, – деп ителгі кителінің төс қалтасынан қоңыр мұқабалы мандатын ашып кеп қалды да, әлде “Таңсықбаев”, әлде “Тысықбаев” деп мыңқ етіп, құжатын лезде тартып алды. Едігенің фамилиясын сөйтіп жөнді естіген де жоқ.

– Түсінікті ғой?– деді ителгі көз.

– Түсінікті, – деуге мәжбүр болды Едіге.

– Олай болса іске кірісейік. Сені Құттыбаевтың ең жақын досы, жолдасы деседі ғой?

– Болса болар, онда не бар?

– Болса болар, – деп қайталады ителгі көз, “Қазбектіі” сораптай түсіп, естіген сөзін түсінгісі келгендей. – Болса болар. Жарайды дейік. Түсінікті. – Осыны айтып, кенет мырс етіп, бір рақатқа бататындай, шыныдай таза көздері күлімдеп жүре берді: – Ал, қымбатты дос, қалай жазып жүрміз бе?

– Нені жазып жүрміз? – деп састы Едіге.

– Мен сенен сұрап отырмын.

– Не сұрап отырғаныңызды түсінбедім.

– Қалайша? Кәне, ойланып көрші!

– Не деп отырғаныңызды түсінсем бұйырмасын.

– Құттыбаев не жазып жүр? – Білмеймін.

– Қалайша білмейсің. Бәрі біледі, сен білмейсің?

– Бірдеңе жазып жүргенін білемін. Ал, не жазып жүргенін қайдан білейін. Менің онда шаруам қанша? Жазғысы келеді екен – жаза берсін. Кімнің қандай шаруасы бар?

– Кімнің қандай шаруасы барың қалай? – деп ителгі көз таңдана сілкініп қалып, Едігеге мылтықтың ұңғысындай сұп-суық көздерін қадай қалды.– Демек, кім ойына не келсе соны жаза берсін ғой? Сені солай деп иландырған Құттыбаев қой?

– Ол мені ештеңеге де иландырған жоқ.

Мына бір ғайбат сөздерден Едіге есі кетіп, еңсесі түсіп отырып қалды. Қараса, айналаның бәрі бәз баяғыдай, соған таңданды. Тіпті ештеңе болмаған тәрізді. Терезеге көз тастап еді, Ташкент пойызы қылт етіп өте шықты.

Ол пойыздағыларды бір сәтке көз алдына келтірді: әркім өз шаруасымен, өз ісімен жол жүріп барады, бірі шай, бірі арақ ішіп отыр. Боранды бекетте қайдан сап ете қалғаны белгісіз бір ителгікөздің алдында пенде болып отырған Едігемен ол жолаушылардың ешқайсысының шаруасы жоқ; сонда Едіге кеңседен атып шығып, әлгі пойызды қуып жетіп, көз көрмес, құлақ естімес жаққа безіп кеткісі келді. Тек мына ителгікөзден құтылса болғаны.

– Ал, қалай? Сұрақтың мәнін түсіндің бе? – деп қадалды ителгікөз.

– Түсіндім, түсіндім, – деді Едіге. – Тек мынаны білгім келеді. Ол өзінің балалары үшін естелік жазбақшы болды ғой. Майданда, тұтқында, партизандықта қалай болғанын, не біліп, не көргенін айтпақшы еді де. Онда тұрған қандай сөлекеттік бар?

– Балалары үшін дейсің бе! – шаңқ етті анау. – Оу, оныңа кім сенеді! Оу, кешір, боғымен жасты балалар үшін кім жазып, бас қатырады! Өйтіп маған ертек айтпа! Әне,  тәжірибелі жаудың айласы! Меңіреу далаға келіп тығылған, айнала жым-жылас, бақылайтын ешкім жоқ, енді ғой естелігін жазы-ы-ып жатыр! – Е, жазғысы келсе, несі бар, – деп қарсыласты Едіге.– Өзінің көңілінде жүрген бір ойларын, өзінше бір айтқысы келген өз сөзін балаларым өскенде оқысын деген шығар.

– Неғылғанөз сөзі тағы да! Бұл не масқара? – деп ителгікөз кінәлай бас шайқап, күрсініп қойды. – Өзінің көңілінде жүрген ойлары несі? Өз сөзі деген не пәле? Өзінің жеке пікір-ойы ма? Солай ғой? Ерекше, өз пікірі ме, солай ғой? Ешқандай да өз сөзі жоқ! Қағазға түскен сөз тек өз сөзі болмайды. Орыстар айтқандай, қалам-мен жазылғанды балтамен шапқылап құрта алмайсың. Әркім өзінше пікір-ой айта берсе, не болмақ. Тапқан екен майшелпекті! Міне, оның “Партизан дәптері” дегені, міне тақырыпшасына қара: “Югославияның күндері мен түндері”, міне, көрдің бе! – Ителгікөз қалың-қалың үш торкөз дәптерді үстелдің үстіне лақтырып тастады.– Оңбағандық! Ал сен болсаң, сол досыңды қорғағың келеді. Ал біз әшкереледік!

– Несін әшкереледіңіздер?

Ителгікөз орындықта қопаң ете қалып, жымысқы жымиып, шыныдай мөлдір көздері кірпік қақпай шақырайып, осы әрекеттен рақат табатындай, табалай сөйлеп:

– Несін әшкерелегенімізді өзіміз білеміз, сенің ісің болмасын,– деді әрбір сөзін салмақтап Едігеге еткен әсеріне өзі елітіп. – Бұл біздің ісіміз. Әркімге баяндап жатпаймын.

– Е, онда жөн басқа, – деді Едіге абыржыңқырап.

– Қастандық әрекеттері үшін жазасын алады ол, – деп ителгікөз бірдеңелерді қағазға жылдам-жылдам жаза бастады. – Мен сені ақылды кісі ғой, өзіміздің адам ғой десем... Озат жұмысшы, бұрынғы майдангерсің. Жауды әшкерелеуге көмектесесің.

Едіге едірейе қалды да, жай да болса, дүдәмәлсіз, зілмен сөйлеп:

– Мен ешқандай қағазға қол қоймаймын. Мұны осы бастан айтып қояйын.

Ителгікөз шатынай жалт қарап:

– Бізге сенің қолыңның бес тиынға да керегі жоқ. Сен қол қоймасаң біздің ісіміз мүрдем кетеді деп ойлайсың ғой? Қателесесің. Сенің қолыңсыз-ақ оны қатал жауап қатар тарлық материалдар бізде жеткілікті. Едіге қор болғанын сезініп, салы суға кеткендей жүнжіп, үн-түнсіз қалды. Сөйте тұра, мына сұмдықпен келісе алмастай ашу-ыза Арал толқындарындай арындап, тұла бойын кернеп барады. Кенет мына ителгікөзді құтырған иттей қылып, буындыра салғысы келіп кетті. Оған әлі келетініне де көзі жетеді. Соғыста Едіге буындырып өлтірген фашистің мойны бұқаның мойнындай жуан болатын. Едігенің басқа амалы жоқ еді, қолмен буындырып өлтірді. Жауды біздікі бекіністен қуып шығып жатқанда, траншейдің ішінде екеуі күтпеген жерден бетпе-бет кездесіп қалды. Екеуі осылай текетірес келгенде біздікі бір үйірден гранат жаудырып, автоматтан оқ боратып, окоптарды тазартып болып, енді жауды жаппай қуалап, алға ұмтылған. Мынау, сірә, соңғы патронға дейін атысқан пулеметчик болуы керек. Қолға тірідей түсірген оңды еді. Едіге лезде солай ойлаған да. Бірақ анау қанжарын жалаң еткізіп, енді сала бергенде, Едіге каскалы баспен тұмсығынан бір перді де екеуі де ұмар-жұмар құлады. Сөйтіп, алқымнан алудан басқа амал қалмады. Анау қыр-қыр етіп, бұлқынып, қолдарымен қанжарды шарлап іздеп жанталасты. Арқама пышақ сұғып алады-ау деген ой бір сәтке де маза бермей, Едіге ышқына түсіп, кенет керемет күшпен, жүзі қарайып, аузы-басы ақсиып кеткен жаудың сіңірлі мойнын аямай сыға түсті. Анау тұншығып, жаны шыққанда, бұт жағынан зәрдің иісі мүңк ете қалды, Едіге сонда барып қасарысып қалған саусақтарын әрең жазды. Жүрегі айнып, құсып жіберді де, ыңыранып, көзі бұлдырап, әрі қарай еңбектей жөнелді. Сонда, содан кейін де Едіге бұл айқасты ешкімге айтқан жоқ. Осы бір сұмдық кейде түсіне кірген түннің ертесіне ол шыр айналып, тыным таппай, өмірден жиіркенетін... Қазір сол сойқанды Едіге үрейлене есіне алды. Бірақ ителгікөз айламен, ақылмен жеңетінін сезгенде, Едігенің жаны шыдамай кетті. Анау әлі жазып отырғанда, Едіге ителгікөздің айыптарының осал жерін табуға тырысты. Мен бір нәрсені білгім келеді,– деп қалды Едіге қысылғаннан тамағы құрғап бара жатқанын байқап, сонда да мейлінше салмақты сөйлеп. – Сен ғой... – Едіге “сен” дегенді әдейі айтты. Білсін Едігенің елпектемейтінін, қорқа қоятын ол емес. Сарыөзектен әрі айдайтын жер бәрібір жоқ. – Сен ғой,– деп қайталады, – қастандық естеліктер дейсің. Мұны қалай түсінуге болады? Меніңше, адам әлдеқашан өтіп кеткен оқиғаны еске алады. Әлде, сенше, тек жақсыны ғана еске алып, жаманды ұмыту керек пе? Еш уақытта бұлай болмайды ғой. Егер түс көрсең, еске алу керек пе, керек емес пе? Ал, егер жаман түс болса ше? Әлдекімге ұнамайтын түс болса ше? Онда қалай?..

– О, қарай гөр өзін! Хың, сайтан алғыр! – деп таңғалды ителгікөз.

– Сен өзің кәдімгідей толғанып, айтысқың келеді ғой ей. Жергілікті философ емеспісің. Жарайды, айтыса ғой. – Сәл үндемей, ойланып алды да, “данышпандық” сөзін айтты: – Тарихи оқиғалар ұғымында адам өмірінде әрқилы жайлар болуы мүмкін. Оу, не болып, не қоймайды! Өткенді  еске алсаң, әсіресе жазсаң, қазіргі талап тұрғысынан, қазір бізге керек талап тұрғысынан жаз. Бізге пайдасы жоқ нәрсені жазуға, еске алуға болмайды. Егер бұл қағиданы ұстанбайды екенсің, бізге қарсы, дұшпандық әрекетке көшесің.

– Мұныңа мен келіспеймін,– деді Едіге.– Олайша болуы мүмкін емес.

– Сенің келісімің ешкімге де керек емес. Әшейін сөз реті келген соң айттым. Сен сұрадың – мен жақсылықпен түсіндірдім. Жалпы, сенімен бұлайша тәжікелесіп отыруға міндетті емеспін. Жарайды, онан да сөзден іске көшейік. Кәне, айтшы, Құттыбаев сенімен бір сыр шертісіп, айталық, арақ ішіп отырғанда, қандай бір ағылшын фамилияларын атаған жоқ па?

– Е, ондайды атап керегі не? Керегі мынада.– Ителгікөз “Партизан дәптерлерінің” бірін ашып, қызыл қаламмен сызылған жерін оқи бастады. “27 қыркүйекте біздің партизандар орналасқан жерге ағылшын өкілдері – бір полковник, екі майор келді. Олардың алдынан біз сапқа тұрып, маршпен өттік. Олар бізге сәлемдесті. Содан соң  командирлер палаткасында түстік ас берілді. Түстікке Югославтар арасында жүрген бірнеше шетелдік партизандар да шақырылды. Ішінде мен де бармын. Мені полковникпен таныстырғанда, ол менің қолымды ілтипатпен алып, тілмаш арқылы, менің мұнда қалай келгенімді сұрады. Мен қысқаша айтып бердім. Маған шарап құйып берді, олармен бірге мен де іштім. Соңынан көпке дейін әңгімелесіп отырдық. Ағылшындар жайдары, қарапайым жандар екен, маған ұнады. Полковник фашизмге қарсы бүкіл Еуропа болып біріккеніміз қандай бақыт, яғни қандай көрегендік болды деді. Бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмектеспесек Гитлермен күрес бұдан да қиындап, тіпті басы бірікпеген халықтар үшін қайғылы жеңіліспен аяқталар еді”. Тағысын тағылар. Тексті оқып болып, ителгікөз дәптерді ысырып қойды. Тағы бір “Казбекті” тұтатып, түтінін будақтатып болып: – Көрдің бе, – деді. – Құттыбаев ағылшын полковнигіне қанша жанталассаң да, партизан бол, басқа бол, қанша жұлқынсаң да Сталиннің кемеңгерлігі болмаса, жеңіс мүмкін емес деп неге айтпаған? Демек, жолдас Сталин оның ойында да болмаған! Сен түсінесің бе, мұның сырын?

– Мүмкін, ол айтқан да шығар, – деп Едіге Әбутәліпті қорғап бақты, – тек жазуды ұмытып кеткен шығар.

– Кәне, оның айтқаны? Дәлелдей алмайсың! Ол аз десең біз Құттыбаев Югослав партизандарынан қырық бесінші жылы елге қайтып, тексеру комиссиясынан өткен кезде айтқан сөздерімен мына дәптерлерін де салыстырып шықтық. Ондағы жауабында ағылшын өкілдері туралы ештеңе айтылмаған. Демек, мұның бір былығы бар. Оның ағылшын шпиондарымен байланысты емес екеніне кім кепіл бола алады?

Едіге тағы да қиналып, жаны ауырды. Мына ителгікөздің қайда, қайда бұрып әкетіп бара жатқанын түсіне алмай дал болды.

– Құттыбаев бұл туралы саған ештеңе айтқан жоқ па? Ойланшы, ағылшын аттарын атаған жоқ па? Бізге сол өкілдердің кім екенін білу керек болып тұр.

– Ағылшындардың есімдері қандай болушы еді?

– Мысалы, Джон, Кларк, Смит, Джек...

– Туғалы бері ондай аттарды естіген емеспін.

Ителгікөз түнере түсіп, ойланып қалды. Едігемен бұл кездесудің сәті түсіңкіремей тұрған тәрізді. Сонан соң зымияндана: – Ол мұнда балалар үшін мектеп ашқан дей ме? Балаларды оқытып жүр ме?

– Қайдағы мектеп! – деп Едіге амалсыз күліп жіберді. – Оның екі баласы бар. Менің де кішкентай екі қызым бар. Үлкендері бесте, кішілері үште. Балаларымыздың баратын жері жоқ, айнала қу дала. Ерлі-зайыпты екеуі балаларды өйтіп-бүйтіп тәрбиелейді. Қанша дегенмен, бұрынғы мұғалімдер ғой. Кітап оқып береді, сурет салады, жазуды, есепті үйретеді. Әне, мектеп дегенің сол.

– Қандай өлеңдер айтты?

– Әй, әр түрлі балалардың өлеңі ғой. Менің есімде де қалмапты.

– Ал, олар балаларға сонда не үйретті? Не жазады?

– Әріптерді жазды. Кәдімгі қарапайым сөздер.

– Мысалы, қандай сөздер?

– Қандай болушы еді? Есімде қалмапты.

– Міне, мына сөздер! – Ителгікөз көп қағаздың ішінен балалардың шатпағы жазылған дәптердің бір парағын тауып алыпты. – Міне, алғашқы сөздері. – Параққа бала қолымен... “Біздің үй” деп жазылған екен. – Міне, баланың жазған алғашқы сөздерін көрдің бе: – “Біздің үй”. Ау, әркімнің аузында ә дегенде қандай сөз болуы керек, ойланшы өзің, а? “Біздің жеңіс” деген сөз болуға тиіс. Солай емес пе? Ал, Құттыбаевтың аузына, әлдеқалай ондай сөз түспейді? Жеңіс пен Сталин біртұтас.

Едіге күмілжіп қалды. Мына жағдай оны күйзелтіп тастады, ақылы кірмеген балақайларға қаншама уақыттарын бөліп, солармен әуре болған Әбутәліп пен Зәрипаны аяп, жыны қозып кетті де, батылдана:

– Олай болса, ең алдымен “біздің Ленин” деп жазу керек қой.

Қанша дегенмен Ленин бірінші орында тұр ғой, – деді.

Ителгікөз қапелімде тынысы бітіп бара жатқандай болды да, соңынан түтінді қолқасынан созалаңдата шығарды. Тіпті орнынан да тұрып кетті. Ары-бері жүргісі келіп еді, тар бөлмеде арт айналар жер жоқ-ты. Біз Сталин десек, ойымызда Ленин тұрады! – деп деміге шаңқ етті. Сонан соң қатты жүгірістен кейін жаны дамыл тапқандай бір дем алып, жай ғана жуасып: – Жарайды, біздің арамызда мұндай әңгіме болған жоқ деп есептейік, – деді.

Орнына қайта барып отырып еді, беті тағы да сіресе қалып, сарғыш шақар ителгі көздері безірейе қалды.

– Балаларды интернатта оқытуға Құттыбаевтың қарсы болып сөз сөйлегені туралы бізде дерек бар. Бұған не айтасың? Сенің көзіңше болған әңгіме көрінеді ғой?

– Ондай дерек қайдан шығып жүр? Кім жеткізіп жүр ондай деректі? – деп Едіге қайран қалды да, ә мұны айтып жеткізген разъезд бастығы Әбілев екен ғой деген ой сап ете қалды, өйткені сол бір әңгіменің ішінде ол да бар еді.

Едігенің бұл сұрағы ителгікөздің қойқаптағы қоясын қоздырып жіберді:

– Әй, мен саған айттым ғой: қандай дерек, қайдағы дерек – ол біздің ісіміз. Және де біз ешкімнің алдында есеп бермейміз. Есіңде болсын. Кәне, айт,  не деді Құттыбаев?

– Не деп еді? Еске де түспей тұр. Ол былай, иә. Разъездегі біздің ең қарт жұмысшымыз Қазанғаптың баласы Құмбелдегі интернатта оқиды. Енді бала болған соң аздап бұзықтау, кейде өтірік айтатыны да болады. Сонымен бірінші қыркүйекке қарай Сәбитжанды тағы да интернатқа жіберу керек болды. Әкесі түйемен апарып салды. Ал, шешесі, яғни Қазанғаптың әйелі Бекей ал кеп жылап-сықтасын, балам интернатқа барғалы бері бір түрлі бөтен болып барады деп зарын айтты. Үй-ішіне, әке-шешесіне бұрынғыдай бауырмалдығы жоқ, тасбауырлау тартып барады, дейді. Әлбетте, оқымаған қараңғы әйел ғой. Қалайда ұлын оқыту керек, бірақ үнемі аулақта...

– Жарайды,– деп ителгікөз сөзді бөлді. – Ал, Құттыбаев сонда не айтты?

– Е, ол да әңгіменің ішінде болатын. Бар айтқаны: шеше байғұс бір сұмдықты жүрегімен сезеді-ау, деді. Балалар интернатта қайбір жетіскенінен оқиды; интернат деген баланы ата-анасынан айырып, айырып емес-ау, алыстатып жібереді. Жалпы бұл өзі өте қиын мәселе, деді. Жалпыға бірдей, оның ішінде өзіне де қиын мәселе. Құттыбаевты мен түсінемін. Біздің де балаларымыз өсіп келе жатыр. Қазірдің өзінде апырай қалай болар екен, қалай оқытар екенбіз, түбі не болады,– деп уайым жейміз. Хал мүшкіл, әрине...

– Оны кейін айтасың,– деп тоқтатты ителгікөз: – Демек, ол совет интернаты жаман деді ғой?

– Ол “совет интернаты” дегенді айтқан жоқ. Ол тек интернат деді.

Құмбелде біздің интернат. “Жаман” деп тұрған мына мен.

– Оны қой, неғыласың. Құмбел Совет Одағында.

– Неғыласыңың не? – Ителгікөз өзін торға қалай түсірмек болғанын сезген Едіге шыдамай кетті. – Адам айтпаған сөзді айт-ты деп жала жауып не керек? Мен де Құттыбаевша ойлаймын.

Мына қу медиен разъезде емес, басқа жерде тұрсам – балаларымды өлсем де интернатқа бермес едім. Ал, не қыл дейсің, менің ойым сол. Бұл қалай өзі?..

– Ойлап, ойлан!– деді ителгікөз әңгімені тұқыртып. Сәл үндемей, қайта бастады: – Та-ак, демек тұжырымдап көрейік. Демек, Құттыбаев коллективтік тәрбиеге қарсы ғой, солай ма?

– Ешқандай да қарсы емес!– деп Едіге тарс кетті. – Жазықсызға жала жауып не керек! Қалайша жала жапсырасың?

– Қой, қой, тоқтат! – деп қолын сермеді ителгікөз істің жайын түсіндіріп жатуды керек санамай. – Ал, енді сен маған мынаны айтшы: “Дөненбай құс” деген аты бар дәптердің мәні не? Құттыбаев оны Қазанғаптың, біразын сенің айтқаныңнан жазып алдым дейді. Рас па сол?

– Рас, – деп Едіге еңсесін көтерді. – Ол өзі осы Сарыөзекте өткен баяғы бір тарих қой. Осы маңда наймандардың ескі зираты бар. Кәзір жалпы жұрт Ана-Бейіт деп атайды. Мәңгүрт ұлының қолынан қаза тапқан Найман-Ана... Жо, жетер, ол құстың ар жағында не жасырынып жатқанын оқып көрерміз әлі,– деп ителгікөз дәптерді әрі-бері парақтап, тағы да ойын сабақтай түсті. – Дөненбай құс, һм, қарай гөр ойлап тапқан атын. Жазушы болғаныңа болайын. Тағы бір Мұхтар Әуезов пайда болған. Білеміз оны да, феодалдық ескіліктің жыршысы. Дөненбай құс, һм. Біз түсінбейді деп ойлайды ғой... Бір түкпірде бұғып отырып алып, балаларға арнап жаза қалғанын қарашы. Ал мынау не? Сеніңше, бұл да балаларға арналған ба? – Ителгікөз тағы бір дәптерді Едігенің бетіне таяп сілкілеп қойды.

– Ол не? – деді түк түсінбеген Едіге.

– Не? Не екенін сен білуге тиіссің. Міне тақырыбына қара: “Раймалы ағаның інісі Әбділханға айтқан сөзі”.

– Е, дұрыс, бұл да аңыз ғой, – дей берді Едіге, – баяғыда өткен хикая. Бұл оқиғаны ескі көз қарттар біледі...

– Саспа, мен де білемін, – деп ителгікөз Едігені доғарып тастады.– Құлағым шалған. Ақылынан адасып алжыған шал он тоғыз жастағы жап-жас қызға өлердей ғашық болады. Оның несі жақсы? Әлгі Құттыбаев қара ниет жау ғана емес, тұрмыста азғын арсыз десеңші. Қарашы, далбаса аңызсымақты ыждағаттап тұрып жазғанын.

Едіге қаны басына шапшып, бет-аузы күреңітіп кетті. Ұялғаннан емес, әрине. Жан дүниесін ашу-ыза кернеп барады, өйткені Әбутәліпке деген бұдан асқан әділетсіздік болмас. Өзін-өзі әрең тежеп:

– Әй, сенің қандай бастық екеніңді мен білмеймін, бірақ Құттыбаевқа бұл жөнінен тиіспе, білдің бе? Құдай әркімнің пешенесіне сондай әке, сондай ер болуды жазсын. Оның қандай адам екенін осындағылардың кез келгенінен сұрашы, бәрі айтып береді. Біз мұнда ат төбеліндей ғана аз халықпыз, бір-бірімізді жақсы білеміз.

– Жарайды, жарайды, сабыр ет, – деді ителгікөз. – Құттыбаев бәріңді де арбап қойған екен. Жау қашанда зымиян, іштен шалып, алдап соғады. Ал біз оны әшкерелейміз. Болды, жүре бер.

Едіге орнынан тұрды. Тымағын киіп, біраз кідірді.

– Сонымен не істейсің енді? Қайтесің оны? Тек осы бір жазуларға бола шынымен түрмеге отырғызып қоясыңдар ма?

Ителгікөз орнынан атып тұрды:

– Әй, мен саған тағы айтамын: сенің ісің болмасын! Жауды қалай қолға түсіріп, қалай жазалауды біз өзіміз білеміз! Ол үшін сенің басың ауырмай-ақ қойсын. Өз жөніңді біл. Бар, бара бер! Сол күні кеш бата Боранды разъезіне тағы бір жолаушы пойыз тоқтады. Тек бұл жолы кері қарай кетпекші. Сәл ғана, үш минутке ғана тоқтаған.

Алакөбеңде бірінші жолдың бойында пойыздың келуін күтіп, хром етікті үшеу тұр. Олар Әбутәліп Құттыбаевты алып кетіп барады. Әбутәліпті ортасына қоршаған сол үшеудің жартастай сірескен арқа жағында Зәрипа балаларымен, Едіге, Үкібала үрпиісіп қалған. Разъездің бастығы Әбілев пойыз жарты сағат кешіккеніне қипақтап, жүні жығылып, әрі-бері шыжбаңдап жүгіре береді. Пойыздың кешіккеніне ол айыпты емес қой? Тұрмай ма тыныш, жайына. Әбутәліптің дәптерінен табылған кесірлі аңыз әңгімелерге бола Қазанғап та жауаптан өткен. Ол қазір жол бойында, семафор күзетінде еді. Ол енді Әбутәліпті Сарыөзектен алысқа алып кететін пойызға өз қолымен жол ашпақшы. Бекей Едігенің қыздарына қарап, үйде қалған.

Етік киген үшеу желден қорғанып жағаларын көтеріп алып, Әбутәліпті қоршап, сазарып тұр. Әбутәліптен айырылатын борандылықтар да үндемейді.

Ұшпа қарды иреңдете қуалаған желдің ызыңы болар-болмас естіледі. Боран болатын түрі бар. Сарыөзектің түнек аспаны дауыл толғатып, астан-кестеңі шыққалы тұр. Анда-санда бұлт арасынан шел көздей ағараңдап, өліктей бозарып, жападан-жалғыз жылжып, ай көрініп қалады. Аяз бетті шымшылайды.

Зәрипаның қолында күйеуіне беруге әкелген түйіншегі бар: тамақ пен киім-кешек болса керек. Үн-түнсіз булығып жылайды. Үкібаланың аһ ұрып күрсінгені аузынан бұрқ-бұрқ етіп шыққан будан білінеді. Ол тонның етегіне Дауылды орап алған. Дауыл бір бәлені сезсе керек, Үкібалаға тығылып, үнсіз тыпыршиды. Бәрінен де Ермекке қиын болды. Оны желден ықтап Едіге ұстап тұрған. Бұл байғұс түк сезбейді:

– Папика, папика!– дейді ол әкесіне. – Бері, бізге келсеңші. Сенімен бірге біз де кетеміз!

Баланың даусын естігенде Әбутәліп тұла бойы дір етіп, еріксіз басын бұрып, бірдеңе демекші еді, бірақ хром етіктілер бұрылуға мұрша бермеді. Үшеудің бірі шыдай алмай: – Тұрмаңдар бұл арада! Есітесіңдер ме-ей! Әрі кетіңдер. Кейін келесіңдер, – деп жекірді.

Борандылықтар амалсыз әрірек барып тұрды.

Сөйтіп тұрғанда алыстан паровоздың жарығы да көрінді, адамдар бір орында ары-бері қозғалақтай бастады. Зәрипа булығып барып, дауыстап жылап жіберді. Оны көріп Үкібала да өксіді. Пойыздың келгені ажырасу қасіреті еді. Маңдайындағы жарығы ауадағы ұшқан қарды қақ жарып, тұманды түнектен алпауыт дене аждаһадай арқырап төніп келеді. Ол жақындай түскен сайын маңдайындағы жарығы биікті шарлап, рельстер арасынан сумаңдап ұшқан борасын қар анық көріне берді, паровоздың арсыл-гүрсіл даусы бұрынғыдан да қатал естілді. Ақыры пойыздың сүлбесі тұтас көрінді.

– Папика, папика! Қарашы, пойыз келе жатыр! – деп айқайлады Ермек. Әкесі үн қатпағанына таңғалып қайтадан жым болды. Сөйтсе де тағы айқайлады: – Папика, папика!

Абыржыған, құты қашқан Әбілев үш хром етіктіге таяп келіп:

– Почта вагон пойыздың бас жағында. Алға жүре қойыңыздар, кәне, жүре қойыңыздар, әне, алға, – деп шыр-пыр болды.

Бәрі де Әбілев көрсеткен жаққа қарай асыға адымдайды. Арттан пойыз да жетіп қалды. Портфель ұстаған ителгікөз жан-жағына бұрылмай қақ шиыпалда кетіп барады. Соңында Әбутәліпті алға салып екеуі келеді. Сәл кейініректе Зәрипа, оның ізімен Дауылды қолынан жетектеген Үкібала ентелейді. Ермекті көтеріп алған Едіге бір қырындап ең соңынан адымдады. Әйелдер мен балалардың көзінше жылап жібере жаздап, өзін әрең тежейді. Қазір жүріп келе жатып, көмейіне тастай тығылған өксікті зорға тұншықтырып, өзімен-өзі арпалысты.

– Сенің ақылың көп қой ә, Ермек? Сен ақылды баласың, ә? Сен ақылдысың, жыламайсың ә, мақұл ма? – деп міңгірледі Едіге баланы бауырына қыса түсіп.

Сол арада пойыз жүрісін баяулатып, аялдамаға таяй түсті. Паровоз бұлардың тұсынан өтіп барып, бұрқ еткізіп бу жіберіп, кондуктор әзірейлінің үніндей ысқырық шалып қалғанда, Едігенің қолындағы бала селк ете түсті.

– Қорықпа, қорықпа, – деді Едіге. – Мен тұрғанда ештеңеден қорықпа. Ұдайымен сенің қасыңда боламын. – Пойыз ыңырана, ыңырси боздап барып тоқтады да, қыраутұтып, үрінді қартығылып, терезелеріне мұз қатқан вагондар қалшия қалды. Айнала тыныштық орнады. Ізінше- ақ паровоз ілгері қозғалмаққа дайын-далып, ысылдап-пысылдап бу жіберді. Пошта вагон паровоздан кейінгі жүк вагонның соңында еді. Пошта вагонның терезелерін темірмен торлап тастапты, есігі вагонның қақ ортасында екен. Сол есік іш жағынан ашылды. Бастарында пошташы фуражкелері бар, үстеріне мақталы күпәйке, шалбар киген бір еркек пен бір әйел көрінді. Әйелдің қолында фонарь бар, сірә, пошта бастық сол болса керек. Өзі де талыстай, кеудесі кеспектей екен.

– Әлгі кісілер сіздерсіздер ме? – деді ол жұрттың бәріне жарық түсіре қол шамды жоғары ұстап. – Кәне, күтіп тұрмыз. Орын дайын.

Ең алдымен дәу портфель көтерген ителгікөз мінді.

– Кәне, кәне, болыңдар, болыңдар!–  деп қалған екеуі іле борандылықтарды асықтыра бастады.

– Мен тез қайта ораламын! Бұл бір түсініксіз қате! – деп Әбутәліп асыға сөйледі. – Көп кешікпей ораламын, күтіңдер!

Үкібала шыдамады. Әбутәліп балаларымен қоштасып жатқанда, дауыс салып жылап жіберді. Түк түсінбей үрпиіскен балаларына әлденелерді айтып, Әбутәліп оларды бауырына қыса берді, сүйе берді. Паровоз болса буы бұрқырап, жүруге дайын тұр. Дәу әйел фонарын көтеріп тұр. Сол екі ортада әлгі бір әзірейлі ысқырық тағы да жаныңды суырып ала жаздап, тажалдай естілді.

– Кәне, болды! Болды, отыр! – деп хром етікті екеу Әбутәліпті сүйрей жөнелді.

Соңғы сәтте Едіге мен Әбутәліп әйтеуір құшақтасып үлгірді. Қатты қауышып, сақал-мұрт өскен дымқыл беттерін бір-біріне басып, болған істі екеуі де тек жүректерімен, ақыл-санамен, бүкіл жан дүниесімен сезісіп, бір сәтке қалшиды да қалды.

– Балақайларға теңіз әңгімесін айта бер, – деп сыбырлады Әбутәліп. Ол оның соңғы сөздері еді. Едіге түсінді. Әбутәліп балаларыма Арал теңізі туралы айта бер деп тұр.

– Кәне, болды! Болды! Отыр! Отыр! – деп әлгілер екеуін екі ажыратып жіберді.

Етікті екеу екі жақтап, иықтарымен тіреп Әбутәліпті вагонның ішіне итеріп кеп жіберді. Балалар әкеден айырылғанын сонда барып бір-ақ түсініп, екеуі де бақырып жылап жіберді.

– Папика! Папа! Папика! Папа!

Қолында Ермек бар, Едіге есікке қарай тұра ұмтылды.

– Сен қайда? Сен қайда барасың? Құдай сақтай гөр! – деп фонарьлы қатын Едігені көкірегінен итеріп, жалпақ жауырынымен есікті кес-кестеді.

Әлгіде балалардың бақырып жылағанына жаны шыдамай кеткені сонша, дәл сол сәтте Едігенің, Әбутәліптің орнына өзі отырғысы келді, сөйтіп жол-жөнекей ителгікөзді өз қолымен буындырып өлтірмекші еді. Бірақ оның бұл ойын өзінен басқа ешкім де түсінген жоқ.

– Тұрмаңдар мұнда! Кетіңдер бұл жерден, кетіңдер! – деп бажылдады фонарьлы қатын. Аузынан ащы темекі мен пияздың иісі аралас бу Едігенің бетіне бұрқ етті.

Зәрипа қолындағы түйіншегі есіне түсіп:

– Мә, мынау тамақ, бере салыңыз! – деп вагонға лақтырып жіберді.

Сонымен пошта вагонының есігі тарс жабылды. Айнала тым- тырыс бола қалды. Паровоз қышқырып қалып, орнынан қозғалды. Доңғалақтары сақыр-сұқыр сұңқылдап, аязды жолмен баяулап барып, жүрісін жылдамдатты.

Борандылықтар лажсыз пойызға ілесіп, тарс жабылған пошта вагонмен қатарласып жүгіріп келеді. Алдымен ес жиған Үкібала еді. Зәрипаны ұстай алып, бауырына қысып, жібермей қойды.

– Дауыл, тоқта! Кетпей тұр, тоқта! Мамаңның қолынан ұста! – деп заулап бара жатқан пойыз дөңгелектерінің тарсыл-тұрсылынан асыра айқай салды. Қолында Ермегі бар Едіге әлі де пойызбен жарыса жүгіріп, тек құйрық вагон бұлаң етіп өте шыққанда ғана тоқтады. Бірте-бірте тарсыл-тұрсылы әлсірей, сиреген оттары елегізіп пойыз ұзап кетіп бара жатты... Соңғы рет паровоз созалаңдата боздап жіберді...

Едіге кері оралды. Шырылдап жылаған баланы, кәне, жұбата алсашы...

Үйіне келіп, пештің түбінде мең-зең болып отырғанда, түн ішінде Әбілев есіне түсе кетті. Едіге жайлап тұрып, киіне бастады. Үкібала оның ниетін бірден біле қойды.

– Қайда барасың? – деп күйеуінің қолынан ұстай алды. – Тиюші болма оған, бір саусағыңды да тигізуші болма! Оның әйелі екіқабат. Оны ұруға қақың жоқ. Қайтіп дәлелдейсің?

– Қорықпай-ақ қой, – деді Едіге жай ғана. – Қол тигізбеймін. Бірақ оның бұл жерден кеткені жақсы. Соны білсінтек. Уәдем болсын саған, тимеймін, бір тал шашы да қисаймайды. Сенгін осы айтқаныма!

– Едіге қолын тартып алып, үйден шығып кетті.

Әбілевтердің терезесі әлі жарық екен. Демек, ұйықтамағаны.

Қарды қаршылдата басып, жалғыз аяқ жолмен Едіге сұп-суық есікке таяп келді де, тарсылдата соққылады. Есікті Әбілевтің өзі ашты.

– А, Едеке, кел, кел, үйге кір, – деп қорыққаннан боп-боз болып, шегіншектей берді.

Едіге  үн-түнсіз  бұрқыраған  бумен  бірге  үйге  енді.

Табалдырықтан аттап барып, есікті жапты.

– Ана бейбақтарды неге жетім қалдырдың? – деді мейлінше сабырлы болуға тырысып.

Әбілев гүрс етіп тізесіне құлап, Едігенің аяғына жығылып, шолақ тонының етегінен ұстап: Құдай ұрсын, мен емеспін, Едеке! Өтірік айтсам, ай-күніне жетіп отырған әйелім туа шөксін! – деп өлердегі сөзін айтып, үрейлене қалтырап тұрған әйеліне бұрылып, қарғана бастады. Сасқанынан аптығып дір-дір етеді. – Құдай ұрсын, мен емес, Едеке. Қалай дәтім барады? Мұны істеген әлгі ревизор! Есіңде ме? Құттыбаев не жазып жүр, неге жазып жүр, деп қайта-қайта қадалып сұраған. Сол ревизордың дәл өзі! Қалайша мен деп ойлайсың? Мен болсам, мына әйелім туа шөксін! Жаңа пойыздың жанында тұрғанда кірерге тесік таппадым. Сондағы сұмдықты көргім келмеді! Әлгі ревизор қайта- қайта қылқылдап сұрап, жанымды қоймады ғой. Мен сорлы қайдан білейін!.. Білсем ғой егер...

– Жарар, – деп доғарды оны Едіге. – Түрегел былай, адамша сөйлесейік. Әйеліңнің көзінше сөйлесейік. Туа шөкпей-ақ аман-есен босансын. Әңгіме онда емес. Мейлі, сен кінәлі болмай-ақ қой. Бірақ саған қайда жұмыс істесең де бәрібір емес пе? Ал, біз, бәлкім, ақырғы деміміз біткенше осы жерде қалатын адамдармыз. Сен ойлан енді. Кейінірек басқа жаққа жұмысқа ауысарсың. Бұл менің саған айтқан ақылым. Осы еді айтайын дегенім. Енді қайтып бұл әңгімені қозғамайық. Тек осыны айтайын деп едім, бөтен шаруам жоқ...

Сөйтті де Едіге үйден шығып, есікті жапты.

ІХ Тынық мұхиттағы Алеут аралдарының оңтүстігін ала әлдеқашан түс қайтқан. Бұрынғыша ескек жел бар, бұрынғыша көз жетер жерге дейін толқындарды толқындар қуалап, шексіз айдын ақжалданып шалқып жатыр. “Конвенция” авианосеці сол  толқында баяу тербетіліп тұр. Ол сол баяғы орнында, әуе жолымен алғанда Сан- Франциско мен Владивостоктың дәл ортасында болатын. Кемедегі халықаралық ғылыми программаның барлық қызметкерлері ә десе мә дейін деп, кез келген әрекетке сақадай-сай болып, сіресіп тұрған. Бұл сәтте авианосецте ерекше өкілетті комиссиялардың шұғыл мәжілісі аяқталып еді. Мәжіліс Жер планетасынан тысқары жатқан Құдірет атты галактикадан ашылған жаңалыққа байланысты төтенше жағдайды талқылауға арналған. Шет планеталықтармен бірге рұқсатсыз кетіп қалған 1–2, 2–1 паритет-космонавтар әлі сол Орман Төс  планетасында  жүріп  жатқан.  Бірбасор  “Паритет” станциясындағы радиобайланыс арқылы оларға: Бірбасордың ерекше нұсқауынсыз ешқандай әрекет жасамаңдар деп үш рет қатаң ескерткен. Бірбасордың бұл үзілді-кесілді талабы шындығында адамдардың ойы он саққа бөлінген азабын ғана бейнелеп қоймаса керек. Бұл шақ – екі жақтың да арасында жағдай қатты шиеленісіп, күрделілене түсіп, атқұйрығын шарт кесісіп, ашықтан-ашық жауласып кетуге әзер тұрған кез еді. Екі жақ та ғылыми-техникалық құдіреттің жемісін адамзаттың игілігіне жаратпақ болып, “Демиург” программасы бойынша бірлесіп жұмыс істеп, енді-енді бір-біріне жақындасайын дегенде, күтпеген жерден Жер планетасынан тысқары бір галактикадан жаңа бір цивилизация ашылып, адамдардың алдына ғаламат сұрақ қойды да, “Демиург” программасы өзінен-өзі екінші кезекке көшті. Комиссиялардың мүшелері бір нәрсені анық түсінді: қазіргі адам баласының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, қалыптасып, қанға сіңіп кеткен өз тіршілігі, өз түсінігі, өз мәдениеті бар. Енді мына ғаламат жаңалық сол адамзаттың қадим дүниеден қалыптасқан тіршілігін сұрапыл сынға салғалы тұр. Мұндай сынға түсуге кімнің батылы барады? Жер бетіндегі тіршілік мүлде жойылып кетпесіне кім кепіл? Бөтенпланеталықтардың ниеті қандайын кім біледі?

Міне, дәл осындай сын сағатта жер үстіндегі әлеуметтік-саяси құрылымдары әр түрлі екі жақтың ескі жаралары ашылып, бір- бірімен тіл табыса алмай талмаусырап, қарама-қайшылығы қоза түскен болатын. Мәселені талқылау қып-қызыл айтысқа айналып кетті. Мәмлеге келу тәсілі әр түрлі, көзқарастары кереғар екі жақ бір-бірімен келіспес халге жетті. Осы текетірес әр-жерден соң мүйіздесуге, бір-біріне қоқан-лоққы доқ көрсетуге айналып, жанжалды ақылға салуға мұрша бермей, бақылауға көнбей, дүниежүзілік топалаң соғыстың бұрқ ете қалуына әкеле жаздап әрең тұр. Сондықтан да екі жақтың комиссиялары ақырында ақылға сайып, дүниежүзілік өрт шығарып алмауға тырысып, егер өрт шыға қалса екі жақ та оңбайтынын сезіп мәмлеге келмек болды. Әрі десе мына ғаламат жаңалық елге тарап кетсе, күллі әлем халқының санасында сұрапыл сапырылыс болатынын еске алып, бұл жаңалықты тіс жарып ешкімге айтпауға келісті. Егер халықтар Орман Төс дейтін планета барын, онда да цивилизация барын білсе, оның ақыры неменеге апарып соғарына ешкім де кепілдік бере алмас...

Сөйтіп, ашуды ақыл жеңіп екі жақта амалсыз тепе-теңдік келісімге келді. Осыған байланысты орбиталды “Паритет” станциясына Бірбасордың мына мәндегі шифрлы радиограммасы жөнелтілді. “1–2, 2–1 бақылаушы-космонавтарға. Сіздерге мынандай міндет жүктеледі. Күн системасынан тысқары жатқан Галактикадағы Құдірет системасына кіретін Орман Төс дейтін планетада тұрып жатқан 1–2, 2–1 паритет-космонавтармен “Паритет” бортындағы радиоқабылдағыштар арқылы байланыс жасаңыздар. 1–2, 2–1 паритет-космонавтар ашқан жаңа цивилизация туралы хабарды талқылап, зерттеуші еларалық комиссиялардың өзгертуге жатпайтын тұжырымдарының негізінде Бірбасор қабылдаған мына шешімдерді 1–2, 2–1 паритет-космонавтарға тез жеткізіңдер: а) Бұрынғы 1–2, 2–1 паритет-космонавтардың орбиталды “Паритет” станциясына, сондай-ақ Жерге оралуына тыйым салынсын. Олардың оралуы Жер цивилизациясына тиімсіз; ә) Жер бетіндегі қоғамның қазіргі даму ерекшеліктеріне, оның тіршілік мүдделеріне, тарихи өсіп-жетілу тәжірибесіне тиімсіз болатындықтан Орман Төс дейтін планетаның тұрғындарына біздің олармен байланыс жасаудан  үзілді-кесілді бас тартатынымыз хабарлансын; б) Бұрынғы 1–2, 2–1 паритет-космонавтарға, сондай-ақ олармен араласы бар ормантөстіктерге ескертілсін: олар Жер тұрғындарымен байланыс орнатуға талаптантанбасын, сондай-ақ Жер маңайындағы сфераға жақындаушы болмасын. Ормантөстіктер бір рет “Трамплин” орбитасындағы “Паритет” станциясына келіпті. Ендігі жерде мұндай әрекет қайталанбасын; г) Шетпланеталықтардың ұшқыш аппараттарының мүмкін болар шабуылынан қорғану мақсатында Бірбасор шұғыл шаралар қолданып “Құрсау” атты Төтенше транс-космостың тәртіп орнатылатынын хабарлайды. Бұл тәртіп бойынша Жер планетасы төңірегіндегі космос кеңістігінде Жерді айналдыра робот-ракеталар құрсауы шаншылады; ол ракеталар Жер планетасына басқа планеталардан жақындаған кез келген затты ядролық лазер сәулесімен жоқ қылып жібереді. д) Өз еріктерімен өзге планеталықтармен байланыс жасап кеткен бұрынғы паритет-космонавтарға хабарланған: Жер бетіндегі адамдар қоғамының хадим заманнан қалыптасқан тіршілік тәртібін сақтау, қорғау мақсатында бұрынғы паритет-космонавтармен байланыс біржолата үзілсін. Олармен болған оқиғаның барлығы қатаң құпияда сақталсын, олармен байланысқа үзілді-кесілді тыйым салынсын. Осы мақсатта “Паритет” станциясының орбитасы тез арада өзгертілсін, ал станцияның радиобайланыс шифрлары қайта жасалсын. Жер шары маңайындағы “Құрсау” зонасына жақындаудың өте қауіпті екені шет планеталықтарға тағы да ескертіледі.



Бірбасор. “Конвенция” авианосецінің борты”.

Осындай қорғанысша шараларына көшкен Бірбасор “Икс” планетасын игеру жөніндегі “Демиург” программасын белгісіз мерзімге дейін  түгелдей тоқтатуға мәжбүр болды. Орбиталды “Паритет” станциясын айналыс жолының басқа бір параметрлеріне көшіріп, оны тек күнбе-күнгі космосты бақылау жұмысына пайдалануды ұйғарды. Ортақ ғылыми-зерттеу “Конвенция” авиано- сеці бейтарап Финляндияға аманат берілетін болды. Қиыр космосқа “Құрсау” системасы орнатылып болған соң паритеттік барлық қызметкерлер, ғылыми, әкімшілік жұмыскерлер, қосымша шаруашылық адамдары түгелдей таратылатын болды. Олар өле- өлгенше Бірбасор қызметінің неге тоқтағаны жөнінде құпияны ешкімге жарияламау жөнінде ант беріп, қолхат жазатын болды.

Жалпы жұртшылыққа “Демиург” программасы бойынша жұмыс “Икс” планетасында терең зерттеулерге байланысты белгісіз мерзімге дейін тоқтатылады деп хабарланбақ.

Мұның бәрі ой толғағынан  мұқият өткен. Жер шарының төңірегіндегі космос кеңістігіне шұғыл “Құрсау” салынғаннан кейін осы айтылғанның бәрі іске асырылмақ. Одан бұрын, комиссиялардың мәжілісі аяқтала салысымен-ақ барлық документтер, барлық шифрлар, бұрынғы паритет- космонавтардың барлық хабарлары, барлық протоколдар, осы бір қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық фотопленкалар, қағаз атаулы түп-түгел жойылды.

Тынық мұхиттағы Алеут аралдарының оңтүстігін ала күн кешкіре бастаған. Ауа райы бұрынғысынша бірқалыпты, төзгілікті еді. Десе де, мұхит бетіндегі толқындар бірте-бірте күшейе түскен. Таудай толқындардың арсыл-гүрсіл азынауық үні құлаққа келе бастаған.

Авианосец үстіндегі самолеттердің қызметкерлері Ерекше өкілетті комиссиялар мүшелерінің мәжілістен соң шығуын күтіп, тықыршып тұрған. Әне, күткен кісілер де шықты. Қоштасты. Бір тобы бір самолетке, екінші тобы екінші самолетке қарай беттеген.

Авианосец тербетіліп тұрса да, самолеттер аман-есен ұшып кетті. Олардың бірі Сан-Францискоға, екіншісі қарама-қарсы Владивосток жаққа қарай бағыт алып еді.

Ал Жер-ана болса ғарыштың желімен дидарын жуып, өзінің мәңгілік айналма жолымен жүзіп бара жатты. Жер-ана жүзіп барады... Әлемнің өлшеусіз шексіз түкпірінде жүзіп жүрген бір түйір тарыдай ғана Жер- ана... Әлем кеңістігінде мұндай түйіршіктерге сан жетпес. Сөйтсе де тек Жер дейтін тарыдай түйіршікте ғана адам баласы өмір сүреді. Хал- қадарынша, әл-қуатынша тіршілік еткен адам баласы бар. Кей-кейде сол адамдар білімге құштарлық қасиеті қыстап, басқа планеталарда өздеріндей тірі жан жоқ па екен деп, соны анықтауға талпынды.

Адамдар бұл туралы қызыл кеңірдек болып айтысып, болжам, долбар құрып, Айға да барып қонды, басқа да планеталарға автомат машиналарын жіберді; бірақ әрдайым да Күн системасындағы планеталардың ешқайсысында адам сияқты жан иесі жоқ екеніне, оны айтасыз, тіпті тіршілік белгісі жоқ екеніне көздері жетіп, көңілдері қамықты. Кейіннен бұл әрекетті де ұмытты, Жер бетінде олар бір-бірімен тату-тәтті тұруы да оңай емес еді, әрі десе қу тамақ тауып, тіршілік ету де жеңіл жұмыс емес... Адамдардың көбі аспан әлемінің әлегінде менің нем бар деп ойлады. Сонымен Жер-ана өзімен-өзі жүзіп жүре берді...

Сол бір қаңтар басынан аяғына дейін қақаған аяз болды. Сарыөзекке мұншама суық қайдан келе береді! Пойыздардың өзі де ақ қырау, көк мұз, құрсанып өтеді. Әдетте қап-қара мұнай цистерналары енді үлбіреген аққа оранып тізбектеліп қалғанын көргенде көзге оғаш. Ал бір тоқтаған пойыздың қайтадан орнынан қозғалуы тіпті қорлық. Қосақталған паровоздар вагондардың рельске қатып қалған доңғалақтарын ырғап-ырғап әрең қозғалтады. Паровоздар пойызды рельспен жұлқыған кезде темір затының сақыр- сұқыр күңіренген даусы аязды күні алысқа естіледі. Осы бір күңіренген арсыл-гүрсілден түнде Борандының балалары шошып оянады.

Ол аз болғандай темір жолды үрінді қар басып қала беретін болды. Бір жерін аршысаң екінші жерін бітеп тастайды. Жел де қағынып алды. Сарыөзектің жері кең, дауыл қай жағынан соға жөнелерін де білмейсің. Борандылықтарға қаскүнем жел қарды қасақана темір жолға келіп үйетін сияқты көрінеді. Аңдысын аңдып тұрғандай, титтей саңылау табылса, құтырына ұйтқи соғып, жолдың үстіне зілмауыр қар сілемін қарқарадай төгеді-ай келіп.

Едіге, Қазанғап, тағы үш жұмысшы өздеріне  қарасты жол участогін басынан аяғына дейін, біресе ана жерін, біресе мына жерін қардан тазартумен болады. Жаңа тазалап кеткен жеріңді қар қайтадан басып қалады. Тағы да болса түйе жеккен сүйретпенің себі тиді. Бұлар қардың үйіндісін сүйретпемен ысырып алып, астын күрекпен тазалайды. Едіге қар тазалауға Қаранарды аямай салды; күшін қайда қоярын білмей құтырынған бураның сілесі қатқанына риза да болды. Өзімен пара-пар басқа бір түйемен қосақтап жегіп, сүйретпені Едіге өзі басып тұрып, қалың қарды жолдан ысырады. Ол кезде басқа амал жоқ еді. Жұрт: ойбой, заводтан жаңа машина шығыпты, паровоз алдына тіркеп алып, жолдың үстіндегі қарды қақырата тазалай береді екен, десіп жүрді. Сондай машина Борандыға да келеді десті бастықтар. Бірақ ол уәде әзірше сөз жүзінде ғана болатын. Егер жазғы шілдеде екі ай бойы ес тандырар ыстық болса, енді мына қыстың аязында адам ауа жұтудан қорқады. Суықтығы сондай өкпеңді жыртып кете жаздайды. Ал пойыз деген ыстығыңа да, суығыңа да қарамайды, толассыз жүре береді. Сондықтан, амал жоқ, жол таза болуы керек. Едігенің сол бір қыста ақ кіре бастаған сақал- мұрты алынбай қауқиып, шала ұйқылы көздері домбығып, айнаға қараса – адам көргісіз бет-аузы шойындай қарауытып, қабыртып кеткен еді. Сыртынан бастырмалы брезент плащ қаптаған шолақ тоны үстінен бір түспейді, белшешпейді. Аяғынан киіз пима суырылмайды. Бірақ та не істесе де, нендей қиындық кешсе де Едігенің ойынан Әбутәліп Құттыбаевтың мүшкіл халі кетпей қойды. Сол әділетсіздіктен Едігенің жүрегі сыздады. Қазанғап екеуі бұл қалай болды, ақыры не болады деп әрі ойлап, бері ойлап, ой түбіне жете алмады. Қазанғап көбінесе қабағын түйіп, үндемейді, тек өзінше қатты күйзеледі. Дегенмен, бір күні:

– Әр заман осылай болған. Анығына жеткенше... Бұрынғылар: “Хан құдай емес, уәзірлерінің не істеп жүргенін үнемі біле бермейді, ал уәзірлер базарда алым-салық жинаушылардың не істеп жүргенін үнемі сезе бермейді”, – деп бекер айтпаған. Әр заман осылай болған.

– Оу, данышпаным, не деп тұрсың өзің!– деп Едіге қағытып қалды.

– Ханың, уәзірің не? Ол бәлелердің тұқым-тамырына біз балта шапқалы қашан! Мәселе онда емес қой!

– Неде? – деді Қазанғап зілдене.

– Неде, неде! – деп Едіге ашуланды, бірақ жауабын айта алмады. Сол сұрақ миын тесіп, бірақ жауабын таба алмай жүрді де қойды. Қырсыққа қырсық ілесе келеді деген рас. Құттыбаевтардың үлкен ұлы Дауыл суық тиіп, қатты жығылды да, төсек тартып жатып қалды. Ыстығы тасып, жөтел қысып, тамағы ісіп, сандырақтап жатады. Зәрипа айтады: “Баланың тамағы баспа болды” дейді. Сөйтіп, түрлі дәрі-дәрмек береді. Бірақ ол балаларының қасында үнемі отыра алмас, жол бойында стрелочник болып істейді, әйтеуір күн көру керек қой. Кезекке кейде түнде, кейде күндіз шығады. Оның балаларына Үкібала амалсыз қарайласып тұратын болды. Өзінің де екі қызы, Зәрипаның екі баласы... Әбутәліп отбасының мүсәпір жайға ұшырағанын ойлап, төрт баланы бағып-қағады. Мүмкін болғанша Едіге де қол ұшын беріп бағады. Таң азаннан тұрып, сарайдан Әбутәліптің үйіне көмір әкеледі, уақыты жетсе, пешін де жағып береді. Тас көмірді тұтата білу үшін де машық керек. Балақайлардың үйі күні бойы жылынып тұрсын деп пешке біржарым шелек көмір салады. Тұйық жолда тұрған цистернадан барып су әкеледі. Отқа жағатын ағаш жарып береді. Су тасып, ағаш жарып, оны-мұнысын істей салу Едіге үшін қиын ба, тәйірі... Қиямет-қайым басқада болып тұр ғой. Бәрінен де қиыны, Әбутәліптің балаларының көзіне тура қарап, олардың сұрағына жауап беруден артқан азап-тозақ болмады. Үлкені ауырып, төсекте жатады, ол өзі табиғатынан мінезі ауыр, ал Ермегі, құдды шешесі, мейлінше елгезек, іші-бауырыңа кіріп кететін мейірбан, өте сезімтал, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен жаны жарақаттанатын нәзікеш, бәрінен де сол қиын болды. Едіге таңертең көмір әкеліп, пешті жаққанда, балаларды оятып алмауға тырысады- ақ. Бірақ білдірмей кетуі сирек. Бұйра қара шаш Ермек тез оянып кетеді. Көзін тырнап ашып алғаннан айтар бісмілләсы:

– Едіге көке, папика бүгін келе ме? – дейді.

Бала орнынан атып тұрып, тыр жалаңаш күйінде, көзінен адам төзгісіз үміт оты жылтылдап, жүгіріп кеп Едігеге жармасады. Едіге “иә” десе болды – әкесі үйге қазір кіріп келетіндей көреді. Едіге оны ап-арық, жап-жалаңаш, жып-жылы күйінде жерден көтеріп алып, бауырына қысып тұрып, қайтадан төсегіне жатқызады. Онымен үлкен кісімен сөйлескендей сөйлеседі:

– Ермек, сенің папикаң бүгін келе ме, келмей ме – білмеймін. Ал, бірақ оның қай пойызбен келетінін бізге станциядан телефон арқылы хабарлауға тиіс. Біздің разъезде жолаушылар пойызы тоқтамайтынын өзің де білесің ғой. Тек темір жолдың бас диспетчерінің бұйрығымен ғана тоқтайды. Сірә, таяу күндері хабары болып қалар. Әне, сонда екеуміз, егер Дауыл оған дейін жазылып кетсе – үшеуіміз перронға шығып, пойызды қарсы аламыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет