– Егер саған көне күйлер, жырлар ұнаса, – деді ол Едігеге қарап, онда мен, Едеке, сенің есіңе бір хикаяны салайын. Мұны көп қарттар біледі, сен өзің де білесің. Айтпақшы, сендердің Қазанғаптарың мұны жақсы айтады. Бірақ ол қара сөзбен айтады да, мен домбыраға қосылып жырмен жеткіземін. Тұтас театр десең де болады. Сенің құрметіңе, Едеке. “Раймалы-ағаның інісі Әбділханға айтқаны”. Домбыра күмбірлеп, оған Ерлепестің қоңыр үні қосылды. Қоңыр дауыс атақты Раймалы жыраудың қайғылы тағдыры туралы жырды айтуға құба-құп келісіп тұр екен. Бегімай атты он тоғыз жасар жас әнші, кембағал қызға кездескенде Раймалы-ағаның жасы алпыстан асып кеткен екен. Сол шағында Бегімай оған жарық жұлдыз болып кездесіпті. Әділін айтқанда, Раймалы-ағаға қыздың өзі ғашық болыпты. Бірақ та Бегімайдың басы бос, қалай жүрем, қалай тұрам десе де еркі өзінде, ноқтаға бас ұсынбайтын қыз болыпты. Ал жұрттың қаңқу сөзі Раймалы-ағаны айыптайды. Содан бері осы бір махаббат хикаясының достары да, дұшпандары да бар. Әйтеуір бейтарап қалған ешкім жоқ. Біреулері Раймалы-ағаның қылығын жақтырмай кіржиеді, оның атын өшірмек болады; ал енді біреулері қайта оған жаны ашып, мұңдас болып, қарт жыраудың қайғылы махаббаты туралы осы жырды ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға мирас етіп сақтап келеді. Раймалы- аға туралы аңыз сөйтіп әлі тірі. Бұрын да, кейін де – барлық кезде Раймалы-ағаны қорлаушылар да, қорғаушылар да болған, әлі де бар. Едігенің есіне сонау бір қырсық кеш түсті. Әбутәліп Құттыбаевтың қағаздарының арасынан Раймалы-ағаның інісі Әбділханға айтқан зарын тауып алған ителгікөз сонда бір долданып, осы жырға зәрін төгіп еді. Ал Әбутәліп болса, бұл жырды “Сахараның Гетесі туралы поэма” деп қатты бағалаған. Сөйтсе, жап-жас қызға ғашық болған әрі ұлы, әрі дана шал немістерде де өмір сүрген екен. Әбутәліп бұл жырды өскеннен соң балаларым оқыр деген үмітпен Қазанғаптың аузынан жазып алып еді. Әбутәліп айтатын: жалпы көпшіліктің игілігіне айналатын жеке бір оқиғалар, жеке бір адам-дардың тағдырлары болады деп. Өйткені әлгі өткен хикаяның, бір адамның басынан кешкен тарихтың кейде тәлім-тәрбиелік мәні өте жоғары болса керек; бір адамның тағдыры кейде сол кездегі, я бәлкім, кейінгі замандағы барлық адамдардың тағдырына тән болса керек...
Қарсы алдында домбыраға қосылып, көмейінен жыр төгіп, арқаланып, аруақтанып алған Ерлепес отыр. Өзі разъездің бастығы, оның міндеті – өзіне тиісті теміржол участогінің жұмысын жүргізу ғой. Әлгі бейбақ Раймалы-ағаның тағдырын дәл өзі басынан кешкендей, азапты хикаяны, азалы жырды жүрегінде сонша сақтап несі бар десеңші... Жоқ, нағыз жайы таза, өнер құдіреті көкірегіне ұя салған адамдар осындай болады. Нағыз өнер, шынайы жыр деген осы-ау, деп ойлады Едіге: қазір өл десе – өліп, тіріл десе – тірілесің. Құдірет қой... Әттең дүние! Жаныңды жадыратар, көңіл ашар жайдарман от көкірегіңде ұдайы жанып тұрар ма еді...
Бөтен үйде Едігенің ұйқысы келе қоймады. Терезе алдындағы төсекте ол әйнекті жел қағып ызыңдағанын, ары-бері пойыздар өткенін естіп жатты... Құтырынды Қаранарды қалай ұстап алуды ойлап, таң атқанын күтті. Тезірек жолға шығып, тезірек Борандыға жетуді ойлады. Оны екі үйдің де балалары күтіп отыр, ол олардың бәрін бірдей жанындай жақсы көреді, ол бұл жалғанда солардың қамы үшін тірі жүр... Қаранарды қалай жуасытсам екен деп амал іздеді. Апыр-ай, қырсық-ай десеңші. Мұның ісінің бәрі елден ерекше болады да тұрады. Тіпті түйе екеш түйесіне дейін ерекше сойқан шыққаны сонша, жұрттың бәрі одан үрей болып, ары-беріден соң атып та тастамақшы... Ал бірақ ол хайуанға ненің жақсы, ненің жаман екенін қалай айтып түсіндірерсің...
Сол түні далада ызғырық жел жалаңдап тұрған. Аяз қатая түскен. Қаранар қалап, өз қамқорлығына алған, төртінген бір пәкенелеу төбенің тасасында сайда ықтап тұр еді. Жел жақтан қар борап, інгендер содан ықтап, бір-біріне тығылып, бастарын бір-бірінің мойындарына сүйеп, ұйлығып тұрған. Бірақ олардың дударбас, қанағатсыз қожасы Қаранар тыныштық берер емес. Ол інгендер келесін шыр айналып, бақ-бақ етіп қойып тағат таппайды. Інгендерді әлдекімнен, әлденеден қызғана ма, немесе, аспанда ұшпа мұнар арасынан көрініп тұрған айдан қызғанбаса, айнала төңіректе ешкім жоқ. Қаранар тыныш таппады. Қос өркешті, иір мойын, дударбас, бақырауық қара айуан қар суырған қатқақ жерді таптай береді, таптай береді. Неткен таусылмайтын күш десеңші! Ол дәл қазір де махаббат машақатына малтымақшы болып, біресе ана інгенге, біресе мына інгенге барып тиісіп, қоңынан, сауырынан аямай тістеп, бір-бірінен ажыратып берекесін кетіреді. Оның мұнысы тойымсыздық, әрине. Інгендер оның дегеніне ынты-шынтысымен күндіз көнгендері де әбден жетіп жатыр, ал түнде саябыр тыным тілейді. Сондықтан олар да бураның тиісе бергенін жақтырмай бақырып, одан азар да безер болып, орынсыз тілекті орындамай, мына түн баласында тыныштық тілейді. Қаранар таңға жақын ғана саябырлап, тыншығандай болды-ау, әйтеуір. Інгендермен қатарласып, анда-санда ұйқылы-ояу бақырып алып, жан-жағына алара қарап қойып тұр. Бураның жыны басылғанын байқап, төрт інген төртеуі де жер бауырлай қарға шөгіп, қатар-қатар мойындарын созып, бастарымен жер жастанып, тынышталып, сәл-пәл қалғып та кетті. Сонда олар қазіргі кішкентай боталарын да, мына қайдан келгені белгісіз бурадан жатырларына пайда болған болашақ боталарын да түстерінде көрді. Мына бұрын бейтаныс дүлей бура ауылдың басқа бураларын соққыға жығып, бұл інгендерді солардан жалғыз өзі тартып алды. Түстерінде інгендер тағы да жайдары жазды, хош иісті жусанды, боталарының емшекке жұмсақ тиген тұмсықтарын көрді. Болашақ сүтті тылсымнан сезіп, желіндері сыздап-сыздап қояды... Ал Боранды Қаранар, қақшиып қарауылда әлі тұр, тек жел ғана оның шудасын жұлмалап, ызың қағады...
Аспан әлемінің желі бетін жуған Жер-Ана дөңгелеп жүзіп барады. Күнді айнала дөңгелеп жүзіп барады. Күнді айнала дөңгелеп жүзеді. Дөңгелене бір аунап түскенде, Сарыөзектің үстінде таң да атып келе жатты. Сонда кенет Қаранар түйе мінген екі адамды көзі шалды. Олар Едіге мен Қоспан еді. Қоспанның қолында мылтығы бар. Боранды Қаранар қалш-қалш етіп, ашудан қаны қайнап бақырып- бақырып жіберді: мына адамдар оның жатқан жеріне батылы барып қалай келеді, оның келесіне қалай ғана жақындайды, оның күйлеу тойын бұзуға қандай қақысы бар? Қаранар әзірейілдің дауысындай үнмен өкіре-бақыра азынап, иір мойынды дода басын сілкіп-сілкіп қалып, тістері сақылдап, азуы қылыштай аран аузын айдаһардай ашты. Алаулы ауыздан суыққа буы шыққанда түтіндей будақтап, қара шудаға лезде қырау болып тұрып қалып жатты. Долданған Қаранар шіреніп тұрып желге қарата сыздықтата шаптырып-шаптырып жібергенде, тозаңдай шашыраған зәр ауаны лезде әлем-жәлем сасытып жіберді, бірер тамшы мұздай болып Едігенің бетіне тиіп те кетті.
Едіге астындағы інгеннен секіріп жерге түсті де, тонын шешіп қардың үстіне тастай салып, қолындағы ұзын қамшының орауын тарқатты.
– Байқа, Едеке, егер саған шапса, оны атып түсіремін, – деді Қоспан мылтығын оңтайлап.
– Жоқ, не болса да ата көрме. Мен үшін қорықпай-ақ қой. Малдың иесі мен, өзім жауап беремін. Ал анауыңды шошайтпа. Егер бура саған шапса, онда жөн басқа.
– Мейлі, өзің біл, – деді Қоспан інгеннің үстінде отырып.
Едіге болса ұзын қамшыны сақпандай үйіре шарт еткізіп, Қаранарға қарай беттеді. Қаранар оның жақындап келе жатқанын көріп, бұрынғыдан бетер долдана түсіп, аузынан жыны шашырап, Едігеге қарсы тапырақтай ұмтылды. Бұл кезде інгендер де орындарынан тұрып, олар да абыр-сабыр үймелесе ары-бері шарқ ұрды.
Қар тазалайтын сүйретпеге жегілген түйелерді сабайтын ұзын қамшыны шарт-шарт еткізіп, Едіге қарды қаршылдатып, Қаранарға алыстан жекіре айқайлап келеді. Даусымды таныр дегендегісі:
– Әй, әй, Қаранар! Ақымақ болма! Ақымақ болма деймін! Бұл мен! Немене, көзің соқыр болып қалған ба? Бұл мен деймін! Бірақ Қаранар Едігенің сөзіне пысқырған да жоқ. Сабалақ жүннің арасынан заһарлы көзі шатынап, өркештері дір-дір етіп өзіне қарай төніп келе жатқан қара төбені көріп Едігенің зәресі зәр түбіне кетті. Сонда Едіге тымағын баса киіп алып, қамшыға басты дейсің. Қамшысы қара майға бөккен көк қайыстан өрілген, жеті метрдей ұзын еді. Бура бар даусымен бақырып, Едігені таптап кете жаздап, тісімен қыршымақ болып, жерге жығып салмақшы болып арындайды. Бірақ Едіге оны қамшымен аямай сабап, жанына жақындатпай, жалт беріп бұрылып кетіп, біресе шегініп, біресе қарсы ұмтылып, есі кіріп даусымды таныр деген үмітпен ышқына айқайлады. Бура да, адам да бұл шайқаста барын салды-ау. Өздерінше екеуінікі де жөн. Бураның өз бақытынан айырылып қалмас үшін мұншама жанталаса, қасарыса, өлермендікпен шайқасқанын көріп Едіге жағасын ұстады. Бураны сол аяулы бақытынан айыратынын да біледі, бірақ басқа амал жоқ еді. Едіге тек қамшы қате тиіп, Қаранардың көзін шығарып алар ма екенмін деп қорықты, басқасын қойшы, тәйірі. Едігенің қайсарлығынан ақыры хайуанның жігері жасыды. Қамшыны аямай сілтеп, айқайлап жүріп, Едіге ақыры бураға жақындап барды да, бір-ақ шапшып, түйенің үстіңгі ернінен шап беріп ұстап алғаны сонша, тіпті хайуанның ернін жұлып ала жаздады. Шалт қимылмен әлгі ерінге бұрауды салып кеп жіберді. Бұрау салғанда жаны шырқыраған Қаранар сонша азаптан ыңырсып, ыңыранып, қимылсыз көзі шарадай болып шығып бара жатыр екен, сол айнадай көзден Едіге өз түрін көріп шошып кетті. Жазығы жоқ байғұс малды бүйтіп азаптағанша, шайтан алсын, деп босатып жіберейін деп тұрды да, қайтадан ақылға келді. Борандыдағылар мұны күтіп отыр, Қаранарсыз қайтуға болмайды, әрі десе оны Ақ- Мойнақтың адамдары атып тастайды. Осыны ойлап, әлгі райдан қайтты. Саңқ етіп ақырып қалып, бураға жерге шөк деп әмір берді. Бураны ашалау керек еді. Қаранар әлі де болса қарсыласып, аузынан ыстық бу бұрқырап, бажылдап бақырып көріп еді, иесі иімеді. Ақыры бураны шөктіріп тынды.
Қоспан, ашамайды бері таста! Ана інгендерді қырдың ар жағына айдап таста! Мына ит көрмесін оларды, – деп айқайлады Едіге Қоспанға. Қоспан інген үстінен ашаны тез алып лақтырып тастады да, Қаранардың сүйікті інгендерін қуа жөнелді. Бұл екі арада Едіге Қаранарды лезде ашамайлап та қойған. Қайтып келген Қоспан Едігенің тонын алып берді. Едіге тез киініп, ес жидырмастан Қаранардың үстіне мініп те алды. Долданған бура әлі де бола өзінің сүйікті інгендеріне жеткісі келіп, тіпті үстіндегі иесінің санын тісімен қыршып алмаққа да әрекет жасады, Бірақ Едіге де оңай жау емес. Қаранардың ақырғанына да, бақырғанына да, қан жылап боздағанына да қарамастан қасарыса қақпайлап, бураны қарлы даламен сау желдірді де отырды. Жол бойы бураға ақыл айтып:
– Өшір үніңді! Жетті! – деп қояды, – Өшір үніңді! Бәрібір кері қайтпайсың. Өй, ақымақ бас неме! Не, мен саған жамандық ойлайды дейсің бе? Ау, мен болмасам, сені құтырған хайуан деп атып тастайтын еді ғой. Ал, не дейсің? Сенің құтырғаның рас па – рас! Құтырып алып, әй, сойқанды салдың келіп! Әйтпесе мұнда неғып сандалып жүрсің? Немене, ауылда саған інген жетпеді ме? Есіңде болсын, бәлем, осыдан үйге жеткен соң сенің серілігің тәмам, бөтен табынға барғаныңның соңы осы. Рас, осындай иттік жасадың екен, шынжырлап тастаймын, бір адым аттап баспайсың енді!
Едігенің бұл сесі – өзін-өзі ақтауы еді. Ол Қаранарды Ақ- Мойнақтың інгендерінен зорлап әкетіп барады. Шынына келгенде бұл әділетсіздік қой. Егер Қаранар жуас мал болса – не дау бар? Әне, Едіге Ақ-Мойнаққа мініп барған інгенін жаңа Қоспанға қалдырып кетті ғой. Жол түскенде інгеніңізді Борандыға жеткізіп саламын деп Қоспан уәдесін берді. Ың да жоқ, шың да жоқ, бәрі қаз-қалпында. Ал Қаранар болса сорыңды сорадай ағызады.
Біршама өткен соң Боранды Қаранар қайтадан ноқталанып, қайтадан иесінің тақымына түскеніне мойын ұсынып, жуасиын деді. Бақырғаны да саябырсиын деді, жүрісі түзеліп, сәлден соң тіпті сау желіске салып, Сарыөзектің даласын қусыра көсіліп келе жатты. Едіге де тынышталып, өркештердің ортасына жайлана отырып, қарсы желден қаймығып түймеленіп, тымағының бауын байлап, енді тек Борандыға тезірек жетуді ойлады. Бірақ әлі ауыл шалғай. Күн райы шүкірлік. Аздап желтең, шамалы шарбы бұлт бар. Жуық арада боратып кететін болар. Едіге Қаранарды ұстап, ноқталап алғанына, әсіресе кеше кешке Қоспанның үйінде қонақтап, Ерлепестің күйі мен жырын тыңдағанына дән риза болып келеді.
Десе де Едігенің ойы өзінің сәтсіз өміріне қайта оралды. Әй, сорлы дүния-ай десеңші! Құда да тыныш, құдағи да тыныш болып, ал, Зәрипа, мен сені сүйемін, деп қалай ғана тікесінен қойып қалуға болар екен. Егер де Әбутәліптің балаларына өз фамилиясы кесір- кердең келіп жатса, егер Зәрипа көнсе, олар мына менің фамилияма көше қойсын: Егер Дауыл мен Ермекке Едігенің фамилиясы жарап жатса, Едігеге одан артық бақыттың керегі жоқ. Әйтеуір, сол балаларға мына ғұмырда кесір-кесапат болмаса – болғаны. Қалғанын өз талайынан, талабынан таба берсін. Сол үшін Едіге өз фамилиясын қимай қоймас. Жол бойы Едігеге осындай да бір ой орала берген.
Сөйтіп, күн де батып бара жатты. Қажырлы Қаранар қанша қарсыласып, қанша долданғанмен, сау желісінен танбай, аянбай барын салып-ақ келеді. Міне, алдыдан Борандының сайы да, қар көміп тастаған ойы да, дөңкиіп жатқан төбелері де көрінді. Анау теміржол бұралаңына Боранды бекет тығылып қана жатыр. Мұржалардан түтін шудаланады. Ондағы өз үйлері қалай екен? Кеткені кеше ғана сияқты еді, сірә, көңіл шіркін, бір жыл көрмегендей толқиды. Сағынышы қатты, әсіресе балаларды аңсағанын айтсаңшы. Ауылдың төбесін көріп, Қаранар екпіндей түсті. Тер шығып, қызынып алған бура, адымы аршындап, аузынан буы бұрқ-бұрқ етіп келеді. Едіге үйіне таяғанша, бекетте екі жүк пойыз кездесіп, ажырасып та үлгірді. Бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай бет алып барады...
– Едіге үйдің сыртына келіп тоқтады. Қаранарды бірден қораға қамап қоймақшы. Бурадан түсіп, табалдырық түбінде көмулі жатқан шынжырмен оның аяғын кісендеп тастады, түйені жайына қалдырды. “Аздап тері басылсын, ашамайды содан кейін алармын”, деді. Неге екені белгісіз, соның өзінде дегбірсізденеді. Әбден сіресіп қалған арқасы мен аяғын жазып, қорадан енді шыға бергенде, жанына үлкен қызы Сәуле жүгіріп келді. Едіге қалың киіммен қорбаңдап, қызын аймалап, бетінен сүйді. – Өй, тоңып қаласың ғой, – деді қызына. Сәуле далаға көйлекшең шыққан екен. – Үйге кір тез, мен қазір барамын.
– Папа, – деді қызы әкесін аймалап, – Дауыл мен Ермек кетіп қалды.
– Кетіп қалғаны несі?
– Мүлде кетіп қалды. Мамасымен бірге кетті. Пойызға мінді де, кетті де қалды.
– Кеткені несі? Қашан кетті? – деп Едіге не болғанын әлі түсіне алмай, қызының көзіне қарады.
– Бүгін таңертең кетіп қалды.
– Солай де,– деді Едіге даусы дірілдеп.– Үйге бара ғой, жүгір,– деп қызын құшағынан босатты.– Мен сәл кейінірек, кейінірек барам. Қазір, қазір... бар енді...
Сәуле үйдің бұрышынан айналып кетті. Едіге болса, қораның қақпасын да жаппай, сол тон киіп қорбиған қалпы тұп-тура Зәрипаның үйіне қарай ата кеп жөнелді. Келе жатыр-ау, көңілі құрғыр сенбейді. Баланың аты бала ғой, әшейін бірдеңені шатастыруы мүмкін. Кетіп қалып не көрініпті! Сөйтсе, есіктің алды арлы-берлі іздерден тапталған. Едіге есіктің тұтқасын тартып қалып, кіріп барса – әлдеқашан азынаған үй аңырайып, әр жерде анау-мынау қоқыс-құрым шашылып жатыр. Балалар да, Зәрипа да жоқ!
– Апыр-ай, а? – деп күбірледі Едіге қаңыраған үйде әлі де болған іске көңілі сенбей.– Шынымен кетіп қалғаны ма? – Үйдің үңірейіп бос тұрғанын көрсе де аң-таң, әрі қалың қайғы көкірегін тұтып алған. Өмірі бүйтіп жаны шырқырап, шын жамандық көрмеген шығар. Үңірейген үйдің ортасында тон киіп, қорбиған бойы мұздай пештің жанында шырқыраған жан күйігін қайда қоярын білмей, енді не істерін пайымдамай, ақылынан айныған адамша аңқиып тұрды да қалды. Терезенің алдында бал ашатын құмалақ тастар шашылып жатыр. Ермек ұмытып қалдырған, әлдеқашан өлген әкесін келер деп үміт артқан, махаббат қасіреті жүктелген қырық бір тас. Едіге әлгі құмалақ тастарды сыпырып-сиырып уыстап алды. Ендігі қалғаны осы-ақ екен. Одан арыға шыдамы жетпей, есікке қарап, күйіктен күйіп бара жатқан бетін сұп-суық тақтайға басып, тұншығып тұрып, әй бір жұбанбастай жылады дейсің. Жылап тұрғанда, уысындағы құмалақ тастар бірінен соң бірі еденге түсе береді. Діріл қаққан қолын қысып ұстайын-ақ десе де, көнбей, әлгі тастар еденге тырс- тырс түсіп, үңірейген үйдің бұрыш-бұрышына шашылып кетіп жатыр, кетіп жатыр...
Содан бетін бері бұрып, жон арқасымен қабырғаны бойлай ысырылып, шөкелеп отыра кетті. Үстіндегі тоны қорбиып, басындағы тымағы қисайып, қабырғаға сүйеніп алып, ал кеп жыла! Жыла, сорлы! Ақ-Мойнаққа аттанар алдында Зәрипа беріп жіберген бөкебайды қалтасынан алып, көзінің жасып сүртеді сорлы...
Адыра қалып азынаған үйде осылай бір отырып, “бұл қалай?” деп күйзелді. Сонда Зәрипа мұның жолаушы кеткен кезінде балаларын алып әдейі тайып тұрғаны ғой. Демек, Зәрипа Едіге болса бізді жібермейді деп түйгені ғой. Ол рас, Едіге болса, оларды өлсе де жібермес еді. Ақыры немен тынса онымен тынсын, Едіге болса, оларды жібермес еді-ау. Егер ол жолаушы кетпесе, ақыры немен тынарын енді ойлап керегі не, болар іс болды. Енді олар жоқ. Зәрипа жоқ! Балалары да жоқ! Бұл өлсе олардан айырылар ма еді? Едігенің жоқ кезінде кету керек екенін Зәрипа білген. Кетуі жеңіл болғанмен, адыра қалған үйге тап болып, Едігенің аңырарын ойламаған екен да... Сонда бекетте пойыз тоқтатуға біреу себеп болғаны ғой. Кім сонда? Әрине, Қазанғап, одан басқа кім болушы еді! Әлбетте, ол Сталин өлген күні стоп-кранды жұлып алған Едігеше тоқтатпай, разъездің бастығына жалынып-жалпайып, соның келісімімен тоқтатқан да жолаушы пойызды. Қазанғаптың қолынан келеді ол... Зәрипаның балаларымен тезірек тайып тұруына Үкібала да үлесін қосқан болар-ау! Тұра тұр, бәлемдер! “Бәлемдерден” өш алмақ болып, қара қаны тұншыға қайнап, миын шағып, қыздырып барады. Күллі күшін жинап алып, мына құдай қарғап қойған Боранды деген бекетті түгін қалдырмай, тып-типыл қиратып та жайратып, содан соң Қаранарға мініп алып Сарыөзектің аңырақай даласында адасып, суыққа тоңып, аштан өлсе, шіркін! Иесіз үйде осылайша қалжырап, қаңырап болған іске аңырап омалды да отырды бір. Мәңгірген мида тек бір сұрақ қалды: “Зәрипа неге кетті? Қайда кетті? Неге кетті? Қайда кетті?”
Содан өз үйіне барды. Үкібала үндеместен оның тонын, тымағын, пимасын алып, бұрышқа апарып қойды. Боранды Едігенің тастай қатқан сұп-сұр жүзінен не ойлап отырғанын не істерін айыру қиын еді. Көздері түк көрмейтін сияқты. Өзін-өзі зорлап, әрең ұстап отырған адамның көздерінен ештеңе ұғып болмайды. Күйеуінің шай ішуін күте-күте Үкібала самауырды қайта-қайта ысытты. Қуыры ағаш шоққа толы самауыр қайнап тұрған.
– Шай ыстық, – деді әйелі. – Қайнап тұр.
Едіге оған үн-түнсіз бір қарады да, қайнақ суды ұрттай берді. Қайнақ суды сезер емес. Екеуі де сіресіп бірінің аузын бірі бағып отыр.
– Зәрипа балаларын алып кетіп қалды, – деп тіл қатты ақыры Үкібала.
– Білемін, – деп Едіге шайдан басын көтерместен бұрқ етті.
Үндемей отырып-отырып, сол шайдан басын алмаған күйі:
– Қайда кетті? – деп сұрады.
– Оны бізге айтқан жоқ, – деді Үкібала.
Сонымен сөз таусылды. ЬІстық шай аузын күйдіріп бара жатса да шыдап, Едіге бір нәрсені ғана діттеп отыр: тарс кетіп, үйдің ішінің күл-талқанын шығарып, балалардың үрейін алмасам екен, тек бір бәле шығармасам екен, деп тастай қатып қалған...
Шай ішіп болып, қайтадан далаға жиналды. Пимасын, тонын, тымағын қайтадан киіп алды.
– Қайда барасың? – деп сұрады әйелі.
– Малға қарап келемін– деп жүре жауап берді. Қыстың қысқа күні байып қалған екен. Дала лезде ымырттанып, лезде қараңғы түсіп бара жатты. Аяз да қатайып, жаяу борасын жалдана жылжып, жыландай сумаңдайды. Едіге түнерген бойы қораға қарай беттеді. Кіріп барып шынжырды жұлқып атырылып тұрған Қаранарға ашулы көзбен алара бір қарады.
– Сен әлі бақырып тұрсың, ә! Жының әлі басылмайды, ә! Сен ит менен көресің көресіні! Мен енді сенімен көп сөйлесіп жатпаймын! Енді мен ешкімді де аямаймын!
Едіге Қаранарды бүйірінен ызалана итеріп кеп жіберді. Әке- шешеден түк қалдырмай боқтады-ай келіп. Түйенің ашасын алып лақтырып тастады. Бура байлаулы тұрған шынжырды аяғынан ағытып алды. Енді бұйдасынан ұстап, сабына ораулы қамшыны бір қолына қармап, бураны далаға жетектеп шықты. Бура зарлана, құсалана бақырып қойып, боздап келеді. Иесі оған үніңді өшір деп, бұйдасын сілкілеп, қорқытпақ боп қолын көтеріп-көтеріп қалып еді, бірақ түйе қыңбады. Содан Едіге жерге бір түкірді де, түйенің бақырып, боздағанына көңіл аудармай, шыдап бағып, жаяу борасыны жорғалаған қалың қарға малтығып, көз байланған қараңғы түнге сүңгіп, қасарысып жүре берді, жүре берді. Бекеттен аулақ, қырқаның ар жағына шығып алып, Қаранарды тоқтатты да, әй бір аямастан сабады дейсің. Тонын шешіп тастап, бұйда- шылбырды түйе қашып кетпесін деп өз белдігіне байлап қойды. Сонан соң қос қолдап тұрып, қамшымен ал кеп саба! Көкірегіндегі бар қайғы, ызаны осы қамшыға салды-ай келіп. Боранды Қаранарды жындана аяусыз осқылап, даусы қырылдап, аузынан боқтау- лағнетті ақтарды-ай сонда:
– Мә, бәлем! Мә! Оңбаған хайуан! Сенің кесіріңнен осының бәрі! Сенің кесіріңнен! Осының бәріне сен кінәлі! Енді сен итті басың ауған жаққа босатып қоя берем, бірақ әуелі майып боласың! Мә, саған! Мә! Тойымсыз хайуан! Саған інген жетпеді ме! Аулақтан іздеп нең бар еді! Сені іздеймін деп жүргенде, ол балаларын алып кетіп қалыпты! Сендердің бәріңнің де менің халім қандай екенінде шаруларың жоқ! Енді мен бұл жарық дүниеде қайтіп өмір сүремін? Онсыз қалай тірі жүрем? Сендерге бәрібір екен, ендеше маған да бәрібір. Мә, оңбаған ит, мә! Ал, жазаңды! Ал сыбағаңды!
Қардай бораған қамшының астында қалып, Қаранар ақыра- бақыра, жан ұшыра жұлқынып, жан аурудан үрейі ұша есі кетіп, иесін қағып құлатып, қармен сүйретіп, қаша жөнелді. Тулаған дүлей күшпен иесін бөренеше сүйреп келеді тек әйтеуір осы бәледен құтылсам екен, мені зорлап әкелген жаққа қашып кетсем екен дегендей, тоқтар емес.
– Тоқта! Тоқта!– деп бура сүйреткен Едіге қарға кептеле тұншығып, демі бітіп барады.
Тымағы түсіп қалыпты, күртік қар бірде ыстық, бірде суық сезіліп, басын, бетін сабалап, мойнына көйлегінің ішіне кіріп кетіп жатыр. Қолындағы қамшысы шатысып, бураны тоқтатар еш амалы жоқ, шылбырды белдігінен шешуге де дәрмен жоқ. Бура болса тек қашып құтылармын деп, есі шыға, жанұшыра безіп барады, иесін дырылдатып сүйретіп барады. Егерде Едіге әлдеқалай ғайыптан белдіктің таралғысын ағытып жібермегенде бұл шерменденің немен бітерін кім біледі, күртік қарға тұншығып өлер ме еді... Жан дәрменде түйенің шылбырына қолы іліккенде де бура оны әлі біраз жерге дейін сүйретіп апарып, Едіге бұйдадан жанталаса тартқанда әрең тоқтады.
– Аһ, оңбаған! – деп міңгірледі Едіге есін жиып алып, алқына тәлтіректеп әрең түрегеліп. – Солай ма, бәлем! Ал жазаңды, хайуан! Жоғал, жоғал менің көзімнен! Құры, лағнет, құдай сені көрсетпесін! Қараң өшсін, қараң өшкір! Жер жұтсын сені, жоғал! Жаныңды көзіңе көрсетіп, құтырған иттей атып өлтірсін сені! Бәрі де сенің кесіріңнен! Қу далада жайра, жайрағыр. Қараң өшсін, қараң өшкір!
– Қаранар бақыра айқайлап Ақ-Мойнақ жаққа атырыла жөнелді. Едіге оны қуалай түсіп, қамшыны сілтеп-сілтеп қалды. Қарғап- сілеп, талақ айтып, түк қалдырмай түбегейлей боқтады. Айырылысу мен зауал сәті соқты. Сондықтан да Едіге бураның соңынан көпке дейін айқайлады: – Жайра, жайрағыр хайуан! Жоғал! Арам қат, нысапсыз ит!
Ақымақ басыңды оқ тессін, сорлы!
Қаранар қарауытқан бұлыңғыр даламен безіп берді де, борасынды мұнарға сіңіп, көрінбей кетті. Тек анда-санда кернейдей ащы даусы ғана естіледі. Енді ол осыдан түні бойы бір дем алмай, ақ борасын арасымен Ақ-Мойнақтағы інгендерге жеткенше арылдап шаба беретінін ойлады Едіге.
– Тіпу! – деп Едіге бір түкіріп, жаңа өзі сүйретіліп, қазып келген ізбен кері қайтты. Тымақсыз, тонсыз денесі, бет-аузы, қолы дуылдап ысып, қараңғыда қамшысын сүйретіп келеді. Кенет кеудесі кеуектеніп, әл-дәрмен кетіп, қаңырап қалғанын сезді. Қарға тізерлей отыра де бүк түсіп, басын қос қолдап қысып ұстап, тұншыға күңіреніп, боздап қоя берді. Сарыөзектің айдаласында жападан- жалғыз отырып, қар суырып иреңдеген желдің ызыңы мен қимылын, аспаннан жауған қарды сезді. Аспаннан жауған әрбір жапалақ, миллион жапалақ қар әуеде бір-бірімен қақтығысып сыбырласып, Едігеге: енді сен айырылысу азабына шыдамайсың; сүйікті әйелсіз, өзің жаныңдай жақсы көретін балаларсыз өмір сүрудің еш мән- мағынасы жоқ, деп жатқандай. Едіге сонда дәл осы жерде өлгісі келді, қар астында көміліп қалғысы келді.
– Құдай жоқ! Адамның өмірі туралы атасының басын да білмейді ол. Құдай сөйткенде, өзгелерден не күтуге болады? Жоқ құдай, құдай жоқ! – деді ол өзінен-өзі мәңгіріп, Сарыөзектің түнгі адыра даласында жападан-жалғыз құлазып отырып. Бұған дейін ол мұндай сөзді үн шығарып айтқан емес. Тіпті Елизаровтың өзі құдайды жиі-жиі аузына алса да, ғылымның тұрғысынан келгенде, құдай жоқ десе, оған Едіге сенбейтін. Енді сенді. Ғарыштың желі бетін жуған Жер-Ана өз соқпағымен жүзіп барады. Күнді айнала жүзеді, дөңгелеп бара жатып, сол бір сәтте қарлы далада қар үстінде тізе бүгіп отырған адамды арқасында көтере жүзеді. Тақтан, биліктен айырылған бірде-бір король, бір де бір император сүйікті әйелінен айырылған Едіге құсап бүкіл әлем алдында тізе бүгіп, кедерлене қасірет шегіп, қайғыланбас еді... Жер-Ана болса жүзіп барады...
Арада үш күн өткенде рельсті жөндеу үшін құрал-сайман беретін қойманың жанында Қазанғап Едігені тоқтатып алды:
– Сен, немене, кісіге жоламайтын боп кеткенсің, Едіге, – деді ол темір-терсекті зембілге салып жатып, әшейін жай айта салған болып. – Менен қашқақтайсың ба, қалай, әлденеге шеттеп жүрсің, сөйлесудің де сәті түспейді.
Едіге тарс кетіп, Қазанғапқа ызалана бір қарап:
– Егер екеуміз сөйлесер болсақ, мен сені табан астында буындырып өлтіремін. Оны сен білесің! – деді.
– Сен мені, тағы да әлдекімдерді буындырып өлтіретініңе шүбәланбаймын. Бірақ неге мұнша тұлданып жүрсің?
– Зәрипаны кетуге мәжбүр еткен сендерсіңдер! – Едіге бұл күндері көкейінде шемен болып жүрген сөздерді тікесінен айтып салды.
– Е, солай де, – деп Қазанғап басын шайқап, әлде ұялғаннан екі беті қып-қызыл болып кетті.– Ондай ойың болса сен біз туралы ғана емес, Зәрипа туралы да пиғылың нашар екен. Сен сияқты емес, Зәрипаның әйдік ақылды болғанына рахмет айт онан да. Мұның бәрі түптің түбінде немен тынарын сен ойладың ба? Кешікпей тұрғанда кетуге бел байлады. Оның тілегін орындап, менің көмектескенім рас. Балаларыңмен қайда кетіп барасың деп мен сұрамадым, қайда бет алғанын ол айтпады – оны бір тағдырдан басқа ешкім де білмейді. Ұқтың ба? Өз абыройын да, сенің әйеліңнің абыройын да шашпай-төкпей аттанды, Зәрипа мен Үкібала адамдарша қоштасты. Олар сені тура келген бәледен сақтап қалғаны үшін, сен ол екеуінің де аяғына жығылсаң еді. Үкібаладай әйелді сен әлемді шыр айналсаң да таппассың. Оның орнында басқа біреу болса, апшыңды қуырып, аспаныңды жерге құлатар еді де, сонда сен ана Қаранарыңнан да асып түсіп, жер түбіне тентіреп кетер едің... Едігеде үн жоқ. Не дейді? Қазанғаптың айтып тұрғаны шындық та сияқты. Бірақ Қазанғап Едігенің жан азабын қайдан ұқсын. Едіге енді дөрекілікке тіке тартты.
– Жә, болды! – деп ол жақтырмастан жанына түкіріп тастады. – Ақылдым, тыңдадық ақылыңды. Сол ақылдылығыңнан ғой осы жерде жиырма үш жыл бойына тапжылмай, бүдірсіз, түп-түзу болып, жып-жылмағай жүргенің. Менің қайғымды сен қайдан ұғарсың! Жә, жарайды! Сенің насихатыңды тыңдап тұрар жайым жоқ, – деді де сөйлеспестен кетіп қалды.
– Мейлі, өзің біл, – деген сөзді құлағы шалды.
Осы әңгімеден кейін Едіге өзін мезі қылған Боранды бекетті тастап кетпекші болды. Кәдімгідей ойланды, өйткені көңілі құрғыр алаң, Зәрипаны ұмытуға дәрмен жоқ, жанын жегідей жеген сағынышты тұншықтыра алмайды. Зәрипасыз, оның ұлдарынсыз дүние, айнала төңірек сұрықсызданып, қаңырап қалған сияқты. Сонда осы азаптан құтылмаққа әрекеттеніп, Едіге Жангельдин разъездің бастығына жұмыстан босат деп арыз беруге бел байлады. Басы ауған жаққа отбасын алып кетпекші болды. Тек осы арадан көшу керек. Ол тегі осы бір құдай да ұмытып кеткен жерге шынжырмен мәңгі-бақи байланып қалған жоқ қой. Жұрттың көбі- ақ басқа жерлерде – қалаларда, селоларда тұрып жатыр ғой. Олар бұл бекетте бір сағат тұруға да көнбес еді. Едіге неге Сарыөзекте өмір бойы сорлап жүруге тиісті? Сондай-ақ, не қылмысы бар? Жоқ, жетер енді, не Арал теңізіне оралады, не Қарағандыға яки Алматыға жөнеледі. Дүние кең, баратын жер аз дейсің бе. Өзі әйдік жұмыскер, қол-аяғы, дені-қарны сау, құдайға шүкір, басы орнында, бәріне бір түкір де жүре бер, не бар ойланатын. Едіге бұл ниетін Үкібалаға қалай айтсам, қалай көндірсем екен деп ойлады. Қалғаны түк те емес. Бұл ойын әйеліне айтпақ болып оқталып, оңтайлы сәтті күтіп жүргенде арада бір апта өтті. Кенет өзі азаттыққа қуып жіберген Қаранар келе қалсын. Едіге үй сыртында иттің шабалана үріп, ары-бері шыр айналып жүргеніне назар салды да, ол не болды екен деп тысқа шықса, қораға таяу жерде ербиіп бір бөтен түйе қыбыр етпей тұр. Едіге жақындап барып, Қаранар екенін сонда бір-ақ таныды.
– Ей, мынау сенбісің? О, бейшара, құр сүлдең қалыпты ғой, өлексе болыпсың ғой! – деп Едіге сасқанынан дауыстап жіберді.
Бұрынғы Қаранардан тек құр тері мен қу сүйек қана қалыпты. Мұңлы көзді қауқиған бас қылдырықтай ұзын мойынға ілініп тұр. Шудалары келекелеп қолдан жапсырып қойғандай тізеден төмен жалбырап қалыпты. Қаранардың бұрын мұнарадай асқақтап тұратын өркештерінен із де қалмаған – екі өркеші де кемпірдің шандыр төсіндей салбырап қисайып жатыр. Бура байғұстың дәрмені біткені сонша тіпті қораға ілбіп жетуге де шамасы келмепті ғой. Махаббат қызығына ақырғы бір талшық етіне дейін, бір тамшы қанына дейін сарп етіп, енді босап қалған қан құсап, сүйретіліп әрең жетіпті.
– Еһе-һе! – деді Едіге табалағандай таңданып, Қаранардың о жағына бір шығып, бұ жағына бір шығып, шолып көріп. – О, байғұс, жеткен жерің осы да! Сені бұл үйдің иті де танымай қалды. Ау, сен атақты бура едің ғой! Бәсе, бәсе! Тағы да келіп тұрсың ә! Ұят жоқ, аят жоқ! Жұмыртқаларың орнында ма әйтеуір, жоқ әлде жол- жөнекей жоғалтып алдың ба? Үсті-басың қандай сасық еді, кәпір. Әл-дәрменсіз қалған соң бұтыңа жіберіпсің ғой. Сорлы, құмалағың көтіңе қатып қалыпты. Бейшара! Лақса болған бейшара!
Қаранарда қозғалуға дәрмен жоқ, бұрынғы күш те, көрік те қалмаған. Аянышты сүлде әлденеге мұңайып, басын шайқап қойып, құлап кетейін деп, әрең-әрең тұр.
Едіге бураны аяп кетті. Үйге кіріп кетіп, бір тегеш толы тоқ бидай алып шығып, үстіне бір уыс тұз сеуіп:
– Ал, же, – деп жемді бураның алдына қойды.
– Бәлкім, өзегіңді жалғарсың. Қораға содан кейін кіргізейін. Шөккен соң – әлденерсің.
Сол күні ол Қазанғаппен сөйлесті. Үйіне өзі барып, әңгіме бастады: Қазанғап, мен саған бір шаруамен келдім. Кеше ғана о деп, бұ деп, сөйлескісі келмеп еді, енді бүгін мұнысы несі деп таңғалма. Бұл бір елеулі іс Қаранарды өзіңе қайырып бермекшімін. Оны маған бота кезінде бәсіре беріп едің. Рахмет. Талай рақатын, игілігін көрдім. Жақында ғана төзімім бітіп, қуып жіберіп едім, бүгін сандалып өзі келіпті. Сансырап әрең жетіпті. Енді қорада жатыр. Екі аптадан кейіп баяғы қалпына қайта келеді. Қайтадан күшіне кіреді. Тек жемдеп тұрса болғаны.
– Тұра тұр,– деп Қазанғап Едігенің сөзін бөліп жіберді. – Қайда қыдырлап барасың? Кенет Қаранарды маған қайтармақшы болғаның нең? Не, мен сенен бер деп сұрадым ба?
Сонда Едіге өзі бұрын айтуға оқталған бар сырын ақтарып салды. Осылай да осылай, отбасымды алып кетпекшімін. Сарыөзектен безіп болдым, қоныс жаңартпаса болар емес. Мүмкін, осым орайлы да шығар, деді. Қазанғап оны зейін қоя тыңдап алды да, мына бір сөзді айтты ғой:
– Байқа, өзің білесің. Бірақ сен не іздейтініңді өзің де түсінбейсің-ау деп қорқамын. Жарайды, көштің делік, ал өзіңнен өзің қалай қашып құтыласың? Қайда барып тұрақтасаң да пешенеден қашып, қайда барып тығыласың? Кеудеңдегі күйік қайда барсаң да, өзіңмен бірге болады. Жоқ, Едіге, жігіт екенің рас болса, сол күйікті осы жерде жүріп жең. Ал, көшіп кету деген – ерлік емес. Әркім-ақ көше алады. Ал, өзін-өзі тәубаға тұрғызу – әркімнің қолынан келе бермейді.
Едіге Қазанғапты құптаған да жоқ, айтысқан да жоқ. Тек ойға шомып, күрсіне берді. “Дегенмен, басқа жаққа көшу керек пе екен?– деді ол ішінен.– Бірақ ұмыта алармын ба? А, неге мен ұмытуға тиіспін. Сонда қайттім? Ойламасқа амал жоқ, ойлай кетсең – шама жоқ. Зәрипа қайбір оңып жүр дейсің? Әлі есі кірмеген балақайлармен қайда екен қазір? Қиналып жүрсе, оның жайын түсініп, қол ұшын берер біреу бар ма екен? Үкібаланың да шекесі қызғаны шамалы, қанша күн өтті – менің жатырқаулы жат мінезіме, түнерген түріме үн-түнсіз көніп-ақ жүр... Сонда оның жазығы не?” Қазанғап Едігенің басында не дауылдар көшіп жатқанын түсінді ме, әйтеуір демеу болсын деп, әдейі жөткірініп алып, Едіге басын көтерген кезде, былай деді:
– Ау, сені көндіріп, содан бір пайда табатын адамдай мен несіне сені үгіттей беремін. Менсіз де өз ақылың өзіңе жетеді. Алда-жалда, сен Раймалы-аға емессің де, мен Әбділхан емеспін ғой. Мен Әбділхан болған күнде де, бұл қу далада атпен шауып іздесең де сені таңып, байлап тастайтын бір түп тал да табылмайды. Сен азат адамсың, не істесең – қалауың біледі. Тек құйысқаның көтерілер алдында мықтап ойлан.
Қазанғаптың бұл сөзі Едігенің есінде беріштей қатып қалып қойды.
Х
Раймалы-аға өз заманының әйгілі жырауы болған кісі еді. Аты жастайынан-ақ шарықтап шыққан-ды. Құдай берген өнердің арқасында, бұл өзі тамаша үш қасиеттің иесі болған жырау, әрі ақын, әрі композитор, әрі кең тынысты әнші еді ғой. Өз тұсындағы жыраулардың бәрін жеңген. Домбырасын қолға алды – болды, дүйім жұрттың көзінше әуелі әуен пайда болады да, әрі қарай өлең сөзбен жыр деген ағытылып жүре берер еді. Раймалы-ағаның аузынан шыққан әлгі ән келесі күні-ақ ауылдан-ауылға, елден-елге тарап кете барады. Оның әндерін сол кездегі сері жігіттер аузынан тастамай айтып жүрер еді:
Салқын судың кәусарын Аңқасы кепкен ат білер. Саған ауған аңсарым Тояттар қашан – сәт білер. Құдайдың берген бір мінезі – Раймалы-аға қызыл-жасыл кербезденіп, сәнді киініп жүрер еді. Әсіресе, қысқа қарай бір түрлі, жазға қарай бір түрлі, көктемде бір түрлі кілең құндыз, кәмшат бөрік – кигенді жаратар еді. Ендігі бір байлығы – күллі қазақ баласына мәлім жансерігі – ақалтеке нәсілді Сарыала ат болатын. Оны бір тойда Раймалы-ағаға түрікпен туғандар сыйға тартқан. Жұрт Раймалы-ағаны қалай дәріптесе, Сарыаланы да солай дәріптейтін. Оның задылығына, сымбатына қызыққан жұрт жай қарап тұрып ләззат алатын. Сондықтан да кейбір қылжақбастар: Раймалы-ағаның бар байлығы домбыра мен Сарыала ғой, дейтұғын.
Шындығы да сол еді ғой. Раймалы-аға бүкіл өмірін домбырасын алдына өңгеріп, Сарыала аттың үстінде өткізді. Даңқы аспандап тұрса да, байымады. Бар ғұмырын қайда той, қайда жиын – сандуғаштай сайрандап өткізді. Қайда барса да – сыйлы, ас пісулі, төсек салулы. Сарыаланың да бабы табылады. Алайда оның бұл серілігін: желдей ескен желікпе, есіл өмірді есірікпен өткізген ессіз неме, – деп сыртынан күңкілдесіп, ұнатпайтын апайтөс алпауыттар да бар еді.
Бірақ сондайлардың өзі өзгелермен бірге жиын-тойға Раймалы- аға қалай келді, домбырасын қолына қалай алды – солай үндері шықпай, арбалған торғайдай, жыраудың көз ілеспес саусақтарына, қас-қабағына, әрбір қимылына қарап сілейетін де қалатын. Жұрт жыраудың қолдарына сұқтана қарап қалатыны – сол қолдардың қимылынан жан-жүректі тебірентер небір сиқырлы үндер шығады; қас-қабағына, көздеріне қарайтыны – сол көздерден құдіретті ой мен рух оты шашырап тұрады; бет-жүзіне қарайтыны – дидары мүсіндей сұлу, жүзінен сезім сәулесі себелейді. Ол ән салған кезде бет-жүзі желді күнгі теңіз бетіндей толқып тұрар еді...
Әйелдер, одан күдер үзіп, төзімдері таусылып кетіп қалады, бірақ талай әйел заты Раймалы-ағаны армандап, түн ішінде төсекте жатып, көздің жасын жасырып, жылап-жылап алады. Осылайша өмір шіркін әннен-әнге, тойдан-тойға, думаннан- думанға көшіп жүргенде, ұрлана басып кәрілік те келіп қалады. Әуелі мұртына қылау түсті, соңынан сақалы ағарды. Тіпті Сарыала аттың өзі де еңсесі түсіп, жал-құйрығы жидіп, сымбатынан айырылды. Тек әлі де жүрісінен жұрт оның бір кездегі әйгілі жүйрік екенін танитын. Сөйтіп қыстың күні жапырағынан айырылған тәкаппар жалғыз бәйтеректей Раймалы-аға да кәрілік қақпанына түсті... Сөйтсе оның не қатын-баласы, не үй-жайы, не мал-жаны, дәулет дегеннен дымға түк жоқ болып шығады. Оны інісі Әбділхан өз қолына кіргізеді. Әуелі ең жақын ағайынның көзінше Раймалы-ағаға өз өкпесін, ренішін айтып алады да, жеке үй тіккізіп, тамағын дайындап, кір-қоңын жуып беріп тұруға қызметкерлеріне пәрмен береді...
Раймалы-аға енді кәрілікті жырлап, алдағы ажалды ойлай бастайды. Сол кезде ұлы да, қайғылы ән-жырлар туады. Сонда барып ол күллі ойшылдар о заманда-ақ ойлай-ойлай түбіне жете алмаған: – адам баласы жарық дүниеге не үшін келеді?– деген сұраққа жауап іздейді. Енді ол алысқа ұзап шықпайды, той-думанға бармайды, жападан-жалғыз отырып жырлар шығарады, өткен-кеткен өмірді ойлайды, опасыз дүние туралы әңгіме соққан кәрі-құртаң, шал- шауқанның ортасында отырады...
Қартайғанда жан дүниесін алай-түлей толқытқан бір оқиға болмағанда, құдай куә, Раймалы-аға ендігі қалған өмірін үйден шықпай, тып-тыныш-ақ өткізбекші еді.
Бір күні Раймалы-аға шыдай алмай, өзінің кәрі лақса Сары-аласын ерттеп, аздап бой жазайын деп, домбырасын да өңгере салады. Көңілін жықпас сыйлы кісілер: ән айтпасаңыз айтпай-ақ қойыңыз, бірақ тойға қатысып, сыйлы қонақ болып отырыңыз деп жалынып қоймап еді ғой. Сонымен Раймалы-аға, ойында түк жоқ, тез оралармын деп аттанған.
Той иелері оны құрметтеп қарсы алып, ең сыйлы ақ ордаға түсірді. Елдің ығайлары мен сығайларының қақ ортасында қымыз ішіп, ибалы әңгіме-дүкен құрып отырған. Ал, ауылдың үсті думан той: шырқалған ән, сыңқылдаған күміс күлкі, жас қыз-жігіттердің әзіл-оспағы, алтыбақан, күрес, жарыс... Жас жұбайлардың құрметіне ат бәйге дайындаған адамдардың айқайы естіледі, ошақ басында аспаздардың даусы шығады; ауыл сыртында шұрқыраған жылқы табынының сарыны білінеді, сүйек- саяққа тоқ иттердің алысып ойнағаны, түрлі гүл шөптердің иісін аңқыта алқаптан соққан желдің сыңсуы келеді кәрі құлаққа... Бәрінен де Раймалы-аға көрші үйден шыққан домбыра күмбірі мен әнге, әредік қыздардың сыңғырлай күлгеніне елеңдеп, іші қызып, сабыры кете бастайды...
Кәрі жыраудың жүрегі сыздап, жаны зарлайды. Жанында отырған жайсаңдарға сыр бермеген болады. Бірақ есіл-дерті, ой-арманы өткен күндерге орала береді. Ол кезде мына үй сыртында қазір сылқ-сылқ күлген жастардай бұл да жас еді; атырылған жарау Сарыаламен даланың төсін дүбірлетіп өткенде ат тұяғымен мыжылған көк шөп бір жылап, бір күлер еді; оның әнін естіген күн қарсы алдынан жарқырап шығар еді, байтақ дүние тар болған кеудесін жел аймалап, оның домбырасының үнін естіген пенделердің еңсесі көтеріліп, жандары жадырап қалар еді; оның әнін, әрбір сөзін қағып алып, ауыздан-ауызға қақпайлап алып кете берер еді. Сүйе де білетін, күйе де білетін, үзеңгіге аяқ салып тұрып сұлулармен қоштасарда өзегі үзілетін қайран да қайран сол күндер... Бәрі де бір күнгідей болмай өте шықты. Не үшін? Енді міне қартайғанда аһылап еске алып, күл астында елегізіп өшіп бара жатқан шоқтай мұңаю ма?
Өз өткенін оймен кешіп, кедерлі Раймалы-аға көбінесе әңгімеге араласпай отырған. Кенет оның құлағы осы үйге жақындап келе жатқан бір топ жанның үнін, шолпыларының сыңғырын, әуелден таныс жібек көйлектердің етегінің сусылын шалып қалды. Әлдекім киіз үйдің орама есігін түріп кеп жіберіп еді, табалдырықтан кеудесіне домбырасын қысқан, ажары толған айдай қасы садақша керілген, тәкаппар да ойнақы қара көзі шуақ шашқан бір қыз көрінді. Өзі де шебер соққан мүсіндей сұлу екен, мінезі ашық, киген киімі, жүрген жүрісі тым келісті. Жанына ерген бірнеше қыз-желең, жігіттері бар. Домбыралы қыз табалдырықта тұрып, үлкендерге иіліп, тәжім етіп, кешірім сұрады. Игі жақсылар ауыз ашып болғанша, әлгі қыз домбыраның ішегін қағып-қағып жіберіп, Раймалы-ағаға қарап тұрып, өлеңмен сәлем жоралғысын жасады. “Алыстан аңқасы кеуіп, мөлдір бұлаққа асыққан керуеншідей, мен де саған сәлем беруге ынтық болдым, даңқты жырау Раймалы- аға. У-шу болып, үстіңе баса-көктеп кіргенімізді айып көрме – бұл той ғой. Той-думансыз, әнсіз, жырсыз болмас. Менің бұл батылдығыма таңғалма, Раймалы-аға. Мен саған ән сала батыл келгенмен, іштей дірілдеп, өзіңе деген махаббатымды айтардай, имене-имене кірдім. Кеш мені, Раймалы-аға, менің бұл оқтаулы мылтықтай батылдығымды. Той-думанда емін-еркін жүрсем де, сенімен кездесу сәтін мен әр гүлден бал жинаған арадай бүкіл өмір бойы күн санап күтіп едім. Мен сенімен жүздесу сәтіне бүрін жаруға талпынған гүлдей зарыға ұмтылып едім. Сол сәт соқты білем...”
“Ау, жайдармандай жарқыным, кім боласың?” демекші еді Раймалы-аға. Бірақ мына қыздың әнін ортасынан бөліп жіберуге батпады. Алайда алға ұмтылып, сұқтана да таңдана қадалып қалды. Жан дүниесі бұлқынып, бойында қаны тасқындап барады. Егер оның жан-жүрегіне үңілер өткір көз табылса сол сәтте Раймалы-ағаның тұғырынан дүр сілкініп, қанаттарын жайып жіберіп, енді ұшатын қырандай қомданғанын байқар еді. Қияннан құштар қиқу естігендей, бойын тіктеп, көздеріне нұр кіріп, шоқтай жайнап барады. Раймалы- аға енді еңіске құлаған кәрілігін ұмытып, басын көтеріп алды... Ал әнші қыз шырқай берді: “Мен алдыңа келуге белді бекем буған соң, тыңда менің жайымды, ұлы жырау. Құдайдың өзі ақын, әнші жаратқан Раймалы-аға, мен сені балапандай жас шағымнан сүйемін. Сен қай тойға барсаң да, қай жерде ән салсаң да, ылғи да мен соңыңнан ілестім де жүрдім, Раймалы-аға. Айып көрме, Раймалы-аға, мен сендей ақын, әнші болсам деп армандаушы едім, ән мен жырдың қол жетпейтін шынары, Раймалы-аға. Көлеңкеңде болып, көзге көрінбей, соңыңнан ілесіп жүріп, бір сөзіңді де қалт жібермей құрандай жаттап, жүрегімде сақтап, қайталап айтып, құлағыма құйып алдым. Құдайдан күндіз- түні медет тілеп, сенімен бетпе-бет кездесер күнді армандап, саған деген ыстық махаббатымды, қайнар ықыласымды табанда суырып салып білдірер ұлы дарын бер деп мінәжат еттім; менің бұл жүрек жұтқан ісімді бір құдай өзі кешірсін, о, ұлы жырау, жеңілсем- жеңілермін, мен сенімен ән мен жырдың айтысына түскім келді. О, Раймалы-аға, мен осы күнді бойжеткен қыздың неке тойын армандағанындай, армандадым. Бірақ мен әлі кішкентай едім; ал сен болсаң алыстағы айдай заңғар едің, жан-жағың қаумалаған қалың жұрт еді, сол көптің арасынан мен сенің көзіңе қайдан іліге қояйын. Ал сенің ән-жырыңа елітіп, мас болған мен байғұс, ұяттан жүзім жанып өртенсем де, көңілімде сенімен бір болуды қиялдап, тіпті ертерек әйел болуды аңсадым, саған тезірек кездесіп, бар сырымды жасырмай айтқым келді. Сөз маржанын сенше теріп, өнер зерін сенше өріп, ән сиқырын сенше сезіп, әуен әуезін сенше кезіп бір шарықтап ұшуға өзіме-өзім ант беріп; сөйтіп барып, сенімен дидарласып, сәлем сөздің анасын айтып, жасырынбай, жасқанбай, сенің сыншы көзіңнен сескенбей, жүрегімнің сырын ашып, махаббаттың мұңын шағып, өзіңмен бір айтыс айқасына түссем деуші едім. Міне, мен алдыңдамын. Дүйім елдің, әділ қазы алдында тұрған бойым осы. Мен ертерек бойжетуге, мен ертерек әйел болуға асыққанша, уақыт деген мимырт өтіп, жасым енді осы өткен көктемде он тоғызға толыпты. Ал сен болсаң, Раймалы-аға менің қыз қиялымда әлі де сол дер шағыңда, сақал-шашыңды шамалы қырау шалғаны болмаса, сол баяғы қыран күйіңде сияқтысың. Шашыңды қырау шалғаны – шатақ емес, кейбір бурыл тартпағандардан гөрі, сені сүйген мың артық. Мен енді алдыңа келіп тұрмын. Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің жасырмай- шаппай кесіп айтуға рұқсат ет: сен менен қыз ретімде бас тартсаң да, әнші-ақын ретімде бас тарта алмайсың. Мен сенімен өнер сайысына түсіп, айтысқалы келіп тұрмын... Шақырдым сайысқа, сөз кезегі сенікі, жырау!”
– Ау, жарқыным, сен кімсің? Қайдан жүрсің? – деп саңқ етіп Раймалы-аға орнынан тұрып кетеді. – Атың кім, қалқам?
– Атым – Бегімай. – Бегімай деймісің? Қайда болдың бұған дейін? Қайдан келдің, Бегімай? – Раймалы-аға айтып қалып, түсі түнеріп, басын иді.
– Айттым ғой жаңа, Раймалы-аға. Мен ол кезде бала едім, тез бойжетпедім-ау деп нала едім.
– Түсінемін, жаным, түсінемін,– деді ол сонда. – Түсінбейтін бір ғана нәрсем бар, ол – менің тағдыр талайым! Тағдыр жазған сені мұнша сұлу етіп, бойжеттіріп мына менің, қысым түсіп, күнім батар кезде жолықтырғаны несі? О қай қылғаны? Осы күнге дейін көріп-білген, дәмін татқан бар қызығым, бал дәуренім, мына сенің бір тал шашыңа татымайды екен-ау, деп аһ ұрғызу үшін бе? Тәңірі маған сені азапқа бола кездестіріп, сенің дүниеде бар екеніңді бұрын білгізбей, енді мына сорда кездестіріп, жүздестіріп, әттең дүние- ай, бүткіл ғұмырым текке өткен екен-ау, деп бармақ шайнаттыру үшін бе? Тағдыр соққанның мұнша қатыгез болғаны неғылғаны?
– Мұнша бекер қапа болдың, Раймалы-аға,– деді сонда Бегімай.– Егер мен саған тағдыр болып келген болсам – маған шүбәланба, Раймалы-аға. Егер мен қыз қылығыммен, әніммен, саған деген шексіз махаббатыммен сені қуанта алар болсам, мен үшін одан ардақты, одан қымбат сый-сыяпат жоқ. Менің бұл сөзіме шүбәланба, Раймалы-аға. Егер сол шүбә-күдіктен арыла алмай, менің махаббатым алдында жүрегіңнің есігін тарс жауып тастасаң да, мен сені шексіз сүйіп, не қияметке болса да бас тігіп, сенімен айтысқа түсуді өзіме зор құрмет санаймын, Раймалы-аға.
– Не деп кеттің, жарқыным? Ән-жыр, айтыс не, тәйірі, Бегімай? Махаббат деген ұлы сын тұрғанда, ол махаббат бұл елдің ырым- жырым, салт-сана, әдет-ғұрпына жырың тұрғанда, өнер сайысы деген де сөз болып па. Жоқ, жарқыным, Бегімай, мен саған айтысқа түсемін деп айта алман. Айтысқа түсуге күшім жетпегендіктен емес, кеудемде сөздің кені сарқылып қалғандықтан емес, көмейімде даусым қарлығып қалғандықтан да емес. Мен тек сені көріп масаттана аламын, Бегімай. Өз сорыма сені тек сүйе аламын, Бегімай. Мен сенімен махаббат сайысына ғана түсе аламын, Бегімай. Осыны айтып, Раймалы-аға қолына домбырасын алып, құлағын келтіріп, баяғы қыран кезіндегіден шырқап, жаңа бір әнге басты. Сонда әлгі ән кейде жел тербеткен шалғындай сыбдырлап, кейде аспандағы найзағайдай күркіреп жүре берді. Содан бері сол ән жер бетінде жасап келеді. Әннің аты “Бегімай” еді:
“...Егер сен кәусар суды алыстан аңсап келген болсаң, онда мен самал боп соғып, аяғыңа жығылайын, Бегімай. Егер менің пешенеме дәл бүгін ажалың жетті деп жазылса да, енді бүгін де мәңгі-бақи да өлмеймін, Бегімай. Өлекседен қайта тіріліп, сенсіз қалмас үшін қайта қанаттанамын, Бегімай. Сенсіз өмір маған екі көздің сөнгенімен тең, Бегімай…”
“Бегімай” әнін ол осылай шырқады. Сол бір күн елдің есінде көпке дейін ұмытылмай қалып қойды. Раймалы-аға мен Бегімайдың бұл кездесуі туралы ел арасында гу-гу әңгіме тарап кетті. Қалыңдықты күйеу жігіттің ауылына аттандырғанда тойға тіккен ақ үйлердің, той аттарын әбзелдеп мінген салт аттылардың арасынан ерекше бөлініп, салтанат басында Раймалы-аға мен Бегімай аттарын ойнақтатып, жас жұбайларға бақыт тілеп, қосылып “Жар-жар” айтты. Екеуінің аттары қатар жүріп, екеуінің үзеңгілері бір-бірімен қағысты. Екеуінің жұп-жазбай жүргені жарасымды еді, екеуі де құдайға құлдық айтып, екеуі де аруаққа сиынып, екеуі де жас жұбайларға бақыт тілеп, екеуі де домбыра тартып, екеуі де сыбызғы шалып, екеуі де ән шырқады. Раймалы-аға мен Бегімай.
Мұндай ғажайып әндерді тыңдап қаумалаған қалың жұрт рақатқа батып, ғажап қалысты, көкорай шалғын да сыңғырлай күліп, жер ошақтың түтіні жер бауырлай ұшып, айнала құстар қалықтап, тай мінген бала-шаға мәз болып, шапқылады...
Раймалы-ағаның жасарып кеткеніне таңғалмаған жан жоқ. Даусы баяғыдай арындап, қимыл-қылығы баяғыдай жарқылдап, көздері жасыл шалғынға тігілген ақ үйдің шамындай жарқырайды. Тіпті Сарыала аттың өзі де қаз мойнын иіп тастап, масаттанып келеді. Бірақ бұл көрініске риза болмағандар да табылды. Қалың нөпір ішінде Раймалы-ағаға қарап жерге түкіргендер де болды. Оның аталас ағайын-жұрағаты – Барақбай руының кісілері әсіресе бұлқан- талқан. Той үстінде Барақбайлар тырсылдап жүрді. Бұл не деген сұмдық – қартайғанда Раймалы-аға ақылынан адасты: Барақбайлар Раймалы-ағаның інісі Әбділханды күстәналап бақты. Кәрі төбет Раймалы бізді қалың елге масқара етсе, сайлауда бізді жұрттың бәрі мазақтап, етегін ашып күлсе, сені қайтіп болыс сайлаймыз? Естимісің, Әбділхан, ағаңның ән салғанын, бесті айғырдай кісінеуін қарашы? Әне, ана салдақы қыздың жауабын тыңдадың ба? Ұят-ай, өлім-ай! Дүйім жұрттың көзінше кәрі төбеттің басын айналдырып барады. Бұл жақсылық емес. Салдақымен шатасып несі бар? Ел- елге өсек тарап кетпей тұрғанда, ағаңның айылын тартқаның жөн... Жүгенсіз кеткен ағасына Әбділханның зығырданы әлдеқашан қайнап жүрген. Сақал-шашы ағарғанша әулекілігін қоймады. Енді қартайды ғой, тыйылатын шығар деп еді – мәссаған, бүкіл Барақбай әулетіне масқара таңба баспақшы.
Сонда Әбділхан астындағы атына қамшыны басып-басып жіберіп, қалың топты қақ жарып, ағасына жақындап барып, қамшысын сілтеп тұрып: “Есіңді жи! Көзіңді аш! Үйге қайт!” – деп бопсалай айқайлады. Бірақ көмейінен жаннаты жыр төгіп келе жатқан ағасы інісінің сөзін аңғарған да жоқ, оны көзіне ілген де жоқ. Ақындарды қаумалап, олардың әрбір сөзін құлағына құйып алып, ұйып келе жатқан қалың ел Әбділханды лезде шетке ығыстырып, әрберден соң қамшымен жонарқадан тартып-тартып та жіберді. Додалы топта кім ұрғанын кім білсін. Әбділхан ауылға қарай шаба жөнелді...
Ән болса асқақтап барады. Жаңа бір жарық дүниені жаңғырықтырады.
“Таң-таң ата марал маңырап, қосағын іздеп шақырса, тау менен тас жаңғырығып қосылар”, – деп жырлайды Раймалы-аға. “Таң-таң ата қосағынан айырылған аққу жаңа шыққан күнге қараса, күн де қап-қара боп көрінер”, – деп жауап қатады Бегімай. Жас жұбайлар құрметіне екеуі осылайша кезек-кезек ән салды.
Екеуі кезек-кезек...
Ән мен тойдың, қасындағы қыздың қызығына елтіп алған Раймалы-аға сонда інісі Әбділханның көкірегіне қара қан қатып бара жатқанын, бүкіл Барақбай оның соңынан ыза мен кекке булығып аттанғанын сезген жоқ.
Олар бұған нендей азап, нендей қорлық дайындап, қауқылдасып кеткенінен Раймалы-аға қаперсіз...
Ән болса асқақтап барады. Екеуі кезек-кезек шырқайды.
Әбділхан жауар бұлттай түнеріп, ердің қасына бүк түсе шауып барады. Ауылға, үйіне тартып барады! Оны ұялас қасқырдай қоршап алған Барақбайлар:
– Сенің ағаң ақылынан адасып, ауыш болды! Сорладың! Бақсыға тезірек емдет! – деп бажылдасып барады.
Ән болса асқақтай түседі. Екеуі кезек-кезек шырқайды...
Той керуен қалыңдықты осылайша күйеу жігіттің еліне дейін әнмен шығарып салды. Қоштасар сәтте ақындар жас жұбайларға арнап тағы да тілеулестік әнін айтты. Раймалы-аға сонда қауымиетке қарап тұрып: осы бір нұрлы күнге жеткеніме, Бегімай сынды сандуғаш ақынмен тағдыр мені талайына жолықтырғанына бақыттымын деді. Шақпақ тас пен шақпақ тас шағылғанда ғана ұшқын шашырап, от лаулайды, жас ақын мен жас ақын айтысқанда ғана өнердің құпия ғажайыбының сырына қанады, деді. Бірақ бәрінен де гөрі, өмірде татқан бар қызықтан да гөрі, мына ғұмырымның соңында, күн батар шақта, дүние жаралғалы бері құдіреттен күш алған жарық күн толықсып қайта шығып, туғалы бері білмеген-сезбеген махаббаттың ғаламат күш-қуатын сездім деді. Раймалы-аға! – деді сонда Бегімай.– Мен де арманыма жеттім. Енді мен сенің етегіңнен ұстадым. Айтқан жеріңе, айтқан сәтіңде домбырамды алып, ұшып барамын. Ән менен ән қауышсын, менің махаббатым мен сенің махаббатың қауышсын. Жалтақтамай, жалтармай, жас ғұмырымды бір тағдырға тапсырдым.
Осылай ән шырқалды.
Екеуі қалың қауымиет алдында енді бір күннен соң ұлан жәрмеңкеде кездесіп, дүниенің шартарабынан келген жұрттың алдында ән салмаққа уәде байласты.
Тойдан қайтқандар Раймалы-аға мен Бегімай жәрмеңкеде кездесіп ән салатын болды деген хабарды бүкіл атырапқа таратты. Бұл хабар ел-елге жайылып кетті:
– Жәрмеңкеге барыңдар!
– Жәрмеңкеге аттарыңды ерттеңдер!
– Жәрмеңкеде ақындардың әнін естуге келіңдер! Жаңалық хабар жаңғырып жатты:
– Ой, тойдың көкесі сол болады!
– Ой, қызықтың көкесі де!
– Тамаша!
– Масқара!
– Әне қызық!
– Ұяттан безгендер түге!
Раймалы-аға мен Бегімай жол айырықта қоштасты.
– Жәрмеңкеде жолыққанша күн жақсы, жаным Бегім-ай!
– Жәрмеңкеде жолыққанша, Раймалы-аға!
Күн кешкірген. Ұлы дала керіліп жазғы кештің мұнар-мұнар толқынды құшағына енді. Пішен піскен шақ, қураған гүлдер исі сәл-сәл білінеді. Тауда себелеп өткен жаңбырдан соң жібектей самал есіп тұр, күн батар алдында әуеде қарақұстар салп-салп етіп, төмендеп ұшып барады, мамыражай кешті мадақтап құстар сайрайды. Неткен ақ жарылқап, неткен мамыр кеш! – деп Раймалы-аға атының жалынан сипайды. Аһ, Сарыала, әй, кәрі дос, қадірлі қанатым менің, ғұмырыңның ақырында да бұлай сүюге болатын болса, дүние неткен ғажайып едің?..
Сарыала пысқырынып қойып, жол жүріспен бүлкілдеп, үйге қарай асығады, күнде-күнде арқасынан ер-тоқымы алынбай шаршаған аяғына тыным тілейді, өзеннің салқын суына қанып, айлы түнде төскейде жайылғысы келеді.
Міне, өзеннің бұралаң тұсында ауыл жатыр. Қаз-қатар киіз үйлер көрінді, түтіні сылаң қаға шұбатылып, ошақтарда от маздайды.
Раймалы-аға аттан түсіп, Сарыаланы мама ағашқа байлап, қаңтарып қойды. Үйге кірмей, іргеге сүйеніп отырып, біраз дем алғысы келді. Әлдебіреу қасына жақындады. Көрші үйдің баласы екен.
– Раймалы-аға, сізді шақырып жатыр.
– Кім шақырған?
– Бәрі, осы елдің адамдары, бәрі де Барақбай баласы.
Үйдің табалдырығынан аттай беріп Раймалы-аға алқа-қотан отырған Барақбайдың ақсақалдарын көрді, бір бұрыштан інісі Әбділханды көзі шалды. Әбділхан түнеріп алыпты. Әлдене жасырғандай, жанарын тайқытып, бас көтермейді.
– Армаңыз! – деп сәлемдесті Раймалы-аға ағайындарымен.– Тыныштық па, бұл не жиын?
– Сені тосып отырмыз,– деді ақсақалдардың ақсақалы.
– Күткендерің мен болсам, мен келдім, – деді Раймалы-аға,– қатарларыңнан мен де орын алайын.
– Тоқта! Босағада тұр! Тізеңді бүк! – деген әмір естілді.
– Бұл не дегендерің? Бұл үйдің қожайыны әзірше мен едім ғой.
– Шоқ, сен қожайын емессің. Ақылынан адасып, алжыған шал үйге қожайын бола алмас!
– Бұл не сөз өзі?
– Сөз сол: енді ешқашан да ән салмаймын, той-томалақ іздеп қаңғырмаймын, әлгі бүгін өзіңмен ән салып айтысқан салдақы қызға енді қайтып жоламаймын, – деп ант-су іш! Анау, ұятсыз, сақалыңның ағарғанын ұмытып, ақымақ, мына біздің, өзіңнің намысыңды ұмытып сол салдақымен әулекілендің ғой бүгін. Сөз сол: ант-су іш! Енді сол салдақының көзіне түспеймін деп қарған!
– Сөзді текке шығындайсыңдар. Бүрсігүні сол қызбен мен жәрмеңкеде бүкіл халық алдында айтысып, ән шырқаймын.
Құдай салмасын, сонда бәрі шу ете түсті дейсің:
– Әй, мынау бізді жер қылды ғой!
– Әй, жаның барда қайт райыңнан!
– Өй, ол ақылынан адасқан ғой!
– Оу, мынау шыннан алжып тұр ғой!
– Ей, тәйт, түге! Шиебөрінің артындай шуылдамай қарыс! – деп ақсақалдардың ақсақалы ақырып қалды. – Сонымен, Раймалы, айтарыңды айтып болдың ба?
– Иә, айтып болдым.
– Ей, Барақбай баласы, естідіңдер ме, мына біздің шіріген жұмыртқамыз Раймалы сорлының не айтып тұрғанын?
– Естідік, естідік. Олай болса, құлақ қой, менің айтарым: алдымен саған айтам, Раймалы бейбақ! Бүткіл өміріңді жалғыз атқа жарбиып, сайрандаумен, ойын-тоймен домбыраңды тыңқылдатып, масқарапаз болумен өткіздің. Бүткіл өміріңді басқаларды мәз- мейрам етумен өткіздің. Сенің сол ойнампаздығыңды сен селтеңдеген жас болған соң кешіріп келдік. Енді сен қартайдың, енді сен келекесің. Енді сен бізге құсқан астайсың. Енді сен абайлап басып, алдыңнан ақ өлім тілейтін кезің келді. Ал сен болсаң, әлгі салдақымен ілігісіп, бізді бөтен елдің өсегіне қалдырдың, біздің әдет-ғұрпымызды табанға салып таптап, ең сорлы ұшып-қонба көбелектей көлбеңдеп, енді мына алқа-қотан ағайынның ақылына көнбей тұрсың. Қайтейік, өз обалың өзіңе, сені құдай қарғасын. Ендігі айтарым. Әбділхан, тұр орныңнан! Мұның бір ата, бір анадан туған қандас, құрсақтас бауыры сенсің. Біздің таянышымыз да, үміт артарымыз да сенсің. Бүкіл Барақбай баласының ортасынан ойып алып, сенің болыс болғаныңды көрсек деп едік. Бірақ та мына ағаң ақылынан адасты, не істеп, не қойғанын өзі де білмейді, осының кесір-кесепатынан біз діттеген тілекке жете алмаспыз деп қорқамын. Сондықтан да, Барақбай баласы бөгде жұрттың алдында күлкі болмасқа, алжыған Раймалы біздің бәрімізді масқара етіп, ел бетімізге түкірмеске сен енді бұған не істеймін десең де өз еркің!
– Ей, ағайын! Маған ешқайсың пайғамбар да, әділ төре де бола алмайсың, – деп Раймалы-аға Әбділханның алдын орап кетті. – Көркеуде бейшаралар, мұнда отырғаның бар, отырмағаның бар, аяймын сендерді, өйткені сендер өздерің өле-өлгенше түсіне алмайтын, үдесіне шыға алмайтын дауды соғып отырсыңдар. Бұл дүнияда ақиқат не, бақыт не – соны сезбейсіңдер. Ау, көкірегінде жыр кернеп кеткен кезде жырлағанның несі айып? Шырағдандай жалп өшер мына жалған өмірде хақ-тағала бір-ақ рет кеудеңе сүю құдіретін құйса – оның несі оғаш? Оу, мына қара жердің жүзіндегі ең үлкен қуаныш – сүйгендердің бақытына қуану емес пе? Егер де мен мезгілсіз келген махаббатқа мас болып, көкірегімнен жыр төгілгені үшін ғана алжыған атансам, болсын, тәйірі, мен сол махаббаттан бас тарта алман, мен соған сүйінем де бездім сендерден! Жердің жыртығын жамаған сендер емес, бездім, бездім! Тап қазір Сарыалаға мінемін де, өз өлеңіммен де, өз мінезіммен де сендерді мазаламас үшін кеттім Бегімайға, тек сонымен қол ұстасып батырдым қарамды қиырларға!
– Жоқ, кетпейсің! – Осы уақытқа дейін тілін тістеп отырған Әбділхан тарғыл-тарғыл дауыспен ақырып қалып орнынан атып тұрды. – Дәл осы арадан бір аттап баспайсың! Үз үмітіңді жәрмеңкеден! Ақыл-есің қайта кіргенше сені тәуіпке қаратамыз.
Сөйдеді де ақын ағаның қолынан домбырасын жұлып алды.
– Міне! – деп нәп-нәзік домбыраны жерге бір ұрып, құтырған бұқаша әлгіні таптады-ай келіп. – Ендігі жерде өлең деген бәлені ұмыт! Әй, әкеліңдер әлгі Сарыала лақсаны! – Әбділхан қолын бір сермеп қалды. Есіктің алдында жалаңдап тұрған жалбақайлар мама-ағашта қаңтарулы тұрған Сарыаланы жетектеп алып келді.
– Жұлып ал ер-тоқымын! Лақтыр мұнда! – деп Әбділхан әмір етіп, тығулы тұрған балтаны қақшып алды.
Құранды ерді балтамен олай ұрып, былай ұрып быт-шытын шығарды.
– Міне, бәлем! Енді ешқайда-бармайсың! Жәрмеңкеде басың қалсын! – Жын қысқан бақсыдай қалшылдап, күллі әбзелді ту- талақай турап-турап тастап, үзеңгі баудың парша-паршасын шығарып, үзеңгілерді біреуін ана қалың, біреуін мына қалың жыныстың арасына лақтыр-еп, лақтыр-еп жіберді.
Дәл осы тажал өз басына төнерін сезгендей Сарыала жануар артқы аяқтары бүгіліп, ауыздығын қарш-қарш шайнап, тамағы қыр- қыр етіп, үрейлене алас ұрды.
Ал, кәне, сен жәрмеңкеге бармақшы болдың ғой? Сарыалаға мініп бармақшы едің ғой? Ал, көр де тұр! – деп жұлынды Әбділхан. Сол-сол екен, айналайын ағайын қас қаққанша Сарыаланы жығып салсын, қас қаққанша қыл арқанмен ақалтеке арғымақтың төрт аяғын бүрістіріп буып тастасын. Ал, Әбділхан болса сояудай- сояудай саусақтарымен Сарыаланың тұмсығынан алып тұрып, аттың басын кегжитіп қойып, бауыздау тамаққа пышақты бір салды дейсің.
Жан-жағынан тұтып тұрған ағайынның арасынан Раймалы-аға сонда жұлқына-жұлқына ұмтылды-ау, дүние.
Әттең дүние, не шара. Күре тамырдан ышқына шапшыған ыстық қан көзін көлбеп, жап-жарық күнді түн-түнек басты да қалды. Үсті- басын Сарыаланың ыстық қаны жуып кеткен Раймалы-аға сонда теңселіп барып орнынан тұрды-ау.
– Сорлылар! Бәрі бекер! Мені ерегістірсең, жаяу кетем. Еңбектеп барсам да, жетем! – деді ғой сонда зорақылық көрген ақын, шапанының етегімен бет-аузын сүртіп тұрып. – Жоқ, жаяу да бармайсың!– Сарыаланың бауыздалған алқымынан Әбділхан ақсиған аузы қисайып, басын көтеріп алды. – Осы арадан бір аттап баспайсың! – деп міңгірледі де, кенет бақырып жіберді: – Ұста! Абайла, есінен ауысқан! Байлап таста, әйтпесе өлтіреді ол!
Сол-сол екен абыр-сабыр айқай-шу басталып кетті. Жұрттың бәрі абыржып, ығы-жығы теңселіп барады.
– Арқанды әкел!
– Қолын қайыр!
– Әй, мықтап байла!
– Есі ауысқан! Құдай білед!
– Көзіне қара, көзіне! Құтырған!
– Ойбу, сорлы-ай! Ақылы айныпты!
– Тарт бері! Қайыңға әкел!
– Сүйре деймін! Сүйре бері!
– Тарт тезірек!
Ай толықсып тас төбеде тұр еді. Аспан тынық, жер де тыныш, мүлгіген бір дүние. Алба-жұлба бақсылар келді, қайың түбіне от жағылды, ұлы ақынды ақылынан адастырған жын-періні қуалап, зікір салып, алқын-жұлқын би басталды.
Ақын болса ақ қайыңға таңулы, екі қолын артына қайырып, қарыстырып буып тастаған.
Бір кезде молда келді. Құраннан бір сүре оқыды. Ақылынан айырылған пендені ақ жолға бұрып салмақ ойы бар.
Ақын болса ақ қайыңға таңулы, екі қолын артына қайырып, қарыстырып буып тастаған.
Сонда Раймалы-аға інісі Әбділханға қарап тұрып жырлады-ау, сорлы: “Ала-көбең ымырт шағын үйіріп, түн де жылжып барады, кешікпестен ақ таң атып, күн де шығып қалады. Бірақ менің соңғы сәулем тарады. Сорлы Әбділхан-өндірім, күнімді менің сөндірдің. Қартайғанда құдай берген махаббаттан айырып, қуанасың кәдімгідей қанатымды қайырып. Бірақ білсең, бақытымды жүрегімде әкеттім, сорлы бала бекер мені, ақылсыздан кекеттің. Мына ағаңды күшпен зорлап ақ қайыңға байладың, бірақ сорлы, білмейсің ғой, ағаң сенің қайда-ды. Сорлы бала, байладың ғой жалғыз менің тәнімді, менің жаным жел боп ұшып, жаңбыр болып жерді құшып, сүйгеніме таңылды: сүйгенімнің қолаң шашын менің қолым тарады, одан мені айырам деп, сенің демің солады. Менің сәулем таң-таң ата ұйқысынан оянар, жердің жүзі жасыл-қызыл асыл түске боянар; шыңнан шыққан арқардай боп, жақпар таста тұрармын, ақбоз үйден сәулем болып, айдынданып шығар күн. Сәулем от боп жанады, сонда мені іздеп, қайдалап; түтін болып шалықтармын, сүйгенімді аймалап. Сәулем сонда атқа мініп, судан өтіп асығар, менің жаным жаңбыр болып, ақ жүзіне шашырар. Өзек өртеп әнге салар сонда сұлу Бегімай, әттең дүние, әнге бөлеп алсам сонда дедім-ай...”
Таң самалмен жамырады жапырақ, ақын жанның күн де шықты қарсы алдынан жарқырап. Раймалы жынданыпты, қараңдар деп, атқа мініп селтиісті жарандар көп.
Алба-жұлба киім біткен тұр жырау, ақ қайыңға таңып тастап қыл бұрау.
Сонда ақын ән бастады сөнбейтін, өзі өлсе де, мәңгі-бақи, заман- заман өлмейтін:
Қаратаудан көш қайтқанда, Қолымды шеш, Әбділхан. Көкшетаудан көш қайтқанда, Арқанды кес, Әбділхан.
Ойламап ем, сен болар деп жендетім, Қол-аяғым байлап қояр пенде етіп. Қаратаудан көш қайтқанда, Көкшетаудан көш қайтқанда, Қолымды шеш, бауырым,
Мен ұшармын бетке ұстап, Аспандағы періштелер ауылын. Қаратаудан көш қайтқанда, Жәрмеңкеден мені іздеп Алаңдама, Бегімай. Көкшетаудан көш қайтқанда, Жәрмеңкеден мені іздеп Алаңдама, Бегімай.
Жәрмеңкеде біз бірігіп, Жырламаспыз, Бегімай. Ат арыды, мен тіріліп, Жырғамаспыз, Бегімай.
Қаратаудан көш қайтқанда, Көкшетаудан көш қайтқанда, Жәрмеңкеден тоспа мені, Тағдыр бізді әуелден-ақ сор маңдай ғып қоспап еді…
Бұл аңыздың ақыр соңы сондай болған…
Енді міне Ана-Бейітке Қазанғапты соңғы сапарға шығарып салып бара жатып, Едігенің есінен кетпей қойған осы оқиға еді…
XI
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жөңкіліп жатады. Теміржолдың қос қапталын ала бұл өлкеде сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы кеңістігі көсілген…
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Пойыздар болса шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жөңкіліп жатады...
Бұлар Құмдышаптың қызылжарлы Құмдауыт саласымен ұзақ жүріп, ақыры Ана-Бейіттің шебіне де ілікті-ау. Бір кезде Найман- ана мәңгүрт ұлын іздеп шарқ ұрған жерлер ғой бұл. Едігелер дәл осы тұста тұңғыш кедергіге кез болды. Кенет алдарынан тікен сым темір тартылған шарбақ шыға келді. Бірінші болып Едіге тоқтады – мәссаған! Тіпті Қаранардың үстінен үзеңгіге шіреніп тұрып Едіге оң жағына қарады, сол жағына қарады – көз жетер жердің шегіне дейін төртбұрышты темірбетон қадауларға қатар-қатар тартылған тікен сым темір жыланша ирелеңдеп, өткел бермей жатыр.
Арт жағынан трактор тоқтады. Әуелі Сәбитжан, соңынан Ұзынтұра Еділбай секіріп түсті.
– Мынау не? – деп Сәбитжан тікен шарбаққа қолын сілтеді. – Басқа жаққа шығып, кеттік пе, немене? – деп сұрады Едігеден.
– Неге басқа жақ? Жолымыз тура, бірақ мына тікен шарбақ қайдан шыға келді, шайтан алғыр?!
– Немене, бұрын бұл шарбақ жоқ па еді?
– Жоқ болатын.
– Ал, енді қайттік? Енді қалай өтеміз?
Едіге үндемеді. Қалай өтерін ол өзі білмей тұр.
– Әй, өшір трактордың үнін! Тарқылдатқаның жетер енді! – деп Сәбитжан кабинадан басы қылтиған Қалибекке ызалана айқай салды.
Қалибек моторды өшірді. Соңынан экскаватордың да үні сөнді. Айнала тып-тыныш, құлаққа ұрған танадай мәңгірген тыныштық орнады.
Аспан асты Сарыөзектің ұлы даласы бір қиырдан бір қиырға дейін созылып жатыр, бірақ Ана-Бейітке өтетін бір аттам жер жоқ.
Алдымен Ұзынтұра Еділбай тіл қатты:
– Едеке, бұрын бұл шарбақ жоқ па еді?
– Өмірі болған емес! Бірінші рет көріп тұрмын.
– Е, ендеше әдейі қоршаған ғой. Космодром салатын шығар, – деп сәуегейлік айтты Ұзынтұра Еділбай.
– Солай болса, солай шығар. Әйтпесе, құдайдың қу даласына осыншама күш төгіп, шарбақ салар ма еді. Біреудің ойлап тапқаны ғой. Ойына не келсе, соны істейді, шайтан алғырлар! – деп Едіге шыдай алмай балағаттап жібереді.
– Шайтанда не шаруаңыз бар! Өлікті алып қиян жолға шығардан бұрын алдын ала білу керек еді ғой, – деп сызданды Сәбитжан. Бәрі де зіл басқандай үнсіз қалды. Боранды Едіге Қаранардың үстінен жанында тұрған Сәбитжанға оқшия қарады:
– Сен, шырағым, шошаңдамай азырақ сабыр ет, – деді даусын көтермеуге тырысып. – Бұрын бұл тікен шарбақ жоқ еді, мен қайдан білейін мұндай боларын?
– Е, мен де соны айтып тұрмын, – деп күңк етті де Сәбитжан бұрылып кетті.
Тағы да ешкім тырс етпеді. Ұзынтұра Еділбай бір амалын таппақшы боп ойланып тұр.
– Ал, енді қайттік, Едеке? Не істейміз? Зиратқа баратын басқа бір жол жоқ па?
– Болуы керек. Неге болмасын? Оң қолды ала бес шақырымдай жерде бір жол бар, – деді Едіге жан-жағына көз тастап. – Солай жүрейік. Не олай, не былай бір жол болмауы мүмкін емес.
– Анық па? Шыннан жол бар ма? – деп сыздана тақақтады Сәбитжан. – Әйтпесе, не олай емес, не былай еместің нағызы болып жүрмесін!
– Бар, бар, – деп сендірді Едіге. – Отырыңдар көлікке. Уақыт өтіп барады.
Сөйтіп олар тағы жолға шықты. Арт жақтағы тракторлар қайтадан тарқылдай бастады. Олар тікен шарбақты бойлай жүріп отырды.
Едігенің көңілі пәстенді. Мына жағдайдан қатты абыржып қалды. Бұл қалай, деп күйзелді ішінен, – айнала қоршап тастап, зиратқа барар жолға белгі қоймағаны несі? Е, сұм дүние, қу өмір-ай десеңші! Бірақ әлі үміт үзбей келеді – осы оң қапталда бір жол болуы керек қой. Ақыры айтқаны келді. Тұп-тура шлагбаумға келіп маңдайлары тірелді. Шлагбаумға жақындағанда Едіге қарауыл пункттің мығымдығына, мызғымастай бекемділігіне назар салды: қос қапталды ала тастай берік бетоннан қорған салынған; зонаға кіре беріс жолдың тура жиегінде кірпіштен соққан үй тұр. Жан-жағы түгел көрініп тұрсын деп айналдыра әйнектеп тастапты; үйдің теп-тегіс төбесіне екі прожектор орнатып қойыпты, сірә, жол қақпасына түнде жарық түсіру үшін керек шығар. Шлагбаумнен ары қарай асфальт жол салыныпты. Мұншама мұқият құрылысты көріп Едігенің көңілі алаң бола бастады.
Бұлардың таянғанын байқап, сары үрпек балапандай жап-жас бір солдат автоматының ұңғысын төмен қарата иығына асынып кірпіш үйден шыға келді. Қораш көрінбеуге тырысып, гимнастеркасінің етегін жүре тартқылап, басындағы фуражкесін түзеп қойып, алашұбар шлагбаумның қақ орта тұсына мызғымастай қалшиып тұра қалды. Сонда да болса, Едіге көлденең алашұбар ағашқа түйенің басын тіреген кезде әлгі солдат әуелі:
– Здравствуйте! – деп қолын шекесіне қойып амандасты да, Едігеге бозғылт-көкшіл сәби көзін қадап: – Кім боласыздар? Қайда барасыздар? – деді.
– Біз осы жердің тұрғындарымыз, солдат, – деді Едіге қарауылдың бала қоразша қоқиланғанына күлімсіреп. – Қарт кісіміз қайтыс болып еді, соны жерлеу үшін зиратқа бара жатырмыз.
– Рұқсат қағазсыз өтуге болмайды, – деп жас солдат басын шайқады, күйіс қайтарып тұрған Қаранардың арандай аузынан сескеніп, сәл шегіншектеді. – Бұл ара күзетке алынған зона, – деп түсіндірді.
– Дұрыс, қой, бірақ біз зиратқа баруымыз керек. Ол осы араға тиіп тұр, алыс емес. Онда не тұр, тәйірі? Қазір жерлейміз де қайтамыз. Бір сәтке де кідірмейміз.
– Жібере алмаймын. Құқым жоқ,– деді қарауыл.
– Балам, бері қара,– деді Едіге жауынгерлік ордендерім мен медальдарым көрінсін дегендей түйе үстінен әдейі еңкейіп. – Біз бөтен емеспіз. Біз Боранды деген разъезденбіз. Боранды дегенді естуің бар шығар. Біз осы елдің адамдарымыз. Өлген кісіні бейіттеу керек. Мына тұрған зиратқа барамыз да, ізімізше кейін қайтамыз. – Мен түсініп тұрмын, – деп қарауыл солдат ағынан ақтарылып, иығын қиқаң еткізе беріп еді, қас қылғандай дүрдиіп, өкімет адамның пішінін білдіріп, маңғаздана кесір айдап Сәбитжан килікті де:
– Немене, не тұрыс бұл? Мен облпрофсоветтенмін, – деп қойды.– Неге жібермей тұрсыз?
– Неге десеңіз, рұқсат жоқ.
– Қарауыл жолдас, мен айтып тұрмын ғой, облпрофсоветтенмін мен.
– Қайдан болсаңыз, одан болыңыз, маған бәрібір.
– Қалайша? – деп Сәбитжан шамданып шарт етті.
– Солайша. Бұл күзеттегі зона.
– Онда әңгіме көбейтіп керегі не? – деді намыстанған Сәбитжан.
– Әңгіме көбейткен кім? Сізге емес, түйедегі кісіні сыйлағаннан ғана түсіндіріп тұрмын. Бұл кісі түсінсін деп тұрмын. Жалпы, бөтен адамдармен сөйлесуге болмайды маған. Мен қарауылдамын.
– Демек, зиратқа өтуге болмайды ғой?
– Болмайды. Зиратқа ғана емес, жалпы ешкімге де өтуге болмайды.
– Бопты онда, – деп ашу шақырды.– Осындай боларын біліп едім! деп Едігеге шүйілді.– Осындай далбаса боларын біліп едім! Құлақ асты ма! Көну қайда! Ана-Бейіт, Ана-Бейіт! Ал, жет енді Ана-Бейітке!
– Осыны айтып салып, Сәбитжан жәбір көрген адамша шеттеп шығып, қалш-қалш етіп, қаһарлана түкірінді.
Жап-жас қарауыл солдаттың алдында Едіге қысылды.
– Кешір, ұлым, – деді ол әкелік раймен.– Сенің қызмет атқарып тұрғаның рас. Бірақ енді мына марқұмды қайда қоямыз? Домалатып тастап кете беретін бөрене емес.
– Мен түсінемін. Бірақ не істейін? Маған қалай бұйырады, солай орындауым керек. Мен бастық емеспін ғой.
– Жөн-жө-ө-ө-өн, – деп сасқанынан созалаңдата сөйледі Едіге.– Ал, өзің қай жақтан боласың, балам?
– Мен, әкей, Вологда жақтанмын, – деп қарауыл бұл сұраққа жауап беру жанына жағып бара жатқандай қызара қысылып, “о” әрпіне екпін сала сөйледі. – Сонда сол сендердің Вологда жақта да зиратта осылайша қарауыл тұра ма?
– О не дегенің, әкей! Зиратқа онда қашан, қанша барамын десең де өз ықтиярың. Мәселе онда емес қой, әкей. Бұл ара жабық зона. Әкей-ау, байқап тұрмын, өзің де әскерде болып, соғысқа қатысқан көрінесің, әскери қызметтің аты – әскери қызмет екенін түсінсең керек-ті. Мен қалайын, қаламайын, тәртіпті бұзуға жол жоқ.
– Солайы – солай, – деп құптады Едіге. – Сонда біз өлікті алып қайда барамыз?
Екеуінде де үн жоқ. Жас солдат ойлап-ойлап, ақырында ақ үрпек басын қинала шайқап қалды да:
– Жоқ әкей, жібере алман! Правом жоқ! – деп шорт кесті.
– Амал не, – деді әбден әбіржіген Едіге.
Енді ол серіктерінің бетіне қарай алмай қалды, өйткені Сәбитжан тіпті үдей түсіп Ұзынтұра Еділбайға тиісті:
– Мен айттым ғой! Ит-арқасы қиянға сандалмайық дедім! Мұның бәрі ескі наным! Өздеріңнің де, өзгенің де басын қатырдыңдар. Өлікті қайда көме салса да бәрібір емес пе! Жоқ, болмайды: өлсең де, тірілсең де – Ана-Бейіт деп қасарыстыңдар да қалдыңдар. Сен де маған: “Сенсіз де жерлей аламыз, кете бер” деп қоқиландың. Ал, жерлеп көріңдер енді!
Ұзынтұра Еділбай ләм деместен бұрылып кетті.
– Сен, досым, тыңдашы,– деді ол шлагбаумның жанына барып қарауылға.– Әскерде мен де болғанмын, біраз тәртіпті мен де білемін. Телефоның бар ма?
– Әрине, бар.
– Онда былай істе, қарауылдар бастығына телефон соқ. Жергілікті тұрғындар Ана-Бейіт зиратына өтуге рұқсат сұрайды деп баянда!
– Қалай? Қалай? Ана-Бейіт? – деп қайта сұрады қарауыл.
– Иә, Ана-Бейіт. Біздің зираттың аты ол. Телефон соқ, досым, басқа амал жоқ. Бізге тікелей өзі рұқсат алып берсін. Бізге керегі тек зират қана, басқа ешқайда бұрылмаймыз, бұған имандай сен. Қарауыл маңдайы қыртыстанып, қозғалақтап тұрып, ойланып қалды.
– Сен күмәнданба, досым,– деді Ұзынтұра Еділбай. – Бәрі уставқа сай. Сенің постыңа бөгде адамдар келді. Сен қарауылдар бастығына хабарлайсың. Бар тетігі сол ғана. Қиналатын не бар енді! Сен хабарлауға міндеттісің әрі-беріден кейін!
– Жарайды, болсын,– деп бас изеді қарауыл.– Қазір телефон соғайын. Бірақ бастық ұдайы постыларды аралап, машинадан түспей территорияда жүреді. Ал, территорияның қанша екенін көріп тұрсың ғой, қарашы, көз жетпейді!
– Мүмкін, маған да ілесуге рұқсат етерсің, а? – деп өтінді Ұзынтұра Еділбай. – Бірдеңе түсіндіруге керек болып қалармын.
– Жарайды, жүр,– деп келісті қарауыл.
Сөйтіп екеуі үйге кіріп кетті. Есігі ашық қалып еді, Едіге сөздің бәрін естіп тұрды. Қарауыл әлдеқайда телефондап, бастықты сұрап жатыр. Қасақана бастық орнынан табылмай тұр.
– Жоқ, маған қарауылдар бастығы керек!– деп айқайлап жатыр жас солдат. – Өзі, өзі керек... Жо-жоқ. Мұнда бір маңызды шаруа болып тұр.
Едіге қобалжи берді. Қарауылдар бастығы түскір қайда кетті екен? Бір қырсықса бәрі қырсығады!
Ақыры бастық та табылды.
– Жолдас лейтенант! Жолдас лейтенант! – деп қарауыл солдат саңқылдақ даусы дірілдеңкіреп айқайлады. Жергілікті тұрғындар ежелгі зиратқа бір қайтыс болған кісісін жерлеуге келіп тұр, деп баяндады. Қалай болады? Едіге құлағын тіге қалды. Лейтенант: “жібер десе – жетіп жатыр!” Жарайсың, Ұзынтұра Еділбайым. Дегенмен, тапқыр жігіт. Бірақ та телефондағы қарауылдың сөзі созылып барады. Енді ол тек сұрақтарға жауап берумен әуре: Иә... Қанша дейсіз бе? Алты адам. Марқұммен жетеу. Бір шал қайтыс болыпты. Алтаудың үлкені түйенің үстінде отыр. Содан кейін тіркемелі трактор, трактордан соң экскаватор да... Иә, мола қазуға керек дейді... Қалай? Мен не деп жауап берейін оларға? Демек, болмайды? Рұқсат жоқ дейсіз бе? Құп болады!
Ізінше Ұзынтұра Еділбайдың даусы естілді. Сірә, телефонның трубкасын жұлып алса керек.
– Жолдас лейтенант! Біздің жағдайымызды түсініңіз. Жолдас лейтенант, біз Боранды разъезінен келдік. Енді қайда барамыз? Түсініңіз біздің жағдайымызды. Біз осы жердің адамдарымыз, титтей де бөтен пиғылымыз жоқ. Марқұм кісімізді зиратқа қоямыз да, табанда қайтамыз... А? Не? Онда қалай? Е, келіңіз, келіңіз, өз көзіңізбен көріңіз! Мұнда бір қартымыз бар, майдангер болған, соғысқа қатысқан. Айтып түсіндіріңіз соған.
Ұзынтұра Еділбай қарауыл үйден қапаланып шықты. “Лейтенант өзі келіп шешімін осы арада айтатын болды”,– деді. Соңынан қарауыл солдат жетіп, о да соны айтты. Бастықтың өзі келіп, мәселені өзі шешетін болған соң, қарауыл солдаттың еңсесі көтеріліп, жүгі жеңілденіп қалды. Ол енді ала шұбар кескек ағашты бойлап, ары-бері жүре бастады.
Сағат үш болды. Жап-жақын жер қалса да олар әлі Ана-Бейітке жете алмай тұр. Едіге қарауылға қайта келді.
– Ау, балам, бастығыңды әлі көп күтеміз бе?– деп сұрады ол.
– Жо-жоқ. Қазір жетіп келеді. Машинасы бар ғой. Он-он бес минуттік жол.
– Мейлі, күтелік. Ал мына тікен сымды қай уақытта құрып тастағансыңдар?
– Біраз болып қалды. Біз ғой орнатқан. Мен мұнда әскерде жүргеніме жыл толып қалды. Бұл араны қоршап тастағанымызға сонда, сірә, жарты жыл болды-ау. Е, бәсе, солай екен ғой. Бұл аймақты айналдыра шарбақтап тастағанын мен де білген жоқпын. Білмеген соң ғой мына сарсаңға түсіп тұрғанымыз. Енді мен кінәлі боп тұрғандаймын, өйткені өлікті осында жерлейік деген мен едім. Бұл арада біздің көне зиратымыз
Достарыңызбен бөлісу: |