– Ана-Бейіт бар. Ал мына марқұм Қазанғап өте бір оңды адам болған. Разъезде екеуміз отыз жыл бірге жұмыс істеп едік. Дұрыстап жөнелтейік деген едім да.
Солдат Едігеге жаны ашып кетсе керек:
– Әкей, сабыр етіңізші, – деді ол шын ниетпен. – Қазір қарауылдар бастығы лейтенант Таңсықбаев келеді, соған бәрін айтып түсіндіріңіз. О да адам баласы шығар? Жоғары жаққа айтсын. А, бәлкім, рұқсат беріп қалар.
– Жақсы лебіз – жарым ырыс. Рахмет! Онсыз бола ма енді? Сен қалай, Таңсықбаев дедің бе? Лейтенанттың фамилиясы Таңсықбаев па?
– Иә, Таңсықбаев. Өзі бізге таяуда келді. Немене? Танысыңыз ба еді? Сіздердің нәсілден ол. Бәлкім, бажа болып шығарсыздар?
– Е, қайдан болсын, – деп мырс етті Едіге. – Сендерде Ивановтар қандай көп болса, бізде Таңсықбаев дегендер де сондай көп. Әшейін осы фамилиялас бір кісі есіме түсіп кеткені…
Қарауыл үйден телефонның сылдыры естілді де, солдат жүгіре жөнелді. Едіге жалғыз қалды. Қасы қайтадан түксиіп кетті. Түнеріп тұрып, машина көрінбес пе екен деп айнала шолып, шлагбаумның ар жағындағы асфальт жолға көз тікті. Боранды Едіге басын шайқап қойды. “Осы зәуіде әлгі ителгікөздің баласы болып жүрмесін? – деген ой жылт етті де, өзін-өзі күстәналады. – Мұның не! Қайдағы- жайдағыны еске алып! Мұндай фамилиясы бар адамдар толып жатқан жоқ па? Қой әрі, мүмкін емес. Ол Таңсықбаевпен кейін толық есеп айырысып едік қой... Десе де жер бетінде шындық бар ғой! Бар! Қанша бәле төнсе де, әрдайым шындық болмақ...”
Сөйтіп ол шетке шығыңқырады да, жан қалтасынан орамалын алып, Таңсықбаевтың көзіне бірден шалынсын деп ордендерін, медальдарын, озат жұмыскердің значоктарын жалтырата сүртіп- сүртіп қойды. XII
Ал әлгі ителгікөз Таңсықбаевтың жағдайы былай болған.
1956 жылы көктемнің аяғын ала Құмбелдің депосында үлкен митинг ашылды. Митингіге барлық станциялар мен разъездерден күллі теміржолшылар шақырылды. Жол бойында жұмыста тек кезекшілер ғана қалды. Боранды Едіге өз ғұмырында нелер жиналыстарды көрмеді, бірақ мына митинг еш уақытта ұмытылмастай болды.
– Жұрт паровоз жөндейтін цехқа жиналған, халық шыжандай қаптап кетті, орын жетпеген соң адамдар тіпті үйдің төбесіне дейін көтеріліп, жақтауларда сығылысып отырды. Бәрін айт та бірін айт сондағы сөйлегендердің сөзін айтсайшы! Берия туралы түбіне дейін түп-түгел айтылды. Лағнет жауғыр жауызды түк қалдырмай масқаралап, қарғыс таңбасын басты! Ой, сонда сөйлегендері-ай, кешке дейін бір адам тырп еткен жоқ, депо жұмысшылары мінбеге өздері шығып сөйледі дейсің. Биік депоның шаңырағының асты гу-гу күңгірлеп, дауылды күнгі ормандай шуылдады. Едігенің қасындағы бір адам таза Ресей мақамында сөйлеп, мына көрініс туралы: “Дауыл алдындағы теңіздей толқуын қарашы”, – дегені есінде қалыпты. Десе дегендей еді. Жүрек кеудеге сыймай дүрсілдейді, майданда шабуылға шығар алдында осыған бір атқақтаушы еді. Таңдай кеуіп, шөл қысып әкетіп барады. Тілі таңдайына жабысып қалды. Мына қара құрым халықтың арасынан суды қайдан табарсың? Қазір су іздейтін уақыт емес, шыдауға тура келді. Үзіліс кезінде Едіге станцияның бұрынғы бастығы, қазіргі депоның парторгі Черповқа кимелеп жүріп әрең жетті-ау. Чернов президиумде болатын.
– Андрей Петрович, мен де сөйлесем қайтеді?
– Сөйле, сөйлегің келсе. Келгенде қандай. Әуелі ақылдасып алайық. Есіңде ме, біздің разъезде Құттыбаев деген жұмысшы болып еді ғой. Әбутәліп Құттыбаев. Тағы әлгі ревизор ше? Югославия туралы естелік жазып жүр деп Құттыбаевтың үстінен домалақ арыз түсіріп еді ғой? Әбутәліп Югославияда партизан болып соғысқан. Ал әлгі Берияның адамдары келіп, Құттыбаевты алды да кетті. Сол содан қайтыс болды, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Есіңде ме?
– Иә, есімде. Қара қағазды әйелі келіп менен алған.
– Е-е, дәл өзі! Содан отбасы көшіп кетті. Енді қазір мына сөйлегендердің сөзін тыңдаймын да ойлаймын. Югославиямен ғой біз қазір доспыз – ешқандай кереғар келіспеушілік жоқ! Ал жазықсыздан-жазықсыз адамдар неге жапа шегеді? Әбутәліптің балалары өсіп қалды, олар енді мектепке барады. Енді шындықтың бетін ашу керек қой! Әйтпесе, балалардың беті шіркеулі, кім көрінген көздеріне түртеді ғой. О бейшаралар онсыз да көрді көресіні – әкесіз қалды.
– Тоқта, Едіге. Сен осы туралы айтпақшысың ба?
– Әлбетте.
– Ал әлгі ревизордың фамилиясы кім?
– Сұрап білуге болады ғой. Рас, мен оны содан кейін қайтып көрген емеспін.
– Дәл қазір кімнен сұрап білесің? Содан соң ол қағазды дәл соның жазғаны туралы құжатты дәлел бар ма?
– Е, ол жазбағанда, кім жазды?
– Оу, қымбатты Борандым, мұндай істе фактілі дәлел керек. Кенет ол болмай шықса, қайтеміз? Мұндай іспен қалжыңдасуға болмайды. Сен мынаны тыңда, әуелі, Едіге. Осының бәрін айтып, Алматыға хат жаз. Қалай болды, не болды, барлық жағдайды айтып республика партиясының Орталық Комитетіне жібер. Ондағылар анықтайды. Көп ұстамайды. Партия мұндай іске қатты көңіл бөліп отыр. Өзің де көріп тұрсың ғой. Сол митингіде жұрттың бәрімен қосылып, Боранды Едіге де: “Жасасын партия! Партияның бағытын қуаттаймыз!” – деп бар даусымен аянбай айқайлады. Содан соң митинг соңында әлдекім “Интернационал” әнін бастады. Оған тағы бірнеше дауыс қосылып еді, сәлден кейін барлық дәуірлердің, өмір бойы қаналып келе жатқандардың бәрінің ұлы гимнін бүкіл зал болып қосылып айтқанда, депоның іші жаңғырығып кетті. Едіге еш уақытта да мұнша көпке қосылып ән айтқан емес-ті. Ол сонда жер бетінің нәрі мен сөлі болған жұмысшы қауыммен бірге екенін мақтана, масаттана, әрі ашына, салтанатпен сезініп, теңіз толқынының ақ жалынан ұстап мінгендей бір хал кешті. Ал коммунистер гимні көптің жүрегін алаулата тасқындап көпшілікті халықтың бақытын баянды ететін құқық үшін аянбай күресуге, батыл қорғауға үндеп, үдемелеп үдеп бара жатты.
Осы бір насат көңілмен ол үйге қайтты. Митингіде болған жайдың бәрін түгін қалдырмай, шай үстінде Үкібалаға айтып берді. Өзінің де сөйлегісі келгенін, бірақ қазіргі парторг Черновтың не дегенін де айтты. Үкібала оған шайды кесе соңынан кесеге құйып отырып тыңдады.
– Не болған саған тегі, бір самауырды бір өзің түгел тауысып қойдың! – деп күле таңғалды.
– Неге екенін білмеймін, митингіде қатты шөлдесем болар ма. Сірә, қызып кеткендікі болар. Бірақ су тауып ішу қайда – халық деген шыжандай, қимылдауға шама жоқ. Содан далаға атып шығып, ай, бір шөлімді қандырайын десем, біздің жаққа пойыз жүрейін деп тұр екен. Машинистке жетіп бардым. Таныс жігіт екен. Төңірек- Тамның Жандосы. Жол-жөнекей содан су іштім. Бірақ ол мына шайдай бола ма!
– Бәсе, кенезең кеуіп қалыпты, – деді Үкібала оған шайды жаңалап құйып жатып. Сәл кідіріп, күйеуіне айтты: – Едіге, бері қара. Әбутәліптің балаларын ұмытпағаның дұрыс-ақ. Заман түзеліп, жетім-жесір жәбір көрмейтін күн туған екен, олай болса, сен енді батыл кіріс. Хат деген де жақсы-ау, бірақ сен оны жазып, ол хат жеткенше оны ондағылар оқып, ойланып-толғанғанша қай заман. Одан да Алматыға өзің бар. Бәрін сонда өз аузыңмен айтып бер.
– Сонда сен маған Алматыға бар дейсің бе? Тура дәу бастықтың өзіне ме? – Е, несі бар? Сен ат-тон сұрап бармайсың ғой. Ана досың Елизаров кел-кел деп қанша шақырды өзіңді. Келген сайын адресін де тастап кетеді. Енді мен бармасам, сен барып кел. Мен үйден қалай аттап шығамын? Қыздарды кімге қалдырамын? Сен енді аялдама. Демалысыңды ал. Өмір бойы демалыс алып көрген жоқсың жүз жыл болған шығар-ау. Тым құрыса бір рет алып, үлкен кісілерге көзбе-көз жолығып айт.
Едіге әйелінің ақылына таңғалды.
– Ау, сенің айтып отырғаныңның жөні бар-ей. Кәне, ойланайық.
– Көп ойлайтын түгі жоқ. Кезі кеп тұр екен. “Темірді қызған кезінде соқ” деген. Афанасий Иванович көмектесер саған. Қайда, кімге барып жолығу керек екенін ол жақсы біледі.
– Оның да жөн.
– Айтып отырмын ғой. Кешігудің реті жоқ. Әрі десе, қаланы аралап көріп, үйге ол-пұл сатып аларсың. Қыздарың да өсіп қалды ғой. Сәуле күзде мектепке барады. Интернатқа береміз бе, қайтеміз? Мұны ойладың ба сен?
– Е, ойладым, ойламағанда ше, – деді Едіге сасыңқырап қалып, үлкен қызының лезде өсіп, енді мектепке баратын жасқа келіп қалғанына таңданғанын білдіргісі келмей.
– Ойласаң, сол, – деді Үкібала. – Алматыға бар-дағы сонау бір жылдары басымыздан не қилы жағдайлар өткенін жеткіз басшыларға. Жетім балалар жазықсыз әкесі үшін жапа шекпесін, тым болмаса, көмектессін үлкен кісілер. Содан соң уақыт тапсаң – қаланы аралап, қыздарыңа, мына маған да бірдеңелер сатып аларсың. Менің де жасым келді ғой, – деп күрсініп қойғандай болды. Едіге әйеліне назар салды. Күнбе-күн көріп жүрсең де өмірі байқамаған нәрсеңді бір күні бір-ақ аңғаратының ғажап. Үкібала, әрине, жас келіншек емес, бірақ кәріліктің ауылы да әлі аулақта. Десе де қазір Едіге оның бейнесінен әлдебір жаңалық, әлдебір бейтаныс белгілер байқағандай болды. Енді барып түсінді: әйелінің көзқарасынан бір ақылдылықтың нышанын аңғарды, шашына түскен алғашқы ақ талды көрді. Небары үш-төрт тал шашы ғана ағарыпты, бірақ соның өзі-ақ бастан кешкен күндердің айғағындай сезіледі.
Бір күннен соң Едіге жолаушылап Құмбелге жетті. Алматы пойызына отыру үшін Борандыдан кері қарай шығып, Құмбелге баруға мәжбүр болды. Едіге бірақ бұған өкінген жоқ. Өзінің Алматыға бара жатқанын хабарлап, Елизаровқа жеделхат та жөнелту керек еді. Ал жеделхатты тек Құмбелде ғана қабылдайды… Алматы вокзалының перронында құжынаған халықтың арасынан Елизаровты көріп балаша қуанып кетті. Елизаров оған қалпағын бұлғап сәлемдесіп, вагонмен қатарласа жүріп келеді. Едігенің жолы болды! Едіге Елизаровтың өзі күтіп алар деп ойламап еді. Олар кездеспегелі көп болды, былтыр күзден бері көріспеген. Жасы келсе де, Афанасий Иванович әлі өзгере қоймапты. Бұрынғысынша ширақ, мейіздей қатып тұр. Қазанғап оны арғымақ деуші еді. Ол Афанасийды марапаттағаны еді. Елизаров мұны білетін де, пейілдене құптап: – Сенің айтқаның-ақ болсын, Қазанғап! – деп қоятын. – Кәрі арғымақ болсам да әйтеуір арғымақпын ғой, деп күлетін. Бұған да шүкір! Әдетте ол Сарыөзекке жұмыс киіммен: керзі етік, әбден ескірген кепке киіп келетін. Ал қазір галстук таққан, тап-таза қара көк костюм киген. Костюмі өзіне жіптіктей жарасып- ақ тұр, әсіресе бурыл тартқан шашына үйлесімді екен.
Пойыз тоқтағанша Елизаров бір қырындап терезеге күле қарап, қатарласып жүрді де отырды. Сары кірпік көкшіл көзі күлімдеп, бұл кездесуге қуанып келе жатқаны көрініп тұр. Мұны сезіп, Едігенің іші жылып жол-жөнекей әлдеқалай болар екен деп келе жатқан күдігі бірден сейілді. “Жақсы нышан, құдай қаласа, жолым болады екен” деп қуанды ішінен.
– Ақыры келдің-ау, әйтеуір! Қанша заман! Амансың ба, Едіге!
Амансың ба, Боранды! – деп қарсы алды Елизаров. Екеуі бір-біріне құшағын жая қауышты. Бір жағы қуанғаннан, бір жағы ығы-жығы жұрттың көптігінен Едіге аздап абыржыған сияқты. Екеуі енді вокзал сыртындағы алаңға жеткенше Елизаров Едігені сұрақтың астына алды. Бәрін-бәрін сұрап жатыр: “Қазанғап қалай, Үкібала, Бекей аман ба, балалар аман ба; қазір разъезд бастығы кім...” Тіпті Қаранарды да ұмытқан жоқ.
– Сенің әлгі Қаранарың қалай? – деді ол әуелі әлденеге көңілдене күліп алып. – Әлі де сол арыстанша ақырып тұр ма?
– Жүр ғой. Оған не болушы еді, бақырады, – деді Едіге. – Сарыөзекте жер жетеді. Енді не керек оған?
Вокзал жанында жарқ-жұрқ етіп үлкен қара машина тұр екен. Мұндай машинаны Едігенің тұңғыш көруі. Бұл сол елуінші жылдардың ең тәуір автомобилі – ЗИМ еді.
– Бұл менің Қаранарым, – деп әзілдеді Елизаров. – Алдыңғы есікті ашып. – Отыр, Едіге, – деді. – Кеттік.
– Машинаны кім жүргізеді? – деп сұрады Едіге.
– Өзім,– деді Елизаров рульге отырып жатып. – Қартайғанда бір көрейін дедім. Американдықтардан біздің неміз кем?
Елизаров бірден моторды от алдырды. Машина орнынан қозғалар бұрын, қонағына күлімсірей қарап қойды.
– Сонымен келіп қалдым де. Бірден айт, қанша уақытқа келдің?
– Мен бір жұмыспен келдім ғой, Афанасий Иванович. Қалай шешіледі, әуелі өзіңізбен ақылдасып алайын деп едім.
– Бәсе біліп едім-ау, жұмыс болмаса, сені сол Сарыөзектен арқанмен сүйреп шығара алмаймыз ғой! Әрине! Онда былай, Едіге. Қазір біздің үйге барамыз. Мейманхана дегенді қой! Сөйлеме, біздің үйде боласың. Сен менің айтулы мейманымсың. Сарыөзекте мен сендерге қалай қонақ болсам, сен де енді маған сондайсың. Сыйға сый, сыраға – бал” демеуші ме еді қазақтар!
– Солай екен-ау, – деп құптады Едіге.
– Демек, келістік қой. Мен де жалғызсырамаймын. Менің Юлиям Москвадағы баламызға кетті. Екінші немереміз туды ғой. Юлия қуанышы қойнына сыймай, асығыс аттанды. – Екінші немереңіз бе? Құтты болсын!
– Ей, екінші немере-ей, – деп Елизаров өзі де таңданғандай иығын қомдап қойды. – Әлі ата болғанда, менің халім сенің де басыңа келеді! Бірақ саған ата болуға әлі ерте ғой. Сенің жасыңда мен әлі желөкпе едім. Менің таңғалатыным: жас жағынан екеуіміздің арамыз алшақ болса да, бір-бірімізді түсінеміз, ұғамыз. Ал, кеттік. Бүкіл қаланы кесіп өтеміз. Өрлей жүреміз. Көрдің бе анау тауды, басындағы қарды көрдің бе? Е, соның түбіне, Медеуге қарай барамыз. Мен саған айттым-ау деймін, біздің үй қала сыртында, тіпті селода тұр десе де болады.
– Есімде, Афанасий Иванович, үйім өзеннің жағасында. Күндіз- түні сарқырап жатады дегенсіз.
– Қазір өзің де көресің. Кеттік. Жарық барда, қаланы көріп қал.
Қазір нағыз жақсы кез. Көктем ғой. Бәрі гүлдеп тұр.
Вокзалдан басталған көше теректер мен парктерді жарып өтіп, қаланың қақ ортасымен шексіз өрлей беретіндей көрінді. Елизаров асықпастан баппен айдады. Жол-жөнекей түрлі мекемелерді, дүкендерді, тұрғын үйлерді Едігеге таныстырып келеді. Қаланың қақ ортасындағы жан-жағы ашық алаңда тұрған үйді Едіге Елизаровтың бұрын айтуы бойынша бірден таныды – ол Үкімет үйі еді.
– Орталық Комитет,– деді Елизаров басын шұлғып.
Ертең жұмыспен осында оралатындары ойларында да жоқ, тұсынан өте шықты. Тік көшеден солға бұрыла берген жерде тұрған тағы бір үйді Едіге тани кетті – ол Қазақтың опера театры еді. Тағы да екі махалла өткенде олар тау жаққа бұрылып, Медеуді бетке алып тура тартты. Қаланың орталығы артта қалып бара жатты. Жалаң қабат үйлер мен зипа теректерді, таудың суы алқынып аққан арықтарды бойлай ұзын көшемен көсіліп келеді. Айнала түгел шешек атқан бау-бақша.
– Әдемі, – деді Едіге. – Дәл осы кезде келгеніңе қуанып отырмын, – деді Елизаров. – Алматының ең сұлу кезі. Қыста да әсем, әрине. Бірақ қазір жаның рақаттанады!
Е, онда көңілің көтеріңкі болғаны ғой, – деп Едіге де қуанды. Досы тостақтау көкшіл көздерін бұған қадай, басын изеді де, қабағын түйіп, салмақтана қалды да лезде қайта күлімдеді.
– Бұл ерекше көктем, Едіге. Өзгеріс болып жатыр. Жасы түскір кеп қалса да, өмір шіркін осысымен қызық қой. Есіміз кірді, жан- жағымызды дұрыстап қарап алдық. Сен өмірді қайта бір аңсардай қатты ауырып көрдің бе?
– Есімде жоқ,– деп Едіге шынын айтты.– Әлгі бір контузиядан кейін болмаса...
– Е, сенің өгіз қара күшің бар ғой! – деп күлді Елизаров. – Менің айтпағым ол емес еді. Жай, сөздің реті ғой. Иә, солай. Бірінші сөзді партияның өзі айтты. Өз басым жапа шекпесем де, мен бұл өзгеріске өте ризамын. Сондықтан да жаным жадырап, жас кездегідей көңілім үмітке толы. Әлде бұл қартая бастағанның белгісі ме екен, а?
– Афанасий Иванович, мына менің келуім де осы өзгеріске байланысты ғой.
– Иә, ол не сонда?
– Мүмкін, есіңізде болар? Мен сізге Әбутәліп Құттыбаев туралы айтып едім ғой.
– Әлбетте, әлбетте! Бәрі де есімде. Е, солай де. Сен түбінен ойлайды екенсің. Жарайсың. Кешеуілдетпей, жетіп келдің.
– Мұны ойлап тапқан мен емес. Үкібаланың ақылы ғой. Тек неден бастау керек? Қайда барсам екен? Неден бастау керек? Мұны екеуміз кеңесейік. Үйге барған соң шай ішіп отырып, асықпай ойланайық. – Елизаров үндемей қалды да, сәлден соң салмақтай сөйледі. – Уақыт қалай өзгереді, Едіге, бұдан үш жыл бұрын ғой сенің мұндай іспен келу ойыңа да кірмес еді. Енді ғой еш нәрседен қорықпайсың. Өзі де осылай болу керек қой. Біріміз қалмай, бәріміз де тек осы шындықты жақтауымыз керек. Ешкімге де ешқандай ерекше құқық берілмесін. Мен солай ойлаймын.
– Бұл жағын сіз білесіз ғой, әрі десе ғалым адамсыз, – деп пікір білдірді Едіге.– Біздің депода өткен митингіде де осы ойлар айтылды. Сонда есіме бірден Әбутәліп түсе кетті. Өйткені оның жазықсыз жапа шеккеніне бұрыннан жүрегім сыздап жүретін. Тіпті сол митингіде сөйлемекші де болдым. Тек шындық туралы ғана емес мәселе. Әбутәліптің балалары қалды, олар өсіп келеді ғой, үлкені биыл күзде мектепке барады...
– Қазір қайда, Әбутәліптің отбасы қайда?
– Білмеймін, Афанасий Иванович, сонда-ақ көшіп кеткен, үш жылдай болып қалды ғой, содан бері білмейміз.
– Е, ол қиын емес. Іздерміз, табармыз. Қазір, заң тілімен айтқанда, Әбутәліптің ісін қозғау керек.
– Міне-міне. Ең түйінді сөзді бірден таптыңыз. Менің сізге келгенім де осы ғой.
– Ендеше, босқа келмеген екенсің.
Бәрі де ойдағыдай болып шықты. Тез арада-ақ, Едіге қайтып оралғаннан кейін тура үш аптадан соң Алматыдан қағаз келді. Онда бадырайтып тұрып: “Боранды разъезінің бұрынғы жұмысшысы, тергеу кезінде қайтыс болған Әбутәліп Құттыбаев қылмысы болмағандықтан толығынан ақталды”, – деп жазыпты. Дәл осылай жазылыпты! “Жапа шеккен адам бұрын жұмыс істеген коллективте осы хат оқылсын”,– делініпті.
Осы документпен бір мезгілде дерлік Афанасий Иванович Елизаровтан да хат келді. Бұл нағыз айтулы хат еді. Едіге ол хатты өмір бойы өзінің ең бағалы деген документтерінің: балалардың туу туралы куәлігі, майдан наградаларының куәліктері, майданда жарақат болғаны туралы справкалар, еңбектегі мінездемелер арасында сақтады... Сол ұзақ хатында Афанасий Иванович Әбутәліптің ісі тез қаралғанына және оның ақталғанына өте риза болып, қуанғанын айтыпты. Осы бір фактінің өзі – уақыттың игі нышаны депті. Елизаровтың сөзі бойынша, мұның өзі өзіміздің қате-кемшілігімізді өзіміз жеңгеніміз екен. Одан әрі Елизаров былай деп жазыпты. Едіге кеткеннен кейін ол бұрын Едіге екеуі бірге болған мекемелерге тағы барыптыда маңызды жаңалықтар естіпті. Біріншіден, тергеуші Таңсықбаев қызметінен алынып, бүкіл атақ-шен, наградаларынан айырылып, ісі сотқа беріліпті. Екіншіден, Елизаров алған хабар бойынша, Әбутәліп Құттыбаевтың отбасы қазір Павлодарда тұрады екен, (Апырай қайдағы қиянға кеткен десеңші!) Зәрипа бір мектепте мұғалім екен. Қазіргі кездегі отбасылық жағдайы – күйеуге шығыпты. Оның тұрып жатқан жерінен осындай ресми деректер түскен. Істі қайта қарау кезінде, Едіге, сенің әлгі ревизор туралы күдігің рас болып шықты, депті Елизаров. Әбутәліп Құттыбаевтың үстінен жала арыз домалатқан сол екен. “Ол мұндай жалаға, мұндай залымдыққа неге барды? Сен айтқан әңгіме бойынша да, өзім білетін осы сияқты оқиғалар бойынша, бұл сұрақтың шешімін таппақ болып көп ойландым, Едіге. Осының бәрін көзге елестетіп, әлгі ревизор қылығының себебін ашпақ болдым. Жоқ, жауабын таппай қиналдым. Әбутәліп Құттыбаев оған мүлде бейтаныс адам ғой. Ал мүлде білмейтін адамның сыртынан жауыға жала жабуға нендей себеп болды – осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Бәлкім, тарихтың нендей бір кезеңдерінде адамдар арасын осындай бір дерт, індет жайлайтын шығар. Адамның жанын аздырып, хайуандыққа бастайтын қызғаныш деген қызыл көз адам табиғатына о бастан-ақ қасіретті қасиет болып жабысты ма екен? Бірақ Әбутәліптің хал-жағдайы қандай қызғаныш тудыруы мүмкін? Бұл мен үшін жұмбақ. Ал енді оны жәбірлеп, көзін жоюдың тәсіліне келсек, оның өзі дүние жаратылғалы бері келе жатқан ескі тәсіл. Кезінде егер біреу енді біреудің үстінен, е бұл құдайсыз, деп сыбырласа, жазықсыз бейшараны Бұқардың базарында тас атқылап өлтіретін де, Еуропада отқа жағып өртейтін. Едіге, сен өткен жолы Алматыға келгеніңде мұны біз екеуміз әңгімелегенбіз. Әбутәліптің ісін қайта қарап, істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін мен тағы да мынандай байламға тоқтадым: адам баласы адам баласына деген қастандық дертті жойып болғанша әлі талай уақыт керек-ау. Ол дерттің қай заманда жойыларын шамалаудың өзі қиын. Соған қарамай, жер бетінде әділеттің өміршең екендігі үшін ғана мен өмір шіркінді даңқтаймын. Міне, бұл жолы да әділет салтанат құрды. Қымбатқа түссе де, салтанат құрды! Жер бетінде тіршілік барда осылай бола бермек. Едіге, сенің әділеттілікке қолың жетті. Мұны сен ақысыз- пұлсыз риясыз атқарғаныңа дән ризамын...”
Едіге талай күн осы хаттың әсеріне бөленіп жүрді. Едіге өзіне- өзі қайран қалады: өзі өзгеріп кеткен сияқты, жан дүниесі тазарып, өзін-өзі енді таныған тәрізді. Сонда ол тұңғыш рет мысықтабандап таяп қалған кәрілікке бет алуға дайындала беру керек те шығар деп ойлады... Елизаровтың хаты оның өміріндегі бір шеп-белес сияқты болды. Хатқа дейінгі өмірі бір басқа да, хаттан кейінгі өмірі бір басқа. Хатқа дейінгінің барлығы теңізден алыстаған жағалаудай мұнарланып, көз ұшында бұлдырап алыста қалды да, хаттан кейінгі тіршілік мәңгіліксіз болса да, ұзаққа созылардай бір сарынмен, абыр-сабырсыз өтіп жатты. Бұл хаттан оның білген ең басты дерегі Зәрипа күйеуге шығыпты. Бұл хабардан ол тағы да қатты күйзеліп, сорлы жүрек уылжып барып жүдеді. Оның бұрын қайда, қандай адамдардың арасында жүргенін, балаларымен бірге қандай хал кешкенін білмесе де, Зәрипаның өзге біреуге ерге шыққанын әлдебір белгісіз көріпкелдігімен сезетін. Сол сезім шынға айналды да, өзін-өзі жұбатты. Әсіресе бұл сезік оның бойын Алматыдан пойызбен қайтып келе жатқанда қатты билеп алып еді. Неге сонша сезіктенгенін айту қиын. Бірақ та әсте көңілі пәстіктен емес еді. Қайта ол Алматыдан көңілі тасып, шаттана оралды. Елизаров екеуі барған мекемелердің бәрінде де бұларды ықыласпен тыңдап, жылы жүзбен қарсы алды. Осының өзі-ақ екеуінің ойларының шындығына сенім арттырып, істің оң шешілетінінен үміттендірді. Кейін солай болып шықты да. Едіге Алматыдан аттанар күні Елизаров оны вокзалдың мейрамханасына алып барды. Пойыз жүруге әлі талай уақыт бар еді де, екеуі асықпай отырып тамақтанып, шараптан да алып қойып, қоштасар алдында бір армансыз әңгімелесті. Сол әңгімеден Едігенің түсінгені: Афанасий Иванович сонда өзінің бір аяулы ойын айтты. Жиырмасыншы жылдары Түркістан өлкесіне келіп, басмашылармен соғысып, осы өлкеде біржолата қалып қойған, сөйтіп геология ғылымымен айналысқан. Москваның бұрынғы комсомолының ойынша, бүкіл әлем Октябрь революциясы бастаған жаңа дүниеге соншалықты бекер үміт артпаған. Жіберілген қателер мен кемшіліктер үшін қаншама азап шегілгенмен, тыңнан салынған жолмен ілгері басу тоқталған жоқ. – Тарихтың мәні де осында. Енді бұл ілгерілеу жаңа бір күшпен түседі, деді Елизаров. Оған қоғамның өзін-өзі түзетіп, өзін-өзі тазартуы кепіл. “Бұл туралы өзімізге-өзіміз батыл айта алады екенбіз, демек болашаққа да күшіміз жетеді”, – деп түйді Елизаров. Иә, сөйтіп олар сонда дастарқан басында жақсы-ақ әңгімелесіп еді. Сол көңіл-күйімен Боранды Едіге Сарыөзекке оралған болатын. Пойыздың терезесінен тауларға, көктемгі далаға көз салып отырып, Едіге: жер бетінде Елизаров сияқты сөзіне де, ісіне де адал адамдар бар ғой, оларсыз бұл тіршілікте өмір сүру қиын болар еді, деп ойлады. Әбутәліптің ісімен шапқылаған шаруа біткен соң Едіге ойлайды ғой: зымырап, құбылып өтіп жатқан өмірдің қылығы- ай, егер қазір Әбутәліп тірі жүрсе, оған жабылған бәле-жаладан айығып, ақталып, бәлкім, отбасына қайта қосылып, бақытты бейбіт өмір сүрер еді. Егер тірі жүрсе! Бар түйін осында ғой. Егер ол тірі болса, Зәрипа оны ақырына дейін тосар еді. Ол ақиқат! Ондай әйел басына не күн туса да күйеуін тосар еді. Ал күйеуі өліп қалды, енді кімді тосады? Жап-жас әйел жалғыз басты болып несі бар? Ендеше оңды адам кездессе, күйеуге шығады, шықпағанда ше? Бұл ойлардан Едігенің көңілі бұзылды. Енді мұны ойламай, басқа бір нәрсеге назар тіккісі келді, Зәрипаны ойлаудан өз ойын қақпайлағысы келді. Бірақ бәрі бекер болды...
Пойыз болса теңселе түсіп, заулап келеді. Қаратаудан көш қайтқанда,
Көкшетаудан көш қайтқанда. Жәрмеңкеде күтпе мені, Бегімай...
...Пойыздар бұл өлкеде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады.
Бұл өлкеде теміржолдың қос қапталын ала сахараның кіндік тұсы – Сарыөзектің қиырсыз қиян даласы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Құмдышап жарының басындағы ұясынан көтерілген дәу аққұйрық қарақұс аспаннан жердің бетін шолын шықпақ болды. Ол өзінің меншікті жерін түске дейін бір, түс әлетінде бір шолып қайтушы еді. Жер бетіне мұқият көз тігіп, қыбырлап жүрген қоңызға дейін, жылтың-жылтың жорғалаған кесірткеге дейін, тірі жәндіктің бәрін байқап, қарақұс Сарыөзектің үстімен үнсіз ұшып, қанаттарын қағып қойып, даланың үстін кеңірек көру үшін бірте-бірте биіктей берді. Әуеде айнала қалықтап жүріп ол өзінің аңшылық құруға құмар жері – жабық зонаға да жақындады. Осы бір кең алқап қоршалғалы бері түрлі майда жәндіктер, әр түрлі құстар кәдімгідей көбейе бастады. Өйткені түлкінің, немесе басқа жыртқыш аңдардың енді бұл алқапқа енуі қиындап қалды. Ал, қарақұсқа тікен шарбақ түк те емес. Ол сол артықшылығын малданады. Оған енді рақат болды. Әйткенмен, кім біледі. Арғы күні қарақұс бір қоянның көжегін байқап қалды да, аспаннан шүйіліп келе жатыр еді, көжек тікен сымның астына кірді де кетті. Қарақұс болса әлгі тікен сымға түсе жаздап барып, әрең дегенде жалт беріп, зорға бұрылды. Сонда да мамығы темір тікенге тиіп кетіп, кілт жалтарып, аспанға ақилана шырқап ұшты. Жемсауынан бірнеше мамық жұлынып қалып, өз беттерімен қалықтап кете барды. Содан бері қарақұс темір тікенді қоршаудан алыстаңқырап ұшатын болды.
Қазір де қарақұс қожайынға тән салмақ-сабырмен қалықтап, жер бетіндегі тірі жанға өзінің қимылын қыбыр етіп білдірмей ұшып жүр еді. Бүгін ол алғаш ұшып келгенде де, екінші рет ұшып келгенде де космодромның атшаптырым бетондалған алқабына адамдар мен машиналардың құжынап жүргенін байқады. Машиналар ары-бері жосылып, әсіресе ракета құрылысының маңына жиі үймелеп жүр. Аспанға қарап шаншылған бұл ракеталар өз алаңдарында бұрыннан- ақ шоғырланып тұратын, қарақұстың оларға көзі үйреніп кетіп еді, бірақ бүгін солардың төңірегіндегі қыбыр-жыбыр ерекше. Машина да тым көп, адамдар да тым көп, ығы-жығы қозғалыс жиі...
Әлгіде даламен жылжып келе жатқан түйелі адам, тарқылдақ қос трактор, жүндес сары ит те қарақұстың назарынан тыс қалған жоқ. Енді олар темір тікен қоршаудан өте алмағандай, сыртта қаңтарылып қалыпты... Тойға бара жатқандай едірейген сары иттің жүріс-тұрысы, әсіресе адамдардың айналасынан шықпай еркінсуі қарақұстың жынына тиді. Сары итке деген бұл ашуын қарақұс ешкімге білдірген жоқ, сол немеге бола шала бүлініп не керегі бар... Қарақұс енді не болар екен, адамдардың қасында құйрығын бұлғаңдатып жүрген сары ит не істер екен дегендей сол төңірекке көз тіге қалықтап жүрді де қойды...
Едіге басын көтеріп, аспанға қарап қарақұсты көрді. “Дәу аққұйрық екен, – деді ішінен ол. – Ей, дүние, егер мен қарақұс болсам, мені кім тоқтатар еді. Ұшып барып, Ана-Бейіттің күмбезіне қонар едім-ау!...” Сол кезде алдындағы жолдан машина көрінді. “Келе жатыр! – деп қуанып қалды Едіге. – Құдай қаласа, енді бәрі де оңалар!” “Газик” заулап келіп, қарауыл үйдің босағасын ала кілт тоқтады. Машинаның келгенін қарауыл да күтіп тұрған. “Газиктен” лейтенант Таңсықбаев шыққан кезде қарауыл қалт тұра қалып, қолын шекесіне көтеріп, жағдайды баяндай бастады.
– Жолдас лейтенант, сізге баяндауға...
Бірақ қарауылдар бастығы оны қолын бір сілтеп тоқтатып тастады. Қарауыл қолын шекесінен түсіргенде барып, шлагбаумның ар жағында тұрғандарға бұрылды.
– Бөтен адамдар кімдер? Кім мені күтіп тұрған? Сіз бе? – деді ол Боранды Едігеге қарап.
– Біз, біз ғой, қарағым. Ана-Бейітке жетпей тұрып қалдық. Қалай да болса, жәрдемдес, қарағым, – деді Едіге жас офицердің көзіне омырауындағы наградаларын шалдыруға тырысып.
Лейтенант Таңсықбаев оның ордендері мен медальдеріне пысқырған да жоқ, тек қатқыл жөткіріп алды да, Едіге шал тағы да сөйлей бергенде, түсін суытып:
– Жолдас бөтен адам, менімен орысша сөйлесіңіз, – деп ескертті.– Мен қызмет бабындағы адаммын,– деп түсіндірді ол қысық көздерінің үстіндегі қара қастары түйісе түксиіп.
Боранды Едіге қатты қысылып қалды:
– Е-е, кешір, кешір. Оқасы болса, кешір. – Айтайын деген сөзінің бәрі шым-шытырық шатасып, тілі байланып, үндеместен аңырайып тұрды да қалды.
– Жолдас лейтенант, біздің өтінішімізді баяндауға рұқсат етіңіз, деп шалды тығырықтан шығарып, сөзге Ұзынтұра Еділбай араласты.
– Тек қысқа баяндаңыз, – деп ескертті қарауылдар бастығы.
– Бір минут... Бұл әңгімені марқұмның ұлы тыңдасын, – Ұзынтұра Еділбай Сәбитжан тұрған жаққа бұрылды. – Сәбитжан, әй Сәбитжан, бері кел! Бірақ Сәбитжан арлы-берлі адымдап, қолын жақтырмай бір сілтеді.
– Өздерің келісіңдер. – Ұзынтұра Еділбай қызарып кетті.
– Кешіріңіз, жолдас лейтенант, жағдайдың бұлай болғанына ол өкпелеп тұр. Ол біздің марқұм болған Қазанғап қарттың баласы. О кісінің күйеу баласы да осында, әне ана тіркемеде отыр.
Күйеу бала мені шақырып жатыр ма дегендей тіркемеден түсе бастады.
– Кім өкпелі, өкпелі емес, онда менің шаруам жоқ. Тоқ етерін айтыңыз,– деді қарауылдар бастығы.
– Жарайды.
– Рет-ретімен, қысқа айтыңыз.
– Жарайды. Рет-ретімен, қысқа айтайын. Ұзынтұра Еділбай істі рет-ретімен баяндай бастады. Өздері кім, қайдан, қандай мақсатпен келді – бәрін айтып жатыр. Еділбай сөйлеп тұрғанда, Едіге лейтенант Таңсықбаевтан көз алмады да, бұдан жақсылық күтуге болмайтынын сезді. Қарауылдар бастығы шлагбаумның ар жағында тек бөтен адамдардың арызын амалсыз тыңдау үшін ғана тұр. Едіге мұны түсінді де, жаны жүдеп сала берді. Қазанғаптың қазасына байланысты әрекеттің бәрі – жолға қаншама дайындалғаны, марқұмды Ана-Бейітке апарып қояйық деп жастар жағын жалынып-жалпайып көндіргені, Сарыөзек өлкесінің өткені мен қазіргісін жалғамақ болған ниеті, күллі ой-арманы – бәрі- бәрі мына Таңсықбаевтың алдында күл болып, тұл болып көкке ұшты да кетті. Едіге қорланын, жігері құм болды. Ана қорқақ Сәбитжан кеше кешке ғана арақты шұбатпен қоса сілтеп отырып, құдай туралы, радио басқаратын адамдар туралы былшылдап, борандылықтарды өз білімімен таңғалдырмақ болып бөсті-ай келіп. Енді ә деп ауыз ашуға жарамады. Соны көріп Едіге бір жағынан күлкісі келеді, бір жағынан жылағысы келеді. Енді шашақты кілеммен келеңсіз жабулаған Боранды Қаранардың әбзелі де күлкілі әрі өкінішті көрінеді. Енді бұл әлеміштің кімге, неге керегі бар! Өз ана тілінде сөйлескісі келмеген немесе сөйлесуге қорыққан мына лейтенантсымақ Таңсықбаев Қаранар жабдығының қадірін білер ме еді? Едіге Қазанғаптың бақытсыз маскүнем күйеу баласы үшін де әрі күйініп, әрі күлкісі келеді. Ол байғұс ертелі бері арақ атаулыдан бір татып алмай қайын атасының денесінің қасында болғысы келіп, тіркемеде селкілдеп келе жатқан. Енді тележкеден түсіп, бұлардың қатарына келіп тұр. Түріне қарағанда, зиратқа өткізетін шығар деген үміті әлі үзілмеген сияқты. Едіге тіпті сары төбет Жолбарыс үшін де әрі күйініп, әрі күлкісі келеді. Қаралы керуенге өз ықтиярымен ілесіп несі бар еді? Енді қашан қозғаламыз деп несіне сарыла күтіп тұр? Осының бәрі бұл төбетке несіне керек? А мүмкін осы ит өзінің иесі қиындыққа ұшырайтынын күні бұрын сезіп, сол қиын-қыстау кезде иесінің жанында болғысы келген шығар, сірә? Кабинада жас тракторшы жігіттер Қалибек пен Жұмағали отыр. Енді Едіге оларға не дейді? Мына қырсықтан соң олар Едіге туралы не ойлайды?
Қор болып, көңілі жүдеген Едіге бірақ өзін бір ыза кернеп келе жатқанын анық сезді. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, қаны қайнап, атқақтап бара жатты. Өз мінезін өзі біледі, ашуға жеңілсе қауіпті екенін де сезеді, сондықтан бар жігерін жинап, ашу дұшпанның азғыруына берілмеуге тырысты. Марқұмның сүйегі әлі жер қойнына енбей тележкеде жатқан кезде Едіге өзін-өзі ұстамасқа, шыдамасқа қақысы жоқ. Кіжініп, дауыс көтеру қарт кісіге жараспайды. Осы кезде кеудесін кернеп бара жатқан ашу-ызаны не қимылмен, не сөзбен білдірмеуге тырысып, Едіге күре тамырлары адырайып, тістеніп тұрып осылай ойлады.
Едіге күткендей, Ұзынтұра Еділбай мен қарауылдар бастығының сөздері жараспай, бірден үмітсіз дүниеге айналды.
– Ешқандай көмек бере алмаймын. Зона территориясына бөтен адамдар кіруіне үзілді-кесілді тыйым салынған, – деді лейтенант Ұзынтұра Еділбайды тыңдап болып. – Біз онысын білмедік қой, жолдас лейтенант. Білгенде келмес те едік қой. Білсек, келіп неміз бар? Ал, енді келіп қалған екенбіз, жоғары жақпен хабарласып, бізге кісімізді жерлеуге рұқсат алып беріңіз. Өлікті кері алып қайта алмаймыз ғой.
– Мен жоғары жаққа баяндағанмын. Ешқандай да желеумен жіберілмесін деген нұсқау алдым.
– Оу, осы да желеу ме, жолдас лейтенант? – деп Ұзынтұра Еділбай қайран қалды. – Ау, желеу іздеп неміз бар? Не үшін? Сіздің бұл зонадан біз бірдеңе іздеп жүр дейсіздер ме? Кісіміз қаза болмаса, мұнша жол жүріп бізді жын ұрып кетті дейсіз бе?
– Жолдас бөтен адам, мен сізге тағы да түсіндіремін: мұнда енуге ешкімге де рұқсат жоқ.
– Оу, бөтен адамың кім? – деп кенет килікті осы уақытқа дейін үн қатпай тұрған маскүнем күйеу.– Кім бөтен? Біз бе бөтен?– деп ішкіштің іркілдек беті барлыға күреңденіп, ерні көгістеніп кетті.
– Рас-ау, біз қай уақыттан бері бөтен болдық? – деп қостады Ұзынтұра Еділбай.
Маскүнем күйеу тым шектен шығып кетпеуге тырысып, өзінің орысшаға шорқақ екенін ұмытпай, әрбір сөзді түзуірек айтпақ болып, кібіртіктеп, даусын көтермей, жай сөйледі:
– Бұл біздің, біздің Сарыөзектің зираты. Біз, мына біз осы Сарыөзектің халқы, өзіміздің қаза болған кісілерімізді осы зиратқа қоюға құқымыз бар. Сонау баяғы заманда Найман-Ананы осы жерге қойғанда, бір кезде мұнда жабық зона боларын ешкім де білмеген.
– Мен сізбен сөз таластырғым келмейді, – деді мұнысына лейтенант Таңсықбаев.– Дәл осы шақта қарауылдар бастығы ретінде тағы да мәлімдеймін: қарауылға алынған зонаның территориясына ешкімге де ешқандай себеппен енуіне рұқсат жоқ, болмайды да. Бәрінің үні өшті. “Тек қана бақсақ, тек тілден жібермесем екен бұл итті!” Боранды Едіге өзіне-өзі медет тілеп, аспанға көзі түсіп кетіп еді, аулақта асықпай қалықтап жүрген әлгі қарақұсты тағы да көрді. Осы сабырлы да әлуетті құстың тіршілігіне тағы да қызықты. Тағдыр сорлыны тағы да тәлкекке салатын не қалды, кету керек шығар, бәрібір күш көрсетіп кіре алмайсың, деп түйді ол. Қарақұсқа тағы бір қарап алып, Едіге.
– Жолдас лейтенант, біз кетеміз. Бірақ, ана, кім анау, генерал ма, әлде одан да жоғары ма, айт соған – бұлай болмайды! Мен, кәрі солдат ретінде айтып тұрмын – мұнысы дұрыс емес!
– Не дұрыс, не дұрыс, емес – жоғарының бұйрығын талқылауға правом жоқ. Сіздерге айтуға маған бұйырылған, бұдан былай естеріңізде болсын: ол зират жойылуға жатады.
– Ана-Бейіт пе?– деп Ұзынтұра Еділбай аузы аңқайып қалды.
– Иә. Солай аталса – сол.
– Ау, неге? Ол зират кімге кесір етті?– деп Ұзынтұра Еділбай шыдамай тарс кетті.
– Оның орнына жаңа микроаудан салынады.
– О тоба! – деп Ұзынтұра Еділбай қолын жайды.
– Немене, сендерге сонда басқа жер жетпей ме?
– Жоспар бойынша солай жобаланған.
– Әй, әкең кім осы сенің? – деді Боранды Едіге лейтенант Таңсықбаевтың көзіне қадалып тұрып, Таңсықбаев жүдә таңғалып:
– Оның керегі не? Онда қандай шаруаңыз бар? – деді.
– Шаруамның болатыны мынау: сен мына сұмдық сөзді қазір бізге айтпай, біздің зиратымызды қиратуды ойлап, жобалап жатқан кезде, жоғарыдағыларға айтуың керек еді. Әлде сенің ата-бабаларың өлмеп пе еді? Әлде сен өзің өмір-бақи өлмейтін бе едің?
– Мұның мына іске ешқандай қатысы жоқ. Мақұл-ақ, онда іске қатысы барды айтайық. Онда былай, жолдас лейтенант, сендердің ең үлкен бастықтарың кім, сол менің сөзімді тыңдасын, сендердің ең үлкен бастықтарыңның менің арызымды тыңдауын талап етемін. Айта бар, қарт майдангер, Сарыөзектің тұрғыны Едіге Жангелдин бірер ауыз сөз айтпақшы де.
– Оныңызды орындай алмаймын. Маған не бұйырылса, соны орындаймын.
– Жалпы, сенің қолыңнан не келеді өзі? – деп маскүнем күйеу қайта килікті. Жаны шыдамай көмейіне келген сөзді айтып салды.– Сенен гөрі базардағы милицияның өзі артық!
– Тоқтатыңыз бейбастықты! – деп қарауылдар бастығы сұп- сұр болып, тікірейе қалды.– Тоқтатыңыз! Алып кетіңіздер мынаны шлагбаумнен, тракторларды жолдан алып кетіңіздер!
Едіге мен Ұзынтұра Еділбай маскүнем күйеуді бас салып, ары қарай, тракторлар тұрған жерге дырылдатып сүйретіп бара жатқанда да, маскүнем артына бұрылып айқайлай берді.
– Саған жол да жетпейді, саған жер де жетпейді! Ұрдым сендейдің аузын!
Осы уақытқа дейін жұмған аузын ашпай түнеріп, одағайлап жүрген Сәбитжан енді бұлардың алдынан шығып, кісімси қалды:
– Ал, не болды? Табалдырықтан табан жалтыраттық па? Иә, солай ма? Солай болатынын білгем. Тырақайлай бердіңдер ме? Ана- Бей-і-т! Тек – Ана-Бейіт! Ал, не, қыңсылаған иттей қаңғырып қалдық!
– Әй, қыңсылаған ит кім сонда? – деп шынында долданған маскүнем күйеу Сәбитжанға тұра ұмтылды. – Әгәрім, арамызда бір ит бар болса, ол – сенсің сволочь! Анау тұрған лейтенантсымақ кім, сен кім? Қандай айырмашылықтарың бар? Екеуің де итсіңдер! Тағы да: “мен мемлекет адамымын”, деп мақтанасың-ай кеп. Сенде жүрген неғылған адам? Адам емессің сен!
– Ей, маскүнем, тіліңді тарт! – Сәбитжан қарауылдар естісін дегендей әдейі шіңкілдек даусын шарылдата шығарды. – Мен аналардың орнында болсам, мұндай сөздерің үшін сенің қараңды өшіріп, қамап тастар едім! Сендейлерден қоғамға не пайда, сендейлерді тып-типыл жойып жіберу керек! Осылай деп, Сәбитжан: “сенің де, сенімен біргелердің де енелеріңді ұрайын” дегендей сырт беріп, жон арқасын көрсетіп бұрылып кетті де, кенет белсеніп шыға келіп, шаруақор адамша ары-бері жөн сілтеп, айқай салып, тракторшыларға бұйрық айта бастады.
– Әй, немене сендер, ауыздарыңды аңқайта қалдыңдар? Тракторды оталдыр тез! Келген бетте кері қайтамыз! Сапалақ сайтан алсын! Бұр кері қарай! Жетті! Ақымақ болып болдық! Әлдекімдердің сөзіне еріп жетістік!
Қалибек тракторын от алдырып, тележкенің тіркемесін абайлап, жайлап бұрыла бастаған кезде маскүнем күйеу тележкеге қарғып мініп, марқұмның жанына барып отыра қалды. Жұмағали болса, Едіге экскаватордың тұмсығынан Қаранарын шешіп алғанша сабыр сақтады. Сәбитжан мұны көріп, шыдай тұрмай, қайта тракторшыларды асықтыра берді.
– Әй, сен неге от алдырмайсың? Бол, от алдыр! Не тұрыс! Бұр кейін! Жерлеп жетістік! Мен бірден-ақ қарсы болдым ғой! Енді жетті! Бұр үйге қарай!
Боранды Едіге түйеге мінерден бұрын әуелі оны шөктіріп, сонан кейін барып шоқиып отырып, бураны қайта тұрғызғанша, тракторлар кері жолға түсіп, алдыға озып кетті. Келген ізбен безіп барады. Едігені күткен де жоқ. Алдыңғы тракторға отырып алып асықтырған Сәбитжан... Аспанда әлгі қарақұс әлі айналып жүр. Неге екені белгісіз, сары иттің далақбай жүрісі оның жынына тиетін сияқты, енді сонау биіктен соны торып келеді. Тракторлар қозғалғанда иттің неге алға түсіп кетпей түйелі адамның жанында қалып қойып, бура жүргенде ғана барып оның соңынан жортақтай жөнелгені түсініксіздеу болды. Трактордағы адамдар, ізінше түйе мінген кісі, оның соңында қос аяқ қаққан сары ит тағы да Сарыөзектің даласымен Құмдышап жарын бетке алып кетіп барады. Жардың су жырған бір тұйық қуысында қарақұстың ұясы бар- ды. Басқа кез болса қарақұс мазасызданып, байбаламдай шаңқыл- дап, өзі аулақта жүрсе де, қанатын жылдам қағып, сол мезетте қоңсы алқаптың үстінде өзінің бәсірелі жерінде жем іздеген қосағын ұяны қорғау керек болған жағдайда көмекке шақырар еді. Бірақ бұ жолы аққұйрық қарақұс тіпті қыңған жоқ, өйткені балапандары әлдеқашан қанаттанып, ұядан ұшып кеткен. Шегір көз, иіртұмсық балапандар енді күнбе-күн қанаттары қатайып, енді өз беттерінше тамақ асырайды. Сарыөзектің аймағында өздері иемденген жерлері бар. Енді кәрі қарақұс олардың алқабына зәуіде бір бара қалса, әлгі жүгермектер әкесіне адырая қарайтын қылық шығарған...
Қарақұс кері қайтқан керуенді, өз жерінде не болып жатқанын бақылап жүретін әдетіне басып, биіктен барлап келеді. Адамдардың жанынан бір елі жарбаңдап қалмайтын сабалақ сары итке әсіресе шұқшиып қарайды. Ол иттің адамдарға неғып үйірсек болғанына таңғалады. Өз бетінше неге аң ауламайды? Өз шаруасымен әуре болып жүрген адамдардың соңынан құйрығын бұлғаңдата жүгіріп несі бар? Оған мұндай тіршіліктің не керегі бар? Қарақұстың назарын енді бір аударған нәрсе – түйедегі адамның омырауында жалтыраған заттар еді. Сол жалтыраққа көз тігіп келе жатқандықтан да қарақұс тракторлар соңында келе жатқан әлгі түйелі адамның кенет бір қапталға кілт бұрылып, тракторлар өзектің басын айналып өткенше, өзекті тіке кесіп өтіп бара жатқанын бірден байқады. Түйелі адам қамшыны басып-басып жіберіп бураны лекілдетіп шаба жөнелгенде, омырауындағы жалтырақ заттар секеңдеп, сылдыр- сылдыр етеді. Түйе ұзын аяқтарын көсілте тастап, заулап келеді, ал сары ит қос аяқтап безіп барады...
Түйелі адам тракторлардың алдын орап, Құмдышап жарына кіре берісте оларды кесе-көлденеңдеп тұра қалғанша біршама уақыт өтті. Тракторлар түйелі адамның алдына барып тоқтады.
– Не? Не боп қалды тағы да? – деп Сәбитжан кабинадан басын шығарды.
– Ештеңе де болған жоқ. Өшір моторды,– деп бұйырды Едіге.– Әңгіме бар. – Тағы қандай әңгіме? Кідіртпе енді, жүрістен тойып болдық қой!
– Қазір кідіртіп тұрған сенсің. Өйткені марқұмды осы араға қоямыз.
– Жетеді осы қорлағаның! – деп Сәбитжан баж етіп, мойнындағы умаждалған галстукті тағы да тартқылай берді.– Разъезге өзім апарып қоямын, айттым – бітті! Жетеді!
– Бері қара, Сәбитжан, әке сенікі, ешкім таласпайды. Бірақ та жер бетінде жалғыз сен ғана емессің ғой. Дегенмен тыңда сен. Ана постыда не болғанын өзің естіп, өзің көрдің. Оған біздің ешқайсымыз да кінәлі емеспіз. Енді сен мынаны ойла. Өлікті зираттан үйге қайтып апарғанды сен қайдан көрдің? Ондай сұмдық бұрын-соңды болған емес. Бұл бізге масқара таңба. Мұндай масқара өмірі болған емес.
– Ұрдым оның бәрін, – деп қасарысты Сәбитжан.
– Ұрсаң – қазір ұрарсың. Ашу үстінде аузыңнан не шықпайды. Ал ертең өзің ұяласың. Ойлан. Ол қарғыс таңбасын еш нәрсемен жуып кетіре алмайсың. Үйден шыққан өлік үйге қайта оралмас болар.
Бұл кезде экскаватордың кабинасынан Ұзынтұра Еділбай шықты, тележкадан маскүнем күйеу түсті. Экскаваторшы Жұмағали да не болды екен дегендей жақындап келді. Қаранарға мінген Боранды Едіге олардың қолында көлденең тұр. Әй, жігіттер, құлақ салыңдар, – деді ол. – Адам-атаның әдет- ғұрпына, табиғаттың заңына қарсы бармаңдар! Өлікті зираттан алып қайту деген өмірі болған емес. Жерлеуге алып шыққан адамды жерлеу керек. Басқаша жол жоқ. Міне мынау құмдышаптың жары. Бұл біздің Сарыөзектің жері! Осы Құмдышапта Найман-Ана өзінің әйгілі жоқтауын айтқан. Мына Едіге шалдың сөзін тыңдаңдар. Қазанғаптың моласы осы жерде болсын! Маған да топырақ осы жерден бұйырсын. Құдай қаласа, мені өздерің жерлейсіңдер. Бұл менің сендерге айтар арызым. Ал қазір, күн кешкірмей тұрғанда анау жардың қақ басына марқұмды жер қойнына берейік!
Ұзынтұра Еділбай Едіге нұсқаған жерге қарады.
– Жұмағали, қалай, экскаваторың о жерге өте ала ма?– деп сұрады ол экскаваторшыдан.
– Өтеді, өтпегенде ше. Әне, анау кемермен...
– Сен қоя тұр анау кемеріңді! Сен алдымен менен сұра! – деп Сәбитжан килікті.
– Ал, сұрап тұрмыз, – деді Жұмағали. – Ана кісінің айтқанын есіттің бе? Енді тағы не керек саған?
– Мені осы қорлағаны жетті деймін! Бұл өлікті қорлау! Кеттік разъезге!
– Ал сен былай ойласаң, өлікті қорлаудың көкесі оны зираттан үйге сүйретіп алып қайтудың дәл өзі болады! – деді оған Жұмағали.
– Сондықтан нықтап ойлан.
Бәрі де үнсіз.
– Ал, сендер өздерің біліңдер, – деп дүрс етті Жұмағали, – мен мола қазуға кеттім. Менің парызым – шұңқыр қазу, неғұрлым тереңірек қазу, басқаңды білмеймін. Жарық барда үлгеру керек, қараңғы түскен соң ешкім де жер қазып жатпайды. Қалғандарың не істейсіңдер – өздерің білесіңдер.
Сөйдеді де, Жұмағали өзінің “Беларусь” экскаваторына беттеді. Ылдым-жылдым от алдырып, қабаққа қарай бұрылып, қабақты қиялап, Құмдышап жарының, желкесіне өрмелеп бара жатты. Соңынан Ұзынтұра Еділбай жаяу жөнелді, оның артынан Боранды Едіге Қаранарға тақым басты.
Маскүнем күйеу тракторшы Қалибекке:
– Егер сен солай жүрмесең, – деп жар жақты көрсетті, – мен трактордың астына түсемін. Трактордың астына түсіп өлу маған пішту де емес.– Осыны айтып ол тракторшының алдына тұрып алды. – Ал, не дейсің, қалай жүреміз? – деп сұрады Қалибек Сәбитжаннан.
– Бәрің де сволочь, бәрің де итсіңдер! – деп Сәбитжан дауыстап тұрып боқтап салды. – Неғып отырсың енді, бол от алдыр, жүр соңдарынан!
Қарақұс енді жар басындағы адамдардың қыбыр-жыбыр тіршілігіне көз салды. Машиналардың бірі ін қазған саршұнақ құсап, қалш-қалш етіп жерді қауып, топырақты шұқанақтың қасына үйіп жатыр. Сол кезде арт жақтан тележкелі трактор да келді. Тіркемеде жалғыз адам сол бұрынғы қалпында тележкенің ортасында ақ бірдеңеге оралған қимылсыз одағай заттың жанында тапжылмай отыр. Сабалақ сары ит адамдардың жанында ары-бері қипалақтап жүрді де, десе де түйені жағалап барып, соның жанына жата кетті.
Бұл келгендер енді жар басында жер қазып, көпке дейін абыр- сабыр болатынын қарақұс сезді. Сезді де бір жағына қисая қалқып, даланың үстімен қалықтай бір айналып алып, енді жол-жөнекей жем аулап әрі десе космодромда не болып жатқанын байқайын дегендей, жабық зона жаққа қарай кете барды. Міне тұп-тұра екі тәуліктен бері космодромның алаңдарында күндіз-түні үздіксіз жұмыс қайнап, жанталасып жатқан кез еді. Бүкіл космодром жан-жағындағы арнайы қызмет орындарымен, зоналарымен қоса түнде жүздеген прожекторлардың жарығымен жарқырайды да тұрады. Тіпті түн баласы күндізгіден де жарық болып кетті. Ондаған ауыр, жеңіл арнаулы машиналар, көптеген ғалымдар мен инженерлер “Құрсау” операциясын іс жүзіне асыруға дайындық қамында жүр. Космостағы ұшу аппараттарын жоюға жаратылған антиспутниктер космодромның ерекше алаңында әлдеқашан оқталып қойылған. Бірақ ОСВ–7 келісімі бойынша ерекше бір шартқа дейін бұл қарулар пайдаланылмайтын болып, жабулаулы тұр еді. Дәл осындай қарулар Америка жағында да тұрған. Енді “Құрсау” атты транскосмостық операцияны іске асырудың шапшаң программасына байланысты бұл қарулар жаңаша әжетке жарайтын болды. “Құрсау” операциясы бойынша мұндай робот-ракеталар қолма-қол ұшыру үшін Американың Невада космодромында да дайындаулы еді.
Сарыөзек кеңдіктерінен ракеталар ұшыру мерзімі кешкі сағат сегізге дөп келеді. Дәл сегіз нөл-нөлде ракеталар ұшырылуы керек. Араларына бір жарым минуттен салып, қиыр космосқа бірінен соң бірі Сарыөзектің тоғыз антиспутнигі көтерілуге тиіс те, олар бөтен планеталықтардың ұшқыш аппараттарының жерге жақын еніп кетуіне қарсы құрсау құрап, жер шарын айнала тұрақтанып, Батыс - Шығыс бетті қорғап тұруы керек. Невададан ұшатын робот- ракеталар Солтүстік – Оңтүстік құрсауын құруға міндетті болатын. Сарыөзек–I космодромында түстен кейін тура сағат үште ракеталарды ұшыру алдындағы “Бесминуттік” бақылау жүйесі іске қосылды. Әрбір бес минут сайын барлық цифрлар жарқылдап, оны дауыс қайталап: “Стартқа дейін төрт сағат елу бес минут! Стартқа дейін төрт сағат елу минут...” деп қақсады да тұрды. Стартқа үш сағат қалғанда “Минутка” жүйесі іске қосылуға тиіс.
Бұл екі арада орбиталық “Паритет” станциясы өзінің космос- тағы параметрлерін өзгертіп, қоныс аударып кетіп еді, сонымен бірге 1–2 және 2–1 паритет космонавтармен байланысты мүлде үзу мақсатымен станциядағы радиобайланыс каналдарының шартты белгілерінің бәрі өзгертіліп жіберілді. Ал дәл сол кезде 1–2 және 2–1 паритет-космонавтар әлемнің қайдағы бір қиырынан жіберген радио-сигналдар жапан даладағы жалғыз жанның дауысындай адасып, құр босқа үздіксіз зарлады да жатты! Олар байланысты үзбеңдер деп жалынды-ай келіп. Олар Бірбасордың шешімімен дауласып жатпады. Өйткені ең әуелі жердегілердің мүддесін қорғай отырып, Орман Төс цивилизациясымен мүмкін болар байланыс проблемаларын тағы да тағы зерттеу керек деп үміттенді. Олар өздерін лезде ақтап алғысы келген жоқ, олар қанша болса да күтуге дайын, тек өздерінің Орман Төсте жүргені планетааралық қатынасты жақсартуға қызмет етсе болды, соған риза. Бірақ олар екі жақ болып келіскен: “Құрсау” операциясына қарсы.
Олардың пайымдауынша, жер шарын бүйтіп құрсаулап қойса – адам қоғамы, сөз жоқ, тарихи және технологиялық дағдарыс пен топалаңға ұшырайды. Ол ылаңды түзетіп, заманды қайтадан қалпына келтіру үшін мыңдаған жылдар керек.
Әттең, не керек, енді кеш болды... Жарық әлемде олардың үнін ешкім естімейді. Әлемдік кеңістікте олардың жалынышты дауысы шырылдап шығып жатыр-ау деп ешкім ойламайды...
Сол уақытта Сарыөзек-І космодромында “Минутка” жүйесі іске қосылып “Құрсау” операциясы бойынша ракеталар старт алатын сәттің жақындап қалғанын қайырымсыз хабарлап тұрды... Ал, қарақұс болса, кезекті сапардан соң Құмдышап жарының үстіне қайта оралды. Ондағы адамдар әлі өз ісімен әлек екен, енді күрекке кірісіпті. Экскаватор едәуір топырақты үйіп тастапты. Енді ол шөмішін тереңге сұғып, соңғы рет топырақты сыпырып- сиырып жатыр екен. Көп ұзамай ол қалшылдағанын қойып, бір шетке барып тұрды, адамдар шұңқырдың түбінде әлі де бірдеңені үңгілеп жатты. Түйе орнында тұр, бірақ сары ит көрінбейді. Ол қайда кетеді сонда? Қарақұс жақындай түсіп, жардың үстінен айнала қалықтай ұшып, біресе оң жаққа, біресе сол жаққа басын бұрып, ақыры сары иттің тележке астында, дәл доңғалақтың жанында көсіле түсіп жатқанын көрді. Ит тыныстап, жайбарақат жатыр, мүмкін, қалғып жатқан шығар, әйтеуір қарақұста шаруасы болған жоқ, Бүгін қарақұс сол иттің үстінен қанша қалықтап жүрсе де ит неме аспанға бір қарамады-ау. Саршұнақ екеш саршұнақ та қаздия қалып, әуелі жан-жағына жалтақтап, жау жоқ па екен деп аспанға да көз салып алады. Ал, ит болса адамдардың жанында жүруге үйренген, ештеңеден қорықпайды, ешқандай уайымы жоқ. Жатысын қарашы қасқаның! Қарақұс бір сәт әуеде тапжылмай ілініп тұрды да, күшеніп тұрып, құйрығының астынан иттің үстіне қоймалжың бірдеңені сақпаннан атқандай саңғып кеп жіберді. Мә, саған, бәлем! – дегендей еді.
Боранды Едігенің жеңіне жоғарыдан бірдеңе былш ете түсті. Ол әлгі құстың саңғырығы еді. Бұл қайдан түсті? Едіге жеңін сілкіп тастап, жоғары қарады. “Тағы да сол аққұйрық екен ғой. Бұл төбеден кетпей қойғалы қашан. Ненің нышаны бұл? Рақаттанып жүрісін қарашы. Қалықтап, жүзіп жүр-ау”. Едігенің ойын шұңқыр түбінде тұрған Ұзынтұра Еділбайдың даусы бөліп кетті:
– Едеке, қарашы, жете ме, әлде тағы үңги түсейік пе?
Едіге қабағын түйіп, мүрденің шетінен төмен қарай үңілді.
– Былайырақ, мына шетке тұршы, – деді ол Ұзынтұра Еділбайға.
– Қалибек, сен сыртқа шыға тұр. Рахмет, айналайын. Е, тереңдігі дұрыс сияқты ғой. Еділбай, сонда да лақатты сәл қашаңқырашы, кеңірек болсын.
Осылай нұсқау айтып, Боранды Едіге суы бар канистр-торсықты ұстап, экскаваторды айналып барып, құран оқырдан бұрын дәрет алды. Сонда барып, көңілі сәл-пәл орнына түскендей болды: Қазанғапты Ана-Бейітке қоя алмағанмен, әйтеуір, өлікті қайтадан үйге сүйретіп алып қайтпай, үлкен масқарадан арылғандай хал кешті. Егер Едіге қасарыспаса, өлім болғанда, бұлар марқұмды разъезге алып та қайтатын еді. Енді ерте күнді кеш қылмай, істі тындырып, қараңғы түскенше Борандыға жетіп үлгеру керек. Ондағылар, әрине, бұлардың жолын тосып, мазалары кетіп отыр ғой. Бұлар кешкі сағат алтыдан қалмай ораламыз деп кеткен. Қонақасы сол кезге белгіленген. Бірақ қазірдің өзінде сағат төрт жарым болып қалды. Әлі өлікті жайғастыруы бар, Сарыөзектің ұзақ жолы бар, салып ұрып жүргеннің өзінде ең кемі екі сағаттық жер ғой. Сөйтсе де, өлікті жерге умаждап тыға салудың да реті жоқ. Тым болмай бара жатса қонақасы кеш берілер. Амал нешік...
Дәреттен соң Едіге соңғы рәсімге дайын екенін сезін-ді. Канистр-торсықтың тығынын бұрап, экскаватордың ар жағынан салихалы салмақпен сақалын сипап қойып оралды. – Құдайдың марқұм болған құлы Қазанғаптың ұлы Сәбитжан, сен келіп мына менің сол жағыма тұр, ал қалған төртеуің сүйекті көтеріп әкеліп, мүрденің жиегіне басын құбылаға қаратып қойыңдар, – деді ол біршама салтанатты үнмен. Айтқанының бәрі істелген кезде ол былай деді: – Ал енді қасиетті Қағба жаққа бет бұрыңдар. Осындай сәтте тілегіміз бен ойымыз құдайдың құлағына шалынсын деп, құдайға жалбарынып, алақандарыңды жайыңдар.
Бір ғажабы – ешкім бұған күлген де жоқ, күңкілдескен де жоқ. Едіге осыған риза болды. Әйтпесе, біреуі тұрып: Әй, шал, миды қатырма, сайтанның сапалағы, сен қайдан шыққан молдасың? Онан да өлікті тез көміп, ертерек үйге қайтайық, – деуі мүмкін ғой. Ол – ол ма.
Едіге тіпті дұғаны отырып емес, түрегеп тұрып оқуға батылданды. Өйткені ол жөн білетін кісілерден дін ордасы – араб елдерінде кісі жерлеу кезінде дұғаны түрегеп тұрып оқиды дегенді естіген. Солай ма, солай емес пе, кім білсін, бірақ Едіге сол сәтте төбесі көкке жақынырақ тұрғанын қалады.
Дұғаға кіріскенде басын әуелі оңға, одан кейін солға бұрып, сол қалыпта басын жерге иіп, содан соң көкке көтеріп, сол қимыл арқылы жаратқан құдіретке мінәжат қылды. Дүние-әлемді жаратқан, сол әлемге шығып-батқан күндей бес күндік қонақ болып кететін адамды жаратқан құдірет иесіне құлдық ұрып тұрған кезде Едіге аспаннан аққұйрық қарақұсты тағы көрді. Қарсы алдында қарақұс қанаттарын сәл-пәл қағып қойып, аспанды айнала берді, айнала берді. Бірақ қарақұс Едігені алаң қылған жоқ, қайта құдай туралы, өмір мен өлім қақындағы толғамды ойлардың кенін қопаруға себі тиді. Үңірейген көрдің шетіндегі зембіл үстінде ақ киімге оралған марқұм Қазанғап қарсы алдында жатыр. Едіге фатихаға кірісті. Бұл дұға күні бұрын-ақ әркімге, әмбеге жарық дүниенің ақырына дейін арналып қойылған. Дұғаның сөздері кім болсаң ол бол, қай заманда өмір сүрме, әмбеге, тіпті дүниеге келешекте келетіндерге де – баршаға бірдей бағышталып, баршаның барар жерін, тағдыр- талайын бәріне бірдей ортақ етіп сызып қойған. Бәрінің де барар жері біреу – адам туады, өледі. Басқа жол жоқ. Пайғамбарлар үдесіне жетіп, кейінгілерге өсиет етіп қалдырған болмыстың осы бір әмбебап қағидасын оқып болып, Едіге енді бұл дұғаны өз жанының түкпірінен, тіршілік тірнегінен шыққан ойларымен толықтырмақ болды. Едіге, о да пенде, бұл жарық дүниеде тектен-текке өмір сүрді дейсің бе.
“Е, Жасаған ием, мен пендең ата-бабалар айтқан дұғаны қайталадым. Егер пенделердің тілегін есітерің рас болса, мен де бір мінәжат айтайын, құлақ сал. Менің тілегімнің дұғаға кесірі жоқ шығар.
Міне, біз Құмдышап жардың басында, Қазанғаптың қазылған көрінің қасында, елсіз түз далада тұрмыз. Өйткені өзіңнің құлың Қазанғапты уәделі зиратқа қоя алмадық. Ал аспандағы қарақұс біздің қол жайып, Қазанғаппен қоштасып тұрғанымызды көріп жүр. О, ұлы құдірет, егер сен бар болсаң, өзіңнің құлың Қазанғаптың рухын қабыл ал, егер де оны лайықты деп тапсаң, жанын жаннатқа жайғастыр. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырыстық. Ендігісін өзің біл!
Ал енді осындай бір зәуіде ақыл-есім бар тірлігімде мен саған мінәжат етіп қалған екенмін, құлағың сал, құдірет, о, жасаған, қорға, қолда, ая! – деп саған арыз айтып жатқандар аз емес қой, әрине. Адамдар кез келген себеппен, орынды болсын, болмасын, әйтеуір сенен көп нәрсе дәметеді ғой. Тіпті қанішер кещенің өзі де саған сиынады. Ал, сен болсаң, тіл қатпайсың. Айтары жоқ, әрине, біз, пенделер, басымызға іс түскен қиын-қыстау кездерде сені іздеймін, сен сол кезде ғана қол ұшын беретін сияқты көрінесің бізге. Мен түсінемін, сенің де халің мүшкіл, өйткені біздің арызымыздың ақыры жоқ. Ал, сен жалғызсың. Мен сенен ештеңе тілемеймін. Мен тек осындай зәуі сәтте өз ойымды ғана айтпақшымын. Мен Найман-Ана жатқан біздің ежелгі зиратымызға енді қолымыз жете алмай қалғанына қатты қапаланамын. Сондықтан да енді менің ажалым жетсе, сол Найман-Ананың аяғы тиген жер – осы Құмдышапта жатсам деймін. Мені мына Қазанғаппен қатар жатуға жаз, жасаған. Егер де, адам өлгеннен кейін оның жаны әйтеуір бір мақұлыққа барып қонатыны рас болса, маған құмырсқа болып не керегі бар, мені аққұйрық қарақұсқа айналдыр. Дәл анау қарақұс сияқты мен де Сарыөзектің үстінен ұшып, сонау зау биіктен өз жеріме қарайын да жүрейін. Мен айтарымды айтып болдым.
Мен ақырғы өз өтінішімді мына менімен бірге еріп келген жастарға арыз етіп қалдырамын. Мен өлгенде осы жерге көміңдер деп, арыз айтып кетемін. Бірақ та сонда кім дұға оқырын бұлардың арасынан көре алмай тұрмын. Бұлар құдайға сенбейді, ешқандай дұға, фатиха да білмейді. Жарық әлемде құдай бар ма, жоқ па – ешкім де білген жоқ, еш уақытта білмейді де. Біреулер – бар, дейді, біреулер – жоқ, дейді. Ал мен болсам, сенің бар екеніңе сенгім келеді, сен менің ой-санамда болсаң деймін. Мен саған дұға-бата айтқанда, шындығында сен арқылы сол дұға-батаны өзіме-өзім айтып тұрамын. О, жасаған, сондай сәтте менің ойым – дәл сенің ойың сияқты болып көрінеді. Мәселенің бар түйіні осында ғой! Ал, мына жастар бұл туралы ойламайды, дұғаны жек көреді. Бірақ бұлар ажалдың ұлы сәтінде өзіне де, өзгеге де не айта алмақ? Егер де бұлардың кез келгені кенеттен құдай бола қалса, оның ойы ғаламат шарықтап кету керек қой. Міне, бұлардың ой шарықтата алмайтын шарасыздығын, өзінің адамдық қасиетінің бар қадірін біле алмай, жер бауырлап қалғанын көремін де аяймын бейшараларды. Артық айтсам, кешіре гөр, жасаған. Бірақ та олардың ешқайсысы да құдай бола алмайды, бола қалса, онда сенің керегің не? Егер де адам өз көңілінде сен сияқты барлық адамдар үшін қолдаушы-қорғаушы бола алмаса, онда, жасаған ием, сенің де болмағаның... Ал, мен сенің ізсіз-түзсіз кеткеніңді қаламас едім... Міне, менің бар көкейкесті арманым мен қасірет-қайғым осы. Артық-ауыс айтсам – кеше гөр. Мен бір жүрген пендемін, әлімнің келгенінше осылай ойлаймын. Мен енді қасиетті құраннан соңғы аят айтып, аяқтаймын да, марқұмды көрге кіргіземіз. Е, жаратқан, өзің оңда, өзің қолда...”
– Әумин! – деп Боранды Едіге аятты аяқтап, әуедегі қарақұсқа тағы бір қарап, үнсіз қалып, жан дүниесі шырылдап, қасіретке толы тұлғамен баяу ғана бұрылып, артындағы жастарға қарады. Бұл жастар туралы ойын жаңа ғана ол дәл құдайдың өзіне айтты ғой. Ал, құдай-тағаламен тіл қатысу тамам болды. Қарсы алдында өзімен бірге еріп келген бес жігіт тұр, енді осылармен бірге енді ұзаққа созылып кеткен ақырет ісін атқармақ.
Сөйтіп жаңа дұға оқығанда айтылуға тиісті тілекті сендер үшін де айттым,– деді Едіге ойланып тұрып. – Енді іске кіріселік. Ордендер таққан пиджагін лақтырып тастап, Боранды Едіге шұңқырдың түбіне өзі түсті. Оған Ұзынтұра Еділбай септесті. Сәбитжан, марқұмның ұлы болған соң іске араласпай, басын салбыратып, қайғырған болып, бір шетте қалды да, Қалибек, Жұмағали және маскүнем күйеу үшеуі зембілден ақ киізге құндақтаулы денені көтеріп алып, Едіге мен Ұзынтұра Еділбайдың қолына ұстатып, мүрдеге түсірді. “Міне енді айырылысар сәт те соқты! – деді ішінен Едіге Қазанғапты мәңгілік орны – лақатқа жайғастырып жатып. – Сені мұншама уақыт өз мекеніңе қоныстандыра алмағанымызды кешір. Күні бойы ары-бері сандалдық та жүрдік. Жағдай осылай болды, бауырым. Сені Ана-Бейітке қоя алмағанымыз – біздің кінәміз емес. Бірақ бұл істі бұлай қалдырады екен деп ойлама. Аяқ жетер жердің бәріне де барамын. Көзім тірі тұрғанда, тілім байланбас. Айтамын айтарымды! Ал, сен, бауырым, жайлы жат. Жер жарықтық ұшы- қиырсыз, ал саған небары он сүйем ғана орын бұйырды ғой. Сен мұнда келіп жалғызсырамассың. Кешікпей, мен де жаныңа келіп жатармын, Қазанғап. Сен сәл шыда. Күмәнданба. Егер жазатайым қырсықтан аман болып, өз ажалымнан өлсем, мен де осы жерге жайғасып, екеуіміз қайтадан бірге боламыз. Сөйтіп екеуміз де Сарыөзектің топырағына айналамыз. Бірақ оны біз сезбеспіз. Мұны тірі жүргенде ғана ойласын. Сондықтан да мұның бәрін саған айтқан болып, еліме айтып тұрмын. Сен енді тірі кезіңдегі Қазанғап емессің ғой. Осылайша бәріміз де бардан жоққа айналамыз. Ал, пойыздар болса, Сарыөзектің даласын тіліп заулай бермек, біздің орнымызға басқа ұрпақ келмек...”
Сол-сол екен Едіге шыдай алмай еңкілдеп жылап жіберді: көп жылдар бойы Боранды бекетте бұл екеуінің бірге көрген қиямет мехнаты, жоқшылық пен баршылығы, қуаныш-қайғысы – барлығы- барлығы – қиырсыз ұзақ уақыт бірге жүрген күндердің тарлығы мен зарлығы осы бір-екі ауыз арыздасып-қоштасу сезім, Қазанғапты лақатқа қойған бірер минуттің ішіне сыйып кетті. Пенденің пешенесіне қанша дарқандық, қанша сараңдық жазылған десеңші!
– Еділбай, сен естимісің, – деді Едіге тар шұңқырдың ішінде иығы мен иығы тиісіп тұрып. – Сен мені осы араға, Қазанғаппен қатар жерле. Міне, бүйтіп, мына біз қазір Қазанғапты қойғандай, лақатқа мені өз қолыңмен қой. Мен сонда қысылып қалмай, жайлы жататын болайын. Осы айтқанымды орындайсың ба?
– Қойшы, Едеке, қайдағыны айтпай, кейін сөйлесерміз. Сен енді сыртқа шық. Қалғанын өзім-ақ тындырамын. Қой енді, Едеке, босай берме, кәне, шық. Егіле берме.
Жас жуған беті топырақпен лайланып, Едіге жоғары ұмтылып еді, сырттағылар қолын созып, оны тартып алды. Өксігін баса алмай, әлдеқандай аянышты сөздер айтып, күбірлеп, мүрденің жиегіне шықты. Шал жуынып-шайынып алсын деп Қалибек оған канистр- торсықты әкеліп берді.
Содан бәрі де мүрдеге бір-бір уыс топырақ тастады да, моланың жел жағына шығып, шұқырға топырақты әуелі күрекпен лақтыра бастады, сәлден соң Жұмағали рульге отырып, бос топырақты бульдозермен ысырып-ысырып жіберді. Кейіннен бәрі де күрекпен топырақты үйіп, қырнап, төмпешікті ретке келтірді... Ал, аққұйрық қарақұс Құмдышап жардың басына үймелеп, ығы- жығы болып түртінектеп жүрген бір топ адамдардың тіршілігін, топырақтан көтерілген шаңды алыстан бақылап, әуеде қалықтап айналды да жүрді. Қарақұс шұңқыр орнына пайда бола қалған төмпешіктің төңірегіндегі адамдардың қимылы үдей түскеніне де көз салып қойды. Бұл кезде тележкенің астында көсіліп жатқан сары ит керіліп орнынан тұрып, о да адамдардың қасына барып түртінектеп жүрді. Оған не бар десеңші? Тек шашақты жабу жамылған кәрі түйе ғана жағын тынымсыз қимылдатып, мызғымастан күйіс қайырды да тұрды...
Енді адамдар кетуге бет алған сияқты. Сөйтсе, жоқ, әлгі түйенің иесі алақанын жайып тұра қалып еді, басқалары да сөйтті...
Күн кешкіріп барады. Боранды Едіге қасындағыларға көзін қадап, едәуір шолып тұрды да:
– Міне, бұл істі де тындырдық. Жақсы адам ба еді Қазанғап? – деп сұрады.
– Жақсы еді, жақсы еді,– деді жанындағылар.
– Ешқайсыңа қарыз болып қалған жоқ па? Мына баласы тұр, егер әлдекімге Қазанғап борышты болса, әкесінің қарызын мойнына баласы алсын.
Ешкім жауап қатпады. Сонда Қалибек бәрі үшін:
– Жоқ, Қазанғаптың мойнында ешқандай қарыз қалған жоқ, – деп жауап берді.
– Олай болса, Қазанғаптың баласы, сен не айтасың? – деді Едіге.
– Бәріңе де рахмет, – деп анау келте қайырды.
– Е, олай болса, қайттық үйге! – деп қалды Жұмағали.
– Қазір. Бір-ақ сөзім бар, – деп тоқтатты оны Едіге. – Бәріңнің ортаңдағы кәрің менмін. Бәріңе айтар арыз-тілегім бар. Егер де мен өле кетсем, міне, дәл мына жерге, Қазанғаппен тұпа-тура қатар қойыңдар. Естідіңдер ме-ей? Бұл менің аманат-өтінішім, демек, дұрыс түсініңдер.
– Кімнің қашан, қайда өлерін кім біледі, Едеке. Алдағыны әлден болжап не керек,– деп шүбә айтты Қалибек. – Мейлі,– деп қасарысты Едіге.– Айту – менің парызым, тыңдау сендердің парызың. Ал, әлгіндей жағдай бола қалса, Едігенің сондай бір өсиеті бар еді-ау деп еске алыңдар.
– Тағы да қандай ұлы өсиеттерің бар? Қане, Едеке, айтып қал, – деп Ұзынтұра Еділбай жұрттың көңілін жадыратпақ болып қалжың айтты.
– Сен күлме, бала,– деп Едіге өкпелеп қалды.– Мен шын айтып тұрмын.
– Ұмытпаймыз, Едеке, – деп Ұзынтұра Еділбай сөздің жігін жатқызды. – Зәуіде сен айтқандай бола қалса, айтқаныңды орындаймыз. Оған шәк келтірме.
– Е, бұл, міне, жігіт адамның сөзі, – деп Едіге күңк етіп риза пейіл танытты.
Тракторлар жардан төмен түспек болып, бұрыла бастады. Тракторлар ойпаңға түскенше, Едіге Қаранарды жетекке алып, Сәбитжанмен қатар келе жатты. Өз көңілін қобалжытқан жайды Сәбитжанға оңаша айтпақшы еді.
– Сәбитжан қарағым, енді қолымыз босады. Енді бір әңгіме бар. Ата-баба зираты Ана-Бейітті қайтеміз енді? – деп сұрады.
– Қайткені несі? Бас қатыратын түгі де жоқ, – деді Сәбитжан.– Жобаның аты жоба. Сол жоба бойынша зират жойылады. Мұның несі сөз.
– Менің айтпағым ол емес. Өйте берсең, кез келген іске қолды бір сілтеп қоя салуға болады. Сен ғой осы жерде тудың, осы жерде өстің. Әкең сені оқытты. Енді әкеңді алыс жолға аттандырдық. Жапанда жалғыз өзі қалды. Әйтеуір өз туған жерінде жатыр, көңілге сол ғана медеу. Сен ғой сауатың бар, құдайға шүкір, қызметің облыста, кез келген адаммен сөйлесе аласың, оқымаған кітабың жоқ...
– Е, онда тұрған не бар? – деп Сәбитжан орта жолдан килігіп кетті. Не бары сол, әлі кеш болмай тұрғанда, ертең ертелетіп екеуміз осы жердің бастығына барсақ; осы қаланың бір шоқ бастығы бар шығар әйтеуір. Сонда сен тілге жүйріксің ғой, маған көмектессең. Ана-Бейітті жермен-жексен етуге болмайды ғой. Бұл тарих қой.
– Оның бәрі ерте-ерте ертедегі, ешкі жүні бөртедегі ертек қой, Едеке, түсінсеңші. Бұл арада қазір әлемдік, космостық мәселелер шешіліп жатыр. Ал, біз барып әлдебір зират туралы арыз айтқанымыз жараспайды ғой. Кімге керек ол? Олар үшін ол дегенің тіфу! Әрі десе бізді олай қарай өткізбейді де.
– Былай енді: біз бармасақ, әрине, өткізбейді. Ал барып, талап етсек – жіберер де. Өткізбесе, бастықтың өзі келер. Орнынан қозғала алмайтын тау емес қой ол.
Сәбитжан Едігеге ызалана бір қарады.
– Қойсаңшы, шал, бос әуре ол. Мен барады деп иегің қышымай- ақ қойсын. Маған оның түкке де керегі жоқ.
– Е, онан да солай демейсің бе. Осымен әңгіме тәмам. Ертек деп көкисің-ай кеп!
– Енді қалай деп едің? Сен айтты екен деп мен жүгіре жөнелуім керек қой! Не үшін? Менің отбасым, бала-шағам, қызметім бар. Желге қарсы шаптырып маған не керек? Өйтсем – өзіме шашырамай ма? Мына жерден бір телефон шылдыр етсе – ертең мені құйрыққа бір теуіп қуып шықпай ма? Жоқ, көке, рахмет!
– Сенің рахметің өзіңе, – деп бір-ақ кесті Едіге, ыза қысып тағы да былай деді: – Құйрыққа бір тебеді дейсің, ә? Сонда сен сол құйрығың үшін күн көріп жүрген болдың ғой!
– Енді қалай деп едің? Солайы солай! Саған ғой, бәрібір. Сен кімсің? Ешкім де емессің. Ал біз аузымызға ақ май асау үшін құйрығымызды сақтаймыз.
– Е-е, бұрын басты сақтар еді, енді құйрықты сақтайтын болған екен ғой.
– Қалай түсінсең, солай түсін. Ақымағың мен емес.
– Жараай-ды. Әңгіме бітті! – деп тыйды Едіге.– Өлген әкеңнің қонақасын өткер, содан кейін құдай сенің бетіңді көрсетпесін, бәтшағар.
– Оны әлі көрерміз, – деп Сәбитжан езуін тыржитты. Сонымен екеуі екі жаққа кете барды. Боранды Едіге түйесіне мініп болғанша, тракторшылар моторларын тырқылдатып, ойпаңда күтіп тұр екен, бірақ Едіге оларға бірден: мені күтпей-ақ қойыңдар, өз жолдарыңмен тезірек ауылға жетіңдер, онда жұрт күтіп отыр; маған жолдың керегі жоқ, өз бетіммен төтесінен салып жүре берем, деді.
Тракторшылар тырақайлап тұра жөнелгенде, Едіге әлі не істерін білмей, сол орында тұрып қалған.
Енді ол Сарыөзектің қу даласында жападан-жалғыз қалды. Рас, оның жанында адал төбет Жолбарыс бар екен. Ол әуелі тракторлардың соңынан далақтап тұра жүгірді де, содан соң иесінің жолы олармен бір емес екенін біліп, Едігенің қасына қайтып келді. Бірақ Едіге оған назар салған да жоқ. Егер ит үйге қайтып кетсе, Едіге оны байқамас та еді. Қазір оны елейтін кез емес. Көңілі әлем- жәлем. Сәбитжанмен әңгімеден кейін ол көңілі қаяуланып, көкірегі көрдей суып, жанына батқан күйік жарасының зәрін баса алмай мүлде жүдеп қалды. Кеудесін оқ тесіп үңірейіп қалғандай, сол үңгірден бір суық жел ызғырықтап, жүрегі түскірді сыздатты да тұрды. Әлгі әңгімені бастап, сөзінің бәрі желге кеткеніне Боранды Едіге, әй, қатты өкінді-ай. Ақыл сұрап, көмек күтетін адам Сәбитжандай бола ма, құдай-ау? Сауатты, оқыған бала, мұндайлар мен сияқты қарапайым жұмысшыны тез түсініп, тіл табысады, деп үміттеніп қалды ғой. Оның түрлі курстарды тауысып, бәленбай институтта оқығанынан не пайда? Мүмкін, оны дәл қазіргісіндей қайырымсыз болсын деп оқытқан шығар. Сәбитжанның дәл қазіргідей Сәбитжан болып шығуы үшін көп күш жұмсаған әзәзіл біреу отырған шығар бір жерде. Радио басқару арқылы жүріп- тұратын адамдар туралы далбасаны осы Сәбитжанның өзі неше түрлі құбылтып айтып оттады емес пе. Сондай заман туады деп соқты ғой! Апыр-ау, осыны қазірдің өзінде сол диюдай жәдігөй, құдіретті біреу тұр десе тұрғызып, жат десе жатқызып, радио арқылы басқарып отырмаса игі еді... Едіге осылай ойлай берген сайын ой түбіне жете алмай, қапасы Қаратаудай қабына берді.
– Мәңгүртсің сен! Нағыз мәңгүрттің өзісің! – деп ашына күбірледі Едіге Сәбитжанды әрі аяп, әрі құсықтан да жек көріп.
Бірақ ол Ана-Бейіт жайын: ә, болары-болды ғой, деп көне салғысы келмеді. Кейін өкініштен өртенбес үшін әйтеуір бір әрекет керек екенін ол түсінді. Егер де осы жолдан тайынса, әрекетсіз бұғып қалса, өзінің ар-намысының алдында өзі жеңіліске ұшырайтынын қатты пайымдады. Көпе-көрнеу күн батып бара жатса да, әйтеуір әрекетсіз қалмау керек екенін сезінген ол әзірге не істеп, неден бастау керек екенін өзі де анық түйген жоқ. Ана- Бейітті сақтап қалуды армандаған ойын шоң бастыққа жеткізіп, бұрынғы бұйрықты бұздыру үшін не істеу керек – білмей тұр. Оның арызы ұғар құлаққа жетсе, әлмеғайып әсері болып, істің беті бері қарар ма... Бірақ сол арыз ұғар құлаққа жетудің қандай жолы бар? Қайда бет алып, не әрекет жасау керек?
Зілмауыр ойлар еңсесін езген Едіге Қаранардың үстінде отырып жан-жағына қарады. Айнала мылқау дала. Кешкі көлеңке Құмдышаптың қызыл-жоса жараларын перделей бастапты. Тракторлар әлдеқашан көзден тасаланып, үні семген. Жас жігіттер жорта жөнелген. Сарыөзек тарихына байланысты шежірені білетіндердің ең соңғысы Қазанғап енді ен даланың бел ортасында, жар басында, жас топырақты төмпешіктің астында жатыр. Едіге бұл төмпешіктің бірте-бірте шөгіп, жермен-жексен болатынын көзіне елестетті. Бір заманда осы төмпешікті қара жерден айыру да қиын болар, үстін жусан-гүл басып, қиюы білінбей кетер. Солай болса – болсын: жерден көп жасайтын да, жер қойнына кірмей қалатын да ешкім жоқ...
Батар күн барбиып, ауырлап, зіл салмақтан жаншылып, көкжиекке бірте-бірте құлай берді. Байыған күннің сәулесі минут сайын өзгеріп, құбылып тұр. Даланың үсті алтын жалатқандай жарқырағанмен іңірдің көгілдір түсі қоюланып, білдірмей бір-бір басып, қараңғы түн түсіп келе жатты. Жағдайды ойлай келіп, Едіге ақыры зонаға кірер қақпадағы шлагбаумге қайта баруға бел байлады. Басқа амалын таппады. Жерлейтін адамды жерлеп, енді қол-аяғы босаған кезде Едіге өзіне құдай берген күш-қуатқа, сақалығына сиынып, өз қалауымен өзіне- өзі тәуекел деп, бір көрмекші болды. Ең әуелі ол қарауылды өзін тіпті тұтқын ретінде болса да шоң бастыққа алып баруға мәжбүр етпекші, немесе сол шоң бастықтың шлагбаумге өзі келуін талап етпекші. Сөйтіп сонда айтар сөзін армансыз айтып қалмақшы...
Осының бәрін пысықтап, Едіге бұл іске қолма-қол кіріспек болды. Әңгіменің ең басты арқауы ретінде Қазанғапты жерлеу кезінде көрген машақатты тілге тиек етпекші. Шлагбаумде ол бет бақтырмай батыл болуға шешінді, үлкен бастыққа жолығу үшін рұқсат қағаз талап етеді, маған Таңсықбаев сияқты немелер емес, ең дәу бастықтың өзі керек деп қарауылдардан талап етеді...
Осылай бекіп, көңілін бір демдеп алды.
– Нартәуекел! Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар! – деп өзіне- өзі дем беріп. Қаранарға қамшы басып, шлагбаум жаққа тартып кетті.
Бұл уақытта күн батып кетті де, лезде көз байланды. Ол зонаға жақындағанда тіпті қараңғы болды. Шлагбаумге жарым шақырымдай қалғанда алдыдан қарауыл үйдің шамдары жарқырады. Қарауылға жетпей, Едіге күні бұрын түйеден сырғып жерге түсті. Қарауылға түйе мініп барудың реті жоқ. Мұны масыл ғып керегі не? Қандай бастық тап боларын кім білген, бәлкім, ол сөйлескісі де келмей: “Түйеңмен бірге тайып тұр бұл арадан. Қайдан келген немесің? Сен сияқтыны қабылдамаймын”, – деп кабинетіне де кіргізбей қояр. Ең қиыны: бұл әрекетінен не шығарын, нәтижесін, қанша күтерін Едіге білмеді де, қара басы барғанды қалап, Қаранарды далада тұсап қалдырмақшы болды. Жайылып жүре берсін деді. Сен біраз тұра тұр, мен барып бағымды сынап көрейін, – деп Қаранарға күбірлесе де, бұл сөзді өзіне-өзі қуат беру үшін айтып еді. Әйткенмен түйені шөгеруге тура келді, өйткені қоржыннан шідерді алу керек болды.
Едіге қараңғыда түйені тұсап жатқанда, айнала құлаққа ұрған танадай тына қалғаны сонша, ол тек өз демін, әуеде ұшып жүрген масаның ызыңын естіді. Ашық аспанға кенет жамырай қалғандай төбеде сансыз жұлдыздар жарқырап тұр. Әлдене болатындай тып- тыныш-ау, тып-тыныш...
Тіпті Сарыөзектің меңіреу тыныштығына әбден дағдыланған Жолбарыстың өзі әлдеқалай сіресе сақтанып, ара-тұра қыңсылап қояды. Бұл тыныштық оған несімен ұнамады екен?
– Сен де етекке оралып бәле болдың-ау! – деп иесі ренжіді. Онан соң: бұл итті қайтсем екен? – деп ойланып қалды. Түйенің тұсауын салып жатып, итті қайда қалдырарын біраз ойлады. Бұл ит соңынан ілесіп қалмайтыны анық. Қусаң да бәрібір қалмайды. Арыз айта барғанда соңынан ит ілестірген тағы да сөлекет сияқты. Ондағылар естіртіп айтпаса да, іштерінен: е, право іздеп келген шалдың қасында иттен басқа ешкім жоқ, деп күледі ғой. Одан да мұны қалдырып кеткені жақсы. Сонда ол итті ұзын арқанмен түйенің ашасына байлап қоймақ болды. Өзі қайтып оралғанша түйемен қосақтасып жүре тұрсын. Сөйтіп ол: “Жолбарыс! Жолбарыс! Күшке-күшке!” деп итті шақырып алып, еңкейіп мойнына жіп сала берген-ді... Дәл сол заматта әуе қақ айырылып, дүние дүр сілкініп, жанартау жарылып атқылағандай азан-қазан болды да кетті. Тіпті тұп-тура жанынан, космодром зонасынан аспанға жап-жарық боп көзді қарықтырып, алапат алау жалын тіп- тік шапшыла атылды. Едіге үрейі ұшып, жалт берді. Түйе бақырып жіберіп, орнынан атып тұрды... Ит байғұс иесінің аяғына келіп тығылды. Бұл транскосмостық “Құрсау” операциясы бойынша ұшырылған бірінші робот-ракета еді. Сарыөзекте тұп-тура кешкі сағат сегіз болатын. Бірінші ракетаның соңынан ғарышқа екінші, онан соң үшінші ракета, одан соң тағы да... кетіп жатты. Жер шарының шаруасында еш нәрсе өзгермес үшін, бәрі де бәз қалпында қалуы үшін бұл ракеталар қиыр космосқа шығып, жер шарын айнала қоршап, тұрақты қамал құрмақшы...
Дүние әлем жалын боп қайнап, түтін боп қирап, аспан төңкеріліп төбеге түскендей болды... Қарапайым ғана тірі жандар – адам, түйе, ит үшеуі есінен танып, аулаққа безіп барады. Үрейден есі шыққан бейшаралар алапат жалынның жарығына аяусыз жанып бара жатқандай қараңғыдан қайта-қайта жарқ-жұрқ етіп көрініп, бір- бірінен айырылып қалудан қорқып, бірге зытып барады...
Бірақ олар қанша жанталаса қашқанмен бір орында тапжылмай тыпырлағанмен тең еді. Өйткені әрбір жаңа жарылыстан соң олар әлем өрттің жарығы мен айнала қақыраған тажал гүрсілдің астында қалды да отырды...
Адам, түйе, ит үшеуі бәрібір жан ұшыра қаша берді. Кенет қайдан пайда болғаны белгісіз, Едіге бір бүйірден ақ құс көргендей болды. Бұл баяғыда өзінің мәңгүрт ұлының садағының оғы тиіп, түйеден құлап бара жатқанда Найман-Ананың ақ жаулығынан пайда болған ақ құс еді... Әлгі ақ құс Едігемен қатарласа ұшып бара жатып, ақыр заманның арқыраған, күркіреген күшті даусының арасынан айқайлап:
– Кімнің баласысың? Атың кім сенің? Ой атыңды есіңе түсір! Сенің әкең – Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай... – деп шырылдап бара жатты.
Сіресе қалған тылсым түнде оның даусы көпке дейін естіліп тұрды...
Сарыөзектің қариясы Қазанғаптың қайтыс болғаны туралы жеделхат алғаннан кейін бірнеше күннен соң Қызылордадан Борандыға Едігенің екі қызы – Сәуле, Шарапат күйеулерімен, балаларымен келіп жетті. Өлгенге салауат, тірілерге сәлем беріп, әрі десе әке-шеше үйінде екі-үш күн аунап-қунап қайту үшін келді. Жаман айтпай – жақсы жоқ, өмір барда, қаза бар, әке-шешенің көзі тірісінде көрісу де зор байлық. Олар опыр-топыр пойыздан түсіп, Едіге үйінің алдына келгенде, Едіге үйде жоқ еді. Үкібала есіктен атып шығып, бір қуанып, бір жылап, қыздарын, немерелерін құшақтап, беттерінен сүйіп, елпек қағып:
– Құдай-ау, мұныңа мың да бір шүкір! Келгендерің қандай жақсы болды! Әкелерің қуанғаннан жүрегі жарылар! Келгендерің қандай жақсы болды! Бәрің де бірге келіпсіңдер, жұптарыңды жазбай келіпсіңдер! Әкелерің қуанып, мәз болып қалатын болды ғой! – дей берді.
– Әкем қайда, көрінбейді ғой? – деді Шарапат.
– Ол кешке таман келеді. Таң азаннан пошта жәшікке кетіп еді, сондағы бастыққа барамын деген. Сонда бір бітпейтін жұмысы бар, әйтеуір, кейін айтып беремін. Неғып тұрсыңдар енді? Құлындарым-ау, бұл өздеріңнің үйлерің ғой...
Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай жүйткіп жатты...
Ал теміржолдың қос қапталын ала бұл өлкеде Сарыарқаның кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты.
ҚҰС ЖОЛЫ Х И К А Я Т
Әке, мен саған ескерткіш орната алмаймын. Сенің қайда жерленгеніңді де білмеймін. Осы еңбегімді, әкем Төреғұл Айтматов, саған арнадым.
Ана, сен бізді мәпелеп өсіріп, ел қатарына қостың. Сенің ғұмырлы болуыңды тілеп, осы бір еңбегімді, анам Нағима Айтматова, саған арнадым.
І
Амансың ба, қасиетті далам!
– Аманшылық. Келдің бе, Толғанай? Өзің былтырғыдан да қартайып кетіпсің ғой? Шашың қудай аппақ, қолыңда таяқ.
– Өмір деген зымырап өтіп бара жатқан жоқ па, Жер-ана? Арадан тағы да бір жыл зымырап өте шықты. Бүгін менің мінәжат ететін күнім.
– Білемін. Келеріңді біліп жатқанмын, Толғанай. Бұл жолы сен баланы да ертіп келмейтін бе едің?
– Иә. Бірақ, бұл сапарда жалғыз келдім.
– Демек, сен оған әлі ештеңе айтқан жоқ екенсің ғой, Толғанай?
– Жоқ, аузым барып айта алмадым.
– Бәрібір, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні ол ақыры есітеді ғой, Толғанай. Ел ішінде аузы жеңіл бір пенде жоқ дейсің бе?
Достарыңызбен бөлісу: |