Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет3/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Қызтумас әженің қандай асыл қасиеттерін байқадыңдар?

  2. Қыз бен жігіт айтысының маңыздылығы неде деп ойлайсыңдар?

  3. Ел арасында айтылатын қандай халық әндерін білесіңдер?

  4. «Мен өмірлік жар таңдауда ата-анамның пікірімен санасамын немесе өз қалауымды жасаймын» деген тақырыпта академиялық дау-дамай ұйымдастырыңдар.

  5. «Текті», «тана» деген сөздің мағынасын түсіндіріңдер.

6-сабақ

ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ
Т. Иманбекұлы

(Пьесадан үзінді)
ІІ-КӨРІНІС

Бауыржанның дүниеге келуі
«Үлкендердің әр өсиеті-өнер

мен өнегенің ең шыңы».

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма. Үзіндіні рольге бөліп оқыңдар. Халқымыздың салт-дәстү-ріне, қызғылықты ауыл өміріне көңіл аударыңдар.

Кешкі ауылдың оттары. Шыр еткен сәби үні естіледі. Сахнада алай-дүлей боран. Улеген жел. Тонына оранған жігіт жел өтіне шыдамай, басын бүркеніп ілгері әзер жылжып келеді. Осы күйде ауылға жетіп, боранды өзімен бірге есіктен ала кіріп, жағалай жайғасып отырған ауыл ақсақалдарының ешқайсысына да сәлем беруге шамасы келмей ентіккен күйі төрдегі Имаш ақсақалдың аяғын құшып солқылдап жылап жібереді.

ДАУЫСТАР.

– Астапыралла, мына қызталақ кім еді өзі?

– Баса-көктеген бас бұзар біреу ғой мынау.

– Имашекеңді сағалап жүрген бір мұндар шығар.

– Жаман ырым бастағаны несі.

ИМАШ (жігіттің жауырынынан алақанын алып, бір қолын көтереді).

Абыржымаңыздар, ақсақалдар. Бұл біздің Сияқұл ғой.

ДАУЫСТАР. – Е, бәсе, сол сияқты көрініп еді. Мұның тайлақ тапырағы жоқ еді ғой. Еңкілдеп жылағаны несі.

ИМАШ (алақанымен ишара білдіріп). Ағайындар-ау. Ердің жылағаны – етбеттеп құлағаны болар. Ал бұл құлаған жоқ. Құшағыма ұмтылып жатыр ғой. Жүрек шіркін бір қуанышты сезгендей-ау. Мен мұның жота бүлкілінен сары уайымның өксуін емес, сағыныштың көпсуін танығандаймын ғой.

ДАУЫСТАР. Иллаһи солай болғай. Айтқаныңыз келсін.

ИМАШ (Жігіттің басын сипап, аялай көтереді). Көтерші басыңды... Сияқұлжан.

СИЯҚҰЛ (Ентігін баса алмай, ыржалақтап күле береді). Атажан-ай, атажан-ай!

ДАУЫСТАР. Япыр-ай, мынаны бірдеме соғып кеткен бе өзі? Ыржалағы несі? Астапыралла. Мына боранда Шақпақ әулиенің салқыны тиіп кетпегей еді.

ИМАШ (кейіп). Тәйт әрі. Ауылдың ақсақалы абайлап лебіз айтпас па?

СИЯҚҰЛ. Атажан-ай, атажан-ай.



ИМАШ (енді оған кейіп). Сойған түлкі сияқты сен де ыржалақтай бермей, есіңді жи. Ер елпілдесе, етек желпілдейді деп, қатындардың қамауына түскен жоқсың ғой. Айналаңдағы ақсақалдардан ұялсаңшы!

ДАУЫСТАР. Бәсе деймін-ау! Имашекеңнің тілінің уыты-ай, шіркін! Не де болса айтып өлтірмей ме?

СИЯҚҰЛ (ентігін жұтынып). Кешір ата, кешір... қуаныштан жарылардай боп тұрмын. Жеңешем ұл туды ғой!

ИМАШ (орнынан ұмтыла еңсесін көтереді). Ақсары бас, ақсарбас. Айналайын ақментей, Сияқұлым-ай, манадан бері «сүйінші» сұрамай қалай шыдағансың?

СИЯҚҰЛ (ыржалақтап). Сүйінші ата, сүйінші ата, сүйінші!

ДАУЫСТАР. О тоба. Уа, аруақ. Ұзағынан сүйіндіргей.



СИЯҚҰЛ (жан-жағына алаңдап мәз болып) Сүйінші, ағайын, сүйінші!

ДАУЫСТАР. Е, бәсе, сөйтші, айналайын. Қалағаныңды ал. Жүрегіміз енді орнына түсті-ау, тегі!

ДАУЫСТАР. О тоба. Уа, аруақ. Ұзағынан сүйіндіргей.



СИЯҚҰЛ (жан-жағына алаңдап мәз болып). Сүйінші ағайын, сүйінші.

ДАУЫСТАР. Е, бәсе, сөйтші, айналайын. Қалағанынды ал. Жүрегіміз енді орнына түсті- ау, тегі.

ИМАШ (кемсеңдеп). Ағайындар-ау, не істеп тұрмын мен? Жарылып кетпей, жалпайып неге отырмын мен?

ДАУЫСТАР. Сабыр-сабыр, Имашеке, Шүкір десеңізші.

ИМАШ (ептеп басылып). Иә-иә, Күпірлігім емес, шүкірлігім болсын. Ауылға аттанайық, ағайын. Тойын өздерің атқарындар.

ДАУЫСТАР. Е-е, енді мұныңыз жөн. Қайтесін-ей, жарықтық... Қуаныш деген құлпыртып жібереді екен-ау.

ИМАШ (демігіп). Ағайындар, тап қазір тойдан бұрын өздеріңе қолқа салып, бір тілек тілейін.

ДАУЫСТАР. Иә, ақсақал. Құлағымыз сізде.



ИМАШ (елжіреп). Бауырым елжіреп, бақ туым желбіреп тұрғандаймын, дәл қазір!

ДАУЫСТАР. Ие, өзі де сол ғой. Немере деген ыстық қой, шіркін! Айта беріңіз.

ИМАШ. Ендеше, сіздерден тілерім сол, бұл немерем көп қыздан кейінгі көргелі тұрған көзімнің қарашығы еді. Бауырым бүлкілдеп барады. Атын Бауыржан қоюды тілеймін. Азан шақырарда ауыздарыңа ілігер ныпсы осы болсын деймін.

ДАУЫСТАР. Е-е, қалауыңыз болсын, ақсақал. Жақсы ат екен. Ырымалды есім етіп, ел талқысына ұсынып отырған жоқ па?

ИМАШ (елжіреп). Рақмет, ағайын. Ал енді ауылға қарай қозғалайық. Бәтуаның батасын төрімде отырып бересіңдер. Баста, Сияқұл шырағым!

Сахна айналып, үйдегі қарбаласқа ақсақалдар сау-сау етіп кіріп келеді.

ҚЫЗТУМАС (Шалының алдынан шығып). – Қайда жүрсің, қара нарым-ау. Ақ түйенің қарны ақтарылды ғой!

ИМАШ. Сабыр, бәйбіше, сабыр. Онан да кісілерді төрге шақырмай-мысың. Әне, алыстан Нар би де тәңір айдап кеп қалған екен. Мені «Қара нарым» деп қауқитқанша (күледі), нағыз Нардың өзіне ілтипат жасамай-мысың.

ҚЫЗТУМАС (Нарға бұрылып). Бәсе, түтеген боранды соноу Түлкібастан өзің ілестіріп келген екенсің ғой, биеке. Кешірерсің, шалыма назданам деп атыңды тергеуді де ұмытып кетіппін.

НАР. Қызтумас құрбым-ай, атыңа енді сай келген күнің құтты болсын! Дәл бүгін сенен олжалы ешкім жоқ боп тұр-ау. Немере де сенікі, шал да сенікі, тіптен әлгі өзің айтқан ақ боран да сенікі.

ҚЫЗТУМАС (үні биязы). Айтқаныңның жөні бар екен-ау, асыл биім.

Айналайын, ағайын- ау, қайным-ау аузыңа май. Әлгінде Бауыржан дедің бе сен? Тәңірім аян беріп аузыңа салып тұрған шығар. Айтқаның болсын, Бауыржан болсын!

ИМАШ. Сабыр ет, бәйбіше. Бүйтіп жантая салатын әдетің жоқ еді ғой (күледі). Байқаймын, сенің де жүрегіңе ұялаған ат екен ғой, бұл. Әлгінде ауылдан аттанарда ағайындармен ақылдасып осы есімге ен тағып едік.



ҚЫЗТУМАС. Е-е, бәсе, солай демеймісің? Сөйтіп шешіп келгенбіз десеңші?

ИМАШ. Айналайын, ағайындар. Ауыл куә, ана куә. Ақ басты Алатау куә. Шақпақтың ақ бораны куә. Мыңбұлақтың кәусар суы куә, ағайынның ақ тілеуі куә. Немереме, Бауыржан деп бата беріңдер! (Имаш алақанын жаяды. Үйдегілер де алақан жайып бір – біріне қарасады.)

НАР БИ. Ендеше, біз бүгін жолды өзіңе қиғалы тұрмыз. Бала басы сенде екен, бата басы да өзіңнен басталсын.

ИМАШ (абыржып). Апыр-ай, айналайын-ай, ә. Бұдан артық жақсылық болар ма, сірә! Береген бидің берекесін тағы көргелі тұрмын-ау. Өйтпесең Нар болармысың. Өйтпесең Нар би болармысың, сірә! (көзіне жас алады).

НАР БИ. Тәубе де, Имаш-еке, ал ау-ми-ин!

ИМАШ (Бәрі алақан жайып тына қалған кісілерге қарап)


Иә, тәңірім тоба!

Алатаудың қарны мол еді –

Қырағы болсын, құлыным.

Қойнауы суға толы еді –

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тілегі зор еді –

Шырағы болсын, құлыным.

Ата тілегі оң еді –

Құмары болсын, құлыным.

Бұл жер батырлар төрі еді –

Сыңары болсын, құлыным!

Аумин!


ІІІ-КӨРІНІС

Тұсау кесу
Үй іші мәз-мейрам. Қызтумас бесікті керегеге іліп жатыр. Үбиан төрге кілем төсеп жүр. Рәзия бір тегеш бауырсақты көтеріп, үйге кіреді. Жүзі жайдары. Бәрі мерекедегідей киініп алған. Момынқұл Бауыржанды алақанына тік көтеріп, шыр айналып мәз болады.

ҚЫЗТУМАС. О, тәңірім, бұған жеткізгеніңе де шүкір. Немеремнің белі бесіктен шығып, мереке күнге ұластырғанын да көрдім.

МОМЫНҚҰЛ (өз-өзінен шыр айналып Бауыржанды толғанып жүр).

РӘЗИЯ. Апа, балаңыздың аяғын немен тұсаулайсыз?

ҚЫЗТУМАС. Ақыры сұраған екенсің, айтайын. Жадыңа тоқып ал. Әлі етегіңе бала оралар келінсің ғой. Келешекте керек болады.

РӘЗИЯ (күліп). Қойыңызшы, апа. Бір жаққа кетіп бара жатқандай сөйлейтініңіз бар екен.



ҚЫЗТУМАС (әрі ойлы, әрі қуақы). Шалым шақырып жатыр емес пе. Қасына бармай қайда кетер деп ең?

РӘЗИЯ (көзіне жас алып, енесінің кеудесіне басын сүйейді). Қойыңызшы, апа. Әлі немерелеріңіздің қызығын көресіз ғой.

ҚЫЗТУМАС (ойлы). Ниетіңе жет, айналдым. Оған алаң болып қайтесің. Тәңірдің пешенеге жазғаны болар. Әзірше әлгі сұрағыңа жауап берейін.

РӘЗИЯ (ынтығып). Иә, апа.

ҚЫЗТУМАС. Нәрестенің аяғын халқымыз үш түрлі тұсайтын болған. Үшеуінің төркіні де жақсылыққа саяды.

РӘЗИЯ (елжіреп). Иә, апа.



ҚЫЗТУМАС. Оның бірі – шөппен тұсау. Мұның мәнісі – шүйгіні мол, қайырылар малы, қайырар жаны көп болсын дегені.

РӘЗИЯ (даусы дірілдеп). Түу, қандай таза ниет еді.

ҚЫЗТУМАС. Иә, шырағым, солай. Ал екіншісі – ащы ішекпен тұсау. Оның мәні – ащы ішіктей жабысқан жамандығы болмасын, көкірегі күмбірлеп домбырадай толғансын дегені.

РӘЗИЯ. Қайран халқым-ай.

ҚЫЗТУМАС. Халық тілегі тұнық қой, шырағым.

Енді үшіншісі – есілген ала жіппен тұсау. Оның мәні – біреудің ала жібін аттамасын, арын таптамасын. Алалығы жоқ болсын, ағайынға көңілі тоқ болсын дегені.



РӘЗИЯ. Қандай ақылды да ақын ел едік, шіркін!

ҚЫЗТУМАС (ойланып). Ақылдымыз ғой, ақылдымыз. Сол ақылды елдің азаматы азбай жүрсе болғаны да!

МОМЫНҚҰЛ (ішке жүгіріп кіреді). Ал, кәнеки, апа, кәриелер келіп қалды. Ойбай, мен қайтейін (кемпірлер кіре бастайды).

РӘЗИЯ (иіліп сәлем салып). Төрлетіңіздер, апалар.

КЕМПІРЛЕР. Көп жаса, келінжан. Қолың шарадан, қойның баладан құрғамасын.

РӘЗИЯ (ішке кіріп). Апа, бәрі даяр.



І-КЕМПІР. Абысын-ау, немене, немереңе алтын тұсау әзірледі ме деп келсем, жібектен ала жіп ескенбісіз.

ҚЫЗТУМАС. Алтын білезік атасам, билігіңе ризамысың?

ІІ-КЕМПІР. Әп бәсе, жарылар жерің осы еді ғой. Мырзалығыңнан таңба, бәйбіше.

ҚЫЗТУМАС. Қуанышымның құлы боп өтейін де мен.



І-КЕМПІР. Ал, ендеше Үбиан, ініңді әкел бері.

ҚЫЗТУМАС. Ә, тәңірім, қолдай гөр. Жасаған ием жар бола гөр!



І-КЕМПІР, Бисміллә, менің қолым емес, Бибі Фатиманың қолы. Бұрынғы-соңғының жолы.

ҚЫЗТУМАС. Ата-бабасы қолдай гөр.



ІІ-КЕМПІР. Тіфә, тіл-көз тимесін.

ІІІ-КЕМПІР. Қарай гөр, қайсарын. (Бала Бауыржан Қызтумасқа қарай бұлқынады).

ҚЫЗТУМАС. Қоя ғой, құлыным, қоя ғой. (Өбектейді, кемпірлер бірі ит жейдесін шешіп, бірі омырауын кесіп, бірі тұсау байлап, енді бірі кесіп, қоя береді).

І-КЕМПІР. Ал енді, апаңа бара ғой.

ІІ-КЕМПІР. Анаңа ұмтыл. (Бала бұлдырап ентелей талпынып бара жатады. Қызтумас пен Рәзия көздеріне жас алып, алақан жая ұмтылады).

ҚЫЗТУМАС. Құлдырай ғой, құлыным!



РӘЗИЯ. Сүріне көрме (еміреніп)! (Қызтумас қағып алып бауырына басады да, Рәзияға береді).

ҚЫЗТУМАС. Тоба, тәңірім, тоба!



І-КЕМПІР. Алдынан жарылқасын!

ІІ-КЕМПІР. Тұлпарыңның аяғына жем түспесін!

ІІІ-КЕМПІР. Енді қайтып тұсау түспесін!

ҚЫЗТУМАС. Тәңірім қолдай гөр! (алақан жаяды).
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі бойынша Бауыржанның дүниеге келуі туралы үзінділерді салыстырыңдар.

  2. «Тұсау кесу» рәсімі халықтың қандай ниетінен туындаған? Аталған рәсім қазіргі кезде қалай жалғасуда?

  3. Ата батасындағы «қырағы, бұлағы, шырағы, сыңары» сөздеріне түсінік талдау жүргізіңдер.

  4. «Атадан бота алма, бата ал» дегенді қалай түсінесіңдер!

  5. «Ата батасы орындалды ма?» деген тақырыпта пікір бөлісіңдер.

  6. Батаны жаттап алыңдар.

7-сабақ

ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ
Т. Иманбекұлы

Бауыржан мен журналист

«Шындық – ақиқатты түсіндіруші».

Бауыржан Момышұлы

Тапсырма. Драмалық шығарманы рольге бөліп оқыңдар. Ремарка-лардың жазылуын есте сақтаңдар.
Төсек. Төсекте кеудесін жоғары көтеріп, қолына темекі трубка-сын ұстап Бауыржан жатыр. Мұрты өсіңкіреп, ұрты салыңқыланып кеткен. Оқалы шапанды желбегей жамылып алған. Төменде дөңгелек үстел басында шұқшиып, блокнотқа үңілген күйі бір сары бала отыр. Жалтақтап қарай береді. Бәукең қабағын түйіп, оған сұсты тіл қатады.

БАУЫРЖАН. Немене, сен маған жай қарауға келдің бе? Әлде мені көрмеге қойған көтерем шал деп тұрмысың (мырс етіп күледі. Мұртын шиырады.)

ЖУРНАЛИСТ. Жоқ, ә, Бәуке. Былай нетіп. Жазғалы...

БАУЫРЖАН. Молчать! Нетібің не-ей, сенің, жігіт...

ЖУРНАЛИСТ. Кешіріңіз, Бәуке, Былай нетіп... абыржып.

БАУЫРЖАН (даусын созып). Ә, абыржисың ба. Встать. Мен қорқақтармен сөйлеспеймін.

ЖУРНАЛИСТ (ұшып тұрып қалшиып қалады). Өзіңізден именіп дегендй, Бәуке.

БАУЫРЖАН. Молчать. Қорқу бір басқа, ал именудің жолы бөлек. Соны білмесең несіне журналист болып жүрсің. Сөзің сақау, қаламың мақау болып жүрмегің өзің.

ЖУРНАЛИСТ (ренжіп). Білеміз ғой, енді...

БАУЫРЖАН. Сен сөзді бөлмегін. Тыныш тұр. Әуелі мен әскери адаммын, тәртіптің адамымын. Ал біздің халық та тәртіпке табынған. Біздің халық дәрежеге емес, дәстүрге ғана бағынған дегенді білесің бе өзің?

ЖУРНАЛИСТ (үнсіз бас изейді).

БАУЫРЖАН. Хо-о-ош. Ал енді бұйымтайыңды айт.

ЖУРНАЛИСТ. Өзіңізден Жеңіс күніне орай бірер лебіз білсек пе деп едік. Жастар газетінің оқырманы көп қой.

БАУЫРЖАН. Сен өйтіп мені алдаусыратпа. Жеңіс шежіресі сенің екі-үш ауыз лебізіңе қарап қалған жоқ. Ол – халық тарихы, қасірет тарихы (екпіндеп, қадап сөйлейді). Ал тарихты тартқылай берген таяқ жейді. Ондай қасиеттің парқын пайымдап барып жазу керек.

ЖУРНАЛИСТ. Енді тапсырма солай еді, Бәуке, Жеңіс күнінің нөмірі сізсіз шықса келісе ме?

БАУЫРЖАН. Әй, сен бала, өзіңнің жатып атар қулығың да бар ма деймін? Дұрыс, журналист тапқыр болғаны жөн.

ЖУРНАЛИСТ. Рахмет (блокнотын ала бастайды).

БАУЫРЖАН. Сядь. Пиши. Мен даудан да, жаудан да қорықпаған қазақпын. Білесің бе?

ЖУРНАЛИСТ. Білем.

БАУЫРЖАН. Білсең, солай деп жаз.

ЖУРНАЛИСТ. Құп болады.

БАУЫРЖАН. Енді қорқынышым көбейіп келеді.

ЖУРНАЛИСТ (аңтарылып). Қалайша?

БАУЫРЖАН. Пиши, бала! Енді қорқынышым көбейіп келеді дедім бе?

ЖУРНАЛИСТ. Иә.

БАУЫРЖАН. Ендеше солай деп жаз.

ЖУРНАЛИСТ. Жаздым.

БАУЫРЖАН. Оның біреуі – балаларына бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқанынан қорқам. Екінші – немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Үшінші – дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқам. Жаздың ба?

ЖУРНАЛИСТ. Жаздым. Бірақ қиын екен.

БАУЫРЖАН. Пиши. Енді бір қорқынышым бар. Ол сені мен маған қатысы бар қорқыныш.

ЖУРНАЛИСТ. Қалайша?

БАУЫРЖАН. Сен өйтіп шошыма. Айтпағым екеуміз де өнер адамымыз. Ал өнерді өш алуға жұмсаған жерде өнердің өзі де өледі. Понятно, тебе?

ЖУРНАЛИСТ. Понятносы понятно ғой, Бәуке. Шынымды айтсам, мұның әңгімемізге қандай қатысы барының байыбына жетіңкіремей отырғаным.

БАУЫРЖАН. Қатысы әбден бар. Байыптап ал. Көзі тірісінде таланты барды талауға құштармыз. Жасықты мақтап, жақсының өзін нұқып, көзін шұқып күстәналаймыз. Маңғаз дейміз, маскүнем дейміз. Жүрісі сұйық дейміз. Үй-ішіне күйік дейміз. Өзін елегіміз келмейді, өнерін желегіміз келмейді. Қыбын тауып қудалап, көңілін күйретуге тырысамыз. Жаздың ба?

ЖУРНАЛИСТ. (күрсініп). Жазып жатырмын ғой. Қолым жүрер емес тегі.

БАУЫРЖАН. Жаз. Бұл күншілдің ісі деп жаз. Ал өнердегі күншілдік – қолынан ісі кеткен, бойынан күші кеткен, қаламынан нәр кеткен, қапдамынан нәр кеткен, таланты қуарған, талабы су алған, сұйықтың ғана ісі. Жаздың ба?

ЖУРНАЛИСТ. Жаздым. (бас шайқайды).

БАУЫРЖАН. Ең масқарасы – кейін сол талант иесі көз жұма қалса, жоқтау айтып, жорта жылайтын да ең алдымен сол күншілдер. «Бірге жүріп едім, биік боларын біліп едім» деп ділмәр боп шыға келеді. Өзгенің өлімін де өзінің ішкі есебіне қарай иіп алады. Айтшы, сонда адамның қандай сыйы қалады?

ЖУРНАЛИСТ. Япырай, ағатай-ай, ауыр айттыңыз-ау.

БАУЫРЖАН. Ауырды айтпасаң, тәуірің түгелденбес, сірә.

ЖУРНАЛИСТ. Рахмет, аға!

БАУЫРЖАН. Әзірге доклад окончен. Осы айтқандарым бойыңа сіңсе ғана рахметіңді айтарсың. Сен журналиссің, қоғамшыл адамсың. Сондықтан қол шоқпар бола берме. Шолақ шоқпар шоңқитып кеткенін сен емес, мына мен көп көргем.

ЖУРНАЛИСТ. Ұқтым, Бәуке.

БАУЫРЖАН. Ұқсаң, отыр шәй ішіп кет...


Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Үзіндіде Бауыржан қандай мінез-құлық тұрғысынан көрінеді? Батыр бейнесі көз алдыңа қалай елестеді?

  2. Бауыржан айтқан «Дәмді, дәстүрді сыйламай өскен жастар» туралы пікірлерің қандай?

  3. Үзіндідегі «Батырдың қорқынышы» туралы не айтар едіңдер?

  4. Бауыржанның «Күншілдік – адам өмірінің қас жауы» деген нақылы төңірегінде өз көзқарастарыңды ортаға салыңдар.

8-сабақ

«ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН КІТАП»

СОҒЫС ПСИХОЛОГИЯСЫ
«Соғыс – халықтың күш-қуатын,

ерік-жігерін сынайтын ұлы ем-тихан».

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма. Үзіндіні түсініп оқыңдар. Бауыржан Момышұлының азаматтық-тұлғалық, шешендік және турашылдық қасиет-терін танып-білуге ұмтылыңдар.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен болған әңгіме-нің стенограммасы.

Алматы қаласы. 1944 жылдың 19 январы. Сағат 12-ден 18-ге дейін.



  1. Сәтбаев Қ.И. – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумының председателі, СССР Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі.

  2. Әуезов М. – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының аға ғылыми қызметкері, жазушы-профессор.

  3. Мүсірепов Ғ. – Жазушы.

  4. Сиранов Қ. – Киностудия бірлестігі директорының орынбасары.

  5. Жұбанов А. – Композитор-профессор.

  6. Сүлейменов Б. – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының тіл, әдебиет және тарих институты директорының орынбасары.

  7. Оспанов Ө. – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумы пердседателінің орынбасары, ғылым кандидаты.

  8. Мыңбаев К. – Қазақ ССР мемлекеттік жоспарлау комитеті пердседателінің орынбасары, профессор.

  9. Рошаль Г.Л. – Кинорежиссер – институт директорының орынба-сары.

  10. Марғұлан Ә.Х. – филология ғылымдарының кандидаты.

  11. Исмайлов Е. – филология ғылымдарының кандидаты.

  12. Чокин Ш. – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының аға.

  13. Чумак. – Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архивы директорының орынбасары.

  14. Шапиро. – Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариаты Мемле-кеттік архивының ғылыми қызметкері (барлығы 18 адам).

Сәтбаев жолдас. – Бүгін біздер, ғылым, әдебиет пен өнер салысының іріктелген топтары, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының Алматыға келуін пайдалана отырып, оның өз аузынан Ұлы Отан соғысы тарихының бірсыпыра кезеңдерін, атап айтқанда, генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия туралы әңгімесін тыңдауға бас қосып отырмыз.

Полковник Бауыржан Момышұлы сұрапыл шайқастарға қаты-сушы ғана емес, ол жетекші командир болды, сондықтан да оның әңгімелері бізге ерекше құнды болмақ.

Мұнда полковник Момышұлы айтқан құнды, мазмұнды әңгімелерді өздерінің творчествалық жұмыстарында пайдалана алатын әдебиет, ғылым және өнер саласының өкілдері қатысып отыр. Менің ойымша, бұл кездесуіміз бір ғана әңгіме түрінде емес, іштей бір-бірімен сабақтас, соғыстың жарқын көрінісінің дамуы мен деталь-дарын талдауға арналған 3-4 лекция түрінде өтпек.

Енді гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының өзіне сөз беруге рұқсат етіңіздер.



Бауыржан Момышұлы. Әңгімеге кіріспес бұрын, сіздерге бұл әңгіменің жоспарын баяндап, оны өткізуіміздің шартын ескерткім келеді. Мұнда тек жалпы, соғыс тақырыбымен, атап айтқанда, генерал Панфилов атындағы 8-ші дивизия тарихымен айналысатын жолдастар ғана қатысуға тиіс, ал айналысқысы келмейтін адамға, менің ойымша, қатысудың қажеті жоқ. Әдептілік үшін тәртіп сақтау керек, дәл уақытында келіп, әңгімемнің аяғына дейін қатысып отыру міндет.

Күніне 5 сағатқа есептелінген әңгіме төрт күнге созылады, сондықтан мен қатысып отырған кісілер соңына дейін тыңдаса деймін, өйткені айтылған әңгімеден адамдардың ойында үзік-үзік әсер қалмағаны жөн. Сондықтан мен әңгімеге барлық тыңдаушылардың үнемі қатысып отыруын талап етемін.

Менің ұстанатын жұмыс жоспарым қандай?

1-ші күні – Ұрыс және оның психологиясы.

Қосымша тақырыптар:


  1. Панфилов.

  2. Офицерлер.

  3. Солдаттар.

2-ші күні – Волокаламск бағытында.

3-ші күні – 1942 жылғы қысқы науқан.

4-ші күні – Қорытындылар.

Күніге 5-6 сағатқа созылатын жұмыс жоспарым осындай.

Екі жарым жылдан бері қалтама үнемі блокнот салып жүремін, оған мені қызықтыратын нәрселердің бәрін жазамын. Мұндай жазбалар едәуір жиналып қалды. Қолжазбамның 60-70 процентін орыс тілінде, 30-40 процентін қазақ тілінде жаздым. Менің талдап айтып бере алғаным – бұл блокноттағы жазбаларымның 30-40 проценттейі ғана.

Бұл қолжазбалардың сипаты қандай? Бұл менің соғыс туралы толғаныстарым немесе оны жазушының образбен ойлауы емес, жай ғана ерлікке тәрбиелеу туралы ойлар деп айтамын.

Мен неліктен соғыс жөнінде жазып жүрмін? Өйткені, соғыс адам өміріндегі ең бір дүр сілкіндірелік, жан түршігерлік оқиға. Тылда адам соғыс туралы ойша елестетіп ғана жүреді. Майданды ой жүзінде елестету егер де ол ақиқаттан биік тұрса, жақсы, бірақ соғыста қазіргі заманғы ақиқаттан биік еш нәрсе де жоқ, сондықтан ақиқат шындықты талап етеді. Сіздер театрдан немесе кино экранынан соғыстың көрністерін көріп жүрсіздер, бірақ сіздер оның ішкі мән-мазмұнын кинодан да, театрдан да көре алмайсыздар, себебі көптеген жазушылар мен өнер қызметкерлері соғыс туралы шындықты, ақиқатты терең түсіне алмайды, долбарлап, қиялдан шығарып жазады, мұнысы шындыққа сай келмейді.

Мен жауынгерлік өлең тексіне лирикалық музыка жазған бір композитордың шығармасына зығырданым қайнағаны бар. Суретші де әйтеуір бір полотно салып әйтеуір, ішкі мазмұны жоқ көшірмені береді. Бұл, шынында, адамдардың соғысты тереңірек білмеуінен болып жатса керек. Соғыс туралы шындықты, мұнда тылда отырып тану қиын, тіпті мына біздер, ұрысқа қатысушылардың өздері де, оны түбегейлі, ұңғыл-шұңғылына дейін біле бермейміз. Соғыста шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту одан да күрделі. Соғыс туралы ақиқатқа жету – бұл өте үлкен проблема.

Мен соғыс тақырыбында жазылған әдебиеттерді оқыған кезімде олардың көпшілігінің шындыққа келмейтініне көзім жетті. Баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптар да болады. Мен баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқыдым.

Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты да сол – із қалдыру. Менің айтқандарымның ішінен біреулерге бір жері, екіншілеріне – екінші жері ұнауы мүмкін, сондықтан мен тындаушылардың ыңғайына қарай бейімделгім келмейді. Егер бұл жерде айтқандарымның бір проценті болса да біздің ісіміз үшін пайдаға асса – мен дән ризамын.

Жақында Сәбит Мұқанов біздің қазақ жазушыларының творчестволық бағыт-бағдары туралы мені хабардар ете отырып, Мұхтар тарихи тақырыпты, Ғабит қазіргі тыл тақырыбын, ал Сәбиттің өзі болса қазіргі заманғы соғыс тақырыбына қалам тартып жүргенін айтып еді. Олар келісіп, қазақ әдебиетінің үш алыбы тақырыпты өз ара осылайша бөлісіп алыпты. Бұнымыз тақырыпқа монополия жасау болмақ. Мен мұнымен келісе алмаймын. Сондықтан да бұл қолжазбаның барлығы Ғылым академиясының игілігі болып табылады деп әдейі арнап, хат жаздым.

Соғыс туралы қазір күрделі еңбек жаза қою мүмкін емес. Ірі еңбектер соғыстан кейін жазылады. Тіпті тау қопарар алып күші бар болған күннің өзінде де Сәбит Мұқанов бүкіл соғыс оқиғаларының дамуын жалғыз өзі бел шеше кіріссе де көтере алмас. Сондықтан да соғыс тақырыбын ешқандайда жалғыз өзім игерем деушілік болмасын – бұл тақырыпты жазып, еңбек еткісі келушілер мен қабілетті адамдардың бәрі жұмыла еңбек етсін.

Дивизияның жауынгерлік қимылдарын баяндап беруге кіріспес бұрын алдымен қолжазбаларымның мазмұнына қысқаша тоқталып, өзім жұмыс істеуге талыпыныс жасаған бірсыпыра принципті мәселелерді баяндай кеткім келеді. Сондықтан да бүгін біздің әңгімеміз ешбір соғыс көріністерінсіз, адамдардың аты-жөндері еске алынбай тек таза теориялық-практикалық сипатта өтеді .

Соғыс адамзат үшін жаналық емес, мен соғыс қимылдары, ұрыс туралы сөйлеген кезімде. Өзімше сіздерге көргендерім мен бастан кешкен оқиғаларды жинақтап, жеткізгім келді.

Ұрыс дегеніміз не? Біздер, әскери адамдардың өздері, «ұрыс» деген сөзге әр түрлі анықтама береміз, тіпті Қызыл Армияның уставында ұрыстың алты түрлі анықтамасы берілген. Өйткені уақыт өте келе бәрі де өзгереді ғой . Дегенмен мен өзімнің көзқарасымды баяндағым келеді, бірақ көзқарасымның ақтық пікір емес екенін ескертемін . Ұрыс дегеніміз – бұл дұшпанға ұйымдасқан түрде әсер ету (өйткені адамға, топқа, дұшпанға әсер ету әр түрлі: ақылмен, психикамен, техникамен, қару-жарақ күшімен). Бірақ та ең алдымен ақылмен ықпал ете білу қажет, басқа сөзбен айқанда ұрыс дегеніміз ақыл мен ақылдың шайқасы болмақ.

Сонымен, ұрыс дегеніміз ұйымдасқан түрде дұшпанға ықпал ету (ақылмен, атыс құралдарымен, психикамен), ал атыспен ықпал етуіміздің өзі ақылмен ықпал етудің жемісі әрі психологиялық және физикалық ықпал ету құралы ретінде көрінеді.

Қазіргі заманға ұрыс біздің түсінігімізде тактикалық ұғым, өйткені, соғысып жатқан екі жақ та техникамен әбден бақайшағына дейін қаруланады, бұл екі жақ қырғын атысқа кіреді деген сөз.

Олай болса, ұрысты басқара білу дегеніміз, демек атысты басқару, траекторияларымен ептілікпен маневр жасау, дұшпанның төбесінен атып, оны жерге, окоптарының, орларының түбіне тығып жіберу, бетін қаратпау және атыс ұялары амбразураларын қирату, сөйтіп жаудың күшін аяусыз жою, өз күшінді сақтау деген сөз.

Жаяу әскердің жолын атыс, атыс және атыспен ғана ашып, оны тек атыспен, атыспен ғана сақтай аласың, тек аңқау надан мен үстіне әскери форма киген дарақы адам ғана жаяу әскердің кеудесімен әскери тілде атыс қалқаны деп аталатын – дұшпанның қорғанысының алдыңғы жағындағы өлім алаңын жарып өтуге ұмтылады (өкінішке орай мұндай дарақылар – ұраншыл, нақұрыстар аз емес).

Тек ұрыста ғана адамның барлық қасиеті сынға түседі. Егерде бейбіт уақытта адамның кейбір ерекшеліктері байқалынбаса, онда ұрыс үстінде ашылады. Ұрыс психологиясы сан қырлы. Жеке және қоғамдық өмірде адам қасиеттеріне соғыс әсер етпей қоймайды. Ұрыста зәреңнің зәр түбіне кеткенін жасыра алмайсың. Ұрыс жалған батырлықтың бар пердесін сыпырып тастайды. Жалған нәрсе оқтың астында шыдас бермейді. Ерлік ұрыста мүлдем көрінбейді немесе барынша толық түрде көрінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет