Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет4/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Даңқты қолбасшы «Соғыс психологиясын» қалай сипаттаған? Бұл еңбектің құндылығы неде деп ойлайсыңдар?

  2. Батырдың «Қанмен жазылған соғыс кітабын оқыдым» деген сөзінің астарынан не пайымдадыңдар?

  3. Майдангер жазушы «тәртіп, әдеп, талап, адамгершілік» сынды адами қасиеттерді қалай дәріптейді? Батырдың есімі аңызға айналуына осы қасиеттердің қатысы бар ма?

  4. Турашылдық дегенді қалай түсінесің?

  5. «Бейбіт өмірдегі ерлік» деген тақырыпта шағын эссе жазыңдар.



9-10-сабақтар

«МЕНІҢ ҚОЛЖАЗБАМНЫҢ ОҚЫРМАНДАРЫНА»
Қанатты сөздің қарапайым сөзден

айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма. Нақыл сөздердің түпкі мағынасына және астарына көңіл аударып, өміршеңдігін дәлелдеңдер.
«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», – дейді халық даналығы.

Жіп қылдан тұрады, дене тканьнан құралады. Даналық – өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады.

Кірпішсіз сарай сала алмайсың. Ұшқынсыз от тұтанбас. Мейірім болмаса сүйе де алмайсың. Ашу-ызасыз жек көру мүмкін емес.

Мәжбүр етпей, мойын ұсынбас, мейірім болмай жақсы көре де, беріле де алмасың.

Бұйрық – алғыр басшысының ой – орманы.

Әскерсіз – қолбасшы қауқарсыз, басшысыз әскер әлсіз.

Сын ерді шындайды, қорқақты қинайды.

Азаматқа өмірден де ар қымбат, өлімнен ұят күшті. Қорқақ – дөрекі әрі ақымақ. Мейірімсіздердің жәні нәзік емес, оларға құдықта түпсіз терең. Батырға сырдың суы сыйрағынан келмейді, қорқаққа батпақта кедергі, шалшық та бөгет.

Атқа мініп жүре алмайтынға жуас ат та асау, жебе де қысқа, тартпа да бос, ердің үсті де қолайсыз тізгін де ұзын көрінеді – барлық сылтауды жайып салады.

Шошқа бағушы арғымақты тұрқына қарап ажырата алмайды, оған қашар да – ат. Құм ішіндегі дәнді қырағы көз ғана шалады. Кебекті ұннан елеп, айырады, су көмір арқылы таза сүзіледі. Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады.

Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады.

Басқаны «жақсыға» білгенше, өзіңді «орташаға» біл. Ақылгөйдік кейде өнегесіздікке тірейді.

Тәртіп кейде тәртіпсіздік тудырады.

Тер төккенше тыраштану – кейде жалқаулыққа пара-пар... Тым ерекше құштарлық – бейжайлықпен бірдей дерлік.

Тым адалдық жалғандықпен пара-пар.

Егер өткенді үнемі еске түсіріп тұратын ақ нәрсеге жамалған жамаудай көзге бадырайып тұрғаннан гөрі дұрысы – бүлінген дүниені бүлдіріп тастаған жөн.

Жарықты бөгде затпен бітегеннен гөрі сынғанды сындырып тастаған жақсы.

Егер тігісі сөгілмей жыртылса, оны қалдықпен жамағаннан гөрі мүлдем жыртып тастаған жөн. Бетіне түкіріп, қайтып сүйгеннен гөрі мүлдем безіп кеткен жақсы.

Екіжүзділіктің балын татқаннан, әділдіктің ащы уын ішкен артық.

Қарттықтың әдемілігінен көңіл қайтқанша, махаббаттың арманынан ләззат алған дұрыс.

Өтіріктің қанатын қомдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық.

Мақтаныш – ерлік анасы.

Айбарлы адам жақсы жанға дос емес... Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз.

Барлық халық барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті.

Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қанғыбас.

Соғысуға кедергі келтіретін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта соғысуға көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар: ұрлық, опасыздық – бұл ұлттық дәстүрлер емес, ұлттың ішінде көркеуделік. Ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң.

Солдаттың ерлігін ұрлау – адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы.

Өзінің пікірін бәріне бірдей үзілді-кесілді, соңғы пікір деп санау – бұл өз күшің мен қабілетіңді қатал асыра бағалаушылық.

Көрген нәрседен бәрі хабардар болуға тиіс: егер жұрт әңгімелерді естісіп хабардар болмаса, онда шындықты шын әңгімеден естіп білуге тиіс, өйткені халық барлық пайдалы деп тапқан нәрселер ауыздан ауызға беріліп, ұрпақтан ұрпаққа таралып, әділдік іс үшін қанын селдей төккен жүздеген мың адамдардың ерлік ісі жалпының игілігіне айналуға тиіс, саналыларға пайдалы сабақ, адам кейіпінде табиғат немқұрайды, жеңіл ойлы етіп жаратқан делқұлыларға көңіл көтерушілік, мұндайларға тіпті өздері басынан кешкен ауыртпалықтың өзі ешбір әсер, із қалдыра алмайды, саналы ойлауға игерімді, ондайлар ғасырдың сұмдық қасіретін тани алмайды, оларға барлық жықсы нәрселер дарымайды, болат сауытқа тиіп, тайып кейін серпілген жебедей ешқандай із, әсер белгі қалмады.

Тағдыр мені адамзаттың жан түршігерлік қайғы-қасіретінің куәгері болуға жазса да, ақ қағаздың бетіне болат қаламсаптың ұшымен қисынды сөзді маржандай етіп тізе алатындай өнерім болмаса да, жай себеппен, менің қолым жауға сілтер қылыштың сабын ұстауға, пистолеттің шүріппесі мен жауынгердің атының тізгінін ұстауға үйренген қолыма – қаламсап та уставтың өктем бұйрығына үйреніп қалған тілім де ырық берер емес, бірақ та сараңдардың санатында (өлер алдында бар байлығын босқа далаға шашқан Қарымбай сияқты) қалмас үшін, өлгендердің рухы, зардап шеккен, адал солдаттарымның алдында үн-түнсіз қалмауға, бастан кешкендерді тілсіз қағаз бетіне түсіруді өзіме парыз санаймын, өйткені ол: «ерлік елеусіз қалмасын, олжа – елге, атақ – ерге сауға» деген әділеттілік қағидасын еске салатын, шындық оқиға куәгерінің тілі болсын.

Бұл қарапайымдау, өңделінбеген олақтау, сұрыпталынбаған тартуым болсын, сөз өнерінің шеберіне кітап жазуы үшін, құрылыс материалына жарарлық сыйым болсын (бұл абзацтың астын сызып көрсетемін).



Тұрғызылған ғимаратқа жабдықтаушының аты ешқашанда қойыл-майтынын біле тұра, мен жабдықтаушы атануға ризамын және егер ол менің атымды, сөзімді еске алуды ыңғайсыз санап, атақты адам айтқандай етіп, (мұны өзім де жиі естимін) соның аузынан толғанысты ойлар түрінде айтқызса ренжімеймін (бұл абзацты да ерекше сызып көрсетемін).

Бұл хатымда, қаншалықты ойдағыдай болғанын білмеймін, бірақ қолжазбаларымның оқырмандарына, осы материалдар бойынша жұмыс істейтіндерге жан-жақты ескертуге талаптандым. Қолжазба-ларымда кейде фамилияларын атамай астарлы сөзбен мысалдар келтіремін. Бұл хатты сіздерге кейбіреулеріңіз менің материалдарым-мен жұмыс істейтін ниет білдіріп отырғандықтан.

Бұл хаттың соңына мына өлеңді жаздым:
Найзадан қол босаса қалам алдым,

Толғанып оқиғаны көп ойландым.

Тырмысып әл келгенше көргенімді,

Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.

Отырсам көп ойлаймын күнім жақын,

Әр адам біле бермейді сөздің парқын.

Ұрпаққа арнап істелінген адал еңбек,

Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым.

Жазушы болмаған соң менің затым,

Көркемді жұмыр емес жазған хатым.

Салмақтайтын саналы ер табылса,

Атаусыз неге қалсын менің атым.


Командирдің парызы – солдаттардың қандай да бір болмасын іс- әрекеттерін назарға алмай, ескерусіз қалдырмау. Егер солдат жақсы ісімен көзге түссе – ол мадақталуға тиіс. Командир солдаттын ерлігін, батылдығын бағалауға тиіс және алдағы уақытта үкіметтің актіні – көзге түскендерді наградтауға документтерді даярлауға барлық шараларды қабылдауға міндетті.

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Шешеннің нақыл сөздерін негізге ала отырып, «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды», «Адамзатқа өмірде ар қымбат», «Мақтаныш-ерлік анасы», «Барлық халық барлық ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті» деген тақырыптардың бірін таңдап, «Шешендік мінбесін» ұйымдасты-рыңдар.

  2. Батыр бабамыздың «Екіжүзділіктің балын татқаннан, әділдіктің уын ішкен артық» деген пікірінің құндылығын дәлелдеңдер.

  3. «Делқұлы» деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер? Сөздік арқылы мағынасын ажыратыңдар.



11-12-сабақтар

ЖОҒАРЫ СЕЗІМДЕР
Адам бойындағы басты сезім-парыз сезімін ұштап, тәрбиелеу.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Мәтінді бірігіп оқыңдар.
Соғыс адамзат үшін жаңалық емес, мен соғыс қимылдары, ұрыс туралы сөйлеген кезімде Американы ашқалы отырған жоқ екенімді айтпақпын, тек өзімше сіздерге көргендерім мен бастан кешкен оқиғаларды жинақтап жеткізгім келеді.

Ұрыс дегеніміз не? Ұрыс дегеніміз – бұл дұшпанға ұйымдасқан түрде әсер ету. Тек ұрыста ғана адамның барлық қасиеті сынға түседі. Егер де бейбіт уақытта адамның кейбір ерекшеліктері байқалынбаса, онда ол ұрыс үстінде ашылады. Ұрыс өнерінің негізі – дұшпанға оқпен әсер ету, оның адам күшін қырып-жою, өз күшіңді аман сақтау. Ұрыс жүргізу өнерінің мәні де осыған байланысты.

Ұрыс идеалы – бұл ұрыста шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері – ұрыста барынша аз шығынмен жеңіп шығу. Ұрыста кездейсоқтық көп ұшырасады деседі. Ұрыста кездейсоқтық жоқ, дұшпан үшін күтпеген жағдай бар. Жеңіс немесе жеңіліс себептілігі және заңдылықты нәрсе. Ұрыс қауіпті емес, өйткені адам адаммен шайқасады. Егерде адам әлдебір жаратылысы бөлек аждаһамен немесе аңмен айқасса бұл басқа мәселе, алайда адам адаммен қаруы бірдей, ұрыс бұл сөздің абсолютті мағынасында қорқынышты емес.

Мен су жүрек болғандармен таласқым келмейді, өйткені қорық-қанға қос көрінеді.

Ұрыста – соғыста – адамға тән барлық: жоғары және төменгі қасиеттер өзі барынша ашылып көрінеді. Бұл сезімдерді екі топқа бөлуге болады:

Жоғарғы сезімдер:

Парыз

Адамгершілік

Ержүректілік

Ерлік

Батырлық

Қаһармандық және т.б.

Төменгі сезімдер:

Опасыздық

Ұждансыздық

Үрей

Қорқыныш

Шошу және тағы басқа.

Парасат, инстинкт, интуиция – адам бойындағы бейнебір командалық инстанциялар сияқты. Ұрыс кезінде адамның сана – сезіміндегі кейбір мәселелердің төңірегіне соңғы кезде көңіл аударыла бастады. Бұл мәселелер жөніндегі пікір таластар окоп пен блиндаждарда, сондай-ақ үй ішінде дастарқан басындағы әңгімеде де, редакциялар мен жазушылардың бөлмелерінде жүріп жатыр.

Мен сіздерге психологиялық тұрғыдан түсіндірілетін кейбір ұғымдарды баяндағым келеді. Бұл ұғымдар бізге алда керегімізге жарайды деп ойлаймын.

Ұлы Отан соғысының тәжірибесі жеңіске рухтың күштілігімен жетуге болатынын, табыс әскерлердің моральдық-адамгершілік күшіне тәуелді екеніне біздің көзімізді тағы да жеткізді. Материалдық құрал-жабдықтармен қазіргі заманғы әскери техника күрестің материялдық базасы мен қаруы болып табылады. Бәрінің де негізі – жанды, саналы адам.

Адамның моральдық-адамгершілік қасиеті рухани күш деген сөзбенен анықталады. Рухани күштің негізгі қайнары мен қозғаушысы:

Ақыл

Сезім

Ерік – жігер.

Адам қасиетінің осы үш элементін ұштауға бағытталған мақсатты жұмыс тәрбиелеу жұмысының басты нысанасы болып табылады.



Ал парыз сезімі дегеніміз не? Бұл адамгершілік сезімі, намыс, ар-ұят – бұл адам өзін кез келген опасыздықтан сақтайды, қорғайды, яғни масқара болып жүргеннен абыроймен өлген артық деген сөз. Өлімнен ұят күшті. Ерлік дегеніміз не? Бұл адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі. Ержүректілік пен батырлықты найзаласқан қолма қол ұрыстан көргісі келетін адам қателеседі.

Ерлік табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтық қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік, теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, сонымен қауіп қатерінде бөлісіп, жауды барынша жою, жанға жанмен, қанға қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басынды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп қатерге бас тігуге мәжбүр ету.

Батылдық – қимыл әрекет есебін тәуекел етумен үйлестіре алушылық. Тәуекелді есеп ақтайды. Есепсіз тәуекел – тұл.

Көзсіз батырлық – есептілікті батылдықпен ұштастыра білушілік. Ойланбай жасалынған көзсіз батырлық – есерсоқтық. Ептілік – адамның ақыл-ойын ұшқыр ойлай білуге, дене қимылын икемділікке, бұлшық еттерінің шиыршық ата қозғалыс жасауға қатаң жүйелі түрде тәрбиелеудің (жаттықтырудың) нәтижесі.

Келесі мәселе солдат туралы. Бұл – өте күрделі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні әділін айтсақ, әскери тақырыптағы барлық шығармалар мен заметкаларда солдаттың бейнесі ашылып көрсетілмей келеді, оның орнына жансыз қағаз адамның образы жасалынуда. Олардың шығармаларында солдат адамзаттың әлдебір жаратылысы бөлек перзенті сияқты суреттеледі, сөйтіп солдаттың шынайы бейнесі шықпай қалады.

Табандылық – батылдардың қалқаны. Құтқару қашуда емес, қорғану мен шабуыл жасауда. Кімде кім қорғанбаса, сол өледі. Тәуекелсіз ерлік жоқ.

Шабуылға шыққан, өлімді күтпей, өлімге бетпе-бет барған адам ғана жеңіп шығады. Өйткені ол өмірді өте сүйеді, өмір мен отанның азаттығы ұрысқа аттанады.

Ұрыста өмір ешкімге сыйланбайды, ол жаулап алынады, өйткені ұрыс аяушылықты білмейді.

Қауіптілік ұрыста жорамалдан нақтылыққа айналады, ол тікелей жақыннан сезіледі – айналаға өлім қауіпі төніп, әрбір қадам сайын күшейіп, үдей түседі. Жанындағы серіктестерің оқ тиіп сиреп, ысқырына зулаған оқ, снарядтар мен миналар ұли, құлақ түндыра ызыңдай ұшып кедергіге қатты соғыла, гүрс ете жарылып, жан-жаққа әртүрлі көлемдегі тиген жерін опырып, жарақаттап, мертіктіретін, жолындағының бәрін жайпап өтетін жарықшақтар ұшады да, жарылыс болған жерден қан аралас шаң, топырақ, балшық аралас қоп-қою қара түтін терең шұңқыр қалдыра аспанға көтеріледі.

Майдан даласы мен аспанынан сәт сайын өлім қаупі төнеді. Уақыт жылжып өте береді, бір сағат – 60 минут өтеді, бір минутта – 60 секунд, ал секундына мыңдаған адам қаза болады, олардың жер бауырлап жылжуына, жүруіне, қарсы жүгіруіне тура келеді.

Адам өмірінде бұрын-соңды болмаған сын сағат: қорқыныш сезімі мен парыз сезімі сияқты қатал арпалысқа түсе қоюға дәрменсіз болар: «Сен өлесің, сенің жастық шағың осымен бітті, сені қазір өлтіреді, болмаса қайтып бас көтермейтіндей жаншып тастайды, сенің денеңнің быт-шытын шығарып, бұтарлайды, сені ешкім де таба да, жерлей де алмайды.

Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі – мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, қоғамдық жастар тәрбиесі – адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік мүлдем қате. Солдат – ересек адам, бірақ оның қоғамдық жағдай солдатты төменгі рангіде болуға міндеттейді, ал армияда бұл ранг жас өспірімдерден кем емес қамқорлық қарым қатынасты жасауды, қорғаншы болуды қажет етеді. Солдат жанының кұнарсыз жерден нәр алуына жол беруге мүлдем болмайды. Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің туған тілінің, туған әдебиетінің, төл музыкасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы, мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін.

Қазақ халқы: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер», – дейді. Егер бала жөргекте жатқан кезіннен – ақ анасын тыңдамай, бес жасынан әкесімен тайталасып, тілін алмай, бұзақы болып өссе, онда өсе келе одан сөзсіз жаман адам, жаман солдат шығады. Мұндай жөргегінде ұрған адамды қайта тәрбиелеу, оның бойына жауынгерлік игі қасиеттерді дарыту командирдің ғана қиын да ауыр міндеті болмаса керек. Ұқыпсыз, жауапсыз ата-аналардың тәрбиелеп өсірген мұндай жүгенсіз балаларынан командирдің де жақсылық күтуі екіталай. Балаға адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы, асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет, сонда ғана одан жауынгер шықпақ.

Ерлікке тәрбиелеу. Солдат, әскери қызметші болу оңай емес. Біріншіден, себебі, солдат қызыметі жағынан ешқандай да демократиялық праволарға ие бола алмайды. Сапта тұрған кезде, ол еркін қозғала алмайды, жеке күнделікті тіршілікте өз еркінше жүруіне правосы жоқ. Солдат мұның бәрінен айырылған-қажеттілік осындай, солдаттың жеке үлесі осындай.

Солдат болу оңай емес, басқаның еркіне мойын ұсыну жеңіл емес, бірақ сен бұйрықты, команданы сөзсіз орындауға тиіссің, тіпті бұйрық саған ұнамай тұрған күннің өзінде де сен сөзге келмей, орындауың керек.

Командирге әскерді темірдей тәртіпті ету, бағындыру оңай емес. Мен сіздерге тәрбиелеу жұмысындағы игі дәстүрлер жөнінде айтып кеттім, оны енді қайталап айтып жатпаймын. Егер халық әскери тұрғыдан алғанда мәдениетсіз болса, онда мұны жөргекте жатқан кезден бастап тәрбиелеу мәселесіне жатқызу керек, егер адамды жауынгерлік қасиетке тәрбиелемесе – онда бұл халық жауынгер халық болмағаны. Мұны өткен тарихымызға қатысты, біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба? Жоқ, біз бұлай деп айта алмаймыз.

Дәстүр тәрбиенің басты қайнарларының бірі болып табылады, әрі оның өте үлкен мәні бар. Әскери тәрбиенің негізі-түсіну, ұғыну, қызмет бабы талап ететін әскери өмірге сөзсіз түрде толық мойын ұсынушылыққа қол жеткізу.



Ерлік дегеніміз не? Ерліктің анасы – мақтаныш. Кәне мақтаныштың қандай қайнар көздері бар екенін талдау жасап көрейікші. Тазалық, ұқыптылық, тән мен жан жүйесінің кіршіксіздігі жеке мақтаныш сезімін тудырады, өзін өзі ұстай білушілікке үйретеді, өзі мен айналасындағыларға талап қоя білушілікке дағдыландырады. Сыртқы тәртіпсіздік – адамның ішкі кемістігінің белгісі. Кір-қоқыс адамды аздырып тоздырады.

Жеке мақтаныш сезімі дегеніміз не нәрсе – бұл ең алдымен жеке бастың гигиенасы. Адам өзін көйлегі көк, қайғысы жоқ, қарны тоқ кезде лайықты ұстап жүре алады. Егер де сіз үстіңізге алба-жұлба киім киген болсаңыз, онда қоғамдық орында өзіңізді лайықты ұстай алмайсыз. Тұрмыста салақ ұқыпсыз адам – әскери қызметте де, жұмыс орнында да, ол онда жұмыста да ұқыпты болғаны. Кір-қоқыс адамды бүлдіріп, оның бойында жеке мақтаныш сезімін біртіндеп көмескілендіре бастайды.

Жеке мақтаныш сезімі дегеніміз не? Ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз белгілі бір ұлт адамының көптеген жеке мақтаныш сезімінің жиынтығы болып табылады. Ұлттық мақтаныш сезімі әрбір ұлт адамдары үшін бұзылмас заң. Кімде – кім өз ұлтын сыйламса және оны мақтан тұтпаса, ол сөзсіз барып тұрған арамза, отансыз қанғыбас. Өзін сыйлай алған адам өзгені де сыйлай алады, белгілі бір ұлттың толық азаматы болып әрі өз ұлтыңды мақтан ете отырып, сен басқа халыққа да лайықты қарай аласың. Мысалы үшін: нағыз интернационалист болуы үшін орыстар шын мәнінде бар болмысымен орыс болуға тиіс. Екі түрлі ұғым бар: ұлттық рух – бұл асыл қасиет, ұлтшылдық – бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көркеуделік. Бұл мәселені дұрыс түсіне білу керек.

Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады. Тәрбиелеудегі бірінші мақсат – саналылық, бұл ең басты мәселе, ал мәжбүр етушілік – қосалқы тәртіп режимі болмақ. Көнтерлікке, көнбістікке, бас июшілікке тәрбиелеу, бұл, шын мәнінде, адамды моральдық жағынан толық езіп-жаншу деген сөз. Тіл алғыштыққа бейімділікті адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдірумен жандандыра түсудің қуатты да икемді құралына айналдыра білген жөн. Көнтерілілік, көнбістік – асқақ адамның сергек ойына тұсау.



Енді кейбір психологиялық ұғымдарға тоқталып өтейін.

Ақыл – бұл заттар мен құбылыстарды танитын күш. Ақыл оларды өте сезімталдықпен ажыратып, анықтайды, яғни адам өзінің есзім мүшелер арқылы әсер алып, оны нерв жүйелеріне беріп мида тез арада қорытып, пайда болған нәрсе түсінік пе немесе образ ба, анық жауабын береді. Ақылдың жұмысы адамның ішкі сезім күйін бейнелейді. Мұны біз көбінесе ұғымдарға жіктеп жатамыз.

Ойлау – алған әсерлерді біртіндеп өңдей отырып, объективті шындықты бейнелейтін танымның жоғары сатысы.

Сезім – тән мен жанның белгілі бір жағдайдағы күйі, яғни біздің сыртықы дүниені қабылдау және оған жауап беру, реакция жасау қабілетіміз. Сезім: тән (физикалық), немесе оны кейде төменгі сезім деп те атайды, яғни оны организмнің (ауырсыну, шөліркеу, аштық, суықтық және т.б.) физикалық күйі анықтайды. Рухани, немесе кейде жоғарғы деп те аталынатын – яғни адамның көңілін аударып жан дүнисін астан-кестең ететін сезім – оған махаббат, жек көрушілік, ашу кек, ыза сезімі және мынадай: ақиқат, әділдік сезімі, шындық, өтірік және т.б. сияқты ұғымдар жатады.

Әсер – адамның психикасын қоздыратын немесе басатын жағымды немесе жағымсыз түйсік сезім. Әсер сезімі физикалық та, сондай-ақ бұл сөздің рухани мағынасында да адамның қызметіне тікелей ықпал ете отырып, адамды қайраттандыра түсуге, оның бойындағы күш-қуаттың артып, болмаса әлсіреуіне себепші болады. Бізге бәрінен де гөрі әскери тәрбиеде жауынгерлік қасиеттерді дарытудың моральдық және адамгершілік негіздері ретінде сезімдердің ең жоғарғы көрінісін білу, зерттеу және түсіну маңыздырақ.

Ар – жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғымы.

Абырой – жеке адамның ар-намысын ұғыну деген сөз. Абыройды, жоғары моральдық рухты сақтау жолында өз өмірін қиюға дейін баруға ниет ету намыс деп аталады.

Ұят – жасаған әрекетінің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық.

Сенімділік – бұл заттар мен құбылыстар туралы нақты ұғым мен оның зардабы туралы айқын түсінік. Сенімділік табысқа жетуге деген құлшынысты арттырады, бойға қуат береді, әбден айқындалған әмір беруге немесе жеке іс-қимылға шақырады – яғни дереу әрекет жасауға итермелейді. Соғыс пен ұрыстағы сенімділік – дұшпаннан басым түсу сезімі, өзінің жеке басының ар-намысын сезіну. Сенімдікке істі білу мен жауынгерлік рухты көтеру арқылы қол жетеді.

Жігерлендіру дегеніміз – рухани күш беру, күш-қуаттың тасуы, сергектік күй. Әскерді жігерлендірудің құралдары мыналар: инабаттылықпен, кішіпейілділікпен ықпал ету, адамның адамгерші-лігін құрметтеу, бастықтың жеке өнегесі, ақыл-кеңес беру, атқаның түсінікті етіп ұғындыру, көңілден шыққан қарапайым сөз, тапқырлық, шешендік, орынды айтылған әзіл-қалжың, ойын-күлкі, ән-күй, жауынгерлік және де басқа әндерді айту, би билеу мен бөлімшелердегі басқа да көркем өнерпаздық жатады.

Өжеттілік, қайсарлық – жауынгердің тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс. Ерік үмітсіздік бұғауын үзіп, адамның бүкіл жан дүниесі мен тәнін ширықтырып құлшындыра түседі, мұндай іс-әрекетті күтпеген әрі өзінің құрбандығына душар еткеніне сенімді дұшпанға беймәлім жолмен оқыс соққы беруге жетелейді. Өжеттілік, дұшпан үшін мүлдем күтпеген нәрсе, бұл жағдай ең алдымен моральдық тұрғыдан есеңгіретіп тастайды.

Патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман – саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екенінді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді.

Барлық кезде патриотизмді дерексіз, ұзақ-сонар сөзбен ұғынды-рудан, көбінесе мемлекетке берілген адамның мақсат-мүддесімен байланыссыз түсіндіруден қашу қажет. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішінде жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті – өз халқына деген сүйіспеншілігі, жеке адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этногарфиялық ерекшеліктері.



Күш, қайрат – қажыр-қайраттың, ерік-жігердің тас түйіндей түйілуі, алға қойған міндеттерді орындап шығу үшін ақыл-ой, жүйке, бұлшық ет күшін жұмылдыру.

Табандылық – барлық күш-қуаттың арту, ширығу күйі, сәтсіздіктің тақсіретін басу, белгіленген мақсатқа қалайда жетуге ұмтылу.

Өзін-өзі ұстай білу – ақыл-ойды, ерік-жігерді, құлшынысты, сезімді өз еркіне бағындыруға, адамның бұл қасиеттерін ұрыс жағдайына байланысты тең пайдалана білуге, сабырлы әрі парасатты шешім қабылдауға қабілеттілік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет