Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет1/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Қазақстан Республикасының

білім және ғылым министрлігі
М.Х. Дулати атындағы

Тараз мемлекеттік университеті
Д.П. Қожамжарова, Р.Н. Темірбекова

БАУЫРЖАНТАНУҒА КІРІСПЕ
Жоғарғы оқу орындары мен мектеп

оқушылары үшін оқулық

«Тараз университеті»

баспасы


Тараз, 2012

ӘОЖ 83.09(574)

КБЖ 83.3(5 Каз)

Қ 47


Қожамжарова Д.П., Темірбекова Р.Н.

Бауыржантануға кіріспе: жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқушылары үшін оқулық. – Тараз: Тараз университеті, 2012. – 131 б.

ISBN 9965-37-204-7

Пікір жазғандар:

Мырзахметұлы М. – ф.ғ.д., профессор М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті;

Мұхамеджан К. – «Бауыржантану» ҒЗО-ның ғылыми қызметкері.

Оқу құралы соңғы жылдары мектеп пен жоғары оқу орындарында арнайы оқытыла бастаған «Бауыржантану» пәні үшін тұңғыш рет ұсынылып отыр. Еліміздің даму сатысында білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінің ең маңызды тетіктерінің бірі – патриоттық тәрбие. Б. Момыш-ұлының өмірі мен мұрасы арқылы жас жеткіншектер мен болашақ мамандардың бойында отансүйгіштік сезімді, елін, жерін сүюдің озық үлгісі ретінде таныту – оқу құралының басты мақсаты.

Оқу құралында қамтылған тапсырмалар батырдың нақыл сөздері, өлеңдері мен хаттары, әңгіме, повесть, естеліктері арқылы азаматтық тұлғасын тануға лайықталып іріктелген. Мұғалімдер мен оқушылар, білімгерлер мен көпшілік оқырмандарға арналады.

КБЖ 83.3(5 Каз)

Баспаға М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен ұсынылған (хаттама №11, 30.06.2011 ж.).

ISBN 9965-37-204-7


© Қожамжарова Д.П., Темірбекова Р.Н., 2012

© М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, 2012

АЛҒЫ СӨЗ
Бауыржантану – әдебиет тарихында тың сала. Атағы глобустан тыс шығып, атағы аңызға айналған Б. Момышұлының шығармашы-лығымен танысу елімізде енді ғана жүріп жатыр. Ол жазушы ретінде кеңестік заманда санаулы ғана шығармаларымен таныс болса, қазіргі таңда әр кезде, әр қилы жазылған әдебиеттің әр түрлі жанрынан қалам тартқан көп томдық шығармалармен танысып жатырмыз. Көпшілік қауым оны жазушылық өмірге 1955 жылы әскер қатарынан босап, зейнетке шыққан кезден бастап келді деп айтып жүрміз. Олай емес екен. Б. Момышұлы әдебиетке 1928 жылдан бастап келгенін Респуб-ликамыздың орталық мұрағатында сақталған қолжазбалары мен түрлі деректерге толы қалта кітапшаларындағы жазбаларды растайтын деректер бары анықталып отыр. Ол өзінің алғашқы өлеңдерімен күнделіктерін мұқият қағаз бетіне түсіріп осы күнге мұра етіп қалдырып отыр. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының әңгіме, повесть, романдары мен қоса әр жылдары жазған естеліктері мен күнделіктері оның жазушылық жолының биік шыны секілді. Себебі, ол туралы елімізде әсіресе ол өмір сүрген тұстарды вогон-вогон өсек тарап, әр түрлі аңыздардың шығуына себеп болған болатын. Сол өсек пен аңыздың ақиқаты мен анығын оқырманға ұсынып отырмыз.

Б. Момышұлы әдебиетте ең кенже қалған эпостолярлық жанрда мол мұра қалдырған жазушы. Бұл жанр әдебиетте ілуде бір жерде болмаса осы күнге дейін кеңінен пайдаланылып жүрген жоқ. Осы орайдан келгенде Бәукеңнің әлемдік деңгейдегі Мемелекет қайраткерлері мен қазақ мәдениеті мен өнерше еңбегі сіңген қайраткерлермен жазысқан хаттары әдебиетте өзіндік орны бар шығармалардың қатарына жатқызуға болады. Оның әрбір хатынан отандық рух пен патриотизмге толы көз қарасын байқауға болады. Мақал-мәтелдері мен қанатты сөздері осы күнге дейін мәні мен маңызын жоймай өз деңгейінде қазақтың сөздік қорын молайтып тұрғаны анық.

Б. Момышұлына жазылған арнау өлеңдердің есебі жоқ. Қазақтың көрнекті ақындарымен қоса СНГ көлеміндегі ақын-жазушылардың барлығы дерлік батырға деген құрметі мен жүрек жарды ыстық ықыласын өлең жолдарымен білдірген. Өзіндік орны бар бұл шығар-малар жас жеткіншек үшін тәрбиелік маңызы зор көрсеткіш құралдар болып табылады.

Б. Момышұлы қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш әскери әдебиет-тің негізін салған жазушы. Оның соғыс тақырыбына жазылған шығар-малары ерекшелігімен өзгешелігімен де оқырман жүрегінен жылы орын тапқан туынды. Оған дау жоқ. Авторлар оның жазушылық қасиеті мен шығармаларына ерекшеліктеріне айрықша тоқталып әрі қысқа-нұсқа пайдалануға қолайлы оқулықты оқушыға ұсынып отыр. Бұл әрі оқулық, әрі хрестоматиялық көмекші құрал ретінде бағыты мен бағдарламасы кез-келген ізденушіге жол көрсететін оқулық ретінде пайдалануға әбден болады. Бауыржантану саласында бұрын оқулық болмағанын ескерсек онда авторларға көп рахмет айтып, болашақта оқулығы бөлек хрестоматиясы бөлек көмекші кұралдарды дайын-дауды ұсынуға әбден болады.



1-сабақ

АҢЫЗ АДАМ
Атағыңа ақылың сай келсе ғана сыйлы боласың.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Ақиқаттан аңызға айналған Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректермен мұқият танысыңдар.
Қазақ халқының қаһарман батыры, аты аңызға айналған біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты мен Көлбастаудың ортасында орналасқан Орақбалға деген ауылда дүниеге келеді. Момыштың шаңырағында 4 қыздан кейінгі туылған ұл балаға атасы Имаш Бауыржан деп ат қояды. Анасы Разия Бауыржанның 3 жасында қайтыс болып, немересін әжесі Қызтумас өз тәрбиесіне алады.

Бауыржан жастайынан алғыр, елгезек, оқуға өте ынталы болады. Әкесі Момыш сауатты кісі болғандықтан, Бауыржанды өз бетінше оқытып, хат танытып, одан әрі білімін жетілдірудің сара жолына бағыттайды, ұлттық салт-дәстүрлерге баулиды, қазақша жыл қайыруды үйретеді, жыл аттарын жаттатады. Ал әжесі болса, немересін халқымыздың аңыз-әңгімелерімен, ертегілерімен, жыр-дастандарымен сусындатады. Қызтумас әжесінің айтқан қызықты ертегілері, жастай бойына сіңірген ұлттық өнегесі, бабасының үйреткен батасы мен ақылы, әкесінің берген білімі мен тәрбиесі Бауыржанның отанын шексіз сүйетін, өзінің туған елін, жерін, ұлтын айрықша қастерлейтін қайталанбас дара тұлға болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Халқымыздың баға жетпес салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бала кезден көзбен көріп, ғибрат алып өскен Бауыржан бауырмашыл, кішіпейіл, елгезек, еңбексүйгіш әрі аса зерделі болып өседі. Жастайынан еңбекке ерте араласады, үлкендермен бірдей арба жегіп, ат жетелеп, шалғысын қайрап, еңбекке бел шеше кіріседі. Пішен шабу науқаны кезінде Гончаровтар әулетімен бірлесіп шөп шауып жүріп, Гончаровтың Василий деген өзі шамалас баласымен дос болады. Қазақша біршама түсінетін Василий тез арада Бауыржанға үйірсектеп, екеуі достасып кетеді.

Кеңес үкіметі орнаған кезде елде сауат ашу басталады. Әкесі Момыш Бауыржанды: «Орыс оқуы білімге жақын, орысша оқысаң, жаза да білесің, оқи да аласың, орысша жетік боласың», – деп орыс оқуына береді. Алғашында көкесі Момынқұл (әкесінің інісі) орыс оқуына қарсы болады. Бірақ әкесі өз дегеніне көндіреді. Осылайша Бауыржан Гончаровтар үйінде жүріп, орыс мектебінде оқиды. Сыныбында жалғыз қазақ баласы болғандықтан, Бауыржан алғашында орысша білмей, біршама қиналады. Дегенмен оқуға деген айрықша ықыласының арқасында орыс тілін тіпті орыстардан да артық меңгеріп шығады. Мектепке дейін арабша оқыған және жастайынан есепке жүйрік, сабаққа алғыр, зейінді Бауыржан оқуда сыныптастарынан озық болады. Сондықтан да оны қатарластары «Шаңтимес» деп атаған екен.

Бауыржан бастауыш сыныпты Әулиеата маңындағы Аса интернатында жалғастырады. Ал 5-сыныпта Шымкенттегі қазақ орта мектебіне ауысады. 1928 жылы Шымкент орта мектебін үздік бағамен бітіріп, мұғалімдер даярлайтын үш айлық курста оқиды. Мұғалім болып, бала оқытады. 1936 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста отандық парызын өтеу кезінде үлкен шыңдалу мектебінен өтеді. Осы жылдарда қазақ жігіті Бауыржан алғырлық, ептілік, батылдық, өжеттік және қайсарлық тұрғысынан талайлардың назарын өзіне аудара бастайды.

Туған ауылына қайтып оралып, қаржы мекемесінде қызмет етіп жүрген Бауыржан әскери қызметке қайта шақырылады. Отандық парызын өтеу кезінде қажетті дағды мен білімді талап деңгейінде меңгерген аға лейтенант Момышұлы әскери қызметте іскер, қайсар әрі даярлығы жетілген взвод, рота командирі ретінде таныла бастайды.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Бауыржан Момышұлы отыздың үстіндегі жас жігіт еді. Ол соғыс басталысымен даңқты генерал-майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады.

«Елім» деген ердің сыналатын кезі келді. Міне, нақ осы кезде Жуалы топырағының төл перзенті Бауыржан Момышұлы ерен ерлігімен көзге түсіп, даңққа бөленеді. Ержүрек батыр майданның алғашқы кезінде-ақ батальон, полк командирі қызметтерін атқарып, екінші дүниежүзілік соғыс тарихында мәңгі өшпейтін қаһармандық пен ерлік үлгісін көрсетеді. Генерал-майор И.В. Панфиловтың басқа-руындағы атқыштар дивизиясымен бірге Москваны қорғауға қатысады. Москва үшін болған шайқас бұрын-соңды ешбір елдің тарихында кездеспеген қанды қырғын, алапат жойқын сұрапыл соғыс болатын. Капитан Момышұлының батальоны осы ұрыстарда талай рет жау қоршауына түсіп, табан тірескен ұрыспен жауды тас-талқан етіп, күйретіп, қоршауды бұзып өтеді. Күн сайын өліммен бетпе-бет келген Бауыржан қан майданда 200-ден аса ұрыстарға қатысып, жаудың күшті-күшті шабуылдарын тойтарады.

Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі ерекше қабілеті, таңғажайып таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылып, даңқы бүкіл одаққа аңыз болып тарайды. Бауыржан соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады, ал соғыстан кейін Ворошилов атындағы Жоғары Әскери Академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, Москваның Әскери Академиясында дәріс береді.



Бауыржан Момышұлы әскери қызмет жылдарында сол кездегі өкімет басшыларының көпшілігінен еш алғыс та, қолдау да көрмейді. Оның көзінің тірісінде Совет Одағының Батыры атағын ала алмауы және лайықты қызмет орындарына алынбауы осыны дәлелдесе керек. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлы 1950 жылы өзіне ұстаз санаған И.М. Чистяковқа жазған хатында: «Я полковничаю 13 лет и за все эти годы по служебной лестнице не поднялся я на одну ступень, не потому что я (по своим способностям, знанием, опыту и др. качествам) хуже других, а лишь потому, что чиновники из ГУК-а на меня смотрели и смотрят как на пасынка. Эта горькая правда за семь последних лет унижает, оскарбляет меня. Я не заслуживаю столь длительного, несправедливого отношения. Вы меня знаете – дело не в карьере, а в справедливом и достойном отношении ко мне, как советскому офицеру», – дей келіп, өзіне Ресейден ешқандай да әскери қызмет берілмейтініне көзі жеткен соң, Қазақстандағы әскери комиссарлыққа үміт етіп отырғандығын баяндайды. Дегенмен Момышұлына өз елімізден де әскери қызмет бұйырмайды. Батыл да жаңашыл болғанына қарамастан, 1956 жылы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы отставкаға жіберіледі. Осылайша Ұлы Отан соғысы жылдарында бірнеше мыңдаған жауынгерді бастап, Жеңіс туының желбіреуіне орасан зор үлес қосқан Бауыржан Момышұлы соғыстан кейінгі бейбіт уақытта пайдасыз, әскери сапта керегі жоқ адам болып шыға келеді. Өйткені батырдың бетің бар, жүзің бар демейтін турашылдығы Мәскеудегі басшыларға ұнамаса керек. Сол себепті де Батыр ағаны халқы «Алтын жұлдызға» ұсынса да, жоғары жақ келісім бермейді. Бұл туралы профессор Мекемтас Мырзахметұлы баспа бетінде берген сұхбаттарында былай деп еске алады: «Баукеңнің жақсы қасиеттерінің бірі – істеген жақсылығын, көрген қиындығын өмірі ешкімге айтпайтын. Мен ылғи «Баукең отставкаға неге кетті екен?» деп ойлайтынмын. Өзі айтпайтын. Сөйтсем генералитеттегі ақ жағалы әскери шенеуніктердің көбі Баукеңнің шындықты бетке айтатын батыр мінезін ұнатпайды екен. Тіпті маршал Гречко аты аңызға айналған батырды күндегені сонша, артына аңду қойып, бірде-бір жұмысқа алынбауын қатаң бақылап отырыпты. Дінмұхамед Қонаевтың заманында Баукең батыр атағына ұсынылып, Брежнев уәдесін беріп тұрған кезде маршал Гречко: «Через мой труп», – деп қасарысып, тұрып алған деген сөз бар. Қисынға келеді. Өйткені әскери академияны бітірген кезде генерал шенін бермеді. Тіпті Сібірге жіберіп, ұсақ-түйек қызметпен алдамақ болады. Осы жайында Дмитрий Снегин өз кітабында: «Баукеңнің жауы көп болды. Соның бірі – Гречко» деп, ашық жазады. Мұны білген Баукең өзінің ұстазы Чистяковқа: «Менің армиядағы жолым кесілген сияқты, сірә, отставкаға кетуім керек шығар, қандай ақыл-кеңес бересіз?» – деп хат жазады. Бірақ одан жауап келе қоймайды. Сондықтан ол өз ұйғарымымен отставкаға шығып кеткен. Иә, әділдік жолы-ауыр жол. Бауыржан атамыз сол жолды таңдап, «Маған деген атақты, міндет етсең өзің ал, әділдікке бас ұрып, у берсең де маған бал», – деп адалдықтың, әділдіктің ақ туын өмірде қайыспай, тік көтеріп өтті. Батырға қиянат жасаған әділетсіздіктің сеңін бұзған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев болды. Ол 1990 жылы Батырға «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып береді. Ал 1995 жылы «Халық Қаһарманы» атағы беріледі. 2000 жылы XX ғасырдағы ұлы тұлғалардың бірі ретінде танылып, «Ғасыр адамы» атанады.

Қолына қалам алып, жазушылыққа ден қойған Баукең өзінің шығармаларын ана тілімен қатар орыс тілінде де жазып, әдебиет майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес қаһармандық іс тындырады. Оның жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптастыру, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке баулу, әскери тәлім-тәрбие бағытындағы шығармалары: тамаша романдары мен әңгімелері, повестері қалың оқырманның іздеп оқитын рухани азығына айналды. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Осы кезде батырдың ерлігі туралы аңыз елден елге тарайды. Оның ерлігіне арнып, А. Бек «Волоколам тас жолы» атты шығармасын жазады. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, тағы басқа шет ел тілдеріне аударылады. Батыр туралы бұдан басқа да көптеген-көптеген шығармалар жазылады. Біртуар қолбасшы туралы Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», З. Ахметова «Шуақты күндер», Бақытжан Момышұлы «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет», М. Қалдыбаев «Ұмытылмас кездесулер» атты шығармалар жазса, М. Бегалин Бауыржан Момышұлының әскери өмірбаянын баяндайтын «Артымызда Москва» атты кинофильмін түсіреді.

Сонау соғыс жылдарында: «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Ердің туы-намыс» сынды нақыл сөздерімен ұран салып, жауынгерлерді жеңіске жігерлендірген қыран батыр бейбіт өмірде ерлік пен елдікті ажырамас егіз ұғым ретінде түсіндіріп, азаматтарды елі үшін аянбауға шақырды, шығармалары арқылы жастарды патриотизмге, ерлікке, батырлыққа, «Ел дегенде еміреніп» адал еңбек етуге үндеді. Сондықтан да болар, Бауыржан Момышұлының қаламынан туындаған қызықты да тартымды шығармалар оқырмандардың үлкен ықыласына бөленді. Ал «Ұшқан ұя» романы 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Бұған дейін-ақ 1941 жылы Москва түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Қазақстандық 316-атқыштар дивизиясының батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлы енді жазушы болып, тағы бір ерлік жасады. Екі ерлігі де бара-бар.

Майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы қиян-кескі соғыс кезінде де күнделік жазуға уақыт таба біледі. Кейін ол осы жазғандары арқылы алапат соғыс шындыған қаз-қалпында баяндап, адалдықты, бірлік пен туысқандықты паш ететін «Москва үшін шайқас», «Офицер күнделігі», «Қанмен жазылған кітап», «Бір түннің тарихы», «Соғыс психологиясы», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдандағы кездесулер», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса», «Біздің семья», «Адам қайраты» сынды әдеби мұраларын жазды. Оның «Москва түбінде шайқас» кітабы негізінде «Қазақфильм» киностудиясы 1967 жылы «Ел басына күн туса» көркем фильмін шығарды.

Міне, осылайша Бауыржан Момышұлы – қазақ батырларының жаңа дәуірдегі ерекше үлгісіне айналды. Оның батырлығы мен қаһармандығы ел ішінде аңыз боп тарады. Осы ерен ерлігі үшін Бауыржан Момышұлы бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Бүгінде Қазақстанда Бауыржан батыр есімін иеленген мектептер, көшелер, елді мекендер, ұжымшарлар, әскери мектеп-лицейлер тек көптеп кездеседі. Оңтүстік Астанамыз Алматыда батыр бабамыз тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Сондай-ақ сегіз генералды дүниеге келтірген Жуалы өңірінде аудан орталығының кіре беріс қақпасына тұғыры биік ескерткіш қойылған. Биіктігі тоғыз метр болатын ескерткіште Баукең бір қолына қалам, екіншісіне қару ұстап отыр. Бұл – оның даңқты қолбасшылығы мен майдангер жазушылығын қатар бағалау және құрметтеу. Еңселі ескерткіштің ашылуына арналған жиында сөз сөйлеген Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова былай деді: «Ғалымдар айтады екен, сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылға жетеді деп. Атам өмірден өткенімен, жұлдыздай жарқырап, әр жыл сайын бір қырынан танылып, биіктеп барады. Себебі, артында қазақ деген ел бар. Елі тұрғанда атам ешқашан ұмытылмайды».

Бауыржан Момышұлы әлемдегі әскери күші жөнінен бірінші державалы мемлекет Кеңес Одағы болса, оның ішінде өте сауатты әскери маман, қолбасшыларының бірі болды. Оның жазған еңбектері әлі күнге дейін әлем мемлекеттерінің әскери академияларында, атап айтсақ, еврей мемлекеті Израиль, Польша және Куба мемлекеттерінің әскери академияларында сабақ ретінде өтіледі. Әлем халықтары Бауыржан еңбектері мен көркем шығармаларын жоғары бағалайды. Осындай еңбектерімен қатар соғыс кезіндегі теңдесі жоқ ерліктері Баукеңді XX ғасырда нағыз сауатты әскери маман, даңқты қолбасшы етті.

1982 жылы жетпіс екі жасқа қараған шағында Аңыз адам дүниеден өтті. Артында парыз бен міндеттен құралған, әділет пен шындықтың қайнауында шыңдалған, тура да, сара жолы қалды. Елім, халқым деп соққан жүрегінен шыққан отты сөздері қалды. Бауыржан Момышұлы – қан майданды кеше жүріп, өлім бар деп үрікпеген, ішіндегі сырын ірікпеген, ақиқатынан жазбаған, ешкімге ор қазбаған, қырандығын құрандай қастерлеген, қазақ топырағынан жаралған тұлға, батырлық пен ақындық, азаматтық пен адамгершілікті шебер тоқайластырған ұлы рухтың қаһарманы, өз халқының жүрегінде ұлтын сүйер нағыз қазақ болып қалды. Батыр Баукең ерлік пен батырлыққа, ақыл мен парасаттылыққа, азаматтық пен адамгершілікке тәрбиелейтін ойшылдық өнегесі, рухани тәлімгерлігі, ұстаздық мектебі арқылы халқына аса бай әдеби-мәдени мұра қалдырды.

Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының ғана емес, бүкіл екінші дүниежүзілік соғыстың бар тауқыметін иығымен көтеріп, арқалап шыққан батыр, ұлы тұлға. Жекелеген адамдар жадынан шығарса да, тарих бетінде қанмен жазылған майданды ешкім өшіре алмайды. Кешегі соғыстың қырғынында жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындаған, қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі, гвардия полковнигі, жазушы, Кеңес Одағының батыры – Бауыржан Момышұлының есімі ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып қала бермек.


Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Ақиқаттан аңызға айналған Б. Момышұлы туралы не білесіңдер?

  2. Бауыржан Момышұлының есімі ел аузында аңыз боп таралуының сыры неде деп ойлайсыңдар?

  3. Батырдың әскери қабілеттерін генерал Панфилов қалай бағалады?

  4. Неліктен Б. Момышұлына жоғары атақ берілмеді?

  5. «Аңыз адам» тақырыбында ой толғау жазыңдар. Ел арасында айтылатын батыр туралы аңыздарды негізге ала отырып, батырдың адамгершілік және тұлғалық қасиеттерін топтасты-рыңдар.



2-сабақ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: «ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ ПІКІР»

ҚАЗАҚСТАН КОМПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ ӘБДІХАЛЫҚОВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫНАН ҮЗІНДІ
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-сананың негізгі өнегесі, нағыз басты белгісі емес пе?

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Берілген хаттың мазмұнын негізге ала отырып, тіл төңірегіндегі өзекті мәселелерді талдаңдар.
Қазақстан астанасы – Алматыға келіп, аз уақыт болғанымда үстірт байқаулар мен болжаулар ауыр ойға салып, көп толғантты. Олардың біреуі ішіме сияр емес. Сізге айтпай кетсем, өмір бойы көңілім тынар емес.

Ойдағыны айтып кетуді міндетім деп біліп, кеселханада жатқан бос уақытымды пайдаланып, осы хатты Сізге жазып отырмын.



Тіл маманы болмасам да, Алматыға келгелі Орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір, кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным – тіл мәселелері туралы.

Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, от-басындағы үйіршілдігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәде-ниетінің арнаулы құралы – ғылымның атаулы санасы екендігі даусыз.

Сұлтанмахмұт айтқандай:


«Сүйемін туған тілді анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутімнен

Құлағыма сіңірген таныс үнім».


Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды.

Тіл, адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило).



Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа, әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті менгереміз – сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар?

Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сінген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес.

«Таяқ еткен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендейін – қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысылтаяң, қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып, туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді?

Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?

Барлық өткен заманның, халық тәжірибе – қасиеттерін, ғылым- мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, жағдайды толық түсіндіріп, ұғындыра, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл емес пе?

Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз басты белгісі емес пе?

Жоғарыдағы айтылған ылажсыздан өте ұзын сөз бастамасы, негізінде даусыз болса, осы кездегі тіл жөніндегі кемістіктерге төменде біраз, қысқаша – үстірт тоқтағым келеді.


  1. Февральдің 15 күні, кеселханаға түсе салысымен, көңілімді сұрағалы, көптен көріспеген бір таныс орыс әйелі Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазыма көзі түсіп:

  • Бауыржан, почему пишете по казахский? – деп таңқала сұрақ қойды.

  • Вы меня удевляете, Нина Александровна, почему я не должен писать по казахский – на родном языке? – дедім мен.

  • Ведь многие казахи не пишут и не разговаривают, потому, что не выразишь свои мысли – то что хочешь сказать не скажешь... До того говорят Ваш язык бедный... – деп, түйеден түскендей, ұялмай-қызармай айтып отыр...

Не дерсің, сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге, әлімнің келгенінше, теріс ұғымын дұрыстап түсіндірдім.

Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық комиссарының бірінші орынбасары екен. Қазақстанға келгеніне он жылдан асқанын бұрыннан білуші едім. Жай орыстың шүйкебас, әйел-қыздары емес, көзқарасы, ұғымы қазақ тілі туралы осындайлығына ішімнен қапаланып «жарыған екенбіз»-ді қалай айтпассың, қалай ойламассың. Осы қағаздағыларды жазуыма қамшы болғандардың біреу сол, он жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз ел басқарушылардың қатарына кіріп қалған (не арқылы екенін құдай білсін), надан-хабарсыз «Замнаркомша» елдің сорына біткен кейбіреулердің уәкілі болған соң, оларға ондай ұғым тудыруға алдымен өзіміз жазықты екенімізді мойынға ала отырып, бүгіп қалуды қажетсіз деп тауып мысалға келтіріп отырмын.

Осы таңда қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас кедей тіл... Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді, еркін айта алмайсың ...» деп дұрыс бағаламай, жала жауып теріс – зиянды жағдайдың құлдығында жүрген ұғымсыз – жалқау «дүмше молда дін бұзардың» кебін киіп, сәлдесін орап, тіл бұзушы азамат-азаматшалар да, жүгенсіз, арсыз топастар да қазақ арасында молайып келе жатқанға ұқсайды (Дәлелді Алматының әр көшесінен табуға болады.)

Қазақ тілінің байлығы жетпегендіктен деген дәлелсіз былжыр, өзінің ана тілін үрдісіне жете алмай – құр қалған, оған көңіл бөлмеген сор маңдайлардың, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалған қара беттердің надандықтарынан туған сылтау ғана болуы керек.

«Бір құмалақ бір қарын майды шіретеді» дегендейін, тілді ірітіп, шірітіп жүргендер де сол «шірік жетілгендер» екендігі айдан анық емес пе.

Абай, Ыбырай, Шоқан, Сұлтанмахмұт, олардан бұрынғы өткен және осы күндегі елінен, ана тілінен безбеген, қазақ халқының адал, ақ ниет алдағы ұлдары-қыздары өз ана тілімен сөйлеп, жаза білген. Олар тіл шеберлігінен кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі, мысал, асыл мұра да қалдырған. Кәзіргі дүмшелер сияқты ата безер, ене безер болмаған – олар Европаның атақты данышпан ақын-жазушыларын, бұлжытпай көркем түрінде, мүлтіксіз қазақ тілімен, өзінің нұсқасынан артық болмаса, кем етіп аударған емес.

Осы кезе аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады.

Ауырып жатқан бір халық комиссарының орынбасары Мәнсейітов деген кісіге:

– Халіңіз қалай? – дегенімде.

– Дұрыс, самочувствием, общие состянием не плохо, – деп жауап берді.

Бір артист:

– Сіз пошему кешегі бешірге не прихадылы? – деді.

Бір жазушы:

– Мен сізге званит еткен едім, но почему, то Вас не оказалась в кабинет, – деді.

Біз газет қызметкері:

– Сіздің статьяңызды просмотреть етіп болған соң маленки ғана редакционная изменение жасап, печатет етеміз, – деді.

Бір ана тілінің мұғалимасы қоштасып тұрып:

– Оған обьязательно пламенный привет передайть етіңіз, – деді.

Радионың бір қызметкер әйелі:

– Мен ошен удевлятся етем, менің дошкам өте странно бидет, – деді.

Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала :

– Мама я кошу хлеб масю, – деп жылады.

...Оларды естіп, көріп тұра, қиналып кеткеніңде Сұлтанмахмұт-тың мына өлеңі еріксізден еске түседі:
«Қаланың соты құрысын шүлдірлеген,

Түсіне алмай құлағым дүңгірлеген.

Ақ – қараңды тексеріп білмек тұрсын,

Қазақша жалғыз ауыз тіл білмеген».


Соған елігіп келе жатқан арада осы кездегі бір қазақ былай дейді:
Көшеде бояу ерін сылқылдаған,

Былдырлап орысшалап жырқылдаған,

Ұмытып ана тілін салт-санасын,

Не қалды тілімізде жыртылмаған.

Ер жеткендер сөйлейді орысшалап,

Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап,

«Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып,

Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап.


Газет пен радио елге ең жақын, барлық жаңалықтарды елге түр- түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын аранулы үлгі-насихат құралдары деп саналады.

Біздің радионың айқайын тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретіндіктен, радио шеңберінің тығынын жұлып алып, үнін өшіріп қойғандарды көзіммен бірнеше рет көрдім.

Сондықтан тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше мынадай ұсыныстарды тілейді.


  1. 1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн.

  2. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзіне қатал төнкеріс түрінде асырылуы жөн.

  3. Аяқ асты, елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн.

  4. Тілді азғындырып құрту, иә жандандырып өсіру, дамыту құралының алдыңғысы газет пен радио болғандықтан, барлық газеттердің мақалалары қазақтың еркін, анық таза тілмен көсіле жазылып, тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болуы жөн.

  5. Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиетін, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы керек.

  6. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздары 3/4 тен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтін де екеудің бірі болғандықтан барлық қазақ ұл-балалары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға, қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болу тарихи масқаралық болар.

Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз. Ондай шара қолдануда орысшадан құры қаларлық ешқандай қауіп жоқ.

  1. Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, қоқсық-құрымнан мүлде арылуы керек.

Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен тіл сұңғыттары, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде, масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.

  1. Тіл мәселесі бұдан былай да аяқ асты болып «Дүмше молдалардың» құрбандығы болып кетпес үшін:

а) Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «даусы жойылған» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта беріліп, қазақ тілінің бұқаралық қатарына қосылып, бұдан былайды ел аузында, жазушының қалам ұшында болу керек;

б) Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмі-рінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек ...

9. Үкімет қызметіндегі азаматтардың арасында ылғи орысша сөйлеп, жазып, баяндама істеу әдет болып, әуеске айналып кетуіне тиым салынып – қазақша шешендік, сұлу шебер сөйлеу салт-сана, ердің сәні болуға айналса – жұртшылығымызға үлкен абырой болар еді – өсудің, дамудың барлық жағында бір кілтіне еге болған болар едік.

Қазақ тілі туралы үлкен партия қаулысы шығып, қала қазақтарын, қазақ оқымыстыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін республика-мызда мемлекет тілі ету заңды қажет екені даусыз керекті болған-дықтан, осы күнге дейінгі бұрмалап, бұзып келген мінезге, бет алысқа бұдан былай жол беру қазақ тілін архивке тапсыру болып шықпай ма.

Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.
Гвардия полковнигі

Бауыржан Момышұлы

15-25.2.44 жыл.

Алматы.


Каталог: rus -> all.doc
all.doc -> Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б. «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы»
all.doc -> Өмірбаяны байбатша Ә. Б
all.doc -> Ғылыми кітапхананың 2011-2012 оқу жылы маусым айына жоспарланған іс-шаралар кестесі
all.doc -> Ғылыми кітапхана
all.doc -> Библиографиялық құралдар құрастыру Кеңес Библиографиялық құрал
all.doc -> 1. Кітапхана туралы жалпы мәлімет
all.doc -> Литература на электронных носителях Научной библиотеки Таргу им. М. Х. Дулати
all.doc -> Анықтамалық- библиографиялық ЖҰмыс
all.doc -> Қазақстан Республикасының мереке (демалыс) күндері


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет